Дат!

Әлемнің тепе-теңдігін бұзуға қақымыз жоқ

  • Әлемнің тепе-теңдігін бұзуға қақымыз жоқ

    Әлемнің тепе-теңдігін бұзуға қақымыз жоқ

Әбдімәлік ӘШІРОВ, техника ғылымының докторы, профессор:


БҮЛІНГЕН САНАМЕН ӨМІР СҮРУ ҚАУІПТІ


– Әбдімәлік Манапұлы, «Сана экологиясы» атты кітабыңызда мынадай ойлар айтасыз: «Әрдайым бақытты әрі табысты көңіл күймен өмір сүру керек. Осылайша жетілдірілген энергия тек қуаныш пен рақат шоғырландырылған тұсқа қарай бағытталады. Көтеріңкі көңіл күйде жүретін адамның ми бөлігінде күйзеліс пен ауыртпалықты жоятын энкефалин мен эндорфин атты екі гормон бөлінеді». Бізді осындай тосын ойларыңыз қызықтырған еді. Бұл кітапты жазу мақсаты неден туындады? Не әсер етті?


– Мені мазалап жүрген мәселе – бұл ІІІ мыңжылдық табалдырығында адамзаттың жойылу қаупі күтіп тұрғандығы. Адамзат үшін ең басты қауіп – ядролық соғыс не болмаса экологиялық апаттар емес, адамзаттың санасының төмендеуі. Ядролық қарумен және бүлінген экологиямен ІІІ мыңжылдықта әйтеуір өмір сүруге болады. Бірақ қазіргі заманда бүлінген санамен өмір сүру қауіпті.


Менің міндетім – жастар санасына ой салу, бүкіл ғалам индивидтері арасында байланыс бар екенін ұғындыру, дұрыс көзқарас қалыптастыру, қайырымдылық пен зұлымдық үшін барлығы және әрқайсысы жауапты екенін сезіндіру. Жас ұрпақты осындай жалпыадамзаттық түсініктерге көңіл аударту артық бола қоймас деген ойдамын.


– Сіз өзіңізді осы ойларыңызбен қазақ психологиясына жаңалық әкелдім деп ойлайсыз ба? Біздің қазақ қоғамының немесе жеке адамдардың санасын тазартуда қандай алғышарттар жасалғаны жөн?


– Мен қазақ психологиясына жаңалық әкелдім деп ойлаудан аулақпын. Себебі кітапта айтылған ойлар бұрын қазақта немесе басқа халықтарда да қалыптасқан. Айтпағым – адамзат өзінің дамуы барысында бағытынан адасқандай, яғни біз бастау алған бұлағымыздан ауытқыдық дегенді көрсеткім келді.


Ал енді сананы тазартуда ең бастапқы алғышарттар мынадай: 1) біз табиғаттың қожайыны ретінде емес, бір бөлшегі екенімізді ұмытпаған жөн; 2) «материя – алғашқы, сана – кейін», «Болмыс сананы билейді» деген ұғымдардан бас тарту; 3) әлемде немесе адамзат өмірінде кездейсоқ жағдайлар ешқашан болмайды. Барлық болып отырған жағдайлар ғарыш бақылауымен немесе жоспарымен орындалып жатады; 4) ой материялық, яғни ой заттанады. Демек, ойымыз қандай болса, тағдырымыз солай қалыптасады; 5) жақсылық пен зұлымдық іс-әрекеттер немесе сондай ойлар үшін біз ғарыштың алдында жауаптымыз. Жамандық ойласаңыз, жазалау бағдарламасы бар екендігін ұмытпаған жөн; 6) тіршілік – мәңгі, адам өмірі де бір мерзіммен шектелмейді. Бірақ бұрынғы өмірдің кейінгі адамның күй-жағдайына әсері барын теософтар мен эзотерика саласындағы данышпандар дәлелдеп болған сияқты; 7) «судың да сұрауы бар» деген қағиданы ұмытпау керек. Әлем тепе-теңдігін бұзуға қақымыз жоқ. Мұның да өзінің шегі бар. Өмірде тек қана шектелмейтін – махаббат. Ол табиғатқа, адамзатқа, жануарларға т.б. қатысты.


РУХ – ТӘҢІР ҰШҚЫНЫ


– Сіз адамның тәні жетіге бөлінеді дейсіз. Оларды кармалық тән, астральді тән, ментальдық тән, атмикалық тән дей келе, бәрінде ақпарат жинақталғанын айтқансыз. Әсіресе кармалық тән қызық. Осыларға тереңірек тоқталсаңыз.


– Бұл құбылысты сипаттау үшін толық мақаланың көлемі керек екені анық. Мысалы, адамның 1, 2, 3-нәзік дене қабаттары қайтыс болғаннан соң, бірі – 7-9 күннен кейін, екіншісі – 40 күннен кейін, үшіншісі 90 күннен соң тіршілігін тоқтатса, 4-7-қабаттар адам өлген соң да тіршілігін тоқтатпайды. Адамның саналы немесе санасыз болуы осы жоғарғы қабаттарға байланысты. А.Полонниковтың айтуына қарағанда, «Сана – әлемнің барлық ірі және ұсақ объектілерінде тіршілік ететін универсалды құбылыс». Адам – әлемнің өзі тудырған күрделі көшірмесі. Онымен сананы алып жүруші ақпараттық өріс байланысқан. Сананың көрінісін оның атомдық-морфологиялық құрылымымен шектеу қисынға келмейді. Өйткені адамның корпускулярлы-толқынды табиғатына байланысты оның санасы индивидтен тыс орналасқан. Ол кеңістік немесе өрістік құрылымдық сипатқа ие. Сана – үш түрлі сананың қосылысы: түкпір сана (подсознание), жоғарғы сана (сверхсознание) және индивидуалды сана. Дүниеге жаңа келген адамның индивидуалды санасы болмайды. Нәрестенің даму процесімен бірге оның физикалық санасы да жетіле бастайды. Оны кейде интеллект (рационалды ойлау қабілеті) деп атайды. Адамның индивидуалды санасы әдетте 7-8 жасынан біліне бастайды.


САНА = ИНТЕЛЛЕКТ +ЖАН–РУХ


Мұндағы интеллект – физикалық сана, жан – индивидуалды сана, рух – Тәңір ұшқыны. Бір қызығы, әр адамның түкпір санасына барлығы бірдей информация салынған. Ол тіршілік иесінің жасына, дінге сенушілігіне, біліміне, ұлтына байланысты емес. Адамның түкпір санасында Барлық Білімдер банкі бар. Бірақ олардың санаға аз ғана бөлігі беріледі. Мүмкін, бұл сананы шектен тыс информациялық салмақтан сақтау әрекетінен туындаған болар. Егер қандай да бір себептерге байланысты қорғаныс жүйесі әлсіресе, адамда көріпкелдік сияқты қасиеттер пайда болады. Индияда мұндай қабілетті арнайы медитациялық жаттығулар арқылы шыңдайды. Кейде табиғаттың өзі бүкіләлемдік білім банкісінен ақпараттар толқынын лақтырады. Оған мысал келтіре кетейін: анапалық Наташа Бекетова үш жасында ондаған «өлі» тілдерде сөйлеп қоя берсе, Менделеевтің туабітті кекуле сақинасы болған және Ньютонның алмасы т.б.


Жоғарыда айтылып өткен сананың түрлерінің барлығы бір-бірімен байланысқан. Болашақтың өткенсіз және осы шақсыз болмайтыны сияқты, оларды бір-бірінен бөлек қарастыруға мүлде болмайды. Бұл туралы Джон Донн тебірене отырып былай дейді: «Нәресте дүниеге келгенде, мұхит бетінде Сана аралы пайда болады. Ал о дүниелік болған кезде арал су астына кетіп жоғалады. Теңіз аралды жұтқан сайын, құрлық азая түседі. Адам дүниеден қайтқанда, адамзат кедейлене түседі».


– «Ойлар қауіпті емес, оны ойлану қауіпті» дейсіз. Кейбіреулер ми қатпарына сіңіп қалған жаман ойлардан, нашар әдеттерден арыла алмайды. Онымен қалай күресуге болады?


– Өзінше қауіпті ойлар болмайды, бірақ жаман ойлар туралы ойлану – қауіпті. Жасыратыны жоқ, біз кейде пендешілікпен агрессивті ойларды шақырып аламыз. Сол жерден райымыздан қайтып, жаман ой жіберген объектімізге ізінше тез жақсы ой жіберуіміз керек. Мысалы, қатты ашулансаңыз да, қарсыласыңызға жақсы ой жіберген болсаңыз, біраз уақыттан соң, оның бойында жылулық пайда бола бастайды. Мұны өз тәжірибемнен байқап жүрмін. Сенбесеңіздер, солай жасап көріңіздер. Адам өзгерсін десеңіз, өзіңіз сол адам туралы ойыңызды өзгертуіңізге тура келеді. Бір сөзбен айтқанда, сол адамды шын жақсы көруіңіз керек. Махаббаттың алмайтын қамалы жоқ. Сонда ғана әлемде тепе-теңдік бұзылмайды. Сіздің өзіңіздің денсаулығыңызға нұқсан келмейді. «Қайырымды істер қолынан келетін емес, зұлымдық жасай білмейтін адам қайырымды», – дейді В.Ключевский.


– Ер мен әйелдің қарым-қатынасына да тоқтала кетіпсіз. Қазір ажырасушылар көп. Сіздіңше, ер мен әйелдің ойлау жүйесіне де өзгешелік керек пе?


– Жастардың ажырасуының көбейгені бәрімізді мазалап жүр. Бұл мәселе көп мемлекеттерде бар әсіресе дамыған елдерде. Жастардың санасын жоғарылатпай бұл мәселені де оңай шешу мүмкін емес. Қазіргі заманда «гендерлік соғыс» өрті қызып тұр. Бүгінгі күнге дейін қоғамда да, отбасында да әйел мен еркек орындайтын әлеуметтік рөлдерге байланысты стереотиптер қалыптасқан. Мәселен, еркек – билікті ұстап тұруға қабілетті қасиеттерге ие компонентті тұлға, ал әйел бағынышты болуға ұмтылатын сезімтал әрі нәзік болуы тиіс. Яғни еркек – табыс табушы, әйел – үй қожасы. Мұндай рөл бөлісудің өте ыңғайлы екендігін сезінген қоғам осыны солардың иелеріне таңып береді.


Отбасы – неке мен туысқандыққа негізделген әлеуметтік қоғам. Бұл – тұрмыстық жайт пен қатынастар жүйесі. Туудың көрсеткіштерінің төмендеуіне, ажырасулар санының артуына, күтімсіз балалардың көбеюіне байланысты отбасының әлеуметтік күйзеліске ұшырау қаупі туындауда. Отбасының жағдайы, олардың әл-ауқат деңгейі, тұрақтылығы – ұлттың, қоғамның және мемлекеттің тұрақтылығының кепілі. Үй шаруашылығы бойынша міндеттердің бөлінуі – гендерлік теңсіздікке, әйел статусының төмендеуіне алып келетіні өтірік емес. Отбасындағы мұндай теңсіздікті мемлекет тарапынан былайша азайтуға болады. Бірінші – ерлер мен әйелдер жалақыларындағы айырмашылықты азайту арқылы үй тұрмысындағы жағдайды жеңілдету, екі немесе одан көп балалары бар әйелдер жарты күн еңбек етіп, қалған жартысында бала тәрбиелеумен айналысуы тиіс және толық жалақы алуы қажет.


– Бір сөзіңізде «Ғарыш әзілді түсінбейді, егер сіз әрдайым өзіңіз туралы жаман нәрсе айта берсеңіз, уақыт өте келе, расында, солай болады» дейсіз. Сонда адам өзінің бұрынғы ойларын ғарышқа қайтадан бағыттап, оны өзгертуіне бола ма? Олай болса, қай ой қайырымды, қайсысы зұлым екендігі қалай анықталады?


– Ғалымдардың пайымдауы бойынша, қайырымды ойлар торсионды өрісті – оңға, ал зұлым ойлар солға бұратын көрінеді. Әңгіме оңға және солға бұрылатын торсионды өрістер туралы болып отыр. Оларды идентификациялау «орталық компьютер» үшін еш қиындық тудырмайды. Осындайда ислами тұрғыдан талдану көрінісі еріксіз ойыма оралады. Онда әр пенденің оң иығында үнемі жақсы ойлары мен істерін жазып отыратын, көзге көрінбейтін періште туралы айтылады. Әрине, VII ғасырда ой мен іс-әрекет жауапкершілігі туралы мұндай нұсқа әр қарапайым пенде үшін өте түсінікті болды. Ғылым болашаққа қадам басқан сайын түрлі діндер арасындағы шындықты айқындауда. Інжіл, Тәурат, Құран және басқа ұлы кітаптардың барлығы жоғарғы сананың кодталған ақпараты екенін адамзат барған сайын мойындай түсуде. Сондықтан бұл жазбаларға кезінде Трояны ашқан Шлиманның Гомер поэмасына сенгеніндей сөзбе-сөз сенуіміз қажет.


«Ой қайда бағытталса, барлық химиялық процестер сонда бағытталады». Бұл – жаңа мыңжылдық табалдырығында белгілі болған факт. Сондықтан әрбір пенде өзінің дене мүшелері мен бөліктері туралы теріс ой ойлауы өте қауіпті. Айнаға қарап өз келбетіңді ұсқынсыз деп мүлде ойлауға болмайды. Себебі ағзаның қартаю процесі бірден тезірек жүре бастайды. Қартайып бара жатқан клетка – бұл жасару туралы ұмытқан клетка. Яғни өмірлік ақпаратты жоғалта бастаған. Бізге барлық органдарымызды үнемі оң үмітке толы ақпаратпен қуаттап отыру керек. Мәселен, «мен жаспын, денім сау және әдемімін» деген оймен қамтамасыз етіп отырған жөн. Қытайлықтар осыған ұқсас аффирмацияларды осыдан 3-4 мыңжылдықтар бұрын қолданған. Денеміздің бір бөлігі туралы жаман ойға ерік беру сол органға бағытталған агрессия болмақ. Ал агрессия – өміріңе өлім тілеу деген сөз.


Мәселен, кейбір кеудесін менмендік пен тәкаппарлық билеген сұлу әйел ондаған еркектердің махаббатын менсінбей, тәрк еткеніне қарамастан, келбеті қораштау әйелдің әдемі, ақылды және мейірбанды күйеуін көріп, тас-талқан болып ашуланады. «Қараңдаршы, қандай еркек тауып алған, ал маған ұсқынсыз бір күйеу бұйыратын шығар», – дейді. Өмірде осындай жағдайлар көп. Мұндағы әңгіме – қарапайым қыз үнемі Құдайдан ақылды, әдемі, мейірімді жұбайы болуын тілейді де, барлық іс-әрекеті мен ой-ниетін бір арнаға бағыттап, жақсылықты Тәңірден күтеді. Ал тәкаппар қыз ниетіне қарай ұсқынсыз немесе қайырымсыз күйеуге ие болады.


АДАМНЫҢ ТЕГІ УЛЫ ХИМИКАТТАН ӨЗГЕРЕДІ


– Айтпақшы, кітабыңыздан бұған дейін жер бетінде бес өркениет пен төрт рет дүниежүзін топан су басқаны туралы қызықты деректі көзіміз шалып қалды. Осыған тоқталып өтсеңіз.


– Ұлы сәуегей Елена Блатовскаяға сенсек, Жер бетінде бес өркениет және төрт бүкіләлемдік топан су тасқыны болған. Соңғы су тасқыны 850 000 жыл бұрын жер бетінен атланттар өркениетін жойып жіберді. Біздің қазіргі өркениет – бесінші арийлік нәсіл.


Тәңірі үшін адамзатты мұндай жаһандық және бірнеше рет «сирету» не үшін қажет болды? Адамзат нәсілінің төрт өркениетінің әрқайсысының қойнауында да ерте ме, кеш пе туындаған күнә одан әрі таралып отырды. Ол – жалпыәлемдік ойдан алынған білімді адамдардың зұлымдық пен жеке басын марқайту үшін пайдалануы. І нәсіл – періште тәріздес адамдар да, ІІ нәсіл – елес тәріздес адамдар да, ІІІ нәсіл – лемурийліктер де, ІV нәсіл – атланттар да өздерін Тәңірге теңеуге тырысып бақты. Ал  жазаның  нәтижесі барлығымызға белгілі – ақырзаман.


Қорыта айтқанда, бүкіләлемдік топан су – геологиялық катаклизмдер емес, Жердегі тіршілік иелерін «сауықтыру» тәсілі, Ақиқат жолын нұсқаудың бір түрі деп білген жөн. Сонымен Жердегі өркениетті өркениет деп атауға тұрарлық па? С.А.Кузнецовтің қазіргі заманғы түсіндірме сөздігінде «өркениет» деген түсінікке былай анықтама береді: «Белгілі бір қоғамдық-экономикалық формацияның жеткен қоғамдық дамуы, материалды және рухани мәдениеттің деңгейі».


Өркениетті адам ретінде біз үнемі жан-жақты дамыған, мәдениетті және рухани бай адамды елестетеміз. Осындайда менің есіме үнемі осыдан 20-30 жыл бұрын «Ғылым және тіршілік» журналында жарияланған қызықты бір әңгіме түседі. «Құс жолы» галактикасынан бір жаушы келіп, галактикааралық жоғары кеңеске былай баяндайды. «Осы галактиканың қиыр шетінде Күн жүйесінде Жер атты планета байқалды және онда саналы тіршілік қалыптасқан. Кеңестің ақсақалы «Тіршілік» деп аталатын кітабын алып, оған жаңа планеталық координаттарын белгілейді. Жаушы тағы баяндайды: «Бұл планетадағы адамдар қысқа уақыт ішінде атомды ыдыратуды үйренген». Кеңес төрағасы риза кейіппен «Өркениет» атты кітабын алып, оған да әлгі координаттарын белгілейді. Жаушы: «Бірақ бұл планета тұрғындары өзара үнемі қырғиқабақ жауласу, соғысу үстінде. Олар атом қаруын жасап шығарған», – дейді. Кеңес ақсақалы қабағын түйген қалпы бірер минут ойланған соң, екі кітаптан да Жер планетасының координаттарын өшіріп тастайды. Мұны не үшін айтып отырмын? Себебі мұндай сәуегейлік соңғы кездері біздің планетамыздағы тіршілік атаулыға төнген қауіптің қоюлана бастағанын білдіреді. Ғалымдар әр жерден дабыл қағып, табиғатпен үйлесімді іс-әрекет жасауға шақыруда. Оның себебі – біреу-ақ, Жер дімкас халде. Жерді сауықтыру – біздің болашағымыз. Аталған мәселе төңірегінде ден қойып, ойланбаса болмайды. Шынтуайтына келгенде, өркениет деген түсінікке әлі жетеқабылмыз.


Бұдан басқа, техногенді өркениет табиғи тіршілікпен сәйкес келмеуіне байланысты өсімдіктер мен жануарлар әлемі жылдам азаюда. Адамдар діни қағидалар мен моральдық кодекстерді ұмыта бастады. Капитал жинау мен баю соңына түскен адамзаттың адами қасиеттері азайды, қуатты машиналармен, техникамен қаруланған олар жыртқышқа айналып, Жер бетін айғыздап тілгілей бастады. Нәтижесінде, саналы планетаға орасан зор нұқсан келтірді. Жауап ретінде адамдар одан түрлі ескертулер алуда. Егер адамзат түрлі жауыздықтардан бас тартып, пиғылын өзгертпесе, төртінші нәсілдің жойылғаны секілді бұлар да кезекті бүкіләлемдік топан судың құрбанына айналады.


Жаратушының үмітін ақтамағандар үшін бесінші нәсілге жаңадан бүкіләлемдік топан су қаптатқаннан басқа саналы Жер-Ананың басқа жолы қалмайды десе де болады. Бәлкім, Жаратушы бұл жолы да Гималайда генофондқа қайта жан бітіріп, алтыншы нәсілге жан-жақты және рухани дамуына тағы бір мүмкіндік бергелі тұрған шығар.


 




Көрілген: 3107    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 17.02.2010, 12:58

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31