Біз отаншылдықты қалай түсініп жүрміз?

Біз отаншылдықты қалай түсініп жүрміз?

Кейде біздің отаншылдық, патриоттық қасиетіміз қандай деген сауал тіл ұшына орала кетеді. Әуелгі әңгіменің әлқиссасын Отан деген ұғым жөнінен басталық. Әрбір адамның кіндігі кесіліп, ат жалын тартып мінген киелі мекені болады. Бұл қастерлі мекенді ата-бабасы көне заманнан мекендеп, сол жерде тіршілік етеді. Оны ата мекен деп те атайды. Нақтысы, бұл киелі топырақ, өскен орта Отан деген қастерлі ұғым саналады. Ғылыми тілде тіл қатсақ, байлықтары, қоғамдық және мемлекеттік құрылысы, тіл, мәдениет, тұрмыс-салт және әдеп-ғұрып ерекшелігі бар белгілі бір халықтың тарихи тұрағына айналған аумақ Отан деп аталады. «Алаш айнасы» осы мәселе бойынша ой толғайды.

Біздің ата-бабаларымыз өз ұрпағын туған топырақты шексіз сүюге, қастерлеуге, құрметтеуге тәрбиеледі. Даңғайыр даламызға көз тіккен сырт көз дұшпандарға қарсы тойтарыс берді. Сынық сүйем жер үшін қасық қаны қалғанша қолына қару алды. Қазір арғы-бергі қиырына ат тұяғы сүрініп, әрең жететін кең байтақ даламыз сондай жанқиярлық ерліктің арқасы деп нық сеніммен айта аламыз. Қысқасы, біздің ата-бабалар туған жерді шексіз сүйді. Сол жолмен баласына тәрбие берді. Қазақтың осындай асыл қасиеттері қай халыққа да өнеге-үлгі бола алады.

Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген тәмсіл бар. Бұл сөздің мәніне үңіліп қарасаңыз, көп нәрсені айқын аңғаруға болады. Өйткені, әрбір шаңырақта тыныштық, жақсылық, қуаныш болса, онда сол мемлекеттің берекелі өмірінің бір көрінісі емес пе? Осындайда тіл ұшына орала кететін «Отбасы – шағын мемлекет» деген нақылдың растығына көзіңізді айқын жеткізуге мүмкіндік туады. Ізгі қасиеттері бойында сақталған әрбір азамат өзінің Отанын шексіз сүйеді. Сол мақсатта өмір сүріп, туған өлкенің өркендеп-өсуіне жұмыс жасайды. Осындай имандылық әрбір азаматты алға жетелеп, биік-биік белестерге бастайды.

Ертеде көшпенді өмірдің берекесін көрген қазақ өркениетінде отансүйгіштік қасиетті міндеттердің бірі саналды. Ежелгі түркі қағандығы кезінде тасқа қашалған Күлтегін ескерткішінде де ол жайында көптеген сөздер жазылған. Оларда ел билеген азаматтардың отаншылдық үлгілері жайында көрініс тапқанын көпшілік жақсы біледі. Одан бергі кезеңдегі Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Ақтамберді, Бұқар жыраулар да Отанды сүюге бағытталған мағыналы әңгімелерін ел-жұртқа жая білді. ХХ ғасырдың басында өмір сүрген А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, М. Жұмабаев секілді қазақтың ұлт зиялылары мен қайраткерлері отансүйгіштік жайында тек жазып қана қоймай, оны іспен де көрсете білді емес пе?

Қашаннан да имандылық жүрегінде ұялаған адам ешқандай жат қылықтарға бармайды. Ақыл мен жүректің түйісіп, өзара ортақ әрекеті нәтижесінде өмірдің мән мен мағынасын ұғынатын әрбір адам имандылықты өте жоғары бағалап, соны жүрегінен өшірмеуге назар аударады. Иманды адамзат баласы үшін асыл қазына десек те болатындай. Ол адам баласын пәниде де, бақида да бақытқа бөлейді. Осындай тылсым қазынаны бағалай білу кей жағдайда адам баласының барлығына бұйыра бермейтіні өкінішті. Дегенмен, Жартаушы иеміз бізге ақыл мен сана беріп, он сегіз мың ғалымның сырын ұғынатын дәрежеге жеткізді. Алайда, кейбір адамдар пәниде пендешілікке ұрынып, сондай баға жетпес қазынаның қадірін түсіне алмай жататыны тағы бар.

Жаратушы иеміз әрбір сана иесіне әу баста адамды айналасына қарап, Ұлы иесін тапсын, танысын, иман етсін, Жаратушысының құдіретінің, ұлылығының, шеберлігінің алдында таңғалып, бас исін деп пәни жалғанға аттандырған. Алла тағала қоршаған ғаламды өзін танытатын өте бір үлкен кітап секілді етіп жаратқанына талай мәрте көз жеткізіп жүрміз. Сол бір өмір ағымындағы әрбір тылсым сырына қанығып, жаратылысы жайында өзіндік ой-пікірін көкейіне түйген адам өз болмысымен, бойында мөрленген ғажайып нақыштарымен даралана түседі.

Ақылдың шектеулі өлшемімен шешілмейтін небір тылсым, әрі тұңғиық түйінді мәселелерді талқыға салмай, таразыламай тәсілім ету (қалтқысыз сену) керек. Жалпы, иман тақлиди және тахкики деп екіге бөлінеді. Алғашқысы қоршаған ортаның әсерімен немесе біреулерден естіп, соларға елітіп мақұлдау болып табылады. Бұл иманның әлсіз түрі болып саналады. Қазақтың дана ақыны, ғұламасы Абай оны сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек деген ойын білдірген. Ал тахкики иман дегеніміз санамен саралап, сезіммен қуаттап, зерттеп іздену нәтижесінде толық көз жеткізу екені белгілі. Мызғымас бекем сенім болып табылатын мұндай иман жоғары бағаланады.

Талай даналығымен дүйім елдің ардақтысына айналған Әйтеке би «Өмірім халықтікі, өлімім ғана өзімдікі» деп халыққа қызмет етуді өзіне басты парыз санаған. Оны отаншылдықтың нағыз айнасы деп айта аламыз. Сондай-ақ, қазақ халқының ұлт болып ұйысуына көп еңбек сіңірген Тәуке хан өмір сүрген заманда қазақ үшін отаншылдық байлықтан да жоғары бағаланды. Өкінішке орай, қазіргі таңда кейбір пенделер байлық үшін адалдықтың ақ туын аттап, өзінің азамат деген атына кір келтіретін жат әрекеттерге барып жататынын көзіміз көріп жүр. Мұндай жағдайда ертедегі қазақ қоғамында қалыптасқан мызғымас өмір сүру дағдысы еске оралады. Сондықтан қай уақытта жүрек түбінде иманды ұялатып, әрбір қадамыңды ойша саралап, ақырын жүріп, анық басқаның артық емес. Бүгінгі таңда ашуға ерік беріп, туған жерге қызмет етуді ұмытып жататын пендер баршылық.

Әлемнің көптеген мемлекеттерінде халықтың өз ұлтының тілін, ділін, дінін берік сақтауымен және мақтан тұтуымен тікелей байланыстырылды. Ғасырлар бойы басқа халықтарды басып-жаншып, отарлық үстемдігін жүргізген алпауыт мемлекеттерде ұлы державалық патриотизм санасы мемлекеттік ұран ретінде насихатталған. Қазіргі батыс зерттеушілері отаншылдық ұғымы қоғамдық-саяси феномен ретінде ескіріп тозды, маңызы жоқ деген пікірлер айтады. Еуропаның кейбір ғалымдары отаншылдықты ұлт, азаматтық ұғымдармен алмастырды.

Қазіргі кезде Қазақстан өмірінде «қазақстандық патриотизм» ұғымы қалыптаса бастады. Қазақстан Республикасының Конституциясы «қазақстандық патриотизмді» қалыптастыру және оны азаматтардың ой-санасына сіңіруді мемлекеттік дәрежеге көтерген. Осы тұрғыда қолға алатын істер баршылық.

Отаншылдық сана – халықты топтастырушы рухани күш. Осының нәтижесінде халықтың күш-жігері тәуелсіздікті нығайтуға бағытталады. Қазақ елі бостандық байрағын бекем ұстағанына ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Осы уақыт аралығында біздің елімізде тұратын сан түрлі ұлттар мен ұлыстар татулық пен достықты ту етіп, Қазақстанның қарыштап дамуына өз үлесін қосып отыр. Қазақ елінде тіл мен дініне қарамастан, бір-бірін бауырындай көретін ізгі дәстүр бар. Рас, адамнан адамның, ұлттан ұлттың ешқандай артықшылығы жоқ. Жұмыр жердегі жұрттың барлығы бірдей тең. Дегенмен, қазір әлемде нәсілшілдік, ұлттан ұлтты жоғары қою секілді адамгершілікке жат қимылдар байқалып қалатыны айқын. Біздің еліміздегі татулық, достық, бірлікке қызыға қарайтын жұрт көп. Айналып келгенде, осының барлығы имандылыққа, отаншылдыққа келіп тіреледі.

Ұзақ жылдар бойы отаршылдық қамытын киген қазақ халқы талай нәубет пен запыранды заманды бастан өткізгенімен, қаншама ғасырдан бері бойымызға сіңіп, санамызда жаңғырған асыл қасиеттерді жоғалта қойған жоқ. Осындай имани қасиеттер біздің ұлтымыздың абыройын асқақ етіп, төрткүл дүниедегі тәмам жұртқа жақсы жағынан көрсетіп отыр. Қашаннан да күнделікті өмір сүру дағдысы Ислам дініне сәйкес келетін біздің қазақ отаншылдықты, имандылықты, елжандылықты төрге оздырып, адамгершілік қасиетті ардақтап келеді.

Отаншылдық туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топырағы мен табиғатына деген құрметтен басталады. Сондықтан отаншылдықтың қайнар көзі адамгершілік қасиеттер болады. Отаншылдықтың іргетасы – ұлтжандылық. Өз ұлтын сүйіп, оның мүңын мұңдап, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл бола алады. Отаншылдықты рухани құбылыс ретінде зорлықпен, нұсқаумен енгізу мүмкін емес. Отаншылдық тәрбиеге қатысты барлық ұғымдар мақсатты әрі нәтижелі жұмыс істегенде ғана санаға сіңеді.

Сөз орайында айтып кеткеніміздей, Отан деген өте қастерлі ұғым. Әрине, кейбір жағдайда сол бір қасиетті ұғымды артқа тастап, құлқынның құлы болып, һзге жұрттың сойылын соғып кететін пенделер де кездеседі. Бұл орайда Пайғамбарымыз «Барлығың жауаптысыңдар. Басшы еліне, отағасы отбасына, малшы малына жауапты Әркім өз қарамағындағыларға сұраққа тартылады» деп айтып кеткен. Олай болса, балаға жастайынан кіндік қаны тамған атажұртты ардақтап, қасиетті мекенді өле-өлгенше қастер тұтып өтуге тәрбиелеген артықтық етпейді.

Қазекем Отанды ана деп әспеттейді. Біздің ұғымда жарық дүние сыйлаған Ана әрдайым зор құрметке ие болады. Ендеше, Отанымызды да сондай деңгейде жоғары бағалап, соны қорғау жолында азаматтық атымызға кір шалдырмай өмір сүргеніміз қандай ғанибет.

«Алаш айнасы» мұрағатынан алынды

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста