Асхат Өмірбаев: Галстук

Асхат Өмірбаев: Галстук
 

(Әңгіме)

Өгіз кірпіштен өрілген тәмпіш гараж ішін қопарыстап жүріп, Қалибек қария ескілеу, шомбалдай чемоданның ішіндегі қызыл галстукті көзі шалды. Алқызыл бойтұмар көзіне оттай басылып, балалық шағының бейнесі ақ түбіт басқан қауашағының тұңғиық түкпірінде жарық сәуледей жарқ етті. Үш бұрышты галстукті әжім соқпақ салған саусақтарымен мәпелей сипап, жылы жимиып алды.
«Алқызыл галстук, мойныма тағамын, көзіме ол ыстық, белгісі ол ағаның...» деп іштей қайталады. Жас кезінде жаттаған тақпағын қалай ұмытпаған. Қазір ғой, бүгін жаттаған бір-екі шумақ батаны ертең тарс есінен шығарады. Әсіресе, ағайын-туыс жиналған дастархан үстінде есіне түсіре алмай, кібіріктеп қалады. Дүрия кемпірі ернін сылп еткізіп, «Шал-ау, осы батаны жастау кезінде жаттасаң ғой, жаңылыспас едің» деп кінәлағандай болады. Ал мына алқызыл галстук... көзіне тым ыстық... Балалақ шағына қарай жылы ағыстар иірімі еріксіз тартып әкетіп, тәтті ойдың құшағына берілді. Иә, бірақ бір қызығы... алқызыл гастукті мойнына таққысы келмейтін. Қоңырау соғылып, мектепке алып-ұшып келгенде шынтағына қызыл баулық таққан кезекшілер жолын бөгеп:
- Галстугің қайда? - дейді бұған шүйлігіп. Ілгері жібермей қоятын.
- Үйде қалдырып кетіппін, - дейтін алға алқын-жұлқын алға кимелеп.
- Ертең ұмытпай тағып кел!
- Жарайды, - деп сабаққа кешігіп, жүгіре жөнеледі.
Ертеңінде мектепке тағы галстуксіз келеді.
- Галстук қайда? – дейді класс жетекшісі Омар ағай.
- Үйде.
- Неге тақпағансың?
- Таққым келмейді.
- Олай болмайды. Пионер деген галстуксіз жүрмеуі керек!
Ұстазының қатаң ескертуінен кейін амалсыз галстукті мойына іледі. Онда да алқызыл галстук бірде қисайып, бірде дұрыс байланбайды.
- Әлкенов, галстугіңді дұрыстап тақ! Кәні, айтшы, галстуктің ұштары нені білдіреді?
- Білмеймін. Білгім де келмейді.
- Сен жақсы оқисың. Бірақ мойнына не тағып жүргеніңді білуің керек.
- Жақсы, білмесең айтайын. Галстук – пионер ұйымының символы. Галстуктің үш бұрышы коммунист, комсомол және пионердің ажырамас достығын білдіреді.
- Жарайды, ұқтым, - дейді бұл селсоқ күйде. Әйтеуір, комсомол болғанша осы галстугі құрғыр әбден мезі еткен. Бірақ қарғыбаудан біржола құтыла алмапты.
Мектепті жақсы аяқтап, инстутитутқа түсіп білдей инжинер мамандығын алып шықты. Ауылға жолдамамен келісімен еңбекке араласып, айналасы екі-үш жылдын ішінде қызметі жоғарылай бастады. Әуелде инжинер, бас инжинер... кейін тіпті совхоз бастығына дейін өсті. Бірақ осы кіндігіне дейін шуатылған галстукті мойнына орағысы келмейді. Енесінің сүтін еме берген соң тентек бұзауды арқандап қоюшы еді, мінеки, өзі де бұғаулы күйге түскен. Бір тәуірі, мектепте таққан секілді қып-қызыл емес, галстуктің түр-түрін тағуға болады. Бірақ тамағы тұзаққа түскен аңдай алқынып, кенірдегін сығымдай түскен бәледен құтылғысы келеді. Жаны қиналғанда қолымен әрі-бері ырғап, босатыңқырап қояды. Аудан орталығында өтетін жиынға бір-екі рет галстуксіз барғаны бар. Өзімен дережесі деңгейлес басшылармен амандасып жатыр еді.
- Жолдас Әлкенов, - деді аппарат жетекшісі Күлия Ізбасарова. – Галстугіңіз қайда?
- Сәлеметсіз... Білесіз бе, алқына берген соң тақпаған едім. Алергиям бар дегендей...
- Сіз өкімет адамысыз. Адамдар сізге қарап бой түзейді. Бұл жай галстук емес, саяси мәні бар.
- Білем ғой. Сонда да...
- Келесі жолы аудан активіне галстуксіз келсеңіз... келмей-ақ қойыңыз.
- Жарайды, түсіндім, - деген Қалибек амалсыз.
Ол кезде бұл жас еді. Отыздан жаңа асқан. Биік мінберден сөйлеп, күні бойы қырманда жүріп, еңбектен титыққан елді түн жарымға дейін жіпсіз байлайтын жалпақ галстук иесін аса ұната бермейтін. Бірде облыстық басқармаға бас сұғып, өзі еңгезердей, шұбар ала жылан түсті галтукті мойнына орап алған жігіт ағасына қол қусырып сәлем беріп еді, әлгі қолының әлі кеткендей селсоқ ұстата салды. Бірде милиция күзететін биік ғимаратқа кіріп, есікті тықылдап кіргені сол, әлденені айтып, қарқылдап отырған екі дөкей:
- Әй, бала есікті жап, - деп ақырып қалсын. Кебеже қарнына жантайған жалпақ галстукті шенеуніктің дауысынан селк еткен.
- Мен бала емеспін, бастықпын! – деп айғай салғысы келген. Намысы ұстаған. Өзін-өзі әрең сабырға жеңдірген. «Осы менің алашапқын болып жүргенім не? Ауылда тып-тыныш инжинер болып жүргенім жақсы емес пе?». Қалибек жауапты қызметке тағайындағанда ақсақалдар бата берген. Тап қазір аудан сеніп тапсырған жұмыстан өз еркімен бас тартса, жігерсіз, іске қырсыз атанбай ма? Сәл шыдаса, кейін мына дөкейлер секілді креслода шалқайып отырмай ма? «Жоқ, бұлар секілді бола алмайды екем. Елмен тіл табысып жұмыс істеп, мұң-мұқтажын айтып келгендерге жылы қабақ танытқанда ұтылған жері қайсы? Иә, галстук. Бар бәле осыдан келді ме? Әйтеуір, қара жердің үстінде шатқаяқтап жүргендердің тау қопарып тастайтын екпінін көргенде еріксіз езу тартатын. Ел егемендік алған кезде де мойны галстуктен бір ажырамай қойды. Кейін... Жаратқанға жалбарынып, мешітке құстай ұшқанда мойнына таққан галстугінен өзінен өзі қысылатын. Алғашында жайнамазға бас қойғанда мұны көрген адамдарға Алла алдында бастық та құл екенін көрсеткісі келген шығар. Бірақ кейін мұнысын ерсі санап, мешітке кірерде галстугін қалтасына салып қоятын.
Күн ысыса болды, кенезесі кеуіп кетеді. «Тү-у, тамағымды қысып, тұншықтырып кетті ғой» дейтін шыдамай. Маңдайынан шып-шып тер шығатын. Лауазымды қызметте жүргенде өзінің де өзгеріп бара жатқанын байқады. Бірде өзінен көмек сұрап келген әйелге дүрсе қоя берген. Осы кезде жұмысы қауырт болып, бастан асып жатқан еді.
Шөп тасып алуға көлік сұрай келген әйелдің сөзін аяқтамай жатып:
- Барыңыз, мен сізге көмектесе алмаймын! - деген дауыс көтеріп. Әйел үнсіз есікті жауып кеткен соң өз-өзін кінәлаған. «Көмектесе салсам нем кетеді? Бірақ әр дүние санаулы, өкіметтікі ғой. Мемлекет затын уақытша болса да біреуге пайдалануға беруге болмайды. Өзі тұралап тұрған техника кілт бұзылса, қалай жұмыс жүрмек? Қазір шопыр деген қат болып тұрған шақ. Қырманда егін күйіп тұр. Жарайды, көмектеспей-ақ қойсын. Жағдайын біліп, бір ауыз сөз жылы айтса болмай ма?».
Осы қызметті қолын бір сілтеп тастап, қарапайым ғана жұмысшы болғысы келеді кейде. Әттең, бала-шағасына әрең жететін болмашы жалақыға күні қарап қалмақ. Әйтпесе, өзі отырғана кресло, биік мансап, ел-жұрттың қошеметінен бас тартар еді. Соңғы кезде әлденені сылтаурата көмек сұрып, сырт айнала мұны өсектейтін жағымпаздардан әбден тойып бітті. Өзі де басшыларға құрақ ұшып, иіліп тұруды жаны сүймейді. Содан болар, көптеген бастықтар мұны жақтырмайтынын іштей сезетін. Кейбір галстук таққан әріптестері алдында болмашы кемшілігін бетіне басып, тұқыртқысы келеді. Бұл есесіне жұмысын жақсы істеп, үндемеуге тырысады. Іштей Жаратқанға жалбарынып, күш-қуат беруін, табысына береке беруін тілейді.
Қария қолымен қып-қызыл галстукті үйкелей бастады. Өңі солыңқырып, күрең тартқан екен. Дүние өткінші деген осы. Дәл қазір осы белгіден еш мән қалмады. Жетпіс жылғы ойран салған аласапыран дәурен дауылдан кейінгі тыныш күндей тыншыпты.
Кенет галстугі құрғыр жаман ойға жетелеген. Сол баяғы жастық шақ... Ақ үйге қызмет еткен кез. Жалпы бөлімде істейтін, жасы қырық беске толар-толмас жақсы бір әріптесі қызмет ететін. Әлгі қанша жақсы жұмыс жасаса да, өспей қалғанына қынжылды. Бар кілтипан Болатбектің адалдығында екенін кейін білді. Сол кезде ауданға су жаңа басшы келіп, бәрі қоғадай жапырылғаны есінде. Араға бір ай өтер-өтпесте өзеннің жанына киіз тігіліп, бірінші хатшы өзін қызметке қойған, облыстан келген дөкейді күте бастады. Мемлекеттік қызметкерлер қаражат жинап, дастарханды жайнатып тастаған. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Табақ-табақ ет, кесе-кесе сорпа ағылды. Мойны қылтиған бөтелке де стақандарды шүлпілдетіп толтырып жатты.
- Жағдайларың жақсы екен, - деді облыстан келген дөкей. – Әлгі әншілерің бар ма?
- Бар болғанда қандай! Мұндағы жұрттың бәрі өнерлі екен, - деді бірінші хатшы іліп әкетіп. Іле-шала үкілі домбырасын ұстап, бір келіншек кірді. Келіншек емес, көктем самалы келгендей болды. Күмбірлеген қоңыр дауысынан төңіректі әнмен тербеп, баурап барады. Болатбек құдашасының әніне тамсанып тұрған. Бәле осындан басталды. Облыстан келген дөкей қызыңқырып алып, ыржиумен болды. Әлгі дөкей жай күлсе, жанындағылар қарқылдап күледі. Ол қарқылдаса, күтушілер булығып қала жаздайды.
- Әп, бәрекелді!
- Өркенің өссін!
- Жарайсың! Тағы бір ән салып жібер! Жұп болсын!
Әдемі келген келіншек төрт-бес ән салып бір-ақ тоқтады. Облыстан келген дөкей бірінші хатшыға көзін қысты. «Ептеп, ыңғайын келтір» деді ыржиған күйі.
- Ал, ағайын! Рұқсат болса, сыртқа шығып, аяқ жазайық, - дөкей кебеже қарнын сипап. Бәрі өре түрегелді. Өзен жағасына барып суға түспек болды. Бірінші хатшы Болатбекке:
- Қазір Бөкеңді суға түсіп болған соң киіз үйге оңаша қалдырамын, сен осы кезде әншіні алып, ішке кіргізіп жібер, - деді бұйыра. Болатбектің жүзі сұп-сұр болып кетті. Бұл құдашасы бір жыл бұрын қайтыс болған досы Серіктің сүйіктісі, екі баланың анасы. Мәдениет үйінің қызметкері болған соң той-томалақ, думанда ән салып, нәпақасын айырып жүрген жайы бар. Дереу құдашасы Асылды қолынан ұстап, сақтықпен жеңіл көлікке қарай жүруін өтінді.
- Қайда барамыз? – деді таңдаған құдашасы мұның ашулы жүзін көріп, үнсіз соңынан ілесті.
- Кеттік. Ештеңе сұрама! – деді көлікті оталдырып, аудан орталығына қарай тартып кетті.
Көліктің дауысы естілгенде бірінші хатшы сезіктенген жоқ. Арақ-шарап тасып жүрген қызметкердің бірі қалаға бет алған ғой деп ой түйді. Бұл кезде ымырт үйіріліп, күн ұясына қонақтаған. Жаздың салқын самал лебі жанға жайлылық сыйлайды. Көлік ұзап кеткелі сүт пісірім уақыт болған. Бір кезде дөкей суға шомылып болып;
- Әлгі келіншек қайда? - деді бірінші хатшыға.
- Қазір... қазір болады. Сіз үйге кіріп жайғаса беріңіз, - деді аудан басшысы бәйек болып. Жаңа басшы қазан-ошақтың басында қызметкерлерге тапсырма беріп жатқан жай хатшыны шақыртып алды.
- Әнші қайда?
- Болатбек екеуі көлікке мініп кетіп қалған.
- Қашан?
- Бағана.
- Өй, әкеңді... Не тұрыс соңынан қуыңдар, - деді бірінші хатшы өкінгендей санын соқты. – Тез қуып жетіңдер кәне!
Екі-үш жігіт көлікке қарғып мініп, соңдарынан қуды. Бұл кезде Болатбек қала ішіне кіріп үлгерген еді.
Ертеңінде жұмысқа жүрексініп кірді. Кабинетіне кіргені сол еді, телефоны безілдеп сала берсін. Хатшы қыз екен. Бірінші хатшы өзіне шақырып жатқанын сезді. Іле-шала сырты сырланған есікті қобалжи ашып, қызыл кілемше төселген еденге табан тіреді. Бірінші басшының өне-бойы ашудан түтігіп кеткен екен. Амандасып еді, қолын алмады.
- Жолдас, Шәлкесов, бүгін сіздің орныңызға Манат Келтеұлын тағайындадым! - деді бірінші хатшы. «Тағайындадым» деген сөзді ерекше екпінмен айтты. Өзінің орнына қойған қызметкер қол астында істейтін жас бала еді. Бұған енді басшы болмақшы. Болатбек кешегі «қылығы» үшін жазасыз қалмайтынын білген, бірақ қызметтен мүлдем алып тастамағанына шүкірлік етті. «Мейлі, ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес». Не болса басқа салғанын көрермін».
- Бүгіннен бастап бұл сенің бастығың, - деді бірінші хатшы мысқылдай.
- Түсіндім, - деді Болатбек күмілжіп.
Болатбек осы оқиғадан соң қанща жақсы жұмыс істесе де, өспей-ақ қойды. Бірінші хатшы болмашыға ілік іздеп, көпшілік алдында кемсітумен болды. Тіпті аудан басшысы ауысқанда да мұны сыртынан «сатқын» деп білетіндер сыртынан ғайбат айтып, бетіне күліп жүре берді. Уақыт өткен сойын жұмысына селсоқ қарап, өзгенің өзі туралы өсегіне еріп кетіп жүрді. Болатбектің мойнына оралған қара галстугі бір күні аяғын жерге тигізбей ұзақ ұстап қалып еді...
Қария оқыс дауыстан селк етті.
- Ата, сен не істеп жүрсің? Мынау не, галстук пе? – деді 5 сыныпта оқитын Абзал немересі.
- Ә, балам, келдің бе? Бүгін неше алдың?
- Бес алдым.
- Жарайсың! Жақсы оқы, балам. Жақсы оқысаң, мұратына жетерсің.
Қарияның жасаураған жанары немересінің мойнындағы галстукке түсті.
- Мына көк галстугіңнің қандай мағына беретінін білесің бе?
- Мұғалім айтқан. Есіме түспей тұр. «Жас ұлан» қатарына өткенде таққанбыз.
- Балам, мойнымен көтеретін жүктің қадірін, мән-мағынасын білген жөн, - деді Қалибек қария. Абзал басын төмен салбыратып, қолымен көк галстугін үйкелеп, ойға батты.




Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста