Алаш баласы, айнаңа қара!

жексенбі, 28.08.2016



Дат!

Мінберден «ұлтым» деп кеңірдегін үзіп жүргендер «өз үйімде не болып жатыр өзі?» дей ме екен?..

  • Мінберден «ұлтым» деп кеңірдегін үзіп жүргендер «өз үйімде не болып жатыр өзі?» дей ме екен?..

    Мінберден «ұлтым» деп кеңірдегін үзіп жүргендер «өз үйімде не болып жатыр өзі?» дей ме екен?..

Ғалымжан МЕЛДЕШ, Қазақ радиосының директоры:


– 80 жылдан астам тарихы бар, шежірелі Қазақ радиосына басшы болып келгеніңізге де біраз уақыт болып қалды. Есіміңізді ел, негізі, баспасөзден жақсы таниды. Қазақ радиосы директорының орны ұсынылғанда және қара шаңырақтың табалдырығын алғаш аттағанда қандай күйді бастан кешірдіңіз? Қанша дегенмен киелі жер ғой...

– Радио шежіресіне иек артсақ, Қазақ АКСР Халық Комиссарлар кеңесінің 1921 жылғы 21 қыркүйектегі шешіміне орай республикаға әуе толқыны арқылы сол жылдан бастап алғаш радиохабарлары беріле бастаған. Демек, келесі жылы Қазақ радиосының 90 жылдық мерейтойы. Ал өзінің осынау жылнамасын қалыптастырған Қазақ радиосы шынымен-ақ ұлт үшін, жалпы, ел үшін киелі жер деп дұрыс айтып отырсыз. Тізгінді ұстағаныма сегіз айдан асыпты. Әрине, қара шаңыраққа келіп, ұжыммен танысқанымда толқығаным да, толғанғаным да рас. Жасыратын не бар, жаңа басшыға тосырқай қарайтын кез емес пе? Команда жасақталады, әркім өзінің шабармандарын ерте жүреді дегендей. Редакция жетекшілерімен жүздескен алғашқы күні мен олардың өңдерінен «мына директор қайтер екен, өз адамдарын ала келер ме екен?» деген сұрақты оқығандай болдым. Бәлкім, жаңылған да шығармын. Ә дегеннен оларға ешкімді ерте келмейтінімді, қалыптасқан ортамен бірге жұмыс істеуге ықтияр екенімді ұқтырдым. Құдайға шүкір, қазір бәрімен де бірге, түсіністікпен жұмыс істеп жатырмыз деп ойлаймын.

– Қазір өзі демалыс маусымы, әсіресе телеарналарда осы кезде демалыс жарияланып, жаңа маусымға дайындық жүретінін білеміз. Ал енді радиода да күзгі кезеңге дайындық деген бола ма? Мәселен, Қазақ радиосы осы күзде тыңдарманын немен таңғалдырып, немен қуантпақ?

 – Жалпы, шілдеден былай демалыс маусымының басталуы қалыптасқан дәстүр ғой. Бірақ бұл өзіңіз айтып отырғандай телеарна мен радио мүшелері жағаны жайлауға жібере салатын уақыт дегенді білдірмесе керек. Демалыстағы жұрт жақсы тыныққанды қалайды, құлақтан кіріп, бойды алар әсем ән мен тәтті күйді тыңдағанды жақсы көреді. Сондықтан радио үшін «демалыс маусымы» – тек аты ғана. Эфирден өтетін әрбір хабар, концерт, джингл, роликтер іріктелініп беріледі. Ал күзгі кезеңге дайындық деген мәселеге келсек, бұл, жалпы, күллі баспасөзге, электронды БАҚ-қа тән нәрсе. Әлбетте, жүйесі қалыптасқан, тыңдарман қауымның ыстық ықыласына бөленген хабарлардан бас тартқан емеспіз. Дегенмен електен өтіп жатқан бірсыпыра хабарлардың бар екенін жасырмаймыз. «Қайсысы? Қандай?» демей-ақ қоялық. Бұлардың орнына тыңдарманымызды «таңғалдыратын» хабарлар алып келеміз десем, артық айтатын шығармын, бірақ «қуантатын» хабарлардың дүниеге келуіне әрекет етіп жатқан жағдайымыз бар. Ол интерактив үлгісінде болуы мүмкін, ол жаңа хабарлардан көрініс табуы мүмкін, ол – диджейлердің әңгімесінен қылаң беруі ықтимал, ал жаңа маусымнан әуе толқынынан ананы немесе мынаны тыңдайсыздар деп, алдын ала жаһанға жар салғым келмей тұр. Мұны газет оқырмандары, радио тыңдаушылар да, сіз де дұрыс түсінеді ғой деп сенгім келеді.

– Өткенде Қазақ радиосының тыңдарманнан жаңа идея сұрап, не тыңдағысы келетіні жайлы хабарландыру беріп жатқанын радиодан құлағымыз шалып қалғаны бар еді, бұлай етудегі мақсаттарыңыз не?

 – Біздің басты сыншымыз да, сарапшымыз да – тыңдарман қауым. Бұлай етуіміз – идеяның сарқылғандығынан емес. Керісінше, шығармашылық ұжым мен тыңдарманның арасына көпір болардай игі байланыс орнаса деген ойдан туындап отыр. Тыңдарман нені тыңдап, нені қаламайтынын хат арқылы немесе біздің сайтымызға ұсыныс-тілектерін жіберіп жатса, әркімнің пікірі ескерілетіндігін жеткізгіміз келеді. Қазірдің өзінде «Кіндігімді кескен жұрт», «Қазақты сүю», «Жылқы жыры» сияқты т.б. хабарларға тілектестігін білдіріп жатқандар бар. Сын тезіне алынған хабарлардың жоқ еместігін жасырмаймыз.

– Қазақ радиосы мен «Шалқар» кезінде екі арна болса, бүгінде бір басшылыққа қарап, тіпті кейде бір бағдарлама екі толқында қатар беріледі. Мәселен, таңғы эфир, кешкі ертегі, құқықтық бағдарламалар т.б. Осының мәнісі неде? Сұрап тұрған себебім – бұл тыңдарманның барлығына ұнай бермейтін секілді. «Таңдау құқын шектейді» дейді, яғни екеуі бірдей бір бағдарламаны бергендіктен, тыңдарман жалығып, басқа арнаға ауыстырып жіберетін де кездері болатынға ұқсайды...

– Кезінде «Шалқар» ұлттық арнасы жеке радио болып, қысқа толқында бүкіл әлемге тараған. Алайда баршаға мәлім себептермен «Шалқар» жабылып қалды. Тек қана соңғы жылдары Қазақ радиосының бір редакциясы құрамында «Шалқар» ұлттық арнасын қайта ашуға мүмкіндік туды. Дегенмен бұл «Шалқар» – бұрынғы «Шалқар» емес. Тәулік бойы толыққанды хабар тарататын мүмкіндігі жоқ. Азғана адаммен (небары 18 журналист) халқымыздың салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін, өнерін, музыкасын түгел қамту мүмкін емес. Сондықтан әзірге «Шалқар» радиосы деген атты қайта қалпына келтіріп, Қазақ радиосының бірінші бағдарламасындағы кейбір хабарларды қайталауға мәжбүрміз. Алайда бұл – уақытша шара. Оның үстіне «Шалқар» ұлттық арнасы республикамыздың бүкіл аумағын түгел қамти алмайды. Биылғы жылдың басынан бері ғана барлық облыс орталығына таратуға мүмкіндік туды. Ал шалғайдағы елді мекендерге «Шалқар» толқындары әлі жете қойған жоқ. Ұлттық арнаның өз тыңдармандары бар екені белгілі. Болашақта тек қана қазақ тілінде хабар тарататын «Шалқар» ұлттық арнасын жеке радио ретінде қайта құрып, ауқымын кеңейту жолдарын қарастырудамыз. Оған Байланыс және ақпарат министрлігі де мүдделі. Бұл – миллиондаған тыңдарманның, халық қалаулыларының талап-тілегі.

– Қазақ радиосы – таза қазақ тілінде хабар таратып қана қоймай, төл өнерімізді насихаттап, «Алтын қорында» талай-талай саңлақтарымыздың дауысын сақтап отырған киелі орын. Осы «Алтын қордың» жағдайы қалай? Ондағы жазбаларды ескі таспалардан жаңа техникаға көшіру процесі қалай болып жатыр екен?

– 2002 жылдан бері жалпы ұзақтығы 848 сағаттық 1130 хабар, 5429 ән-күй «Алтын қорымызға» қабылданыпты. Сақтауға алынған осы хабарлар Қазақ радиосы мен «Шалқар» арнасында өткен дүниелердің ең үздіктері ғана. Сол сияқты қорға кірген әндер де – аталған кезеңде елімізде пайда болған шығармалардың сапасы, мазмұны, көркемдігі жағынан ең озық тұрғандары. Мұның барлығы құрамында кәсіби әнші, ақын, сазгер, журналист, ән өңдеушілері бар көркемдік кеңес шешімімен қабылданады. Әндер «сазгер», «ақын», «орындаушы», ал хабарлар «авторға», «орындаушыға», «жанрға» бөлініп, электронды карточкаға түсіріліп, өңделіп, эфир жүйесін фономатериалдармен қамтамасыз ететін бір орталыққа түседі. Бүгінде күнделікті эфирге пайдаланып жүрген қазақша хабарлардың жалпы саны 35 019 дананы құрайды. Оның ішінде, әрине, 15 935 дана көлемінде бірінші орында тұрғаны қазақ әндері екенін мақтанышпен айта аламыз. Дәл Қазақ радиосындағыдай қазақ әндері басқа ешқандай да радиода айтылмайтындығы осы «Алтын қорымыздың» арқасы. Үшінші мыңжылдықтың басынан дыбыс сақтаудағы жаңа технологиялардың қарышты дамуына орай, «Алтын қорда» сақталған қыруар материалдарды жаңа ақпарат сақтаушы құралдарға көшіру қолға алынды. Жылдар бойы таспа күйінде тұрған небір жауһарларымызды сақтап қалуға мүмкіндік туды. Өйткені сол кезең таспаның сақтау мерзімі өтіп, дыбыстардың сапасы кете бастаған жылдар еді. Сол жылдардағы қаржылық қиындықтарға қарамастан, жылдар бойы жиналған ұлы қазынамызды сақтап қалуға, әрине, мүмкіндік туа салысымен бірден кірісіп кеткеніміз бүгінде мақтан тұтуға тұрарлық жайт. Ал бұл жұмыс қазірде жүйелі жолға қойылған. Арнайы компьютерлік техникада, арнайы бағдарламаларды қолдану арқылы шаң басып жатқан таспаларды өңдеп, көшіру жұмысы әлі де жалғасын тауып келеді. Дегенмен бүгінгі қаржы дағдарысы бұл жұмысты қарқынды жүргізуге кедергі келтіріп отырғанын айтпай кетпесек болмас. Ойға алып, жоспарланған көп іс қаржы тапшылығынан жүзеге аспай отыр.

– Басқа радиолардың барлығы дерлік әуенді көбірек беріп, тек арасында ғана интерактив, радиоойындар мен жаңалықтар қосып, онда да қысқа ғана және кәдімгі ауызекі стильде еркін сөйлеуге көшкен. Заманның осы талабына сіздердің де көшулеріңіз мүмкін бе? Жалпы, шетелдік радиолардың жаңашылдық жағын Қазақ радиосы қолданып отыр ма?

– Радиоойын, интерактив бізде де бар. Заманның талабы осындай деп, ұлттық құндылықтарымыздан ажырап қалмаудың да жолын қарастыруымыз керек. Байланыс және ақпарат министрлігі тарапынан да, «Қазақстан» ТРК» басшылығы тарапынан да радио жұмысын әртараптандыру мақсатында белгілі бір талаптар қойылып отыр. Осының нақтылы тұжырымдамасын жасап алмайынша, беталды ілгеріге ұмтылу жарға жығуы мүмкін. Сондықтан заман талабына сай стратегиямызды айқындап алсақ және сол арқылы іс-жоспарымызды жүзеге асырсақ, тұжырымдамаға сонда ғана жан бітпек. Бірақ тағы қайталап айтайық, ұлт мүддесін насихаттап жүрген Қазақ радиосы – жалғыз радио. Басқа радиолар сөйтіп жатыр екен деп, біз де ұлы көшке ілесіп кетсек, қазақ халқының дүниетанымы мен салт-дәстүрін кім әңгіме етпек, барша қазақ ұрпағына үлгі болатындай тарихтағы қайраткер тұлғалардың өмірін кім өнеге етпек, халық әндерін, өткен жылдардағы кәсіби композиторлардың шығармаларымен қалай таныстырмақпыз? Сахна қайраткерлері мен қарымды өнерпаздар өнері ел назарынан тыс қалып қоймай ма? Осы жағын да ескеріп отырсақ, ұтылмаймыз ғой деп ойлаймын. Ал диджей сағаттарын көбейтіп, ертеден кешке дейін ән мен күйді тізбелей берсек, хабарларымызды қысқартудың соңы кадрлардан бас тартуға алып келіп ұрындырады. Онсыз да діңкесі құрып жүрген қазақ журналистеріне бұл да әжептәуір соққы болып тиері хақ. Рас, заман үрдісіне ілесе білу керек. Бірақ сонымен қатар кадрларға бейжай қарауға болмас. Әр адам – бір тағдыр. Бұлардың еңбегін қалай пайдаланамыз – ол басқа әңгіме.

Ал Францияның RFI, немістердің Deutsche Welle, түріктердің TRT-сымен әріптестік байланысымыз бар болғанымен, олардың жаңашылдықтарын Қазақ радиосына бірден ендіре салу дұрыс емес деп санаймын. Оның принципті қырлары бар. Біріншіден, біздің форматқа келе ме, келмей ме – аражігін ажыратып алуымыз керек. Екіншіден, радио тыңдармандары арасында бізбен үзбей байланыста отыратын қалыптасқан орта бар. Олар бұған қалай қарайды? Бұл – жаңашылдықтан түбегейлі бас тарту деген сөз емес. Ыңғайға келіп жатса, оның несі айып? Тағы бір нәрсені ескеруіміз керек. Әлгі аты аталған радиолардың халықаралық статусы бар. Тек бір ғана мысал, RFI-дің әлем елдерінде 600-ге тарта меншікті тілшісі бар. Аппаратта 2000-ға жуық қызметкері бар. Басқа радиоларда да солай. Мұндай күшпен радионың жұмысын қалай болса солай құбылтуға болады. Ал біздің аймақтарда тілшіміз де жоқ. Мұндағы бар адамымыз шамаданын бірде ашады, бірде жабады. Мұндай «көшпелі» күймен жұмысының күйі бола қояр ма екен?

– Қазіргі заман жастарының «көзі», «құлағы» және «тілі» де басқа. Интернет, теледидар, радио жастардың, жалпы, бәріміздің жаһанданбасымызға қоймай отыр деуге болады. Осы орайда нағыз қазақылықты, домбыраны дәріптеп отырған Қазақ радиосына жаһандануға қарсы тұру қалай, ауыр тиіп отырған жоқ па? Себебі дәстүрлі музыка, қазақы үннен гөрі батыстық, тіпті бағыты белгісіз сарындардың бағы жанып тұрған жоқ па?

– Ауыр тиіп отырғаны рас. Жаһандану деп жүріп, ауылдан ауып келген қазақтарымыз оң-солын ажырата алмай дал. Қалаға келдік екен деп, бала-шағасын қазақы тәрбиеден қақты. Маған «Наруто-Сарутоларыңыз», «Бен Тен» мен «Спанч Боп» қара домалақтарымыздың санасын улап, ой-өрісін, зердесін тежеп тастағанымен ешкімнің шаруасы жоқ сияқты болып көрінеді. Құдды бір гипнозға түсіп, арбалып қалған сияқты. Әрине, бәрі бұлай емес. Бірақ жалпы тенденция осындай. Үй-үйлерден бұрынғыдай радионүктелерді таппайсыз. Сондықтан белгісіз сарыныңыз үстемдік құрып тұрғаны. Содан кейін қарапайым тәрбиенің жоқтығы. Әншейінде биік мінберден «ұлтым», «тілім», «қазағым», «алашым» деп кеңірдегін үзіп жүрген аға-апаларымыз, замандастарымыз кей кезде «әй, осы менің үйімде не болып жатыр өзі?» дей ме екен?..

– Кезінде радиоға маңдай тері сіңген, үнімен қазақ даласын тербеткен ардагер аға буынмен байланыс қалай? Сауық Жақанова сынды апаларымызды жұрт әлі күнге сағынып іздейді. Сол кісілер жас дикторларға мастер-класс өткізіп тұрмай ма? Жалпы, журналистердің дауыспен жұмыс істеуіне талап қоясыздар ма?

– Сауық Жақанова апамыз Қазақ радиосы ұжымының әлі де белді мүшесі. Эфирден бұл кісінің дауысы әлі де шығып жатыр. Онымен қоса, жастарға дикторлық өнердің қыр-сырын үйретуден бұл кісі ешқашан жалыққан емес. Қазақ радиосында Сауық апамыздай, басқа да кәнігі мамандар барда ардагер аға буынмен байланыс үзілмек емес. Дауысқа талап болмаса, журналистің беделі кетеді. Меніңше, радиотілші ел арасында ықыласқа бөленуі үшін талапты өзгеден күтіп емес, өзіне қоя білуі шарт.



Алашқа айтар датым...

Соңғы кездері мені қатты алаңдатып жүрген мәселенің ең бастысы –Тіл! Сонымен тығыз байланысты бала тәрбиесі!.. Халқымыз үшін небір қиын да қилы заманда мал мен жанның өзіне қарауға мұрша қалмаған шақтарда ұмытуға болмайтын бір ғана нәрсе – ұрпақ тәрбиесі еді. Алашқа айтар датым – осы!



• Бүгінде күнделікті эфирге пайдаланып жүрген қазақша хабарлардың жалпы саны 35 019 дананы құрайды. Оның ішінде, әрине, 15 935 дана көлемінде бірінші орында тұрғаны қазақ әндері екенін мақтанышпен айта аламыз.

• 2002 жылдан бері жалпы ұзақтығы 848 сағаттық 1130 хабар, 5429 ән-күй «Алтын қорға» қабылданыпты. Сақтауға алынған осы хабарлар Қазақ радиосы мен «Шалқар» арнасында өткен дүниелердің ең үздіктері ғана.

• «Шалқар» – бұрынғы «Шалқар» емес. Тәулік бойы толыққанды хабар тарататын мүмкіндігі жоқ. Азғана адаммен (небары 18 журналист) халқымыздың салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін, өнерін, музыкасын түгел қамту мүмкін емес. Сондықтан әзірге «Шалқар» радиосы деген атты қайта қалпына келтіріп, Қазақ радиосының бірінші бағдарламасындағы кейбір хабарларды қайталауға мәжбүрміз.





Көрілген: 1473    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сенбі, 31.07.2010, 11:41

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2016
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
тамыз
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31