Дат!

Қазақтар қатерлі ісік дертін ажал үкіміндей қабылдайды

  • Қазақтар қатерлі ісік дертін ажал үкіміндей қабылдайды

    Қазақтар қатерлі ісік дертін ажал үкіміндей қабылдайды

Жеткерген АРЗЫҚҰЛОВ, Қазақ онкология ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор:


– Жеткерген Әнесұлы, биыл жаңа жыл басталысымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «2010 жылы әлем бойынша 15 миллионнан астам адам қатерлі ісік дертімен сырқаттануы мүмкін» деген ақпарат таратты. Өзіңіз білесіз, бұған дейін бұл көрсеткіш әлемдік тұрғыда сегіз миллионды құраған-ды. Ал биыл осы есеп екі есеге жетіп жығылмақ... Сіз еліміздің бас онкологі ретінде бұған не айтар едіңіз?


– Егер экологиялық жағдайымызды, әлем бойынша болып жатқан түрлі құбылыстарды есепке алатын болсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бұл болжамы дөп келуі мүмкін. Себебі қазірдің өзінде біз экологиялық қауіптілікті анық сезінудеміз. Осыған қоса экологиялық таза тағамдар легі де кеміп барады. Мысалы, тек қана  Қазақстандағы жағдайды алайықшы, қарапайым жұртшылық қазы-қарта, жал-жаямен тамақтануды ұмытқалы қашан? Бүгінгінің қазағы шетелден импортталатын сапасыз өнімдерді дастарқанына толтырып қойғанға мәз. Ал оның сапасына, құнарлылығына мән беріп жатқан ешкім жоқ. Осындайда ата-бабаларымыздың «біреудің қаңсығы біреуге таңсық» дегені еріксіз еске түседі. Міне, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр мемлекеттің экологиялық қауіптілігін, қоғамдық құрылысын, әлеуметтік жағдайын саралап барып осындай ақпарат таратса керек. Осыған байланысты әлемдік ғалымдар да қарап қалмай, өзіндік жаңалықтар ойлап тауып, жаңашылдыққа ұмтылуда. Қысқасы, бүгінде әлем қатерлі дерт атаулының құлқынына жұтылып кетпеуді ойластыруда.


Жалпы, осы саланы зерттеп жүрген мамандардың алдына қойған бір ғана мақсаты бар. Ол қатерлі ісік тарихындағы өлім көрсеткішін төмендету. Бүгінде осы бағытта әлемдік тұрғыда түрлі бағдарламалар, жоспарлы істер қолға алынуда. Соның бірі – «Қатерлі ісікті ерте анықтау» бағдарламасы. Қазірде Қазақстанда осы бағдарламаның шеңберінде біршама ауқымды істер тындырылуда. Рас, әлем бойынша бұл дерттің көлемі өсіп келеді. Әйтсе де дертке дауа беретін іс-шаралар да атқарылып жатыр. Қатерлі ісік дертін емдеу үрдісіне әлемдік бағытта түрлі жаңалықтар енгізілуде. Жыл сайын бұл дерттің түп-тамырын зерттеу нәтижесі тереңдей түсуде. Бастысы – бүгінде қатерлі ісік дертіне деген адамдардың көзқарасы өзгерді. Бұрын жұртшылық бұл дерттің атауын естісе, біржола «ажал үкімі» шығарылғандай сары уайымға салынатын. Ал қазір дерттің тарихы сауатты түрде насихатталғаннан кейін болар, дертпен сырқаттанушылардың басым бөлігі салқынқандылық танытып, байсалды ем қабылдауға ұмтылуда. Былайша айтқанда, дертке дауа іздеушілердің саны артуда. Біле-білгенге мұның өзі – қуанарлық жайт. Мұндай нәтиженің өзі аурудың алдын алудың қарқынын арттырмақ.


– Сіз кәнігі маман ретінде отандық медицинаның қатерлі ісікке қарсы иммунитет қалыптастырудағы рөлі қаншалықты деп бағалайсыз?


– Негізінде, қатерлі ісік дертіне қарсы тұрудың бірінші жолы – бұл ауруды ерте сатыда анықтау үрдісі. Қазір осы бірінші бағытты Қазақстан медицинасы тереңінен меңгерді десек те болады. Дертпен күресудегі екінші бағыт – бұл дертті емдеген кезде ең тиімді ем жасау жобасын қолдану. Мысалы, қатерлі ісік дертін емдеудің үш түрлі жобасы бар. Оның біріншісі – оталау, яғни операция жасау, екіншісі – түрлі сәулелермен емдеу жобасы, үшінші жоба – бұл химиялық жолмен емдеу. Дертпен ауырған адамға осы жобаларды тиімді пайдаланудың өзі дертке қарсы иммунитет қалыптастыра алады. Жалпы, бұл дертті емдеу, дертке қарсы иммунитет қалыптастыру жағы көңілден шығады. Бұлай дейтін себебім, біз халықаралық жиындарда жоғары дәрежелі әріптестерімізбен жиі бас қосамыз. Сондай сәттерде олардың көпшілігі «Қатерлі ісік дертін емдеуде Қазақстан тәрізді арнайы бағдарлама қабылдаған ел ТМД көлемінде жоқтың қасы» деп біздің елімізде болып жатқан іс-шараларға көңілге толымды баға береді. Үкіметтік деңгейде онкология саласын қаржыландыру, құрал-жабдықпен қамтамасыз ету жағы да өз деңгейінде. Сондықтан ендігі біздің міндет шаршамай, талмай еңбектену болуы тиіс...


– Десек те, қазірде түрлі сарапшылардың болжауынша, еліміздегі қатерлі ісік дертінің көрсеткіші жоғарылап бара жатқан көрінеді. Мұндай пікірлерге қандай уәж айтар едіңіз?


– Жоқ, мен мұндай пікірлермен келіспеймін. Керісінше, соңғы бес-алты жылдың ішінде еліміздегі қатерлі ісік дертінің көрсеткіші төмендеді. Мәселен, біз 2002 жылы бұл дертпен ауыратын адамдардың санын жиырма тоғыз, отыз мыңның айналасында тізбелесек, 2007-2008 жылдары бұл көрсеткіш 28 мың адамды құрады. Дертке қатысты өткен 2009 жылғы көрсеткіш те қалыпты деңгейде. Демек, қайсыбір сарапшылардың шығарып жүрген есеп-қисабы дәлелсіз деп санаймын.


– Өзіңіз білесіз, қазірде Қазақстан медицинасы реформаланудан кенде емес. Сондай жаңашылдықтың бірі ретінде Денсаулық сақтау министрлігі телемедицина жобасын жүзеге асыруды жөн көріп отыр. Сіздіңше, бұл жобаны оңтайлы үйлестіруге шама-шарқымыз жете ме? Бұл ретте, біздің қауқарымыз қаншалықты?


– Рас, соңғы кездері денсаулық сақтау саласы түрлі жаңашылдықтарға бет бұрып жүр. Әрине, оның ішінде қолдауға тұрарлықтары да бар. Соның бірі – өзіңіз сөз етіп отырған телемедицина жобасы. Өз басым бұл жобаның ауқымы кең, болашағы үйлесімді екеніне күмәнданбаймын. Телеэкран арқылы қиын сәтте тәжірибелі мамандармен тілдесу олардың әдіс-тәсілін қолма-қол меңгере білуге жол бастайды деп сенемін. Сондықтан бұл жобаның ұтымды тұстары көп. Қазірде бірқатар мекемелер осы жобаны іске асыруға кірісіп кеткен де көрінеді... Лайым нәтижелі, несібелі болуына тілекшілердің бірімін.


– Ал сіз басқаратын мекеме осы жобаны қашан қолға алмақ? Жалпы, жоспарда бар ма?


– Қазір біз телемедицина жобасына ұқсас «Операциялық театр» деген жобамен жұмыс жасап жатырмыз. Бұл жобаның ұтымдылығы қиын, ота жасау кезінде мамандар ота жасалып жатқан науқастың қасында емес, келесі бөлмеде отырып, жасалып жатқан операцияны экран арқылы көре алады. Осы орайда, бір-біріне ақыл-кеңес береді. Тәжірибе алмасады. Нәтижесі жаман емес. Негізінен, телемедициналық байланысқа шығудан еш айырмашылығы жоқ десе де болады.


– Сіз бір сөзіңізде «қатерлі ісікке пластикалық операциялар жасауды қолға алмақпыз» деген едіңіз. Осы істің нәтижесі қалай?


– Иә, қатерлі ісіктің кейбір түрлеріне пластикалық операциялар жасауға болады. Шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып жүрген отандық әріптестеріміз өңеш, асқазан, сүт безі, өкпе қатерлі ісігіне пластикалық операциялар жасауды меңгеріп үлгерді. Сондай-ақ сүйекке біткен қатерлі ісікке пластикалық операция жасау да оң нәтиже беріп отыр. Мысалы, осы уақытқа дейін сүйекке біткен саркоманы, яғни  ісікті ушықтырмас үшін бізге сырқаттың аяғын немесе қолын кесіп, ісіктен арылтуға тура келетін. Ал қазір бұл келеңсіздік пластикалық операциялар жасау арқылы оң шешімін тауып отыр. Бұл отандық онкологтардың АҚШ-тан түйген тәжірибесі десек, мамандарымыз германиялықтар тәрізді технологияның тілін табуды да игере бастады. Жалпы, қазақстандық онкологтердің тәжірибе алмасудағы еңбекқорлықтары өз нәтижесін беріп келеді. Бұл үрдіс онкологиялық емдеу шараларына өзіндік жаңашылдықтар енгізетіні сөзсіз.


– Қазір біз «туа бітті қатерлі ісік және тұқым қуалайтын қатерлі ісік дертіне шалдыққандар да болады» деген жайтты жиі еститін болдық. Бұл қаншалықты айғақты дерек?


– Бар. Мұндай жайттар кездеседі. Мысалы, өмірге келген сәби қызарған мең, қалмен туатын болса, мұны біз «гемангиома» деп атаймыз. Одан соң кейбір балалар қара дақпен туады. Күні ертең бала жарақат алатын болса, ол қара дақ ұлғайып, жараға ұласып, ісікке айналуы мүмкін. Міне, балалар онкологиясындағы өзекті жайттардың негізі – осы. Сондықтан дені сау баланы тәрбиелеп, баласының қызығын көргісі келген ата-ана баланың денсаулығына жіті көңіл бөлуі тиіс. Қазіргі кезде ісіктің 95 пайызының алдында ісік алды науқастар болады. Ісіктің 5 пайызы туа біткен ақаулықтардан пайда болады. Ал тұқым қуалайтын қатерлі ісіктердің қатарына біз сүт безі қатерлі ісігі мен өңеш, тоқ ішек, асқазан жолдары қатерлі ісігін жатқызып отырмыз. Қазірде осы ісік түрлерімен бір отбасында шешесі мен қызының ауруы, әкесі мен баласының сырқаттануы жиі көрініс беруде. Мұндайда бір ескеретіні, егер де ісік алды науқастарды дер кезінде анықтап, сырқат адамдарды диспансерлік есепке алып, шипалы ем қолданып, жазып жіберсе, қатерлі ісіктермен ауыратын адамдардың саны күрт азаятын еді. Ол үшін жалпы емдеу шебіндегі дәрігердің ұғымды, білімді болулары, олардың жаңа анықтау әдістері мен тәсілдерін жете меңгеріп, күнделікті тәжірибеде қолдануы ләзім.


– Ал сіз «қатерлі ісік тарихында эвтаназия қолдану қажет» деген пікірге қалай қарайсыз?


– Жоқ, бұған мен мүлде қарсымын. Бүгінде Батыс елдерінде эвтаназия мәселесі дүркін-дүркін қозғалып жатыр. Қолдаушылар да бар, қарсы пікір айтушылар да жетіп-артылады. Өз басым Алла тағаланың берген ғұмырын эвтаназиялық әдіспен қиюға мүлдем қарсылық білдіремін. Мұсылман елдерінің дені – бұл жайтқа қос қолдап тұрып қарсылық білдіретіні сөзсіз. Рас, қазір қазақтар қатерлі ісік дертін ажал үкіміндей қабылдайды. Бұл жерде мынадай дүниеге басымдық беруіміз қажет. Науқас өзінің дертінің тарихын сауатты түрде білуі тиіс. Және өзін-өзі іштей қайраттандырып, ауруды жеңуге психологиялық тұрғыда дайын болуы керек. Жоғарыда айтқанымдай, бұл дерт күрделі ізденісті талап етеді. Дертті жеңуде науқас адам да, ем-дом шараларын жүргізуші маман да еңбекқорлық пен біліктілік танытқаны жөн. Сонда ғана жұртшылық қатерлі ісік дертімен күресте жеңіп шығатын болады. Бастысы, осы салада жүрген әр маман өзінің мойнына үлкен жауапкершілік артылып отырғанын сезіне білуі қажет. Сонда ғана халықтың денсаулығын жақсартуға зор мүмкіндік ашылмақ...


- Әңгімеңізге рақмет.



Алашқа айтар датым...

Сіздердің басылымдарыңызды пайдалана отырып, мен әр қазаққа «Таңмен бірге күліп оян!» дегім келеді. Күлкінің адам өмірін ұзартатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Егер сіз ашуланып тұрып күліп жіберсеңіз, сіздің миыңызға қуаныш «сигналы» хабар береді де, жан дүниеңіз күлімсіреп, жібіп сала бересіз. Мен үнемі қарамағымдағы әріптестеріме: «Алдарыңа келген науқасты күліп қарсы алып, күліп шығарып салыңдар, сонда ғана сендер сырқат адамның көңілін бір сәт болса да көтеріңкі күйге бөлейсіңдер», – деп отырамын. Әттеген-айы, бүгінде қысқа жібі күрмеуге келмей жүргендердің саны артып бара ма, қалай? Әйтсе де күлкіден де оймақтай ой түйіп, жабырқаған көңілді жадыратуға күш салуға тырыссақ жөн еді. Күлкі де дертке дауа, жанға шипа болар еді.





 




Көрілген: 3715    Пікірлер: 0

сейсенбі, 16.02.2010, 16:03

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31