Қуандық Түменбай: Жерік әйелдің желігі

Қуандық Түменбай: Жерік әйелдің желігі


Құрметті оқырман, Сіздердің
назарларыңызға белгілі қаламгер
Қуандық Түменбайдың жуырда
ғана Еуразия Жазушылар одағының
халықаралық Махмұт Қашқари
атындағы бәйгесін иеленген
екі әңгімесін ұсынып отырмыз.

Жаңабай жаңа ғасырда арақ ішуді шығарды. Бұрын мұндайы жоқ еді, орыстың тамағына аяқ астынан тәбеті тартып тұратын болды. Ауыл шаруашылығы институтында дәріс оқиды, бір аттаса кандидаттық қорғайды, шындап кіріссе, ол да алыс емес. Аспирант боп алғырлығымен көзге түсіп жүр, іргелі оқу ордасында маңына жолай алмай, жанына ілесе алмай жүргендер қаншама. Барлық бәле қою түннен басталды. Бұны қорғайтын та ешкім табылмады. Әшейінде дос боп жүргендер танымайтындай тұра қашты, жиналыста: «Бұл коммунистке жат қылық» деп деканның сойылын соқты. Бар бәленің бастауы сол қыздың төрт мүшел тойы болды. Хатшы Катерина қырыққа толып, деканатта атап өтіп... Бір деканат та әжептеуір ел екен, жиырма-отыз адам кезек сөз сөйлеп, Катеринаны небір сұңғыла сұлуларға теңеді. Сонда бәрінен де аспирант Жаңабайдың сөзі астарлы шықты. Деканның алдында айтқанын екі етпей отыратын түбі Ресейден келген, шашын артына өрген татар тақілеттес қызды Наташа Ростоваға теңеді. Бұл – Толстойдың кейіпкері еді. Орыс әдебиетінен оқымағаны жоқ Жаңабайға агрономия факультетінің деканы көзін сүзе қарады. Нарынқолдың жалпақ жайлауынан келген жиырманың бел ортасындағы жігіт осының бәрін қайдан біледі екен деп таң қалды. Тіпті, Солтүстіктен келіп, орыс мектебінен нәр алған жігіттің орыс әдебиетінен түк хабары жоқтығына, бір жағынан қысылса, бір жағынан, мына жігіттің ерекше қабілетіне әлдекімді айыптыдай көрді. Ауыл шаруашылығы институтының агрономия саласында осындай қазақ жігіттерінің көбейе бастағанына декан Аркадий Армановтың іші шым ете қалды. Сөйтіп, соңғы сөзін сөйлеп, «Енді, Жаңабай, Наташа Ростованы өзің шығарып саларсың, сен туғанда бәрі жаңаша болсын дедік қой, саған сендік» деп, алдында отыратын сүйріктей қыздың қолынан шөп еткізіп сүйіп, «Ертең күн жексенбі, асығып-аптығатын не бар» деп, есіктен еркін басып шыға берді.
Бұлар біраз отырды. Тіпті, жер ортасына тақап қалған доценттер де еркін көсілді, ақ шәйді асықпай сіміріп, келіншектер қызыл шәйға қызыға шөл қандырды. Катерина да аянған жоқ, қасында арқа сүйер адамы болғасын сыртқы есік жабылғанша сілтеді. Жаңабай да біраздан бері бой жазбаған екен. Коммунистік партияға кандидат боп бір жыл жүрді, ол кезде ащы судан дәм татпады. Бір жылдан кейін Фрунзе ауданынан кандидаттықтан мүшелікке өтті. Онда да өтер күнді күтіп, ұлы қолбасшының әруағына сиынып, бюроға кірді. Аупарткомның бірінші хатшысы қолына партбилет тапсырған күні иығынан бір жүкті түсіріп, шүпірлеген партбилет нөміріне қарап тұрып, коммунист болғанын мақтаныш көріп, аупарткомның есігінен атыла шықты. Сол күйі алып-ұшып үйіне келді. Жан жары Ханзаданың қызыл шараптан дәм тататын әдеті бар еді, дүкеннен бір бөтелке таңсық асты қолтықтай келді. Екеуі бір бөтелкені бөліп ішкесін жан жарына емірене қарап, бір қызық дәурен басталып кетті...
Ойлап отырса, факультет кәсіподақ комитетінің төрағасы, енді міне, коммунист боп болашағынан көп үміт күткен жігіттің жақтастарымен бірге жанында жүрген жаулары да аз емес екен. Мекеменің қарауылы кеп: «Енді есік жабылуы керек» деп ескерткенде, Жаңабай біраз жерге барып қалған еді. Басы төмен салбырап, көзі кіртиіп, қолындағы қағазын біресе қызыл еденге шашып ап, біресе қайта жинап жүргенде қасындағы әріптестері әлдеқашан сыртқа шығып, өз жөндерін өздері тауып кеткен-ді. Тек есікті кілттеуге әрекеттенген Катерина ғана өзіне қылаусыз сенген осы бір аңғал адамның қолынан ұстап, қолтықтап шыға берді. Екеуі Абай даңғылынан такси ұстап, Катеринаны қасына отырғызып шығарып салғанда, әшейінде алдында құрдай жорғалап жүретін қырыққа толған қыз бүгін «Үйге жете аласыз ба?» деп бір ауыз сөз айтпады. Үйіне жеткізгенде таксиден ол да түсті.
– Енді өзім барам, сау болыңыз, – деген күйі Катерина жалт бұрылып жүре берді.
– Сен үйіңе кірсең болды, – деген жиырма бестегі жігіт Абай даңғылын алшаңдай басып, жанға жайлы керімсал ауаны сіміре жұтып келе жатқанда сары мәшине көшені бойлай кеп қасына тоқтай қалды. Қолына ала таяқ ұстағандар сәл тәлтіректеген жігіттің ауызын иіскеді де, аудандық айықтырғышқа әкелді. Ол жерде қайта зертханадан өткізіп, айықтырғышта таң атырды. Ұйқысы ашылып, жан-дүниесін жаулаған арақ дәмі адам тәнінен біртіндеп сытылып бара жатты. Үсті-басын кір шалған жігіттің көңілін де қаяу шалып, түске таман үйге келгенде, бір күн бұрын бір бөтелке қызыл шарапты бөліп ішкен жан жары: «Қайда жүрсің?» деп алқымнан алғанда, қаққан қазықтай жерге сіңіріп жібере жаздады.
– Өзім де білмеймін...
Жаңабай жуынуға асықты. Іші мен сырты бірдей жігіт жандүниесін тазарту үшін алып-ұшты. «Сырттың кірі кетер-ау, ішімдегіні кім жуып-шаяр екен» деп алабұртқан бір күмән алаулап тұрып алды. «Не де болса таза ауаға тәнімді төсейінші» деп астауға аяғын малғанда, жексенбіде тағы да тауға шығып, жасыл жайлауда жатып ап, қызыл шараптан дәм татсақ па екен деп дәметкен жан жары қосағының сүреңсіз күй кешіп, көңілін ауламағынына қатты қапалы еді.

* * *
Үш күннен кейін бәрі де басқаша болды.
Үш күннен кейін өзін партия қатарына өткізген атақты қолбасшы Фрунзе атындағы комитеттен факультетке хат келді. Қасында айықтырғыштың анықтамасы бар. Түскен күні мен шыққан сағаты қоса тіркеліпті. Сенімсіз көзқарастағы коммунисті талқылау партия комитеті мен кәсіподақ комитетіне тапсырылды. Олар негізгі шаруаны «өздерің шешіңдер» деп, бәрін деканатқа жүктеді.
Қырыққа толған Катерина алдына қойған қара мәшинкені сартылдатып басып, деканның айтқанын екі етпей зыр қағып жүр. Декан: «Өзіңді үйіңе дейін шығарып салғаны рас па?» дегенде: «Рас» десе, «Арақ ішкені рас па?» дегенде: «Рас» деп бұлтартпады. Декан Аркадий Арманов пен Катеринаның сөзі егіз баладай бір жерден шығып тұр. Қазақ топырағын алшаң басып, Абай даңғылын еркін иемденіп, өзіне жақсылық жасаған адамға кесір көңілмен көлденең тұрған екеудің сөзі партия ұйымының жиналысында мәжіліс мәмілесі боп қағазға түсті. Екеуі де жиырма төрт сағат бұрын жайраңдап қараған жігітке тоңтеріс қабақ танытып, шытынай қарап, сыздана көз тікті.
Партия жиналысы ұзаққа созылмады. Декан Аркадий Арманов қысқа да нұсқа сөйледі.
– Жұрт партияға өте алмай жүргенде... Бұл болса, сенімді ақтамай, партбилет алғасын үш күннен кейін айықтырғышқа түсіп отыр. Бұған не деуге болады. Мен қарауымдағы мұндай коммунистке сенім арта алмаймын. Менің айтарым осы, – деп жұмсақ креслоға жайғасты.
– Демек, сіз қарауыңызда мұндай коммунистің жұмыс істегенін қаламайсыз ғой. Онда оған партия қатарында да орын жоқ. Біз аупарткомге осындай ұсыныс жасаймыз, – деп бастауыш ұйымның төрағасы соңғы нүктесін қойды.
Ертеңіне өзі Наташа Ростоваға теңеген Катеринаға ләм-мим деместен тартпасын ашқызып, бар құжаттарын қайыра алып кетті.
«Көрмегенім осы жер болсын» деді іштей буырқанып. Осы жерден тезірек кетіп, ауылға барып, ешкімнің бетіне қарамай, өзімен – өзі сырласып жатқысы келді. – Мұң шағатын әкем өлген жоқ қой, – деп өзін – өзі жұбатты. – Соғыстан да әкем тірі қайтыпты. – Анау-мынау емес, жауын жеңіп қайтыпты. Әкеме екі дүние бір қадам болды. Мен де сенің бір тамшы сідігің емеспін пе», – деп жолға жиналды. Түйіншегін қолтықтап жолға шыққанда қызыл шараптан дәметкен жан жарының дәмесін сол күйі елеусіз қалдырып, адамзатқа деген бір ызамен Алатаудың етегіне қарай өр көңілмен өршеленіп өрмелей берді. Автобусқа отырып, Алатау аясында көптен көрмеген қарапайым жандарды көріп көзайым болғысы кеп, Нарынқолдың жағасына жеткенше асығып, артына бір қарады.
Ауыл шаруашылығы институтының сыртқы есігінен шыққанда кең ғимараттың қақ маңдайшасындағы «Орақ пен Балғаға» бұрыла қарап, жүрегі сыздап қоя берген. Енді қайтып бұл есікке кірмейтінін біліп, «Орақ пен Балға» ұстаған азаматтың ары таза болса екен деген бір кіршіксіз көңілмен артына тағы бір бұрылды.
Ауылдың қара баласы аулына жеткенше асықты.

* * *

Сөз алда жүреді.
Жаңабайдың партия қатарына өте сап аптаға жетпей қайта шығып кеткенін біреулер елге жаңалық қып жеткізіп барыпты. Ағайынның сөзі алда жүрмесе ағайын бола ма? Осыны естіген кезінде намыс үшін атуға бұйырылып, онан он бес жыл алып, он екі жылда қатаң тәртіптен қайтып келген бір ағайын: «Енді ештеңе де ұзаққа бармас. Заңсыз да өмір сүруге болады, тек қара жерден айрылып қалмайық. Мен соғыстан аман қайтқаныма бір қуансам, намыс үшін орысты бауыздап, атудан аман келгеніме екі қуанам. Құрдасымның баласы айдай боп алдымда отырған мен бақытты емеспін бе?!. Әкең де енді елес боп келіп қалар, – дегенде, Жаңабай өлімнің бергі бетін көріп келген кісінің емеурінін түсініп, жүгіріп барып бір бөтелке әкеліп, тығынын тыңқ еткізді. Сол кезде Алматыдан Жаңабай келді дегесін жанұшырып жеткен шешесінің сыныптасы — етек-жеңі мол пішілген көнтерлі әйел сыбырлай сөйледі: «Сайранкүл саған екі қабат кезінде ақ араққа жерік боп еді. Оны маған ғана айтты. Бейшара көз жұмарында: «Маған ең болмаса жүз грамм құйыңдаршы, жаным жай тапсын», деді. Өзінің көргені де бір сен ғой. Осы сөзді жалтақтап айтып, бір сен деп кетті ғой. Енді дегендеріне жетсін, – деп біреудің жерік асын іздегендей жан-жағына жирене көз тікті. – Біздің үйге кеп ағарған іш. Сорпа да дайындап қойдым, – деп сыныптасының артында қалған арманына сығырая көз тігіп, сынай қарады.
Жаңабай соңынан ілесіп жүре берді.
Көнтерлі әйелдің кең пейілін көріп тұрып, тоғыз ай, тоғыз күн көтерген анасының жан шыдатпаған жерік асының желігін білгісі кеп, ешкімге қарамай, көрші үйге қарай жанұшыра жүгірді. Көңіл түкпірінде білгісі келген бір кінәрат бар. Ол да оңашада ғана сөз болар шешесінен қалған сыр еді.


Қанқызыл әлем

– Партияға өтпей адам болмайсың, – деді атам. Өзі болса партияның майын езіп ішкен коммунист. Сталин десе, ішкен асын жерге қояды, тек Мұстафа Шоқайды айтқанда үн-түнсіз тұнжырап қалады да, – партияға өтіп ал. Бізден қалған тұяқ сенсің ғой, – дейді.
Сонымен, партияға өтуге жол ашылды. Бір жыл қой бақтым, бірақ қақаған қыста суыққа шыдай алмадым. Ақтүтек боран толас бермеді, сосын жапандағы жалғыз үйден жылыстап шығып, бір жылдан кейін егінге ауыстым. Күріш ектім, атыз суғардым. Бұл – қой сияқты айдаладағы ақ отау емес, ауылдың ортасы, кәріс ағайындармен интернационалдық достық бригадасын құрып, қол ұстасып, судай тасып еңбек етеміз.
Бір жылдың өнімі жаман болған жоқ, әр гектардан қырық бес центнерден түсім жинадық, жалпы, бригада үшін бұл жаман көрсеткіш емес. Келесі жылы Құдай оңдап, тағы да осындай өнім болды. Көзге түсіп, комсомол-жастар құрылтайына қатыстым. Қол ұстасып, судай тасып жүріп, аудандық комсомол ұйымының нұсқауымен аупартком бюросына барып, партияға кандидаттыққа өтуге қос қарт коммунистен жолдама алдым. Олар да әкемнің кәнігі таныстары. Осылайша аз уақытта өмірім күрделі өзгеріске ұшырады.
Шынымды айтсам, өнбойымда бір толқу бар. Бәрін білетін сияқтымын, былай қарасам, ештеңеден хабарсызбын. Партия құрылтайларын да дұрыс білмеймін, оқимын, оқып болысымен есімнен шығып кете береді, сосын әйтеуір бір нәрседен біртүрлі жүрексінемін.
– Құрамысов кірсін, – деді хатшы қыз қолындағы қағазына қарап тұрып.
Имене басып ішке ендім. Төрдегі Ильич портретінің алдында еңгезердей боп атпалдай азамат отыр, екі жағында сымға қонған қарлығаштай тізілген бюро мүшелері. Менің танитыным – бізді кезінде комсомол құрылтайына алып барған ұйымның хатшысы маған қарады да, бірінші басшыға назарын төмен сала сөйледі.
– Біздің мол өнімші күрішшіміз Құрамысов Мүтәліп. Бір жыл қой бақты, қазір екпінді еңбек бригадасының мүшесі, мол өнімге қол жеткізіп жүр...
– Әр гектардан қанша центнерден өнім алдыңыз? – деді бірінші басшы еңгезердей денесін үстел үстіне молынан тастап.
– Жүз қырық, жүз қырық бес центнерден...
– Болашақ жоспар, міндеттемеңіз қалай?
Үндей алмадым. Сол кезде комсомол хатшысы маған қарап бес саусағын шошайтты да, бас бармағы мен балаң үйрегі түк болмағандай емін-еркін жайылып бара жатты.
– Жүз елу центнерден... Егер бәрі дұрыс болып жатса... жер жақсы, тыңайтқыш құнарлы болса...
– Бәрі де болады. Бұндай жігіттерді ұстаудың керегі жоқ. Бұлар егін ексін. Келер жылдың егініне дайындал. Сұрақтарың бар ма? – деді бірінші хатшы.
– Жоқ. Бұлар жердің бермесін алатындар ғой, – деді еңгезердей тағы біреуі. Ол – аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы екен.
– Келесі кіре берсін, – деді бірінші бір жаққа асыққан сыңаймен.
Кең бөлмеден атып шықтым. Партияға кандидат боп шыққан бетте үш шақырым жердегі ауылға жаяу тарттым. «Келесі жылы мол өнім алсам жақсы болар еді». Әскерден де қалдым, онан да жарым жолда қалдырған атамның абыройы. Әйтеуір, мен коммунист болсам, бәрі өз-өзінен орнына келетін сияқты. Біздің үйдің мәртебесі осыған кеп тіреліп тұрғандай. Бұған да тәуба. Бұған да күндер куә.

* * *

Бір жыл да көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Биылғы егін бітік болды, комсомол-жастар бригадасы да атына заты сай боп дүркіресін кеп. Бюроға кіргенше парторг Жарғы бойынша сұрақтарға дайындал деп әбден зықымды шығарды.
– Қандай сұрақ? Мен еккен күрішімді білем, – десем, «Партия құрылтайлары қай жылы өтті? Конференциялар қай жылы өтті? – деп дікең-дікең етеді.
– Оның маған керегі не? – десем, «Керек. Сен болашақ коммунистсің» – деп маған мінез көрсете бастады.
– Онан да ауылдан шыққан Мұстафа Шоқай туралы, тағы да басқа елден шыққан мол өнімшілер мен даңқты тұлғалар туралы неге айтпайыз, – десем, сен партия Жарғысы туралы айт» – деп, мен түсінбейтін нәрселерді тілге тиек етті.
Мен бәрібір дегенімнен қайтпадым. Кетпенді қойып, оқуға кетсем бе екен деп те ойланамын, бірақ әкем байғұс жалғыздан қалған тұяқты көздің қарашығындай көріп, соның болашағына ынты-шынтымен шұқшиятын сияқты.
Бюроға тағы келдім. Жыл он екі ай да зымырып өте шықты. Бұрынғы бюро мүшелері. Сол баяғы мол пішілген бірінші хатшы. Бәрінде бір асығыстық бар.
– Биылғы өнімі де жаман болған жоқ. Жастар арасынан іріктеп, мол өнімші ретінде республикалық Халық Шаруашылығы Жетістіктерінің Көрмесіне жібермекшіміз. Күріштің «Кубань–3» сорты көрмеге қойылмақшы, – деді комсомол ұйымының бірінші хатшысы.
– Бұл біздің абыройымыз ғой. Осылай биікке өрлей беріңдер, – деді бірінші хатшы. Сөйтті де орнынан тұрып, қып-қызыл партия билетін қолымды қысып тұрып тапсырды. Сол сәт тура қарағанда жүрегім шымырлап тас төбеме шықты. Хатшы «Мен сені емес, сенің өткеніңді сыйлап отырмын» дегендей бір сезіммен бас-аяғыма барлап қарағандай болды.
Шалт бұрылып, есіктен шықтым.
– Келесі кезекте хирург Алиев Әбзали, – деген хатшы қыздың даусы естілді.
Есіктен шыққан бетте қанқызыл партия билетіне шұқшидым. Шүпірлеген сандардан көз тұнады. «Миллионнан асып жығылған санның мен нешіншісі екенмін?».
Ауылға жаяу тарттым. «Көңілім орнында ғой, енді оқуға түссем. Ел қатарлы әскерге де бара алмадым, қыздардың алдында біртүрлі қынжылып жүремін. Қыздар іштей мазақтайтын да сияқты. Енді мамандық алып, бір кәсіптің басынан ұстауым керек. Әлде атам байғұс жер мен топыраққа біржола оңтайлап, орнықтырып қойды ма екен? Бұны да білерміз».
Ауылға жаяу тарттым. Қимылымда бұрынғыдан гөрі бейқамдық бар. Кандидаттыққа өтіп қайтқанда ауылға қарай құстай ұшып едім, мүшелікке өткенде баяу басып келемін. «Не де болса шалды бір қуантайын. Бәрі бір адамның арқасы...». Қойнымнан алып, партия билетіне қайта үңілдім. Қанқызыл сәуле көзіме қайта шағылысты. «Нөмірі нешінші екен?». Қып-қызыл дүние көз қарықтырып, қай жаққа қарасам да, қанқызыл әлем еркімді билеп, ауылға жетіп қалдым. «Бұл атамның арманы еді ғой. Сталиннің көзін көрген кісіге тезірек көрсетейін. Бәлкім, бір ойлағаны бар шығар?...»

* * *

Он тоғызыншы ғасырдың соңында дүние есігін ашып, жиырмасыншы ғасырдың соңында есіктен мәңгіге шығып кеткелі жатқан әкем – маған қарап соңғы сөзін айтты. Әлсіреген даусымен демігіп отырып әрең жеткізді.
– Кәсібіңе ие бол... кетпеніңе адал бол... айрылып қалма... партбилетің қойныңда... – деді де, дүние жалғаннан жөнеп жүре берді.
Мен болсам, әкемнің қадірін енді білгендеймін. Партбилетім үйімде, оны бар ма, жоқ па деп, сұрап жатқан да ешкім жоқ. Алғашқы кездері қан қызыл әлемге сұқтана қарап жүрдім. Сөйтсем, оны керек қып жатқан ешкім болмады. Партияға өтпеген құрдастарым «қайтып келген қыз жаман» деп келекелеп қояды. Мейлі, бастарына көрінсін, тілге тұсау салса, заманның тіліне салып көрсін.
Менің ойлайтыным, кезінде бар мен жоқтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, жан алып, жан бергендерге бір мұражай қайтсе де керек сияқты. Өткенге көз тоқтатып, кеткен күндердің қызығын жарыса айтып отыру да бір ғанибет емес пе?!
Қызыл билетіме қол боста көз тоқтатып қарап қоямын. Алақандай қатырма қағаз алаулап жанып бара жатқандай. Кей кездері қанқызыл әлемнің ортасында қалықтап ұшып бара жатамын. Нешінші нөмір екенім де белгісіз...

«Кетпен».

Құрметті оқырман, Сіздердің назарларыңызға белгілі қаламгер Қуандық Түменбайдың жуырда ғана Еуразия Жазушылар одағының халықаралық Махмұт Қаш­қари атындағы бәйгесін иеленген екі әңгімесін ұсынып отырмыз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста