Отбасы - ошақ қасы

Үйімді салып берген өзбек, жай-күйімді де жасап беріп отыр

  • Үйімді салып берген өзбек, жай-күйімді де жасап беріп отыр

    Үйімді салып берген өзбек, жай-күйімді де жасап беріп отыр

Құрметті "Алаш айнасы" электронды басылымы, осыдан біраз уақыт бұрын сіздердің басылымнан қазақ жігітінен гөрі қарақалпақ жігіті жағдайын жасап беріп отырған келіншектің хатын оқыдым. Оқырмандардың біразы хат иесін жерден алып, жерге салыпты. Бірақ өз басым мен ол келіншекті қолдадым. Себебі менің басымнан өткен жағдай да осыған ұқсайды.

Менің жасым 38-де. Қазір Алматы облысының, Іргелі ауылында тұрамын. Осы ауылға қоныстанғанымызға тоғыз жылдай болды. Екі ұлдың анасымын. Күйеуімнің ұлты - өзбек.

Негізінде, мен де көп қазақ қыздарының бірі ретінде қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, бала сүюді армандадым. Жоғары оқу орнын бітірдім. Бірнеше жыл банк секторында қызмет атқардым. 25 жасымда қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Бірінші күйеуім - Қарағанды жақтың тумасы еді. Екеуміз Алматыда жүріп таныстық. Обалы не керек, әке-шешеміз дүрілдетіп тойды жасап берді. Қарағандыда тұрмадық. Біз отау құрғаннан кейін менің жұмысым Алматыда болғандықтан Алматыны бетке алдық. Келе салысымен мен жұмысқа шықтым. Екеулеп пәтер жалдадық. Сонымен отбасылық өміріміз басталып кетті. Бастапқыда, күйеуім екі айдай «дұрыс жұмыс іздеймін» үйде отырды. Мен жұмыстамын, ол үйге келсем «жұмыс таппадым» деп отырады. Осылай жүргенде екі ай зу етіп өте шығыпты. Ақыры таныстарымды салып жүріп күйеуімді байланыс операторы етіп жұмысқа кіргіздім. Көңілім сәл жайланған тәрізді еді, күйеуім ол жұмыстан бір айдан соң шығып кетті. Айтуынша, жалақысы аз, жұмысы көп. Осылай келесі бір жұмысқа енгенше үш ай өте шықты. Сөйтіп жүргенде менің аяғым ауырлады. Айтып-айтып не керек, күйеуім «әне жұмысқа тұрамын, міне жұмыс істеймін» деп ақыры ештеңе жарытпады. Осылай жүріп мен ай-күнім жетпей, жеті айлық мерзімде өмірге ұл бала әкелдім. Бірақ тағдырдың жазуы шығар, ұлым дүние есігін ашпай жатып екі күннен кейін шетінеп кетті. Бұл оқиғадан кейін ақырын есімді жиып қайтадан жұмысқа кірісе бастадым. Күйеуім осы жайттан соң ішімдікке салынды, карта ойнады, казиноға барды, күндердің-күнінде маған «көлік әпер сол кезде табыс таба бастаймын» деп мазамды ала берген соң, ақыры жиған-терген ақшаға соған көлік әпердік.

Менің бір көзімнің жеткені, қанша алға тартсаң да түзелмейтін адам түзелмейді екен. Ол көлікті әперуін әпердік қой, әттеген-айы, сол бар дүниені үқсатпады. Көлікпен қанша мәрте жол апатына түсті, ақыры, ол көлік жүруге жарамай бөлшектеп саттық. Осылай жүргенде бес жылым өте шығыпты. Не бала жоқ, не күйеуімнің ықыласын сезініп көрмедім. Ақыры жөнге келмейтін болған соң күйеуіммен ажырастым.

Әу баста тұрмысқа шықпай тұрып осы Іргеліден жер алып қойған едім, соған үй құрылысын бастадым. Ойым, ауылдағы ата-анамды көшіріп алу еді. Ауылдан ағам келіп, бір-екі өзбек жігітін жалға алып, үйдің құрылысын бастап та кеттім. Міне, сол аралықта құрлысшы жігіттердің бригадирі Юсуп есімді жігітпен таныстым. Таныстығымызды арты сүйіспеншілікке ұласып сол Юсуптен қазір екі ұл сүйіп отырмын. Екеуміз заңды некеге тұрдық. Юсуптың әке-шешесі де барлық жөн-жоралғысын жасап менің әке-шешемді сыйлап тұрады. Ол кісілер Өзбекстанда болғандықтан өзімнің әке-шешемді де қолымызға алдық. Юсуп бос жатпайды, үнемі жұмыспен жүреді. Ол үшін бір күн үйде бос жату нағыз – қылмыс. Қазір де қаладағы ірі құрылыс орнында жұмыс істейді. Жалақысы да қомақты. Ал жаз бастала салысымен бригадасын алып үй салуға кіріседі. Тырбанып еңбектенуден шаршаған емес. Отбасына деген ықыласы да ерекше. Ел қатарына қосылып, үйімізді бітірдік, қымбат көлік алдық. Ағайын-туысқа да сыйлымыз. Осылайша кезінде үйімді салып берген өзбек жігіті, қазір барлық күйімді жасап отыр. Мені қанша жерден сөксеңіздер де, жай-күйім осы.

Бір байқағаным, біздің кейбір (көпке топырақ шашпаймын) қазақ жігіттері жақсы киінгісі, жақсы үйде тұрғысы, жақсы тамақ ішкісі келеді. Бірақ «соның барлығын біреу дайындап әкеліп берсе» дейді. Біздің жігіттердің біразында «алма піс, аузыма түс» деген синдром басым. Ал өзге елдің жігіттерін қарасаңыздар тырбанып еңбектенуден шаршамайды. Қазір қаншама қырғыз, өзбек, тәжіктер елімізге келіп қара жұмысқа жегіліп қыруар ақша тауып жүр. Ал біздің қазақтың балаларына «үй сал, мал бақ, бақташы бол, етік жама» десең «ол келімсектердің жұмысы» дейді. Айтыңыздаршы, мен қазір өзге ұлтқа тұрмысқа шықсам да сүттей ұйып отырған отбасымын. Ең бастысы -анамын. Сонда мен осы бақытқа жеткізген жігітті «сен өзбексің, сен келімсексің» деп менсінбеуім керек пе?!

Жанар, Алматы облысы





Көрілген: 6351    Пікірлер: 22
Пікірлерді оқу (22) preloader

жексенбі, 09.04.2017, 15:58

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31