Саяси сахна

Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарының іскер топтар өкілдерімен кездесті

  • © akorda.kz

    © akorda.kz

Америка Құрама Штаттары, Вашингтон қаласы


Қазақстан Президенті дөңгелек үстелге қатысушылармен жүздескеніне және кездесу ұйымдастырылғанына ризашылық білдірді.


Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында орныққан қатынастардың маңыздылығы мен стратегиялық сипатына тоқталды.


– Америка Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялардың көлемі бойынша екінші орында. Тәуелсіздік жылдары ішінде сіздердің компанияларыңыз тарапынан Қазақстанға 50 миллиард доллардан астам инвестиция құйылды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Біздің елде энергетика, көлік, инновация, медицина және басқа да салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ден аса компания табысты жұмыс істеп келеді. Ірі серіктестеріміздің қатарында «Шеврон», «Эксон Мобил», «Дженерал Электрик», «Хэллибёртон» және басқа да компаниялар бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Мемлекет басшысы кең ауқымды екі жақты қатынастарды қамтитын Кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдемені қабылдаудың ерекше маңыздылығын атап өтті.


Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту үдерісіне тоқталып, бизнес жүргізу үшін мемлекет тарапынан жағдай жасауға бағытталған шаралар жөнінде әңгімеледі.


– Инвестициялық ахуалды жақсартып, инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің қауымдастырылған мүшесі болды және Халықаралық инвестициялар жөніндегі декларацияға қосылды. Бізде АҚШ-ты қоса алғанда, 62 елдің азаматтары үшін визасыз режім енгізілді. Кәсіпкерлік саласындағы заңнама жетілдірілуде. 11 арнайы экономикалық аймақ және 22 индустриялық аймақ жұмыс істеуде. Онда қажетті инфрақұрылым мен жеңілдіктер көзделген, – деді Қазақстан Президенті.


Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын цифрландыру және өндіріске инновацияны енгізу барысына ерекше назар аударды.


– «Цифрлық Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осыған орай, экономика салаларын цифрландыру және инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру маңызды болып саналады. Мәселен, Назарбаев Университеті және Инновациялық технологиялар паркі сияқты инновациялық кластерлер жұмыс істеуде. Биыл Астанада ІТ-стартаптардың жаңа халықаралық технопаркі ашылады. Осының бәрі біздің ынтымақтастығымыздың болашағы зор болуына жол ашады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Қазақстан Президенті америкалық бизнесмендерді агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру ісіне қатысуға шақырды.


Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы еліміздегі жекешелендіру бағдарламасының іске асырылу барысы және «жасыл» экономика саласындағы жобаларды дамытудың келешегі туралы айтты.


– Өткен жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін табысты өткіздік. Бұл көрме бүкіл планетаның «таза» энергетика саласындағы жоғары технологиялық және зияткерлік әлеуетін көрсетуге керемет мүмкіндік туғызды. Көрме кешендері инновациялық және орнықты даму міндеттеріне әрі қарай да қызмет ете беретін болады. Атап айтқанда, ЭКСПО инфрақұрылымының базасында «жасыл» технологияларды және инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық жұмыс істейтін болады. Ол елімізде және өңірде «жасыл» жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізеді, – деді Қазақстан Президенті.


Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының мәртебесі ерекше екенін атап өтіп, оның жұмысының алдағы жоспарларына тоқталды.


– «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына қатысушыларға 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер беріледі, сондай-ақ валюталық, визалық жеңілдіктер және еңбек режімдерінің жеңілдіктері ұсынылады. Бұл – өңірдегі жұмысы ағылшын құқығына негізделген бірден-бір орталық. «Астана» халықаралық қаржы орталығының жоғары технологиялық биржасын құруға Шанхай қор биржасы және Американың NASDAQ биржасы тартылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығының «жасыл», исламдық және инновациялық қаржы құралдарын дамыту жөніндегі өңірлік орталыққа айналуы үшін зор мүмкіндігі бар. Жаз айында біз халықаралық қоғамдастық үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми таныстырылымын өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.


Соңында Қазақстан Президенті өткізілген кездесудің екі елдің жақындасуына және өзара тиімді әріптестікті нығайтуға серпін беретініне сенім білдірді.


Кездесу барысында АҚШ-тың іскер топтар өкілдері Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге зор қызығушылық танытты.


Мемлекет басшысының ресми сапары аясында авиация және ғарыштық зерттеулер, мұнай химиясы және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған 7 миллиард долларға жуық қаржы көлеміндегі инвестиция және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 20-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды.


Бұдан бөлек, сапар барысында 3 үкіметаралық келісім жасалды:


– Мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсеткені үшін ақы алмау туралы келісім;


– Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін коммерциялық темір жол транзитін қамтамасыз ету туралы келісімнің хаттамасы;


– Халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы келісім. 


akorda.kz




Көрілген: 658    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 17.01.2018, 14:44

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30