Отбасы - ошақ қасы

Төркіншілдігім түбіме жететін шығар

  • Төркіншілдігім түбіме жететін шығар

    Төркіншілдігім түбіме жететін шығар

Жалпы, қыз бала деген жанашыр, туысы десе құрақ ұшып тұратын жан ғой. Бауырларыңның бірі бір бәлеге душар болып қалса, ата-анаң ауырып-сырқап қалса, тіпті төркініңде қуаныш болып жатса да, бірінші жүгіресің. Сондықтан көпшілік енелер келіндерін «төркіншіл, бәрін төркініне тасиды» деп, білсе де, білмесе де жазғырып жатады. Соған сай «қыз тілекші» деп ақтап алып жататындар да бар.

Мен үйдің үлкені болдым, өзімнен кейін төрт бауырым мен екі сіңлім бар. Анамыз жеті балам бар деп үйде отырған жоқ. Әкем де таң атар-атпастан совхоздың жұмысына кетеді. Бауырларыма өзім қамқор болдым десем өтірік айтқаным емес. Шешем кешкілік келе сала сиырларды сауып, бір қазан сүт пісіреді, бәріміз сол қазанның маңайына келіп отырамыз. Бір-бір кесе ыстық сүт ішуге дайындалып отырғанымыз ғой. Шешем келгенше мен білгенімше тамақ дайындап қоюға тырысамын. Үлгерсем, әке-шешем келгенше бауырларымды тамақтандырып қоямын. Үлгермесем, арасында жаңағыдай сүт ішіп жүрек жалғап аламыз.

Сөйтіп жүріп өстік. Кейін тұрмысқа шыққан соң да сол бұрынғы қалыптасып қалған қамқорлық көзқарасымнан айныған жоқпын. Өзімде жоқ болса, бауырларымның қажетін біреуден сұрап берсем де тауып беремін.

Алғашында мұның бәрін күйеуіме айтып, ақылдасып жасайтынмын. Одан енем де хабардар. Кейін күйеуім: «Сенің енді өз үйің, өз босағаң бар, неге үнемі солар үшін күйіп-пісіп жүресің? Ертең өз баларымыз да ер жетіп, бой жетеді. Артық болса шашыла бермей балаларымызға жинайық», - деген әңгіменің ұшығын шығарды. Сосын білдіртпей жасауға тура келді.

Жақында кіші бауырым қатарластарымен төбелесіп, істі болудың аз-ақ алдында тұрды. Жәбірленген жақ кешірімге әжептәуір ақша сұрапты. Келінім келді: «Апатай, қайтсек екен. Өзіміз кредитке белшемізден батып отырғанда мынаның істегеніне қалай күймейсің?» деп көз жасып төгіп. Қайтемін, күйеуіме табысымның жартысын айтып, жартысын айтпай, жырымдап жүріп, жартысын тауып бердім. Бауырың көзі бозарып қамалып жатса, қалай тыныш ұйықтайсың?!

Үлкен бауырымның тұңғышы он сегізге толар-толмастан үйленемін деген соң, олар біраз тоқтатпақ болған екен, баласы көнбеген. Содан жинақталған қоры жоқ, аяқ астынан «не істейміз?» деген соң, бауырларым мен сіңлімнің басын қосып, 100 мың теңгеден жинап берейік деп шешкен сияқты едік, соңы сұйылып кетті. «Өзіміз де жарымай отырмыз, немізді береміз?» деп келіндерім былай шыға күңкілдеген сияқты. Екі сіңлім қиналса да қосты.

Сонымен күйеуіме тойға қосқанымның бірін айтып, бірін айтпай тағы да көмектесуге тура келді. Күні ертең құда-құдағилармен, ағайын-туыспен бет көрісетін өзіміз, «күткендері осы ма, тойларының сиқын қара?» деп күліп кетсе, ұяты бізге келмей ме?!

Бірақ әсіре төркіншіл болғаныммен, қайын жұртыма да жағдайлымын. Ол жаққа да барынша көмектесіп, барымды беріп, атсалысып жүремін. Бірақ күйеуім «Дегенмен, төркінің десе ерекше жүгіріп тұрасың» дейді. Өзіме олай емес сияқты, екі жақты тең көремін деймін.

Анам да келіндерін «Күйеулеріне білдірмей тапқан-таянғандарын төркіндеріне тасиды» деп жазғырып отырады. Сондайда: «Мама, мен қандаймын, олар да сондай ғой. Менің сіздерге, бауырларыма көмектескенім жақсы да, оның өз төркініне көмектескені жаман ба? Бар болса берсін, оның да бауырларына жаны ашитын шығар» деймін. Бірақ анам: «Дегенмен сен төркінің ғана емес бәріне зыр жүгіріп жүресің. Олар да солай екі жақты тең көрсе ғой» деп қояды.

Өз басым мен олардың да өз төркініне болысып тұрғанына қарсы емеспін. Олар да қыз бала, әйел заты ғой, туыстары қиналып жатса, қалай қарап отырсын?!

Бәріміз де қыз өсіріп отырмыз, оларда ертең бір босағаға барып келін болады. Сонда артына қарайламаса, жәрдемдеспесе, бауырларына болыспаса «тас жүрек» демейміз бе? Айтамыз, «Өзі болған қыз төркінін танымас» деген, әуелі қарайласуды білмейді» дейміз ғой, ол өтірік емес. Бірақ соңғы кездері күйеуім қатты ренжіп, көңіл қалдыратын сөздер айтты. Сол баяғы төркіншілдігімді бетіме басты. Содан бері тоң торыспыз, сөйлеспейміз. Төркіншілдігім, отбасымыздың түбіне жететін секілді. Қайтсем екен...

Әйгерім Алдамжарова, Шымкент қаласы

 




Көрілген: 1020    Пікірлер: 0

жексенбі, 20.01.2019, 22:00

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    ақпан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28