Алмаз МЫРЗАХМЕТ: Теміржол қиылысында

Алмаз МЫРЗАХМЕТ: Теміржол қиылысында

ҚУЫРШАҚ

«Человек - игрушка бога.

Этому - то и надо следовать.

Надо жить играя.»

ПЛАТОН

Бүгін ол ерекше көңілді жүр. 

Мұрын астынан ешкімге белгісіз әнді ыңылдап айтып, пәтірінің ескі алдындағы мектеп ауласына қараған терезесін айқара ашып тастағаны; бөлмеге еркелей енген самалға мойнын, көкірегін аймалатып, қаншама күнгі мұңнан серпіліп, арқасына қанат біткендей қолын көкке созып керілгені; төсегін жинап жатқанда көрпе-жастығындағы алқызыл раушан гүлдердің қанық бояуын алғаш көргендей қолымен қайта-қайта сипай бергені; театрдан келетін әріптестеріне сақтап жүрген тәттілермен шәй ішкені, ерекше ықтиярлықпен ыдыстарды жуып, қолайнаға қарағандай әр тәрелкеден өз бейнесін іздегені — актрисаның жүрегінде тосыннан оянған өмірге деген құлшыныс сәулесін аңғартқандай; қалай болғанда да бүгінгі көңіл-күй терезеден төгілген күн шуағы сынды екі бөлмелі пәтерді нұрландырып жіберген.
Бірақ үңірейген қос бөлме көрер көзге соншалықты әдемі емес те еді. Бір-екі орындық, жұпыны стол, еңсеңді езетін ақшыл-қоңыр түсті қабырғалар, жалқы терезе. Төрде ілініп тұрған сағат шеті жоқ дәлізде аяғын сылтып басқан адамның жүрісі сынды «тық-тұқ» еткен дыбыс шығарып, жалғыз басты әйелдің жүрек соғысын есептеп тұрғандай. Актриса ұйқысыз түндерінде сағаттың осы үнін сәт санап жақындап келе жатқан өлім қадамдары ма деп ойлайтын, кейде өздігінен жиілеп, шауып келе жатқан ат тұяғының дүбіріне ұласып, көз алдына ажал елесін әкелуші еді. Сағаттың оң жағында актрисаның былайғы өмірін жіті қадағалап тұрған марқұм ата-анасының ескі суреті ілінген. Олар демін ішіне тартып, бір нүктеден көз алмастан жымияды.
Бұның бәрі жалғыздықтың азабын шегіп жүрген актрисаны зеріктірген декорация болғанмен, бүгін ол осыншалықты сұрықсыз пәтердің әдемілігін енді тапқандай кеудесін шаттық кернеп, көңілі көтеріңкі жүр.
Актриса шай құйылған кружкасының құлағын сүйріктей саусағымен қысып, ашық терезенің алдына келді. Көктемнің келгеніне мадақ айтқан құстар дамылсыз сайрауда. Ол жанын жадыратқан қоңыр леппен тыныстап, шәйіне ерінін тигізе мектеп жаққа көз салды. Мектеп ауласында асыр салып жүрген оқушылар да бүгінгі ерекше күнге өз үлесін қосқысы келгендей шат-шадыман. Бір кезде қоңырау соғылып, жаңбыр дабылын естіп, илеуге асыққан құмырсқалардай барлығы мектептің ішіне еніп кетті. Үлкен алаңда қолына қуыршағын ұстап, алаңсыз әткеншек тепкен кішкентай қыздың шашымен ойнаған жалғыздық желі ғана қалған. Неге екені белгісіз, осынау сан-алуан бояуы тамылжыған әлемнің ортасында белгісіз әнді ыңылдап, қуыршағын тербеткен бүлдіршін қыз актрисаның көзіне әрсіз, түссіз болып көрінді. «Таныс көрініс, қайдан көріп едім?» деген сұрақ көңіл көкжиегіне алай-дүлей дауыл шақырғандай, - «таныс көрініс...».
Ол қолындағы ыдысты терезе алдына қоя салды да, сең соққандай басы мең-зең боп, төсегіне келіп отырды. Жастықтың үстінде отырған қуыршағы «есіңе түспеді ме?» деп басын изегендей. Балалығының кішкене бөлшегі, осы күнге дейінгі өмірінің куәгері болған жансыз досының жанарынан «мен сияқты болған жақсы ма екен?» деген мысқыл сезіледі. Көңілсіз түске бояла бастаған бөлме ішінде актрисаға ғана көрінетін өткен өмір көріністері тізбектелуде. Әр кезеңнен бір естелік, қалғанын ұмытып қалған, уақыт өзеніне шайып жіберген. Әйтеуір балалық шағы көз алдында...
Осы пәтер...
Осы сағат...
Тық-тұқ.

* * *

Актрисаның бүлдіршін күнінде үлке-е-ен арманы болатын. Мүмкін ол үйдегі еркек пен әйелдің бірі — ана, бірі — әке рөлін ойнайтынын біліп қойып, ешкімге керек емес екендігін түсінген сәтте туған арман болар? Мүмкін әке-кейіпкердің кезекті үйге қонбаған әрекетіне ерегіскен анасының көрші еркекті пәтерге шақырып алғанын түсінбегеннен туған арман шығар? Есінде қалғаны бүлдіршін-актриса өзіне тиесілі бала кейіпкерін ойнауды тез үйреніп алғаны. «Менің әкем және анам» деп еркелегені, екеуінің алдында асыр-салып ойнағаны, сурет дәптеріне «Біздің отбасы» деп үшеуінің суретін салғаны, кешкісін бетінен сүйгізіп, өтірік ұйықтап қалатыны – жалған, жасанды, баланың қарапайым қиялы, кейбірі теледидардан көрген әрекеттерді қайталау ғана-тын.
Бір күні бүлдіршін актрисаға әкесі қуыршақ сыйлады. Сондай үлкен, сондай сүйкімді. Жатқызсаң көзін жұмады, тік тұрғызсаң оянады. Сөйлемейтіні болмаса, кәдімгі бала сияқты. Бірақ сөйлемегені жақсы, әйтпесе қуыршақ та жасандылыққа ұрынар еді. Қуыршақ ақымақтарға лайықты жауап үнсіздік екенін бек түсінетін, сондықтан ол актриса үшін бойжеткен шағында ата-анасы тыңдамайтын, айтқызуға мүмкіндік бермейтін сырлардың, құлыпта тұрған құпиялардың сандығы бола білді.
Иә, қуыршақ — құпия сақтай алатындығымен бағалы...
Көбіне үйде жалғыз қалатын, жан баласымен жарытып сөйлеспейтін кішкентай қыздың сахна әлеміне осылай қуыршақ енді. Сол күннен бастап бақытсыздық ұя салған мына пәтердің табиғаты бала қиялы арқылы жаңаша сипаттағы көрінісін бастаған еді. Алғашқы таныстық сәті қандай қызық?! Қуыршақтың алғашқы спектакілі.
Сенің атың — Белла! Анам өткенде «Белла деген қуыршағыңмен бірге құрып кеткір!..» деп әкеме ұрысты, сол Белла сенсің ғой, иә?
... - қуыршақ үнсіз басын изегендей еді.

Сәби өзімен-өзі сөйлесу мүмкіндігіне ие бола тұра, шешім қабылдайтын кездері рұқсат алу үшін қуыршақтан артық көмекші таппайтыны рас.
Мына жер екеуміздің үйіміз. Ойыншықтарды осы жерге жинаған дұрыс па?
...
Мен де солай ойлаймын. Мына жер жатын бөлмесі болсын, бұл ас ішетін жағымыз, айтпақшы тамақ жейсің бе? Қарның ашты ма? Кел дастарханға отыр.
...
Мынау шәй болады. Бұл – торт. Тойдың ба?
...
Тойдық иа?! Жүр мен саған ертегі айтып беремін.

Түрлі-түсті бояуы аз, аса баяу қозғалатын бөлшектерден құралған әлсіз әлем. Төрде ілінген пәтердің жүрегі сынды дүрсілдеген сағаттан өзге дыбыс жоқ мылқау әлем. Бұл – қуыршақтар әлемі.

Мен де сен сияқты қуыршақ болайыншы?
...
Рахмет!
...
Кеше анам сыртқы шығып кетті ғой, сонда терезеден көрдім, басқа ағаймен сүйісті. Оның мұрты бар. Хи-хи-хи!
...
Қуыршақпыз, қуыршақпыз, ля-ля-ля!
...

Ол қуыршақтың өміріне қатты қызықты: ата-анасы жоқ, бар жұмысы жатқызса көзін жұму, тік тұрғызса көзін ашу. Белгілі бір рөлді ойнау, демалу, тамақ ішу деген қажеттіліктерден ада, құласаң ауырмайды, сөйлеп әуре болмайсың, ұстағанның қолында, тастағанның жолында, уайым-қайғың жоқ деп ойлайтын. Анаң ойыншықтарыңды жина деп ұрыспайды, қайдан ұрыссын, өзің ойыншық емессің бе? (Қыз сықылықтап күліп жіберді). Қуыршақ болған қандай рахат!..

Кел, екеуміз өмірімізді айырбастайық!..

* * *

Иә, содан бері олардың жұптары ажыраған жоқ...

* * *

Мектепті тәмамдаған жылы танысқан жігіт те санасында сақталып қалыпты. Құрбысы таныстырғанда көңіл аудармаған жігіт кездесейік деген батыл ұсынысқа актриса бірден келіскен. Әрине, есінде... Сол күні әдемі көйлегін киіп, махаббат иісі аңқыған саябаққа келгенде, әбіден күте-күте терісіне симай тұрған Еркебұланның «жақсы көремін!» деп айқайлап, ашуланғаны, бір кезде құшақтап алып, мойнынан, бетінен иіскегені бойжеткен актрисаға ерекше ұнаған еді. Жанары ұшқын атқан жігіттің «еркем, еркешім» деп келіп, ернінен сүйгісі келгені де, сүйгізбей теріс айналып кеткен қылыққа бұлқан-талқан боп, ессіздікке салынғаны да, қандай керемет! Актриса кеудесінде лүпілдеп, жан-дүниесін қыдықтаған ынтызарлық күйдің құрбанына айналып бара жатқанын, көлеңкеде өскен гүл-көңілі Еркебұланның мейірім нұрына шалқып-тасып, ернеуінен төгіле қуанышқа бөленгенін қарсы көрмеді. Әсіресе, оған от пен суға қарамай, жалқы сөзі үшін жанын жалдап, өмірін қиюға дайын жігіттің бүкіл тағдырын қолына ұстаған құзыреттілікті сезіну ерекше ұнаған-ды.
Бірақ бұның бәрі Қуыршаққа ұнамады...
Махаббатты театрға айналдыру – жасандылық, ал театрды махаббатқа айналдыру – өмір. Актриса сол кезде Еркебұланға шынымен ғашық болған, болмағанын ойлап көрді, білмейді екен. Мүмкін жанының жыртығы жамалып, кеудесінің бос тұрған кеңістігі толғанға қуанып жүре берді ме? Екінші кездесуде оңаша қалуға келісімін бергені де себепсіз еді. Бәлкім Еркебұланның өмір сахнасындағы қатып қалған заңдылықтарға бағынып, сызылған шеңбердің ішінде ғана ойын көрсететін кейіпкер еместігінен шығар? Ол қандай да бір шешімді асығыс қабылдай салады, және оның соңы қайда апарып соқтырарын көп ойланбайды. Бұл актрисаның ойынша шынайлықтың айқын белгісі саналатын, сол үшін де Еркебұланды жақсы көрді, сондықтан да келісімін берді ме?
Еркебұланмен қалай араздасып, не үшін кездеспей кеткенін ұмытып қалыпты. Әйтеуір, өмір таудан аққан өзендей арқырап, көз ілестірмей кетті емес пе?
Бойжеткен актриса төртінші курста оқыған кезінде, иә, ол кезде өмір сахнасы сары шымылдығын ашқан күз мезгіл еді, жұмысқа қабылдау конкурсында облыстық театрдың төрағасы Әмір ағайдың көзіне түсу үшін барын салған еді. Ол кемпірқосақты көруді армандасаң алдымен нөсер жаңбырды өткеру керек екендігін білетін. Өз заманының беделді азаматы Әмір Әшімбаевтің «жақсы ұсынысым бар, кешкілік кездесіп талқылайық» деп шақырған ас мәзіріне қарсылық білдірмеді, білдіргісі де келмеді.
Құрбысы: «сен қандай бақыттысың!» деп еді...
Актриса айна алдында бетіне опа-далабын жағып жатты да, қуыршағына қарап:
Сен қалай ойлайсың, Әмір Әшімбаевтің ұсынысын қабылдаған дұрыс па? Әлде қате ме? – деді.
...
Мен де солай ойлаймын! Бұндай мүмкіндік құдайдың құтты күні келе бермейді.
...
Иә, «бармақ басып, көз қысамын» да, ел шулап жүрген үлкен примераның басты рөлін иеленіп алам! Ха-ха-ха!
...
Мен де сені сүйемін, жаным сол, ал мен кеттім! Сәттілік тіле!
...

Үлкен сахнаға шығудың қысқа жолы төсекті көпір қылу арқылы шешілгені қалыпты жағдай. Актриса шығуы оңай таудан, түсу де оңай екенін білмеді емес, білді. Бірақ та бүгінгі күнмен өмір сүретін адамдардың нақты осы сәттегі жеңісін бірінші орынға қойып, «ертеңгі күн – жоқ күн, оны уақыты келгенде көреміз» деп есептейтінін ескерсек, актриса үшін басқа жол іздеп, бас қатырудың керегі де жоқ еді. Міне, тағы бір примерадағы бас кейіпкерді сомдайтын ханшайымның рөлін ойнаудың орайы табылды. Кезекті кейіпкерді сомдау актриса үшін қиынға түскен жоқ. Өмірдің түрлі кедергілерінен, сындарынан өтіп мұратына жеткен Беллара атты ханшайым ролін асқан шеберлікпен, жан-жақты ашқан еді. Гастрольдік сапармен түрлі қалаларды аралап, көрермен көңілінен шыққан актриса иелігіндегі кейіпкерінің өмірдегі бейнесі, тірі мысалы ретінде өзін көрсетін. «Қазіргі сомдап жүрген кейіпкерім – менің шынайы бейнем...» атты сұхбат республикалық журнал беттерінде бірнеше рет басылып шықты. Актриса алғашқы махаббаты, балалық шағы туралы сұрақтарды жеңіл-желпі сипап өтіп, нағыз өмірінің театрда басталғанын қашан да алға тартатын.
« - Адамның басы Алланың добы ғой – деп жазыпты, республикалық «Сүйкімді» журналына сұхбат бергенде, - мен өмірдегі рөліммен сахнада кездескенде таңданып, сене алмай жүрдім. Бірақ кейін бұл кездейсоқтық емес – тағдыр екенін түсінгенім примераның шырқау шегіндегі оқиғаны (әрине өмірде басымнан өткеріп, өзім сезінгеннен кейін) өте жақсы сомдап шығуыма бірден-бір себеп болды.
Сіздің театрға дейінгі өміріңіз оқырмандарға аса қызықты, бірақ сіз ол әлемді әлі де құлыпта ұстап келесіз. Мүмкін бүгін айтып берерсіз?
Адамның мейлінше жұмбақ, құпиялы болғаны жақсы ғой. Барлық есіктерді ашып тастасам менің әлемім сізге мұншалықты қызықты болмас еді. Өткен өмірімнің жемісі, нәтижесі — бүгінгі сіздер танып отырған қалпым. Мені осылай қабылдаған дұрыс».

* * *

Өткен күн – көрген түстей-ақ екен. Актрисаның театр теңізінде саяхаттаған кезеңі біреудің ойлап тапқан шығармасы, өз иелігіндегі өмір сахнасынан тыс құбылыс сияқты жылыстап, жадынан өшіпті. Тек ұлы дүние іздеген жастар «бізге де жол беріңдер!» деп жалынымен шарпып, дүниені дүбірлетіп, актрисаны күні-түні алаңдатқаны ғана есінде қалған. Күндіз-түні алған бағыты қате, бірақ артқа қайтар жол жоқ деген ой теңіздегі ұйықтай айналып, қараңғылыққа қарай тартатын еді. Ондай кездері қуыршағын құшағына қысып:
Өмір сүру қандай қиын еді. Ескегімді суға лақтырып, ағысқа қарсы жүзбей, тағдыр дауылы адастырған қайықта көзіңді тарс жұмып жата бергің-ақ келеді, қуаршақ... Түсінемісің?.. – деуші еді мұңайып. Сосын қиялға ерік беріп, естілер-естілмес күбірлейтін: - «одан да қуыршақ болып жүре бергенім, әлдеқайда жақсы еді...»
...

Актрисаның сан мыңдаған толқыны тулап, шексіздіктей көрінген өнер теңізінің шетіне шығып қаламын деген қорқынышы көкжиектен найзағайы жарқылдап жетіп келген дауылдай болды. Жас иіс жаңа примераның басты рөлін алып, енді ханшайымның ешкімге керегі жоқ боп қалған сәті есінде... Иә, кешегі атақ-абыройы, биігі бір-ақ сәтте тарих қойнауындағы көп мысалдардың біріне айналып, нәтижесіз талпыныстары мен шарасыз әрекеті үшін Әмір Әшімбаевтің бұйрығымен жұмыстан шығып қалған күнін қалай ұмытсын?!
Қуыршақтың да есінде...
Актриса күрсінді. Бір сәт көрермендердің қол шапалақтаған сәтін жадынан іздеп, жаңғыртқысы келіп еді, бос кеңістікте қалқып, ештеңе таба алмады. Енді Еркебұланды қабылдаған түнде айтылған әңгімелерді, қиялдар мен армандарды ойлап көріп еді, ол да жоқ. Не үшін өмір сүрді? Не үшін таң атып, күн батып жатыр? Қайда келе жатырмын мен, қайда барамын? Осы күнге дейін сөйлеген сөздерім, армандарым, саналы-санасыз әрекеттерім қайда кетті? Сонда мен өмір экранына қарап, қозғалыссыз отырған көрермен болғаным ба? Әлде әлдекімнің ойлап тапқан көрінісін көрсету үшін бәзбіреудің саусақтары арқылы қозғалып тұрған, аяқ-қолына жіп байланған қуыршақпын ба?
Актриса дағдысы бойынша қуыршағын қолына ұстап тербетіліп отырды. Сырттан қараған адамға кім кімді тербетіп отырғанын айыру аса қиын еді.
Бақыт деген не өзі? Бақытсыздық деген не?
...
Пенде біткен соған жетеміз деп өмір сүріп жүр дейсің бе?! Жо-жоқ, олай емес, олар өліп қалмау үшін, иә, өлімнен қорыққандары үшін жүр. Тамақ ішпесе өледі, ендеше ақша тауып, тамақ сатып алу керек, себебі өлмеу керек. Сөйтіп жүріп өмір деген керемет дейді. Бұндай өмір маған ұнамайды, қуыршақ...
...

* * *

Шексіз мәңгіліктен үзіліп жатқан сағат тықылы актрисаның жанын жегідей жеді. Енді қайта айналып келмейтін күндер бөлменің әр тұсынан бір жарқ етіп, өзінің өзгертілмес суретін салып жатыр (Театрдағы күнде қайталанатын спектакль сынды). Актриса көріністерден көзін алмастан, қалай жылау, қалай күлу керек екенін ұмытып қалғандай құр отыра берді. Өткен өмірін өзгенікіндей сезіну бойын тұмшалап, тұңғиық ойға батырып барады.
«Жоқ, бұл өмірді сүрген менмін! Нақты Мен! Әйтпесе ештеңе есімде қалмас еді ғой!..»
Міне, сана түкпірінде жылт етіп, ат шаптырым сахнадан алақандай пәтерге қайтып келген сәті есіне түсіп, көрініс бере бастады. Бәсе, ол күндерді қалай ұмытсын? Бірінші күні өзімен-өзі шаттанып:
- Ендігі өмірінің көріністері осы екі бөлмелі пәтерге байланған. Қандай керемет сахна! Тақырыпқа сай декорация, көрерменім сенсің, құмарың қанғанша ойнайтын болдым! – деп ішкі дауылын басқысы келгендіктен, қуыршағына сыр ақтарған еді. - Әлі-ақ артымнан жалынып-жалпайып өздері-ақ келеді. Ең соңынан кімнің күлгенін сонда көреміз...
Ол тіпті Әмір Әшімбаев келгенде не дейтінін, не істейтінін нүкте-үтіріне дейін алдын-ала ойластырып, жоспарлап қойды. Қанша рет дайындық та жасады. Кейін актерлік шеберлігін шаң баспас үшін пәтер-сахнасында өзі ойлап тапқан «Екі бөлмелі пәтердегі жалғызбасты әйел», «Қуыршақпен тілдесу», «Жалғыздықпен бірге» атты моноспектаклдерді ойнауды әдетке айналдырып алды. Ол тіпті аталмыш примераларын жарнамалап қала көшелеріне афиша ілсем бе екен деп те ойлаған. «Сосын үйіме қаланың элитасы келіп, менің талантыма тәнті болады. Иә, оларды осы жерге отырғызу керек, жоқ, бұл жер ыңғайсыз, мына жерге, немесе мында. Билеттің қанша қылсам екен? Театрдан әріптестерім де келетін шығар... Әмір Әшімбаев те келеді, сосын... Тек олар бұл әрекетімді бәсекелестік деп, тіпті одан сорлысы шарасыздық, аштан өлмеу қамы деп ойлап қалмаса екен...
Басты рөл өзінде, қосалқы актерлерді көз алдына елестетіп ойнаймын. Өз өнерімді елге көрсетудің өзгеше үлгісі емес пе?»
Егер ол драматург болса жақсы туындыларымен ел аузына ілігер еді.
Қабырғадағы ескі сағат – «менің жүрек соғысымды тыңдау – жалғыздығыңды сезіну» дегендей тырқ-тырқ күледі. Қуыршақ оны түсініп қойды. Бүгін ерекше көңілді еді, қайдағы жоқ есіне түсіп...
Неге менен көзіңді алмайсың сен! – деп актриса қуыршаққа ашулана бастады.
...
Мен — сенің сахнаңда емес, сен — менің сахнамдасың!
Ал сен — менің кейіпкерімсің!!! – деді қуыршақ, бұдан әрі шыдай алмай.
Түсінбедім?..
Қалай, мен сияқты болған жақсы ма екен? – деді енді мысқылдап.
...
Кім қуыршақ сонда, мен бе, сен бе?
... – енді үндемей жауап қайтарудың кезегі ауысқан. Сөз таба алмай қиналғандықтан қуыршақты қолына жатқызып еді, ол көзін жұмбай, тік қарап, сазарып, қырсықты. Езуінде үйірілген күлкісі актрисаның жан-дүниесін астан-кестен еткен. Актриса ызаға булығып қуыршақты шашынан ұстап, балконнан лақтырып жіберді...


ТЕМІРЖОЛ ҚИЫЛЫСЫНДА

«...Пенде дегенін жалғыз аяқ жолмен жүреді, сосын
әлденені тауып алады, бәлкім ол күніне жүз рет
көрген заты шығар, бірақ осыншалық қадыр-қасиетін
енді аңғарып, қуанышына шек қалмай айқайлайды.
Бұл не сонда?..»

Оралхан БӨКЕЙ

Г-ға.
Автор


Берікбол ұялы телефоныма «келін түсірдім, кел...» деп хабарласты да, бүгіндікке құрған жоспарларымның астан-кестенін шығарды. Енді кітапханадағы жиналысқа емес, вокзалға барып, Айыммен кездесіп, түс ауа жүретін автобуспен ауылға кететін болдым.
Айым екеуіміз бұрыннан таныспыз. Бір-бірімізді ұнататынымыз да рас, бірақ сезім жайлы ашық сөйлесудің орайы келмей жүр. Оның ұяң мінезі бар. Барлығына сонысы кінәлі. Сұрағыңа қысқа жауап береді. Сосын қысқа жауап талап ететін сұрақ қояды. Сонымен әңгімеміз тәмәм. Бірақ осы мінезімен де ұнайды емес пе? Не болса да кеңінен сөйлесіп, қарым-қатынасымыздың бүк-шігін анықтап алу мүмкіндігі туып тұр.
Ол вокзалға уақытында келді. Сол баяғы қалпынан өзгермеген екен — адамға тік қарамай, жүзін тайдырып әкете береді. Басын изеп, тек сосын барып «сәлем» дейді сыбырлап. Өзінен-өзі ыңғайсызданып, қолын қоярға жер таппай, біресе көйлегінің жағасын, біресе шашын түзейді.
Автобусқа отырғызу басталғанда Айымнан бұрын өтіп, терезе жақтағы орындыққа жайғастым. Сосын бұл «пысықтығыма» ыңғайсызданып, жанарымды шынының әр жағындағы тас қаланың көшелеріне жасырып, автобус қозғалғанша амалдауға тура келді. Ішімді мысықтай тырнап, маза бермеген кезекті экспериментті ұйымдастыру үшін алған екі-үш шөлмек сыраның бірі ашылды. Енді жайбырақат ұрттап қойып, бірер сәт үнсіздікпен ойнау керек. Өз оймен өзі арпалысып алсын.
Автобус жолаушыларын әлдилеп, кейбірін ұйқыға, кейбірін қалың ойға батырған. Айым таңсық ортаға бойын үйретіп, жан-жағына елеңдеп, қолайнасына ұрланып қарай берді, менің де сан мыңдаған ойларым бір арнаға тоғыспай-ақ қойды. Қарағандыны Қарқаралымен жалғап тұрған тас жол дөңгеленген дүниедей автобус астында сырғанайды.
Ойым онға бөлініп, әңгіме бастаудың қисынын таба алмаған соң:
Салыстырмалы түрде автобус өмірдің көшірмесі сияқты, ә? – дедім пәлсапалап. Айым сәл ойланды да:
Иә, – деді, басын шұлғып жауап беретін әдетімен. – Өмір деген — жол, біз — жолаушылармыз.
«Уақыт өтіп жатқан жоқ, біз кетіп бара жатырмыз» дегенді түсінбей жатамыз. Ол үшін сапарға шығу керек... – дедім арадағы бірер сәт билігін жүргізген үнсіздік кеңістігін қайта толтыру үшін. Айым шашын құлағының үстіне қайырып, басын изеді. Мен де сөз таба алмай қиналып, шыбындаған аттай басымды шұлғи салдым.
Жанарымды сайын даланың шексіз көкжиегі ұрлай берді. Терезеге қарап, автобустың әлдиімен ұйықтап кетіппін...

* * *

Қанша ұйықтағаным белгісіз, әйтеуір автобус теміржол қиылысына тоқтаған кезде оянып кеттім, жүрегі дүрсілдеп поездъ өтіп жатыр екен. Жолаушылардың онымен ісі жоқ, көбі ұйқы құшағында. Сыраның бөтелкесі қолымнан түсіп барады, қыл мойнынан қысып, қылғыта жұттым. Жылып кеткен екен, дәмі аса ұнамады. Батылдану үшін емес, эксперименттің жоспары бойынша, яғни, Айымның мастығыма сенуі үшін ішіп отырмын. Бұл — жігіттердің кейін ақталуға немесе көздеген мақсатына жете алмай қалса сылтау ретінде қолдануға ыңғайлы әдіс-тәсілі... Ешқайда қашып кетпегенін біліп тұрсам да сыра бөтелкелерін түгендеп жатып:
- Құрдастарымыздың үйлене бастағаны қызық, ә? – дедім жаңалық ашқандай. Сосын міз бақпастан қолымды иығынан асыра құшақтап, өзіме жақын тартып, бетінен иіскедім. Қарсылық көрсетпегені қандай жаман! Жалынышты жанарымен «түсінбедім?» дегендей сұрақ қойып, ұнатпай қарайды ма деп ем, қателесіппін. Не менің мастығыма сенгендіктен қарсыласпай отыр, не жақсы көреді.

Берікбол бізді Қарқаралы жолының бойындағы Көктас ауылы бұрылысынан күтіп алды. Маңғаз басып, құшағын кеңге жая амандасқанынан, арқамды күректей алақанымен қайта-қайта қаққанынан «отбасы құрдым» деген мақтаныш сезілетіндей.
- Ғашықтар, қалайсыңдар? Ауылға сен де келін әкеле жатыр деп әңгіме таратып жібердім. Нағашыларың дайындалып жатыр! – дейді қарқ-қарқ күліп. Алма бұл әзілге өтірік жымиған болып, мен жаққа «күйеуім қандай өзі» дегендей ұрлана қарап қойды. Сосын жанарын тайдырып әкетіп, алыстан қол бұлғаған Қарқаралының тауларына қарады да, қос тізесін қатар бүгіп, әлдебір шешіммен келіскендей: «Қандай әдемі!» - деп, әңгіменің ауанын бұрып жіберді.
Берікбол өміріндегі елеулі өзгерісті айтудың орнына, құстай ұшқан ақ жигулиін мақтап, ауылдың бітпейтін әңгімесін тарқатып, көзді ашып-жұмғанша Тоқтар ауылына алып келді. Ақ шатырлы үйлер де, арқасын күнге қыздырып, ұзынан-ұзақ созылған тас жолдар да, жағасын сипай аққан жайбасар Жарлы өзені де баяғы томаға тұйық қалпында екен. «Келін келді-ау, жастықтың мерекесі-ау» деген қуаныш ешбірінен сезілмейді.
Нағашы атамның шаңырағына амандасып шыққан соң, Берікболдың үйіне қайтып келдім. Негізгі ойым Айымның қамы. Құтты болсын айтушылар легі толастамаған екен. Бірін танып, бірін танымай жатырмын. Танығандардың дәстүрлі сұрағына дайын жауап қайтарып, жадыраған жүздерді бақылаймын деп ішім әбіден пысты. Жатын бөлмелердің бірінде басына орамал тағып, ақ келінге айналған құрбысымен отырған Айымды ауыл аралап қайтуға шақырудың орайы келмей-ақ қойды.
Кешкілік дәстүр бойынша ауыл жастары жиналып, дастархан жайылды, аулада би ұйымдастырылды. Жалғыз шамның сығырайған жарығы астында масайраған көңіліңді шарықтаған әуенге лақтырып, билемесең де көзіңді жұмып, өзіңді көкке ұшып бара жатқандай сезіну қандай рахат! Құрдастарыммен ой мен қырды әңгіме етіп тұрғанда, көзімнен таса боп қалған Айымды бізден бір сынып жоғары оқыған Дидар деген жігіт биге шақырып үлгеріпті. Тіпті қолынан, белінен ұстап, көлеңке сынды жанынан қалмай, соңында жоспардағы экспериментімді тас-талқан етті. Мен масайраған санамды ашу билеп бара жатқанын түсіндім. Бірақ не үшін ашуланамын? Мүмкін мен Айымды жақсы көретін шығармын? Бұл қызғаныш па? Әлде бар мәселе жоспарымның іске аспай қалғандығында ма? Бірақ оны кімге түсіндіресің? Ең дұрысы оңаша қалу. Мен би алаңынан кетіп қалдым.

Қараңғылықтың да жарқын жақтары болады екен-ау! Аспанда еркелей жүзіп, жанарды арбаған күміс табақ ай мен сансыз шамын жаққан жұлдыздар тылсымдылықтың қақпасын ашып, шексіз әлемнің шетіне жетелейтіндей. Мен сүттей жарық далада келе жатқанда әрбір шидің түбіне, ой-шұңқырға тығылған белгісіз күштің бақылауына түскендей сезім кештім. Шатыры ғаламға шағылған үйлерден алыстаған сайын би алаңының әуені құлаққа талып жетіп, бейберекетсіз «шегірткелер синфониясы» басымдылық таныта бастады. Жарлы өзенінен су алуға келген қыздар сынды топ терек сирақтары серейіп алыстан көзге шалынды. Жақынырақ келгенде жапырақтардың сыбдырласқаны, судың сылдыра құлаққа жетті. Тура жарқабақтың үстінен шыға келдім. Жарлы өзені ай жүзімен аймаласып жатыр екен. Көз алдыма Айымның Дидармен билеп жүргені елестеді...
«Менен ұялмай ма, кім көрінгенмен билеп, қолынан ұстатып...»
Бұл енді қызғаныш. Мүмкін Айымды шынымен жақсы көретін шығармын? Жерге «ЖЕК КӨРЕМ» деп жаздым. Топырақ уланғандай. Айтылғаннан – жазылғаны ауырырақ сөздер болады екен-ау...
Ауыл жақтағы әуен таң ата қараңғылықпен бірге ауаға сіңіп жоғалды. Көкжиек ағараңдап, аспан жұлдыздары менің сөне бастаған үмітімдей көрінер-көрінбес сығырайған. Белгісіз әнді ыңылдап, ауылды бетке алдым. Қолында сүт толы шелек ұстаған Берікболдың анасы есік алдында кездесіп, жүзінің нұры төгіле: «зал жақта төсек салынған, сонда барып жата ғой» - деді.
Қазір үйге кірсем, ұзыннан-ұзақ төселген көрпешелердің бірінде Айым жатады, ол мені күтіп түнімен көз ілмеген болуы керек, әрине мен жігіттік намысым ұстап, жанына барып жатпаймын, әрірек жайғасам. Ол қайта-қайта күрсінеді, мен ыңғайсызданып, не жақындай алмай, не жата алмай жүйкемді жұқартқанша, Қарағандыма қайтқаным жақсы. Осы оймен жалғыз тал темекіні будақтатып, ауылдың әкімшілік ғимараты жақты бетке алдым. Қалаға баратын таксилердің ішіндегі ақ түсті Нива автокөлігінде орын бар екен. Ойланбастан жайғастым. Бойымнан түндегі әлдекімнің бақылауындағы күдікті сезім әлі де арылмаған. Санамды «кімнен қашып бара жатырсың» деген ой талайды. Өзімнен шығар...

Ештеңе ойлағым келмесе де, түрлі сұрақтар кеудемде сапырылысып жатты: «Кеше кітапханадағы жиналыс қалай өтті екен?», «Берікболға ескертіп кету керек еді...», «Неге Айым үшін жүйкемді жұқартып жүрмін, жақсы көрмеймін ғой, әйтеуір...» Терезеге қарап, өзімді алдап жатқанда көзім ілініп кетіпті...

* * *

Қалаға жеткенше ұйықтасам екен деп ем, жер тепкілеген поездің даусынан оянып кеттім, теміржол қиылысына тоқтаған екенбіз. Бірақ Нива автокөлігінде емес, автобус ішінде отырмын. Жолаушылардың көбі ұйқы құшағында. Сыраның шөлмегі қолымнан түсіп барады екен, қыл мойнынан қысып, қылғыта жұттым. Иә, жылып кеткендіктен қышқылтым дәмі аса ұнамсыз. Бірақ ішу керек, батылдану үшін емес, экспериментімнің жоспары бойынша. Қалай болған күнде мас болып қалдым деген сылтау — өзіңді кінәлі сезініп жүруден жақсы емес пе?
Қолымды Айымның иығынан асыра құшақтадым да, өзіме жақын тартып, бетінен иіскедім. Қарсылық көрсетпеді! Яғни жақсы көреді.
Көктас ауылынан күтіп алған Берікболдың ақ жигулиімен көзді ашып-жұмғанша Тоқтар ауылына келдік. Томаға тұйық мекен әлі де көңілсіз екен. Кешкілік ұйымдастырылған би кешінде бар ісім Дидарды аңду болды. Ол қит етсе болды Айымға жақындауға тырысып, біресе биге шақырып, біресе болмайтын әзілімен күлдіртіп, көлеңкесі сынды жанынан қалмай қойды. Осылай болатынын өзім де біліп едім.
Ашуландым да, би алаңынан кетіп қалдым.
«Несіне жетісіп күледі екен?..»
Ауылға таң бозарған шақта келдім. Көкжиек ағараңдап, аспан жұлдыздары кезекпен көздерін қысып, қол бұлғап сөнуде. Сиыр сауудың қамымен жүрген Берікболдың анасы: «зал жақта төсек салынған, сонда барып жата ғой» - деді.
Жалғыз тал темекімнің түбіне жеттім де, үйге кірдім. Ұзыннан-ұзақ төселген көрпешелердің шет жағынан Айым басын көтерді. Жанына баруға батылым жетпей, әрірек жайғастым. Терең күрсінді. Сәлден соң көзім ілініп кетіпті.
Берікбол оятты. Қуғыншылар келе жатыр екен. Үй маңын реттеп, мал союға көмектестім. «Қайырлы болсын» деушілер әлі де толастар емес. Жастарға жеке дастархан жайылды. Айым кешігіп келіп, шет жатқа, Дидар маған қарама-қарсы жайғасты. Қандай шайтан түрткені белгісіз Айымды жаныма отыр деп шақырып ем, ол:
Рахмет, осы жер де ыңғайлы – деп жауап қайтарды.
«Солай ма?»
Дидар қызғаншақ емес, ренжімейді, кел... – дедім, әзілге айналдырғым келіп.
Ренжісе, түнде ренжітін еді ғой – деді Дидар.
Жастар ду етіп күлді. Айым да жымиған болды. Тамаққа тәбетім шаппай, сәл-пәл отырдым да, сыртқа шықтым, алған бағытым әкімшілік ғимараты. Қалаға баратын көліктердің ішіндегі қара-сұр Мерседесте орын бар екен. Айтқан бағасына келісіп, алдыңғы орынға жайғастым. Санамды «бұл жолы кімнен қашып бара жатырсың» деген ой талайды. Өзімнен шығар...

Өткенді ойлай берсең өкпешіл болып кетесің. Өмірде тек алға қарау керек. Ауылда болған оқиғалар тізбегін ойлағым келмеді. Түні бойы көз ілмегеннен бе ұйықтап кетіппін...

* * *

Қалаға жеткенше ұйықтасам екен деп ем, ышқына кісінеген поездің даусынан ояндым, теміржол қиылысына тоқтаған екенбіз. Тағы да автобус ішіндемін, жолаушылардың көбі ұйқы құшағында. Сыраның бөтелкесі қолымнан түсіп барады. Қыл мойнынан қысып, қылғыта жұттым. Жып-жылы.
Көктас ауылынынан күтіп алған Берікбол Тоқтар ауылына алып келді. Кешкілік ұйымдастырылған би кешінде Айымға тиісе бергені үшін Дидармен төбелестім. Сыныптастарым да шетінен сорлы, бірі болыса алмады. «Қыз үшін төбелескені несі?» деп қояды. Айымның да есі жоқ. «Кім көрінгенмен билеп, қолынан ұстатып... Арзан әзілге күліп...». Берікбол досым ренішін білдірді. Олар мені қайдан түсінсін? Ұйыққа түскен кеме сынды, жалқы оқиғаның сор батпағына жұтылып барамын, жұтылып барамын... Бұл әрекеттерімнің қашан, қалай, немен аяқталатынын болжау мен үшін дәл қазір мүмкін емес еді. Түнделетіп Ержан нағашымның Honda автокөлігімен қалаға қарай шығып кеттім. Жолда кешірім сұрап, жалғыз тал темекімді тарттып алдым. Санамды кімнен қашып бара жатсың деген ой талайды. Өзімнен шығар...

Қайталана беретін оқиғалар тізбегі. Не істеймін? Қалай болғанда да ұйықтап қалмау керек! Сағат неше? Он екі.
«Кеше кітапханадағы жиналыс не болды екен?»
«Тек ұйықтап қалмау керек, тек ұйықтап қалмау керек...»
Терезеден көзімді алмай, өзімді алдап жатып тағы көзім ілініп кетті... Жүрегі дүрсілдеп, жер тепкілеп, ышқына кісінеген поездің даусынан ояндым, сол баяғы теміржол қиылысына тоқтаған екенбіз. Тағы автобус іші, жолаушылардың көбі ұйқы құшағында. Сыраның бөтелкесі қолымнан түсіп барады екен. Қыл мойнынан қысып қылғыта жұттым. Қышқылтым. Бұл мәселені қалай болса да шешу керек. Мен көп ойланбастан қолымды Айымның иығынан асырдым да:
Менің қызым болуға қалай қарайсың? – дедім.

«Иә, менің қызым боласың ба?»

Қарағанды
25 наурыз 2008 жыл

УАҚЫТ ҰЙЫҒЫ

Қайда дейсің бе? Білмеймін. Хабарсыз кетті ғой. Іздеу салмаған жерім жоқ. Өлі ме, тірі ме, белгісіз... Өзіңнің қалың қалай? Жұмысың орынша ма? – деді Исраилдің анасы. Бір сарынды шыққан қоңыр дауысынан ешқандай алаңдаушылық байқай алмадым. Бірақ жанары сынық екен. Сұрағының жауабын күтпестен жерге қарап, естілер-естілмес күрсінеді. Маңдайындағы уақыт шимайлаған әжімдер қыртыса түсіп, баласын сарылып, сарғайып күтіп жүргенін аңдатқан ақ шашы орамалының шетінен сығалайды.
Шүкір, барлығы жақсы. Мектепке бір жұмыстармен келген едім. Өзіңізді көрген соң амандасып кетейін деп. Оның хабарласпай жүргеніне қанша уақыт өтті?.. – дедім Исраил жайлы әңгімеден алыстағым келмей.
Қашан дейсің бе? Өзің Исраилды соңғы рет қай уақытта көріп едің? – сұрағыма сұрақ жауап алдым. Ол жанарын төмен түсірді де, сәлден кейін ұйған үнсіздікті қоңыр дауысымен тербеп: - Бір жарым жылдан асты. Тым-тырыс. Көрсең айта сал, мен күтіп жүрмін. Бәріміз де пенде емеспіз бе? Туған ауылына қайтып келсін...
Бар айтарым осы дегені ме, әлде қоштасқаны ма, Мағрипа апай басын изеді де, екі жаққа кезек сеңделе басып, дүкен жақты бетке алды.

Исраилды мектеп қабырғасынан бері жақын танимын. Әлі есімде, жетінші сыныпта оқыған кезде Анар мұғалімнің «бізге жаңа оқушы келді» деген жаңалығына барлығымыз елең еткен едік. Мұғалім тақта алдында тұрған аса жинақы, тап-тұйнақтай киінген, қаланың ерке ұлдарындай шашын иығына дейін өсіріп алған баланы Исраил Хасанов деп таныстырды да, менің жаныма отырғызды. Өткен жылы қайтыс болған Ибрагим молданың қаңырап тұрған үйіне екі-үш ай бұрын көшіп келген жалғыз басты ананың ұлы екен. Ұлты — еврей. Ауыл балаларына қосылмай саяқ жүретінін, үйінің айналасынан шықпайтынын білетінбіз, міне енді біздің сыныпта, менің парталасым боп шыға келді.
Алғашқы күндері сыныпқа бөтен адам еніп кеткендей сыныптастарым өзгеріске түсті. Барлығы жаңа оқушыны іштей жатырқайтын сынды. Қоңырау кезінде ешкім дауыс көтеріп сөйлемей, ұлдар өздерімен салыстырғанда ақылдырақ, сымбаттырақ сыныптасын санадан тыс қарсылас көрді. Ол да таңсық емес ортадағы жатсынуды сезгеннен бе, әлде бойын үйрете алмай жүргендіктен бе, бас кезінде ешкіммен араса қоймады. Бірақ уақыт өте келе бір партада қатар отырғандықтан, мүмкін басқаларға қарағанда өте ерекше екендігі қызықтырған шығар, екеуіміз жақсы тіл табыса бастадық.
Исраил өте талантты еді. Менің айтқым келіп отырғаны таланттылыққа жатпайтын да шығар, бірақ оны басқаша атай алмайсың. Исраил кез-келген ашулы адамды сабырға шақыра алатын. Үлкенді болсын, кішіні болсын артық сөзсіз көзді ашып жұмғанша татуластырып, ыза-кектен құлан таза айықтырушы еді. Өзі әркез қандай да бір жақсылықтың дүниеге келуіне себепші болып жүреді. Мінезі жібектей жұмсақ, тұла бойы нәзік, арықша келген осынау бозбаланың жанында өзімді неге қорғанышты сезінгенімді де қазір түсіндіре алмаймын.
Сегізінші сыныпта оқып жүргенде түс ауа үйге жүгіріп келді. Қолында қарлығаштың балапаны бар. Қайдан тауып алғанын сұрап едім, жүзі бал-бұл жайнап:
Бұл біздің қой қораның төбесіне ұя салған қарлығаштың балапаны. Өзі кіп-кішкентай! Шамасы ұясынан құлап қалған болу керек, қойлар теуіп, өлтіріп тастапты. Алақаныма ұстап, үрлеп-үрлеп тірілтіп алдым. Ұясына салуға көмектесіп жібересің бе? – деді.
Мүмкін өлмеген шығар, әншейін есінен танып жатты, өлгенді тірілту мүмкін емес қой... – деймін таңданып.
Шын айтамын, мен қашан жалған сөйледім, Исраилға өтірік айтуға болмайды – деді бұртиып, сосын қайта жүзі нұрланып үйіне қарай жүгіре жөнелді, - кеттік, неге тұрсың?
Исраилдың әлдекімді алдағыны, тым асыра сілтеп сөйлегені болған емес. «Барды – бар, жоқты – жоқ» деп айтатын өзіндік ұстанымына қашан да берік. Мұғалімге сабақ оқыған-оқымағанын ашық айтып, кешірім өтінгеніне талай рет куә болғанбыз.
Анасы Мағрипа жалғыз ұлының бетін қайтармай, айналып-толғанып жүретін жарқын жан. Балалық шақтың қызығына тоймай таңертеңнен кешке дейін жұбы жазылмайтын екеуімізді түс ауа үйге шақырып, тәтті-дәмділерімен шәй ұсынатыны, қос құлынына жүзінен нұр төгіле қарап отыратыны әлі көз алдымда. Сосын қайта ойынға асыққан ұлын маңдайынан иіскеп, «Менің Исам сол!» деп еркелететін.
Бір күні Исраил екеуміз қой кезекке шықтық. Жаздыкүнгі қой кезек дегеніңіз тас төбеңнен қасқайып тұрған ыстық күннің астында, қапырық ауаны кешіп, иығың салбырап, көлеңке іздеген қойлармен бірге кешке дейін салпылдау еді. Бірақ Исраилмен бірге шыққан соң ба, ауа-райы өзгеріп шыға келді. Бір шөкім бұлт күннің көзін көлегейлеп, самала жел соқты да, жаңбырдың жан сарайын ашатын жұпары мұрын қыдықтады. Қойлар да жайбырақат жайылып, көк жүзінде бозторғайдың тамылжыта сайрағаны қалықтады. Біз көрпеленген көк шалғынға шалқалап жатып алып, оқуға кететініміз жайлы әңгімелестік. Қаланың тоқтаусыз қозғалыс билеген өміріне араласатынымызды елестетіп, тіпті бір колледжге оқуға түсу керек деп шештік. Ол күнгі екеуіміздің әңгімеміз сан қиырды шарлады.
Исраил, осы сенің әкең қайда? – дедім, аспаннан көзімді алмай жатып.
Менің әкем жоқ...
Сонда қалай, қайтыс болған ба?.. – жанды жеріне тиіп кеттім бе екен деп бетіне қарап ем, сабырлы жүзінен ешбір эмоция көрінбеді.
Жоооқ, қалай айтсам екен, мен әкесіз туғанмын. Менің анам өзінен-өзі жүкті болған, сосын мен дүниеге келгем – деді ол.
Олай болуы мүмкін емес қой, сенің әкең міндетті түрде бар. Әйтпесе сен қалай пайда болдың? – деп таңғалдым, – Сен болашақта өз әкеңді тауып алу керексің...

Біз бір колледжге түсе алмадық. Жағдайы жетпегендіктен Исраил құжаттарын басқа оқу орнына тапсырды. Бірақ жыл өтпей-ақ ақша төлемегендіктен оқудан шығып, ауылға барғысы келмей, қалада қалып қойып еді.
Бірде екеуіміз арнайы жолықтық. Ол діни білім алғысы келетінін, бірақ ондай мектеп Қиыр шығыс жақтағы бір мемлекетте, онда ақысыз-ақ оқи беруге болатынын ұзын-сонар әңгіме қылып, тереңде жатқан сырларын қозғаған еді. Жүрегіндегі дінге деген оң көзқарасын жасырмай, жолы түсетін болса ештеңеден тайынбайтынын да жайып салды. Бұл кездесуден соң ол бақандай бес жыл бойы қара жұмысқа салынып, біраз қиыншылық көрді. Кейін кездескенімде тапқан таянғаны тамағына, жүріп-тұрғанына жетпейтінін, ауылға кететінін үзіп-жұлып жеткізген-ді.
Бірер айдан соң Мағрипа апай менің жалға алып отырған пәтеріме жалғыз ұлын іздеп бас сұқты. Сол күнгі ауылдан әкелген базарлықтарын дастарханға жайып, менің жұпыны жағдайымды гүл-гүл жайнатып жібергенін қалай ұмытайын?! Екеуден-екеу отырып шәй іштік. Мен ол кезде Қарағанды Мемлекеттік университетінде психология мамандығын оқып жүргем, сондықтан шығар, бәлкім кеудемдегі бала күннен бері жауабын таба алмай жүрген сұрақтар маза бермеді ме, Мағрипа апайды әңгімеге тарттым.
Апай, осы Исраил әкесін таниды ма?
Ә, әкесін бе? – сұрақты қайталап өзіңе қайыра қоятын, сосын барып жауапқа көшетін баяғы әдеті қалмаған екен, шәйін сораптап ұрттады да, - оның әкесі жоқ, қарағым... – деді жайбырақат.
Бұлай болуы мүмкін емес қой, маған Исраил айтқан, анамның өзінен-өзі аяғы ауыр боп, дүниеге келдім деп.
Мүмкін емес дейсің бе?! Құдайдың шексіз құдыретті екендігіне күмәндісің бе сонда? Мариямның Иса пайғамбарды әкесіз-ақ дүниеге әкелгені өтірік дейсің ғой. Солай ма? – деді де, жанарынан от ұшқындап, маған тік қарады. Мен ақталатын сөз таба алмай бірер сәт қипақтап отырдым да, ұйыған үнсіздікті бұзғым келмесе де:
Сонда... – деп бастай беріп ем,
Жоқ, ол пайғамбар емес... – деген жауап алдым.
Мағрипа апай терең күрсініп алып, баяу үнмен сөйлей бастады. Мен оның дауысынан Оргонның үнін, құдайдан дұға тілеп жатқан әр түрлі ұлттардың әуендерін естігендей болдым.
Исраилдің бұ дүниедегі жанына жақын тартып, жан досым деп жүрген жалғыз адамы өзің. Сені тек қана дос емес ағасындай, інісіндей көретіні рас. Мен баламды «Сені құдай өзі берген, әкесі жоқ ерекше балалардың бірісің... Өзімнен-өзім жүкті болардың алдында түс көрдім. Түсіме аппақ арғымаққа мінген ханзада келді, сосын мені әйелдікке алып, құшағына басты... Таңертең құрсағыма сен біттің... Сенің әкең сол ханзада» деген ертегімен өсірдім. Кішкентай Исраил бұл оқиғаны бала кезінде әркез сұрап, қайталап тыңдай беретін, тыңдай беретін... Өзінің ерекше жаратылыс екендігіне шүбә келтірмеуші еді. Ес жиып, есі кірген соң «мүмкін емес» дегенді шығарды. Ол енді бала кездегі ертегіге сенбейтін болды. Бәрін жайып салайын десем батылым жетпейді. Қалай айтамын?! Қай бетіммен айтамын?! Мені қараңғы бұрышта күтіп тұрған, кім екені, түрі, жасы, ұлты, діні белгісіз біреу, мүмкін бірнешеуі соққыға жығып, зорлап кетті деймін бе? Әлде жас болып, мас болып жүріп кімнен жүкті болып қалғанын білмей қалдым дейін бе? Не деймін? Одан да оған айтпай-ақ қойғаным жақсы. Айтпаймын балама, шындықты қабылдай алмай, тағдырына кесірім тиер деп қорқамын. Сен де айтпа оған. Осы бір әдемі арманымен өмір сүре берсін...
Мағрипа апай көзіне жас алып отыр екен. Менің аузыма сөз түспеді. Исраил келген соң болмашы дүниені сылтауратып, көшеге шығып кеттім.
Содан бері Мағрипа апаймен жүздескен жоқпын.
Адам өткен күннің елестерімен жиі ұшыраса беретініне уақыт ұйығы кінәлі. Ол айналып соғып, қалай қашсаң да сүрген сәттеріңді алдыңнан алып шыға береді. Ондай кездері өмірдің алақұйын атырабы — кейіпкерлер сахнасы емес пе деп ойлап қаласың.
Ұлын қалада адастырып алған Мағрипа апай дүкеннің ішіне кіріп бара жатыр.
Мен оған:
Ұлыңыз діни білім алу үшін араб елдерінің біріне кетіп қалған ғой - деп айтқым келді.
Мен оған:
Екі-үш жыл бұрын қала көшелерінің бірінде ұлыңыздың мас болып, «Мен – Иисуспын!» деп айқалап жүргенін көріпті – деп айтқым келді.

ЖАЗУШЫ ЖАЗБАСЫ

Оның тақ-тұқ етіп жүрген дыбысы бірінші қабаттардан басталып, үшінші қабаттағы мен жалға алып отырған қоңыр есікті пәтердің алдына дейін келеді де, әлсіз жаңғырығып алып жоқ болады. Сосын бірер сәт тың тындағандай демін ішіне тартып, қимылсыз тұрған әрекетімен іштей арбасасың. Сәлден соң, саусағының ұшымен батылсыздана есікті тықылдатқаны естіледі. Қоңыр есікті көп кешіктірмей ашамын. Ол маған назарын аудармастан өз үйіне келгендей рұқсатсыз еніп, жазу үстелімдегі шимай-шатпақтың кейбірін құлықсыз алды-артын аудара қарап, оқыған болады да, күндегі әдеті бойынша төсекке келіп жайғасады. Мен есікті кілттеймін де, жазу үстелімнен бір мүштік темекі алып, терезеге жақындаймын. Осы кезде ол күндегі әдеті бойынша:
- Сен неге менің тағдырымды ойыншық қыласың?! – деп өзінен-өзі ұрыс бастайды. Күнде қайталайтын бұл әрекетіне таңдануға болмайды, себебі, әу баста солай жазылып қойған.
Алғашында бұл сұраққа әр күні әртүрлі жауап айтып, көңіліндегі түйінді шешкім келген, кейін бұным бос әурешілік екенін түсіндім. Сондықтан ең дұрысы – жауапсыз қалдыру. Ол бейқамдық суреті салынған бет-әлпетіме қарап тіпті ашуланып, жылай бастайды, бұл да дағдыға айналған әрекет. Бастысы көңіл аудармау керек. «Сен біздің маңдайымызға тағдыр жазатындай кімсің?» - дейді ол, өксікке тұншығып, - «Менің өмірім — маған тиесілі!» Кей-кездері жылағаны күлгенге ұқсап кетеді, ондай сәттерде ол өз тағдырына ішек-сілесі қатып, күліп жатқандай болады.
«Сен өзіңді кіммін деп ойлап жүрсің?»
Жылайды, шыңғырады, күледі, қайта жылайды. Күнде қайталанатын оқиға. Иә, осылай өзім жазғам. Басқалай болуы мүмкін емес. Рахат емес пе?! Мен бұдан ләззат аламын. Құрсағындағы төрт-бес айлық нәрестесін ұрғылып, мені қарғайды-ай кеп. Шарасынан шығып кетердей алақтаған жанарына қан құйылып, жаныма жетіп келеді де: «Сұмырай!» «Қатігез!» «Өлтір мені!» деп айқайлайды. Иә... Мен ләззат алатынмын. Қандай сәттер еді?!
...Енді қолжазбаның барлығын өртеу керек.

* * *

Бұл оқиға жаздың бас кезінде санамда ысылған оқиғалар желісімен соры сопақ астаудай бес-алты беттік әңгіме жазбақ болған сәтте басталды. Әңгімедегі кейіпкерлерім шынайы болу үшін оларға ұқсайтын адамдарды маңайымнан іздейтін жаман әдетім бар еді. Шыны керек жігітті іздемеген жерім жоқ: вокзалды торуылдадым; базар аралап, дүкендерді кездім; автобусқа мініп әрлі-берлі шарладым; бір жігітті ептеп ұқсатқан едім, бірақ мінезі келмеді. «Қарлығаш» аялдамасында тұр едім, жанына нәзік жанды аруын ертіп, алдымнан өтіп барады, алғашқыда таптым-ау деп қуанып, тұлғасын қызықтап, сыртынан бақыладым. Сосын мінезін байқайын деп жанына бардым да, әдейі иығыммен қағып өттім. Ол болса жағама жармасқаны. Жоқ, Данияр (менің кейіпкерім) дәл мынадай қылыққа бармас еді.
Екі күннен соң саябақта басқа жігітті кездестірдім, қызының қолшатырын іздеп жүр екен. Түр-тұлғасы келеді. Дегенмен, дауысы тым нәзік, сенімділік жетіспейді. Төбелеске шақырып, тарпа бас салып ем, кешірім сұрады да, көзімен жер сүзген қалпы қолшатырын сылтауратып, жедел кетіп қалды. Қорқақтық – қатігездіктің анасы емес пе! Сірә, қатігез шығар. Менің санамдағы кейіпкерім қатігез емес, ол – сабырлы және кешірімді болу керек.
Жігіт таппай табаным тозған соң, кейіпкер қызды іздеуге көштім. Заман талғамды ма, әлде менің талғамдылығым жоғары ма, әйтеуір, бұл әрекетімнен де түк шықпады. Әңгіме кейіпкеріне ұқсайтын адамды табу, тапқан күннің өзінде оның кейбір мінездерін игеру бірақ уақытты қажет етеді. Ал алқымыма тығылып, түсім түгілі өңімді иеленіп алған оқиға желісі маза берер емес. Еріксіз жедел жазуға отыруға мәжбүр болдым. Бұлай жүре берсем науқастанып қалатыным бар.
Жалға пәтер алдым. Жалғыз бөлме. Диван, жұпыны үстел, төр жақта жалқы төсек, циклоптың жанарындай жалғыз терезе, алдында аулаға қарап екі-үш гүл тұр. Пердені жууға алып кеткен екен. Бұрыштағы істен шыққан теледидардың қарашығынан өзімнің сопайған кескінім сығалайды. Және жылт етіп бір бейне көрінді. Жан-жағыма қарадым, ешкім жоқ сияқты. Қабырғада қонжықтарымен ойнаған аюдың суреті ілінген.
Пәтер үшінші қабатта. Қаланың бұл маңы аса тыныш екен. Оны үй иесі, жер ортасы жасқа келген кемпір айтты. Ананы-мынаны шұқылап жүріп пәтерді жалға алғысы келген әлдекімдер телефон соққанын, жазушылығыма қызыққандықтан ғана маған рұқсат беріп отырғандығын, көрші маңай жайын, сосын тұтас ықшам ауданның мәселелерін әңгіме қылды. Мұнысы пәтерін мақтағаны болар деп сөзін бөлмедім.
- Жазушы болу дегеніміз – жазықсыздардың жанын жалдау емес пе? Жазғандарыңды маған оқытуға тастап кет, жарайма, балам? – деді кететін кезде.
Тез құтылғым келгендіктен, шыбындаған аттай басымды шұлғып:
- Жақсы, жақсы – дей салдым. Жазылған дүниенің ыстығы басылмай ешкімге де көрсетуге болмайтын «шығармашылық заңдылықты» түсіндіріп жататын уақыт жоқ.

* * *

Жалғыздықтың даналыққа апаратыны күмәнді. Жалғыздық деген – қалың ой, өзіңмен арпалысу, өзіңе көз салу, жаныңды қопару. Кейде сол жалғыздықтан қорқасың. Себебі, ол бет-бейнеңді көз алдыңа әкелетін айна іспетті. Айнаның қай жағы ақиқат екенін шатыстырып алуың мүмкін. Ондай кездері өзіңмен өзің сөйлескің келеді. Сұрақ қоясың, жауабын өзің айтасың. Ойла келе ол жауапқа қарсы уәж де табылады. Қарсы сұрақ қою керек. Осы сәтте неге дәл бұл сұрақты қояйын деп тұрмын деген ой келеді. Өз жаныңның мәселесін аңғару дегеніміз – осы. Бұл – өмір мәнін жоғалтудың алғышарты.

* * *

Әңгімемді тыныштықта жазу үшін үй жалдап алуды баяғыдан бергі әдетім. Үй иесі кетісімен киімімді ауыстырдым да, іске кірістім. Алдымен бөлменің жиһаздарын жазуыма мейлінше бөгет болмайтындай ыңғайластырып алу керек. Көп ойланбастан шеткері тұрған сүйегі ауыр ағаш үстелді кәкір-шүкірінен босатып, дарылдата сүйреп, төбеден салбырап тұрған солғын шамның астына, бөлменің ортасына қарай, терезеге қарама-қарсы орналастырдым да, үстіне қағаздарымды, күлсалғыш, екі-үш қаламды ұқыптап жинап қойдым. Қараусыз қалған ескі бұйым кәдімгі жазу үстеліне айналып шыға келді. Сосын осы бір көрініске қызыға көз тастап, диванға жайғастымда, үлкен ойға шомдым. Бұл шығармашылық демалысты ұйымдастыру үшін бірнеше күн дамыл таппай, әбіден шаршап қалған екем, сәлден соң жапқышты жамыла сап, ұйықтап кетіппін.
Түн ортасында қыздың жылаған дауысынан ояндым. Басымды көтерсем ол терезе жақтағы төсекте басын төмен салып, тізесін құшақтап отыр екен. Ұйпа-тұйпа шашы бетін жасырып, тізесіне төгіліп жатыр. Ескі көйлегінің кей жері жыртық. Оқыстан басын көтеріп, жанарымен жаншып тастайтындай. Көзі қандай екен? Қорқынышты фильмдегідей тұтас қап-қара болса ше? Қойныма жылан салып жібергендей денем мұздап барады. Ең дұрысы тыныш жата беру; өтірік ұйқысырағандай болып қозғалақтап, диванның арқалығына қарап жатып алдым. Көзімді тарс жұмып, енді келуін күтіп ем, келмеді. Құлағымның түбіне демалып, қан ұйып қалған көздерін таңдана жұмып-ашып, шашымды иіскеп, мен қозғалған сәтте бұрышқа дыбыссыз жетіп барып, отыра қалатын шығар деп ойлап жатқанда қайта ұйықтап кетіппін. Сол түні үйде жалғыз еместігімді түсіндім.
Таңертең оянып алып, түндегі оқиғаның не өңім, не түсім екен айыра алмай ойым онға бөлініп, санам сарсаңға түсті. Пәтердің теріскейге қараған терезесі көңілсіздік көлеңкесімен күресе алмай, бөлмені еңсеңді езетін мұң көмкеріп тұрды. Бұндай кездері қозғалмай жата бергің келді. Жоғарғы жақтағы төсекте түндегі қыз әлі отырған сияқты. Мен ояндым дегендей тамағымды кернеп алдым да, басымды жайлап көтеріп, төсек жаққа қарадым. Ешкім жоқ екен. Жүрегім орнына түсті.
Бұдан кейін ол қызды тағы екі рет анық көрдім. Бірақ қателесуім де мүмкін. Екінші байқағаным былай болды: шатаспасам жазуға отырған алғашқы аптаның соңғы күндері. Таңертең әдеттегідей тамақтануға шыққанда әңгіменің ауанынан арыла алмай жүріп, есік кілттеуді ұмытып кетіппін. Есіме түсіп қайта бардым. Баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда аңғардым, кілт салатын тесіктен қап-қара көз жылтылдап қарап тұрды. Мен алғашында орнымда бөгеліп қалып, сосын түк байқамағансып бардым да, есікті кілттедім, сосын жедел баспалдақтарға қарай ұмтылған едім. Содан бастап пәтерге көтеріліп келе жатқанда кілт салатын тесікке қарамайтын болдым. Мүмкін ол қарап тұрған шығар...
Соңғы рет өрттің ішінен көргем.

* * *

Жазайын деп жүрген әңгімемнің желісі Нұргүл деген қыз жайлы еді. Мүмкін хикаят та боп қалар. Оны енді жазылу барысында көремін. Негізгі қаңқасы жасаулы тұр. Түс пен өңнің арасындағы адасу туралы болмақ. Нұргүл — он жетінші көктемінде ауылға қыдырып келген қалалық жігітке алданып, ересек өмірге енді аяқ басқан бойжеткен. Болашағына деген қорқыныштан арыла алмай жүрген кезі. Бір күні ол түс көреді. Түсінде көрші үйдің иттері қуып келе жатыр екен. Қан көпіріктері ағып, арсылдап кеп, енді қабайын деп жатқанда, сол маңнан өтіп бара жатқан сыныптасы Данияр оны құтқарып алады-мыс. Ауылдың қойын бағатын, қара торы, қашан көрсең жұпыны киініп жүретін Даниярды ауыл қыздары менсінбейтін. Бұл оқиғадан соң Нұргүл «құтқарушы» сыныптасымен ауыл шетіндегі өзен жағасында серуендеп, кірпік астымен зерттей бастайды. Және қарапайым қойшы баласының көздерінен керемет тұнықтықты, жылылықты, есін білгелі әкесінен көрмеген мейірімділікті сезініп, сергелдеңге түседі. Енді қараса екеуі аппақ гүлге оранған қырда аспанға қарап, армандап жатыр. Данияр бала кезден бері сақтаған сырын ашып, Нұргүлды сүйетінін айтады. Екеуі бір-бірін жаңа көргендей қауышып, рауандап атып келе жатқан таң шапағына шомылып аймаласады екен дейді. Содан түсінде Нұргүл ес-түссіз Даниярға ғашық болады. Асау аттай тулаған жүрегі кеудесіне сыймай, ғашығын құшып: «Данияр, алыстан іздеген бақытым мұншалық жақында жүргенін көрмеген соқыр екенмін, мен сені ...» деп, ағынан жарылар сәтінде анасы оятып жібереді. Ұйқы құшағынан жүрегі дүрсілдеп оянған Нұргүл бұның бәрі түс екенін түсініп, ешнәрсені көңіліне алмастан, әдеттегідей оқу құралдарын жинастырады да, мектепке шығады. Дәл осы кезде түс пен өңнің арасында келе жатқан Нұргүлге көрші үйдің иттері тап бермесі бар ма? Жаңа ғана көрген түстегідей. Жанұшыра қашқан қызды, иттер одан сайын өршелене қуа жөнеледі. Ішіндегі ала төбет екі секіріп, Нұргүлды жығып алады да кеудесін екі аяғымен басып, бетіне төніп, ырылдап, енді қабатын сәтте «қанқ» етеді де, оң жаққа қарай құлайды. Жанарын жас жуып, өзінің өкісігіне өзі тұншыққан Нұргүл тек көз алдының бұлдырап бара жатқанын сезеді-мыс. Есін жиса Даниярдың құшағында, ағыл-тегіл жылап жатыр. Данияр болса «жаным-ау, жыламашы енді, жаным, жыламашы...» - деп жұбатып әлек. Нұргүл болса, жігіттің құшағына одан сайын ене түсіп, одан сайын өксиді. Ол өзін соншалықты қорғансыз сезініп, сол қорғансыздығының дауасын Даниярдың құшағынан тапқандай болады. Сосын жастарын сүртіп, құтқарушысынан көз алмай: «Данияр, мені қорғашы, мен сені түсімде көрдім, мен саған ғашықпын!» - деп айтуға оқталып жатқанда анасы ұйқысынан тағы оятып жібереді. «Жын қақты ма ей, жылап жатқаны несі? Бар сабағыңа!» деп зекіп жатыр екен. Түсі ме, өңі ме?
Осы кезде оқырман санасына психологиялық таластар мен миға шабуыл әдісін қолданамын. Керемет әңгіме болады.
Қыз қорқып үйден шығады. Жо-о-оқ, көрші үйдің иттері кездеспейді. Аман-сау сабағына барады. Тек әлдене өзгерген, Даниярдан жанарын жасырып, өзімен-өзі арпалысып жүр. Бір жағынан тағы оянып кетіп, жүрегіндегі қауыз жарып келе жатқан сезімі түсінің ішіндегі түс болып шығар ма екен деген күдік, күдік емес – қорқыныш; екінші жағынан, түндегі тәтті сәттерді аңсаған көңілін жегідей жеген жалғыздық. Оның Даниярға деген көңілі түбегейлі өзгерген. Бүгінгі түс – махаббатты зұлымдық ретінде қабылдап, сезімнен жерініп қалған тәнді жібітіп, Нұргүлді өмірге қайта әкелгендей болды. Оның көз алдынан Даниярмен аймаласқан сәттер кетпей қойды. Ешкім көңіл аудармайтын тұйық қойшының ұлында ең асыл, ең қадірлі мінез қырлары бар екен. Шындығында іздеген бақыты алыста емес, көрші партада отырғанын түсінеді.
Сабақтан шыққан соң ауыл шетіндегі өзенді жағалап, жалғыз өзі серуендеп келген Нұргүл үйге кіре сап кешкі би алаңына баруға дайындалады. Би кешінде өзі алғашқы қадам жасап, ғашығын биге шақырады. Нұргүл өзіне ғана таныс, түсінде сезінген тәтті сезімнің өн бойын баурап, өмірі түрлі-түсті бояуларға өзгеріп бара жатқанын сезеді. Ішінен қайта-қайта «бұл менің түсім емес, бұл менің тағдырым» деп қайталай бергені де сондықтан. Сосын ғашығынан қараңғыдан қорқатынын, үйге дейін шығарып салуын өтінеді. Сол түні Данияр да бар сырын айтады-мыс. Айтқанда қандай, бала кезінен том-том романдар оқып, кітаптар әлемінде өмір сүрген ол Нұргүлді таңқалдырды. Екеуі табысып, аспанда жаңа жұлдыз пайда болған сынды — жаңа кішігірім әлем дүниеге келді. Түнде ыстық құшақтар, таң ата қимас қоштасулар.
Олар мектепті тәмәмдап бірі жұмыс істеу үшін, бірі оқуға түсу үшін Қарағандыға келеді...

Осы жерге дейін жазып келдім де, тосын жағдайға тап болдым.
Алғаш екеуінің кездесуін жазып жатқанда ашық тұрған тереземнің сыртынан жігіт пен қыздың әңгімелескен дауыстары еміс-еміс естіліп тұрды. Жазуымды тоқтатып, тың тыңдап ем, ерегіскендей ауыздарын ашпай қойды емес пе? Жаза бастасам қайта сөйлейді. Сыбыр-сыбыр, күбір-күбір.
Ертеңінде Нұргүл мен Даниярдың балалығы ұстап, бірін-бірі қуып, ойнап жүрген сәттерін жазып жатсам, кешегі екеу тағы тереземнің алдына келіп, теңгенің сыңғырындай күлкісін шашып, асыр салып ойнасын кеп.
Үшінші күні қалалық алдап кеткен жігіт Нұргүлге кеп, Данияр екеуі ұрысып қалуын жаздым. Қызығы, әлгі белгісіз екеу тура менің тереземнің алдына келіп ұрыспасы бар ма?!
Бәрін түсіне қойдым. Бұлар — менің әңгімемдегі кейіпкерлер. Не істесем екен?! Қалай болғанда да эксперимент керек. Осы оймен әлгі қалалық жігітті Даниярмен кездестірмек болдым. Өз кейіпкеріңмен ойнау деген аса қорқынышты. Себебі әңгіменің ішінде өзің де жүресің. Яғни, бұл оқиғалар мені де айналып өтпейді. Олардың әсері өзіме де тиеді. Аса сақ болу керек.
Мен әңгімемемді былай жалғастырдым:
«...Жұмыстан келген Данияр пәтерінің есігі алдында жатқан хатты алып, асығыс көз жүгіртіп шықты. Сосын жалғыз парақтан тағдырын оқып шыққандай, есеңгіреп, қалтасынан кілтін алып, сұрықсыз тартқан пәтеріне енген. Әп-сәтте кеудесін мұң қауып, жанарын енді қайттым деген шарасыздық сұрағы тұмшалады. Хатты қайталап оқымады да. Данияр әлдекім ұйымдастырған ойынға тап болғанын іштей сезді, бірақ оның нақты кім екенін ойлағысы келмеді. Себебі барлық жолдар «тағдыр» атты сөзге келіп тұйықталады... Данияр өзімен-өзі күбірлеп, «...егер барлығы мен күдіктенгендей болса, бұл ойымның өзі бір жерде қағазға түсіп жатыр. Яғни, ол — менің ойым емес...» -деді.»
Бұдан артық жаза алмадым.
Енді не істер екен?
Ертеңінде Даниярды күттім, ол кеш қарайғанда әңгімемде жазылған жерге, тереземнен алақандай боп көрінетін алаңға келді. Таң ата әлгі қалалық жігіт достарымен келіп, қатты соққыға жығып, бағана шамының астында өліммен қауышты.
Ал Нұргүл мен ойлағаннан да мықты боп шықты. Ол Даниярға жазған хатымды тауып алып, жарты айдан астам сол алаңқайдан шықпай қойды. Таң атқанша табылжымайды өзі. Бір күні бөлмеме кіріп келмесі бар ма?
Отырыңыз... – дедім.
Неге сіз мені түнімен аңдисыз?
Мен жазушымын. Бір әңгімені жазып бастап ем... Аңдып жүр деп ойлайсыз ба? - ақталуға сөз таба алмай қалдым. Бөлмеде үшінші адамның болғаны қандай жақсы деген ой келді.
Біздің тағдырымызды жазып жатырсыз ба?
Тағдырларыңыз лауһуль мағфуз тақтасына жазылып қойылған, менікі қайталау шығар... Қайта жазуға болады деп ойлайсыз ба? – қарсы сұрақ қою қарым-қатынасты тым күрделендіретіні белгілі ғой. Осы сұрақты қоймай-ақ қою керек еді.
Оны аман алып қалуға болар еді ғой?!
Өлім мәңгіліктің дүниеге келуі емес пе? – дедім күмілжіп.
Сен Даниярды өлтірдің... Солай ма?
Данияр өмірде болған ба, жоқ па? Әлде түс пе бәрі, барлығының жауабы осында жатыр. Түс пе, өң бе? – бұл сұрақты өзіме де қойдым, жауабым жоқ. Нұргүл керемет әдемі екен, жазғанымнан да сүйкімді, ойлағанымнан да керім. Мен оның мұншалықты көркем екендігін жеткізе алмаған екем ғой!.. Сонда ойлап тапқан кейіпкерім менің қиялымның ғана жемісі емес болғаны ғой?! Оның дүниеге келуіне басқа кімнің әсері болуы мүмкін? Мүмкін мен де біреудің кейіпкері шығармын. Жазып жатқан бұл әңгіме де соның идеалары. Тіпті осы ойларымның өзі бір жерде қағаз түсіп жатқаны ғой.
...
Иә, мен сізді аңдығаным рас – дедім, өз ойымнан арыла алмай, алғашқы сұраққа қайта оралып, - бұлай болады деп жоспарламаған едім. Мен сізді өзім жасап алғам, сіз мені қайдан тауып алдыңыз?
Біздің тағдырымызды қайта жазуға, түзетуге болады ғой сонда...
Даниярды аман алып қалу мүмкін емес еді, оның таңдауы өз қолында болды. Менің де қолымда емес.
Сіз бізді жазып жатырсыз? Қалай қолымда емес дейсіз?
Мен сіздің бұл үйге кіріп келетініңізді жазған жоқпын... Мен сізді өлтіре де алмайтын болғаным ғой...
Өлім жайын сіз айтпаңызшы...
Ал Даниярды мен өлтірдім...
Бұның бәрі түс деңізші! Оятыңызшы мені!
Маған өлтіртті...
Ол шыдамай булығып жылап, есікті тарс еткізіп шығып кетті. Мен қағаз бен қаламнан басымды көтермей отыра бердім.
Содан күнде келетін болды. Айқай-шу, ұрыс. Мен жазу үстелімнен қозғалмаймын.
Жаз бойы өңдіріп ештеңе жаза алмадым.
Бір күні әдеттегідей сырттан кешкі тамағымды ішіп, асықпай баспалдақпен пәтеріме көтерілсем, есік ашық тұр. Жазбаларымды ойлап, ішке жүгіріп ендім. Бөлменің астан-кестені шыққан. Қауырсындай шашылған парақтар, құлаған кітап, көрпе жастығыммен қоса төңкеріліп жатқан төсек. Жазу үстелімде әңгімемнің күнде-күнде өшіріп, қайта жазатын парағы ғана қалыпты, бетінде: «Ұйқыдан оян...» деген жазу тұр. Нұргүл өзі жаза алмайды. Себебі ол — кейіпкер. Кім жазды сонда? Бұл кімнің әрекеті?!
Әттеген-ай, жылағанынан, шашын жұлып шыңғырғанынан ләззат алушы едім, рахаттанушы едім.
Көрпе-жастық, үстел, жазбалардың бәрін бөлме ортасына үйдім де, астынан от тұтатып, шығып кеттім. Баспалдақтан түсіп бара жатқанда есіктен әлгі қыздың қарап тұрғаны сезілді. Бірақ артыма бұрылған жоқпын.
Өртеніп жатқан үшінші қабаттағы пәтерге аялдама жақтан қарап тұрғанда, терезеден далаға ұмтылған жалыннан қыздың толық бейнесі көрінді. Ол аласұрып, айқайлап, аузынан от бүркіп жатты.

АВТОПОРТРЕТ

Живопись – занятие для слепцов.
Пабло Пикассо

Суретші бүгін өз автопортретін салмақшы болды. Тақтасын дайындап, қарындашын Buck Nobleman ұштағышымен ұштады. Студент кезден келе жатқан ескі бұйымның жүзі қайтқан ба, әлде шеберлігі сыр бере бастаған ба, қарындаштың грифелі қайта-қайта сына берді. Ұштағышты орындықтың таянышына кезек жанып, ұштады-ау, әйтеуір. Ол сурет салуды бастамас бұрын, әдеттегідей тулақтай полодноны көз мөлшерімен ұзындығын үшке, енін екіге бөлді. Енді өзінің дәл қазіргі кескін-кейпі қандай екеніне ой жүгіртіп, қарындашпен басын қасыды. Сосын «келбетім келісіп тұрған жоқ шығар, сірә...» - деді, өзімен-өзі сөйлесіп.
Пәтерде айна деген атымен жоқ еді. Суретші оң қолындағы тыртықтың тегіс терісін сұқ саусағымен сипап өтті: үш ай бұрын, әйелімен ажырасып келген күні, жуынатын бөлмедегі айнаны ұрамын деп жаралап алған естелік тыртық. Қабағы қатулы, көзі үңірейген, қанын ішіне тартқан адамның айнадан қарап тұрғаны ызасына келген еді. Өз келбетіне не үшін ашуланғанын да білмейді. Соншалықты мас та болған жоқ. «Сен маған бөтенсің! Танымаймын сені! Не қарайсың, әкеңнің ауызы!..» - деп жұдырығымен айнаны ұрып қалған. Қолы қатты жараланды. Үш ай дегенде әзер жазылды-ау. Айнадан бөтен адам боп көрінген өз бейнесін жүйкенің жұқарғанына теліп, көңіліне алмаған. Қолы ауырса да, бір жүктен құтылғандай жаны жадырап сала бергені де рас.
Мейлі, ол өзінің суретін айнаға қарамай-ақ салады!.. Ол үшін суретші тәнінен ажырап өз-өзіне сыртынан қарау керек.
Міне, мынау — сан алуан бояуымен жұмыс жасайтын суретшінің түссіз, сұрғылт бөлмесі, өзі дәл ортасындағы ескі орындықта арқасын тік ұстап, кербез отыр. Шашы өскен, сақал-мұртын алмағалы алты ай өткендей, жабағылана ұйысып, бет-пішініне салқындық ұялатқан. Тік мұрынды, бет сүйегі сәл шығыңқылау, ерні сақал-мұртының арасына біткен бөтен дене сынды салпиып шығып тұр. Жанары сынық, оң жақ көзі сол жағына қарағанда сәл қысық. Бірақ екеуін бірдей қып салу керек. Бала кезінен сағат атаулыны тақпаса да қолында сағат бар сияқты көрінді, - кішкентай жүрек тық-тық етіп тұрғандай. Түсі солғын киімінің әр жеріне жұққан бояулар суретшінің өзін де суретке айналдырып жібергендей әсер қалдырады. Еденде шашылған бос қалбырлар және бояулардың көз жасын сүртіп кірленген бірнеше шүберек қалдықтары жатыр; ол суретшіге әйелін еске салды; соның қалған-құтқан көйлектерінің бірі болуы мүмкін; әлде шеберханаға айналған пәтердің пердесі ме? Олай болса оны да кезінде әйелі сатып алған болу керек. Терезенің оң жақ қабырғасындағы үш қабатты сөренің үстіңгі екеуі ұсақ-түйек заттарға лық толы, астыңғы сөреде бір-екі аяқталмаған туындысы жансыз заттай қан-сөлсіз сұрлат тартып, бір-біріне сүйенген.
Кенет суретшінің қарындашы қарлығаш қанаты ұшындай қимылдап, ақ полодно бетін шимайлай бастады. Суретшінің көз алдында пәтер іші кемпірқосақтай сан алуан бояулар шашып, дүние шыр көбелек айналып жатқандай болды. Оған мұндай шабыт келмегелі қашан?!
Автопортретімді өзіме қарамай-ақ саламын! – дейді тісінің арасынан ысқырып: - мен керемет суретші емеспін бе?! Градация! Градация керек екен ғой!!!

Ол сыйқырлы сыры бар ғажап туындысын таң ата толық аяқтап, қалжыраған күйі төсегіне келіп құлады. Бір сәтте санасын торлап алған өрмекші-мұң сетінеп, арқасына танған тағдыр жүгінен арылғандай бойы жеңілдеп сала берген сияқты. Өмірі салмаған суретін кескіндеп, сол суретке өзінің жанын қоса салып жібергендей. Жастыққа басы тиген сәтте ұйқы періштесі суретшіні қанатына іліп, түстер әлеміне алып кетті.
Түсінде аппақ әлемде жүр екен. Аспан мен жер, қаңырап бос тұрған қала үйлері, жолдар, бағаналар, тіпті үстіндегі киімі де ақ түсті. Үп еткен жел жоқ, меңіреу тыныштық. Айналасына таңырқай көз тастап, көлеңкесінің жоқ екендігін де байқады. Енді бір қараса ол осынау аппақ әлемге қара бояумен сурет салып жүр екен...
Түс ауа біреу түрткендей селк етіп оянып кетті. Пердесі ашық қалған терезе әйнегінен құлаған күн нұры бөлме ортасындағы түнде салған суретке түсіп, «кел, көрейік» деп шақырып тұрған сияқты. Суретші автопортретіне барды да полодноның бетіне жапқан матаны аша берді...
Мүмкін емес...
Мүмкін емес....
Суретші көз алдында бірінен соң бірі өте бастаған бала күнгі оқиғалар тізбегін көріп, әбжыланға арбалып қалғандай қозғалыссыз тұр.
Мүмкін емес...
«Мұғалім ауырып қалды, үйлеріңе қайтыңдар...» деген қуанышты хабар, ауыз үйдегі бөтен аяқ киім және түкпір бөлмеде мына автопортреттегі адаммен аймаласып жатқан анасы. Арғы жағы тұманды, еміс-еміс елестер: анасы адам баласына тіс жарма деп ұрысып жатыр; мына суреттегі адам қалтасынан әдемі сағат алып шығып, «ешкімге айтпа, мен саған мынаны берем» деген сәт; «сағаттың иесін» әкесіне айтқаны; сотта әкесін таңдағаны, қалаға көшіп келгендері. Иә, дәл өзі! Мұрыны, көзі, бетінің пошымы да айна қатесіз! Бұл қалай болғаны? Сонда өзі, мына кескін-келбетімен «сағат ұсынған» адамға ұқсайтын болғаны ғой, әлде миының терең қатпарында жатқан бейнені санасыз әрекетпен салып тастаған ба? Бейсана әлеміндегі адам өзінің автопортреті болып алдында тұр. Иә, мұрным да, көзім де осындай болуы керек, кішкене әжім түскен шығар деп мына сызықтарды жібергем, шашымды қалыңдаттым... Тіпті қолына тағып қойған сағат та сол...
Суретші марқұм әкесінің жүзін еске түсіргісі келді. Сосын санасындағы сансыз ойлардың ішінде адасып, айнаға қарауға деген іштей қорқыныштың пайда болғанын жан-жүрегімен сезді.

ӨРТ

Еркебұлан биыл он алтыға келеді. Анасының «менің ұлым үлке-е-ен жігіт болды, бригадир Болаттың кенже қызын келін қып кіргізіп алсам ба екен?» дегеніне мәз болады. Бір жақ бүйіріне қарай майысып, ұялғанын білдіреді де, мойнын созып, сойдақ-сойдақ тістерін көрсете ыржияды. Анасы болса, шайқап жатқан қаймағынан көзін алмастан даусындағы дірілді білдіргісі келмей: «Айтқаным айтқан, бригадирдің қызынан басқа ешкім керек емес! Бар, малдарды жайлап кел...» - дейді.
Қоңыр күздің бейуақ мезгілі. Өз-өзіне риза болып, қора жақты бетке алған Еркебұлан самал желмен жеткен түтіннің иісіне мұрнын тосты да, көкке қарады. Батып бара жатқан момақан күннің көк аспанға шашып жіберген сары бояуы сүт пісірім уақытта ескіріп, қоңырқай тарта бастаған екен. «Біздің ауылға күз келді...» деп ойлады Еркебұлан. «Күзде адамдар үйлерінің маңайындағы қоқыстарды өртейді. Балалар мектепке барады. Олардың киімі қандай әдемі! Неге мені мектепке қабылдамайды екен? Өткенде апам ертіп апарғанда директор: «...әлі де оқуға дайын емес, қазіргі бағдарламалар өте ауыр, қабылдай алмайды, қалай дегенмен кеш қалып қойды. Балалардың оқуына бөгет болады, кешіріңіз... Он алты жастағы жеткіншекті жеті жасар балалармен отырғыза алмаймын ғой... » - деп еді. Неге олай айтты екен?
Неге мен қабылдай алмау керекпін?! Апам «сен ешкімнен де кем емессің!» – дейді емес пе? Мен емес, Рая апайдың өзі жаман!
Жамансың, сен, Рая апай!..»
Еркебұлан өз ойымен өзі алысып тұрды да, еміп біткен бұзауларды орнына қамайын деп, «Әйт-шу, әйт!» деп еді, жайбырақат күйіс қайырып тұрған енелеріне бірі де мойын бұрмастан, күндегі үйренген әдетімен ағаш шарбақтың ішіне емін-еркін еніп кетті.
Көңілсіз ауыл Қарабиік қырқасынан сығалаған күнге сығырайып қарап, демін ішіне тартып тұр. Алдағы алты ай қысқа сақадай сай. Отын-суы дайын. Көрші Жұмаштың үйі ертеңгі борандарда қар ұстамасын деп, ат бойымен бірдей қаңылтыр қоршауының қақпасын алып тастапты. Әр қораның төбесінде шөмеле-шөмеле шөп үрпиіседі. Үйлердің бақшасынан шыққан түтін жер бауырлай жайылып, ауылды сиқырлы мекенге айналдырғандай. Ауыл жер мен көктің ортасында қалықтап тұрған ертегідегі сиқыр тұтқынындағы мекенге ұқсайды.

* * *

Еркебұлан бүгін тағы ұйықтай алмады. Әлдеқайдан пайда болып, сай-сүйегінді сырқыратып шыңғыратын үн тамұқ түн аспанын қайта-қайта жарқ еткізіп, найзағайдай тіліп өтеді. Қара аспан қарс айрылады. Сосын әлдебір түсініксіз жануар төсегіне секіріп мініп, аяғына еркелей сүйкеніп, тырнақтарын батыра тырнап, кеудесіне шығады. Не алып тастай алмайсың, не қозғалып тұрып кете алмайсың. Кеудесін сұп-суық мұрнымен түрткілеп, мойнынан тікенек тілімен жалайды. Бетіне кеп төнеді. Сосын тағы да жалғыздық бөлмесін жаңғыртқан үн тосыннан жасалған соққы сынды жарқ ете қалады. Не өңі емес, не түсі емес. Жыл сайын күзде, кейде көктем мезгілінде, әсіресе құстар ұшып келіп, ұшып кетіп жататын күндері осы жан дерті Еркебұланды қатты қыспаққа алады. Биыл тіпті есін тандырды.
Ол жеңіл киініп далаға шықты. Қора жаққа бара жатыр еді аспанды қаққа айырып, тағы да жарқ еткен үн жүрелетіп тастады. Шарбаққа арқасын сүйеп, басын қос қолымен қысты. Айқайлайын деп еді дауысы шықпады. Тұрайын деп еді буыны босап кеткен екен. Мына тозақ түнді тоқтататын жалғыз-ақ жол бар. Еркебұлан оны жақсы біледі.

* * *

Ол көз алдында ағып жатқан жұлдыздар арасымен тәлтіректей адымдап, өзенді бетке алды. Директор Раяның үйі ауылды екіге жарып өтетін Жарлы өзенінің жағасынан алыс емес. Машина өтуге арналған үлкен көпірден өтсең болды, оң жақтағы қызыл қақпасы бар үй. Еркебұлан көпірге жеткенде қара аспанды қақ жарған үн тағы қайталанып, сәл аялдауға тура келді.
Жыл сайын көктем келсе болды Жарлы өзені жал-құйрығы төгілген асау айғырдай тулап, бұл көпірді ағызып әкете береді, сондықтан жұтаң жөнделген. Еркебұлан бұл көпірде аяғын суға салбыратып отырғанды жақсы көреді. Өзеннің ағысына көз алмай қарап отырсаң, өзіңді шексіз теңіз төсімен әлдеқайда жүзіп бара жатқан кеменің палубасында отырғандай сезінесің. Сосын суды шолп еткізіп су перісі шығады. Белінен төмен балық, денесі мен басы айдай сұлу арудікі. Ұзын шашы су бетінде толқын-толқын із тастап, кемемен бірге жарыса кетеді. Сосын жақынырақ жүзіп кеп, Еркебұланның аяғын нәзік саусақтарымен сипалап, кірпігінің астымен таңдана қарап, тереңдерге шақырады. Бұндай кездері Еркебұлан суға үнсіз сырғып түсіп, екеуі қол ұстасқан күйі тұңғиықтарға, балықтар патшалығына кетіп бара жатқандай күй кешетін.
Дәл қазір Еркебұланның көпірде отыратын уақыты жоқ. Төтесінен қиып, қуыс-қуыспен жүріп, мектеп директоры Рая Жұмақұлқызының қорасына ет пісірім уақытта әзер жетті. Демі жиілеп, өзінен-өзі ентігіп қалыпты. Әншейінде өтірік мақтап көрші-маңайдың қиын ойғанда, қорасын тазалағанда бұлай ентікпеуші еді.
Жан дерті аяқ-қолын өзіне бағындырар емес. Көз алдындағы барлық дүниенің мың-миллион құмырсқалар құжынап жатыр. Тіпті аспанда да. Құмырсқалардың арасынан жылт-жылт етіп жұлдыздар да көрініп қалады.
«Қазір, қазір... Құтқарамын сендерді!»
Еркебұлан мал қораның үстіне өрмелеп шығып, жан қалтасындағы сіріңкені алып, бір шырпысын тұтатты да, аяқ астына тастай салды. Лап етіп тұтанған құрғақ шөптен құмырсқалардың күйіп, тырс-тырс етіп атылғаны естіледі...
«Ха-ха-ха! Өліңдер, құмырсқалар, қаша алмайсыңдар енді! Сол керек сендерге!»
Еркебұлан қорадан секіріп түсіп, алды-артына жалтақтап, көпір жаққа қарай жүгірді. Әп-сәтте тұтас қораны шарпыған күннің жыртығындай жалын ауыл аспанына қол созып, үй иелерін оятқан. Бірер минутта алыс-жақындағы көрші-маңай жиналып, азан-қазан басталды. Еркебұлан жанына маза бермеген дерттің емін күтіп, көпірдің маңындағы қияқтардың арасында құлағын түріп жатыр.
«Қазір, қазір... Еркебұлан! Саған не керек екенін білемін. Олар сені ақымақ дейді ме? Олар сені түсінбейді ме? Қазір көмектесем...»
Әбжыландай тілін жалаңдатқан өрт қорадан малдарды шығартуға мүмкіндік бермек түгілі, адам баласын маңына жақындатар емес. Жап-жарық от аспанмен тілдесіп жатыр. Өрт маңындағы шудан саңырау Егінбай да оянды. Ол ауласына атып шығып, сасқалақтап, қолына күрек ұстай сала томпаңдап жүгірем деп қайта-қайта сүрініп құлайды. Күлкілі... Егінбай жоғалтқан күрегін іздеп жатқанда Еркебұланның да көптен күткен сәті келіп жетті еді. Аспан астын жаңғыртып, жамыратып, жап-жарық қып, мың-миллион құмырсқаларды көзді ашып-жұмғанша аппақ көбелектерге айналдырды, әлемді ұлы нұрға бөлеп, тап-таза әуен естілді. Еркебұланнан басқа ешкім түсінбейтін сыйқырлы әуен – өрт құшағында арпалысып, жанұшыра шыңғырған сиырлардың, қойлардың дауысы. Ауызынан сілекейі ағып, көзі айналып бара жатқан Еркебұланның мұрнына күйген жүннің иісі келгенде кіші дәретін ұстай алмай қалды. Қандай рахат!..

* * *

Еркебұланның алты жасқа толған туған күніне саңырау Егінбайдың баласы мысықтың марғауын сыйға берген еді. Марғау өте кішкентай және сүйкімді болатын. Еркебұлан марғаудың тамағын өз қолымен беріп, жіптің ұшына жүн байлап алып, күні бойы бірге ойнаудан жалыққан емес. Ата-анасының қарсылығына қарамастан жанына да алып жататын. Терезе сыртындағы қыстың ұзақ кештерінде ертегісін айтып беретін.
Бір күні Еркебұлан ерте оянып ап, марғауын іздей бастады. Пештің аузы-мұрнын толтырып ағаш тығындап жатқан анасынан сұрап еді, таң атқалы көрмегенін айтты. Көрмегенін айтты да кішкене каучуктағы солярканы пештің ішіне шашып, сіріңкемен тұтатып, есігін жылдам жауып, сыртқа асығып шығып кеткен. Шығып кеткен бетте баланың аппақ әлемін кескілеп, тілгілеп, сындырып, шырқырай жалынып, шыңғырған мысықтың дауысы естілді.
Мысығым пештің ішінде қалып қойды, апааааааа! – деп айқайлағысы келді Еркебұлан.
Мысығым мені тұншықтырып бара жатыр, апаааааа! - деп айқайлағысы келді Еркебұлан.

* * *
Көзін ашса, анасы көрші үйдің кемпірімен шай ішіп отыр екен.
Аластадың ба?
Иа, алдараспанмен аластадым. Мысықтың қарғысы жаман ғой, түні бойы қайта-қайта шошып оянып, «көмектесіңдер!» деп айқайлайды. Құрғыр мысық тоңған соң жылы пештің ішіне кіріп алған емес пе? Мен ағаш тоғытып, тұтата салдым, қайдан білейін?! Келсем пештің артқы тесігі аңғал-саңғал, үй іші күйген жүннің иісі, өзі талып жатыр, сорлы бала...

* * *

Еркебұлан, маған бұлай мүләйімсімей-ақ қой. Сен сияқтылардың талайы өткен алдымнан. Талайы түрмеде шіріп жатыр. Жассың, кәрісің, маған бәрібір... – деді қысық көзін одан сайын сығырайтқан тергеуші. – Жиырма шақты үй отын-сусыз қалды, жүзге тарта ірі қара мен ұсақ мал өртеніп кетті. Тұтас ауыл сорлады. Сен өзі не жоспарлап отырған баласың? Әлде бұл біреудің тапсырмасы ма? Мойында! Айт, кәне!
Тар бөлме жаңғырып кетті. Тергеушінің мінезін әбіден меңгеріп алған қабырғалар онымен жағаласып, қосарлана сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады. Басын екі қолымен қысып алған Еркебұлан:
Мен олардың кім екенін түсіндім! – деді күбірлеп. Кешеден бергі сөйлегені осы. Бір ауыз жауап ала алмай отырған тергеуші орнынан атып тұрып, «айтқаныңды жалғастыра бер, айта түс, тоқтама» дегендей көзімен сүзіп, тағы сөйлеткісі келді. Бірақ өз оймен өзі арпалысқан Еркебұлан қайта үнсіздік құшқан.
«Оларың» кім? – тергеуші дауысын бәсеңдедіп, жыландай ысылдады. Сосын шыдамы жетпей үстелін алақанымен бір ұрып: - Кім олар! – деп ақырды.
Періштелер... Ақтан шалдың шөбін өртеуге барғанда алдымнан екі адам шықты. Бірінің басы жоқ, қолы шолақ, екіншісі тіпті белден төмен көрінбейді. Киімдері аппақ, түрлері сұсты. Мені Ақтан шалдың қорасына жолатпай қойды. Екінші, үшінші, төртінші күні де... Олар қораны қорғап жүрді. Кімдер екенін енді түсіндім... Түсіндім... Ақтан шалдың немересі бар. Есімі Балнұр. Өзі намаз оқуды үйреніп жүр. Маған өткенде «Аятүл Күрсі сүресін оқыса аспаннан екі періште түседі екен, олар таң шапағы шыққанша ұйқыңды күзетеді, әлі толық жаттаған жоқпын...» деп еді. Балнұр сүренің әр жерінен үзіп-үзіп оқыған соң әлгі екеудің бірі бассыз, бірі аяқсыз түскен ғой. Мен түсіндім! – деді Еркебұлан.
Тоқта, тоқта! Не айтып кеттің сен?! – тергеуші жігіт қаламын үстелге тастай салып, сықырлақ орындығына қайта шалқайып отырды. Көзін жерден алмастан теңселіп отырған Еркебұлан дұға оқығандай:
Ақ мата жамылып алған... Басы жоқ... Қорасының маңында... – деп, қайталауын тоқтатар емес.
Тергеуші қоңыр телефонды құлағына тосып, бір-екі ауыз сөз айтқаны сол еді, еңгезердей екі жігіт көзді ашып-жұмғанша жетіп келді.
Мынаны «дурдомға» апарып тастаңдар! – деді қатулы қабағын жібітіп.
Екі жігіт Еркебұланды алып кеткен соң, тергеуші үстел үстіндегі бейберекетсіз шашылып жатқан қағаздарына сұрықсыз қарап отырды да, суырмасынан темекі мен сіріңке алып, терезенің алдына келді. Далада жапалақтап алғашқы қар жауып тұр екен. Ол темекісін тұтатты да, шырпы ұшындағы оттың өлім биіне бір сәтке көз тастап, үрлеп өшіре салды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста