Отбасы - ошақ қасы

Үлкен жеңгелерім кіші ағамның отбасын ойран етті...

  • Сурет ашық дереккөзден

    Сурет ашық дереккөзден

Мен үйдің кенжесімін. Алдымда Аман мен Есен деген егіз, Жомарт деген кенже ағаларым бар. Жомарт екеуміздің арамызда бір қыз болған, ол 5 жасында, яғни мен туылған жылы ауырып қайтқан. Егіз ағаларыммен арамыз 17 жас, Жомартпен 8 жас.


Мен ес білгелі егіз ағаларым қалада оқыды. Үйге жылына 1-2 рет қана келетін. Ал Жомартпен жақын өстім. Бірақ, Жомарт ұлдың кенжесі болғандықтан тым ерке болды. Мен жалғыз қыз болсам, аса ерке болмадым. Керісінше, әке-шешем мені көп жұмсайтын, жұмысқа мені көп салатын.


Аман ағам үйленіп қалады қалды. Есен ағам ауылға келді. Көрші ауылдағы Айхан деген қызға үйленіп, ауылда жеке отау құрып өз тіршілігін жалғастырды.


Көп ұзамай Жомарт та қалаға оқуға кетті. Шыны керек, оның оқуына әке-шешем мен ағаларым көп алаңдады. Себебі, сабағына ат үсті қарап, әкем қайта-қайта малын сатып, әйтеуір, оқуын солай аяқтады. Мен 16 жасқа толғанда ол үйленді.


Жеңгем Бейбіт өте жақсы адам еді. Іске пысық, сондай ұқыпты еді. Үйімізді жарқыратып, дастарханды жайнатып жіберетін. Әке-шешем де өле-өлгенше оны жақсы көрді. Айсұлтан мен Айдана деген ұл-қызды дүниеге әкелді. Ағамның теріс қылығын жасырып, жақсысын асырып отыратын.


Бірақ, сол жеңгеме қаладағы Рауза мен ауылдағы Айхан жеңгелерім күн көрсетпейтін. Біздің үйге келгенде ағамды, кейде әке-шешемді Бейбіт жеңгеме айдап салатын. Мен де ес білген қыз болғандықтан кейде өз ойымды айтқанда, олар «Бейбіт, мына қыздың миын айналдырып тастаған» деп өтірік сөздермен жала жабатын.


Әке-шешем барда оларды тыятын еді. Өкінішке орай, анамыз аяқ асты ауырып, 1 аптадан кейін қайтыс болды. Әкем де көп ұзамай қайтты. Бірақ, ауырып, біраз қиналып жатты.


Мен ол кезде 1-курс студенті едім. Ауылдағы үйді, ауру әкеме Бейбіт жеңгем қарады. Өзі күндіз базарда сауда жасайтын, түнде әкеме дәрісін беріп қарады. Сонда да екі үлкен жеңгем тынышталмады. Әйтеуір, болмайтын дүниеге таласып, Бейбітке күн бермейтін.


1-курсты аяқтауға жақын қалғанда Бейбіт жеңгем хабарласып, әкемнің мені шақырып жатқанын айтты. Оқудан сұранып, лезде ауылға жеттім. Әкеме барғанымда: «Қызым, сені ұзата алмай барамын. Мені кеш. Сүйіктің болса, батамды бердім, отау құр, үй бол» деп маған анамның бар алтынын қолыма табыстады.


Сол кезде өзімнің группаласым Саматпен жүріп жүргенмін. Дереу Саматқа хабар бердім. Самат анасымен бірге ауылға келіп, төсекте жатқан әкемнің алдынан өтіп, сөйтіп, аяқ асты некеміз қиылып, үйленіп кеттік. Үйдегі жағдайды ескеріп, құлағыма сырға да салынбады, ақ көйлек те кимедім, дүбірлетіп тойда болған жоқ. Қалаға келіп, емтихандарымызды тапсырған бойда ауылдан қара хабар келді. Бейбіт жеңгемнің арқасында әкемді ақтық сапарға абыроймен аттандырдық.


Араға 7 жыл салғанда екі үлкен аға-жеңгем дегеніне жетті. Жомарт пен Бейбіт жеңгемді ажырастырып тынды. Ол уақытта олар жаңа үй тұрғызған еді. Бейбіт жеңгем екі баласын алып, қалаға кетті.


Аға-жеңгелерім қарсы болса да мен Бейбіт жеңгеммен аралысып келемін. Іні мен сіңліме қолдан келгенше көмектесемін. Олар студент болғандықтан кейде ақшалай көмектесемін (осы орайда енем мен күйеуімнің түсіністікпен қарайтынына рахмет айтқым келеді). 


Жомарт болса, балаларының телефонына ай сайын единица салғаннан басқа еш көмек бермейді. Үлкен аға-жеңгелерім екеуін әбден жау қылып тастаған.


Бейбіт жеңгемнің былтыр күзде әкесі мен үлкен ағасы жол апатынан қайтты. Біздің үйден күйеуім, енем және менен басқа ешкім барып, көңіл білдірмеді. Кейін Жомарт пен ағаларыма айтып едім, мен жаман болып қалдым. Содан бері менімен сөйлеспей қойған.


Енді жақында Рауза жеңгем хабарласыпты. «10-шы айда Жомартты үйлендіреміз. Тойға, құдалыққа дайындалу керек. Қыздың сырғасы мен лимузинді сен көтеріп ал. Күйеубала жұмысы қалай? Анау-мынау шығын болуы мүмкін, кредит алу жағын қарастырсын. Біз қалғанын өзара бөліп алдық» деп айтып отыр. Шыны керек, не дерімді білмей абдырап қалдым. Жасы 42-ге келген ағама той жасап несі бар?! Алатын қалыңдығы көрші ауылдағы оң жақта отырып қалған, 41 жастағы мұғалім екен. Сұрастыра келе, ол Айхан жеңгемнің бір танысының қарындасы болып шықты. Қалыңдық жағы әкелетін қалың мал, бұйым көлемін, т.с.с айтып, талап етіп отыр екен. Біздікілер болса, соны жасамақшы.


Болар іс болды, бойдақ жүрген ағамның үйленгені бір жағынан дұрыс. Бірақ, жағдайы келмесе, не үшін жанын қинайды?! Жомарттың колледжде оқиды, қызы 2 курсқа, ұлы 3 курсқа көшіп отыр. Бейбіт жеңгем дүкенде жұмыс істеп, сол екеуінің оқуын төлеп, пәтер жалдап жүр. Екі баласына жағдай жасау орнына Жомарт тойға дайындалып жүр.


Рауза жеңгемнен кейін Айхан жеңгем хабарласып: «Күйеу бала екеуің бала-шағаны алып кеп, анау үйді дұрыстаңдар. Жомарт жалғыз тұрады, еркек қолынан дым келмейді ғой. Үйде әктеп, есік алдын дұрыста. Жаңа перделер ал, үйдің іші-сыртын жуып қой. Құдалар келгенде ұят болмасын» деді. Сол кезде шыдамай, ішімдегі барды айтып тастадым. Әрбір деген соң, мен кеткен қызбын. Артымнан бір дүние де келмеді, тойым да болмады. Ол кезде жағдай басқа болды. Соны түсініп, ойдағыны жүзеге асыра алмадық. Ал Жомарттың өмір бойы еркелігін қашанға көтеруге болады? Кезінде өзі сүйіп қосылған Бейбітті екі баламен үйден қуып шықты. Оның артынан келген кілем-жастықтарын өртеді. Не балаларына көмек бермейді, не өзі өз күнін дұрыстап көре алмайды. Соны сылтау етіп, үйленбекші.


Ал жақсы делік, не болса да бауырымның шешімі. Қартайған шағында бір кесе шәйді бөлісе ішетін жан керек. Қарсы емеспін. Тек оның дүркіретіп той жасамақ ойына қарсымын. Әттең, әке-шешем тірі болғанда, болмаса, екеуінің бірі тірі болғанда мұндай болмас еді-ау деп ойлаймын.


Әкелерінің қайта отау құратынын естіген Айсұлтан мен Айдана оған тіпті ашуланып отыр. Маған өткенде Айдана хабарласып: «Көке, біздің енді әкеміз жоқ. Біз оны мойындамаймыз. Бұдан былай әкем туралы бізге еш хабар бермеші» деп жылап тұрып жалынды. Онымен қоса мен де жыладым. Екеуі маған сондай ыстық. Көз алдымда өсті ғой.


Бала кезден бері аналарының қиналғанын көрді. Енді мынадай жағдай болып отыр. Кеше бауырларыма: «Дүркіретіп той жасағанша, кішігірім отырыс жасайық. Көп шығындалмайық, қалтамызға қарайық» дегенімде тағы мен жаман болдым. Енем мен күйеуіме айтып едім, олар менің ойымды қолдады.


Күйеуім: «Сенің күйеуге тигеніңе 15 жыл болды, сен кеткен қызсың, сен тұрмысқа шыққанда той жасау керек деген ешкім болмады. Егер бауырыма көмектесемін десең, өз еркің. Бірақ, мен кредит алып, той қамымен жүгірмеймін» деді. Күйемнің сөзін енем де құп көрді.


Бүгін үлкен жеңгеме хабарласып, тойға көмектеспейтінімді айтқанымда: «Анау әйел миыңды шайқап, сені дуалап тастаған. Туған ағаңа көмектеспесең, несіне қарындас боп жүрсің. Сенің басыңды әбден айналдырған екен» деп біраз әңгіме айтты.


Енді екі от ортасында отырғандай күйдемін. Бір жағынан ағам десем, бір жағынан өсек-сөз құрбаны болған Бейбіт жеңгем мен оның екі баласын ойлаймын.


Сіздер не ақыл айтасыздар?! Рахмет!




Меруерт, Талдықорған қаласы

alashainasy.kz/ 




Көрілген: 1461    Пікірлер: 0

сенбі, 06.10.2018, 10:59

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    26 Қыркүйек, 12:08
    Жарыма адал бола алмадым
    19 Қыркүйек, 11:11
    Анам үшін ұялам...
    16 Қыркүйек, 11:25
    "Үйленем" деп алдап кетті
    11 Қыркүйек, 11:02
    Ажырасқаныма өкінем...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31