Алаш прозасы

Ерғали БАҚАШ: ЕЛЕС (әңгіме)

  • Ерғали БАҚАШ:  ЕЛЕС (әңгіме)

    Ерғали БАҚАШ: ЕЛЕС (әңгіме)

Түсі екенін, әлде өңі екенін айыра алмай дал болып жатты. Қорыққаннан орнынан тұра алмады. Бұрыш жақтағы шүмектен су бір ағып, бір тоқтап тұрғанын анық білді. Тек қозғалуға, тіпті жан-жағына қарауға батылы барар емес. Көзін тарс жұмып жата берді. Үрей билеп ұйқыға кеткен екен, тағы сол дыбыс қайталанды. Жайшылықта әрең ағатын су неменеге шарылдап кетті деп аң-таң күйде жатқан еді, кенет ыдыс-аяқтың салдырлаған дауысы естілді. Жер сілкініп жатыр ма деп байқап көрмекші болып еді, олай болмай шықты. Жүрегі кеудесіне сыймай, атқалақтап тұр. Не болса да көрпеге бүркеніп алып, таң атырмақ болды. Осындайда таң да атуға ерінгендей түн қараңғылығынан арылар емес.


Көзге көрінбес бір бейне үй ішін ары-бері қопарыстырып жүргендей болды. Қорыққанынан дауысы шықпай, өз деміне өзі тұншығып, көзі ілініп кеткен екен, әлдебір алып күш кеудесінен басып, жаншып барады. Айқайлауға дәрмені жетпей, ақыл-есінен айырылып бара жатып «Алла» дегені сол еді, кеудесіндегі тылсым күш қас пен көздің арасында ғайып болды. Суға түсіп шыққандай, денесін қара тер басып кетіпті. Өзіне - өзі келе алмай, қаққан қазықтай болып төсегінде ұзақ отырды.


Сәлден соң барып есін жиып, терезенің пердесін ысырды. Жерге жарық түсіп қалыпты. Көңіліндегі үрейден сонда да толық арыла алмай, таза ауа жұтпақ болып, терезені ашты.


Дәл балконның түбіндегі кәрі теректің бұтақтары арса-арсасы шығып, өзінің тарихынан сыр шертіп мұңайып тұрғандай. Көзін алмап еді, кәрі ағаш барған сайын жылы ұшырап, қаусаған қарт атасына ұқсап кеткендей болды. Лезде жанарын тайдырып, терезені тарс жауып, көрпесіне бүркене кетті. Бірақ ұзақ жата алмады, қатты қорқып қалғандықтан болар, қарайған нәрсенің бәрі басында жылы ұшырап, соңында тілмен жеткізе алмайтын қорқынышты құбыжыққа айналып, өзін жұтуға оқталып тұрғандай болады.


Бала кезде атасының ертегін тыңдап жатып, ұйқыға бас қоюшы еді. Атасы ертек айтпаса ұйықтай алмайтын. Кейде ұйқысырап далаға да шығып кететін. Ондай кезде әжесі дем салып, ұшықтайтын. Бірақ сонда да түнімен сөйлеп шығатын. Әрине, ертектің көбі мыстан кемпірсіз бола ма? Ертегіге әуестігі ат жалын тартып мінген шағында ел аузындағы аңыз - әңгімеге деген құштарлыққа ауысты. Көрші ауылдағы сексеннен асқан Мошанбай қарттан ескі әңгіме тыңдау үшін арнайы жайлауға барып бір күн ереуіл болып, құлақ құрышын қандырып қайтушы еді. Ондағы ойы құйма құлақ қариялардың ақиқатқа бергісіз әңгімелерін жүйелеп кітап етіп құрастырсам деген асыл арманы болатын.


Бүгін ғой қала жағалап, бос белбеу, бос тақым болып кеткені. Бірақ оның да өз себебі бар. Әкесінің қайтқанына жыл өтпей жатып азаматтық борышын өтеуге шақырылды. Шешесі жібермеймін деп еді, өзінің барғысы келді. Бір жағы өмір көрейін деген ойға бекіді. Бұрын әскерге бір сиыр беріп бара алмаушы едік. Енді бір сиыр беріп бармайтын жағдайға тап болдық. Сол азаматтық борышты өтеп ауылға оралған соң қалаға аттанды. Шынын айтқанда, ауылға сыймады. Азаматтық борышты өтеген билет бай депутаттың мейрамханасына қарауыл болуға әрең жарады. Бір күн істеп, екі күн демалады. Тапқаны қыдыру мен тамағынан аспайды. Қалада жұмыс істеп жатыр деген аты болмаса, қоңторғай тіршілік қана. Жамбасақыны екі иығынан зорға демалатын орыс кемпір күні бұрын алып алады. Бірақ осы тірлігі өзіне ұнайды. Кейде «Қашанғы бұлай жүре бермекпін» деп өзінен есеп алмақшы болады. Жауабы сол, «бәрі жақсы болады» деген бір-ақ ауыз сөз ғана.


Кешегі үрейлі оқиғадан соң шынымен сасып қалды. Ертелі-кеш жалғыз жүргенде жан-жағына алақтап, әлдебіреу тарпа бас салатындай болады да тұрады. Бірақ онысын ешкімге айтқан емес. Қасында бірге тұратын жігіттер өңкей қылжақбастар. Айттың не, айтпадың не, бәрібір оларға.


Бүгін тағы да жалғыз қалды. Қанша қорыққанмен де басқа барар жері жоқ. Білген дұғасын оқып, жарықты сөндіріп төсегіне беттеді. Ұйқысы келер емес, көзі бақырайып ұзақ жатты. Түннің бір уағында барып ұйықтап кетті. Түс көріпті. Түсінде сол баяғы Атыраудың Астраханьмен шекаралас жеріндегі айдалада, әскерлерге тігілген шатырдың ішінде жалғыз отыр. Қатардағы серіктері кезекті жаттығуға кетіпті. Ұйқысынан оянса таң сыз беріп атып қалған екен. Терезені ашып еді көзі бірден кәрі терекке түсті. Өне-бойын тағы сол үрей билей бастады. Көз ілеспес жылдамдық пен терезені тарс еткізіп жаба салып, жүгіріп төсегіне келді...


Ең жаман нәрсе өз ойыңдағы күдік-күмәнді жеңе алмау. Бұрын мұндайы жоқ еді, неге сонша қорқынышты үрейдің шеңгеліне түсіп қалғанын өзі де тап басып айта алмайды. Бір ойы Отан алдындағы жауынгерлік борышын өтеп жүргенде жабысқан пәле екенін тек іштей ғана бағамдап көрген. Бірақ онда да нақты емес.


Күн қақтаған Атыраудың тозаң даласын қақ жарып ағып жатқан ару Жайықтың ең бір арналы тұсында қалың қамысты жағалай әскерлерлерді дайындау орталығы орналасқан-ды. Ұшы-қиыры жоқ қу даланың ит байласа тұрғысыз бұл жеріне неге әуес болды екен, адамдар? Әскери өмір деген тәртіп. Оны өзгерту тек мемлекеттің ғана қолынан келетін шаруа. Осы дала үшін бабаларымыз жан алып, жан бергенін қайда қоясыз? Ұлы даланы қорғау сол байтақ далаға бауыр басудан басталатынын көбіміз біле бермейміз. Жауынгер болу ­­­– әрбір азаматтың міндеті. Бірақ, қызығынан азабы басым. Санасына сіңіп қалған бұл сөздерді қатал командир жиі айтушы еді, күні бүгінге дейін құлағының түбінде жаңғырып тұр.


Көзі бақырайып, жауынгерлік өмірін есіне алды. Жүгірген ит қататын суықта иығына автомат асынып, шекара күзеткенін қалай ұмытсын. Отан алдындағы борышқа деген адалдық қақаған суықты да, аптап ыстықты да елең қылмайды екен. Әскерде жүрген уағында бірде мынадай оқиға болды.


Қатардағы серіктерімен бірге ымырт үйіріліп қалған шақта арғы беттегі қалың қамыстың арасынан ақ киім киген үш әйелдің өзенге беттеп келе жатқан бейнесін көріп, зәрелері зәр түбіне жетіп еді. Ұшы-қиыры жоқ меңіреу далада жалғыз ғана әскерлер тұратын казарма бар. Одан басқа тіршілік иесі тіпті, қанатты деген құсыңыздың өзі ілуде біреу ғана. Ендеше, қайдан адасып жүрген «періштелер» болды екен деген ойға қалып еді. Көп өтпей, басқада жауынгерлер арасында ақ көйлекі жұмбақ бейнелер туралы әңгіме желдей есіп жүрді. 


Сары күздің салқын күндерінің бірінде қатал командирінің бастауымен тозығы жеткен жеңіл көлікті оталдырып, алыс Атырауға жолға шықты. Ирелеңдеген қара жол діттеген жерге жеткізер емес. Қу медиен тақыр далада темірдей тәртіптің екі жауынгері мен жол бастаушы командир өз ойларының шүңетіне батып, үнсіз келе жатыр. Демін ішіне тартқан командир тумысынан сөзге сараң адам.


Осы сапарға серік болуға жарағандарына марқайып келе жатқан екі жауынгер командирдің үнсіз отырғанын жақтырмай отырса да, сабыр сақтап келеді. Өйтпегенде ше? Егер қатаң тәртіптің сызығынан аттап кетсе, екеуін алдыға салып, қуаламасына кім кепіл береді?


Көшкен елдің жұртындай әр жерде қарауытқан бірдеңелер көзге шалынғаны болмаса, күнге күйген қу дала. Тек жусанның исі ғана тынысты кеңейтіп, жанды жадыратады.


– Осы қарқынмен енді төрт сағат жүрсек, Атырауға жетеміз, – деді командир екі сағат жол жүргеннен бері алғаш тіл қатып. Жамбастары тесілуге айналған екі жауынгер сыр бермеді. Бірақ тәжірибелі жол бастаушы бәрін сезіп келеді. Көліктің қарқынын баяулатып, ас-ауқат ішіп алмақ болып, жолдың шетіне тоқтады.


– Тек он минут қана уақытымыз бар, ары қарай жолға шығамыз, – деді қанға сіңген қаталдығымен.


Алда бұралаңы көп, ойлы-шұқырлы ауыр жол басталды... Ат арбаның екі доңғалағы әзер сиятын, топырағы беріш боп қатқан қара жолда салдырлаған жеңіл көлікті шоқырақтатып келе жатыр. Сол баяғы үнсіздік. Рөльде командирдің өзі. Күн қып-қызыл табақтай болып еңкейіп барады. Жолдың екі жағы қалың қамыс. Тілдерін жұтып алғандай, үн-түнсіз отырған үшеу. Үш түрлі тағдыр. Командирдің мұндай сапарға еті өліп кеткен. Қатардағы жауынгерлердің көзіне ұйқы тығыла бастады. Бірақ ұйықтауға болмайды. Тәртіп сол. Егер, қалғып кетсең, біттім дей бер.


Көздері бір ашылып, бір жұмылып отырғанда алыстан көлік тосқан ақ көйлекті, әйел адамның сұлбасы көрінді. «Айдалада жүрген бұл кім» деп саса бастады үшеуі. Жын-пері боп жүрмесін дегендей бір-біріне жалтақ-жалтақ қарап, жол тосқан адамға жақындап қалды. Ойлануға да мүмкіндік жоқ. Не де болса жөн сұраудан басқа амалдың жоғын білді ме, командир көлікті ақырындатып, терезені екі елідей ғана төмен түсіріп: – Кімсің, неғылған жансың? – деді.


– Ала кетіңдерші, – деді әппақ көйлекті, қара шашты әйел адам. Өңі көрден шыққандай екен, қарауға батылың бармайды. «Жоғал ары» деген сөзді тұтығып әрең айтқан командирдің жүзі өрт сөндіргендей қуарып, көліктің жылдамдығын құстай ұшырды. Арқан бойы ұзап арттарына қараса, ешкім жоқ. Тек оның көзімен көзі түйісіп қалған жауынгердің біреуі қанталаған көздің ызғарына шыдамай есі ауып қалып еді.


Содан Атырауға жеткенше үшеуі «Ықылас» сүресін әлденеше рет қайталап оқыды. Атырауға келген соң командир жауынгерлерінің қасынан шықпай қойды. Өзі баратын жерге де екеуін ертіп алады. «Батырға да жан керек» деген рас екен.


Іле есіне тағы бір әңгіме түсті. Ол Мошанбай қарттан естіген, сол абыз ақсақалдың өз басынан өткен оқиға еді, мұртын ширатып отырып әңгімелеп бергені күні бүгінге дейін есінде.


Күн оқыс жылынып, көктем жылдағыдан ерте шығып, жер булана бастаған кез. Құла қасқамды екі уақ жемдеп, баптап мініп жүргенмін. Жастық қой, күншілік жердің ойын-тамашасынан қалмаймыз. Бір күні көрші ауылдағы үзеңгілес достарым қонаққа шақыра қалғаны. Апақ-сапақта жолға шықтым. Суыт жүріп келемін. Жолай аталас туысқан екі інім кезіге кетті. Көз байланған шақ. Аттарын тебініп «жарысайық, аға» , – деп атқан оқтай арқан бойы озып кетті. Шынымды айтсам, құла қасқаның алдына түсетін ат жоқ еді бұл аулыда. Намысқа тырысып, атымды қамшылай бастадым. Соның өзінде жеткізер емес, арттарына қарап, екі езулері құлағына жетіп, мазақтап келеді. Бір заманда атым сүрініп кетіп, Алла дегенім сол еді, алдымдағы екеуі көзден ғайып болды. Содан есімді жисам, атым қалшылдап дір-дір етеді. Ауылдан да недәуір ұзап кеткен екенмін. Өз - өзіме келген соң самы жамырап тұрған Ақжардың етегіндегі қойшы ауылдың шеткі үйіне түстім. Бағыма қарай, үй егесі бес уақ намазын қаза қылмайтын Оспан молданың үйі екен. Мән-жайды естіген соң: «Орынсыз желік қусаңдар осындай пәлеге ұрынасыңдар», – деп дем салып, ұшықтады. Атым дір-дір етіп, қан аралас зәр шығарды. Ертесі түс ауа мең-зең болып ауылға оралдым» – деп, әңгімесін аяқтаған болатын.


Осы әңгімелердің бәрін ол бала кезінде естіп, жадына сақтап қалған. Енді есейгенде түсіне кіріп, өзін мазалайтынын білді ме? Әрине, білген жоқ. Білген күннің өзінде де құмарлығын тоқтатпайтыны анық еді.


Жатып-жатып пәтер алмастыруды ойлады. «Қайткен күнде де бүгіннен қалмай көшіп кетуім керек» деді тістеніп тұрып. Бірақ ол күні көше алмады, тағы сол дыбыстардан оянып, денесін басқан ауыр салмақтан тұншығып, әрең есін жиды. Көзі жұмылса болды, қорқынышты түстер көріп, баяғы қалың қамыстың арасынан көрген ақ көйлекті, қара шашты әйел ту сыртынан қанталаған көзімен қарап тұрғандай болады. Көп өтпей басқа пәтерге көшіп алды. Қуанышында шек жоқ. Пәледен құтылдым деген қуаныш қой баяғы. Арада он бес күн өткен соң оның өлі денесі таңғы сағат бесте пәтерінің алдынан табылды.


 


 www.qamshy.kz




Көрілген: 5640    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 12.03.2018, 12:47

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    2 Желтоқсан, 16:16
    Серік Сағынтай. Аң (әңгіме)
    29 Қыркүйек 2015
    Майра ФАЗЫЛ: Ұйқы
    2 Маусым 2015
    Жанна Иманқұл: Файл

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31