Қуат ҚИЫҚБАЙ: Қалада жүрген қар қызы

Қуат ҚИЫҚБАЙ: Қалада жүрген қар қызы

ҚАЛАДА ЖҮРГЕН ҚАР ҚЫЗЫ

(Этюд)

... Түс әлеті болатын. Әппақ қар жауып тұрды.
Қыз мезгілі. Желігіңді басар желтоқсанның суығы. Шарбы бұлттар арасынан күн көрінбейді. Үлкен қаланың бір шетіндегі аялдамада тұрмын.
Аялдамаға қарай бір қыз басып келеді... Әппақ... Ақ ұлпа қардан жаралғандай. Шулы қалаға адасып келген ен даланың қар қызы дерсін. Бұнда неғып жүр? Ауыл қызына келіңкіремейді. Жүріс-тұрысы еркін. Айналасына паңдана, асқан бір тәкәппарлықпен көз тастайды. Сұлу. Өте сұлу. Менің одан көз алмай тұрғанымды бірден білді. (Асылында қыздар ондайды тез сезіп қояды емес пе?!) Сыйдиған түр-әлепетіме сәл қарап алған соң жанарын тайдырды. Ілмиген қалпың қашаннан бері де көз тартпайтыны белгілі ғой. Мен болсам ашкөзденіп қадала түстім. Ол маған ауық-ауық қарап тұр.
Әппақ қыз. Менің қиялымдағы қар қызы. Мен ондай қызды санамда ылғи кездестірем. Өңімде алғаш жүздесуім. Тап осындай әппақ қыздың киген киімі де айрықша. Басына қондырғаны ақ малақай. Үстіне киіп алғаны ақ пальто. (Қазырғы мода, жаңаша стиль). Алқымы ашық екен. Ішінен ақ жейдесінің жағасы көрініп-ақ тұр. Әппақ тамағына жәй ғана орай салған ақ шарфы. Дәл бүгінгі суықты елейтіндей емес. Сәндік үшін ғана оралған іспетті. Аяғына киген биік, біз өкшелі етігіне шейін әппақ. Бәрі әппақ. Бәрі жарасымды.
Ақ ұлпа қар жауып жатыр. Айнала мүлгіген тыныштық. Аялдамада екеуміз ғана тұрмыз. Үнсіздік. Тоңып қалмайын деген оймен арлы-берлі қозғалақтап жүрмін. Аяғымның астында қытырлаған қар сөйлейді. Ғырт-ғырт... Жақын барып таныссам қалай болар екен?! Бұл менің оған сұқтанып алғаннан кейінгі өз ойым. (Көрікті қыз көргенде көп жігіттің санасында жарқ ете қалатын ойды мен айна-қатесіз қайталадым.) Тұрып-тұрып. Ойланып-ойланып.
- Кешірерсіз. Сізбен танысуға бола ма? – дедім мен асқан бір сыпайылықпен үн қатып.
Ол артық сөзге келместен әппақ қолғабын шешіп, жіп-жіңішке әппақ саусақтарын созып:
- Ақтоты – деді.
- ... . . . – мен тосылып қалдым. Тосылып қалғаным таңырқағаным еді. ( Сұлу қыздар танысар алдында еркелегендей болып есімін айтпай есіңді алатын болушы еді ғой. Бұл ондай емес.) Әппақ әлем. Ақ қар әлі жауып тұр. Ақжарқын мінезді Ақтоты сөйлеп берді. Мен де оның көңілінен шығу үшін тырысып, кеудем бір суып, бірі ысып, ағымнан ақтарылып жатырмын...
Бір заматта жол жиегіне қап-қара «Ауди» келіп тұра қалды. Бұл машина Ақтотыға таныс сияқты сезілді. Менің алдымда аздап қысылып қалғандай... «Е, бәсе бұндай сұлулар жаяу жүруші ме еді. Жігіті шығар асыға жеткен» деген жаман ой келді. Бірақ Ақтоты орнынан қозғалған жоқ. (Мен куә болған көрністерде қыздардың талайы ыржалақтай күліп, отыра кететін-ді) Қара «Аудидың» артқы есігін ашып, өзіміз қатарлас сары өңді жігіт түсті де, бізге қарай келе жатты. (Бай баласы екені сөзсіз. Талтаң-талтаң басқаны айғақтап тұр.) Ол маған алара қарап алды да, Ақтотыға сөйледі.
- Мынауың кім? – Жігіттің дауысы қатқылдау шықты. Аман-сәлемі жоқ төбеден түскендей дүңк етті.
Ақтоты үндеген жоқ.
- Жүрші былай – деп ол тағы тіл қатты. Дауысы өктем. әрекеті озбырлау көрінді маған. Ақтоты тырп етпеді. Аздан соң өзіне алара қарап тұрған жігітке жауап қатты:
- Екеуміздің арамызда бәрі біткен. (Оның басы бос. Демек жүрегін жаулап алуым керек)
- Неге? Не болды түсінбедім, саған керегі не – деді анауда ашулана тіл қатып.
- Бай баласы бағым емессің. Маған керегі адал махаббат. Баршы жөніңе – деді Ақтоты әппақ жүзіне қызыл шырай еніп. ( Сіз бәлкім «олай болуы мүмкін емес» деп сенбейтін шығарсыз. Сеніңіз. Куәсі менмін.) Ол шынымен солай деді ме?! Біразға дейін аңырап тұрып қалдым. Жігіт ашуланып барып көлігіне мінді. Ақтоты да бөгелмеді. Көп күттірген автобусына отырып кетті де қалды. Ол қыздың менімен қоштаспай кеткеніне өкіндім. Ол мүмкін екеуміздің тағы да кедесетінімізге кәміл сенген шығар...
...Осы бір оқиға осыдан біраз жыл бұрын болған еді. Ақтотыдай ашық мінезді қызбен танысқаныма еш өкінбедім. Сондай көрікті қызды танудың өзі үлкен қуаныш сияқты. (Енді оны сізде танисыз.) Қиялымдағы қар қызы (Ақтоты), қаланың қай жерінде жүр екенсің?! Қаптаған халықтың ішінен қалай тапсам екен сені?!
Бүгінде қар жауып тұр. Қар емес, қар-көбелектер қалықтап ұшып жүр. Аяғымның астында қар сөйлейді. Ғыррт-ғыррт. Ғырт-ғырт... («күт-күт» - деп жатқан шығар).

желтоқсан 2012 жыл

ОРАЛ

- Ошанның ұлы сотталып кетіпті.
- Анау жақында ғана үйленген Ғабит пе?
- Йә. Келіннің аяғы ауыр дейді.
- Е, қаланың тікбақай өскен қызы ғой ол. «Қала қайдасың» деп зытып кететін шығар.
- Ошан байғұспен анау момын кемпірге обал-ақ болған екен.
Ел бұл өсектің күдігі көп күбірінен күбі пісіп, сыры көп сыбырынан сырға соғып жатқанда мен бес-алты жасар баламын. Шын-өтірігінің шыңына кім шығып, өтіргінің өресіне кім бойлапты. Ауыздарындағы түкіріктері баданада-бадана бұршақтай шашырап осы өсекті соғып жататын.
...Ошанның қалада өскен келіні төркініне кеткен жоқ. Сол біздің ауылда тұрақтап қала берді. Орыс тілді, өжеттеу өскен келіншек еді. Күйеуі сотталып кеткеннен кейін араға үш-төрт ай салып босанып алды. Ұл тапаты. Ұлының атын Орал деп қойды. Үйдегі кемпір мен шалдың, әлде өзінің арман-тілегі ме, Ғабитті аман-есен оралсын дегені болу керек.
Ошанның үйі бізге қарама-қарсы болатын. Немересі Оралдың қаз-қаз басқан кезінен білем. Бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын өжет болып өсті. Ойпоу, Орал дегенің нақ төбелесқой бала болатын. Өз құралпастарын қойып, үш-төрт жас үлкен менің талай құрдастарымды солқылдатып жылатқан бала. Оның алдынада небір боскшыларың жағын ұстап, күресқой палуандарың белін сипалап қойып зытатын. Ережесіз жекпе-жектің ауылға танылған чемпионы дерсің. Өзі сондай балалар жүрексіз болып туыла ма кім білсін, қорқу жасқануды білмейтін еді. Аралас-құралас болып өскендігі шығар маған көбіне қарсы келмейтін. Жасым үлкен болған соң «аға» деп арқа тұтатын сияқты көрінетін.
Оралдың бала күнгі арманы есімде қалыпты. Бір күні мамырдың басы болу керек ауылдың жүгірмектері өзенге шомылуға бардық. Күн әлі жылына қоймаған. Су суық. Жүзе білмесекте өзенге күмп-күмп беріп, жағаға жалаңаш қалпымызда дірілідеп, тісіміз сақылдап отыра қалатынбыз. Орал ғана сыр білдірмейді. Бұл оның суыққа төзімділігі деп ұғатынбыз. Қысты күнгі аязда ересек балалардың өзі тоңып үйге тарай бастағанда да, ол танауын ышқына тартып қойып ойнап жүре беретін. Сол күні өзен жағасында ұзақ ойнадық. Жасы үлкен біздер құрғақ ағаш тауып от жақтық. Отты айнала қоршап ойнап-күліп, ананы-мынаны айтып отыра бердік. Бір сәтте балалар өскенде «анау» болам, «мынау» болам деп, бала қиялдары шарықтап шуласып қоя берді.
- Мен дәрігер болам
- Мен полиця болам. Бандитердің қолын қайырып ұстап алам – деп Берік қолына ұстап отырған ағашты мылтық ретінде бізге кезеніп атып-атып жіберді.
- Мен мұғалім болсам ғой – дейді біреуі. Осы бір шуға еш қатысы жоқ сұлқ отырып қалған Оралды бәріміз көрдік. Ол үндемей отыра берді. Бәлкім үнсіз отырып қиялымен қыр кезіп кеткен секілді. Осыны байқап қалған Берік Оралдың қасына жақындап барып:
- Орал сен өскенде кім боласың – деді қутыңдап.
- Білмеймін – деді Орал.
- Қойшы, сонда сенің арманың жоқ па? – деп Берікте қояр емес.
- Бар.
- Қандай арман?
- Әкем түрмеден тезірек келсе екен – деді де Орал бізге елжірей қарап қалды. Сол күні су басынан бәріміз көңілсіз қайттық.
Арада сағаттар сырылдап, күндер көшіп жатты, көмескі естеліктер өшіп жатты. Шалғайда қалған, туып-өскен шаңырағыма қарай жолым түсті. Бала күндерім, балауса арманым көз алдыма бұлдырай елестеді. Әппақ сүттей жаулық жамылған әжелерге, күміс сақалды қарттарға кіріп шықтым. Достар менде дуылдасып, өткен-кеткенді айтып шуылдасып қалдық. Орал он бірінші сыныпта оқып жүр екен. Әкесі туралы сұраған едім, артынан өзім қатты қысылдым. Не өлісін, не тірісін жан адамның жарғақ құлағы естімеген.
Әлі де естимін Оралдың әкесі оралмапты...

наурыз 2013

САРЫ МЫСЫҚ

Бұрын бала кезімде түн баласында тыным таппай мияулап, мауыққан мысық дауысын естігенде Апам жарықтық: «Өзіңе көрінсін, өзіңе көрінгір» деп отырушы еді. Апамның айтуынша олар бізді қарғап немесе бізге айта алмаған назын мауығып жеткізетін көрінеді. Содан соң тағы апамның айтатыны: «Мысыққа тиіспеңдер, Мұны Пайғамбарымызда қатты сыйлаған екен, етегіне келіп ұйықтап қалған мысықтың ұйқысын бұзбай, шапанының бір бұрышын кесіп тастап орынынан тұрып кетіпті»-деп ақылымен аралас ескі бір аңызын айтатын.
...Қап-қара түнді қақ жарып әлде бір белгісіз жақтан мысықтың мауыққан үні естіледі. Өне-бойым қалтырап кетті. Тоңып жатқандай дір-дір етемін.

* * *

Сары күзде сары мысық үйден қуылған-ды. Содан бері сенделіп көше кезіп жүр. Көзін ашқалы адамдардың аялы алақанын көріп, адал асын ішіп, жылы-жұмсақ жерде күнелтіп жүрген бұған бәрі де бір-ақ күнде кері айналған. Қарашаның қара желімен сәуірдің суығын қойшы, бәрінен де бұған қаңтардың қақаған аязымен ақпанның ақ түтек бораны қатты батқан. Көшенің бұрыш-бұрышынан сумаң етіп шыға келетін бұралқы иттерден қашып-пісіп жүріп жер үйлердің шатырындағы мұржаның маңында маужыраған ұйқыға басып, көктемнің қатқағына ілінді-ау. Анабір жылдардағы әдемі бітімі, келісті түр-сипатынан ешбір белгі қалмаған. Жүні үрпиіп, қараңғылықта шырадай жанып тұратын көздері ашкөзденіп әр нәрсеге бағдарлай қарайды. Бұл бір жағынан өзін қоршаған ортадан мейілінше сақ болу үшін, екінші жағынан шатырдан-шатырға дамылсыз ұшып-қонып жүретін ұшқалақ құстарды, тынымсыз торғайларды сәті келсе тажал тырнақтарымен талғажау ету ойы еді.
Сары мысық көбіне қаңғалақтап жүретін қаңғыбас иттерден немесе күні кешке дейін пәтерде тығылып жататын жылтыр жүндес иттерден көп қорықпайды. Әлгі мақұлықтар араны ашылып арсалаңдап жетіп келгенде жиырыла қалып, жалы күдірейіп тұра қалса болды ол сорлылар келген ізімен кері қайтуға ынталы болады. Бұл көбіне-көп адам аяғы азайған мезгілде, түнге жақын жортуылға шығатын. Әйтпесе, екі аяқты әлгі қулар екіленіп бұны қолына іліккен затпен ұрып-соғып, запыран құстыратындай сезіледі. Бұның бүгінгі тірлігі де сол екі аяқтылардың кесірінен осылай жалғасып жатыр ғой...
Бәрі де кештетіп келген бейтаныс қонақтан басталған...
Сары мысықтың тіршілік көзі де, тәлкекке түскен тағдыры да Ермектің үйінен басталған. Көзін енді ғана ашып, аяғын бауырына жинап апыл-тапыл баса бастағанда Ермек бұны көрші кемпірден асырап алған. Жер үйдің жайы белгілі ғой есігінен екеулеп, тесігінен төртеулеп кіріп-шығатын тышқан деген титімдей тіршілік иесі быжынай қаптап, «үйірімен үш тоғыз» болып жортатын болған еді. Кішкентай мысық баласын аларда көрші кемпір ескертіп: «Мұның тұқымы Сиямский, өте кекшіл келеді, жөн-жосықсыз басқа мысықтарға көрсеткен доң-айбатыңды бұларың екі еселеп қайтарады, балалар көп тиіспей, сақ жүріп, санап бассын. Бірақ бір жақсы қасиеті иесіне адал. Менің «Марусиямның» тұқымы да Сиямский» деген. Бастапқы да бір үйлі жан көршінің сөзін ұмытпай мысыққа мейірімін төгіп, обалы не керек ойынан тыс қалтырған емес. Бірақ екі-үш жылдан кейін көршінің сөзі көңілден көмескіленіп кетті.
Бәрі болмашы нәрседен басталған...
Ермектің үйіне досы Біржан кештетіп жетті. Жары Жанаргүл жанын салып қонақты күту қамына кіріскен. Әне-міне дегенше оны-мұнысын дайындап дастархан басына шақырды. Ермек жөн сілтеді. Біржан төрге озғаны сол еді, орындықта бейқам ұйықтап жатқан мысықты бар күшімен итеріп жіберді. Ештеңені түсінбей қалған мақұлық иесі ұйықысын аша алмаған күйінде төрт аяғымен еденге дік ете түсті. Мезгілсіз оятқан жан иесіне қараған еді, өзінің бұрынан бері өшігіп жүрген адамы екенін аңдап қалды. Ешкім ештеңені елеген жоқ. Қылмойыннан құйылған суға қызып алғандар қызу әңгімеге көшкенде мейманның: «Ой, әкеңнің» деген боқтығы естілді. Ермек жалма-жан үстөлдің астына үңілді. Бұл кезде сары мысық өткір тырнақтарын Біржанның қос аяғына бірдей батырып жіберіп айбат шегіп тұрған-ды. Бұл көрніске үй ішіндегілер толықтай куә болды. Кішкентай Айғаным шырылдап қоя берді. Үй иесі мысықтың мұндай қылығына ашуланып, желкесінен бүріп ұстаған қалпы ауызғы бөлмеге қарай атып жіберді. Есікті жауып алды да қысылып қалған қонағының көңілін табуға қайта кірісті.
Қызып алған бұлар бір мезгілде темекі тартуға тысқа шыққан. Сол кезде киім ілгіштің малақайлар тұратын тұсында жалы күдірейіп, серіппедей атылғалы тұрған Сары мысықты сабалап, далаға бездіріп жіберді. Сары мысық қараңғылыққа сіңісіп кете барған. Болған оқиғаға Жанаргүл қатты қапаланды. Ермек жұбатып, жүрегін тыныштандырды. Оған Біржанның: «Өй, қайдағы бір кемпірдің көйіткеніне несіне сенесіңдер, оның үстіне мысықты анадай тепкіге алған соң қайтып оралмас» деген басуы және де әсер етті.
Ертесі таңертең Жанаргүл мен Ермек күндегісінше жұмыстарына кеткен еді. Айғанымды Сары мысықтың есікті тырмалай мияулаған үні ұйқысынан шошытып оятты. Ойында ештеңе жоқ Айғанымның есіктің тиегін түсіргені сол еді, Сары мысық бейкүнә қызға атылсын келіп. Оның көзінде кешегі түннен қалған кек бар еді. Өткір тырнақтарымен қорғанып үлгермеген алты жасар Айғанымды тәуір-ақ талады. Кішкентай ғана қызыдың әппақ тәні, үйдің жақында ғана әктелген әппақ қабырғасы шапшыған қып-қызыл қою қанмен алабажақ болып қалды. Айғанымға арашашы болған көршілері еді. Оның шырылдаған үнінен жүрегін қолына ұстап алып жеткені сол, болған көрніске жағаларын ұстай аңтарылып қалды. Осы мезетте Сары мысық та далаға қарай сып берген.
Болған оқиғадан кейін мысыққа таланған қыз туралы қауесет қалаға жайылды. Айтқыштар мен жазғыштар жағы сол оқиғаны жарты әлемге жар салды. Айғаным есі кіресілі-шығасылы болып, денесіндегі уытты тырнақтардан түскен жарақаты жазылмай екі ай жатты. Оның үстіне есі ауытқып кететін тағы бір кесел килікті. Мысықтың дауысын естісе болды қол-аяғы дірілдеп құлап түсетін дерті тағы бар.
...Сары мысық содан бері сол үйдің маңайы түгел көшесінен аулаққа кеткен. Бүгінде жейтіні нанның қалдығы. Көше кезген иттердей емес адамдардан оқшау жүреді. Жаңарақта жер үйдің шатырында отырып сынық қанат кептерді байқап қалған. Жемтігіне тағатсыздана көз тастап, асықпай, аптықпай баспалап келе жатыр. Кептер болса жаралы қанатымен әрең көтеріле ұшып барып, көшенің арғы жиегі қона қалды. Қарны ашып, құлқынының құлы болған сары мысық жолдың арғы бетіне, жемтігіне қарай жүгіре жөнелгені сол еді. Оң жақ бүйірден шыға келген бір машина қақты да кетті. Мысық иттердей емес, көпе көрнеу көзге шалына бермейді, деседе жүргізуші бір қолайсыздықтың болғанын сезсе керек анадай жерге барып тоқтап үлгерді. Осы мезетте мысық мақұлықтың да жүрегі тоқтап қалған еді.

* * *

Қап-қара түнді зарлы үнімен үрейге бөлеп бір мысықтың мауыққаны естілді. Төбе құйқам шымырлайды. Зарлы үн алыстан, тым алыстан талып жетеді. Бәлкім, бұл сары мысық болар деп ойладым. Кімді қарғап-сілеп барады екен? Тағдырына қарғанып бара ма, әлде бізге адамдарға деген оның өзегін өртеген өкініш-өкпесін ұға алар ма едік...

Сәуір 2013

ХАТ

Бәрі де басында ойыннан шықты...
...Жаңа жыл қарсаңына қарай ол аяз атаға хат жазады. Бұрын басқа балалардай емес аяз атаға сенбейтін. Сендірген ата-анасы. Жоқ әке-шешсі емес, болған оқиғалар, тілеген тілектерінің орындалғаны еді. Ең алғаш осыдан бір жыл бұрын үшеуі қатар отырып аяз атаға хат жаза бастады. Бірінші болып тілегін жазып бітірген бұның өзі болды. Қысты күні қалың қардың үстінде ызғытып жүрсем ғой деген арманмен аяз атадан шаңғы сұрапты. Екінші болып өзінің хатын аяқтаған жұмыссыз шешесі тезірек мамандығы бойынша жұмысқа орналассам екен деп тілепті. Осы ойынды өзі ойлап тапса да әкесі ұзақ ойланды. Болмағасын шешесі барып құлағына сыбырлап:
- Бол, енді бірдеме деп жаза салшы, баланың көңілі қалып қалмасын – деген. Осы сөзден кейін әкесі хатын жылдам аяқтады. Бұлар қаланың шетіндегі ескі барақ үйде пәтер жалдап тұратын. Әкесінің тілегі тезірек қаланың орталығынан үш бөлмелі пәтер тисе деген арман-тілек болып шықты. Осы кеште барлығы көңілді ұйқыға жатқан.
Бір күні бала таңертең тұрса анада өзі түн қараңғысында түбіне хатты қалдырып кеткен кішкентай шыршаның жанында қызыл түске боялған шаңғы тұр. Арманының орындалғанын көріп бала асыр салып қуансын. Бұның қуанғанын көріп әке-шешесі де мәз-мейрам болды да қалды. Бұл сыйлық алыстағы аяз атаның емес қасында қалқайып жүрген әкесінің табан ақы, маңдай тері екенін әрине бала сезген де жоқ. Атымтайжомарт аяз атаның бұл дүниеде барына ынты-шынтысымен сенген болатын.
Қаңтардың аяғына таман шешесі қаладағы өздері тұратын ауданнан жаңадан бала-бақша ашылған екен соған барып жұмысқа тұрды. Қаншама жылдар бойына ошақ басынан ұзамай ұйлығып жүрген анасының қуанышы қойнына сыймағаны рас-ты. Шешесінің ең алғашқы жұмыс күнін бұлар өздерінің шағын отбасында атап өтті. Енді бала әке тілегінің орындаулын сарылып ұзақ күтті. Көп күндер өтті. Айлар өтті орындалмады.
Ақыры шыдай алмаған бала бір күні шешесінен өзі сұрады.
- Аяз ата әкемнің тілегін неге орындамайды. Әлде әкем аяз атаға сенбей ме? – деген.
- Жоқ, әкең сенеді, сенбесе аяз атаға хат жазып несі бар – деді де шешесі үй шаруасымен сырт айналып кете барған. Бала әкесінің тілегін орындалуын шын тіледі. Себебі, ауыр жұмыстан шаршаған әкесі қаланың шетіндегі лашығына жеткенде сүрініп-қабынып құлайтын. Әкесінің көңілсіз жүргені болар бұрынғыдай емес демалыс күндерінде мұнымен ойнауды да қойды.
Сонымен не керек көркем көрністі көктем, жадырап жаз, көңілсіз күз де өтті. Бұлар сол баяғыдай қала шетіндегі ескі пәтерде тұрып жатыр.

* * *

Бала бүгін жаңа жылдың қарсаңында былтырғыдай аяз атаға хат жазып отыр. Бала бұл жолы аяз атадан өз басы ешқандай тілек етпейді екен. Тек былтырғы әкесінің тілегін орындап берсін деп өтініш айтыпты. Шыршаның түбінде қалдырған хатты оқып болған шешесі көзінің жасын сығып алды.
Баланың тілегі орынды еді. Бірақ әкесінің арманы аяз атаның қоржынында емес, аяз атаға сенбейтін ағалардың қолында екеніне оның кішкентай санасы сенбейтін шығар.

маусым 2013

ТЕМІР БАСПАНА

Қарт Ертістің жағасына қар аралас жаңбырын ертіп қара күздің келіп жеткен кезі. Асау өзеннің бетіндегі ерке толқындарды көзің шалады. Ағаштардан үзіліп түсіп жатқан алтын жапырақтар, адамзаттың ойына сан сырларды салады. Айнала күңгірт.
...Қара суықта қалтырап тұрғандай өзеннің жағасында темір баспана телміреді...

* * *

Қыр астында қыбырлап келе жатқан қыс Ақжан үшін көп күдікпен күреңденіп тұрған бірдеңе. Сақылдаған сары шұнақ аязда ана бір маңдайының соры қалың балалардың күні не болмақ? Өзі өлсе өлер, бірақ ана бейшара жандарға тіптен обал. Оң-солын танып білмей жатып, тартқан азабы мынау болса, ертеңгі күні бұларды не күтіп тұр екен.?! Бір өзі жалғыз қаншама жыл аянбай маңдай терін төгіп жүріп тұрғызған баспанасы жазғытұрым өртке оранды. Тосыннан келеген апатқа кім қарсы тұра алсын, ағаш үйді бас аяғы бес-он минуттың ішінде өрт жалмап жіберді. Қызыл жалынды сөндірмек түгіл ішіндегі анау-мынау заттарды, көрші-қолаңмен бірге жабылып жүріп, әрең дегенде далаға шығарып үлгерді. Әйтпесе үй түгілі керекті құжатарда қол бұлғап қош айтысар ма еді?!
Жазымышқа шара бар ма? Құжаттар не тәйрі, әттең қайран есіл еңбек жалын арасынан жылт етті де жоқ болып кете барды. Өрт болған күннің ертеңінде атқамінер ағалар келіп «шығынды есептеп жатырмыз, жуырда жаңа баспана салуды бастаймыз» деген. Бірақ сол уәде күн озған сайын, Ақжан үшін ағаш үймен бірге өртеніп кеткен үмітпен тең. Әйтпесе, ел болып, халық болып шындап кіріссе, сары күздің алдын ала жаңа үйдің шатырына шығар еді ғой. Берген уәдәсіне назік жіптей үміттіңді жалғап, уәж айта барсаң, арқаға қағып «қол тимей жатыр»-деп шығарып салатыны күйдіреді...
Ақмаралмен шаңырақ көтергеннен кейін бірер жылдай қалада, анда-мында баспана жалдап тұратын. Жастайынан жетімдер үйінде өсіп, қиыншылықты көп көргендігі болар аз-маз жиған-тергенін түгел қосып, шаһардың шеткері жағынан жер алды. Атамекенін аңсап сонау Алманияға көшіп бара жатқан біреудің пұшпақтай жері. Олай болмағанда, жердің бағасы аспанға әуелеп тұрғанда, жергілікті халық әкесінің құнын сұрайды. Бүгінгі күні үйі өртеніп кетсе де, әйтеуір жері бар, оғанда тәубә. Жерді сатқан кісі еліне асығып есі шықты ма, әлде шынымен жақсылық жасады ма?! Көшерінде Азаматқа ауласында тұрған ескі бір пойыздың вагонын қалтырған болатын. Қазір Ақжан жанұясымен сонда тұрып, тірлік кешіп жатқан жайы бар-ды.
«Арық атқа қамшы ауыр, жаман үйге тамшы ауыр»-демекші, Кеңес одағы кезінде халқына қалтықсыз қызмет еткен темірден де қауқар таяйын деген екен, қоңыр күздің ызғарына дес бере алмай азынап тұр. Паравоз соңында жүйткіп жүріп талай ел, талай қырдан асқан вагон енді міне, жаралы жанның жанына сеп болып, адам баласының басындағы айнымас үйі. Ескі-құсқы дүниелерді лақтыра тастай салып тірлік кешкенде, осы бір қорасымақ бәле қайғының қара бұлты төнгенде баспана болады-ау деп ешкімде ойламаған.
Ақжан өрт болған мамырдың алдамшы жылымық түнінде, табанынан сыз өтіп, белі шойырылып, жұмысына бара алмай екі күндей төсек тартып қалған болатын. Арада екі күн өткен соң жұмысынан көңілсіз оралды, әрине адымыңның шалыс басқанын күтіп жүретін басшылар қауымы түсінеді дейсің бе?! Жұмыстан шығарды да тастады. Тартпаған тұтқасы, аттамаған табалдырығы жоқ, бәрі де жұмысшы қажет емес деп басын шайқайды. Содан бері Ақжан үйінде жұмыссыз, Ақмарал орталықтағы дүкенде еден жуып бала-шағасын асырап жүр. Мына заманда оңай жұмыс бар ма, Ақмарал кешке үйге оралысымен «өлдім, талдым» деп төсегіне құлайды.
...Аспанда жаңа туған ай көріне бастады. Ақжан келіншегін күтіп далада отыр. Күндегідей емес, Ақмарал кешігіп жатыр. Адам бойынан сәл биігірек етіп тақтайдан жасалған қоршаудың арғы жағынан біреу қараңдады.
- Кешіктің ғой - деді Ақжан. Ақмарал қолындағы ала сөмкені күйеуі отырған орындыққа лақтыра тастай салды.
- Немене, мен ойнап жүрмін бе - деді келіншек ашуланып. Сарғыш беті қызарып алыпты, біреумен сөзге келіп қалған шамасы.
- Сонша не болды сабаланып, сұрағаным үшінде айыптымын ба?
- Мен саған баяғы да айттым, бәрін тасташы ауылға әкемдерге барайық. Басымызға бір баспана табылып қалар, бір аттап баспайсың, мен оңына бастап әлек сен кері қашасың.
- Ей, былжырамашы, мен осының бәрін басыма әдейі сұрап алыппын ба, «ауылға» дейді ғой, сол жақта жетісіп жүрген кім бар, бұрынғыдай қолыңа құрық алып қойда баға алмайсың. Тіршілік қайнап жатқандай ауылды сен маған күніне бес рет айтасың, мен саған бес рет осылай жауап беріп жағым талды. Ата-енеме барып алсам, «күшік күйеу» деп ел сөкпей ме мені. Өлсек осында бірге өлеміз - деп Ақжан орынынан тұрып кетті.
- Ой, сен ақымақсың, тіршілік кеше алмай жүріп, ар-намыс деген неңді алған - деді Ақмарал аптығып.
- Ей, қатын-деп Азамат тұра ұмтылды. Өлексеге шапқан аш бөрідей тістерін ақситқан күйі, тістеніп алыпты. Олардың күн суытып бастағалы бері ұрыс-керістері тым жиілеп кетті. Күнде осылай басталып тына қалатын.
- Мен ештеңені білмеймін. Ертең орталықтағы әпкемнің үйіне көшеміз. Ар-намысың аяқ аттатпаса осында қал омалып...
Осылайша қарт Ертістің жағасында қалқайып тұрған қараша үй аяқ астынан қауырт шаруаға кірісіп, көшуге қамданып жатты.
...Қара суықта қалтырап тұрғандай өзеннің жағасында темір баспана телміреді...

қазан 2010

ТОТЫ ҚҰС

- Сен оны қайдан білесің – дедім мен.
- Кітаптан оқығанмын. Аққулар сияқты тоты құстарда өзінің екінші жұбына адал болады екен. Біреуі ауру-сырқаудан өлер болса, екіншісі сол қайғыны көтере алмай өліп қалады немесе, қайтып ешкіммен жұптаспайды – деді ол ойланбастан.
- Мүмкін емес – деп менде қасарыстым.
- Сен өзіңнен басқаға сенбейсің - деп Гүлшынар бұртия қалды. Ол бұрыннан солай көп сөзге жоқ. Айтарын айтады да қылығымен жеңеді. Мен ол қызды бірінші курстан бері таныймын. Қалада тұратын қазақтың сұңғақтау бойлы сары қызы. Орыс тілін Отандастарының тіліндей жақсы біледі. Шет тілі факультетінің екінші курсында оқиды. Алысқа барып ағылшын тілін тереңдете оқу оның бала күнгі арманы. Екеуміздің қыз бен жігіт болып жүргенімізге бір жылдай уақыт болған. Өзгені сыйлайда, өзін сыйлата да біледі.
Екеуміз ренжісіп сөйлеспей қалсақ алдымен шыдай алмай бірінші болып тіл қататын менің құрбымның қанына сіңген мінезі. Ол бұрыннан солай қалыптасқан әдет. Ұзақ үнсіздікті тағы өзі бұзды.
- Сонымен сенбейсің ғой.
- Қызық екен - дедім мен сенер-сенбесімді сездіре ойланып. Гүлшынардың ертең туылған күні болатын. Тәжікелесіп өкпелеткім келген жоқ. Екеуміздің даурыға дауласуымыз тоты құстардың махаббаты жайында болатын. Оның үй-іші бала күндерінде тоты құс асырапты. Содан тоты құстардың қылығын қызықтағанды жақсы көреді.
Ертесінде ұйқымнан ояна салып Гүлшынарды туған күнімен құтықтадым. Оған тоты құс сыйлайтынымды және жарты сағаттан соң жағалауда кезедесіп тоты құстардың жұбын өзі таңдап алуын өтіндім. Шамалы күтіріп қойып Шынаргүл келді. Өте көңілді еді. Екеуміз қатар жүріп тоты құстардың жасыл түсін таңдап, сатып алуға бекіндік.
- Қанша - деп сұрағанымда сатушы еркек жұдырықтай ғана жаратылыс иесіне тым қымбаттау бағаны айтты. «Қымбат қой» деп тілімді әрең тістеп қалдым. Студенттің қалтасын қағатын ақша болса да сүйікті қызым үшін су кешіп өтерімді дәлелдегендей сатушы айтқан соманы сытырлатып санап бердім. Темір торға қамалған тоты құстарды тамашалап жүріп Мен оны үйіне дейін шығарып салдым. Ол маған ризашылығын білдіріп бүлдірген ерінімен бүріп тұрып ерінімнен құшырлана ұзақ сүйді. Менде риза-қош көңілмен сау бол айттым.
Одан кейінде көп нарсе болды. Бірақ кездесуге келген сайын Гұлшынар тоты құстар жайлы ұзын-сонар әңгімеге көшетін. Алты айдан соң, жазғы демалыстың аяғына таман ол Англияға оқу кететін болды. Оның бұрынғы бала күнгі арманы орындалды. Бір күні кешкілік есігінің алдында тосып тұр едім. Көктемде мен сыйға тартқан темір тордағы жасыл тоты құстарымен бірге шықты.
- Мына құстарды саған қалтырып кетемін. Мен Лондонда жүргенде жақсылап қара. Бұл екеуміздің махаббатымыздың символы – деді де мойыныма асыла кетті. Жанарында мөлт еткен мөлдір тамшыны аңғарып қалдым. Осы мезетте менің жүрегім сыздап, жылап тұраған еді. Сонымен ұзақ сүйісу, ұзақ құшақтасулардан соң әрең дегенде қоштасып мен оны алыс сапарға аттандырдым...

* * *

Арада көп күндер көшіп өткеннен кейін күтімін күрт өзгертіп алдым ба, тоты құстың бірі таңертең тұрсам тырайып қалыпты. Қатты қайғырдым. Гүлшынар екеуміздің арамыздағы махаббат жыршысындай болған бұл құстар да менің көзіме оттай басылатын. Тоты құстың екіншісін тордан шығарып жібердім. Бәлкім өмір бойы аңсаған бостадығына тартқан болар. Алысқа, тым алысқа қанат қағып бара жатқан титімдей ғана тоты құсты
Гүлшынарға теңедім. Тордағы өлген тоты құс менің оған деген махаббатым еді. Себебі... Сол жылы оқуға кеткен Гұлшынардың оқуы біткеніне үш жыл толсада, сүйікті қыз туған қаласына оралған жоқ болатын. Бәлкім ол екеуміз тоты құстардай махаббатқа адал бола алмаған шығармыз...

мамыр 2013


АЖАЛ АЙДЫНЫНДАҒЫ ҚҰСТАР

Алып заводтың шетіндегі тереңдігі сегіз метрге жуық, атшаптырымдай жерге жайылып жатқан көгілдір көл бөгде адамдардың назарын бірден аударатын еді. Екі шақырымдай жерде алтын қазатын шахта, батысқа қарай қазып алынған топырақтан алтынды ажыратып өңдейтін завод бар. Бұл сол заводтан келіп жатқан қалдық, химиялық эелементтердің неше атасы араласып кеткен улы су еді. Бұл суда бақа-шаян, балық, суда сызып салатын сары бас жылан дегендерің аты-затымен жоқ. Қолымыз қалт еткенде ермек болсын дегені шығар екі-үш жыл бұрын тосыннан пайда болған көлшікке осындағы бастығы бар, басқасы бар жабылып майшабақтарды сонау ит өлген жер, жол азабы жеті жүз шақырымдық шаһардан әкеліп қоя берген. Ертесінде талайы тырайып «жүзіп» жүрді. Басекеңдер «жер шалғай, жерсінбедіге» балап, жылы жаба салған.
Алтын қазушылар қызықтың көкесін сол жылы құс қайтқан мезгілде көрді. Сонау қырық шақырымдағы көкке шыңын тіреп тұрған таулардың қырқасынан қиқулаған бір топ сарыала қаз ұшып кеп қона бастаған. Бір мезгілде шахтаның сыртында жүрген жұмысшылар жағасын ұстап Жаратқанға жалбарынды-ай дерсің. Олар тым оғаштау көрніске куә болған-ды. Тұмсықтарын көгілдір көлге тыққылап су перісіндей сылаңдаған сұлулардың аяғы аспаннан келіп, улы судың жиегінде сұлап жатқан еді. Сол күннен бастап құс қанаты келгенде, құс қайтатын күз айларында бұл улы суға келіп шомылып, ажал құшатын қаз-үйректердің, ақ шағыл шағалалардың, одан да басқа «қанатты мақұлықтардың» өлігі сасып жататын болып алды...
Төрт жыл табанын тоздырып табақтай дипломға қолы биыл жетсе де, ала жаздай алашапқын болып жұмыс іздеген Ақжан алтын қазатын шахтаға жұмысқа тұрған. Мамандығы қаржыгер, мұндағы қызметі күзетші. Шахтаның іші-сыртын бөгде жүргіншілерден қориды, қала берді күндіз-түні дамыл көрмей шаптары терлеп шапқылайтын көліктердің бұзылғаны болса, оған көз қырын салып қою мұның негізгі жұмысы. Қаладағыдай емес, мұнда орман-тоғай жоқ жазық дала. Сондықтан күздің келгенін жапырақтар жаңбырынан білетін қаланың баласы, бұл жолғы жеткен күзді құстардың жылы жаққа қарай сапар шеккенінен аңдаған болатын. Күз келісімен бірге бұл күзетшілігіне тағы бір жұмыс жамап алған. Кеше осындағы шахта күзетіне жауап беретін шартық қарын, шабан жүрісті бастығы шақырды.
- Шақырған шаруам былай, анау заводттың артындағы суда толған құстың өлексесі. Бұл не? Тазарту керек – деген-ді бұл кіріп барғанында.
- Ол күзетшінің шаруасы ма, күзетші қызметіне жатпайды ғой – деген Ақжан таңданып.
- Улы көлшіктегі құстардың өлексесін тазалау үшін арнайы бригада құруым керек пе? Сөзді қысқарт. Жақын күндері экологтар тексеруге келеді – деп турасын айтты. Сонымен сөз тәмәм. Бұл бүгін таңертеңнен бастап көгілдір көлдегі құстардың өлексесінен тазарта бастаған. Қасында егде жасқа тақап қалған Дәуітқан есімді тағы бір күзетші бар. Бұл екеуіне жүктелген жұмысты естігенде, бастықтарды кекетіп:
- Сарыала таңнан серейіп тұрғанша, ей, бала сейіл қылайық – деген ыржалақтап. Содан бұлар көгілдір көлшіктің бетінде дәм-тұзы таусылып, осыдан бір-екі үш сағат бұрын қос қанатымен көкті тіліп қалықтаған құстардың өлексесін жинауға кірісіп кеткен.
- Сонда аға, келген, қайтқан құстар бұлай өле берсе жер бетінде құс қырылып қалмай ма? - дейді бұл. Табиғаттың зауалынан емес, адамның қажеттілігінен қырылып жатқан құстарды жинап жүріп.
- Көріп тұрсың ғой. Көлшік пайда болғалы бері он жылдан асты. Әлі аспанда құс жетерлік. Барлық құстардың ұшу бағыты біздің шахтаның үсті емес қой. Ажалына бастағандар осы ажал айдынына келіп жығылады – дейді Дәуітқан күзетші мұның құстарды шын аяғанын сезіп.
- Сонда мұны неге құртпайды. Мұндай улы тоғандар барлық алтын қазатын аймақта бар ма?
- Бар. Барлық алтын қазатын аймақтың айналасы дәл осындай шұрқ тесік. Барлығының да суы улы. Алғашқы жылдары құртып көрген. Ештеңе шықпады. Камаздармен тасып көмімек болған, оған дүниенің топырағы керек екен. Жұмысшылар осы көлді көме ме әлде алтын қаза ма? – деп Дәуітқан сұраулы жүзін Ақжанға қадайды.
- Экологтар ештеңе істемей ме?
- Ой, олар не шешер дейсің, келеді аузына тығады, кетерде тағы. Сосын салпақтап кері қайтуға мәжбүр.
- Аға, сонда мұның суы улы болатыны неліктен? – дейді бұл тағы да.
- Улы болмай қайтсін. Алтын мен топырақты айыру үшін, химиялық улы қоспа қосады. Сонда алтыны бір бөлек, шайылған топырағы бір бөлек, құрамында қоспасы бар улы су осылай қарай ағып шығады.
Ақжан күн салып тұрып аспанға қарады. Жылы жаққа қанат қағып бара жатқан жыл құстары көрінді. Зау көкте, заңғар биікте көздері шалса керек, көк жүзінде тынымсыз қанат қаққан қос қанаттылар қаталап қалғандай ақ айдынға қона бастады. Дәуітқан айтқандай: «Ажал айдынындағы құстар» ұзақ жүзді. Расында да ажал айдап келген болар.


ҮШ АЯҚТЫ ИТ

Алақандай әңгіме-алып
махаббатымның айғағы
болсын әкем Қазезге
арналады.

Ол аққұлақ қаншықтан туылғанда үш аяқты күшік болатын. Оның ит санасы әрине мұны ұғына алмады. Басқа да күшіктермен араласып шойнаңдап басып ойнап жүретін. Енді бүгін иті жайлы әңгімесін көршісінің өзі айтып отыр:
- Ең алғаш кішкентай күшіктің үш аяғын көргенде қатты таң қалдым – деді көршісі.
- Е, оның бәрі де полигонның кесірі ғой – деді бұл.
- «Үш аяқпен ит қалай өмір сүреді» деп те күдіктенгем.
- Қазақ «ит жанды» деген сөзді бекер айтпаған. Туғанда төрт аяғы тең болса да, бір аяғын оққа беріп шойнаңдап жүретін менің бір итім болып еді – деді бұл. Көз алдынан сонау бір алыста қалған арман жылдары елестеп. Естелік емген көңілі тіптен елітіп кетті...

* * *

«Шекара ашылыпты, атамекеніңе ағыл қазақ»... Осы хабардан түгелге жуық Тарбағатай аймағы айқұлақтанып алған еді.
Түнжарық түні бойы көз ілмеді. Ілмегені сол бозала таңнан қызыл іңірге дейін егістік басында ілмиіп соқа сүйретіп жүретін қос өгізді шешесі Дәмелі екеуі күзетіп шықты. «Сәбетке өтетін болдық» деп қалың ел дүрлікелі бері оны-мұны заттарыңа ие болмасаң қас қағып, көз тоқтатқанша қолды болып кетуі бек мүмкін еді. Әкесі Шүңгүл, шын ныспысы Әбілмәжін. Шүңірек көзді болған соң қағынған жеңгелері қағытып, еркетотай жеңгелері еркелетіп, сылқым жеңгелері сыйлағанынан солай атап кеткен. Кеше кеште: Жат жұрттық болса да, жалғыз қыз ғой, жақын-жұрағаттан жырақтап қалмасын» деп Қарақабақта отырған қыз-күйеуіне хабар беруге тақымындағы торы биесіне қамшы басып, борт-борт желіп сапарлап кеткен. Әне-міне таң білінер уақытта жақын.
Түнжарық қатты қапалы еді. Үйдегі он тоғыз жасар ұлдың үлкені осы, тау қопарып, тас үгітіп, «темір қорту» науқанынан оралғанына көп бола қойған жоқ. Шаршаңқы, жүдеу жүзінде алаңдаушылық білінеді. Әкесін ойлап қамыққаны ғой. Алда-жалда шекарадан асып үлгермей, ағайын-туғанға ілесе алмай қалса, осыдан біраз жыл бұрын ішкері жақтан аударылған шеріктер талап-тапап кетердей қатты қорқады. Жалғыз қалғанынан болар бозамық далаға қарап, сәурдің салқынын елеместей болып ойға батып тұрған қалпы бар. Бағана шешесі үйдегі кішкентай бауырлары қыңқылдап жылай бергеннен кейін ошақ басында омалып отыруға тура келді. Түні бойы қайткенде де екі адам бір-біріне ес болып, айналада қараң-құраңдап жүрген бейсауат жүргіншілерге сес болып ештеңе сезілмеген. Шешесі екеуі ананы-мынаны айтысып түннің тобанаяқ сағатын сырғытқан. Көңілінің пернесін, тілінің тиегіне тиіп кеткенде болмаса әкесі Шүңгүл сылдыр сөзге сараң. Ал шешесі Дәмелі сөзге шешен, күшке де мығым. Осындай табандап алатын ұзақ түндерде Түнжарыққа бала кезінде талай аңыз-әпсана айтып бергені әлі есінде.
Деседе, Түнжарық таң білінер уақыттың жақындап қалғанын жұлын жүйкесімен сезіне бастады. Қасында үш аяқты иті жатыр. Анабір жылдары ауылда босып, бейсауат жүретін иттер көбейіп кеткенде. Осы маңдағы белсенділер көтеріліп мойнына қарғы бау тимей бос жүретін иттердің талайын оққа байлап, көзін құртқан болатын-ды. Бірақ сол науқанда Жолдыаяқтың аман қалғанына ауыл жұртымен бірге кішкентай Түнжарықта сенер-сенбесін білмеген. Мұқым елді алатайдай дүрліктіріп, ауылдың бір шетінен мылтықтың үні «дүңк» еткізіп даланы жаңғыртқанда Жолдыаяқ үйдің іргесінде көлеңкелеп жатқан еді. Әне-міне дегенше өлім құшу кезегі Жолдыаяққа да жеткен. Қолында шиті мылтығы бары қытайлардың соңынан бір елі қалмай салпақтаған балаларға бұл да еріп, елдің итінің қалай атылғанын қызықтап жүрген. Ең алғашқы оқ Жолдыаяқтың жамбасын жалап өткенде, бұл безген бойында тоқал тамға кіріп табандап жатып алған. Көзін ашқан күшік кезінен асыраған иті, жанында жүрген жансерігі болса да заңның аты заң қолынан қайран келмей қорсылдап жылаған болды. Түнжарық үйге кірген бетінде сыртта тағы да екі рет мылтық атылды. Әлден уақытта үйіне шешесі кіріп:
- Жарықтық, жаны не деген сірі десеңші, кейінгі атылған екі оқтың бірі қақ жамбасқа, екіншісі артқы аяғын жұлып кетіпті. Үш атқанда өлмесе тірі қоя береді екен, Қытайдың қатал заңының бір жақсы жері осы – деген. Содан сыртқа жүгіріп шығып жаралы болса да, ауылдан алысқа қарай безіп бара жатқан Жолдыаяғын көрді. Содан бері шойнаңдап басып әлі де тірі жүр. Үш оқ атылғанда өлмей қалған иті ауылда, үйдің маңында бірдеңе «тарс» ете түсе далаға қарай безе жөнелетін жаман әдет тапқан...
Түн түндігін түріп тастап таласа атқан таңмен бірге әкесі де кеше кеште аттанған сапарынан көңілді оралды. Ұлының берген сәлемін алып, торы биесінен асығыс түсіп жатып тоқал тамға үздігіп ұзақ қарады.
- Әй, Дәмен тездетіп жиналыңдар. Керекті дүиенің барлығын өгіз арбаға артып алыңдар, мына балалармен бірге сенде сонда отыр. Өзім мына биемен шекараға дейін барам – деді де үйге кіріп кетті. Шекараның ашылғанын естіп, «әне-міне» деп елеңдеп отырған ел, күн көкжиектен көрінер-көрінбесте Жаманты заставасына қарай үдере көше жөнелді. Алпыс шақырымдай жолды артқа тастап, алқам-салқам, бас-аяғы белгісіз құжынаған халыққа қарап:
- Сәбет, шекараға келдік – деді Әбілмәжін. Түнжарық әкесінің сөзіне елең етіп басын көтергені сол, қару асынған сары өңді сақшыларды көзі шалды. Түнжарықтың өзінен кейінгі бауыры Қажыкен өгіз арбаның артында отырып қойдай шуласып, қозыдай маңырасып жатқан адамдарға таңырқап қарап отыр. Анадай жерде бұларға қарай аядап келе жатқан апа-жездесін көре салысымен, өгіз арбадан секіріп түсіп тұра жүгірді. Ағасына ере алмай ызаға булығып отырған Дәуітқанды Түнжарық арбадан өзі түсірді. Ол да ағасының соңынан жүгіріп барып, жолда көргенін жіпке тізбелеп жанталасып жатқан еді.
Бұлардың тобын қарсы алған қаба сақалды орыс қос өгіз бен торы биені бері өткізбейтінін жайып салды. Әкесі мен шешесі ойлана келе:
- Олай болса мына екі өгіздің бірін біз сойып алып көже-қатық қылайық. Екіншісін көшке қамдана алмай қалған туған-туысқа бере салайық. Торы бие буаз еді оны сойып не марқадам табамыз, құлынының обалына қалмай кере қайтарайық - деді әкесі. Шешесі құптаған болып ештеңе деген жоқ.
- Әке, Жолдыаяқ торы биенің артынан қалмай кетіп барады. Шақырсам келмей қойды – деді кішкентай Дәуітқан шағынған болып. Оның сөзіне:
- Ит болса да сезіп тұр ғой, анабір мылтық асынған сақшылардан бассауғалаған түрі. Оқ иісін сезсе болды қаша жөнеледі - деп әкесі жауап берді. Кері қайтып бара жатқан торы биеге қарап Дәмелі көзінің астын сүртті.
Торы биенің соңынан қалмай, шойнаңдаған қалпы үш аяқты ит тойған жеріне тартып барады. Түнжарық ата-бабасы алшаңдап басқан атамекеніне қарай жүрегі атқақтап адымдайды. «Ит тойған жеріне, ер жігіт туған еліне» деген осы да.

маусым 2013

ЕКІ КЕМПІР

О, құдай бала бер,
Бала берсең сана бер,
Сана бермесең ала бер.

Қазақ нақылы

Олар екеуі осыдан біраз жыл бұрын өздері айтатындай «қырық жылда бір» көрісетін құдағилар еді. «Қырық жыл» дейтіндері сөздің сырағысы ғой. Той-томалақ, өлім-жітімде жиі кездесіп тұратын. Ал бүгінде бір сәтке де ажырай алмайтын мұңдастар. Алғашқы жылдардағыдай бір-біріне «құдағилап» қиылуды да қойған. Бір құрсақты жарып шыққан жарық дүниедегі апалы-сіңілі іспетті олар. Сөзге келіп тоң-теріс қарап отырып алмайды. Өз араларында өте тату.
Бұлар ең алғаш «мың жылдық құда» болып табысқанда, аралас-құраластығы сүйінішті болған жоқ. Азын-аулақ байлығы болған соң, Гүлайым қызының барып қонған ұясын «кедей» деп кемсітіп, сөкті. Осы тектес талай сөзді Зиягүлдің құлағы шалса да Гүлайымға кек сақтап ренжімеді. Айтса, айтқандай төрт ұлын бір өзі жалғыз адам санатына қосқан жесір әйелде байлық, асаулық қайдан болсын?!
Гүлайым өзінің шалы бақиға көшкеннен кейін араға бір жылдан астам уақыт салып, айналып-толғанып жеткізген жалғыз қызының қонысын тұрақтаған. Содан бері де сезілмейтін сағаттар сырғып, жөңкіген жылдар жылыстапты. Бұл ауылдағы қора-жайын, ірілі-ұсақты малын сатып, бар жүгін шарт түйініп көшіп келгенде кенже ұлының қолында Зиягүл баяғыдан тұрып жатқан. «Өлсем, кенжемнің қолынан ақтық сапарға аттанайын» дейтін сол қазақтың салты да бұрынғы.
Екеуінің ертеден кешке дейін айтысатындары өткен күндері, балалық шағы, бойжеткен кездеріндегі бозбалалармен бірге бозамық түнді жамылып шерткен сырлары хақындағы әңгіме. Сонда балалары бұл екеуіне қарап: «күні-түні ауыздары шаршап, жақтары талмайды-ау, ә» деп таңданып қояды. Зиягүлдің ұлы мен Гүлайымның қызынан туған осы үйде бір бала бар. Екі кемпір сол тіл алмайтын өз еркімен өскен тілазар балаға қарайды. Алда-жалда сол жалғыз бала бірдеңеге ұрынар болса ұл мен келін бұл екеуін қуырып жейді. Кейінгі күндерде алағашқы жылдардағыдай емес екі кемпір бұл шаңырақтан түңіліп жүр. Зиягүлге келін боп түскен жылы сүті суалған омырауыңды иітердей назданып тұратын жылы жүзді қыз бүгінгі күні қай-қайдағыны қоңырсытып шәуілдеп үре беретін қанденге, Гүлайымға күйеу бала болғанда сөзінен бөзі түсіп тұратын ұяңдау, момын ұл бүгінде бірдеңе сұрасаң арсылдаған төбетке ұқсап барады. Бар бәле кеше басталды. Қыз күнінен қысылуды білмей өскен Гүлайым «мына балаларыңды әбден еркімен жіберіп, бетпақ қылып жібердіңдер» деп төбеден түскендей етіп қоя салған. Содан ұл мен келін ал кеп ашулансын. Сол ұрыс-керістен кейін екі кемпір енді тұрақтайтын жер, өлсе көмусіз қалмайтын ел іздей бастаған. Соңғы сөзді Зиягүл айтты:
- Анада, ауылға жарықтық Жаңбырбайдың қырқына барғанда, біздің әлгі ортаншы ұл інісінің «шошқа мінезін» сөз еткенімде, «е, біздікіне келіп алыңдар. Қәзір ауылда жұмыс жоқ. Оның үстіне екі сиыр асырағанша, екі кемпір баққан жақсы ғой» деп ыржалақтап еді. Сол айтқандай ауылға тайып тұрсақ қайтеді.
Бір ауыз сөзден жұмыртқалаған жаман сөз Гүлайымның жанына батса керек ештеңе деместен Зиягүлді құптай салды.
...Үлкен қаланың шыға беріс жолында көлік күткен екі жолаушы қараңдайды. Екі кемпір туған жерінен бассауға сұрап безіп барады. Тас қалада тұратын ұрпағының тас жүрегін сезіп барады. Бәлкім, тас қала тасбауыр ме екен, ә?
Оларға туған жердің топырағы бұйырсын делік.

қаңтар 2012 жыл

ҚАШҚЫН

Оған халықаралық іздеу жариялағалы жеті жылдан асты...
Ол бүгінде туған елін тастап қашып жүр. Біздің елдің сақшылары оны іздеп сегіз жыл санынан сансырады. Қашқынға жабылған жалада көп-ақ. Сақышылар санамалап бұған қозғалған қылмыстық іс бұның ғұмырбаянынан ұзағырақ болып кетті. Мемлекеттің мүлкін шетелге сатқанынан бастап, сонау бала кезінде көрші-маңайдың тауығын ұрлаған, жұмыртқа алу үшін тауық қораға ұрлыққа түскен, көршісінің түн баласында ұли беретін итін ұрып өлтірген деген сияқты болып бір-ақ аяқталады.
Өзінің көңіліне жақпаған нәрседен қашып құтылу оның қанына сіңген. Қанына сіңбесе сонау сұрапыл жылдарында, Отан үшін өзін от пен оққа байлап дүйім халық майданға аттанғанда атасы соғыстан қашып несі бар. Бұл бала кезінен жүйрік болатын қуғанда жеткенін кім білсін, қашқан сәтінде аузы күйіп қолға түспепті.
Қанына сіңбесе екі жасында есін енді білер-білместе балабақшадан қашып несі бар. Бала-бақшадан қашып бес сағатын сонда бес сағат үйінде өткізетін. Сөйтіп жүріп мектепке оқуға барды. Мектепте оқып жүргенінде де сабақтан аз қашқан жоқ. Оны да әйтеуір кілең бестік арман болып, ақиқатында кілең үшке шүпірлеп толып тұрған атестат алды. Дудыраған қалың шашын қырып тастап бір күнде әскерге аттанды. Бұл Кеңес одағының құлауымен тұспа-тұс келген-ді. Ұрып-соғу жиілеп, өлім-жітім көбейіп, өлгендері сұраусыз, өлтіргендері жазасыз кетіп жатқан кез. Бұл да байқаусызда өзіне қарсы келген біреуді өлтіріп алып, әскерден тағы қашсын келіп. Әкесі дүрбелең жылдарында колхоздың астына басып қалған, берсе қолынан, бермесе жолынан тартып алған жарты малын сатып жүріп жанын арашалап қалды. Ауылға келіп анаған бір соқтығып, мынадан бір таяқ жеп жүргенінде әкесі тағы да жарты малын сатып оқуға түсірді. Ауылда істеген аз-маз қылмысынан қалаға қашып әрең құтылды. Қаланы да қарқ қылғаны шамалы. Жүліктерге қосылып жырынды, бүліктерге қосылып бұзық болды.
Сенделіс сенделіске созылып оқуын бітірді. Жоқ, шынында бұның оқуын оқыған ауылда қалған әкесінің жиған-тергені, мал-мүлкі еді. Сөйтіп базар жағалады. Қолына «түф» деп, базашылардың қалтасын «үф» деп тағы да қолы үйренген қарақшылығана қайта басты. Жолы болғыш па, әлде сұлу әйел санасыз ба, әлде қыздар осындай жырындыларды ұната ма бес-алты айдың ішінде момындау өскен бай қызының басын қатырып жүріп қолына қондырды. Қуанған әкесі бұған той жасаймын деп, таза тақыр кедей болып қалды. Жыланның аяғын көрген қу, пайданың исін сезген Қашқын да ештеңеден тартынба деген көрінеді. Айтса айтқанындай қашып-пысып оқыған институттың дипломы іске асып, пайдаға жарады. Қайын атасы басқаратын фирманың қаржыгері болып алды да, алды-арты екі-үш жылда байып шыға келді. Облыс әкімімен ауыз жаласып, параны пар-парымен беріп қалалық мәслихатқа депутат болып сайланды. Бірер жылдан соң, кезекті жиналыста бір депутатпен сөзге келіп оны аямай балағаттап, мұрынын аямай мыжғылап, бет-аузын аямай бұзып істі болды.
Бұл істен қашып-құтылудың жолын тауып, мемлекеттік жұмысты тастамай, ауданға әкім болып барды. Сол жерде байыған үстіне байып, шартиған қарыны одан әрмен шартиып, шалқайған үстіне шалқая берді.
Сөйтіп жүргенде минстірлікке басын сұққаны бар болсын, бар бәле сол қызметтен басталды. Егер елдегі сақшылардың қолына түсер болса, онда қалған ғұмыры түгелдей дерлік темір торда өтетін болды. Шешінген судан тайынбастың керімен атамекені адыра қалып, туған жерін талақ етіп шетелге шарықтап, ұшып кете барды.
Бүгінгі таңда жер бетін топан су басады деп даурығып жүргендер көп-ақ. Ұзын құлақтан естуімізше біздің кейіпкеріміз, жер беті лай топырақ пен топан судың құрсауында қалар болса, онда жерді тастап басқа планетаға қашуды ойлап жүрген көрінеді. Туған жерін тастап қашқан Қашқыннан әрине мұны күтуге болады...

шілде 2013

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста