Саяси сахна

АҚШ-тың Иранмен жасалған ядролық келісімнен шығуының салдары қандай болуы мүмкін?

  • © Sputnik / Наталья Селиверстова

    © Sputnik / Наталья Селиверстова

Өткен аптада АҚШ Иранмен жасалған ядролық келісімнен шығатынын мәлімдеді, ал осы аптада Вашингтон Тегеранға қарсы жоғары деңгейдегі санкциялар енгізуге уәде берді. Мұндай шешімнің салдары қандай болуы мүмкін екенін РФ Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко РИА Новости ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты.


"Иранның ядролық бағдарламасы бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қою халықаралық дипломатияның үлкен жеңісі болды және болып қала береді. Бұл келісімнің маңызы өте зор, өйткені, бірінші кезекте, ядролық қаруды таратпау көзделді. Өте ауқымды жұмыс жасалды, келіссөздер процесі күрделі өтті, көп күш-жігер жұмсалды. Бірақ, ең бастысы, бұл жоспар нәтижелі болып, келісім сәтті жұмыс істеп жатыр", — деді Матвиенко.


Оның айтуынша, МАГАТЭ Иранның өз тарапынан келісімнің шарттарын сақтауын қатаң бақылады. Иранға да, келісімнің басқа қатысушыларына да осы уақытта ешбір ескерту жасалған жоқ, келісім талаптары бұзылған жоқ.


"АҚШ-тың біржақты тәртіпте келісімнен шығуы, Ресейдің ғана емес, көптеген елдің пікірі бойынша, үлкен қателік болып отыр. Оның салдары ауыр болуы мүмкін. Халықаралық жағдайдың шиеленісуі ядролық қаруды таратпау режиміне теріс ықпал етуі ықтимал. Таяу Шығыста ядролық қаруға қол жеткізгісі келіп отырған қаншама мемлекет бар", — дейді сарапшы.


"Бізді АҚШ-тың келісімнен шығуына не себеп болды деген сұрақ мазалайды. "Бұл келісім жаман, оған Барак Обама қол қойды" дегеннен басқа әлем ешбір жөні түзу себеп естіген жоқ. Бұдан бөлек, Иранмен жаңа келісім керек дегенді естідік. Егер АҚШ президентінің жаңа келісім жасау туралы жаңа идеялары бар десек, онда ең алдымен оны әзірлеп, қол қояйық. Ал оған дейін осы саладағы қалыптасқан тәртіпті бұзбаған дұрыс қой", — дейді кеңес төрағасы.


Оның пікірінше, бұл тек АҚШ-тың біржақты түрде келісімнен шығуы емес. Мәселе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің резолюциясымен бекітілген көпжақты келісім болып отыр, яғни маңызды халықаралық құжат мәртебесіне ие. Сондықтан келісімнен АҚШ секілді шығып кету – бұл халықаралық құқықты өрескел бұзу.


"Менің ойымша, Вашингтон осы әрекеті арқылы жауапкершіліктен жұрдай екенін көрсетті. Осыдан кейін не болатынын түсіну керек: сенім бұзылды, саясаттың құбылмалылығы факторы мен қол жеткізілетін келісімдердің тұрақсыздығы пайда болды", — дейді ол.


Матвиенконың айтуынша, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде АҚШ әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға тікелей жауапты. Алайда олардың өзі осындай дүниелерге жол беріп отырса, бұдан кейін уағдаластықтарға қалай сенуге болады?


"АҚШ-тың бұл қадамынан кейін мен үшін тағы бір қауіптің шеті шығып тұр. Бұл МАГАТЭ секілді халықаралық институттарға деген сенімнің жоғалуы. Себебі МАГАТЭ осы мәміленің орындалуын өте қатаң қадағалаған еді. Ал қазір МАГАТЭ-ге сенуге бола ма деген сұрақ туындап отыр, бұл мүлде дұрыс емес. Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы қыспаққа түсті деуге болады – объективті тексеріс жүргізудің орнына, ұйымнан өзіне ұнайтын жауап алғысы келетіндерден қысым көріп отыр. Бұл өте қауіпті үрдіс, себебі бұл ұзақ жылдар бойы құрылып, түрлі салада халықаралық қарым-қатынастардың реттеушісіне айналған халықаралық институттар мен құқықтың, тәртіптің бұзылуы. Бірқатар сарапшы, оның ішінде мен де, АҚШ-тың бұл келісімнен шығуы Еуропа одағының экономикасын өзіне тәуелді етуге, бойұсындыруға жасаған әрекеті деп санаймын", — деп атап өтті ол.


Өйткені, сарапшының сөзінше, Еуропаның біраз компаниясы Иранда жұмыс істейді, олар ешкімнің құқығын бұзбастан, келісім аясында қызметін жүзеге асырып жатыр.


"Ресейдің позициясы өзгеріссіз: бұл халықаралық құқықтың бұзылуы, сенімнің жоғалуы және келісімнің жұмысын жалғастыруға барлық күш-жігерді салу. Ядролық мәмілені бекіткен барлық мемлекет, соның ішінде Иран да, келісім талаптарын бұрынғысынша сақтауы керек. Қазіргі таңда келісімге қол қойған барлық мемлекет осы көзқарасты ұстанып отыр. Бұл жағдайда құжат қолданыста қалып, ядролық қаруды тарату қаупі де сейіледі. Бірақ, егер де қол қойған елдер АҚШ-тың ығына жығылып, Иранға ғана емес, онымен ынтымақтасқан компанияларға да қарсы енгізілетін экстерриториалды санкцияларға көнсе, онда мұның соңы нағыз сауда-экономикалық соғысына ұласады. Біздің үрейіміз шындыққа айналмайды деген үміттеміз. Келісімге қол қойған мемлекеттер өздеріне жүктелген міндетті орындап, маңызды халықаралық құжатты сақтайды деп сенеміз", — деп түйді сөзін Матвиенко.


Sputnik


 


 




Көрілген: 448    Пікірлер: 0

бейсенбі, 17.05.2018, 09:50

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31