Саяси сахна

Жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу

  • Жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу

    Жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу

Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады. Нұрсұлтан Назарбаев («Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінен)


1.ТАРИХТЫҢ ӨТКЕНІ САБАҚ, БОЛАШАҒЫНАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙЫҚ

Жер төсінің кіндігінен көтерілген зымыранның әп-сәтте, тіпті көзді ашып – жұмғанша ғарыш кеңістігіне шығатын бүгінгі шапшаң заман үшін қазақ елі Тәуелсіздігінің жиырма бес жылы да қас-қағым сәт. Алайда, тарихтың осы бір аса қысқа мерзімінде Қазақстанның әлемдік және халықаралық аренадағы орны, беделі мен абыройы ертеден қалыптасып, ертеден қуатты мемлекет болып орныққан елдерден кем түсіп отырған жоқ. Бұл бір ғана адамның, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті − Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерлігі мен жігерінің, ақылы мен парасатының, даналығы мен даралығының, көрегендігі мен кемеңгерлігінің арқасы екендігін айтар едік! Біз тәуелсіздікті Кеңес өкіметінен қалған ауыр зардаптарымен қабылдап алып едік. Бұл зардаптар сонау патшалық Ресейдің отарлау саясатынан басталып, коммунистік жүйенің өктемдігімен жалғасып жатқан-ды. Жаратылысынан тұла бойында адалдығы мен өзгеге деген сенгіштігі бар, жатты жақынындай сыйлар адал ниеті бар, «кең болсаң, кем болмассың» деген пейілі бар Ұлы Даланың кеңістігін жайбарақат жайлап жатқан бейкүнә қазақты «бөліп ал да, билей бер» саясатымен жіліктеп алғандар өздерінің жат тілдерімен, жат діндерімен, жат ғұрыптарымен өзегімізге құрт түсірді. Қазақтың рухани жан дүниесіндегі сол жегіқұрт әлі де тірі, әлі де ой мен сананы жеп жатыр. Сол жегіқұртты жоямыз, жегізбейміз деген ұлт саналыларын Кеңес өкіметі түрлі залымдық саясатпен тірідей көмді, жалған жаламен атты, асты, жер аударды. Есімдерін атамақ түгілі, көбінің сүйектерін де тапқызбай қойды. Ұлттың қаймағын ойсырата сыпырып, мұның ақырын халқымыздың ашаршылыққа ұрынуына әкеліп бір тіреп алды да, Ұлы Отан соғысының қанды қырғынына салды. Тап жауларын да, халық жауларын да аптығып «жеңе» білгендіктен, Отан жауы − фашистерді де ойсыратып, жусата жеңдік. Енді тынысымыз кеңір, енді жақсы тұрмыс болар, енді көсегеміз көгерер деген едік. Соры қалың халқымыздың бұл үміті де ақталмады. Қазақтың жерін игеру керек деген ұранмен «тың көтеру» шықты алдымыздан. Обалы нешік, қазақ даласына жаңа трактор мен соқаның құлағын ұстайтын комсомолдық желкөңілділер де ағылып келіп жатты. Бірер жылдың ішінде өз ата-бабасының жерінде қазақтың саны азайып шыға келді. Аз халықты аздыру да, тоздыру да оңай. Соның басы қазақтың тілін керексіз етті. Қазақ мектептері жабылып жатты. «Сендерді нанға да тойғыздық, тәрбиелеп адам қылдық, білім бердік», деп миды шайқап, насихат айтты. Осылары рас шығар, бекерге қазақ болып туған екенмін дейтін дүбәра ұрпақ жетіле бастады. Олар жетілген сайын қазақтың соры да қалыңдады. Cол кезеңдерде тұтас қазақ ұлты болып қалыптаса алмадық. Міне, біз осындай да сорақылықтан сорымыз қайнаған халық едік. Сол соры қайнаған, былайша айтқанда, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың аяқасты болып жатқан басын да, намысын да жерден көтеріп алған тағы да сол Нұрсұлтан Назарбаев болатын! Әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңес Одағы ыдыраған тұстағы Қазақстанның экономикалық та, әлеуметтік те жағдайы аса қиын болғаны белгілі. Жаппай жұмыссыздық жайлады. Мұны көз көрді. Дүкен сөрелері бос тұрды. Өзге дүниені қойып, қара сабын іздеп сабылдық. Міне, сол жоқшылық пен таршылық, айнала төңіректегі қарулы қақтығыстар мен берекесіздік жайлаған тұста, «осы біз қазақ өз бетімізбен ел бола аламыз ба екен?» деген күдік пен күмән де кеулеп, соны ойласаң болды, ұйқың шайдай ашылар алакөңіл шақта Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздікті тұғыр етіп, тарих сахнасына шықты. Иә, шықты да Қазақ елінің ұлы тарих сахнасындағы көшін бастап, әлемге жол тартты. Сөйтті де, Әлемге, Ғарышқа, Болашаққа жол ашты! Біз өз тәуелсіздігіміздің ширек ғасырдан астам кезеңінде Елбасының ақыл-парасатымен, басшылығымен экономикалық-әлеуметтік салада сәтті жаңғырулар өткіздік.

Нұрсұлтан Назарбаев жыл басында халыққа Жолдауында Қазақстанның Үшінші жаңғыруы басталғанын жариялап, саяси реформа мен экономикалық жаңғыру қолға алынды. Елбасы Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуының барлық алғышарттарын жасай алды. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, Тәуелсіз Қазақ елін құра отырып, тұрақтылықтың кепілі бола алатын мемлекет құрудың назарбаевтық моделін қалыптастыра білді. Сол назарбаевтық модель қазір бүкіл әлемге үлгі бола алды. Енді біз рухани жағынан жаңғыруымыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жаһандық философиялық терең мәні бар тұжырымды еңбегі тағы да сол Қазақ еліндегі, тіпті әлем бойынша тұрақтылық пен бейбіт өмірлі мемлекет құрудың назарбаевтық моделінің бүгінгі және келер ғасырлардағы адамзат баласының болашағы жайлы ойлы жалғасы дер едік. Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Бұл – жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз! Нұрсұлтан Назарбаев («Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан)

2.САНАНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ-ҰЛТТЫҢ САПАЛЫҚ ЖАҢАРУЫ

Қазақта «санасына берсін» деген сөз бар еді. Дана халқымыздың осы бір ауыз сөзінің төркінінде адам баласының ойы ашық, көкірегі зерек, өз заманы мен өз ортасының ахуалын терең зерделей алар қабілеті мен сезім түйсігі болса етті деген ой жатқандай. Енді біз айтып отырған осы ой ашықтығы, көкірек зеректігі, өз заманы мен өз ортасының ахуалын терең зерделей алар қабілет пен сезім түйсігін жаңғыртудың жаңа кезеңі келгендігін білдіргендей. Осы орайда, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты пайымды көзқарасын қызыға оқып шықтым. Әлі де оқып, әлі де зерделеу үстіндеміз. Бұл жай − бір мақала емес, бұл бүгінгі заманның айнасы, болашақтың бағдары. Елбасы ХХІ ғасырдағы ұлттық сананың негізгі тұғырнамасын терең саралай отырып, жаһандық философиялық тұжырым жасағандығын айту абзал. Елбасының осы сананы жаңғырту философиясы бір ғана бізді, яғни қазақстандықтарды ғана емес, әлем халқын, барша адамзатты ойландырар деген ұстанымдамын. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев жалпыадамзаттық мәселені алға тартып отыр. Ендігі адам баласы қандай болуы керек және де бүгінгі аласапыран заманда өзінің адами бітім-болмысынан ажырап, тіпті ой-санасы адаса да бастаған адамзаттың не істеуі керек? Елбасы осы бір өзекті мәселеге жауап береді. Біз ендігі әңгімемізді өзімізге, яғни Елбасының «еліміздің мықты, жауапкершілігі жоғары біртұтас Ұлт болу көз-қарасымен» байланыстыра айтар болсақ, бұл мәселенің әбден орынды айтылғандығы көңілден шықса керек. Өйткені, ХХІ ғасырда қалыптасар ұлттық санамыз біздің ұлт есебінде сақталып қалу мен Мәңгілік Ел болу ұлы мұраттарының жүзеге асуының алғы да басты шарты болары анық. Осы ХХІ ғасырдағы ұлттық сана жайында айта келіп Елбасы «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», дегенді алға тартады. Өйткені, аузымыздың суы құрып айтып келген батыстық жаңғырудың бүгінгі заманның болмысына сай келмей, ол әлемде кей жағдайда наразылық тудырып отырғандығы да бар. Әр ұлттың өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан асыл ойлары мен ізгі амалдарын және де жақсы кісілік бітім-болмысын, салты мен дәстүр, ғұрпын сақтау бүгінгі күні жалпыадамзаттық үлкен мәселеге айналып отыр. Адамзат өмірі мен тұрмысына ғылым мен техника жетістіктері және ақпараттар ағыны араласқалы кез келген ұлттың санасына ауыр салмақ түсе бастады. Ол салмақ ұлттың санасына идеологиялық және саяси жүк болып артылғанын да бағамдар едік. «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында», деген Елбасының тұжырымына тоқтай отырып, заманның қазіргі ахуалын алыңыз. Батыс кейбір өзге халықтар үшін ар мен ұяттың ісі болып табылатын әдептерді мойындағысы жоқ. Кейде бейәдеп, тіпті адам баласының жаратылысына жат тағылық әрекеттерді заңдастыруға дейін баруы, мұны «демократия, адам құқығын сыйлау» деп дәріптеп, сол бейәдеп қағидалар әлемнің кез келген елінде көрініс табуы керек деп талап та қоюы қандай қисынға сыяды?!

Бәлкім, содан да болар, бүгінгі күні Батыс пен Шығыс арасындағы және де түрлі діндер арасындағы қарулы қақтығыстар барған сайын өрши түсіп отыр. Бұл, бәлкім, әр халықтың өз ары мен ұятын, бітім-болмысын, халықтық сипатын таза күйінде сақтап қалудың қақтығысы да болар. Әрине, біз бейбіт өмірді де, кез келген халықтың өзіне тән ары мен ұятын, бітім-болмысын, халықтық сипатын сақтап қалуды қарулы қақтығыстар арқылы шеше де алмасымыз анық. Бұл орайда, біздің Елбасының ұстанымы, кез келген даулы мәселені келіссөздер арқылы бейбіт жағдайда шешу және ендігі дүниені революциялық емес, эволюциялық жолмен өркендету мәселесі бүгінгі жаһандану заманының әлемдік ұстанымына айналуы керек. Өйткені, кез келген революцияның да, кез келген төңкеріс пен кез келген қарулы қақтығыстың да адамзат баласына әкелген қайғысы мен қасіретінің тек бір ғана ХХ ғасырдағы тарихынан-ақ ой түйіп, сабақ алуға болар еді. «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», деген Елбасының осы бір өте маңызды тұжырымына орай ой қосар болсақ, ендігі арада бізді сол ұлттық кодымызды сақтау мен соны дүниеге келген, алдағы уақытта да дүниеге келер ұрпағымыздың бойына қалай сіңіреміз деген мәселе ойландырса етті. Ал бұл орайда, ойланатын мәселе бар деп санаймыз.

«Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек», дейді Елбасы әрі қарай. Сондықтан да Нұрсұлтан Әбішұлының компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты алға тартып отырған мәселелері біздің қоғамның берік ұcтанымына айналып, осы бағытта тынымсыз жұмыстар жүргізуді талап етеді. Сол үшін де Елбасы «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалардың қолға алынуы ол біздің халқымызды ХХІ ғасырдың талаптарына сай даярлаудың алғашқы қадамы екендігін үлкен бір жанашырлықпен айтып отыр. Елбасы прагматизм мәселесіне келгенде «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес», дейді. Біз үшін аса маңызды да қажет жай осы деп білеміз! Бұл орайда, Елбасының: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану. Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі, деген ұлағатты сөзін ендігі арада әрқайсымыз әр ісімізде, күнделікті тұрмысымызда жаңғыртып тұруға тиістіміз. Қазіргі дүние адамының ойлау қабілеті мен көзқарасының да, білімі мен ғылымының көз ашпас шапшаңдықпен дамып келе жатқандығы соншалықты, бүгінгі әлем «жаңа жаһандық болмыстың» қазанында бұрқ-сарқ қайнап, тіпті жұмыр Жерді мекендеп отырған адам баласы тіршілігінің де мазасы кете бастағандай. Міне, осы жағдайда Елбасы «Ұлттық бірегейлікті сақтау» мәселесін алға тартады.

«Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», деген Елбасының осы қағидасы біздің ұлттық жаңғыруымыздың басты әрі мақсатты міндетіне айналуы қажет. Елбасы өз еңбегінде ұлттық бірегейлік пен ұлттық санамыздың алтын сандығында мәңгі сақталып, әрқайсымыздың ұрпағымыздан ұрпағымызға аманаттап тапсырып, өсиет қылып, мирас етіп қалдырып отырар қасиетті де құнды дүниелерімізді де ашып айтады. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деген Нұрсұлтан Назарбаев және де «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», деп ұлттық санамыздың қайнар көзін ашып көрсеткен деп санаймыз. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты терең мазмұнды бұл еңбегі Елбасының мұның алдындағы «Ұлы Дала ұлағаттары» ой-толғауымен бір мүддемен, ұлттық және жалпы жаһандану заманындағы жалпыадамзаттық мүддемен сабақтасып жатқандығын атап айтар едік. Елбасының осы қос еңбегін ендігі арада Қазақстан қоғамында қалыптасып қалған түрлі жиын-жиналыстарда ғана талқылап қоймай, бұл еңбектер әр қазақстандықтың қолында жүрер, әр шаңырақтың төрінде тұрар зерде кітабына айналса етті. Рухани жаңару бізге аса қажет! Соны сезіне білу үшін Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» танымдық та тағылымды еңбегін оқиық, тағы да оқиық! Ой түйейік, зерделейік! Санамызды жаңғыртайық!


Жабал ЕРҒАЛИЕВ,


жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,


ҚР Парламент Сенатының V-VI шақырылымының депутаты


 




Көрілген: 635    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

жұма, 11.08.2017, 13:11

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31