Отбасы - ошақ қасы

Тағдырымнан қашып жүрмін

  • Тағдырымнан қашып жүрмін

    Тағдырымнан қашып жүрмін

 Жазбай таныдым. Айсұлу. Сәл ғана әбіржігені болмаса, сол баяғыдай сұлу.


– Айсұлу! – дедім оны тоқтатпақ болып. Жан-жағына алақ-жұлақ қарады да бауырындағы баласын қыса түсіп жүрісін тездетті.

– Айсұлу!..

Ол кетіп барады. Тоқтар емес. Бейне бір ұрлық жасап қойған адамдай. Ізінен жүгіріп жетіп бардым да иығына қолымды салдым.

– Неге тоқтамайсың? Мені таныдың ба? Ол әлденеден қорыққан жанарымен маған ұзақ қарады.

– Танымадың ба? Мен...

– Таныдым, – деді ол. – Енді таныдым.




– Қорқып тұрсың ба?

– Жоға...

– Жағдайың қалай?

Екеуміз тұсымыздағы дәмханаға бас сұқтық. Ауылдан қара үзіп кеткелі қашан. Бала күндерім өткен ыстық мекен жайлы білгім келді.

– Ауылдағылар қалай? – дедім мен.

– Менің анамнан басқасының бәрі аман.

Естірткені. Білмеген екенмін.

– Арты қайырлы болсын.

Екеуміз ұзақ үнсіз отырдық. Ол жанарына келген жасты тоқтата алмай үнсіз егіліп алды. Бала кезде бірге өскенмен, көп жыл көріспеген соң жатырқап қалыппыз.

– Өзің мұнда не істеп жүрсің? – деп сұрадым үнсіздікті бұзып.

– Қашып жүрмін.

Таң қалдым.

– Кімнен?

– Тағдырымнан...

Мен үнсіз қалдым. Оның басындағы өзіме белгісіз жәйттер жайлы сұрап мазасын алғым келмеді. Жанын жаралауды жөн көрмедім.

Мен де осындамын. Жұмыс істеп жүрмін. Қажет болсам хабарлас, араласып тұрайық. – Тілдей қағазға телефонымның нөмірін жазып бердім.

– Әрине, сені көргеніме қуаныштымын, – деді ол.

– Мен де.

– Уақытың болса жүр менің пәтеріме. Шәй ішеміз, әңгімелесеміз.

– Жақын жерде ме?

– Иә, тиіп тұр.

Екеуміз оның пәтеріне ендік. Шағын ғана бір бөлме.

– Қаншамен тұрып жатырсың?

– Қымбат емес.

Екеуміз ұзақ шәй іштік. Бір-бірімізді тосырқағанымыз басылған сияқты. Бал кезімізде бір-бірімізді ішегіміз түйілгенше қытықтап ойнайтынбыз. «Әй, қой деймін, ішектерің түйіліп қалар» деп шыр-пыр болушы еді әжем марқұм. Сонда да қоймайтынбыз.

– Қашқын, – дедім сол кездер есіме түсіп. – Оның баяғы өзім жақсы білетін жанды жерлеріне қол жүгіртіп.

– Сен қашқын, ауылдан бірінші болып кетіп қалған сен ғой. – Ол мені қытықтай жөнелді. Екеуміз тар диванның үстінде баяғыша арпалысып кеттік.

– Мен қашып кеткен жоқпын, көшіп кеттім. Ал, сен қашқынсың. Жаңа ғана өзің «қашып жүрмін» дедің ғой.... Қашқын! Қашқын...

Екеуміздің ойынымызды қызғанғандай оның баласы жылады.

– Айсұлу айтшы, кімнен қашып жүрсің?

– Тағдырымнан, – дедім ғой.

– Тағдырыңнан?.. Айтады екенсің. Тағдырдан да қашып бола ма? Қашсаң да құтылмайсың...

– Ал мен қашып кеттім. Бір жыл болды.

Оның жұмбағына түсінбедім.

– Білесің әкесіз өстік, – деді ол жасыра бергенді жөн көрмей салмақты үнмен. – Анам марқұм әкемнің жоқтығын білдірмей жеткізді. Ел «әке тәрбиесін көрмеген, жесірдің баққан баласы» деп айтпасын, менің атыма кір келтірмеңдер» деп бала кезімізден жігерімізді жанып жүретін. Есейдік. Екі ағамда үйленді. Мен тұрмыс құрдым. Сүю де, күю де болған жоқ. Әйтеуір алып қашты. Тағдырым екен дедім. Көндім. Өмір өтіп жатты. Аяулы армандарым кәдімгі ауыл әйелінің өміріне айналып кете барды. Таусылмас тірлік, күндіз – қату, түнде – тату ғұмыр.

Ол үнсіз қалды.

– Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды.

– Ия, рас. Жәй сылдырлап қана қойса ештеңе емес. Үнемі сылдырлай берсе де бірде сынып тынбай ма.

– Сылдырлатпау өз қолдарыңда емес пе?

– Жоқ. Екі адамның санасы, таным-түйсігі үйлеспесе ешқашан бірге өмір сүре алмайды. «Қалған көңіл сынған айна секілді». Бір рет бет жыртысып көңіл қалған соң, оны мың рет кешірдім дегенмен көңілің жібімейді. Оны жек көріп тұрып бірге өмір сүруден өткен азап жоқ. Жек көретін адамыңның жанында жатудан артық қасірет жоқ. Анамның тірі кезінде ажырасқым келген. Намысшыл анам байғұс: «ойбай, олай деме, қызы қайтып келді деген атаққа қалдырма. Тағдырың шығар, не де болса көнесің» дейтін.

Еріксіз көнетінмін. Тағдырым ғой. Анам өлген соң, «барар жерім, басар тауым» қалмады. Сүйенішім де, мұңымды айтар сырласым да қалмады. «Тағдырым ғой» деп шыдауға бел будым. Бірақ... «Ұра берсең құдай да өледі» деген бар. Оның соққысынан өлгенше, қаңғып өлгенім артық дедім де кетіп қалдым. Баламды алдым да қашып кеттім. Тағдырымнан... Жыл толды. Әлі қашып жүрмін. Біреу-жарым көріп қояма деп көшеде де қорқып жүрем.

– Қиналып жүрген жоқсың ба?

– Жоқ. Бұрынғы күндерімнің алдында тәубе деуге болады. Тағдырсыз-ақ өмір сүруге болады екен.

Ол әңгімесін бітірді. Мен кетуге ыңғайландым. Есіктен шыға қоштастым. Темір есігін тез жауып алды. Сыртқа беттедім.

«Тағдырымнан қашып жүрмін» дегені есіме түсті. Екінші қабатқа көз тастадым. Ол пердесін жауып жатыр екен. Қымтап қойды. Бәлкім тағдырым көріп қоймасын дегені шығар. Кім білсін...

2006 жыл.

el24kz




Көрілген: 865    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 28.01.2019, 10:15

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    ақпан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28