Алаш баласы, айнаңа қара!

сәрсенбі, 27.07.2016



Саяси сахна

Ресей мен Иран неге бірікті?

  • Алаш айнасы иллюстрациясы

    Алаш айнасы иллюстрациясы

Мәскеу мен Тегеран Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындауға мүдделі емес. Өйткені қос мемлекет осы аймақтағы түркітілдес елдердің бірігіп дамуына жол бермеуді көздейді. Мұны Астраханьда өткен IV Каспий саммитінің қорытындысы бойынша "Алаш айнасына" өз пікірін жеткізген отандық саясаттанушы мәлім етті...

29 қыркүйекте Астраханьда Ресей, Қазақстан, Әзірбайжан, Түрікмения және Иран мемлекеттері басшыларының деңгейінде IV Каспий саммиті өтті. Өкінішке қарай, бұл саммит Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындауға байланысты 18 жыл бойына жалғасқан келіссөзді түйіндей алмады.

Каспийді ұлттық секторға бөлуді Қазақстан, Әзірбайжан және Түрікмения қолдап, өз мәлімдемелерін жасады. Бірақ қалған қос тарап бұл ұсынысты құп көрмейтінін айтты.

Негізінен, бұған дейін теңіздің ұлттық сектор бөлінісінен Ресей де кет әрі емес еді. Алайда бұл жолғы пікірі басқалай боп шықты. "Каспий акваториясының басым бөлігі тараптардың ортақ қолданысында болуы – өте маңызды жайт. Осы себепті де теңіз жағалауындағы елдердің арасында қандай да бір түсінбестік немесе дүрдараздық туындамай отыр. Сондықтан біз бұл нәрсенің өзгеріссіз қалғанын қалаймыз" деді Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин.

Неге бұлай болды?..

Бұл ретте кешегі Ресейдің бүгінгісінен айтарлықтай айырмасы барын меңзеген отандық саясаттанушы Уәлихан Төлешов соңғы жылдары империялық күшін көбейтуге бас қойған Қызыл Кремль енді Каспийден де дәмелі секілді екендігін айтады.

– Ресей Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындағысы келмей қалды. Енді мұнда әскерін кеңінен өрістету арқылы бұл мәселені соза беруі ықтимал. Не болмаса Иранның көмегімен Каспий теңізінің қақ ортасына қол жеткізе алатындай жағдайға ұмтылады. Қызыл Кремльдің империялық күшін көбейту кезіндегі ашылған араны осыны байқатады, - дейді ол.

Сондай-ақ саясаттанушы егер Каспий ұлттық секторға бөлінетін болса, онда біздің – Қазақстанға тиесілі аумақ Әзірбайжан жақпен тікелей шектесетіндігін, ал Мәскеу мұны мүлде қаламайтындығын айтады.

– Каспий құқықтық мәртебесін айқындаса, онда Қазақстан Әзірбайжан арқылы мұнай тасымалдайтын құбыр, ал Түрікмениямен бірігіп Каспий теңізі астынан пойыз жүретіндей етіп тоннель салар еді. Бұл - шикізат ресурстары тасымалындағы Қазақстан үшін тиімді аса керемет бағыт. Алайда бұған бүгіндері ортада делдал ретінде мол пайдаға кенеліп отырған Мәскеу жол бермесі белгілі.

Мамандар Астараханьда өткен саммиттің бірден бір жетістігі ретінде Каспий бестігінің теңіз жағалауында өздерінен басқа мемлекеттердің қарулы күштерінің аяқ басуына бірауыздан қарсы дауыс бергендігін айтады. Бір сөзбен айтқанда, бұл аймақтық құқықтық құжат Каспий теңізі маңында НАТО базасын болдырмауды білдіреді.

Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының дипломатия кафедрасының профессоры Борис Долгов: "Сирия мен Иракта әскери қақтығыстар ушығып тұрған қазіргі шақта мұндай құжатты қабылдау маңызды. Әсіресе, бұл ретте Мәскеу мен Тегеран ұсыныстарының бір жерден шығуы олардың саяси мәселеде жақындаса түскендерін байқатты. Мұндай жақындасу екі тарап үшін де тиімді деп санаймын" дейді. Алайда саясаттанушы Уәлихан Төлешов бұл жақындасу, керісінше түркітілдес елдерді ажыратып тынады деп ескертеді.

"Осы аймақтағы түрік мемлекеттері үшін Мәскеу-Тегеран геосаяси осі – тығыз қарым-қатынас арасына түскен ауыр тас, олардың арасында интеграцияны болдырмаудың тетігі", - дейді маман.

Каспий бестігінің теңіздегі әскерін өрістету мәселесі әлі күнге шешілмей келеді. 2003 жылы Қазақстан, Ресей және Әзірбайжан Каспий теңізінің түбін бөлісу бойынша үшжақты келісімге қол қойған. Оған сәйкес, Қазақстанға теңіз түбінен 27%, Ресейге - 19%, Әзірбайжанға - 18% үлес бөлінген. Алайда мұндай бөлініске Иран қарсы шыққан. Тегеран Каспийді бес мемлекет 20 пайыздан теңдей бөлу керек деп санайды. Қараптан қарап 7 пайыздан айырылып қалуы ықтимал Астана мұндай жағдайды қаламайды. Ал мұндайда 2 пайыз үлесін арттыра алатындығына қарамастан да Баку оған қарсы. Өйткені ондайда бүгіндері Әзірбайжанға тиесілі мұнайлы бөлік Иранға өтіп кетеді екен.

Бұл арада Қазақстан үшін тағы маңызды бір мәселе – Каспийдің теңіз немесе көл ретінде танылуы. Егер оны теңіз деп танитын болса, онда "Мемлекеттік шекара туралы" ҚР заңына сәйкес, теңіз аумағы Қазақстан шекарасы ішіне енеді, алайда, егер Каспий көл ретінде қарастырылса, онда шекара өздігінен бөліне алмайды, оны осы аймақтағы мемлекеттермен қайтадан белгілеуге тура келеді.

Автор: Кәмшат Сатиева




Көрілген: 1709    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сейсенбі, 30.09.2014, 14:27

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2016
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
шілде
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31