Дат!

Қазақ қаржыгерінің формуласы әке-көке, руластық емес, жан-жақты білім болуы керек

  • Қазақ қаржыгерінің формуласы әке-көке, руластық емес,     жан-жақты білім болуы керек

    Қазақ қаржыгерінің формуласы әке-көке, руластық емес, жан-жақты білім болуы керек

Берлин ИРИШЕВ, Франциядағы Parlink Consulting консалтингтік компаниясының басқарушысы, экономика ғылымының докторы:


– Тарих тұрғысынан алғанда, Тәуелсіздіктің 18 жылы – аз уақыт. Күні кеше ғана Тәуелсіздікке қол жеткізгендей болып едік, міне, бүгін Қазақстан Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отыр. Еліміз үшін айтулы оқиға туралы Еуропаның ортасында талай жыл қызмет етіп жатқан азаматымыздың айтарын білсек.


– Бұрынғы Кеңес одағынан ірге ажыратқан елдер арасында Қазақстанның тұңғыш болып Еуропадағы беделді ұйымға төрағалық етуі халық үшін, мемлекетіміз үшін, Президентіміз үшін аса зор тарихи жетістік әрі орасан жауапкершілік деп білемін. Мемлекетіміз үшін тағдырлы рөл атқаратын осы бір стратегиялық миссияны абыройлы атқарсақ, бұл халқымыздың әлемдік саясат сахнасындағы зор қабілетінің көрсеткіші есебінде қабылданар еді. Бұған менің күмәнім жоқ, әрине. Бұл үшін халқымыздың жұмылса жұдырық бола білетін берік ауызбірлігі аса қажет. Онсыз Еуропа қауіпсіздігіне кепіл болу екіталай. Еуропа халқы өзін Орта Азияда көшбасшы болудан үмітті мемлекет – Қазақстаннан сарабдал қадамдар күтіп, сынға салуға дайын отыр. Қалай болғанда да, сол сыннан сүрінбей өтуге белді бекем буған еліміз демократиялық ұстанымына дұрыс бағдар алды деген ойдамын.


– Жуырда Алматыға келіп, «Еуроодақ: интеграциялық моделінің тәжірибесі» атты ауқымды зерттеу кітабыңыздың тұсаукесерін өткіздіңіз. Құрылғанына жарты ғасырдан асқан Еуроодақты бұған дейін әлемнің бірталай ғалымдары зерттегені белгілі. Ал сіз жазған еңбек олардан несімен ерекшеленеді, несімен құнды?


– Бұл еңбекті жазуыма екі себеп болды. Біріншіден, әлдебір қалыптасқан қоғамды басқару үшін сол қоғамның барлық қасиеттері мен ішкі қуатын жақсы білу қажет. Еуроодақ бүгінде тек қана экономикалық одақ емес, дүниежүзілік саясаттың ортасы болып отыр. Бір ғана мысал, кешегі соғыс жағдайына дейін барған Гүржістан мен Ресей арасындағы ушыққан қарым-қатынасты үш күнде тоқтатқан Америка немесе Қытай емес, осы Еуроодақ болатын. Екіншіден, Еуроодақтың экономика саласындағы 50 жылдан астам тәжірибесі дүниежүзіне аян. Одақ аясында атқарылған шаруалар мен іс-әрекеттер жайы бүгінде әлемнің 23 тілінде жарияланыпты. Сол 23 тілдің бәрінде де одақтың 27 мүше елдері сөйлейді. Бірақ өкінішке қарай, беделді ұйымды терең саралаған орыс тіліндегі еңбектер өте аз, қазақ тіліндегісі туралы тіпті де айтпай-ақ қоюға болады. Ал алпауыт одақтың жетістіктері дүниежүзінде жоғары бағаланып отыр. Сондықтан менің бұл арадағы мақсатым одақ аясындағы жағдайға әйгілі Петр бірінші ашып берген терезеден ғана қарамай, сол құрлықтың ортасында отырып, ұйымның ерекшеліктеріне, тәжірибелеріне өзімнің берер бағамды елге жеткізу болды. Қазақтың «үйрен де жирен» деген қанатты сөзін толық қуаттаймын. Еуропалық кұраманың тәжірибесі үйренуге тұратын саяси байлық деп білемін. Осындай деңгейге жеткен елдердің халқы зор табысқа тезірек жететініне мен кепіл.


– Бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде де бірнеше интеграциялық одақтарға бірлесуге талпыныстар жасалды. ТМД, ЕурАзЭҚ, түркі елдерінің лидерлері түркі мемлекеттерінің одағын ұсынып жүргені де есте. Алайда бұл интеграциялық бірлестіктердің дамуы өте бәсең екенін кітапта айтып өтіпсіз. Ендеше, ұйымдардың жоғары деңгейде дамуына не кедергі деп ойлайсыз?


– Үлкен өкінішімізге қарай, күні кеше Кеңес Одағының құрамында болған елдер бүгінде ортақ ауызбірлікке қол жеткізе алмай отыр. Әділін айтсақ, Еуропада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев интегратор деп танылса, сондай репутацияға көршілеріміздің басшылары жете алмай отыр. 18 жылда бірқатар интеграциялық модельдер хақында әр деңгейде әңгіме болды. Содан бері көптеген қағаздарға қол қойылып, біраз бөтелке шампан ішілген сияқты. Бірақ сол он шақты модельдің бірде-біреуі сәтті іске аспай жатыр. Солардың бірі – жаңа туған ЕурАзЭҚ атты модельге үміт артып жатыр едік, өзбек көршіміз оны талақ етті. Одан кейін Өзбекстанның қалыпты жұмыс істеп тұрған энергетикалық жүйемізден бас тартып, екі арадағы шекараны жапқанға дейін барғаны белгілі. Меніңше, осындай ауызбірліктің жоқтығын пайдаланып жатқан елдер де бар. Бір анығы, өз халқын қауіпті жағдайға мәжбүр еткен мемлекет басшылары мақтан тұтуға лайықсыз. Мұндай жағдайда Орталық Азия елдерімен Қытай жеке келіссөздер жүргізіп, жекелей келісімшарттарға қол қойып, барлығын түп-тұқиянымен сатып алуға әзірлігін білдіріп отыр. Бұл – ойлантатын жағдай.


– Сіз өз кітабыңызда 2025 жылы Қытай АҚШ және басқа да елдерді басып озып, әлемдік экономикалық алпауытқа айналады деген пікірді айтасыз. Мұның көршілес отырған Қазақстанға қандай әсері болуы мүмкін? Қазақстанның ішкі рыногына қандай зияны немесе пайдасы болады?


– Бұл – енді үлкен саяси мәселе. Қытай мұндай дәрежеге 2025 жылдан да ерте жетуі әбден мүмкін. Оның оң және теріс ықпалы дүниежүзіне тиер. Ресей, Қазақстан, Қырғызстан сияқты Қытаймен шекаралас мемлекеттерге мұндай геосаяси көршіліктің пайдасымен бірге зиянын да жоққа шығара алмайсың. Бір ғана мысал, Латын Америкасының бірқатар елдерін өз протекциясына алған АҚШ оларды өз ырқына көндіре білді. Ал көнбегендеріне эмбарго жариялап, әлі күнге дейін экономикалық қысым көрсетіп жатыр. Алла тағала мұндай жағдайға жеткізбесін деп тілеймін. Бірақ бүгіннің өзінде алпауыт Қытайды қалай тоқтатуға болады деген тақырыптағы ой-пікірлер алыстағы Африка елдерінде де қызу талқыланып жатыр.


– Берлин аға, Еуропаға Қазақстаннан қоныс аударған санаулы қандасымыздың бірісіз. Еліңізден кетіп, қызметіңізді әлемдік сән мен сұлулықтың астанасы болған Парижден табуыңызға не себеп болды?


– Соңғы 14 жыл бойғы өмірім осы Еуропада өтіп жатыр. Парижде тұрақтағанымның себебі қызмет бабына байланысты. Президентіміздің жолдауымен алты жыл елшілікте қызмет атқардым. 2000 жылы Парижге ресми сапары кезінде «елге қайтып, экономикалық мәселелер бойынша кеңесшім бол» деп тағы да ұсыныс жасаған еді. Ол қызметті Парижге келердің алдында атқарғанмын. Елбасының артқан үлкен сеніміне алғыс айтып, Парижде өзімнің түпкі мамандығыма байланысты жеке инвестициялық кеңес құруды ұйғардым. Оған себеп болған дәйектемелер: біріншіден, өз қабілетімді халықаралық деңгейде байқау басты мақсатым болатын; екіншіден, Берлин қаласындағы дүниені екіге бөліп-жарған әйгілі қабырға кұлатылғаннан кейін осы қабырғаның екінші жағындағы капитализм әлемін танып-білуге үлкен мүмкіндік туғандай болды. Екі дүниенің айырмашылығын өз көзіммен көріп, ащысы мен тұщысын байқағым келді. Ол қабырғаны 1981 жылы Мәскеу пойызымен Парижге бара жатқанда көріп едім. Сонда ол маған мәңгілік тұратындай көрініп еді.


– Сіздің сан қырлы қызмет жолыңызға кез келген адам қызығатындай-ақ екен. Бастапқыда ұстаздықтан бастап, Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары еліміздегі тұңғыш мемлекеттік және коммерциялық банктердің бірін басқарыпсыз. ҚР Президентінің кеңесшісі, ал кейін дипломатиялық қызметтің де дәмін татып үлгердіңіз. Қазір Франциядағы білдей консалтингтік компанияның басқарушы әріптесісіз. Айтыңызшы, қазақ қаржыгерінің табыс формуласы неде?


– Өмірде таңдайтын мамандық, жүретін жол көп. Біздің шешімімізге көбінесе ата-анамыз себепкер болады. Кейде сол кісілердің жолын қуамыз, не ақылын тыңдаймыз. Өкінішке қарай, менің жағдайымда ондай мүмкіндік болмады. Әкеміз ертеректе о дүниеге аттанды, ол кісінің ақылын ести алмадық. Осындай жағдайда адамның тұрақты болашағы тек қана оқу-тоқуына, алған біліміне байланысты болады. Әр қызметтің дәмі әртүрлі, бірақ қызметтің қай саласында болса да, жан-жақты білім бірінші орында тұруы тиіс, сонда әке-көке, тамыр-жерлестік, руластықтың қажеті де болмайды. Меніңше, қазақ қаржыгерінің формуласы осында. Пойызда келе жатқан ақсақал жас студентке: «Қарағым, руың кім?» – дегенде, «ата, руым – rambler.ru» деп жауап қайтарған екен. Сондай жағдайда жүріп жатырмыз. Францияда сізге берілер баға қызметтік қабілетіңізге байланысты болады. Яғни бәсеке жоғары деңгейде болғанда, тек қана қызметтік қабілетіңіз бағаланады. Басқадай жағдайда миллионнан артық жұмыссыз қалған топтың арасына түсіп кетпеуіңізге ешқандай кепілдік жоқ.


– Кезінде үш жыл бойы «Әлем банк Қазақстан» банкін басқарғаныңызды білеміз. Бұл коммерциялық банк кейін «Тұранәлембанкке» айналғаны мәлім. Яғни қазіргі «БТА банк» «Әлембанктің» заңды мұрагері екенін де білеміз. Қазақстандағы «БТА банк» пен «Альянс банктің» бұрынғы топ-менеджерлерінің қылмысты болып жатуын естіген де боларсыз. Еуропалық қаржы жүйесімен жақсы таныссыз. Еуроодақтағы банк басшыларының жауапкершілік мәселесі қаншалықты жолға қойылған?


– Бұл – қазақ халқының «алтын көрсе періште жолдан таяды» деген аталы сөзінің кері. Мені жолдан тайып кетушілердің елімізде жылдан-жылға көбеюі алаңдатады. Қазақстандық банкке қатысты өз ойымды бұдан бір жыл бұрын газеттерге айтқанмын. Халықтың ақшасы толығымен басқа банктерге көшіріліп, бұл екі банк те банкрот деп жариялануы керек еді. Менің түсінбейтінім, еліміздегі банк жүйесін қадағалайтын Ұлттық банк пен Қаржылық бақылау агенттігі сияқты құрылымдар ай-күннің аманында миллиардтаған қаржы шетке тайдырылғанда қайда қарап отырды? Соның салдарынан кеше ғана біз мықтымыз деп барша дүниеге жар салған банктер бүгін халықтан қайыр тілегендей жағдайға жеткендей. Еуроодақтағы банктерге қатысты айтар болсақ, бұл елдердің жауапкершілік мәдениетінің бір түрі – кеткен кемшілікті мойнына алып, өз қызметін арыз жазып өткізуі. Дағдарыс Еуроодақтың мүшелеріне де кері әсерін тигізді. Бірақ ешқандай да топ-менеджерлердің қылмыс жасауы байқалмады. Себебі заңдары және орталық банктердің барлық іс-әрекеттері халық мүддесіне жұмылдырылған. Сосын жариялылық мәселесі өте жоғары деңгейде. Банктер туралы барлық статистиканы, қаржылық ағымдары мен қабылдаған шешімдерін интернеттен табуға болады. Ал қыруар қаржыны қымқырып, табан жалтырату дегенді бұл жақта естімейсіз. Бұл – саяси-экономикалық биік деңгейдің көрсеткіші.


– Елден жырақта жүріп қазақ әншісі Майра Мұхамедқызын Париждің атақты «Гранд опера» театрына орналастыруға сіз көмектесті деп естідік. Соның анық-қанығын білсек деп едік...


– Ол былай болған. Елшілік «Гранд операға» ресми хат жазып, Майраны тыңдаудан өткізсеңіз деген өтінішіне алғашында қарсылық жауап алған еді. Майраның сол кезде көңілі түсіп, «мені алмаса да, бір рет болсын театр сахнасына шығып тұрсам, арманда болмас едім» дегені есімде. Майраның дауысы адам сүйсінерлік екені рас, бірақ Еуропада ерекше дауысқа жатпайды. Сондықтан ол мақсатына жеткізу үшін біраз тер төгуге тура келді. Біріншіден, жолдастарымның арқасында франциялық телевидениеден көрсетіп, белгілі музыка сыншысы Ева Ружеридің жақсы бағасына ие еттім. Екіншіден, арнайы СD диск шығартып (оған дейін Майраның дискісі болмаған), оған сол сыншының сөзін жаздырдық. Содан кейін «Гранд опера» директорына сөз салдырып, үш ай сол кісінің шешімін күттік. Белгілі күні Майра сынақтан өткен кезде Бастилиядағы «Гранд опера» залында комиссия мүшелері арасында жалғыз қазақ болып өзім отырдым. Осының бәріне елшіліктің немесе министрліктің бір тиын ақшасы шыққан жоқ, оның үстіне бұл менің міндетіме де кірмеген. Содан екі бірдей операның келісімшартын Майраға Алматыда өз қолыммен тапсырғанмын. Бұдан соң, Майраны Миланда Пласидо Домингоға тыңдатып, Англиядағы «Ковен Гарден» театрында, Германияда опера әуесқойларына көрсеткенбіз. Сол кезде осы елдерде менің сөзімді жерде қалдырмай, көмек қолын созған Олжас Сүлейменов (Миланда), Ерлан Ыдырысов (Лондонда), Вячеслав Хаменович (Берлинде) және француз жолдастарыма шексіз алғысымды білдіргім келеді.


– Қызмет бабымен Францияның іскер топтарымен көп араласатын боларсыз. Солардың көпшілігінің Қазақстан туралы ойы қандай?


– Францияның саяси мәдениеттілігінің бір түрі – жақсылығыңызды ғана әңгіме етеді де, кемшілігіңізді көтермейді. Мысалға аты шулы Бораттың фильмі бойынша ашық пікір алу мүмкін емес. Мұндай жағдайда олардың ойын сұрау өте қиын. Баспасөзді алар болсақ, Қазақстан туралы жылына бір-екі мақала болса, оларда көбіне біздің табиғи байлығымыз немесе отандық экономиканың деңгейі сөз болады. Мәдениетіміз туралы айтқанда, қазақтың көшпенді халық ретінде табиғатпен етене байланыстылығын ерекше әңгіме етеді. Осыған орай айта кететін бір пікір бар. «Санофи» атты дүниежүзілік фармациялық фирманың үлкен қызметкері бір әңгімесінде «номадизмнен кетіп, цивилизацияға кірген халық денсаулығының бір кемістігі байқалып отыр» дейді. Ол мынау: қимыл-қозғалыстан кеткен номадтар мен бәдеуилер диабет ауруына басқа халықтарға қарағанда көбірек шалдығып отыр екен. Сондықтан өркениеттің кесірін қимыл-қозғалыспен толықтыруымыз керек екен. Осы ақыл көкейге қонатындай.



Өмір-дерек

Иришев Берлин Кенжетайұлы 1945 жылы 9 мамырда дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын, Мәскеу қаржы институтының аспирантурасын, РФ Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясының докторантурасын бітірген. Әр жылдары Алматы халық шаруашылығы институтының кафедра меңгерушісі, КСРО Внешэкономбанкінің «Казвнешэкономбанкі» басқарма төрағасы, Alem Bank Kazakhstan басқарма төрағасы, ҚР Эксимбанкінің басқарма төрағасы, ҚР Президентінің кеңесшісі, Франциядағы Қазақстан елшілігінде кеңесші-елші қызметтерін атқарды. Отандық және шетелдік басылымдарда басылған түрлі өзекті тақырыптарға арналған жүздеген жарияланымдардың авторы. Зерттеу саласы: шетелдік инвестициялар, банктер, монетарлық саясат, экономикалық патриотизм, ядролық энергетика, ауызсу, аграрлық саясат, әлемдік дағдарыс пен интеграция мәселелері. 1996 жылдан бері Францияның астанасы Париж қаласында тұрады. Франциядағы Parlink Consulting консалтингтік компаниясының басқарушысы, экономика ғылымының докторы.





Көрілген: 1297    Пікірлер: 0

бейсенбі, 06.05.2010, 16:12

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31