Есболат АЙДАБОСЫН: Бейжіңде жазылған әңгімелер...

Есболат АЙДАБОСЫН: Бейжіңде жазылған әңгімелер...

Сүлікқара
(хикаят)


Тау етегіндегі ауылдың тіршілігі қыстыкүні бұйығылана түсетін. Көк шығып, жер аяғы кеңігенше қолға қарайтын төрт түлігінің қамын күйттеген шаруақор жұрт қора-жайын айналшықтап алысқа ұзамайды. Аудан орталығына қатынайтын жалғыз автобус жартылай толып ерте кетіп, кеш келеді. Бөктер тұрғындарын былайғы өмірмен байланыстырып тұрған қара жолдың тұрақты жүргіншісі әзірге сол ғана. Ала жаздай күркіреп ағатын қос қапталдағы екі өзеннің де екпіні қайтып, шуы басылады. Кей кездері тапа-тал түстің өзінде төңіректе тіршілік тоқтағандай күллі ауыл тым-тырыс бола қалатын. Ондай кездері арғы көшеде ұлыған иттің даусы мен сиырдың мөңірегеніне дейін естілетіні бар. Біздің үй ауылдың шығыс жағында. Маялап жиған шөптің үстіне шықсаң көшенің сырты алақандағыдай көрінеді. Қар жауған түннің ертеңіндегі көрініс тіпті керемет. Жаздыкүні палуанның желкесіндей тарам-тарам боп жататын дала таздың басындай тегістікке айналады. Қылтиған қылпық байқалсайшы...Аппақ...Күртік қар барлық сай-саланың қойны-қоншын толтырып тастаған. Жексенбі, сәскенің кезінде мені іздер болсаңыз, сол шөптің үстінен табасыз. Екі ағамның өтініші бойынша күннің суықтығына қарамастан суыр құсап шоқиып, қарауыл қараймын. Көшенің сыртында киіз үй пішендес үлкен қара төбе болатын. Жерге қар түскеннен көк шыққанға дейін үстіне шығып сырғанақ тебетінбіз. Жексенбі сайын сағат тоғыздардан бастап сол төбенің үстіне аттылы адамдар жинала бастайды. Екі көзім сонда, ал төменде қойға шөп салып, сиырдың астын тазалап борша-борша боп жүрген екі ағамның есіл-дерті менде. Ара-тұра атамның көзін ала-бере айқайлап сұрайды.
-Қанша адам жиналды?
-Оншақты
-Кімдер екен?
-Өй, мен қайдан білейін, деп бұртиямын, әйтеуір жирен қасқа атты біреуі шалқайып отыр, «надан Мәлік» секілді.
-Шәріпбай шықты ма?
-Жоқ...
-Шәріпбай шыққанда дереу бізге айт....
-Иә-ә-ә-ә, деп аздап бәлсініп алып, төбенің үстіндегі адамдарды қайта-қайта санаймын. Мен санаған сайын олар көбейе береді. Сағат 11-ге қарай отыз, қырыққа жетеді. Сол кезде көшенің бас жағынан бір шоғыр көрінер еді. Есік пен төрдей қарагер атқа мінген біреу атақораздай топты бастап келеді. Шәріпбай деген сол. Мен осы сәт –Шәріпбай! Шәріпбай! Чапаев! Чапаев! деп айғай салам. Шәріпбайға Чапаев деген лақап атты өзім қойып алғам. Алғашқы көргеннен ақ, астындағы аты мен қайырыла біткен мұртына қарап соған ұқсаттым. Мұнымды алғаш естігенде атам кеңкілдеп тұрып күлген. Ал әжем, шығармайтының жоқ екен, үлкен кісіні келеке қылуға болмайды деп ескертті. Бірақ қас-қабағынан оншалықты ызбар байқалмаған соң, тиылу қайдан, керісінше қой деген сайын екілене түсем. Қасқайып тұра қалып;
-Шәріпбай мен Чапаевтың мұрты мынандай деп бырқыраған мұрнымды жеңіммен бір сүртіп, қылышы мынандай деп шалбарыма жаға салам.
-Күлгенге күле бағып кетеді, деп әжем кейістік танытады ондайда.
Шәріпбайдың тобы төбе үстіне шықпайды, қиыстай өтеді. Сол кезде бүкіл жиылған жұрт қопарыла жылжып оның соңынан ереді. Кейбірі желе-жортып, қуып жетіп амандасады. Қарагердің үстіндегі қария да елгезек, ешкімнің сәлемін жерде қалдырған емес, бірақ ат басын ірікпейді. Сарбаздарды бастаған сардардай Майтөбе қайдасың деп тартып барады. Шәріпбайдың нөкерлерінің қарасы ұзаған сайын қалыңдай түседі. Ауылдың жан-жағынан жарыса шапқан жарғақ тымақтылар жапа тармағай қосылады. Олардың арасында менің екі ағам да бар әлбетте. Екеуі менен хабар естісімен алма ағашта қаңтарылып тұрған жабағыларына жүгіретін. Әшейінде шала-шарпы жұмыс істеуге жол бермейтін атам да бұл кезде көктемгі тоңдай жібіп сала береді. Екеуінің тайын жабулап, құйрығын шарт түйіп, тіпті аяғынан демеп мінгізіп бәйек. Бірақ әлгі екеуі мұнымен кете қоймайды. Ақыры батылдауы, атама сөзі өтіңкірейтін екінші ағам тайжарысқа шабдар тайды қоссақ деп едік деп мұрын астынан міңгірлейді. Атам да қызық. Алдымен төс қалтасын сипалайды, жан қалтасының астарын шығарып бір қағады. Ана екеуі шоқша сақалды қара шалдың қалтасынан алтын толы әмиян шығатындай үмітпен қарайды. Атамның қалтасында алтын болмаса да өзгенің бәрі бар. Кендір жіп, ілмек біз, шақша, тәспі, бәкі, күміс баулы сағат....Әлгі екеуін телміртіп қойып, атам асықпай осының бәрін қобыратып шығарады, бір жағынан алып бір жағына салады, бір кезде іздегенін табады-ау жарықтық. Мәсісінің қонышына тыға салған екен, сол жерден салақұлаш қып суырып шығады. Беторамал. Терлеген кезде маңдайын, біз бырқырап жүрсек мұрнымызды сүртеді мұнымен. Жаздыкүні талай рет төрт бұрышын түйіп тақия жасап кидік кезекпен. Тіпті бірер рет ештеме табылмай қалғанда қойдың желінін тазалап, ауызданбаған қозының басындағы желбіршектерін де осы беторамалымен сүртіп тастағанын көргенмін атамның. Осы әмбебеп бетормалын бір қағып жіберіп шетіндегі түйінін тарқатуға кірескенде қыстың таза ауасында өзгеше бір қышқылтым иіс мүңк ете қалатын. Анықтап қараған адам ақ қардың үстіне домалап түскен жоңыршқаның бүрін, бидайдың дәнін, насыбай түйірін байқар еді. Атамның орамалының шетінде советтік сөлкебайдың бірнешеуі жатады әдетте... Содан сыбағасын алған соң әлгі екеуі көп тұрақтамайды, көшенің сыртына құлдыраңдап шаба жөнеледі.
-Әй, ақырын, тізгінді тең ұста, сыңарезу қыласың, бауырынан қамшылама....бастан ұрушы болма деп атам да соңғы ескертуін айтып қала беретін, шөптің үстінде отырған мен болсам, домалақтап дайындап қойған қармен екеуін бір-екі рет ұрып үлгеремін, кейде «ба-аааааа» деп атып тұрып тайларын үркітемін. Әлгілердің бір-бір дөңайбатын естіп алған соң маяның үстінен қапталдағы қораға қарай ырғимын. Әбден машықтанып алғам, мултфильмдегі маугли секілді белағаштың үстіне дөп түсем. Артынша мысықтабандап бұрышқа жылжимын да тағы жерге қарай секірем. Жер болғанда да үйіліп жатқан малдың қиы бар, қонақтайтын аэродромым сол. Атам бұрындары бұ қылығыма шыр-пыр болатын, кейіннен көндікті. Дегенмен менен басқаға қатаң тиым салған. Себебі біздің ауылда ашық қоралардың төбесін шифермен жабатындар сирек, жағдайы барлар қарақағазбен қол жетпегені іркес-тіркес шыбықтарды тастап, үстін шөппен бастырып тастайды. Біздің қораның төбесін атам өзінің зейнетақысына Ұзынағаштан қарақағаз алдыртып, бүтіндеп шыққан. Сондықтан жыртасыңдар деп тірі пендені жолатпайды. Әжем айтпақшы, қораның төбесіне шыққан адамды, өзінің төбесіне шыққанмен бірдей көреді. Әзірге қахары қатты қарашалдың әмірі маған ғана жүрмей тұр. Қораның төбесінен қанша мәрте қуып түскенмен, көтеніңе айыр тығам деп доқ көрсеткенмен, айылымды жимадым. Өйткені мен үйдегі атамнан кейінгі «екінші атаман» – әжемнің баласымын.

***
Майтөбе біздің бәйге алаңымыз. Ауылдан 5-6 шақырым жерде орналасқан қыз анарындай қатар жатқан екі төбе. Атамның айтуынша, байырғы бабалардан қалған зират – бұл. Сондықтан оның үстіне шықпаңдар, айналысына дәрет сындырмаңдар деп отыратын. Бұл маңда бәйге өткізуге о баста ауылдың біраз қариясы қарсылық білдірген екен, аруақтарды мазаламайық деп. Бірақ аруақ-құдайды ұмытқан сол заманның белсенділері көнбеген, соқа салып айналдыра атшабар шеңбер жасаған. Жексенбі сайын тайжарыс, ал 1- 9-май күндері үлкен аламан болады мұнда, сондықтан ауыл адамдары май мерекесінің құрметіне бұл екі төбені Майтөбе атап кеткен. Майтөбедегі қай деңгейдегі бәйге болмасын Шәріпбайсыз өтпейді. Ұйымдастырушы да, бас даяшы да – сол. Қайқы мұртты сары шал қысы-жазы басынан дүкен қалпағын тастамайды. Саршұнақ аязда өзгелер түлкі тымағын басып киіп, бүрсеңдеп жүргенде, Шәріпбай қызара-бөртіп қарагердің үстінде ырғалып отыра беретін. Шәріпбайдың тайлары жүйрік келеді шетінен, қыс бойы бәйгенің алдын бермейді. Жалғыз ұлы бар. Аты – Бақыт. Мұрыны қолағаштай сол жігітті елдің бәрі Шәріпбай Бақыт деп атайды. Бақыттың кіндігінен де жалғыз бала өрбіген. Медет, біз Митко дейміз. Митконың сабақ үлгерімін қайдам, бірақ тақымы тастай, шіркіннің. Шілмиіп алып бәйгеге шапқанда шаршадым деген емес, тай бәйге, құнан жарыс, аламанға ат ауыстырып мініп, дамылсыз тепеңдей беретін. Аударыспақ ойнай қалғанда да, өзінен әлдеқайда қарулы жігіттерге алдырмайды.
Шәріпбайдан өзге біздің ауылда ірі деңгейдегі екі атбегі бар. Екеуі де әкемнің түп нағашылары- қойшы Бекжан мен жылқышы Мұратбек. Шәріпбайдың тайларымен осы екеуі ғана тайталаса алады. Ал менің екі ағам секілділер үшінші, төртінші болғанына мәз. Кей кезде Шәріпбай тайын тынықтырамын деп бәйгеге қоспайтыны бар, со кезде оларға құдай береді. Ондай күндері мен де бір желпініп, жетісіп қалам. Тайжарыстан ұтқан ақшасынан киноға билет алып береді. Бірақ ондай сәттер сирек. Сондықтан екі ағам тайжарысына кетер кезде, «Шәріпбай Көкдауылын қоспайды екен» деп сыбырлап кетеді. Бұл – үйдегі қалған шаруаны тындырып қой, киноға ақша береміз деген емеуріні. Өзімше илікпей тұрғанмен кино дегенде «қолқ» ете түсем. Үндінің кинолары дәуірлеп тұрған кез. Ауылдағы екі баланың бірі «Митхунның өлеңдерін» айтып, қыздар жағы «агаяға» билейтін уақыт. Сондықтан екі ағам көшенің сыртына шапқылап кете салысымен шанамды сүйретіп құдықтан су тасимын. Үйдегі ыдыс-аяқ, моншадағы бөшкелер, қорадағы мал су ішетін науалардың барлығын толтыру міндет. Басында «қаршадай баланың қабырғасы қайысады» деп әжем бой бермеп еді, бірақ «қара кемпірдің қыздары құрлы жоқ па?» деген намысқа тиер сөзі өтіп кетті әлгі екеудің. Аздап қиналып жүрдім, кейіннен төселіп алдым. Су тасыған да рахат. Флягтың үстіне отырып алып, шанаңды ылдиға қарай бір демеп жіберсең зырылдаған күйі үйге бір-ақ жетесің. Қиыс кетіп бара жатсаң тізгіні де даяр, жүгендеулі аттай жүйткітесің. Әрі қыстың күні қызықтың көкесі құдықтың басында болады. Бозбала мен бойжеткен, еріккен мен зеріккеннің кездесер, қалжыңдасып, қауқылдасып қалар мекені осы құдықтың басы. Сондықтан жоғарғы сыныпта оқитын қыз-жігіттер су тасуға біз құсап алқын жұлқын жетіп бармай, кәдімгідей сыланып шығатын. Әрі кімнің сиыры жоғалды, кімнің әйелі босанды, кіммен кім төбелесті деген секілді ауылдың соңғы жаңалығын осы жерден естисің. Кей кездері шеңберден шығып, ел және шетел оқиғалары да айтылып жатады. Өз басым Ясир Арафат, Джорж Буш, Горбачев деген адамдардың өмірде барын су тасып жүріп білдім. Құдық басындағы конференцияның белсенді делегаты Қамбарбай ағаның аузынан естідім.
Әне, қоян тұмағының бір құлағы көтеріліп, бір құлағы салаңдап, жейдесінің етегі купайкесінің сыртына шығып, аңқылдақтығына қарап ел еркелетіп «Қамбаш» деп атайтын ағамыз тағы да сонда бет алды. Қолында газет. Есік алдында тұрған Молдабек шалға қарап әлденені айғайлап айтып барады, әлдекімді әке-шешеден сыбап алды. Шамасы газеттен бір жағымсыз хабар оқыған болу керек. Соны құдық басындағы форумда талқыламақ. Ол жақтағы жұрттың шоғыры бүгін аздау секілді. Қойшыларға берілетін сары тонның жағасын көтеріп қойып, мойнын ішіне тыққан күйі біреу ары-бері теңселіп жүр. Дәу де болса Ақұлық Бақыт. Бірдемеден құр қалғандай ертеңмен құдықтың басына келіп, өткен- кеткеннен жүз граммға жылу жинап отыратын Бақыттың осы сәт – ең бақытсыз кезі. Өзі айтпақшы «басы сынып тұрған» шығар. Анау отырған екеудің бірі Метен, біреуі Әбдәшімнің Асқары. Екеуі кеше қаракемпірдің көмірін кіргізісіп еді, содан алған еңбекақыларын тауысса да, түндегі қызықтарды айтып тауыса алмай жатыр. Қанша шөлмек ішкені, қай кезге дейін есін білетіні, кім кімді үйіне сүйреп апарғаны сарындас әңгімелерді сапырып жатқан болар. Су басында салы суға кетіп тұрған үшеудің үмітін екпіндей жеткен Қамбаш жақты. Ол барып амандаса сала, бірдемесін ұстатты ғой деймін, Метен аш бөрідей бүрісіп ап, коммерсант Сағиланың үйіне қарай жортып кетті. Қазір «бас аурудың дәрісін» алып келеді. Оған дейін су шанасын сүйреткендермен жағаласып, тұс-тұстан Бақыттың «басы ауырғыш» достары да сүйретіле жетеді. Бір жартылық қышқыл суды «сыйластық болсын, денсаулық болсын» деген шағын тілектер айтып қылдай бөліседі. Бастысы бастары жазылып, бойларына қан жүгірсе болды, арғы жағы өзінен- өзі жалғасып кете барады. Ер азығы мен бөрі азығы – жолда. Әйтеуір бірдеңе кезігеді. Бірер сағаттан соң құнан қойдың сорпасын ішкендей қызара бөртіп, бусанып шыға келеді. Түс ауа бір-бірімен қылжақтасып, құшақтасып, гүжілдесіп, дүниені төңкеріп жіберетіндей гүрілдеп ерегісіп жатқанын көресің. Анда-санда құдық басында төбелес те болып тұрады. Ондай кезде тегін кино тамашалағандай жетісіп қаламыз.
***

Әдеттегі жексенбі болатын. Екі ағам тай жарысында. Әкем мен шешем қарындасымды ертіп аудан орталығындағы әкпеміздің үйіне қыдырып кеткен. Құдық басында адам аз кезде, зырылдап жүріп, суды тасып қойдым. Атам да малды жайғастырып біткен секілді, қора жақтан аяңдай басып келеді, ол кісі жолда шашылып жатқан шөптерді жиыстырып, әлгі екеуі лақтыра-лақтыра салған айыр-тырмаларды орны-орнына қоям дегенше, екі етігімді енді керек еместей екі жаққа аяғымды сермей лақтырып, мен үйге кіріп үлгердім.
-Атаң қайда? – деді әжем.
-Келе жатыр.
-Ол келгенше кеш батар, шай суып қалатын болды, шақыр жүгір.
Әжемнің әрбір айтқаны мен үшін – заң. Есіктен басымды қылтитып атамды асықтырдым. Келген соң үшеулеп кешегіден қалған жылытпаны жәукемдеп, күрең шәйға бас қойғанбыз, көшеден ысқырық естілді. «Көк ит, көк ит» деп екі рет қайталанды. 78-дердің ысқырығы. Үлкен ағамды іздеп келген класстастарының бірі. Тұруға ыңғайланып ем, елеңдемей тыныш отыр дегендей атам алакөзбен бір атты. Бірақ көшедегі жүгірмек қояр емес, қақпаны ашып ысқырды енді. Шықпасқа болмады. Алмабек екен. Көмірдей қара тайға мініп алыпты. Шекесінде бармақтай төбелі бар.
-Анау қайда, деді мені көре салып.
Әкесін елдің бәрі қырсық Қуаныш деуші еді, ұқсамасаң тумағыр. Амандасу былай тұрсын, ағамның атын да атауға ерініп тұр. Өзі бір дүниені тіреп тұрғандай жарбиып жантайып алыпты, қисық аяғымен үзеңгіні үзіп жіберердей керіп тұр. Шекем тырыса қалғанмен, бірден тістесуді құп көрмедім.
- Тай жарысына кеткен.
- Ана қотыр тайын қосам дей ме?
Енді шыдауға болмас. «Өзіңнің қотыр тайың тұрмақ ешегің (есек) де жоқ қой» деп салдым. Демалыс сайын кім көрінгенге мінгесіп жүресің» деп тағы да қыршып алайын дедім де тежелдім. Анау да салғыласуды құп көрмеген сыңайлы. Мені ызаландырғанына разы болғандай қуланып бір күліп алды да, «міне менің тайым, Пепельдің (Біздің өңірге аты шықққан жүйрік айғыр) тұқымы» деді де, тебініп, кетуге ыңғайланып барып, кідірді.
-Айтпақшы сен тайға шаба аласың ба?
-Шабам, дедім намысқа тырысып. Анығында ағаларыммен ілесіп тай жарысына бірді-екілі барғаным болмаса, бәйгеге түсіп көргем жоқ өмірі.
-Мынаған шабасың ба, деді, астындағы қара тайды нұсқап. Шегінерге жол жоқ.
-Шабам, деген сөзді кібіртіктеп әзер айттым.
-Онда келесі апта дайындал, өзім келіп алып кетем деді де, көшені бойлап тасырлатып шоқырақтай жөнелді. Менің де жүрегім тасырлап, атқақтап барады. Бір жағынан қуанып тұрмын, бір жағынан қобалжу, қорқыныш бар секілді. Қанша тұрғаным белгісіз, әжем шығып, көмірге жұмсағанда ғана есімді жидым. Әшейінде зырылдап өтетін бір апта уақыт, шабан аттай ырғалып жүріп алды. Күнде кешкілік қиялдап жатамын. Түрлі-түрлі түстер көрдім. Біресе қаратаймен бәйгенің алдында келемін, біресе құлап бара жатып, шошып оянам. Бір-екі рет бас тартуға оқталдым, бірақ «қорқақ» деген келекеге қалармын деген жігіттігім жібермеді. Ақыры әрі-сәрі күйде межелі мезгілге де жеттік. Уәдесінде тұрып, Алмабек өзі келіп мінгестіріп кетті. Жиырма шақты тай шықты жарысқа. Осы сәтке психологиялық тұрғыда бір апта дайындалсам да жүрегім дүрсілдеп, аздап қорқақтап тұрмын. Менің тайға шабарымды сол күні естіген екі ағамда да ес жоқ. Үйде жүргенде күн көрсетпейтін бұлардың мені сонша жақсы көретінін сол кезде білдім. Құлап қала ма деп уайымдап шыр-пыры шығып жүр. «Төменгі арыққа жеткенде тізгінді тартпа, атты састырасың, өзі жол тауып секіреді, ана Бештиын (ауылдағы атақты шабандоз) секілділерден аулақтау жүр, аяғыңнан көтеріп кетпесін» деп екеуі екі жақтап ескертіп, ақылдарын айтып жатыр. Бір жақсысы қаратайдың үсті жайлы екен. Ауыздықсүйеп шабатын, сыңарезу қиқарлығы жоқ. Басы бос. Ол да болса дәтке қуат. Желе жортып, өзім секілді бір-бір жабағыға жайдақ мінген балалардың тобына барып қосылдым. Даяшы айдай жөнелді. Тақымды қысып, тізгінді тарта ұстап, елдің соңын ала келе жатырмын. Алмабектің айтқан ақылы солай. Қаратайдың құйрығын түйіп жатып, «ат айдаушы қанша қуаласа да артын алып жүр, ә дегенде соңына түссең алдыңғы топқа жете алмай тығылып қалады, не дегенмен бірінші рет бәйгеге қосылып тұр ғой, жүрегі шайлықпасын» деп еді сыралғы бапкерлерше. Соны есімнен шығармай, елдің артын ала, бүлкектеп келемін. Бір кезде «ал жігіттер жолдарың болсын» деген дауыс шықты. Іле-шала барлық бала лап қойды. Мен де жандәрмен аттың басын бұрдым. Тебініп үлгердім бе, үлгермедім бе білмеймін, қаратай қалың дүрмекке ілесе жөнелді. Ұшқыр ақ екен, сөренің жанынан төртінші болып өттім. Байқаймын бір екі рет басын сүзіп, тізгінді қоя бер дегенсіді, жуас болғанмен мінезі бар секілді. Тебініп қамшы салсам алдыға шығатын түрі бар. Дегенмен күн тұманды, атшабардың қар басқан жолы әзер көрінеді, адасып басқа жаққа лағып кетуім, немесе күртік қарға ұрынып арандап қалуым мүмкін. Жүрек дауаламады. Сондықтан алдыға шығып алып, әңгімені соғып бара жатқан үшеудің соңынан салпақтадым да отырдым. Үшеудің бірі Митко, мұрнынан аққан ақбозаты мен көкдауылын кезек-кезек тізгіндеп келеді. Екіншісі – Бештиын. Менен бір жас үлкен,төртпақ қара бала. Азан шақырып қойған есімі Ғалым. Денесінің шағындығына қарап ел «Бештиын» (дұрысы бес тиын болу керек) атап кеткен. Бекжанның жекеменшік шабандозы. Әзірге, тотолизатор «Тайбурылға» қатысқан жалғыз қахарман – осы. Үшіншісі Баянғазы, менен бес жас үлкен жігіт. Күрең тайына аяғын салаңдатып өзі мініпті. Тыным таппай күреңнің бауырын тепкілеуіне қарағанда ана екеудің екпініне әзер ілесіп келеді. Мынау қайдан шыққан бәле дегендей ара-тұра маған қарағыштап қояды. Шамасы бірінші, екінші орыннан күдер үзсе де үшіншіден үмітті. Бұл орынға артқы топта қалғандардың таласа қоюуы екіталай, тек менен ғана қауіптенеді. Бірінші айналым бітті. Көңілім жайланып, Қаратайдың шабысына үйренісіп қалдым. «Сиырлыауылдың тұсына келгенде Митко аттың басын жібереді, сол кезде көз жазып қалма, Бештиын мінген Бекжанның қасқасы ылдишыл, төмен қарай жеткізбес, бірақ өрге айналғанда басып кетерсің, қаратайдың арты биік, мұндай жылқылар өршіл келеді» деген бағана Алмабек. Әкесі трактордан басқа мінбеген мұның атбегілерше сөйлегеніне таңғалғам. Қайдан біледі бәлекетің деп... Айтқандай- ақ Митко “мен кеттім» дегендей суырылып шыға берді, соңына Бештиын түсті. Баянғазынікі барлығып қалды. Қасына жеткенде байқадым, күреңнің үстіндегі аққұба жігіттің түрі де күреңітіп кетіпті. Борша-боршасы шыққан тайын қамшымен сабап, сөзбен де сыбап келеді. Зу етіп өте шыққанымда шешеден бір жіберді. Мені боқтады ма, тайын боқтады ма білмедім. Мені боқтаса тоқтай қалып тіресерге уақыт та, қауқар да жоқ, есіл-дертім қалың тұманнан қылаңдап қана көрініп бара жатқан екеуде. Өрге айналғанда қашықтық қысқара берді. Бештиын мінген қасқа бірте-бірте қала берді, қуып жетіп, басып оздым. Бірақ қазірдің өзінде кейбір құнандармен бой теңестіріп қалған тұрқы биік көкдауыл алдырар емес, қаратай екі аттаған жерді анау бір қарғып алатын секілді. Әттең деймін, бойдың қысқалығынан талай жерде есе жіберіп едім, мына жерде де тайымның кенже туғанына налып келемін. Дегенмен екінші болу да жаман емес. Әрі Бекжан секілді әйгілі атбегінің жүйрігінен озып барам, оның өзі зор мәртебе. Бештиынды жолда қалдырған өзге емес, өзінің жиені екенін көргенде кеудесіне нан піскен маңғаз нағашым қайтер екен деп қоям іштей. Сөреге де жақындап қалдық, қиқулаған дауыстар естілді. Өзімше айғайлап, әруақ шақырғандай болдым. Кеудемді қуаныш кернеп, жанарыма жас тығылып, көзім бұлдырап барады. Жиылған топтан беріректе тұрған қарагер аттыны шыраматтым, Шәріпбай секілді. Аты бір орнында шырқ үйріліп, өзі онан бетер тыпыршып тұр екен. Өмірі жеке келетін көкдауылдан жабысып айрылмаған мына қара төбел қайдан шықты деп тұрған шығар, не де болса. Көкдауыл мен қаратай құйрық тістескен күйі сөреден өтті. Алмабекте ес жоқ. Сүрініп-қабынып, желе-жортып бара жатқан менімен қатарласып жүгіріп жүр. Көтеріп алған жабуына шалынып, бір құлап тұрды. Аузы жыбырлап маған бірдеңе деп жатыр. Құлағым бітіп қалған екен, ымдаған кезде түсіндім. Түс деп айтыпты. Секіріп түстім. Алмабек ақ көбік болған қаратайды аяғына қан ұйымасын деп, желқақтырып жетелеп кетті. Делеңдеп екі ағам жетті. Құдды өздерінің тайлары топ жарғандай қуанышты. Құшақтап бетімнен сүйіп жатыр. Бір-бір тайға мінген кластастарым келіп құттықтады. Олар да өздерінше менімен бірге оқитынын мақтан тұтатын секілді, сабаққа бір күн келсе екі күн келмейтін Сайлыбаев Бақытжан «кластаспыз ғой» деп әлдекімдерге мен туралы сампылдап айтып жатқанын құлағым шалып тұр. Төбе басындағы жұртқа жақындап едім, елдің бәрі бір олимпиада чемпионын көргендей қызыға, қызғана қарады. Өзімді сол кезде ауылға атағы шыққан, атышулы шабандоздай сезіндім.
***

Алмабек қаратайдың қолтығы сөгілсін деп, төрт апта тоқтатпай бәйгеге қосты. Соның екеуінде Көкдауылмен қатар түсті. Бірінде Көкдауыл, бірінде Сүлікқара (ол кезде өзімізше сөйтіп ат қойып алғанбыз) озды. Содан кейін-ақ Шәріпбай Көкдауылды көктемге дейін демалдырам деп жарысқа қатыстырмады. Оны өзімізше бізден сескендіге жорып, бұтымызға толып жүрдік біразға дейін. Көкдауыл болмағасын бас бәйгені шаппай алуға болады. Тайталасар мықтының жоқтығы да жаман екен, әріберіден соң жалыға бастадық. Алмабек екеуміз «құры далбалақтай бермей, Сүлікқараны наурыз тойына дайындайық» деп келістік. Қалай да Шәріпбайдан бабымыз мен бағымызды асырумыз керек. Алмабек ара-тұра келіп заманында ат жүгірткен атамнан ақыл кеңес алып тұрды. Алғашқы күні Сүлікқараны айналып-толғанып қараған атам: «Сүйегі терең жаратылған екен жануардың, бабын байқатпайды. Бәйгеге қалай дайындайсың, тура солай мейіздей қатырып әкелші»- деп, қайырып жіберді. Бір апта өткесін, «Ал, мінекей»- деп Алмабек келіп тұр. Шал не дер екен дегендей маған қарап көзін қысып қояды. Атам әуелі жабуын сыпырып, алды-артын қарады. Әр жерін бір ұстап, әлдене деп күбірлеп жүр. «Енді ары-бері жетелеңдер» деді. Бақшаны үш айналдырғаннан Сүлікқара боқ тастады. Атам бәрін бағып отыр екен, тезегін түгел алдыртты. Санады, сегіз құмалақ, алақанына салып мыжып көрді. Жоңышқа берген-ау, шамасы, жап-жасыл cөлі қарға тамды. Сосын атам біреуді жақтырмағандағы әдетінше көзін сығырайта Алмабекке қарады.
-Бәйгеде аты зорығып өліп жататын ноқайлар болады, білесің бе?
Анау әңгіменің мәнісін түсінбей қалды. Түсінбесе де, «білем ғой» деп ыржылақтай беріп еді, «ендеше, сен соның нақ өзі екенсің» деді. Атамның бір көтерілсе басылмайтын әдеті. Ал кеп ұрыссын. «Дарақы, боқмұрынсыңдар» дейді. «Шәріпбайдың тырнағына татымай жүріп, тайталаспақшысыңдар. Осы күйінде бәйгеге қоссаң, Көкдауыл тұрмақ көтерем тайлардың тезегін теріп жолда қаласыңдар» дейді. «Айналайын-ау, мына түріңмен қызыл май қылып өлтіресің ғой, кемінде үш суытылуы кемшін, қарнын қарашы дұрыс тартылмаған» деп, қаратайдың қарнын алақанымен жұмарлап-жұмарлап жіберді. «Әрі, аштан өлетіндей тойдырып қойыпсың. Бәйгеге шабар ат екі-үш құмалақтан артық тастамау керек, әрі қиы қағаз секілді құрғақ болу керек, ал сенікі шылқылдап тұр» деп күйіп-пісті. Ақыры сабасына түсіп, екі ағам бар, төртеуімізді тұрғызып қойып, Алмабек жіберген қателіктерді түсіндірді. Суытудан бастап, күнделікті берер жем-шөбінің мөлшеріне дейін белгілеп, сол бойынша баптауды тапсырды.
Сүлікқараны демалдырған күндері «менің тайыма шапшы» деп қолқа салатындар көбейді маған. Кез-келгеніне бұт арта бермеймін. Сүйегі жақсы, бәйгеден келеді-ау дегендерін таңдап жүріп мінем. Бәйгеге ілінсе, азын-аулақ ақша аласың. Ол да оңай олжа емес. Құнан жарыс, атжарыстарға да шығып, ұзақ қашықтыққа шауып көрдім. Бұрын екі ағамнан киноға тиен-тебен сұрайтынмын, қазір олар менің арқамда клубтан шықпайтын болды. Тек атқа шапқалы сабағым нашарлап кетті. Cынып жетекшісі Салтанат апай қанша жерден ескертіп, ұрсып-жекігенмен, есіл дертім бәйгеге ауды да тұрды. Наурыз тойын тағатсыздана тостым. Анығында осы күнді менен өзге екі адам өзгеше күтіп еді. Шәріпбай мен Алмабек. Сонымен қатар, атқұмар жұрт та бір қызықтың боларын біліп жүрді. Көкдауыл мен Сүлікқараның бабы, Шәріпбай мен Алмабектің бағы сыналар сәттің тезірек болғанын қалады. Күнде кешкілік Алмабектің үйіне бір соғып, Сүлікқараны бір сипамасам көңілім көншімейтінді шығарды. Кейде өзім жем-суын беріп, тіпті астын тазалап та кетем. Сүлікқара күн санап сұлуланып барады. Соңғы көргенінде атам да бабы келіп қалыпты деген. Көлденең қырсық шалмаса, осы жолы озатыныма сеніп-ақ жүрдім. Бірақ амал нешік, екі жүйрік сол беті жарыс жолында кездесе алмай кетті.
Ақпанның соңғы күндері болатын. Кетер кезде бір мінез көрсетейін дегендей, қытымыр қыс шаруаны қыспаққа алып тұрған. Ақтүтек боран екі-үш күн көз аштырмады. Әдеттегідей сабақтан соң құдықтың басына барғам. Ақұлық Бақыт бастатқан ауылдың қышқылқұмар жігіттері тұр екен. Метен аузы көпіріп әлденені айтып жатыр. Барып жағалай амандастым. Қолғаптарын шешпестен саусақтарын ұстата-ұстата салғандардың менімен ісі жоқ, әңгімеге кіріп кетіпті.
-Содан не атып тастап па? Өзбек Берік Метеннен әлденені сұрады.
-Баласы қанша шырылдаса да, ана қырсық әкесі қоя ма, атып тастапты, өлігін өртеп жіберіпті деді. Кім кімді атты, нені атты, атқаны адам ба, аң ба, аң болса неге өртейді? Қызықсам да, қызулау топтан анықтап сұрамадым. Сұрағанмен жөні түзу жауап алсаң жақсы, ұрынарға қара таппай тұрғандар баласынып қылжақтап, келеке қылуы кәдік. Суымды алып үйге келсем, сабақтан бүгін кешігіп келген үлкен ағам түскі асын енді ішіп жатыр екен.
-Алмабекке барған жоқсың ба? деді.
-Жоқ, жәйша ма? Өзіне сауал тастадым.
-Сүлікқараны атып тастапты ғой.
Қыстың аязында далаға жалаңаяқ жүгіріп шыққандай, қалшылдап кеткенімді білем. «Кім? Неге?» Ышқынғаным соншалық көзімнен жас ытып шығып, қабырғаға шашырапты. Менің түрімнен шошып кетті ме ағам, тұра сап әжеме жүгіріпті. Төсегінде ұршық үйіріп отырған әжем сүрініп-қабынып жетіп, су бүркіп, таңдайымды көтеріп әлек. Өкіріп жылап, төсегіме құладым. Булығып біраз жатып, ұйқыға кетіппін. Ертеңіне елден естідім. Оқиға былай болған. Ауылға құтырған түлкі кірген. Көшенің басындағы иттер оны жабылып, талап өлтіреді. Артынша өздері құтырып адам мен малға шабады. Контордан келе жатқан қойшы Асқарды балтырдан алған екен, абырой болғанда хром етігінен тісі өтпей қалыпты. Емберген молданың үйіне қашып кіріп, әрең жан сауғалайды. Кемал Бақытты да тістеген екен, аудандық ауруханадан бір-ақ шыққан. Одан бөлек үш сиыр, төрт жылқы, бірнеше қойды қызыл ала қан қылып талайды. Соның бірі Сүлікқара. Алмабек суытып келіп, таң асырып қаңтарып қойған жерінен келіп тиген. Ертеңіне көзі қызарып, аузынан көбік ағып, қасына барған адамды теуіп, тістеп жолатпапты жануар. Бүкіл көшенің адамы жиналып, алдымен, әлгі иттерді қуалап жүріп атады. Артынша басқаға жұқпай тұрғанда ауырған малдарды құрту керек деп шешім қабылдайды. Алмабек тайын мініп қашпақ болады, бірақ әкесі үйіне қамап тастапты. Құтырған малдармен қоса, Сүлікқара да атылып кете барған.
Алмабек бір айдай сабаққа бармай жүрді. Басы ауырып, мұрнынан қайта-қайта қан кетіп, қатты сырқаттанды. Домаланған сары бала еді, шүйкедей болып сылынып түсті. Менің де жағдайым мәз болған жоқ. Сүлікқара жиі-жиі түсіме кіреді. Кейде кісінеп, келіп тұрғандай елегізимін. Сабақ үстінде дәптерімнің іші-сыртына Сүлікқараның суретін салам. Өзгелердің тайына шауып жүрсем де Сүлікқараны сағынам, кез келген жүйрік деген тайға Сүлікқарамен салыстыра отыра баға берем. Тәкен Әлімқұлов жазған «Тұлпардың тағдырын» оқимын да өзгеге білдіртпей жылап аламын.
Жерден қар кетіп көктем келді, наурыз тойында Көкдауыл ешкімді жеткізбеді. «Қап, Сүлікқара болғанда бір қызық бәсекені көрер едік» деп жұрт опынды. Алмабек сол күннен бастап арақ ішті, ел арқа-жарқа боп өткізген мерекені мен де көңілсіз қарсы алдым. Көктемнің шуақты күндері сүреңсіз көрінді. Күн артынан күн, ай артынан ай өтіп жатты. Тұрақты түрде шабатын жөні түзу жүйрік таппай, бірде озып, бірде қалып тағы бір қысты өткердік. Бірте-бірте бәйгеден суынып, сабаққа қайтадан ден қоя бастағам. Тоғызыншы сыныпқа көшкен жылы, қыркүйектің ортасында ауылдағы белді рудың бірі Итемген-Жидебайлар бабаларына ат шаптырып, ас берді. Алыс жақынға тегіс сауын айтылған екен. Асқа келген жұртта есеп жоқ. Жүз үй қонақ алыпты деседі. Арысы Ұзынағаш, Дегерес,Беймойнақ берісі Мәтібұлақ, Отар, Сұлутөр, Қордайдың жүйріктері жиналды. Бір күн бұрынғы батаоқыр бәйгенің өзі қызу тартыспен өтті. Аттардың батаоқыр бәйгесі алты рет шапса, құнан үш, тайлар төртке бөлініп жіберілді. Осындағы бәйге алған жүйріктердің көрсеткішіне қарап, ертеңгі аламанды анау алады, мынау алады деп тон пішкен көпшілік,түнімен көз ілмеді. Атбегілер жүйріктерін таң асырып, қастық қылып кетпесін деп қасына ұйықтаса, қызық қуған жұрт гу-гу әңгіменің қызығына түсіп қызылкеңірдек болысты. «Әй, анау Қордайдың қарасына жетері болмас, Қартабаев Мұрат түйені жетектеп кетер осы жолы да» деп біреу білгішсінсе, бірі «Дегерестегі Нәркен шал Талисманның інісін алып келіпті, бүгінгі батаоқырға қоспай сырт көзден тасада ұстап отыр екен» деп судыратады.
-Біздің Мұратбек, Бекжандардікі алдыңғы үштікке ілігер ме екен, деп алаңдаушылар да бар.
- Құнан бәйге Беріктаста дей бер. Бекберген шалдың Ақкептерін әлгінде мәшинеден түсіріп жатқанын көрдім, деп көсемсиді кейбірі.
- Әй, қайдам, Шәріпбайдың Көкдауылы алдыра қоймас, деп патриоттық танытып қарсы шығатын адам да табылады. (Ол кезде Көкдауыл құнан шыққан.)
- Әй, тайдан кім бар, тайдан кім бар, дейді білгіштердің сөзін тыңдап тұрған біреуі шыдамай. Әркім «ананың тайлары жүйрік болатын, былтырғы бәйгенің бәрін сыпырған еді» десе, енді бірі бүгінгі батаоқырда бас жүлде алғандардың аяқ алысын салыстырып жорамал жасайды. Дегенмен, нақты мынау алады деп ешбірін атай алмайды.
***
Ірі бәйгелерде ғана төбе көрсететін жылқышы Мұратбек аламанға қосар ат-құнанынан бөлек үш тай алып келіпті деп естігем. Майтөбе жаққа барсам, баласы шабандоз іздеп сабылып жүр екен. Мені көре салып қуанып кетті. Отыр кеттік, көкем шақырады деп мінгестіре жөнелді. Мұратбек өзі жүк көлігінің бір қапталына қатар байланған үш тайдың құйрық-жалын сүзіп жатыр екен.
-Әй, жиен, таңдағаныңа мін де, шап,- деді темекісін құшырлана сорып тұрып. Секіріп түсіп, тайларға жақындадым. Ешкі бас жирен қасқаның төрт аяғы ала екен. Бұты ұзын, сидаңдау. Әлсіздеу көрінді. Оның қасында тұрған жиреннің көзі шатынап, ойнақшып тұр. Тұла бойында мін жоқ. Ұшқырлығы байқалады.
-Басы қатты, кеше батаоқырда жеке келе жатып, алып қашып кетті деді менің ойымды оқығандай Мұратбек.
-Қой арандап қалармын, қарулы біреуге тапсырыңыз деп үшіншісіне қарай өте бергенім сол еді, тұрған орнымда қалшидым да қалдым. Сол, нақ өзі. Сүлікқара. Тек түсі бөлек демесең, денетұрпаты аумайды жануардың. Жол ашып, төрттағандап тұрған нәрестедей, алды аласа, арты биік. Қырып алар еті жоқ бөкентұмсық, шекесіндегі жалғыз ноқат та айна қатесіз түскен. Сүлікқараның артқы екі аяғының шашасына дейін ақ болатын, құданың құдіреті мынанікі де тура сондай. Көзіме оттай басылды, тек қара емес, торы екен. Ойланбастан осыған шабам дедім. Құрдасым Дархан менен бұрын меншіктеп қойған екен, ол бергісі келмей қиғалақтап барып, әрең көнді.
Алпыс тай шықты бәйгеге. Ірі жарыс болған соң, барлығының тісі тексерілді. Беріктас ауылынан келген бір жиренді тіс қараған Шәріпбай мен Мұратбек құнан деп жарыстан қуды. Оның иесі ерте туған деп өзеуреп, шатақ шығаруға талпынған, бірақ Мұратбек бурыл атпен бір-екі қағып топқа тығып жіберді. Содан қайтып суырылып шыққан жоқ. Алпыс тайды әлекедей жалаңдаған он даяшы айдады. Барлығының қолында бір-бір құрық. Аздап ұрттап алғандары да бар арасында, қашқандарыңды, шеңберді кескендеріңді бәйгеден қуамыз деп доқ көрсетіп келеді. Жарыс жолына апарып қатарға тұрғызды. Қашуға ыңғайланып, бір-екеуі ерте қозғалып еді, байқұстарды қамшымен сабаған күйі ең соңына тұрғызып қойды. Сап түзелді деген кезде бас даяшы «көкпаршы Айдар» «ал жігіттер жолдарың болсын» деп қолын сермеп кеп қалды. Шаң бұрқ етті. Алдыға қарай екі-үш ытырылып шапқанымды білем, әлдеқандай бөгетке тап болдым. Ат құйрығына қарай сырғанап бара жатқан секілдімін. Жан дәрмен жалға жармасып, алға ұмтылдым. Сөйтсем даяшының біреуі шетке шығып үлгермей қалыпты. Қас қылғанда мен сонымен жанаса өте бергенімде, тізем әлгінің алшайып отырған аяғына тіреліп қалған. Ол да «өй, ары тарт» деп бұрыла берді, аяғым сытылып шықты әйтеуір. Елдің соңында қалдым, алдым қою шаңнан түк көрінбейді. Аздап қобылжысам да, көңіл орнында, бастысы құлағам жоқ. Тoртөбел зулап келеді. Шетінен басып озып жатырмын. Көпшіліктің қасына жеткенше алдыңғы топқа шығып кеттім. Қуанғаным соншалық, қиқу салып, қамшы үйіріп, топты бастап өттім. Масаттанып жан жағыма қарасам, Мұратбек бурыл атты сөренің жанында ойнақтатып тұр екен. Қияқ мұртын бір ширатқандай болды. Сол шыққаннан үш айналымда да алдыға жан салмадым. Бірінші топта менімен текетіресіп тағы төрт тай келе жатыр. Барлығы бөтен ауылдан. Төскей мен Күнгейдікі секілді. Шабандоздар бір-бірін танитын болып шықты. Ара-тұра тіл қатысып қояды. Бұларды қалайда оздырмау керек деп шештім. Себебі алдыға бір түссе қақпайлап шауып, қыспаққа алып жол бермей қоюуы әбден мүмкін. Әрі аяқтан лақтырып қараулық жасап кетуі де кәдік. Сол себепті аналар сәл жақындаса тортөбелдің тізгінін сәл қаға түсем де ұзатып алам. Ақырғы айналымға кеткенде артыма қарасам, Мұратбектің сидаң қасқасына мінген Дархан жетіпті. Түрінен түр жоқ. Тайы да, өзі де шаң-топыраққа әбден тойған. Сидаң қасқа балшық кешкендей, алқымынан төмен қарай сап-сары батпақ. Аяғының аласы да көрінбейді. Жануардың тынысы тарылып, сыр-сыр етіп дем алғаны алыстан естіліп тұр. Дархан басындағы орамалын шешіп алып, тайдың көзін сүртіп әлек. Менімен қатарласқысы келіп, шаужайлады, бірақ әбден қалжыраған сидаңқасқа жұлқынып шыға алмады. Аналар да қақпайлап жолатар емес. Дарханды сүйемелдемек ниетпен тізгінді өрге айналғанша тартып ұстадым, Сүлікқараның басын қоя беретін өзімнің межем тап осы жер. Енді кідіруге болмайды. Дархан да «қарайлама, жібер аттың басын» деп айқайлап келеді. Тізгінді бір қағып, тақымды сәл қысыңқырап едім, тортөбел созылып шықты. Менің артымнан құлагер бір тай ілесті. Оның артынан сидаң қасқа түскен секілді. Шабандоздар қос бүйірден қамшылап, бар даусымен бақырып, ұрандап келеді. Олардың дауысы мен дүбірін естіген сайын тортөбел шабысына шабыс қосты. Сөреге жеткенде ғана жұртшылықтың айқайына қиқу қосып, бірер мәрте қамшы үйірдім. Арқан бойы озып, жеке-дара өттім. Екінші келген құлагер Дегерестің англотекені (ағылшын мен ақалтекенің буданы) екен. Сидаң қасқа үшінші болды. Мұратбек бурыл атпен келіп, тайдың үстінен лақ құрлы көрмей жұлып алды. Бетімнен сүйіп, жерге дік еткізіп қоя салды. Таныс-тамырлар құттықтап жатыр. Топырақ жеп шыққандай тісінің арасындағы шықырлаған тастарды түкіріп жүрген Дархан «қалың шаңға ұрынбағанда мен алар едім біріншіні» деп қалжыңдап қояды. Беті-қолымды жуайын деп, қаумалаған көптен сытылып сыртқа шыға бергем, Алмабекті көзім шалып қалды. Мені көре сала бұрылып кетті, көңілсіз секілді. Артынан қуып жеттім. Ту сыртынан тақалғанымды сезіп тұр екен, бұрыла сап құшақтай алды, аздап ішкен көрінеді, өксіп-өксіп жіберді. Менің де көмейіме бір түйіншек келіп тығылды. Жылап жатыр, айтып жатыр.
-Жаңағы тортөбелдің түр-тұрпаты мен шабысы Cүлікқарадан аумайды, байқадың ба?- дейді.
-Байқадым,- деймін мен де солығымды баса алмай.
-Туған інісі. Екеуі бір әке, бір шешеден тараған,- деп қайтадан өксіп жіберді. Көз алдым тұманданып, төртбақ сары баланы құшағыма қыса түстім. Сүлікқараның кісінеген даусы құлағыма келгендей болды.

04.02.2014
Бейжің


Қызыл сақа
(қаз-қалпында)

«Көксерек» фильмі.... Ауыл қараборбайларының асық ойнайтын эпизоды. Құйтақандай Құрмаштан ұтылып қалған Ұзынтұра «қараулық» жасадың деп бөлтірікті тартып алды, ақыры жанжалға ұласты........
-«Ашық», «ашық» деп тілі былдырлап жаңадан шығып келе жатқан ұлым, тайдай тулап кетті. Атамнан қалған аткөрпенің (атаңның тері сіңген, төсеніп жүр деп әжем марқұм беріп еді) үстінде жалаңбұт отырғаны ойда жоқ, серкеге ұмтылған көкпаршыдай қопаң-қопаң етеді. Күнде өзі ойнап жүрген ойыншығын теледидардан көргеніне аң-таң ау сірә..... Үйдегілер оның бұл қылығына мәз болысып жатыр, мен ноутбугымды құшақтап, келесі бөлмеге бет алдым....
Біз де талай рет көшені басымызға көтеріп асық ойнап, асыр салушы едік. Мықынын сымтемірмен мытып, өзімізше тарылтып қойған көнетоз шалбардың (ағамыздан қалған) қос қалтасын толтырып, талай мәрте масайрап қайттық. Талай мәрте ұтылып, ұнжырғамыз түсіп, ауыл балаларының тілімен айтқанда «сып-сипалам» болып та келдік. Ұзынтұра секілді ересектерден әлімжеттік көрген кезіміз де жетерлік.
Менің бір көршім болды. Өкіреш деп қоятынбыз, шын аты Самат. Бойы екі метрге жетеқабыл, қолы да сала-құлаш. Сол Өкіреш біздің ауылдағы мергеннің бірі. Біздің ауылда негізі «асықтың майын ішкен» мерген екеу. Біреуі – Украин көшесіндегі (орыс, украин ұлтының өкілдері тұратындықтан сөйтіп аталып кеткен) Петька. Петьканың шын атын әлі күнге білмейді екенмін, аты Петька болғанмен заты қазақ, әйтеуір. Өкірештің сұлбасы ебедейсіз болғанмен, асыққа келгенде епті. Бар денесімен созылып барып, шоқып атады, ал Петька жалпақ бас, қамыт аяқ, жұдырықтай бала, сақасын жер бауырлатып жібереді үнемі. Екеуі талай мәрте жекпе-жек ойнап көрді, олардың ойыны тым ұзаққа созылып кетеді. Аяғына дейін көріп отыра беруге елдің тағаты жеткен емес... Содан ауыл балалары ақылдаса келіп, бес асықтан ғана беріп тайталастырып байқады. Мұндай бәсекенің қанша мәрте болғанын білмедім, мен бесеуіне куә болыппын, соның үшеуінде Өкіреш, екеуінде Петька жеңіске жетті. Ал біз секілді шаламергендермен олар сол қолымен ойнайды. Соның өзінде шақ-шәлекейімізді шығаратын сабаздарың.....
Өкірештің үйінде өзінен басқа жалғыз әжесі ғана болатын, адуынды кемпір еді. Күйеуі соғыстан оралмапты. Сол кісінің қызынан туған бала десетін мұны. Мал дегенде сынық мүйіз тарғыл сиыры ғана бар қорасында. Жарықтық жануарды туар алдында ғана суалтады, әйтпесе қысы-жазы сауады. Бұты-бұтына шалынысып, ыңыршағы шығып жүрсе де жылда бұзаулайды. Бірақ жылдағысын тайынша кезінде кәдеге жаратып жібереді. Соғымға сояды я болмаса базарға шығарып, ақысына Өкіреш пен әжесі шырттай киініп келеді. Атам марқұм мұндайда бұлқан-талқан ашуланады.
-Мал басын өсірмейсің бе, Әшшә-ау (Өкірештің әжесін бүкіл ауыл солай атайды), жылда сойып жей бергеннен бірдеме шығады дейсің бе? Анау балаң үйленеді ертең, қалың малына да бір қара керек қой, қиналсаң маған бер, мен-ақ ақысыз-пұлсыз бағып берейін Қалағаңның (Өкірештің атасы ) әруағы үшін, - десе де әлгі кісі:
-Тә, жоғал әрі, құдайдың бергені болады, оның бетіне қарап отырғанда не табам, «жарық дүниемнің» тойына жинағаным жетеді деп теңдік бермейтін..
Біз сабақтан келе салып қора тазалап әлек болып жатқанда, Өкіреш арбасын сүйретіп көшенің басындағы құдыққа бет алар еді. Содан кешке қарай сүйретіліп келе жатқанын көресің. Осы аралықта асық ойнайды. Одан кейінгі міндеті – жалғыз сиырдың алдынан шығу. Мал өрістен қайтар қызыл іңірде кәрі-жас түгел ауыл сыртына жиналады. Үлкендер картаның қызығына түссе, бозбалалар доп қуалайды. Ал біз секілді шикіөкпелер асық ойнаймыз. Арамызда өңкиіп Өкіреш жүреді. Өкірештің менен 4 жас үлкендігі бар. Сабаққа кейде бірге шығамыз, көп сөйлемейді, тек мектепке кірер кезде бірер ауыз тілдесіп үлгереміз. Әңгімені бастайтын мен:
-Бүгін қанша сабақ? Ол басын бір қасып алып, сұраққа сұрақпен жауап қайтарады, сенде ше?
-Төрт сабақ..
-Онда мен үш сабақтан қашып шығам, интернаттың артында (интернаттың арты біздің асяқ ойнайтын алаңымыз) жолығайық. Айтпақшы қанша асық алып шықтың?
-Он...
-Жалдана алмай қалсам, бересің бе?
Өкіреш өмірі мектепке көп асық апармайды, ары кетсе төрт асық бір сақамен барады, бірақ қайтарда былғары сөмкесінің жартысын толтырып қайтады.
-Берем, дейсің. Өйткені Өкірештің ұтатыны белгілі, ол ұтып жатса өзіне жанкүйер болып отырған біз секілділерге де құдайдың бергені. Бір асығыңды екі асық қылып қайтарады. Сол себепті Өкіреш ойынға кіріскенде біз оның тілеуін тілейміз.. Өзгелер асық атар кезде ішімізден «ала мысық зу-зу», «сүп қарға, сүп қарға» деп қарғап отырамыз.
Мінекей Өкіреш атуға ыңғайланып тұр. Аңға шабар тазыдай танауы қусырылып, көзі шатынап кетіпті. Бас бармағымен сұқ саусағының арасында қызыл сақа ортекедей ойнақтайды. Шиырып-шиырып, сол қолына жиналған асықтарға «шақ» еткізіп ұрды. Бұл әдеті. Енді сала-құлаш бойымен жауар бұлттай төніп барып тігулі асықтарға қызыл сақаны сақпанның тасындай жіберіп қалады. Қызыл сақада қандыбалақ бүркіттей үнемі діттеген жеріне тигіш-ақ. Қазыл сақаның «шық» етіп тиген даусымен Өкірештің бәтеңкесінің топыраққа «қолп» етіп түскен үні қатар шығады. Осы сәтте біз де бейне бір тайымыз бәйгеден келгендей шу ете түсеміз. Біріміз жүгіріп барып шеңбер сыртына шыққан асықтарды қағып аламыз. Өйткені Өкіреш төрт асықтан артық ұстамайды. Айтпақшы өзге балалардың алақанына үшеуі әрең сиғанда, Өкірештің дәу қолына төртеуі еркін еніп кетеді. Өкірештің бір кемшілігі аяғы шамадан тыс үлкен. Әсіресе үш табан ойнағанда қиын. Сол кезде 42 размерлі етік киеді ау, шамасы, оның үш табаны, өзгелдердің бес табанына татитын. Сондықтан ол неғұрлым қатты атуға тырысатын....
Өкіреш үндемегенмен қулығы бір басына жететін бала. Ойыннан сән кете бастаса, дау тудырып жіберуі оп-оңай. Ондайда көбіне «жұппай» жасайды. Ереже бойынша асықтың бәрін алшысынан немесе тәйкесінен тігуге болмайды, олай болса жұппай болады. Асықты көріп отырған балалар ханталапайға салып талап әкетеді. Оның арты белгілі, қызылкеңірдек дау, тіпті төбелеске де ұласуы мүмкін. Біреу жұппай болған жоқ, біреу болды деп өзеурейді. Ақыры ойын тарқайды.....Өкіреш осы жұппай жасаудың шебері...
Ауылдағы асыққұмар Өкірешке әжесінің ұрысқанын көрмеппін. Өзі ғана емес өзгеге де қатты сөйлетпейтін. Алда-жалда тиісе қалғандар, Өкірешке әлімжеттік жасағандар болса сол күні-ақ Әшша әжеден сыбағасын алады. Тіпті мектеп мұғалімдері де Өкірешке батып ұрыса алмайтын. Содан болар Өкірештің оқу үлгерімі нашар. Көбейту таблицасын білмей сұрақ белгісінше бүктеліп, тұрғанын талай көргем...
-Асығымның санына жете алмай жүрмін, түстен кейін келіп санап берші, деді бір күні үйге келе жатып. Қуанып кеттім, өйткені оның асығы туралы аңыз көп ел арасында. Оның қай жерде жатқанын өзінен басқа ешкім білмейді. Құмарлығым артып барады. Әрі асығын санап берсем, ақысына бір сақасын сұрасам деген дәмем де бар. Түстен кейін шарбақтан секіріп түсіп салып ұрып бардым. Қолымда әкемнің есепшоты.
-Өй «бұғалтыр» боп кеткенсің бе деп, бір кекетіп алып, қорасына кіріп кетті. Үлкен бір қанарды мықшыңдап көтеріп шықты. Мол қазына тауып алып, соны санауға кіріскен дүниеқоңыз қарақшыдай отыра қалып жұмысыма кірістім. Сөйтсем мен де ол кезде Өкірештей сауатсыз екенмін. Кешкілік қойларды қораға қамарда бір шұбатқаннан ақ санап тастаушы едім, үш жүзден кейін шатаса бердім.. Әрі Өкіреш асығын ұрлап алатындай «дауыстап санасаңшы, бір емес екі асық лақтырып жібердің» деп, төбеңнен төніп тұрса қайбір жарытасың, діңкелеп кеттім. Ақыры менің шамамды байқады білем, үндемей келіп қанарға қайта салып алды. Мен отырмын қызыл асық, ақ асық, жасыл асықтарға жаутаңдап қарап.
-Бұлар жай асықтар ғой, сақаларым бір бөлек, бірақ олар бұдан аздау, деп қояды мұрын астынан міңгірлеп. Асығын жүзге жеткізе алмай жүрген мен пақырға бұл сөздердің қандай әсер еткенін шамалай беріңіз. Өкірештен бақытты, Өкірештен бай адам жоқ шығар деп ойладым сол кезде.
Үшінші сыныптан төртке көшкен жылы Өкірештің әжесі қайтты. Талайды көрген кейуана бас-аяғы бір апта төсек тартып жатып, ұзынсарының кезінде үзілді. Өкірештің сол кезде өкіріп жылағанын бірінші рет көрдім. Әсіресе қабір басында зарлағаны сай-сүйегіңді сырқыратады. Содан беріде тұйықталып кетті. Ашылып ештеме айтпайды, асық ойынына да баруды тоқтатты. Ас-суы көрші қолаңның мойнында. Бар ермегі тарғыл сиыр мен одан туған қасқа бұзау. Қашан көрсең жем-шөбін беріп, астын тазалап жүргені. Тарғыл сиыр бөтен адамды жолатпайтын шайпау, бастапқыда өзі сауып жүрді де кейіннен түбегейлі суалтып жіберді. Сол жылы күзге салым әжесінің жылына сойды.
Байқұс бала әбден бағыпты, ақтарылып түсті, деп келді әжем... кешкілік шай үстінде.
Жарықтық қасиетті мал екен. Әшша өлген түні мөңіреп шығып еді, бауыздар кезде қыңқ демей жатты деп, атам да қостады құдай қосқан қосағын.
Кәрі малдың еті қатты болушы еді, мына сиырдыкі құнажындікіндей былбырап тұрып пісті ғой деп әңгімеге араласты, сол жиында қазан-ошаққа бас-көз болған шешем.
Енді о дүниеде де Әшша апа тарғыл сиырын сауып ішетін болады деп, әңгіменің соңын әзілге аудармақшы болған маған үйдегілер алая қарады.
Со күні, тіпті сол бір аптада біздің үйдің ғана емес, ауылдың әңгімесі осындай болғаны анық. Екі адамның басы қосыла қалса талқыланатын тақырыптың бірі тарғыл сиырдың семіздігі мен Өкірештің өзгеше мінезі. Ауыл адамдарының жанынан шығарып, асырып айтатыны да бар, ұры алып кетпесін деп Өкіреш жанына қонады екен, бұқалар артылмасын деп құйрығына шүберек таңыпты деген қисынды-қисынсыз лепірмелер де болды. Осы лепірменің ішінде маған қиындау тигені Өкірештің екі қанар асығының тағдыры. Жұрттың сөзіне сенер болсам, Өкіреш қырманшы Келгенбайдың баласына асық апарып беріп, арпа алған-мыс. Айырбастаған, яғни. Ол арпамен тарғыл сиырды бордақылаған. Ел-жұрт «өй мына баланың қуын қара» деп басын шайқаса, менің басымды басқа ой кеулейді. Өкіреш өйтпеу керек еді ғой, өйткен күнде де екі қанар асықты түгел бере салмаған шығар. Өзімше өкпелеп те жүрдім. Маған бергенде мен-ақ атама көрсетпей қамбадан жем ұрлап берер едім ғой деген арам ойым да жоқ емес.
Бір күні қойбөлісіне ұзынды-қысқалы болып кетіп бара жатқанбыз, әдеттегіше. Жол ортасына жеткенде «мә» демесі бар ма? Есім шығып кетті. Есің шықпағанда нең қалады, Өкіреш өз қолымен атақты қызыл сақасын беріп тұр. Бұрын бір ойынға бере тұршы дегенге, мұрты бұзылады деп азарда безер болатын қызыл сақаны дәл қазір саған басы бүтін сыйға беріп тұр.
-Асықты қоямын, деп мұрын астынан міңгір етті. Қимасын алыс сапарға шығарып тұрған адамдай. Қызыл сақаны жалма-жан қалтаға сүңгітіп жібергенімді білем, неге деп сұрап үлгермедім.
-Нағашыларымның ауылына көшетін болдым, олар қалада тұрады, асық ойнайтын бала жоқ шығар онда, деп түсіндіріп жатыр. Осы жерде сұраудың сәті келді.
-Екі қанар асығыңды не істемексің?
-Оны жемге айырбастап жібергем...
Бүгінгі диалог осымен бітті. Мә керек болса, сырттай Өкірештің асығына мұрагер болып жүрген арман қиялымның тас-талқаны шықты. Бірақ бір өзі жүз асыққа татитын қызыл сақа қалтада. Осының өзі мол олжа. «Қызыл тайпақ» атанған, қошқардың шикіл сақасы үшін талай дау болған. Қалай иірсең де алшысынан түсетін, тәйке тұрғаны сирек. Оның осы бір қасиетіне күмәнданып, қорғасын құйылған деп талайлар өзеуреді. Ары-шұқып, бері шұқып, салмақтап көреді. Бірақ Өкіреш міз бақпайтын. Мұны қойшы Асқардың (совхоздың меринос қойларын бағатын) баласынан 100 асыққа айырбастап алғам, «пожалуста» 100 асыққа бәстесейік, елдің көзінше шағамыз деп тап беретін. Ондай «байлар» қайдан болсын, өзеурегендер өзді-өзі күңкілдеп барып, желі шыққан доптай басылып қалатын. Сол қызыл сақа құдайдың құдыретімен менің қолыма тиді. Ал әжесінің жылын бергесін түп нағашылары (әжесінің бауыры) келіп Өкірешті алып кетті. Өкіреш сол кеткеннен мол кетті, жолымыз қайта түйіспеді. Мен қызыл сақамен ойнап жарытпадым. Басқа бапкерге барғанда жүгірмей қоятын текті жүйрік секілді, қолыма жақпады. Өкірештің саусақтарына арнап жаралғандай үлкендеу екен. Петька қайта-қайта сұрады. Тіпті соңғысында 100 асыққа айырбаста деп жалынды. Бірақ бермедім. Есейіп, қыздарға қырындайтын жасқа келгенде әжемнің сандығына салғанмын. Бертінде студент болдық, үйлендік, үй болдық. Қызыл сақа көнетоз аткөрпемен бірге алыстағы ауылдан Астанаға жетті. Со қалпы....Балам асық атуға жарап қалды бүгінде, әсіресе қызыл сақаға құмар. Әйтеуір ол үйіргенде алшысынан түскіш....


Қамшыұстар
(әңгіме)

«-Ассалаумағалейкум!
-Уағалейкумассалам!
-Қайда барасың?
-Қамшы сапқа барамын.
-Маған да біреу...
-Жарайды.....»
Күншуақта отырған Ырысбай қария бүгіндікке осы сөзді әлденеше рет қайталады. Бармақ елідей жіңішке тобылғыны қымтып ұстаған күйі, ұзындығын әлденеше мәрте өлшеді. Барлығы алты тұтам, артық-кемі жоқ. Әрбір сөзді айтқан сайын, қолды қамшысаптың бойымен бір тұтамға жылжытып отыру керек. Жанқалтасынан бәкісін шығарып, ақырын кертіп, ен салды. Қарсы алдында жатқан шарыққа бәкісін жанып-жанып жіберіп, тобылғыны кесуге оқталды да, әлдене есіне түскендей кідіріп қалды. Қолымен көзін көлегейлеп, көшеге қарады. Немересі Толағай сабақтан келу керек еді. Қамшыны ұстайтын сол, ендеше соның қолымен өлшеу керек емес пе?! Ө-өйй алжыған басым ай деп күбірледі, қамшысапты ұзын кесіп қоя жаздаппын ғой...
-Әй! Сұлушаш! Әй Сұлушаш!
Қазан-ошақ жақта бүкшеңдеп бірдеңе істеп жатқан кемпірі «мына жазғанға не боп қалды» дегендей басын қылтитты. Бірақ үн қатқан жоқ, тек иек қағып не керек дегендей ишара жасады. Шалының қасына барып сөйлемесе, алыстан естімейтінін біледі.
-Сағат қанша болды?
Кемпірі үндеместен қазан-ошақ тұратын бастырмаға кіріп кетті. Ырысбай анау естімей қалды деп ойлаған болу керек қайта дауыстады.
-Әй! Әй Сұлушаш! Тас керең болғансың ба, сағат қанша болды деймін саған.
-Не жиналысқа барайын деп пе едің?
Бұ жолы кемпірі бой көрсеткен жоқ, тек кекесінді дауысы ошақтың мұржасынан көкке атылған көк түтінмен ілесе шықты. Бірақ ол дауыс, мұржадан шыққан күйі тоз-тозы шығып ауаға таралып жатқан түтін секілді, Ырысбайға жетпесі белгілі. Сондықтан қария дегбірсізденіп, -Әй, деп үшінші мәрте айқайлай бергені сол еді өзіне қарай жүгіріп келе жатқан Сұлушашты көріп, сөзінің жартысын жұтып қойды. Әншейінде таяғына сүйеніп әзер жүретін кемпірі алшалғышына сүріне-қабына екі бүктелген күйі еңкілдеп келеді, оң қолында көсеуі, сол қолына қалта сағатты күміс бауын салақтатқан күйі ұстап алыпты. Сырт қараған адамға Сұлушаш, Ырысбайды көсеумен салып қалуға ұмтылғандай көрінер еді. Бірақ Сұлушаштың сыры өзіне мәлім. Күншуақта отырған шалына сағатты ұстата салып, ләм деместен қайта кері жүгірді. Жүгіріп бара жатып, күңкілдеді.
- Сағатты не қылады екен тәйірі, «сағат, сағат» деп қақылдап қалыпты ғой бүгін, бір жұмысты істей қояйын десең өстіп маза бермейді ау осылар. Қазір балалар сабақтан келеді жалақтап. Ертең-ерте нәр сызбай кетіп еді, қарындары ашқан шығар байқұстардың. Кәртөшкемнің асты да күйіп кетті ме екен мынаның сағатын тасып жүргенімде. Қалта сағатты елдің шалдары жанынан тастамайды, бұл болса жоғалтып алармын деп маған келіп тықпыштайды.
Сұлушаштың күбір-сыбырының ешбірін Ырысбай естіген жоқ. -Мына кемпірге не көрінген, ары-бері безектеп деді де қойды ішінен. Күміс баулы сағатын ашып жіберіп, көзіне жақындатып бір, алыстатып және бір қарады. Он екі болып қалыпты, көшенің арғы басынан сөмке көтерген оқушылардың сұлбасы байқалады. Айзере мен Толағай да келе жатқан болар.
Жалғыз баладан туған қос немере дегенде Ырысбай мен Сұлушаштың шығарға жаны бөлек. Бетінен қақпай әлпештеп, барын алдына тосады. Екеуі, екеуін иемденіп алған. Еркелетеді, әке-шешесінің тістерін бүлдіресіз дегеніне қоймай тәтті-мәттісін тығып береді. Өздері де сүйкімді. Баладан басқа байлығы қалмаған шал мен кемпірді қылығымен баурап алған.
Ырысбай атадан жалғыз еді, құдай бұған да алты қыздың артынан бір ғана ұл сыйлады. Енді баласынан да жалғыз тұяқ қалатын секілді. Келіннің ерте белін буып қойғанына Ырысбай наразы. Жалғыз ұлы бардың шығар шықпас жаны бар деген, мансап қуып селтеңдемей немерелерімді көбейтіңдер деп ұлына да айтты, кемпірі арқылы келінге де естіртті. Бірақ бірінен нәтиже болсайшы. Әріберіден соң, ол үшеуі қосылып, мұның мазасыздануын түсінбей, мазақ қылып күлетінді шығарды.
-Нең бар, деген кемпірі кейіп. Қартайғанда сүйкіміңді кетірмей жайыңа отыр. Құдай берген балалар аман болсын!
Соңғы кезде Ырысбай да бұл тақырыпта әңгіме қозғауды қойды, дегенмен жалғыздықтың зардабын бір адамдай көрген басы, немересінің жалғыздығына қазірден алаңдайды. Ұлдың аты ұл, қыздың аты қыз. Ұл ырысың, қыз өрісің. Алты қыздың арқасында арысы Атыраудың Беріші, берісі Сыр бойындағы Төртқара , Нарынқолдың Албандарымен құдаласты. Бас құда болып алты рудың төрінде отырып, бас мүжіп, жағалы китін киді. Құдайға тәуба! Олардан туған жиендерінің өзі бір қауым ел, тіпті аттарын да ұмытып жатады сол шуылдақтардың. Жылына бір келгенде «нағашы аталап», жаны қалмайды байқұстар. Ырысбайда жиендерін жақсы көреді. Бірақ Бекқожа әулетінің түтінін түтететін, ұрпағын жалғастыратын Толағайдың орны бөлек.
Биыл Айзере үшінші сыныпқа көшті, Толағай жаңадан мектеп табалдырығын аттап отыр. Ағайын-туғанды жиып, тілашар жасады ел қатарлы. Сол тойда нағашы жұрты жиеніне тай мінгізіп еді, қазір Толағай мен атасының айналдыратын ермегі сол жирен қасқа жабағы. Екеулеп жүріп жем-шөбін береді. Астын тазалайды. Өзі желіде байланған малға ұқсайды, жуас. Толағай екі бұтының арасынан өтіп, шабын қытықтап жатса да мыңқ етпей тұра береді. Анажолы ересек балаларды шақырып, үйретіп алған. Енді Толағайдың өзіне мінгізіп, бас білдірту ғана қалды.
***
Ырысбай қария совхоз тарағанша өкіметтің қойын баққан озат шопанның бірі еді. Қарап отырса, өмірінің жартысы қыстау мен жайлау арасында өтіпті. Малды өткізіп бергеннен кейін де, жекешеге сарай алып, үйреншікті кәсібін жалғастырмақ болған. Бірақ жалғыз ұлы көнбеді. Көң ойып, қой құрттаудан жалыққан шығарсыңдар деп, төрт түлігін түгел сатқызып, аудан орталығындағы үйіне түбегейлі көшіріп келген. Келін мен баланың екеуі мұғалім. Жасынан оқу қуып кеткендікі ме, Ырысбайдың жалғызы малға қырсыздау болып өсті. Бүгінде қорасында екі сауын сиыр мен жиырма шақты саулық қана бар. Оның өзін, Ырысбайдың күштеуімен ұстап отыр.
- Ет пен сүтті сатып алған деген не сұмдық, келімді-кетімді қонақ болады үйден бата жасап, қан шығармай қалай отырамыз деп Ырысбай бой бермеп еді. Енді сол азғантай малдың қатарына жирен жабағы келіп қосылғанда Ырысбай ырыс-несібесі тасып, қорасы төрт түлікке толғандай масаттанған.
-Жарықтық қамбар ата баласы, малдың сұлтаны ғой, белдеуінде бір қылқұйрық байланып тұрмаған қазақ, қазақ па тәйірі деп шәй үстінде шіреніп әңгіме айтатынды шығарды. Совхоздың қойын өткізіп бергелі, сарайдың бір түкпірінен орын алған ертоқым мен жүгендерін шығарып, сүртіп тазалады. Тек кезінде өзі ұстаған қырғыз өрім дырау қамшы, тайға ауырлау секілді. Сондықтан сиыршы Тілеуқұлға айтып, таудан тобылғы алдыртқан. Сиыршы әкеп берген бірнеше қамшысаптың ішіндегі безі жоқ, жып-жылтырын таңдап алып, бүгін таң атқалы соны айналдырып, әлек. Толағай да сабақтан келе салып, Ырысбайды төңіректеп жүр.
-Ата не жасап жатырсыз? деген әуелгіде балалық әуестікпен.
-Қамшы жасап жатырмын.
-Қамшы деген не?
Ырысбай бұл сұрақты немересінен күтпеп еді. Жауап бермес бұрын бажайлап бетіне қарады. Шынымен де қамшыны білмейді екен-ау, балуан Бекқожаның ұрпағы, көкпаршы Ырысбайдың немересі деп кім айтады мына бір шикіөкпені. Бұл қамшының не екенін білмейді, ал болашақта мұның балалары не болады? Ырысбайдың қаны басына шапшыды. Бірақ баланың не жазығы бар. Көрсетпеген, үйретпеген үлкендер кінәлі. Қалада болса бір жөн, аудан орталығында тұрса да қазақы мәдениеттен мақұрым келін-баласына ренжіді. Әй өзіме де обал жоқ, солардың ырқына көнген, бір сарайда малымды бағып тып-тыныш отырсам маған кім қой деді. Жазғы демалысқа келгенде тайға мінгізіп, тақымын қатайтып, ағарған ішкізіп,көтен-мойын жегізіп ішегін майлап жіберіп отырғанымда осындай болар ма еді. Қалайша ескермегенбіз, жалғыз немерені шалақазақ қыла жаздаппыз ғой...Қайда қарап жүрміз?!
Ырысбай осылайша өзін-өзі іштей мүжіп отыра берер ме еді, немересі қайта сұрақ қойып үнсіздікті бұзбағанда.
-Қамшы деген қой айдайтын зат па?
-Жоқ!
Ырысбай өзінің дауысы қалай қатты шығып кеткенін байқамай қалды. Жас баланы шошытып алған жоқпын ба дегендей бірден түсін жылытып, сөзін жұмсарта қойды. Қой айдайтын зат бишік деп аталады батыр, мынау қамшы. Қазақтың әрбір жігітінің өз қамшысы болу керек. Бұл оның басты қаруы. Баяғыда қамшымен бір салып, құнан өгізді шөгеретін мықты кісілер болған. Мынау сенің қамшың. Енді жирен қасқаңды мініп, осы қамшыны ұстап тай жарысына барасың. Тайыңды бәйгеге қосасың. Өскен кезде, саған дырау қамшы жасап беремін. Ол кезде жирен тайың үлкен ат болады. Оған мініп алып, көкпар тартасың….
«Сенің қамшың болады» дегенді естігенде, баланың жүзі бал-бұл жанып сала берген.
Қамшысаптың сертіне айналған сөзді атасының үйретуі бойынша қайталап, өз қамшысының сабын, өз қолымен өлшеді. Тура алты тұтам болған тұстан тобылғы кесілді. Нәтижесінде бала білегіндей шағын ғана қамшысап шықты. Атасы өгіз терісінен иленген таспаны жіңішкелеп тіліп қойған екен, төрт өрім қылып өргенде Толағай шетін ұстап тұрды. Шал мен немересі екі жақтап жүріп, былғарыдан қамшының жүрекше пішіндес алақанын жасады, өрімді тобылғыға қайыспен шандып, шырмауығын байлады. Ең соңында қамшының бүлдіргісін таққан кезде намаздігер болған еді.
-Ата қамшым дайын болды ма? Бағанадан бері осы сәтті күтіп отырған Толағай шыдамсызданып барады.
-Сәл шыдай тұр батыр, деді Ырысбай костөмінің қалтасын жалма-жан ақтарып жатып. Анығында ол, немересінен бетер тағатсызданып отыр еді.
-Енді не істейсіз? Толағай сұраулы жүзбен атасына қарады. Бірақ Ырысбай бұл сұраққа жауап берместен, қалтасынан екі асық алып шықты.
-Мә, ұста деген немересіне қамшының сабын ұсынып, өзі әлгі қос асықты алақанына салып, өрімді бойлата жүгіртіп ысқылай бастады. Ара-арасында қолына шырт еткізіп түкіріп, сілекейімен өрімді сулап қояды. Бала атасының бұл әрекетін түсінбей дал. Соны сезгендей Ырысбай:
–Қамшының өрімін осылайша ширатпаса, болбырлау шығады балам. Уақыт өте келе тарқатылып кетуі мүмкін. Ал мынандай илеуден өткен өрім берік болады, әрі өткір келеді деді.
-Ал, Торлағай мырза!! деген келер сәтте Ырысбай көтеріңкі дауыспен. Қамшың дайын.
Осы сөзді естуі мұң екен Толағай атасы жасаған тобылғы қамшыны көз ілеспес шапшаңдықпен іліп алды. Қолына алып, ары-бері төңкерістірді. Шағын ғана бала қамшы, бәйге қамшы. Сабына қарағанда өрімі бір тұтамдай ұзын. Толағай қамшысына сүйсіне қарап, кішкентай алақанымен әрбір жерін сипалап, ұстап көрді. Бүлдіргіні қолына іліп, атқа мінгендей «шу, шулеп» құлдыраңдап шаба жөнелді. Шамасы үйдегілерге көрсетіп, мақтануға асығып барады. Ал Ырысбай үлкен бір шаруаны тындырған жандай разылықпен үсті-басын қағынып, орнынан көтерілді.
«Ақ бүрлен, қызыл бүрлен,
бүрлен бүрлен.
Бүрленді аралайды жолын білген.
Қамшысын екі бүктеп қолға ұстап,
Қызығы бұл жалғанның бойдақ жүрген» деп келетін Кененнің әйгілі әнін ыңылдап айтып, үйіне қарай беттеді. Есік алдына жете бергенде Толағай жүгіріп келіп, мойнына асыла кетті. Атасына рахмет айтқан түрі…Немересінің ыстық құшағынан бәрін сезіп тұрған Ырысбай қарияның да қуаныштан көзі жасаурап, көңілі толқып еді.
-Қамшың қолыңнан түспесін құлыным!! деп кемсеңдеп баланың орайынан иіскей берген.

05.11.2014 жыл
Бейжің

 

 

 

Азап пен Мазақ
(әңгіме)

Ескерту:
Бұл шығармадағы
оқиғалар автордың
қиялынан туған.

– Қарқ, қарқ, қарқ...
Үлкен қарағаштың басына үрім-бұтағымен ұя салып алған қарғалар бүгін таң атпай қарқылдады. Қысы-жазы мекенін өзгертпейтін жарықтықтар аса ұйымшыл. Бірі бастаса, екіншісі қоштай жөнеледі, жан-жақтан жамырап айналаны азан-қазан қылады. Бұл жолы да біразға дейін даурығып барып басылды. Қарғалардың қарқылы бәсеңсіген сәтте, ағаштың түбіне тақау орналасқан бір қабатты сұрқай үйдің ішінен іңгәлаған нәрестенің дауысы шықты. Қарғалардың қарқылдайтын жөні бар, дауыс тым зарлы еді...

***

Біз төртеу едік. Өзбектің Nexia көлігін шықпыртқанда, мерседес, вмв секілді неміс жүйріктерін шаң қаптыратын шопыр Тілеубек үйреншікті әдетіне салып, Боралдайдың тас жолымен бұрқыратып барады. Оның қасына жайғасқан телеоператор Ержан Жаңбырбай аузынан «паровоз» шығарып түтіндетіп отыр. Онсыз да экологиясы оңбай бүлінген Алматының аспанын былғай түсейін дегендей «бұрқ, бұрқ» еткізіп өршелене үрлейді. Зулаған мәшинеге қарсы соққан жел, ол түтінді артқы орындықтағы екеуге қарай айдайды. Ол екеудің бірі мен, екіншісі орыс редакциясының тілшісі Анар. Орысша жазғанмен қазақша ойлайтын Анардың аузы тыным табар емес, түтінге тұншықса да әртүрлі тақырыпқа бір шауып отыр. Түнде ұйқы қанбағандықтан Анардың алдына басымды салып мызғып алсам деген ниетпен қисайғанмын. Жақсы көңіл күйде «жолды қысқартып» бара жатқан үшеудің әңгімелеріне араласа алмай, тыңдап қана жатырмын.
Бағытымыз – Жауғашты. Иә. Иә!! Станция Шамалғанға қарасты Жауғашты деген шағын ауыл. Мұнда әйгілі әйелдер түрмесі бар, соған барамыз. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай абақты басшылығы ашық есік күнін жариялаған. Астанадан жеткен тапсырма бойынша бүгінгі кешкі жаңалықтарға репортаж беруіміз керек.
Тілеубек Nexiaның тізгінін түрменің темір қақпасына келгенде бір-ақ тартты. Қатар өскен көп теректің көлеңкесіне барып темір тұлпарын доғарды. Оның бүгінгі жарты жұмысы осымен бітті, біз түсірілім жасап шыққанша, аяқты аспанға көтеріп тастап ұйықтайды сабазың...
Көлік тоқтағанын сезсем де, Анардың тізесінен басымды алмаған күйі жатырмын. Саусақтарының ұшына жапсырып алған сүйріктей жасанды тырнағымен қолтығымнан қытықтап жібергенде бір-ақ түрегелдім. Анар тап бір еркектер түрмесіне келгендей айнасына қарап, опа далабын бетіне жағып, сыланып-сипаланып жатыр екен. Ержан сыртта жүр. Камерасын түрмеге қарай бағыттап жатқанына қарағанда, ерте жарықта түрменің жалпы көрінісін түсіріп алмақ. Керенау қозғалып далаға шықтым. Күн арқан бойы көтеріліпті. Алматының аспаны бүгін халықты табаға салған балықтай тағы бір шыжғырып алайын дегендей, әлден ыстық леп еседі. Абақтының алды адамға толы. Бейне бір, түрме емес темір жол вокзалы ма дерсің, бір-бір дорбасын арқалаған жұрт биік дуалды жағалай жосылып жүр. Бірінің анасы, бірінің баласы, енді бірінің құдай қосқан қосағы тағдырдың жазуымен осында жатыр. Сағынған көңілдің мауқын баспаққа барлығы ертелете жеткен көрінеді. Асай мүсейімізді арқалап біз де солай қарай беттедік.
***
«Жауғашты түрмесінің ресми атауы ЛА-155/ 4 әйелдерге арналған түзету мекемесі. Дәл қазір мұнда 1200 ден астам сотталушы болса, соның жиырма шақтысы 18-жасқа толмаған бойжеткен. Сол жиырма қыздың бірі Бағым. Оныншы сыныпқа көшкен жылы істі болып түрмеге қамалыпты. Биыл екінші жылға аяқ басты, кәмілеттік жасқа толмағандарға арналған оқшаулау орталығында жазасын өтеп жатыр».
Осы тұсқа Бағымның СИНХРОНЫН (сұхбаты) қоям, екінші бөлікті бүгінгі мерекелік концертпен бастаймын…
Тілеубектің нехсиясы Алматыға қарай жүйткіп келеді, ал мен бейнесюжеттің мәтінін осылайша миға теріп отырмын. Алдымен айтар сөздің барлығын ойға жинақтап алсаң жақсы, компьютер алдына барғанда іркілместен барлығын «сатырлатып» орын-орнына қоя саласың. Не жазарын білмеген журналист, жынын алдырған бақсы секілді, бір беттік дүниені бірнеше сағат езгілеп, қара терге түседі. Бүгін де баста жүйеленіп тұрған мәтінді тездетіп жазып, монтажды аяқтап, үйге ертерек қайтпаса болмайды. Мазам кетіп отыр. Бастың сақинасы ұстаған болу керек, шүйде тұстан біреу біз сұққылап жатқандай зырқыратып барады. Сонымен бірге бағанағы Бағымның аянышты тағдыры да, көңілге кірбің салды. Қасы көзі қап қара, ақборықтай әдемі қыздың түрі де, есімі де жадыда жатталып қалыпты. Сұхбат алғанда байқалды, сөзі салмақты, оқыған-тоқығаны молдау көрінді. Өзі сезімтал екен.
- Бұл жақ сенің орның бе еді, не жазығың бар? деген сауалды қалай қоярымды білмей, тыпыршып тұрғанда, айтқызбай-ақ өзі ұқты емес пе?
-Айтарлықтай қылмысым жоқ еді, қолтығымнан сүйеп, сөзімді сөйлер ешкімім болмаған соң осында келдім ғой, деп жанарын төменге салып, күрсініп еді.
Дауысы да әуезді, тәп-тәуір екен. Бүгінгі концертте орыс тілінде ана туралы ән орындағанда түрмеде отырған кексе қатындарға дейін танауларын қорс-қорс тартып, жылады емес пе? Ержан сол бір көріністі көрді ме екен, таспаға басылса бейнесюжетті әсерлі қылып шығаруға таптырмас деталь болары рас. Осылайша әрнәрсені бір ойлап келе жатқанда
– Досым, әу Досым!!! деген дауыс шықты. Ержан екен. Бағанадан бері Тілеубек екеуі көлік тақырыбында әлденені қызылкеңірдек болып талқылап келе жатқан, енді мені сөзге тартпақ. Шырпысын шырт еткізіп, темекісін тұтатып алды. Менен жауап күтпестен, сұрағын қойды.
- Жаңа.... сұхбат алған қызың кім?
- Кім болушы еді, менің класстасым ғой дейсің бе, сотталушы да...
- Білем ғой, «просто жалко» әкең...сұлу екен..
- Не ғашық боп қалдың ба, Ержик?, - деп Тілеубек күректей алақанымен Ержанның санынан салып қалды.
- Жооқ, деп Ержан даусын соза түсті бәлсініп. Оны қайтем, түрмеде отырған қызға ғашық болып жынды дейсің бе?!
- Не, сонда түрмедегілер адам емес пе? Анардың да іші пысып отырған болу керек, сөзге араласа кетті.
- Ал сен «бывший зэкке» күйеуге тиер ме едің? Ержан Анардың жанды жерінен шап беріп ұстай алды. Арасында Тілеубек бірдеме деп қыстырылысып жатыр, үшеуі тақырыптан ауытқып, түрме мен оның тұрғындары жайлы білімдерін жарыстырып кетті. Бір кезде олар алыстан орағытып келіп, әңгімені қайтадан бақытсыз Бағым қызға бұрған.
Кетік тісінен тілін жылтыңдатып алып, Ержанның бір сөйлесе тоқтамайтын әдеті. Сөзжарыс сұйыла бастаған кезде, құнжыңдап камерасын шұқылап отырған. Сөйтсек, Тілеубекке Бағымның түрін көрсетпек екен. Ақыры кассетаны ары айналдырып, бері айналдырып жатып, тапты-ау. Біз қайтуға оқталып, сыртқа беттеп бара жатқанда, Бағым бастаған бір топ жас сотталушы түрме басшылығының тапсырмасы бойынша қол бұлғап, қоштасу ишаратын жасаған еді. Әккі таспагеріміз сол сәтті түсіре қойыпты. Қолға түскен құралайдай болып, жаутаңдаған жанары аянышты еді. Сол бейнені көлікті жүргізіп бара жатып, көз қиығымен көріп үлгерген Тілеубек «туй әкең» деп арғы жамбасына аунап түсті, көлігі де тақтайдай тегіс жолда бұлтаң еткендей болды. Біз «Өй...й!! абайланы» айтып үлгермедік, ол әлденеге күйінгендей темір тұлпарын тебініп, газын гүжілдетіп басып-басып жіберді.
***

Жаз кетіп, күз келген. Ал бұл кез – тілші атаулының тіршілігі қызар шақ. Жұмысқа ерте барып, кеш қайтамыз. Бір күні түсірілімнен оралып, орныма жайғаса бергенде байқадым, компьютерімнің алдына әлдекім хат қойып кетіпті. Сыртына менің аты-жөнім қаздай тізілген әдемі қаріптермен жазылыпты. Жалма-жан ашып, оқыдым. Сол екен. Бағымнан келген хат. Бірақ көп ештеңе жазбаған, амандық-саулық сұрасыпты да қойыпты, астына түрменің мекен-жайы мен өзінің сотталушы нөмірі және аты-жөнін толық көрсетіпті. Шамасы жауап жазсын дегені болар. Сол күні жұмыстан соң, коютермен терілген бір беттік хатты, пошта жәшігіне апарып салып кеттім. Ертеңіне Атамұра баспасына барып, қазіргі заман әдебиеті сериясымен шыққан бір топ жазушының кітабын алып, қоса жібердім. Оншақты күн аралатып Бағымнан жауап келді.

Түрмеден сәлем!!!
Сіз жіберген кітаптарды алып, төбем көкке жеткендей шаттанып қалдым. Өзімді жалғыз сезінуші едім, енді менің досым бар, кітап деген. Ол досты сіз маған сыйладыңыз. Қазір Тынымбай Нұрмағамбетов деген жазушының «Бөрібайдың тұмағын ит алып қашатын қыс» деген кітабын бастап оқып жатырмын. Өте тартымды жазады екен. Оны оқыған сайын көңілім көтеріліп қалады, кей жерлерінде «мырс» етіп күліп жібергенімді байқамай қаламын. Осындай қуаныш сыйлаған сізге Алла жар болсын!!!
Аға!!! Сырласарға жан таппай торығып жүргенімде сіз кезіктіңіз. Өзім бірінші хат жолдағаныма қарап, жеңілтек екен деп ойламаңыз. Егер сіз құп көрсеңіз, сізге үнемі хат жазып, шер тарқатып тұрайын, ол хаттарға жауап бермей ақ қойсаңыз да болады. Тек айтар ақылыңыз, қандай да бір дүниеге пікір-пайымыңыз болса қуана қабылдаймын. Жұмысыңыздың қауырт екенін білемін, сондықтан уақытыңызды ұрлағым келмейді.
Сіз хатыңызда өзің туралы, отбасың жайлы білгім келеді деген едіңіз, соған жауап берейін. Аға!!! Түсінесіз бе? Бұл тақырыпта сөйлеу маған тым ауыр. Мен жалғызбын, аға!! Сенесіз бе, мен жалғызбын. Менде бірге туған бауыр тұрмақ, әке мен шеше де жоқ. Үш жасымнан балалар үйінде өстім. Кімнен туғаным беймәлім, ал қайда туғанымды жақсы білемін. Өйткені менің туу туралы куәлігімде бәрі жазылған. 1990-жылы, мамыр айының 15-жұлдызында Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылында дүниеге келіппін. Соған қарап бала күнімде барлығы , «Президенттің жерлесі», «Президенттің қызы» деп атайтын. Мен де оған кәдімгідей илансам керек, ол кісіні көгілдір экраннан көре қалсам, жүгіріп теледидардың қасына баратынмын. Ештеңені ұқпасам да, тапжылмай отырып қарайтынмын . Елбасы кейде ұзақ, кейде қысқа сөйлейді. Ұзақ сөйлеген кезде құлдыраңдап жүгіріп, кәдімгідей мәз болатынмын, ал қысқа сөйлесе көңілім толмай қоңырайып жүретін едім. Менің бұл қылығыма балалар үйінің тәрбиешілері мен тәрбиеленушілері үйренген. Олардың бірі балалық қиялымның көп ұзамай тас талқан боларын білетін, білетін де іштен тынатын. Екіншілері қызығатын. Бетіне күлімсіреп қараған жанды «әке- шешем емес пе?» деп ойлайтын тесік өкпелер көгілдір экраннан болсын папасын көретін Бағымды бақытты санайтын. Менің өтпелі бағыма қызғана қарайтын. Ал мен шынымен сенген едім.
Аға мен арманшыл адаммын, бәлкім бұған жетімдігім әсер еткен болар. Сабақ үстінде қиялыммен қалықтып, арманның аспанына ұшып кете баратынмын. Жиі түс көретінмін. Түсімде Нұрсұлтан Назарбаевпен талай мәрте жолықтым, тек өңімде жолығу жазбапты. Ол кісіге өзімнің сағынышымды айтып, әлденеше рет хат жаздым, бірақ ол хаттар жетті ме, жетпеді ме белгісіз, біріне де жауап келген жоқ. Президент мені іздемеді. Теледидарға телміріп жүріп балалар үйінде мен де бойжеттім. Елбасын көре қалсам аталап жүгіретін балалық қылығыма қысыла бастадым. Мен өсе келе ол кісі әкем емес екенін ұқтым. Оны ұққан күні жастығымды жасқа шылап, таңға жылап шыққаным есімде.
Аға!!! Cіз менің түрмеге қалай түскенімді анажолы сұхбат алған кезде де сұраған жоқсыз, маған жазған хатыңызда да ондай сөз жоқ. Шамасы мені аядыңыз, білемін. Бірақ ол сұрақ сіздің көкейіңіздің бір түкпірінде жасырын жатқанын да сеземін. Сол себепті сізге сұратпай-ақ өзім баяндап берсем деймін. Тек ол ұзақ әңгіме... Келесі хаттың еншісіне қалдырайын.
Аман болыңыз. Сәлеммен Бағым.
***
Түрмеден сәлем!!!
Барлығы қанға біткен намысқойлықтан болды аға-деп басталыпты Бағымның келесі хаты.... Басымыз балалар үйінде қосылған бес қыз дос болатынбыз. Бесеуіміз бес ұлттың өкілі болсақ та бір анадан туғандай, бірге тұрдық, бірге жүрдік. Жат қылық, жеңіл жүрістен бойымызды аулақ ұстадық. Сабақты да жақсы оқып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатынбыз. Бізде ағайын деген атымен жоқ, біз үшін достықтан ұлы дүние болмау керек, сабағымызды жақсы оқып, түбі адам боламыз, сол кезде де бір-бірімізден алшақтамауымыз керек деп талай мәрте анттастық та. Талай таңды арман-тілекпен қарсы алдық. Александр Дюманың нояндары «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген ұранды айтушы еді ғой, аға, есіңізде ме? Біз де басымыз қосылса, сөйтіп жамырайтын едік. Осы ұйымшылдықтың арқасында балалар үйінде ешкімге алдырмадық. Басқа қыздар селтеңдеп, етегімен елді разы қылып жүргенде біз қырындап, қылжақтаған жігіттерден ешкімді маңайлатқан жоқпыз. Өзімізге ортақ жазылмаған заң бар еді, соған бағындық.
Біз өзімізді «Бес жұлдыз» деп атайтынбыз. Бізді көре алмайтындар көп еді. Олар сыртымыздан «Бес қарға» деп келеке қылатын, оған пысқырып та қарамадық. Бізді күндейтін, қызғанатын.
Аға!!! Адам баласының бойындағы ең жаман қасиет қайсы десе мен ойланбастан осы қызғанышты атар едім. Меніңше, дүниедегі жаманшылық атаулының барлығында осы бір сұмырай қылықтың үлкен үлесі бар. Мені де түрмеге әкеліп тыққан осы қызғаныш.
Оныншы сыныпқа көшкен жылы, күзге салым балалар үйінде дәстүрлі «Күзгі бал» фестивалі өткен. Әдеттегідей, оқушылар арасында өнер жарысы ұйымдастырылды. Ән айтып, би билеуден алдыға жан салмай, біздің сынып бас жүлдені жеңіп алды, ал «Бес жұлдыздың» бірі Зылиха бал ханшайымы атанған. Бұл жетістік, әлдекімдердің бұрыннан бықсып жататын ішіне шоқ тастады, қызғаныштың қызыл иті абалап шыға келді.
Фестиваль аяқтала сала, кештетіп бесеуіміз мектептен жатақханаға қайтып келе жатқанбыз. Қарсы алдымыздан біреулердің қараңдаған сұлбасы көзге шалынды. Жеткен кезде таныдық, 11-сыныптың қыздары екен. Бізге сырттай тіс қайрап жүргендердің бірі осылар. Жүрегім су ете түсті, бір бәленің боларын сездім.
-Крепко держитесь, за ручку, деп ақырын сыбырлап, құрбыларыма ескерттім.
Бір-бір шылымды саусақтарына қыстырып алып, ауыздарынан көк түтінмен қоса ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан олар тура жол ортасында тұр еді. Бір қапталын ала, өте бергеніміз сол еді, шетте келе жатқан Зылиханың «мама» деген жан дауысы шықты. Не болғанын бажайлап үлгермедік, Зылиха бетін басып отыра кетті.
-«Зуля» деп ышқына айқайлап құрбыма жетіп барғанымды ,оның бетінен жып-жылы қан шапшып маған шашырағанын, әлдекімдердің тапырлай жүгірген аяқ дыбысын естідім, қалғаны шым- шытырық. Бір есімді жинағанда барлығымыз жедел жәрдем көлігімен Зылиханы ауруханаға апара жатқан едік. Қаскөйлер бетін тіліп кетіпті.
Зылиха тірі жанға жамандық ойламайтын өте таза қыз. Құрбыларымның ішіндегі ең әдемісі де, ең әлжуазы да сол еді, ауруханаға жеткенше шырқырап, жылап барды. Кезек-кезек барып құшақтап, басу айтпақ болдық, бірақ жұбатудың орнына қосыла боздаймыз. Сол түні барлығымыз ауруханаға түнедік.
Аға!!! Сіз мына өмірде әділеттілік бар деп ойлайсыз ба? Меніңше, жоқ секілді. Жалған өмірден шындық іздеп шырқырағанымыз ақымақтық болып көрінеді. Зылихаға жасалған қастық кезінде де біз әділдікті қанша іздесек те, таба алмадық. Болған жайтты полиция келіп, тергеп-тексергенмен, қылмыскерді таба алмады. Таба алмады емес, тапты, тек балалар үйінің басшылары жабулы қазан жабулы күйінде қалсын деп, кінәлілердің жазалануына мүдделі болмады. Қайтара арызданбақ болған бізге басу айтып, болар іс болды, бояуы сіңдіге салып, жақауратты.
Бір айдан соң Зылиха ауруханадан шықты. Байғұс қызды әуелгіде танымай қалдық. Өзі де ашаң жүзді еді, тіпті сылынып түсіпті. Шүмектей боп солған бетінде бармақ көлеміндей тыртық қалған. Самайынан басталып, мұрнының үстіне дейін көлденеңдей тартылған сызық тағдырдың салған таңбасындай сонадайдан көзге шалынады. Зылиханың беті жазылғанмен жүрегіндегі жара жазылмады. Өз-өзінен қорланып, сабаққа баруды тоқтатты. Ұзақты күнге бөлмесінде қамалып, жылайды да отырады. Мектеп психологтары қанша мәрте келіп сөйлесті, біз төртеуіміз күнұзаққа көңілін аулауға тырыстық, бірақ тістеніп алып, жылағаннан басқа ештеңе айтпады. Ол жылаған сайын төртеуміз төрт бұрышқа барып оған естіртпей еңкілдейміз, кек алудың жолын ойластырдық. Өйтпесек болмайтын секілді, Зылиха өзіне-өзі қол жұмсап жібере ме деп қауіптендік. Кек алып, көңілін аулау керек, қалайда.
Аға!!! Әлгінде қызғаныш туралы айттым ғой, сол сұмырай қызғанышпен аталас арсыздық деген жексұрын барын білесіз. Біздің мектептегі 11-сыныптың қыздары қызғаншақ қана емес, арсыз да екен. Полицияның құрығынан оңай құтылған соң, бізден келіп кешірім сұраудың орнына, қайта тайраңдады. Олардың ішіндегі серкесі Наташа деген орыс қыз болатын. Сол бір күні маған келіп соқтықты. Кітапханадан кештеу шығып жатақханаға кіріп бара жатқанмын, олар екінші қабаттың балконында темекі шегіп тұр екен. Әдейілеп лақтырған темекі тұқылы басымнан асып, алдыма түсті.
-Ой кешіре ғой, мен қоқыс тастайтын шелек екен деп қалдым деп, тырқылдап күлген сайқалданып... Оның тырқылына қасындағы шибөрілері қосылып жырқылдады.
Мұндай басынуға төзгенше өлген артық, қаным басыма шапшыды, екінші қабатқа жүгіріп шыққаным, ұзын тұра Наташаны кеңірдектен алғаным еміс-еміс есімде. Ал екеуміздің жұлысып, жағаласқан күйі балконнан қалай құлағанымызды білмеймін. Менің шынтағым сүріліп, тізем жарақаттанғаны болмаса, сүйегім дін аман, ал Наташаның жамбасы сынып, миы шайқалыпты. Бұл жолы мектеп басшылығы тапа-тал түсте болған төбелесті жасырып-жаба алмады. Әрі Наташа сұм кешірім бермей қасарысып отырып алды. Іс сотқа түсіп, бақандай бес жылды арқалап кете бардым.
Аға!!! Менің бар қылмыскерлік тарихым - осы. Тағдыр мені әу бастан еркелетпеп еді. Балалар үйін көрдім, енді түрменің дастарханынан дәм татып отырмын. Бірақ мойымаймын. Сізден өтінерім, мені мүсіркеп, аямаңызшы!!! Қолыңыздан келсе қайраңыз!!!! Аман болыңыз, Сәлеммен Бағым.
***

Бағымның бұл хатына не деп жауап жазарымды білмедім. Басу айтып, көңілін жұбатуды қайсар қыз қажетсініп тұрған жоқ. Сол кезде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына қарасты «Атажұрт» баспасынан «Қылмыс» романы жарыққа шығып, сатылып жатқан. Қытай түрмесінде қырық жыл отырған Қажығұмар Шабданұлының алты томдығын жаңадан оқып бітірген бетім еді. «Қолыңыздан келсе қайраңыз» деп еді ғой, оның намысын жанитын қайрақ осы болар деп, алты томды түгелдей тізіп, оған қоса өзім сүйіп тыңдайтын жыр-термелердің оншақтысын дискіге жазып, поштамен жөнелттім. Мен жіберген кітаптарды оқимын деп қолы тимей кетті ме, әлде басқалай себеп болды ма, Бағымнан екі айға дейін хабар болмады. Бұған не болды деп, кәдімгідей алаңдап жүргенімде, төртінші хат қолыма тиді. Бұл жолы өзінің көңіл-күйі мен түрмедегі жағдай туралы жазыпты.
Түрмеден сәлем!!!
Аға, соңғы күндері ұйқым келмей жүр. Кеш жатып, ерте оянам. Бүгін де күндегідей ерте тұрғаныммен, жамылғыны бауырыма қысқан күйі, дөңбекшіп біраз жаттым. Күннің көзі ешқашан көрінбейтін темір торлы терезеден болмашы жарық сығалап, таң атқанын хабарлап тұр. Көршілерімнің бірі пысылдап, бірі қорылдап алаңсыз ұйықтап жатыр. Мен ыңылдап, ән айта бастадым
-«Алдай-ау, алдай, алдай-оууу,
Дүние түбі балдай-ауу». Аға сіз жіберген дискідегі өлеңдердің ішінде осы бір терме ерекше ұнайды. Жаныма жақын. Әрбір айтқан сайын, алқымыма өксік тығылып, көзіме жас келеді. Құдды осы өлеңді ақын маған арнап шығарғандай әсер етеді.
-«Арманым алда бұлыңғыр,
Орманым ол да сылыңғыр.
Жапырақтарын жанымның-ай,
Білдірмей біреу жұлып жүр.
Өмірдің өгей пендесі,
Өлеңнің шертіп қылын бір
Өзіңді өзің жылындыр..» деп келетін тұсына келгенде шыдай алмай, көз жасына ерік беріп қоятыным бар.
Айтпақшы біздің түрменің клубында ескі домбыралар бар екен, талай жылдан бері кісінің қолы тимей шаң басып тұрған солардың қазіргі қожасы мен. Менен басқа домбыра үйренейін деген адам жоқ. Қолым босаған сәтте, клубқа барып дыңғырлатып отырғаным. Кәдімгідей сергіп қаламын.
Аға!! Жаңа жыл қарсаңында бізде тағы да ашық есік күні өтеді. Келіңіздерші, концерт болады. Қазір соған қызу дайындалып жатырмыз. Мен жаңағы термені орындасам деймін. Сізге ептеп ренжіп қалдым)))) ешбір әннің авторы мен атын жазбапсыз ғой, өзім сұрастырып жүріп әрең тауып алдым. Есенқұл Жақыпбек деген ақын екен ғой сөз иесі, орындайтын Ақан Әбдуалі деген әнші.
Қазір уақытымның көбін клубта өткізіп жүрмін. Жуан қарын бастық, концертке қатысатын сотталушының барлығын жұмыстан босатып, алаңсыз дайындалу туралы тапсырма берген. Соның арқасында сіз жіберген өлеңдерді түгел жаттап алдым , бұл тұрғыда жуан қарынға алғысым шексіз))).
Жуан қарын кім деп отырған шығарсыз, біздің түрменің бастығы ғой.... Жүргенде май бөксесі бұлтыңдап, қарыны жүкті әйелдің ішіндей салаң-салаң ете берген соң түрмедегілер сырттай, сөйтіп атайды. Біздің түрмеге былтыр ғана тағайындалды. Сүйкімсіздеу адам. Өңменнен өтердей тесірейген қызыл көзінен қорқамын соның. Гу-гу әңгімеге қарағанда, нәпсіқұмардың нақ өзі. Бұрында талай қыз келіншекті зар қақсатқан көрінеді, қазір де ыңғайға көнгендерін жайғастырып жүрген секілді.
Байқаймын мені де торуылдап жүр. Алғаш танысқанымызда қызыл көрген құзғындай ішіп-жей қараған, әлденеге тамсанғандай тамағын кенегені соншалық, өңешіндегі жұдырықтай жұтқыншағы жоғары-төмен ойнап кетіп еді. Содан кейін-ақ кәмелетке толмаған жиырма қыз жататын біздің бөлімшеге жиі келгіштейтінді шығарды, қалжыңдап әркімді сөзге тартқансиды. Оның көкейіндегіні көмейінің бүлкілінен аңғарып, бетімді бермей мен жүрмін. Алдырмаспын, аға, алаңдамаңыз.
Әрнәрсені жазып, мылжыңдап кеттім білемін, аға. Осымен хатымды аяқтайын. Жаңа жылдық мерекемізге келіңіз, күтем сізді. Сәлеммен Бағым.
***

Жауғашты түрмесіндегі жаңажылдық мерекеге баспасөз хабарламасы мен шақыру қағазы келгенмен, бара алмадым. Телеарнаның Астанадағы бас ғимаратында ресейлік мамандар аймақ тілшілеріне семинар-тренинг өткізетін болды. Қас қылғанда бір айға іссапарлап сонда кеттім. Қайтып келгенімде жұмыс үстелімнің тартпасында Бағымның бесінші хаты жатты.
Түрмеден сәлем!!!
Аға, аман-есенсіз бе? Біздің жаңажылдық мерекеміз керемет өтті. Мен Есенқұл ағаның термесін орындағанда, сотталушылар сілтідей тынып тыңдады. Әрине, сіз болмағанға кәдімгідей көңілім қоңылтақсып қалғаны рас. Дегенмен, мерекелік шараны түсіруге келген әріптесіңізден естідім, Астанаға кетіпсіз. Ат көлігіңіз аман ба? Астананы тек теледидардан ғана көргенмін. Осыдан бостандыққа шықсам, бір барып, алаңсыз қыдырсам арманым болмас еді. Ол күнде алыс емес, екі жылым бітті. Енді үш жыл шыдасам, Алла қаласа, мен де азаттық аламын, Аға!! Азаттық!!
Аға!!! Азаттық деген сөз мен үшін ең қастерлі ұғым екенін жақсы білесіз. Сым темірмен қоршалған сұрқай ғимарат, бір-біріне жылы шырай танытпайтын сұрланған адамдар менің азаттығымды ұрлап алды. Жастығымның жарқылдаған ең бір аяулы кезеңі осында өтіп жатыр. Сол өкінішті.
Дегенмен мойымаймын. Туа салып тағдыр деген қатал ұстаның көрігінде шыңдалғаннан болар, мен төзімдімін, аға. Бұл күннің де өтеріне сенемін. Болашақтан үмітім зор. Тек жүрегім әлденеден секем алады, түрмеде отырған деген қара таңбадан қалай құтыламын. Сол бір жаманат өмір бойы бетке шіркеу, аяққа оралғы бола ма деп уайымдаймын.
Бірақ уайымның тұңғиық көлдей тереңге тарта беретін қайырсыздығын жақсы білесіз, сондықтан да түрмедегі көңілсіз күннің өзін көңілді өткізуге тырысып, далбасалап жүрмін. Бос уақытта сіз берген кітаптармен сырласамын, клубқа барып, қара домбыраны тарта алмасам да, сабалап ән саламын. Кейде жансыз аспапты құшақтап еңіреп жылаймын. Ән арқылы көкейдегі шерді, жас арқылы көңілдегі кірді шайғандай боламын.
Аға!!! Біздің түрменің ішінде шағын балалар бақшасы бар. Кейде осы мекеннен жаныма жай табамын.
Абақтыда қайдағы балалар бақшасы деп отырған шығарсыз. Бастапқыда бұған мен де таңғалғанмын. Сөйтсем, емшектегі баласымен сотталатындар болады екен, немесе түрмеде жүріп босанатын әйелдер көп. Солардың ұл-қыздары осы балабақшада тәрбиеленеді. Қазір мұнда жиырма шақты бүлдіршін бар. Олар тәулігіне ана құшағында төрт сағаттай болады. Қалған уақытта күтуші қарайды. Үш жасқа толған соң туған-туыстарының қолына немесе балалар үйіне тапсырылады.
Аға!!! Білесіз бе? Маған кейде осы балабақша таныс секілді көрінеді. Есік алдында өскен үлкен қарағаш. Оның әрбір бұтағын қоныс қылып, айналасына саңғырығын шашып тұрған қарғаларына дейін көзіме жылы ұшырайды. Бір жерден көрген секілдімін, әлде түсімде көрген жерім бе, білмеймін. Ойлай-ойлай басым қатты.
Біз, кәмелеттік жасқа толмаған сотталушылар осы балабақшада кезекшілік атқарамыз. Жиырма қыз кезекпен барып, балалардың ыдыс-аяғын тазалап, кір-қоңын жуып бала күтушісіне болысамыз. Бала күтуші жергілікті қазақ, Әмина деген кісі. Жүзінен нұры төгілген әзиз жан. Жиырма жылдан бері осы мекемеде қызмет істейді екен, түрмедегілердің барлығы сыйлайды. Мен оны жақсы көремін. Ол кісі де мені қызындай еркелетеді. Кезекшілікке барған күндері екеуіміз құрбыларша сырласамыз. Әке-шеше көрмеген тұл жетімдігімді естіген кезде Әмина апай, мені бауырына қысып, солқылдап тұрып жылап еді. Ол кісі менің анам секілді.
Аға!!! Мен баланы жақсы көремін. Келешекте тұрмыс құрсам, көп балалы ана болғым келеді. Бала деген періштедей таза ғой. Көңілімді кір басқан сәтте балалармен барып ойнасам, кәдімгідей тазаланып қаламын. Сондықтан балалар үйіне барғым келеді де тұрады. Келесі кезегім жеткенше тағатым таусылады. Тіпті біреулердің орнына кезекшілік атқаруға қуана-қуана келісімін.
Аға!!! Менің қазір төрт құрбымнан бөлек екі жақын адамым бар. Бірі Әмина апай, бірі СІЗ. Мен ол кісіден аналық махабатты сезінсем, сізден ағалық жылуды байқаймын. Аман болыңыз. Сәлеммен Бағым.
***

Бұл хаттан кейін Бағыммен арадағы байланыс екі айдай үзіліп қалды. Мен де жауап жазбадым, ол жақтан да хабар болмады. Тек сегізінші наурыз халықаралық әйелдер мерекесіне орай Жауғашты түрмесі тағы да ашық есік күнін өткізеді деген хабарлама жіберіпті. Басшылықтың қайта-қайта көрсете береміз бе деген қарсылығына көнбей, Ержанды ертіп тартып отырдым.
Біз барғанда сотталушылардың барлығы сапта тұр екен. Көзіммен Бағымды іздедім. Көп қарғаның ішіндегі аққудай болып, бірінші қатардан орын алыпты. Шашын қиып тастапты. Бірақ сонда да көркін жоғалтпаған. Сотталушыларға туған-туыстарымен кездесуге рұхсат берілгенде, сонадайдан жүгіріп келіп мойныма асыла кетті. Құдды ағасына еркелеген қарындас секілді. Бізбен бірге барған өзге газет-журнал, телеарна журналистерінің көздері шаранадай болып маған қарап қалған. Барлығы мен жаққа иек қағып қойып, Ержаннан әлденені жыбырлап сұрап жатыр. Олардың нені қазбалап жатқаны белгілі, Бағым екеуміз көптен тасалана бердік. Біз кетер-кеткенше бірге болдық. Армансыз сырласып, шер тарқаттық.
Айтпақшы, сол күні Жуан қарынмен танысудың сәті түсті. Бөлмесіне барып, сұхбат алып, бір сағаттай әңгімелестік. Тура Бағым суреттегендей адам екен. Ұлты қапқаздық көрінеді. Журналистер деп бізге жалпақтап, жағдайымызды жасап бәйек қаққанмен, ұр да жық мінезі түр әлпетіненен байқалып тұрды.
Алматыдағы заң академиясын бітіргелі қылмыстық атқару жүйесінде қызмет етіп келеді екен. Жауғаштыға былтыр ғана бастық болып тағайындалғанмен, бұған дейін де бір рет келген жері. Осыдан жиырма жылдай бұрын түрме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып екі жыл жұмыс істеп, басқа облысқа жегіліпті. Үкіметтегі құқықтық реформа кезіндегі кадрлық ауыс-түйісті пайдаланып, үйреншікті жеріме жіберіңдер деп, Жауғашты түрмесін жалынып-жалпайып сұрап алғанын ағынан жарылып отырып айтып қойды.
-Әйелдерді жақсы көретін болдыңыз ғой... деген қағытпа-қалжыңыма, қапелімде не дерін білмей қалды. Ұялған тек тұрмастың керімен қарқылдап күліп, жуып-шайғансыды.
Кетерімде Бағым туралы айттым, қарындасым еді, көзқырын салып жүрсеңіз деген өтініш жасадым. Жуанқарынды бөлмесіне іздеп барып, сұхбат алуымның да басты себебі сол болатын.
-Жарайды, жарайды, уайымдамаңыз, деп жалпақ қақты. Бірақ оның барлығы шығарып салма жауап екені анық еді. Содан кейін-ақ Жауғашты түрмесіндегі түрлі мерекелік шараларға біздің телеарна тілшілері шақырылмайтын болды. Бұл әлгі кездесудің берген жемісі еді.
***
Мамыр айының ортасы болатын. Бірінші мамырдан бастап, тоғызыншы мамыр жеңіс күніне дейін жалғасатын іркес-тіркес мереке-думандар аяқталып, күнделікті тірлік өз ырғағына қайта түскен шақ. Бағымнан хат келіпті. Шиыршық атып отырып жазғаны бірінші сөзінен ақ байқалып тұр.
Аға!!! Мен туған жеріме келіппін, деп басталған хатты, аяғына дейін оқып шыққанша қара терге түстім.
Түрмеден сәлем!!!
Аға!! Мен туған жеріме келіппін. Өмірде адам иланғысыз дүниелер көп болады екен. Сізге айтып едім ғой, маған түрмедегі балабақша біртүрлі таныстау, бұрын көрген жерім секілді деп... Өкініштісі мен бұл жерді көріп қана қоймай, үш жасыма дейін осында өскен екенмін. Осы жерде туыппын.
Иә, иә!!! Аға!!! Мына қарындасыңыз жарық дүниеге келе салып, темір торға қамалған бейбақ болып шықты. Мен бүгін өзімнің үш жастағы суретімді және анамның суретін көрдім, сенесіз бе Аға!!!
Аға!! Мен дәл қазір жылап отырмын. Сіздің де көзіңізге жас келгенін сезіп тұрмын, өйткені сіз жақсы адамсыз. Мен адам танимын аға, жуан қарынды жексұрын деп едім ғой, ол шынымен де жексұрын болып шықты. Ең сұмдығы сол жексұрын менің әкем екен.
Аға!!! Не дейін сізге, сол менің әкем екен. Құдайдың маған берген ең ауыр жазасы осы деп білем, менің бойымда талай әйелді қан қақсатқан кәззаптың қаны ағып жатыр. Мен өмірге азап көру үшін келгенмін деп ойлайтынмын, сөйтсем оным бекер екен, мен өмірге мазақ болу үшін келгенімді сезініп отырмын.
Аға!!! Өзімнің басымдағы трагедияны айтып сізді де әуре сарсаңға салғанымды түсінемін. Бірақ осындайда тағдыр иесі барын біреу болмаса біреу білу керек, сондықтан қолыма қалам алып сізге соңғы хатымды жазып отырмын. Барлығын басынан баяндайын сізге.
Осы аптадағы балабақша кезекшілігін тағатсыздана тостым. Әмина апайды сағындым ба, әлде балаларға бауыр басып қалдым ба, әйтеуір межелі күні ертеңмен балабақшаға асықтым. Әмина апай әдеттегідей, балаларға ботқа пісіріп жатыр екен. Бір-бір керуетте пысылдап ұйықтап жатқан бейкүнә сәбилерді оятып алмайын деп, аяғымның ұшымен басып, асханаға өте бергенде байқадым, тоңазытқыштың үстінде бір құшақ гүл мен торт тұр екен. Қасында құттықтау хаты тігінен қойылыпты. Бұл кімге болды екен деген әуестікпен көз қиығымды сала бергенім сол еді, ту сыртымнан әлдекім құшақтай алды. Есім шығып кетті. Сөйтсем Әмина апайым екен. Бетімнен сүйіп жатыр. Сонда ғана бүгін туған күнім екені есіме түсті. Мектепте жүргенде құрбыларымның елеп-ескергені болмаса, бұл өмірде бөтен біреуден сыйлық алып көрмеппін. Шын қуандым.
Өмірімнің он сегізінші көктемін осылайша Әмина апай екеуміз балалармен бірге улап-шулап атап өттік. Әмина апай сол күні өзі туралы көп әңгімелер айтты. Отбасылық альбомын ала келіпті, бала-шағасы мен жұмыс барысында түскен фотоларын көрсетті. Мен өзімді осы фотолардың ішінен тауып алдым.
Аға!! Сенесіз бе, альбомды парақтап отырып, Әмина апай, мынау менің қырық жастағы кезім деп бір суретті көрсетті. Екі-үш жастар шамасындағы бір қыз баланы құшақтап отыр екен. Астында Әмина мен Бағым, Жауғашты 1993-жыл деген жазу бар. Мен –апай сіздің қыздың есімі де Бағым ба, неге айтпағансыз деп айқай салыппын қуанышты үнмен.
-Жоқ, осы балабақшада туған қыз болатын. Кейіннен Семейдегі балалар үйіне өткізіп жіберді деді. Мынау сол қызды шығарып салар кезде түскен суретім. Байқұс бала еліктің лағындай сүп-сүйкімді еді, қайда жүр екен қазір.....деп басқа суреттерге қарай ойыспаққа ыңғайланып, албомның келісі бетін парақтады.
Ал Семейдегі балалар үйі дегенде мен селк ете қалдым, өйткені менде сол жерде өсіп едім. Жалма-жан апайдың қолынан альбомды жұлып алып, жынды адамша парақтарды сапырылыстырып әлгі бетті іздеп жатырмын. Менің оқыс қылығыма таңданған Әмина апай ештеңе түсінбей дал. Ол кісінің қасымда барын ұмытқан секілдімін. Суретті тапқан бетте, әлгі қызға тесіле қарап қалыппын. Бір кезде атып тұрып өзімнің жатағыма жүгірдім.
Киім салатын қобдишамның түбіндегі суреттерді ақтарып жатып, бала күнімде түскен екі-үш суретімді жұмарлай ұстаған күйі қайта балабақшаға қарай безектедім. Аяғым жерге тиер емес, келсем Әмина апай сол орнынан қозғалмай отыр екен. Альбомның бағанағы беті ашық тұр. Қолына тағы бір ескі фотоны ұстап алыпты. Мен оған қарағам жоқ, дереу екі суретті салыстырдым. Нақ өзі. Әмина апаймен түскен сурет пен балалар үйіне барғандағы суреттің уақыт аралығы шамалас, киімдері ғана басқа. Екі суреттегі қыз бір адам.
Бетімді басып өкіре төсекке құладым. Әмина апай бәрін түсінді, мені жұбатуға асыққан жоқ. Сілем қатқанша жыладым, басымды көтергенде барып, ол кісі құшағына қысты. Құлынымдап отырып болған жайтты баяндады.
Әлгінде қолына ұстап отырған суреттегі, менің анам екен аға. Мені балалар үйіне өткізгеннен кейін түрмеде бес жыл отырыпты байқұс шешем. Кейіннен бостандыққа шыққан. Одан арғысынан бейхабар.
Әмина апайдың айтуынша бір мекеменің есепшісі болған екен, бастықтары ірі көлемде ақша жеп, ақыры бастығымен қоса ол да сотталған.
-Мені неге балалар үйіне өткізді, неге туыстарына жібермеді деп, жаналқымнан алғанымда естіген жауабым тіпті сорақы.
-Ол сені тастағысы келмеді деді Әмина апай. Бірақ күйеуінен қорықты. Екі ұлым, жақсы жерде қызмет істейтін жолдасым бар деп отыратын. Түрмеде жүріп, біреуден туып алғанымды кешірмес деп қорықты.
-Неге? дедім булығып, сондағы естігенім жоғарыдағыдай, анам маған түрмеде жүріп жүкті болыпты. Ал әкем Жуан қарын екен. Әмина апайдың айтуынша ана зәлім, сымбатты келіншекті торға түсіру үшін барлық айла-шарғыны жасапты. Түрменің бұзық қатындарына көкала қойдай қылып сабатып, қорқытып- үркітіп, бопсалап күн көрсетпепті. Ақыры дегеніне жеткен.
Аға!!! Ана жолы сіз маған «Қылмыс» деген алты томдық роман жібердіңіз ғой. Алғашқы үш томын енді бітірдім. Сол шығарма, бас кейіпкер Биғабылдың «Менің өмірге келуімнің өзі қылмыс» деген сөзімен басталмаушы ма еді. Сол секілді менің де өмірге келуім қылмыс екен. Менің әкем мен шешем біреу: ол-қылмыс.
Аға!!! Көріп отырсыз менің жер басып жүруге ешбір құқығым жоқ. Қош болыңыз!!! Бірақ есіңізде болсын, мен лас жерде өмірге келсем де, мен пәкпін.
Мәңгілік өмірде сізді күтем!!! Сәлеммен Бағым.
***
Бұл хатты маған таңертең әкеліп беріп еді. Бірден не істерімді білмей дағдарып қалдым. Түрме деген музей емес, жабық мекеме, баса-көктеп кіре алмайсың. Не істеу керек?
Прокуратураға хабарласып болған жайтты айттым. Олар арыз жазыңыз, көреміз, тексереміз деп сиырқұймышақтатты. Мұның жуықмаңда шешілетін шаруа еместігін білген соң, қулыққа бастым.
“Жауғаштыдағы сотталған әйелдер бос уақытында немен айналысады» деген тақырыпта репортаж түсіруге рұхсат беріңіздер деп Әділет министрлігіне хат жолдадым. Ол хаттың артынан оншақты адамға қоңырау шалынды, таныс-тамырды салдық. Бірақ ешбірінің әлі келмеді.
Еститін жауабымыз біреу, қазір түрмеде бір айлық карантин жарияланған, барыс-келіс шектелген. Ақыры әупірімдеп жүріп екінші айдың ортасында ғана қарғыс атқан мекенге кіруге рұхсат алдық. Таң азанмен өзбектің Nexiaсына мінгесіп жолға шықтық. Бұ жолы да баяғы төртеуіміз. Бар әңгімені естіген үшеуі менен бетер, ширығып отыр. Бағым тірі болса, бүкіл БАҚты (Бұқаралық Ақпарат Құралдары) шулатып, суырып алып шығамыз деп Анар тіпті белсеніп алған.
Бірақ амал нешік бәрінен кешігіппіз. Бағым да , Жуан қарын бастық та жоқ. Әркімнен бір сыр тартқанымызбен, ешкім ештеңе айтпайды, сөзге сараң. Бар білгеніміз, Жуан қарын бір ай бұрын жүрегі тоқтап қайтыс болған-мыс. Орнына жаңадан бастық келген. Біз барған күні ол да Талдықорғанға жиналысқа кетіпті.
Өтірік түсірілім жасағансып, Бағым туралы ақпарат іздеп сандалып жүргенде бала күтуші есіме сап ете түскені бар емес пе, дереу балабақшаны түсірсек деген ниет таныттық. Ешкім қарсы болмады. Қасымызға қосақтап берген түрме қызметкерінің көзін ала бере, Әмина апайды оңашалап алып кеттім. Бағымның соңғы хатын көрсетіп, қайда екенін сұрадым. Ол кісі жауап берудің орнына, бұрылып кетіп қалды. Бір айналып келіп, бір сөмке кітапты (Бағымға өзім жіберген кітаптар) қолыма ұстатып жатып, тілімдей қағазды саусағыма қыстырып кетті.
Бүктеуін жазып жіберіп, қарасам, «Ол өлді, ананы да өлтірді. Екеуін бір төсекте қызыл ала-қан болып жатқан жерінен тауып алдық... » деген екі-ақ ауыз сөз жазыпты. Негізі мұндай қаралы хабарға дайын едім, көңіл босаса да, көзден жас шығармауға тырыстым. Ине жұтқан тазыдай үшеуміз де ілбіп басып қақпаға беттедік. Өмірді темір тордың ішінде бастап, тап сол жерде аяқтаған бейшара қызға қорған бола алмағаныма қапалымын. Мені қолтықтап алған Анардың «пыс-пыс» етіп танауын тартқыштағанына қарағанда, жылап келеді. Қарағаштың тұсынан өте бергенде, осы қапастағы небір сұмдыққа куәгер қара қарғалар қарқылдай жөнелді.
-«Қарқ, қарқ, қарқ»......
Темір тордың арғы жағындағы балабақшадан әлдебір нәрестенің шырқыраған даусы естілді. Қарғалар қайтадан өршеленіп шулай бастады. Туа сала түрменің ауасын жұтқан адамзат баласын тап бір табалап, мазақтап жатқандай...қарқылдады.
26.10.2014 жыл
Бейжің

 

Кутуз
(хикая)

Бұл бекетке пойыз небәрі бес минут аялдайды. Бес минутта түсетіндер түсіп, мінетіндер мініп үлгеру керек. Сондықтан отарба солығын баспастан жележортып кеткенше кіреберіс есікте кептеліс болады. Түсетін оншақты адам мен мінетін оншақты адам отарбаның қуықтай дәлізінде кеуде соғыстырып, кейде сөз қағыстырып, жұдырықтаспаса да тілмен сыбасып қалатыны бар. Темір жолдағы тіршілікті түгел уысына ұстаған монополист компанияның қозғалыс кестесінен жіберген ақаулығының салдарынан жолаушылар осылайша ойламаған жерден жүйкесін жұқартады. Бірақ бес минуттан соң бірі мінгеніне, бірі аман есен түскеніне шүкірлік айтып, әлгі қарбалас мезетте ұмыталады.
Білдей бір ауданның орталығы саналатын бекетке Алматы - Қостанай пойызы түннің бір уағында жетеді екен. Екі ұлдың бірін көтеріп, бірін жетелеп, бір-бір сөмкемізді сүйрете, итерісіп, соқтығыса жүріп әйеліміз екеуміз әзер шықтық далаға. Ай сүттай жарық. Перронның арғы бетінде қаздай тізіліп бірнеше көлік тұр. Шамасы таксишілер. Расымен де біз жақындай бере орта жастағы дембелше кісі алдымыздан елпең қағып шыға келді.
-Балалар қайда барасыңдар?
-Кутуздың үй жағына.
Таксиші таңғалған кейіпте бетіме қарады.
-Кутуз деген кісінің үйінің қасындағы қызыл шатырлы үйге барамыз дедім. Әлгінде телефон арқылы нағашым тура солай түсіндірген. Дәлме-дәл қайталадым. Әйелім үлкен кісімен ойнағаның не дегендей қызарақтап, бүйірімнен бір түртіп өтті.
-Аға жаңадан салынған мектеп жақта тұратын Қондыбай деген кісінің үйіне барамыз деп білгенінше түсіндіргенсіді. Таксиші жо...жоқ мен түсініп тұрмын, Кутуздың үйін білем ғой, тек мына бір бала өзіміздің ауылдың баласы ма жоқ сырттыкі ме, бір жерден көрген адамым секілді шырамытып тұрғаным, отырыңдар кеттік деп көлігін оталдырды. Көлігі қаражолға түскен соң айнасы арқылы көз қиығын бір тастап жөн сұрады. Нағашымыздың үйіне бара жатқанымызды, бұрын ол кісі ауылда тұрып қазір осы аудан орталығына көшіп келіп, жаңадан үй салғанын, ол үйі жаңадан бой көтерген ықшам ауданда екенін, үйдің нөмері тұрмақ көшенің аты жоқ екенін, қалжыңбас нағашымның сұрағандарға Кутуздың үйінің қасында тұрамын деп түсіндіретінін екі жақтап айтып бердік. Артынша келесі сұрақты біз қойдық; «Кутуз деген кім?».
Көлік іші қаракүңгірт болғанмен таксишінің миығынан күлгені байқалды. Дегенмен мандытып ештеме айтпады. Алде біз сұраған кісі туралы білері аз, әлде сақтық танытты. Осындағы мықты бір ағамыз ғой деді де қойды. Әңгіме ширатыла қоймаған соң, орындықты ыңғайлап алып шалқамнан жатқам. Көзім ілініп барады екен,мына жол белгілерін білесің бе деген дауыстан оянып кеттім. Басымды көтеріп қарасам жол жиегінде «жүк көліктері жүруге болмайды» деген баған тұр, одан бес алты қадам жерде «жылдамдықты жиырмадан асырма» деген тағы бірі көрінді.
-Бұл жерде мектеп, балабақша немесе әскери бөлім секілді маңызды бір мекеме бар болғаны ғой дедім таксишінің сұрағын жауапсыз қалдырмайын деп.
-Жоооқ, деді дауысын созып. Әлгі өзің айтқан Кутуздың үйі бар. Әне өзі де отыр қосаяқ құсап, қылтиып....Таксишінің әне деп иек қаққан жағына жалт қарап едім, ақшыл түсті киінген бір адамның сұлбасы байқалды. Қараңғыда түрі анық көрінбеді.
-Анау тұсқа бейнекамера орнатып қойған, жиырмадан асырып, есік алдынан шаңдатып өтсең бәлеге қаласың, «гаишниктер» қуып жүріп ыштрап салады деп таксиші ішіне сыймаған ренішін сыртқа шығарды. Терезеге үңіліп отырған мен бұрылып Кутуз деген кім сонда деп тағы сұрамаққа оқталдым. Бірақ үлгермедім, көлігіміз көк қақпаның алдына келіп тоқтады. Нағашымның үйі осы екен.
.............................
Нағашым еңгезердей қара кісі. Кезінде құрық ұстап, қылқұйрық мінген жылқышы болған. Атшабыс, көкпар десе ішкен асын жерге қоятын қызба. Қазір де қысы-жазы желісінен құлын, күбісінен қымыз үзілген емес. Біз барғанда немелерін кезекке тұрғызып күбі пістіріп жатыр екен. Баламды құшақтап көліктен түскенім сол еді теңселе басып келіп құшақтай алды, құшағына баламмен қоса сүңгідім де кеттім. Ас дайын болғанша ауыл аймақтың амандығын сұрасып, бала шағаның қылығын қызықтап, реті келгенде нағашылы-жиенді боп қалжыңдасып отырдық, ет желініп, шай ішілген соң әңгіменің өрісі ұзара қоймады. Жолсоқты боп келгендікі ме жеңгемнің берген жастығын бауырға қысқан күйі қалғып кетіппін. Ертеңіне күн көтеріле бір-ақ ояндым. Менен басқасы тегіс тұрып алған секілді. Далада дабырлаған дауыстар естіледі. Сыртқа шықтым. Жеңгем бие сауып, нағашым құлын тартып біздің сарыбастар, ауылдың қараборбайларымен қосылып құлындардың құйрық жалын сипалап мәре-сәре боп жатыр екен. Керенау қозғалып келе жатқан мені нағашым бір қағытқысы келіп-ақ тұр, мұрты жыбырлап бірдеңе деуге дайындалды. Айтқандай «түске дейін ұйықтадың ғой тегі, қора күзеткендей. Әкең жақсы болса қалай тартпас едің, әкпем болмаса сенің жаман әкең аштан өлер еді» деп барлығына естірте гүрілдеп, артынша өз сөзіне өзі шиқылдап күліп алды. Енді байқадым желі басында мен танымайтын бөтен бір кісі отыр екен. Орта бойлы, көзінде күнқағар көзілдірік, басында ақ кепка. Мен жақындағанда орнынан тұрып көшеге қарай жүрді. Қарама-қарсы жолығудан қашқандай жылдам басып барады. Ауыл қазақтарынша сонадайдан «ассалаумағалайкум» деп қолымды ала жүгіріп едім, «сәлеметпе қарағым» деп саусағының ұшын ұстата қойды. Алақанымнан ауру жұғып кететіндей лезде тартып алып, өте шықты қасымнан. Бұл неткен паңдық, Астананың көк тіреген үйлерінен, кеудесі онан да биік, төбесімен көк тіреген адамдарынан жалығып келгенде ауылда тағы тәкаппарлықты жолықтырам деп кім ойлаған. Бұның кім дегендей нағашыма бұрылып ем, иегімен көрші тұрған қос қабатты ақ үйді ымдады. Түсіндім. Кутуз деген осы екен.
-Сенің кім екеніңді білмекке келді, деді жақындағанымда.
-Ойбай менде несі бар.Напалеон емеспін ғой....
-Нәпалөн бол, болма бәрібір. Қай күні, сағат қаншада, қандай мәшинемен келдің, неғылған адамсың бәрін киіз кітабына тіркеп қояды. Онысына үйренгенбіз, сауысқаннан сақ пәлекетің. Бірақ бізге еш зияны жоқ, жаулары көп қой байқұстың деп нағашым қолыма жарты шелек саумалды ұстата салды.
-Ауызға үйге апарып қой, қазір барам. Соқырдың әңгімесін сосын айтам саған деді.
-Өзін шайға шақырсаңызшы, танысайық, білісейік. Әңгімесін өз аузынан естиік
- Өй қой, ол үйде адам бар кезде басын кесіп алсаңда келмейді, ешкім жоқта келеді шпион құсап. Келгенмен сенімен сөйлеспейді деп нағашым биелеріне қарай беттеп кетті.
...............................
Әй, жөрналіс жиен, әлгі жазып алатын микропоның (диктофон дегені) болса қос, бұл ұзақ әңгіме, андағы шүйкедей басыңа қайсыбірін сақтаймын дейсің деп нағашым әңгімесін айтпастан шаптан тағы бір түртіп өтті. Жеңешем саған жақсы болды ғой, сөзіңді тыңдайтын адам таппай жарылғалы жүр едің дегендей құдай қосқан қосағына әжім шалса да әрі таймаған көзін бір төңкере қарады.
Біз құрдаспыз, бір класта оқыдық деп бастады нағашым сөзін. Екеуміз де қырық бірінші жылғымыз. Соғыс шақыра келген сорлымыз ғой мінезіміздің жетісіп тұрғаны шамалы. Бірақ мынаның жындылығы алабөтен. Өйткені бұл тура соғыс басталған кезде туған бейбақ.
-Қалай? деппін аузыма апара берген кесені қайта жерге қойып.
-Қалай болса солай. 1941жылы, 22июньде таңғы сағат төртте неміс фашистері совет өкіметіне басып кірді ме?
-Кірді.... дедім сәл кідіріп барып.
-Кірсе, дәл сол кезде мына пәтшағар өмірге келген. Нөл-нөл минутына дейін сәйкес келеді. Сенбесең паспортын қара, өтірік айтсам бар малымды талап әкет. Шешем марқұм айтып отыратын Күлдәріні босандырып, шығып келе жатқанымызда Тәшен молда азан шақырып жатқан деп....
Нағашым мен бірдеме дей ме деп көзінің астымен қарап, сәл үзіліс жасады. Бірақ бұ жолы ол кісінің әсірелеп жатқанын ішім сезсе де шамдандырып алармын деп үндемедім. Менен қарымта болмаған соң жаңадан басталған әңгіменің соқпағына қайта түсті.
-Көзі бір жасынан соқыр. Бесікте жатқан кезінде сол жақ жанарын кірпі сорып кетіпті. Шын аты Әскербек, Кутузов дегенді мектепте жүргенде ана Келгенбай жынды қойған. Бұрын Кутузов деуші едік. Қазір ғой «овы» түсіп қалған.
-Қазақшалағансыздар ғой, деп қосамжарласа кеттім.
-Иә солай, расын айту керек сабақты екеуміз де қарық қылғанымыз жоқ. Сөмкесіне көмбеш нан салып әкелетін, соны кеміріп отыратынбыз. Орта класты бітірген соң мен аттың жалына жармасып жылқы бақтым қырық жыл, бұл тыртылдатып трактор айдады. Кешегі колхоз тарағанша май-май болып тракторын айналдыратын да жүретін. Арақты да әкесін танытып ішті. Талай рет бірге іштік, талай рет мас боп жатқан жерінен үйіне сүйреп апарғам, кластасым болған соң аздап ет пен құрт-майымды да беріп тұрдым. Сенбесең қазір барып сұра деп нағашым қолын сермеп екілене қалды. ....
-Ойбай оны сұрап қайтем, айта бер әңгімеңді.
-Бертінде колхоз тараған тұста ғой мұның атқа мініп атағы шыққаны. Атағын шығарған өзге емес осы өкімет адамдарының өздері. Совхоз тараған жылдары бұл байқұс көк трактормен тыным тапқан жоқ. Соқасын сүйретіп елдің жерін жыртады, телешкесімен тезегін тасып береді, жалданып топырақ, құм, шөп тартады, жұрттың берген ақшасын алып, құйған арағын ішіп едәуір тіршілік қылды. Бәрімізде сол жылдары қатты қиналдық емес пе, әйтеуір қоңыз теріп кеткен жоқпыз соған тәуба. Қойшылар бір қозыны екі шөлмек араққа сатқан сол жылдары емес пе? деп нағашым жеңгеме қарады. Ол, «е, жоға, одан кейін-ау, ол кезде қара биеміз бар емес пе» деуі мұң екен нағашым тақырыптан ауытқып кетті. Күректей алақанын жайып жіберіп, теректей саусақтарын бүгіп қара биесін қасқыр тартқан кезден бастап жыл санады. Әйелі де қояр емес, әлденелерді айтып. Екеуі сол бойы салғыласып отыра берер ме еді, «содан?» дедім шыдай алмай.
-Өй мынауда менен өткен су ми болыпты ғой, қойшы құрсын деп бар кінәні кемпіріне аудара салып, қайта кірісті әңгімеге. Содан не болсын, жекешелендіру, бартер, пай деген пәлелер шыққан жоқ па? Колхоздың жиырма мың қойы, менің алдымдағы бес жүз жылқы, бәленбай сиыр, трактор, комбайн барлығы осы бартердің талқанына айналды. Өрістегі жыбырлаған мал, алқаптағы қыбырлаған техниканы сатып ақшаға кенеліп жатқан колхоз бастықтары енді не қалды жейтін дегендей көзін төңірекке сүзеді ғой. Елубайдың К-700ты жүрмей тұр екен, қорасында қаңтарылып, соны алады, соқыр екен деп бұған тиіспей қоя ма? Тыртылдақ тракторыңды бер дейді ғой. Бұл бермеймін деп тыртаңдайды. Ары ырғасады, бері ырғасады. Бұлда қырсық, дәніккеннен құныққан жаман, ақшаға құныққан ана қулар да қоймайды. Олар оқыған бәле емес пе, бір күні амалын табады ғой деп нағашым, алдындағы кесесін бір төңкеріп тастады.
Ат үстінде келе жатқандай ырғалып алып, Алмасбек деген брагадир болды деп сөзін сабақтады. Бір аяғын сылтып басатын, ел ақсақ Алмасбек деп атайтын. Сол бір күні Үшсарайдан шөп жеткізіп бер, ақысын төлеймін деп жата кеп жабысады. Бұл байқұста арам ой жоқ, барады, екі телешкіге шөпті ыңқитып тиейді әлгілер, бұның көзін ала бере бірі трактордың дөңгелегін жарып кетеді. Содан не керек, жолға шығайын десе дөңгелекте жел жоқ. Біз тыққанға ұқсайды, ештеме байқалмайды. Ол кезде қазіргідей сотыбый болсайшы, біреуге збандап запаскыны алдыратын. Ары айналшықтайды, бері айналшықтайды, ақыры кім алар дейсің, ертең басқа дөңгелек алып келермін деп тракторын тастап ауылға аналардың мәшинесімен тартады ғой. Ертеңіне Келгенбай екеуі үйінен запаскасын алып барса, телешкі шөбімен тұр, трактор жоқ. Сеніңше қайда кетті?
-Менен сұрап тұрсыз ба?
-Енді кімнен сұрап тұрмын
-Білмеймін
-Сен осы әкең екеуің не білуші едіңдер деп Жетісуда жатқан жездесіне бір соқтыққан нағашым, желкесін қасып алып қайта бастады әңгімесін. Әлгі көк трактордың көтіне түскен қулар алып кетті емес пе? Бұл боғын пышақтап ары шабады, бері шабады. Таппайды. Қарда ізі қалыпты, камазға тиеп кеткен. Милиция шақырады. Олар не қылсын, ары бері әурелегеннен басқа түк бітірмейді. Содан бұл Алмасбекке барады. Сен алдың деп, ол бұны боқтап-боқтап қуып шығады. Дерегдірге кіреді, одан да қайыр жоқ. Құмалақ аштырады, ұзап кетіпті дегеннен басқа ештеме айтпайды балгерлер. Ақыры ары ойлап, бері ойлап, ұры алыста емес, дерегдір мен Алмасбек бригадир деп, екеуін сотқа берем деп шығады. Жаман плащын желбеңдетіп, ауданға барғыштап жүрді. Біраз уақыт тынышталып қалған, басылған шығар деп ойлағанбыз. Бірақ менен қанша жылқыны санап өткізгенімді тәптіштеп тұрып жазып алып кеткенде секемденгем, әй осы бірдеңені бықсытады-ау деп. Бұл бір бықсымасын, бір бықсыса өртенбей тынбайтын өжет екенін білем ғой, әдейі барып сұрадым. Мені дауларыңа араластырма деп ескерттім. Суыртпақтатып сыр алдырмады сабазың. Содан бес-алты ай өтті ме, өтпеді ме, қырықтық кезінде ауылға комиссия сап ете қалсын. Дерегдірден бастап бригадирге дейін бүкіл жегіштің аяғы аспаннан келді ғой. Сөйтсек бұл біздің ауылдағы былық-шылықты жіпке тізіп «Жас алаш» деген газетке жолдапты. Ондағылар мұның жазғанын жариялап қана қоймай, облыс әкімдігінен түсініктеме сұратыпты. Ал осы кезде облысқа жаңа әкім тағайындалса керек, ол дөкей мен біздің аудан басшысының жұлдызы қарсы екен. Содан құланның қасынуына мылтықтың басуы дөп келді, деп нағашым оң қолының сыртымен сол қолының алақынан шақ еткізіп ұрды. Арнайы комиссия арызды тексереді, бір біздің ауыл емес бүкіл аудандағы кемшіліктер әшкереленеді. Ауданның басшысы Итбай деген еді, Итбай итақайларымен қоса жұмыстан кетті. Алды сотталды деп естідім, анық-қанығын білмедім. Әйтеуір ел арасына «даудың басы Дайрабайдың көк сиыры емес, Кутуздың көк тракторы» деген мәтел тарады. Ал мынаның, деп иегімен нұсқады ақ шатырлы үйді, атағы аспанға шықты. Жаңадан келген аудан әкімінің өзі шақырып, сый-құрмет көрсетіпті. Май-май болып әр жерде домалап жататын Кутуз содан кейін өзгеріп сала берді. Арақты қойды, бұрынғыдай мылжыңдамай, сызданып сөйлейтінді шығарды. Ауыл дерегдірі, бригадир, бұғалтыр дегендерің мұның алдында құрдай жорғалады.Ел тезек жинап тентіреп жүргенде, бұл алты ай қыс көмір жағады. Бұрын көшенің басынан тасып ішетін суды үйінің ішіне кіргізіп алды. Пенсияны біз Зейнекүлден қарыз сұрағандай, мөлиіп барып кезекпен алсақ мұның үйіне әкеп береді. Анау-пынау жиналыста ауыл ақсақалы деп сөз беретінді шығарды. Осы тұста жеңешем де cөзге араласып;
-Бейсекүлдің деректірдің әйелімен подружка болғанын айтпайсың ба..,-деп шалы ұмытып бара жатқан бір деректі ортаға тастай салды.
-Иа, рас-рас...Сенбі-жексенбі күндері бала- шағасының дерегдірдің үй жағынан буы бұрқырап, қызара бөртіп келе жатқанын талай көрдім. Ананың қатыны монша жағып шақыратын көрінеді. Осы тұсқа келгенде нағашымның ішін қызғаныштың қызыл иті тырнап өтеді-ау шамасы. Өзің ойлашы деп сұқ саусағын шошайтты, трактористің қатын- баласын дерегдірдің әйелі моншаға түсіріп бәйек болады. Бұл не құдырет. Сендердің ауылда осындай болды ма?
-Жо, жоқ...
-Ал бізде болды- деп, әңгіменің қызығына кіріп кеткен нағашым қайсыбірін айтсам екен дегендей сәл тосылып барып, малдас құрған күйі маған ұмсына бере: Бұның одан кейінгі арызы абырой әпермеді,- деп сыбырлады біреу естіп қалатындай. Неге демейсің бе енді? дегенде даусы қайта көтірілді. Мен «неге» деп сұрап үлгермедім. Тілі қимылынан ширақ екен бастырмалата жөнелді.
-Осы кейінгі жастарға әңгіме айтқанша ана көшедегі терекке барып сөйлеген жақсы. Мөлиіп, шыбындаған аттай бас шұлғисыңдар да қоясыңдар, ойбай-ау ертек айтып отырғаным жоқ қой саған. Кішкене пейіліңді беріп, араласып қойсаңшы ара-тұра.
-Иә, сіздікі дұрыс деп құтылдым, дауласа кетсем біразға баратынымды ұғып.
-Дұрыс болса тыңда, мұрныңды салбыратпай, әкеңнең аумай қапты ғой тегі өзі қолағаштай болып... Ауылда Ерік дейтін электрик жігіт болатын, қолы алтын еді байқұстың. Мына холоділник, телебізір, балалардың мәгнитопоны дейсің бе бәрінің тілін біледі. Сол Ерік ауылдағы светтің құдайы. Өшірем десе өшіреді, жағам десе жағады. Аздап қышқыл суға жақындау болды, байқұс бала. Біреу той-томалақ жасайтын болса, Ерікке бір жартылығын тіске басарымен қоса алдын-ала апарып бермесе, бәлеге қалады. Той нағыз қызған шағында свет өшеді. Ал, шарқ ұрып Ерікті іздейсің. Бір жерде карта ойнап отырған жерінен әзер табасың, әке-көкелеп жарықты жандыртасың. Бір күні мына патшағарды Келгенбай жынды қонаққа шақырады. Монша жағады, екеуі парға кіріп алып бірінің кірін бірі езіп, әрнәрсені айтып, бапылдап отырады. Сол сәтте свет өшеді. Келгенбайдың баласы мен мынаның үлкен ұлы белесепедіне міне салып Ерікке шабады. Біздің көшенің светі өшіп қалды дейді барған бетте, ол көшеде дөкейлердің ешбірі тұрмайтынын білетін Ерік саспайды, енді қайтейінге салады. Әкем Әскербек аға екеуі моншаға түсіп жатыр, Әскербек аға сізге дереу светті жақсын деп айтты дейді әлгілер.Ерік те бір терістуған пәле, әрі елдің бәрі Кутуз деп атаған соң мұның аты Әскербек екенін ұмытып кеткен. Біздің ауылда бір емес үш Әскербек бар. Әскербек тұрмақ, генерал болса да айта бар, өздері жағып алсын деп есікті тарс жабады. Ерінген ғой баруға, әлде олда мас болды ма екен.... Ертеңіне-ақ жұмыстан кетті. Кейіннен столбыларды құлатып арматура жинаймын деп жүріп, тоққа түсіп қайтыс болды байқұс бала. Содан кейін бұның ауылда сүйкімі қалмады. Өзі де іштей мүжілді ме, бір күнде дүрк көтеріліп осында көшіп кетті. Мынау бұның екінші үйі. Бірінші үйі орталыққа жақын. Әуелі сонда тұрды. Сол үйді салатын кезде де біраз адаммен соғысты. Атағы біздің ауданға жайылған пұшық Ерден деген болған. Кезінде потребсоюзды басқарды. Бұл келген бетте қалай екенін қайдам, сонымен ұстасады ғой. Өзінің айтуынша үйін салар кезде Ерденнен әбден құқай көреді. Оның құрығы ұзын, аудандағы жер бөліміндегілерге айтып құжатын созбалақтатып жібереді, жарық тартқызбай, зәрезап қылады. Су құбырын жүргіздірмей тарықтырады. Бұл да жағаласып жүріп үйін салып бітіреді. Енді қоныс тойымды жасаймын деп отырғанда ауданның құрылыс бөліміне шақыртылады. Барса, осылай да осылай сізге жер басқа жақтан беріледі, сіздің үйдің орнына мектеп салынады дейді. Дайын үйді бұл бұздырсын ба. Бар бәленің Ерденнен келіп отырғанын біледі, бұрынғыдай сырттай шалыспай енді екеуі ашық майданға шығады. Бір-бірінің үстінен домалақ арыз, ауданнан асып облысқа, облыстан асып ол кездегі астана Алматыға қарша борайды. Анау кеудесіне нан піскен неме, сауатсыз трактаристі сағызша шайнап тастаймын деп кәрібурадай алқынады, мынауда тістеген жерде тісім қалсын деген шақан, екеуі екі жылдай алысты. Бұда не «арызқой» деген жаманаты болмаса, істеген қызметі жоқ. Арты таза, ал Ерден талай мекемені тоздырған. Ішкені бар, жегені бар дегендей. Алғашқы комиссиялардың көмейіне бірдеме тығып жіберген ау түк таппай кетіпті. Бірақ бұл пара алдыңдар деп олардың өздеріне айбат шегеді. Прокуратураға қайта арызданып, газетке жазады. Ақыры аудан әкімінің өзі біржақты қылыңдар деп тапсырғанға ұқсайды. Тексерістердің бірінде шикілік шығады. Ерден сотталатын бопты деп ел шулап жүрді. Бірақ сотқа жетпеді, қан қысымы көтеріліп өліп кетті жарықтық. Ешкімнің әлі келместей көрінген Ерденнің түбіне жеткен соң, бұдан басқалар да қаймыға бастады. Сот, пұрқорал дегендерің қазір Кутуз десе өлердей қорқады. Ауданға жаңа қызмекте келген адам бірінші осының батасын алады. Өзі де қағылып, соғылып жүріп, әбден ысылып алды. Газеттен газет қалдырмай оқиды, заңдарды жатқа соғады, сауатты. Пәлеге ұрынып, істі болған адамдар бұған барып арыз жаздырып, заңгерлік кеңес сұрайды тіпті. Бекер обалы не, бұл қолынан келген көмегін аямайды.
-Онысы дұрыс екен,- деп әңгімені зейін қойып тыңдап отырған сыңай байқаттым. Нағашым шаршады ма, сөзі сұйыла бастағандай сезілді. Менің ықыласымнан кейін қайта серпіліп тағы бір оқиғаның сорабына түсті.
Бірде нақақтан күйіп бара жатқан бір жігітті арашалаймын деп өзінің де басы дауға шатылғаны бар деп бір жөткірініп алды. Біздің ауылда күйеуі жастай қайтқан бір жесір әйел тұрады. Бір ұл, бір қызы бар. Екеуі де құдай бере салған, алтын бала. Ұлы таксөбат етеді, қызы мектепте кіл беске оқиды. Соның ұлын түрмеден алып қалған - осы. Байқұс бала түнде таксөбат етіп келе жатады, ішінде үш адамы бар. Қайдан шыққаны белгісіз бір инөмарка қарсы бетке шығып кеп тұмсықтан переді. Көлігі екі аунап түседі. Алдында отырған қыз бала тіл тартпастан кетеді. Ал ана соққан машинаның іші толған мілитсалар екен. Бәрі удай мас. Имансыздығын көрмейсің бе олардың, ес түзсіз жатқан жетім баланың аузына барып арақ құйып жібереді ғой. Қойшы әйтеуір өмірі арақ ішіп көрмеген бала мас күйінде машина айдаған деп хаттама толтырады, жол апатына да соны кінәлі қып шығарады. Жетім бала, жесір қатын шырылдап анда барады, мында барады, ана өлген қыздың туыстары қырғын ақша сұрайды. Оларға берер түгі жоқ. Ақыры Кутузға келеді ғой. Бұл кіріскен соң қоя ма, баланың көлігінде отырған өзге екі жолаушыны табады, олар да құдайға қараған пенде екен, баланың ішпегенін, жылдамдықты алпыстан асырмай ақырын-ақ келе жатқанын, мілитсалар мінген машинаның ережені бұзғанын айтып, түсініктеме жазып береді. Керек болса сотқа барамыз, шақырыңдар дейді. Бұл бір де, екіншіден Кутуз осындағы вокзалда тұратын бүкіл тәксиді жиып алып, бала туралы мағлұмат сұрайды. Барлығы іштей мілитсалардан қорықса да баланың ішпейтінін растап, қолдарын қояды. Бұл екі де. Үшінші, бұл қасқырың бала арақ ішті деп анықтама берген аудандық ауруханаға барады. Оның бастығы да неше жылдан бері аттан түспей жүрген, аудандық мәслихаттың депутаты, шынжыр балақ, шұбар төстің нағыз өзі. Бастапқыда кеуде кереді. Оның борбайы бостығын сырттай білетін бұл республикалық, облыстық газетке екі мақала, жоғары сот пен бас прокуратураға ашық хат дайындалып жатқанын айтып, қосақ арасына қыстырылып кетпегін деген сыңайда ептеп қана сес көрсетіп кетеді ғой. Жалмауызға да жан керек, ертеңіне әлгінің өзі хабарласып, мілитсалардың медициналық тексеруден өтпегенін, ал баланың қанынан шынымен алкоголь өнімі табылғанын айтып, құжаттардың көшірмесін әкеп береді. Неге мілитсалар тексеруден өтпеген? Знашит ішкен емес пе...
-Солай боп тұр ғой деп тағы қостап қойдым.
-Содан бұл осымен ақ сотта жеңіп шығамыз деп білек сыбана сотқа дайындалып жатқанда, жерде жетім жыласа аспанда періште күңіренеді деген рас екен тағы бір кілтипанның шеті шығады. Тура сол күні әлгі мілитсалардың бастығы туған күнін тойлаған екен. Оны бұл мүттайым қайдан білді, кім келіп сыбырлап айтты, бір құдайға аян. Ол бастықтың туған күні болған мейрамханаға барады. Әркімді сөзге тартып ол жерден де біраз дүниеге қанығады. Енді сотқа барамыз, қайтсек те құртамыз деп жүргенде мұның өз баласы істі болады ғой аяқ астынан.
-Қалайша?
- Қалай демесің бар ма, бұның тіміскіленіп жүргенін мілитсалар білмеді ғой дейсің бе, білді. Солардың істегені шығар. Әйтеуір кіші ұлына кешкілік ауылдағы араласып жүрген бір жолдасы қоңырау шалады. Осылай да осылай, базарға мал апарушы едім, таңғы төртте тұрып кетуім керек, көшенің сыртындағы арнаға келіп, мал тиесіп жібер дейді. Мақұл деп бұл межелі уақытта бара қалады. Камазды жарға тақап қойып үш жылқыны тиеп жатқанда мілитсалар сап ете түседі ғой. Сөйтсе ана қулар тізгінді бұған ұстатып, өздері артынан айдап отырған екен. Екеуі қашып кетеді, бұл жүген ұстаған күйі қолға түседі. Ұрлық жасадың деп апарып жауып тастайды. Сондағысы мынаны иліктіру, қорқыту ғой. Бұл да сөйтіп ойлады, соттамайтын шығар, саудаласқысы келіп жүр менімен, сотқа жібермес деп оншалықты күйзеле қоймады әуелгіде. Бірақ іс сотқа кетіп қалыпты, байқұс баланы бес жылға кесті де жіберді. Баласының сотына мені «бірге жүрші» деп ілестіріп барған, үкім айтылғанда сылқ етіп отыра кетті. Бірақ діні қатты екен сыр алдырмады, бала күнінен ызыланса тісін шықырлататыны болушы еді. Жақ сүйектерін бұлтыңдатып, біраз уақыт тістеніп отырды да, «кеттік» деді. Жолда да сөйлемеді. Бар айтқаны «енді мен көрсетемін бұларға» деді. Артынша бүкіл оқиғаны тізбелеп газетке жазды, сотқа берді. Ана жесір келіншектің баласы ақталды, төрт милиция жұмысынан кетіп, біреуі сотталды.
- Баласы түрмеден шықты ма?
-Жоқ әлі отыр, Арқалықтың түрмесінде жатыр, екі жылы бар.
-Тағдыры қиын екен бұл кісінің...
-Қиын болғанда айтпа, қайта шыдап жүр ғой, боркемік біреулер болса әлдеқашан бордай тозар еді. Өзін де бір-екі рет парамен ұстамақ болған, дегенмен мықты екен алдырмады.
-Әй осы былтыр жазда ма еді, селкілдеуік Бақытжанның мынаған пара ұсынғаны деп нағашым жеңгеме қайрылды. Артынша шиқылдап тұрып, рахаттана күлді. Күлемін деп кемпірінің айтқанын өзі естіген жоқ, өзгеге де естіртпеді.
-Олда бір жынды екен, Шарбақты деген ауылдың әкімі. Дап-дардай адам. Не басына күн туды құдай біледі, мынаның айтуынша «финпол» дей ме соларға «косягке» кірген көрінеді. Содан сен құтылам десең Кутузды ұстап бересің депті-мыс. Ол байқұс келіп, мені орнымнан алғалы жатыр, әкіммен жақсысың ғой көмектес, мынау соғымың деп бір бума ақша тастайды. Мынау ештемең керек емес деп жолатпадым, ақшаны алғам жоқ деп ант су ішіп отыр. Негізі алмаушы ма еді, алған ғой. Үйінен келіп ұстап әкетті, бірақ ертеңіне шығарып жіберді. Бір-екі рет сұрап едім, сипақтатып дұрыс жауап бермеді. Жауларымның ұйымдастырып жүргені ғой деді де қойды. Әйтеуір ана селкілдек содан кейін үш ай ауруханаға жатып шықпай қойды, мынадан қашып. Кейіннен аяғын сүйіпті ғой келіп.
Дастархан басында көп отырып қалдық дегендей нағашым қос қолымен жер тіреп, тұруға ыңғайланды. Аяғы ұйып қалды ма, әлде денесі ауырлаған ба, бірден көтеріле алмады, ұшып тұрып демеп жібердім, сыртқа шықтық. Бие сауын болып қалыпты, жеңгем екеуі барып бие сауып келді. Саумалдан бір-бір кеседен ішіп, балаларға ұрттатып, үйездеген қойдай көлеңкеде отырғанбыз. Нағашым қора-жайын бір реттестіріп келіп, қасыма жайғасты. Түр әлпетіне қарасам тағы бір әңгіме айтатын адамдай қуланып тұр.
-Мына үйді мен осымен үшінші жыл салып жатырмын, әлі де кем-кетігі жетеді. Ал ана құрдасым бір жазда бітіріп алды деп, Кутуздың үйін иегімен тағы нұсқады. Бұл өзі салған жоқ, бәрін салып берді. Осында Кәдір деген қу бар, бүкіл ауданның құрылысын қолына алған. Әкімдермен ауызжаласып ана «тендер» дей ме, соның барлығын сол иеленеді екен. Мына жаңа мектепті де сол Кәдірдің фирмасы салды. Ұры иттің к..тін сұр ит жалайды дегендей, мына соқыр Кәдірдің бір былығын біліп қалған болу керек, соның жігіттері келіп апай-топай салып берді ғой мына үйді. Енді соған рахмет айту керек қой, ана жерін дұрыс қылмапты, мына жері мынадай екен деп қазір күңкілдейді де жүреді, адам деген ынсапсыз болады екен ғой тегі....
Бірақ бекер обалы не, маған да бұның көмегі тиіп жатыр. Жер алам деп аудан әкімдігіне барсам, бұл да сонда жүр екен, бір партада отырып, бір шишаны бөлісіп іштік емес пе талай, шұрқырай амандастық. Жер алсаң менің үйімнің жанынан ал, көрші боламыз деді. Ойбай мен сұрағанға ол жерді бере ме десем, оны өзім қатырам, сен тек арызды сөйтіп жаз деп, тәптіштеп түсіндірді. Дегенін қылдым, бұл барып өзі сөйлескен ау шамасы, осы жер маған бұйырды ғой, әйтеуір. Әуелгіде ойқы-шұйқы болатын. Он мәшине топырақ төседім ғой. Топырақты бірақ тегін төсеттім, ол да осы көршінің арқасы деп нағашым бір жымиып алды.
-Пойыз жолдың шетіндегі анау тұрған ақ бетонмен қоршалған ғимаратты көріп тұрсың ба деді.
-Иә..
-Көрсең сол мостопойыз деген болады. Кезінде вагондарды жөндейтін үлкен кәсіпорын еді. Қазір түгі қалмады. Жекешеге өткен. Бастығы Дәриябек деген, біздің бүгінгі әкімнің жиені болып келеді. Сол Дәриябектің оншақты камазы бар. Бірнеше краны, тракторы және бар. Жыл он екі ай мына арнаның қиыршық құмын қазып, тасын сатып, таудан топырақ тасып пайда табады. Байқасаң мына есіктің алдындағы жол мостопойыз бен біздің ауылды жалғап тұрған негізгі трасса. Бірақ сен келгелі көрдің бе бұл жолмен камаздың өткенін.
-Көргем жоқ.Ана көшенің басында жүк көліктері жүруге болмайды деген белгі тұр ғой.
- Иә, оны қойғызған да осы-Кутуз. Есіктің алдын шаң қыласың деп камазды жүргізбей тастады. Қазір Дәриябектің камаздары ауылға кіру үшін теміржолды айналып, он шақырымдық «объезд» жасайды. Әуелгіде Дәриябек дәңкеуделікке салынып жағаласпақ болып еді, кейіннен «пыш» боп қалды ғой.
-«Пыш» деген не?
-Өй, мылжың, допқа ине тығып алсаң пыш етпей ме, желі шығып. Пыш дегенің сол, желі шығып кетті, басылып қалды деген сөз.
-Аааа...
-Ааааа болса, тыңда.Дәриябек бір күні араққа тойып алып мынаған келеді ғой, сен кімсің жол қоритын деп. Екеуі керіседі, Ақыры анау мынаны боқтап кетеді. Бұның үйінде есігінің алдынан дәретханасына дейін бейнекамера орнатылған. Әке шешеден жіберген бүкіл сөз соған жазылады. Содан бұл мені балағаттады, ар намысымды қорлады деп сотқа береді. Ар-намысын құдай салмасын, есімнен шығып кетіпті, «әй кемпір мынау Дәриябектен қанша өндірмек болып еді ей» деп айқайлап әйеліне жүгінді. Ошақ жақтан «бес миллион бес жүз елу бес мың» деген дауыс шықты.
-Иә, бәсе өңшең бірыңғай сандар болатын, соны сұрайды ғой. Дәриябек әке-көкелеп аяғына жығылады. Көнбейді. Содан бір күні үйде отырсам маған келіпті. Ойбай ағатай құтқар. Мына құрдасың қырып бара жатыр. Үй салғалы жатыр екенсің, топырақ құмыңды мен түсіріп берейін. Маған қалайда кешірім алып бер, сотталатын болдым деп шырылдайды. Ой қоя тұр. Көрейін, сөйлесейін, тілімді алар-алмасын білмеймін. Бұл баяғы көктракторлы Кутуз емес, бұл көпті көрген бәле болып алды ғой деп, шығарып салдым. Ертеңіне мынаған келіп, салмақ салсам илікпейді. Ары ырғадым, бері ырғадым көнбейді. Содан бала күнгі достығымды пайдаланып, боқтағанның бәрін соттатсаң мені де соттат, кет шешеңді... дедім кетіп қалдым. Бірдеме-бірдеме деп мыңғырлайды, тағы да жібердім. Баяғыда бір-бірімізді боқтап отырмасақ ас батпаушы еді, қазір біреуді боқтаудың өзі қиын боп барады ғой. Ой заман қалай бұзылған, ә, деп нағашым маған қарады. Меніңше, бұрынғы боқтампаз адамдардан, қазіргі бірін-бірі боқтамайтын сыпайылар сұмпайы секілді.
Не дерімді білмей қалдым, аңқылдақ нағашымнан қалжың, шаптан түрту секілді қыжыртпа сөз күтсем де, бұлайша сөзден тосар деп кім ойлаған. Солай, солай деп бас изей беріппін. Менің пенде боп қалған түріме масаттанды ма, қайтадан әңгімесін үзілген тұсынан жалғады.
Арада екі-үш күн өткен. Боқтарымды боқтап алсам да, ішім қыпылдап тұр. Қартайғанда Дәриябекпен қол ұстасып сотқа шақырылып жатсам, бала-шағадан ұят қой. Түсте ұйықтап жатсам, үйге келіпті. Жәй ма десем, жәй деп қояды. Жәй емесін сезіп тұрмын. Сен маған ренжіп қалдың ба деп күмілжиді. Жұмсарғанын сезе қойдым. Үндемедім. Ол итке неге араша сұрап жүрсің дейді. Шынын айтайын ба дедім. Иә деді. Ана үй салатын жерді көрдің бе, ойқы шойқы, соны тегістеу керек. Әлгі маған тегін топырақ әкеп берем деп уәде етті деп айтып салдым. Әй ол сені алдап кетпесін, дегенмен сен үшін кештім. Ертең келсін, кешірім қағазын жазып қоям деді де кетіп қалды. Дәриябек естігенде қуанғанда айтпа, балаша секірді.
-Топырағын әкеліп берді ме?
- Уәдесінде тұрды, жігіт екен. Он камаз әкеп төкті. Тағы да жеткізіп берем деп еді, содан жоғалды. Оны енді іздеп бару керек, карта ойнап ләйліп жүрген шығар бір жақта. Осымен әңгіме тәмам дегендей нағашым құйрығын қағып орнына тұра бастады, Кутуздың ертегісі таусылмай қойды-ау дегендей, жеңешем де қазан-ошақ жақтан мойнын созғыштап тұр екен. Қол жуып, дастарханға бара беріңдер деп жатыр. Шаңқай түс. Дала қапырық. Терлеп тепшіп түскі асты ішіп, бір-бір жанан қымызды төңкерген соң, терезені қараңғылап қойып ұйқының жоспарын орындадық. Оянған кезде намаздігер уақыты болыпты. Нағашым көрінбейді. Көшеге шықсам Кутуз екеуі сәкіде отыр екен. Мен барғанша кейіпкеріміз кетіп қалмасын деп тездетіп солай беттедім. Әуелгідегідей асссалаумағалайкуміме, сәлеметпе қарағым деген жауап алдым. Нағашым, Астанадан келген жиенім, журналист деп ресми таныстырып жатыр. Ақырындап көз қиығымен қарасам, қара көзілдірікті сары кісінің бетәлпетінде өзгеріс болсайшы. Мені бұрыннан білетін кісіше, енді қайтейін дегендей міз бағар емес. Қырынан қарағанда байқадам, жалғыз көзі ойнақшып тұрады екен. Менің қиғаштай келіп көзіне қадалып тұрғанымды байқап қалды ма, бетін бері бұрып алды. Көзілдіріктің қара шынысының артындағы жалғыз көз енді маған тесірейе, ішіп-жеп қарады. Бірер минут үнсіздік бола қалды. Бағана бір тақырыпты қызу талқылап жатқан секілді көрініп еді, айтар сөз таусылғандай. Нағашым биылғы жаздың ыстықтығы, жаңбырдың бір айдан бері жаумай тұрғаны, шөптің бағасы мен солярканың қымбаттап кеткені секілді ұсақ түйек тақырыптарды әр жерінен бір шұқылады да отырды. Кутуз бас шұлғып, қоштап, ара-арасында ғана қосылып қояды. Менен жөн сұрап ішке тартқан адам болмағасын, соқыр ішектей сопайып тұрғанды қош көрмей, көшенің бас жағында доп қуалап жүрген балаларға қарай беттедім. Артта қалған екі құрдастың үш көзі көкжелкемнен қадалып тұрғанын сезіндім.
Нағашымның үйінде төрт түнеп, бесінші күні аттандық. Шаңқай түсте шақырып қойған таксиге мініп жолға шыға бере байқадым, Кутуз сәкісінде отыр екен. Қасында бала көтерген бір келіншек пен егделеу еркек бар. Көліктің терезесінен қоштасудың ишаратын жасайын деп едім, бізге мойын бұрмады. Қаққан қазықша қаздиып отыр. Бірақ бет-ауызының жыбырлағанына қарағанда сөйлеп жатыр. Қолындағы бүктеулі қағазды қамшыдай білеулеп, сермеп-сермеп қояды. Бәлкім араша сұрай келген әлгі екеуге арызды қалай жазу керектігін түсіндіріп жатқан болар......

02.02.2014
Бейжің

 

 


 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста