Есболат Айдабосын: ҰЛЫМА (хикаят)

Есболат Айдабосын: ҰЛЫМА (хикаят)
-Аууууу, ұууууууу, ұууу Қоңыртөбе тауының ұшар басындағы шоқпар тасқа шығып алған екі аяқты қасқыр, түнгі аспанмен тілдескендей, ұзақ ұлыды. Сай-сүйекті сырқыратар зарлы дауыс айналаны жаңғырықтырып барып басылған сәтте, Арасанның қалың қорысын жайлаған көкбөрі атып шығып, үн қосты. Текшелі мен Шетенді сайларынан да тау тағысының бірнешеуі бас көтеріп, ұяластарын іздеді. Үзіліп-үзіліп, үздіге шыққанына қарағанда жас бөрілер cекілді. Жайлауда жекешенің малын бағып отырған Аққасымның төбеттері қораның айналасына талтайып-талтайып тұра қалып, тауға қарап абалап үріп жатыр, қой айдайтын қандендері қыңсылап киіз үйге тығылды. Бірақ тұс-тұстан қасқыр ұлып, иттер үріп жатса да, Аққасым «тарсылдатып» мылтық атқан жоқ, тыр-тыр қасынып жата берді. Елегізіп, басын көтерген әйеліне естіртіп, -Ұлыма ғой, қасқырларды ұлардай шулатып жүрген деді де, көрпесін бір сілкіп оң жамбасынан солға қарай аунап түсті. Ал сол түні қасқырлар таңға ұлыды. 1-бөлім. БЕЙМӘЛІМ АҢШЫ Оның азан шақырып қойған атын ешкім білмейтін. Бұл өлкеге қайдан келді, басынан не өткеріп, нені көрді деген сұраққа да көпшілік онша бас қатыра бермейді. Әйтеуір Жамантының сайына көктемде кіргізіп жіберген сиырын, күзде айдап түсуге барған Адгонбай алғаш жолығыпты. Ауыл иттерін абалатып, кешкі апақ-сапақта жын ұрғандай аттандай жеткен. Келе Жамантының ішінен аю адам көрдім деген екі көзін ежірейтіп, есі ауысқандай алақтап. Қолында мылтығы бар, моңғол торының ұшқырлығының арқасында қашып құтылдым деп ақкөбік болған атын ойнақтатқан. Жамантының сайында бұрынырақта аю болған деседі, бірақ Алтынбек мерген аталығын атқан соң, қонжығын ерткен қоңыр маймақ ұшты-күйлі жоғалыпты. Біреулер Суықтөбені сағалап кетіпті десе, енді бірі әлі жүр деп білгішсінетін. Енді міне Адгонбай аю емес, аю адам көрдім деп отыр. -Әй көргенін адам ба, аю ма деген ештеменің мәнісін ұқпаған көпшілік. -Аю ойбай, аю! Аю сияқты адам деген анауда екі ұштылап. -Аю болса қолында мылтық қайдан жүр оның? -Әй білмеймін, қаным кеуіп бара жатқан соң Жүкебектің қайнарына етпеттеп, тастай суды қылғытып жатқам, атым әлденеден үркіп кетті. Атып тұрып, айналама қарасам тура көк желкемдегі шоқыда үсті-басы алба-жұлба сорайған бірдеме отыр. Зәрем зәр түбіне жетіп, моңғол торыға қалай қарғып мінгенімді білмеймін. Содан тоқтамастан шауып келген бетім осы. -Түрі қандай екен өзінің? -Ой, түріне қарап мен бір қыз айттырғалы жүр дейсің бе, атыма міне сап қаштым ғой…. Әйтеуір көзі жаман екен, өңменнен өтердей. -Мылтығын қалай көріп жүрсің сонда, түрін көріп үлгермесең? -Ойбай ау, атты емес пе артымнан тарсылдатып. Бір оғы тура құлағымның түбінен зуылдап өтті, оқ деген пәле ыстық болады екен ғой, құлағымды күйдіріп жібере жаздады деп оң құлағының сырғалығын сипап қойды. Тап осы кезде жиылған жұрт, жамырай күлген. Адгонбайдың аңғалдығын, жанынан қосып сөйлемесе басы ауыратын мақтаншақтау, мылжыңдығын білетін ауылдастары басқасы шын болса да құлақтың түбінен өткен оқтың өтірік екенін сезіп тұр. Әзілі жарасқан қатарластары бет-ауызын қисаңдатып, қылжаққа айналдырған. –Оппа, опырмай ааа деп таңырқады Жотанның Азаматы көпе-көрнеу аңқаусып. — Адгош аман қалған екенсің, таңдайыңды көтерейінші деп тағы бірі іліп әкетті. -Бір малды құрбандық қылайық деп Адгонбайдың қорасындағы азғантай қозы-лақтың сирағына жабысқандар да табылды. Бірақ Адгонбай күлген жоқ, әлгі қылжақбастардың барлығын сықпырта бір ауыз сөзбен жақсылап тұрып боқтады. Борша-борша болған торының тізгінін қоршауға іле салып, керзі етігін тарп-тарп басып бұлқан-талқан болған күйі үйіне кіріп кетті. *** Адгонбай аю көрген күннің ертеңіне бір топ Жамантылық жігіт атқа қонды. Жолбастаушы Адгонда туған «батырдың» өзі. Бір-бір мылтықты асынған жігіттерге ауыл ақсақалдарының тапсырмасы оңай емес, аю болса атып келу керек, адам болса алып келу керек. Айдың-күннің аманында кісіге мылтық кезенген мықтының әуселесін көрейік деген шалдар. Мілітсияға тапсырып, түрмеде шірітейік өзін деп шіренген. Атқамінер азаматтарын соғысқа аттандырғандай сол күні бүкіл ауыл жол тосты, Жамантының аузына қайта-қайта дүрбі салып, қарауыл қарады. Бірақ қызыл күн, құбыла тұсқа барып сіңгенше қарулы жасақтан хабар болмады. Тек үйді-үйде шам жағылып, шал-кемпірлер ақшам намазын оқи бастаған тұста тау қопарып, тас шауып келгендей ауылға дабырлай кірген барлығы. Атқан аюы, ұстаған адамы да жоқ. Бірақ жырқ-жырқ күліп Адгонбайды келеке қылып, көңілді келді ауылға. Адгонбайдың аю деп жүргені адам екен, адам болғанда да ырыздығын мылтығының ұшына байлаған аңшы көрінеді. Ешкімге де оқ атпаған, Адгонбайға амандасайын дегенімде тұра сала қашты депті. Жын-пері емес, жұмыр басты пенде екенімді сездіру үшін әдейілеп аспанға мылтық аттым, бірақ Адгонбай қорқақ екен, одан сайын моңғол торысын қамшылады деп ұялтыпты. Адам өлтіргендей сендермен ілесіп барғаным жараспас, ақсақалдарға сыбағасын алып бірер күнде жетермін деген сәлем жолдаған. Сыбаға дегенде, жағына пышақ жануға болатын Қыдырбай шалдың жүдеу жүзіне қан жүгіріп, көзі жайнап кетті. Ерні бет әлпетінің жартысын алып тұратын Балпанақ жалпақ тілімен дүрдиген ернін бір жалап алды. Селдір сақал Қамысбекте тамағын кенегендей болды. Жамантының жеті сегіз шалының барлығы да еліктің қуырдағы есіне түскендей тамсанып, қутыңдай қалған. Айтқанындай ақ бейтаныс аңшы ертең жоқ, бүрсүкүні сәскенің кезінде жетті ауылға. Жасы елуді еңсерген еңселі адам екен. Беліне қарын байлап, бойына артық ет дарытпаса да, сүйегі ірі, кеуделі. Қыран қабақтың астындағы отты жанары қылт еткенді қағып түсер тазыдай, байқампаз. Дөңестеу келген мұрыны, дөңгелек жүзіне айбар беріп тұрғандай. Қарлығаштың қанатындай қап-қара мұрты ұртына жетер тұстан өрге қайырылыпты. Иегі жалаңаш деуге келмейді, бірақ ұйысып та өспеген, сирек шыққан егіндей селдір сақал. Мінгені жатаған келген кертөбел. Жетегінде құла қасқа байтал. Құла қасқаға екі елік, бір арқарды теңдеп салыпты. Ошарылып, жол тосып тұрған жұрттың алдына келгенде аттан секіріп түсіп, оң қолын төсіне қойып басын иді. Ешкіммен қол алысып амандаспады. -Ағайын армысыз, деген гүрілдеп. -Бар бол балам, деді шалдар балаша жамырап. -Алдарыңыздан өтуге келдім. Қоныс болар жер іздеген, қоңсы болар ел іздеген адаммын. Рұхсат болса, Жамантының ішін жайласам деймін. Қанжығамды қанға майласам деймін. Өзі секілді сөздері кесек екен. Бірақ еркек-қатыны аралас тұрған Жамантылық жұртты түйдек-түйдек тіркестер жібіте алмады. Ауыл итінің құйрығы қайқы келедінің керімен ер азаматтың ешбірі елпілдей қоймады. Олардың бет алысын бағамдап тұрған әйелдер жағы қоғалы көлдің, бақасындай шулап кетті…. -Түрмеден қашып жүрген қылмыскер болмасын… — Конокрад шығар, өзінің түсі суық екен…. — Милитцияға хабарлап қою керек десіп, әр тұстан жаулықтылар жамырап жатыр. Осы уақытта сексенге таяп қалған Қылышбек шал бір қадам алға шығып, оң қолын көтергені сол еді, жаңа ғана өрекпіп тұрғандардың үні өшті. -Ел іздеп келсең еліміз бар, жер іздеп келсең жеріміз кең. Үйге түс, танысайық, білесейік. Балалар аңшының атын байлап, бөктергісін босатыңдар деп өзі қаумалаған көпті қақ жарып үйіне бастады. Епті жігіттердің бірі кертөбелді жетектеп апарып, мама ағашқа қаңтарды, бірі құла қасқаның үстіндегі арқар елікті аударып алып, жалма-жан терісін сыпырып, мүшелеп, жіліктеуге кірісті. Қылышбек бірін шашау шығармай түгел қуырыңдар деп жарлық шашты да Жамантының жеті-сегіз шалы мен бүгінгі бейтаныс қонақты ертіп үйіне кіріп кетті. Жаманты ауыл деген аты болмаса, бұрынғы Ақтерек қой совхозының шағын ғана бөлімшесі санатындағы елді-мекен. Айналдырған қырық түтін. Жаныстың Айдос, Жандос аталарынан тарайтын бұл қырық үйдің татулығына сызат түскен емес, қариялары жол сыйлаған бәтуагер, жастары ұялас күшіктей ұйымшыл. Мектеп жасындағы қыз-бозбала, он шақырым жердегі Ақтерекке автобуспен қатынап оқиды. Сабақты қатырмаса да солар төбелестен қамшы салдырмайды. Жамантылық боқмұрынды әлдекім жәбірледі дегенше, сол күні күллі Жамантылық жиналып, әлгі баланың басына әңгіртаяқ орнатады. Ауыл-ауыл болып көкпар тартқанда да алақандай Жаманты іргегелес жатқан Ақтерек, Беріктас, Шиен, Бесмойнақтың жігіттеріне алдырмайды. Жасынан ат үстінде өсетін Жамантының ұлдары шетіненен тақымшыл, шабандоз келеді. Қырық үйлі болса да, төрт жүз, бес жүз түтіндік талай ауылдың намысын сындырып, көкпарын тартып әкеледі. Бүгінде жалғыз атты аңшының қарасы көріне сала бүкіл Жаманты жұрты, істеп жатқан ісін, ішіп отырған асын тастай сала бірдемеден құр қалғандай ентелей жеткен. Ақсақалдардың ықыласын байқаған соң ешбірі тартынып қалған жоқ, еркектер жағы білегін түріп, әйелдер алшалғышын іліп іске кіріскен еді. Қылышбектің ауласынан жерошақ қазылып, көршілерден қазан, табақ тасылып, тап бір беташар, сүндеттойдың қарсаңындағыдай қарбалас басталып кетті. Әп-сәтте иісі бүкіл ауылды шарпыған қуырдақ та дайын болды, сиғаны үйде, симағаны далада отырып Жамантының жұрты төрт қазан қуырдақты таласа-тармаса тауысты. Балалар жілік шағуға кірісіп, асыққа таласып, ересектер тісіне кірген етті тазалау үшін шыбық сындырып, ши іздеп жатқанда кертөбелге мініп, құлақасқасын жетелеген аңшы да Жамантының тауына қарай желе-жортып бара жатқан. -Ойбуу, жөн сұраспадық қой деген Адгонбай айналасына алақ-жұлақ қарап. -Отала келгендей, келуінен кетуі тез болды ғой деп, өзгелер қоштады. -Өздерің емес пе үлкендер отырған дастарханға жоламай, қатын-қалашпен жағаласып қазан-ошақты төңіректеп жүрген. Бар әңгімесін аталарға айтты, қариялардаң батасын алды деді бағанадан бері шалдарға шәй құйып жүрген келіннің бірі. Сол ақ екен, беймәлім аңшы туралы әңгіме ауыздан-ауызға тарала жөнелді. Үлкен дастарханға ет тураған епті жігіттердің айтуынша Дегерестегі Алтынбек мергеннің тәлімін алған шәкірті екен. Тіршілігінде үш мәрте оңқа тұрғызған Алтынбектің аты аталғанда ауыл шалдары төңкеріліп түсіпті. Өзінің сүйегі Алматының шығысындағы Таутүргенді мекендеген Түкетуыс көрінеді. -Ә, алыс емес екенсің ғой, бізде Бәйдібектің бір баласымыз деп шалдар кезектесе құшақтап, пейіл беріпті. Жаманты жеті атамыздың жайлаған жұрты, бабамыздың сүйегі қалған қастерлі мекен. Оның әрбір аң-құсы мен құм-тасы қымбат. Бірақ таудың тағысын қызғанамыз ба, саят құрып аңшылық жасасаң жаса, тек итқұс деген тентегін ашындырып алмағын. Олар құтырса кесірі саған емес, бізге тиеді депті. Шарт жүгініп алып, қуырдақты қарпыта асаған аңшы қариялардың айтқан ақылын үнсіз тыңдапты. Кетерінде қамшысын бүктей ұстап, сенімдеріңізге селкеу түсірмеспін деп серт еткен. -Әй аты кім екен өзінің?деп қазанның түбіне қатқан қаспақты қыртылдатып қырып жатқан кексе қатынның бірі сөзге килікті. -Атын сұрап, қойнына бармақпысың деп қылжақпас қайнысының бірі қағытып жатқанда екіншісі –ақсақалдарға атын айтқан айтпағанын білмедім, әйтеуір елікше маңырап, қасқырша ұлимын деп мақтанып отырғанын құлағым шалды деп аңқау жеңгесін күлкіден арашалап, әңгімені басқа арнаға бұрды. -Ойпырмай а, деп таңданысқан сол маңда отырған кәрі мен жас. -Жүгірген аң, ұшқан құстың тілін білетін сұңғыла болды ғой…. -Әй бұл тегін адам емес, жапалақтың көзіндей көкпеңбек жанары жалтылдап тұр ғой шіркіннің……. Осы кезде самаурынның кернейінен шыққан көк түтінді үрлеп, қақалып-шашалып тұрған Адгонбай сөзге араласты. — Қасқырша ұлиды дейсің бе Сапка деп, жаңағы тосын жаңалықты хабарлаған Сабыржан атты тауықтың балапанындай сап-сары жігітке қарады. Ендеше оның аты Ұлыма ғой, Ұлыма болсын деді. Отырғандардың бірі құптап бас изесе, кейбірі қу тілді жігіттің тапқырлығына күлісті. Енді бірі-Әй Адгош енді тауға барсаң абайла, бұ жолы құлағыңның түбінен емес, тура шақшадай басыңды қарауылға алып, қасқитып жүрмесін деп қалжыңдады. Олардың тағы да қылжақтауға даярланып тұрғанын байқаған Адгонбай, желіккендердің сөзінен қашып самауырдың оты өшпесе де екі құлағынан ұстап, түтінін бықсытып үлкендер отырған үйге беттеді. *** Содан бермен Жамантының жұрты бейтаныс аңшыны Ұлыма атап кеткен. Етектегі ауылға екі-үш айда бір соғады. Құлақасқаға артқан борсық, суыр терілері мен елік, арқар мүйізін Қажет саудагерге арзанды-қымбатты сатады. Ақысына екі қоржынның басын толтырып азық-түлік алып, тауға қайта тартады. Көп сөйлемейді біртоға, бірақ бір сөйлесе есіп сөйлейтін шешен. Алдынан аң қашып көрмеген мерген, атқан аңын көңілі түскен адамның қанжығасына байлап кете баратын мәрт екен. Қылышбек секілді ауылдың сөзұстар шалдарына ай аралатып сыбаға жегізеді. Өзгелерді де өкпелеткен кезі жоқ. Оның көңілшектігін білетін жұрт, кездесе қалса бала-шағаның қызылсырап жүргенін айтып, құлаққағыс қылады. Үйіне қонаққа шақырып, көже тамыр болуға тырысады. Бүгінде құлақасқасын жетелеп ауылға кіргені сол еді, Жамантының жұрты Қажеттің дүкеніне импортный тауар түскендей жан-жақтан ағылды. -Келінім жүкті еді деді күреске шығар балуандай теңселе басатын Қаншай кемпір екі иінінен дем алып тұрып, еліктің етіне жерік пе патшағар тауға қарап иіс алатын болып жүр….. -Біздің үйдегінің емізулі баласы бар ғой Ұлыке, дәметіп қалып, емшегі ісіп жүрмесін… маған да бір жіліктісін қарастыр деп ауылдағы судың бастығы Секелек мұрап құлақасқаның біресе ана жағына бірісе мына жағына шығып секеңдеп жүр. Ал ойын қуған қараборбайлардың екі көзі, Ұлыманың брезенттен тіккен тарғыл қоржынында. Келген сайын құлжаның үш-төрт сақасын шашу шашқандай бұларға қарата лақтырып жіберетін, қазірде қос басы жетім қозының қарнындай тырсиып тұрған тарғыл қоржынның түбіне тас салып қойғандай томпаяды, дәуде болса сол сақалар шығар деп балалар дәмелі. -Өткен жолы сен алғансың, бұ жолғы кезек менікі деп өздерінше дауласып, даурығып қояды. Ұлыма аңның терісі мен мүйізін саудалағанмен, етіне ақы алмайтын. Етке толы тарғыл қоржынды бір ырғап, дүңк еткізіп жерге түсірді. Осы кезде көшенің арғы басынан тұмағының құлақ бауы ағытылып, делеңдеп шауып келе жатқан Адгонбай көрінді. Әлдене деп айқайлап келеді. -Осы жынды-сүрейдің ырымы жаман, айдың-күннің аманында иттерді абалатып шапқылайды да жүреді деп Қаншай кемпір жақтырмай тыжырынды. -Е, Адгоштың аяңдап жүрген кезі бар ма, мұның астына түскен аттың өзі шабыс тілеп тұратындай деп, Секелек мұрап мұртын шиырды. Сол екі арада Адгонбайда жаяу жүгіріп келгендей, алқына жеткен. Келе тарғыл қоржынға жармасты. -Ет менікі. Ақысын төлеп қойғам, Ұлымаға екі пәшкі пистон бергем, сол үшін түгел алам дейді. Мықшыңдай көтеріп тарғыл қоржынды өзінің ұсқынсыз моңғол торысына артып алар ма еді, Қаншай кемпір килікпегенде. Қыдырбай секілді қаңғалақтаған шалдарды қолтығына қысып жүре беретін адуынды бәйбіше Адгонбайды көк желкеден ұстап бір тартқан. Атына қарай аттап-пұттап кетіп бара жатқан орапайсыз жігіт алдыға басқан аяғы, артқа кетіп, тәлтіректеп барып күртік қарды көтпен сүзіп, жалпасынан түсті. Дар ете қалған дыбыс шыққан. Ел Адгонбайдың желі шығып кетті ме деп, оның бетіне қарады, ол жалма-жан бұтына үңілді. Көнетоз мақталы сымның ауы тігісінен жыртылыпты. Арғы жағында салтақ-салтақ сары дамбалы ғана абыройын жасырып тұр. Оны көрген балалар тырқылдай жөнелді, Секелек селкілдеп күлді, Қаншай кемпірде ашуын күлкіге жеңдіргендей, мырс етіп бәтуасыз неме деп бетін бұрып әкетті. Тек Ұлыма күлген жоқ. Кемпірдің бір сілкігеніне тоңқалаң асқанынан қорланып отырған Адгонбайды қолтығынан көтеріп тұрғызды. Әй-шәйға қарамаймын деп Қаншайдан таяқ жеген байқұс бағанағыдай емес, басылып қалыпты. -Қаладағы жиендеріме жүргелі жатыр едім деп әркімге бір жалтақтай қарайды. Әлгінде сораң етіп құлағанда қапталына түскен тарғыл қоржынға қайта жармасуға дәті шыдамай тұр. -Еттен өлгендей, осы еліктің басымен ұшықтайын ба тура деп Қаншай кемпір, қояр емес. — Апа деген осы кезде Ұлыма. Бұ жолғысын осыған арнап әкелгенім рас, бір ай бұрын келіп қолқалап кеткен, келесі олжам сіздердікі болсын. -Ойбой сенің келесі таудан түскеніңді тосып жүреміз бе, оған дейін келінімнің жерігі тарқамақ түгіл, туып алар. Берсең бер, бермесең оныңды айт. Бұл ауылда мылтық асынған жалғыз сен болсаңда …. деп Қаншай кемпір енді бұған түйілді. -Маған бір жілігі болса жетеді Ұлыеке деп Секелек те санынан біреу шымшып алғандай шыр ете түсті. Ұлыма Адгонбайға назар салып еді, алдындағы тортынан айырылғалы тұрған баланың күйін кешіп, солбырайып қалыпты. Неде болса көндім дегендей күй танытады. Ұлыма таласқа түскен тарғыл қоржынды ортаға сүйреп әкеліп, өмірі қолғап киілмеген күс-күс алақанын сүңгітіп жіберді. Бірінен соң бірі, екі жілікті суырып алып, бірін Қаншайға бірін Секелекке ұстата салды. Адгонбайға осы кезде жан біткен, кәделі жіліктер кетіп қалды ма дегендей жүгіріп келіп қоржынның екінші басына үңілді. Өзінің сыбағасы да осал еместігіне көзі жеткен соң ғана, көңілі орнықты. Осы кезде Ұлыма тарғыл қоржынға қайта қол салды. Адгонбай –ойбай ау маған түк қалмады ғой деген ренішін айтып үлгермеді, екі құлжаның сақасын суырып шықты, қайта қол сүңгітіп бір уыс еліктің асығын шығарды да етке таласқан ересектердің қылығын қызықтап тұрған балаларға қарай атып-атып жіберді. Содан кейін белін жазғандай түрегеліп, Қаншай кемпірдің қасына барды. -Тауға біреуді ілестіріп жіберіңіз, бұйырғанын алып қайтар деді тап бір Жаманты сайында арқар мен елікті көгендеп байлап, көзден таса қылмай жайып жүргендей сенімді сөйлеп. -Оған кімді жіберсем деп Қаншай ойланып қалды. Шал болса атқа мініп жүре алмас, Бала Ақтеректе жұмыста. Әй сен немене қылып секеңдеп жүрсің деді кетуге ыңғайланып жатқан Секелекке бұрылып. Қыстың көзі қырауда қара суды құдай алады ғой дейсің бе, Ұлымаға еріп Ұлысудың бойына (Жаманқұл деген қайнағалары болған соң, Жамантылық кемпірлердің көбі өзенді Ұлы су, ауылды Жақсы ауыл деп атайтын) барып қайт. -Барайын, барайын деп Секелек елпең ете қалды. Тек атым арықтау. -Өй сенің атың өзің құсап өмірі көтерем болып жүреді, біздің бөрте жорғаны мін деді Қаншай шорт кесіп. Арада шай қайнатым уақыт өткенде, Жаманты ауылынан тауға қарай кертөбел атты біреу, үстіне жүк артқан құлақасқаны жетелеп бара жатты. Одан сәл кейінірек есік пен төрдей бөрте жорғаны ақкөбік қардың үстінде теңселтіп, аттың жүрісіне сүйсінгендей бір жамбастай қаздиып отырған қалақтай біреу кетіп бара жатты. *** Секелекті соңына ерткен Ұлыма Жамантының ішіндегі тастан қаланған үйіне қас қарайғанда бірақ жеткен. Келе, аттарын суытып, өзі тамақ қамына кірісті. Секелекке қазанға су толтырып,от жағуды тапсырды. -Мынауың ет асқалы жатыр ма деп қуанған Секелек, ыңылдап өлеңдетіп жүріп, айтқанын тапжылтпай орындады. Екеулеп кешеден қалған қуырдақты жылытып жеп, бір-бір кеседен майлы сорпасын ішті. Одан кейін Ұлыма даладан даңғырлатып қалайы легенді алып келген. Ішіне қазандағы қайнаған суды құйды. Үстіне бір құшақ қураған шөпті тастай салды. Өзен бойында өсетін, қалампыр, иманжапырақ секілді өсімдіктердің хош иісі лезде бұрқ етіп, тоқал тамның ішін кернеп кеткен. Артынша екі шелек суық суды қотара құйып, араластырды. Қанжылым суға қолын малып отырып, Секелекке жүзін бұрмастан бұйыра сөйледі. -Шешін! -Не? Секелек қушиған арық қана емес қоянжүрек қорқақ адам еді, шошығаннан селкілдеп кетті. -Шешін деймін саған -Ойбай бұл не мазағың….Не істемексің? -Шешін шомыламыз, бірінші сен, одан кейін мен. Аңға иіс алдырмас үшін жуынып, тазаланып бару керек. Секелек сонда ғана сылқ етіп отыра кеткен. Келер сәтте қалайы легеннің ішінде, басы қылтиып рахаттанып жатты. Жолсоқты болғандікі ме бусанып жатып, ұйықтап кетіпті. Ертеңіне таң қылаң бере Ұлыма жұлқылап оятқанда әзер көзін ашқан. Қасқыр ішікті жамылған күйі қисайған екен, бұтындағы дамбалынан басқа түгі жоқ, тыржалаңаш. -Киімім қайда деп сұрауға оқтала бергенде, Ұлыма дүңк етіп, алдын орағытты. -Киімдерің қораның ішінде. -О не қылғаның? Сұрағына жауап күтпестен Секелек ішікті жамылған күйі далаға шықты. Әлі жұлдыздар сөне қоймапты. Төңірек ақ пен қараны айырғысыз қараңғы. Үйге кіріп аспалы шамды алып қораға қайта барды. Әлдебір жағымсыз иіс қолқаны қабады. Төрде төбе боп үйілген неше түрлі аң терісі жатыр. Оның үстінде қаптаған киімдер жайылыпты. Бір қолымен аузы-мұрнын басып, бір қолымен сипалап жүріп өз киімдерін әзер түгендеп алды. Далаға шығып бара жатып, шалынып жығыла жаздады. -Әкеңнің артқы сирағын ұрайын деп кіжінді. Секелектің бар білетін бейпіл сөзі осы. Жаны аса бір күйзелгенде ғана осылайша боқтайтын. Бірақ бұл жолы кімді боқтағанын өзі де парықтамады. Үйге кіріп, сасық иіс мүңкігеніне қарамастан киімдерін апыл-ғұпыл үстіне іліп, далаға шыққан. Ұлыма қарсы жолықты. Өз киімдерін де терінің үстіне жайып қойса керек, бір құшақ қылып көтеріп үйге кіріп кетті. -Мынаның есі дұрыс емес шығар, деп күбірледі Секелек. Үйде орын қалмағандай киім-кешекті сасық қораға апарып тастағаны қай сасқаны. Секемшіл едім, аузыма ұшық қаптап кетпесе болғаны деп әлденеден жиренгендей жерге шырт еткізіп түкірді. Олар таң қылаң бере атқа қонған. Жамантының сайымен өрлеп, он бір жылғаның өзегіне жеткенше тоқтамастан жүрді. Он бір жылғаның ең басындағы кәтек қайнардан мейір қандырған соң, Ұлыма өзен бойлап кеткен. Бір кезде әлдеқандай мақұлықтың барқыраған дауысы шықты. Секелектің астындағы боз жорға үркек еді, шылбырына жабысып, әзер тоқтатып алды. Ал Ұлыманың кертөбелі былқ етпейді, мұндай дыбысқа үйренген секілді. Бір кезде әлгі дыбыс қайталанды. Артынша Қоңыртөбе мен Суықтөбенің қол ұстасар тұсынан тура сондай маңыраған дыбыс талып естілді. Бұл анда бір, мұнда бір құлақ тігіп, жалтақтап тұрғанда өзен бойынан Ұлыманың сұлбасы байқалған. Келе, атына қарғып мініп, үн-түнсіз, сар желіспен бүлкілдеп кете барған. Состиып тұрып қалған Секелек түкке түсінбесе де артынан салпақтап ерді. Ұлыма сол жүргеннен Қоңыртөбеге асып түсер тұстағы Шолақсайдың аузына барғанда тізгін тежеді. Екі атты сол жерге қалдырып, ары қарай жаяу тартты. Жаяу жүргенде де ашық алаңқай мен емес, қорыс-қорыстың ішімен жүреді. Секелектің киімін шеңгел жыртып, бетін тікенек тіліп, өзінің өкпесі өшіп, діңкелей бастаған кезде Ұлыма жер бауырлай жата қалған. Қалтасынан әлдебір шөптің жапырағын шығарып, екі алақанының арасына салды да, аузына тақады. Артынша бағанағы өзен бойынан естіген маңыраған дыбыс шықты. Екі-үш мәрте боздаған соң, тыныстап тың тыңдады. Бір кезде алдыңғы жақтан тастың домалаған тықыры естілді, жерге тақұл-тұқыл тиген тұяқ үні жетті. Ұлыма мылтығын оңтайлап ұстап, алдыға мысықтабандап, еңбектей жылжыды. Секелекке соңымнан ерме дегендей қолын бір сілтеп, ишарат жасаған. Бір кезде тарс еткен он алтының дыбысы шықты. Селк ете түскен Секелек ұшып тұрып жан-жағына қараған, қарсы алдындағы жартастан құлап бара жатқан жон арқасы қып қызыл жарау елікті көрді. 2-бөлім. АЛТЫНБЕК МЕРГЕН Ұлыманың бабалары Таутүргеннің қойнауын жайлаған екен. Бірақ өзінің балалық шағы Алматының батыс қапталындағы Үшқоңыр,Суықтөбе, Қоңыртөбе тауларында өтті. Үшке толған жылы әкесі бүркітін қамшымен ұрған ауыл белсендісін сабаймын деп сотталып кетіпті. Содан хабарсыз. Ал шешесі сол жылы домалатпай дертінен қайтыс болған. Ата-анадан бірдей айрылған бұл бейбақты әркімнің босағасында жүрген жерінен Алтынбек мерген бауырына басты. Әке мен шешенің кескін-келбеті есінде жоқ, тек мерген атасының айтуы бойынша біледі. -Домалатпайдың емі жоқ деп, талай қазақ босқа қырылыпты, бүгінгі соқырішек екен ғой деп күйіне еске алатын ол, анасы туралы сөз болғанда. Ал әкесі жайлы сөйлегенде әңгімесі таусылған емес. Мергеннің айтуынша мұның әкесі жеті атасынан бері қолына қыран қондырған құсбегі. Екеуі аң қағып жүріп Алматының үстіндегі Кімасар шатқалында танысыпты. Бірі қарауылға алған қарайғанды қалт жібермейтін мерген, бірі салған құсым қасқырға түссін деп серт берген саятшы. Екеуі кездескен сәттен ұғынысып, тіл табысады. Екі апта бойы үзеңгі қағыстырып қатар жүреді, ақыры Талғар маңындағы Салт атты сайда ақіреттік дос болайық деп айрылысады. -Е, балам ау, Қапсағайдай қазақты өмірімде кездестірмедім деді мерген атасы бірде. Алты жасқа жаңа толған жылы алғаш рет аңшылыққа алып шыққан болатын. Жол-жөнекей әкесі туралы айтумен болды. -Осы, қазіргі жұрт алакөбеңде кетіп, ымырт үйіріле үйіне қайтып келгенді аңшылық, саятшылық деп жүр ғой, біздікі басқаша еді. Қапсағай екеуміз бас қосқанда күндеп, апталап емес, айлап дала кеземіз. Аңның қызығына түсіп, көбіне елден ұзап кетеміз. Батысқа сапар шексек өзіміздің Қордайды кесіп өтіп, Шу өзенінен ат суғарамыз. Ал шығысты бетке алсақ сонау Нарынқолды жайлаған Албандардың сары қымызын ішіп, соғымынан сыбаға жеп қайтамыз. Шарынның бойы, Торайғыр тауы, Асы, Қарасаз жайлауы мен Қарадаланың жазығы талай ит жүгіртіп, құс салған жерлеріміз. Қапсағай мен Алтынбек келе жатыр дегенде, қатындар қуырдақ қуырамыз деп қазанын қамдап, еркектер пышағын қайрай бастайтын. Қай жерден олжа түсірдік, сол маңдағы ауылға қонақ боламыз. Қанжығамыздағы елік пен арқар, түлкі-қасқыр сол босағада қалатын. «Е,ее атқанның аңын, жатқан байланар» деген сол балам. «Батырдан олжа, аңшыдан сыралғы» деген даланың жазылмаған заңы еді ғой деп Алтынбек мерген өткен күндерді еске алғандай аз-кем үнсіз қалды. Астындағы торы жорғаны сипай қамшылай әңгімесін қайта жалғаған. -Жарықтық Қапсағай десе Қапсағай еді ғой өзі де. Киіз үйдің есігінен қырымен ғана кіре алатын. Талай бүркітшіні көрдім құсын қолына қондырғанда, қары талмас үшін астынан балдақ тірейді. Ал Қапсағай былқ етпестен отыра беретін, қарулы еді. Денесі секілді пейілі де кең, мәрт болатын. Біреуге бірдеме берсем, пейішке кіріп бара жатқандай рахаттанамын дейтін. Е,ее жарықтық өзі аңсаған пейіште, жаны шалқып жүрген шығар!!! Алтынбек мерген іштей күбірлеп, бата жасады. Ақ сақалы алқымын жапқан қарттың артына жарбия мінгескен бұлда аумин деп кішкентай алақанымен бетін сипады. Ұлыманың алғашқы аңшылық сапары сәтті басталған еді. Торы жорғаға мінгенскен шал мен бала, Қасқабұлақтан өте сала төрт жерге қақпан құрған. Алғашқы үшеуін Алтынбек мерген өзі құрып, соңғы қақпанды бұның еркіне берген еді. Мықшыңдап біраз әуреленді, ақыры атасының жәрдемімен, қандыауызды арандай ашып, қармен жасырып, жемтік тастады. Сол түні дөңбекшіп ұйықтай алмай шықты, шым шытырық түс көрді. Түсінде біресе еңгезердей қарасұр кісі теңселе басып қасына келеді. Маңдайынан иіскеп, арқасынан сипап, үн-түнсіз келген жағына қайта кетеді. Енді бірде бүгінгі құрған қақпанын көреді. Қақпанына қасқыр түсіп, ол сирағын қиып кетіпті дейді. Алтынбек атасы жаралы жыртқышты жіберуге болмайды, елге зияны тиеді деп артынан қуғын салады. Бір кезде ақсақ қасқыр адам басты бөріге айналып, шыға келеді. Ал бұл қасқырдың кейпіне еніп, аспанға қарап ұзақ ұлиды. Ақсақ қасқыр бұл ұлыған сайын сақ-сақ күліп, мазақ қылады. Осы кезде әлдеқайдан мылтық асынған әскер шығып, екеуін бірдей атқылай бастады. Осы сәт өзінің адам екенін, әлде қасқыр екенін айыра алмаған бұл ақсақ қасқырмен қосылып тауды бөктерлеп қашты. Қуғыншылардан қара үзіп, алыстай бергенде құлақ түбінен шаңқ еткен дыбыс шықты. Аң үркітетін қаңғырлақтың үніне ұқсас оқыс дауыстан оянып кетті. Атасы екен дәрет алайын деп, пештің үстіндегі шелек, шәугімді саңғырлатып жүрген. Мерген қарт азан шақыруды бастағанда бұлда түсінде көрген оқиғалардың шетіне жете алмай, төсегінен салыңқы көтерілген. Намаз аяқталғанша қорадағы торы жорғаны шығарып, ертоқым салды. Елгезек баланың ісіне іштей сүйсінген Алтынбек мерген ештеме деп үн қатпастан келіп, торы жорғаның тартпасын бір тексеріп секіріп мінді, сол аяғын ұсынып мұны артына мінгестірді. Жол бойы тынбастан сөйлеумен болды, бүгін ерекше көңілді өзі. Әкесі туралы, аңшылық жайлы бұрын естімеген қызықты әңгімелер айтты. Алакөбеңде атқа қонған олар Қасқабұлаққа күн шықпай жеткен. Алдымен атасы құрған үш қақпанды тексерді, екеуі бос, біреуіне қарсақ түсіпті. Жүні жетілмепті деп мерген атасы оны ағытып жіберді. Бұл өзінің қақпанын көруге асықты. Бұлар қақпан жасырылған сайға құлдилай түсе бергенде мерген қарт –е, жасаған ием деп дауыстады да аяғын естіртпей іштей күбірлеп кеткен. Бұл алдыға ұмсынып қарағанда көрді, қақпаны таудың қызыл түлкісін қауыпты. Қуанғаннан аттан секіріп түсіп, түлкіні бас салуға шақ қалды. Жыртқыш тісін ақситып айбат шеккенде ғана шегіншектеп кеткен. Алтынбек мерген де баланың алғашқы қадамы сәтті болғанына қуанып, елпең қағып жүр. Түлкіні тұмсыққа екі ұрып өлтірді де, терісін бүлдірмей сыпырып алып, торы жорғаның оң жақ қанжығасына салаңдатып байлады. Алатаудың қызылын қақпанға түсіріп, көңілі марқайған мерген мен бала ауылды бетке алған кезде малды өріске шығарған қойшылар қарсы ұшырасқан. Сырғақтап, қиғаштай тартқанмен аңшыны таныған олар анадайдан шапқылап келіп амандасты. -Таңғы нәсіп тәңірден деген, олжаңызға ортақсайық ата деп ыржалақтай күлген, секпіл бет сары жігіт. -Тәйт көргенсіз деп ашу шақырды осы кезде егделеу келген мұртты кісі. Аңшының қанжығасына көз салғанды қай атаңнан көріп едің. Құмартып бара жатсаң үйіне барып, сый-сияпатыңды жасап, қолқала. Секпіл бет не бүлдіргенін білмей, аңтарылып қалғанда мұртты кісі атын тебініп атасына қатарласты. -Алтеке жас бала ғой, қанжығаға байланған аңға құда түсуге болмайтынын біледі дейсіз бе осы желөкпелер деді даусын бәсеңдетіп. Көңіліңізге алмаңыз. -Әй оқасы жоқ Тауасар, жөн білетін өздерің аман болсаңдар, жастар үйренеді ғой дәстүр-салтты деп атасы көңілденіп сала берді. Баламның алғашқы олжасы еді, әйтпесе бір күшіктің терісіне басқаны қайдам, Алтынбек тарылмас. Осы кезде мұртты кісі ат артында жарбиып отырған мұның басынан мейірлене сипап, құтты болсын айтқан. Ұялғанынан секпіл беті қошқылданып кеткен сары жігітте қосамжарласа келіп, жалпақтап, атасынан кешірім сұрады. -Айыптымын ақсақал, бір марқаның басын мүжіп кетіңіз деп, шаужайына оратылды. Бірақ атасы дәм тартқан күні барармыз батыр, бүгін баламның олжасын үйге түсіруім керек деп қайрылмады. Бара сала шикіл теріні илеуге салды. Кейіннен осы теріден балаға шақтап түлкітұмақ тіктірген. *** Қарт мерген сөзден істі жақсы көретін. Мылтығын майласа да мұны шақырып алып, көріп-білсін дегендей асықпай, баппен атқаратын барлық әрекетті. Соның арқасында ештемені тәптіштеп түсіндірмей-ақ қағылез бала барлығын қағып алды. Қасқырша ұлу мен елікше маңырауға жеті жасынан машықтанды. Қақпан құрудың қыр сырын, із кесудің тәсілдерін де тез игеріп кеткенмен мылтыққа төселе алмай қиналды. Бастапқыда атқан оғы далаға кетіп жүрді, күндер өте жүрегін тоқтатуға, тыныс алуға, нысананы дәл көздеуге дағдыланды. Алғашқы атқан аңы тауешкі еді. Шығыстан шапақ шашқан күнге маңдайын сүйгізіп, қасқайып тұрған жерінен жалп еткізген. Он алтының оғы тура төстің сол қапталын ала тиіпті. Баланың бірінші талабына мерген атасы қуанғанмен, көңілтолмастығын да сездірген. -Обал жасадың деді ешкінің терісін сылып жатып. Төсі мен бір жақ қабырғаның жартысын талқандап жіберіпсің, бұл жері жеуге жарамсыз боп қалды. Нағыз мерген қасқыр, түлкіні терісін бүлдірмей, елік, арқарды етін зақымдамай атады. Осындай ептілікті игеру керек. -Сонда қай жерден ату керек? -Оғыңды екі қабырғаның арасынан өткіз! Ешбір сүйегін зақымдамай, өкпеге барып қадалатын болсын. Оңқа тұрғызамын десең жүректі көзде… -Оңқа деген не? -Оны уақытында көресің…. Көп ұзамай Оңқа тұрған арқарды де көрді. Бұл жолғы сапарға атасы ерекше дайындалды. Ертеңмен көлеңкеге жайғасып алып, мылтықтың ұңғысын қалыпқа салып, түзулігін тексерді, талай жылдан бері жан серігіне айналған он алтыны әбден тазалап, сүртті. Түс ауа, мұны арнаның бойына жұмсап, саз батпақ алдырды. Иін ағашқа салып, мықшыңдап көтеріп келген екі шелек қою балшықты мал суғаратын сопақша астауға төктіріп, тегістеп жаймалады. Қора жақта қаттаулы тұрған қамыстардың басын шауып, бір құлаштай қылып кесіп қойған екен, оларды әлгі батпаққа найзадайын тікесінен шаншыды. Одан кейін екеулеп қорғасын балқытуға кіріскен. Қорғасын бабына келгенде, атасы осы шаруаға шақталып істелген шағын ожаумен жылпылдаған күміс түстес сұйықтықты іліп алып, әлгі қамыстарға сыздықтата құйды. Балқытылған қорғасын түгел құйылып біткенде, қамыстарды біртіндеп суырып алып, екі жақтап аршуға кірісті. Бірі жіңішке, бірі жуан, енді бірі орташа қалыңдықтағы отыз шақты қорғасын таяқшасы пайда болыпты. Атасы жіңішкесін бір бөлек, жуанын бір бөлек іріктеп қойды да, төске салып майдалап турап шықты. -Әй Татардың қызы деп дауыстады осы кезде. Әйелінің ныспысы Ноғай еді, сондықтан көңілденген күні атын атамай Ноқыш, Татар қызы дейтін. Қазан-ошақ жақтан басын қылтитқан кемпіріне, қол диірменді жеткізуді тапсырды. Қолдиірмен қастарына келген соң ыңғайланып отырып алып, әлгі туралған майда қорғасынды диірменнің тасына салып, шиыршықтады. Бірер мәрте айналдырған соң-ақ бағанағы сопайған түйіршіктер, домаланған кәртіш, бытыра оқтарының кейпіне келе қалған. Одан кейін арнайы қалыпқа салып, жез жонды. Атыла-атыла бүйірі шығып, майысып, қисайған жез оқтар дұрысталғаннан соң порох салып, үстіне бестен, алтыдан, жеті-сегізден бытыраларды тастады. Оншақты жезге жалғыз оқтан түсті. Ең соңында киіз бен қағаздан жезге лайықтап дөңгеленте ойылған тығындарды нығарлап бекітіп, барлығына пистон кигізіп, оқшантайға тізгенде қас қарайған еді. Ертеңіне әдеттегідей сапар моншаға түсіп, жуынып-шайынды, қасқыр-түлкінің иленген терілерімен бірге қоймада илектеліп жататын, әбден аң иісі сіңген сұрқай түсті киімдерін бір-бір сілкіп киді. Кешкілік ел-жұрт мал қоралап жатқанда шал мен бала атқа қонды. Қасқабұлақты бойлай көтеріліп, Әжібай сазына қонарға жетті. Аттарын сол маңға арқандап, атасы серке шоқыға өрмелеп шығып, жер бағдарлады. -Бірер сағат көз шырымын алайық, ары қарай жаяу тартамыз деген қайтып келе сала. Екеуі ер тоқымын жастанып қисая кеткен. Қанша жатқаны белгісіз, ұйықтады ма, ұйықтамады білмейді, бір кезде атасының жөткірінген даусынан оянып кетті. Өзі шекпенін шешіп, ықшам киініп алыпты. Оқшантайын беліне орап, он алтысына жалғыз оқты патронды салып жатыр екен. –Кеттік деді, біреу естіп қоятындай ернін жыбырлатпастан сыбыр етіп. Тауды қапталдап, өрлеп келеді, атасы алдыда, бұл соңында. Қанша жүргені белгісіз, бір уақытта жалаңаш тауға кездесті. Таудың беткейінде тайдың маңдайына түскен қасқадай болып, алып қорымның көк тастары ай жүзіне шағылысып, жарқырайды. Екеуі қорымды кесіп жүрсек тас домалап, сезік тудырып алармыз дегендей бас жағынан айналып өтті. Қорымның арғы басы қап-қара боп қарауытып тұрған, жақындағанда көрді басына топталып арша өскен құз жартас екен. Жартастың етегі қалың қорыс. Атасы екеуі еппен басып жартастың ортан беліне дейін шықты. Осы кезде шығыс жақтан бозарып таң қылаң берген. Ендігі жүріс қауіпті. Шал мен бала сол жерден ыңғайлы орын сайлап, бірер сағатты төңірекке дүрбі салумен өткерді. Ешқайда қозғалған жоқ. Басты назар, қарсы алдыдағы қалың қорыста. Төрт-бес сауысқан сол маңдағы қарақатты төңіректеп жүргеніне қарағанда, әккі мергеннің діттеп келген арқар, елігі осында жатыр. Күн көтеріле таңғы ұйқы, буынын алып маужырай бастаған, атасы түрткенде басын көтерді. Аңдыған аңы бой көрсетіпті. Жүз қадамдай жерде екі қозықанын ерткен бес-алты арқар алаңсыз жайылып тұр. Мүйізі екі оралған кер құлжа кербезденіп күнге шекесін тосып, ара-тұра тың тыңдайды. Өздерін төңіректеп жүрген сауысқаннан өзге бұл маңда тіршілік иесі жоғына сенімді болса да, өте сақ қимылдайды. Атасы қанды басың бері тарт деп күбір ете қалды. Соны естіп қойғандай арқарлар басын жерден алмастан, бірер желіп еңістен өрге көтерілді. Кербез құлжа Күншіғысқа қарап кезекті құлақ түріп, басын кегжите бергенде әлдене шаңқ ете қалды. Сауысқандар пыр етіп ұшты. Арқарлар алды артына қарамай зытып берген. Тек кербез құлжа орнында тұр. Бұл, не болғанын ұқпай состиып қарап қалыпты, атасы жүгіріп барып, құлжаның тамағынан орып жібергенде ғана есін жиған. Оңқа деген осы екенін ол айтқызбай ақ ұқты. Жалғыз оқ тура жүрекке барып, қадалыпты. Бүкіл денені мотордай қозғалтып тұрған мүше тоқтаған сәтте, жануар да тұрған орнында қатып қалған. -Бұл менің үшінші оңқам, деді Алтынбек мерген құлжаның терісін іреп жатып. Бәлкім соңғым болар, көз бұлдырап,қол қалтырайтын болып жүр. Жүректе соңғы кезде ырыққа көнбей атқақтап кететінді шығарыпты деп денсаулығына наз айтты. Сол арқарды сойып, мүшелеп біткенше оңқа тұрғызудың әдіс-айласын әңгімелеумен болды. *** Алтынбек мергенге еріп, аңшылық қылған оншақты жыл Ұлыма үшін ұлы мектеп болған екен. Бағзыдан жалғасқан аңшылық өнердің шетін көріп қалды, бірақ суатына бас қойып мелдектеп тоймай қалғанын сезеді. Қасына ергенмен қарт мергеннің қасиетін толық сіңіре алмаған секілді. Оңқа тұрғызбаққа қанша талап қылды, бірақ қолынан келмеді. -Сен аңның жүрек соғысын сезіп, қимылын болжай білуің керек дейтін мерген атасы. Нысанаға дөп тигізесің, көздеуің қапысыз. Бірақ сезіміңді игере алмай жүрсің, уақыт пен арақашықтықтан жаңылысатын тәріздісің деп ескерткен. Қанша мәрте қасқайып тұрған арқарды алыстан да жақыннан таяу барып та жүректен көздеп атып көрді. Бірі оңқа тұрған емес, барлығы омақаса құлайды да қалады. Ақыры атасы қолың ауыр екен, бұл саған дарымайды бәрібір деген. Бұл да содан кейін оңқалыққа ұмтылған емес. Бұл он үш жасқа толған жылы мерген атасы көз ауруына шалдықты. Алматыға неше барып емдеткенмен, шипа болмады. -Әй сол, аңның киесі ғой менің көзімді алған деп отыратын. Асыра сілтеп жіберген кездеріміз болмады емес, болған шығар. Енді мен жіберген қателікті сен қайталама деп мұның басынан сипайтын. Көзден қалса да Алтынбек мерген сөзден қалмады. Содан бергі бес жылды бұл мерген қартты жетелеумен өткерді. Қыс болса күншуақта, жаздыкүні көлеңкеде отырып алып небір хикаяларды тыңдады. Алтынбек мергендігінен бөлек, әнші, қиссашы, ертегіші еді. Тұйғындай ширақ денесін, ұшар құстай қомдап алып Қыз жібек, Қозы көрпеш, Көрғұлы дастандары, Сүлеймен пайғамбар қиссасын айтқанда таңды-таңға ұратын. Аңшылыққа келіп тұратын орыс достары сыйға тартқан баяны бар болатын. Көңілінің хошы келгенде -Татар қыз, кәрмонымды алып бер деп, төргі үйде ілулі тұратын аспабын ұстап, баян шалатын. Мінезі жайлы еді. Тұрмыстың тауқіметіне күйгелектенген жан емен. Өзі екі соғысты өткерген адам. Әуелгіде отыз сегізінші жылғы Финдермен болған шайқасқа аттанғанда небәрі он алты жаста болыпты. -Бір құлынды биеге сатылып, болыстың баласы орнына соғысып келген келесаудан не сұрайсың деп шарпысып қалған күндері кемпірі түйгіштеп отыратын. Одан кейінгі немістермен болған қырғынға да бір кісідей атсалысқан. Бірақ қаншама жыл қасында жүрді, соғыс туралы жақ ашқан емес, көбіне аңшылық жайлы сөйлеуге құмбыл. Әсіресе аңның киесі тақырыбына келгенде ешкімге қара көрсетпеуші еді. Ол айтқан нақыл сөздер Ұлыманың әлі күнге жадынан өшкен емес: — Қорадағы малдың иесі болса, даладағы аңның киесі бар. — Жолыққан аңға оқ жаудырған аңшы емес, қасапшы. — Атар аңынды таңдап ат!!! Аналығына тиме тұқымын құртасың, арығына жолама етін итке тастап, расуа қыласың!!! -Аңшылық кәсіп емес, өнер. Аңшының олжасы, халықтың қазынасы. -Аңның терісі мен мүйізіне бола қызыл қасап жасама. Сарытышқан ұстасаң да о дүниеде сұрауы болады. Ұлыма осы уақытқа дейін мерген атасындай ертекшіні көрген емес. «Ерте, ерте ертеде, ешкі жүні келтеде» деп тақпақтамай ерекше әсерленіп, тыңдаушыны ұйытып сөйлейтін. Сұрмерген, Баламерген, Қарамерген деп кете беретін аңшылыққа қатысты ертектерді түйдектетіп соққанда, бұл ертек емес қарт аңшының өз басынан өткерген оқиғалар секілді көрінетін. Ара- тұра өзі куә болған қызықты хикаяларды да еш қоспасыз баяндайды. Әсіресе жын-шайтандармен кездескені туралы әңгімелегенде Ұлыма үрпиіп, үнсіз тыңдаушы еді. Себебі мергенмен бірге түзде түнеп жүрген жылдары өзіне беймәлім, тылсым тіршілік иелерін сырттай көргені бар. Әлі есінде Қопаның бойында адамға шапқан үйірлі қасқыр пайда болды дегенді естіп, атасы екеуі қарашаның қара суығына қарамастан екі атпен еңіске түскен. Күні бойы із кесіп, итқұстың жүрер жолын шамалады. Ымырт үйіріле Қопаның қамысын орып әкеліп, күрке жасады. От жағып, ас қамдады. Бір кезде өзеннің арғы бетінен жылтыраған алау пайда бола кеткен. -Ата ана жақта біреулер жүр деп, бұл орнынан атып тұрды. Бірақ атасы саспады. -Ә, атаңа нәлеттер келдіңдер ме? деп аналарға естірте айғай салған. Сол ақ екен төңірек айқай-ұйқайға толып кетті, сықылықтаған әйел күлкісі естіліп, әлгі отты айнала жүгірген адам сұлбалары анық байқалды. Бір кезде атасы қосауызын, солай қаратып басып қалды. Есі шығып кетті, атасы адамға мылтық кезенбейтін. Мұның көзіндегі таңырқауды сезіп тұрған мерген шал –Ол шайтанның ойнағы ғой балам. Маған келуге дәті шыдамайды малғұндардың, тек сырттай төңіректейді де жүреді осылай. -Қорықпа деген. Олар қорыққан адамды ғана қақпақылға алады. Өзі асықпай барып дәрет алып келді. Құбылаға қарап, құптан намазын оқыды. Атасы қалай намазға тұрды, әлгі шайтандар зым-зия болды. От та, от басында ойнақ салған әйелдер де ізім ғайым жоғалған. Сол түні бұл атасын құшақтап, елегізіп ұйықтай алмай шықты. Кейіннен жапан дүзде жалғыз жортқан жылдары перінің көші мен жын-шайтанның ойнағын талай рет көрген, ешбірінде Қопаның бойындағыдай қорықпады. Атасы үйреткен дұғаларды дауыстап оқып, өздеріне тап беретін. Тіпті бірде олардың жаққан отын көрейінші деп, атын борбайлап тура солай қарай құйғыта шапқан. Бірақ жеткізбеді, бұл жақындаған сайын олар ұзай берді. Бір жерге барып арандап қалармын деп, тізгін тежеген. 3-бөлім. АҢНЫҢ КИЕСІ Ұлыманың Жаманты сайын жайлағанына үш жылдан асты. Бұл уақытта Жамантының біраз көкпаршысы қамшысын, мылтыққа айырбастаған. Бір серкеге бола дарақыланып күні бойы аттың сілікпесін шығарып шапқылағанша, бір күн тау кезіп олжа түсіргенім артық дескен. Әсіресе жастар үйірсек. Үйлеріндегі он алты мен миликачка, көне бесатарларын көтеріп Ұлыманың тастан соққан тоқал тамында апталап жатады. Бірақ көбінікі ет пен терінің арасындағы желік. Оларды кеудеден итермесе де Ұлыма іш тартып, аңшылық туралы ақтарылып сөйлеспейді. Әйтеуір тау кезіп, тарсылдатып, аңды атпаса да үркітіп жүргендеріне мәз. Аңшылық -әпербақындықты әсте көтеретін өнер емес, бірақ соны мылтық ұстаған екінің бірі түсіне бермейді. Алтынбек мерген дүние салғалы жайлаған Есік пен Түргеннің тауынан басын ала қашқаны осы еді. Азамат болып атажұртқа барғалы екі адамға көңілі ауып, бар білерін үйретті. Бірер айда қасқырша ұлып, елікше маңырауды меңгергендер, екі жылда мұнымен мергендік таластыратын болды. Қос қабырғаның арасынан оқ өткізіп, өкпесін тесуге дағдыланып алған Тебеген құрдасы мен Аңғарбекті мергендікке баулығанмен, қанағат пен мәрттікті сіңіре алмапты. Соны ойласа өзегін өрт шалады. Екеуі де аңшылыққа құмартып келіп еді, артынан құнығып кеткенін білмей қалды. Барлығын құртқан бәтуасыз дүниенің бәдік патшасы атанған, көрген адамның көзін арбап, көкірегін соқыр қылар — көк қағаз. Алматыдан еңгезердей көлікке мініп, екі иінінен дем алған талай дәңкеуде аңға алып шық деп қолқалай келетін. Бір рет ертіп барамын деп басы бәлеге қалғаны бар. Әлгілердің мылтығы аңға емес, соғысқа арнап жасалғандай, атқан аңның еті мен терісінен сау тамтық қалдырмайды. Оларға да аңның қызығы қажет емес, тауға шығып қылжақтау ғана керек секілді. Араққа тойып алып, елікше маңырашы, қасқырша ұлышы деп құдды цирктың сайқымазақ клоунын көріп отырғандай қайта-қайта мазалап, қажытып жіберген. Содан кейін қанша мәрте ақшасын қылтыңдатып қызықтырғанмен, байшыкештердің ешбірін жолатпады. Тек екі шәкірті әлсіздік танытып, әлгілерді иектетіп алды. Аңшылықтың қадірін түсірмеңдер деп қанша мәрте айтты, алайда ақшаның дәмін татып қалған пәтшағарлар илікпеді. Әрі-беріден соң, есің барда еліңді тап қаңғыған жетім деп, өзіне дүрсе қоя берген. Өздерін аң патшасы сезінген олар соңыра тапсырыспен жұмыс істейтін болды. Тебеген құрдасы бәйбішелері еліктің етіне жерік Алматылық бай- бағландармен байланыс орнатты. Олар қоңырау шалады бәлен бас елік, түген тұяқ арқар керек деп, бұл тауға шығып байқұс жануарларды оққа байлап, қанын сорғалатқан күйі көлігіне салып шабады. Даланың аңын, қорасындағы малын сатқандай, әрбір басын бәленбай мыңға бағалап, саудалап қайтады. Есігінің алдында тышқақ лағы жоқ еді, бір жылда, қорасы малға толып, кеудесін жел кернеп, ісініп шыға келді. Бірақ соңы қайырлы болмасын Ұлыма сезген, сонысы айнымай келді. Екі бас тауешкіні ертеңмен Алматыдағы достарына алып кеткен Тебеген сол сапардан оралмады. Кешкілік автокөлігі аударылыпты деген суық хабар жетті. Қарсы бетке шығып, автобустың астына кіріп кетіпті. Құдайдың құдыретімен көліктің жылдамдығын реттейтін құрылғының сабы (скорость) Тебеген марқұмның қос қабырғасының арасынан кіріп, өкпесін жарып жіберген.. Осыны естігенде Ұлыманың жүрегі зырқ ете қалды. Жарты жылға дейін аңға шықпай үйінде жатып алды. Қазірде аңды қарауылға алып, қабырғасын санай бастаған кезде ара-тұра Тебегеннің өлімі есіне түсіп кетсе, қолына діріл жүгіріп, діттеген жеріне тигізе алмай қалады. Аңғарбекте жер басып жүр дегені болмаса, адами рахаты түгесілген, тері сүйреткен тірі тұлып қазір. Тебеген елік пен арқар саудасын меншіктеп алғалы ол, суыр, борсық аулауға кіріскен еді. Әсіресе суырларды қырғанда, есігінің алдында терісі тау болып үйіліп жататын. Көзкөргендер Аңғарбек мылтық кезенгенде суырлар «ата көрме» деп жалынғандай қос аяғын қайшылап, сұңқылдап жылайды десетін. Ақыры Аңғарбекте жақсы болмады, аңның киесіне ұрынды. Соңғы үш жылда қылтанақ дертіне ұшырап, суыр құсап шіңкілдеді де қалды. Көмейінен тамақ өтпейді. Төсінің үстін тесіп қалташа жасап қойған, әйелі шайнап-шайнап сол жерден асқазанына қорек салады. Көңілін сұрай барғанда, тілдесуге де шамасы келмей қолын ербеңдетіп, басын шайқай берген. Осының бәріне Ұлыма өзін кінәлі санайды. Бабалар аманаттап кеткен бекзат өнердің берекесін кетірдім деп күңірегенде түн баласы көзі ілінбей дөңбекшіп шығады. Құдай қосқан қосағын азамат болған ұлдың қолына қалдырып, қос атын жетектеп Алматының арғы басынан балалық шағы өткен бергі басына қоныс аударуының да негізгі себебі осы. *** Ұлыма жыл сайын ерте көктемде жер шолатын. Суықтөбенің шығыс қапталын бір аралап шыққан соң Қоңыртөбені асып, Ақтасты, Желсаз, Жамбас, қырғыздың Ойжайлауына дейін барып, аңның мөлшерін бағдарлайды. Мұндай сапарға әдетте жалғыз шығатын, биыл ғана өзіне шәкірт қылуға икемдеп жүрген Ержанатты ертті. Әкесі ерте қайтқан, ауылдағы жесір әйелдің кенже баласы басқалардай емес, салмақты. Кітап оқығанды жақсы көреді екен. Кітаптың не екенін білмей өскен Ұлыманы, кей кездері кітап сөзімен сөйлеп сүріндіріп кететіні бар. Өткенде Таутүргендегі екі шәкіртінің қайғылы тағдырын айтып бергенде, ойланып отырып қалған. Қайтер екен деп, суық жанарымен сынай қараған бұған жүзін бұрмастан ол әл-Фараби сөзінен мысал келтірді. «Адамға білімнен бұрын тәрбиені үйрет» депті ғалым. Ұлыма өзінің көкейіндегіні бұдан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген ақылды адамның айтып кеткенін естігенде аузы аңқиып, балаша таңырқаған. Содан кейін Ержанатпен оңашаланғанда, ал кітабың не дейді деп, әңгіме сұрайтын. Ержанаттың арқасында Қытайдың Конфуций деген ғұламасынан бастап, батыстың білгірлері, өзіміздің Әбунасыр Әл Фараби, Абай, Шәкірім секілді ақыл-ой алыптарының өлеңдері мен нақыл сөздерін жаттап алды. Бұл жолғы сапарда да аңшылық тақырыбы түйінделе сала, Ержанат кітаптан оқығандарын ортаға салумен болды. Бір апта бойы ауыздары тыным таппастан, аттың белін суытпастан, Суықтөбе мен Қоңыртөбенің сай-саласын сүзіп шыққан қос жолаушы Жамантының ішіндегі тас қораға қызыл іңірде жеткен. Жақындағанда байқады, есігінің алдында үш ат байлаулы тұр екен. Аттардың бусанып, сауырлары ісініп тұрғанына қарағанда қонақтар жаңа ғана келген. Кертөбелдің шылбырын Ержанатқа ұстата салып, үйге кірді. Жол бастап келген Адгонбай көрінеді, Ұлыманы көре салып әлденеден қысылғандай кейіп танытты. Қасындағы екеуді тани алмады. Бірі полиция лейтенантының формасын киіп алыпты. Жағалай амандасып бола бергенде, лейтенант сөз бастады. Аспалы шамның жарығы сығырайып түссе де көрініп тұр, өзінің бетті нарттай қызыл екен. Бетін шартабақтай қылып алып сөзшең көрінеді. Алыстан орағытып келіп, қасындағы кісіні таныстырды. Ол таныстырған сәтте, қоразданып көкірек керген тікен бас, қысық көз, тарамыс адам аудандық ІІБ жаңадан тағайындалған басшысы болып шықты. Қызылбеттің айтуынша бұрын Астанада дөй қызмет атқарған, біздің ауданның жұмысын жетілдіру үшін арнайы жіберілген білікті маман. -Әбекең әуесқой аңшы деді Қызылбет оның лауазымын таныстырып болған соң. Әсіресе еркек қасқырға құмар. Бұл сөзді естігенде Ұлыма кірпі шашты сұр кісіге сынай қараған, әңгіме баз бір өзі туралы емес, басқа біреу жайлы болып жатқандай міз бағар емес. Құдалыққа келген бас құдадай ештемені жақтырмай, кіржиіп отыр. Ол кіржиіп, сазарған сайын Қызылбет, жалпақтап, жаны қалмай барады. Сөзіне қарағанда Қопаның бойына қасқыр атуға кеше шығыпты, бірақ ештеме таппай, құр сандалыпты. Сол жақта бір қойшының сарайында шәй ішіп отырғанда әлдекімнің аузынан қасқырша ұлитын аңшы бар дегенді естіп, Жамантыға арнайы іздеп келген беті. Қасқыр атамыз дегенді естігенде Ұлыма мырс етіп күліп жібергенін білмей қалды. Артынша ерсі қылығын жуып-шайып қазір қасқырдың уақыты еместігін ептеп түсіндіргенсіді. Бірақ айтқанын орындататын тентек баладай қонақтары қояр емес, ақыры болмаған соң, Қызылбет мұны оңашалап алып шықты. -Әбекеңе қасқырды бір көрсетші, сонша жерден келген еңбегіміз зая кетпесін деп жалынған. -Қазір қасқырдың туатын кезі. Абайсызда аналығын атып, бөлтіріктерінің обалына қаламыз. Еркегі кезіккен күннің өзінде жабағы жүні енді түлей бастады, тон тігу тұрмақ, табалдырыққа төсеніш жасауға келмейді деп Ұлыма да қасарысты. Сөздері жараспаған соң, қызылбет полицей доқ көрсетуге көшті. -Сонша бәлсінетіндей кімсің өзі? деген көзін ежірейтіп. Айдалада неғып жүрген адамсың? Сен бәлкім қашқын қылмыскер шығарсың? Құжатың қайда? Аңшылық жасауға рұхсатың бар ма? Ұлыма тауға шықса да төсқалтасынан төлқұжатын тастамайтын,суырып алып көрсетті. Шырпысын шағып, ары бері төңкерістіріп қараған соң Қызылбет қалтасына сүңгітіп жіберді. -Айда, жүр!! Ауданға барып, тексереміз деп бұрыла берген. Осы сәт Ұлыма оны қапсыра құшақтап, екі аяғын жерге тигізбестен көтеріп әкеліп қайтадан орнына қойды. Қалш-қалш еткен түсі суық аңшыдан сескенген лейтенант бірер рет бұлқынып көрді, бірақ екі иықтан ұстап алған қарулы қолдың құрсауынан құтыла алмады. Амалсыздан жалынуға көшкен. -Ағатай ау, бір рет көрсетші қасқырдың қарасын. Атсақ аттық, атпасақ кетеміз ертең кешке. Адамбыз ғой, бір рет өтініш жасағанда, шалқайып қалатындарың не? Мылтықтарды есепке алып жатырмыз, маған да бір ісің түсер. Мені танисың ғой, осындағы төрт ауылдың участкелік инспекторымын деп лыпылдай бастады. Ұлыма қолын босатып, оның қалтасынан төлқұжатын суырып алды. Қызылбет қарсыласқан жоқ, тақалып келіп ысылдай сыбырлады. -Қызметімнен алып тастайды, көмектесші ағатай, шиеттей бала-шағам бар деп жыламсырады. Басқа сөздеріне буыны босамаса да бала дегенде Ұлыма қолқ ете қалған. -Жарайды деген, құлықсыздау. Ертең азанмен аттанамыз. *** Шетенді мен Сарықойынның аралығында құлама жар болатын, сол жардың күншығыс қабағы ежелден ит құстың мекені. Ұлыма ары-бері өткенде талай мәрте бөлтіріктердің ойнап жүргенін көзі шалған, бірақ арландардың апанына барып, тынышын алған емес. Жалпы Ұлыма қасқыр атуға оншалықты құмартпайды. Маңайдағы қойшылар итқұс қалыңдап кетті, үркітіп берші деп қолқалағанда ғана даланың қайсар мінезді хайуанына мылтық кезенетін. Былайғы уақытта жолында кездессе де, аспанға оқ атып қашырып жібергені болмаса, қанжығасын қандамаушы еді. Бүгін шақырусыз қос қонағын тура сонда бастап барды. Қызылбет пен Адгонбайды құлама жардың қарсы бетіндегі Шетендінің қырқасына өрлетіп жіберді, олар сол жерден апанның аузын дүрбімен бақылап, бөрілердің қарасы байқалса хабар беруі шарт. Өздері қалың жыныстан шыққан қасқыр соқпақтың қос қапталына жайғасты. Бұл тұс жалаңаш, тақырлау келген. Қай жағынан болсын атуға, ыңғайлы. Күн төбеден ауып, екінтіге таяғанда Қызылбет тұмағын бұлғап белгі берді. Шамасы итқұстар кешкі жорыққа шыққан сыңайлы. Ұлыма қосаузын ыңғайлап, жерге сұғына етпеттей жатты. Көп ұзамай бұты қолы сидиған, бір қар басқан жас бөрілерін ертіп, алқымы кере қарыс көкшулан көрінді. Бірдемеден сезік алғандай бұлар жатқан жерден қиыстай тартып, бүлкіл желіспен қашқақтап кетіп барады. Ұлыманың қосауызы жетер жер емес, Тікенбастың қолындағы соңғы шыққан аңшы мылтығы деп әлгінде Қызылбет қайта-қайта мақтаған. Қарауылға дұрыстап алса, бір жетсе соның оғы жетер. Ұлыма бауырымен жылжып, Тікенбасқа жақындады. Ол бұған назар аударар емес, қасқырды көздеп, қатып қалыпты. Бұл жете бере тыңқ еткен дыбыс шықты. Жас бөрінің біреуі домалап түсіп, қайта түрегелді, өзгелері тым-тырақай қашып, тобылғы, шеңгелдің ішіне кіріп, бой тасалаған. Ұлыма әлгінде көзден тасалау жерге қаңтарып қойған атына қарай жүгірді. Жаралы қасқырды жіберуге болмайды. Кертөбеліне қарғып мініп белеске құйғытып шыққанда алдыңғы аяқтан жарақат алған көкбөрі төңкерілген кеседей домаланып жатқан дегерес төбеге жақындап қалыпты. Секеңдеп, зордың күшімен сүрініп-қабынып қашып бара жатқан қасқырды кертөбел аттатпай қуып жетті. Атылып айбат шеккен кезде құлақтың түбінен тартып жіберген. Аузынан қан аралас жынын шашқан күйі жас бөрі тыпырлап жатып жан тапсырды. Бұл кезде барқырай айқайлап Адгонбай жеткен. Артынша Қызылбет пен Тікенбас келген едіреңдеп. Қызылбет жалма-жан терісін іреуге көшкенде, Тікенбас қасқырдың шатына қол жүгірткен. Қалтасындағы бәкісін жарқ еткізіп, әлі жаны толық шығып болмаған жас арланның еркектің мүшесін кесіп алды. Аңтарылып қарап қалған Ұлымаға зер салмастан, екі енектің біреуін беторамалына орап қалтасына салды да біреуін қақ ортасынан бөліп, қылғытып жұта салды. Мына көрініске Ұлыманың жүрегі шыдамай, сырт айналып кеткен, артынан біреу түрткендей болды. Тікенбас екен, қолындағы солдаттардың қалайы құтысын (фляшка) ұсынып тұр. -Ішесің бе? -Бұл не? -Таза спирт, тартып жібер, денсаулыққа пайдалы. Ішімдіктің иісінен ақ жүрегі лобып шыға келетін, мұрнын тыржитып жақтырмағанын сездірді де қайта-қайта басын шұлғып, ауыздығын алуды тілеп тұрған қарагеріне қарай жүрді. Артқы жағынан қасқыр атқыш екеудің әлгі спиртті «құлқ-құлқ» жұтқан, «жырқ-жырқ» күлген дауыстары шығып жатты. Ұлыма қасқырдың өті, бауыры секілді кейбір мүшелері емдік мақсатта қолданылатынын, азу тісін кейбіреулер баланың мойнына ырымдап тағатынын бұрыннан білетін. Бірақ енегін жеген адамды көрмек түгіл, естімепті. Қайтар жолда қаға берісте, Қызылбеттен мұның мәнісін сұраған. Жауап берместен бұрын, шиқылдап тұрып тұншыға күлген ол алдымен білегін түріп жіберіп, мынауың мынандай болады деген. Сосын спирттің уыты бойына тарап, ат үстінде теңселіп бара жатқан бастығына естіртпей, енді ағамыз жеңгемізге жеткенше жан таптырмайды деп сыбырлады. Тағы бір орайлы сәтте бастығының балалы бола алмай жүргенін де айтып үлгерді. Құдай қолдап, жеңгеміз бір шақалақты шар еткізсе екеуміз екі мәшине мінеміз деп алақанын ысқылаған. *** Арада жыл өткен. Ұзынсарының кезі болатын. Үнемі сергек ұйықтайтын Ұлыма дүрсілдеген ат дүбірінен оянып кетті. Таң атпастан шапқылап жүрген бұл кім деп ойлап үлгермеді, екі беті алабұртып Ержанат кіріп келді. Ол амандасып үлгермей жатып, Ұлыма сұрақ қойған. -Ел аман ба, не дүрлігіс? -Аманшылық деген Ержанат жадырай күліп, тек сізге бір хабар айтайын деп….. -Ол не хабар? -Қызылбеттер келе жатыр. Әлгінде сары уазигі Адгонбайдың есігінің алдына тоқтады. Енді келсе қашып кетемін деп отырушы едіңіз ғой, сол есіме түсіп, қасқа дөненіме міне шаптым. -Жарайсың деген Ұлыма, Ержанатқа разылық кейіп танытып. Жұмыртқа жегіштерге ұсталмай тұрғанда жиналайық деп қалжыңдаған. Сол күні қыр басына шығып, шақырусыз келген қонақтары қайтып кеткенше үйіне жоламай жүріп алды. Бірақ артынан осы әрекетіне оңбай өкінді. Ұлыманы жолықтыра алмаған соң, әлгі екеуі Адгонбайды алдыға салып анажолы қасқыр атқан Шетенді сайына барады. Ары-бері аңдып, ересек қасқыр кездестіре алмаған соң, Адгонбайды апанға түсіреді. Жемтік іздеп кеткен аналарын күтіп жатқан бес бөлтірік бар екен. Бесеуін желкесінен ұстап сүйреп шыққан Адгонбайдың арқасынан қағып, қалтасына көкқағазды қыстырған соң Тікенбас бөлтіріктердің бұтына қол жүгіртіп шығады. Үшеуі еркек екен, сирақтан ұстап жерге бір-бір соғып өлтіреді де, бармақтай болып енді өсіп келе жатқан жұмыртқасын суырып алып, сол жерде жұтады. Ұрғашыларының тірсегін қиып, апан аузына қалдырып, Жаманты қайдасың деп тартып отырады. Бұл сұмдық оқиғаны Адгонбайдың өзі ауылдастарына кино көргендей әсірелеп, әңгімелеп берген. Сол күні Қылышбек қария Адгонбайды алдырып, ақиқатын сұрапты. Ол пақыр аузы көпіріп болған жайтты баяндап бола бергенде, Қылышбектің «тәйт тексіз неме» деген даусы шаңқ ете қалады. Адгонбайдың тақыр басынан қан бұрқ ете түседі. Бағанадан бері қамшысын білеулей ұстап, әзер шыдап отырған екен, ашулы қарт қақ шекеден тартыпты. -Әкетіңдер сүмелекті деген, сақалы дір-дір етіп. Ауыл адамдары ойбайлаған Адгонбайды, қолтықтап үйіне жеткізген. Қызылбетке айтып соттатам сен қақпасты деп ол кіжінген. Сол күні алақандай ауылдың адамдары бірі Адгонбайды жақтап, бірі Қылышбекті қоштап қақ жарылған. Ал ертеңіне ауылға алакөбеңнен Сары қойынның аузындағы сарайды жайлаған Құлсымақтың Кәсесі аттандап жеткен. Үйірлі қасқыр қорасына кіріп, отыз қойын бауыздап кетіпті. Ол атына мініп Ақтерекке аттана сала, Текшелінің ішіндегі Нәшірбек келген алқынып, тапа-тал түсте қойына қасқыр шауыпты. Бесеуін тамақтапты, жиырма шақтысын бөліп әкеткен. Сол оқиғадан кейін-ақ Жамантының айналасындағы малшылардан маза кетті. Ақыры Қылышбек Ұлымаға Ержанатты шаптырған. Бұл жолы да ертеңмен алқын-жұлқын жеткен Ержанат, апыл-ғұпыл болған жайтты баяндап шықты. Қылышбектің қатуланып отырғанын, ауылдағы кейбіреулер әлгілерді иектетіп жүрген Ұлыма деп, бар кінәні осыған аударғысы келіп жүргенін айтты. Бесатарымен, он алтысын қатар ілген Ұлыма дереу атқа қонған. Жамантыға жете бере, Кертөбелдің басын Шетендіге бұрып, бағытын өзгертті. Оның қимылын бағып отырған Ержанат та ләм деп тіл қатпастан, соңынан салпақтап жүре берді. Екеуі баласын алдырып ашынған қаншық пен арланның ізін кесіп екі күн шапқылады, тек үшінші күні қарасын шалып, жолын торыды. Төртінші күн дегенде ғана жортуылдан қайтып келе жатқан бетінде, бір-бір оқпен сұлатты. Екі қасқырды өңгеріп әкеліп Қылышбек қарияның үйіне тастағанда Жамантының жұрты да, жан-жақтан жиыла қалған. -Ит құсты ашындырып алма деп едім деген Қылышбек өрт сөндіргендей түтігіп кеткен мұның жүзіне барлай қарап. -Кінәлімін қария деген, Ұлыма да гүр етіп. Бірақ менің кінәм әлгі нақұрыстарға ермей қалғанымда болып тұр. Қасында болсам, мұндай қанды қасап жасатпас едім. Осы кезде өзгелер де, -жөн сөз, -бұл байқұстың не жағызы бар, бәрін бүлдірген әлгі жалпақ бет милитция ғой, -қасқырдың енегін жеген не сұмдық астапыралла десіп дабырласқан. Болған жайтты ойша сараптап, саралап қойған Қылышбекте көпшілікті көп толқытпады. -Үйге жүріңдер, бүгін күн жұма емес пе деді біреу қол бұлғап тұрғандай Қоңыртөбенің басына ойлана қарап, -Құран оқылық…Жамантының жұрты қопарыла жылжып шоқша сақалды шалдың соңынан ерген. *** Күз бен қыс ат алмастыратын қарашаның соңғы күндері болатын. Қоңыртөбені көктей өткен алып күн, Қордайдың жотасына барып ізім-қайым жоғалған сәтте Ұлыманың үйіне екі аттылы адам сау ете қалған. Қызылбет пен Тікенбас екен. Көктемдегі қанды оқиғадан кейін Жамантыға жоламай кетіп еді, Бесмойнақ жақтан жасырынып түскен көрінеді. Қолқалап қоймаған соң Ұлыма, тамақтанып алып, түн жарымда аттанайық деген. Ержанатты оңаша шақырып алып, әлденені шегелеп тапсырды да, ауылға қайтарды. Төңірек толық түнгі ұйқыға кеткен сәтте атқа қонған үшеу Балажанның бастауына жеткенше суыт жүрді. Сол жерге аз-маз кідірген соң, Ұлыма, шоқы тастың үстіне шығып қасқырша ұлыды. Балажанның бас жағынан жауап қатқан итқұстың үні шықты. Ұлыма тағы ұлыды. Анау тағы қайталады. Жемтік көрген құзғындай Қызылбет пен Тікенбастың көзі жайнаңдап кетіпті. Бұл атына мініп үлгергенше, екеуі бірдемеден құр қалатындай тапырақтап шаба жөнелген. Түнделетіп жүріп, қасқыр белгі берген тұсқа барып тізгін тартқан. Сол жерде тұрып тағы ұлыды. Бұл жолы әлгі дауыс Текшелі жақтан шықты. Бұлар сар желдіріп отырып Текшеліге шыққанда таң атты. Жерге жарық түскеннен із кесіп, дауыс салып көрді. Ешқандай жауап болмады. Неде болса қас қарайғанды күтейік деп, сол жерде аттарын тұсап, кешке дейін жатты. Қараңғы түсе Ұлыма тағыда ұлыған. Кешегі қасқыр дауысы Шетендінің сайынан шықты. Үшеуі далбалақтап солай қарай шапқанмен, ештеме таба алмаған. Осылайша екі күн бойы Ұлыманың қасында салпаңдап жүріп, Қызылбет пен Тікенбас құр қол қайтқан. Олар кете салып, миығынан күліп Ержанат жетті. -Екі күн бойы Ұлимын деп, тамағым қарлығып қалды ғой деп қалжыңдаған. -Бұларды осылай діңкелету керек деген Ұлыма, шәкіртіне сүйсіне қарап. Бұл сәтсіздіктен Қызылбет ештемені парықтамаса да Тікенбас сезік алған еді.Қайтар жолда, Бесмойнаққа асып түсер тұстағы Қызылжардың үстіне шығып, Ұлыманың үйіне дүрбі салумен болды. Бағанағы өздері жүрген сүрлеумен кешке қарай бір емес, екі аттылы қайтып келе жатқанын көргенде, тас шайнап отырғандай тісін шықырлатты. Қызылбетке ләм деместен Қызылжардан сырғанап түсіп, атының тізгінінен ұстаған күйі мелшиіп аз-маз отырды да қарғып мініп, ылдилай шапқан. Серігінің артынан далбалақтап қуған Қызылбет Ұлыманың үйіне жеткенше ештеменің мәнісін түсінбеді. Ызақор бастығы Ұлыма мен Ержанатты қосақтап далаға алып шығып келе жатқанда да, түк ұқпаған күйі мәңірейіп тұра берген. Ұйықтап жатқан кезде басқан көрінеді, екеуі де іш киімшең. Кеуделеріне карабинді тақап тұрып Тікенбас орысшалап боқтады. -Ұлы, деді ақырып. -Бүгін бір қасқыр таппасам, сендерді атамын. Ұлы иттің баласы. Ұлыма қасарысып, міз бағар емес. Атсаң ат, дегендей мелшиіп тұр. Ержанат баланың есі шығып кеткені байқалады. Үні шықпай жалтақ-жалтақ қарайды. Тікенбас енді соған шүйлікті. -Кешелі бері, бізді cоңыңнан салпақтатқан сен күшік қой. Қане қасқырша ұлымасаң итше қыңсылатып атып тастаймын. Ұлы деймін саған. Ержанат жоғары көтеріліп тұрған қос қолын аузына қарай апарды. Қолын ерніне тақай беріп зарлы үн шығарған. -Ау..ұууу….уууу Ұлыма ешқашан үйінің қасында тұрып ұлымайтын. Іштей тіксініп қалды. Ержанат қайта ұлыды. Бұрын қалай байқамаған, көмейі күмбірлеп қасқырдың дауысын айнытпай салады екен. Бір кезде Жамантының бас жағындағы Арасан шипалы бұлағының тұсынан қасқыр үні шықты. Елең етіп, құлағын түре қалған Тікенбас -Тағы да ұлы! деп зірк етті. Ержанат қайта ұлыды. Әлгі қасқыр тағы жауап қатты. Осы кезде мылтықтың дүбімен талдырмаш баланы бір нұқыған Тікенбас, мін атыңа деді. -Киініп алайын, дегеніне қарайлаған жоқ, дедектеткен күйі алдына салып Арасанға қарай айдай жөнелген. Олардың сұлбасы қараңғылыққа сіңісімен Ұлыма да үйіне жүгірді. Қолына ілінген он алтысын оқтай сала атқа қонды. Қалайда ана әпербақандарға Арасанның қасқырын атқызбау керек. Арасаннан аң атушы болма деп Алтынбек мерген аманаттап кеткен. Әулие қонған жердің қасиетті ақ бас жыланы мен ақ бурасы, көкжал бөрісі туралы мерген атасының аузынан талай аңыз-әңгімелер естіген. Ақ бура мен ақбас жыланды көрмедім, ал көкжалы үнемі төңіректеп жүреді мені дейтін жарықтық. Талай мәрте жолымды кесіп өтті, ол көзіме шалынған кезде бір бәледен аман қаламын деп отыратын. Тіпті кермандармен кескілесіп жатқан соғыста, сол бөрі мені айналшықтап шықпайтын дейді. Бұл да Арасан әулиеге қоныс болған өлкенің киесін сыйлап олай қарай жорық жасамайтын. Анажолы шипалы бұлақтардың төменгі қапталындағы жотадан бір тарланды көргені бар. Өзі басқа қасқырлардай емес, кеуделі екен. Қарақошқыл терісінің жон арқасында жалғыз жолақ байқалған. Іштей мерген атасына көрінген бөрі осы шығар деп топшылаған. Бүгін Ержанатпен жауаптасып тұрған қасқырдың дауысы ерекше зор екен, неде болса сол көкжалдың басына күн туды… Ұлыма атына қамшы баса түсті. Бағанағылар жүрген жол айналма, ал бұл түскен соқпақ төтесінен тартылған. Бірақ төте болғанмен, ойы-қыры, бұлтарыс-бұралаңы көп, көсіліп шаба алмайсың. Бір кезде қасқыр ұлыды. Ержанат болу керек. Артынша таудың бас жағынан көкбөрі үн қатты. Ұлыма кертөбелді сауырға бір салып, үйге қарай бағыттап жіберді де, жаяу жүгірді. Тау беткейіне қиғаштай салынған жалғыз аяқ жолмен зымырап келеді. Ай сүттей жарық. Межелі жерге жеткен секілді, етеккке көз жүгіртіп еді, ештемені бағдарлай алмады.Жоғары қарағанда, қылтиғанды қалт жібермес жанары жазбай таныды, тарлан бөрі серке шоқының үстінде шошайып отыр. Мылтық атып үркітіп жіберейін деді де, өзін-өзі тежеді. Әлгі Тікенбас ештемеден тайынбайтын дойыр көрінген, ашумен байқұс баланы жазым қылып жүрер. Бұқпантайлап жоғары өрлеп бара жатып көзі шалып қалды, шоқпар тастың арғы қабағында жарғанатша жабысып біреу қарауытады. Тікенбас болу керек. Ержанатты төменде ұлытып қойып, қарауылға Қызылбетті қалдырып, жалғыз тартқан екен зәлімің. Бір түп тобылғының түбіне бұл да бұқпантайлап жата кетті. Іштей Тікенбастың ойын оқуға тырысты. Қазір бауырымен жорғалап, анабір шоқиманың шығыс жағына шығуы керек. Сол тұстан қасқыр иіс ала алмайды, жел қарсы беттен болып тұр. Атуға да ыңғайлы мекен сол. Болжағаны дәл келді, Тікенбас тура межелеген тұсқа барып жасырынды, енді сәл-пәл тыныстайды. Жүрегінің дүрсілі, қолдағы қантамырлардың соғысы бәсеңсіген сәтте, шүріппені басуы тиіс. Ұлыма енді уақыттан жаңылыспау үшін, он алтысын оңтайлап қойып, өз жүрек соғысын санады. Әлден уақытта таудың тымық ауасында шаңқ еткен дыбыс қосарланып шыққан, Тікенбас шүріппені басты ма, баспады ма білмейді, оң иығына біреу біз сұғып алғандай шоршып түскен. Одан кейінгісі бұлыңғыр, қансырап жатқан жерінен тауып алған Қызылбет лейтенант оны аудандық ауруханаға қалай жеткізді, жұмыстағы қызметтестері қанша литр қан тапсырды ешбірін білмейді. Арасандағы оқиғадан кейін екі апта өткенде жансақтау бөлімінде есін жиған, қой құмалағындай жалғыз түйір қорғасын тура оң қолының қарына тиіпті. Жілігінің быт шытын шығарған. Тікенбастың тілге келгендегі алғашқы айтқан сөзі «Ұлыманы ұстаңдар!!!» *** Тікенбастың жендеттері Ұлыманы ұстай алмапты деседі жұрт. Халықтың сөзіне сенер болсақ Тікенбасты атқан Ұлыма емес, тарлан қасқырдың киесі екен. Сол оқиғадан кейін Ұлыманы да көрген ешкім жоқ. Біреулер қырғыз асып кетіпті десе, енді бірі атажұрты Таутүргенге тартыпты деп айтады. Әйтеуір Ұлыма бұл аймақпен қоштасар түні Қоңыртөбенің басындағы шоқпар тасқа шығып, ұзааақ ұлыпты… 29 қаңтар, 2015 жыл Бейжің қаласы
Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста