Дат!

Елімізде БАҚ-тың шынайы рейтингін анықтайтын сараптамалық орталықтар аз

  • Елімізде БАҚ-тың  шынайы рейтингін анықтайтын сараптамалық орталықтар аз

    Елімізде БАҚ-тың шынайы рейтингін анықтайтын сараптамалық орталықтар аз

Жүрсін ЕРМАН, Қазақ радиосының бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:


– Ақпараттар тасқыны қарқын алған бүгінгідей жаһанданған дәуірде БАҚ-тар арасында бақталастық та, бәсеке де көп. Уақыт тынысына сай жұмыс істеуге қаржылық дағдарыс та әсер ететін сияқты. Осы орайда Қазақ радиосы өз тыңдармандарына лайықты қызмет көрсетіп отыр ма?


– Қазіргі заманның ақпараттық кеңістігінде нағыз бәсекелестіктің өріс алған шағы. Ол телеарна, радио, газет-журналдар болсын, өз көрерменін, өз тыңдарманын, өз оқырманын, жалпы, аудиториясын өзі тауып алуға тиісті. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі күні өзім басы-қасында жүрген Қазақ радиосы өзінің тыңдармандар аудиториясын кеңейте түспесе, таралу кеңістігін тарылтқан емес. Қазақ радиосы 90 жылға жуық тарихы бар, республикамыздағы ең бай тәжірибелі ақпарат құралы десек, артық айтқандығымыз емес. Мұнда қазіргі кезде 150-ге тарта адам жұмыла қызмет етуде. Оның 50-ін былай ысырып қойғанның өзінде, 100 журналистің «бір жағадан — бас, бір жеңнен қол шығарып», бірлесе жұмыс атқаруы – үлкен олжа. Салыстырып айтатын болсақ, дәл бүгінгідей кезеңде елімізде мұндай алуан мамандардың басын қосқан ауқымды штат ешбір ақпарат құралында жоқ.


– Тәулік бойы тынбай хабар тарататын радиоарнадағы қазақ тілінің басымдығы қай деңгейде?


– Қазақ радиосы тәулігіне 24 сағат емес, 42 сағат эфирге хабар береді. Мұның 24 сағаты бірінші бағдарлама саналатын Қазақ радиосының еншісінде болса, қалған 18 сағаты — «Шалқар» ұлттық арнасына тиесілі. Бұл екеуі де әуе толқынында қатар тарайды. Бұған қоса, әлемнің кез келген түкпірінен бізді интернет арқылы тыңдауға және бір мүмкіндік бар. Күні кеше ғана Қытайдан келген бір топ қандасымыз Бейжіңде отыып-ақ біздің эфирімізді үзбей тыңдап жүретіндіктері туралы айтып кетті. Бұл – біздің елімізде хабар таратумен айналысатын басқа радиолардан артықшылығымыз. Әрине, мемлекеттік радио болғаннан кейін оның ауқымы кең, тыңдармандары да аз емес. Қазіргі уақытта республикамыздың 87 пайыз халқы біздің бірінші бағдарламаны тыңдаса, 37 пайызы «Шалқар» арнасына құлақ түріп жүреді екен. Бұл – арнайы сарапшылардан алынған ресми дерек. Ұлттық радиоарна болып есептелінетін «Шалқар» бірде-бір өзге тілді араластырмай, 100 пайыз мемлекеттік тілде хабар таратады. Сол сияқты, бүгінгі заман талабына сай қызмет көрсетуге бетбұрыс жасап келе жатқан Қазақ радиосы да өзінің эфирлік уақытының негізгі басым бөлігін қазақ тіліне беріп отыр. Мемлекетіміз Тәуелсіздік алғалы бері жағдай бірте-бірте оңала бастады емес пе?! Бұдан біраз бұрын мұнда да тіл саясатына байланысты 50 де 50 қағидасы қатаң сақталып келген болса, бүгінгі таңда Қазақ радиосының мемлекеттік тілде хабар беруі 87 пайызды құрап отыр. Ал ұлтаралық қатынастарды қолдап отыру үшін кәріс, неміс, орыс, ұйғыр, әзірбайжан, түрік, татар тілдерінде дайындалатын бағдарламаларға бөлінетін уақыт  — 13 пайыз.


– Радионың негізгі құралы – тіл. Сондықтан да бұл жерде, ең алдымен, тіл тазалығына мән берілетіні сөзсіз. Бүгінгі күні радиожурналистика мамандарынан тапшылық көріп отырған жоқсыздар ма? Жалпы, Қазақ радиосына журналистерді қандай критерийлермен қабылдайды?


– Орта есеппен алғанда 100 журналистің өзі — қандай үлкен идеологиялық күш! Бірақ біз саннан гөрі сапаға мән беріп отырмыз. Әлемнің алпауыт елдерінің өзін шарпыған қазіргі қаржы дағдарысы біздің елді де айналып өтпеді. Сол себепті де біз биыл 20-ға жуық қызметкерімізді қысқартуға мәжбүр болдық. Есесіне қалған журналистердің жалақыларын өсірдік. Мемлекеттік радиоарна болғандықтан босаңсуымызға жағдай жоқ. Бізге жұмысқа алынатын журналистер қатаң сынақ пен үлкен шығармашылық бәсекеден өтіп барып қана қабылданады. Алайда бізге келетіндердің барлығы тегіс радиожурналистің оқуын оқып келген деп айтуға болмайды. Олардың ішінде заңгер де, экономист те, филолог та, тарихшылар да бар. Сондықтан да радиода жұмыс істей алатын қабілеттілігін дәлелдеген, халыққа айтары бар, кәсіби деңгейі жоғары мамандар ғана эфирге жолдама ала алады. Оның өзінде олардың көбі қатып қалған бір-екі ай сынақ мерзімін ғана өткеріп қана қоймайды, тіпті бес-алты айға дейін жүріп барып, жұмысқа алынып жатады. Жалпы, Қазақ радиосында бүгінгі күні жұмыс істеп жатқан журналистер мен басқа да техникалық мамандардың дені – жастар. Бізге жұмысқа тұруға талпыныс жасап, сынақтан өтіп жүргендер де — негізінен, жастар. Міне, осыншама жігерлі күштің арқасында ұжымдасып жұмыс жүргізудің арқасында Қазақ радиосының қазіргі жүргізіп жатқан хабарларының басты өзегі, ортаға салар ойы қазақтың мүддесіне қызмет етуде. Бүгінгі қазақ қоғамында қандай мәселе өзекті, бүгінгі қазақ қандай сөзді естуге, нендей проблемаларды шешуге, қай тақырыптарды талқылауға іңкәр болып отыр? Осы сұраныстардың бәрін қанағаттандырып, ой елегінен өткізе алатын журналистер біздің эфирге жолдама ала алады. Осы себептен де Қазақ радиосы туралы жалпы жұрттың пікірі жаман емес. Жақында ғана қазақтың белді қаламгері, профессор Ақселеу Сейдімбеков ағамыз: «Қазақтың руханият кеңістігінде қазақтың жырын жырлап, мұңын мұңдап отырған бұл – жалғыз ғана Қазақ радиосы», – деген мәлімдеме сөзін айтты. Өйткені біздің таңғы жетіден басталатын «Қайырлы таң, Қазақ елі!» деп аталатын бағдарламасынан бастап, күндіз-түні берілетін қай хабарымызды алсақ та, негізгі айтар идеямыз – ұлттық болмысымыздың сақталып қалуына күш салу.


– Сіздерді тыңдайтын аудиторияны, негізінен, кімдер құрайды?


– Біз тыңдарманы көп радиомыз десек те, біздің эфирді бүгінгі жастардың көбі тыңдай бермейтіні анық. Олай дейтініміз, талғам-түсінігі басқаша қаланып келе жатқан кейінгі буынның жеңіл-желпі сұранысына жұмыс істейтін өңі өзгеше ақпарат көздері баршылық. Сондықтан да біздің тыңдармандардың басым бөлігі – орта жастағы қалыптасқан адамдар, еңбекке араласып жүрген көзі ашық, көкірегі ояу жандар. Дегенмен бүгінгі қазақ жастары тыңдайтын танымдық, ойын-сауық, әдеби-сазды бағдарламаларымыздың сипатына қарап, тікелей эфир арқылы бізбен байланысқа шығып жататын жастардың көптігіне қарап, жұмысымыздың нәтижесіз еместігін көріп отырмыз. Мысалы, «Қазақ бол!», «Түнгі такси», «Махаббат аялдамасы», «18 бен 25» деген хабарларымызға жастарымыз интерактивті түрде белсене араласуда. Бізді құлағын төсеп тыңдайтын талай үлкен адамдар хабарласып, кейде мақтап, кейде ұсыныстарын білдіріп, кемшіліктерімізді де айтып жатады.


– Мемлекеттік радио ретінде елдің бүгінгі тыныс-тіршілігін қаншалықты қамти алып жатырсыздар?


– Қазақ радиосында көптеген қосымша шығармашылық, техникалық бөлімдерді айтпағанда, негізгі үлкен үш редакция эфирге жұмыс істейді. Олар – Қоғамдық-танымдық, әлеуметтік бағдарламалар бас редакциясы, Әдеби-сазды бағдарламалар бас редакциясы және «Шалқар» ұлттық арнасының бас редакциясы. Онда Қазақстанның экономикасындағы басым бағыттар жөнінде, қазіргі уақытта елдің аузында көп айтылып, мемлекет тікелей басты назарда ұстап отырған «Жол картасы» бағдарламасының жүзеге асуы, республикамыздың әр аймағындағы экономикалық реформаның орындалу барысы, басқа да қолбайлау болып отырған түйінді мәселелер, оны шешудің жолдары сынды тақырыптарға кеңінен қозғау салынады. Сондай-ақ аталған мәселелер таразыға салынып, әр саланың жауапты адамдарының пікірлері беріліп, барынша сын тұрғысынан талданады. Осы тұрғыдан келгенде біз мемлекеттік радио бола тұра, мемлекет қазынасынан қаржы-қаражат алып отырсақ та, қазақ қоғамының өмірінде дәл бүгін жұртты толғандырып жүрген мәселелердің бәрін біз еркін пікірлесу арқылы сарапқа салып отырмыз. Бұл біреуге ұнар, біреуге ұнамас... Десек те, біз ұлтаралық қатынастан бастап, мемлекеттік тілді дамытуға дейінгі аралықта ауқымды шараларды атқаруға атсалысып, қазаққа қажетті барлық мәселелерге күнделікті үн қосып келеміз. Жалпы, біз қозғамайтын тақырып жоқ. Бұған қоса, тілшілеріміз алыс аймақтарға өз аяқтарымен барып, көздерімен көріп қайтқан материалдарын да эфирге дайындап беріп тұрады. Іссапарларға шығуға қажетті қаражат жағы бізде шешілген. Біз, ең алдымен, қазақтың кішкентай ұл-қыздарының санасына ұлттық рухты сіңіру үшін жасалып жатқан «Кешкі ертегі» сынды балаларға арналған танымдық бағдарламаларымыздан бастап, мемлекеттік тұрғыдан талқыланатын хабарларымызға дейінгі аралықтағы мәселелерді қамтып отырмыз деп қайталап айтқым келеді. Әлбетте, мұндай жауапты шаруа бір ғана адамның қолынан келмейді. Бұл – әр редакцияларда шоғырланып еңбек етіп жүрген журналистеріміз бен техникалық мамандарымыздың арқасы. Осы ретте Қазақ радиосының қазіргі тыныс-тіршілігіне тыныс беріп жүрген жақсы адамдардың да атын атап кеткен ләзім. Әсіресе қалам ұстаған таланттылардың еңбегін бағалап, сондай жандардың біразын жұмысқа тарттық. Қазақтың белді сатиригі Көпен Әмір Бек, жазушы Құлтөлеу Мұқашев, ақындар – Маралтай Ыбыраев, Серік Сейтман, Сайлаубай Тойлыбаев, Құралай Омарова, әнші Ерлан Рысқали сынды таланттар мұнда журналистік қызметпен қатар шығармашылықтарын да шыңдап жүр десек болады.


– Ақпарат құралдарының ішінде музыканы ең көп беретін де — радио. Оның үстіне бүгінгі заманның әндерінің мазмұн-сипаты бөлек. Олардың жақсысы мен жаманын қалай айырасыздар?


– Қай радионы алып қарасаңыз да, олардың эфирге жіберетін дүниелерінің басым бөлігін музыка құрайды. Музыкасыз эфир жансыз болады. Алайда біз бұған өте биік талғаммен қараймыз. Сондықтан да Қазақ радиосы тыңдармандарының қазақ музыкасы туралы түсінік-талғамын жоғарылату үшін біз әрбір әнді, әрбір күйді таңдап беруге, талдап беруге ұмтыламыз. Осы бағытта көшеде айтылатын, көрінген той-томалақта айтылатын сазы мен мазмұны сәйкес келмейтін жеңіл әндерге тоқтау салу мақсатында бізде айына екі рет жиналып тұратын Көркемдік кеңес жұмыс істейді. Оның мүшелері – Роза Рымбаева, Кеңес Дүйсекеев, Мұрат Құсайынов, Шахмардан Әбілов, Исрайл Сапарбай, Ибрагим Иса, Медеу Арынбаев сынды бүгінгі қазақ әнінің белсенді авторлары мен орындаушылары, жалпы ән атаулыға байыпты талғаммен қарайтын белгілі өнер иелері бар.


– Қазақ радиосының «Алтын қорында» мыңдаған дауыстар мен ән-күйлердің мұрасы сақтаулы екенін білеміз. Көнерген, ескі таспалардың мұртын бұзбай, кейінгі ұрпаққа жеткізу жағы қалай жүзеге асуда?


– «Алтын қордағы» дауыстардың барлығы заманында қарапайым таспаға жазылып алынған. Қазір қордағы құнды материалдар кезегімен өңделіп, заманауи технологияның көмегімен біртіндеп сандық жүйемен компьютерге енгізілуде. Осы бағытта бес адамнан құрылған арнайы топ жұмыс істеуде. Сонымен қатар біз «Алтын қордағы» дүниелерімізді сақтап қана қоймай, күнделікті эфирге беріп жатырмыз. Мұндағы мақсат – өзіміздің тарихи жадымызды жаңғырту. Осының бәрін қорытындылап келгенде, қарашаңырақ Қазақ радиосы әр қазақтың серігі болуға, сырласы болуға лайықты жұмыстар атқарып жатыр деп сеніммен айта аламын.


– Бізге оқырмандарымыз «Алаш айнасы» бетінде өзіңізбен бірлесіп жүргізіп келе жатқан «Алаш ақыны» жазбаша айтыс жобасы қашан жалғасын табады» деп жиі хабарласып жатады. Бұған не дейсіз?


– Жазбаша айтыс біздің ғасырда із-түзсіз кеткенімен, ол қазақ жерінде ХІХ ғасырда және ХХ ғасырдың басында мықты дамыған. Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет, Жүсіп сияқты майталмандар, тіпті айлап-жылдап жазбаша айтыс жүргізіп, оларға үлкен ақындар сөз айтып, бұл да бір кемеліне келіп қалған жанр болатын. Кезінде айтыстың осы түріне Мұхтар Әуезов жоғары баға берген. Ал қайта жанданған жазбаша айтыс газеттеріңіздің бетінде бес ай бойы жүрді. Бұл жоба қазір жаз мезгілі болғандықтан уақытша кідіріп тұр. Маған да ақындар мен айтыссүйер қауым «Алаш айнасындағы» жазбаша айтыстың аяғы не болады» деп хабарласып тұрады. Бұйыртса, алдағы күз айларының бірінде басылым бетіндегі жазбаша айтыстың екінші айналымын бастаймыз.


Осыған қарап, жұртшылықтың әдебиет пен өнерге деген ықыласы төмен деген пікір айта алмайсың. Жалпы, әдеби ізденіс процесі ешқашан тоқтамайды. Қалай десек те, бүгінде заманға сай сөз айтылып жатыр, тек оны қабылдау жағы басқаша. Қандай да бір ізденіс болсын, ол түбінде жемісін беретіні анық.



Сына

Елімізде бұқаралық ақпарат құралдарының шынайы рейтингін анықтайтын сараптамалық орталықтар аз. Болса да олар көбіне орыстілді арналар мен баспасөзге іш тартып тұратын бірбүйірлеу пікірлерді алдыға шығарып жатады. Ал біз өз рейтингімізді төл бағдарламаларымызға үн қосып, тікелей толқын арқылы хабарласып, болмаса хат жазып тұратын тыңдармандарымыздың көптігі арқылы-ақ анықтап бере аламыз. Біз тікелей айтамыз ба, жанамалап айтамыз ба, әйтеуір «Қазақ бол, ел бол! Оң-солыңды таны, ұрпағыңды тәрбиеле! Тәуелсіздігіңді сақта, Отаныңды сүй!» деген мәселені үнемі халықтың құлағына жеткізіп, санасына сіңіру жолында еңбек етудеміз.



Жалқы сауал

– Көпшілік қауым сізді, ең алдымен, талантты ақын ретінде, қазақ айтыс өнерінің үлкен жанашыры ретінде жақсы біледі. Дегенмен соңғы кездері осы қырыңыздан көрінбей кеттіңіз...

– Менің радиодағы қызметім жеке шығармашылықпен айналысуыма және айтыс өнерінің көшін сүйреуге араласуыма кедергі келтіріп отырған жоқ. Үлкен сахнадағы айтыстардың тоқтап қалуына қазаққа ғана тән бұл өнердің азулылығы, өткірлігі, қызмет басында отырғандарға сөзінің ептеп бататындығы, шамына тиетіндігі себеп болса керек. Қазірге айтысқа «ресми» тоқтау салынып тұр. Жыл басынан бері өзіміздің радиода да, басқа да мемлекеттік арналарда да бір ауыз айтыс берілген жоқ. Қалай болған күнде де, мұны айтыстың бағытын, бағдарын анықтауға берілген аз ғана тыныс деп есептеуге болады. Дегенмен Мәдениет  және ақпарат министрлігі алдағы уақыттағы сахналық айтысты жалғастыруға өзі мұрындық болатынын айтқан. Бірақ біз қарап отырған жоқпыз. Осы жылдың басынан бері осы өздеріңнің газеттеріңнің бетінде айтыстың жазбаша түрін жаңғыртып, бірлескен жобаны қолға алған едік.





Көрілген: 1513    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

дүйсенбі, 26.07.2010, 15:12

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30