Алаш прозасы

Дулат Исабеков: «Қарғын» (роман)

  • Дулат Исабеков: «Қарғын» (роман)

    Дулат Исабеков: «Қарғын» (роман)

Ол кезде жасы он сегізге толар-толмас уылжыған қыз еді. Өмір деген өзің талпынсаң болды, бар жақсылығын алдыңа жайып салып тұратын ертегілердегі қайырымды да, данышпан қариялардай боп көрінетін. Барлық тәрбиесі дәулетті шаңырақтың ұл-қызындай, бұл да тек мектеп программасымен шектеліп қалмай, жаратылыс тану,ерте дүние тарихы, музыка пәндері бойынша қосымша сабақ алды. Әкесі аудан көлеміндегі басшысының бірі болып тұрған соң ба, ол өмірдің қабақ шытар өзге мінезінен мүлде аулақ өсті. Оның үстіне Бағиланың өз қабілетін де мұғалімдері жақсы айтып жүрді. Семьяның тұңғышы болған соң мектеп бітіргеннен кейін әкесі бірнеше күнге уақыт тауып, қызын Алматыға өзі алып шықты.


Бағила үйде жүрген кезінде өз әкесін сирек көретін. Ерте кетеді, кеш келеді. Балаларымен де сирек сөйлеседі. Тіпті үйге келген соң да көпке дейін телефоннан түспей әлдекімдерге нұсқау беріп, әлденелерді түсіндіріп, зекіп жатқаны. Бағила таңқалушы еді. Шынында, ол қай кезде тынығады, қашан ұйықтайды? Телефонның арғы басында тұрған адамға кей кезде қатты зеки қалса жүрегін ұстап,тілінің астына валидол салып, әлден соң барып өзіне-өзі келетін әкесіне кейде оның жаны ашитын-ды. Бұлардың сабағы ерте басталады. Таңғы жетіде көзін ашқанда әкесінің төсегі әлдеқашан суып қалғанын көретін және өзі қызметіне жетіп алған соң жолға шығып кетпесе машинасы қайтып келіп, қызын мектепке апару үшін есік алдында күтіп тұрар еді.


Бағилаға мұның бәрі үйреншікті, осылай болуы керек сияқты боп көрінсе де, бертін келе әкесінің жұмысы тіпті ауыр екенін және өмірдің мейірбандығы мен жомарттығы күндіз-түні дамыл көрмейтін осы әкесінің арқасында екенін бірте-бірте ұға бастады.


Олар "Қазақстан" поезының қупесіне кеп жүктерін жайғастыра берген сәтте перрондағы киоскіні көшіріп келе жатқандай газет-журналдарын құшақтап, жасы отызға тақап қалған, ұзын бойлы, ашаң қара торы жігіт бұлардың үстіне кіріп келді де, салқын амандасты. Бағила ернін ғана күбірлетіп, сыртта қол бұлғап тұрған анасы мен інісіне, екі сіңілісіне, бір топ басқа да шығарып салушыларға күлімсіреп бас изеді. Әкесі бейтаныс жігіттің сәлемін алу былай тұрсын, оның бұл купеге кіргеніне таңданып, жүзіне бірнеше секунд тапжылмай қарап отырды да: "Сіздің..:орныңыз осында ма еді?" – деді ақ құба өңіне қан теуіп. Жігіт бәз-баяғы сабырлылықпен шағын столға газет-журналдарын қойып жатып: "Иә, осында. Сіз отырған орын менікі болады",- деді езу тартып. Күлкісі де, жанары да салқын екен. Тура қараған адамның өңменін суық жанары жуалдыздай тесіп өтетін секілді. Ашаң тұлғасында ешкімге бас имес паңдық, тәкаппарлық пен ойлылық бір сәтке жалт етіп өткендей болды.


Қаратай бейтаныс жігіттің кісіні матап тастар сиқыр торына қас-қағым сәтке түсіп қалса да, тез тізгінін жиып, қызмет бабы арқылы қанына сіңіп қалған керенау мінезбен орнынан тұрып, коридорға шығып кетті.


- Шамалауымша, бұл кісі Сіздің әкеңіз болу керек, - деді жігіт газеттің біреуіне үңіліп қыз жаққа назар да аудармай.


- Оқуға алып бара жатыр ғой, шамасы. Мұндай кісілер сөз жоқ түсіреді. Бірақ оған ұнамай қалғаным анық.


Бағила намысты нысанаға ап айтылған мынадай дөкір сөзден жарыла жаздап, ернін тістеледі. Жарылмақ түгіл жаңқа боп кетсең де жігіттің мұнымен түк шаруасы жоқ, әлгі сөздерді газеттен оқып отырғандай төмен салбыраған басын көтерер емес. Әлгі сөзін бұл қыздың есітіп отырғанын, жай ғана есітіп емес, қорланып отырғанын сезсе де сезбегендей қалып танытуы Бағиланын бейтаныс жігітке деген, сонымен бірге алғаш рет өзге біреуге деген өшпенділігін оятты. Мұндай сөздерді ол өмірінде ешкімнен естімеген және есітемін деп ойламаған да еді. Және сол ойламаған нәрсесі тұңғыш рет алыс сапарға аттанып бара жатқан жас қыздың алдынан ә дегеннен шыға келуі қуаныш пен бақытқа мас аласұрған балаң көңілге мұз басқандай әсер етті. Ол не деп жауап қайтарарын, тіпті, өзін бұдан әрі қалай ұстарын да білмей, өң мен түстің арасында сілейіп отырды да қалды. Бар ойы, бар үміті тек әкесіне тіреліп, оның тезірек келуін, сөйтіп, мынадай азапты халден тезірек құтқарып, не болса да сөзі мен жаратылысы жиденің қызыл тікеніндей көрінген мына жігітті өзінен алысырақ алып кетуін іштей тілеумен болды.Қызының осы ойын сезіп, тез арашалап алмақ болғандай осы сәтте әкесі де қупеге кіріп келді. Жалғыз емес, қасында шығарып салуға келген ауданның тағы бір басшысы, вокзалдың бастығы мен поездың бригадирі және бір топ адам дабырлай кірді. Әкесінің бәз-баяғысынша өзіне таныс салмақты да, паң қимылын көріп, қоңыр даусын естігенде Бағила өзін алынбас қамалға енгендей, азапты тордан біржола құтылғандай қуанып, алғаш рет оған деген балалық сезімі, балалық алғысы, балалық ризалығы мен балалық мақтанышы шындап бас көтерді. Барлық бала атаулыға тән қасиетпен ол да әкесін жақсы көретін, сыйлайтын бірақ, оны дәл қазіргідей жүрегі лүпілдей сүйіп, оны іштей мақтан тұтып көрген емес-ті. Адамға тән қуаныштың қадірі мен қасиетін де ол алғаш рет сезінгендей болды.


Әкесімен бірге еріп келген дүрмек одан мың мәртебе кешірім сұрай отырып, бейтаныс жігіттің басқа купеге ауысуын өтінді. Мына секілді өтініштен гөрі зорлыққа көбірек ұқсайтын сөзден жігіттің өңі сұрлана, анталап тұрған адамдарға сұқтана қарады. Бұл қарасты ешқашан айтылмайтын, айтылса да ешкімнің ұға алмасын ұғындырған терең мән жатты. Сүйектен бастау алып,жүректен жасанып шыққан сөз бен ой жанарға кеп үймеледі де, тыңдаушысын таба алмасын сөзіп, бойға қайта тарады.


Оның жанары төмен түскенде қолы да чемоданға қарай созылар деп ойлаған жұрт аз-кем тынши қалып еді, жігіт асығар сыңай танытпады. Газетке қайта үңілді. Осы кезде артық-ауыс сөзден, орынсыз шудан шошынған вокзалдың тапалдау келген жирен мұрт бастығы Қаратайдың коридорға қайта шығып кеткенін пайдаланып, жігіт құлағына әлдене деп сыбыр ете түсті.


Жігіт селт еткен жоқ. Айтқан сөзінің оған зәредей әсер етпеуінен вокзал бастығының өзі шошынайын деді. Ол әлгі үйренген құлағына қайта иіліп кеп тағы бірдеңелерді айтты.


Жігіт орнынан тұрды. Газеттері мен заттарын жинастырды. Сөйтті де, анталап тұрғандарға түгел бір қарап шығып: "Сіздерге жаным ашыған соң ғана көндім",- деді де, вокзал бастығының соңынан ерді.


Қаратай ішке кірді. Жүзінде жеңістің, үстемдіктің салтанатының нышаны да жоқ - осылай болуы керек. Қайта реніш байқалатын сияқты, осылай болмағанына.


Бейтаныс жігіт шығып бара жатқанда, Бағила оның жүзіне көз тоқтатып қарады. Чемоданын қолына алғанша одан құтылуға асығып отырған қыз, енді ол шығуға ыңғайланган сәтте ішкі жанашыр сезіммен көз тоқтатып еді, оның тұлғасы мен бет пішініндегі алғашқы тәкаппарлық пен ешкімге бас имес паңдылықты тағы тауып, таңдану мен аяушылықтың жұмбақ ортасында қала берді.


Поезд орнынан қозғалды. Бағила сонда ғана аңғарды, шығарып салуға келген адамдар тым көп екен. Бұл олардың көпшілігін жай ғана шырамытады, кейбіреулерін тіпті де білмейді, көрген де адамдары емес сияқты.


- Папа, шаршадыңыз ба?- деді Бағила әлден соң еңсені басқан ауыр үнсіздікке төзе алмай.


Әкесі "Жоқ, уайымдамай-ақ қой",- дегендей қызына күле қарап, басын шайқады.


"Бұл кісі де әлгі жігіт жайлы ойлап отырды ма екен?-деді Бағила іштей.- Мүмкін емес. Ол қалып бара жатқан қыруар жұмысын уайымдап келе жатқан шығар. Екі аптадан кейін конференцияда баяндама жасауы керек"."Несі бар,- деді іштегі қарама-қарсы ой тағы бір шеттен бас көтеріп.- Бұ кісі де адам ғой және өз ісіне есеп беріп үйренген адам. Бейтаныс жігіт жайлы ойласа, оның несі өрескел? Оның үстіне ол жеңілді ғой. Оңай жеңілді. Басын имей жеңілді. Өзі емес өзгелерді аяп жеңілді. Бұл сөзді әрине, папам да есітті. Бәлкім, сирек кездесетін, әсіресе,әкемнің алдында көлденең тұрар мұндай мінездің тіпті осыған дейін болмауы да мүмкін ғой, ендеше, ол туралы аз ғана сәтке неге ойланбасқа?"


Проводник кеп Қаратайдың төсегін жаңалады. Бұл орында бейтаныс жігіт жатқан. Проводник жастықтың тысын ауыстырған кезде оның астынан бір парақ қағаз шықты. Бір беті толық жазылыпты. Проводник оны стол үстіне қойды да, "негізгі жұмыс бұл емес, жастықтың тысын ауыстыру" дегенді аңғартқандай қимылын жеделдете түсті. Ол қағазға Қаратай да мән берген жоқ.


Қызық-ау өзі, жек көру мен ынтығудың арасы бір-ақ адым екенін Бағила болмысымен ұғынбаса да, осы сәттен бастап өзінің бар ынтызары жартылай жазылған әлгі қағазға ауғанын сезді. Көкейіне шешілмес жұмбақ тастап кеткен адам ақ қағазға не жазды екен, онымен не туралы сөйлесті екен? Ондағы жазулар міндетті тұрде өзі осы көзге шейін тыңдап, есітіп, оқып келген сөздерден мүлдем бөлек болуы мүмкін. Қалай болғанда да Бағилаға осылай көрінді.


Кенет найзағайдай сап ете түскен жаңа ойдан оның тұла бойы дір етіп, демі жиілеп сала берді. "Бейтаныс жігіт қалып қойған қағазына қайта айналып соғуы мүмкін ғой".


Бағила ол жігіттің қайта айналып соғуын іштей қалады ма, қаламады ма, ол жағын өзі де анық аңғара алмады, әйтсе де, ұзақ жылдар бойы ізет пен құрметтің, кішіпейілділік пен мейірімнің ғана бесігінде бөленіп, тып-тыныш, бір қалыпты баяу өмірі бүгін ғана түлер алдындағы үкідей бір сілкініп өткенін, сол сілкініс оның тынышын алғанын сезінбеске шарасыз еді.


- Папа, шөлдеген жоқсыз ба? Шай әкеп берейін!-Бағила бұрын-соңды басына оралып көрмеген бір-біріне кереғар ойдың шырмауына төтеп те, жауап та бере алмай, содан құтылудың оңай тәсіліне көшіп, өзін бөгде қимылмен алдандырмақ боп бекінді. Бірақ әкесі әлі шөлдемегенін, біраз демала тұратынын айтып, оны купеге, сонымен бірге шырмауық ойдың қамауында қалдыра берді.


Купе есігі жайлап ашылып, ар жағынан "Рұқсат па екен?"- деген ер адамның даусы естілгенде, Бағила орнынан ұшып тұра жаздады. Мұның шошып кеткеніне, ақ сүтке қан тамғандай екі бетінің албырап шыға келгеніне жігіт те таңданып, аз-кем мүдіріп қалды да: "Қаратай Исаевич, сізге қазір ештеңе қажет емес пе?"- деп келген мақсатын білдіріп шықты. Қаратай Бағилаға айтқан әлгі сөзін оған тағы қайталады.


Жігіт кешірім өтініп, есікті бұрынғы қалпынша жартылай жауып кетті.


Бағила кейіннен білді, бұлармен бірге көрші купеде екі жігіт келе жатыр екен. Әлде өз жұмыстарымен келе ме, әлде, әкесіне еріп келе ме, ол жағын Бағила түсінген жоқ.


- Папа, сіз жайғасып алыңыз, мен коридорға шыға тұрайын.


- Мейлің, қызым. Тынығып алғаным да жөн болар. Мұның бойындағы әдеттен тыс бір өзгерісті ол сезді ме, қызының сөзіне бірден келісе кетті.


Бағила коридорға шығып, ашық терезеден сағымды маң далаға көз жіберді. Шетсіз да шексіз. Бүкіл дүние тек осындай қырқасыз жазықтан тұратын секілді. Бір көрген адам мына сияқты аптапты далада байлап қойсаң шынжырын үзіп қашуға құмбыл екенін жасыра алмас еді, өзі де сол ойдан аулақ емес-ті. Бірақ өткен жылы бір ай Қырымда демалып, бір ай Балтық жағалауы республикаларын аралап, қайтып келе жатқанда осы маң дала көзіне оттай басылған. Дүниедегі барлық-барлық жасыл алқаптардан сағым оранған аптапты даласы әлдеқайда жақын, әлдеқайда қымбат екенін аңғарды. Және де, сол бұдырсыз дала өз жүрегінен қашан орын алып, алысқа ұзағанда орны бөлек сағыныш боп, санасын билер дәрежеге қашан жетіп үлгергенін де сезген емес.


- Даланы тамашалап тұрсыз ба?- Желке тұсынан сыпайы, жұмсақ үн естілді. Бағила жайлап мойнын бұрғанда, өзіне қарап күлімсіреп тұрған, әлгінде ғана кешірім сұрап кеткен жігітті көрді. Оның бұл үнінде жас қыздың көңілін аулаудан гөрі "Не бұйырасыз, қызметіңізге әзірмін",- деген құлдық ұрды мағына қоюырақ жатыр еді. Өзін қашан да сылап-сипап жұрт алдында ізетті, алғыр, сыпайы, ақылды боп көрінуге тырысып, бір күй, бір қалыптан таймайтын бидай өңді сұлуша келген осы жігітті Бағила әкесінің жанынан ауық-ауық көріп қалатын-ды. Оның осы сыпайылығы мен мәдениетті, инабатты боп көрінуге тырысқан жасанды күлкісінің ар жағында қандай ой, қандай мағына жатқанын бұл ешқашан аңғара алмаған. Және мұндай күлкі мен сыпайылықтың ар жағында не жатқанын білу үшін оның жүзіне көз тоқтатуға Бағиланың дәті шыдаған емес, керісінше, онымен кездейсоқ ұшыраса қалса байқамаған боп бұрылып кететін-ді.


Міне, дәл қазір де ол алғаш көргеніндей жымия қарап тұр. Көңілі қаламаса да әйтеуір бірдеңе деп жауап қайтару керек екенін түсінген қыз:


-Иә, тамашалап тұрмын,- деп күбір ете салды.


- О-о, дала деген ғажап қой! Бірақ, Алматыға не жетсін. Барған соң, егер қарсы болмасаңыз, сізді қыдыртуға уәде берейін. Мен Алматының не бір ғажайып әсем жерлерін жатқа білемін.


- Алматыда мен де болғам. Талай рет,- Бағила оның биіктен құлаған судай арындап келе жатқан сөзіне біршама тоқтау салмақ боп, сөзін нықтап айтты.


- Ә-ә, солай ма?! Дегенмен Алматыны, әсіресе оның төңірегін біліп болдым деп айту қиын. Білесіз бе, Алматының өзінен гөрі оның төңірегі сұлу,- деді Тұрғат.


- Мүмкін.


- Мен онда бес жыл оқыдым. Туып-өскен жерім де сол төңірек. Егер сөзімде артық-ауыс сарын байқалса,кешірім өтінем, туған жерге қарай жол жүріп келе жатқандығымнан шығар. Сізге керімсал тиіп қалмасын. Керімсал адамға суықтан жаман тиеді.


- Рақмет, тие қоймас.


- Дегенмен, байқаңыз.- Ол қызға аса жанашыр кейіппен бір қарап қойды да, сөзін қайта жалғастырды.-Әрине, әркімнің өзі туған жері өзіне ыстық. Сіз әлі жассыз, кейінірек бәрін өзіңіз түсінесіз. Шынымды айтсам,әуелгіде бұл жақтан тұра қашқым келді. Бірақ, Қаратай Исаевичтан қысылдым. Қазір үйреніп, бауыр басып қалған сияқтымын. Әйтсе де, туған жерді сағынатының рас екен, сіздің басыңызда осындай жағдай болды ма?


- Әрине.


- Сенбеймін, сенбеймін! Туған жерге ынтыға қоятындай сіздің басыңыздан үлкен оқиғалар өткен жоқ. Тым болмаса, мен секілді әскер қатарында да болып көрген емессіз.- Ол өз сөзіне өзі разы боп, әрі қыз көңілін аулай түсу ниетімен біраз қарқылдап күліп алды.- Мен алыста, Германияда болдым. Сол кезде бар ғой, нансаңыз, өңім түгіл түсімде де көрмеген сіздердің мына маң далаларыңызды да сағындым. "Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін" деген бір өлең бар ғой, сол тауып айтылған.


- Туған жер жайлы бұдан басқа өлең білесіз бе?


- Білеміз ғой. Студент көзімізде көп оқушы ек, қазір уақыт қайда. Қол тимейді. Жоғары жақ бізден "қандай өлең оқыдың?"- деп емес, "Қанша процент орындадыңдар?"- деп сұрайды.


Бағила болар-болмас езу тартты. Қыздың күлгенін тапқырлығына балаған жігіт "бізде мұндай әңгімелер әлі көп" дегенді аңғартып, галстугін түзеп, түу алысқа қараған боп кеңкілдей күлді.


- Айтыңызшы, туған жер жайлы басқа қандай өлең білесіз?


Жігіт галстугын түзеді. Қап-қара мұртын сипады. Сонан соң мұрнының ұшына бір тамшы қызыл бояу тамызды да, ол тез жайылып, бидай өңді жүзі боза ішкен адамдай түп-түгел қызарып шыға келді.


- Есте жоқ,- деді ол басын сілкіп.- Қазір оқыған нәрсең есте де тұрмайтын болды.


- Неге?- деді Бағила оның жүзіне бірінші рет таңдана қарап.


- Жұмыс. Тағы да жұмыс. Шегі де, шеті де жоқ.


- Айтыңызшы, Циолковскийдің жұмысы жоқ болған деп ойлайсыз ба?


Жігіт енді оған таңдана қарады.


- Оны неге сұрап тұрсыз? Әрине, көп болған...


- Сол кісі... әдебиет жайлы мақалалар жазған ғой. Естімеп пе едіңіз? Оны білу үшін пәлендей көп уақыттың қажеті жоқ.


- Егер, кім не біледі деген тақырыпқа викторина өткізер болсақ, онда әрқайсысымыз...


- Жоқ, нақтысын айтам. Мәселен, Сіз өзіңіз сүйіп оқитын төрт-бес ақынның атын атап беріңізші. Ал, мен санап тұрайын. Қане - Бағиланың санауға дайындалып қолын көтергені, өзіне бейкүнә балаң жүзбен тесіле де сынай қараған, күлкіге толы қарақаттай мөлдір жанары жігітті абдыратып тастады.


- Атап айтсам... Пушкин.


- Бір,- деді Бағила сол қолының бас бармағын жұмып.


- Лермонтов.


- Екі.


- Абай.


- О-о, бірден Абайға түстіңіз бе? Мейлі, үш.


- Байрон...


- Сіз қызық екенсіз, бір жоғары, бір төмен, Жарайды, төрт. Сонан соң?


- Сонан соң... Маяковский.


- Бес. Тағы?


- Імм... Тағы кім бар еді? Осындайда білетін ақындардың бірден есіңе де түспейді імм... Әуезов!


-Әуезов?- Бағила ынта-шынтасымен сыңғырлай күлді.- Ол ақын емес қой, прозаик. Жарайды, ары қарай бос қиналмай-ақ қойыңыз. Оның үстіне, әлгі атаған ақындарыңызды институт түгілі мектеп бітірмеген адамдар да атап бере алады және олар сіздің сүйікті ақыным деп иемденер дәрежеден шығып кеткен, сүйсеңіз де, сүймесеңіз де білуге тиістісіз. Сүйікті ақындарыңызды атаңызшы дегенде мен бүгінгі көзі тірі ақындарды айтып едім.


- Бағила, артық болса кешіріңіз, бірақ менің өмірдегі орным ақын-жазушыларды қаншалықты білуіме байланысты емес қой деймін.- Жігіт бүкіл дүниенің ақыл-ой иелеріне пысқырып та қарағысы келмейтін кейіппен шексіз далаға менменси қарады. Оның жалған намысқа жығылып, жылтырай түскен сұлуша жүзінен, керек десең мына даланы да, ондағы өсіп тұрған кәрі сексеуілдер мен ауық-ауық көрініп зуылдап қалып бара жатқан жатаған тамдарды тіпті өзін тербелтіп, туған жағына қарай ентелеп бара жатқан жүйрік поезды осы- жұмсақ вагонымен қоса қажет деп таппайтын жанарынан Бағила қарсы алдында тұрған адамның бүкіл болмысы ілім-білімге қас екенін, егер ілім-білім тұзды су боп, бұл қияр боп, екеуін бір бөшкеде бір жыл ұстасаң, мынау бойыңа дымқыл дарытпай құрғақ шығарын байқады. Осыны байқаған кезде ол ойда жоқ жерден әкесіне жаны ашыды, оның төңірегінде осындай адамның барлығына іштей қынжылды. Бірақ жас қыз өзінің бұл байқағандарының бәріне өзі қайтадан күдікпен қарап, осының бәрі асығыс болжам, жалған топшылау шығар, тіпті, олай болмаған күнде де әкемнің өрісінде бұл жігіт кездейсоқ ұшырасып қалған жалғыз шығар деп өзін-өзі жұбатты.


Енді ол мына жігіт жаққа көз салғысы келмеді. Және бір ғажабы оның көрікті, сұлуша жүзі өз жүрегінде жиіркеніш сезім оята бастағанын, көріктіліктің адамды теріс айналдырар қасиеті боларын да алғаш сезінді. Бірақ, мұның себебінің неде екенін, оның нақты қандай қарым-қатынастардан туындайтынын жас қыз біле алмады.


Олар осылай бірнеше минут үнсіз тұрды. Бағила бұл секілді ішкі арпалыстың иық өзер салмағына төзе алмаса, мына жігіттің дүние бір жақ, өзі бір жақ бейғам қалпы,"осылай, еттім-ау, ағат болды-ау" деп қиналудан гөрі қайта сол сүйегі қураған, тірі жүрген ақындарды, соларды туғызған мына сияқты жер-даланы әлі де кінәлауға даяр сыңайы оның ішкі азабын ауырлата түсті.


Қыз орнынан білдірмей қозғалып, әкесі жатқан купеге қарай жылжыды. Басынан сөз асырмас, бәрінен өзінің еркектік намысын жоғары қоятын жігіт "Өмірдегі орным ақын-жазушыларға түк те қатысы жоқ",- деген философиясын үнсіз паш етіп, тәуелсіз, дербес жағдайда қимылсыз қала берді. Бағила екі-үш қадам аттады да, оған ақырын қайта бұрылып:


- Кешіріңіз... Әлгі... біздің купедегі жігіт бір қағазын тастап кетіпті. Егер оның қайда екенін білсеңіз, айта салғайсыз,- деді жасқана үн қатып.


Жігіт күллі әлем мен күллі ақындарға деген ренішін сәл ғана сәтке қоя тұрып, бұған күлімсірей қарады.


- Егер ол жігіттің қайда екенін айтсам сізге қызмет еткен боп табылар ма екенмін? Сізге қызмет етуге әрқашан дайын екенімді білесіз ғой.- Оның жүзінде әлгі намысқойлық пен өкпе-реніштен із де қалмай, тек баяғы сыпайы күлкісіне қайта оралыпты. Бағила оның бойындағы өлермен өзімшілдіктің қайнауы әлі басыла қоймағанын білсе де, соның бәрін ішінде оңай тұншықтырып, қалаған сәтінде қалаған күйге түсе алатын мына сияқты ерекше қабілетке мейлінше таңданды. Оның жүзіне көз тастаса тағы да сол жүрек қобалжытар шектен тыс сыпайы күлкі мен сыпайы ізетті көруден тайсақтап, Бағила оның лактелген қара туфлиіне қарап тұрып:


- Жоқ, маған емес, сол жігітке қызмет еткен болар едіңіз,- деді де өз сөзінің жігітке қандай өзгеріс енгізгенін күтпестен, купесіне кіріп кетті.


Әкесі ұйықтап жатыр екен. Қашанғы әдетінше аузын сәл ғана ашып, бір қалыпты, баяу қорылға кірісіпті. Осыдан үш-төрт жыл бұрын қайтыс болған әжесі үй ішінде қорылдаған адамды ерінбей-жалықпай аралап жүріп оятатын-ды. Білдірмей басып келіп, иығынан ақырын ғана түртіп: "Бір қырыңнан жатшы",- дер еді. Бір қорылды тоқтатқанда әуелгі оятып кеткен адамы қайта бастайды, бұл оған қайта барады. Сөйтіп, өзі қалжырап ұйықтап кеткенше балалары мен немерелерінің арасында арлы-берлі тыным таппай жүрер еді. "Әже, қорылдаған адамды неге оятасыз?"- дейтін Бағила. "Түнде адамды шайтан бауыздайды. Сонан соң қорылдайды",- дейтін ол. Әжесінің қорқынышты сөзі бала көзінен санасына сіңіп қалғандықтан ба, әлде, ес білгелі бір өзі жеке бөлмеде жатып тыныштыққа үйренгендіктен бе, Бағила қасындағы адамның қорылдағанын ұнатпайтын. Сол әжесі секілді тап қазір де әкесін ақырын тұртіп оятпақ боп оған жақындай беріп еді, кішкене стол үстіндегі жартылай жазылған баяғы қағазды көріп, ол сол орнында әрі-сәрі күйде тұрып қалды. Коридорға шығып, сыпайы жігітпен әңгімелескен аралықта көңілден аздап ұмыт бола бастаған бейтаныс жігіт жайлы ойы мен жастық астында қалып қойған қағаз оның санасында қайта тіріліп, тынышын тағы ала бастады.


Ол қолын жайлап созып, сытырын естіртпей қағазды алды. Демі дірілдеп, шын ұйықтап жатқанына ақырғы рет көз жеткізіп алмақ болғандай әкесіне тағы бір қарады да, полкасына отырып қағазға үңілді.


Жасы он жетіден енді-енді ғана асқан қызға мұндағы сөздер мүлде жат, мүлде алыс көрінді. Ол әуелгі сөйлемнің өзін ә дегеннен түсіне алмай, бірнеше рет қайталап оқыды.


"Таңдану мен табыну ешқашан абстракциялы ұғым болып көрген емес, өйткені бұл екеуі тек жеке адамның ой-өрісі мен парасат деңгейіне тікелей байланысты. Ал жеке адамның өзі де, ой-парасаты да әрқашан нақтылы. Айталық, Теккерей, Гюго, Франс, Шиллер (прозалық шығармалары), Скотт т.б. дүниеге белгілі жазушылардың шығармаларына өз басым ешқашан таңқалған да табынған да емеспін. Осылай дегенім үшін бәлкім маған кейбіреулер тіл тигізер, қайдан шыққан данышпансың, өзің не бітірдің т.т. деген сияқты толып жатқан кінәлаушы сұрақтар қояр.Демек, олар табынушылар. Таңданушыны өз пікірін қайтаруға немесе сүйіспеншілігін бәсеңдетуге болғанмен табынушыны бетінен қайтару қиын. Ол қульт пен фанатизмге ұқсас. Фанатизм мен парасат қатар өмір сүруі мүмкін емес, өйткені олар бір-біріне жау ұғымдар. Фанатизм тек "сауатсыздық" деген ортада "гүлденер" болса,парасат білімді ортада өніп-өседі. Демек, адам неғұрлым көп білген сайын өзінің бұрынгы таңданып, табынып келген нәрселеріне қайта баға бергіш болады. Жоғарыдағы жазушыларға табынбайтыным, тіпті, таңданбайтыным -әйтеуір осылайша біреу-міреу жаза алатын болғандықтан,мұндай шығармалар Адам творчествосының потенциалды мүмкіндігі шеңберінің ішінде жатқандығынан. Керісінше, он сегінші ғасырдағы көпке белгісіз П. Борель (жиырма үш жасында қайтыс болған) шығармаларындағы философиялық консепциялар мені көбірек қызықтырады, тіпті,оның ешкім ойламаған жақтан келуі, адамдар тіршілігіне төңкеріс енгізбек болған өзіндік ойы таңдандырады. Немесе, орыстың қазіргі жазушысы Д. Гранин "Таңғажайып бұл өмір" (басқаларына таңқалмаймын) аяғын жерден биік көтерген, біреу жазса, біреу жаза алмайтын тақырып, орындалуы өте қиын. Шукшин, Распутин, Астафьев секілді қазіргі шулы авторлар да көніл аударуға тұрғанмен, адамзат ойына ой қосқан жоқ. Керісінше, қай-қайдағы бір Р.Вайан маған көп әсер етеді. Өйткені, ең құрығанда ол өзі жайлы да әрі батыл, әрі өткір сын айта алады. Ал, қазақ әдебиетіне, оның енді қалыптасып келе жатқан көркем ойлау мен көркем прозасының профессионалдық дәрежесіне, оның өкілдеріне баға берер болсақ..."


Бағила қағаздан көзін алмаған бойы отырып қалды.Мұндағы айтылған ойлар, адам аттары да оның бұрын-соңды естімеген, білмеген нәрселері еді. Ол таңданарын да, табынарын да білмеді. Және бұл екі ойдың екеуі де мына бір бет қағазда алдын ала жазылып қойыпты.Таңдану мен табынудың түп төркіні парасат пен білімнің саяздығына саятынын әлгі қағаз арқылы байқаған қыз таңдануға арланып, таңданбасқа шарасыз қалып танытып, осы екі ойдың аралығында тағы дел-сал күйге түсті. Әйтсе де, бейтаныс жігіт қалдырып кеткен осы бір парақ ой оны айрықша бір биікке көтеріп, өз ойындағы бұрынғы биіктерін табан асты аласартып кетті.


Коридордағы жігітті есіне алды. Көз алдына оның білімсіз бейшара қалпы, соған қарамастан тек жалған намыс ұялаған құр кеудесі көз алдына елестеп, еріксіз жымиды.


Бейтанысты қайта есіне алды. Өзінің таңданбауға тырысқанын, олай етуге намысы жібермегенін ойлады. Жалған намыс... Жалған намыс өз бойында да жатқанын, жасырын жатқанын ұғынды, ұғынған сәтте өз-өзінен шошыды. "Сонда қалай? Жалған намыс жұрттың бәрінде де жасырынып жатқаны ма? Жо-жоқ, олай болуы мүмкін емес, мүмкін болса да менде жоқ. Иә, менде жоқ".


Жалған намыс - адам өз әлсіздігін, өз дәрменсіздігін сезінгенде ғана бас көтерерін, оның білімсіздікпен егіз екенін Бағила білген жоқ, олай болар деп әзірге ойламады да. Бірақ, өздері қупеден қуып шыққан жігітке осы уакытқа дейін жанашыр сезім танытып келсе, дәл осы минуттан бастап оның орнын өкініш ауыстырғанын аңғарды. Ол жігіттің кім екенін білмесе де, әйтеуір өздерінен бір емес бірнеше елі жоғары тұрғанын, оның осы уақытқа дейін өзі көріп, сөйлесіп, араласып жүрген адамдарынан, тіпті, жат ұяны зорлықпен мекендеп, бейғам жатқан мына әкесінен де биік екенін ұғынды. Және, қан базардай қайнап жатқан мына өмірде бір кездесе кеткен бейтаныс адамды өз әкесінен жоғары қойғанына, әуелгіде намыстанды, намыстанса да оған көнбеске болмасын, бір парақ қағаз болдырмасын еріксіз мойындады. Өзіңнің өзгеден төмен екеніңді мойындау қорлықтың атасы екенін, білім мен парасат үстемдігін жеңер ешқандай қайрат,ешқандай қару да жоқ екеніне Бағила осы тұста ой жіберді.


"Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда..." Осы бір өлең жолы, неге екені белгісіз, Бағиланың шатысып, шарпысып бара жатқан алып қашты арпалыстарының арасынан ауық-ауық бас көтеріп, оны тереңге жетелей берді."Ойлы адамға неге қызық жоқ?"


"Абайдың мұнысы несі?"- деуші еді "Ойлы, әділетті адам түбінде жеңеді, оның мерейі үстем болады, ол еңбегінің, білімнің, ойының зейнетін көреді",- деуші еді, он жыл бойы осылай деп келмеді ме, осылай үйретпеді ме? Енді кеп мұнысы несі? Абайға сене ме, мұғалімдерге сене ме, әлде өзіне сене ме? Қайсысына жүгінген жөн?" "Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда..."


Бағиланың басы қатты. Кімге сенерін, даланың сағымындай шұбырған ойларының қайсысын ұстарын, қайсысының жалына жабысарын білмеді. Әйтсе де, осы жолдар тылсым бір құдіреттей оны өзіне қол бұлғамай-ақ үнсіз жетелей берді. Сол жетекке еріп, алғаш адым басқанда көз алдына көпе-көрнеу әділетсіздіктің оңай құрбаны боп, жылы орнынан айрылып бара жатқан жігіт елестеді. Жаңа ғана өздерінің бәрінен биік санаған жігіт. Купеден айрылу - өмірдегі ең қатал, ең сорлы қорлық емес шығар, бірақ, қайткен күнде де жеңілу ғой. Біреудің үстемдігін сезіну мейлі үлкен бе, кіші ме, әйтеуір жанға түсер жара, ар мен намыстың жығылуы, ал, ар мен намыста үлкен, кіші деген ұғым жоқ, болған емес. Өздерінен биік санаған жігіт өздерінен аласа болды. Аласарған жоқ аласартты. Биік ой аласа ойдың алдыңда жеңіліс тапты.


Неге?


Бағила бұған жауап бере алмады. Жауап бергені сол, аузын сәл ғана ашып бейғам ұйқыда жатқан әкесіне бір қарады, қарады да өз ойынан өзі үрейленді, өн бойы дір ете түсті.


Ол қағазды кішкене стол үстіне қайта қойды. Сол кезде оның келесі беттерінде мұнан да терең, мұнан да тұңғиық ойлардың барлығын, мына жалғыз бет - сол тылсым ойлардың бір ұшқыны ғана екенін анық аңғарды. Жас қыздың көкейінде өзі де біліп болмайтын ерекше бір ынтызарлық, оның қалған беттерінде не жазылғанын білуге құштарлық бас көтерді. Осы бір сезім тереңнен оянуы мұң екен, сол беттердің иесін - бейтаныс жігітті тағы бір көрсем, онымен тым болмаса бір рет тілдессем деген ұры ой қоса көтерілді. Оны бір көруді, бір рет тілдесуді тілеген ойынан ол сескенген де үріккен де жоқ.


* * *


Поезд Алматыға кешқұрым кеп тоқтады. Әкесінің мұнда да таныстары көп екен. Қайнап тұрған шілденің күні болса да костюм киіп, галстук таққан төрт-бес еркек бұларды вокзалдан дабырлай күтіп алып, манадан сазара тосып тұрған су жаңа екі "Волгаға" қарай алып жүрді.


Бағила бұл кісілердің кім екеніне, өздеріне қаңдай қатысы бар екендігіне де ой жібермеді, әйтеуір, әкесі жүрген жерде ылғи осылай боларын, қайда бармасын, қай ортаға түспесін - бәрінде де сый-құрмет иесі боп шығарын көз ашқалы көріп келе жатқандықтан бұл сияқты ерекше ықыласқа мән де бермеді.


Машина көк терекке көмілген әсем көшемен зулап келеді. Күн әлі бата қоймаса да, мұнда қара көлеңке, әрі ауа қоңыр салқын екен. Көшеге жаңа ғана су себілген болса керек, машина доңғалақтарының дымқыл асфальты тыз-тыз тілгені ғана естіледі Бағиланың желке тұсындағы дауыстар әр тақырыпқа бір ауысып келеді. Бір дауыс жаз айында поездан гөрі самолеттің ыңғайлы екенін баяндай бастады. Өзінің жуықта ғана Ташкентке барып келген сапары жайлы, сонда барған жері Қаратай Исаевичтың келген жағынан әлдеқайда жақын болса да самолетке отырғанын, жол азабын көрмей тез жеткенін сөз етті. Тәшкендегі тамақтың көптігіне, шашлыктың молдығына тоқталды. Тәшкенде көшеге шықсаң болды, алдыңнан жаюлы дастарқан пайда бола кететінін, бір сомға жетер-жетпес ақшаға меймілдеп тоятыныңды ерекше ықыласпен айтты.


Тәшкен дастарқанының табынушысы үзіліс салмай бөдене таласы жайлы елігіп сөйлей жөнелді. Мүлде басқа елден, басқа планетадан келген адам сияқты және осында отырғандардың бәрі кем дегенде ол қалада төрт-бес реттен болып қайтқанымен ісі де жоқ.


Көшенің жаңа ғана сызып өткендей аппақ жолақтарынан көз алмай келе жатып Бағила осындай салауатты, ересек адамдардың түкке тұрмайтын ұсақ тақырыптардың төңірегінде тамсана әңгімелеп келе жатқандарына, орынсыз жерде күле беретіндеріне және ең бастысы күлкісіз нәрсенің өзіне қарқылдай салатындарына таңданумен болды.


Екі машина құйрық тістесіп келіп қаланың қақ ортасындағы алты қабат үйдің есігінің алдына тоқтады. Үй иесі - жуықта Тәшкен сапарынан оралғаны жайлы жол-жөнекей ауыз жаппай әңгіме айтып келген ұзын бойлы, шашына ертелеу ақ араласа бастаған орта жастар шамасындағы ашаң кісі боп шықты. Бұлар үйге даудырлай кіріп келгенде ас қамымен жүріп әлі халатын да шешіп үлгермеген, жасы отызға жетер-жетпес қара торы әдемі келіншек есік алдында ұяла күлімсіреп сәлем берді.


- О-о, жеңеше, амансың ба?- деген әкесінің сәлемдесуінен Бағила бұл келіншек Тәшкен дастарқанының табынушысының әйелі екенін түсінді. "Жеңеше" деген сөз жас әйелдің болмысына мүлде қарама-қайшы келіп тұрса да, оған мұның құлағы мен еті үйренген болса керек, өзінен әлдеқайда үлкен, тіпті қайнаға десе де ерсі көрінбейтін Қаратайға қазақы, жайдары мінезбен: "Қайным-ау, сені де көретін күн болады екен ғой",- деп қолын алжапқышына тез-тез сүртті де, құшақтасып амандасты.


- Ойпырмай, қолыңа билік тимей жүр екен дағы,-деп жалғастырды ол кісілердің алдына тапочка қойып жатып,- бұрын жиі келуші едің, бастық болдың да көруден қалдық. Семіріп алғансың ба өзі? Қане, қане?- Ол Қаратайды айналдырып көре бастады.


- Жоқ, анау айтқан сал қарын бола қоймапсың. Ауданның бірінші басшысына бұдан артық болуға да болмайды.


- Мәлике, мұнда да үлкен кісі бар екенін ұмытпағайсың,- деді күйеуі әйелінің Қаратайды тым тамашалап кеткеніне қытымырлау дауыспен тоқтау салып.


Келіншек топ кісінің арасындағы қағажу қалған Бағилаға бұрылды.


- Түу! Какая славная! Красивая! Ұмытпасам, атың Бағила ғой ә?- Мәлике Бағиланың бетінен сүйді.-Адамды қартайтатын өзіңнен кейінгі деген дұрыс, бірақ, "Өзіңнен кейінгі қыз баланы көріп қартаясың",- десе дәлірек болар еді. Осыдан екі жыл бұрын көргенімде шашы желбіреген ойын баласы еді, енді бойжетіп шыға келіпті. Қартайдың деген осы ғой!


- Мәлике, философия айтуға әлі уақытымыз мол болар деп ойлаймын,- деді кәрілік жайлы сөздің бір ұшы өзіне қаттырақ тигенін сөзген күйеуі қонақтар жайғаспай жатып-ақ әйеліне екінші рет ескерту жасап.


- Қазақтың маңдайына философияны құдай өз қолымен жазған,- деді Мәлике күйеуінің ескертуіне бұрынғысынша жайдары мінезбен оп-оңай тойтарыс беріп.- Өйткені философияны көргені мен түйгені бар адам айтады. Ал, қане, жоғары шығыңыздар.


Дастарқан үстінде ретті-ретсіз, әр тұрлі тақырыптағы бытыраңқы жайттар сөз болды. Ауа райы, саясат, үкімет адамдарының арасында өткен әңгіме, біреудің қызметке тағайындалуы мен босауы, сонан соң, әлбетте, үй иесінің Тәшкен сапарындағы көрген-білгені де ұмыт қалмады.


Бағила бұл әңгімелердің бірін ұғып, бірін ұға алмады.Және олардың сөзінде ойда қалар, көңілді селт еткізер жаңалық, тосындық жоқ секілді боп көрінді. Ол мұндай әр түрлі адамдар бас қосқан жиындарда әке-шешесімен бірге жүріп талай болған. Дастарқан басындағы адамдардың ат-жөндері мен тұр-түсі, атқарар қызметтері басқа болғанмен бәрінің айтар сөздері мен күлкілері, әзіл-қалжыңдары бір-біріне ғажайып ұқсас келетініне әуелгіде таң-тамаша қалатын, бертін келе бұған да құлағы үйреніп,кісіні жалықтырар әңгімелерді ұқпаса да үнсіз тыңдап, өз қиялымен өзі боп отыра берер жақсы әдіс тапқан-ды. Бұл жолы да сүт қосқан күрең шайды ауық-ауық ұрттап қойып, қонақ бөлменің екі жақ қабырғасына сірестіре жиылған кітаптардан көз алмай түрлі-түрлі ой құшағына шомды. Бұл қонақ бөлмеден гөрі кітапханаға көбірек ұқсайтын сияқты. Бағила бір сәтке осындағылардың бәрін кітапханада шай ішіп отырған адамдарға ұқсатып, өзінен-өзі іштей жымиды. Және бұлардың кітапханада шай ішіп, қарқ-қарқ күліп отырғандарын кітапты сыйламау, оның қасиетін қорлау деп ұқты. Ол Тәшкендегі қораздар таласы жайлы тамсана айтып отырған үй иесіне бір сәт қарағанда көз алдында бет сүйегі шығыңқы, ойнақы жанарынан оты таймаған, кісіге сынай қарайтын, істік мұрын, еріндері қаймақтай, ақ сары адамның суреті қалды. Неге екені белгісіз, бұл сурет Бағиланың санасында ұнамсыз сезім тастап өтті. Бағила бұл секілді адамдарды да көрген және олардың көпшілігі қытымыр, даукес, өзімшіл, қызғаншақ, ұсақ, сараң, мақтаншақ боп келетінін, оның үстіне мейлінше сақ әрі міндетті түрде жағымпаздыққа жақын жүретінін де байқаған. Көз алдындағы елес-портреттен назар аудармай тұрып-ақ, ол үй иесінің мына кітаптарды түгел оқыған-оқымағаны жайлы өз көңілінде бір сұрақтың жылт ете қалғанына таңырқаған жоқ.


- Бағила, шайыңыз суып қалды ғой, кесеңізді беріңіз, ауыстырсын,- деген оң жағынан естілген дауыс жаққа қарағанда қасында отырған ақын-жазушыларға өкпелі жігітті көрді. "Бұл қашан кеп қасыма отырған? Ыстық күнде костюмін шешіп тастаса қайтеді? Маңдайынан аққан терін сүртсе болмас па?" Бағила бұл жігітке деген жүрегіндегі жек көру сезімінің кенет жиіркенішке ауысқанын сезіп, қабағын тыржитты. Тұрғат қыздың бұл мінезін бөтен үйдің шаңырағынан қысылып отырғанға жорып, оның кесесін өзі алды да, шай құйып отырған Мәликеге ұсынды.


- Жеңгей, аса ыстық болмасын. Сүтін молдау құйыңыз. Бағила ыстық атаулыны ұнатпайды,- деді ол соңғы сөзін Бағилаға бағыштап, мейлінше жұмсақ, еркелеткен үнмен.


"Өзімшілін қарай гөр,- деді Бағила іштей ызаланып.- Менің нені ұнатып, нені ұнатпайтынымды қайдан біледі?"


- Жоқ, ыстығынан құйыңыз,- деді ол кенет Мәликеге.


Тұрғат сасқан жоқ. Бұл жолы да Бағиланың қасиетін жақсы білетін сыралғы адам боп шыға келді.


- Мейлі, ыстық болғаны да дұрыс. Ұзақ жолдан шаршағанда ыстықты қалайтыны да бар,- деді ол мүлде салмақты үнмен.


"Ұятсыз,- деді іштей Бағила.- Мұнымен не ұтпақ?" Стол үстінде тұрған жеті литрлік электр самовары мен адамдардың лебінен, қала берді кішігірім театрға лайықты үлкен-үлкен екі хрусталь люстраның әсерінен үй іші моншаға айналды. Терезе алдына қойылған жел диірмендей үлкен желдеткіш осындайда қызмет көрсетіп қалуға тырысып қанша гүжілдегенмен үй ішіне қамалып алған қапырықты айдап шыға алар емес. Қаратай орнынан ақырын көтеріліп, үстіндегі жаздық сұр костюмін шешіп орындық арқалығына ілді де, галстугын кішкене журнал столының үстіне лақтыра салды. Содан соң көйлегінің жоғарғы екі түймесін ағытып, иығынан ауыр жүк түскендей терең бір демалып, орнына қайта отырды.


Бағила кітаптардан көзін тайдырып, жұртқа қарағанда олардың бәрінің көйлекшең отырғанын көрді. Тұрғат та кастюмін шешіп, дәл Қаратай секілді жоғарғы екі түймесін ағытып тастапты. Бағила ақыл тоқтатқан, ересек адамдардың және бірін-бірі бұрыннан білетін адамдардың өзара отырып та ресми қарым-қатынастың оңай тұтқыны бола салатындарына түсінбеді.


Осында қанша адам отырса бәрі бір-бір сыпыра тост көтеріп шықты. Бір-бірінен аумайтын, инкубатордан шыққаңдай ұқсас сөздер, жаттанды тілектер, таптаурын ойлар. Жан-жақты білімді, мәдениетті боп көрінуге күш салып жүрген Тұрғат та қиналуды, миды қинауды керек етпейтін бұрыннан дайын, кезекші тілек айтты. Саяси тост көтерді және ол саяси тостың бұл атмосферамен, қазіргі жағдаймен мүлде қатысы болмағандықтан біршама қолайсыз шықты. Бірақ, таңқаларлығы сол, шыдамдылыққа үйренген кісілер үнсіз тыңдап отырды да, сөз біткен кезде аналарынан туғалы бері мұндай лебізді тұңғыш реет естіп отырғандай, дән риза кейіп танытып, орындарынан бір-бір қозғалып, "Бәрекелде!"- деп гу ете түсті. Қаратай ғана қалыптан сәл ауытқып, Мәликенің, жеңгесінің денсаулығы үшін, Сәкеңнің - ағайының шабытына шабыт қоса берер оның сыры кетпес әдемілігі үшін, осындай ерке мінезді, қарапайым, жар қадірін түсірмейтін әйелдер үшін лебіз көтерді. Бұл да аспаннан алынған, жер астынан табылған сөз болмаса да өзгелердікіне қарағанда клеткалары тірі, организмінде Жаны бар тілек болды. Отырғандар желпініп қалды.


- Қайнымның сөзіне бәрің түгел алыңдар!- деп Мәлике өзі аралап, кісілермен рюмке соғыстырып шықты. Кішігірім келі сияқты хрусталь рюмкелер жан-жақтан кеп түйіскенде, үстін-үстін соғылған жез қоңыраудай сыңғырлап тұрып алды.


Мәлике өзі үлгі көрсетіп, рюмкедегі жартылай құйылған коньякты тамшы қалдырмай тартып тастады. Қаратай да аяғына шейін алды. Қаратай алған соң қалғандары жайлы сөз қозғаудың да қажеті жоқ, үш-төрт жігіт бауыры бүгін шіріп кетсе де қағып-қағып тастады.


Үй иесі Сәргел ғана қаймақтай ернін бокал ернеуіне тигізіп, "маған у беріп отырған жоқ па екен осы" дегендей ерніндегі коньяк жұғынын тілімен ары алып кетіп, тамсанып-тамсанып қойды да, бір сәтке бет-әлпеті қимылсыз қап, тың тыңдады.


Бұл - әйелінің жұрт көзінше коньякты сарқып ішкеніне көрсеткен қарсылық еді. Қарсылық елеусіз қалды. Мәлике күйеуінің көңіл-күйіне мән берген жоқ. Көзінің қиығынан оның тамсанып отырған сәтін бір шолып өтті де, орынсыз қытымырлыққа ыза боп Тұрғатқа:


- Қайным, қонақ болсаң да осы үйдегі кіші сенсің, тағы бір-бір құйып шық,- деді. Ол сол сәтте орнынан ұшып тұрып, жұртты аралап бокалдарға коньяк құйып шықты. Сәргел алдындағы бокалдың аузын алақанымен жауып, салалы етсіз саусақтарын төмен түсіріп, хрустальды үгітіп жіберердей уысында мыжғылай берді.


Екі жақты арбасу іштей пісіп келе жатты. Мәлике күйеуінің қызғаншақ та қытымыр мінезінен қорықпайтын. Екеуінің арасындағы қайшылық тек бір жақты қызғаныштан - Сәргелдің қызғанышынан ғана туындайтын-ды. Егер әйелі ешкімге көңіл бөлмей, қонаққа барса да, қонақ шақырса да маңайдағы еркек атаулыға (жас болсын, кәрі болсын Сәргел қызғана береді) немқұрайды қалып танытып, тіпті, олар аршып берген конфетті де елеусіз қалдырса, сөйтіп, басқа жақта отырған жерінен өзінің қасына кеп, қызуы қайтқан, сұлулық пен жастыққа селт етпейтін, өзінің күйеуінен басқаға қызықпайтын,тіпті, қажет етпейтін салқын әйелдің кейпімен басының ауырғанына немесе көңіл-қошының жоқ екеніне шағым жасап өзгелерден ертерек кетіп қалар кездерінде Сәргелдің көңіл-күйі айрықша жайдары болар еді. Бірақ, мұндай сәт сирек, тым сирек кездесетін, әсіресе, соңғы кезде. Күйеуі қанша қызғанғанымен, қанша ашуланғанымен оның бұл мінезінің шарықтау шегі, тоқ етер жері Мәликеге оншалықты қорқынышты емес. Өйткені оның жас жігіттердей шарт сынар қасиеті, күтпеген шешім қабылдар тәуекелі жоқ екені де жас әйелге күні бұрын аян болып тұратын. Өзінің осындай шарасыздығын күні бұрын Сәргел де сезеді. Дәл осы сезіну оны бұрынғысынан да діңкелетіп, дәрменсіздігі ішіне жегі боп кіріп, жүйкесі мен миын ірі егеудей егей бастайды. Мұндай кезде ол шектен тыс шікәмшіл, тырысқақ, тіпті, аурушаң болып алады. Мәлике болса бұған кері мінез танытып, жайдары, ерке, өмірге құштар, адам атаулының қайғысы мен қуанышына ортақтаса кетер елгезек боп кетеді. Жұмыс кабинеті мен ас үйдің, дәретхананың арасында жұмсақ тапочкасын сырп-сырп басып, әлденелерге наразылығын білдіріп, күбірлеп жүріп алатын күйеуінің көңілін табу мақсатында Мәлике бір де бір әрекет жасап көрген емес.


Әуелгінде Сәргел өзінен-өзі мүжіліп, бүк түсіп жатып алатын-ды. Айғайлауға, тіпті, ашу үстінде әйеліне шапалақ жұмсауға да қақысы бар екенін ол түсінетін, бірақ,бұл екі әрекеттің екеуі де қазіргі жағдайды жақсартуға көмегін тигізе алмасын, керісінше, іштей арпалысты сыртқа шығарып, ашықтан-ашық жауласуға апарып соғарынан аяқ тартатын-ды. Ал Сәргелдің жасында ашықтан-ашық жауласуға бару - өз қолымен болашақ жеңілістің қабырғасын қалаумен тең. Өзінің ашық майданда жеңіске жете алмасын сезген ол, күрестің қарусыз түрін - наразылық пен қарсылык әдісін таңдауға мәжбүр еді. Жыл өткен сайын бұл әдіс те босаңсып, ол әйелінің дегеніне мысқалдап көніп келе жатты. Амалсыз, шарасыз көніп келе жатты. Ал, Мәлике болса мұны жеңіс деп бағалаған емес. Ол мына үйдің ішінде өз дегенінің салтанат құратынына кәміл сенетін, сенетін де мына күйеуінің ұйқыдағы аюдай ін түбінде жатып ап, тез беріле қоймағанына ызаланатын және өз ойының үстемдік алуын, семьядағы өзара толық түсінушілік деп бағалайтын-ды.


Олардың жұбайлық өмірінде бір адамның толық үстемдік етер кезеңі (тең право екеуі қосылғалы болған емес) туып келе жатты. Мәлике күйеуіне ашуға ашумен жауап бермей-ақ қас-қабағымен, ас үйде шай ішіп отырып оның қызғанышының мүлде орынсыз екенін, жаман болсын, жақсы болсын күйеуге тиіп, бір шаңырақтың астында тұрып жатқан соң адалдықты аттауға ары жібермейтінін және орынсыз қызғаныш арқылы әйелдік арын аяққа таптайтынын мейлінше нанымды, мейлінше байыпты үнмен қысқа-қысқа айтып өтетін-ді. Бұл сөздер оның ұстамды бет-пішінімен, салқын да сабырлы даусымен, сенімді де нық қимылдарымен етене қабысып, жалғандық атаулыға ешқандай күдік қалдырмайтын. Бірақ Сәргелдің жасы мен Сәргелдің табиғатындағы адамдар күдіктен біржола қол үзіп кетуі мүмкін емес-ті. Әйтсе де, қанша ауытқығанмен тал түбінен кетпейтін көлеңке секілді, көңілінен сейілмейтін сол күдігінің ар жағынан түнгі ауылдың алыстан көрінген жалғыз шамындай сенім сәулесі жылт-жылт етіп, жанына медеу болатын. Соңғы үш-төрт айда сол сәуле күшейе түскендей еді. Сәргел бірнеше рет ойламаған жерден жұмыстан оралғанда әйелінің жат оймен еш хабары жоқ, ванна бөлмесінде көпіртіп кір жуып жатқанын немесе қыс қамымен варенье қайнатып, компот жасап, семья тауқыметін алаңсыз арқалаған адамның тірлігіне қайрылмастай берілген қалпын көріп, жүрегі орнына түсетін. Екі рет командировкасынан да мүлдем ерте келді (соңғы рет Тәшкен сапарынан). Және түн ішінде. Мәлике екі баласын екі жағына алып, бейғам ұйықтап жатыр екен. Есікті қалтасындағы кілтпен өзі ашып кірген. Әйелін оятпай тұрып үйден күдікті әрекеттердің болмашы іздеріне шейін бақылап шықты. Бәрі қаз-қалпында. Жолдан қайтып келгенде әйеліне сөздірмей баса назар аударатын темекінің күл салғышы да киім ілгіштің жанынан қозғалмапты, ішіңде қалған бір тал таза сіріңке шиі де алынбаған. Әр жерде балаларының киім-кешегі, шимайлап сурет салған қағаздары шашылып жатыр. Үйде мүлгіген бейбіт тыныштық, шаңырақ астында бала қамы, семья қамы, оларға деген аналық қамқорлық салтанат құрған.Тіпті, өзі кіріп келіп, шам жаққышты шырт еткізгенде де не дыбыстан, не кенет жанған жарықтан Мәликенің оянбауы әйелінің алаңсыздығынан хабар беріп, сенімін нығайта түсті, сонымен бірге өзінің орынсыз күдігі мен жасырын арамдығын сейілтіп жүрек түбінен адалдық алдындағы кінәсін мойындатқан ұятын шымырлатып өтті.


Табиғатынан тоғышарлыққа ынтық жан дүниесі тоят тауып, бұйығы, алаңсыз, разы өмірге еніп келе жатқан осындай кезеңде әйелінің күтпеген жерден бүгінгідей қылық көрсетуі Сәргелдің ұйып келе жатқан сенімін сетінетіп, бұған дейін едәуір қалыптасып қалған оң көзқарасын іштей қайта таразылауына мәжбүр етті. Осы мәжбүрліктің оянуымен бірге ішкі арпалысы мен сергелдеңі де қоса бас көтерді.


Қонақтармен қайта бокал соғыстыруға кірісіп кеткек әйелінің дәл қазіргі қимылы мен жайдары мінезіне-өзіне соншалықты ұнамайтын мінезіне қарап отырып Сәргелдің күдікті ойының тұңғыш рет басқа арнаға,бұрынғыдан да азапты жаңа арнаға бұрылғанын алғаш сезінді. Ол сезім - бойындағы қызғаныш пен күдік сергелдеңінің өмір бойы, өле-өлгенше өзімен бірге жасайтындығын алғаш ұғыну еді.


Бұдан алты жыл бұрын әйелі дүние салды. Оның өліміне Сәргелдің қызғаныштығы тікелей себеп болды. Марқұмның жүрегінің ұстамалы ауруы бар еді. Әйелі жұмыстан сәл кешіксе де, дүкеннен әлдеқайда бір заттар алып, айтқан уақытысында келе алмаса да, тіпті, жұмыста отырып үйге телефон соққанда телефон бос болмай қалса да "Неге кешіктің?", "Дүкенде кіммен жолығып қалып едің?", "Телефонмен қай сүйгенің сыр айтты?"- деген сияқты мысқылмен жанын жейтін. Мұндай сөздерге жауап бере алмай ол әлденеше рет буынып, талып та қалып жүрді. Әйелі мұнымен бірге қонаққа барудан да қалды. Қонаққа барып қайтқан күні үйде керіс болмай тынбайтын.Тіпті, телевизор көріп отырғанда "Дикторға неге сонша тесіле калдың?"- деп дау бастаудан да жалықпайтын.


Ақыры осыңдай бір даудың үстінде әйелі ас үйде құлап түсіп, жедел жәрдеммен ауруханаға аттанды. Екі баласын ертіп, ертесіне сәскеге жуық артынан барса, ол о дүниеге жүріп кетіпті. Күйеуіне арнап бір парақ қағаз қалдырыпты: "Балаларды төркініме апарып таста. Мен кеттім. Қызғансаң о дүниеге кел".


Ол есеңгіреп кетті. Басы шуға толып, балаларының "мамалап" жылағанын да естіген жоқ.


Әйелінің соңғы сөзі көпке дейін есінен кетпей қойды.Тек, өлім, өлім ғана өз кінәсін мойындатқанын, бұған дейін қызғаныштығының неге апарып тіреріне мән бермегенін, ең соңынада оны қорлап, азаптап өлтіргенін сезінді.


Әуелгі кезде ол мұндай кенет соққыдан ес жия алмастай болып еді, бірақ арада бес-алты ай еткен соң қайғы табы көмескіленіп, жүзіне қайтадан қан жүгіре бастады. Жолдас-жораларымен әзіл айтып, көңілсіздігін күлкі алмастырды. Бұрын әйелі барда ойынан күдік, бойынан қызғаныш арылмай еңсесі түсіңкі жүруші еді, енді оның бәрінен құтылып, өзін мүлдем жеңіл, мүлдем азат сезінді.


Осы жеңілдік пен осы азаттығының ар жағынан қылт етіп ауық-ауық көрініп, арын шымшылаған басқа бір кінәлаушы сезімді ұясында тұншықтырып, іште шіріте берді. Ақыры ол сезім біржолата өліп, жазылған жарадай мұның мазасын алмайтын болды.


Бір жыл өткен соң Мәликеге үйленді. Мәлике бұған дейін есік көрген әйел-ді. Күйеуі Алматының кішігірім бір ресторанына барабанда ойнайтын. Алғаш рет композитормын деп танысқан. Ұзын шашы мен қауғадай сақалына және музыка жайлы айтқан әңгімелеріне қарап болса болар деп шын сенген. Ол кезде бұл ұлттық тағамдар сататын "Береке" дүкенінде сатушы боп істейтін. "Композитор" таныстықты созған жоқ, бір айдан соң-ақ үйленейік деген ұсыныс айтты. "Әзірге жолы болмай жүрген жас таланттың" тілегін қабылдамауға Мәликенің еркі жоқ еді, ол да келісім берді. Болашақ күйеу балаларымен таныстыру үшін оны Алматының іргесіндегі үйіне ертіп барған. Қыз әкесінің үйіне күйеу бала жүн-жүн боп кіріп барғанда ойнап отырған балалар бұрыш-бұрышқа бытырай қашып,сәті түскендері есіктен саңлау тауып далаға атылды. Күйеу баланы күтіп, дабыр-дұбыр, мәз-мейрам боп отырған кемпірлер кәлимаға тілін келтірген.


Жастар жиналып, азын-аулақ отырыс қызғанда күйеу бала өнер көрсетті. Ортаға шығып ап, жын ұрғандай биледі.


- Барабан!- деді айғай салып арасында.


- Барабаны несі?!


- Дайте мне мой барабан! Мен барабанға арнап концерт жазғанмын.


Мәликенің әкесі мектепте оқу бөлімін басқаратын, бір-екі жігітті жіберіп барабан алдырды. Барабанға арналған концерт түн жарымына шейін созылды.


Той Алматыда, ресторанда өтті. Мәлике осы той үстінде ғана күйеуінің ешқандай да композитор емес, "Тастақ" ресторанындағы оркестрде жай барабаншы екенін білді. Оны жігіт жағынан шақырылған қонақтардың бірі айтты.


Жұбайлык өмір алғашқы түннен салқын басталды. Үш айдан соң екеуі екі жаққа ажырасып тынды. Сәтсіз неке Мәликені жасытып кетті. Бұдан соң да ол біраз жігіттермен танысып көрді. Бәрінен де қыдыруға бар, үйленуге жоқ ниет байқап, еркек атаулыдан іргесін аулақ салып жүрді. Уақыт өтіп жатты. Ол жиырма сегізге келді. Қиялында армандаған, қиялында күткен болашақ жардың елесі күн асқан сайын алыстап бара жатқанына, белгісіз үміттің есігін күзетіп, жастық шағының жалыны әлсіреп бара жатқанын сезді. Өзі теңдес жігіттердің бәрі әлдеқашан үйленген, ал үйленбегендері тіс қаққан қу немесе аяғын есеппен басатын пысықтар. Соңғы тектегі жігіттердің танысқан күні ертеңінде телефон соғып, ұялмай-қызармай қазы-карта, жал-жая сұрайтындарынан намысы қозып, кеудесін жиреніш биледі. Еркектердің ұсақтығына, олардың пендешілікке бейімдігіне ызаланды.


"Жігіттер қайда?- дейтін ол оңаша үйде жалғыз жатып.- Еркектер қайда кеткен? Бәрі осындай болса күйеуге тиіп керегі не? Әлде, жөні түзулері отызға шейін үйленіп біте ме екен?"


Мәлике осы көзге шейін кездестірген жігіттерінен төрт-ақ қасиетті байқады: ішу, жеу, күлу, төсек. Бәрі де осы төрт бұрышты түсініктің ішінде ғана ғұмыр кешетін сияқты. Бәрі бір деңгейде. Бұл төрт түсінікті меңгеру үшін институт бітірудің, диплом алудың, тіпті, адам болып жаралудың өзі шарт емес екеніне ешқайсысы ой жібермейтін секілді.


Осылай, жігіт атаулыга ызалы кезінде Сәргелге жолықты. Дүкенге келіп, оны-мұны заттар алып жүретінін бұрын да көргені бар. Соңғы кезде жасырып, жас жігіттей жинақы, ширақ қалыпқа түскенін де байқаған. Бірақ оның қайда, не қызмет істейтінінен бейхабар еді. Шашына ақ қылау араласа бастағаны болмаса анау айтқан кәрі де емес, қырық бес, қырық алтылардың ішінде. Бір күні дүкенге қымыран түсе қалды. "Қайта өркендеу" дәуіріндегі кісі қымыран көрсе түбінде ұйықтауға дейін дайын екен.Қымыран үш күн бойы үзбей түсіп тұрды. Үш күннен соң өрістегі түйені кесіртке еміп кеткендей таппа тиылды.


Бірақ, үш күндік қымыран екеуін таныстырып барып тоқтады. Бір жұма өткен соң екеуі жұмыс аяғында кездесуге уағда байласты. Мәлике дүкеннен шыққанда Сәргел есік алдындағы телефон-автоматтың жанында үстіне ағаш көйлек кигендей сіресіп күтіп тұр екен. Мәлике мырс етіп күлді де, оның жанынан тық-тық басып ете берді.


- Імм... Сәлеметсіз бе,- деді ағаш денеге жан бітіп.


- Ә, Сіз тұр екенсіз ғой. Сәлематсыз ба? Көп күтіп қалған жоқсыз ба?


- О, жоқ Сіз секілді қызды таңға шейін кірпік ілмей күту де бақыт емес пе?


- Онда алты күн бойы бақытты боласыз?


- Імм... түсінбедім,- деді ол сыпайы жымиып.


- Бізде мен секілді бес қыз жұмыс істейді, менімен алтау.


- Ғажап!- деді Сәргел басын оқыс шалқайтып, алақанына шарт соғып. Мәлике оқыс қимылдап күлкісін кілт тиып, оның бетіне бажырая қарады.- Ғажап!Әзіліңіз тамаша екен!


- Туһ, зәремді алдыңыз ғой. Композитор емессіз бе?


- Жоқ! Доцентпін!


- О-о, ғалыммын деңіз! Қымыранға көптен құмарсыз ба?


- Жасымда түйе еміп өскем.


- Жас кезінде адам бір жануарды еміп өспесе кейін тарихшы болмайды ғой деймін. Менің бір тарихшы танысым бар, академияда, ол жас кезінде ешкі еміп өсіпті. Қазір күн сайын телефон соғып, ешкінің ірімшігін сұрайды. Ал сіз қымыран сұрайсыз.- Ол тағы күлді. Сәргел намыстанған сыңай танытып, зорлана езу тартты.


Мәлике Сәргелмен таныстықты әшейін қызық үшін, ермек үшін бастаған, бертін келе әуелгі кезде кәрі көрінген тарихшыға бойы үйреніп, әр сөзін тамсанып айтар мәнеріне, ағаштан шауып жасағандай жүрген кезде қозғалмайтын денесі мен мойнынын сірескен қалпына, кісіге қашан да астармен, сынай қарайтын жымысқы жанарына, күн шыжып тұрса да үстінен тастамайтын галстугі мен пиджагіне, жүрек айнытардай бұрқыратып француз духиін себетініне, осы таныстық аралығында байқап үлгерген оның қытымыр мінезі мен қызғаншақтығына, тіпті, анық аңғарылып тұратын сараңдығына да үрке қарамайтын болды. Және бұл қасиеттердің бәрі дерлік бұған дейін кездескен жігіттердің жасында да, жасамысында да бар болатын, сондықтан мұндай мінез Мәликеге аспаннан түскендей жаңалық болған жоқ және Сәргелдің олардан бір артықшылығы - танысқан күні ертеңіне қазы-карта сұрап телефон соқпады, салған жерден төсекке де икемдемеді, сыпайы қыдырып, сыпайы қоштасып жүрді.


Мәлике оның үйіне де келді. Қаланың қақ ортасынан ойып алынған бес бөлмелі еңселі пәтер іші толған шетелдік жиһаздар мен екі қабырға сірескен кітап, айнадай жалтыраған паркетті еден, мұндағы әбден қалыптасқан тазалық, ең соңында үй иесінің білдей доцент екендігі,бәрі-бәрі жиылып оның ойына: "Мұның жас жігіттерден қай жері кем? Олар бұдан несімен артық? Қайта бұл ойындағысын жалғандықпен жасыра алмайды, бәрі алақандағыдай. Оның үстіне бұл менімен ермек үшін танысып жүрген жоқ".


Осы ойы басында жылт етіп тууы мұң екен, уақыт өткен сайын, онымен кездескен сайын, тіпті, оңаша қалған сайын жиі-жиі орала беретін болды. Барлық әйелге тән шаңырақ қызығы, бала қызығы, жайлы тұрмыс қызығы оны күн асқан сайын баурап ала берді. Тек Сәргелдің бұрынғы әйелінен қалған екі бала ғана оның алдында үлкен кедергі, болашақ жайсыз жайлардың ұйытқысындай боп көрінді. Сол екеуі ғана жарасым тауып кетер шаңырақтың жылуына салқындық сеуіп тұрардай сезінді.


Оның бұл ойын Сәргел де айтпай аңғартып, екі баласын бұрынғы әйелінің төркініне, нағашы аталарының қолына апарып тапсырды. Артынан келіп тұратынын, үзбей ақша жіберетінін, каникул сайын алып кетіп, қыдыртатынын айтты, уәде берді.


Сөйтіп, олар қосылды. Тойға Қаратай да шақырылды.Ол кезде Қаратай совхоз директоры болатын. Әкелерінің әкелері ағайынды кісілер еді. Немере ағасының тойына ол жақсы сыйлықпен келді, тіпті, той шығынын түгелдей өзі көтеріп кетті. Сәргелдің де алыстағы ағайындардың ішінен Қаратайды таңдап шақыруы да тегін емес-ті.


Міне, биылғы жылы Қаратайдың қызы орта мектепті бітіріп, оқуға бармақ ниет білдіргенде, Сәргел немере інісіне хат жазып, өз тарапынан да бір жақсылық жасайтын кезінің әлдеқашан келгенін, Бағиланы университетке өзі орналастыратынын, қажет болса үйінде тұрғызуға да дайын екенін білдірді.


Жиі ішіліп кеткен коньяк пен үй ішінің қапырық ауасы қонақтарды тура мағынасында да, жанама мағынасында да желпіндіріп тастады. Қаратай Мәлике көңілденген сайын Сәргелдің маңдайы қатпарланып, жұқа еріндерінің жиі-жиі жымқырылып, сөзден қалып бара жатқанын байқады. Ол жас жеңгесінің қаншалықты коньяк ішкенін аңғарған жоқ, әйтсе де, оның қара торы әдемі жүзіне қан жүгіріп, кісіге батыл, тесіле қарайтын қарақаттай жанарына ерекше сиқырлы нұр құйылып, ерке де еркін мінезінің ашыла түскеніне іштей сүйсінсе де,немере ағасының іштей тынып отырған кейпін байқап, Мәликенің әзіл сөздерінің бәріне байыпты да салқын жауап беруге тырысып бақты. Оның бұл жаңа әдісі көп ұзамай өз жемісін де берді. Сәргел ұйқысы қанып оянған сәбидей жан-жағына назар аударып, сөз бен күлкіге араласып, біршама тіріліп қалды. Қаратай дәл осы сәтте немере ағасына ұнап отырғанына және дастарқан басындағы әзіл-қалжыңды дер кезінде байыптылықпен алмастырғанына қуанды.


Мәлике Бағиланың мазасы кете бастағанын сезіп, оны оңаша бөлмеге алып кетті. Бұрын бұл Сәргелдің екі ұлының ұйықтайтын бөлмесі болатын. Қазір қаңырап бос тұр.Терезеге ашық сары жібектен перде ілініпті, оң жақ бұрышта, жиналмалы жұмсақ диван жанында перде түсіне сәйкес сарғыш торшер тұр. Қарсы бетке екі қатар румын кітап сөресі қойылып, оның жоғарғы жағына қатырылған бұғының басы ілініпті. Оның көздері сарғыш торшерден түскен сәуледен жылт-жылт етіп, мына шағын дүниенің көзге көрінбейтік арғы түбінен ерекше бір құбылысты байқағандай аңтарылып қарап қапты. Өзін кім атқанын, неге атқанына, былайғы денесінің қайда жоғалғанын, мұнда не үшін ілулі тұрғанын, кімнің үйіне келіп ілінгенін білмейді де, білгісі де келмейді. Оған ең маңызды нәрсе - осылай кірпік қақпастан тар дүниенің көрінбейтін алыс көкжиегінде болып жатқан белгісіз бір құбылысқа аңтарылып қарап тұра беру. Оған тек қарап тұру міндет, кімнің үйі болса да ол үшін - бәрібір, мұп-мұздай музей қабырғасы ма, бәрібір, осылай қарап тұра береді. Дүниеге о баста осылай қарап тұру үшін келген.


- Қаласаң терезенің бір жағын түгел ашып қой,-деді Мәлике,- Көшенің бұл жақ бетімен машина жүрмейді. Тыныш. Ал, жайғаса бер. Осы бөлме түбі сенікі болады. Міне, мында пластинка тыңдауыңа болады. Пластинкалар мына полкада. Лили Иванова, София Ротару,Луки Маринесқу, Арсен Дедич, Бисер Киров, Муслим Магомаев, Дин Рид, Попура Фуқуда... Қалағаныңды алып тыңдай бер. Қысылма, өз үйіңдей көр. Мен адам мінезінің ашық болғанын ұнатам. Екеуміз әлі талай әңгімелесеміз.Әзірге қонақтарға барайын, келістік пе?


Бағила сыпайы күлімсіреп, басы изеді.Мұнда ауа таза, әрі салқын екен. Залда отырған қонақтардың дабырлаған дауыстары еміс-еміс естіліп тұр.


Өзі кеткен соң олардың да сәл еркіндік алғаны аңғарылады. Бағила күні бойы темекі түтініне көміліп, керексіз әңгіме мен шудың арасында неге отырғанына таңданды.


Ол терең бір күрсініп, диванға шалқалай отырды.Сөредегі қатар-қатар тізілген кітаптарға көзі түсті. Күні бүгін сатып әкелгендей тап-таза. Бағила бұл үйдегі кітаптардың білім көзі есебінде атқаратын қызметінен гөрі мүлік ретінде атқарар ролі басымырақ екенін аңғарды. Ол есік жаққа жай бір қарап алды да, орнынан тұрып, сөреге жақындады. Қолына түскен бір кітапты алып, атына назар аударды. "Эллинизм эстетикасы". Ішін ашты. Бұған дейін қол тимеген болса керек, кітап беттері беймезгіл мазасын алғанына наразылық білдіргендей сытыр-сытыр етіп, екі-үш беттен қосарланып қинала ашылды. Ол бір-біріне жабысып қалған парақтарды ажыратып, алғашқы бетін оқып көрді. Әріптері ұсақ, оқуға қиын екен. Жарты бетін жүгіртіп оқып шықты. Шала ұқты. Көп сөйлемдерді түсіне алмады. Сонан соң орнына қайта қойды. Диванға кеп отырды. Басын қайтадан жоғары көтергенде кітап сөресінің үстіндегі бұғының кепкен басын көрді. Оның көлеңке жақтағы көзі бұған ұрлана қарап тұрған сияқты.


Бағиланың денесі тітіркеніп, жүрегі мұздап кетті. Ол орнынан ұшып тұрып есік жаққа келді де, үлкен люстраны жарқ еткізді. Бұғы бұрынғысынша алыс көкжиектен көз алмай қарап тұр екен. Мұнымен ісі жоқ, тіпті бұған назар аударуды тәкаппар басына ар санайтын сияқты. Оның көңілі жайғасып, орнына отырды. Люстраны сол бойы өшірген жоқ. Жол ұрды боп шаршағандықтан, әрі залдың әлгі қапырық ауасынан басы зыңылдай бастаған сияқты. Ол диван ортасында тұрған құс жастықты жаймен терезе жақ шетке итеріп, әлдекімді оятып алмайын дегендей сыбысын білдірместен жастыққа басын қойды. Жатар кезде тізесінен сәл жоғары көтеріліп кеткен юбкасын қолымен ақырын төмен түсіріп, кірпігін айқастырды. Жанарына сіңіп қалған люстраның өткір жарығы көз алдына қысқы қыраудай ақ жарпа ойнатып барып, бірте-бірте алыстады да, төңіректі сұйқылтым қараңғылық басты.


Ол осылайша ширек сағаттай қимылсыз жатты. Төбеден шақырайған жарық терезенің ашық сары пердесіне шағылысып, сүт бетіне біркелкі тараған кепірез тамшысындай Бағиланың мінсіз ақ жүзіне жарасымды сарғыш реңк қосып тұр. Табиғат бар өнерін сарқа жұмсап, осы бейнені жасап біткен соң, бұл сұлулықты азырқанғандай қою түннің жасымақтай бір түйірін ойып алып, мәрмәр беттің сол жақ етегіне мең етіп жабыстыра қойыпты.


Қарсы көрінген қара шағаланың қанатындай шашаусыз біткен имек қас ширек шеңбер тәрізді біркелкі жұмылған кірпіктермен ерекше үйлесім тауып, табиғаттың шебер суреткер екенін осы үйлесімдік арқылы маңайға паш етіп тұрған секілді. Екі қастың ентелеп кеп қосыла алмай қалған тұсынан басталатын әдемі қыр мұрны ұстасаң үгітіліп кетердей бір-бірімен болар-болмас қиюласып жатқан томпиған балаң еріндерге бағыт сілтеп тұр. Ақ кофтасын аздап кере бастаған кеудесінің көтеріліп-басылғаны болмаса оның демалып жатқаны да сезілмейді.


Бағиланың дәл қазіргі қалпы мен бүкіл болмысы адам баласының: "сұлулық пен пәктік қандай болмақ?"- деген сауалына жаратылыстың үнсіз беріп тұрған жауабына сайғандай. Бағила осылай үнсіз жатып, жол оқиғасын ойша шолғанда кенет жүрегі лүп етіп, еріксіз көзін ашып алды. Жүрегінің лүпілі үдеп бара жатқан секілді. Оның есіне өздері қуып шыққан баяғы жігіт орала кеткен-ді. Көзін жұмып жатқан әлгі бір сәтте ол жігіт бейнесін анық көргендей еді, енді оны мүлде жоғалтып алды. Кірпігін қанша айқастырса да ол бейне дәл жаңағыдай айқын көрінбеді. "Ол да осы қалада ғой!"- деген жаңа бір ой кенет жарқ етіп, оның ішкі дүниесіне әрі алқыныс, әрі қуаныш, әрі сабыр тастап өтті. Бағила осы көзге шейін ол жігітті бір де бір рет еске алмағанына, ол жайлы бір де бір рет ойламағанына таңданды, сол үшін бейтаныс бейненің алдында өзін кінәлідей сезінді.


Қонақ бөлмеден ду етіп жарылған күлкі, әкесінің әңгіме айтып отырған көтеріңкі даусы, ас үйден Мәликенің шыны ыдысты түсіріп алып, оның күл-парша боп сынғаны естілді. "Мас боп қалған ба? Ол еркектермен неге коньяк ішеді?"


Әлгі ойына қайта оралды. Қайта оралған сәтте қонақ бөлмеде отырғандардың поездағы жігітке көрсеткен әділетсіздіктерін мүлдем ұмытқандарын, енді ол жайлы ешқашан, ешқашан ойламайтындықтарын түсініп, олардың бейғам күлкілерін тіпті ұнатпады.


"Қызық!- деді кенет таңданып.- Мен оны неге ойлаймын? Неге оны ойлауға тиіспін және ол жайлы ұмытып кетті деп қонақ бөлмеде отырғандарды не үшін кінәламақпын? Оны поездан түсіріп тастаған жоқ қой, бар болғаны басқа купеге ауыстырды, екі адам келе жатса басқа купедегі жалғыз адамның орын ауыстыруын ол да сұрар еді. Өтті де кетті, ондай ұсақ оқиғаны мен емес, өзі де ұмытқан шығар, мен неге өзімді кінәлі санаймын?" Әуелгі кезде жаңалықтай боп көрінген бұл сауал оның санасындағы жігіт бейнесін біршама көмескілеп, бейтаныс адам жайлы ойлай беруге ешқандай негіз жоқ деген қорытындыға әкеп тіреді. Осыған дейін түйгенінің бәрін өткінші аяушылыққа жорып, соңғы қорытындыны бірден-бір дұрыс шешім деп алаңсыз сенуге бет бұрғанда, санасының терең түкпірінен өзіне түсініксіз қимастық бір сезім бөлекше бас көтерді. Енді ол соңғы күдігі мен кенже ойының арасында жатып, ми қатпарының басқа бір нүктесінде өз бетінше пайда болған: "Оның аты жөні кім болды екен?"- деген тосын сұрақка еріксіз таң қалды.Кейде адам санасы мен миы бұрын келіп түскен сауалдарға өз бетінше, автономиялы түрде жауап әзірлей беретініне алғаш көзі жетті.


Есік ашылып, Мәликенің тамаққа шақырған даусы естілді. Асқа зауқы болмай жатса да ізет сақтап, қайшылығы мен қызығы мол ойларын амалсыз диванда қалдырып, орнынан тұрды. Есік тұтқасынан қолын айырмай, мұны күлімсіреп күтіп тұрған Мәликеге қарсы бара жатып жай ғана күрсінгенін Бағила өзі де аңғармады. Бағана араларында отырғандықтан мән бермеген бе, Бағила уақытша кетіп қалып, қайта оралған сәтте Қаратай мен Сәргелден басқа жұрт сөздерін кілт тоқтатып, абдырап қалды. Қастарындағы Мәлике де ас үйге кетіп, бір-бірінің көнтиген ерін, қоңқақ мұрын, сыпыра құлақтарына үйреніп қалған кездер есіктен жайлап еніп келе жатқан сұлулықтын үлгісін көргенде таңқалған сезімдерін жасырып қалуға шамалары жетпеп еді.


Тұрғат орнынан ұшып тұра бергенде, стол ернеуіне жақын қойылған тарелканы белдігінің доғасымен іле көтеріп, салатымен қоса төңкеріп тастады. Жерге түскен шанышқыны іле-шала қуамын деп шапшаң еңкейген кезде еріп тұрған тортқа маңдайын батырып алды да, бәрібір жұртқа көрінер бет жоқ екенін сезіп, сол бойы стол астына кіріп жоқ боп кетті. Кесірлі шанышқыны тауып, үлкен әбігермен оны стол үстіне қоя бергенде жұрт ду күлді.


Тұрғат ванна бөлмесіне шыға жөнелді. Өзінің қызына жұрт назарының қадала қалғанынан біршама ыңғайсыздыққа түскен Қаратайдың қазіргі күйін мына өрескел қимылдан туған ду күлкі құтқарып алды. Әйтсе де, Тұрғаттың әлгі қимылында тек ізеттілік кана емес, ар жағында басқа да бір жасырын сыр жатқанын жүрегі сезе қойды. Сезе қойды да Алматы сияқты үлкен қалада сұлу қыздың алдынан талай-талай қиындықтар туарын, оның бәрін жалғыз ақылмен жеңіп шығу оңайға түспесін тағы аңғарып, көңіліне күні бұрын уайым ұялады. 


* * *


Екі күннен соң Қаратай елге қайтты. Бұлар оны аэропортқа шығарып салды. Самолет ұшуға бір сағаттай уақыт қалғанда бір топ жігіттерді билет тіркеуге, Мәлике мен Бағиланы газет-журнал алуға жіберіп, Қаратай Сәргелді оңаша алып шықты.


- Мәлике екеуіңіз Бағилаға бас-көз болыңыз,- деді әкелік көңілмен.- Менің неге мегзеп келе жатқанымды түсініп келе жатқан шығарсыз?


- Әлбетте, әлбетте,- деді Сәргел бірден ойлы қалыпқа көшіп.


- Бағила балаларыңның ішіндегі ақылдысы. Бірақ, ақылының қарағанда өз дегені молдау. Сіз сияқты тәжірибелі педагогтардың қақпайы артық та болмас еді. Өз қызыңыздай көріп тәрбиелеңіз.


- Айтарың бар ма? Алыс адамдар емеспіз ғой, неге өз қызымдай көрмейін.


- Рақмет, Сәке, басқа айтарым жоқ. Өз жағдайыңыз қалай?


- Жаман емес, жүріп жатырмыз.- Ол тамағын қырнап, иығын көтеріп қойды. Оның бұл қимылынан Қаратай немере ағасы әлденені айтудың ретін таппай келе жатқанын байқады.


- Айта беріңіз, менен несіне қысыласыз,- деді ол өзімсінген қоңыр үнмен.


- Биылғы қыста... докторлығымды қорғауым керек еді...


- Жазып біттіңіз бе?


- Біттім. Машинкаға бастырып та қойдым.


- 0, құттықтаймын!


- Әлі ертерек. Ертерек болатын тағы бір себебі,- деді Сәргел Қаратайдың назарын келесі айтылар ойларға, аудармақ боп дауысын көтере,- менің осындағы кейбір әріптестерім көп кесірін тигізетін түрі бар.


- Неге?


- Сол, менің доктор болуымды қаламайды. Басты о себеп - осы. Бірақ бұл ойларын жүзеге асырудың жолдарын мен сияқты емес, жақсы меңгеріп алған. Жауапты кісілерге телефон соғады, сыртыңнан біреулерге жамандайды, "ғалым емес" деген сияқты пасық пікірлер таратып, газет-журналдарға мақала жаза қалса фамилияңды даттаған тізімге, қоса салады. Қайсыбірін айтасың, кісінің кісіге жасайтын қиянаттарының түрі мен формасы таусыла ма? Үстімнен арыз жазғандары да бар. Ауызға алуға ұялатын фактілер. Бұрынғы әйелін өзі өлтірді деп те көрсетіпті. Ол өлгенде менің хал үстінде жүргенім өзіңе аян ғой. Жас әйелге үйленді деп те жамандайды. Менің ішкі шаруамда нелері бар? Ал жетпістегі кемпірге үйленсем қайтер еді, кемпірге үйленді деп арыз жазбақ па? Және бұл фактілердің ғылымға, менің докторлық диссертацияма қандай қатысы бар?


Сәргел әр сөзін нықтап, Қаратайдың ойында күдікке саңлау қалдырмай асықпай айтып шықты.


- Ғылым адамдарының арасында бақталастық болып тұратынын естігем,- деді Қаратай өзу тартып. Екеуі аэровокзалдың маңдай алдындағы алаңның аяғына жетіп, кері қайтты.


- Болып тұратын!- деді Сәргел мырс етіп.- Нағыз бақталастық біздің ауылда, бауырым. Сырттай күлімсіреп,іштей атарға оғы болмай жүреді.


- Өзіңіз не әрекет жасап жатырсыз?


- Менде не әрекет болады?... Құдай жалғыз, мен жалғыз...


Қаратай үнсіз қалды. Немере ағасының бүкіл өмір жолын, мінез-құлқын жақсы біледі. "Құдай жалғыз, мен жалғыз,"- деп алақан жайған шарасыздығына сенейін десе, оның да тектен-тек қарап жүрмейтінін, осыдан үш-төрт жыл бұрын біреулердің үстінен арыз жазып, онысының фактілері расталмай, орнынан айрылып қала жаздаған.


Солай еді ғой деп бұл айта алмады. Тіпті, әлгі сөздерінің тең жарымы өтірік болған күнде де олардың арасындағы туыстық қатыс Қаратайды қолдан келгенше көмек беруді,оның тірлігіне араласуды лажсыз мойынға жүктегендей еді.


- Сонда, менің тарапымнан қандай көмек бола алады?- деді ол мәселенің басын ашып алмақ боп.


- Мен қайдан білейін,- деді Сәргел әңгіме практикалық бағытқа тез көшкеніне іші жылып.- Партиялық ұйымдардың қолы ұзын ғой.


Қаратай оның бетіне қарап, сыпайы күлімсіреді. "Осы кісі қу адам деймін,- деді көзін қайта төмен түсіргенде іштей.- Мені сынап келе жатқан жоқ па? Сөзіне қарасаң ештеңе білмейтін жан сияқты, көзіне үңілсең білмейтін нәрсесі жоқтай көрінеді. Мұндай мінезді қайдан тапқан?Адам өзгереді деген рас-ау шамасы".


Олар тағы кері бұрылып, қатарларын жазбай ілгері жүрді.


- Өзім болсам кетіп бара жатырмын,- деді Қаратай Сәргелдің жауапты ұзақ күтіп қалғанын сезіп.- Бұл шаруаны кеше айтқаныңыз жөн болатын еді. Және бұл мәселемен кімге бару керек екенін де білмеймін ғой. Академияда қорғайсыз ба, университетте ме?


- Университетте.


- Кіммен сейлесу керек екен?


Сәргел үшін де, Қаратай үшін де азапты минуттар басталды. Кіммен сөйлесу керек екенін Сәргел жақсы біліп келе жатты және бұл жайлы Қаратайды да жақсы біледі деп сеніп, оның балаң сұрақ қойып келе жатқанына ызаланды. Ал Қаратай болса Сәргелдің дәл қазір өзі жайлы не ойлап келе жатқанын, салған жерден екеуінің де ойына орала кеткен кісінің атын ауызға ала қоймағаны үшін немере ағасының өзін жазғырып келе жатқанын сезді. Өзімен институтта бірге оқыған жолдасы осыдан жеті-сегіз ай бұрын Министрлікке қызметке барған. Сәргелдің де, Қаратайдың да ойында тұрған адам осы. Бірақ, Қаратай жолдасының алдына мұндай келеңсіз мәселемен барудың ретін таппай, іштей қиналып келе жатқан-ды.


- Жарайды, Сәке,- деді ол әлден соң білдірмей ауыр дем алып.- Сөйлесермін.


- Кіммен?..


- Жолдастар бар ғой. Ол екеуміз мұндай мәселемен сөйлесіп көрмеген едік. Ыңғайсыз болса да амал жоқ. Келесі айда республикалық партактив болады. Сонда арнайы кіріп айтармын.


Сәргел иығынан ауыр жүк түскендей Қаратайға сездірместен терең күрсінді. "Жолдастар бар ғой",- дегенде немере інісінің кімді айтып тұрғанын, оның кімге арнайы кіріп шығатынын бес саусақтай білді. Оның кеудесіне ерекше бір көңілділік құйылып, дүние құлпырып сала берді. Сол құлпырған дүниеде бұл аяғын нық басып,жолындағы кедергілерді оп-оңай жапырып жүре беретіндей сезінді.


- Сәке,- деді сәлден соң Қаратай.- Сәргел жалт қарады. Оның жүзіндегі кенет үйіріле қалған байыптылықты, сабырлылықты көріп, Сәргел бар ынтасымен құлақ түрді.- Бағилаға арнаған бөлме екі ұлыңыздың бөлмесі екен. Келесі келгенімде екі ұлыңызды және аналарының портретін сол бөлмеден көретін болайын. Мұның мәнін таратып айтып жатудың қажеті жоқ, түсінерсіз деп ойлаймын. Мәликеге де айтып кетем.


Мына сөз Сәргелді толқытып кетті. Әзіл-қалжыңмен ірілі-уақты әңгімемен, сапырылысқан гу-гу күлкімен жүріп-ақ немере інісінің үй ішіндегі олқылықты байқағанына, ойының беріде емес, әріде жатқанына іштей риза болды. Олар алаңның аяғына жетіп, кері бұрылғанда радиодан самолетке отырғызу жайлы хабарлаған диктордың даусы естілді. 


* * *


Қабылдау емтихандары аяқталды. Бағила тарих факультетінің студенті болды. Неге екені белгісіз, ол өз фамилиясын студенттер тізімінен оқығанда бұрын ойлағандай соншалықты қуанған жоқ. Керісінше, тізім ілінген қағаз түбінде ебіл-дебіл боп жылап тұрған қызды көріп, жүрегіне көңілсіз бір мұң ұялады.


- Үш жыл... Құдай-ай, үш жыл!...- деді қыз жылап тұрып.


- Ауылға қалай барамын?! Жоқ, бармаймын, өлсем де бармаймын!..


Ол екі жыл қатарынан келіп, екеуінде де бір балы жетпей түсе алмапты. Биыл жарты балы жетпеген. Бағила университетке өзі түскенін немесе әкесінің немере ағасы түсіргенін де білмейді, әйтеуір емтихандарды жақсы тапсырып шықты. "Бәлкім, мен осы қыздың алдын ораған шығармын,- деді ол өзіне-өзі.- Мен келмесем оның студент болуы да ғажап емес қой".


Ол тәмпіш мұрын қара қыздың алақайлап қуанғанын көрді. Тарихтан ауызша емтихан көзінде ол құлап қалған. Келесі жолы, шет тілден емтихан тапсыруға келгенде оның да отырғанын көріп Бағила өз көзіне өзі сенбеді.


Бүгін студент боп, қуанышы қойнына_сыймай барады.Ол осы сәтте анау тәмпіш қараны мейлінше жек көріп кетті. Жүрегіне мұз басқандай ішкі дүниесі қалшылдап, ілгері қозғалды. Кішкене қара сумкасынан екі тиын алып, телефон-автоматтың будкасына кірді. Сүйрік саусақтарымен асықпай алты цифрді терді.


- Ало! Лике, мен ғой, Бағиламын.


Мәлике өзін осылай атағанды жақсы көретін. Бұл оның соңғы кезде ойлап тапқан аты. "Мәликенің "мә" деген буынын алып тастасаң "Лике" болады да шығады. Әрі қысқа, әрі оңай және бұл ат "жеңеше" немесе "тәте" деген өзіне ұнамсыз атаулардан құтқаратын табылған әдіс.


Ар жақтан Мәликенің үрейлі даусы сампылдай естілді.


- Не болды, жақсылық па?


- Түстім.


- Туһ! Зәремді алдың ғой! Бір қырсық болып қалған екен деп... Неге көңілсізсің? Студент болған адам қуанбай ма екен?


- Қуанып тұрмын ғой...


- Қуанғаның осы ма? Ой елігім менің! Қазір маған кел. Оған шейін мен Сэрге телефон соғайын.


- Кімге?


- Сэрге. Сэр дегенім ғой, Сәргелді айтам.


- А-а! Жарайды.


Ол будкадан шығып, такси аялдамасына шейін жаяу жүрді. Бағила Мәликенің кісі атын ыңғайлап өзгертудің үлкен шебері екенін аңғарды. Өзімен бірге жұмыс істейтін құрбыларының бәрін бұл басқаша атайды және олардың бәрі ренжімейді, керісінше, оған қуанатын сияқты. Кезек бір күн өзіне де жететінін ол күні бұрын сезетін. "Сэр",-деді мырс етіп.- Қызық!" Бағила Сәргелді көз алдына елестетіп, оған қарап ойша "сэр" деп көріп еді, бұл сөзі мен Сәргелдің болмысының бір-біріне мүлдем қайшылығын байқап, дауыстап күліп жіберуге аз-ақ қалды.


Сол күні олар Сәргел үшеуі Медеудегі ресторанға барды. Сәргел осы оқиғалардың бәрінің қас батырындай өзін ерекше асқақ ұстап отырды. Әйеліне де, Бағилаға да үлкен қамқор дауыспен тіл қатып, даяшылармен сөйлескенде де өте сыпайы жұмсақ қарым-қатынас сақтап, мәдениеттің жоғары үлгісін көрсетуге тырысты.


Бұлар терезенің жанына жайғасқан-ды. Мәлике көк пүліш пердені ысырғанда шыршалы таудың ұшар басы қол созым ғана жерде тұрғандай, ап-анық көрінді. Қала адамдары үшін күннің батқанына ширек сағаттай болды, ал мұнда ұясына енді еніп бара жатыр. Аспан шайдай ашық.


Батыс жақ қызыл жалқынға бөленіп, бар әлемді қызғылт түске бояған. Бұдан біраз бұрын қолдан жасалған қопарылыстың нәтижесінде пайда болған екі тауды бір-бірімен жалғастырып тұрған фантастикалық алып тоған миллионға жуық өмірдің қорғанындай, жылдар бойы халыққа төніп келген сел қаупін ауыр денесімен біржолата тұншықтырып маңғаз жатыр. Оның үстіне селдір-селдір боп шөп өсе бастапты, әр жерден қылтиып кейіннен отырғызылған жас шыршалар көрінеді. Осы екі таудың арасынан мәңгі мұз таулар мізбақпай бері қарап тұр. Әйгілі Медеу мұз айдыны батар күннің шұғыласымен қоштасқысы келмегендей бір түрлі түнеріңкі, ренішті түрге еніпті.


Күн батты. Тау аңғары күңгірт тартты. Екі таудың арнасымен бері құлаған мұз таудың суық желі төменде ағып жатқан тасты өзенді жалай соғып, ұйтқыған салқын самалы толқып келіп, терезеден сыртқа үңілген бетті сипап өтеді. Ауа кәусардай таза. Жұтқан сайын құмарта түсесің.


- Өз табиғатымызды өзіміз бағаламаймыз,- деді Мәлике бері ентелеп тұрған шыршалы шыңнан көз алмай.- Жақында біздің институттың ректоры (Мәлике халық шаруашылығы институтына сырттай оқуға түскен) Швейцарияға барып келді. Іле Алатауы мен Медеу аңғарының сұлулығына жететін табиғат дүниеде жоқ екен деп келді.


- Мүмкін,- деді Сәргел әйелімен екі үшты келісіп.-Імм... бұл әңгімені сен қалай тыңдап жүрсің?


Мәлике терезе жаққа майысқан денесін тез түзеп, күйеуіне қарады.


- Кездесу болды, Сэр,- деді ол екі қасын бірдей керіп жеңіл жауап берсе де зілін жасыра алмай.- Институт студенттерімен!


Түсінікті дегендей Сәргел бір жұтынып алды.Жұтынған кезінде кеңірдегіндегі тобықты бір түйін поршень сияқты өңешіне жүгіріп барып, асығыс, кері қайтып келді. Бұдан соң даяшы шампан әкеп қойғанша Мәлике үнсіз отырды. Бағила бұл үнсіздіктен қысылып, екі қолын қайда сыйғызарын білмей, бірде шанышқы мен бокалдарды қажеті болмаса да орнынан қозғап, бірде жағын таянып ақ басты шыңдарға қарады. Даяшы шампан әкеп қойды.


- Қандай шоколадыңыз бар?- деді Мәлике.


-"Пушкин ертегілері".


- Біреуін. Сонан соң бір балмұздақ әкеліңізші.


- Құп болады.


Аласа бойлы жігіт ізетпен иіліп, тез-тез басып жөнелді.


- Жігіттердің даяшы болғанын жек көрем,- деді Мәлике шампан ашуға кірісіп.


- Батыс елдерінде әйелдердің даяшы болғанын жек көреді.


- Өтірік! Бәрі ойдан шығарылған нәрсе,- деді Мәлике күйеуіне ғана емес, осы идеяны қолдаушылардың бәріне қол сілтеп.- Табиғаттың өзі әйел мен еркекке о баста атқарар қызметін бөліп берген. Кейін бәрін шатастырып алдық та, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айыра алмай қалдық.


Шампан жылылау болуы керек, басындағы сымы босасымен тығынын зор тегеурінмен жоғары итере бастады. Мәлике тығынды жантайтып, газын шығаруға үлгере алмай қалды да, ол тарс ете түсіп, әйелімен айтысқысы келмей терезеге қарап бейғам есінеп отырған Сәргелдің бетін ақ көбік жуып кетті. Ол судан шыққан мысықтай пысқырынды да қалды.


- Сэр, кешір, мен байқамай қалдым,- деді Мәлике көзін әлі аша алмай отырған күйеуіне жаны ашығандық білдіріп.


Сәргел бүгінгі жоғары мәдениеттілігінен тайған жоқ. Мәликенің орнынан тұрып барып сүрте бастаған орамалын өз қолына алды да, көзінің алды мен мойнын құрғатып жатып:


- Осыдан кейін еркек даяшыны қалай жақсы көрмессің,- деді.


Бұл - Сәргелдің көптен бері тауып айтқан сөзі еді. Және сәтсіз ашылған шампаннан соң бүгінгі кешті бүлінген кешке санап тұрған Мәликеге ол айрықша әсер етті. Өмірінде алғаш рет күйеуіне шындап жүрегі жылыды.


Ол еркелей басып орнына кеп жайғасты. Шампанның жартысы стол үстіндегі ақ жапқышқа ағып, жайыла сіңіп кетіпті. Мәлике қалған шампанды қолына алып көтеріп тұрды да:


- Сэр, сіз ішесіз бе, әлде жаңа тойып алдыңыз ба?-деді.


- Ішпесем де болар еді, бірақ құй,- деді ол бокалын ілгері жылжытып.- Қызың оқуға түскенде Мәлике бізді шампанға шомылдырды десек Қаратай қалай түсінер екен?


- Идея!- Мәлике шампанды екі бокалға тең бөліп құйды да, Бағилаға өз бокалынан екі-үш тамызды.- Бүгін оған телефон соғып, қызықты айтайық! Қәне, Бағиланың студент болған тойын бастайық. Қадамың құтты болсын, бақытқа жет!


Екеуі ыдыстарын орталап барып столға қойды. Бағила бокалды ырым үшін ерніне тигізді де, қайта төмен түсірді. Даяшы шоколад пен балмұздақ әкелді.


- Ал, сүйікті асыңа кірісе бер,- деді Мәлике қызға күлімсірей қарап.


Бағила кішкене қасықпен балмұздақтың шетінен кертіп алып аузына салды. Сол кезде есік жақта столда отырған төрт-бес жігіттің біреуі өзінен көз алмай қарап отырғанын көрді. Шашы иығына тиген, ат жақты, ашаң жігіт. Индеецтерден аумайды. Ол балмұздақты орталай бергенде есік жаққа тағы көз тастады. Жігіт иегін алақанына тіреп, әлі телміріп отыр екен.


- Лике, маған ана бір жігіт тесіле қарап отыр,- деді сыбырлап.


- Қайсы?


- Есік жақта. Шашы ұзын.


- Саған жігіттердің тесіле қарауы мені таңдандыра алмайды. Ә-ә, алақанымен иегін тіреп отырған ба?


- Иә.


- Қарама. Қарасаң ондайлар көңіл бөлді деп жабыса кетеді. Суретші ме, мүсінші ме, сол ауылдың адамы болуы керек.


- Оны қайдан білдіңіз?


- Олар ең әуелі сақал қойып, шашын жібереді.


- Неге?


- Түсінсем бұйырмасын. Сақал қойып, шаш жібермесе оларды муза өнер ордасына кіргізбейтін болуы керек.


- Ал, көсе болса ше?


Мәлике Бағилаға жалт қарады. Оның аласы аз қара көздері күлімсіреп бұған сүйсіне қадалып қапты.


- Браво, браво!- деді ол алақандарын бір-біріне дыбыс шығармай соғып.- Сэр, есіттің бе? Бағиланың фантазиясы жүйрік емес пе?


Сәргел есіттім, "ризамын" дегендей жымиып басын изеді.Сол жақ қарсы бүйірдегі оркестр әлде итальян, әлде швед ансамбльдерінің репертуарынан эстрадалық музыка ойнай бастады. Барабанда отырған грек тектес қау сақал жігіт кешеден бері өз аспабын сағынып қалған болуы керек, басын төмен тұқыртып құлшына соғуға кірісті. Ара-арасында естіліп қалатын джаздың жез даусы өктемдік алатыны болмаса, басқа аспаптардың үні барабан астында әлсіреп, талмаусырап естіледі. Мәлике барабаншы жігітке жақтырмай, тыжырына қарады. Ол алғашқы сәтсіз некеден кейін барабаншы атаулыны көргісі келмейтін.


Жұрт билей бастады. Құтырынған оркестр сиақты ешкім би тәртібін сақтап жатқан жоқ, көпшілігі құр секендеуде. Оркестранттар жұртқа осындай желік бітірген өз құдіреттеріне разы болғандай, әрқайсысы музыка аспабының даусын барынша шығарып, аянбай ойнауда.


Ботқа боп араласып жатқан берекесіз биге стол екі-үш екіден жіберіпті, кейбіреулері кісілерін түгел аттандырып қаңырап бос тұр. Тізесіне үш-төрт елі жетпейтін, қысқа қара юбка киген жап-жас қыз үш жігіттің ортасында билеп жүр. Жауырынын ғана жауып, ақ құба жүзіне мейлінше жарасым беретін су перісіндей аппақ шашы төбеден құйылған люстраның шақырайған жарығымен жалт-жұлт етеді. Ол басқалардай секеңдемей, бір қалыпты, әсем билеп жүр. Қара гефюрден тігілген, омырауы түсіңкі жеңіл кофтасы ақ шаш, ақ денемен таласып,оның сымбатын аша түскен. Сәл көнтектеу қалың еріндері жымиып, ар жағынан маржандай ақ тістері болар-болмас көзге шалынады. Ол билеп жүрген жоқ, жұртқа әдемі мүсін мен жастықтың қандай екенін көрсетіп жүрген секілді. Қыз қасындағы жігіттің алақанына алақанын соғып, музыка ырғағымен бір айналғанда, қысқа юбкасын жел кеулеп, ақ плавкасы жылт ете қалады. Ресторандағы кәрі-жас содан көз алар емес, әсіресе еркектер жағы жалпы бидің басқа жағымен мүлде ісі жоқ, бар ынталарын осы төртеуіне, қасындағы әйелдерінен жасырып айтқанда - қызға қарап қалған. Мәлике еркектердің көпшілігінің басында дәл қәзір өтіп жатқан тек бір жақты процестерді байқап, ұрлана Сәргелге қарады.Оның кеңірдегіндегі поршень жайлап өңешіне барып қайтты.


Мәлике мырс етті. "Вот, оңбаған,- деді іштей.-Дәмесін қарашы-ей, мұның. Өзінен он алты жас әйелі бар және жаман да емес. Сөйте тұрып поршені жыбырлайды! Жалпы ұятты былай қойғанда еркектерде ми да, қанағат та жоқ".


- Сэр, салатың суып қалды ғой,- деді ол музыка біткен соң қасақана ұяң дауыспен. Сәргел қолындағы тәтті күлшесінен айрылып қалып, оның соңынан талпынған баладай бері қарай оқыс бұрылып, шанышқысымен салатқа бас салды.


- Жүгенсіздік!- деді ол аузына помидордың бір түйірін салып жіберіп.- Әке-шешесі қайда жүр? Осындай қыздардан жөні түзу ана шығады дегенге сенбеймін.


- Күні бойы сені осы ой мазалап отырды ма?


- Енді не дейсің!- Ол жалтарып кетті, жалтарғанын Мәлике де сезді, бірақ ары қарай қазбаламады.


Осы кезде есік жақтағы столда қызмет етіп жүрген ұзын бойлы даяшы жігіт бұлардың қасына келді де, подносындагы шампан мен екі шоколадты алдарына қойды.


- Біздің қонақтардан,- деді ол жымиып.- Анау, шеткі столда отырған жігіттер жіберді. Мынау - хат.Сізге!- Ол екі бүктелген жылтыр қағазды Бағиланың алдына қойды да, ұзай берді.


Сәргелдің көзі даяшыда - Мәлике - Бағила аралығында алақтап не айтарын білмей қалды. Намыс пен ашу бойын кернеп, шеке тамырлары бүлк-бүлк соқты.


- Сендер немене... бейтаныс біреулердің шампаны мен хатын шынымен қабылдамақсыңдар ма? Неге үндемейсіңдер?


- Иә, біз шампаннан тапшылық көріп отыр едік. Өзіміздің даяшыны шақыр, кері қайтарып жіберейік.


Сәргел даяшыны шақырып, стол үстіңдегі кірме дүниенің бәрін подносқа өз қолымен салып, келген жағын саусақпен нұсқап қайтарып жіберді. Даяшы кеткен соң саусақтарын бүгіп-жазумен болды. Сәргелдің бөгде сыйды қайтарып жібергенін іштей құптаса да, Мәлике келмеске бағыт алып, бірте-бірте алыстап бара жатқан екі бүктеулі қағазда не жазылғанын біле алмай қалғанына аздап өкінді.


- Дегенмен,- деді ол күйеуін бұдан әрі ашуландырып алмаспын деген баяу үнге басып,- олардың не жазғанын оқи салу керек еді. Ол бізге жабысып қалмайды ғой.


- Иә, әуелі не жазылғанын оқып көр, сонан соң танысып көр, одан кейін... шақырған жеріне барып көр...


- О-о, болды. Әлі ашуың басылмаған екен. Бәрін оңайлатып жібердің ғой. Әйелдер жайлы сен ештеңе де білмейсің. Олар еркектерден жүз есе тұрақты.


- Білеміз.


- Өтірік! Әйел жанын ешқандай данышпан білген емес, ешкім түсінген емес. Түсінбейді де...


- Білл-еміз!..- Сәргел әр әрпін ежіктеп қадап айтты.


Мәлике позициясынан тайған жоқ.


- Ол - сен білетін әйелдер. Ондай әйелдерді білудің де қажеті жоқ!


Соңғы сөз Сәргелді ашу мен ызаның шегіне бір-ақ жеткізді. Ол сөйлей алмай тығылып, басын қайқайтып алды да, еріндерін қымқырған бойы отырып қалды. Аузын ашса жарылып кетер түрі бар.


Даяшы ыстық тамақ әкеп қойды.


- Жігіт, тағы бір шампан беріңізші,- деді Мәлике күйеуіне қыр көрсеткендей келте қайырып.


- Құп болады. Қазір!


- Оны кім ішеді?


Сәргел оқты көзімен әйеліне ата қарады.


- Өзім.


Сәргелдің айтар сөзі де, жасар амалы да таусылып, бір құдайдан ғана көмек сұрағандай, Алатаудың алыс шыңдарына қарады. Енді сөйлесе екеуінің біржола ұрысып тынарын, сөйтіп бүгінгі қуанышты кешті өздері бұзатынын және бұл хабардың Қаратайға да жетіп қалуы мүмкін екенін ойлап, ол ақырын бір күрсініп шанышқыны қолына алды.


"Неткен аңдысып қалған адамдар,- деді іштей Бағила,- бүйтіп қалай өмір сүруге болады және алда әлі талай жылдар бар емес пе? Егер әр сөзге осылай ұстаса беретін болса... Мұның несі өмір, несі қызық! Мәлике әйелдер жайлы неге айтты, ол қандай әйелдер? Оған Сәргелдің қатысы қанша және ең бастысы ол неге ашудан жарылып кете жаздады?"


Бағила бұл сұрақтардың бір де біріне жауап таба алмады. Ол өз анасын еске алды. Момын, қанша ашуланса да қатты сөзі жоқ, балалары мен күйеуінің қас-қабағына қарап, солардың денсаулығы мен жақсы тұрмысына өмірін бағыштаған, дүниеде жамандық бар деп ойламайтын дарқан адам. Ол да институт бітірген, мына өмірдің толып жатқан қызығы мен қайшылығын ол да жақсы біледі, адамдардың бір-біріне жасайтын қиянаты оны да, өздерінің шаңырағынан да айналып өткен жоқ. Күйініштері де, сүйініштері де болды. Бірақ, ол бәріне төзе білетін еді, күте білетін еді. Алғашқы кезде - бұл онда не екінші, не үшінші класта болатын - әкесі бас агроном болып жүргенде совхозда екі жыл құрғақшылық боп, жоспар орындалмаған соң оны қызметтен алып тастаған. Ол кісі кінә өзінде емес екенін, мұндай жағдай жалғыз бұл совхозда емес, барлық аудан, қала берді облыс басына түскен ауыртпалық екенін, қолында бар мүмкіндікті аяп қалмағанын айтып ешкімге түсіндіре алмады. Үйге келген ағайын құрдас боп, араласып жүретін аудандағы кейбір жауапты кісілер де барлық қырсық тек Қаратайдан келіп отырмағанын, бір агрономды алып тастағанда аспаннан жаңбыр жаумайтынын айтып араға түсе алмады. Тіпті, совхозға келгенде олар үйге де кірмей кетті. Бұл -Қаратайдың шаруашылыққа араласкан кезде алдынан мінезі мен қасиеттері боларын аңғартқан алғашқы сабақ еді. Кешегі дос деп жүрген адамдарының ара түспек былай тұрсын бүгін танымайтын кісідей бұған қарамауы, үйіне келмей кетуі оның қабырғасын сөгіп кеткендей болды. 0л қатты қынжылды, бұл арада кешіп кетіп, Сырдың жағасына барып жалғыз үй отырсам ба екен деп те ойлады. Әйелі Ғайникамал ғана тоқтау салып, кездескен қиыншылықты ер-азаматтай көтере білу керектігін айтты.


"Екі қолға бір жұмыс, бас агроном болмасаң жай агроном боларсың, тіпті, жұмысшы болсаң да қазір өлетін күн жоқ",- деп оның күйінішін басты, ашуын сабасына түсірді. Бұ жерде аһ ұрып босқа жата бергенше доқументтеріңді туралап алып, облыстың бірінші басшысына кір деп ақыл айтты. Қаратай ары-бері толғанып кеп, Ғайникамалдың ақылына тоқталды. "Шынында, бұлар түсінбеген нәрсені сол кісі түсінер, менің аянып қалмағанымды ұғар. Мұнда жатып әділдік іздегеннен не табам?"


Ол солай етті. Мұның әңгімесінен адалдықты, іскерлікті аңғарды ма, басшы ұзақ үндемей отырып:


"Көрерміз. Қосымша хабарлармын", - деген. Арада бір ай өткен соң Қаратай бұрынғы жұмысына қайта бекітілді.


Ауа райы да, көңіл-күйі де жақсарғандықтан шығар, совхоз сол жылы жоспарын бір жарым есе артық орындады. Бұл - Қаратайды қанаттандырып, өзінің қабілетіне, қайратына деген сенімін қатайтып кетті. Келесі жылы да өнім жақсы болды. Облыстық партактивке бірінші хатшы Қаратайдың іскерлігін, қабілетін мақтады. Келесі жылы көктемде ол совхоз директорлығына жоғарылатылды. Үш жылдан соң аудандық партия комитетінің екінші секретары, онан соң бірінші секретары боп тағайындалды. Ғайникамал осы оқиғалардың бәрінде де бір қалыптан, бір мінезден тайған жоқ. Жасымады да, тасымады да, күйеуінің күйініштен артық айтқан, абайламай айтқан сөздеріне де ашу шақырмайтын. "Пәлі, бұл сен айтатын сөз бе еді',- дейтін әбден тыңдап болған соң. Қаратайға тоқтау салып, ақылға келтіретін, ойландыратын да Ғайникамалдың осы байыптылығы, естілігі еді. Және бұл байыптылық пен естіліктің ар жағында шаңырақ пен күйеуге деген әйтеуір бас иді, қара құлшылық емес, жарға деген нәзік бір жылылық, жанашырлық аңғарылушы еді.


Қаратай да оны түсінетін, бертін келе әйеліне ешқашан дауыс көтермейтін, көңіліне тиер артық сөз айтпайтын болды.


"Бәлкім, махаббат деген осы шығар",- дейтін Бағила өскен соң өзіне-өзі. Сәргел мен Мәлике тамақтарын жартылай жеп, ортаға ысырып қойыпты. Бағила шампанның ашылғанын да, екеуінің бір-бір бокалдан ішіп тастағанын да аңғармай қапты. Соған қарағанда екеуі де өз бетінше құйып, өз бетінше ішкен болулары керек. Олардың томсарып үнсіз отырғанынан Бағила өзін қолайсыз сөзіне бастады. Анда-санда ауызбен айтылғаны болмаса мұның студент болған қуанышы да сезілмейтін сияқты. Қайта, осы оқиға ерлі-зайыпты адамдарды тау басына алып шығып, екеуінің ұрысысуына себепкер болғандай көрінді. Оның үстіне, әлгі бір бөгде сый, екі бүктелген қағаз оны қорлап, туыстарының алдында ұятқа қалдырып кетті. Бәлкім, Сәргел мұның бәрін өзінше жорып, бұған, өзінің әйеліне басқаша қарап отырған шығар. Ол да мүмкін. Олай ойлау Сәргел сияқты адамдарға, тек соларға ғана тән.


Бағила кенет өзін жалғыз қалғандай сезінді. Мына тау, анау гүрілдеп жатқан өзен, прожектор сәулесімен ап-анық көрініп тұрған комплекс, шулы қала мен оның сапырылысқан адамдары, алда тұрған белгісіз, бейтаныс студенттік өмір, мына ресторан, бей-берекет музыка, қала берді сазарып отырған Сәргел мен Мәлике, бәрі-бәрі де өзінен алыстап, суып бара жатқандай болды. Бұл жерде ішкі сырын ақтаратын, қандай сәтсіздікке ұшыраса да көңілге медеу тұтатын, ақ сеніммен арқа сүйейтін адам жоқтың қасындай. Сонау алыста өз туған үйінде, туған топырағында бұл ешқашан мұндай жалғыздық сезінген емес, азды-кепті өз басына, өз ортасына лайық жайсыздық көрсе де бүйтіп өгейсімейтін-ді. Қайта құлшынып, күресетін, айтысатын, дәлелдейтін. Жатсыну, өгейсу,жалғызсырау деген атымен жоқ еді. Тіпті, бір баланың бұған жазған "сүйіспеншілік хаты" (хат солай аталған) үйге келгенде інісінің қолына түсіп, ол кешкілік семья мүшелері толық дастарқан басына жиналған сәтте сампылдап тұрып оқып бергенде де жанын өгейсу, жалғыздық билеген жоқ. Еңіреп жылаған, ол хатты кім салғанын да білмейтіндігін айтқан. Өзі күткендей әкесі бұған ұрысқан жоқ, қайта, бесінші кластағы баласына зекіді. Ол да бір бұрышқа барып жылаған. Үйдегі осындай шудан сон ертесіне Бағила класты аяғынан тік тұрғызған-ды. Ақыры "ғашық жігіт" табылды. Сабақ үстінде собық жеп, жүгерімен қыздарды атып отыратын, алдына жан салмайтын жалқау бала бар еді, сол боп шықты. Хатында ол Бағиланы алып қашамын деп, нақты уәде беріпті. "Адырға түсіп, атпен қашсам әкең машинамен қуып жете алмайды",- депті. Баланың әке-шешесі шақырылды. Малшы адамдар екен, жиналыс өтіп жатқанда келді. Балаларына тағылған кінәні үнсіз тыңдап болған әкесі екі көзі шатынап (аудан басшысының қызын алып қашамын деп хат жазған дегенді естіп), баласына үрейлене қарады.


- 0, есектің миын жеген доңыз!- деді қонышынан қамшысын суырып.- Тұрған жеріңде жоныңнан таспа тіліп, кереге бау жасайын ба! О, миғұла, енді кеп!..


Ол баласына тап берді. Жұрт ду күлді. Жиналыстың берекесі қашты. Бәрібір протокол жасалып, бір данасы баланың әке-шешесіне берілді. Ол кезде жылап еді, енді сол оқиға есіне түскенде Бағила өзінен-өзі ұялып, болар-болмас езу тартты. Іштей күлімсіреп отырып ол өзінің бұдан екі жыл бұрын тіпті бала екенін, сол екі жылдын арасында да едәуір есейгенін, мектептегі он жыл өмір зулап өте шығып, оның бұдан былай осылайша естелік қана болып ойға оралып отырарын ерекше бір қимастықпен түйсінді. Осы түйсіну үстінде көңіліне әлдеқайдан кеп шым-шымдап ене бастаған жалғыздық мұңы бұрынғысынан да күшейе түскендей болды.


Көз алдынан студенттер тізімінің түбінде ебіл-дебіл жылап тұрған қыз елестеді. "Ауылға қайтып бармақпын!Бармаймын! Ешқашан да!"- деген сөзі ап-анық естілді. Студент болғанына қуанып, секіре жөнелген тәмпіш мұрын қара қыз да, әні, сумкасын бұлғақтатып жүгіріп барады. Ол бұрын бұрынғы емтиханда құлап қалғанын тіпті де ойлайтын емес. Сонан соң көз алдына кенет, осыдан бір жарым ай бұрынғы поезд елестеді. Ойда жоқта, табан астында поезд еске түсуі мұң екен, бейтаныс жігіттің бұлыңғыр тұлғасы көрінді. Бағила оның түрін де анық елестете алмады, тек салқын жанарын, салқын жүзін ғана ұмытпапты. Сол бейне елестеген тұста өз жүрегінің қайта лүп ете түскенін сезді. Көңіліне там-тұмдап ене бастаған белгісіз мұң мен жалғыздық сезімі күн шыққан шақтағы тұмандай ыдырап сала берген тәрізді. "Шынымен бе,-деді ол өзіне-өзі,- мен шынымен сол бейнені ұмыта алмай жүрмін бе? Неге?"- Ол бұл сұраққа да жауап таба алмады және көңіл түбін ақтарып жауап іздегісі де келмеді, іздей қалса өзі-өзінен айтылар бөлекше батыл жауапқа тап болармын деп қорықты. Осы сезімдердің құрсауында отырып ол жан-жағына қарағанын да аңғармай қалды, неге қарағанын да білмеді. Осы бір жарым ай бойы ол бейтаныс жігіт жайлы ойласа, әлденеге сабыры мен шыдамы қашатынын, өз бойынан өзіне жат бөтен бір қимыл пайда болатынын, бұған шындап таңырқаса да жан түбінде өзінен де жасырынып оған деген ерекше бір ықылас сақталып қалғанын соңғы кезде анық сезіне бастады. "Ми клеткалары кей кезде өз бетінше, автономиялы тұрде жұмыс істей береді". Өз сөзі, өз тұжырымы. Оның рас екеніне ол тағы таң қалды. Дәл бүгін, осы отырыста ол жігіт жайлы ойламаған да, олай етуге мүмкіндігі де болмаған. Бірақ, санасының алыс бір нүктесі ол жайлы ылғи да бір күтпеген жаңа, тосын тұжырымдар дайындап қоятын секілді.


Тап қазір ол бір жарым ай бойы бейтаныс бейнені іштей іздеп келгенін, сапырылысқан адамдардың арасынан оған кездесе кетуді тілегенін мойындады. Сәргел мен Мәлике өз ойларымен әлек. Мұны тіпті бала санайды, сырт көзден баладай қорғайды. Несі бар, бұл да жаман емес. Бірақ, мұның осы сәтте не ойлап отырғанын олар білсе ғой...


Жарты сағаттан соң олар даяшымен есеп айрысып шығуға беттеді. Мәлике есік жақта өздерінен әлі назар адастырмай отырған жігіт столының жанына жақындағанда Бағиланы сол жағына, сұғанақ көзден таса жаққа алып өте берді. Сәргел кез-келген күтпеген жағдайға дайын екенін танытып, олардың соңынан батыл да нық қадаммен қаздаңдап жүріп отырды.


Жігіт бұлар жақындаған кезде алдынан шығып, көлденеңдеп тұра қалды.


- Кешіріңіз,- деді ол әуелі Мәликеге, сонан соң Бағилаға қарап.


- Жігіт, жолды босатыңызшы, өтінем,- деді Мәлике мұндай көргенсіздікке төзе алмай ызаға булығып.


- Кешіріңіз, мен сіздерге сый жіберіп, ағаттық жасаған шығармын.


- Азамат, милиция шақырсын демесеңіз, орныңызға отырыңыз,- деді олардың жанына жеткен Сәргел.- Бұл неткен ұятсыздық!


- Мен... Сіздерден кешірім өтініп тұрмын ғой.


- Көрінген адамның кешірім сұрағанын кешіре алмаймын,- деді Сәргел шыға беріс есіктің маңдайшасынан көз алмай.- Сонда да... кешірдік. Енді жолдан былай тұрыңыз!


- Менің ешқандай жаман ниетім жоқ,- деді жігіт ойындағысын айтып қалуға асығып, тез-тез сөйлеп. Ол әйел адамның жұмсақтығынан үміт күткендей Мәликеге қарады.- Ұятты жеңіп алдарыңыздан көлденең шықпасам, сіздерді басқаша қалай аялдатпақпын. Менен қорықпаңыз, ағаңыз бола ма, әкеңіз бола ма, мына кісінің шошынғанындай мен көше бұзығы емеспін. Суретшімін.Манағы жіберген қағазымды дүниеде осындай сұлу қыздың (ол Бағила жаққа қарады)- бар екеніне риза боп, ғайыптан-тайып мұнда келе қалғандарыңыз үшін сіздерге рақмет айтып едім. Менің басқа сөзім жоқ.- Жігіт жолдан ысырылды. Мәлике ақтарыла кеткен мына жігіттің сөзіне не жауап берерін білмей дағдарып қалды да,"сендім" дегендей жылы шыраймен бас изеп өте берді.


Бұрқыраған коспасыз шындық алдында іші жылып, әуелгі кезде тым қатты кеткеніне ұялды. Әйтсе де, "Ағаңыз бола ма, әкеңіз бола ма",- деп байқаусыз жанын шымшылағанын, сол сөзі арқылы Сәргелдің намысына тигенін де аңғарды. Бұл үшін ол жігітті кінәлаған жоқ, тек, Сәргел ашуланбаса екен деп тіледі.


- Құдай-ай, осы Алматыда жөндеп демалатын да орын жоқ,- деді ол бұрқырап.- Жұрттың бәрі билейді,жұрттың бәрі арақ ішеді деп ойлай ма екен! Келсең тұра қашқың келеді. Қара майдай жабыса кететіндері тағы бар. Суретші! Суретші болса суретін білсін! Тауды салсын, тасты салсын, маған десе тасбақа салсын, онда менің шаруам не!


Ол такси аялдамасына шейін сөйлеп барды. Таксиге отырған соң да өзі сұрап, өзі жауап беріп, сол жауабынан қайта өршеленіп, үйге шаршап жетті. Мұнда келген соң да біраз сөйлейтін сыңайы бар еді, табан астында қан қысымы жоғарылап төсекке жатып тынышталды.


Мәлике оның қан қысымы жоғарылап болса да, әйтеуір тынышталғанына қуанды.


Қаратайдан құттықтау телеграмма келіпті. Оны ас үйде оңаша шай ішуге кіріскенде Мәликенің қолында тұратын сіңлісі берді. Бағила оны көрген сайын аяйтын.Төрт-бес жасар көзінде ойнап жүрген жерінен машина қағып, бір қол, бір аяғынан айрылыпты. Қатты шошынғаннан ба, мойны сол жағына қарай сәл қисая біткен.Сол аяғы тізесінен төмен қарай протез, ал оң қолы шынтағынан ішке бүгіліп жазылмай қатып қалған. Жүрген кезде протез аяғына киген туфлиі тоқ-тоқ етіп, оң қолы жоғары-төмен ербендеумен болады. Ол ешқашан өзге қыздар секілді үстіне көйлек, юбка киген емес, аяғын жасыру үшін шалбарын тастамайды, Бағила оны көз алдына шалбарсыз елестете алмайды. Ол жұрт назарына түспеу үшін үй ішіндегілердің бәрінен кеш жатып, ерте тұрады. Мәликенің айтуынша ол бұларға онша да жақын емес, аталас қана ағайын, тек, ауылдағы әкесінің айтуымен Сәргелді ұзақ үгіттеп жүріп қызды осында тұрғызуға көндіріпті.


- Манс, біз жоқта ешкім телефон соққан жоқ па?- деді Мәлике шайына варенье салып жатып. Манс -Мәнсияның қысқарған тұрі.


- Соқты.


- Кім?


- Танымадым. Бір ер адам. Сізді сұрады.


- Даусы қандай?


Ол иығын қозғады.


- Кәдімгі еркек дауыс.


-Жуан ба, жіңішке ме?..


- Жуандау қоңыр дауыс. Актерлік тембрі бар.


- Тіпті солай де!- Мәлике сыңғырлай күлді.- Сен сабағыңды оқып біттің бе?


- Иә.


- Онда Қаратайға заказ берші. Жатқанша сөйлесіп,одан өз аузыммен сүйінші сұрайын.


Мәнсия үнсіз келісіп, орнынан ақырын көтерілді де, дүк-дүк басып телефон тұрған коридорға шығып кетті.


- Оқуын қашан бітіреді?- деді Бағила үнсіз отыра беруден жалығып.


- Биыл екінші қурста. Мен оқып жүрген института ғой. Бітіріп шықса екен байғұс. Оның қарсы алдымда отыра бергеніне жаным төзбейді де, әйтеуір бірдеңені сылтауратып жұмсай саламын. Оны қалай түсінетінін қайдам. Кемтар адамдарға қарасам жүрегім езілгендей болады. Ол жайлап күрсініп қойды. Сонан соң кенет Бағилаға қарап:


- Сен ғажап сұлусың!- деді.- Сенің қасыңда жүру әйел атаулыға азап. Әйелдер сені жек көреді. Менен басқасы!- Ол сықылықтай күлді.- Мен еркек болсам қайтсем де саған үйленер ем. Бірақ, сұлу әйелге үйлену де сор ғой. Қызғанышыңмен арпалысып өтесің. - Сәргел ағам сізді қатты қызғанатын болуы керек?


- Өліп кете жаздайды. Орынсыз қызғана береді. Ләйлісін шыбыннан қызғанатын Мәжнүннің таза қызғанышы емес, ұсақ, қытымыр қызғаныш. Кейде ызанды қайнатады.


Бағила: "Сіз оны ұнатасыз ба?"- деп сұрап қала жаздады да, бұл жайттар жайлы сөз қозғаудың әлі тым ерте екенін, алда талай-талай оңаша түндер мен күндер бар екенін еске алып үнсіз қалды. Әйтсе де, Мәликенің Сәргелді шын көңілмен ұнатпайтынын, олардың бір-біріне деген ықыласы тек ерлі-зайыптылықтың салқын парызынан екендігін, жастары мен мінезі әр қилы адамдардың арасында терезесі тең махаббаттың болуы мүмкін еместігін ол іштей топшылады.


- Сәргел ағайдың ауырып қалғанына мен кінәлі сияқтымын.


- Қысылма, ол бәрібір себеп тауып алар еді. Сыртқа шыққан сайын екеуміз жүз шайысып қайтамыз. Әйеліне біреу-міреудің назары ауса-ақ болды, ауыра бастайды. Сен қызғаншақ жігітке жолама. Айтпақшы, манағы жігіт, суретшіні айтам, алғаш ойлағанымдай емес, ұнап қалды.Ойындағысын ашық айтқан адамды ұнатам. Олар қашан да адал болады, арамдық пен қулыққа өзгелердей жақын жүрмейді. Музыка тыңдайсың ба?


- Тыңдайын.


- Жүр.- Екеуі ас үйден шықты.- Манс,- деді Мәлике дауыстап.- Манс, сен қайда кетіп қалғансың.


- Заказ бердім. Күтіңіз деді.- Ол бөлмесіне барып жатып қапты.


- Егер біз естімей қалсақ шақырарсың, жарай ма?


- Жарайды.- Мәнсияның даусы самарқау шықты.


Мәлике эстрадалық музыканың үлкен білгірі, әрі табынушысы екен. Магнитофондағы пленкалар мен пластинкалар тек эстрадалық оркестр мен эстрада әншілерінің орындауындағы музыкалар. Ол "Мелодия 103" стереосының "интим" деген кнопкасын басып қойды да, грек әншісі Иованнаның орындауындағы пластинканы ойнатты. Онан соң Эдита Пьеханы қойды.


- Екеуін де ұнатам,- деді ол креслоға шалқайып.-Ойыңдағыны тап басады. Тебіреніп айтады. Жалпы, мен үшін дауыстың онша қажеті жоқ, жаны, жүрегі болса жетеді.


Екеуі ұзақ уақыт үнсіз отырып музыка тыңдады. Жаймен ғана естіліп тұрған баяу ырғақ қиялды әр саққа бір жетелеп, әлдилеп барады. Тыныш үй, дүниесі түгел тіршілік, мүлгіген салқын кеш адамды бейғамдыққа алаңсыз өмірге, уайымсыздыққа баурайтын сияқты. Бағила Мәликенің мінезіне таң қалды. Ол күйеуінің қасына жағдайын сұрап қайтып баруды да, өздері келуден аз-ақ бұрын ұйықтап қалған үйелмелі-сүйелмелі екі баласының қандай жағдайда жатқанын көруге де бармады, олардың тамақ ішкен-ішпегенін де сұрамады. "Бәлкім Мәнсияға сенетін шығар",- деп ойлады Бағила.


- Еһ!- деді әлден соң Мәлике күрсініп.- Адам деген қызық жаратылған нәрсе-әу! Туады, өседі, өледі. Осы үш ұғымның арасында күйгелек ғұмыр кешеді. Бір нәрсеге ұмтыласың, талпынасың, өзіңнің шамаң жетпейтінін білген соң тағдырдан тілейсің, күтесің. Жоқ. Сол - жоқ, қанша күтсең сонша күт, онымен тағдырдың да, адамның да шаруасы болмайды. Сонан соң көнесің, көндігесің, үйренесің, мойынсұнасың. Жылдар өтіп жатады, демек, сенің өмірің өшіп жатады. Қартаясың. Сонымен біттің. Білесің бе, мен кәрілерді сондай аяймын, өзімнің картайғым келмейді. Мен кәріліктен қорқамын, қатты қорқамын. Өлімнен емес, кәріліктен қорқам. Бұрынғы тұрған үйде бір кемпір болды, жасында күйеуіне, не балаларына сеніп жұмыс істемей қалды ма екен, сол байғұс айына жиырма тоғыз сом ғана пенсия алатын. Ойлап қарашы, жиырма тоғыз-ақ сом! Несіне жетеді? Күніне бір сомнан жұмсағанда жиырма тоғыз күнге созар, ал айына отыз бір күн бар ғой. "Балаларыңыз қайда?"- десем, қолын сілтейді. Бәрі бет-бетімен кеткен. Аналарының хабарын да алмайды. Біз көшкенде жылап қоштасты. Ылғи үйге келіп, өткен өмірін, жастығын айтып шерін тарқатушы еді. Қолым тиген кезде әлі де барып тұрам. Өзі арлы адам, бергеніңді алмайды, ренжиді. Сонан соң сыйлық деп немесе балалардың туған күні, иә болмаса әйтеуір бір қуанышты күнді ойлап тауып оған ет, май, қант апарамын. Ол сонда ғана алады. Соңғы кезде ішетін бопты. Жалғыздықтан шығар. Ішқұса болады ғой... Менің қартайғым келмейді! Дәл сондай болам деп қорыққаннан емес, жалпы кәріліктен. Ешкімге қажетің болмай қалудан!.. Мен әлден-ақ қартая бастаған сияқтымын. Өйткені қажетсіздігімді қазірдің өзінде сезіне бастадым. Балаларыма ғана қажетпін, онда да олар менсіз өмір сүре алмайтын болған соң. Одан қалса күйеуіме қажетпін, онда да әйелі ретінде. Мен өле қалсам дүние түк те өзгермейді, балалар жылап-жылап басылады, ержеткен соң ұмытады. ал мына үйге... мен сияқты тағы бір әйел енеді. Әйелдерге қарағанда еркектер әлдеқайда бақытты. Егер еркектің орнында әйел болса ше? Айталық, мына мен, Сэр қайтыс болса, жалғыз қалсам, екі баламен кімге барам, кімге керекпін? Ойлай берсең өмір деген тұңғиық, ойсыз ғұмыр кешсең, тереңіне бойламай, тайызында тайраңдап жүрсең, кейде, сол қызық па деп қаласың. Бірақ, табиғат сені қалай жаратты, солай өмір сүресің ғой.


Бағиланың жылағысы келді. Мәликенің бұл сөздері оның жанын толқытып, әрі жеңгесінің басында толып жатқан арман, сан-сапалық қайшылықтар мен зілдей мұңы жатқанын аңғарды. Бір жарым айдан бері ол алғаш рет өз өмірінен хабар берді. Стерео шырт етіп барып тоқтады. Бағила пластинканы аударып салмақ болғанда Мәлике керегі жоқ дегендей басын шайқады.


- Одан да жатайық. Қазір Қаратаймен де сөйлесіп қалармыз.


- Лике,- деді Бағила пластинканы қолында айналдырып тұрып.


- Иә?- Мәлике бота кездерін кең ашып, бұған сұраулы пішінде қарады.


- Сіздің жаныңызға эстрада үйлеспейді. Сізге Шопеннің балладаларын тыңдау керек. Мәлике біразға дейін үнсіз отырып қалды.


- Сенің ақылды екеніңді біліп едім,- деді ол әлден соң.- Мүмкін! Не тыңдап, не қоюды, нені оқып, нені оқымауды білмейтін шығармын. Менің қай дегенім болып еді. Тіршілік ағымымен батып-шығып аға бергенмін де.Телефон ұзақ шырылдады.


- Оһ, сенің папаң!- деді Мәлике коридорға қарай жүгіріп. 


* * *


Қаратай Алматыдағы жиынға келіп кеткен соң аттай бір ай өткенде Сәргелді ректор шақыртты.


- Сәлеметсіз бе, Сәргел Сайынович!- деді ол бұл кірген кезде орнынан тұрып, бері қарай жүріп. Екеуі қол алып амандасты.- Отырыңыз!


Сәргел оның табан астында неге шақырғанын анық біле алмай қысқа-қысқа амандық сұрасқаннан басқа сөз айтудың ретін таба алмады. Ректор оны өте сирек шақыратын.


- Қалай, жұмысыңыз қалай?


- Жаман емес,- деді Сәргел күлген боп.- Істеп жатырмыз.


- Кафедра оқытушылары ұнай ма?


Ол күтпеген сұрақтан аз-кем абыржып, абдырап қалды.Ойында көп нәрсе бар еді, реті келсе ректорға бәрін түсіндіріп, өзінің алдынан "ор қазып жүрген" кейбір мұғалімдерге мінездеме беріп шығу көптен күткен сәті болатын. Бірақ қас пен көздің арасында ойы жинақталмай қалды, оның үстіне қысқаша қойылған жол-жөнекей сұраққа ішкі сырын түгел ақтара салудың керегі де болмас деп ойлады.


- Әркім әр түрлі... Жұмыс жүріп жатыр ғой,- деді Сәргел екі ұшты жауапқа көшіп.- Жағдайымды сұрағаныңызға көптен көп рақмет. Осында көріп қалып, бас изесіп өте шығатынымыз болмаса сізбен оңаша сөйлесудің де сәті түспеді.


- Рас айтасыз. Уақыт деген падиша шықты да, бәріміз соның басыбайлы құлына айналдық.- Ректор әзілдеген боп кеңкілдей күлді.- Міне, сіз бен біз осы оқу орнында он шақты жылдан бері бірге қызмет етіп келеміз. Шынын айтсақ, бір-бірімізді жөндеп те танымаймыз. Келеміз, кетеміз өз тірлігіміз өзімізбен. Сонан соң бүгін уақыт тауып, өзіңізбен жөндеп сөйлесейін дегенім ғой. Екі күннен соң Берлинге ұшамын. Биологтардың халықаралық симпозиумына.


- Иә, естігем! Жолыға алмай қалсақ, сәт сапар тілеймін.


- Ғылыми жұмысыңыз қалай?


- Біткен. Авторефераттарын дайындау үстіндемін.


- Дайындай беріңіз! Тарихшы болмасам да өз кафедрамыздағы ғалымдардың еңбегін бағалауға шамам жететін шығар деп ойлаймын!- Ол тағы күлді. Қалыптан тыс сөз айтқанда, әзілдегенде, өзгенің тапқыр сөзіне риза боп күлгенде орнынан бір қопаң етіп, шашын сипап қоятын әдеті ежелден келе жатқанын Сәргел білетін. Ол бұл жолы да тап солай етті, демек өз сөзіне өзі риза, әрі көңіл-күйі жақсы деген сөз.


- Рақмет,- деді Сәргел ішкі қуанышын байқатпауға тырысып. Бірақ даусының аздап дірілдегенімен бетіне бірден ойнап шыға келген қызыл күрең түс оның сабырлылығын сатып, ішкі дүниесінен хабар беріп кетті.-Сіздің биология саласындағы еңбегіңізді тарихшы болсам да түсінуге тырысып, ылғи оқып жүрем. Бірақ, ризалығыңды білдіру қиын екен. Қалай түсініп қалады деп жалтақтайсың.- Ол көзінің қиығымен ректорға қарап қойды. Қателеспепті. Сәл-сәл ыңғайсызданған болса да, оның бет-пішінінен бұл ыңғайсыздыққа төзе тұруға болатын шыдамдылық нышанын байқады.- Осынша жұмыстан уақыт тауып, сол уақытыңызды ғылымға адал жұмсайтыныңызға, шынымды айтсам, өз басым қайран қалам. Көзге мақтаған боп та көрінетін шығармын, бірақ, айтпасқа амалым жоқ, өйткені, Сіз бен біз бұлай оңаша жолыға бермейміз. Ал, мұғалімдер жайлы, олардың арасындағы қарым-қатынас, басшылары жайлы кімнің қалай ойлайтынын айтуды Берлин сапарынан кейінгіге қалдырсам деп отырмын. Қазір орынсыз болар. Жолға аттанып бара жатқанынызда ұсақ-түйек әңгімемен көңіліңізге қаяу салармын.


- Өте дұрыс айтасыз,- деді ректор риза боп.- Берлиннен оралған соң тағы әңгімелесерміз. Ашығырақ және ұзағырақ. Келістік пе?


- Ал, сау болыңыз! Жолыққанша.


- Сау болыңыз...- Сәргел орнынан тұрып онымен қол алысып қоштасты.- Бәлкім, сіз аттанғанша кездесерміз, қарсы болмасаңыз аэропортқа шығарып салайын.


- 0, о не дегеніңіз! Мен самолетпен қанша ұшып жүрсем де мінген сайын жүрексінем. Егер шығарып салатын достарым көп болса жыланнан қорықпайтын баладай жүрексінуді ұмытып кетемін. Бәле-жаладан достарым көтеріп алатын сияқты көрінеді!


- Онда жақсы! Мен аэропортқа барамын!


Сәргел ректордың кабинетінен көңілді шықты. Ол кафедраға да кірмей сол бойы далаға беттеді. Есік алдындағы фонтанды скверді аралап, ширек сағаттай ой қорытты. "Шынымен жақсы адам ба?- деді ол өзіне-өзі ректордың әңгіме үстіндегі бүкіл көзқарасы мен қимылдарын әр қалтарысына дейін көз алдына елестете жүріп.- Мүмкін, жақсы адам болуы да ғажап емес. Бірақ, осы көзге шейін мені неге іш тартқан жоқ? Менің жағдайымды бұрын неге сұрамады? Керісінше, баяғы арыздан кейін мені мүлдем ұнатпаушы еді ғой?"


Сәргелдің ойына Қаратай түсті. "Демек, сол досына телефон соққан ғой. Жарайсың, Қаратай! Бауыр деген осындай болуы керек!" "Ал, Сәргелмен енді сөйлесіп көріңдер,- деді ол іштей масаттанып.- Енді кафедрадағы ғалымсымақтардың қайсысы көлденең тұрып көрер екен!"


"Мен де онымен жаман сөйлеспедім-ау,- деймін деді ол ойына тағы жалғастырып.- Мақтаған сөздерім нанымды шыққан болуы керек. Оның биолог екенін білетінім болмаса, бір де бір еңбегін оқығаным жоқ қой. Егер еңбектерінің атын сұрай қалса қайтер ем? Жоқ, олай ешкім сұрамайды. Мақтау естіп отырған адам нақтылықты қажет етпейді". Ол мырс ете түсті. Бір драматург айтыпты деген сөз есіне сап ете түсті. "Құлақта қарын жоқ" ойына "өзінде дарын жоқ" деген ұйқас келді, бірақ, ол тым арзан көрінді. Ол өз ойын өзі кеулеп жүріп тым терең, тым батыл кетіп қалғанын сезіп, жүрегі әлдеқандай бір үрейден лүпілдеп кетті. Ойындағы сөзін біреу-міреу есітіп қалған жоқ па дегендей жан-жағына сақтана қарап қойды. Кенет ректордың мұғалімдер жайлы сұрағаны есіне түсті. "Бұл жайды ол менен неге сұрады? Оны біліп қайтпек? Бәлкім...бәлкім..."


Жүрегі тағы лүпілдеді. Санасында жалт етіп пайда болған: "Бәлкім, кафедра тізгінін маған тапсыру ниеті де бар шығар",- деген сөзді ойша айтуға да батылы жетпеді.


Ол фонтан жанында қиялы шартарапқа кетіп, ұзақ тұрып қалды. "Қаратай,- деді ішкі бір ойы сыбырлап.-Қаратай енді бір келгенде министрліктегі досын ректормен қосып дәм татуға шақыру керек. Иә, солай еткен жөн".


Сәргел өз шешіміне өзі қуанып, асыға басып ішке кірді. Енді оған мына қара көлеңке коридорлар да, сұсты кекшіл қабырғалар да, сапырылысып жүрген студенттер мен ара-арасында көрініп қалып жатқан мұғалімдер де мүлдем басқаша, өзінен төмендеу көрініп, кафедра табалдырығын ерекше сеніммен батыл, нық, асқақ аттады. 


* * *


- Лике!- деді көңіл күйі көтеріңкі Сәргел түрлі-түсті телевизор көріп отырып.- Лике, мұнда кел, "жануарлар әлемінде" деген хабар басталғалы жатыр.


- Білем, білем, қазір!- Мәлике бірі алты, бірі төрт жасар баласын ваннаға түсіріп болып, екеуін де киіндіріп ертіп шықты.- Әлі ерте емес пе?- Түу-у, аттай он бес минут бар,- деді ол қабырға сағатына қарап.


- Жоқ, бұл сағат қалық.


- Мүмкін, бірақ, сенің сағатың да озық, Сэр,- деді Мәлике оның көңілді қалпын бұзғысы келмей әзілдеп.


Мәлике екі баласын ваннадан соң жылылау киіндіріп, телевизор алдындағы креслоға жайғастырды да, қолындағы құрғақ орамалмен кішісінің кекілін тағы ұйпалады. Сәргел балалар отырған креслоның арт жағыңда болатын, Мәлике еңкейген көзінде жоғарғы түймесі ағытылып кеткен халатының омырауынан әйелінің жартылай көрініп тұрған аппақ төсіне көзі түсті. Өн бойы шымыр ете қалды. Ол әйел баласының жалаңаш қалпын ұнатпайтын, тіпті олардың шектен тыс жеңі шолақ көйлек кигенін де қатты сынға алып отыратын-ды. Өз әйелдерімен (бұрынғысын есептегенде) төсекке жатқанда олардың балтырымен, білегімен, жарасымды мүсінімен ісі болмайтын, өз жұбайына бұлай қарау тазалық емес дейтін. Дәл қазір әйелінің аппақ төсіне абайсызда көзі сүрініп кеткенмен, оған тағы қарағысы келетінін, қараған сайын ішкі дүниесіндегі бір клеткалардың бас көтеріп, өзіне мүлдем беймағлұм қылықтың байқалғанына түсінбеді. Әйелінің қымталыңқырап жүруін талап ететін жайшылықтағы ескертуін де бұл жолы айтқысы келмейтін сияқты. "Мұнысы несі?-деді ішінен.-Бәлкім, кәріліктің нышаны шығар? Жоқ, мүмкін емес. Ер адам елуінде картаймайды. Менің әлі қайратым мол. Мүмкін, Мәликенің әдемілігі мен мүсініне бұрын көз тоқтатпағанымнан шығар, бәлкім... елуден асқанда еркек қайта қайратына мінеді деген сөз рас болар..." Соңғы ойы оны біршама тыныштандырып, қуантып тастады. Әлгі көңілді қалпына қайта оралды.


- "Хайуанаттар әлемінде" Москвадан емес пе, мынау Алматы ғой.


- Қазір, мына хабар бітсін, менің сағатым бойынша төрт-ақ минут қалды.


- Бағила қайда, ол да көрмей ме?


- Кітап оқып отырған шығар.


- Азаннан кешке дейін кітаптан бас алмайды,- деді Мәлике.- Бүйте берсе адам психикалық ауруға шалдығады. Сонан соң әке-шешесі біздің екі аяғымызды бір етікке тықсын.


- Онысы тамаша қасиет! Қайта қуану керек.


- Көп оқыған әйел өзінің әйел екенін ұмытып кетеді. Ал әйелдің әйелдік қасиетті ұмытуы - адам ретінде жоқ деген сөз. Бағила!


Ол жауап бермеді. Мәлике тапочкасын сырт-сырт басып, оның бөлмесінің есігін ашты. Дәл солай, Бағила екі жағын қолымен таянып, кітаптан бас алмай отыр екен. Келгелі бері өз бөлмесіндегі кітаптардың жарымына жуығын оқып тастады. Мәлике қыздың қимылсыз отырысына, үрлеп қалсаң қауырсындай ұшып кетер қалпын, оң жақ қабағына еркелей құлаған төрт-бес тал қап-қара шашына сүйсіне қарады. "Сурет сияқты,- деді ішінен.-Неткен мінсіз сұлулық?"


- Сур,- деді Мәлике бұл қысқарған есімнің аузына қалай түсіп кеткенін өзі де байқамай, әрі оның табан асты табылғанына таңданып.


Бағила күлімсіреп басын көтерді.


- Менің атым осылай бола ма?


- Иә, Сур. Сурет деген сөзден. Әрі Куприннің "Ольга Сур" деген әңгімесі де бар. Жүр, "Хайуанаттар әлемін" көреміз. Бұл цикл - хабарлардың сұлтаны. Онда жүз процент шындық бар.


- Сіз ылғи шындық іздейсіз де жүресіз.


- Сэрдің сағаты бойынша басталатын уақытысы боп қалды.


Бағила орнынан тұрды.


- Мәнсия көрмей ме?


- Ол бұған қарсы, жалпы, телевизорға қарсы. Онашалықты жақсы көреді. Қызық, оңаша жатып телевизордағы көп сериялы фильмдерден әлдеқайда маңызды сюжеттерді көз алдыма елестете аламын дейді. Демек, оның өз қиялының телевизоры бар.


Бағила барғысы келмесе де, Мәликенің көңілін қимай жайлап басып оның соңынан ерді. Табалдырықты аттай бере ол ток ұрғандай сілейіп тұрды да қалды.


- Не болды, не болды?- деді Мәлике оның қолынан түсіп кеткен кітапты да көтермей иығынан құшақтап.


Бағила үндемеді.


- Сур, не болды деймін саған?- Ол шошына айғайлап жіберді. Қыз сонда ғана өзіне-өзі келді. Телевизор жаққа жасқана тағы қарады. Ол ғайып бопты. Хабар аяқталып, экранда қағаз бен кауырсын қаламның қимылсыз суреті ғана қалыпты. "Сол,- деді ол ішінен.-Дәл өзі! Мен оны ұмыта алмаған екенмін ғой".


Сәргел стақанмен суық су әкеп, өзіне үрейлене қарап тұр екен. Мәлике оған су ұрттатты.


- Тез жатқызу керек!- деді Сәргел өзінше қорытындыға келіп.


Мәлике оны жаңа ғана кітап оқып отырған бөлмесіне апарып, төсекке жатқызды.


- Бір жерің ауыра ма?- деді ол қыздың жүзіне аяушылықпен қарап.


Ол басын шайқады. Көз алдына жігіт суреті тағы келді. Осында келгелі бері оны алаңдап іздеп жүр еді,кездесті. Тағы да сол салқын бейне, салқын жанар, тағы да қас қағым сәт! Жалт етті де ғайып болды. "Не деп сөйледі, не туралы айтты?" Бағила оның сөзін тыңдай алмағанына, жүзіне жақын жерден анықтап қарай алмағанына қатты өкінді. Өзімді-өзім жеңемін, бір жолыққан бейтанысты ұмыту қиын емес шығар деген сенімінің табан асты күл-талқан боп, жүрегінің әлі тулап жатқанынан Бағила ол жігіттің жан түбінен берік орын алғанын, енді оны ешқашан ұмыта алмасын анық сезді. "Шынымен мен оны ұмыта алмаймын ба?- деді ол мың қайталаған сұрағына тағы оралып.- Сонда, мен оны... Жоқ, мүмкін емес, бір көргеннен қалайша құлай берілуге болады?"


- Жедел жәрдем шакырайын. Сенің түрің өзгеріп кетті ғой.


- Жоқ, керек емес. Қазір бәрі өте шығады.


- Бұрын ауырушы ма едің?


- Жоқ.


- Жата тұр, қазір мұздай компресс қояйын.


Ол шығып кетті. Ас үйде сабыры кетіп Сәргел жүр екен.


- Қаратайдың әкесінің жүрегі ауырушы еді, ақыры содан кетті. Кез-келген кесел тұқым қуады деген рас екен ғой,- деді ол басын шайқап.- Жап-жас қыз, обал-ақ! Инфаркт деген жауыңа да тілемейтін ауру. Ең жаманы -одан адам өмір бойы жазылмайды!


- Жарайды, жарайды!- деді Мәлике зекіп.- Ол аурудың жайына талдау жаса деген кім бар, сенсіз де жақсы білеміз.


Мәлике дәкесін суық суға малып, оны босаңдау сықты да, Бағила жатқан бөлмеге қайта кіріп кетті.


- Компресстің қажеті жоқ,- деді қыз мүлде құлан-таза дауыспен.- Менің еш жерім ауырмайды, ауырған да емес.


Мәлике оның тұп-тұнық жанарына ұзақ қарап тұрды да:


- Менің әйелдік түйсігім алдамаса, саған ерекше бір жағдай әсер еткен сияқты. Шыныңды айтшы, ол не?-деді мақпалдай жұмсақ үнмен.


Бағила өзіне төніп тұрған Мәликенің күлімсіреген жүзіне, мейірім мен жанашырлыққа толы жанарына көз тоқтата қарады. Қараған сәтте оның бүкіл болмысынан:


"Айта бер, мен сені жақсы көрем, өзіңе қалай сенсең,маған да солай сен. Мен сенің анық досыңмын",- деген ақ көңіл, адал ниетті аңғарды. Осы бір тазалық жас қыздың балапан жүрегін шымырлатып, оған деген ыстық ықыласын тасытып кеткенде болды.


- Лике,- деді Бағила сыбырлап.- Мен сені жақсы көремін...


Мәлике күтпеген сөзден сыңғырлай күлді.


- Сондықтан осылай жатырсың ба?


- Жоқ, әрине.


- Енді не?


- Мен... Лике, сен күлмейсің ғой?


- Айтатының күлмейтін нәрсе болса мені жын ұрып кетіп пе?


- Жаңа, телевизордан... мен оны көріп қалдым...


- Телевизордан?! Кімді?


- Сол жігітті...


Мәлике кеудесін көтеріп, оған аңырая қарады.


- Сол жігітті?! Ол кім?


- Білмеймін...


- Сур,- деді ол күрсініп.- Сен не есіңді әлі жиған жоқсың немесе менің есім ауытқи бастаған. Түсінсем бұйырмасын!


Бағила оған мән-жайды түгел түсіндіріп шықты.


- Демек, сен оған ғашық екенсің,- деді Мәлике ұзақ үнсіздіктен соң қорытындыға келіп.- Болады. Әсіресе,сенің жасыңда бұл жайт жиі кездеседі.


- Лике, бұл жасқа байланысты емес сияқты. Менің оған деген ықыласым ұнату деген ұғымнан терең ғой деймін.


- О, бейшара, болған Су-ур!- деді Мәлике әзілдей күрсініп.- Сен бұл жаққа жетпей жатып-ақ, жолда ғашық боп біткен екенсің ғой... Ал, мен болсам... Ол тағы күлді.- Бә-әрі алда деп жүрмін...


- Енді қалай, көбісі өтіп кетті деп ойлайсыз ба?


- Тең жартысы. Өйткені, мен осынша жасқа келіп, бір жарым ай бойы біреуді ұмыта алмастай ғашық болған емеспін. Бәлкім, кездеспеген шығар, ал, сен... Кәдімгідей аурусың. Махаббат та ауру ғой. Ауру сияқты оның да көп белгілері бар, әсері бар, күшейіп, әлсірейтін кезеңдері бар және ең бастысы - емі бары мен емі жоғы тағы бар. Ой, суретім-ай менің, сен ұмыта алмай жатқан жігіт неткен бақытты еді десеңші! Оның орнында мен болсам...жүрегім жарылып кететін шығар. Ал, енді не істейміз?


- Білмеймін.


- Ғашық болуды білесің, ал не істеу керек екенін білмейсің, ә!- Ол жас баладай еркелетіп оның мұрнынан қысты.


Мәлике орнынан көтеріліп, есікті ашты да "Сэр!"-деп дауыстады. Бағила шошынғаннан ұшып тұрып, оған жетіп келді.


- Лике, мұныңыз не? Оған не айтпақсыз?!


- Тыныш тұр, ғашық болған сурет,- деді ол аздап бері қарай мойнын бұрып.- Қазір Сэрдің білімін тексереміз.- Сэр!


Сәргел дәретханаға кіріп кеткен екен. Бірдеңе боп қалды деп үрейленді ме қарлығыңқы дауыспен "Не!"-деп оқыс үн қатты.


- Сен асықпай отыра бер, Сурдың халі жақсы! Айтшы, жаңа телевизордан сөйлеген кім?


Бағила Мәликені енді тоқтата алмасын біліп, креслоға бетін басып отыра кетті.


- Оны қайтесің?


- Сол, керек. Мен бір жерде көрген сияқтымын.


- Қайдан көрдің?


- Білсем сенен сұраймын ба? Қымыранның ақшасын төлемей кеткен сияқты.


- Шыққасын айтайын да...


- Жоқ, қазір айт.


- Жасын Мәдиев.


- Талантты ма?


- Бұл күнде одан асқан белгілі ешкім жоқ. Өте талантты.


- Ол саған ұнай ма? Шығармаларын айтам.


- Мен оны оқыған жоқпын. Газеттер солай деп шулап жатады.


- Сэр, құттықтаймын! Емтиханнан жақсы деген баға алдыңыз!- Ол есікті жапты да бері қарап,-Шығармаларын білмегендігі үшін жаман деген баға қоюға да болады, бірақ, бізге керегі әзірге ол емес,- деді.- Ал, аты-жөнін есіттің бе?


- Туһ, неткен масқара! Мен ол кісі бар жерге енді қалай кірмекпін!


- Ештеңе емес. Сэр оны неге сұрап тұрғанымды қайдан білсін! Ал, дерегі шықты. Енді іздеп табу оңай. Жазушылар Одағына телефон соқсақ, адресін алуымызға, телефон номерін білуімізге болады. Іздейміз бе?


- Құдай үшін, атамаңыз! Керегі жоқ!


- Рас-ау! Оны сен іздеп барсаң не болмақ?


Мәлике ойға шомып үнсіз қалды. Сәлден соң:"Көрерміз,- деді сергіп.- Уақыт көрсетер. Алда әлі күндер көп. Ойласармыз. Жүр, менің сүйікті хабарымды көрейік".


- Жоқ, мен осында бола тұрайын. Сәргел ағадан ұяламын.


- Мейлің. "Сүйіктіңмен" бір сағаттай оңаша қала тұр.


- Ли-ке!


- Чау!- Ол сүйріктей саусақтарымен еркелете қоштасып шыға берді.- Ал, мен өз сүйіктімнің жанына барайын!


Соңғы сөзді күліп айтса да, Бағила оның астарынан ащы мысқыл байқап қалғандай болды.


"Жасын,- деді Бағила оның атын іштей қайталап.-Жасын Мәдиев. Жасын... Ғажап! "Жасын" деп ат қоюшы ма еді? Найзағай деген ұғым ғой... Жасын!... Бұл - сол екен ғой. Бұрын суретін көрмеген екенмін~ау..."Бағила оның екі кітабын оқыған. Бір емес, бірнеше рет. Соңғы рет осында жүрерден бір ай бұрын оқып еді. Оның өмірге көзқарасына, кейіпкерлерінің терең түсінігіне, парасатына, жан-жақты білімділігіне, оқиғаларының тартымды боп шиеленісіп жататынына, автордың биік мәдениетіне таң қалушы еді. Газеттер оның атын аспанға көтеріп, мақтап жататын. Қатты сынаған мақалаларды да оқыған. Теңіздей терең, сынапшыдай сараң ойлы сөздеріне, олардың қорғасындай салмағына қарап Бағила оны кексе адам болар деп топшылайтын. Бүгін оның атын білді, бір сәтке болса көріп қалды? Хайуанаттар жайлы хабар біткен соң Мәлике Бағиланың бөлмесіне кірді.


- Сур,- деді ол диван-кереуеттің қасындағы креслоға отырып. Дауысында салқындық бары байқалады.-Саған бұлай етуге болмайды. Мен жаңа бір актерға телефон соқтым. Олар бірін-бірі жақсы біледі екен.


- Не... болмайды?


- Саған бұлай ғашық болуға болмайды! Сен әлі жассың... Оның үстіне... Ол үйленген адам. Екі баласы бар көрінеді.


Бағиланың алғаш оянған сөзімін аяғандықтан ба, әлде,ұнатқан адамын өмір қашан да осылай асу бермес қиындығымен әкеп жолықтыратындығынан ба, әлде, он екіде бір гүлі ашылмаған қызды үйлі-баранды адамға қимайтындығынан ба, сөйлеген кезде ішкі толқудың әсерінен оның даусы аздап дірілдеп тұрды.


Бағила өң мен түстің арасында қимылсыз қалды. Мәликенің бұл сөзі бағана Жасынды көріп қалған сәттен кем әсер етпесе де ешқандай сыр бермеуге тырысты.


- Лике,- деді ол қалтырап.- Сіз... сіз мен жайлы неге олай ойлайсыз?! Мен оған ғашықпын деп қашан айттым. Қашан?! Ғашық! Сіз мені неге қорлайсыз...- Ол ызаға булығып теріс айналды. Оң жақ қырына аунап түскенде білегіне жылымшы тамшының тигенін өзі де аңғармай қалды.


- Жарайды, жарайды! Қапаланба. Сені қорлаған боп көрінсем, кешір. Сур, суретім менің, сен маған ренжіме.Ойымдағыны айту менің міндетім. Өйткені мен қорқамын... Сенің тағдырыңнан. Неге екенін бір құдайым білер, сені ойласам жүрегімді белгісіз бір қорқыныш билеп алады. Бәлкім, алдамшы сезім шығар, сен мұны да көңіліңе алма. Мәлике бұл жерде көп отыра беруді өзіне ауыр сезінді ме, осы сөзден соң кешікпей шығып кетті.


- Жаңа Қаратайға заказ бердім,- деді Сәргел. Оның көңіл-күйі бұрынғысынша жақсы екен.


Мәлике шошып кетті.


- Неге үйттің! Қызының ауырғанын айтпа, керегі жоқ! Оның дені сау.


- Жо-жоқ!- деді Сәргел жайбарақат.- Басқа мәселе... Амандық-саулықтарын біліп қояйын деп. Ол ректормен болған бүгінгі әңгімені әйеліне айтудан тартынып еді: басқа біреулердің құлағына шалынып қала ма деп қауіптенген. Сәргел әйеліне де сенбейтін.


... Мәлике шығып кеткен соң, Бағила есікті іліп алып, төсегіне етпеттеп құлай кетті де, көз жасына ерік берді. Бейтаныс жігітті ұмыта алмағанын, енді ұмыта алмайтынын мойындаса да, "ғашық" деген сөзден қорланып, оның басыбайлылықпен астасқан салмағына езілгісі келмей булыға жылады. 


* * *


Күздің ақырғы айының ақырғы күндері еді. Таңертең басталған жаңбыр түстен кейін қарға айналып, ол қайтадан суық жаңбырға ауысып, қаладағы асфальт көшелер мен тротуарлар аяқ басуға жеркенердей шылқып жатқан. Бағиланың студенттермен жұмысқа барып келгеніне де жарты айдай ғана уақыт өткен. Сәргел оны қалада қалдырмақ еді, "Ауырып қаласың",- деп Мәлике де Сәргелді қостаған, бірақ, Бағиланың қаладан аулақтау кеткісі келді. Мәликенің көріпкелі бар екен, Бағила жұмысқа араласқан соң екі күннен кейін ыстығы көтеріліп, жалпасынан түсті. Жұмыс соншалықты ауыр да емес, бар болғаны совхоздың алмасын жинау. Бұларды жұмысқа алып келген жас мұғалім оған жаны ашып, Алматыға қайтармақ болып еді, Бағиланың өзі көнбеді. Ол студенттерге босатылып берілген совхоздың қонақ үйінде төрт күн бойы төсек тартып жатып алды.


Төрт күн бойы жас мұғалім оның маңынан ұзамай қойды. Бұдан гөрі де ұзақ жататын ба еді, Бағила студенттер арасында пайда болған күдікті көзқарастар мен күбір-сыбырлардан қауіптеніп ерте тұрып кетті.


Осы төрт күн жас мұғалім Серботаға махаббаттың айықпас ауруына біржолата шалдығып шығуына толық жетіп жатыр еді.


Әрі жас, әрі жігерлі, әрі алаңдайтын семьясы жоқ, студенттердің тілін таба біледі деп жіберген Сербота махаббаттың әлегінен жүні жығылып, Алматыға азып қайтты.


Курстағы жігіт біткеннің Бағилаға ғашық болмағаны жоқ еді. Қолдары қалт етсе, болмашы нәрсені сылтауратып ең аз дегенде төрт-бесеуі оның қасына жинала қалатын. Мұғалім ретінде олардың ортасына сұғына беруге ыңғайсызданатын Сербота алыста жүріп мұңға батады.


Жаратылысынан нақты ғылымға бейім жігіт сары уайымның салдарынан ақындық өнерге душар боп, оған лирика-философиялық хаттар жазды. Бағила олардың бір де біріне жауап қайтармай, қолы бос кезінде оқып көңілденсін деп бәрін Мәликеге жіберіп отырды.


Аспанды ботана бұлт түгел жапқан, жуық арада ашыла қоятын түрі жоқ. Тротуардың екі жағына қатарласа өскен қара ағаштар сары жапырақтарынан айрылып, сидиып-сидиып мүлгіп тұр. Қаланың еңселі үйлері де жазғы сәнінен айрылып, көңілсіз сұрғылт түрге еніпті. Бағила бүгін сабақтан ертерек шыққан соң, жол-жөнекей пластинкалар дүкеніне бұрылды да, одан көңіліне ұнар ештеңе таппаған соң көшеге шығып, таксиге қол көтерді. Ішінде бір ғана жолаушысы бар такси оның алдына кеп тұра қалды. Қыз адресін айтты.


- Жолымыз бір екен, отырыңыз,- деді шофер көңілді дауыспен.


Бағила шатырын сындырып ішке енді де, артқы орынға жайғасты.


- Баратын жеріңіз өз үйіңіз бе?- деді алдында отырған жігіт бері қарай мойын да бұрмастан.


- Сіз маған айтып отырсыз ба?- деді Бағила


- Иә, Сізден басқа ешкім жоқ екенін білесіз ғой.


- Оның қажеті қанша?


- Бұл сұрағыңыз ба, жауабыңыз ба?


- Қалай қабылдағыңыз келсе де қарсылығым жоқ,-деді қыз наразы үнмен.


- Соншалықты тапқыр сөз емес! Сіз басқаша жауап берер деп күтіп ем, өзгелерден түк те айырмаңыз жоқ екен.


- Неге өзгелерден басқа болуым керек?


Жігіт мырс етті.


- Өзіңіз біліңіз, онда менің шаруам шамалы. Тек сізді басқа қыздардан бөлекше шығар деп ойлағаным ғой. Папаңыз осында ма, ауылда ма?


Бейтаныс адамның аш кенедей жабысып, қадала қойған сұрақтары Бағиланың намысына тиді.


- Сіз менің папамды танымайсыз, онда шаруаңыз қанша?


- О-о, ол кісіні ұмытуға бола ма? Сізді де жақсы танимын.


- Жүргізуші жолдас, машинаны тоқтатыңызшы,-деді Бағила,- мен түсіп қалайын.


- Жүре беріңіз,- деді жігіт сенімді салқын үнмен. Сонан соң сөзін тағы да қызға бағыттады.- Айтыңызшы,ұмытып барады екем, оқуға түстіңіз бе?


Бағила дәл қойылған мына сұрақтан тосылып, күдік пен таңданудың екі ортасында сәл абдырап қалды.


- Иә, оны қайдан білесіз?


- О баста осылайша жауап бергеніңіз жөн болар еді. Сіздің оқуға түспей қалмайтыныңыз белгілі.


- Неге олай дейсіз?


- Неге олай дейтінім сізге тағы да белгілі.


Бағила оның қушықтау жауырыны мен мойын орағышынан бері-екі елі бері асып тұрған қою қара да қайратты шашына, тіп-тік кеудесіне, мойын бұрмай сіресіп отырған қалпына жақтырмай қарады.


- Сіз өмірге өте ызалы адам болуыңыз керек,- деді ол осы сөзінен өзіне жұбаныш тауып.


- Болса болар. Сіз жақында түсесіз, ұмытпай тұрғанда сұрап қалайын. Купелеріңізде қалған баяғы бір парақ қағазды жыртып тастаған жоқсыздар ма?


Көз алдынан найзағай жарқ ете түсті. Сол найзағай соққысы Бағиланың өн бойын шымырлатып, қан тамырларын бір сәтке буып тастады. Шалшықтарды шашыратып, зулап келе жатқан машина кенет саңылауы жоқ туннелге сүңгіп кеткендей төңірек түнекке айналып, әлден соң барып қана жанарына қара ілікті. Ең бірінші көргені тағы да сол қимылсыз отырған тұлға болды. Бір парақ қағазды оқыған сәттен бері ойынан шықпай, өзін азапқа да батырып келген тұлға! Сол адам қарсы алдында, қол созым ғана жерде отыр!


"Кім ойлаған,- деді ішінен Бағила әлі де өзіне-өзі жөнді келе алмай.- Бұлай кездесеміз деп ойлап па ем! Таксиде,мен тоқтатқан таксиде! Түсімде көрдім деуге де жанаспайтын неткен кездейсоқтық!?"


- Сіз жауап бермедіңіз ғой. Әлде ойыңызға түсіре алмай отырсыз ба?- Жігіт орындық арқалығына сол шынтағын қойып, бері қарады. Жүрегіңді дір еткізер сол баяғы салқын жүз, жебедей қадалар сол баяғы мұздай жанар.


- Менде,- деді Бағила естілер-естілмес қана сыбырлап. Ол бұл сөзді қалай айтқанын өзі де байқамады.


- Жоғалтпағаныңыз үшін рақмет! Ол қағазда ойларымның жиынтығы жазылып еді. Сіздерге қымбат бола қоймас, маған өте қажет. Мен сізден оны қалай алсам екен?


Жасын Бағилаға көз тоқтата қарады. Қысылмай,қымтырылмай тура қадалған жанар жас қыздың жүрегін жуалдыздай шаншып өтті. Сол шаншу бүкіл жаны мен тәнін тұтқындап, ерекше бір сиқырлы күштің құдіретімен оған айтпаспын деген сөзін еріксіз тіл ұшына итерді.


- Жоқ, мен үшін ол қағаз өте қымбат,- деді Бағила өзін-өзі билеуден қалып.- Қажет болса... әкеп берейін. Жасын бұрынғыдай селқос емес, қыз жүзіне барлай қарады. Мұздай жанарына лып етіп жылылық енгендей болды.


- Адалдығыңызға ризамын,- деді жігіт қыз сөзі мен үніндегі таза көңілді байқап.- Бір жапырак қағазды тұмардай жоқтап отырғаным тосын адамға өрескел де көрінер, оның не себепті қажет екенін жаңа айттым,екінші себебі - өзім ұнатпайтын адамдардың қолында ескі ұлтарағымның қалғанын да қаламаймын.


Жігіттің соңғы сөзі Бағиланың жылы жүрегіне кырау қатырды. Қарсы алдында отырған осы бір бейтаныс кешірім дегеннен жұрдай, кісінің ақ-қарасын ажыратып жатпайтын, мейірімсіз жандай көрінді. Бағила әңгіменің сол бір парақ қағазға кеп тірелген сәтінен бастап өзінің кілт өзгергенін, арбалған торғайдай ерекше бір сиқырлы күштің жетегіне еріп жүре бергенін, өзін-өзі билей алмағандығы үшін намыстан жарыла жаздап отырғанын, ең бастысы - осының бәрі мына жігітке мұздай қалпынан бір өзгермеуі әуелі өзінің, қала берді әкесінің арын қорлағандай сезінді.


- Иә,- деді Бағила ызаға булығып,- шын айтасыз,біз үшін оның ескі ұлтарақтай да бағасы жоқ. Жай, кітаптардың арасына байқаусыз салып қойыппын. Оның ызадан тынысы тарылып, қолындағы жапон шатырын мыжғылай берді. Төмен қарап отырғанмен қарсы алдыңда өзіне қадалған жанардың суық лебін сезінумен болды. "Ызаланғанымды анық байқады,- деді Бағила іштей.- Жаңа ғана мүлде басқаша жауап беріп едім ғой. Ол сөз жоқ мені күлкіге айналдырып отыр".


- Өте жақсы,- деді жігіт бетін алға бұрып.- Шамалауымша, түстен кейін оқитын болуларыңыз керек. Қай аудитория, сағат қаншада деп сұрағаныммен қазір маған жауап беретін жағдайда емессіз, сондықтан былай келісейік: мен ертең аудиторияларыңызды сабақ кестесінен тауып алып, үзілісте дәл сол аудиторияның есігінің алдында күтейін. Сіз маған әкеп бере қойыңыз. Менімше, мұның түк те қиындығы жоқ. Ал, егер оны да иілу деп есептесеңіз біреуден беріп жібере салыңыз. Нақ сол кезде сіздердің есіктеріңіздің алдында менен басқа бөтен Адам бола қоймас. Бірінші сабақтың бірінші үзілісінде келем. Осыған келісесіз бе?


Қыз үндемеді. Оның сөздерінің соншалықты ауыр, бірақ, соншалықты дәл шығып жатқаны көмейін бітеп тастады. "Егер оны иілу деп есептесеңіз!..", "Неткен қазымырлық!" Бағила осы кездесуден соң түні бойы өзімен-өзінің арпалысып шығарын, мына жігітке деген бұрынғы ыстық ықыласы мен бүгінгі салқын сезімі тайталасқа түсіп, бәрібір суықты ыстық жеңерін, сөйтіп, бір жапырақ қағазды онымен кездесудің дәнекері етіп сыртқа өзі алып шығарын осы машинада отырып-ақ күн ілгері топшылап қойып еді, бірақ жігіт сыныққа сылтау қалдырмай бір-ақ сөзбен оның алдын кесіп, амалын құртып кетті. Бағила соған ызаланды, сол ыза көмейіне тобық боп кептеліп, көзіне жас үйірді.


Машина оның үйінің тұсына кеп тоқтады. Бағила таксиске бір сом ақша берді, ана мейірімсіз мен төлейін деп айтпады да.


Ол асфальттың қарлы балшығын бұрқырата кешіп, үйіне қарай тез-тез жүре берді. Қол шатырын ашып төбесіне көтеруді ойлаған да жоқ. Кең арқадан өтіп, үйіне қарай бұрыла бергенде қараңғы бұрыштан таныс адамның пошымын көріп қалғандай болды. "Мұны қайдан көріп едім?"- деген сұрау шырмауықтай шарпысқан ызалы ойының арасынан жылт ете қалды. Бағила жылт еткен бұл сұраққа да, қимылсыз тұрған тұлғаға да мән бермей оның жанынан өте берді.


- Бағила,- деді "жансыз" бейнеге оқыс тіл бітіп.


Қыз селк ете түсті. Сербота! Плащ-пальтосының қалтасына қолын сұғып, бұған қараңғылықтан телміре қарап тұр. Далада көп жүрген болса керек шляпасының ернеуінен су тамшылап, онсыз да ет боп езіліп кеткен иығына құйылып жатыр.


- Сербота ағай, бұл сізсіз бе?!- деді қыз екі-үш адым жерден таңдана дауыстап.


- Иә, менмін. Кешіріңіз, мен сізге...


- Сербота ағай, сізге не болған! Бала емессіз ғой, мұныңыз не?


- Маған үйге қайт демексіз бе?


- Олай демей-ақ қояйын... бірақ мына тұрысыңыз ыңғайсыз ғой. Және, Сәргел ағайды жақсы танисыз, ол кісі көріп қалса...


- Көре берсін...


- Сізге бәрібір болғанмен маған бәрібір емес, түсініңіз. Ертең де күн бар ғой,- деді Бағила дәл қазір одан құтылуды ғана ойлап.- Суық тиіп ауырып қаласыз.


- Мейлі. Сіз үшін...


- Япырмай...- Ол жан-жағына жасқана қарап қойды.- Тіпті ұят екен... Қайтыңызшы, құдай үшін,өтінемін...


- Біраздан соң сізге телефон соғайын...


- Керегі жоқ... Ал, сау болыңыз. Мен кетемін. Терезеден біз тұрған жер ап-анық көрінеді.


- Былайырақ кетейік.


- Сіз... мені ренжіткіңіз келмесе, қазір қайтыңыз...


- Алдағы жексенбіде маған тым болмаса екі сағат уақытыңызды арнаймын деп уәде бермесеңіз кетпеймін. Күте-күте, шыдай-шыдай болдым.


"Ой, тәңір-ай, енді мынандай халге душар болдым ба!- деді қыз өзіне-өзі.- Енді не амал бар?- Ұят-ай!.."


- Жарайды.


- Бұл менен құтылу үшін айтылған сөз емес пе?


- Туһ, сізге не болған бүгін!.. Жарайды дедім ғой.


- Рақмет,- деді Сербота күрсініп,- Сіз жүре беріңіз, мен қазір қайтамын.


Бағила басқа ләм деместен подъезге жүгіре кіріп, пружиналы есікті сарт жапты. Сол жерде тұрып есін жиғандай көзін жұмды. "Неткен ауыр күн еді,- деді күбірлеп,-Бір арпалысым аз болғандай, мына жайға тағы тап болдым-ау!"


Ол үйге кіріп келгенде Мәлике мұның тұрінен шошып, айғайлап жібере жаздады. "Не болды?!"- деген Мәликенің үрейлі сұрағына есікке арқасын сүйеп тұрып:


- Көрдім,- деп жауап берді.


- Кімді?


- Екеуін де.


- Не-ме-не?


- Екеуін де деймін. Бірін таксиде, екіншісін үйге кіре берісте. Біріне ақша бердім, екіншісіне уәде бердім.


"О, жасаған, ақ падишаны сақтай гөр!"- Ол езу тартқан болды.


- Сен мені жындандырмай тынбайтын шығарсың. Жөндеп айтшы!


- Әуелі шешініп алайын, Лике,- деді Бағила оған күле қарап.


- Сур, сен... ішіп алғанбысың?


- Лике, ол бізді ұнатпайды, Лике! Мені де, бәрімізді...


Бүгінгі оқиғаларды ол Мәликеге түгел айтып берді.


- Лике,- деді Бағила аспанға қарап жатып.- Әйел атаулының өмірі осындай арпалыспен өте ме?


- Бұл әлі бастамасы ғана.


- Қандай аянышты! Төзу керек, көну керек, иілу керек... Менің ешкімді сүйгім келмейді, Лике.


- Ол сенің еркіңде емес, Сур... Сүю деген ешкімнен рұқсат алып келмейді, ол тіпті, өзіңмен де санаспайды.Сүю - өзгеге тәнің мен жаныңды құл етіп матап беретін тәтті у, сүйкімді жауыз.


- Сіз біреуді сүйіп көрдіңіз бе?


- Көрдім...


- Мен шын сұрап тұрмын.


- Мен неге өтірік жауап берем?


- Ол немен бітті?


- Көріп жүрсің ғой, сенің әкеңнің немере ағасына тұрмысқа шығуыммен бітті.


Бағила оның жүзінен кермек күлкіні көрді.


- Сіз... Сэрге неге тұрмысқа шықтыңыз? Сізді ешкім зорлап көндірген жоқ, он жыл бойы мектеп программасынан оқып келгеніміздей қалың мал құрбаны болған жоқсыз, осындай кезде, жетпісінші жылдардың басында, сізді бұған итерген ненің әсері?


Мәлике креслосына шалқайып ауыр бір күрсінді де, екі шынтағын тізесіне қойып, қайтадан алға өтіп отырды.


- Сур, бұл өте ұзақ, әрі мейлінше сұрғылт әңгіме.Оның ешкімге қызығы жоқ, тіпті, өзіме де. Кейде мен өткен өмірімді мүлдем есіме алғым келмейді. Қолымда бір құдіретті күш болса бәрін біржолата із қалдырмай өзгертіп ертеңгі күнмен өмір сүргім келеді. Өзің айтшы, "композитор" күйеуді қалаймын ба, махаббаты мен қазы-картаны қатар алып жүре алатын бейшара, пасық жігіттерді аңсаймын ба, әлде, бір әйелін қызғаншақтықтан өлтіріп, менің де жанымды тасқа тамған тамшыдай білдірмей қажап келе жатқан қытымыр Сәргелге ризамын ба? Сен болашақ тарихшысың ғой, сәл тереңірек ойланшы. Жер үстіндегі тіршіліктің жаралғанына бес миллиардтай жыл бопты, оны да ешкім санап тұрған жоқ, одан да көп болуы мүмкін. Содан бергі тіршіліктің бір де біреуін білмейміз, бәрі бізсіз өтті. Біз басқа бір белгісіз кеңістікте белгісіз молекула, не белгісіз бір бөлшек боп ұшып жүрдік. Кенет дүниеге келдік. Ақылы бар, ойы бар, тілі бар, дыбыс пен бояудың сырық түсіне білетін қасиеті бар Адам формасында келдік. Қысқа ғана мерзімге. Асығыспыз, уақыт жоқ. Белгісіз кеңістіктегі белгісіз бөлшекке тез қайта айналуымыз керек. Сонда деймін-ау, сонда не үшін келдік, не үшін келдім? "Композиторға" тұрмысқа шығып, үш айдан соң ажырасу үшін, түсінігі мен түйсігінен пендешілігі терең жігіттерге қазы-қарта үлестіру үшін, әйелі өлген Сәргелге - ол бұл сөзді батырып айтты - тұрмысқа шығып, зым-зия ғайып болу үшін бе? Сол үшін ғана келдім бе?


-Лике, басқа қандай мақсатыңыз бар? Сіз нені армандайсыз?


- Білмеймін. Сур,- деді Мәлике алақанымен иегін тіреп.- Бір сөзбен айту қиын. Жалпы ойындағы көксегенің бір сөзге сиятын болса, оның да соншалықты мәні бола қоймас. Мен күні көшеге дейін өз өмірімнің әр күнінен ғажайып бір жаңа құбылысты, жаңа бетбұрысты күтіп келдім. Әне-міне ол есігімді қағады деп күттім, қағады да мені ертегідей бір өмірге жетелеп алып кете баратындай көрінетін. Лағы өлген киіктей ол қиялым да суалып бітті. Ерте суалды. Өйткені мен ертеңгі күнімді ерте түсіндім. Бәрі алақандағыдай. Ешқандай сыры, ешқандай жұмбағы жоқ. Бүгін - сегіз сағат жұмысы, бір сағат үзіліс, кешкі ас, жеті сағат ұйқы. Ертең - сегіз сағат жұмыс, бір сағат үзіліс, кешкі ас, жеті сағат ұйқы...


Осылай кете барады, кете барады. Өмір бойы!..


- Лике,- деді Бағила,- сіз мүлде адасқан жансыз.Сіз не жазушы, не жиһанкез болуыңыз керек еді. Өзіңізді-өзіңіз дүкенге бекер қамағансыз. Мынандай ойларыңызды қазы-қарта мен қымыран сататын тар дүкенде тұншықтыру обал ғой.


Мәлике кенет сықылықтай күлді. Ол Бағиланың әдемі мұрнынан тағы қысып қойды.


- Сенің ойың ұшталып келеді! Сұрақтарың бітті ме, жолдас тілші?


- Жоқ. Сіз ешқайсысына да жауап берген жоқсыз. Бәрі аяқсыз қалды.


- Басқа бір кезде, Сур. Сағат он бір бопты. Таңертең ерте тұру керек. Оның үстіне, сенімен ұзақ сөйлесіп қалсам Сэрдің қызғанышы оянады. Жалпы, оның қызғанышы оянуы үшін менің қарсы алдымда жанды бейненің отыруы шарт емес. Егер столға шампанның бөтелкесін қойып, сол жерде үнсіз ойға шома қалсаң, ол сені бөтелкеден де қызғанады.


- Демек, ол сізді жанындай сүйеді.


- Сондықтан әйелін бөтелкеден де, қарындасынан да қызғанады!- Ол аузын алақанымен басып, тұншыға күлді.- Кейде маған ол бұл дүниеге тек әйелін қызғанып өту үшін ғана келген сияқты боп көрінеді.- Бағила да күлді.- Саған күлкі жарасады,- деді Мәлике. Саған бәрі жарасады. Егер сен өгіздің мүйізін басыңа жапсырып алсаң да жараса берер еді! Ал, музыка тыңда, кітап оқы, қиял кез. Түбі сен осы бөлмеден не данышпан боп шығасың, не ақылыңнан адасып шығасың.- Ол орнынан тұрды да, күлкісін жиып:- Сенің өз ақылың өзіңе жететін сияқты. Байқа, әлі тым жассың, шамаңның жеткенінше махаббат деген феодалдың құлы болмай бостандықта жүре тұруға тырыс.


Бағила оған сүйсіне қарап тұрып, көзін жұмып басын изеді.Ол шығып кетті. Біраздан соң Бағила бас жағындағы кітаптың арасынан ертең сабаққа алып баратын бір парақ қағазды тауып алып, оны тез оқып шықты. Өткен жолғыдай емес,түсінікті, айқын секілді. Және, ондағы сөздердің бәрінен Жасынның айқын да бұлтартпас қоңыр салқын үні естіліп тұрғандай болды.


Ол қағазды жанындағы кітаптың үстіне қойып, төбеге қарады. Назары одан сәл төмен жылжығанда бұғының кепкен басын көрді. Ол бәз-баяғысынша көрінбейтін көкжиекке, еліре, таңдана қарап тұр. Қараған сайын қарай бергісі келетін сияқты. Торшердің сарғыш сәулесінен оның жанары сәл күңгірт тартып, бұрынғы бейкүнә қалпына болмашы ғана өкініш пен мұң ұялапты.


Бір кезде сол жанар бірте-бірте мүлдем суық тартып,Бағиланың дәл өзіне қадалып тұрғандай көрінеді. Оның жүрегі дір ете түсті. Мына жанар бүгінгі таныс бейтаныстың жанарына ұқсайтын сияқты. Жебедей өткір, сүңгідей, шөлдің құдығындай терең. Әрі жақын, әрі жат,әрі үрейлі, әрі қымбат. 


* * *


Алғашқы сабақтың бірінші үзілісі жақындаған сайын Бағиланың тынысы тарылып, сабыры кете бастады. Бірде ол мына лекцияны жалтыр бас кәрі мұғалім тым созып жібергендей сезінсе, келесі сәтте дәл осы жалтыр бас оны қасақана асығыс бітіргелі жеделдетіп жатқандай көрді. Ол мұғалімнің не айтып, не қойып жатқанымен ісі болған жоқ, басында тұрған бір-ақ сұраққа: "Өзім алып шығайың ба, біреуден беріп жіберейін бе?"- деген сұраққа жауап іздеумен болды.


Қоңырау кенет шыр ете түскенде, Бағила селт ете қалды. Тасқа құлаған шыныдай ойы быт-шыт болды. Сонда ғана барып, ол өзінің әлгі сұраққа жауап әзірлемегенін сезді.


Дәл осы сәтте ол өзі де түсініп болмайтын ерекше қалып танытып, орнынан тұрды да, асығыс есікке беттеді. Миының басқа бір нүктесінде жасырын дайындалған шешім қажет шақта басқа күдік пен басқа жауаптың бәрін қас қағым сәтте тұншықтыра салды да, өз өміріне еріксіз бағындырды.


Бағила мұғалімнен соң іле-шала шыққанда жігіт коридордың алыс түкпірінде бері қарап темекі шегіп тұр екен, қызды көрген соң, ол жайлап жақындай берді.


- Сәлеметсіз бе,- деді Бағиланың жанына таянғанда.- Кешіріңіз, сіздің атыңыз кім?


Қыз кешегі кегінің әлі басылмағанын сездіргісі кеп жауап бермей үнсіз тұрды да, өзіне қадалып тұрған өткір жанарды қарамаса да тәнімен сезініп, көпке шыдай алмады.


- Бағила, - деді ол даусы дірілдеп. Сөйтті де, кітап арасынан бір парақ қағазды іздей бастады.


- Онша жақсы емес екен,- деді жігіт.- Алматының кондитерлері жасаған қарамель сияқты езіліп тұр.


- Сіз... Сіз... Мейлінше мейірімсіз адамсыз, немесе осының бәрін әдейі жасайсыз. Менің арыма тиюге қақыңыз жоқ!- Қыз жыларман халде әрең сөйледі.


- Алғашқы ойыңыз рас болар деп қорқам.- Ол қағазды алып, іш қалтасына салды.- Рақмет! Осымен біржола қоштасуға да болар еді, бірақ сізге айтатын сөзім бар. Қорықпаңыз, махаббатқа мүлде маңайламайды. Жүрегін алып жүгіріп жүргендер мұнда менсіз де жеткілікті шығар.


Ол тағы да қателескен жоқ, дәл тиді. Жасын сөзінің қызға ерекше әсер еткенін оның имек қастарының дір ете түскенінен сезді.


- Кешке менің уақытым жоқ,- деді Бағила келісе кетудің ретін таппай.


- Кешке? Кеш - қыз бен жігіттің кездесуі боп кетеді. Сіз қазір шығыңыз. Біліміңіз бір сабаққа олқы болар... Мен төменде күтем. Телефон-автоматтың жанында. Ол осыны айтты да, тез бұрылып жүре берді. Қыз есін жиямын дегенше ол басқышпен сәл жүгіре басып, төмен түсіп бара жатты.


- Бағила, ол кім?- деді мұның қасында отыратын қыз жігіт кетісімен жанына жетіп кеп.- Туысым.


- Өтірік айтады,- деді серейген бір жігіт.- Сен оны танымайсың да, ал, мен оның кім екенін білем. Ол -әйгілі Жасын. Автограф алайын деп едім, сөздерін бұзуға ұялдым.


- Жасын!- Бір топ қыздар мен жігіттер шу ете қалды.- Қап! Бағана неге айтпадың, автограф алатын едік. Ол әлі осындай жас па еді?! Қыран көз, Жасын десе жасындай келісті екен!- Бағиланың жанында отыратын қыз оған деген ықыласын жасырмай айтты. Әлгі жігіт тағы сөзге араласты:


-Жасын - оның әдеби бүркеншік аты - псевдонимі. Шын аты кім екенін Бағила айтсын, туысы ғой.


- Шын аты кім, ә?- Қыздар оны қоршап алды.


- Жылқыайдар.- Шегінуге жер жоқ, кенет оның туысы боп шыққан соң, шын атын білмеуге болмайтын еді.


Ол аузына түскен бірінші есімді айта салды.


- Жылқыайдар!- У-у!- Қандай олақ ат. Жылқыайдар Мәдиев! Мынадай атпен жазушы емес, колхозда зоотехник болу керек. Жасын! Бұл басқа-а! Бұл -найзағайдай тіліп түсетін өткір ойлы жазушыға ғана тән!


- Бағила, ол сенің туысың ба?


- Иә.


- Оны бұрын неге айтпай келдің? Мені таныстыршы жарай ма?


- Әуелі қалың малын төле.- Әлгі серейген жігіт кеудесін сыртта қалдырып, мойнын топтың ішіне сұқты .Оның басы үлкен, мойны жіңішке. Жаздың күндері көйлекшең жүргенде басы таяққа кигізген боксшының қолбағындай боп көрінетін. Сонысын білдіргісі келмей ол қысы-жазы қыздардың капрон орамалын мойнына галстук секілді етіп байлап жүреді.


- Қалың малын төлеймін,- деді қыз күлімдеп.- Бір стақан манго және мейіз қосқан пирог!


- Келістім!- Жігіт қыздардың екі иығының арасынан қолын сумаң еткізіп созды. Саусақтары магазиннен бүгін сатып алған айырдай қара қошқыл, білегі олақтың жасаған сабындай кедір-бұдыр, ирек-ирек екен. Осы иір сапты айырдың арғы басында сойған түлкідей ырсия күліп таяққа кигізілген боксшының қолғабы тұр.


- Ой, әрі кетші!- деді қыз оның қолын қағып.-Келістік қой!


- Мақұл.- Бағила еріксіз күлімсіреп, басын изеді.


- Онымен танысып қайтпексің?- деді жігіт тағы кимелеп.- Біріншіден - ол үйленген, екіншіден екі баласы бар!


- Болса бола берсін! Махаббатқа неке қуәлігінің қажеті жоқ!


Қоңырау соғылды. Студенттер ішке кіре бастады. Бағила не істерін білмей екі ойдың ортасыңда тұрып қалды. Төменнен бір жігіт бір қызды қолынан жетектеп жүгіре жөнелді.


- Такламакан келе жатыр! Ішке кірейік!


Такламакан "Ерте дүние тарихынан" лекция оқитын мұғалім. Сөз арасында ол "так" деген орыс сөзін көп араластыратын болған соң және басының шөл даладай тақырлығына қарап студенттер "Такламакан шөлі" деп атап кеткен. Бұл айдардың қашан шыққаны белгісіз, қазіргі бірінші қурсқа ол бұрынғы студенттерден мұра боп қалған. Бертін келе "шөл" жырылып қалып, жалғыз "Такламакан" ғана қалды.


- Жанат, менің сумкамды әкеп берші?- деп ішке кіре берген құрбысына.


Ол құстай ұшып барып сумкамен қайта оралды.


- Қайтып келесің бе?


- Бір сағаттан соң,


- Жасынмен кездесуге ме?


Бағила дір ете қалды.


- Қорықпа, онда тұрған ештене жоқ. Менен сәлем айт!Саған туыс емес екенін оңай уәде бергеніңнен біліп ем. Ал, жолың болсын! Такламаканның төбесі көрінді, зыт!


Бағила коридордың алыс түкпіріне қарай бұрылып кетті. 


* * *


Екеуі маңайдағы кафенің бір бұрышына кеп отырды. Жасын екі кофе, лимонад, шампан және шокалад заказ берді. Заказдарын даяшы әкеп алдарына қойғанша олар үндеген жоқ, Жасын шампанды ашты да, екі фужерге де орталап құйды.


- Менің жоғалған қағазымның табылғаны үшін!-деді ол фужерін көтеріп.


Бағила да ыдысын қолына алды.


- Мен ішпеймін,- деді шампан көпіршіктерінен көз алмай.


- Өзіңіз біліңіз. Бірақ, ұрттап отырғаныңыз жөн болар еді. Бір сағат бойы үнсіз, қимылсыз отыру адамға ауыр тиеді ғой.


Бағила мұздай шампаннан екі ұрттады. Он жылдықты бітіру кешінде бір бокалын ішкені бар. Қыжылдаған газы қолқасын жарып жібере жаздаған. Сонан кейін татып отырғаны осы. Аузыма алмаспын деп еді, ешкім қинамай-ақ ұрттай салғанына өзі таң қалды. Сол дәм, сол қасиет. Екі ұрттам шампанның газы өкпесін қысып, тыныс жолдарына вакуум пайда болғандай әрең демалды.


- Сіз тарих фақультетіне неге түстіңіз?- деді Жасын әлден соң оған тура қарап.


Мүлдем күтпеген сұрақтан қыз абдырап қалды.


- Ұялмаңыз,- деді ол сәл жымиып.- Мен қай тақырыпта болмасын ашық сөйлескенді ұнатам.


- Ашығын айтсам,- деді қыз Жасынның жүзіне қарамауға тырысып,- кешегі оқиғадан соң сізбен кездескеніме өкініп едім. Енді кездесе қалсам сөйлеспеуге, теріс айналып кетуге бел байлап ем. Мұнда келіп қалғанымды өзім де кешіре алмай отырмын.


- Міне, қызық!- деді жігіт.- Кешіре алмайтын мен болуым керек еді ғой.


- Сіздің себебіңіз бен менің себебім екі басқа. Сіз бәрімізге тіл тигіздіңіз. Мені адам құрлы санамадыңыз да. Мен... мен мұндай сөзді ешкімнен естіген емеспін, тіпті,естимін деп ойлаған да емеспін... Бәлкім, мұнда келгенде осы ренішімді білдіру ойымда болған шығар...


- Сіз кешегіден гөрі бүгін ақылдылаусыз,- деді Жасын жайбарақат шампаннан ұрттап.- Намыстың үлкен кішісі болмайды және ол еркек, әйел деп жынысқа да бөлінбейді. Сіздің ренішіңіз менің ренішімнің баласы, немересі, тағы сол сияқтылар. Өйткені олардың бәрі менің ренішімнен тарайды. Әкеңіз үлкен қызметкер ғой шамасы?


- Оның сізге қажеті жоқ. Сонан соң, сізден өтінерім... Әңгімеге әкемді араластырмаңыз. Онда мен тұрам да кетіп қалам.


- Сіздің жағдайыңыз маған қарағанда әлдеқайда жеңіл, өйткені сіз өз еркіңізбен тұрасыз да кетіп қаласыз, ал мені қуып шыққан. Айырмасы бар шығар деймін.


Қыз мүдіріп қалды. Бір кезде өздері купеден қуып шыққан жігіттің алдында бүгін қатты қысылды. Және ол жігіттің басқа біреу емес аты шулы Жасын боп кездесуі оның ар алдындағы ұятын қоюлата түсті.


- Жарайды, бұл тақырыпты қояйық,- деді жігіт.-Сіз екеуміз бір-бірімізге сот құрғаннан нәтижеге қолымыз жетпес. Сонымен тарих факультетіне неге түстіңіз?


- Демек, тарихшы болғым келген шығар.


- Тарих пәні мен тарих ғылымына сіздің сұлулығыңыз аса қажет пе екен? Немесе керісінше, сіздің сұлулығыңызға тек тарих пәні мен тарих ғылымы аса қажет пе?


- Сізге менің бір құрбы қызым сәлем айтты...


- Ім-м, оның бұл арада қандай қатысы бар?


- Білмеймін... Тарих пен сұлулықтың да бір-біріне қандай қатысы бар екенін түсіне алмай отырмын.


Жасын аузына апара жатқан фужерін орта жолдан қайтарып столға қойды.


- Білесіз бе, сіз маған ұнап келе жатырсыз,- деді оған сүйсіне қарап.- Маған адам бойындағы сұлулықтан гөрі сөзі ұнайды.


- Білем.


- Қайдан білесіз?


- Бірнеше қайталап оқып шыққан сіздің екі кітабыңыз айтты.


Жасын кеудесін көтеріп, сүйріктей саусақтарымен бокалды сипалап, өзі айтқан сөзінен өзі ыңғайсызданып отырған қызға сүйсіне қарады.


- Басқа қандай кітаптар оқып едіңіз!


- Көп емес...


- Сіздің ойлау жүйеңіз ерекше екен. Кеше неге осылай сөйлемедіңіз?


- Өйткені сіз... бірден намысқа тие сөйледіңіз. Білесіз бе, мен түнімен қорланып, зәбірленіп шықтым. Жыладым да. Сізді мейлінше жек көріп кеттім.


- Бүгін неге келдіңіз? Мен сізді қинаған жоқпын, қиыла өтінген жоқпын ғой.


- Бір себебін айттым-ау деймін.


- Басқа себебі?


- Менің аузымнан "Сіз үшін келдім",- деген сөздің шығуын күтіп отырсыз ба?


Жасын шампаннан тағы ұрттап, мұздап қалған кофені ерніне тигізіп қайта қойды.


- Қазақ қыздарының ойына орала қоймайтын жауап! Оның үстіне сіздің жасыңызда.


- Сіз мені мұнда неге шақырдыңыз? Ұмытып кеткен жоқсыз ба?


- Жоқ. Білесіз бе,менің ойымда көп нәрселер бар еді.Енді оның бәрін айтқым келмей қалды. Сонау поездағы оқиғадан бастап сіздің таңдамай, талғамай мойныңызға іле салған тарихшының қамытына шейін айтпақ едім.


- Менің тарихшы болуым орынсыз ба?


- Жылқының Ахалтеке деген тұқымын білесіз бе?


- Оқығам. Көргенім де бар.


- Ең сұлу жылқы. Сол Ахалтеке мойнынан қамыт көрсеңіз қандай күйде болар едіңіз? Ол қандай күйде тұрар еді?


- Өзіңіз айтыңызшы, сіз қандай күйдесіз, мен қандай күйдемін?- деді қыз кірпік қағым сәтте оның жүзіне көз тастап.


- Егер мен атбегі болсам асылып өлер едім, жанашыр болсам кафеге шақырып алып ұрысар едім.


- Ахалтекені ме?- Қыз ақ түймедей жылтыраған тістерін көрсете күлді. Күлген кезде мұрнының жоғарғы жағына жібек талшықтарындай жұп-жұқа қатпар пайда болады екен. Жасын таң қалды. Әдемілікке ғана емес,көңілі түссе үйіп-төгіп бір адамға барын бере салатын табиғаттың қазақы, жомарт мінезіне таң қалды және Бағиланың жаратылысына қарап отырып табиғат пен қазақы мінездің арасынан ұқсастық тапқанына қуанды.


Жасын да езу тартты.


-Иә,- деді ол,- Ахалтекені!


- Менің жеңгем бар, осында, ол мені "Сур",- деп атайды. Куприннің "Ольга Сур" деген әңгімесіне және тағы бір өзінің ойлап тапқандарына байланысты. Ал сіз Ахалтеке деп атағалы отырсыз. Менің өз атым өзіме бұйырмайтын болды.- Ол тағы жымиды.


- Ахалтеке дегенге ренжімеңіз. Егер мен "құдай" болсам адамдарды маймылдан емес- Ахалтекеден жаратар едім.


- Қазіргі ғылым адамдарды маймылдан жаралды дегенді жоққа шығарып жүр емес пе?


- Бәрібір, әйтеуір бірдеңеден жаралғанымыз анық.Аңыз бойынша балшықтан, құстан жаралдық. Адам мен Хауана боп жұмақта жүрдік. Маған салса бәрін сызып тастап, тек Ахалтекеден жаратар едім.


- Сонда... сіз екеуміз қазір қалай отырар едік?..


Стол басында қалай отырарын екеуі де көз алдарына қатар елестетіп, рақаттана күліп алды.


- Оған да үйренген болар едік,- деді Жасын әлі де күлкісін жия алмай.- Сонда маймылдардың отырысына күлер ек. Бәрі де үйренуге байланысты. Қалай ойлайсыз, маймылдар өз өмірін біздің өмірімізден төмен санайды дейсіз бе? Адам емес, маймыл боп жүргендеріне кейде олар да тәуба келтіруі мүмкін... Біз тағы да ауытқып кеттік...- Ол қайтадан байыпты үнге көшті.- Солай... Мен тоқ адамды жек көрем. Өйткені тоқ адамның көзі соқыр, құлағы терең келеді, Оларға өнер де, ұлт та,ертеңгі күн де, дүниедегі өзгерістер да қажет емес, оларға қарын ғана қажет. Отырған орны, мінген көлігі ғана қажет. Бітті, басқаның керегі жоқ. Өмірден түк сезінбей осылай өтеді. Солай етерін өздері сезбейді, соны сезініп оларға жаның ашиды. Және бұл тақылеттің адамдары кеміп келе жатқан жоқ сияқты. Барлық ауру осында. Қайда барсаң да алдыңнан шығады. Құранды ұран деп берсең ұран деп, ұранды құран деп берсен құран деп оқи беретіндер. Оларға бәрібір. Бір қарыс жоғарылау үшін құран мен Төлетайды Абайыңмен қосып аяғының астына қоюдан тайынбайтындар бар. Адамдармен араласқанды көп ұнатпаймын. Ойсыз көзді, санасыз басты кездестірем бе деп қорқам. Кісіге жұғымым жоқ шығар деп те өзіме сын көзбен қарап көргем, ылайым солай болса деп те тілегем.


Өкініштісі сол - қателеспеген екем. Мен сізді осындай топқа қимадым. Сол топқа тағы бір адам қосыла ма, ол және сіз сияқты міндетті түрде әдемі болу керек пе, онсыз да оның құрбаны жеткілікті ғой деп күйіндім және бір көргеннен сіздің санаңыздың өзгелерден биіктеу парасатқа жақын екенін көріп қалдым. Менің бүгін айтпағым осы еді. Өйткені, "Пұл болмасаң құл бол",- деп қол сілтей салатын арзан топтан алыс көріндіңіз. Ал, ойлы адам ой мен қырда шашылып жатқан жоқ, іздеу керек. Сондай сирек қасиетіңіз бола тұра оны пендешіліктің оңай жолында тұншықтырғалы жүр екен деп тіксінгем. Сізді алғаш көрген кезде ішімде ыза қайнап еді, кейіннен ашуы қайтты.


Бағила Жасынның ашық та қоңыр үнмен айтылған байыпты, ойлы, мағынасы терең, әрі күйініші мол сөздерін бар ықыласымен зейін қоя тыңдады. Ол өз өмірінде бұл тақырыпта дәл осындай сөз айтқан адамды кездестірген емес, бір жерде біреу осылай депті деген жанды да көрген жоқ. Жас қыз Жасынның ойы тасқындаған сөздерінің жалпы мағынасын анық аңғарғанмен жекелеген сөйлемдеріндегі тарам-тарам мәніне тереңдей алмады. Әйтсе де ол қарсы алдында отырған маңдайлы ашаң жігіттің телегей-теңіз білім мен биік парасат иесі екенін, жебедей өткір, сүңгідей салқын жанары жақынды емес, алысты көруге жаралғанын, қабырғасы қара басының ғана бүгіні мен ертеңі үшін қайыспайтынын аңғарды. Және оның айтқан сөздерінің бірі бүгін, не кеше пайда болған пайымдау емес, бұдан әлдеқашан бұрын мың ойланып, мың толғанып барып жасаған нақты да бұлтартпас түйіндері сияқты. Егер ол білгені мен түйгенін түгел ақтарар болса Бағила төбесінен жауған ойбұршақтарының бір де бірін ұстай алмай қалатындай сезінді. Дәл қазір Бағила баяғыда купеде бір кездесіп ғайып болған осы бейнені ұмыта алмай күні кешеге дейін өзімен-өзі арпалысқа түсіп келгенін, онымен қас-қағым сәтке болса да тағы бір жүздесуді іштей тілеп, далаға шықса көңілі әлдебіреуді алаңдап іздеп келгенін есіне алды. Сол адам алыста емес, қасында отыр, түсінде емес, қиялында емес, өңінде! Қабығын жарып шығуға талпынған балапан секілді осы бейне есіне түскенде жүрегі мезгіл-мезгіл жұлқынып қоюшы еді, неге екені белгісіз, қазір ішкі дүниесі тұнық көлдің бетіндегі қалтқыдай тып-тыныш. Оның орнын жанға жайлы, жайма-шуақ жылылық алмастырыпты.


Жас қыз өз жүрегінде пайда болған тағы бір таңқаларлық сөзімді аңғарды, ол - Жасынға деген бойжеткен қыздың ғана ықыласы емес, парасаты биік, ойы үстем адамға саналы тұрде құлаған көңілдің қасиетті сезімі еді. Соңғы оянған сабырлы сезім шылбыр шұбатқан алғашқы асау ықыласты бірге-бірте өзіне тартып, алысқа жортса шаршамас байыпты да, бағдарлы қалыпқа түсіріп кеткен сияқты. Оның ішкі дүниесі кенет қуанышқа толып,сол қуаныштың әсерінен Жасын туралы осы кезге дейін не ойлағанын, қандай арпалыстарға түскенін, қалай жек көргенін, жек көре тұрып қалай жақсы көргенін, оны ұмыта алмасын түйсінгенін, бәрі-бәрін айтқысы, сол үшін алдындағы орта бокалды толтырып, шампанды ішіп салғысы да келді және бұл ойдың қайдан сап ете қалғанына, оған ненің түрткі болғанына да түсінбеді.


Аттай бір сағаттан соң екеуі кафеден шықты. Аспан бұлт болғанмен жаңбыр жоқ. Кафе маңындағы жас қайыңдардың кеше жауған қар аралас жаңбырдан бойлары әлі жылымай, қимылдауға да ерініп, тым-тырыс тұр.


Сквер ортасындағы суы тартылған бассейінге сарғайған бұрымын бәз-баяғысынша жая төккен екі түп сәмбі тал сары уайымға салынып қимылсыз қапты. Сыздауыт жерде шашылып жатқан жапырақтарды сытырлата басып екеуі үнсіз келеді. Бағила бойы тоңазиын деген соң сумкасын иығына асынды да, күздік пальтосының жағасын көтеріп, қалтасына қолын салды. Ол үнсіз жүріп келе жатып Жасын екеуінің арасы тым жақындап кетпеуін қатты қадағалаумен болды. Бағила қазір ғана аңғарды, екеуінің бойы қылышпен кескендей тең екен.


Қыз үшін бұл жігіт бойынан табылған жалғыз кемшілік еді, өйткені Бағила қыздың жігіттен аласа болғанын ұнататын, тіпті бірдей болуды да кемшіліктей көретін-ді.


"Менің платформам бар ғой,- деді ол іштей неге екені белгісіз бұл ойына қарсы жауап іздеп.- Оның өзі жеті сантиметр. Мен одан жеті сантиметрге аласамын. О-о, толығынан жетеді! Жігіттен жеті сантиметр кіші болу жарасымды ғой, тіпті, халықаралық стандарт!"- Ол өз ойынан өзі жымиды. Төмен қарап келе жатып көз қиығымен Жасынның аяқ киіміне ұрлана қарап қойды.


Жасында да платформасы қалың туфли бар екен. "Биіктігі бесеуден аспайды,- деді Бағила тағы да іштей жымиып.- Екі сантиметр. Бесі бар, әйтеуір одан аласамын ғой". "Ғажап,-- деді ол тағы,- мен не ойлап келе жатырмын? Не деген қажетсіз, ұсақ ойлар? Жасынның қасында келе жатып дүниедегі ең арзан, ең жеңіл, түкке тұрмайтын сауалдар басыма қайдан келді?"


- Сіз сабаққа барасыз ба?- деді Жасын тротуарға түскен соң.


Қыз бірден жауап қатпады, араға бірнеше сеқунд пауза түскен соң барып:


- Зауқым соқпай тұр,- деді.- Сізбен мынадай кездесуден кейін лекцияға баруды жөн көрмей тұрмын.


- Демек, менімен кездесу сізге кесірін тигізген екен ғой.


- Керісінше... Тыныш ойларымды аудиторияға барып у-шуға жем еткім келмей тұр.


- Егер әрбір жаңа ой келген сайын оңашалана беретін болсаңыз онда... университетті тастауыңызға тура келер.


- Жо-жоқ!- деді қыз күліп.- Қорықпаңыз, мен сізді кездесуге шақырып мазаңызды алмаймын.


- Қызық екен,- деді Жасын да езу тартып.-Менімен кездеспесеңіз басыңызда жаңа ой тумай ма?


- Неге тумасын. Бірақ, бұрын мен өз ойыма өзім қожа болатынмын. Енді сіз араластыңыз. Әрбір сауалдың жауабына күдікпен қарайтын болдым.


Олар оңаша көшемен жүріп отырып Бағиланың үйінің тұсына да келіп қалғандарын аңғармай қалды.


- Байқайсыз ба?- деді қыз Жасынның иығына иығы тиіп кетуге сәл-ақ қалып.- Кеше таксиде біз көп нәрсе жайлы айтып үлгерген едік, бүгін жаяу жүріп ештеңе де айтып үлгермедік. Неге?


- Мұндай сұрақтың қажеті жоқ,- деді Жасын қабақ шытып.- Лирикалық повестердің кейіпкерлеріне тән сұрақ. Жауабы баяғыдан белгілі.


- Сіз лирикалық повестерді жек көресіз ғой?


- Бұдан былай болғанын қаламас ем.


- Ғажап екен!.. Ал мен сіздің...


- Бағила,- деді Жасын оның сөзін бөліп.- Шынында да, атыңыз қандай нашар еді, айнымаған арзан қарамель. Сізді жеңгеңіз "Сур" деп атайды дедіңіз бе?


- Иә,- деді қыз ренішін жасыра алмай қысқа жауап қатып.


- Ол да жетісіп тұрған жоқ, бірақ, сіздің атыңызға қарағанда тәуір. Мен де солай атайын... Сур, сіз үндемей жүре аласыз ба?


Бағила жігіт жүзіне жалт қарады да, екі беті от боп жанып ернін тістеді. Бойын буған намыс пен ұят енді оны жерге сиғызбай әлдеқайда алып ұшып кеткендей бір сәтке өзінің бар-жоғын да ұмытты.


- Жүріңіз,- деді жігіт кілт баяулап қалған қызға жай ғана мойын бұрып.- Кейде қатар келе жатып сөйлегеннен үндемеген әсерлі. Бір-біріңді жақсы білуге жағдай туғызады.


- Оны... оны оңаша қалып та елестетуге болады ғой,- деді қыз жыларман халде әзер сөйлеп.


- Жоқ, екеуі екі басқа. Оңашада ой шашырағыш, сізбен қатар келе жатқанда ол ешқайда бұрылмайды.


"Сізбен қатар келе жатқанда",- деген сөз Бағиланың намыс өртіне табан асты су сеуіп, көңілін жадыратып кетті. "Демек, оның ойы басқа екен ғой, демек, ол мен жайлы!.." Ол дірілдей демалады. "Бірде киіз, бірде мүйіз, неткен адам",- деді ол наразылық пен разылықтың тең ортасына түсіп.


Олар Бағиланың үйінің жанына кеп тоқтады.


- Ал, қоштасайық,- деді жігіт.- Бір сағат деп ем,- ол сағатына қарады,- екі жарым сағат уақытыңызды алыппын. Оған кешірім өтінем.- Ол қалтасынан аты-жөні, адресі, телефоны жазылған қарточкасын қызға ұсынды.- Қажет деп тапсаңыз хабарласыңыз. Қай уақытта болса да, ұялмаңыз. Сонан соң...сонан соң, өтінемін, маған... қалай айтсам екен... Иә, маған деген ықыласыңыз оянбай-ақ қойсын.


- Сіз... сіз ұятсыз екенсіз... қалай аузыңыз барады!


- Қателессем кешіріңіз, бірақ, сіздің көзқарасыңыз бен барлық қимылыңыздан маған ауған ықыласыңызды байқап қалдым. Керегі жоқ.


Қыз жылап жіберді.


- Сіз барып тұрған, эгоиссыз. Сіз адамды жәбірлеуге, намысына тиюге құмарсыз! Кете беріңіз! Сізді көргім де келмейді!...


- Сіз сияқты ойлы қызға бұлайша жас төгу, ашу үстінде ащы сөзді ақтара салу жараспайды. Өмірдегі барлық шындыққа көзді ашып батыл қарау керек, Лириканың қазір керегі жоқ. Оның үстіне тарих пен археология ғылымы зерттеушісінің әсершіл болуын қаламайды.


- Кетіңізші, өтінемін!... Сау болыңыз!


- Сізбен бұлай қоштасам деген ойымда жоқ еді. Ренжімеңіз. Мен бар болғаны ойымдағыны жасырмай айттым. Ол сізді қорлаған боп көрінген шығар. ІІІындықты естігенде бәріміз ар-намысты аяқтың астынан іздеуге үйренгенбіз. Мұның да керегі жоқ. Осы есіңізде болсын. Сау болыңыз!- Жігіт бұрылып жүре берді де сәл кідіріп:


- Ертең шетелге ұшуым керек,- деді.- Он күннен соң келемін.


- Қайда ұшсаңыз да, қанша күн болсаңыз да маған бәрібір!- деді қыз орамалын сумкасына салып жатып.


Сонан соң Жасынның әлі кетпей тұрғанынан ыңғайсызданып, әлдене дегісі келгені сол екен:-"Қай жаққа?"- деген сұрақтың аузынан қалай шығып кеткенін аңғармай қалды.


Жасын оған қарап тұрып жайлап жымиды. Бағила оның салқын жанарына тағы да жылылық ұялағанын байқады.


- Кубаға,- деді ол қысқа ғана қайырып.- Жазушылардың делегациясымен.


- Жолыңыз болсын!...


- Рақмет! Қол алысып қоштасамыз ба?


Қыз оған жайлап қолын ұсынды. Байқаусыз ұстасаң саусақтары үгітіліп кетердей жұп-жұмсақ, ұядағы балапандай жып-жылы екен. Сол жылылық электр тогындай Жасынның жүрегіне жетіп барып, шым еткізді. Ол қолын тез тартып алды.


- Кездескенше,- деді еш өзгеріс болмағандай бұрынғы қалпын сақтап.


Қыз басын изеді.


Жасын тротуарға түсіп, тез-тез басып ұзай берді. 


* * *


Ол өзіндегі кілтпен есікті ашып ішке кірді. Зал жақтан барынша қатты қойылған Огинскийдің "Полонезі" естіліп тұр. Демек, Мәнсияның үйде болғаны. Оңаша қалса ол ылғи да музыканы осылай барынша қатты қойып тыңдайды.


Бағила пальтосын киім ілгіште қалдырып, аяғына тапочкасын сұға салды да, өз бөлмесіне қарай беттеді. Залдың ашық есігінің тұсынан өте бергенде ол өз көзіне өзі сенбей қалт тұрып қалды. Мәнсия илікпейтін оң қолына балалардың матрос-қуыршағын "құшақтап" алып, музыка ырғағымен жайлап билеп жүр! Көзі жұмулы. Сол жағына қарай қисап біткен мойны "Полонездің" әсем әуенімен "матрос" құшағында балқып жүрген қыздың бақытты сәтін танытқандай. Ол бір оңға, бір солға ширек адым ғана жасап, ақырын ғана айналады. Илікпейтін оң қол "Матростың" белінде, сол қолымен қуыршақтың кішкене алақанын алақанына салып алған, ақырын қимылдағандықтан протез аяқтың кемістігі түкте білінетін емес. Үстіндегі көгілдір жұқа кофта мен американ джинсиі жұп-жұмыр денесіне жарасып-ақ тұр!


Бағила мынадай биге ұзақ қарауға дәті шыдамай, лып етіп өз бөлмесіне өте шықты. Бөлмесіне кіріп, сумкасын стол үстіне қойғанда жүрегіне қорғасындай бір ауыр сезімнің ұялағанын байқады.


Ол креслоға кеп шалқалап біраз отырды да, Ремарктың "Жұмақтағы көлеңке" романын қолына алды. Сатып алынғаннан бері тірі жан ұстамаған кітап адам қолын жатсынып қалғандай сытырлап әрең ашылды. Бұл авторды ол жақсы көріп кетті. Сәргелдің кітанханасында оның әр жылдары шыққан бірнеше романдары бар екен. Қолда бар кітаптардың бұл - соңғысы, әрі жазушының да соңғы кітабы.


Ол алғы сөзін оқи бастады. Автордың романды аяқтай алмағанын, шығарма алғашқы үлгіден кейін қайта қаралмаған күйінше басылып отырғанын ұқты. Ары қарай оқығысы келмеді. Басын қайта көтерді. Залдан "Полонездің" ақыл-ойыңды тұтқындар құдіретті әуені анық естіліп тұр. Мәнсия Бағила келгелі оны үшінші рет қойды, демек, ол әлі "матроспен" билеп жүр. Сүйікті мотросымен!


Бір кезде музыка бітті. Мәнсияның пластинканы орнына қойып, проигрывательді өшіргені, сонан соң протез аяғы тақ-тақ етіп ас үйге қарай жүргені естілді. Ол ас үйге жете берді де, қимылсыз қалды. Мұнда біреу-міреудің кіргенін сезген болса керек. Сонан соң киім ілгіш жаққа кетті. Шырт еткізіп шамды жағып, шырт еткізіп ізінше қайта өшірді. Оның тақылдаған аяқ дыбысы бері қарай жақындай берді. Бағила кітабына жалма-жан үңіле қойды.


Әріптер секіріп билеп жүрген секілді бастарын біріктіре алмады. Бөлменің есігі кенет сарт етіп ашылғанда ол селк ете түсіп, солай қарай мойын бұрды.


Мәнсия есіктің тұтқасынан қыса ұстап, бұған жеп жіберердей өшпенділікпен қарап тұр екен. Жүзі сұрланып,екі көзі жалт-жұлт етеді. Бағиланың жүрегін қорқыныш билеп, енді не боларын үрейлене күтті.


- Мен қалай билейді екем, көңілің тойғанша қарадың ба?- деді ол ызадан жарыла жаздап.


- Манс...


- Манс деме мені. Сенің олай атауға қақың жоқ!


- Мен жаңа ғана келдім,- деді Бағила оның буырқанған ашу-ызасын қандай сөзбен тоқтатудың амалын таба алмай.


- Өтірік! Қане, қанша бет оқыдың?- Ол таңғажайып жылдамдықпен тақ-тақ басып келіп Бағиланың қолыңдағы кітапты жұлып алды.


- Алғашқы бет! Демек, сен менің биіме қарап тұрғансың!- Ол кітапты столға лақтырып жіберді.


- Мен саған айтып тұрмын ғой, жаңа ғана келдім.Сенің айтып тұрғаның қандай би!- Амалсыз алдауға тура келді.


- Сенбеймін! Пальтоңды ұстап көрдім, жып-жылы,міне, сумкаңды көрейін, ол да жып-жылы! Бағана келгенсің де, биімді тамашалап тұрып, мені іштей аяғансың ғой! Аядың, күлдің, мазақтадың! Енді кеп кітап оқыған боп отыра қапсың! Сұлу! Сұлулардың бәрі залым, бәрі қу, бәрі екіжүзді! Мен оларға сенбеймін!


Бағила мұнан әрі не сөйлерін білмей жұмған аузын ашпады. Әсем музыкаға матросымен беріле билеп жүрген сәтін бұзгысы келмегенін, бұза қалса оны бұдан да жаман күйге түсер деп батылы жетпегенін Бағила оған қазір түсіндіре алмасын ұқты.


Мәнсия Бағилаға ызғарлы көзін тапжылтпай тесіле қадап тұрды да өз ернін өзі қыршып алардай тістеніп,есікті сарт жапты.


Бағила не болса да оның әйтеуір шығып кеткеніне қуанды. "Байғұс қыз!"- деді есік жақтан көзін тайдырғанда ауыр бір күрсініп.


Оқымайтынын білсе де Ремаркты қайтадан қолына алып, келген бетін ашты. Бірақ одан әріптерді емес, өзіне қадалып тұрған Мәнсияның ыза мен өшпенділікке толы қанталаған көздерін көрді.Ол кітапты сарт еткізіп жаба салды.


* * *


Жексенбі күні Серботаға амалсыз айтқан уәдесін орындап, Бағила онымен екі сағаттай қыдырып келді.


- Лике,- деді ол көңілді дауыспен кірген бетте.


Мәлике ас үйде балаларын тамақтандырып отыр еді, Бағиланың даусын естіп орнынан ұшып тұрды да, оған қарсы жүрді.


- Қалай тез қайтқансыңдар? Немене, ұрысып қалдыңдар ма?


- Ой, Ли-ке-е!- Ол басын шайқап күлді. Пальтосын шешіп, қол сумкесін де киім ілгішке қоса ілді.- Ер адамдар неткен қызық! Ол маған не айтты десеңізші?!


Ол тағы да сықылықтай күлді. Мәлике "абайла" дегендей екі саусағымен ернін басып, Сәргелдін жұмыс кабинетін иегімен мезгеді. Бағила "Есімнен шығып кетіпті ғой",-дегенді танытып, аузын ашып, тілін шығарды. Аяғының ұшымен басып өз бөлмесіне қарай беттеді.


- Иә, ол не деді?- Мәлике әйелге тән құмарлықпен оның сөзін асыға күтті.


- Екеуміз паркке жеткенше сөйлескен жоқпыз, ресторанда да бір-бірімізге тіл қатпадық. Қайтып келген соң жаңа ғана, дәл есіктің алдына жеткенде, ол: "Үйленейік, Бағила",- дейді.- Ол сықылықтай күлді. Мәлике де қосыла күлді.- Ой, ішегім-ай! Институт бітірген, университетте сабақ береді, кандидаттық диссертация жазып жүр, бірақ, әлі бала! Оныншы кластың оқушысы да қазір бұлай сөйлемейді? Сонда ол қайда жүрген? Мектепті де, институтты да жалғыз өзі жеке оқып бітірген бе?!. Үйленейік! Ой, қуанғаным-ай!..


- Несі бар,- деді Мәлике әзілдеп,- қазіргі қыздардың жігіт лексиконындағы ең сүйікті сөзі! Және олар мұндай балаңдықты тазалық деп қабылдайды. Саған олай көрінбей ме?


- Ондайлар да бар болуы мүмкін, бірақ ол... ол өмірдің қайнаған қақ ортасында жүр ғой. Естиді, көреді, оқиды, ұғынады, сөйте тұра қызбен қалай сөйлесуді әлі білмейді.Ал, егер, оқымаған болса ше? Онда олар көрінгеннің құлы боп кетеді. Және, ғалым болғалы жүрген адамның осыншалықты ынжықтыққа дейін момын болуы ұят-ақ! Оның үстіне, менімен алғаш рет оңаша кездесіп отыр ғой; "үйленейік" деген сөзді ары жетіп қалай айтады?


- Сен не дедің?


- Мен не дейін, кеш қалдыңыз, жігітім бар дедім.Соның рұқсатына сұрап көрейін дедім. Бұл сөздің аузыма қалай түскенін білсем нағылдейсіз. Өзімді-өзім ұстай алмай күліп жібергенім. Сонан соң қоштастым да үйге кіріп кеттім. Ол әлі тұр ма екен, терезеден қараңызшы.


Мәлике перденің қабырға жақ шетін жаймен ысырып, бір көзімен сыртқа қарады.


- Басында шляпасы бар, ақ плащты жігіт пе?


- Иә.


- Кетіп бара жатыр.


- Уф! Құдайға шүкір. Таңға шейін тұрып ала ма деп қорқып ем.


Мәлике пердені қоя берді де, жай ғана күрсінді.


- Дегенмен, обал-ақ!- деді, оны аяп.


- Сіздің жаныңыз ашыса айғайлап тоқтатайын...


Екеуі де қосыла күлді. Олардың күлкісін кенет шар ете түскен есік қоңырауы үзіп жіберді. Мәлике "Бұл кім болды екен?"- дегендей әдемі көз шарасын үлкейтіп Бағилаға бір қарады да, коридорға шықты. Бұлар әңгіме қызығына түсіп дабырласып кеткендіктен кабинетінде отыра алмаған ба, Сәргел де екі қолын артына ұстап сыртқы есік пен ас үйдің ортасында теңселіп жүр екен. Мәлике шыққан кезде ол есікке бұдан бұрын жетті. Ішке жиырма-жиырма бірлер шамасындағы жас жігіт кірді.


- Сәлематсыздар ма?- деді ол әйел мен еркектің өзін сұраулы да күдікті пішінде үнсіз қарай калған жүздерінен қатты қысылып.


Сәргел амандық орнына басын изеді де, не айтқаны белгісіз ернін күбірлете салды.


- Сізге кімнің үйі керек еді?


- Кімнің үйі екенін білмеймін,- деді жас жігіт одан бетер қысылып.- Мені... бір кісі... бір жас жігіт жіберіп еді.


- Қызық екен,- деді Сәргел жігіт пен Мәликеге кезек қарап. Оның ойнақы жанарынан әйеліне деген күдік жалт ете қалды.- Ол кім деген жігіт?


- Суретші. Жақсы суретші...


- Иә, жақсы суретші не дейді, біздің суретімізді салуға шақырып жатыр ма?


Жас жігіт бейтаныс үйдің иелерімен мұнан әрі сөйлесіп тұра беруге шамасы жетпейтінін біліп, қолтығындағы ақ матамен оралған хатты іргеге сүйей салды.


- Осы суретті беріп жіберіп еді. Адрестен жаңылмаған сияқтымын... Мазаларыңызды алғаным үшін кешірім өтінем. Сау болыңыздар!


Ол бұлардың қоштасуын күтпей-ақ шығып кетті.


Сәргел мен Мәлике бір-біріне қарады. Күйеуінің жанарынан өзіне деген сенімсіздікті аңғарып Мәлике мойнын иығына батырып, басын шайқады.


- Бейтаныс біреулердің енді сәлемдемені үйге жіберуі қалып еді. Ал, аш, көрейік,- деді Сәргел екі қолын қайтадан артына ұстап.


Мәлике іргеде сүйеулі тұрған ұзындығы бір, ені жарты метр келетін ақ матаға ораулы затты алып, оның байлауын шеше бастады. Ақ капрон жіптің өрнектеп байлануы мен дүкеннен жаңа шыққан ақ матаның мұнтаздай тазалығынан, оның мұқият оралғанынан ол белгісіз суретшінің ерекше ілтипатын, ерекше ықыласын байқап қалды.


Мәлике ақ матаның орауын түгел жазып шыққанда оның қолында үлкен портрет қалды. Алтын жалатқан жақтауы шам сәулесімен жалт-жұлт етеді. Ол портретті аяқ киім сөресінің үстіне қойып қабырғаға сүйеді.


Бұл - Бағиланың портреті еді. Портрет майлы бояумен жазылып, төменгі жағына "Е. И" деп суретшінің аты-жөнінің басқы әріптері қойылыпты.


Сәргел мен Мәлике портреттің ғажайып орындалғанына таң қалғандарын жасыра алмай демдерін ішіне тартып оған үңіле түсті. Суретші бойындағы бар қабілеті мен фантазиясын осы шығармасына сарқа жұмсағаны көрініп тұр. Жағылған бояулардан қыл қаламның ізі де байқалмайды. Мұнда тек таңғажайып сұлулық бейнеленіпті. Оның тұп-тұнық, бір түйір көмірдей қап-қара қарашығы мынау дүниеге, ондағы сан-қилы құбылыстар мен адамдардың тіршілігіне таң-тамаша боп қарай қалған.


Қастарының орта тұсы жоғары қарай сәл көтеріліп, оның ішкі дүниесінде пайда болған алғашқы сұрақтарды сыртқа сүйрелеп тұр. Ол жанар өзінше жаналық ашудың аз-ақ алдында сияқты. Сол жаңалығын бір-біріне сәл ғана қиюласпай тұрған үлбіреген балаң еріндер келесі бір сәтте таң қалған үнмен баяндай жөнелетін секілді. Сұлулық пен пәктік пендешілік пен тіршіліктің ұсақ-түйегіне пайғамбар биіктігінен қарап тұр. Мұндай әсемдік пен тазалықты бұзуға, оған дақ түсіруге батылың да, арың жетпейді. Оған қарап тұрып өз бойыңдағы тазалықты еріксіз таразыға салуға мәжбүр боласың, таразыға саласың да қоқысың мен лайсаңның баршылық екенін көріп, өзіңді-өзің бейшара санайсың, өз-өзіңнен ұяласың.


- Мынау... Бағила ғой!- деді Сәргел портреттен оқыс кейін шегініп. Бет сүйегі шығыңқы жұқа өңіне қан теуіп, Мәликеге аңырая қарады.


- Енді ғана таныдың ба?


- Мен мұны сен екен деп тұрсам...


- Сенің басыңдағы қандай ой екені белгілі ғой. Мені біреу осылай салса бақыттылықтан жарылып өлер ем...


Сәргел әйелінің әлденеден толқып тұрғанын байқады.


- Іһім!- Ол ызалы кекесінмен Мәликеге көзінің астымен қарады.- Онда... сол суретшіні шақырайық, өткен жолы Медеуде сәлемдеме жіберген жігіт қой. Таптырып аламыз. Сенің де портретіңді жасасын...


- Бәрібір мұндай боп шықпайды.


- Бақыттылықтан жарылып өлу үшін қандай болуы керек?


Мәлике оған ызалана қарады.


- Дәл осындай болуы керек, дәл осындай!


- Бұл - Бағила ғой...


Күйеуінің ащы астармен қадап айтқан сөзі Мәликенің кеудесіне ыза құйынын бұрқ еткізді, бірақ ол сыр білдірмеуге тырысып, бәрін де ішінде тұншықтырып қалды.


- Сэр-р,- деді ол аздап даусы дірілдеп,- ас үйдегі балалардың қасына бара тұршы. Құдай үшін...


Соңғы сөзінің артық екенін ол кеш сезіп қалды.


Күткеніндей-ақ - Сәргелдің қазымыр жіңішке даусы құлағына жетті.


- Неге құд-ай үшін?


Мәлике сөз таба алмай қалтырай күрсінді.


- Балалар көптен бері өздері отыр...


- Ал, құдай үшін деудің қажеті қанша еді?


- Сэр,- деді ол Бағиланың портретіне қарап тұрған қалпы,- тым ұсақ болмасаң етті... Ұсақ мінез адамның жүйкесін тоздырып, тез қартайтатынын білесің ғой. Кәрілік - оның жанды жері. Өзіне мүлдем қатысы жоқ болса да әйелінің қасында отырғанда "кәрі", "шал" деген сөзден Сәргелдің құлағы үркеді. "Тез қартайтады" деген тұжырым оның тілін байлап, көмейінен андыздап шыққалы тұрған түйдек-түйдек сөздерін ішіне қайта айдап апарып қамап тастады. Бірақ ол ойдан тосылғанын білдіргісі келмей басын кегжитіп, ас үйге қарай асқақ басып кете барды. Ол есіктен еніп бара жатып кері бұрылды да, иегін көтеріп тұрып:


- Ертең бұл суретті мен көрмейтін болайын,- деді.


Сөйтті де есікті тарс жапты.


Күйеуінің өз үстемділігіне берік сенген өктем үнімен "Осымен бәрі бітсін",- дегендей есіктің сарт ете түсуі Мәликенің арына тиіп, ызасын ду көтерді. Ол сол орнында не ары, не бері жүрерін білмей, қастары түйіліп-жазылып біраз тұрды да, күйеуінің соңынан есікті жұлқи ашып кіріп барды. Әйелінен мұндай әрекет күтпеген Сәргел екі көзі шатынап оған аңтарыла қарап калды.


- Сэр-р,- деді Мәлике өзін барынша сабырлы ұстауға тырысып, асқақ үнмен.- Балалардың алдында дауыс көтеріп жатқанды ұнатпайтынымды білесің, сонда да болса айтпасқа лажым жоқ, өйткені маған зекігеніңді бәрі естіді. Жарайды, сол үшін шыныдай шытынап тұрған мен емес. Бірақ, есіңде болсын, сен Бағиланың ішкі тірлігіне араласпа. Оның үстіне, бейтаныс суретшіге барып ол жалынған жоқ. Сенің әлгі бұйрығың орындалмайды. Иә. Мұндай сөзді есту саған әрине ауыр, бірақ, ауыр да болса айтуға тура кеп тұр.


Сәргел балаларга пирог кесіп отырған пышағын оң жағына жайлап ысырып қойды да, Мәликенің көзінен көзін алмаған бойы орнынан ақырын көтеріліп, сәлден соң барып бойын біржолата тіктеді.


- Бұл бунт қой!- деді ол тісінің арасынан әрең дегенде ызалана сөйлеп.


- Білмеймін. Бірақ, әлгіндей суретті далаға лақтырып тастау көргендіктің белгісі болмайды. Онымен Бағиланың көңіліне қаяу саламыз,- деді Сәргелдің кірпік қақпай жансыз адамша сілейіп қатып қалғанын бір жағынан аяп,бір жағынан аз-маз жасқанған Мәлике үнін әуелгінен бәсеңдетіп.


Сәргел ләм демеді. Ас үйдің ортасына қойылған тіреудей қимылсыз тұрған денеге жан бітіп, ол екі қолын артына ұстады да, аяғынан өзге дене мүшесі селт етіп қимылдамай есік жаққа бет бұрып, сол сірескен қалпы шығып кетті.


"Жүрегі тағы қысылатын болды-ау",- деді Мәлике іштей. Есікті ашып ізінше кіріп келгенімді басынғандық деп ұқты ғой. Сол намысын қоздырды, артықтау болды ма екен?"


Мәлике әлденеге таласып, шатақ шығара бастаған екі баласын екі ажыратып, екеуін екі бөлек отырғызды.


- Тамақтарыңды ішіп болсаңдар жатыңдар,- деді зекіп.- Таңертең бала бақшаға барарда тұрмай қаласыңдар. Қане, бәрібір тамақ ішіп отырған жоқсыңдар.Тұрыңдар!- Ол балаларының бет-аузын, қолын сүртіп, бөлмелеріне кіргізіп жіберді.- Ал, көп сөйлеспеңдер, жатыңдар!


Аналарының ашулы екендерін ұқты ма, екі бала бұртиып, амалсыз қиналып шешіне бастады.


Мәлике Бағиланың қасына келді.


- Сіздер тағы сөз таластырып қалдыңыздар ма?-деді Бағила ол кіріп келгенде кітабынан басын көтеріп.


- Иә.


- Лике, тағы мен үшін бе?


- Жоқ. Суретші үшін.


- Қандай суретші?.. Ә-ә, баяғы оқиға естеріңізге қайта түсті ме?


Мәлике оған қарап жұмсақ жымиды да:


- Жүр, ауыз үйге шықшы,- деді.


Бағила халатының жоғары түймесін салып, аяғына тапочкасын сұға салды да, табалдырықтың ар жағында өзін күтіп тұрған Мәликеге қарай жүрді.


- Лике,- деді Бағила күліп,- тағы не жаңалық дайындап қойдыңыз?


- Қазір көресің.


Бағила ауыз үйде тұрған үлкен портретті көргенде алғаш не екенін ұқпай, біршама дағдарып қалды. Сонан соң қастары иіліп, сұқ саусағымен ернін басып біраз тұрды да, кенет екі беті ду етіп, албырап шыға келді.


- Таныдың-ау деймін! Сэрге қарағанда түсінігің бар екен. Ол мұны менімен шатастырды,- деді Мәлике өң мен түстің ортасында тұрған қызды тұман арасынан бері шығарып.


Бағила Мәликенің жүзіне бұрылып қарады да, жанары сауал мен күдік-қауіпке толып, одан көз алмай тұрып қалды.


- Неменеге маған тесірейесің?- деді Мәлике үніне әдейі реніш пен наз араластырып, әрі оның осы тұрысына мейлінше сүйсініп.- Сауап! Сол керек саған!


Бағила әлден соң барып әрең дегенде тілге келді.


- Менімше, бұл онша жақсы емес...- деді ол даусы дірілдеп.


- Немене жақсы емес? Сурет пе? Онда суретшіні шақыртып Сэрдің портретін жасатайық. Соған қарада тұр!- деді Мәлике бастырмалатып.


- Жо-оқ, мен ол туралы емес. Бір кездескен адам...Суретші... осылай... Ұят емес пе, Лике?


- Енді оған өзің барып, бірнеше сағат алдында тұрған жоқсың ғой. Әлде барып па ең?


- О не дегеніңіз?!


- Ендеше, ұялатын, қауіптенетін ештеңе жоқ. Керек десең, бұл сенің суретің емес. Суретшінің фактіге негізделген фантазиясы! Сэр емес қой. Ал, әдемілік жалғыз сенің ғана меншігің емес, оған өзге жұрт та сүйсінуі керек. Құдай о баста әдемілікті сол үшін жаратқан. Қайдан білесің, жүз жылдан кейін бұл портрет сурет өнеріндегі інжу-маржанға айналар.- Ол бір жағы әзілдеген боп күліп қойды,- Сол кездегі барша жұрт жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдарында осындай тамаша сұлу бейненің, ақылды талды бейненің өмір сүргеніне қуануы керек емес пе? Ертең қартаясың, мыжырайған кемпір боласың, ешкімге қажетің жоқ, сөйтіп бұ дүниеден өтесің де кетесің. Ендеше, көрсін басқалар,олар да сүйсінсін. Сұлулық жеке адамның ғана меншігі емес дедім ғой.


Бағила мына сөздердің жалған екенін, рас екенін, не болмаса тым аспандатып айтылған сөздер екенін анық ажырата алмады, әйтсе де, көңіліне үйірілген әлгі бір кездегі үрей мен қысылудың біршама сейіле бастағанын сезді.


- Сэр екеуміз сол үшін аз ғана сөзге келісіп қалдық,- деді Мәлике портретті қолына алып.- Ол сурет өнеріндегі портрет жанрына қарсы. Әсіресе, портрет немере қарындасының негізінде салынса!- Ол аузын ашпай, көмейінен тұншыға күлді.- Мұны қайда ілеміз?Сенің бөлмеңе ме?


- Жоқ.


- Ертең бір амалын ойлап табармыз. Портреттегі бейне мен болмай сен болғаның қандай жақсы, әйтпесе мұны ілуден бұрын Сэр өзін-өзі "іліп" қояр еді.


- Лике, сіз оған көп қарсы келе бермеңізші.


- О-о! Туысқандық намысың оянып келе ме?


- Мен оны аяймын.


- Қарай гөр өзін, аяғыш-ақ! Жарайды, дабырласа бергеніміз оның жүйкесін қажар. Мына портретті ал да бөлмеңе апарып қой. Қарағың келмесе орамалмен бетін жаба сал.- Мәлике тағы бір тұншыға күліп алды да, дүниенің екі ортасында қалғандай қайда қозғаларын білмей тұрған қызға "бара бер" дегендей иегімен өз бөлме жағына нұсқады да, күлкісін тиып, Сәргелдің есігін ашты.


Сәргел баяғы ас үйдегі қалпынан қалт өзгермей екі қолын артына ұстаған бойы терезеге бетін беріп, қимылсыз тұр екен. Мәлике бөлмеге жайлап басып кіргенде де ол селт еткен жоқ. Қатар тұрған екі кереуеттің өзіне тиістісін ғана жөндеп, үстінен төсек жапқышын судырлатып сыпыра бастағанда барып Сәргел бүкіл денесімен бері қарай бұрылды.


Көзі сол баяғы ас үйден шығып кеткендегідей әлі бақырайып тұр екен. Содан бері кірпік қақпаған сияқты.


Мәлике оның орнынан қозғала бастағанын көрсе де, көрмегендей жастығын түзеп қойды да, жатуға дайындалды. Сәргел қақшиған бойы есік жаққа барды да, бері қарай қайта жүре беріп, әйеліне назар да аудармастан бейтаныс аудиторияда лекция оқып жүргендей бір қалыпта қасаң үнмен сөз бастады.


- Атам заманнан бері еркек пен әйел ерлі-зайыпты болып неке суын ішкен соң немесе неке қуәлігін алған соң олар бір үйдің, бір шаңырақтың астында тату өмір сүруге борышты боп келген. Ал, тату өмір сүру деген -әркім өз дегенін жүзеге асыруға, өз ойының дұрыстығын дәлелдеуге таласудан тұрмақ емес. Тіпті дәлелдеген күннің өзінде кеңірдектен, тасыр мінезбен немесе ашу-ызамен дәлелденбейді, керісінше, бұл қасиет семьяның арасына сызат түсіріп, оны ұлғайта берері анық. Ерлі-зайыптылардың арасындағы қазір сендер көп айтатын тең праволылық, демократия дегенге мен иланбаймын. Семьяда бір адамның үстемдігі болуы шарт. Ал, бір адамның үстемдігі жоқ жерде семья - семья болудан қалады. Тең праволылық пен демократия екі жыныстың бірге өмір сүруі үшін мүлде әлсіз әдіс, ол кез келген келіспеушіліктен, болмашы қателіктен жерге түскен шыныдай быт-шыт бола салады.Сондықтан, қымбатты Мәлике,- деді ол ары-бері жүруін жалғастырып, "кымбатты Мәлике" дегенде даусын көтере түссе де ішкі толқудан аздап дірілдеп,- бұл үйде ешқандай демократияға орын жоқ. Әлгіндей ашу көрсету, балаларымның көзінше әкелік намысымды таптап есікті жұлқа ашып, үстіме атып жіберердей басып кіру - мен үшін қорлық. Әйел адам қашан да ер адамның басын сыйлауы керек. Бәлкім, кейбір әйел өзін күйеуімнен ақылдымын дейтін шығар, бірақ, акылдылық ондай тәсілмен көріне алмайды. Керісінше, әйел ақылды болған сайын зайыбын сыйлайды. Оның арын сыйлайды. Күйеуінің ақымақ екенін біліп тұрса да оның намысына тимейді, кешіреді. Егер зайыбының санасы болса ерте ме, кеш пе, өзінің қателігі мен кещелігін сезінбей қоймайды. Ақылды әйелдің қасиеті осында. Ал егер әйел күйеуін ұнатпайтын болса, оның әрбір сөзіне таласып, жағадан ала бергенше екеуі екі бөлініп, жеке қалағанынша өмір сүруі керек. Семья болып тұрған жерде ер адамның үстемділік ететіні бар әлемге аян. Французың да, ағылшының да,итальяның да, немісің де, орысың да, бәрі-бәрінің де еркектері үйде үстемдік еткенді жек көрмейді. Ал, үстемдік еткенді жек көретін болса, олар одан айрылған, сөйтіп, алмағайып демократияға көшкен.


- Сэр,- деді Мәлике сұп-суық көрпенің астына кіріп, жайғасып жатқан соң,- лекцияңды біттің бе?


- Жоқ,- деді ол әйеліне мойнын да бұрмастан.-Және мен лекция оқып тұрған жоқпын. Оның біту-бітпеуі өзіңе байланысты. Егер сен менің айтқанымның бәрін түсінген болсаң онда сөз де тамам.


- Мен бәрін түсіндім.


Сәргел жүрісін тоқтатып, әйеліне жайлап бұрылды.


- Сенің даусыңда түсінуден гөрі ыза басым. Мен сөзіңе илана алмай тұрмын.


- Мені қартайтпашы, Сэр,- деді Мәлике ашусыз,қоңыр даусымен.- Мұндай сөздерді иттің етінен жек көремін.


Сәргелдің басы аздап кегжең етіп, әйеліне тесіліп ұзақ қарап тұрды да:


- Бұл нағыз шындығың,- деді әр сөзді таптай айтып.- Еркек атаулы...


- Қойшы, құдай үшін!- деді Мәлике ызалы үнмен оның сөзін бөліп,- немене ол, еркек, еркек? Сенің еркектерде не шаруаң бар?


Сәргел оған таңдана, әрі ызалана қадалды. Ішіне сыймаған намыс пен ашу шеке тамырын адырайтып, көзін шарасынан итеріп шығара жаздағалы тұр. Қатты күйінгендегі әдетімен мойны бір-екі рет қалтаң-құлтаң ете қалды. "Еркектерде не шаруаң бар?"- деген сөз оған "еркек емессің" дегеннің орнына айтылғандай көрініп, намысы мен жігерін құм қып кетті. Және бұл сөз ашумен емес, байыппен, салмақпен айтылды. Демек, мұндай пікір бүгін ғана емес, оның ойында көптен бері жатқаны, тек, реті қазір келген соң айтылды. Сәргел осы тұжырымға тіркелгенде бойындағы намыс өрті бұрынғыдан да лаулап,жарылып, өртеніп кетуге аз-ақ калды. Онысымен тұрмай әйелінің тым бейғам, тым салқын қалыппен тумбочка үстінде жатқан Ремарктың романын қолға алып, бұрын келіп тоқтаған жерін көп іздеп абдырамай бірден тауып алып, сілейіп тұрған мұның қазіргі қалпы мен хал-жайына мүлде көңіл аудармай оқуға кірісіп кеткені оны естен тандыра жаздады. Әйелінің бейғам да бейтарап қалпына, жартылай ашық жатқан аппақ төсі мен жұп-жұмыр мәрмәр иықтарына қарап тұрып ол тұңғыш рет өзінің оны ешқашан жеңе алмасын, айтыс пен арбасудың қандай түрі болса да өзін тек жеңіліс қана күтіп тұрарын іштей сезінді және осы азапты мойындаулардың арғы бір ұшынан қылт етіп тағы да тұңғыш рет өзінің бұл әйелге тең емес екендігін, жастықтан туындайтын ерлік пен тәкаппарлықтың арынды ағысына кәртеміс дене бөгет бола алмасын білдірген бір сезім көрінді. Тұңғыш бас көтерген осындай егіз сезімдер оның көн кеудесінің басқа түкпірінде жасырын жатқан жаңа ойларды да оята бастады. "Иә,-деді ол іштей,- жексұрын сезім жалқы оянса да тышқан секілді тез көбейді, яғни, бұл да балалай береді деген сөз ғой". Бұл сергелдең сауалдың шумағын жинап бола бергенде, неге екені белгісіз, кенет есіне қайтыс болған әйелі оралды. Оның дәл қазіргі сәтте неге еске түсіп, қыстырылмас жерге қыстырыла кеткеніне ол жауап та іздеген жоқ, тіпті, іздемей-ақ табылып тұрған жауабын өз-өзіне анық айтудан да қысылатын секілді. Ол да дәл осы орында жатар еді. Мұның талай қытымырлығы мен қазымырлығына шамасының келгенінше төзіп, артық сөйлемеске тырысатын-ды, сөйлей қалса да мұншалықты менмендік, кісінің жанын бір-екі ауыз асқақ та темірдей салқын сөзбен таптамайтын. Және сөзсіз жатып алғаннан гөрі әйелдің өзіңмен тайталасып ұрысқанының өзі бұдан әлдеқайда артық па деп қалды. "Демек, ол менен өзін жоғары санайды, мен одан төменмін, ол мені менсінбейді, неден де болса тайынбайды, оған бәрібір, мен ол үшін құмырсқамын, қара шыбынмын, жәндікпін, тағы тағылар. Мен ғана сөйлеуім керек, мен ғана айтысуым керек. Неге?Өзінің бұрыстығын, менің дұрыстығымды дәлелдеу үшін!


Неге дәлелдеуге тиіспін. Өйткені мен оның алдында тәуелдімін, менің одан айрылып қалғым келмейді. Ал оған бәрібір! Міне, гәп қайда!"


Сәргел осы қорлық пен азапты мұнан әрі көтере алмасын сезді ме, бұл жерде бейшара қалыпта тұра бергісі келмей коридорға шығып кетті. "Түк те емес болмашы ғана нәрсе,- деді ол ас үйдің терезесі алдына тұрып.-Тіпті өзгеге айтудың өзі ұят! Қайдағы бір суретшінің салған портреті! Ерлі-зайыптылардың ажырасуына, семьяның бұзылуына себеп болған факт! Жұрт күлетін дәлел емес пе? Шынымен адамдар ұсақтаған ба? Бәлкім ойлары ұсақтаған шығар, іріден емес, кейде ұсақтан сүрінетінімізге себеп осы ма? Бірақ, адам мен ой бір емес пе, демек, екеуі де ұсақтаған, адам мен оның ойының бас қатырар мәселелерінің бір-бірінен алшақ болуы мүмкін емес! Иә, ол менен бөтен, мүлде бөтен! Егер мен өле қалсам!?"-оның денесі дір ете түсті, ары қарай ойын жалғастыруға, "Мен өле қалсам бәлкім, ол жыламас та!"- деген сөзді айтуға корықты. "Жол ортасында атың өлмесін, өмір ортасында қатын өлмесін" деген баяғыда ұмыт бола бастаған ескілікті мақал есіне түсті.


Бұрынғы әйелі тағы көз алдына елестеді. Ауылдағы ересек екі баласы... Мұндағы үйелмелі-сүйелмелі екі ұлы...


Қалт-құлт еткен аз өмірі... Сырты бүтін, іші түтін тіршілігі...


Сәргелге кенет олардың бәрі мүлдем бөтен адамдай боп көрінді. Бәрі де өзінен әлдеқашан суыған, үйде жатқан екі бала да суық, Мәлике де суық. Бәрі-бәрі де мұңсыз өмір сүре алады, ешқайсысының күні бұған қарап тұрған жоқ, кенет ғайып бола кетсе ешкім де мұның орнын жоқтамайды, қабырғасы сөгіліп қайғырмайды, мұның денсаулығын ешкім құдайдан жалбарынып тілемейді де. Жолдас-жора, көз көргендердің бәрі солай. Жанашырлық жасап жүрген алыстағы туысы Қаратайдың да асып бара жатқаны шамалы.


Неге? Неге? Себебі қайсы? Бір-бірінсіз тұра алмайды екен деген адамдар қайда? Қайда қане, солар? "Әлде менің өмір жолымда ондайлар кездеспеді ме?" Неге? Әлде, бірін-бірінсіз тұра алмайтын адамдар адам ойының ғана жемісі ме? Пәленше өлді деп екінші біреудің қоса өлгенін неге көрмедім? Сонда олардың бәрінің қабірге бірге түсер бірде бір достарының болмағаны ғой? Адам тек өзіне ғана қадірлі болған-ау...


"Мені кім іздейді, мен кімге қадірлімін?" Ол өзін жер бетінде еш жанашыры жоқ жетім баладай сезінді. Бір сәтке көз алды мұнартып кетті.


Ол кенет есін қайта жиып, бойын ширақ ұстауға тырысты. "Бұл не? Көз алдымның мұнартқаны несі? Әлде кәрілік пе? Адам бойына кәрілік осылай енетін шығар?


Иә, иә, солай. Кәріліктің жан серігі - уайым болар.Ендігі қалған өмір осылай өтпек пе? Тек осылай? Еш өзгерісі болмақ емес пе?"


Сәргел ары қарай тереңдей беруден тағы шошынып, ойын қысқа арқандай тез жиып ала қойды. "Болмайды,-деді ол өзіне-өзі қайрат беріп.- Өзіңді-өзің кеміргеннен пайда жоқ. Берік болу керек. Иә... берік болу..." Ол осы байламнан бойға дару тапқандай сәл қанаттанып, балалары жатқан бөлменің есігін ашып, монтиып, бейғам ұйықтап жатқан екі ұлына әлде күдік, әлде үмітпен біраз қарап тұрды да, Мәликенің қасына келді. Ол түнгі шамды сөндірмеген қалпы кітабын жастығының астына қоя салып ұйықтап кетіпті.


Әйелінің әдемі мүсініне, қиылған қою қара қасына бір көз тастап өтті. Әлде әлгі ишараздық пен өзін қорлаған сезім әлі жылжымаған ба, Сәргел өз бойынан әйеліне деген еркектік нәпсіні, реніш пен өкпені ұмыттырып жіберетін қызығушылықты байқай алмады. 


* * *


Қақаған қыстың сақырлаған сары аязды күні еді. Үйде Бағиладан өзге ешкім жоқ. Курстас қыздармен кітапханаға барамыз деп уәделескен, оған дейін бір жарым сағат уақыт бар. Оңашалық - қашан да адам ойын белгісіз бір құпия дүниеге жетелейді. Бес бөлмелі даладай үйде ол өзін қоярға жер таппады. Жасынның шетелден әлдеқашан келгенін Бағила, әрине, біледі, бірақ, оған хабарласудың ретін таппай қойған. Көшедегі телефон-автоматтарға кіріп, тәуекелі жетіп дискіні де бұрап көрген. Бірақ, канша өзін қинаса да, екі-үш цифрды терген соң демі жиілеп, өз-өзінен өрт боп жанып, будкадан атып шығатын. Ауыз үйде тұрған аппаратқа ол әлденеше рет келіп те қайтты. Бәрінде де өзін-өзі жеңе алмай, бойын кернеген ұяты еркін тұтқындап, бар-жоғы жансыз дискінің алты номерін тере алмай азапқа түсті. Тіпті, телефонға жақындаудың өзі ұят секілді. Адамның жансыз нәрседен де қысылатын кезі болатынына ол таңданды.


Көп толқу мен арпалыстан соң ол телефон жанына келді. Жайлап трубканы рычагтан алып, құлағына апарды. Бір қалыпты ызыңдаған дыбыс. Аппарат мінсіз жұмыс істеп тұр, кез-келген қызметіңе дайын, қалаған адамыңның үйіне дауысыңды жеткізе алады.


Бағила демінің тағы жиілеп, алақаны мен маңдайының тершігенін сезді.


Ол алғашқы үш цифрды еркін алды. Төртінші цифрды тергенде саусағының дірілдегенін байқады. Бесінші цифрды саусағы сынып кетердей әрең айналдырды. Міне, ең соңғы сан. Бар-жоғы бір-ақ сан. Бар жоғы бір-ақ сан! Ол сұқ саусағын сегізге апарды, оны жайлап жоғары көтере бастады. Мүлдем тынысы бітіп қалғандай. Ақыры оны тез айналдырып жіберді де, көзін жұмып, демін ішіне тартып бұдан әрі не боларын күтті. Аппараттың бір қалыпты, ұзын дыбысы естілді. Екі, үш... Құлақ түбінен әлдене сытыр-сытыр сынды да, артынша ер адамның сұп-суық, немқұрайды үні естілді.


-Иә.


Бағила не дерін білмей тілін жұтып тұрып қалды.


- Иә!- деді ер адам зілді дауыспен.


Дәл сол дауыс! Жасын! Бағила демігіп кетті.


- Алло!


- Сәлематсыз ба?- деді Бағила ол трубканы тастап жіберер деп қауіптеніп, әрі екінші рет телефон соғуға шамасының жетпейтінін біліп.


- Сәлематсыз! Сізге кім керек?


- Қашан келдіңіз?


- Атам заманда. Бұл кім?


- Сіз... ұмытып қалдыңыз ба? Мен...


- Анығырақ айтсаңызшы! Кім дейсіз!


- Мен... Бағиламын...


- Ә-ә, иә, есімде... Келгелі бері телефон соғуға уақыт болмады. Бір шаруаңыз бар ма еді?


Бағила мұнан әрі сөйлеуге шамасы жетпей трубканы тастап жіберді. Жасынның соңғы сөзі оның осы көзге дейін талпынып, тасып келген көңілін су сепкендей басып, оған деген сезімдерінің бәрін шалғыдай жапырып өтті.


Ол ызаға шыдамай төсегіне кеп құлай кетті. Ойынан Жасынның "Бір шаруаңыз бар ма еді?"- деген өзекке мұз қатырардай суық сөзі кетпей қойды. "Неге оған телефон соқтым, неге?! Неткен ессіз едім. Сол керек саған, сол керек! Көптен іздегенің, естімек болғаның осы сөз еді ғой, ал естідің!"- деді ол өзін-өзі табалап.


Қанша уақыт еткені белгісіз, сыртқы есіктің сарт етіп жабылғанынан есін жиды. Келген адамның аяқ басысынан, киім шешісінен-ақ оның Сәргел екенін Бағила бірден таныды. Орнынан тез-тез тұрып, креслоны терезе жаққа қаратып қойды да, жаурынын есікке беріп, кітапқа үңілген боп қалды. "Иә",- деген Сәргелдің даусы естілді. Бағила оның телефонмен сөйлескенін естімейін деп есікті жауып кеп отырды. Оңашада күйкі ой ауған күннің көлеңкесіндей өте бере ме, бойын езіп бара жатқан әлгі бір күйініші мен ызасы Сәргел есікті сарт жапқаннан жел үрлеген тұмандай сәл сейіліп қалып еді.


Сәргелдің бері қарай жүргені естілді. Тура Бағиланың бөлмесіне қарай келе жатыр. Есік алдына кеп аз ғана аялдады. Жайлап есік ашылды. Есіктің ашылған дыбысы естілмесе де Бағила тәнімен сезіп отыр. Сәргелдің өзіне сөз жоқ тесіле қарап тұрғанын сезіп, Бағиланың өн бойы шымырлап кетті.


- Бағила,- деді Сәргел ақырын дауыстап. Оның бірдеңе деп айтарын біліп отырса да, қыз селт ете түсті.


Немере ағасына тура қарамауға тырысып, жартылай бұрылды. Жоғары қарамаса да Сәргелдің көзі шатынап тұрғанын көрді.


- Сені... телефонға,- деді ол батыра сөйлеп.


Бағила таң қалған пішінмен иығын бір қозғады да, Сәргелдің жанынан өте берді. Оның қытымыр даусы мен селтиіп тұрғанынан телефонға шақырған адамды мүлдем ұнатпай қалғанын жас қыз ауыз үйдегі аппаратқа бара жатып-ақ анық сезді.


- Алло,- деді ол ақырын ғана ұйқылы дауыспен.


- Мен ғой. Жаңа ренжіп қалдыңыз ба?


"Жасын! Тағы да Жасын! бір кешке жетер азабы аз болған жоқ қой, енді тағы не демек, неге шақырып тұр?"


- Сіз тыңдап тұрсыз ба?- деді қорғасындай салмақты қоңыр дауыс.- Тыңдап тұрсыз ба деймін?


- Иә... Не айтпақсыз?


- Әлгі кісі кім?


- Соны білгіңіз кеп телефон соғып па едіңіз?


- Сараң адам екен. Және ешқашан көркем шығарма оқымаған, оқимын деген ниеті де жоқ.


- Сізбен сөйлескім де келмейді, енді телефон соқпай-ақ қойыңыз.


- Екінің бірі осылай ашулана алады. Мен оған таңқалмаймын. Ертең қолыңыз тие ме?


- Жоқ.


- Уақыт табыңыз. Өтінем.- Ол мырс етіп күлді.-Мен бүйтіп ешкімге айтып көрген жоқ едім, қызық екен!


- Уақытым жоқ, сау болыңыз!


- Трубканы тастағалы тұрсыз ба? Ол есті адамның ісі емес. Сонымен, ертең дәл сағат алтыда "Алматы" қонақ үйінің алдында күтем. Кешікпеңіз, Сонан кейін де өмір бойы жек көріп өтуге мүмкіндігіңіз бар. Жек көру екінің бірінің қолынан келе беретін нәрсе ғой. Солай. Сау болыңыз!


Бағила телефон трубкасын ұстаған бойы ұзақ тұрып қалды. "Неткен қатыгез, неткен өзіне-өзі сенген менмен адам! Жоқ, бармаймын!" Бұл телефонмен сөйлесіп болды-ау дегенде жұмыс кабинетінен Сәргел де шықты.


- Бағила,- деді ол ресми үнмен,- көңіліңе келсе де айтайын, бұл адаммен екінші рет сөйлесуші болма. Сыпайылық пен мәдениет дегеннен жұрдай неткен жан ол! Менің үйіме телефон соғып тұрып, ер кісінің дауысын естіп тұрып амандаспастан "Пәленшені шақырсаңызшы",-деуге оның қаңдай қақысы бар? Немене, бұл үй ол үшін еркек басқарып отырған әйелдер консультациясы ма, әлде жобалау институтының лабораториясы ма? Даусын айтсаңшы, даусын. Грубиян! Бір емес, бірнеше әйел жіберген, тағы да жіберетін адамның даусы. Және осы дауыс маған таныс сияқты! Ұқтың ба менің айтқанымды?


- Иә, ұқтым,- Бағила екі айтқызбас тіл алғыш баладай басын изеді де, өз бөлмесіне қарай жүре берді. Бөлмесіне кіріп, есікті жапқан соң Жасын мен Сәргелдің бір-бірі жайлы үзілді-кесілді айтқан пікірлері есіне түсіп, болар-болмас қана жымиып қойды. Осы бір болмашы күлкілі жай әсер етті ме, әлде Жасынның қайта телефон соққаны ма, әйтеуір оның бойы бұрынғыдан біршама жадырап, ызасы мен реніші тараған секілді. 


* * *


Ертесіне, кешкі сағат дәл алтыда Бағила "Алматы" қонақ үйінің алдында тұрды. Бұл сәт жас қыз үшін ұяты мен арын күйедей кемірген азапты сәттер еді. Ол түні бойы өзімен-өзі арпалысып шықты. Мәликемен ұзақ кеңескен соң екеуі "Бүгінгі кездесуге барып көру керек",- деп шешсе де көңілдерінің бір түкпірінде әлсіз үрей жатты. Жасынның жас жігіт емес, үйленген, балалы-шағалы адам екендігі үлкен сөз болды. Мәликені тұйыққа тіреп, көңіліне түсініксіз сауал үйірген - Жасынның Бағиланы қонақ үйіне шақырғаны болды. Ойласып келіп олар мұны да өрескелдігі жоқ деп сыпайы шешті.Әңгімелесіп отырып екеуі де жылады. Әйел өмірінің тек жеңілістен, кешіруден, жол беруден тұратынын айтып жылады.


Бағиланың бүгінгі кездесуге бара жатуы да оның өміріндегі ең алғашқы үлкен шегінісі еді. Әйел бойындағы тәкаппарлық пен жарасымды менмендіктің ер адамның жабайы да асау еркінің алдында толық мойынсұнуы, жылай отырып, қорқа отырып, тазалық пен адалдық дегенге үміт артып, көңілді сонымен жұбата отырып тәуекелге баруы еді. Бұл кездесу немен бітсе де, қалай бітсе де,жас қыздың өмірі мен тағдырын із тастамай өтпейтінін, тіпті бір-ақ қана жүздесіп айрылғанның өзінде ғұмырлық есте қаларын екеуі де жақсы сезінді. Бірақ олар жалғыз-ақ рет кездескен жоқ. Олар сан рет кездесті.


Жасын Бағила есік алдына жетіп, өз-өзінен ыңғайсызданып аялдай бергенде бір бұрыштан бақылап тұрғандай (бәлкім, солай да етуі) араға бір-ақ минут қана салып келді.


Он сегіз жас. Он сегіз жаста адам баласы бір-бірімен қарым-қатынастың әлденеше түрін талай көріп, сүйініп те, жерініп те, түңіліп те, тіпті бұзылып та үлгере алады.


Бағила болса балғын көктемді бейғам артқа тастап, жаздың бір қоңыржай түнінде ашылған гүл сияқты, сүйіспеншілік, сезім деген әлемнің алғашқы шыққан күніне, аспаны мен бұлтына, мынау ғаламат әсем дүниенің тазалығына таңырқай да, үрке қарайтын шақта еді. Осы шаққа дейін ол ер балалармен талай қыдырған, талай рет суға бір түсіп, талай рет өзен жағасындағы құмдауытта күнге де қыздырынып жатқан, кейбіреуімен балалық әуестікпен сүйіскен де. Бірақ ол сүйіс тереңнен қозғалмаған, қанда қайнамаған, жүректе піспеген өзіне-өзі есеп бермейтін балаң сүйіс еді. Оның Жасынмен бұл кездесуі махаббат жолындағы алғашқы "ресми" кездесуі болғандықтан ба, кеудесіндегі жұдырықтай жүрегі қамысты көлдің желді күнгі қоғасындай кешеден бері бір сәтке де тыным таппады. Жасын келіп амандасқанда "сәлематсыз ба" деген жауап сөздің жартысын айтып, жартысына демі жетпеді.


Бағила амандасқан сәтте ғана жігітке бір көз тастады да, кірпігін төмен түсірді. Кешегі тәкаппарлықтан түк қалмапты, қолға үйренсе де адамнан жасқануы қалмаған еліктің лағындай болар-болмас дірілдеп, үнсіз тұр.


"Ұнатып қапты,- деді іштей Жасын.-Бұл - махаббат қой!"


Жасын Бағиланың бойынан тек әйелге тән сирек кездесер әдемілікті ғана емес, бұлақ бастауындай тазалықты, маң далада туған айдай әсемдікті, жаңбырдан соңғы қарақаттай мөлдірлікті, таң алдында ашылған гүлдей пәктікті көрді. Бұдан бір-екі ай бұрын кездескенде осы қасиеттерді қалайша тап басып аңғармағанына қазір таңданды.


Ол "махаббат", "сезім" деген сияқты сөздерден бойын аулақ салатын-ды. Бұлардың бәрі тым көп айтылып,қадірін жоғалтып алғандықтан ба, әлде, өз өмірінде осы сөздердің тегіне лайық не әйел, не еркек кездестірмегендіктен бе, әлде, жаратылысынан жаны қаталдыққа бейімдігінен бе, әйтеуір бұл сөздер оның құлағына түрпідей тиетін. Және осы сөздерді жиі айтатын адамдарды мейлінше ұнатпаушы еді. Лирик ақындардың өлеңдерін оқымайтын. Тіпті, Толстойдың махаббат, сезім жайлы ой толғаған тұстарына тыжырына белгі соғушы еді, ал Достоевскийдің "Ақ түндер" атты сентиментальды рационының соңына: "Бейшара Федор! Осындай мармелад адамдар болады деп ойлаған-ау шамасы",- деп жазып қойғанды. Ол әр нәрсеге нақтылы қарайтын. Романтика мен лирика өмірдің иллюзиясы, ол адамды шатастырады, өмір құбылысына дәл баға беруге кесірін тигізеді деген тұжырымды берік ұстайтын-ды. Осы кезге шейін жазған өз шығармаларында ол осы ойларын дәлелдеп келді.


"Кейіпкерлері мен алған оқиғасы адамдарды өмірден безіндіреді, бәрі нәзіктік пен сезім атаулыдан жұрдай",-деп біреулер оны сынап жатса, енді біреулері басқа жағынан кеп: "Өмірге тура қарайтын кезіміз жетті. Жас бала секілді адамзат қашанғы тәтті тағаммен өмір сүреді? Оның да тәттіден тұщыға, сонан соң ащыға көшетін кезі болмай ма? Жасын шығармалары бүгінгі прозадағы реалистік көзқарастың жаңа лебі, оны түсінбедік деп ұрысқаннан гөрі түсінейікші әлдеқашан абдырап та көрмеген Жасын жатқа айтар сөзін жинай алмай мүдіріп қалды.


- Жүріңіз,- деді ол қарсы алдарыңда көлденең тұрған машинаға қарай оңтайланып.


Бағила қарсыласқан жоқ, қайда деп таңдана сұрамады да. Ол Жасынның сиқырлы сөзіне арбалғандай орнынан қозғала берді, Жасын есік ашып Бағиланы алға отырғызды да, өзі соңғы жаққа жайғасты. Бұлай ету оның ойында да жоқ болатын, еріктен тыс бір күш оған "Осылай ету керек",- деп бұйырғандай, өзінің қыздан қалайша оқшау қалғанына түсінбеді. "Ғажап- деді ол есікті жауып жатып өзінше.- Қалайша? Жоқ, мүмкін емес, Менің олай етуге қақым жоқ".


Машина орнынан қозғала берді. Жолда келе жатып та ол өз бойынан өзі байқаған санадан тыс бір күштің әлі тарқамағанын сезді. Ол күш - Жасынның Бағила алдында абдырауы, ойламаған жерден кашан да сөзінің аздап шашырауы, ең соңында және ең қауіпті -қызға деген ерекше ілтипаты мен кеудесіндегі нәзік бір қылдың талай жылдан бері (бәлкім, алғаш рет) тербеліп өтуі еді.


Жасын ең әуелі содан қорықты.


Осы отыз бір жылдың ішінде ол, әрине, көп әйелдермен кездесті. Олардың арасында ақылдысы да, салмақтысы да, жеңілтегі де, ажарлысы да, көріктісі де, мүсіндісі мен мүсінсізі, бәрі-бәрі болды. Егер олардың кейбіреуімен еркек пен әйелше қарым-қатынас жасау сезімі туа қалса да бұл ешқашан жүрегінің лүпілдегенін сезінген емес. Оның тәніндегі сезім мен құмарлык бір-ақ формада - жақсы көрген әйелін өзіне мойынсұндыру, оны түгелдей билеп алу формасында ғана оянатын. Көз алдында не көрініп тұр - оған сол ғана көрінетін. Және еркек пен әйелдің бір-біріне деген ықыласы мен ынтызарының, керек десең, махаббаты мен сезімдерінің сыртқа шығар түрі де біреу-ақ - сүйіс екеніне наразы болатын-ды. "Бір-бірін өлердей жақсы көретін адамдар үшін бұл мүлде аз, арзан тәсіл деп есептеуші еді, бұлай ету барлық басқа адамдардың қолынан келеді, тіпті, адамнан басқа тіршілік иелерінің бәрінің де жалғыз-ақ тапқаны осы тәсіл. Бірін-бірі өзгелерден гөрі ерекше жақсы көретін екі адам үшін де ерекше, өзгеше форма керек қой, неге бәрі бірдей жаралған, неге түптеп келгенде ерекше сезімдер де туралы, анайы инстинкке бағынуы керек? Бұл әділетсіз, мүлде әділетсіз" деуші еді ол.


Бұл идея оның соңғы шығармасында да айтылды. Бір қызға жастайынан көңілі жеткен студент сүйіктісі қайда барса да соңынан қалмай, акыры бесінші қурска өткенде оған қолы жетеді. Ертесіне ол күнделігіне: "Мен құдайға риза емеспін,- деп жазады. Бір-біріне адамды осылай ынтық етіп жаратып келіп, сол ынтықтығын сүйіс арқылы ғана танытатын етіп, бізді қандай кедей етіп жаратқан! Бұл адамды зәбірлеу, қорлау ғой. Мен адам бойындағы соқыр инстинктке қарсымын, оны сылып тастап сананы баспа жүзінде бұл да көп талас тудырған. "Инстинкті алып тастаса адам болудан қалады, хайуан боп кетеді",- деп орындарынан атып-атып тұрғандар кездесті.


Шығармаларындағы осы сияқгы өзіндік концепциялармен өз өмірі бір-біріне үндес жатқандықтан шығар, Жасынды әйелдер жағы суықсың, саған бәрібір деп өкпелейтін, кінәлайтын. Өйткені, олардың бәрі де Жасынды жақсы көруші еді, жақсы көріп қана қоймай, одан жасқанатын да. Өткір де, ойлы көз, темірдей логика,нақтылы көзқарас, батыл философия, ешкімге иілмес мінез, ұшан-теңіз білім оны қай жерде отырмасын, тарихшылар мен экономистер ме, лингвистер мен археологтар ма, суретшілер мен актерлер ма, бәрі-бәрінен де оны биік етіп көрсетіп тұратын-ды. Ежелден таудай қалыптасып, тастай бекіген көзқарастарды ол бірнеше сөзбен іргесін шайқалта салар еді. Онымен қарым-қатынасы тек достықпен ғана шектеліп қалуын қаламайтын әйелдер одан әлгі парасат биіктігіндей биік махаббат талап ететін-ді.


Мұндай талап Жасынның ызасын келтіретін. "Сезімді логикаға бағындыру деген есуастық қой,- дейтін ол.-Адам бойында өз еркімен туып, өз еркімен өлетін жалғыз-ақ азат қасиет - ұнату мен жек көру. Енді соны ноқталамаңдаршы!"


Олар театрға келіп, бір шетелдік драматургтың трагедиясын көрді. Бүгін премьера болатын. Трагедияның қазақ өмірінен тым алыстығы, проблемаларының ескілігі Бағиланы қызықтырмады. Алматыға келгелі бері бұл театрға үшінші рет қана болып отырғандықтан актерлер ойынына ғана назар салды. Мұндай пікірді де жол-жөнекей Жасын айтқан.


Олар машинаға отырды. Бағила алдыңғы жақта, Жасын артқы орында. Қайда деп Бағила тағы сұрамады. Сұрағысы келса де сұрай алмады және ол Жасынға құлай сенді. Ойлы адамның арзанға бармайтынына сенді. Алдыңғы күні түскен қалың қардан көше көк тайғақ. Машина кейде бұраңдап, кейде көшенің қиылысында тоқтаған жерінен әрең жылжып, цирк атындай мың құбылып келеді. Машина түзу көшеге түсіп, аяқ-қолын бауырына ап жүрісін жөндеген соң, Жасын кенет:


- Сіздей қызды бірінші рет кездестіріп отырмын,-деді таңқалып келе жатқанын жасыра алмай. Қыз бері бұрылды.


- Неге?


- Адам қайда бара жатырмыз деп сұрамай ма екен?


- Онсыз да білемін. Несіне сұраймын.


Жасын үнсіз қалды. Бірнеше сеқундтан кейін барып таңданысы байыған үнмен:


- Оны қайдан білесіз?- деді.


- Сіздің телефоныңыз 39 деген цифрдан басталады ғой.


- Иә.


- Біз қаланың телефоны сол цифрдан басталатын жағына жақындап қалған сияқтымыз.


-Мынадай абстракцияңызбен бар ғой,- деді Жасын қызға кеудесін сәл төндіре түсіп,- сіз ішкі істер министрлігінде тергеуші боп қызмет атқара аласыз. Бұл маған онша ұнап келе жатқан жоқ. Бұндай байқағыштық сіздің бойыңызға жараспайды.


- Маған тарихшы болу да, байқағыш болу да, тіпті есімім де жараспайды. Енді не істеуім керек? Қыз оған жартылай бұрылып сұраулы түрде күлімсіреді.


- Атыңызды кез-келген, тіпті, еркектің атына болса да өзгертіп алып, киоскіде жергілікті газеттер сатып тұрғаныңыз жарасады.


- Одан үлкен қызмет таппадыңыз ба?


- Сізге одан артық қызмет жоқ. Бола қалса, әдеміліктің үлгісі ретінде Юнесконың қамқорлығына алынып, бір суық музейде тұрасыз.


- Ал, қартайған соң не істеймін?


- Онда, сұлулықтың қалай қартаятынының үлгісі болып тұрасыз. Киіммен тұрасыз ба, киімсіз тұрасыз ба, ол жағын халықаралық комиссия шешеді.


Бағила күлімсіреп келе жатқан қалпын кілт суытты да, екі беті ду етіп, Жасыннан бетін бұрып әкетті.


- Рақмет,- деді ол лып етіп оянған ұяты мен өкпесін танытып.


Бағиланың өзіне өкпелеп, біраздан бері ұмыт боп бара жатқан тәккаппарлығын бойына жинап ап, алға қарап қимылсыз отырғаны Жасынның күлкісін келтірді және ол бұрынғыдан да сүйкімді бола түскен сияқты. Олар Жасынның үйіне жетті де, машинаны қайтарып жіберді.


Бағила бұған дейін мән бермеп еді, есік алдына келіп, енді басқышпен жоғары көтерілуге тура келгенде аяғының дірілдегенін сезді. "Бейтаныс адам ғой,- деді іштей,-иә, мүлде бейтаныс деуге де болады. Мен оның жетегіне үнсіз еріп келемін. Бұл - өзімді өзімнің қорлауым емес пе? Үйінде кімдер бар? Әйелі болса ше? Мен кіммін деп барам, бұл мені кім деп таныстырады? Мүлде бөтен үйге, түн ішінде!.."


- Мен... қайтсам қайтеді?- деді ол екінші қабатқа жеткенде аялдап.- Шыным. Кешіріңіз...


Жасын оның төмен құлаған кірпіктеріне қарап тұрды да:


- Мен кешіремін, бәрін де кешіре аламын,- деді.-Бірақ сіз қазір қайтып кетсеңіз, маған деген әуелгі өз сеніміңізді қорлайсыз, сонан соң, менің таза ниетіме сенімсіздік көрсетіп, дақ саласыз.


- Мүмкін,- деді қыз сыбырлағандай еріндерін ғана күбірлетіп.- Сізден сөз артылмайды. Қай қабатта тұрасыз?


- Төртінші.


- Жүріңіз... 


* * *


Жасынның үйінде әкесінен басқа ешкім жоқ екен. Әйелі жұмысынан төрт-бес күнге сұранып балаларымен қысқы каникулдың кезінде ауылға кетіпті. Түпкі бөлмеде жасы жетпістен асқан дімкәстау әкесі жатыр. Өз кілтімен есікті ашқан бойда Жасын "Осында шешіне бер",- дегендей саусағымен киім ілгіштерді нұсқады да, әкесі жатқан бөлмеге қарай кетті. Сәлден соң оның даусы естілді.


- Иә, жігіт, қал қалай?- деді Жасын әкесінің жайын сұрап.


- Рақмет, ақсақал, жаман емес,- деген әкесінің жауабы естілді.


- Софи Лореннен хат жоқ па әлі?


- Жоқ қой қызталақ.


Бағила киім ілгішке тонын іліп, етігін шешті де қалай қарап жүрерін білмей тұрып қалды. Жасын мен әкесінің даусы әлі естіліп тұр.


- Барып келмейсің бе?


-"Командировочный" төлесең барып келейік.


Жасын саңқ етіп бір күлді де, Бағила жаққа қарай қолын оң жақтағы бөлмеге қарай сілтеді. Бағила солай қарай жүрді де, бөлмеге кірді.


- Вот хитрец!- деген Жасынның күлкі аралас даусы Бағилаға бұрынғыдан көмескілеу естілді.- Сонда мен сенің махаббатыңа "командировочный" төлеуім керек пе?


- Е, төле,- деді әкесі бір жөтеліп алып.- Сол болмақ түгіл Баян болса да ақшама баратын жайым жоқ.


- Ал жарайды, жат онда. Мүмкін Софи Лореннің өзі кеп қалар. Шай ішесің бе?


- Жоқ. Кейінірек.


- Кофе ше?


- Оны қайтпекпін. Түнімен үкі боп шықсын дейсің бе?


Жасын тағы саңқылдай күлді де, "Жарайды, керек болсам шақырарсың",- деп, бері қарай жүрді.


Бағила әке мен баланың арасындағы қалыптан тыс әңгімеге жымия күліп отырып, Жасынның коридорда сырт киімі мен бәтеңкесін шешіп жатқанын естіді. Ол жан-жағына назар сап қарағанда үш қабырға толы кітаптарды көріп, басы айналып кетті. Бір сәтке өзін тым кішкентай,елеусіз жандай сезінді. "Мынау - өзгелерді қорлау ғой.


Осынша көп оқуға бола ма екен?"- деді ол іштей өз-өзінен намыстанып. Ойын жинап алғанша ішке Жасын да кіріп келді. Келген бетте төбедегі шақырайған жарықты өшірді де, жазу столының жанында тұрған сарғыш торшерді жақты.


- Кешіріңіз,- деді ол Бағилаға күлімсірей қарап.-Әкейдің жайын біліп жатқаным ғой. Түстен бері үйде болған жоқ едім.


- Солай ма? Мен жездеңіз екен деп қалсам.- Бағила әзілдеген болса да ыңғайсыздау шығып қалмады ма деп қызара езу тартты.


- Екеуміз ежелден әзілдесеміз. Әлгі жатқан "жігіттік" тұңғышымын. Тұңғыш бала ата тірі тұрғанда әкеге бұйырмайды ғой. Мен атамның қолында өстім. Сонда ержеттім. Бірақ, әлгі "жігітіміздің" менен кейінгі екі қызы тұрмысқа шығып кетті де, Софи Лорен басқа бала көтермеді. Атай өлген соң әлгі қу "жігіт" мені алдап-сулап, қайта-қайта келгіштеп жүріп өзіне икемдеп алды. Жезде мен қайындай әзілдестігіміз содан.


- Ал, Софи Лорен деген кім?


- Кім болушы еді, әйгілі киноактриса. Әлгі "жігіттің" кемпірі.- Ол рақаттана күлді.- Менің әйел, балаларыммен бірге елге кеткен. Жалғыз жүре алмайды, бірге барып кеп алайын, енді қашан қол тиеді деп олардан қалмай қойды.


- Ол кісіні неге бұлай атайсыздар?


- Баяғыда Софи Лорен Москваға келген. "Күнбағыс"деген фильмде ойнаған. Сонда Москваға менімен бірге әкем де барған еді. Қонақ үйде бірнеше жазушылар боп актрисамен танысқанбыз. Әкем де көрген. Бәріміз күнге табынған күнбағыстай жапырылып, Софи Лореннің даусын естіп қалуға ынтық боп, жан-жағынан кеу-кеулеп жатырмыз. Номерге келген соң әкемнен: "Қалай, ұнады ма?"-десем: "Есектің миын жепсіңдер!"- деп қолын бір-ақ сілтеді. "Үйдегі кемпірімнен асып бара жатқан түгі жоқ.


Дәл сүйтіп киіндіріп қойсам Сапаркүл де Софи боп шыға келеді",- деп кіжініп отыр. "Қалың малын төлеп әперейін, аласың ба?"- десем, "Алмаймын",- дейді. Содан бері арамызға осындай әзіл енген. Бағила сыңғырлай бір күліп алды.


- Қызық екен! Біздің семьяда мұндай қарым-қатынастың нышаны да жоқ. Бәрі өз орнында. Әке - әке, ана - ана, бала - бала. Қазіргі тұрған ағайымның үйінде де солай, қайта, әркімнің орны ерекше бадырайып тұрады.


- Мұндай қарым-катынастың барлық семьяда болуы шарт емес,- деді Жасын сигарет тұтатып.- -Кешкі тамаққа қалайсыз?


- Қажеті жоқ.


- Мен де солай деп ойлаймын. Уақытты босқа қаза қыламыз. Мен тамақ ішуге кететін уақытқа қатты қиналамын. Онда да кофе қоя салайын.


Жасын орнынан тұрып, ас үйге кетті. Артынша кранның сарылдағаны, кофе қайнатқыш қақпағының сартылдағаны, сонан соң жағылған сіріңкенің быж еткен дыбысы естілді. Жасынның одан кейін де тоңазытқыш пен шкафтарды ашып, әлденелерді дайындап жатқаны байқалды. Ол аздап күлімсіреген қалыппен қайта келді.


-Білесіз бе,- деді ол табалдырықтан өте бере сөз бастап. Сөзінің келесі бөлігін Бағиланың қарсы алдындағы креслоға кеп жайғасқан соң жалғастырды. Адамның тамақ ішу мен ұйқыға кететін өмірі оның жарты ғұмырын алады.


Кейде маған жер бетіндегі адамдар тамақ ішіп-ішіп, ұйқысын қандырып алып өліп кете салу үшін жаралған сияқты боп көрінеді. Үш мезгіл тамақ ішу деген қомағайлықты былай қойғанда есуастық қой. Кейбіреулер бесін тамақты тағы ішеді. Менімше, құдай барып тұрған эгоист, тек қара басын ғана ойлайды. Інжіл мен құранды оқысаң құдай мен алла адамды мейірі түсіп жаратқан. Мен келіспеймін. Егер құдай адамды шын жаратқан болса, онда да өзі үшін. Жападан-жалғыз сұрланып отыра беруден жалыққан соң адамды ойлап тауып, бүкіл галактикадан тәуір планета таппағандай қияндағы бір алақандай жерге таратқан да жіберген. Адамдар барға да, жоққа да сеніп жапа тармағай тіршілікке кірісіп кеткен. Санаулы демі, санаулы күні бола тұрса да, бірінің өлігін бірі жерлеп кеп отырса да, ғұмыры құдайдай мәңгі көрініп, түкке тұрғысыз ұсақ тірлігіне қайта кіріседі. Құдайға бұл тиімді. Біздің өмірімізге қарап отырып ішек-сілесі қатып, ернінен күлкі жиылмайды. Біз болмасақ ішқұса боп жарылып кетуі мүмкін ғой? Дегенмен, өзім дегенде құдайдың фантазиясы мықты жұмыс істеген. Молодец!


Жасын әлдекімді келеке қылғандай кермек күлімсіреді. Бағила оның кімді келеке еткенін - құдайды ма, Адамды ма, ол жағын толық ажырата алмады.


Кенет оның жүрегі лүпілдеп кетті. Ол қарсы алдындағы сигаретін будақтатып, адам түгіл құдайды сынап, келеке етіп отырған жігіттен шошынайын деді. Ол кәпірлердің інжілін де, мұсылмандардың құранын да оқыған жоқ еді, бірақ грек мифологияларынан, ақын, драматургтерінің шығармаларынан құдайдың адамша сөйлегендерін, тіпті, дауласқандарын да оқыған. Бірақ, ол құдайлар мен қазіргі кездегі құдайдың арасы аспан мен жердей, өйткені қазір Адам ұғымындагы жаратушы күш боп танылатын ғана құдірет иесі қалды. Жасынның сол құдірет иесін жаңа ғана әкесімен сөйлескендей сынға алып, әзіл айтып отырғаны жас қызды қайран қалдырады.


Ол Жасынмен екінші рет қана кездесіп отыр. Осы екі кездесудің аралығында оны әлденеше рет жек көріп те, ол жек көруін тез ұмытып, бірнеше рет қайта ынтығып та үлгерді. Екінші қайтып тілдеспеспін деген реніші Жасынның келесі бір сөзінен, тіпті, сөзсіз байқалған жалғыз-ақ көзқарасы мен қимылынан жазды күнгі бұршақтай лезде еріп, ерігенімен тұрмай өткен жолғы өкпесінің тым ұсақ, аясы тар ұғымынан туындайтынын ұғындырып кететін сияқты. Егер тағдыр Бағиланы мына адаммен бұдан былай да қарым-қатынасын жалғастыруға жазса, (ол басталды) онда өзінің талай суынып, талай ысынатынын ол күн ілгері санамен сезіне бастаған сияқты.


- Жарайды, біз мұндай әңгімені қояйық,- деді Жасын сигаретін күл салғышқа мыжғылай өшіріп.- Сіздің бұл жерде қанша уақыт отыруға мүмкіндігіңіз бар?


Бағила төте қойылған сұрақтан сәл мүдіріп қалды.


- Ноль минут,- деді ол көз алдында түйдектелген темекі түтінін қолымен желпіп.- Өйткені мен бағана үйде болуым керек. Керісінше үйге екі сағат қарыздармын.


- Рақмет!- Жасын орнынан тұрып, терезе форточкасын ашты.- Жоқ, ашық айтқаныңыз үшін емес, тауып айтқаныңыз үшін.


- Сіз әдемі сөйлегенді жақсы көресіз бе?


- Жаным жек көреді. Сіз әдемі сөйлеген жоқсыз. Күтпеген интерпретация бар. Білесіз бе, дүниедегі ең ірі оқиғалар: соғыс пен бейбітшілікке дейін сөздің айтылу түріне байланысты... Кешіріңіз, кофе қайнады ғой деймін!


Жасын жеңіл көтеріліп ас үйге қарай жүгірді. Сәлден соң кофе қайнатқышты барлық керек-жарағымен подносқа салып ап келіп, екеуінің ортасында тұрған аласа столға қойды. Сонан соң қайта шығып кетті де, жартылай ішілген француз коньягін әкеп қойды.


- Түсінем,- деді ол екі шыны аяққа кофе құйып жатып.- Сіз мүлде басқа ортада тәрбиеленгенсіз. Менің барлық сөзім мен ой-пікірім, қимыл-әрекетім, тіпті, сізді әйел-балам бола тұрып өз шаңырағыма ертіп әкелуім алдымен өзіңізге, сонан соң естіген жат құлаққа ерсі, түсініксіз боп көрінуі мүмкін. Қайтеміз, әркім өз түсінігіне, өз өрісіне қарай бағалар. Адамға еш нәрсе бастан-аяқ ұнаған емес, тіпті, әлгі айтқан құдайды да көп ретте ұната бермейміз ғой. Сынаймыз, қарғаймыз, тіпті безінеміз. Ал, құдай емес, өзегінде өлімі бар жай ет пен сүйектен тұратын адам жайлы не демейміз. Ең бастысы - өз ісің мен пікіріңнің дұрыстығын дұрыс түсіне білуде. Қалғандары екінші пландағы нәрсе - өмір сүрудің техникалық жағы. Оған ақыл-ойдан гөрі аз ғана қулық пен аз ғана арамдық жетіп жатыр. Егер менің бүгінгі тірлігім сізге орынсыз да өрескел боп көрінсе, солай ойладыныз деп сізді кінәламаймын.


- Иә, иә, тым өрескел көрінгені рас,- деді Бағила, кофеден бір ұрттап.- Ренжімеңіз, сіз әйеліңізді жақсы көресіз бе?


Жасын мырс етіп езу тартты да, кофесіне бір шай қасықтай коньяк құйды.


- Сізге де құяйын ба?


- Жоқ, мен бұлай ішіп көрген емеспін.


- Ендеше көріңіз.- Ол Бағиланың да шынысына бір-екі тамызды. Сонан соң кофеден бір ұрттап, креслоға шалқалай отырды да, Бағилаға тесіле қарады. Өзіне тура қадалған оқты да салқын жанарға төтеп бере алмай, көзін қарып алармын деп шошынған адамша қыз бірден кірпігін төмен құлата қойды.


- Әйеліңізді ұнатасыз ба, балаларыңыз сізді жақсы көре ме, мамасын ба, осы әйеліңізді сүйіп алдыңыз ба, әлде жай қосыла салдыңыз ба, өміріңізде біреуге ғашық боп көрдіңіз бе, сүйген қызыңыз (!) бар ма, тағы-тағылар, тағы-тағылар? Жүрек айнытатын сұрақтар! Нашар жазушының нашар повесіндегі нашар кейіпкерлерінің бір-біріне қояр сұрағы. Бұл сұрақтар адам түсінігі мен білімінің әлі төменде жатқанын көрсетеді.


Бағиланың екі бетіне қан теуіп, ернін тістелеп, сүйріктей саусағымен алдындағы шыны аяқты айналдыра берді. Бір сәтке өзін қорсынып, кісі көңіліне қарамайтын әйел заты екен деп аямайтын мына жігіттің алдында намысы жер болғандай сезінді. "Мен мұнда неге келдім? Шынында неге келдім?- деді ол ыңғайсызданғаннан екі қолын қоярға жер таппай бірде шыны аяқты, бірде тізесін ұстап.-"Адамды азап айдайды" деген рас болар. Тіпті, "жүріңіз" деп өтінбесе де "Қайда келе жатқанымды білемін, несіне сұраймын",- деп данышпанси қалуыма жол болсын. Енді келіп жан баласынан естімеген сөз естідім. Бәлкім... бәлкім солай-ақ шығар, менің тәрбием басқа, білгенім аз шығар,- деді ол іштей жыларман халде ойын жалғастырып,- енді сол үшін кісінің намысын жыртып, арына тию керек пе? Жұрттың бәрі Жасын болу керек пе? Олай талап қоюдың өзі білместік қой, тіпті есуастық, иә, есуастық. Неге айтпаймын, осы ойымды оған естіртіп неге айтпаймын? Бәлкім ол менің әлі балалығымды пайдаланып осылай өктем сөйлеп отырған шығар. Кету керек, кету керек, бұл жерден!.."


- Мен сіздің келесі сұрағыңызға жауап берейін,-деді кенет Жасын Бағиланы таңқалдырып,- Бұл сұрақ айтылмаса да ойыңызда тұрғаны анық, оған талас жоқ.


Сізді мұнда шақырған себебім... ешқандай себеп жоқ. Қандай бағытта, қандай әуелде болса да ойым осылай отырып әңгімелеу болды. Мен сізді арзан ортаға қимаймын. Неге екенін өзім де білмеймін, білсем білетін де шығармын... бар білетінім тұғырға қонар сұңқар боп жаратылып, қарға мен жапалақтарға ілесіп бұтаққа қонып қала ма деп қимадым. Адамсың тұлға боп қалыптасуы үшін оның жаратылыс берген қабілеті аз, ол қасиет араласар ортаңа байланысты. Кіммен дос болсаң, кіммен сырлас болсаң сол деңгейден сен де аса алмайсың. Ах, мен тақлия айтып кеттім ғой деймін. Жетер. Есіңізде болсын» егер сіздің пайымыңыз болмаса, мен сізді әңгімеге тартпас та едім. Коньяк қосқан кофе қалай екен?


- Қайдам,- деді Бағила қайтадан езу тартып. Шынында, әлгі бір ыңғайсыз сәтте отырып ол коньяктің кофенің дәміне де назар аудармаған-ды. Жасық арнайы сұраған соң, суып қалған кофеден тағы ұрттады да, бір-екі тамсанып барып:


- Жаман емес,- деді.


- Оны қайдан білдіңіз?


- Дәмінен дағы.


- Бұрын ішіп көріп пе едіңіз?


- Жоқ.


- Енді неге өтірік айтасыз! Жаман емес деу үшін бұрын ішіп көруіңіз керек.


- Сізден әкеңіз неше жас үлкен?- деді Бағила кенет. Жасын тосын сұрақтан кеудесін көтеріп алды.


- Қанша үлкен болу керек болса сонша.


- Сіз үлкен адам мен баланың арасын шатастырып алған болуыңыз керек. Ол кісімен баладай жылы сөйлесесіз де, менімен қарт адамдай сөйлесесіз.


Жасын оған қарап отырып қалды. Салқын жанарына жылылық үйіріліп, айтарын айтып сап, "барым осы, енді қайтесіз", дегендей бір бойында бойжеткендігі мен балалығы қатар үндескен бейкүнә, бейтарап намысты қызға көңілі сүйсініп, төңірегінен естілер ойлы сөзге қашан да түрік жүретін құлағының құрышы қанғандай болды. Ойлар, тағы да ойлар. Бірімен-бірі шырмауықтай шатысып, бірінен соң бірі туындап, адамның өз миына өзі тыным бермейтін, шетсіз, ойлар. Естісі де бар, есері де бар, сырбазы да бар, сұғанағы да бар. Бір бастағы бір ой бір ойға қарсы, бір ой бір ойға дұшпан; бірі - алтын, бірі - ұры. Осы қас қағым ғана сәтте Жасынға да ойдың талайы кеп, талайы кетті. Қол созым жерде ғана отырған қыздың өзінен тым-тым алыста екенін бір сезіндіріп, бір елестетіп өткенше Жасынның басқаға айтып түсіндіре алмас кезбе ойлары шартарапты шарлап барып қайтып еді. Адам мен жан дүниесінің күрделілігі сондай, бір адамды еш уақытта екінші адам әлгі адамның дәл өзіндей түсіне алмайды, түсінуі мүмкін емес. Жасынның бір ғалым кейіпкері (философ) студенттерге лекция оқып тұрып: Адам миы - құдай фантазиясының тамаша жетістігі" деген еді.


Ол бір-екі минутқа созылған осы үнсіздіктің ішінде бұрын жазған өз тұжырымының дәлдігіне тағы көзі жетті. Осы үнсіздіктің ішіңде-ақ ол мына өмірдің жазғы нөсердей өткінші екенін, уақыт деген құдірет жанды мен жансызға сездірмей ғұмырын талай берерін, анадан шыр етіп туғаннан бастап адам баласының картаюға бет алатынын тағы шолып өтті. Уақыт - ұрының қолында кеткен өз қасиеттерінің бірі - әйелді сүю, әйелді ұнату екенін ол алғаш рет сезінді. Жоқ, ол әлі де әйел затын ұната алады, тіпті дәл алдында отырған қыз болмаса да дәл осындай басқа қыздың жүрегін өзіне қарата алады, тіпті, бес жыл, он жыл өткен соң да ол қартайып қалмақ емес, керек десең әйел баласын бұдан былай ұнатпай-ақ, құлай берілмей-ақ ғұмыр кеше алады. Жасынның жанын құлазытып кеткен нәрсе нақтылы біреуді ұнату, ұнатпау қақысы емес, адам бойындағы мүмкіндік болатын. Осы отыз бір жыл өмірінің ішінде ол адамға тән басты қасиеттерінің бірінен - алаңсыз сүю еркінен айрылыпты. Ендігі сүю, ендігі ұнату бала бүркіттің әрекетіндей емес, кәрі бүркіттің әрекетіндей жасқана келерін ұғынды. Бұл бұтақтан аққан тамшы болса, Бағила немесе Бағила тектес қыз бұлақ тамшысы, екеуінің де көлемі мен түрі ұқсас болса да қасиеттері бөлек. Бұл кермек, ол тұщы. Кермек тамшыға тұщы тамшы қосылғанда ол да дәмін өзгертеді.


Осы ойға кеп тірелгенде Жасынның ойын орны толмас бір сезім торлап алса да, екінші бір ой: "Әлі де жоғалтарың көп, опына берме",- деп жылт етіп, болашақ кәріліктен хабар беріп, оның көңілін тәубеге түсіріп өткендей болды. Ол орнынан тұрып, терезеге келді де, пердені ысырды.


- Қараңызшы, далада қар жауып тұр,- деді әлі опынысы мен өкініші арылмаған үнмен.


Бағила оның қасына келді. Дәл баяғы күз кезінде екеуі қатар келе жатқандағыдай бұл жолы да Жасынның денесіне денесі тиіп кетпеуін қатты қадағалап, қатарласып тұрды.


- Жапалақтап жауып тұр. Сіздің сөзіңіз секілді ірі екен.


Жасын далаға қарап тұрған бойы Бағилаға сездірмей жымиды да:


- Енді сөйлемей-ақ қойыңызшы, сіз онсыз да бүгін мазамды алып біттіңіз,- деді.


- Мен... кетемін,- деді ызасы тағы бұрқ еткен қыз тығыла сөйлеп.


Жасын екі қолын қалтасына сап тұрған бойы оның сөзін естімеген адамдай тағы сөз бастады.


- Дүние тып-тыныш, жайбарақат қар жауып тұр,-деді өзімен-өзі тілдескендей.- Әркім өз шаруасымен. Ешкім мен ешкімнің ісі жоқ. Сырттай қарасаң жұрттың бәрі бірі-бірімен дос сияқты. Айталық, ана бір сегіз қабат үйді көрдіңіз бе, төбесіне қызыл лампалармен "Служба быта" деген жазуы бар. Сол үйде қанша адам, қанша тағдыр бар десеңізші. Бәрінің де жақсы көретін, жек көретін, тіпті біреудің өлгенін тілейтін адамдар тұрып жатыр. Әне, біреу, ас үйде, біреу залда, біреу ұйықтайтын бөлмеде қыбырлап жүр. Ана қызықты қараңыз, плавка мен лифчигі ғана бар бір жас әйел терезе пердесін ашып жатыр, қайта, жабуы керек қой.


Бағила да оны көріп, төмен қарап еріксіз жымиды.


- Ертең ғой, таң ата салысымен бәрі жұмысқа бытырайды. Содан қас қарая бір-ақ оралады. Тамақ жасап ішеді де, жатуға ыңғайланады. Дем алу керек. Өйткені ертең жұмысқа бару керек. Бәріңде де үлкенді-кішілі мақсат бар. Соған жетемін деп күреседі, ұмтылады,жеңеді, жеңіледі. Момақан пішінде жапалақтап қар жауып тұр. Бұл да табиғаттың өз тіршілігі, өз әрекеті. Қарап тұрсаң, тыныштық, бейбітшілік дегеннің қадірін еріксіз сезінесің. Бейбітшіліктің қасиетін соғыста емес, бейбіт күнде ұғынған жақсы ғой деймін. Сіз қалай дейсіз?- Ол Бағилаға мойын бұрды.


- Мен енді сөйлемеймін.


- А-а! Сіз әлгі сөзге тағы бұртиып қалған екенсіз ғой. Онда жөңді аңғармаған екенсіз... Жарайды, аңғармай қалғаныңыз да дұрыс болған шығар. Сіз қайтқалы тұрсыз ба?


- Иә.


- Жүріңіз. Үйдегі ағаңыз бен жеңгеңіз ұрысып жатқан шығар.


Жасын Бағиланың тонын кигізді. Күні бойы аңғармапты, екеуі пәлендей шешіліп сөйлеспесе де мына қыздың мына үйде жай отырғанының өзі жанға тоқ, көңілге дәру екен, енді ол киініп, кетуге жинала бастағанда сол орынның тағы да опырайып бос қалары сезілді.


Жасын Бағиланы таксимен үйіне дейін шығарып салды. Қоштасарда оған қолын созды. Қыздың мақтадай жұмсақ, шыбықтай иілген саусақтарын алақанында бір сәт ұстап тұрды да, қолының сыртынан жай ғана сүйді. Қыз қолын ақырын тартып алып, ұялғанынан не дерін білмей қолғабын киіп жатқанда, әйтеуір бір нәрсе деу керек болған соң Жасын:


- Бәрібір атыңыз маған ұнайтын емес,- деді.


- Қазір сізді сол ғана мазалап тұр ма?


- Иә. Басқа ешқандай ой мазалап тұрған жоқ, тек сол ғана!- деді Жасын.- Ал, сау болыңыз. Құдай жазса тағы кездесерміз.


Жасын тағы да кермек күлімсіреп, машинаға отырды.


* * *


Сәргел келесі жылдың жазында диссертациясын қорғап шықты. Ол докторлық атаққа ие болып алған соң көңілін бір демдеп, үлкен банкет жасады. Банкетке "көңілді бір демдеуге" тікелей қатысы бар адамдар, сонан соң оқу орынының басшылары, ғалымдары мен кафедра мұғалімдері және жақын-туыстар шақырылды. Қаратайға ерекше телеграмма берілді, телефонмен де тікелей сөйлесті. Жаратылысында кісі көңілін жықпайтын Қаратай бәз біреулердей жұмыстың көптігін сылтау етіп жатуды қолайсыз көріп, уақыты жоқ болса да келіп қайтты. Ол келген соң оның Министрліктегі досы да Сәргелдің дастарқанынан екінші рет дәм татты. Ол, әрине, қызмет бабына байланысты көпшілік дастарқанынан қашып, үйде болуды жөн көрген. Өзінің ғылым жолындағы бұл табысына кейбіреулердің күдікпен қарап қалатынын сезген Сәргел, ол кісі банкетке барудан бас тартып, үйдегі оңашалықты қалағанда қатты қуанған. Былтырғы жылы ректормен арадағы өткен жылы әңгімеден кейін ол өзіне берген уәдесінде тұрып, Қаратайға Алматыға бір келгенінде оларды (ректор екеуін) әйелдерімен қосып үйге шақырып, аздап бетін ашып алған-ды. "Бәрі ойдағыдай болды",- деп көңілі өсіп қалған. Қаратайдың олардың алдындағы беделі мен сол кеште айқын танылған ақылына да қатты риза болған-ды. Сөйте тұрса да, сол күнгі кештен кеудесіне бозаның қорабасындай, есіне түссе жүрегін сыздатып өтетін ашқылтым бір сезім қалды. Өзінен төрт-бес жас кіші ректор мен Мәликенің бір емес бірнеше рет көзқарасқаның, әрі-беріден соң әзілдесіп қалғанын да көзімен көріп, құлағымен естіген-ді.


Жазғы банкетте оны да шақыруға тура келгенде, Сәргел біраз іштей қиналды. Бірақ, шақырмасқа тағы амалы жоқ еді. Қонақтардың тізімін жасаған кезде ол қанына біткен қулықпен ректордың фамилиясын қасақана қосуды "ұмытып", көріп шықшы деп Мәликеге берген еді. Сәргел сияқты адамның университет ректорын ұмытып кетуі жаңа шыққан күннің ізінше қайта батып кетуімен тең екенін білетін Мәлике де бұл "ұмытудың" ар жағында бір зәлімдік жатқанын сезіп, "дұрыс" деп жайбарақат қайтарып берген. Сәргел "Қалайша ойыңа түспей қалды?"- дегенді жылт етіп сынай қараған көзінен білдіріп алса да, Мәлике еш нәрсені аңғармады деп ұқса да оны тағы бір тексере кетудің артықтығы жоқ екенін ойлап: "Оу, қалайша? Ректорды ұмытып кетіппіз ғой!"-деді. Деді де жылт етіп көзінің құйрығын Мәликеге жұмсап алды. Ызасы келген Мәлике оның қызғаныш отына әдейі май құйып:


- Не деген сұмдық!- деді көзін алартып.- Сонан соң оны еске түсірген адамдай жайма-шуақ күлімсіреп тұрды да, екі қолын иегіне апарып:- Неткен биязы адам! Әзілі мен мінезі қандай! Оны міндетті түрде шақыру керек,- деді.


Сәргелдің кедір-бұдыр кеңірдегінен поршень жүгіріп өтті.


- Олай болса, шақырайық,- деген Сәргел әр сөзін тамсана айтып. Мәликеге көрсетіп тұрып тізімнің бас жағына ректордың фамилиясын жазды да, қаламсабын қадап тұрып нүкте қойды. Сонан соң наразылығы мен күдігін, қызғанышы мен айбарын танытқандай бойын қаздита, екі қолын артына ұстап үйден шығып кетті. Банкетке екеуі бірін-бірі аңдысар, қырын қабақ адамдар боп жетті.


Банкетті де, үйдегі дастарқанды да өткізген соң, Қаратай аудан мәселелері бойынша тиісті жерлердегі жұмысын бітіріп алып, ағасы мен жеңгесін және қызын тауға қыдыртуға алып шықты. Ондағы мақсаты да жай серуендеу емес, көптен көрмеген қызының қасында жүре тұру, шаруа басты, шаң қапты жүрегіңде үймелеген әкелік сағынышын бала еркелігімен аздап болса да сілкілеп алу еді, және алыста жүрген қызының бойында қандай өзгерістер барын сын көзбен байқап кету де артық болмас деген ойы бар-ды.


Олар тауға шығып, жеңіл-желпі тамақ жеп, сусын ішті. Сәргелдің докторлығын тағы да атап өтті. Июнь айының тамылжыған кезі болатын. Бір жерде отыра бергеннен жалығып, олар машинаны етекте қалдырды да, тау аңғарын жаяу аралады.


- Япырмай,- деді Қаратай сарқырап ағып жатқан тау өзенінің жағасына кеп, аздап тынығып алу үшін қызыл тастың үстінде отырып.- Табиғат деген тамаша екен ғой! Неткен сұлулық!


- Папа, ол үшін Алматыға жиі келіп тұру керек,-деді Бағила оған еркелей иығына асылып.


- Солай ма, қызым-ау, мен оны қайдан білейін!-деді Қаратай селкілдей күліп. Үйде қадірі жоқ астың далаға алып шыққанда бал татитыны секілді, әшейінде күле қоймайтын сөзге тау арасында ерігіп жүрген соң ба, бәрі де күлді. Сәргел де күлді. Ол Мәликенің сөзімен айтқанда Қаратаймен "синхронно" күліп отырды.


- Папа, мен тым бала боп көріндім ғой деймін,-деді Бағила өкпелеген кейіппен бұртиған боп.- Керек десеңіз мен басқаша да сөйлесе аламын.


- Ресми түрде ме?


- Иә. Мәселен былай: Барлық совет адамының еңбек етуге, демалуға, сейіл құруға қақысы бар. Бірақ, ауданның бірінші басшысына бұл қағида жүрмейді. Өйткені бүкіл шаруашылық тізгіні соның қолында. Табиғаттың кереметіне, жапырақ сыбдыры мен бұлақ сылдырына, музыка құдіреті мен поэзияның сиқырлы қасиетіне, айдың арулығы мен дәл төбесіндегі аспанның дәл бүгін соншалықты тазалығына, тағы-тағы нәзік құбылыстарға көңіл бөліп жататын оның уақыты жоқ. Бұл мәселелер жайында сізден ешкім сұрамайды, ешкімнің алдында есеп бермейсіз, сізден шаруашылықты сұрайды, өнімді сұрайды. Соған жауап бересіз. Мен білсем сіздің ойыңызда осы сөздер тұр. Мойындайсыз ғой, папочка, мойындайсыз ғой?


- Әрине, әрине, қызым. Сенім артылған соң оны ақтамасқа бола ма!


- Сур,- деді Мәлике сөзге араласып.- Сен папаңа тым еркелей берме. Біздің көңілімізге келіп қалады, бөлектеген боласың. Солай емес пе, Сэр?


- Неге! Еркелесін,- деді Сәргел бәтеңкесінің ішіне түсіп кеткен ұсақ тастарды сілкілей түсіріп жатып.


- Қалай, қалай? Сур, Сэр деген не?- Қаратай үшеуіне кезек-кезек қарады.


- Сур деген сурет. Сэр деген Сәргел,- Мәлике аяғын тастай суға малып отырып мән-жайды оп-оңай түсіндіріп шықты.


Қаратай Сәргел мен Бағилаға тағы кезек қарап алды да, бар ықыласымен кеңкілдей күлді.


- Сенің фантазияңда шек жоқ, Мәлике.


- Ал өзін кім деп атайтынын білесіз бе? "Лике" деп. Алдыңғы бір буынын алып тастасаңыз "Лике" боп шыға келеді.


- Ай, сендер кісіге ат қойғыш екенсіңдер ғой. Маған да айдар тағып жіберерсіңдер.


- Лике одан тайынбайды. Әзірге ұялып жүрген болу керек,- деді Бағила "Рас па?" дегендей оған қарап.


- Мүмкін,- деді Мәлике аяғын судан алып.- У-у,тастай екен, сүйегімнен өтіп кетті.


Қаратай күлкі арасында Сәргелге қарап еді, оның құлағы қызарып, кеңірдегінен әлдененің ары-бері қимылдай бастағанын көріп, күлкісін баяулатып барды да, тоқтата қойды. Інісінің алдында ұялып, намыстанып отырғанын сезді.


Сәлден соң олар қарағай арасынан жабайы бүлдірген теруге шықты. Осындай бір сәтте Қаратай мен Бағила оңаша қалды.


- Папа,- деді Бағила оның қасына жақындай беріп.- Есіңізде ме? Былтыр поезбен осында келе жатқанда бір жігітті купеден қуып шығып едік қой.


Қаратай бүлдірген теріп жатқан бойы кеудесін көтерместен қызына қарады да, сәл ойланып тұрып басын шайқады.


- Қалай есіңізден шығып қалған? Арық келген, шашы ұзындау жігіт. Халықаралық вагонда. Сіз екеуміз бір купеге орналасамыз деп...


- Ә-ә, иә-ә! Әйтеуір біреуді қуып шыққандай болғанымыз есімде.


- Қуып шыққандай болған жоқпыз, қуып шықтық қой.- Қаратай бойын тіктеп, қызына сұраулы пішінде қарады.


- Иә, оны неге айтып тұрсың?


- Сол жігіт белгілі жазушы екен. Жасын Мәдиев Қаратай ойланған боп біраз мүдіріп қалды.


- Естігем жоқ-ау, деймін,- деді ол қызының алдында өзін ыңғайсыздау сезініп.- Жоқ, естігем жоқ,- деді артынша білмейтінін мойындап алған соң үзілді-кесілді жауап беріп,- Иә, айта бер.


- Айтатын ештеңе жоқ. Тек сізге, біздің купеден қуып шыққан адамымыздың жұртты шуылдатып жүрген жазушы екенін айтқым келіп еді.


- Болса болар,- деді Қаратай қызының "аты шулы жазушы" деп тақай бергеніне тоқмейіл дауыспен тойтарыс беріп.


- Сол жазушыны бір кезде қуып шыққанымыз үшін өкінбейсіз бе?- Бағила балалық еркелігімен араластырып әкесіне сынай да, күлімсірей де қарады.


- Несіне өкінемін,- деді Қаратай тағы да сол баяғы өзі үйренген үстем үнге көшіп.- Танысам екен,шығармасын оқысам екен...


- Сіз ешкімді де оқыған жоқсыз ғой.


- Бағила,- деді Қаратай қатал дауыспен.- Алматыда бір жыл оқыдым деп менімен білім жарыстырғың келе ме? Менің білімім мен жолым бір басқа. Білмегенімді толықтырсын деп адам бала тәрбиелейді. Тоқтат!


Бағила үнсіз қалды. Бұдан ары қарай ол жігіт жайлы да, әкесі айтып тұрғандай "білім жарыстырғысы" кеп тереңдемек те ойы жоқ болатын. Бірақ әкесінің табан асты ашу шақырып, оның алдын кесіп тастағаны көңіліне кірбің түсіріп өткендей болды. Осыны секемшіл әке көңілі сезе қойды да, қызының қасына кеп, оның қап-қара шашынан сипады.


- Әкеңе өкпелеме,- деді әлгіге мүлде ұқсамайтын, жұп-жұмсақ, ұяң үнмен.- Әкеңе өкпелейтін, әкеңе ренжитін адам онсыз да көп. Келістік пе?


Бағила үнсіз басын изеді, бірақ көңілінде оған деген сынаптай салқын кірбің қалып қойғанын, оның ешқашан тарамасын, өйткені, әкесінің бұдан әрі өзгермесін, өмірінің соңына дейін осы деңгейден, осы түйсіктен, өзіне деген сенімінен таймасын сезді. Соны сезінген кезде ішкі дүниесінде оған деген аяушылығы да оянды. Қаратай Сәргелдің докторлығына көрімдік деп мың сом тастады да, сол күні кешке елге ұшып кетті.


 


Екінші бөлім


Арада алты ай өтіп, жаңа жылға бір-екі жеті қалғанда Сәргел докторлық дипломын қолына алып, көптен алаңдаған көңілі бір тынды. Диссертациясын қорғап болған соң-ақ Алматыдағы ғалым біткен бар жұмысты тастап, тек бір мәселемен - Сәргелдің докторлығын қалайда бекіттірмеу мәселесімен айналысып жатқандай, Қаратайға сары уайымын хатпен де, телефонмен де зар илеп айтумен болды. Соңғы рет хабарласқанда Қаратай табиғатында жоқ мінез танытып, немесе ағасына зекіп тастаған. Бұл сүзек болған адамдай бірнеше күн бойы қуарып, өз басына өзі ақыр заман тудырып, іс насырға шапты деп түйген-ді.


Түнемеге ұйқы көрмей, ас үй мен коридордың тозығы жете бастаған паркетін сықырлатып жүріп алатынды шығарды. Миллион рет жүріліп өткен "Ас үй - коридор" "Ас үй маршруты" өз жемісін де берді: қолынан ештеңе келмесін білсе де ол бір күні аяқ астынан Мәскеуге жүріп кетті."Болар-болмас доктор түгілі, мүше-корреспонденттермен әрең сөйлесетін аттестациялық хомиссияда "пәленше-еке" деген ешкім бола қоймаса керек, айдаудан қайтқандай Сәргелдін жағы суалып, жүзі шүңірейіп, пұшайман болып оралды. Жайшылықтың өзінде төңірегіне күдікпен қарап, уайым олжалап жүретін ол мына оқиғадан соң мүлде мазасыз боп алды. "Маған жандарың ашымайды, сендерге бәрібір",- деп ол үй ішіндегілердің апшысын бидайдай қуырды. "Ешкім менің доктор болғанымды қаламайды, өйткені көре алмайды. Бәрі де күле кіріп, күңірене шығатын адамдар. Өзінен озған былай тұрсын,осы күні қатарлассаң да жұрт күндейді. Бәрі жау, бәрі!


Бұ заманда дос жоқ, "мен, тек мен, өзім болсам" деген кез. Өзінен артылғанын ғана досына береді, иә, артылғанын ғана. Ешкімге сенбеймін, өз ойың өзіңе жау боп тұрғанда басқаға қалай сенбекпін! Әйеліме ме? Еркектің бірінші жауы - әйелі!"


Еркектердің ашу үстінде қимасына да тіл тигізіп, от басындагы әйелден жаман боп кетерін, сабыр сақтап күте тұрсаң баяғы ер көңілді арнасына қайта түсерін Мәлике жақсы білетін. Бірақ, Сәргелдің бұл сөздері басқа еркектердей тасыған кезде түбіндегі тасын бетіне ойнатып шыға келетін ашу өзенінің қасиеті емес, туа біткен оңаза мінез, ызбай көңіл, күлді бадам түйсік, секемшіл сезімдерден екенін де ұғып бітті. Ол күйеуімен қарсыласуын да қойып, жұмысына әдеттегіден ерте кетеді де, жоқтан өзгені сылтау етіп кешірек қайтады. Бұрынғыдай шегір көзбен қарсы алып, жүрек сыздатар сұрақты бастай берген Сәргелге "Прекрати,пожалуйста!"- деп қабақ шытып, оның масадай ызындап көтеріліп келе жатқан сөздерін топырлатып кеудесіне қайта қуып тығады. Әйелінің үзілді-кесілді орысша тойтарыс беруі Сәргелді тұйыққа тіреп тастайды. Демек мұндай сәтте ол неден де болса тайынбайды деген сөз.


Сол сергелдең мен қырғи-қабақ күндер артта қалып,енді жаңа жыл мерекесіне жылдағыдан ерекше дайындалып жатқан кез еді. "Мәлике,- деген әйелі мен екеуінің арасы біршама жарасым тауып, көңілдері орныққан кезде Сәргел оның қасында жатып,- бұл жаңа жыл ерекше жаңа жыл - ғылым докторының үйінде өтетін жаңа жыл. Есіңде болсын!"


"Зәлім,- деген іштей Мәлике,- мақтаншағын көрдің бе өзінің! Білеміз қалай доктор болғаныңды. Үш ауданның он жылдық тарихын тіздің де шықтың. Кімге керек ол? Не үшін керек? Сол аудандарға екі-ақ рет бардың, зерттеуге уакыт қимадың, мені қызғандың. Бар фактілерді өздері жіберіп тұрды. Сол да ғылым ба, сол да мақтаныш па?"


- Жарайды, жақсылап қарсы аламыз,- деген Мәлике де күйеуіне қарсы келе беруден жалығып.


Сәргелдің әйелінің жанына көптен бері жатып тұрғаны осы еді. Қабақ салқындаған соң төсек те салқындап, екеуі екі кереуетте үнсіз жатып, үнсіз тұрып кететін Мәликенің өз пікіріне қосыла кеткеніне сүйсініп, Сәргел көзін жұмып, шалқалап жатқан оның төсін сипалады, қолы бірте-бірте төмендеп, тіміскіленіп бара жатқан кезде:


- Қойшы, орныңа барып жатшы,- деді Мәлике Сәргелдің гуілдей бастаған танауынан бетін бұрып әкетіп. Сол сәтте жаңа жыл мерекесін тағы салқын қабақпен қарсы алу қаупін сезе қойған ол Сәргелді жұбата салмақ боп:- Ерте тұрып салат жасаймын,- деді бейбіт үнмен.


Сәргел немқұрайды салқын сөзден суып үлгерген айырдай ұзын қолын айылдай жинап алды да, құдыққа түсіп кеткен адамдай ләм деместен үн-түнсіз қалды. Әйелінің өзін төсектен не қуғанын, не қумағанын анық біле алмай,сондықтан, не ашуланарын, не ашуланбасын тағы ажырата алмай, көңілін ертеңгі үмітпен жұбатып, өз төсегіне қарай тұрып кетті.


Сәргелдің гуілдеген танауынан құтылу үшін түндегі айта салған сөзі өзіне таяқ боп тиіп, Мәлике амалсыз ерте тұрды да, дайындығы жоқтығына қарамастан қолына түскен нәрседен салат жасап, өз тірлігіне өзі іштей күліп, асығыс жұмысына шығып кетті.


Мәлике кешкілік жұмыстан қайтып келгенде, Сәргел залдың есігін айқара ашып қойып, диванда жападан-жалғыз сұрланып отыр екен. Мұндайда мереке алдында, әсіресе, "докторлық жаңа жыл" қарсаңында қанша қытымыр болғанмен оның болмашы нәрсеге сұрлана қоймасын сезген Мәлике алдында үлкен бүліншілік тұрғанын салған жерден аңғарды. Сол бүліншіліктің қандай түрі боларын ойша шарлап, әрқайсысына іштей дайындалып, ол ұзақ шешінді. Бұл әбден шешініп болғанша күйеуінің тырс етпеуі оны шынымен шошыңдырайын деді. Аяғына жеңіл тапочкасын киіп, Сәргелге көңіл аудармай өте берген оны залдан шыққан "Мәлике!"- деген зілді дауыс ас үйдің табалдырығын аттай бергенде қуып жетіп, кілт тоқтатты. Ол кері бұрылып, таңданған пішінмен залдың есігінен қарады.


- Сіз салат жасауға асықпаңыз, таңертең асыққаныңыз да жетер,- деді ол ойламаған жерден "Сізге" көшіп.- Салатыңыздың мүлде асығыс, мүлде беймезгіл, мүлде дәмсіз дайындалуы әйелдердің кей-кейде байқалатынына қулинарияға деген қырсыздығына мүлдем ұқсамайды. Мұның ар жағында менің күдігімді растай түсетін дәлелдер жасырынып жатыр. Әрине, өкінішке орай!- Ол жайлап орнынан тұрды.- Сіз отырыңыз, мында.- Ол өзі тұрып кеткен диванды нұсқады.- Менің ешқандай тамаққа тәбетім жоқ, салат дегенді атамай-ақ қойыңыз!


- Сэр, не болса да ашып айт немене мен тұрам да шығып кетем,- деді Мәлике ашу шақырып. Сөйтті де диванға барып бір шетіне жайғасты.


- Қалай ойлайсыздар, егер мен тамаққа тәбетім жоқ десем, осындай айрықша мереке алдында жанжалға құлшынып тұр деген ой тумақ па? Әрине, жоқ! Бүгінгі айтатын сөз...


- Қысқартып айтшы, құдай үшін!


Сәргел Мәликенің сөзін естімеген адамдай жалғастыра берді.


- Бүгінгі айтатын сөз - жеке адамдардың бір-біріне деген адалдығы, сол адалдыққа әркімнің көзқарасы мен пікір дегенге мүлде келіспейді. Бұл жерде ерлі-зайыптылардың адалдылығы деген қасиетті ұғым жатыр. Ол дауласуға жатпайды.


- Сонымен?


- Сонымен, қымбатты Мәлике,- ол кеудесін көтере түсіп, даусын кенеп алды,- мен өз күдіктерімнің рас екенін дәлелдейтін жаңа фактілердің үстінен түсіп отырмын.


Мәликенің іші қылп ете түссе де, онысын сездірмей жайбарақат калпын сақтап отыра берді.


- Ол факті - мына менің қолымдағы сигарет тұқылы!- Сәргел алақанын жазып, "Қазақстан" сигаретінің тұқылын көрсетті.- Бұл залда соңғы рет қашан темекі шегілгенін мен жақсы білемін, егер содан қалған болса, бұның ескіріп, шаң басуы керек еді. Бұл мүлде жаңа. Демек, мен Мәскеуге кеткенде шегілген темекі.Темекі шегіп, тұқылын диван астына лақтыру! Қандай жоғары мәдениет, биік интеллект! Мәликенің өн бойы шымырлап кетті. Өзінің де қауіптеніп отырғаны осы еді. Сәргел Мәскеуге кеткенде Бағила, Жасын үшеуі Көктебедегі ресторанға барған. Мәликенің Жасынмен алғаш танысуы да сол еді. Жігіт оған қатты ұнаған. Түсінігінің кеңдігі, адамдар жайлы ойының нақтылығы, өз пікірін бүкпесіз ашық айтатыны, жан-жақты білімі, үйде де, түзде де бұрын-соңды бұл тектес әңгіме тыңдап көрмеген Мәликені бірден баурап алған. Оның қай салада болмасын тек өз пікірі, өз-топшылауы, оларға деген өз санасында туған батыл да дәлелді көзқарастары бір сәт өз ортасының мына жігіттен тым алыс екенін, дәлірек айтқанда, өз ортасынан мына жігіттің тым алыс, тым биікте екенін сездіріп өткен-ді. "Адамдар неге осындай болмайды? деген сонда ол.- Неге? Мейлі бәрі бірдей Жасын болмай-ақ қойсын, жартысының, тіпті, төрттен бірінің осындай болуына мүмкіндік бар ғой. Неге ізденбейді, неге сәл биікке көтерілуге ерінеді, тоғышар өмірге неге құмар?" Ол "журналистпін" деп баяғыда танысқан жігіттерді Жасынмен ойша салыстырып көргенде еріксіз күліп жіберді. Олардың да білері өз білгенінен аспайтынын, көретін көкжиегі де екінің бірі көре алатын қашықтық екенін еске түсіріп езу тартқан.


Рестораннан шыққан соң Мәликенің көңілі ерекше қуанып, бүгінгі кешке мейлінші ризалығын білдіріп және осындай сирек, тіпті, кездеспейді деуге болатын сәтті жалғастыра түспек ниетпен Жасынды үйіне шақырған. Ол бір жақсы кеш болып етіп еді. Бұрын музыкадан да, әдебиеттен де хабарым бар деп жүретін Мәлике Жасын келіп кеткен соң өзін мүлдем сауатсыз сезініп қалып еді. Жасын оған ұнап қалды. Бірақ ол ұнату Мәликенің жүрегіне тек орын толмас мұң орнатып, оны өзінен алыстата түсті. Екеуінің арасында Алатаудай асу бермес шың жатқанын, ол шыңдардың неге байланысты екенін де жақсы білді. Ішкі дүниесінде оянған жібек талшығындай бір сезімнің өсуінен гөрі өшуіне жағдай жасайтын мыңдаған кедергілердің бірі боп және ең бастысы боп, өзі өлердей жақсы көретін Бағиланың тұруы еді. Сол күні күл салғышты алып бара жатып, Мәлике ішіндегісін шашып алған.


Сол күні оңаша қалып, адам баласы, әсіресе, әйел баласы өз тағдырына өзі әмір ете алмайтынын, өз дегенінше өмір сүре алмайтынын ойлап жастығын сулаған. Әйел бақытының еркектердің бақытына мүлдем ұқсамайтынын, тіршілікте қанша биікке көтеріліп, даңққа ие болса да "бақыттымын" деп сезіну үшін әйелге олардың аздық ететінін, әйел бақытының тек еркекке тәуелді екеніне ызаланып жылаған.


Қазір, Сәргелдің алақанынан сигарет тұқылын көргенде артта қалған сол бір кеш, сол кешпен бірге Жасын есіне түсіп, жүрегі дір ете қалды. Сырттай қарағанда, түкке тұрмайтын темекінің тұқылы үлкен дауға арқау етуге арзымайтын секілді, жат жұртқа әңгіме етіп айтудың өзі ұят. Бірақ, оның ар жағында басқа сыр жатыр еді, ол -үйге бір еркектің келуі және оны Сәргелге ешкімнің айтпай, жасырын сақтауы. Демек, үй ішінде арамдық жасырынған. Қанша қытымыр деп кінәлағанмен Сәргелдің бұл жолғы күдігінің орынды екенін Мәлике анық түсінді. Енді оның алдында екі-ақ жол қалған-ды: бірі бәрін мойындау, екіншісі -"білмейміннен" басқа сөз айтпау.


Біріншісін таңдайын десе, Бағила мен Жасынның арасына шоқ түсіріп алудан шошынды, екіншісін таңдауға "білмеймін" деген сөз мүлде аздық ететіндей көрінді.


Мәликенің басқа амалы да жоқ еді, сондықтан Сәргелдің алақанындағы темекі тұқылына қарап тұрып, басын шайқап, иығын қозғады.


- Түсінсем бұйырмасын,- деді ол мұндай "кереметтің" сырын ашуға Сәргелдің көмегін сұрағандай оған таңдана қарап.


- Ал маған түсінікті!- Сәргел темекі қалдығын алақанына уыстаған бойы қолын артына ұстап.- Қазір сендерге де түсінікті болады. Елтай, Ертай! Қане, мұнда келіңдер!


Мәлике Сәргелдің балаларды шақырғанын естігенде өзін-өзі билей алмай, орнынан қалтырай көтерілді. "Залым,- деді ол ызасы бұрқ етіп,- балалардан сұрап алған екен ғой! Неткен пысықтық!"


Өзі келгелі бері балаларының сыбысы естілмегенінен, әкесі шақырған кезде екеуінің де томсырайып-томсырайып келе қалғанынан Мәлике Сәргелдің оларға ұрысқанын тіпті, шындарын айтқызу үшін жазалап қорқытқанын да сезді. Екеуі аналарын көріп, қабақтарына қуаныш үйірілгендей оған жақындай бергенде Сәргел оларды есік алдына тұрғызып қойды.


- Елтай, сен бағанағы сөзіңді қайталап айтшы. Үйге бір ағаның келгені рас па?


- Рас.- Ол анасына бір көз тастады да, қайта төмен қарады.


- Ертай, енді сен айтшы. Рас па?


- Лас. Аға ұзақ отылды. Мамамдал да ұзақ отылды. Елтесіне садикке кеш балдық.- Кішісінің жауабы нақты да аумақты шықты.


- Жарайсыңдар! Енді өз бөлмелеріңе бара беріңдер!


Үлкенінің есі кіріп қалған болса керек, бұл жауаптың жақсылық емес екенін аңғарып, басын салбыратып шығып кетті. Әкесінің бұл жолы ұрыспағанына қуанған кішісі көп шаруа тындырғандай тайраңдай басып ағасының соңынан жүгіре жөнелді.


- Ал, бұған қарсы айтар басқа дауыңыз бар ма?-деді Сәргел әйеліне қол созым жерден төне қарап.


- Жоқ,- деді Мәлике болары болған соң неден болса тайынбас кейіппен.- Кінәні мойындаудан, ажырасудан басқа амал жоқ.


Сәргел тың тыңдағандай Мәлике жаққа кеудесін сәл қисайтып оғаш бақырая қарап тұрды да:


- Жоқ, қымбатты Мәлике, неке сіздің ғана меншігіңіз емес, ол екі адамға ортақ нәрсе,- деді саусағын сермеп.-Арызды мен жазамын. Өйткені қылмыс сіздің жақтан жасалып отыр. Күйеудің көзіне шөп салу, неке бұзу, моральдық азғындау - ол даусын көтере түсті,- моральдық азғындау сіздің тарапыңыздан!


- Жаз, жаз, қазір жаз! Қалай деп жазсаң да ерік өзіңде.- Ол диванға сылқ етіп отыра кетті де, екі қолымен бетін басты.


- Бұл жаста екінші рет әйелден айрылу - біреуінен өлідей, екіншісінен тірідей - маған, әрине, оңай емес,-деді кенет Сәргелдің де даусы дірілдеп.- Өзім араласар қауым алдында не бет қалмақ? Мына екі баланың тағдыры қалай болады. Мұны ойламайтын менің жүрегім жансыз тас емес. Бірақ жеке бастың ары мен намысы адамды қандай қиындыққа болса да итереді, соған көндіреді. Жұрт алдында өз кінәмнің жоқтығын дәлелдеу үшін мен сотқа қылмысыңызды ашып жазамын. Төсекте жатқаныңызды ешкім көрмесе де, мен жоқта үйге бөтен еркектің келуі сіз екеуіміздің ажырасуымызға толығынан жетеді. Ол еркектің кім екенін мен әзір білуге асықпаймын, оны да сот процесінің кезінде біліп алуымызға болады.


Мәлике жағдайдың тым ушығып бара жатқанын сезді. Егер Сәргелді бір амалын тауып тоқтатпаса, мұның түбі үлкен шуға айналарын, Бағиланың жүрегіне жазылмас жара түсерін, ең соңында, Жасынның да басы дауға қалып шаңырағының шырқы бұзыларын түсінді.


- Сэр,- деді ол жалбарынған, жыламсыраған дауыспен.- Егер басқа амал қалмаса мен ажырасудан арланбаймын, бірақ мәселе онда емес қой. Егер бәрін айтып берсем сенесің бе, түсінесің бе?


- Егер сіздің де айтатыныңыз Бағиланың сөзі болса, мен сенбеймін.


- Қалай, ол да үйде ме?


- Бәрі үйде. Мен жоқта осы үйде үш әйел қалғансыздар, үшеулеріңіздің де төрт көздеріңіз түгел. Бірақ Мәнсия бұл оқиғадан мүлде хабарсыз екен, сендер иә, сіздер оны өз топтарыңызға қоспапсыздар. Сіздерге оңашалық қажет болған!


- Манс сенен гөрі маған жақын, әйтсе де, оның мінезін білесің ғой, өзі де қосылмайды.


- Біз көп дауласып кеттік білем,-- деді Сәргел басын тағы бір кегжең еткізіп.- Сонымен, ол адам кім? Жасырмай айтыңыз!


Мәлике Сәргел жүрісін тоқтатып, екі қолымен столды тіреп, өзіне құлағын тігіп, көзін тіктегенде барып:


- Мұндай мәселемен еркектің шаруасы болмаса керек еді, амал қанша,- деді иығын қозғап.- Біз бұл дауымызбен Бағиланы жерге қаратамыз ғой. Ұят емес пе?


- Үйге еркектің келуі ұят болмағанда оны кім деп сұрау ұят па? Иә, ол кім? Аты-жөні, қызметін айтыңызшы. Бәлкім, сонда сеніп қалармын.


- Немене, бұл үй бөтен адам кірмейтін, темекі шегуге болмайтын аурухананың реанимациясы ма?


- Сіз сұраққа жауап беріңіз!


- Япырмау, түсінсеңші! Қарындасының ұнататын адамының аты-жөніне бүйтіп қадалған кімді көрдің! Оны біліп алғанда саған не түседі? Жасырды деп ашуланасың, Мәскеуден келгеніңде үйде кімнің болғанын айтып алдыңнан сүйінші сұрап шығуымыз керек пе еді?


- Жоқ, сен қарындасымды қалқан қылма. Сені ұстап беру оған да оңай емес!


Мәликенің мынадай сұмдық ойдан шарасы таусылып, сөз айта алмай тығылып қалды. Бір сәтке кеудесін ашу-ыза кернеп, бәріне қолды бір-ақ сілтеп, екі баласын жетелеген бойы үйден біржолата шығып, жүре бергісі келді.


- Сен... сен мені де өлтіресің,- деді ол сәлден соң кеудесін қолымен басып.- Сыбырлағыңа шейін арамдық жайлаған. Сенің арамдығың адалды арам етеді. Айтарымды айттым, ары қарай арың мен арамдығың білсін. Ол буынынан әл кетіп, орнынан тәлтіректеп тұра бергенде есік аузында тұрған Бағиланы көрді. Жылаған болуы керек, көзі мен екі беті сәл қызарып, домбығып қапты.


- Лике,- деді ол Сәргелге назар аудармастан.- Сіз мен үшін көз жасыңызды төкпеңіз. Мен жатақханаға кетем. Бұл жерде енді тұра беруге болмайтынына көзім жетті. Шаңырақтарыңыздың шырқын осы бұзғаным да аздық етпес!


Бағиланың бұл үйден кетуге шынымен шешім қабылдағанын жанында тұрған сары саквояж бен портфельден байқап, Сәргел мен Мәлике бір-біріне қарасты.


Сәргелдің жанарында "Бұл қалай?"- деген таңданыс тұрса, Мәликенің көзқарасында "Осыған жетіп тыңдық",-деген табалау жатыр еді.


Бағиланың бұл үйден кетуі, шыңдап келгенде, өзіне ешқандай туыстық ауыртпалық артпайтынын Мәлике әйелге тән шапшаң оймен шолып өтті. Расында, егер бұл Сәргелге тимесе Қаратайдың да, оның толып жатқан жора-жолдасын, әйел, бала-шағасын, мына тұрған Бағиланы да білмес еді ғой, бір-біріне мүлде бөтен адамдар ғой. Күйінсе өз туысы Сәргел күйіне берсін? Өзі қас пен көздің арасында осылай ойласа да кеудесін аралап өткен теріс пиғылдан өзі шошынды. Адамды бір-бірімен туыстық қатынас емес, мейірім мен махаббат туыстыратынын, ол жақындық өз туысыңнан да қадірлі боларын ойлады. Осы бір жарым жылдың ішінде ол Бағилаға мүлде бауыр басып, онсыз өмір сүре алмайтындай етене жақын болып алып еді. Қолына саквояжі мен портфелін ұстап, сол ең жақын адамының, ішкі сырын түгел ақтарар адамның кеткелі тұрғаны оған жай оғындай әсер етсе де, Сәргелдің не дейтінін күтіп, шыдап бақты.


- Бұл не, маған қыр көрсету ме?- деді Сәргел қасына барып.


- Жоқ, өз еркіммен,- деді қыз күбірлеп.-Қалауымша тұруға болады ғой, Лике, солай емес пе?-


Ол Мәликеге қарап, зорлана күлімсіреді. "Сайтан, жылап тұрып күлсе де, күліп тұрып жыласа да әдемі!"- деді Мәлике іштей.


Сәргелдің көз алдынан үш адамның портреті - әуелі Қаратай, оның министрліктегі досы, ректор елес беріп өте шықты. Егер мына қыз тентектікке салып, бұл үйден біржолата кететін болса, әлгі үш адамның үшеуі де сол елес сияқты мұның өмір жолынан ғайып болатындай көрінді. Сол үшеуінің ғайып болу, болмауының бір ұшы осы қаршадай қызда жатқаны Сәргелді ызаландырса да,өзін байсалды ұстауға тырысып сөз бастады.


- Бәрің бастарыңнан сөз асырғыларың келмейді,-деді ол бауырмал, жұмсақ үнге көшіп.- Айып болса да айтайын, ерте ме, кеш пе, жаман ба, жақсы ма, сен де тұрмысқа шығып, үй боласың. Сол кезде адал өміріңе сырттан сұғанақ қол араласса, жылы ұяңды жылан аралап өтсе, қай қайсың болса да ашынарсыңдар, тіпті менен де жаман әрекетке баруларың ғажап емес. Енді кеп өзім байқаған, балаларым көрген шындықты айтсам, бірің ер-тоқымыңды баурыңа ап тулайсыңдар, бірің бәдәуидей арқаланып шыға келесіңдер. Соның бәрін біле тұра, сендердің ойларыңша, мен үндемеуім керек пе еді, дұрыс деп құптауым керек пе еді? Кінә сендерде, бірақ сен кетсең ел-жұрт не дейді, ауылдағы ағайын не дейді, Қаратай қалай ойлайды. Бір қарындасын сыйыстырмайды демей ме? Бар, заттарыңды орнына апарып қой!- Ол Мәликеге қарады да:- Неге тұрсың, көмектес- деді бұйырып.


- Мәлике Сәргелдің "сізді" қойып "сенге" көшкеніне, қытымыр шалдың бұл жолы бауыр-етті қытықтайтындай жылы сөздер айтқанына, Бағиланың екі ойлы боп мүдіріп қалған сәтін пайдаланып, "Бар, көмектес",- деп бұйырғанына қуанды. Ол саквояж бен портфельді іліп алды да, Бағиланы иығымен итеріп, ай-шайға қаратпай түпкі бөлмеге айдап кірді. Олар Бағиланың бөлмесіне опыр-топыр кіріп бара жатқанда, қарсы бөлменің есігі ашылып, өздеріне жеп жіберердей кәрлі көзбен қарап тұрған Мәнсияны байқап қалды.


- Неткен қорқынышты!- деді Бағила креслоға отыра кетіп.


- Не қорқынышты?


- Жаңағы көзқарас! Ол маған ылғи осылай қарайды. Мен оған не істедім?!


- Кім білсін,- деді Мәлике күрсініп.- Не жазғанымды білмеймін, мені де жек көреді. Байғұс қыз, менен өзге жанашыры жоқ екенін, ешкім мен сияқты жақсылық жасай алмайтынын білмейді ғой деймін. Еңді оған қандай жағдай жасауым керек? Қолымнан басқа не келеді?.. Қойшы!- Ол бұл тақырыпта айтар сөзі көп екенін, бірақ, оның -қазір ауыр болатынын білдіріп, қабағын шытты.- Сұлудың жүрегі суық болады ғой деймін. Мені қалай қиып кете бермек болдың, соны айтшы?


- Сәргел ағаның жібермейтінін білгем,- деп күлді Бағила.- Ал, жібере қалған күнде де келіп тұрар едім.


Мәлике көзқарасын үлкейтіп, оған тесіле қарап тұрды да:


- Мынаның қуын қарашы-ай!- деді. Жібермейтінін біліп едім дейді.- Сен маған қолың тигенде келіп тұрасың, ә?! Мен саған бар ғой, мен саған казір сол сөзің үшін сыбағаңды беремін!- Ол столда жатқан газетті орап алып, оның арқасына сатырлатып соға жөнелді- Ал сазайыңды, ал!


Мәлике оны "жазалап" болған соң "Кешір, кешір Лике, енді олай етпеймін",- деп бұлқынған Бағиланы құшақтай алды. Оның бетінен, маңдайынан, көзінен сүйді. Өзін қоя берген кезде Бағила Мәликенің жанарынан жылт-жылт етіп төңіректеген жасты көрді. Ол көзіне неге жас алды? Қайғыдан ба, қуаныштан ба, кешегісінен бе, бүгінгісінен бе, қазіргі тіршілік қаракетінен бе, әлде, ертеңгісінен бе - оның сырын ешкім, тіпті, Мәликенің өзі де білмейтін. Бұл да қырық қатпар адам жанының өзге түгілі өзіне де жұмбақ толқынысы мен тебіренісі еді. 


* * *


Бірнеше күннен соң Қаратай Сәргелден мәні жұмбақ, мазмұны күңгірт, бірақ мейлінше ұзақ хат алды. Ол ешқашан бұл секілді ұзақ жазылған хатты біреуден алып та, біреуге жіберіп те көрген емес. Ашуын ашса да, жалпы кіріспеден әрі оқуға уақыты болмай, қалтасында екі-үш күндей жүріп қалды.


Ол бір оқығанда хаттың негізгі айтпақ ойы не екенін толық түсіне алмай, әйтсе де, жүрегі бір жамандықты сезіп, қайта оқыды. Сәргел өз үйінде таяуда болған оқиғаны жазыпты. Оны жазбасына болмағандықтан, мұндай келеңсіз хабарды әкенің білуі парыз екенін, өзінің сол парызды аттап өте алмағандығын, бұл сырды ешкімге, тіпті, қыздың анасына да айтпауын өтініп жазыпты. "Мен әрқашан өз әулетіміздің тазалығы қоғам алдында да, адам алдында да қызарар тірлік жасамауын, алып-қашты сөздерден аулақ болғанын, көбірек ойлаймын,"- депті ол хаттың соңғы жағында.


Қаратай балапанның ізіндей айқыш-ұйқыш, ірі-ірі жазуларға үңіліп отырып, әрең оқып шыққан. Ертеңгі шайдың кезі болатын. Ауданның ең алыс, шекаралық совхозында малдың жайы жаман деген хабарды кеше естіп, мал шаруашылығы бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Тұрғатты қасына алып, ертемен солай жүріп кетпек еді. Бұл бөлімнің меңгерушісі пенсияға кетіп, Қаратай күзден бері осы жұмысты қолынан іс келсе, көрейін деген оймен Тұрғатқа уақытша тапсырған. Әйелі столға ертеңгі асты әкеп қойғанынша қарай тұрмақ оймен хатты аша салып еді, сол бойы отырып қалды. Ол бір кесе ыстық шай мен екі-үш жарпа етті аузына сала салып, орнынан тұрды.


- Денсаулығыңды бұзасың ғой, тамақ ішіп алсаңшы,- деді әйелі оның бұл сөзден соң қайыра отыра салмасын білсе де жан ашу танытып.


- Машина кеп қалды. Әне, күтіп тұр.


- Әлгі нәрсе не, хат па? Сонша үңілдің ғой?


- Жай... Сенін үстіңнен түскен арыз!


- Кім жазыпты?- Ол да әзілге орай сұрақ қойды.


- Студент кездегі қыздарым. Олар қартаймапты, әлі сол күйінше екен.


- Олар не дейді?


- Не деуші еді, әлі үміт үзбепті.


- Бар.


- Міне, кетіп бара жатырмын.


- Сол жақтың магазиндерінде фламастер болса, ала келші, балалардың миымды жегеніне үш күн болды. Совхоздарда болып қалады.


Қаратай әңгіменің тұрмыс қажетімен біткеніне күліп алды да, үйден шығып кетті.


Батыстан соққан желкем кеше кештен бері жауып тұрған қиыршық қарды жерге бір қалыпты қиғаш қондырып, онысына көңілі толмағандай кей-кейде екіленіп, еркінсіп алады да, қайта қалпына түседі:


- Асфальт біткен соң ары қарай жол бар ма екен?-деді Қаратай аудан орталығынан шыққан соң.


- Жол жоқ деп естігем. Совхоз орталығына жеткен соң басқа машинаға мінеміз. Түнде директормен сөйлестім, бәлкім, трактормен жол ашып қойған шығар.- Тұрғат іскерлігін көрсетіп алғысы келіп, жағдайды нақты баяндауға тырысты.- Төрт шопаннан әзірге жүз қырық бес қой шығынға ұшырады. Кейбір бөлімшелерде ірі қарадан өлгендер бар.


- Ең көп шығынға ұшырағаны қайсы?


- "Бүргендідегі" шопан. Есіңізде шығар, былтыр сізге бір шаруамен келіп жүрген. Жасы елулерге тақап қалған, жеті баласы бар, денелі кісі.


- Есімде, есімде,- деді Қаратай.- Келген.


- Жалтыр бас.


- Онысын қайдам, кеңсеге келгенде жаутұмағын шешкен жоқ.- Қаратай мырс етіп күлген соң машина ішіндегі шофер мен Тұрғат та кеңкілдей күлді.


- Ондай мінезі бар,- деді Тұрғат, шопандардың әрқайсысын жақсы білетінін танытып.- Райкомға келгенде бас киімді алуды да білмейді-ау, жарықтықтар.


Екі сағаттан соң олар совхоз орталығына жетті. Совхоздың шекарасы боп саналатын төбе басында оларды директор мен тағы үш-төрт жергілікті басшылар күтіп тұр екен. Қаратай оларды көрген соң машинадан түсіп, бәрімен кезек-кезек қол алысып амандасып шықты.


-Анда мал қырылып жатыр, бәрің үйде отырсыңдар ғой,- деді Қаратай директорға қарап, салқын қабақпен.


- Сіз келеді деген соң...- Ол әлдене деп ақтала бастап еді, Қаратай оның сөзін бөліп жіберді.


- Сонда мен осы жаққа сендерді түгендегелі келеді деп пе едіңдер!


- Қаратай Исаевич, орнымыздан табылайық дегеніміз ғой.


- Сендердің орындарың анда - мал қырылып жатқан жерде!- деді ол белгісіз қыстау жаққа қолын сермеп.- Маған өзің қалсаң да жетесің. Ол жаққа жол бар ма?


- Бар. Түнде екі грейдер кеткен.


- Түнде? Мен келеді деген соң? Ал, мен келмесем ше? Құс боп қатынайтын ба едіңдер.


- Қаратай Исаевич, қарап жатқан жоқпыз. Техниканың бәрі қар тоқтатуда жүр. Екі грейдерді сол жақтан алдырдық.


Қаратай директорға, сонан соң әліптің артын бағып, үрпиіп үнсіз тұрған қалғандарға жағалай қарап шықты.


- "Мал қора бітті, тауық қораға ағашты қайдан аламыз?" "Мал қорадан". Володя кешегі журналды көрсетші!


Қазақшаны қалада өскен қазақтардан он есе жақсы білетін орыс жігіті тонының ішкі қалтасынан бір сатиралық журналды алып, прораб пен директордың сөйлесіп тұрған сәті бейнеленген қарикатураны оның қолына бере қойды.


- Міне, көріңдер!- деді Қаратай журналды директорға ұсынып.- Сендердің де тірліктерің осы. Егіске дайындалып жатқан техниканы алып жол тазалауға жұмсағансыңдар. Оған басқа грейдер бөлу керек, арнайы!Ал, көрмегендерің кейін көрерсіңдер. Кеттік!


Үйіріліп тұрған адамдар бір-біріне жалтақ-жалтақ қарасты. Ақырында бәрінің жанары анталап кеп директорға тоқтағанда ол қаймығып барып:


- Қаратай Исаевич, ас-су ішіп алып аттансақ... Біздің рабочкомымыздың әйелі кеше ұл тауып... Соны біздің үйде сізбен бірге аздап атап өтсек деген ойымыз бар еді,- деді үзіп-жарып.


Секретарь оған бұрылып қарады.


- Ұл тапқан - рабочкомның әйелі. Оны неге сіздің үйде атаймыз?


-Солай келісілген еді... Қаратай Исаевич.


Қаратайдың күлкісі келді, бірақ, өзін-өзі ұстап қалды.Әйтсе де, "Әйелі ұл тапты",- деген сөзді елеусіз қалдырғысы келмей, аласа бойлы, қызыл шырайлы, көзі күлімдеген кісіге қарап: "Дәм ауыз тиеміз. Құтты болсын!- деді.- Ал, қол тимесе". Ол: "Сыбағамды ала кетермін",- деп айтып қала жаздады да, дер көзінде тоқтай қалды. Алғаш секретарь болған кезде, шаруашылықты аралап жүріп, бір тойдың үстінен түсіп қалғаны бар-ды.


Онда да асығыс болатын, аудан басшысы мамыражай жүре ала ма? Үй иесі мен директордың көңілін көтеру үшін әлгіндей сөзді айта салып еді. Аттанар шақта совхоз кеңсесінен шығып, машинаға отырғанда бір-ақ көрді, машина машина емес, магазин боп кетіпті. Төбе шашы ду ете қалды.


- Бұл не?- деді ол қасында тұрған директорға қарап.


- Екі тоғыз ғой,- деді ол ыржиып.


- Ол неғылған тоғыз?


- Тойдың сыйлы қонағы - сіз. Тоғыз-тоғыз киімнен он сегіз киім.- Директор үлкен азаматтық жасап тастағандай өзіне күлімсірей қарап тұр.


Қаратай ләм деместен ішке қайта кіріп кетті. Шоферін шақырып алып, киім-кешектің бәрін директордың кабинетіндегі стол үстіне үйгізіп қойды. Директор шалдау кісі еді, қоштасарда:


- Мынаның бәрін алып кетіп, тиісті жеріне берсем, халіңіздің қандай боларын білесіз бе?- деді.


Директордың көзі атыздай боп кетті.


- Солай,- деді секретарь оның көзі ұясынан шығып кетер ме екен деп бақылап тұрғандай оған ұзақ қарап.-Екіншілей бұлай жасамаңыз. Бала-шағаңыз бар, қарт адамсыз, сонан соң кештім!


Сыйдың арты сотқа тіреле жаздағанын енді сезген директор кекеш боп қала жаздап барып әрең тілге келді де: "Сау болыңыз!"- деген қысқа сөзді қырық бөліп әзер айтты. Қаратай да "сыбаға" деген сөзді енді қайтып аузына алмайтын болған.


Ол директорды қасына отырғызып алып, шопан қыстауына қарай бет түзеді. Қаратайдың райын байқаған соң, директор қалғандарды қайтарып жіберген. Грейдердің түнде өткен жолын тобықтан қар басып, машина жүрісін өндіре алмай келеді. Аудан орталығына қарағанда бұл жақтың желі өктемдеу, ызғарлы екен. Қарсы беттен сабалап тұрған қарды машинаның терезе тазалағышы жанын салып жан-жаққа лақтырып жатса да үлгере алмай, жол бірде жалт етіп анық көрініп, келесі сәтте-ақ қайта бұлыңғыр тартады. Машина дөңгелегі ауық-ауық шұңқырға түсіп кетіп, іште отырғандардың қолқалары үзіле жаздайды.


- Грейдершілер жолдың ескі сүрлеуінен шығып кетіпті,- деді Володя тап-таза қазақ тілінде. Қаратаймен қазақша сөйлесіп, ауық-ауық шофермен орысша тілдесіп келе жатқан директор селт ете түсті де, орыс жігітіне қарап тұрып, өзінен-өзі қызарып кетті. Оның ыңғайсызданғанымен шаруасы жоқ, Володя жолдан көз алмай өзімен-өзі боп келе жатыр.


Олар жарым жолға келгенде бетін бері бұрып, маңқиып тұрып қалған екі грейдердің біріне кездесті. Іште ешкім жоқ шығар деп оны айналып өте бермек болғанда, кабинадан әлдекімнің қараңдағанын көріп, бұлар машинаны жалма-жан тоқтатты да, үшеуі бірдей аударыла түсті.


Бұлар жақындағанда грейдерші де кабина есігін ашып, келідей бұйра басын қылтитты. Суық сорған жүзі көгеріп, жылқы еріндері амандасуға әзер икемге келді.


- Оу, батыр, мұнда неғып тұрсың?- деді Қаратай директордан бұрын әуелі өзі тілдескісі келіп.


- Неге болушы еді, сынып қалдым,- деді жігіт дүңк етіп.


- Жолдасың неге көмектеспеді?


- Көмектескенде бітетін нәрсе емес. Жолыңнан қалмай жүре бер дедім. Қазір ол "Бүргендіге" де жетіп қалған шығар.


Жігіттің қалжыраған, ұйқы жеп, аяз сорған бетінен күлкі нышаны байқалды. Манадан бері оның аудан басшысымен тым өктем сөйлескенінен зәресі ұшып тұрған совхоз директоры:


- Жаның бар ма, жоғарыдан шіренбей түссеңші жерге!- деп зекіді Қаратайдың желке тұсында тұрған ол ыммен сес көрсетіп.


Жігіттің ол сестен сескенетін түрі жоқ, қасынан өтіп бара жатқан қозыға немесе басқа бір үйреншікті үй жануарына қараған самарқау төбеттей оған бір қарады да, қоя салды.


- Аяғыммен жер басып үйренбеген адам едім, аянып отырғаным,- деді ол директордың одан бетер иманын ұшырып.


- Қаратай Исаевич, көңіліңізге алмаңыз!- деп ол құрақ ұшты.- Әй, сен ішіп алғаннан саумысың, қалай-қалай сөйлейсің өзің?!


- Мен сізге айтарымды кеше айтқам,- деді жігіт кесек астында өскен қауындай жалпиған мұрнын шуылдата бір тартып.- Сынып тұр, айдалада тұрып қалам дедім. "Өлсең өлігің сонда қалсын",- дедіңіз. Міне, қалып тұрмын.


Аудан басшысының алдында мына оңбағанның бәрін айтып тастағаны директордың ызасын қайнатты. Оңаша болса жерден алып, жерге салар еді, тек, Қаратай болған соң іші қазандай қайнап, жарыла жаздап әрең тұр.


"Бәлем, көрермін ертең!"- деді ол іштей.


- Сынар машинаң сынды, айдалада қалғанша жолдасыңмен бірге кетпедің бе?- деді мына жігіттің бойынан тазалық пен адалдық байқаған Қаратай оны өзіне жақын тарта сөйлесіп.


- Ол менің алдымда болатын. Тоқтап қалсам қарама,кешігесің, сен келгенше күте тұрармын дегем. Грейдердің бұзылып жүргенін ол да білетін. "Жұт жеті ағайынды" дегендей, мотор да сөніп қалды. Таңға жуық сөнген.


Совхоз директоры аудан басшысының бір трактористке соншалықты жабысып, сыр тарта бергенін іштей ұнатпай қалды. Мұның бәрін ол өзі жайлы жұмысшылар арасында жақсы пікір тастап кету үшін жасап тұрғандай көрінді.


Әңгіме осымен біткен шығар, енді жүрерміз деп тұрғанда Қаратай қайта сөз бастады.


Өзің бір ер келбетті жігіт екенсің. Аяғыңа нешінші размер киесің?- Бұл күтпеген сұрақтан жерде тұрған директор мен Тұрғат та, "аспанда" отырған грейдерші жігіттің өзі де аңтарылып қалды. Сөйтсе де сұрақ қойылған сон, жауап бермеске болмасын түсініп:


- Тигенін киеміз,- деді жымиып.-"Аяғы үлкен тигенін киеді, аяғы кіші сүйгенін киеді". Біздікі сол, тигені ғой. Қырық үшінші размер!


Қаратайдың іші әлдене сезгендей оған тағы біраз барлай қарап тұрды да:


- Көрсетші аяғыңды,- деді.


Ол ыңғайсызданып, сәл мүдірді де:


- Міне,- деді оң аяғын жоғары көтеріп.


- Бергі аяғыңды неге көрсете салмадың?


- Кісіге сол аяқты көрсеткен шариғатқа қайшы.


- Ім-м, шариғатқа қайшы дейсің, ә? Түсінікті. Володя,- деді ол кабинада отырған жігітке айғайлап.- Мұнда кел!- Ол жетіп келді.- Қанша килограмм көтере аласың?


- Штангадан жүз жиырма. Арқама салса екі жүзге дейін көтере алам,- деді ол күліп.


- Ендеше, ана жігітті аркаңа сал да, машинаға отырғыз. Салмағы көп болса жүз, не жүз он шығар.


Қаратайдың мына сөзі ойыны ма, шыны ма, ол жағына түсіне алмай Володя әуелі қасындағыларға, сонан соң ыржиып "аспанда" отырған жігітке қарады.


-Байқа, құлатып алма,- деді еңгезердей жігіт Қаратайдан басқаның бәрін таңқалдырып.


- Қаратай Исаевич, бұл әзіліңізге түсінбедік,- деді директор әлгі айтқанды орындау керек пе, керек емес пе дегенді бір тұжырымдап алу үшін.


- Қазір түсінесің.- Сөйтті де машинаға қарай кетіп қалды.


"Не боп кетті бұл!- деді директор грейдершіге арқасын тосып тұрған Володяны көріп.- Өң бе, түс пе? Мына трактористің қылғаны-ай, ә?! Қаратай Исаевич та қызық адам екен ғой өзі, мұнысы несі?!"


Кенет оның ойы кілт үзіліп, өңі қуарып кетті. Володяның арқасына мінген қырық үшінші размер киетін жігіттің сол аяғы жерге сүйретіліп келе жатқанын көрді. Директор үрей мен таңданыстың арасында дағдарып тұрып калды.


Бірнеше минуттан соң машина орнынан қозғалды, бірақ көпке дейін ешкім жақ ашып үн қата алмады. Ойда жоқта кездескен мына жағдай әсіресе совхоз директорын тұйыққа тіреп, тілін біржолата байлап кеткен секілді. Манадан бері артқы жақта емін-еркін отырып келе жатқан Тұрғат екеуінің өрісі тарылып, қысылысты да қалды. Оның үстіне мына грейдерші жігіт те аудан басшысының келуіне орай аяғын үсітіп алғанына масаттанғандай бір өзі екі кісінің орнын алып, жайылып жатыр. "Бұлардың тұяғы қимылдап кетсе міндет,- деді ішінен директор күйініп.-Аяғы үсіп кетсе де, айдалада жүріп жардан қарғып кетсе де, бір жерде мас боп қатып қалса да жауап бересің. Соны біліп алған бәлелер. Өз жаны өзіне емес, басқаға керек секілді, тіпті, сол жанын прокатқа алған адамдай аямайтындарын қайтесің? Содан біреудің бердемесі кетеді дей ме екен? Ал мені жазалады, орнымнан алып тастады. Сонда не түседі? Өзінің азап шегетінін неге ұмытады? Асырап отырған бала-шағасы бар емес пе? Және, мынадай суықта білдей жігіт аяғын үсіте ме? Былтырғы қыста екі шопан бірдей адасып кетіп, үш күннен соң табылды, біреуі он алты жасар бала. Сол баланың екі саусағы ғана үсіді ғой, сонда да балалықтан. Ал бұл трактордың ішінде отырып аяғынан айрылып отыр. Ұйықтап қалған ғой. Ішіп алып ұйықтаған шығар-ау".


Ол көзінің қиығымен грейдершіге қарап еді, жылы жерге келген соң ба, маужырап, кірпіктері жұмылып бара жатыр екен. Бағана оны машинаға көтеріп салардың алдында Володя оның сол аяғын қармен біраз ысқылаған-ды, бәлкім, сол ем болды ма, әлде, табиғатына біткен шыдамдылықтан ба қыңқ етіп қиналыс білдіріп келе жатқан жоқ.


- Ал батыр, аты-жөнің кім, айта отыр,- деді Қаратай біраздан соң артқы жақтағыларға мойнын бұрып.


Жігіт көзін ашып "Маған айтасың ба?"- дегендей бірнеше сеқунд үнсіз жатты да, еріндерін ғана қимылдатып:


- Кенжетай Оразов,- деді ақырын ғана.- Әкемнің ең кішісімін, сонан соң атымды Кенжетай қойған. Бірақ алты баланың ішіндегі ең денелісі - мен.


- Ең денелісі бола тұра аяғыңды үсітіп алғаның ұят емес пе?- деді Қаратай оған күлімсірей қарап.


- Сол, денеме сенем деп құдай ұрып қалды ғой. Киіз байпағымды ауылға барып шығатын болған соң бір жігітке беріп кетіп ем, үйдегі байпақты жыңғыл шабуға әкем киіп кетіпті. Сонан соң мына етікпен ғана қалуға тура келді. Қызық, адам өз денесінің үсігенін білмей қалады екен ғой!- Ол жан-жаққа жалт-жалт қарап езу тартқан болды.


- Жазылып кетсе жақсы, жазылмаса мүгедек боп қаласың ғой,- деді Тұрғат сөзге араласып.


- Ә-ә,- деді жігіт немқұрайды қолын сілтеп.- Жиырма тоғыз жыл он екі мүшем сау, бейғам өмір сүрдім, аз емес. Қанағат ету керек. Бұл тіршілікті көрген де бар, көрмеген де бар, кезегін күтіп сарылып жатқандар да бар, кезегі келгенмен жарық сәуле көрмей зу етіп өтіп кеткендер де бар. Мен әке-шешемнің алтыншы баласымын дедім ғой жаңа. Олардың қалалы жерде емес, далалы жерде өмір сүргеніне де шүкір. Екеуінің екі дипломы боп, Алматыда жүрген болса, мен деген, қайда-а-а, бұл дүниеге келмес едім ғой. Алты ағайынды емес, көп болса үш, не екі ағайынды бала боп жүрер едік. Қалғанымыздың бәрі, алынып тасталар ек!- Ол отырғандарға тағы бір сыпыра қарап шықты да, жайбарақат жата берді.Мынадай оқыс та оспадарсыз боп көрінген жауаптан бәрі бір-біріне қарасып үнсіз қалды.


- Кенжетай, аузыңа не келсе соны айта бермей, байқап сөйлесеңші! Қасыңда үлкен кісілер бар,- деді директор оны әуел бастан жақтырмай келе жатса да бұл жолы қасылай сөйлеп.


- Айтып келе жатқаным басқаныкі емес, өз айыбым ғой. Егер оны да сөкет көрсеңіздер, қойдым,- деді ол басын терезе жаққа бұрып.


Қаратай мына жігіттің ойының еркіндігін, жалғандық пен жылтыр сөзден мүлде аулақтығын, өзі сыйлаған адам болса жанында аямас мәрттігі барын байқап, оны іштей ұнатып қалды. Одан бір сәт көз алмай қарап отырып, тонының сыртқы қалтасынан қылтиып көрініп тұрған кітапқа көзі түсті.


- Осындай ақ қар, көк мұзда кітап оқып жүрген ер екенсің. Қалтаңдағы не кітап?


Кенжетай мойнын сәл бері бұрып, калтасындағы кітапты алды.


- Екі рет оқыдым. Қол тисе тағы оқимын ба деп салып жүр едім. Қиын жазатын жігіт екен. Өзі менен екі~ақ жас үлкен. Ойды қайдан таба береді?!


Қаратай мұқабасы мыж-мыж боп, кір басқан кітапты қолына алды да, ішін көрді. Кітапта автордың суреті бар екен. Өңменіңнен өтердей суық та ойлы көз тура өзіне қадала қарап тұр. Оның есіне таныс бейне түсе кеткендей болды. Қайдан керді, қай жерде жолықты? Бір-екі жылдың төңірегінде жазушы атаулымен жүздескен жоқ еді ғой! Иә, қайдан көрді?..


Кенет оның жүрегі дір ете түсті. Сол! Сол жігіт! Бұл жайлы жаздың күні тауда жүргенде Бағила да айтқан. Өздері купеден қуып шығатын жігіт! Ол кітап авторының фамилиясына қарады. "Жасын Мәдиев. Неткен кездейсоқтық!- деді ішінен Қаратай.-Бұл жігітпен ылғи да жайсыз жағдайда кездесе беретін болдым ғой".


Қаратай кітапты біраз уақыт аударыстырып қарап отырды да, жігіттің өзіне қайырып берді.


- Уақыт болса, ауданға барғасын тауып алып оқырмын.


- Жиындарда көп боласыздар ғой. Сонда... қонақ үйде оқып шығуыңызға болады,- деп ақыл қосты әке-шешесінің қалада тұрмағанына шүкіршілік етіп жатқан жігіт қалтасына кітабын салып жатып.


Тұрғат пен директор түнімен суыққа тоңып, аяғын үсітіп алды ғой деп оның сөзі мен қимылына қарсылық көрсетпей, сырттай қамқор ниет танытқанмен, мына "алтыншы баланың" тым еркінсіп, Қаратаймен терезесі тең адамдай оңай сөйлесіп келе жатқанын ұнатпай, іштей қызғанып келеді және өздерін елеусіз тастағаны үшін аудан басшысына жасырын реніштері де жоқ емес.


Түске жақын олар "Бүргендіге" де жетті. Өзі салып өткен жолмен басшылардың қалай келгенін көрмек болғандай, шопан тамының жанында бауырын көтерген грейдер бұларға бір қырындап қарап тұр екен. Грейдерші жігіт тамақ ішуге кірсе керек, машина кеп тоқтағанын естіген соң сыртқа атып шықты. Оның соңынан шопанның әйелі мен сегіз-тоғыз жасар қызы да көрінді.


Бұлардың Кенжетайды көтеріп келе жатқанын көріп әйел мен қыз түкке түсінбей ербиіп тұрып қалды, ал, үйден шыққан грейдерші жігіт өзінің серігін тани кетіп, оны бас салды. Әуелгіде ойы жаманға жүгірген болуы керек,серігінің тірі екенін, тек тірі ғана емес, мешел баладай ыржиып келе жатқанын көріп қуанғаннан, бір жағы басшылардан ұялғаннан сыпайылық сақтап: "Өй,аузыңды..."- деп әр жағын айтпай бір боқтап алды да, оны Володядан аударып, өзі көтеріп алды. Манадан бері демін ішіне тартып, сілейіп тұрған шопан әйелі сонда барып арқасынан диірмен түскендей бір күрсінді.


- Уһ! Жаманқараның тайы өліп қалған екен десем...адам екен ғой!- деді ол шапшаң сөйлеп.


- Адам боп шыққанына өкініп тұрсыз ба, қуанып тұрсыз ба?- деді Қаратай оған жақындай бере күлімсіреп.


- Е, қайсысы болса да аман болсын! Әлгі райкомдарың қайда, келе жатыр ма?


Аудан басшысының алдында өрескел бірдеңе айтып бүлдіріп жүрмесін деп совхоз директоры жалма-жан сөзге араласты.


- Алдыңда тұрған сол кісінің өзі! Қасындағы кісі де аудан басшысының бірі.


- Көтек! Нағыл дейді, құдай-ау!- деді әйел бетін шымшып.- Әй, Күлзира, бар, көкеңді шақыр! Жылдам.


Шешесінің бе әлде өзінен үлкен әпкесінің бе, үстіне шектен тыс кең күпәйке киіп, оларға сүзіле қарап тұрған қыз бұйрық ала салысымен алыстағы қора жаққа қарай жүгіре жөнелді. Қарсы алдынан соққан қарлы желден етегі желбіреп барады, қолпылдаған керзі етігінің екі өкшесі күпәйкесінің артын барабаншының таяғындай кезек-кезек соққылайды.


- Иә, аман-есенсіздер ме? Ойбай-ау, мынау өзіміздің деректр екен ғой, құдай ұрып танымай қалғаным. Айып етпе қарағым,- деді ол жасы өзімен қатарлас болса да егде адамдай тағы да абдырай сөйлеп,-- Мына бір боран да тоқтамай есімізді шығарып жіберді. Қане, үйге кіріңіздер. Өздеріңнің осы жаққа келетіндеріңді жаңа ғана мына бүлдізер жеткізді. Үй деген шуы жиналмай, шашылып жатыр. Қазір балалардың әкесі де кеп қалады. Қаратай мына әйелдің аңқылдаған ақ жарқын мінезі мен ашық көңіліне риза болғандай сәл жымиып, үйге кірмей-ақ қойсақ кайтеді дегенді білдіріп еді, ол асаудай тулап шыға келді.


- Басшы болсаңыздар, басшы шығарсыздар, бірақ астан үлкен ешкім де жоқ!- деді ол назымен ашуын томыртқалап.- Ұрысатын болсаңыздар төр алдында отырып~ақ ұрыса беріңіздер, ошақ қасында отырып тыңдай береміз. Ай даладағы жалғыз үйлі қойшыға кім ұрыспайды, тыңдап үйренгенбіз тәйірі!- Оның даусында көнбіс болған мінез бен жантақ тамырындай тереңнен сыр берген ашулы нышан жатты.- Бала-шағамыздың алдында да бала-шағадан ұрыс естуге арланбайтын болғанбыз. Кіріңіздер! Көп болса өкіметтің қырық қойы қырылды деп ашулы келген шығарсыздар. Одан өкімет кедей боп қалмайды. Малды табатын адам. Қой баққанымызға он жеті жыл бопты, мұндай қырсыққа душар боп көрген жоқ едік. Содан бері қырық емес, қырық мыңдық еңбегіміз бар. Арқадан қаққан ешкім жоқ, бәрі дөкей, бәрі көсем,аузын ашса алғыс емес ұрыс шығады. Ел-жұрттан безіп осы адырда бұ байғұстар неге жүр деп ешқайсысы ойламайды. Шиеттей бала-шағаның қысы-жазы көргені осы. Қырық қой қырылды деп... Алдыңғы жылы арыстандай боп...


- Теңге, болды, болды! Суырылып барасың ғой. Бұл сөзіңді басқа уақытта айтарсың,- деді ақтарылып келе жатқан әйелді совхоз директоры кілт тоқтатып,- Қаратай Исаевич, үйге кіріп шықсақ кайтеді. Бір-екі кесе шай ішіп, бой жылытып алған да жаман болмас.


Теңгенің талай сырдан хабар беріп өткен мына сөзінен кейін сәл ғана сәтке ойға шомған Қаратай совхоз директорына қарап, үнсіз бас изей салды және өзінен әлгінде "Үйге кірмей-ақ қойсақ кайтеді",- деген ұсынысының мүлдем қате болғанын енді ғана түсінді.


Олар кірпіштен салынған екі бөлмелі қоржын тамның "қонақ бөлме" деп аталатын жағына кіріп келгенде, пеш жанында состиып-состиып тұрған біреуі жеті, екіншісі төрт-бестер шамасындағы екі қызға көздері түсті. Пештің арт жағындағы бұрышқа екі грейдерші жігіт жайғасыпты.Үйдегі аптечканы тауып алып, сау грейдерші үсіген грейдершіге білген емін жасап жатыр екен. Жан тапсырса да әзілдеп тапсыратын болуы керек, серігінің қолы денесінің кез келген жеріне тиіп кетсе де Кенжетай "мама" деудің орнына қасақана "папа" деп айғайлап қояды.


- Осыларға қашан ес кірер екен. Үйді тап-тұйнақтай етіп отыратын жасқа келдіңдер ғой,- деп Теңге үйге сөйлей кірді. Көрпе салыңдар. Кісі келгенін көрмедіңдер ме? Бұларға айтпаса болмайды, өздері біліп істеу деген жоқ!


Кішкентай екі қыз аласа саңдық үстіне жиналған көрпелердің үшеуін қолдасып көтеріп түсірді де, бірін төрге, екеуін екі қабырғаға жанай төседі. Кішкентайы пысық екен, қимылы ширақ, еңкейгенде бетін жауып кеткен кап-қара шашын ересек қыздай арық қолымен жоғары сілкіп кояды. Екеуі көрпелерді төсеп, міндеттерін мүлтіксіз атқарып бітті де, пеш жанындағы дәл баяғы орындарына қайта барып тұрды.


- Төртеуі ұл бала, үшеуі қыз,- деді Теңге балалардың шашылған киімдерін жиып жатып.- Олардың екеуі оқуда, екеуі әкелерімен бірге жүр. Мына біреуіміз (әлгі екі қыздың үлкені) биыл біріншіге барып еді, каникулға келді де, жолды қар басып қайтып бара алмай қалды. Енді бүлдізер алып баратын болды. Сіздердің келгендеріңіз де тәуір болар ма...


Теңге бульдозерді адам сияқты елестетіп сөйлейді екен. Ол бульдозер жайлы айтқанда тап бір оның өзі жүріп тұратындай, жүргізушісі жайлы есіне де алмайды. Қаратай осыны байқады да, әрі ақ көңіл әйелдің бұлардың неге келгенімен ісі жоқ, әйтеуір келгендеріне қуаныш білдіріп жатқанына аздап жымиып қойды. Қонақтар көрпеге отырған соң Теңге:


- Ал, Сопия, Мәрия, сопиып қарап тұрмай шай қойыңдар,- деді иегімен самаурын жақты меңзеп. Олар екі айттырмай лып етіп дәлізге шығып кетті.


- Қыздарыңыздың аты орысша ма, қазақша ма?-деді Қаратай Теңгеге күле қарап.


- Кім білсін соны,- деді Теңге пеш үстіндегі үлкен қара қазанды ас дайындауға әзірлеп.- Ана миы ашқан шалдың қойып жүрген аттары ғой. Әліне қарамай ежелеп кітап оқып отырады да, сондағы әйелдердің аттарын қыздарына жапсыра береді. Біреуі есеп шығаратын, біреуі қимия дей ме, пизика дей ме соны шығаратын екі қатын бопты дейді ғой. Ана алжыған шал екі қызына солардың атын таратып берген. Әні, анау, қойдың кіріс-шығыс кітабының артына он шақты әлгіндей аттарды жазып қойған. Келесі қыздарына қоймақшы.- Ойы әлдеқайда жүгіріп барып қайтты да, Теңге мырс етіп күліп жіберді.-Бір түйір ес болса сөйте ме!


Үй ішіндегілер түгел күлді. Сол күлкі бойларын жадыратып, көңілдерін көтеріп кетті. Қазір ғана жұртты жадыратқан Теңге келесі сәтте қонақтардың миын шыңылдатып, темір қасықпен қазанның түбін қырнай бастады. Директор қабағын тыржитып отырды да:


- Ту, Теңге, тамақ ішпесек ішпей кетейік, тоқтатшы алдыңдағыны!- деп зекіді.


- А, жақпай қалды ма!- деді Теңге қазанның арғы жағынан бұларға көз тастап.- Қазір далаға алып шығып қырайын. Біздің шал осыны жақсы көреді. Қолы бос,еріккен сәтінде: "Қазаның бос болса темір қасықпен қырнашы",- деп өтінеді. Мен қырнаймын. Ол тыңдап жатады да, қорылдап ұйқыға кетеді. Үйде балалардың бірі қалмай қыр асып кетеді.


- Сіздің шалыңыз ерекше болды-ау?- деді Тұрғат кеңкілдей күліп.- Кешікті ғой, тезірек келсе екен!


- Былтыр көріп едің ғой, содан әлі өзгерген жоқ. Қазір кеп қалады.


Өзгелерге "сіз" деп, бұған "сен" деп сөйлескені Тұрғаттың намысын қытықтап, сыздандырып кетті.Сәлден соң көптен сөз боп отырған Көлбай да келді. Есік ашылған кезде ішке әуелі бір қап аяз бу боп кірді, араб ертегілеріндегідей бу тарқаған соң төр жаққа қарап тұрған Көлбайдың суық сорды қара қошқыл жүзі көрінді. Ол отырғандармен ернін ғана күбірлетіп амандасып шықты да, кісі келгендегі үйреншікті орны болу керек, араға бірнеше адамдық орын қалдырып, төменгі жаққа барып жайғасты. Жағдайдың мәз емес екені түтіккен жүзінен, конақтарға тайғақтап, тура қарай алмай отырған солғын жанарынан басшылар анық байқалады.


- Шығын қанша?- деді Қаратай қысқа амандық-саулық сұрасқан соң төтесіне көшіп.


- Қырық еді, жаңа бесеуі тағы қатып қалды,- деді ол қабағы жазылмай. Бәрі үнсіз қалды.


- Себебі не?- Қаратайдың сұрағы директордың көптен мазасын алып отырған сұрақ еді. Көлбайдың қалай жауап берерін іштей дірілдей күтіп, ол есік жаққа қарап қойды.


- Себебі... себеп деген көп қой... Қайсы бірін айтасың...


- Басты-бастылары қайсы?


Көлбай көпке дейін кібіртіктеп сөйлей алмады. Бар себебін айтса, мына алдында отырған директорды аудан басшысының алдында жығып беретінін, сөйтіп, оны өзіне қырғи қабақ етіп алатынын және бар кінәні біреуге жаба салғандай боп көрінерін сезді. Сөйтсе де, бірінші хатшы жауап күтіп үнсіз отырғасын амалсыздан:


- Биылғы мал арық. Оның үстіне қойлар тым кеш қырқылды...- деді сөзінің ар жағын көмейінде қалдырып.


- Оған өзіңіз кінәлісіз,- деді Қаратай.- Тағы не себеп бар?


- Кінәнің бәрін өз мойныма ала салсам қайтеді? Мал соңында өлген қазақ емес пе едік, көп болса... отырып шығармын...- Оның жауабынан неден де болса тайындырмайтын ызадан гөрі, себебін түсіндіре алмас бір жағдайлардың бар екенін шаруашылық жайын көптен білетін Қаратайдың іші сезгендей болды:


- Басқа себеп жоқ болса... отырасыз,- деді Қаратай, ал бұған қалай қарар екен деп салқын, жайбарақат тіл қатып.- Бірақ, жоқ малдың орнын өтеп барып отырасыз. Тура барып отыра салам деп ойламаңыз.


- Иә, түрмеге отыру да оңай емес деңіз! Дұрыс қой. Он жеті жыл жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қар кешіп, дүниенің өзге қызығын ұмытып, мал соңында салпақтайын. Соңымда бала-шағам жүрсін тоз-тоз боп, жабайы боп. Сонан соң мен түрмеге жабылайын! Бәрі қорқытуға шебер.- Ол қазан жанында күйеуіне үрейлене қарап тұрған әйелін байқаса да сөзін тоқтатпай, жылт-жылт жанып жатқан пеш ішіндегі оттан көз алмай айта берді.- Сол қырық бес малды биылғы сыйлыққа алған малымнан өтейін! Сонан соң отарларыңызды жинап алыңыздар! Мен де ел қатарлы орталыққа барып, тыныш өмір сүргім келеді. Не үшін десеңші-ау, не үшін жүрмін бөрінің мекені болған қу далада?! Төрт ай қыста екі аяқты адам көрсек жүрегіміз жарыла жаздап қуанамыз. Еститініміз ұрыс пен "түрме" деген сөз болғандықтан қуанамыз ба? Соттасаңыздар, соттаңыздаршы, кетейін, әтесіне нәлет, бүйткен тірліктің!- Ол астындағы бөстектің сипалап отырған жүнін тартып қалғанда жұлынып кетіп еді, оны пештің астыңғы жағындағы шоққа лақтырып жіберді.


- Көлбай, не болған саған, боқтамай сөйле!- деді директор қызып кеткен оны тәртіпке шақырып.


Көлбай оқыс басын көтеріп, оған жалт қарады. Ашу буып, қас пен көздің арасында көз құйрықтары қызарып,қанталап кетіпті. Совхоз директоры оның мына жанарынан тайқып, сескеніп қалды.


- Боқтаса несі бар? Оны да халық қажет болған соң ойлап тапқан шығар!- деді Көлбайдың ызасы әлі де қайта қоймай.- Өмірімде мұндайды көрген жоқ едім,кырық бес мал арам өлгенде бір боқтаса адам түгілі құдай да кешірер. Сыпайы бол дейді ғой маған. Күйіп бара жатсаң қалай сыпайы боласың? Ақыры жеттік, жеткіздіңіздер осы халге!..


Директордың ашуы қозды. Аудан басшысының алдында бар кінә өзіне жүктелгелі тұрғанын алдын ала сезе қойып, оған тіктей қарады.


- Айт, айт қане! Осы кісінің алдында айт! Малыңның арық боп боз қырауға қырылып жатқаны үшін маған қояр қандай кінәң бар?- Директор жантайып жатқан жерінен басын көтеріп, оған тек әділдік талап еткен адамның кейпімен батыл қарады.


- Жазғы жайылым кезінде маған соры шығып жатқан жерді бердіңдер ме? Бердіңдер. Малдың семізін етке айдадыңдар ма, айдадыңдар, басқа отарға ауыстырдыңдар. Ол неге қажет болды? Қора дайын деп едіңдер, келген соң үй ішімізбен өзіміздің жабылып жүріп салғанымыз рас па, рас. Он машина жем түсірудің орнына екі машина түсірілді ме, түсірілді. Бізге деп жинаған мая Меккеден алыс екені тағы рас. Трактор береміз деген сөз өтірік боп шықты ма, өтірік болып шықты. Күзден бері трактор көріп отырғаным осы - ол да райком келген сон жол салғалы келді. Енді не себеп керек? Бұдан соң мал қырылудың орнына егізден қозы табу керек пе еді! Тірі қалғаны іш тастайды. Бұл -айғайдың алды, айғайдың көкесі көктемде болады. Жүзінен елу қозы өрсе де қуанармыз.


Көлбай сөзін бітіріп: "Енді несіне кіналайсыңдар",-дегендей мойнын есік жаққа бұрғанда, Қаратай сұраулы пішінде директорға, онан соң "Сен не қарап жүр едің?"дегендей Тұрғатқа көз тастады. Табан астында бұл сауалдардың бәріне жауап таба алмай, екеуі де қипалақтап қалды. Өз басын бәлеге шатыстырғысы келмеген Тұрғат директормен шаруашылықты аралап өткенін, кемшіліктерді атап көрсеткенін, алыста болған соң әрбір тапсырманың орындалуын телефонмен ғана қадағалай алатынын айтып ақтала бастады. Мұның бәріне қанағаттанбаған Қаратай "болды" дегендей қабағын тыржитқан соң, ол да сөз аяғын жұтып, таңданған пішінмен басын шайқап барып үнсіз қалды.


Қаратай малдың қырылуында жалғыз шопанның ғана емес, совхоз басшыларының да кінәсі мол екенін, сол себептердің бәрін қазір аша алмасын, ауданға барған соң шаруашылықтары салақсынып кеткен совхоз директорларын шақырып, ашық сөйлесу керек екенін түсінді. Сондықтан онсыз да берекесі қашып, пұшайман жеп отырған шопан байғұстың үйінде ашу шақырып, талдау жасап жатуды орынсыз тапты. Ең бастысы - ол малшының ашынған сәттегі сөзін естіді, бір шындыққа апарар күдікті жіптің ұшынан ұстады, қалғанына көз жеткізу енді қиындық тудырмайды. Өзі келгенге шейін қыстау жаққа қатынау былай тұрсын, тіпті, жолдың да түспеуі оған көп сырды аңғартып кетті.


- Қырық бес қойға орталықтан бері қарай жол салып алдық. Есептеп келгенде, құны соған шамалап қалатын да шығар,- деді әлден соң Көлбай тағы шатақ әңгіме бастап- Қалған сегіз машина жемді жеткізіп беріңдер.


- Жеткіземіз, жеткіземіз,- деді директор әңгіменің шым-шымдап жыли бастағанына қуанып.- Барған соң кінәлі кім екенін де табамыз. Жем түгел жеткізілді деп естігем.


- Мына қырылған малды не істейміз, актілейміз бе?-Ол сәл ғана мойын бұрып, директорға қиғаш қарады.


- Көреміз. Барған соң бас мал дәрігермен ақылдасамыз. Өлетіні өліп болды ма, жоқ, жаңағы санға тағы қосылатын түрі бар ма?


- Кім білген. Қораны жөндеп, ат арбамен үш-төрт шөп түсіріп алған болдық. Енді өріске шықпаймыз ғой.


Әңгіме ушығып барып, бірқалыпты арнаға түскендей болған соң Теңгенің де қабағы ашылып, ортаға дастарқан жайды. Алды тоғызда, соңы төрт-бестердегі қыздар да шешелеріне көмек беріп, дамыл көрмей жүр. Самауыр келіп, шай құйыла бастаған кезде даладан абыр-сабыр дауыстар естіліп, Володя кіріп келді. Қолындағы үлкен тегеште үйітілген қойдың бас-сирағы мен ішек-қарны бар.


- Жеңеше, мынаны қайда қояйын,- деді ол осы үйдің бір баласындай шаруақор дауыспен.


- Жер құрып қалғандай қайда қояйын дегені несі,-деді Теңге жекіп.- Сүйтіп ұста да тұр!- Теңгенің бұл жекуінде кісіні жатсынбайтын өзімсінгендік жатқанын білген Володя тегешті ошақ жанындағы шағын столға қоя салып, шайға отырды.


- Келеке, сонымен жоқ малдың санын өйтіп-бүйтіп жүріп қырық алтыға жеткізесіз бе?- деді Қаратай Теңгенің қазанға бас салып жатқанына күлімсірей қарап отырып.


- Жоқ, сол цифр күйінше қалады. Бұл өз малым. Өкіметтің малы шетінен ақ мәліш, менікі қазақы қара қой. Еті сасық ақ мәлішті сізге сойып не көрініпті!


- Япырай-ай, тым асығыс едік. Тағы да аралайтын отарларымыз бар, бекер әуре боп жатырсыздар-ау,- деп Қаратай қиналып еді, үй иесі бой бермей қойды.


- Сізге бұйырған мал екен, дәм татып кетіңіз. Біздің үйге жолыңыз түсе бермес.- Ол кеңкілдеп күліп алды да: Менің де малым жыл сайын қырыла бермес,- деп қосып қойды. Оның бұл сөзіне отырғандар де гуілдеп, көңілді күйге түсіп қалды.


"Ел іші жақсы ғой,- деді Қаратай,- айтарың бар ма! Бәрін көтереді, көндігеді, ұрысады, сөгеді, ашуланады, керек болса боқтап та жібереді, бетіңді көрместей боп кетеді. Соның бәрінің соңында кешірім жататын қайран халқым-ай. Кеңсіңдер ғой. Кейде тілдейміз, қорқытамыз, түрмеге жабам деп те қоқан-лоққы жасаймыз. Заң талап етсе солай етеміз де. Жұмыс бабы, ел қамы, олай етпесек тағы болмайды. Бәріміз де қара басымыз үшін жүрміз бе? Менің де үй бетін көрмей, әйел-баламмен сөйлеспей жүргеніме не себеп? Өкімет артқан сенім. Сенімнің үлкен-кішісі тағы жоқ, ақтауың керек".


Ол төменгі жақта шай ішіп отырған үй иесі Көлбайды бұрын да көрген. Бір ренжісе осы адам ренжір еді: "Кісі емес екенсің", деп сырт айналуына да қақысы бар. Жоқ, олай етпеді, қойын сойып, қолын қусырып, бұрынғы ренішінен із де қалмай қазақы, дархан мінез танытып отыр. Мені көрген жерден сырт айналса не істер едім?Шынында, не істеймін? Алдындағы бір отар қойын тартып алармын, сол болар ма еді бар тындырғаным? Бір отар қой оған басқа ауданнан да табылады. Сол жақта жұртпен тіл табысып, жақсы істеп кетсе, алыстағы мен қызармаймын ба?


Алдыңғы жылы інісі сотты болып, Көлбай мұның алдына бірнеше рет келген. Інісі екі-үш жігітпен қосылып кешқұрым көрші совхоздағы студент қыздарға бармақ болады. Бидай орақтың қайнаған көзі. Мұның бортында бір тоннаға жетер-жетпес бидай қалыпты, оны да өзіне бекітілген комбайн сынып қалған соң, бір айналып келермін, қырманға бір тонна бидайға бола несіне барам деп, жігіттерді жеткізіп салуға уәде береді. Жігіттерді қыздар жатақханасының алдына түсіріп, жұмыс біткен соң қайтып келуге уәде беріп, аңызға қайта кетеді. Жолда мұны учаскелік милиция ұстап алып, бортындағы бидайды көреді де, акт жаза бастайды. Байғұс бала жағдайын қанша айтып түсіндірсе де ана қырсық көнбей қояды.


Ақыры ісі сотқа түсіп, мұны бір жылға бас бостандығынан айыру қаупі төнеді. Сол кезде Көлбай Қаратайға өлердегі сөзін айтып талай кеп еді. "Заңнан аттап кете алмаймын. Әділ жазасын алсын",- деп ақырғы рет оны кабинеттен қуып шыққандай болып еді. Ел сөзіне, тіпті, аудандық прокурордың пікіріне қарағанда жігіт текке кеткен секілді. Оның астықты ұрлап бара жатпағанын, шынында, ешкім білмейді. Және орақ кезінде мұндай жаза қолдану басқа жердегі сұғанақ колдардын тиылуына себебін де тигізеді. Қысқасын айтқанда, Көлбайдың інісі басқаларға тоқтау салу үшін мысал ретінде кетті.


Қаратай сол кезде іске араласқанда, аудандық сот,әрине, мұны тыңдайтын еді. Кейіннен өкініп қалды. Сол қаталдығы үшін, жалбарынып сұрағанда, қол ұшын бермегені үшін осында келе жатқанда да өз-өзінен қысылып келді. Сол оқиғаның бәрін ұмытқандай Көлбайдың қазіргі жалпақ көңіл, жайылма суат мінезі Қаратайға кеңдік пен кешірімдікті үйретіп кеткендей болды. Және оның бойынан аудан басшысы болған соң ғана кешірім, кеңдікке салынып отыру емес, табиғи тазалық, табиғи адамшылық жатқаны байқалады.


Қаратай шай үстінде де, қазанға салынған ет піскенше малдың қора-қопсысын, жемшөбі мен барлық жағдайын көрмек боп аралап жүргенде де Көлбайдан сол інісінің жайын сұрамақ боп әлденеше рет оқталды. Бірақ, ескі ренішті қайта қоздырғысы келмей, бәрінде де өзін-өзі тежеп қала берді.


Екі сағаттан соң олар шопан үйімен қоштасты. Сау грейдерші "үсіген" грейдершіні күні бойы әуеніне төңкеріліп жүріп бетін бері қаратқан. Аяғына жан кірді деп ет үстінде бәрі қуанған. Сол қуанған бойда оны көрпеге қалың орап, серігі өз грейдеріне салып, бұлардан әлдеқайда бұрын жүріп кеткен. Жүрер алдында ол Қаратаймен қоштасып тұрып: "Бір өзіңіз екі Адам екенсіз",- деді. "Жүрегіңізде ақын, көзіңізде ақыл жатыр. Батыл айтқаныма кешіріңіз. Сау болыңыз",- деген.


- Не оттап тұрсың, бар жөніңе!- деп директор зекіп еді, Қаратай оны көзбен тоқтатып, жігітпен жылы қоштасты.


Қаратай Көлбайдың каникулға кеп, мектебіне қайтып жете алмай қалған кішкентай қызын машинамен орталыққа алып кетті. Қоштасарда Көлбайдың үй іші түгел далаға шықты. Әпкесі алыс сапарға аттанып бара жатқандай ең кенже қызы ебіл-дебіл боп жылады. Сәлден соң айдаладағы шопан үйі қарлы боранның ішіне араласып, көзден ғайып болды.


Қаратайдың кеудесіне ерекше бір қимас мұң орнаған сияқты. Оның не екенін, неге байланысты екенін, әзірге анық біле алмады. Ол келесі отарға жеткенше қасындағыларға ләм деп тіл қатқан жоқ.


Қаратай үйіне түн жарымы ауа жетті. Әйелі есік ашып оның киімін шешті, әдеттегісінше кімдердің телефон соққанын, не жаңалық болғанын қысқа ғана айтып шықты.Ол бір кесе шұбат ішті де, ұйықтап жатқан балаларының маңдайынан иіскеп, төсегіне қисайды. Көзін қанша жұмса да ұйқысы келмей қойды. Бүгінгі оқиғаның бәрі бір-бірлеп елестеумен болды. "Қанша дегенмен ел ырысын жасап жатқан солар ғой, қайран жаны таза жандар-ай,-деді ішінен. Сонау бір қиянда, ақ түтек боранның астында жалғыз үй қалды. Он жеті жыл бойы осылай боп келеді.Табиғаттың ыстық-суығымен араласып келеді. Балалары да ерте пысыған, ересек адамдардай, біздің балалармен салыстырудың өзі ағаттық. Олардың бала болуы керек еді ғой, ол қасиеттері қайда? Жаздың аптабы мен қыстың бораны ұрлап кеткен бе? Көздері қандай ойлы, сөздері қандай мағыналы! Даланың табиғатындай таза жүрек, таза көңіл. Не айтсам соған сенетін, қалай бұрсаң солай кететін аңқау көңіл. Жоқ, аңқаулық емес, тағы да сол тазалықтан, иә тазалықтан. Балалық тазалықтан емес, табиғи тазалықтан. Әке-шешесі де солай. Көңілі түссе қиналып отырып ердің құнын кешуге бар. Он жеті жыл бойы мал жайы болмаса, өз жайын айтып ешкімнің алдына бармапты. Қара үзіп алға шықпаса да, қолынан келгенінше адал жұмыс істеп келеді. Кейбіреулер сияқты көзге көлгірси, жалған әрекеттен аулақ. Адамның болмасын, оны қандай тірлікке бейімі барын кезден тануға болады ғой. Адамның бірінші жауы - екі көзі, ол бәрін айтып тұрады, тек оқи білу керек. Көлбай мен Теңгенің көзінде бір-ақ нәрсе жоқ - ол арамдық. Сол қасиет балаларына көшкен, сол қасиет оларға мирас боп қалады. Қызық-ау, сол қасиеттің қайнар көзі - Көлбайды жазаға тарту, тұрмені айтып,-ол ызалы түрде мырс етті,- қорқыту жанын тасыту! Не үшін? Он жеті жыл адал еңбек еткені үшін бе? Қырық бес қой үшін жазаға тартылмақ па? Он жеті жыл адал еңбектің құны қырық бес қой болмақ па?! Сол жылдардың ішінде ол өсірген мал қанша мың болды? Оны неге ескермейміз?- Ол сағатына қарады, түнгі екі бопты. Енді бес сағаттан соң тұру керек.


Қаратай көзін қайта жұмды. "Жетер, енді ұйықтамаса болмайды, ертең жұмыс. Қызық-ау, ойланып жатуға да уақыт жоқ. Күнде осылай".


Бір сәт грейдерші жігіт есіне түсті. "Ақын, ақыл". Менің ойыма келмейтін сөздер. Маған айтылғандығынан емес, сөзді тере білуін айтам. Есті жігіт болуы керек. Мұндай мінездің адамдары жаман болуы мүмкін емес. Директор оған неге зекіді, ол неге бәріне зекиді? Ол не, сол совхоздың орта ғасырлық қожайыны ма? Оның көзінше көп жайлар айтылды-ау?! Ұзата бермей мән-жайды тез анықтау керек. Басқа отарларда да жағдай осындай боп шықты. Иә, созбау керек! Әйтпесе, шаруа жайы оңалмастай боп құлдырағалы тұр.


Оның есіне кенет грейдерші жігіттің қалтасындағы кітап түсті. Бағиланың таудағы сұрағы оралды. Онан Сәргелдің хаты. Оның да тұспалдап айтып отырғаны осы жазушы болмасын. Бағила бұл жігіт жайлы маған неге айтты? Тек, купеден қуып шыққанымызды еске салу үшін бе? Тек сол үшін ғана ма? Шатасқан бір дүние!"


- Не ойлап жатырсың?- деді әйелі оның әлі ұйықтамағанын сезіп.


- Жай,- деді Қаратай түнгі шамды сөндіріп,- Алматыға барып қайту керек қой деймін.


- Не, партактив пе?


Қаратай мырс ете түсті.


- Иә, соған ұқсас. Семьялық актив!


* * * 


Көктемде Жасынның жаңа кітабы жарық көрді. Бұл оның үшінші дүниесі еді. Кітап аннотациясында: "Автор бұл шығармасында замандастарымыздың жарқын бейнесін жасауға тырысқан. Олардың махаббаты, туған жерге деген ыстық сезімі, достықтары мен ізгі қасиеттері, өмір жайлы толғаныстары айшықты тілмен әсем суреттелген. Повестің тілі жатық, қызғылықты, жеңіл оқылады",- депті. Аннотацияны Жасынның өзі көрмеген еді, оқыған кезде жүрегі айнып, кітап бетін ары қарай ашуға зауқы соқпай қалды...


"Неткен жаттанды, жауыр сөздер! Мұнан соң бұл кітапты кім оқымақ, кімді қызықтырмақ?"


Газеттер аты шулы автордың араға үш жыл салып ұсынған кітабы жайлы ләм демеді. Мұндай шығарма дүниеге келмегендей, ондай кітап жазылмағандай не рецензия, я болмаса, басқа әдеби мақалалардың ішінде аталмады да. Сонда Жасынның үш жыл бойы санасын сарсылтып ойлаған ойлары, жасаған образдары, фантазиясы мен философиясы сөз етуге тұрмайтын болғаны ма? Олай болса жазудың қажеті не? Тек кітап шығару үшін ғана тер төккені ме? Ондай кітаптың Жасынға керегі қайсы? Ол әдеби апталық газеттің соңғы номерін алды. Өзі қатарлас бір жазушының таяуда шыққан повесі жайлы үлкен мақала басылыпты.


Жасын ол повесті қолжазбадан оқыған, авторы пікір айтуын сұрап әкеп берген. Шығарма оған мүлде ұнамаған еді. Ұнамау былай тұрсын, онда көркем шығармаға арқау етіп алуға болмайтын, арзан оқиғалар баяндалыпты. Оқу бітіріп келген жас маман, оның махаббаты, совхоз директорымен шаруашылық жайлы таластары, парторгтің іштей жас маманды қолдауы, сүйген қызының неге екені белгісіз, бұдан теріс айналуы, оның арзан сары уайымы, үйіне келгенде шаруашылық проблемаларын қабырғасы қайыса ойлауы, ақыры директорды жеңуі (?!), сонан соң ғашығының оның алдында қателігі үшін кешірім өтінуі, жалған көздің арзан жасы, олардың табысуы.


"Япыр-ай,- деген Жасын шығарманы оқып біткен соң шын күйініп,- шынымен осыны көркем шығарма деп жазды ма, осыған өзі сенді ме екен? Және осыны творчество деп, сол творчество жолындағы жаңа қадам деп түсіне ме? Қазіргі әдебиетіміздің деңгейі осындай болу керек пе? Енді осыны оқушыға ұсынамыз ба? Бейшара әдебиеттің обалын қайтеміз, оны неге адам алғысыздай арзандатамыз? Егер мен бұл шығарманы мақтап берсем ше? Ол сене ме, шынымен сене ме? Көркем шығармаға тән ой қайда, мінез қайда, Адам қайда, тіл қайда? Бірі жоқ! Онда жазушы болып не керек? Жазушы деген ұғымға қалай жеңіл қарап барамыз? Ол - халықтың ақыл-ойы мен намысы, қабырғасы ғой. Керек кезінде қайысады, керек кезінде сынады. Бұл сынбақ түгілі сыздамайды да. Жан-жақтарына қараса қайтеді екен? Өзгелердің өнері қандай, өлшем қандай?"


Жасын шығарма соңына бір-екі ауыз сөз жазды да, автордың келетін уақытына жарты сағат қалғанда үйден шығып кетіп қалды. Қолжазбаны авторға әйелі табыс еткен. Жасынның жақсы пікірін күтіп келген ол шығарма соңындағы тұжырымды оқып, сенерін де, сенбесін де білмей бір қызарып, бір көгеріп тұрып қалды.


"Қызығы жоқ қырық өтірік. Әдебиетке жанымыз ашымаса ашымасын, оқушыны аяйық". (Қойылған қол).


- Өзін данышпанмын деп жүр екен ғой. Кімнің данышпан, кімнің есуас екенін уақыт көрсетер! Оқушыны аяйық!! Аяныш болса алдымен анау қияли дүниелерін тоқтатсын. Түртіншектеп қара көлеңке қуыстан қара бояу жинаудан басқа не бітіріп жүр? Мен өзіміздің жарқын өмірді көрсеттім. Ал ол ше?


- Төменге құлдырамай сөйлесеңізші. Жазушы деген атыңызға ұят емес пе?- деді Жасынның әйелі сәл қабақ шытып.


- Со-лай ма! Жасыннан жұққан сабырлылық екен ғой. Бір-екі адам мақтады деп ол өзінен басқаны ұмытқан екен. Көрерміз!


- Оны Жасынға айтыңыз. Мына бөлмеде әкей ауырып жатыр, ақырын сөйлеңізші.


Жігіт есікті тарс жауып шығып кетті.


Сол шығарманы әдебиеттің жаңа бір белесіндей мақтаған көлдей мақала Жасынның күлкісін келтірді. Әдебиеттегі мұндай процесс оған күтпеген жаңалық емес-ті.


Жасынның жаңа кітабына сілтідей тұнып тұрған сын екі айдан соң кенет бұрқ ете түсті. Тағы сол газет. Тағы да үлкен мақала. Бірақ, мазмұны мен мағынасы мүлде кереғар.


Жасынның түгі қалмапты. Бастан-аяқ сынаған."Бұлыңғыр", "түсініксіз", "кейіпкерлері идеяның құлы","ойлары көркем шығармаға емес, ғылыми еңбекке тән","тілі мен ұғымы қазаққа жат", "жасанды", "көркем шығарманың заңдылығын ұмытқан", "творчестволық тоқырау",- деген сияқты сөздер мақала ішінде аяқ алып жүргісіз екен.


Жасынға бұл қатты соққы боп тиді. Соққы болған -мақала мазмұны емес, мақала авторының қала берді бүгінгі сынның тым аласалығы, өресінің жанашыр халдегі тарлығы еді. Ол соған күйінді, соған жаны ауырды. Және бұл мақаланың алдын ала ойластырылып жазылғанын да байқап ерніне ызалы күлкі үйірілді. Ол сын туралы мақала жазуға екі-үш күн бойы дайындалып жүрді де, дәл қазір өзін қорғаған сияқты боп көрінетін болған соң ол ойын да белгісіз кейінге ысырып қойды. "Қызбалық танытып қайтем,- деді ол ішінен.- Жазушы сыналуы тиіс, оған дайын болу керек. Менің мақсатым - жазу, ойымды жазу- Қорғану менің міндетім емес. Сауыт әлсіздерге, өзіне-өзі сенбейтіндерге ғана қажет!"


Екі жұмадан соң басқа бір жастар газетіңде "Шығарма оқушыға түсініксіз",- деп сынаған түсініксіздеу мақала басылды. Дәл сол күні Жасын Бағилаға телефон соқты.


- Мен қонақ үйдемін,- деді ол бірден.- Бірге оқыған досымның бөлмесінде отырмын. Ол қыдырып кетіп қалды, ертең келеді. Күтем.


- Екеуміз-ақ па?!


- Менен үріккенді қашан қоясың? "Қонақ үй", оңаша" деген сөз тағы сол қазақы қаупіңді оятты ма?


- Иә. Мен сізден ылғи қорқамын.


Трубкадан мырс еткен күлкі естілді.


- Ол жаман қасиет емес. Қанша уақытта келе аласың?


Бағила сағатына қарады. Сонан соң:


- Бүгінгі мақаланы ала барайын ба?- деді.


- Керегі жоқ. Алдымда жатыр. Бес жүз отызыншы номердемін.


- Онда... жарайды, бір сағатта барам.


Май айының соңғы күндері еді. Қала ішінде лүп еткен жел жоқ, маужыраған тымық кеш. Аласа үйлердің бәрі жасыл ормандай тұна өскен биік талдардың астында қапты, тек көп қатарлы қонақ үйлер мен әкімшілік мекемелері ол зорлыққа көнгілері келмегендей бойын алып қашып, мұнартқан көгілдір дүниеге жоғарыдан мойын соза қарап тұр. Батып бара жатқан күннің қызыл жалқын сәулесінің астынан ұзақ қарғалар топ-топ боп шығып, қаланың шығыс жағыңдағы паркке қарай асықпай ұшып барады. Бауыры жаз, басы боран Алатау батар күннің нұрымен айқын көрініп, айбары мен сұлулығын жанды-жансызға паш етіп маңғаз тұр.


Бағиланың кеудесіне ерекше қуаныш енді. Ол қолындағы түйе жүн кофтасын бұлғақтатып, еркелей басып жоғары өрледі.


Қонақ үйдің бесінші қабатына көтеріліп, бес жүз отызыншы номердің есігін қақты. Дәл босағада күтіп тұрған ба, есік қағылар-қағылмаста Жасынның өзі ашып, оны тез ішке кіргізді де, екі қолынан кезек-кезек сүйді.


- Ужас!- деді Бағила оған таңырқай қарап.-Сізден арақ иісі аңқып тұр. Өзіңіз оңаша отырып іштіңіз бе?


- Иә. Кейде оңаша отырып өзің ішкен жақсы.


- Ол жақсылық емес. Демек, баспасөздің ауыр сынына төтеп бере алмадыңыз. Сізге жараспайтын әлсіздік.-Бағила кофтасын креслоның арқалығына тастай салып, өзі Жасынға қарсы қарап отырды.


- Сіз аурып жүрген жоқсыз ба? Жанарыңыз мұнартып тұр,- деді Бағила столдың арғы жағына кеп орындыққа жайғасқан Жасынға.


- Жоқ,- деді Жасын даусын сілкіп тастап.- Бір бөлмеде екі бірдей адамның көзі жалын атып тұруы жараспайды.


- Сіздің көңіл-күйіңіз өте нашар екен,- деді Бағила.- Мені несіне шақырдыңыз?


Жасын екі фужерге шампан құйды да, біреуін қызға ұсынды.


- Менің сыналған құрметіме.- Ол фужерін жоғары көтеріп Бағилаға "алыңыз" дегендей басын изеді. Қыз фужерді жартылай ішті де, столға қайта қойды.


- Білесіз бе?- деді ол жігітке тура қарап.- Біз Лике екеуміз бүгін сізді көп әңгіме қылдық. Бір сағат бойы сізді, сіздің творчествоңызды, семья жайыңызды, сын мақалалар туралы сөз еттік. Лике сізді жақсы көреді. Бүгінгі мақаланы оқығанда, сенесіз бе, ол көзіне жас алды. Көзінін жасын сүртіп отырғанда, Сәргел ағай кіріп: "Неге жылап отырсың?"- деп ал кеп сұрақтың астына алсын. Онымен дауласам деп отырып, ақыры ол шынымен жылап тынды. Ол кісі сондай қу, ішіңдегіні біліп қояды. Сізді жақсы біліп алды.


- Қуаныштымын!- деді Жасын кекесінді түрде мырс етіп.


- Сол кісі менің папама бірдеңелердің шетін шығарған болуы керек. Осыдан бір ай бұрын келіп кеткенде маған көп сөздер айтты. Бұрын ол кісі ақыл айтпайтын. Дауысына қарап, оның сіз бен екеуміздің кездесіп тұратынымызды білетінін аңғардым. Сонда да ол көп шешіле қойған жоқ. "Байқа балам, сендердің қайғыларың әуелі маған батады, әке-шешенің абыройын ойла, өз басыңды қадірлей біл",- деді. Мен оны соңғы келісінде жақсы көріп кеттім.


- Енді мені жек көре бастайсыз ғой?


- Сізді жақсы көрудің өзі қиын емес пе?- Ол шампаннан тағы ұрттады. Ұрттап жатып, басын жоғары көтергенде бұл сөздің қалай әсер еткенін білгісі кеп, фужер арқылы Жасынға қарады. Ол стол үстіндегі журналды аударыстырып, бөлек ойда отыр екен. Әдетте, ішкі толқуы мен арпалысы сапырылыскан шақта ол тап осылай тым бейтарап, тым байсалды бола қалатын еді. Бағила оны байқады да, оған басы артық сұраулар бермеуге тырысты. Ішкі дүниесінде бұл сөздердің бәрінен де салмақты басқа бір ой жатқанын да қыз түсіне қойды.


Жасын көше жақтағы лоджияның терезесін ашқанда сырттан қоңыр салқын ауамен бірге төменгі жақтағы фонтанның бірқалыпта сарылдаған даусы қосарлана естілді. Ол екі қалтасына қолын сұғып, қарсыдан көрініп тұрған опера театрына, ерсілі-қарсылы қыдырып жүрген адамдарға, фонтанға ұзақ қарады. Бөлме ішінде өзінен басқа ешкім жоқ, ерігіп тұрған жан секілді. Оның бұл мінезіне үйренуге қанша тырысса да, өзінің елеусіз қалғанына намыстанған сезімін де Бағила жеңе алмай-ақ қойды.


- Сур, мұнда келіңізші,- деді Жасын кенеттен орнынан тапжылмаған бойы.


Бағила оған жалт қарады да:


- Мен неге баруым керек?- деді тәккаппарлығы ұстап.


- Өтінемін, тағыңыздан түсіп қалмайсыз, мұнда келіңізші.


Ол орнынан қинала көтеріліп, үнсіз кеп оның жанына тұрды.


- Қараңызшы, жоғарыдан қарағанда адамдар қандай ұсақ! Жер бетінде канша ұлт, қанша адам бар, бәрі осылай қыбырлап жүр. Жер шарының бір нүктесінде соғыс болып жатыр, мемлекеттік төңкеріс боп жатыр, жаңа мемлекеттер құрылып жатыр, біреу өліп жатыр, біреу күліп жатыр. Қанша тіл, қанша әдет-ғұрып, неше түрлі дін, неше түрлі үміт пен сенім. Ешқайсымыз бір-бірімізді білмейміз. Сол білмеген күйі өтеміз. Алматы деген қала барын, сол қаланың "Алматы" деген қонақ үйінің бес жүз отызыншы бөлмесінде екеуміздің дәл осылай тұрғанымызды, "бері келіңізші" дегенім үшін сіздің намыстан әрең жақындағаныңызды, бүгін мені газетте қатты сынаған мақала шыққанын, айталық, Африкадағы бір тайпаның адамдары біледі дейсіз бе? Өзімізден басқа ешкім білмейді.


Бағила Жасынның жүзіне барлай қарады: мас боп қалған жоқ па?


- Өкінішті!


- Не... өкінішті!- деді Бағила оның ойын толық түсінбей.


- Ешкімнің білмейтіні. Адам баласының дәрменсіздігі өкінішті. Сонау бір қиянда кішкентай екі адам, қыз бен жігіт бір-біріне өлердей ғашық. Бір-бірінсіз тұра алмайды. Біздің одан мүлде хабарымыз жоқ.


- Біз оны біліп қайтеміз?


- Бізді де ешкім білмейді. Ешкім!


- Неге "бізді де"?


- Біз бір-бірімізді сүйеміз ғой.


Жасын терезеден бетін бұрмаған күйі Бағиланың иығына қолын салды. Сонан соң өзіне тартып, оң қолымен ғана қыса құшақтады да, басын сәл қисайтып қыздың самайына бетін басты. Сол сәтте ол өз бойынан бұрын-соңды байқап көрмеген ерекше бір елжіреген нәзіктікті, жан түбінен оянған өшпес сезім мен ыстық ықыласты байқады. Ол ыстық ықылас ешқашан салқындамастай көрінді. Қыз денесімен жақындасқан осындай қас қағым сәтті адам өмірінің ең бір киелі, қайталанбас, бір ғұмырда бір-ақ рет кездесер сәт екенін түсіндіріп өтті. "Мүмкін, қол жетпестей боп көрінген әйелдің тым алыстығы ғана осындай сезім тудыратын шығар. Егер мен онымен бұдан да жақынырақ болсам, мейлі, тіпті, күйеуі-ақ болайын.Осындай қайталанбас киелі сезім кеудемде күнде дүрсілдей бермек пе? Құдайдың құтты күні? Жұбайлық өмірдің соңына дейін? Әрине жоқ! Демек, киелі деген сезімімнің өзі жалған, уақытша екен ғой? Белгілі бір белдеуге дейін. Онан әрі үйреншікті тіршілік басталады. Бұл қыздың самайына бетім тиген кезде жүрегімнің майдай еруі былай тұрсын, өзімнен бөлек жатқанын да қалайтын шақтарым болатын шығар? Әрине! Сонда қалай, менің тап қазіргі сезімдерім тондай тозып, тоқымдай қадірсіз бола ма? Егер сөзімдерім ескірсе, оған салқын болсам, оның бәрі менің адамшылығыма байланысты бола ма? Әрине, өлген сезіммен де өмір сүруге болады, тіпті, тамаша өмір сүруге болады. Немесе керісінше, тірі сезімді жаңа туған баладай тұншықтырып өлтіре салып та, жалғанда шайқала басып жүре беруге де болады. Бірақ, адамның адамға тән жақсы көру, жек көру деген қасиетті сезімінің өз заңы, өз табиғаты бар ғой. Тірі адам секілді оның да туылып, өліп-өсуіне қақысы бар. Демек,- деді Жасын өз ойының жаңа бір қатарға тірелгеніне қызыға таңданып.- Демек, оның да тозуға, картаюға, өлуге қақысы бар екен ғой?!


Ендеше, ол үшін адам неге кінәлі болуы керек? Оны неге жабылып айыптауымыз керек? Мен қазір әйелімді бұрынғыдай жақсы көрмеймін, тіпті, үйде жоқ болса іздемеймін, ол да мені алаңдап күтпейді. Бұдан соң да шала-жансар тіршілікті жалғастыра беру керек пе? Ол өмірдің кімге қажеті боп тұр? Өмір сүретін мен емес пе, оған басқаның араласуының қажеті қанша? Мен қоғам өміріне әйелімді ұнатпау арқылы инедей де зиян келтірмеймін ғой! Қызық!- деді ол тағы да.- Осылай ілініп салынып та тіршілік етуге болады екен ғой. Бар ғой, көп қой ондайлар. Неге "ондайлар" деймін, өзім ше? Мен де солардың бірімін. Үйге барғым келмейді - барамын, ол әйелмен тұрғым келмейді - тұрамын, оның қасына жатқым келмейді - жатамын. Ешкім де зорлап жатқан жоқ. Адам мойны бас пен кеудеден неге жіңішке десем,киілген қамытын сыпырып тастай алмас үшін екен ғой!


Қызық! Адам қамытты өзі жасайды, өзі киеді, өзі налиды.Бәлкім, адам жаны әуел бастан сергелдеңге құмар шығар. Ұл да оның көп ғажайып қасиеттерінің бірі секілді. Адам деген ұғымды толықтырып тұратын ішкі қайшылықтарының күрделі бір тармағы шығар. Олардың бірін-бірі түсіну,түсініспеуі де осы ішкі қайшылық заңдарының деңгейіне байланысты ғой. Сонда бір кезде мына тұрған қызды да мен түсінбеуге тиістімін бе? Бұған деген ықыласым суып, жек көрмесем де, немқұрайды боламын ба? Өмірімде не айтпаған, не жазбаған сөз "махаббат" деген ұғымнан мойныма таққан алқа сол махаббаттың қамытына айналмақ па? Махаббаттың алтын қамытына?! Жоқ, бұл тым қатал, тым өрескел!


Әйел деген нақтылы ұғымды ұмытуға болар, оған деген алғашқы сезімдерді ұмыту күнә. Ақ қағаз бен сәбиді алдағандай кешірілмес күнә. Ол - қасиетсіздік.- Жасын іштей мырс ете түсті.- Осыны сезінудің өзі болашақ қамыт жасалатын материал емес пе?!" Дәл осыған дейін миын шимайлаған ойларын қас-қағымда шолып өткен жігіт Бағиланы өзіне бұрып, жүзіне тіктей қарады. Әлгінде ғана шаршаған, солғын жанарға нұр құйылып, ойлы да өткір қалпына қайта түсіпті.


- Шынымен сізді ұнатып қалғаным ба?- деді ол әлі философиялық-романтикалық халден арыла алмай.


Бағила өзінің екі иығынан ұстап тұрған Жасынның қолынан жанарын көтермей, мына сұраққа не жауап айтарын білмей абыржып қалды. Иә, ерте ме, кеш пе,қаншама шағыр болса да Жасынның осылай дейтінін ол білген-ді, тіпті, іштей күтіп еді. Оған деген сонау кездегі поезда басталған сиқырдай бір маталған ықылас өзін қайда, қай жерге апарып тірерін анық білмесе де кеудесінде күн өткен сайын бұлқынып ер жетіп еді. Оның әйел-баласы бар екенін, жас жігіттердей емін-еркін бірге жүре алмасын, оған деген сол ықыласы аяланудан гөрі азапты көбірек шегерін де алдын ала сезген-ді. Жас қыз өн бойынан салқындық қана есіп тұратын, өзгемен ғана емес, өз-өзімен де қарама-қайшы осы адамды неге, не үшін жақсы көретінінен де әзірге білмеуші еді. Бірақ, оның періштедей таза көңілі осы бір адамға құлай сенетін сияқты, қатты болса да, кей сәтте қатыгез болса да, оның бәрінің ар жағында адалдық, биік парасат, жақсыны қастерлей білетін қасиет жатқанын көретін. Жасынмен танысып, онымен сөйлескеннен бері Бағиланың көңілі ешкімге толған емес, бәрі тым төменде, арифметикалық еңісте жатқандай болатын. Онымен әрбір кездесу дүние тану, адам тану, өзіңді танудың жаңа көкжиектерін кеңейте түсетін-ді. Сөйлескен шақта әйел-еркек деп жынысқа бөлмейтін Жасын, Бағиланың бұрынғы тар түсініктерін байқап қалса қатты ренжитін, намысына тиіп, ұрысып та тастайтын, Сондықтан болар, ол телефон соғып,кездесуге шақырған сайын әлденеден жүрексініп, жасқанып баратын. Мұндай адамдардың әсерге, сезімге қапысыз берілмейтінін, қазанда еріген мұздай жүрегінің бір жағы салқын, бір жағы жылы боларын да баяғыдан байқаған-ды.


Сөйте тұрса да, Бағила онымен жаңа кездесулерді асыға күтетін, ал кездескен сәттерінде өздері жайлы бір ауыз сөз айтпаушы еді. Кей кезде Жасын шектен тыс өзімшіл, бірбеткей боп отырып алады, кісіге қасақана тиіскеңді ұнатады. Осындай сәтте ол келгеніне өкініп, кеткенше асығатын. Бірақ үйіне жетер-жетпесте жүрегін жалғыздық торлап оны ренжітіп жалғыз тастап кеткеніне өкініп, сол күні-ақ телефон соғатын. Соңғы кезде ол өз махаббатының жиырмадағы қыздарға тән ер адамға ғана оянар аласұрған махаббат емес екенін оның адамды сүю деген үлкен ұғыммен астасып жатқанын ұғынды. "Шынымен сізді ұнатып қалғаным ба?"- деген Жасынның сұрағы беріден емес, әріден, бір-біріне қарама-қайшы қатпар ойлардың арасынан тізгін үзіп, әрең шыққан сауал екенін тағы түсінді.


- Сізге бар ғой, шынымды айтсам, лирик болу мүлде жараспайды екен. Құдай үшін, маған бұлай қарап тұрып сөйлемей-ақ қойыңызшы. Әйтпесе, мен сізді жек көріп кетем. Және, ұнату, ұнатпау жайлы бір-бірімізден сұраудың қажеті қанша? Отырыңыз, шампан суып қалды.- Ол сыңғырлай күліп, әлгі орнына қайта жайғасты.


- Солай,- деді Жасын аздап езу тартып.-"Ұстаздан шәкірт озар" деген осы. Сіз менен де қатал боп барасыз ғой деймін... Жарайды, лирикалық сәт осымен бітті.- Ол фужерлерге тағы шампан құйды.- Мен бүгін өзімше ашылып бір сөйлегім келіп еді, түк шықпағанын өзім де біліп отырмын. Шынында, бір-біріміз жайлы айта алмайды екенбіз ғой, солай ма?


- Мүлде олай емес. Айтуды үйренбей тұрып ұмытып қалғанбыз!


- Браво! Сол сөзіңіз үшін ішем!- Ол фужерді орталады да, тыжырынып қайта қойды.- Шампанды иттің етінен жек көрем! Кәрі ақынның махаббат жайлы лирикасы сияқты жүрегіңді қыжылдатады.


- Мен буфеттен коньяк алып келейін. Шын айтам.


- Керегі жоқ. Осында да бар.- Ол орнынан тұрып,шкафтан бір бөтелке коньяк әкеп қойды.- Сізге серік болғалы өзіме де шампан құйып едім. Коньякқа қалайсыз?


- Керегі жоқ, маған осы да жетеді. Сіз иттің етінен жек көретін нәрсені жақсы көруге қақым бар шығар?


- 0 не дегеніңіз, мені де қосып жек көруге қақыңыз бар.


- Мен оны сізден сұрамаймын. Сонан соң "сіз" деген сөзді қойыңызшы. Соңғы кезде жыныма тиетін боп жүр.Бұл сөзді естіген сайын ашуланса әйеліне де "сіз" деп сөйлейтін Сәргел ағай елестейді.


- Жарайды. Содан төбең көкке жетсе "сен" дейін. Ал, өзің ше?


- Мен қоя алмаймын.


- Екеуміз үйленсек те ме?


Бағиланың бетіне қызыл бояу ойнап шыға келді. Сәл үнсіздіктен соң барып:


- Иә, үйленсек те, - деді қабағын шытып. - Бірақ біз ешқашан ерлі-зайыпты бола алмаймыз. Мен "сіз" деген бойымша өтем.


Жасын орнынан тұрды да асықпай басып оның қасына барды, қолынан асықпаған күйі фужерін алып, стол үстіне қойды. Оның бұл қимылына таңданып, өзіне қарай берген қыздың ернінен сүйіп алды. Қыз бұлқынып, қарсылық білдірем дегенше ол басын қайта көтеріп орнына барып отырды.


Бағила жыларман халде булығып, иегін ұстап үнсіз отырып қалды.


- Мұныңыз әділдік емес,- деді ол әлден соң әрең тілге кеп.


- Білемін,- деді Жасын жайбарақат. - Үш жылдан бері сенің ерніңнен сүймеу де әділдік емес қой. Тіпті ұят.


- Мұндай әрекет барлық, адамның қолынан келеді.


- Мен неге олардан ерекше болам?


- Жоқ, мен үшін сіз басқашасыз. Ешкімге ұқсамайсыз. Ұқсағыңыз келсе... білмеймін, оны өзіңіз біліңіз. Бас салып сүюге қабілеті бар адам маған барлық жерден табылады.- Ол сөзінің соңғы жағын сыбырлай сөйлеп, көзіне жас алды.


"Иә, бүгін бастан-аяқ сәтсіз күн болған екен,- деді Жасын іштей.- Енді кешке дейін тағы қандай қолайсыз жағдай кездесер екен?"


Жасын Бағиланың арына тигенін, өзі жайлы биік ойын аласартқанын, оның таза көңіліне дақ түсіргенін түсінді.


- Кешір,- деді ол қыздың қасына қайта жақындап.- Мен сені сүйген жоқпын. Сүйгенімді қайтып алдым.


Бағила оған бір қарады да, иегін екі алақанына қайта қойды. Жасын оның көзінен жылт еткен ыза отын байқап қалды, ол ызаны тудырған өзінің соңғы сөзі екенін де білді.


- Сіз осы сөзді тауып айттым деп тұрсыз ба?- деді қыз Жасынның әлгі ойын растай түсіп.- Бүгін үндемей-ақ қойынызшы. Сізге бүгін сөз өнері жат секілді.


Жасын не ары, не бері қозғаларын білмей, сол орнында тұрып қалды. Қыздың мына сөзі өз көкейіндегі ойларына дәл тигендей болды.


- Иә,- деді ол бір жолата ес жиған адамдай сергек үнмен.- Бүгін сәтсіз күн екенін жаңа ғана ойлап өтіп едім.- Ол столға жақындап, коньяктан бірнеше тамшы құйып ішті де, рюмкасын қолына ұстаған бойы сөзін жалғастырды.- Бірақ, сәтті күн деген не? Ол - ойлаған ойыңның түгелдей жүзеге асуы, сенің жаза баспауың ғой?Солай ма? Кейде ол да жалықтырады, оның да адам жанын байытары шамалы. Біле білсең, осының бәріне сен кінәлісің. Неге қарайсың? Иә, сен кінәлісің. Менің ойым көп еді, бүгін соның бәрін ақтармақ едім. Шықпады.Шықпағаны да дұрыс болған шығар. Егер бәрін айтып қойсам, қалған тіршіліктің мәні азаятын секілді. Әйтсе де, өміріме сен көп араласқалы бері мен бостандық дегеннен айрылдым.


- Міне, міне! Сіз өзіңізге енді ғана оралдыңыз,- деді қыз күліп.- Сіз маған осындай сәтте ғажап ұнайсыз.


Жасын стол мен лоджияның екі ортасында тұрып оған қадала қарады.


- Сонда немене, саған ұнау үшін ылғи осылай сөйлеп тұруым керек пе? Сен өзін сөзге тоймайтын мешкей қыз екенсің!


- Мен бұл сөзге бәрібір ашуланбаймын.


- Өйткені саған сөздің аштығы әбден өтіп кеткен. Ал мен сөзден қашам, әбден тойынғамын.


- Бәрібір сөйлеп тұрсыз ғой.


- Енді сенің алдыңда үнсіз отырайын ба? Сен бар ғой, атың кім еді? Бағила,- туһ, неткен жасанды, нашар ат еді,- Сур, егер бұлай сөз жарыстыра берсең, мен сені тағы сүйіп алам.


- Оған мен қарсы емеспін.- Қыз ішпесе де фужерді ерніне апарды.


- Қалай?! Не дедің?


- Оһ, қуанып кеттініз бе? Оған мен қарсы емеспін дедім.


Жасын рюмкасының дыбысын білдірмей столға қойды.


- Неге қарсы емессің? Әлгінде сен өкпеледің ғой.


- Сізге дөрекілік жараспайды. Осылай ашық келіңіз. Сонда мен бәріне де дайынмын.


Жасын үнсіз қалды.


- Тілін жұтқан адамдай үнсіз қалмаңыз. Әлгі сөзім ойыңызды әр жаққа алып қашып тұр ма?- Ол иығын қозғап, мырс ете қалды.- Құдай үшін, өмір бойы сөйлемей тұра беріңіз, бірақ, арзан оймен әлек болмаңызшы. Ол менің де, өзіңіздің де намысыңызды қорлайды.


Жасын оның қасына келді.


- Бірақ, қолымнан фужерді алмаңыз,- деді қыз сәл ғана езу тартып.


- Жоқ, алмаймын. Игіліңізге ұстап отыра беріңіз.-Жасын оның шашынан ұстады.- Білесің бе, мен сені өте жақсы көрген сәттерімде,- ол сәттердің төмендейтін де кезі болады,- ер адамның әйелді сүю формасына мүлде қанағаттанбаймын. Мен екінің бірі сияқты ғашық болғым келмейді, екінің бірі болу деген сөз, түптеп келгенде төсекпен біту деген сөз. Сен мен үшін одан мың есе биіктесің.


- Онда екеуміз Ахалтеке боп, жапан даланы кезіп кетейік. Есіңізде ме?


- Есімде. Оған мен қазір-ақ дайынмын. Бірақ, амал жоқ, адам боп қала береміз. Сен, балақай, тұқымыңда маскүнемдіктен өлген біреу болса да, мына фужеріңді столға қойшы. Сөз бен шампанға тоймайды екенсің.


Бағила оқыс күлкіден шашалып қала жаздады.


- Бар болғаны екінші бокал ғой.


- Сол аз ба? Менің бір досым бар, драматург, арақтың тығынын иіскесе де мас болады. Оның қасында сен әйел адамсың ғой.


- Япыр-ай, осы сөздердің бәрін не әкем, не Сәргел ағай есітіп тұрса не болар еді? Бүкіл үрім-бұтағым мен өз басымды аяусыз қорлыққа беріп отырғанымды кеше алмас еді-ау. Ал, мен көніп отырмын. Бұдан да көнбіс болатын түрім бар. Алла ақырын берсін!- Ол фужерін столға қойды.- Ал, енді не бұйырасыз?


- Ештеңе де! Мен мына түкке тұрмайтын чехтың шынысынан сорлы емес шығармын. Ол да күні бойы сенің ерніңді еміп бітті ғой. Үндеме, күлме де!- Жасын оның оң жақ иығынан кеп, екі бетін екі алақанымен сипалап ұстап тұрды да, ернінен сүйіп алды. Қыз көзін жұмды.


Сыпайы ғана қарсылық көрсеткен боп, жігіттің иегінен болмашы ғана итерді. Жасын тағы да сүйді. Әуелі астыңғы ернін, сонан соң сәл ғана дүрдиіп тұрған үстіңгі ернін, сонан соң екеуін де қосып сүйді. Мұрнына нәп-нәзік француз духиінің иісі мен, тіліне неміс помадасының дәмі келді. Ол помада мен духидің иісіне төзе алмайтын. "Барлық әйелдерге тән духи мен помаданың иісі! Мұның қажеті қанша еді?- деді ішінен Жасын. Әйелдер бұған неге құмар болады?" Ол қыздың мұрнынан, әлі жұмулы көзінен, маңдайынан, құп-құрғақ еріндерінен бірнеше қайталап сүйді де, иілген кеудесін көтеріп, орнына барды.


Қыз көзін ашты. Ашқан бетте Жасынға қарады. Жігіт бұл жанардан тәкаппарлықтың ұяңдықпен, асаулықтың бағыныштылықпен ауысқанын көрді. Сонымен бірге ол бұл жанардан: "Біз киелі белдеуден еттік. Бұдан ары не болады?"- деген сұрауды да оқыды, анық оқыды. "Тірліктің қарапайым заңынан адам алыс кете алмайды ғой деймін,-деді ол ішінен.-Кез келген қолайлы сәтте биіктен төмен түсе салуымыз оп-оңай. "Сонда қалай,- деді екінші бір ой,- түсініктің биігінде тұрып, тағдыр мен өмірлік болашақты жерге тастау керек пе?"


Жасын мұндай сұрақты қыздың естіртіп ешқашан айтпайтынын, өзінің оған ешқашан жауап бермесін, Бере алмасын білді. Бұл жай да екеуінің арасындағы ешқашан айтылмайтын, үнсіз көзқараспен ғана түсінетін терең сыр боп қала бермек.


- Помадаңның сапасы жақсы болуы керек. Қанша шампан ішсең де ерніңнен дәмі кетпепті,- деді әлден соң Жасын үнсіздікті бұзып. Қыз одан көзін тайдырып, ашық лоджиядан сыртқа көз тастады.


- Бұл сіздің үш жылдан кейін барып ернімнен алғаш сүйгенде туған алғашқы басты проблемаңыз ба?


- Иә, басқа ешқандай мәселе қабырғамды қайыстырып тұрған жоқ.


Бағила оның зілді шыққан үнінен іштей толқып, өз ойымен арпалысып тұрғанын сезді. Ішкі дүниесінен қарғын жүрген кезде осылайша ұсақ-түйекті әңгіме ететінін де соңғы жылдары аңғарған.


- Айтпақшы,- деді Жасын әлден соң темекі тұтатпақ боп сіріңке жағып тұрып.- Мен осыдан үш сағат бұрын сенің портретіңді салатын суретшіні көрдім.- Ол сіріңке шиін аспанда айналдырып өшіріп, күлсалғышқа тастады да, темекі түтінінің арасынан қызға көз тастады.


Бағила екі қолын иегінен алмай, алға сәл иіліп, әлі дел-сал күйден арыла алмай отыр екен. Көптен ұмыт болған жігіт жайлы айтқанда, ол қасын сәл ғана көтеріп,Жасынға сұраулы пішінмен қарады.


- Ол сіздің, кешір, сенің жаңа портретіңді аяқтауға жақындап қалды. Сіздердің үйдегі портрет, мен бірдеңе білсем, бұл жанрдағы тамаша туынды.


- Оны сіз қайдан танисыз? Жігітті айтам.


- Өткен жолы бір әңгімеден сипаттап беріп едің ғой.Оның үстіне, портреттің бұрышында "Е. И." деген екі әріп бар. Естай Игіманов. Белгілі суретші-портретист. Бұл саладағы мен сыйлайтын адамдардың бірі. Шығармалары екі рет жеке көрмеге қойылған. Жас. Дарынды.


- Ой, алла-ай, жер бетінде қазір не көп-дарын көп!-Ол жай ғана күрсініп, тағы да лоджия жаққа қарап қойды.


- Жоқ,- деді Жасын оған жайбарақат қана соққы беріп.- Дарын аз. Сенің айтып жүргенің диллетанттар ғой. Олар көп ретте дарындының алдына түсіп кетеді.Сонан соң олар көп сияқты боп көрінеді.


- Менің портретімді жасап жатқанын сізге айтты ма?


- Неге айтпайды! Бір жылдан бері салып келеді екен. Сені талай көріпті. Қасында фотосуреттерің де бар. Бағиланың таңданғаннан көз шарасы ұлғайып кетті.


- Бұл барып тұрған ұятсыздық қой! Қайда барсам да соңымнан бір адым қалмай еріп отырады, қолында фотоаппараты бар! Масқара! Енді маған жетпегені -соңымнан тыңшы мен барлаушылардың еруі ғана!


- Ол сенің соңыңнан жүрген жоқ.


- Енді кімнің?


- Объектінің. Кәдімгі көркем шығармаға арқау болар объектінің. Сен Бағила Қаратаевна да, тарих фақультетінің студенті де, газеттерде күнде сыналатын жазушының азапты махаббаты да емес, жай ғана объектісің. Сен оған портрет жасау үшін материал ғанасың. Бар болғаны осы.


- Рақмет.- Қыз намыстан сәл абыржып, қорланған пішінде басын изеді,- Бәлкім, мен де сізге обьект үшін керек шығармын? Шығармаңыз жазылып біткен соң қажетім болмас.


- Мүмкін. Жазушылық практикада құнды материалдың өзі қажет болмай қалады. Керісінше, елеусіз, ұсақ материалдар шешуші роль атқарып кетеді.


Бағила үшін әлгіндей ызалы да маңызды сұраққа Жасынның жайбарақат немқұрайды жауап беріп отырғаны оның ашу-ызасын оятты.


- Шығарма үшін жарамсыз боп қалғанымды күткенше, мен өз еркіммен кетейін. Меніңше, сол құндылау шығар деп ойлаймын.


- Қорықпа, мен махаббат жайлы, сұлу қыз жайлы шығарма жазбаймын. Маған объекті болуға сен жарамайсың. Менің шығармаларыма ажарсыз, арық қыздар керек. Олар ойшыл болады.


Бағила бұл сөздерге ашуланарын да, ашуланбасын да, тіпті, мән бермей қоя саларын да білмей, екі ұшты ой толқынының ортасында үнсіз отырып қалды.


- Білесіз бе,- деді әлден соң Бағила даусының дірілдегенін жасыра алмай.- Сіз жер деп аталатын үлкен қазандағы мұз сияқтысыз. Бір жағы жылы, бір жағы аяз. Жасын мына теңеуге елең етіп, оған назарын тіктеп қарады да, селкілдей күлді.


- Тамаша! Бірақ, мен еріп кетпеймін бе?


- Ерімейсіз. Құданың құдіретімен еріп бітпейтін боп жаралғансыз!- Ол ызадан әлі айыға алмай, Жасынды табалап отырған адамша даусын таптай сөйледі.- Сонан соң, құдай үшін, ана жігітке айтыңыз, портретті үйге жібермесін. Жасын мырс ете түсті.


- Таза өнер жайлы түсінігің әлі тар екен ғой,- деді ол темекі түтінін будақтатып отырып.- Байқауымша, бұл портрет оның творчестволық бір белесі болмақ, демек, ол сіздің үйіңіз түгілі көрмелердің өзіне тілхат арқылы қойылады. Үйге жібермесін!- Ол тағы күлді.- Вильям Шекспирді енді қайтып қонаққа шақырмаспын! Бүгінгі таңдағы бір әйел солай сөйлеп отырса қаңдай болар еді?!


- Ол... Өткен жолы үйге жіберді ғой!- деді қыз ызадан булыға сөйлеп.


- Иә. Бірақ ол эскиз болатын. Соны да аңғармадыңдар ма?


Қыз орнынан тез тұрып, лоджияға шығып кетті. Жасын оның қорланып, ашуланып шыққанын білді. Оның соңынан лып етіп жетіп баруды жеңілтектік санап, өз сабасына қайта түсу үшін араға уақыт сала тұрғанды жөн көрді. Бірақ, қыз көп кешікті. Лоджияның жақтауына сүйеніп, оның қимылсыз тұрғанын байқады. "Бұл жолы шынымен ренжіген болуы керек. Бармаса болмайды".


Жасын жайлап басып оның қасына жақындады. Қыз оның бар-жоғын ұмытқандай көшедегі қыдырып жүрген адамдарға, мұз сүңгілердей түп-түзу аспанға атылып жатқан фонтандарға тесіле қарап, қимылсыз тұр екен. Ол өзінің келгенін, сол келісімен кешірім өтінгенін білдіргісі кеп, тамағын кенеп қойды. Сонда да бұрылған жоқ. Жасын оның жылап тұрғанын сезді. Жақтауға шынтағын сүйеп, қыз жүзіне ұрлана бір қарағанда, көшедегі самсаған шам сәулесінен көзіндегі жылт-жылт етіп төңіректеген жасты көрді.


- Әйелге, жылаған да жарасады,- деді. Жасын монолог оқып тұрғандай көшенің арғы бетіндегі скверге қарап.- Ол одан жанын тазартады, әйелдің әйел екенін танытады. Мен жыламайтын, жылай білмейтін әйелдерден қорқамын, олар арамдық пен жауыздыққа жақын. Білесің бе, қазір дүние жүзі әйелдерінің алдында әйел бола білу мәселесі басты проблемаға айналды!- Ол сәл ғана жымиып Бағилаға қарап еді, ол кілт бұрылып бөлмеге кіріп кетті.


Жасын бойын шымырлатқан ыңғайсыз жағдайда бір минуттай үнсіз тұрды да, ішке қайта енді. Бағила креслоға бетін басып, кәдімгідей иығы селкілдеп жылап отыр екен. Жасынның бөлмеге енгенін аяқ дыбысынан сезіп, орнынан ұшып тұрып, креслоның арқалығында жатқан кофтасын қолына алды.


- Мен білмеймін, ештеңе де білмеймін! Көп білудің маған қажеті де жоқ!- деді ол ызаға булығып.


- Дұрыс айтасың,-- деп Жасын оны жайбарақат қостай сөйледі.-- Әйелдердің көп білгені бақытына сор. Аз білген адам жақсы өмір сүреді. Түк білмейтін мақау болсаң - одан кереметі жоқ. Бұл әйелге де, еркекке де ортақ нәрсе. "Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда". Сен қазір жылап тұрсың, Абай өткен ғасырда жылаған.


- Сіз мейірімсіз адамсыз! Бәріне жауабыңыз дайын! Жүрегіңізде аяушылық деген жоқ!


- Мен шындыққа батыл қараймын, бар болғаны сол ғана. Бұдан кейін көп біле беруге тырыспа. Көп білсең достарыңнан да айырылып қаласың. Өзінен асқан адамды жақсы көре бермейді. Осы күйіңше қал. Бағила қол сумкасынан орамалын алып, көзін сүртті.


- Мені сізбен таныстырған қай тағдыр!- деді ол ашулы дауысына болмашы наз араластырып.- Екі сөзіңіздің бірі қорлау, кемсіту, намысқа тию, ақырында міне, жылату. Сіз менен он екі жас үлкенсіз. Менімен қатарыңыздай, жауыңыздай сөйлейсіз. Он екі жас үлкен,үйленген, бала-шағасы бар, өмірдің ащы-тұщысын талай татқан! Енді кеп, мен сол адаммен!..- Ол ар жағын айтқысы келмей, көз жасына тығылған адамша мұрнын жиірек тартып, тоқтап қалды.


- Сен қайтқалы тұрсың ба?


- Иә... Кетуден басқа ештеңе қалған жоқ.- Ол орамалын орнына мұқият салып, сумкасының аузын қаттырақ басып шырт еткізіп жапты да, үстіне кофтасын киді. Оны да қасақана асығыс киді. Ол Жасынның әлдене деуін күтіп, түймелерін баяу қадады. Бірақ, Жасын көңіл жұбатып, оны кідірте тұратын сөз айтудың орнына:


- Сау болыңыз,- деді де сигарет тұтатып, ашық терезе алдына барып, сыртқа бетін бұрды.


- Біз енді кездеспейміз бе?


- Мүмкін. Қажет болса жер асты арқылы сөйлесеміз ғой. Телефонмен кабельдері арқылы.


-Осымен бәрінің біткені ма? Осылайша оп-оңай!Және не үшін? Жоқ, мені бір желімдей жабысып тұр екен деп ойлап қалмаңыз. Мен үш жылға созылған ойларым мен шартарапқа шарпыған қиялдарымды, ұмытылмас сәттерім мен азапқа да түскен шақтарымды қия алмай тұрмын. Маған сол қымбат, сол өкінішті. Сізге бәрібір...сіз,- оның даусы тағы үзіліп шықты,- Сіз тағы басқа қызбен кездесесіз. Оның бойынан менде кездеспеген жаңа қасиет табасыз...


Жасын жалт қарады. Жүзі қуарып, көздері ызғар шашып тұр екен.


- Иә, табамын!- деді бұрынғысынша сабырлылық сақтап, бірақ, даусында жүрек шымырлатар салқын ыза бары байқалады.- Менің одан басқа шаруам жоқ! Өмірге қыздардың қасиетін зерттеуге ғана келгенмін. Егер үш жылдық ойларың мен қиялдарыңды қия алмай тұрсаң, тезірек кеткенің дұрыс. Алты жылға айналғаннан кейін мүлде ауыр болады, тіпті, өкінудің өзі кем болуы мүмкін. Маған да. Ол қайтадан теріс айналып, терезе алдына барып тұрды.


Бағила есік алдына барып аз-кем аялдады да, Жасын тарапынан жылы рай байқалмаған соң мұнда қалудың ретін де, сылтауын да таппай, ақырын басып шығып кетті.Үйіне жетіп, өз бөлмесіне енген бойда ебіл-дебіл боп жылады. Кеудесіндегі ызасы жылаған сайын тасқындай түсетін сияқты. Бұл жылаудың түп төркіні неде - өзіне-өзінің ыза боп қорлануынан ба, әлде Жасынды кінәлаудан ба, ол жағын өзі де анық білмеді, әйтеуір ішкі дүниесін ащы бір өксік кеулеп, өзегін әлдене өртеп бара жатқан секілденді.


Мәлике де жылады. Ол мән-жайды білмей тұрып-ақ, Бағила төсегіне кеп құлағанда жылай бастаған. Сауысқандай сақ, үкідей ұйқысыз Сәргел бірдеңені сезіп қалар деп, ол бәрін ертеңге қалдырып, жүрегі сыздаған бойы Бағиланы жұбатуға да шамасы келмей, өз бөлмесіне кетіп қалды.


Арада бірер сағат өткен соң ащы ызаның уыты тарқап, оның орнына салқын да сабырлы ой шым-шымдап ене бастады. Сол шым-шымдап енген сабырлы ой оның көз алдына Жасынды әкелді.


"Ол жалғыз қалды,- деп ойлады Бағила.- Жападан-жалғыз. Бәлкім ол қонақ үйде ғана емес, өмірде де жалғыз шығар? "Көп білсең достарыңнан да айрылып қаласың". Бұл сөзді неге айтты? Ол маған арнап айтылған сөз бе? Өзіне арналған сөз шығар? Бәлкім, ашуы келген кезде өзіне айтатын сөзді өзгеге айтатын шығар, маған - сенетін, жақын адамына? Әйткенмен, онымен дос болу, онымен қатар жүру қандай қиын! Ал, оны ұмыту... одан да қиын!


Ол ше? Мен айтқандай шынымен мейірімсіз бе? Шынымен аяушылық жоқ па? Мүмкін емес. Мұндай адамдарда қайғы-уайым болмай тұрмайды. Оның бүкіл тұлғасы ой мен ар-намыстың көшпелі ұясы. Демек, ойлы адамның мейірімсіз болуы мүмкін емес. Бәлкім, ол менен құтылғысы келетін шығар, менімен алғаш танысқан сәтіне әлі өкінер? Мен оны бостандығынан айырдым ғой. Ішінде шырмауықтай шарпысып, санасын сарсылтқан, миын жеген сергелдең ой аз емес шығар. Оның жағдайы менің жағдайымнан әлдеқайда ауыр. Әлдеқайда күрделі ғой. Дос таңдау, өмірлік адам табу (!) менің өз еркімде, толық өз еркімде, ал оның мүмкіндігі шектеулі. Алдында ондаған кедергі тұр, ол кедергілерден аттап кету де оңай емес. Жай, басқа кәсіптің қарапайым адамы болса, өзін-өзі ойдың мүжуіне тастамайтын болса, әрине, оған әлдеқайда жеңіл болар еді. Оның менен он екі жас үлкен екенін,өмірдің ащы-тұщысын көп көргенін неге айттым? Ол менің сөзімсіз-ақ мұны көп ойлайтын шығар! "Маған да" деген сөзді бекер айтқан жоқ қой".


Кенет қыздың сапырылысқан ойларының арасынан басқа бір күрделі сұрақ жылт ете түсті."Сонда... Сонда мен бұдан былай не істемекпін? Мұның бәрінің апарып тірейтін жері не болмақ? Көзді жұмып алып, қайда барары белгісіз кеменің соңынан ілесе беруге болмайды ғой. Ол кеме, әрине, өзгелерге мүлде ұқсамайтын алып та сырлы кеме, баратын жері де мен көрмеген ғажайып бір ертегідей қала, бірақ, маған ол қаланың қажеті жоқ, маған басқа қала керек, мүлде басқа қала. Ол тіпті, кішкене ғана порт болуы мүмкін, әйтседе мен баратын жер - сол. Онда мен білетін, мені білетін, оларсыз өмір сүре алмайтын ағайын-туысым бар, ата-анам бар, өз достарым бар. Менің өмірім кішкентай болса да тек сол портпен байланысты. Мен билетті соған алып қойғам. Енді кеп, ойда жоқта кездескен бір кеменің алыптығына, жүрер жолының қызғылықты да қиындығына, барар қаласының бір-біріне ұқсамайтын әсерлілігіне елігіп,сол кеменің ақылды да ашулы, сабырлы да салқын капитанымен алаңсыз еріп кете бермекпін бе? Кеме діттеген қаласына барып тоқтаған соң қайтем? Бері қарай өзім ғана қайтамын ба? Жол тым алыс, біз тым ұзап кеткеміз, әрі дауыл мен жартас көп. Одан да қайтпаған жақсы. Ал, капитан кері қайтпайды, ешқашан, ол еліне бара жатқан, өзінің таңғажайып Еліне. Енді не істеу керек, жүре беру керек пе, түсіп қалу керек пе? Тез ойлан, тез шешу керек, кеме жағадан, туған порттан алыстап барады. Шынында, не амал жасау керек? Бұл екеуінің қайсысын таңдаған дұрыс? Қайсысын?"


Оның көз алды мұнартып, қабырғада ілулі тұрған Сәргелдің бұрынғы әйелі мен екі баласының портреті сағым арасына сіңіп бара жатты. Олардың жоғарғы жағында көрінбейтін көкжиекке еліге қарап, бұғының кепкен басы тұр.


* * *


Екі күннен сон Мәлике мен Бағила кешкілік балконда әңгімелесіп отырды.


- Иә, әйел атаулының бәрі бақытсыз,- деді Мәлике осыдан он шақты күн бұрын қолға алған балаларының кеудешесін тоқи отырып, Бағиланың күні бойғы сөзінен өзінше жалпы қорытынды жасап.- Өйткені, олардың өмірі өзгенің қайғысы мен қуанышын түсінуден тұрады. Басқаның жанын түсінуге еркектерден гөрі әйел жақын. Сондықтан да біз байғұс көп кешіреміз, көп мұңаямыз. Өзіміз бақытсыз бола тұрсақ та өзгенің бақытсыздығына жанымыз ашиды, жылаймыз.


- Лике, айтыңызшы, мен бақытты боламын ба, бақытсыз боламын ба?


Мәлике тоқып отырған кеудешесінен бас көтеріп оған бір қарады да, айтар жауабын қыз жүзінен оқып алғандай, көзін қайта төмен түсірген бетте сөйлеп кетті.


- Білмеймін,- деді ол демін тереңдеу бір алып.-Сен тым көп ойланасың,- бәрін парасат пен ақылға жеңдіргің келеді.


- Ол жаман ба?


- Неге? Жақсы. Тіпті, өте жақсы!- Мәлике оқушының сұрағына жауап беріп тұрғандай байыппен, тәптіштей сөйледі.- Жақсы адам болудың несі жаман?


Бағила төмен қарап отырған Мәликеге сұраулы пішінде қарады.


- Сіз шыныңызды айтып отырған жоқ сияқтысыз.


- Мен бе?- Ол көзін бадырайтып, кеудеше тоқып отырған сымның өткір ұшымен омырауын нұқып көрсетті.- Мен сені неге алдаймын?


- Білмеймін. Айтқыңыз кеп тұрған басты сөзіңіз ішіңізде қалған тәрізді. Өйткені сіз тым сабырлысыз. Қысқа шейін әлі көп бар, кеудешені асықпай тоқысаңыз да үлгересіз ғой.


Бағиланың дәл байқаған бұл сөзінен Мәлике дір ете түскендей, тоқуын баяулатып барып тоқтатты да, басын көтермеген бойы ойланып қалды.


- Егер шынымды айтсам,- деді ол сәл қасын кере сөйлеп,- өзгені көп түсінетін ойшыл адам барлық уақытта бақытты бола бермейді. Олардың өмірі қол фонарьдың батареясы секілді, бар мейірімі мен қайрат-жігерін өзгеге жұмсайды да, өзі түптеп келгенде энергиясыз қалады.


- Сонымен...


- Сонымен, білмеймін... Мүмкін, соның өзі бақыт шығар. Жалпы, үлкен ұғымнан келгенде. Ал, жеке бастың ұғымынан келгенде, ол иығын қозғап қойды.- Білесің бе, жақсы адамдардың басым көпшілігі тіршілікте бақытты бола бермейді. Бір ғажабы - олар мұны бақытсыздық деп ешқашан есептемейді. Өйткені олар өзіне тиісті бақыттың басқаларға үлескенін біледі және мынау маған тиесілі еді деп айтпайды. Жақсы адам болудың қиындығы да сонда.


- Лике , сіз бүгін ерекше ойшылсыз ғой. Мен өзім жайлы ғана сұраған жоқпын ба?


- Мен сен жайлы да айтып отырмын.


- Демек, мен үлкен ұғымнан келгенде бақыттымын да, жеке бастың ұғымынан... бақытсызбын ғой? Бірақ, бір ғажабы өзімді бақытсызбын деп есептемеймін?


- Дәл солай болмаса да, сенің бойыңда сол қасиеттердің нышаны бар. Кім біледі, алдыңда әлі өмір көп. Адам өзгереді ғой. Жас кезімде сезімтал, түсінгіш, жақсы деген жігіттерім мен қыздарым қазір мүлде өзгерді, көпшілігі қу, өмір сүруге бейім, жалтақ та жағымпаз боп кетті, ал жаман деп ойлаған адамдарым парасатты азамат болды. Өмірдің өзі бәрін үйретеді.


- Мен мектепте оқып жүргенде оныншы класты бітіргенше асығып едім. Есейсем, өмірге аралассам деп армандаушы едім. Дүние деген аңыздағы жұмақтай көгілдір түске боялып, пәк күйінше маған қол бұлғап тұратын. Оның бір бөлігінде адамдар бақытты өз иелерін күтіп тұратындай, мен соны тауып ала салатындай сезінуші ем. Енді қарасам, бәрі оңай емес екен.


Ол ойлы пішінде күлімсіреп қойды. Сөзінің соңында мектептегі өмір бір бөлек те, есейген кездегі өмір мүлде басқа екенін, оның түсінуге ауыр күрделі қайшылығы боларын, әділет пен әділетсіздіктің мәңгі майдандасып жатарын айтпақ болып еді, оған тілі жетпеді және оның бұл араға қатысы жоқ екенін түсінді. Бұрынғы бейтаныс қазіргі Жасынды бір кезде купеден қуып шыққандарын, өзінің оп-оңай оқуға түсе салғанын, студенттердің тізімін оқып тұрған қыздың өз фамилиясын таппағанда қорланып жылап жібергенін, тәмпіш қара қыздың тарихтан екі алып қалса да студент болғанын, Сәргелдің ғылыми жолын, тіпті қарсы алдында өзімен сөйлесіп отырған Мәликенің сырты бүтін, іші түтін өмірін, Жасын творчествосын тасталқан қылған соңғы мақалалар, бәрі-бәрі дәл қазір топырлап кеп есіне түсіп өтті. Өзі осылай ойлап отырса да, аузын ашқанда мүлде басқа сөз айтты.


- Иә, Сіз дұрыс айтатын болуыңыз керек,- деді ауладағы бассейн жанында бір-бірінің үстіне ойыншық шелектермен сарылдатып су құйып тұрған екі кішкене баладан көз алмай отырып.- Мен ол жігітті ұмыта алмайтын сияқтымын, ал оның жолы... мүлде басқа.


- Сур,- деді Мәлике оған назар тоқтата қарап.-Жасынның ерекше адам екенін білем, ол сенікі емес.Сондықтан, ауыр да болса да айтайын, сенің оны ұмытқаның жөн. Ерте ме, кеш пе, бәрібір ұмытуына тура келеді. Жазғы каникулыңда алыс бір жаққа кет. Мәселен, Қара теңізге немесе Бурабайға. Жалғызсыраймын десең мен де бірге барайын.


Бұл Бағиланың Мәликеден мүлде күтпеген сөзі еді. Және бұл сөздерді ол бұрынғы өз мінезіне мүлде жат, мүлде беймағлұм сабырлы кейіппен айтуы оны барынша таң қалдырып, жүрегін мұз саусақпен шымшылап өткендей болды. Бұрын Жасын екеуінің жолында жанын құрбан етуге дайын боп көрінетін елгезек те, ақ жарқын Мәликенің екі-үш күннің ішінде күрт өзгеріп, Жасынды қалай ұмытудың жолдарын айтып отырғанына тағы түсіне алмады. "Бәлкім, мен ақыл сұрағандай болған соң амалсыз ойлап тапқан шарасы шығар? Жасын мен екеуміздің арамыздағы оқиға бұдан ары жалғаса берсе тұйыққа кеп тірелерін, тірелгенімен тұрмай әуелі мұнда, сонан соң елдегі әке-шешесіне белгілі боп, оларды да ұятқа қалдырарын сезген болар. Мұнан әрі не боларын білмей өзім де күйзеліп жүрген жоқпын ба? Оны ұмытқан да жөн шығар? Әрі кешегі оқиғадан соң оны ұмытуға да қақым бар ғой!"


- Онан соң... жақында жазғы сессияларың басталады.Сен бұл жаққа оқу үшін келгеніңді ұмытпа,- деді басы толған шудың арасынан Мәликенің даусы бөлек естіліп.- Сенің тағдырыңа біз Қаратайдың алдында жауаптымыз.


- Иә, иә, солай! Жақында сессия...- Мұны айтқан кезде Бағиланың көзіне жас төңіректеп үлгерген еді. Оның даусының үзіліп шыққанын, көзіне жас алғанын анық сезсе де, Мәлике басын жоғары көтермеді. Тап бір күні ертең қар жауардай, ал баласы осы күртешенің бітуін ғана күтіп үйінде жалаңаш отырғандай тоқуын бұрынғысынан да жылдамдата түсті. Бағила оның қимылы мен бет-жүзінен айрықша бір ішкі толқынысты аңғарып, бірақ, одан сыр бергісі келмей отырған Мәликеге ызаланып, айғайлап жібере жаздады.


- Лике, не болған сізге? Маған айтпайтын қандай жасырын сырыңыз бар еді! Тоқтатыңызшы тоқығанды, құдай үшін! Курортта не бітіреміз!


Бүгінгі барлық әрекеті мен сабырлы сөздері Бағиланың ызасына тиіп отырғанын енді ғана аңғарған адамдай, Мәлике лыпылдап отырған саусақтарын оқыс тоқтатты да:


- Сэр бір нәрсені бүлдіргелі жүр,- деді шарасы таусылғандай ақырын сөйлеп.- Ол Жасынмен сөйлеспекші.


Бұл ол жігіттей нәзік дипломатия мен биік мәдениетті меңгерген дейсің бе, кеңірдегінен тобық жүгіріп, көзі үкінің көзіндей боп жетіп барғанда қырсығына тиіп, бүкіл қала есітер дауға айналып кете ме деп қорқам. Жасынның әйелі бұл жайды есітсе не болмақ? Және көлденең біреуден емес, қыздың немере ағасынан!


Мәликеден естіген бұл хабар, шынында, жас қызды қатты шошындырды. Ақырамаштың суық торғайларындай дүр етіп жүрегіне қонақтаған үрей оның Мәликеге деген ашу-ызасы мен қонақ үйдегі оқиғаның әлі табы қайтпаған іш құсалығын лездің арасында бәсеңсітіп тастады. Ол нақтылап келгенде неден қорыққанын, нені көз алдына елестетіп шошынғанын білген жоқ, әйтсе де, кеудесін сұмдық жайлады. Өз өмірі мен Жасынның өмірі қыл үстінде тұрғандай көрінді және өз жағдайынан гөрі Жасынның жағдайы жанына қаттырақ бататын секілді.


Бағила бұл оқиғаның мәңгі құпия боп қалмасын, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір кезде бір қолайлы сәт тауып бәрін-бәрін әкесі мен шешесіне сыр ғып ақтарарын, ақтарғанда, қайғысын таратқандай емес, бір адамның кеудесіне көптік етердей бай сезімдерін қуана отырып, мақтана отырып ақтармақ еді. Енді соның бәрі табан астында астаң-кестең боп, бәрінің күтпеген жерден кесірлі бағыт алып кеткелі тұрғаны қызды әрі қатты қорқытып,


әрі дағдартып кетті.


- Жоқ, олай болуы мүмкін емес,- деді ол дірілдеп.- Ол кісілікке жатпайды. Мен мұны кешіре алмаймын!


- Сонда не істемексің?


- Кетем! Басқа қалаға! Басқа институтқа!


- Ақымақ болма,- деді Мәлике зекіп.- Бұл жақтағы сөз ол қалаға сенімен бірге немесе сенен бұрын жетеді. Және Қаратай мен бізге таңба тастап кетесің.


- Енді не істеу керек?


- Сэрге өзім түсіндіріп айтам. Бәрі жай сөз деймін.Жазда екеуміз Қара теңізге кетеміз. Бәлкім, шынымен оны ұмытарсың. Солай ма?


Қыз оған тесіле қарап ұзақ тұрды да, бетін басып солқылдап жылап жіберді.


* * *


Сол күні кешке Сәргел үйге ерекше көңілді кірді. Басқыштармен көтерілгенде ыңылдатып әндетіп, есік ашқан әйеліне өмірінде байқалмаған мінез көрсетіп иіліп тұрып гүл ұсынды.


- Бүгін екеуміздің қосылған күніміз, есіңде ме?-деді ол жаз ішіңде де басынан тастамайтын тер сіңді шляпасын киім ілгіштің жоғарғы полкасына қойып жатып.


- О-о, рақмет!- деді Мәлике Сәргелдің ең әдемі гладиолустарды таңдап әкелгеніне шын қуанып. Дәл қазір ол күйеуінің гүл сыйлағанына қуанып тұрғаннан гөрі, гүлдің әдемілігіне сүйсінуі басым еді.- Сэр, сен гүл мен сыпырғының арасында қаншалықты айырма барын біле бермеуші едің ғой, қалай таңдадың?


- Ер адам - таусылмайтын қазына. Қаза білсең оның сыры көп!- деп ол саусағын шошайтып, ыржия күлді.- Қой, бүгін отау болған күнімізді атап өтейік. Ешқайда да бармаймыз, осында өткіземіз. Шаңырақ құрған күнді шаңырақ астында атап өткен дұрыс. Міне, мына сумкаларда бірдеңелер бар. Байқа, шампанды маған қаратып ашпағайсың!- Сәргел баяғы кезде, Медеу ресторанында отырып Мәликенің оны шампанға шомылдырғанын есіне ала сөйледі.


Бүгін Сәргел екеуінің қосылған күні екенін, шынында Мәлике ұмытып та кетіпті. Сәргел оған гүл беріп, сол күнді еске түсіргенде, өз жүрегінде қуаныш та, тебіреніс те жоқ, түсініксіз бір бос кеңістік жатқандай сезінді. Ол кеңістікке Сәргелмен ішкен неке суынан қуаныш боп бір тамшы да тамбайтынын, керісінше, оны реніш пен наланың, көп ретте жұртқа көрсетпейтін көз жасының тамшыларымен толтырарын, тола қалса сонымен толарын түсінді, бұрын да түсінген. Бірақ, ол оның бәрін қырмандағы қоқыстай кеудесінің бір бұрышына үйіп қоя тұрды да, шын қуанған боп күйеуінің былғауыш сабындай жіңішке мойнынан құшақтады. Бағиламен арада өткен бүгінгі әңгіме, бүгінгі келісімнен кейін бұл үйге қандай болса да бір қуаныш керек еді.


Мәлике Сәргелге тап қажетті күні, зәрулі күні қосылғанына қуанды. Бір сағаттан соң олар түп-түгел стол басында отырды. Ас үйде болмаса, залда өтетін салтанаттан әманда сыртқары қалатын Мәнсия мен екі бала да үлкендермен қатар жайғасты. Үлкені Елтай биыл мектепке баруы керек, сондықтан салауаттылық сақтап, дастарқанға шақырған кезде кішісінен кейінірек келді. Ол анасының жанындағы орынға жайғасқанда інісі ағасына деп құйылған лимонадты да орталап, жоспарын ұят та болса асыра орындап жатыр еді.


Соңғы күндердің оқиғасы мен әлгінде ғана Мәликемен арадағы әңгіменің ауыртпалығынан әлі өзіне-өзі келе алмаған Бағила аурудан жаңа тұрған адамдай стол басында сүлесоқ отыр. Сәргелден қол созым төменде индеецтерден шыққан тұңғыш жазушы Сат Октың кітабынан көз алмай Мәнсия жайғасыпты. Стол басында қанша адам болса бәрінің де өз ойы, өз мақсаты, өз дәрежесінде ақылы мен қулықтары бар, бір-бірлеріне мүлде ұқсамайды. Тіпті,кішкентай Елтай мен Ертайдың да мақсаттары әр басқа. Үлкені авиаконструктор боламын десе, кішісі сағыз сататын дүкенде сатушы боламын деп әзірге елде жоқ кәсіпті айтады.


Сәргел көңілді қалпынан таймай, бокалдарға шампан құйып шықты да, бүгінгі салтанаттың мәніне біраз тоқталып, тост көтерді. Хрусталь бокалдар аспанда түйісіп, күйме қоңырауындай сыңғырлады. Ол бокалдардың арасында Елтайдың лимонад толы бокалы мен ішіңде тамшысы да жоқ Ертайдың да бокалы сыңғырға сыңғыр қосты.


- Мәнсия, әр нәрсенің өз орны бар,- деді Сәргел бокалын соғыстыра салып кітапқа қайта үңілген оған.-Дастарқан басында ас ішіледі, кітап оқылмайды, ал стол басында, анау өз бөлмеңдегі, ас ішілмейді, кітап оқылады.


Мәнсия басын көтеріп, екі жұдырығына иегін тіреп отыра қалды.


- Дәрігер болғысы келген адам мединститутта оқиды, пединститутта оқымайды. Педагог болғысы келген Адам пединститутта оқиды, мединститутта оқымайды,- деді ащы мысқылмен күлімсіреген боп.


Сәргелдің көзі шарасынан шығып кете жаздады. Ол отырғандарға жағалай қарап өтті де, оған қайта мойын бұрды.


- Бұл да кітапты көп оқығанның пайдасы ғой,- деді дастарқан шырқына кесірін тигізбеуге тырысып, әзілдеген боп.- Егер алған білім пайдалы нәрсеге жұмсалмай іште қала беретін болса, ол улы газға айналып, адамның өзіне зиянын тигізеді. Білім де аңшының бүркіті сияқты. Оны орнымен жұмсау керек, бағалау керек, қастерлеу керек. Егер бүркітті аң көрінбесе де томағасын алып босқа ұшыра берсе, ол ашуланып, аңшының өзіне шабады. Тілдің де қасиеті осыған ұқсас. Оның да қайтып айналып кеп өзіңе тиетін кезі болып тұрады. Және жиі болып тұрады!-Сәргел сұқ қолын аспанға шошайтып, өз сөзіне өзі риза болғандай шиқылдай күлді. Мәнсияның көзінен ыза оты жылт ете түсті де, еріндерінің көгеріп, болар-болмас дірілдегені байқалды. Сәргел бунтка бастағалы тұрған паузаны ұзата бермей, жалма-жан тағы сөз бастады.


- Көп ұзамай бәрің де оқуларыңды бітіресіндер. Жан-жаққа тарайсыңдар. Міне сол кезде,- деді ол қайта көңілденіп,- мені сол кезде мына аталарыңды сағынасыңдар. Қандай көңілсіз болмасын, өткен, артта қалған өмірді аңсайтын адам баласына біткен қасиет. Мен бір үзім нанға зар боп, бүтін көйлек киіп көрмеген болашақ шағымды аңсаймын. Сол күн бір айналып келсе екен деп тілеймін. Ал, сендер... сендер бұл үйден не жаманшылық көріп жүрсіңдер. Бәрі бар, бәрі жетеді, ешкім қақпайлап жатқан жоқ. Тыныш та бейғам өмірдегі кірбіңдердің бәрі өткінші, бәрі ұсақ, оларды ұмытып кетесіңдер. Қане, мына тосты біріңе жеңге, біріңе әпке, енді біреулеріңе - ол даусын көтеріп, екі баласына еңкейді,-мама. Мәликенің денсаулығы үшін алып қоямыз. Түгел!- Ол өзі осылай деп ұран тастаса да үшеуінің де тамшы қалдырмай түгел ішіп салғаңдарына таңданып, шын жөтелгісі келді ме, тамағын қырнап шашалып қалды. Келесі тосты Мәлике көтерді.


- Бүгін - Сәргел екеуміздің ұмытылмас күніміз. Дәл осы күні екеуміз заңды түрде өмірлік жолдас болдық. Күнделікті тіршілік қамымен, ерлі-зайыптылардың үйреншікті өмірімен сол ұмытылмас күн көмескіленіп бара жатыр екен. Соны еске салып, әуелі мені, қала берді қалған бәріңді қуантып отырған мына алдарыңдағы -біріңе аға, біріңе жезде, енді біреулеріңе - ол да дәл Сәргел сияқты екі баласына еңкейіп қойды,- әке -Сәргелдің, Сэрдің денсаулығы үшін көтерулеріңді сұраймын. Түгел!


Алдымен өзі, сонан соң екі қыз да қағып тастады.Сәргелдің бадырақ көзі жылт-жылт етіп үшеуін де тез аралап шықты. Сонан соң ішінде балалап үлгірген қап-қап күдікті ойларын ернін қымқырып біраз қамауда ұстап отырды да, ол ойлардың тәптігі басылды-ау деген кезде аузына бокалды апарды.


Мәликемен қосылған күнді от басында ішпесек те ырым үшін атап өтейік деп ойлаған Сәргел мына үшеуінің, әсіресе, мына екі қыздың қамшы салдырмай шампанды сілтеп-сілтеп салғандарына қатты қайран қалды, тіпті, шошынайын деді. Демек, олар үйренген, бұл жоқ жерде үйренген. Бәлкім, бұл жоқ жерде олар бұрқыратып темекі де шегетін шығар? Бұрын іше алмайтын адам кенеттен, дәл бүгін, менің көз алдымда бірден бокал құрғата алмайды ғой.


Ол үшеуіне сынай қарап шықты. Жүздері моп-момақан, ешқандай қулық-сұмдығы жоқ, күнәдан пәк, бейкүнә. Бірақ, кішкене үгіттесең, тіпті үгіттемей-ақ тағы бокал босатуға дайын сияқты. Келесі сәтте ол Мәликенің сөзін есіне алды. Оның әр буынынан, әр әрпінен, дауыс екпіндері мен күлкісінен, бәрі-бәрінен кермек мысқыл мен жасандылықты, уытты астарды аңғарып, тың тыңдағандай басын бір жағына сәл қисайтып, көзін шымырлап тұрған бокалындағы шампаннан алмай ойға шомып қалды.


Ширек сағаттан соң Сәргел салтанатты отырысты шұғыл жауып, семья мүшелерін стол басынан таратып жіберді.


- Сэр,- деді Мәлике стол үстіндегі ыдыстарды жинап жатып.- Бүгінгі идеяң үшін қуаныштымын, шын айтам. Бірақ, байқауымша, басқа да қуанышың бар сияқты. Жасырмай айтшы, ол не?


Креслода газет қарап отырған Сәргел оған жайлап қарады да, Мәликенің көзімен көзі түйіскен кезде "бәлекет, қайдан білдің",- дегендей басын шайқап, жайма-шуақ езу тартты. Сонан соң кешкі газетті журнал столына тастай салды.


- Иә, басқа хабарым тағы бар,- деді көңіліндегі әлгі күптігейді қазір айтатын қуанышты хабарына жеңдіріп.


Мәлике күйеуінің айрықша жаңалық естуге дайындалып, қатталған тарелкаларды көтере берген бойы оған қарап тұрып қалды. Сәргел қуанышты хабарды бірден айта салғысы келмей, иығын қомдап, ерніндегі күлкісіне маңызды салмақ қосып, бет-әлпетін байсалды қалыпқа түсіріп алды. Ойындағы хабарына лайықты пішінге түстім-ау дегенде барып кеудесін шалқайтты да:


- Ертеңнен бастап сіздің күйеуіңіз кафедра меңгерушісі!- деді бұл сөзім қалай әсер етті дегендей әйеліне мақтанышпен қарап.


- Солай ма? Вот, бәлекет!- Мәлике тарелкаларын столға қайта қойып, алжапқышына қолын сүртті.- Мен барып құшақтайын ба, әлде өзің кеп құшақтайсың ба?


- Әрине, мен!- Ол маңыздана басып кеп әйелін құшақтады да, бетінен сүйді.


- Қаратайға ештеңе демей-ақ қой.


Сәргел шошып кетті.


- Бұл жерге Қаратайдың қандай қатысы бар?


- Сен басқаша түсініп қалдың, шошымай-ақ қой. Қаратайга Бағила жайлы ештеңе демей тұра тұр дегенім ғой.


Сәргелдің лып етіп қызарып шыға келген беті қайта қалпына түсті.


- Жарайды! Бір қуанышты бір ренішпен араластырмайық.


- Сонан соң,- Мәлике оған еркелеген боп,- жазда Сур екеуміз Қара теңізге баратын боп шештік. Сол сонда, бәлкім, әлгі жігітті ұмытар. Сен бізге екі путевка тауып бересің. Кафедра меңгерушісің, докторсың. Келістік пе, Сэр?


Сәргел теңіз жағасында қупальникпен жатқан әйелін, оның қасынан тағы бір әйел емес біреуді көріп тұрғандай терезе жаққа біраз қарап тұрды да:


- Осыны да ұмытуға болмай ма?- деді.


- Жоқ!- деді Мәлике жағдайдың меңдей беретінін үзілді-кесілді даусымен танытып.- Жас қыз үшін бұл аса қиын да қауіпті мәселе. Алысқа кету керек.


Сәргел Таяу Шығыс мәселелерінен де күрделірек нәрсеге енгендей екі қолын артына ұстап, ауыр ойға шомып, үй ішімен бет алды жүріп кетті. Ақырында Мәликенің жанына кеп аялдады да:


- Ертең,- деді жай ғана күрсініп.- Жауабын ертең берем.


Мәлике үнсіз келісіп, тарелкаларын көтеріп шығып кетті. Демек, алдағы түн сұрау мен сынау түні болатыны сөзсіз. 


* * *


Жазғы сессияларын ойдағыдай аяқтап Бағила төртінші қурсқа өткен соң Малике екеуі Қара теңіз жағасына жүріп кетті. Өзі командировкадан келгенде үй ішінде бір жеті бұрын темекі шегілгенін сезетін қызғаншақ Сәргелдің әйелін осындай "қатерлі сапарға" жіберуі, ол тарапынан ерлікпен пара-пар еді. Және оның ойында "қурорт", "теңіз жағасы" деген сөздер "Көзге шөп салу" деген сөздің баламасындай көрінетін. Бұл жолы әйелінің қасында немере қарындасы бара жатқан соң, көңіліне соны медеу тұтып, қинала отырып рұқсатын берді. Сәргел оларды самолетке шығарып салып, үйіне келген соң телефон арқылы Қаратаймен сөйлесті.


- Рақмет,- деді Қаратай ризалығын білдіріп.- Оған жасаған әкелік қамқорлығыңызға қуаныштымын.


- Тәйірі, рақмет деуге тұра қояр ма екен,- деді Сәргел өз ісіне қасақана мән бермеген боп.- Балалардың қамын ортақ ойлау парызымыз ғой. Олар біздің өз ұрпағымыз, артта қалар тұяғымыз. Солар үшін жүрген жоқпыз ба бәріміз де!


- Екінің бірі сіз сияқты түсіне бермейді ғой.


Сәргел Қаратайга ұнағанына қуанып, кеңкілдей күлді.


- Өзің білесің өткен жолғы... әлгі бір... келеңсіз әңгімеден аулақ болсын деп... Оны ұмытты-ау деймін. Қазір бәрі жақсарды. Қабағынан көріп жүрмін. Алыс жаққа барып, теңіз суына шомылған соң, тәтті де балаң ойларына теңіздің тұзды суы араласып, кермек болмаса да тұшып қайтатын болады.- Ол бұл жолы жақсы теңеу тапқанына риза боп қарқылдап күле беріп еді, трубкадан өзін қостай кеткен күлкіні естімеген соң даусын баяулатып жатпай-ақ кілт тоқтай қалды. Келесі сәтте бетіне бірден салқын қандылық орнап, көзі сәт санап шақырая берді де:


- Қашан?.. Ім-м... неге?- деді таңданғаннан тілі таңдайына жабысып.- Білмеймін. Оқыған жоқпын. Қазір жазушы көп қой. Бәрі жақсы, қайсыбірін оқисың. Қол тимейді. Грейдершілер оқыса, олардың уақытысы бар шығар. Бізде сабақ, қыруар тіршілік, ғылыми жұмыс. Қаратай, мені кешір!- Қатты айтқысы келсе де даусын көтере алмай, онысы өтініш сияқты боп шықты.


- Жақсы жазушы болса болар. Заман жақсы, ел тыныш, жақсы жазбағанда не істейді. Бәріміз де қарап жүрген жоқпыз. Қол тисе көрерміз. Өткен жолы қолыма алып байқап едім, түсіне алмадым. Ұйысып жатқан бір бәле. Сонда не дейсің? Вот, солай. Жаза берсін.


- Өзіміз болған соң сөз арасында айтқаным ғой,-деді Қаратай күліп.


- Әрине, оның ақылдылық. Жауыңа да парасатпен қарау керек. Бірақ, ол бізге жау емес, өсекке қалдырады. Егер бұрынғысын қайта бастаса мен онымен басқа тілде сөйлесем. Біздің тұқымның соңынан сөз ергенін қаламайтынымды білесің. Жалпы, жазушы дегенге жаным қарсы. Олар өзі бар... нелеу, тұрақсыздау ма, қалай... Мына жігіт үйленген, бала-шағасы бар, газеттерде күнде сыналып жатады. Өзін ішеді дей ме...


- Сәке, сіз мені түсінбей қалдыңыз. Ол жігітті...-Қаратай сылқылдап күліп алды.- Ол жігітті күйеу бала еткелі құлшынып тұрған мен жоқ. Жалпы бейтаныс жазушы ретінде айтып отырмын. Өзімше объективті болғаным ғой.


- Е, бәсе!- Ол қайтадан шиқылдай күлді.- Жұмысың жақсы ма?


- Жаман емес. Жеңгей жоқта ауылға кеп, демалып қайтыңыз балалармен.


- Құда қаласа. Барып та қалармын. Ал, сау бол.Бәріне сәлем айт.


Ол үлкен бір міндеттен құтылғандай жеңіл бір демалып, балконға шықты. Күн батып, көз байланып келе жатқан шақ еді. Төменнен өзіне етене таныс тұлғаны көргендей боп, алға итініп, үңіле қарады. Иә, сол. Ол мұнда неғып жүр?


- Сербота! Бұл сенбісің?- деді Сәргел дауыстап. Жігіт қалшиып тұра қалды да, дауысқа мән бермеген мүлде басқа адамдай орнынан қайта қозғалып, бұрышты айналып кетті.


Сәргел өз көзіне өзі сенбей иығын бір қиқаң еткізді де, ішке қайта кірді. Балалар Мәнсиямен далада ойнап жүрген. Ол екі қолын артына ұстап, аңырайған бөлмелерді аралады. Бәрі тап-тұйнақтай, тап-таза, сұп-суық. Үй ішіндегі кітаптар мен мебельдер, қабырғадағы орта қол картиналар тылсым сырды ішіне бүгіп жатқан сияқты. Ол сенделіп жүріп Бағиланың бөлмесіндегі бұрынғы әйелі мен екі баласының портреттерінің алдына қалай келіп қалғанын байқамапты. Сәргел оларға ұзақ қарады. Сол кезде кеудесіне әлде қалай бір сағыныш пен жалғыздық еніп, көңілі құлазығанын сезді. 


* * *


Таң бозарып келе жатты.


Кешкі тамақтан соң бір сағат жатып алып, столға отырған Жасын орнынан тұрып, терезені ашты. Сыртта қамалып тұрған кәусар ауа ішке лап құйылып, жылылыққа ұйыған денесін дір еткізді. Ол сонда ғана барып түні бойы шеккен темекі түтінімен қимылсыз отыра бергеннен басының зырқылдап тұрғанын сезді.


Үкі мамығын тербетер жел жоқ, таң алдындағы маужыраған тымық шақ. Дүние күннің шығуын күтіп, демін ішке тартып, тына қалған. Маңай әлі ұйқыда. Терезеге төніп тұрған терек пен қарағаштардың қою жапырақтары да таң алдындағы тәтті ұйқысынан ояна қоймапты, үн шығармай мүлгіп тұр. Сол сыбдырсыз жапырақтардың арасынан безілдеуік пен қараторғайлардың мың құбылтып салған әндері тұп-тұнық, тап-таза естіледі.


"Күннің туылуы,- деді Жасын іштей.- Жаңа күннің туылуы! Дүние толғатып жатыр. Біраздан соң дүниеге жаңа күн келеді".


Ол таңның атуын көзбен талай көріп келеді, бірақ, бір-біріне ұқсап атқан таңды көрген емес. Әр таң әр басқа. Адам сияқты олардың да әр түрлі мінезі, әр түрлі сыры бар. Оның ойына болашақ кейіпкерлер айтатын диалог түсті. "Дүниеде не сұлу?", "Таң сұлу" "Енді бұған қарама-қайшы ұғым болу керек, әйтпесе мұның мәні аз",- деп ойлады ол тағы да. Ажарсыз, сүйкімсіз нәрселерді ойша шарлап шықты, бірақ таба алмады. Ажарсыз, сүйкімсіз дегендердің бәрі де таразылап келгенде, адам баласының қалыптасып қалған қабылдауына байланысты екенін аңғарды.


Ол терезеден сыртқа сұғынған денесін кейін тартып, жазу столына қайта жақындады. Үй ішіне сіңіп қалған темекі түтінінің қоңырсық иісі қайтадан қолқасын қапты. Басы қайтадан зырқ ете түсті. Терезенің екі жақтауын да бірдей ашып, түні бойы жазған жолдарына үңілді. Екі жарым-ақ бет! Кешкі сегізден таңғы төртке дейін бітіргені осы. Бір де бір сөзі өшірілмеген екі жарым беттік диалогсыз текст. Жалпы ол өшіріп жазғанды ұнатпайтын.


Өзгелердің талай рет кешіремін, өңдеймін, сызамын дегендеріне түсінбейтін, оған қарсы болатын да. "Таза өнер бір сәтте екі тумауы керек,- дейтін ол.- Көркем шығармада "жекелеген сөз" деген бөлек ұғым жоқ, өнер - сол жеке сөзден басталады. Ой мен сана адамға сол сөздерді күні бұрын дәл табу үшін берілген. Керек кезінде дәл табылмаған сөз - жазушының әлі дайын еместігін көрсетеді. Бірі сызылып, бірі түзеліп, айғыз-айғыз болған қағаз алдында отыру ұят емес пе? Әуелі бәрін ойда жазып алу керек. Сөзді өңдеп жазу - жазу - писать, өңдемей жазу - тудыру - творить". Замандастары тұс-тұстан шуылдап, қоя беретін: "Сонда жалғыз сен ғана дүние тудырасың да, өзгелер тек жаза ма? Пушкин, Толстой, Достоевскийің тағы, тағылар.


Сеніңше, олар тек жазды ма? Еш нәрсе тудырмады ма?"Екеуі де бар. Адам құдай емес. Мен ет пен сүйекке табынбаймын". "Сонда... сен данышпан болдың ғой!!!" "Бар болғаны мен өзімше ойлаймын. Жер бетінде сыналмайтын данышпандық жоқ. Сызбай жазуға да қақым бар". Ол машинкаға бірден жазатын адамның тәсіліне өлердей қарсы еді. Сөзді сыйламаушылық дейтін-ді. "Толстой "Анна Каренинаны" машинкаға ауызша айтып тұр!" Ауызша айтқан кезде ешқашан "Анна Каренина" тумайды!


Жасын екі жарым бетті түгел қайта оқып шықты. Бұл өзен арнасын бұрып, шөл даланы суландыру жобасын ұсынған талантты инженер-ғалымның бұрын өзі ойламаған зиянды салдарға тап болғаннан соңғы ой толғау, тебіренісі мен опынысы еді. Өзіне ұнайтын сияқты. Есік ақырын ашылып, ақ жейде, ақ дамбалмен состиып қарап тұрған әкесі көрінді.


- Иә,- деді ол өктем үнмен.- Тағы ұрыс естігің кеп таңды таңға ұрып отырсың ба?


- Ә, бала, жап есікті!- деді Жасын оған доқ көрсетіп,- қай бала бақшадан адасып жүрсің?


- Жағың пышақ қайрағандай, көзің шөлдің құдығындай, үйің сасық күзеннің ініндей. Бәрібір ертең кәзиттер арадай талайды, несіне әуре боласың!


Жасын сақылдап күліп алды.


- Сен бала, барып ұйықта. Көп болса фамилияңды алып қоярсың. Маған псевдоним-ақ әке болады.


- Ол кім псевдоним деген?


- Ол да әкенің бір түрі. Бірақ, борсық тұқымдас -ұрған сайын семіре береді.


Қолында орта кесесі бар, шалын шынтағымен ысырып ішке анасы кірді.


- Ален Делондар мен Софи Лореңдер қаптап кетті ғой.


- Құрт қатқан тары көже. Ішіп алшы,- деді анасы жұмсақ үнмен.


- Әйтпесе ішегің қабырғаңа жабысып қалады.


- Сайрай бермей баршы орныңа,- деді кемпірі шалына ала көзімен ата қарап. Аш тауықтай құлқын сәріден сайрайсың! Жүр, мазасын алмайық!- Ол шалын ертіп шығып кетті.


Жасын кесені қолына алды. Ыстық та емес, суық та емес, сіміріп салатындай әбі-тәбі екен. Кеше езілген құрт жоқ болатын. Оны езу үшін кемінде бір сағаттай уақыт керек. Анасы да көптен бері ояу жүрген екен-ау! Ол сағатына қарады. Таңғы алты болыпты. Енді бір сағаттан соң әйелі мен баласы да тұра бастайды. Жасын терезені жауып, шамды өшіріп, әйелі жатқан ұйықтайтын бөлмеге қарай жүре бергенде, даусын ақырындатып қойған телефон дызылдай жөнелді. Жасын таңданып, иығын қозғады да, трубканы алды.


- Тыңдап тұрмын,- деді ол үйдегі қайта орнаған тыныштықты бұзбай ақырын ғана.


Ар жағынан әйел даусы естілді.


- Жасын, бұл сіз бе?


- Иә.


- Қалай ерте тұрғансыз? Алматыда енді таң атқан болар. Бізде жап-жарық.


- Бұл кім?


- Мен Мәликемін ғой.


- Кім?!


- Мәлике. Ұмытып қалдыңыз ба?


- Қайдан?


- Ялтадан.


Жасын түкке түсінбей үнсіз қалды.


- Алло! Алло!


- Не айтайын деп едіңіз?


-Біз осында... демалуға келіп едік...- Оның даусы абдырап, үрейлі шықты.- Бағила қатты ауырып, ауруханаға түсті.- Кеше...- Мәлике жылап тұр. Жасын жұмсарайын деді.


- Мен не көмек бере аламын?


- Сіз... сіз келіп кетіңіз. Келуге тиіссіз. Келген соң түсінесіз. Телефонмен ештеңе айта алмаймын.


Жасын сәл мүдіріп барып:


- Естеріңіз дұрыс па? Ялта - Қаскелең емес қой,-деді.- Және барғанда қолымнан не келеді?


- Өтінемін. Екі үш күнге уақыт табыңыз. Сізге телефон соқпай-ақ қояйын деп едім, болмады. Түсініңіз! Келесіз бе? Оның жағдайы шынымен ауыр. Менің он бес тиындықтарым бітіп қалды, телефон-автоматтан соғып, тұрмын, тез айтыңыз!


- Сонда мен Алматыдан шақырылған жедел жәрдем ретінде бармақпын ба?


- Ненің ретінде екенін білмеймін, келіңіз. Егер билет алу қиын болса, орталық аэрофлот агентствосының тоғызыншы кассасында, естіп тұрсыз ба, тоғызыншы кассасында тетя Маша деген кісі бар, ұмытпаңыз, тетя Маша!Мені айтсаңыз ұшып бара жатқан самолетке де билет алып береді. Біз "Орсаңда" ресторанының жанындағы корпус...


Дауыс үзіліп кетті. Мәликекің он бес тиындықтары бітсе керек.


"Неткен ұшқалақтық!- деді Жасын ызаланып.-Осындай хабар айтуға келеді, он бес тиындықтарын да жеткілікті ғып алмайды! Ялта! Олар қашан кетіп жүр? Мәликенің идеясы ғой шамасы".


Жасын Бағиламен баяғы оқиғадан соң екі-ақ рет телефонмен сөйлескен. Қыздың даусынан тек реніш қана емес, санадан туындайтын салқындықты аңғарып, қайтып хабарласпаған-ды. Және өзінің де жанын кеміріп, күннен күнге ұлғайып, сүйек жараға айналып бара жатқан қасіреттей сезімді дәл осы тұста тежеп, шамасы жетсе шідерлеп тастауға бекініп еді. Ол қанша алысқа ұзағанмен, өзін өзі қанша ауыздықтағанмен Бағиланы ұмыта алмасын, нәзіктікке езіле бермейтін қасаң жүрегінде оның бейнесі ақырғы минутқа дейін бірге өмір сүрерін жақсы түсінді. Былайғы жұртқа түрпідей көрінер "Жас қыздың өмірін қор қылармын",- деген ойдан ол қорыққан жоқ, бұлай деп ойламады да, бар қорыққаны - құдайдай табынар сұлулыққа да бір кезде бойының үйреніп, оған көңіл бөлмейтін кездің келерін сезінгендіктен еді.


Періштенің қызымен некелескен бір еркек, бес жылдан соң аузы қисық бір әйелге ынтық бопты (Жасынның бір повесіндегі бір шалдың ер адамның қанағаты мен соқыр нәпсісі жайлы ауыз-әңгімесінен). Жасын әлгі еркектің адамдық қасиетінің өлгенін аза тұтты. Адам бойында ет өлу, үйрену, көз тию, көңіл тояттау сияқты қасиеттердің бұғып жатарын білген ол Бағиламен бірге сұлулық пен ынтызарлық символын өлтіріп алудан қорыққан-ды.


Ол жұмыс кабинетінде ұзақ ойланып отырды да, ұйықтайтын бөлмеге беттеді. Дыбысын білдірмей есікті ашты. Әйелінің ұйқысы қанып қалған болуы керек, білдірмей кірсе де бұл енген кезде орнынан бір қозғалып, оң жақ қырына аунап түсті.


Жасын паралон халатын шешіп жатып әйеліне қарады. Бейкүнә, бейғам күйде, екі алақанын жағына төсеп, момақан пішінде ұйықтап жатыр. Әлгінде ғана сонау Ялтамен сөйлескенін, ол жақта өз күйеуінің жүрегінен мәңгі орын алған басқа бір қыздың барлығын, мұның келуін асыға күтіп отырғанын мүлде білмейді. Ол анау айтқан сұлу да емес, көп ішінде елеусіз қалар ажарсыз да емес, орта бойлы, қыр мұрынды, жарасымды қастарының екі ортасы көтеріңкі біткендіктен жүзіне ылғи да таңданыс сеуіп тұратын, әдеміше келген әйел еді .


Екеуінің арасында түс шайысу, дауыс көтеру деген ешқашан болған емес. Ол Жасынды мейлінше жақсы көретін, сол жақсы көруі екеуі отасқалы бері бәсеңдеген жоқ, бәлкім, олардың ұрыс-талассыз өмір сүрулеріне де әйел бойындағы сол сарқылмаған сезім, сол сезімнен туындайтын кешірімділік әсерін тигізетін шығар. Неге екені белгісіз, осы кешірімділік пен не айтсаң соған көнетін баладай бағыныштылық кей кездерде Жасынның ішкі ызасын оятатын. Өз тағдырын күйеуінің қолына қапысыз тапсырып, алаңсыз ұйықтап жатқан әйеліне Жасын бір сәт аяушылықпен қарады. Өзінің алдыңда оның инедейде кінәсі жоқ екенін, сондықтан, оны жек көрудің де мүлде қисынсыз, негізсіз екенін ол жақсы білетін-ді. Егер жүрегінен басқа қыз ұмытылмастай берік орын алса,бұл - әйелін ұнатпаудан, жек көруден туған сезім емес, сыры өзіне де жұмбақ, оны жеңуге шамасы жетпейтін, ол үшін ешкімді кінәлауға болмайтын айрықша күш екенін де санамен ұқты. Ялтаға ұшу - оның алдына екі бірдей күнәні көлденең тартпақ. Бірі - басқа бір сылтау айтып үй ішімен әйелін алдау, екіншісі - адалдықтан аттау. Осы ой арпалысы өзін тынымсыз мазаласа да, ұстап тұруға болмайтын еріксіз күш оны аэрофлот агенствосының тоғызыншы кассасына қарай итермелей берді. Ол біреу зорлағандай қиналып билет алды, амалсыз самолетке отырды. Самолет те біреу зорлағандай орнынан қинала қозғалды, қинала екпін алды. Әйелдің бөлмесінен бері созылған адалдықтың жібі бырт етіп үзіліп кетті. Самолет жерден көтеріліп, аяғын бауырына жиып алды.


* * *


Жасын Мәликенің бөлмесін тапқан кезде күн батуға бақан бойы қалып еді. Ол бөлмеде жоқ екен. Бұл қалада ол әлденеше рет болған, бәрі таныс. Былтырғы көктемде ғана жазушылардың Чехов атындағы творчество үйінде бір ай демалған, повесінің бірінші бөлімін осында бітірген. Онда кісі аз еді, жаз айы болған соң, теңіз жағасы құмырсқаның илеуіндей құжынаған адам. Жасын сияқты киіммен жүргендер ілуде бір кездеседі, көпшілігі жартылай жалаңаш. Киіммен жүру ерсі секілді. Жағаның құмдауытында ине тастар жер жоқ, жаппай күнге қыздырынып жатқан адамдар. Кеш батуға таянған соң кейбіреулер үрлейтін төсектері мен жастықтарының желін шығарып, қайтуға дайындалып жатыр. Енді біреулер бүгінгі күнді аяғына дейін толық пайдаланып қалмақ боп, жонын күнге тастап, қимылсыз қалған. Баз-біреулер доп ойнап, енді біреулер кітап бетіне үңілген. Алыстан қарағанда ұсақ боп көрінетін адамдар теңіз жағасында шабақтай жапырлап жүр. Көз жетер жердегі мүйіске дейін қыбырлаған адам. Олардың көптігі сондай, бүкіл ел шешініп тастап, түгел суға шомылып жатқан секілді.


Жасын киоскіден газет алып, үш-төрт қыз отырған сәкінің бір шетіне жайғасты. Қыздар тым көңілді.Аяқтарын бір-біріне айқастырып, шалқалап отыр. Күнге күйген денелері қыздырған мыстай көзге қоңырқай шалынады. Олар киіммен жүрген бұған таңдана, әрі менсінбей бір қарап алды да, бүгінгі жоспарлары жайлы үзіп-үзіп айта бастады. Және не айтылса да бәрі күледі. Тістері теңіз маржанындай аппақ. Шашы су перісінің шашындай аппақ, сұңғақ бойлы бергі шеткі қыз шашын тәкаппарлана сілкіп қалғанда оның ұшы Жасынды желпіп өтті. Француз духиінің жеп-жеңіл, нәзік иісі мұрынға келді. Адамдар ерсілі-қарсылы ағылып жатыр. Денелері қоладан құйғандай сұлу екі-үш жігіт өтті, олардың соңында ертегіден шығып келген перінің қыздарындай төрт-бес қыз қатар түзеп, байпандай басып барады.


-"Қызық,- деді Жасын іштей,- Қырымның жазғы жағалаулары демалатын, денсаулығыңды түзейтін ғана жер емес. Ол - фестиваль - әдемі дене мен әдемі мүсінді демонстрация жасайтын фестиваль. Мүсін жарысы,әдемілік жарысы".


- Қыздар,- деді Жасынға таяу отырған қыз шалқасынан отырған қалпынан жазбай.- Түнде мен ғажап түс көрдім. Барлық дүние Қырымның жазғы жағалауындай, қыс болмайды екен ғой деймін. Барлық адам біз сияқты қупальникпен ғана жүреді екен. Иә, тек қупальникпен! Кенет... киіммен жүрген адамды көріп бәріміз үрпиісе қаламыз. Ол ұятсыз көпшілік ішінде тәртіп сақтамағанынан қысылу былай тұрсын, сигаретін шегіп тыңдамайды. Ертең галстук тағып келем деп шікірейеді. Ақыр немен бітті дейсіңдер ғой. Оны милиция алып кетті! Киіммен жүргеннің қалай болатынын танытқан шығар!


Қыздар ду күлді. Мына "су перісі" әңгімені ойдан шығарып, өзіне тиісіп отырғанын Жасын түсіне қойды да, күлкісі келсе де ештеңе естімеген адамдай газетке үңіліп отыра берді. Әлгі қыз тағы сөз бастады.


- Қыздар, жан-жақтарыңа қараңдаршы милиция көрінбей ме?


- Көрінбейді,- деді арғы шеткі қыз да шалқалап жатқан қалпы.- Айтпақшы, оның формасы қандай? Жалаңаш па, әлде киіммен бе?


-Әрине плавкамен! Есің дұрыс па?


Олар тағы күлкіге басты.


Жастықтың, тәкаппарлықтың, еркіндіктің өзегін жарып шыққан күлкі. Ортадағы қыз да аспаннан көз алмай:


- Шіркін, сауаты бар адамға не жетсін, олар кітап та, газет те оқи алады!- деп еді, бергі шеттегісі оны іліп әкетті.


- Қор болған Қырымның жағалаулары-ай! Бүкіл одақтық оқу залына айналмасаң болғаны!


Төрт қыздың төртеуі де сәкі арқалығына желкелерін қойып, аспанға қарап шалқалап отыр. Бұл жолы Жасынның қытығына ашықтан-ашық тиіп, әдейі сылқылдай күлді. Жасын да үндемей отыра бергенді жөн көрмей газетті дауыстап оқыған болды. "Сол кезде Иисус Христос су бетімен жүріп отырып періштедей төрт қызға келді де,мынаны айтты: мен сендерді осы жағада қалдырамын, Енді сендер су патшалығының қыздары емес, жай адам боп өмір сүресіңдер. Мен Назареттен қайтып келгенімше бәрін де адамдардың арасында сәуегейлік құрып, олардың көрген түстерін жорумен шұғылданасыңдар. Әзірге адамдардың көретін түстері шектеулі, өйткені, олардың ой-өрістері де жан-жақты жетілген жоқ. Егер адам түсінде ақ боз ат мініп жүрсе - мәртебесі биік болады, егер ол патшамен қол алысып, қасында отырса, мансабы өседі, түсінде балық ұстаса не ғашық болады немесе бала сүйеді. Ал егер түсінде жалаңаш адамдарды көрсе - көп ұзамай есінен адасады, заң адамын көрсе басы дауға қалады, тағы тағылар. Түс жорудың бастылары әзірге осылар, қалғанын Назареттен келген соң айтам. Адамдарға түсіндіріп айтыңдар, олар көрмеген түсін көрдім деп айтушы болмасын, егер олар мұны орындамаса о дүниеге барғанда менің тірі кезімдегідей крестке керіледі".


Төрт қыз күлкілерін тоқтатып, оған аңтарыла қарасты. Жігіт оларға назар да аудармастан, газеттің басқа бетіне үңіліп, жайбарақат отыра берді. Жүзінде әзіл мен күлкінің ізі де жоқ. Су перісіндей ақ құба қыз мына сөзге иланарын да, иланбасын да білмей, жігітке тесіле қарады, мойнын созып, газетке ұрлана көз тастады.


- Сіз... шынымен оқыдыңыз ба?- деді қыз баладай таңданып...


Жасын әйел сенімінің қашан да осал боларын, жылдар бойы қалыптасқан сол сенімін кез келген бір оқыс жағдай сетінетіп өте саларына тағы көзі жетіп, іштей күлімсіреді де, газетті аса бір киелі заттай мұқият бүктеп қалтасына салды, сонан соң жайлап орнынан тұрып, аспаннан түскен әулиедей қыздарды онан сайын таңқандырып, асықпай басып олардан ұзай берді. Төрт қыз бір-біріне қарады.


- Осы біз түс көріп отырған жоқпыз ба?- деді ортасындағы қалғандарының зәресін алып. Олардың сүйкімді жүздеріндегі таңданыс бірте-бірте үреймен алмасып, төртеуі де орындарынан үдере тұрды.


Жасын Мәликелердің бөлмесінің есігін қаққанда іштен Мәликенің өзі атылып шықты. Коридорда ерсілі-қарсылы жүрген адамдарға қарамастан ол шыққан бетте Жасынның мойнына асыла кетті.


- Келдіңіз бе әйтеуір! Екі көзіміз төрт болды ғой?-деді ол ебіл-дебіл жылап.- Неге кешіктіңіз?


Жасын күтпеген мына жағдайдан қысылып, не айтарын да, не істерін де білмей, аузына түскен жұбату сөздерін міңгірлеп, тәлтіректеп тұрып қалды. Мәликенің ыстық демі мен көз жасы, мойнынан қыса құшақтаған білегі оны тұншықтырып бара жатқандай болды.


- Қалай?- деді Жасын оның құшағынан босанған соң бірден Бағиланың жайына көшіп.


- Қазір тәуір. Кеше өліп қалады екен деп зәре-иманым қалмады.- Мәлике орамалмен көз жасын қайта-қайта сүртумен болды.- Сізді көп айтты. Оны қатты ренжіткен... сіз ғой. Неге өйттіңіз?


Жасын не жауап берерін білмей тосылып қалды.


- Сырқаты қаңдай?-деді ол бөлмеге кіріп, орындыққа отырған соң.


- Білмейді екенбіз, жүрегі ауырады екен ғой. Өзіңіз де сезіп жүрген шығарсыз, сізді ұмытпақ боп алысқа кеткенбіз. Одан айрылып қала жаздадық. Мәликеге теңіз ауасы жаққан сияқты. Сопақша беті сәл дөңгеленіп, жүзіне қан жүгіріпті. Көзінің астында бұрын бірден байқалатын болмашы әжім сызықтары жойылып, шаршағанда пайда болатын көз көлеңкелері де ғайып бопты. Жасынның келуіне орай дайындалған ба, иығына жететін қысқа шашы кенет жел үрлеген көл бетінің біркелкі майда толқынындай ұқыпты бұйраланыпты. Үстіндегі етегі ұзын, гүлді шыт көйлегі оның бойын бұрынғысынан сұңғақ тартқызып, қара торы өңіне жарасып-ақ тұр. "Пәлекет, талғамы жақсы,- деді іштей Жасын.- Өзінің әдемі екенін жақсы біледі тағы. Әйелдер де қызық-ау, ең жақсы көретін адамы ауруханада хал үстінде жатса да бойын сәндеп ұстауды ұмытпайды. Дегенмен, жүрегі таза әйел".


- Біз оған бүгін жолыға аламыз ба?- деді Жасын.


- Маған пропуск берген. Түсіндіріп айтсақ, екеумізді де жіберер. Әуелі мен көрейін. Кім біледі, сізді бірден көрген соң көңілі толқып жағдайы қиындап қалар.


Олар қаланың батыс жағындағы кипаристер мен жасыл шыршаға көмілген поликлиникаға жеткенде күн қыр астында қалып, маңай күңгірт түске боялған еді. Мұнда әлгіндей сапырылысқан адамдар да, ретсіз шу да жоқ, жанға жайлы тыныштық. Жарты шақырымдай жердегі теңіз толқындарының жарқабаққа соғылып гүрсілдегендері талып естіледі, жаңа ғана өздері келген жақтан демалушыларды кезекті серуенге шақырып, катерге отыруларын сұрап жатқан порт дикторының репродуктордан шыққан даусы ауа толқынымен бірде қатты, бірде бәсең естіліп тұр.


Жасынның алыстан келгенін түсінген соң дәрігерлер ауру жатқан палатаға Мәлике екеуінің де кіруіне рұқсат берді. Әлгі келісім бойынша алдымен Мәлике кірді де, көп ұзамай қайта шығып, "жүріңіз" дегендей үнсіз басын изеді.


Бағила Жасын келетін болған соң жастығын сәл биіктеу қойып, кездесуге өзінше дайындалған бопты. Ол қанша салмақты болуға тырысса да, оны көрген сәтте кеудесінің көтеріліп-басылуы жиілеп, жүрегі лүпілдей жөнелді. Қыздың кенет толқып кеткенін көріп, кереует жанында отырған сестраның зәресі ұшты. Әрине, бұл келген жігіттің қызға қандай туыстық қатысы барын олар анық білмейтін-ді. Сырқаттың бет-пішінінің табан асты өзгеріп, дем алуының жиілегенін байқаған жас сестра қасынан өте берген жігіттің құлағына "Екі минуттан артық сөйлеспеңіз",- деп сыбыр ете түсті.


Жасын өзіне жақындағанда Бағила оған қарап аздап езу тартып күлген болып еді, жігіт кеп қасына отырып, қолынан ұстағанда көз көбелері бірден жасқа толып, ол екі самайды қуалап аға жөнелді.


Жасынның да жүрегі шым етіп, ішкі дүниесі қалтырап кетті. Ол алақанында жатқан нәп-нәзік, жұп-жұмсақ әлжуаз саусақтарын үнсіз сипалап отырып қалды. Осы бір әлжуаз саусақтардың нәзік жылуы қолы арқылы өз жүрегіне жетіп, оны бірте-бірте ерітіп, елжіретіп бара жатты. Сонау қонақ үйдегі айрылысудан кейін кездесіп отырғандары осы екенін, сол айрылысудың соншалықты өрескел, соншалықты ессіздіктен екенін қазір жан-тәнімен ұққан Жасын қыз алдында тілсіз кешірім өтінгендей оның саусақтарынан елжірей сүйді. Сонан соң маңдайынан, сонан соң ып-ыстық, жұп-жұмсақ еріндерінен сүйді. Бір-біріне әлі бір ауыз тіл қатпай, жұрттың бәрінің көзін бақырайтып қойып, келе сала сүйіске кірісіп кеткен мына жігітке, қарсылық көрсетпеген сырқат қызға таңдана қарап қалған сестра мұнан әрі не істерін білмей еріндерін тістелеп тұрып қалды.


- Бұл жолы ерніңнен дәрінің дәмі шығады,- деді Жасын езу тартып. Бағила "солай" дегендей күлімсіреп,басын изеп, көзін жұмып қойды.


- Алғаш рет қонақ үйде, екінші рет ауруханада,-деді қыз өткенді еске алып.- Бәлкім, бұл - соңғысы шығар...


- Артық сөз айтып қайтесің,- деді Жасын оның сәл бозарған жүзінен көз алмай.- Қазір жұрт тұмау тисе де өлемін деп қорқатын болды. Сен оларға ұқсамай-ақ қой.


- Сізді әурелегенімізге кешіріңіз.- Ол осылай жатысы үшін Жасын алдында қысылғандай көзін одан тайдырып, терезе жаққа қарап қойды.- Ликенің ойлап тапқаны ғой. Оның таппайтыны жоқ.- Қыз Мәликеге қарап, әрі кінәлағандай, әрі риза болғандай жымиып қойды. Сонан соң қайтадан Жасынға қарады.


- Қашан қайтасыз?


- Сен тәуір болған соң.


- О, мен көп жатып қалуым мүмкін. Сіздің қыруар жұмыстарыңыз бар, ерігіп жүрген адам емессіз ғой. Әйел,бала-шағаңыз бар.


- Мұндай сөздеріңді қойшы.- Жасын қабақ шытты- Сонан соң, "Сіз" дегеніңді қойшы.


Бағила кенет айтылған бұл өтініштен таңданып, біраз үнсіз жатты да:


- Менің сырқатым нәзіктігіңізді оятты. Солай ма?


- Жоқ,- деді Жасын Бағиланың дәл айтылған сөзін мойындаса да мойындағысы келмей.- Ол мені қартайтып жібереді.


Әзілдеген болса түбінде шындығы жатқан бұл сөзден Бағила дауыстап бір күліп алды. Оның күлкісіне сестра мен Мәлике де, Жасынның өзі де қосылды. Бұл келген жігіттің қызға ешқандай туыстық қатысы жоқ екенін түсінсе де сестра енді қабақ шытуын қойды, бірақ, өз міндетін ұмытпай оларды асықтыра бастады.


- Ертең қайтыңыз,- деді Бағила сәл үнсіздіктен соң.- Рас айтам.


- Сенің "жөндеп ауруыңа" мен кедергі жасаймын ба?


- Иә. Мұндай жағдайда сізбен кездесе бергенді қаламаймын. Әрі... әрі екі күннен соң әкем келеді.


Дәрігерлер хабар беріп қойыпты. Сізді көрсе... ол түсі...түсінесіз ғой.


- Әрине, түсінем...- Жасынның еріндері ғана күбірлегендей болды. "Мені көрсе қайғысының үстіне қайғы жамайды,- деді ол іштей Бағиланың ойын жалғастырып.- Иә, сөйтеді. Мен әйел адамды жақсы көру деген белдеуден асып кеткемін. Бәріне қақым бар, тек сүюге қақым жоқ. Қақым бар кезде кездеспеді, бұлай сүйе алмадым. Бірі болса - бірі болмайтын, бірін тапсаң - бірін жоғалтатын адам бойындағы қасиет өмірдің өшпес заңы ма? Неге олай? Сонау жылғы "Театралка"кафесіндегі кездесуден бастап тынышымды алған, ішкі дүниеме қарғын судай күрт өзгеріс енгізіп, әйел адамды шын беріле сүю деген ұғымымды жаңартып кеткен, қалған өмірімде ұмыта алмасымды санамен, парасатпен сезінген осы бір жан иесін жоғалтуым керек пе, жоғалуы тиіс пе?


Оқуын бітірген соң ол өз бетінше кетеді, мен өз бетімше қалмақпын ба? Тып-тыныш, бейғам, бейтарап? Сонан соң да атқан күнді батырып, тіршілікті жалғастыра бермекпін бе? Ол да сөйте ме? Неге? Неліктен? Әйелім мен баламның барлығынан ба? Өмірдің заңы осыны талап еткендіктен бе? Олай болса, тағдыр мені мұнымен неге кездестірді. Бала сүймей, үйленбей тұрғанда неге жолықтырмады? Бұл да тағдырдың бір әділетсіздігі ме, адамды келемеждеп, сынға салуы ма? Менің бұл махаббатымның құны мен бағасы - әйелім мен екі балам, олардың тағдыры болмақ па? Неткен қымбат, неткен қаталдық! Екі күннен соң дүниедегі ең жақсы көретін адамымның әкесі келеді, ал мен оған дейін кетуім керек,бұл жерде менің рухым да болмауы керек. Қашуым керек!Өйткені мен жасырын ғашық болуға ғана еріктімін, жұрт көзіне де түспеуге тиіспін. Жасырын махаббат! Неткен сұмдық, не деген қорлық!" Ол кенет Бағиланың қолын қайтадан қысты да:


- Алматыға барған соң, екеуміз паркте қыдырайықшы,- деді.


Бағиланың көз шарасы ұлғайып барып, ернінен күлкі табы байқалды.


- Бәлкім, сіз балмұздақ жерсіз?- деді ол күліп.


- Мен шын айтып тұрмын.


Қыз иығын қозғады.


- Алдымен Алматыға жетіп алайықшы.


Ертесіне ол Бағиламен қоштасуға қайта келді.


- Сау бол, Сур,- деді ол қыздың колынан сүйіп.-Есіңде болсын, Алматыға барған соң мен кешегі айтқанымды орындаймын.


- Оһ, неткен ерлік!


- Күлме. Сен қарсы емессің ғой?


- Мен сіздің айтканыңызға қашан қарсы боп едім!- Қыз терезе жаққа мойнын бұрғанда көзінен мөлдір тамшылар жылт ете калды. Қызық-ау, Алматыда аурухана жетпегендей...


Мәлике қызды тыныштандырмақ боп оны самай шашынан сипалады, Бірақ, жан толқуы үстінде жасалған бұл нәзіктік оны саябырсытудың орнына кеудесінде баяғыдан ұйып жатқан реніші мен назын, ызасы мен сергелдеңін, қуанышы мен мұнын, барлық-барлық сыр қатпарларын қозғап жіберді. Бағила үн шығармай, көзі баттиып ашық жатып тағы жылағанда Мәлике Жасынға бір қарады. Ол бұл қарастан соң жағдайдың бәріне мұны кінәлаған салқын нышан байқап қалды.


Ол дір ете түсті.


Өзін бір ғана сәтке шарпып өткен көзқарас жақсы көру мен кінәлаудан екі аралығындағы талай сөзді аударып өткен секілді және Жасын адам жанарының тілден миллион есе бай, миллион есе терең екенін дәл осы сәтте алғаш рет шын ұғынды.


- Біз кеткелі газеттер сізді сынаған жоқ па?- деді Бағила осы сөзімен бәрін де ой шырмауынан құтқарып.


- Әзірге жоқ. Сен келгенше болып қалар.- Ол аздап езу тартқан болып еді, Бағила мән бермеген соң әзілінің мүлде орынсыз шыққанын түсінді.- Мен тағы келем,-деді ол басқа ешқандай сөздің ретін таппай.- Өзім алып кетем. Төрт-бес күннен соң. Бағила бетін бері бұрды.


- Керегі жоқ,- деді ол Жасынға көз тоқтата қарап,- мен өзім барам сізге. Жасын толқып кетті.


Бұдан ары қарай тіл қатудың артық екенін білді.


Қанша ақылды сөз болғанмен олардың бір де бірі әлгі сөзден кейін туған үнсіздікке тұрмайтынын, одан аспайтынын сезді. Ол орнынан үнсіз көтерілді де, еңкейіп кеп Бағиланың маңдайынан сүйді. Сонан соң ләм деместен есікке қарай бұрыла берді.


Сол сәтте есік өзі ашылып, күтпеген жерден бас дәрігермен бірге Қаратай мен Тұрғат кіріп келді.Оларды ертең келеді деп ойлаған Мәлике мен Жасын тұрған-тұрған жерлерінде қатты да қалды. Азапты үнсіздік үш-төрт секундқа созылды. Қаратай - Мәлике - Жасын арасындағы жанар алмасу біте берген сәтте бас дәрігер сөз бастады.


- Қызыңыздың мұндай сырқаты барын байқамағандығыңыз қиын болған,- деді ауру жатқан жаққа қарамауға тырысып.- Оқасы жоқ, бүгінгі медицинаның араласуына әлі кеш емес. Жақын арада бәрі жақсы болады. Сіздерді мазаламауға да болар еді, бірақ, кім біледі, хабар бермеуге хақымыз жоқ.


Қаратай дәрігердің сөзін жүре тыңдап, қызының қасына келді де, маңдайынан иіскеді.


- Кінәлімін, кешір,- дед ол сыбырлап.- Бұрын неге білмегенмін? Әке болған соң білуге тиіс едім ғой.- Оның даусы дірілдеп, теріс айналып кетті. Қалтасынан орамалын алып, білдірмеген боп әуелі мұрнын, сонан соң тез арада көзін сүртті. Келесі сәтте бойын қайта жинап, қызына қарады. Онымен Тұрғат амандасып жатыр екен. Ол да туу алыстан келген соң қол алысып қана қоюды қомсынғандай Бағиланың маңдайынан сүйді. Жаңа ғана Жасын сүйген маңдайдан.


"Неткен жиіркенішті,- деді ішінен Бағила.- Бір маңдай, оны бірінен соң бірі кеп мүлде екі түрлі адам сүйіп етті. Бір-біріне керағар екі адам. Мақсаттары да, мақсатқа барар жолдары да, таным-түйсіктері де екі басқа. Тұрғаттың неге ілесіп келгенін әкем білмейді-ау. Азаматтық деп ойлайтын шығар".


Жасынмен қонақ үйде айрылысқан соң Бағила Тұрғаттан хат алған-ды. Ол сегіз бөлмелі үй салдырғанын, ішінің жасау-жиһаздарға толғаны, бірақ, оған ең қымбат алтын жиһаз - Бағила ғана жетпей тұрғанын жазыпты. Мұны "алтын жиһаз" деп атапты. Өзінше, сүйікті қызының бағасын асырғаны осы бопты. Ол беделінің облыс алдында да жаман емес екенін, "Қаратай Исаевичті жанындай жақсы көретінін", оның да дәл осылай өзін "жақсы көретінін" жазған екен.


Қазір өзінің күн сайын спортпен шұғылданатынын, ГТО значогын алғанын, тіпті, бір бұзау асырағанын, соны күн сайын бір жыл бойы көтере беретінін, бір жылдан соң салмағы 120-130 кг. тайыншаны оп-оңай көтеріп кете біреудін жолын осылай ойлап тапқанын жазыпты.


Сол хат есіне түсіп, Бағила есік жаққа мойын бұрды. Босаға жанында тұрған Жасынның жоқ екенін сонда ғана көріп, ауру жүрегі зырқ ете қалды. Оның көз алды қарауытып кетті. Адамдардың сөйлескен, дабыр-дұбыр болған дауыстары алыстап, талмаусырап бара жатты. Дәрігерлер палатадағы бөгде кісілерді түгел сыртқа шығарып жіберді. 


* * *


Есік алдында елеусіз қалған Жасын жұрт естерін жиған соң туыстар арасында ыңғайсыз жағдай тудырарын сезіп, олар абыр-сабыр боп жатқанда-ақ сыртқа шығып кеткен-ді. Ол адамдары сапырылысып жатқан жағалаудан жоғарырақ көтеріліп, кеңдеу көшенің тротуарына түсті де, автовокзал жақты бетке ұстап, жаяу жүре берді. Есіктен кірген бетте өзіне қадалған Қаратайдың жанарын көз алдына елестетті,"Ол маған күдікпен қарады. Бұл қарас - қияндағы Қырымда ауырып жатқан қызының палатасынан қазақ жігітін кездестіргеніне таңдану емес,- деді ол іштей.


Ол - тану. Ол мені білетін сияқты. Маған қараған көзіндегі қарашығының қимылдауы соның дәлелі. Дегенмен, жаман адам болмауы керек. Қызына не деп айтты? "Кінәлімін кешір. Бұрын неге білмегенмін? Әке болған соң білуге тиіс едім ғой!" Әке парызын сүйекпен, қанмен түсінетін адам айтар сөз. Фолкнерді оқымаған шығар, Кавабата дегеннің кім екенін білмес, "Ағайынды Қарамазовтарды" қолына ұстамаған да болар. Онда тұрған не бар? Оларсыз да жақсы әке болуға әбден болады ғой, солай ғой!"


Кенет оның есіне өз балалары түсті. Олар да неге екені белгісіз, дәл әлгі палатаның екі кереуетінде қатарласып жатқандай елестеді. Екеуінің де көзінде көлкілдеп жас тұнған. Жанашырлардың бәрі келіп, кетіп жатыр.


Олардың әкелері келмейді. Ешқашан келмейді. "Мен кінәлімін",- деп көзіне жас алмайды. Жасынның жүрегі шымырлап, демі жиілеп, қан тамырлары солқылдап кетті.


Ол жолдан адасып, қаланың мүлде басқа жағынан шығыпты. Автовокзалға апарар жолға қайта түсті. Жолдан шатасқаны секілді, басын шырмаған ойлардың да бағыт-бағдарсыз жүйе қуып, ешқандай байламсыз, тоқтаусыз зулап бара жатқанын аңғарды. Ол күн батуға арқан бойы қалғанда барып, әйтеуір автовокзалға жетті.


Автобустың жүруіне небары он бес-ақ минут қалыпты. Жолаушылардың біразы отырып та жатыр екен. Ол автобус жанына келгенде алдынан Мәликенің жүгіре шыққанын көріп, таңданғаннан қалт тұра қалды.


- Ойбай-ау, сіз қайда жүрсіз! Уайымнан жынданып кете жаздадым ғой!- деді ол алқына сөйлеп.- Автобус жүргелі тұр!


- Бұл болмаса келесі бар шығар, самолет бәрібір түнгі он екіде ұшады.


- Не деген сабырлы адамсыз! Билет алынып қойылған. Жүретін болған соң уақтылы жүру керек қой.


-Бұдан кейін автобус жоқ, троллейбус қана. Онымен ішіңіз көгеріп кетеді.


Мәликенің шаруақор, пысық, қамқор үніне Жасын іштей сүйсініп, оған қарап жымиып қойды. Жаз айында самолеттің билеті бір қараның құны боп кеткен Ялта сияқты қалада да ол жолып тауып, кеше билет алып келген. Автосбустан қалып қоя ма деп уайым ғып тұрысы тағы мынау. "Мұндай адамдарсыз адамның күні қараң-ау,- деді іштей Жасын.- Кейде бұны да қадірлей бермейміз. Және өзі қандай көрікті. Әйел адам көрікті болуы керек екен ғой. Қайдан алса онан алсын, әйел Адам көрікті болуы керек". Ол ойымды оқып қоймасын дегендей Мәликеден көзін тайдырып әкетті.


- Сіз кеткен соң Бағиланың жүрегі қайта қабынды,- деді Мәлике даусын кенет баяулатып.


Жасын оған жалт қарады.


- Қорықпай-ақ қойыңыз. Тәуір болды.


Жігіт ауыр бір күрсінді.


- Иә, біз сізді осылай ұмыттық!- деді Мәлике ойнақы үнмен.


Екеуі де бір-біріне қарап күліп алды.


- Менімше, бар идеяның басы сіз ғой деймін?


- Иә, мен!- деді Мәлике ши қалпағын тузу тұрса да жөндеп қойып.- Жалпы, бәріне кінәлі менмін. Тіпті, Африкадағы мемлекеттік төңкерістерге де қатысым бар ма деп қалам.


- Сізге ши қалпақ жақсы жарасады,- деді Жасын онын сөзіне сүйсінгенін мүлде басқа аңғарымымен білдіріп.-Әлгі кісілер кашан қайтады екен?


- Ә-ә, айтпақшы,- деді Мәлике Жасынның иығынан қағып қойып.- Қаратай сені сұрады. Сұрағанда бар ғой, бірден атыңды атап сұрады. Менің иманым ұшты. Оңашада ұрысатын шығар деп ем, қайтып бұл жөнінде ләм демеді. Менімше, ол сені, соншалықты жек көрмейтін сияқты. Ал, қасындагы жігіт! Уий!- Ол бетін тыржитып, қолын сілтеді.- Жаным жек көреді. Бағиланы Алматыға сол алып бармақшы. Қаратай ертең дәл осы рейспен ұшады да, ол осында қалады. Егер дәрігерлер рұқсат етпесе, ауылға барып қайтып келмек.


Жасын оған тесіле қарады. Мәлике де бұдан көз алмай үнсіз қарап тұрды да, кенет екі бетінің ұшына түймедей екі тамшы қызыл шеңбер пайда болып, ол тез арада жайыла бастады. Бет-жүзі түгел қызылға боялып біткенде барып ол кірпіктерін қағып-қағып алды да:


- Ой, мен сізге "сен" деп сөйлеппін ғой, кешіріңіз,-деді күбірлеп.


- А-а, солай ма? Мен басқа оймен әлек боп тұрғанда сіз кешірілмес күнә жасаған екенсіз ғой. Естімеген ол сөзімді мен ақтық демім біткенше кеше алмаймын!


- Біз барғанда сіз Алматыда боласыз ба?- деді Мәлике оның көтеріңкі даусына сабырлы үнмен жауап беріп.


- Неге "біз барғанда?" Мен тағы келемін дедім ғой.


- Керегі жоқ. Әлгі жігіт осында болады. Ол сізді ұнатпайды. Жалпы, жазушыларды ұната бермейді. Оның үстіне, ол... ол Бағиланың оқу бітіргенін күтіп жүр.


Жасын қалтасынан сигарет алып, асықпай тұтатты. Темекі түтінін бірінің артынан бірін тез-тез екі-үш будақтатып алды да, жайымен ғана:


- Білемін,- деді.


- Қалай? Бағила айтып па еді?- деді Мәлике таңданып.


- Айту шарт емес. Сезем. Ол бағана есіктен кіріп келе жатқанда көзінен танығам. Беріден ғана ойлайтын адамның бет-жүзіндегі құбылыс та күрделі емес, оқу оңай.


- Білесіз бе,- деді келесі сәтте Мәлике төмен қарай тұрып.- Мен сізге ризамын.


- Не үшін?


- Шынымды айтсам, бұрын мен де жазушыларды онша ұната қоймайтынмын. Шығармаларын сүйіп оқысам да өз бастары жайлы пікірім мүлде басқа еді. Неге олай екенін қайдам, әлде, терең ойдан гөрі шолақ ойдың адамдары көптіктен бе, осындай пікір өзінен-өзі қалыптасты. Сіз оның бәрін тас-талқан етіп, жазушы деген ұғымды көз алдымда биікке көтердіңіз, осы уаққа дейін өзімнің аласа ойда жүргенімді түсіндірдіңіз. Автобус жүруге дайындалып, моторы гүрілдей бастады.


- Мен сізді самолетке шығарып салайын,- деді Мәлике ерекше бір қимас үнмен.


- Есіңіз дұрыс па?! Сонау Симферопольге бармақсыз ба? Оның үстіне билетіңіз де жоқ.


- Есіңізде болсын, Мәлике - жер бетіндегі билет атаулының сиқыршысы. Ұшып бара жатқан самолетке де билет ала алам.- Ол күліп қойды.


- Жоқ. Бағиланың қасына барыңыз. Қаратай да сізді жоқтап отырған шығар.


- Оған айтып кеткем.


- Мені шығарып салуға кеттім деп пе?


- Иә. Несі бар, білсін...


Ол Мәликеге қарап тұрып басын шайқады.


- Сен өте кайсар әйелсің,- деді әдейі, "сен" дегенді қадай айтып. Мәлике бұған жанарын бір тастады да, кірпіктерін қайта құлатты.


Жасын автобустың басқышына аяғын қойып тұрып, онымен қол алысып қоштасты. Сол кезде ол Мәликенің кірпіктері дірілдеп, қою қастарының қосылып-жазылып тұрғанын көрді. Оның барынша толқып тұрғанын аңғарған Жасын сергітпек боп:


- Сөйтіп, бірнеше жылдан бері маған ат қоя алмадың, ә?- деді күліп.


Мәлике кінәсін оңай мойыңдаған баладай басын изеді. Жасын соңғы рет саусақтарын қысқан кезде, қоштасып тұрған адамының кім екенін енді ғана біліп алғысы келгендей кірпіктерін жоғары көтергенде, мөлдір моншақтай тұп-тұнық екі-үш тамшы көз шарасынан сау етіп үзіліп түсті.


Автобус орнынан қозғалды. Жасын автобустың артқы терезесінен Мәликенің қимылсыз тұрғанын көрді. Адам жол ортасына дейін шыққан жерін, жол ортасынан ары қарай барар жерін ойлайды деген рас екен. Жасын самолетке отырғанша Бағиланың жайын, еңді бірін-бірі ұмыту емес, ұмытуға тырыса да алмастарын, қызының жанында тұрып әкесінің бауыр езер жылы сөзін, Мәликенің әлгі көз жасын қайта-қайта ойлаумен болды. Өзін шығарып салуға келген әйелдің көзінен моншақтай домалап түсе салған жас тек қимастық, достық парыздан ғана емес, ешқашан айтылмай, көкірегінде қамауда жатып қартаяр, шілдеде жүріп шірір ерекше бір сезім толқыныстарынан екенін Жасын да байқап қалды. Бұл байқағанын да ол ешқашан сыртқа шығармайды, осылай жүрек пен сана түбінде еріксіз сақтап жүре береді. Ол да сөзбен айтсаң сәні кетер қырық қатпар адам өмірінің бір қыры боп қала бермек.


Енді оның көз алдына ешқандай жазығы жоқ әйелі, ешқандай кінәсі жоқ екі баласы елестеді. Екі баласы еске түскен сәтте аурухананың ақ төсектерін көрді. Түстегідей аппақ дүние, аппақ боп екі баласы жатыр. Жанашыр адамдардың бәрі осында. Ал, олардың әкелері келмейді. Ешқашан келмейді."Мен кінәлімін", – деп көзіне жас алмайды.


1979 жыл


 



 


ult.kz




Көрілген: 2734    Пікірлер: 0

сенбі, 22.09.2018, 15:48

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    2 Желтоқсан, 16:16
    Серік Сағынтай. Аң (әңгіме)
    29 Қыркүйек 2015
    Майра ФАЗЫЛ: Ұйқы
    2 Маусым 2015
    Жанна Иманқұл: Файл

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31