Алаш прозасы

Мархабат БАЙҒҰТ. Сізді сүйген қыз едім… (әңгіме)

  • Мархабат БАЙҒҰТ. Сізді сүйген қыз едім… (әңгіме)

    Мархабат БАЙҒҰТ. Сізді сүйген қыз едім… (әңгіме)

«Махаббатым сізге, тағдырым да сізге арнала-а-ад…»

Бегімбайдың әні


Мен сізге қай кезде, қалай және қанша жасымда ғашық болғанымды, неліктен мұндай дертке ұшырағанымды, қалайынша қатты сүйіп қалғанымды білмеймін. Әйтеуір бір күні, кешқұрымғы шақта, қас пен көздің арасында өзімнен-өзім қатты-қатты қуанып-қуанып кеттім. Жүрек шіркін алдымен алқынып, артынша алып-ұша атқақтай жөнелді. Алқын-жұлқын күй кеше тұра бал татыған мұндай мезетті бұрын-соңды ешқашан бастан кешпегенімді түйсіне таңырқадым. Дәл сол сәтке дейін бойыма құйылып көрмеген құпия ағын аппақ құсқа айналып, жүрегімнің қай қалтасынан қанат қағып шыққанын қайдан ғана білейін. Ол омырауымды аялай сипалап дір етті де, ой-санамды шарлай шығандады.

Әпкемнің балконында тұрып жаңадан пайда бола бастаған ымырт жұлдыздарына қарадым. Жылы суықтың жайма-шуақ күндері жаңадан басталған-тұғын. Бозқарағанның жапырақтары осы кезде, керісінше көбейіп, қоюланып кететіндей көрінетін. Ал сәл былайырақтағы өрік ағашының ұшар басы қызыл жалқындана арай шашатын-ды аспанға. Менің болмыс-бітімімдегі бөтенше бұлқыныс, төтенше құлшыныс неден пайда болғанына бозқарағандар да таңырқайтындай. Өріктің төбе тұсынан туған жаңа жұлдыздардан жеткен сәулелер ме екен?! Дей бергенімде, сізді көрдім кенеттен. Ымырт қараңғылығы қоюлана қоймаған еді. Қызылқоңыр жейдеңіз өзіңізге жарасып, жымия күлімсіреп, жаныңыздағы кісіге әлденені әңгімелеп келе жаттыңыз сіз. Біздің балкон жаққа жалқы мәрте жанарыңызды аударсаңыз, ештеңеңіз кетпес еді ғой. Бірақ көз қиығыңызды да қимастан өтіп бара жаттыңыз. Мен балконның пердесінен сығалап, маңдайыңыздың сәл-пәл тершігеніне дейін байқадым. “Шіркін-ай, бір рет бері бұрылыңқыраса қайтеді”, - дедім ішімнен. Шүкіршілік, дедім сонсоң. Сіздің мен тұрған балконнан бірер қадамдай ғана жерден өткеніңізге, жымия күліп жанымнан қадамдап бара жатқаныңызға шаттанғанымды айтсаңызшы. Сонда ғана, сол бір минөтте ғана манағы мезеттің, бал татыған, алып-ұшқан қуаныштың, алқына атқақтаған жүрек лүпілінің, аппақ құсқа айналған құпия ағынның – бар-баршасының себебі сіз, иә-иә, сіз екеніңізді сезіндім.

Сіз екінші қабатта тұратынсыз. Мен бірінші қабаттағы әпкемнің үйіне оқта-текте баратынмын. Сіз некен-нұқан көршіңізге кіріп, нұқыл әпкеммен әзілдесіп, жездеме әдейі ғана қарамағансып, бір шыны ғана шай ішіп шығып кететінсіз. Бірте-бірте мен сізді қызғанатынға айналып бара жатқанымды және мұндай мінез-құлықтың өз еркімнен тыс пайда бола бастағанын байқадым. Иә-иә, әпкемді сізден емес, сізді әпкемнен қызғанатындай әдетпен де қашан, қалай және неліктен дерттенгенімді білмеймін.

Әуелгіде, осы кісі маған да қараса екен, маған да әпкеме әзілдегендей әдемі күлімсіреп, қатты-қатты қалжыңдаса дейтінмін, олай болмады. Сіз жай ғана, қатардағы бала-шағаларға қарағандай бір көз тастап, кейде менен кішіректердің бастарынан сипалап, өте шығатынсыз. Кейде подъездің алдындағы арқалығы бар, ұзынша орындықта әпкемнің балаларын ойнатып отырғанымда да сөйтетінсіз. Әрине, мен ол кезде сіз басымнан сипалай қоятындай кішкентай емеспін, көз тоқтатыңқырап кідірістейтіндей бойжеткен емеспін. Бірақ бұрыннан-ақ сіз көз қиығын салыңқыраса екен, жиірек назар жықса екен дегендей нысай-ниет бар-тұғын менде. Ал сізді әпкемнен қызғанатындай халге душар болғанымда, осы қылығымды бұлтартпастай мойындағанымда, жасым не бәрі он төртте-тұғын. Білдіңіз бе?! Білмейсіз оны, сезбейсіз де тіпті.

Біз Күншуақ қаласына жақындау ауданның орталығында тұратынбыз. Әрине, әпкеміздің үйіне жиі-жиі бара бермектің жөні жоқ. Қаладағылардың жай-жағдайы белгілі, сыры мәлім. Жездеміз жантайып жатып, мүлгігенді білер. Жұмысы аса ауыр. Қаншама жылдардан бері фосфор зауытында. Айтуларына қарағанда, елу жасқа жетпей-ақ зейнеткерлікке шығатын көрінеді. Қашан барсаң-дағы, қалғыған қалпынан айнымас. Амандасуға әзер әлі келетіндей. Әпкеміз ше, ол кісі жездемізді жерден алып, жерге салып, айлықтан-айлыққа аш-жалаңаш жететіндерін, мына жатысымен бұл дүние-жалғаннан дымға жарымай өтетіндерін жырлай жылап, құлақты жейді. Сөйтетін әпкеңе қалайынша қайта-қайта бара берерсің? Бертініректе байқағанымдай, әпкеміз сізге кетәрі емес сияқты-тұғын. Көңілденгендей көрінетін сирек сәттерінде сіз туралы әңгіме бола қалса, бет-жүзіне жылу молырақ жүгіріп, бұрқырай беретін самай шаштарын жөндеп, жездемізге бір қарап қойып: “Құрдастардың ішіндегі құдай ұрып қойғаны біздікі ғой”, - деп жымиыңқырайтын. Сол подъездегі төрт-бес отбасы иелерінің бәрі бір-бірімен құрдас екенін еститінбіз.

Сөйтіп, сол жолы, сол бір бәсеңдеу балконда тұрып, бәріне де сіздің кінәлі екендігіңізге көз жеткіздім. Одан кейін ше, қаншама мәрте міз бақпай күттім сізді. Сол балконда. Әпкемнің ала-құлалау пердесіне жасырынып қадалар едім. Кешқұрым шақта. Бозқарағандар қалқайып, өріктің ұшар бастары өзгерген кездерде. “Кешқұрым шақ, қас пен көздің арасы; Жеті әлде сегіздердің шамасы. Көз тастайды қыз балконнан төменге; Қашан келер сағындырған ағасы?!” деп өлең жазуға дейін жеттім. Он бес жасымды қалада, әпкемнің үйінде атап өтпекті қаладым. Дос қыздарымның бір-екеуін шақырып тойлағанымызбен, ойлағаным сіз едіңіз, білсеңіз. Білмедіңіз бірақ та. Себеп тауып, өзіңізді көргім бар. Сіз жұмыстан оралар-ау деген сәт те, сыртқа шығып отырдым. Бақытыма қарата жан баласы жоқ екен. Қызыл қоңыр жейдемен, қоңырқайлау курткамен келе жатыр екенсіз. Бірер апта алдында, пойызға мініп алысқа кетіпті деп естігем. Сағына түскем сарғайып. “Пойыздар, мені алып қаш; Таулардың арғы жағына. Қандай жан дерттен айықпас; Сүйгені келсе жанына!” деп те жырлар құрағам.

Сіз шынымен-ақ жақындап келе жаттыңыз. Таяныңқырап қалғаныңызда, батылым жетіп, орнымнан тұра бергенімде, алақаныңызға алақанымды қондырмаққа талпынып, қолымды созбаққа енді ұмтылғанымда, подъезден әпкемнің шыға бергені…

Әдетіңізше әзілдеп, күлімсіреген кейіпте әпкеме сәлемдесіп, кенет маған бұрылдыңыз. Бұрындары да оқта-текте көріп қалатынсыз, қарап қоятынсыз. Бірақ бұл бұрылысыңыз бөлектеу-тұғын. Әлде, біз он беске толғанда, басқаша сезілді ме, кім білсін-ай, кім білсін. Кідіріңкіреп, бас-аяғыма байырқалай қарағаныңызды әпкем аңғармай қала алмас.

– Бүгін біздің Ақнұрдың туған күні, - деді әпкеміз менің алабұртып тұрғанымды түсініңкіремей, тымырайғысы келіп.

– Он беске толып қапты. Деп-демде. - О-о-о! Он бес жас деңіз. Құттықтаймын! – дедіңіз сіз менің қолымды оң алақаныңызға қондырып, сол қолыңызбен білегімнен ұстап. – Осы подъездегілердің сұлуы сенің әпкең ғой. Ал сен, Ақнұр, әпкеңнен де көркемсің!

Он бес жасқа толған күнімнің, жарық дүниеге келген күнімнің, туған күн кешінің қалай өткені жадымда жоқ. Жадымда – жағымды үніңіз. Алақанымда – алақаныңыздың жылуы. Ешқашан кетпес есімнен. Дос қыздарымның қай кезде келгені, қайтіп құттықтағаны, әпкем мен жездемнің не айтып, не қойғаны… Ойымда түк те қалмапты.

Сол кештен кейін, кім-кімнің болсын, туған күнін атап өтпекке барсам болды, өзіңізді көз алдымнан кетіре алмаймын. Кетіргім келмейді. Алақаным ыси береді, білегіме қараймын келіп тесіле. Сіздің жазғандарыңыздың бәрін, түк қоймай оқимын. Газеттен қиып алып, омырауымның ортасына бүктеп салып қоямын. Кейде апталап-айлап ештеңеңіз жарияланбайды. Ондайда аһылап-уһілеп шаршаймын. Сөйтіп жүргенде, жарқ ете қаласыз. Бүктелген газет қиындысы көпке дейін кеуде тұсымда сыбдырлап, сыбырлап қымбат қазынама айналған қиындыны ұйқыға жатарда жастығымның астына жасырармын. Газеттің бояуы кеуде тұсыма да, киім-кешегіме де, жастығыма да жұғып қалар. Оған қуанбасам, ренжімеспін. Қиындыны бетіме бассам, сіз сүйгендей сезінермін. Аңсап-аңсап кеткенде ше, ерніме тигізермін. Күндердің күнінде дүниедегі ең жағымды, аса ұнамды иіс мына милауыңыз үшін газеттің иісі боп кете барғанын білмейсіз сіз. Жалпы, сіз не білесіз өзі?! Түкті де білмейсіз. Ештеңені де сезбейсіз. Әпкемнің мені милау дейтінін де білмейсіз. Қиялиланып қала беретінімді, меңірейіп отыра беретінімді байқамады дейсіз бе, біраздан бері әпкем мені Милау деп атайтынға көшкен.

Милау.

Бірер ай өткенде, әпкеммен қатты ұрысып қалдым. Оған да сіз кінәлісіз. Сіз туралы ойлап отырғанымда, әпкем:

– Не ойланып отырсың? Осы сен қыз данышпан ойшылға айналып алдың ғой! Милау болдың ғой! – деп ашуланды. Сізді елестетіп отыратынымды сезетін секілді.

– Сіз кімді ойласаңыз, мен де соны ойлап отырмын, - дедім. Содан кейін ол үйге бармай кеттім. Сіздің жазғандарыңызды түк қоймастан, тақырлап, кеміріп жеп оқимын. Сездірмедім ешкімге. Жан адамға. Қайталай-қайталай жаттап алатынмын. Іздеп-сұрап жүрер ем. Сағына аңсап сұрар ем.

Бірте-бірте сіздің бірдеңеңіз жарық көрді дегенді өзімнен өзге біреу алдымнан айтып қойса ше, ол адам кім болса, ол болсын, жек көріп, жау тұтып, жанып кете жаздайтын ауруға ұшырадым. Тоқсан үшінші жылы сіздің қоңыр тысты, сыртқы мұқабасында жүректің бейнесі бар кітабыңызды дүкеннен көріп, қос қолдай ұстап, бас салдым. Сөреден жұлып алып, сатушыға бар дауысыммен:

– Мына кітап қашан түсті?! – деппін.

Айналадағы адамдар аңтарыла қарар, бәрі бірдей бұрылып. Сатушы шошып кетер. Шегіншектеп барып, таңырқай түзелер. Қырсықтығымның тұла бойымда тамырлана жасырынып жататынын бұрын да байқайтынмын. Бұлқынып сыртқа шығатынын сезетінмін. Кейінгі кездері мүлде өзгеріп барамын. Міне, мына мұнтаздай тап-таза, тып-тыныш, естері дұрыс кісілер бір-бірімен сыбырласып қана сөйлесетін кітап дүкенінде дүниені дүр сілкіндіріп, бүкіл биік үй-жайды бір сілкіндіріп тұрыппын. Дәл сол сәтте бұл қылығымды бағамдап, бар дауысыммен сүрең сала сұрақ лақтырғаныма ұяла қойған жоқпын. Тіпті, айқайлағанымды аңғармауым да мүмкін ғой. Жапырлай бұрылып қарағандарды да елемеген сияқтымын. Бар ділім мен дәтім сіздің кітабыңызда еді. Қоңыр кітапты қос қолыммен қыса ұстап алып, алдымен ары төңкеріп, бері аунатып, тесілдім-ай телміре. Сыртқы қалың мұқабада жүректің суреті. Үстінгі жағында сіздің аты-жөніңіз. Жүрек суретінің астында кітаптың аты. Ары да қараймын, бері де қараймын. Ал кітап сөрелерінің маңайларындағы қалың қауым: “Мына бір жап-жас қыз жынданған екен де, кітап дүкенінде несі бар байғұс баланың”, - дегендейін қоғамдық пікір түйіп үлгергенінде шаруам шамалы. Тек кейіннен ғана, шегіншектеп барып, таңырқай түзелген сатушының абыржыңқыраған тұрпатынан ғана түсініп, бәсеңірек тартқандаймын:

- Қашан түсіп еді бұл кітап? – дедім дауыс екпінімді еселей кемітіп.

- Көп болған жоқ, - деді сатушы әлі де өзіне-өзі келе алмай.

- Қаншауы келді? – дедім қайтадан қырсыға бастап.

- Үшеуі, - деді әлгі әйел көзін жыпылықтатып.

- Ешкім алды ма? – дедім тістене.

- Жоқ. - Онда үшеуін де беріңіз маған!

- Діңкілдемей-ақ айтсаң болмай ма, шырағым? – деді сатушы әйел есін енді жиыңқырап.

Сол қоңыр кітабыңыз тоқсан үшінші жылғы маусым айында шыққан. Бағасы бар болғаны елу бес тиын-тұғын. Мен жынданған адамдай сіздің сол қоңыр тысты кітабыңызбен сөйлесетінмін. Бір бетін ашып, біра-а-аз сөйлеп отырамын. Екінші бетін аударып және бірдеңелерді айтамын. Кітапқа айтамын, кейіпкеріне айтамын, сізге айтамын. Осылайша төрт жүз беттік кітабыңыздың әр бетін қайырып қойып, тілдесетінімді түк те білмейсіз. Сезбейсіз.

Өзгерейін, енді сізден ұялмауға сөз берейін деп шештім бірде. Есіңізде ме, мен сіздің кітабыңызды қолтығыма қысқан күйімде, қолтаңбаңызды қойдырып алмақ мақсатта, алдыңызға бардым. Қайдан қалсын есіңізде, менен басқа да оқырмандарыңыз көп шығар, сірә. Ұзыншалау, биік үйдің бірінші қабатындағы дәліздің түкпіріне таман отыратынсыз. Буын-буынымды билей алмай, кирелеңдеп, оның үстіне көзім бұлдырап, кірдім-ау, әйтеуірім. Амандастым. Сіздің не деп жауап қатқаныңызды естімедім. Жанарыңыздан түкті де сездірмедіңіз. Сүлесоқ, салғыртсыз. Көзіңізден ештеңені оқытпадыңыз. Оқи алмағам. Ерініп отырғандайсыз. Табан астынан жыным қозып, қырсығым қабындады. Есіктің жанындағы айнадан да сіздің сықпытты көзім шалып, одан сайын жындана түстім.

- Алдыңғы буын ағалар, неге сонша қатыгезсіздер? – дедім.

- Неге олай дейсің? – дедіңіз.

- Солай, - дедім мен.

- Сендер, бізден кейінгілер, алдыңғылардан да қатқыл болайын деп тұрсыңдар ғой, - дедіңіз сіз.

- Мен газеттің иісіне ғашықпын, сенесіз бе? – дедім мен.

- Ә-ә, журналист болайын деп жүрген қыздардың бірі екенсің, ә? – дедіңіз сәл тірілмекке талпынып. – Қазір қаламгер қыздар көбейді ғой. Біздің уағымызда бірен-саран еді.

- Мен көптің бірі емеспін, - дедім мен тістене түсіп.

- Көптің бірі деп тұрғам жоқ, айналайын, журналист болғысы келетін қыздар аз емес дегенім де.

- Мендей қыздар көп емес, - дедім сізбен салғыласа ұрысқым келіп.

– Мен де жазып жүрмін. Бірақ сіздер оқымайсыздар ғой ондайды.

- Қандайды? – дедіңіз тірілмекке талпынған түріңізді қайта өлтіріп.

- Оны қайтесіз, бәрібір оқымайсыз.

- Әпкелеріңе бармай кеттің-ау, осы? – тағы да тірілетіндей түрмен осылай дегенсіз.

Жүрегім аузыма тығыла жаздаған. Байқайды екен-ау, іздейді екен-ау мені! Деп үміттенгем. Не дерімді білмегем.

- Мен сізді түк қоймастан, тақырлап, кеміріп жеп оқимын, - дедім батылым жетіп. Әгәрки, сонда бар ғой, орныңыздан тұрып кеп, қолымды алғаныңызда, алақанымды алақаныңызға қондырғаныңызда, сіздің мойныңызға асыла кетпекке әзір ем…

- Рахмет, - дедіңіз тек қана. Өлі күйде ғана.

Әлі де оянар, неғыпты сонша, бірдеңе дер, ең құрығанда құмығыңқы үнін құлағыма сіңіріп әкетермін дегендейін қиял құшағына еніп, елтіген ем. Бәрібір сіз сол күйі үн қатпадыңыз. Үн-түнсіз отыра бердіңіз. Ұсынған кітабыма селқостау ғана санаулы сөздер жаздыңыз.

Іштей булыға жылап, көз жасымды шығармай еңіреп мен кеттім. Есуастың санасынан шықпайтын елестейін сонда да ойдан кетпейсіз. Салқын жазды деген қолтаңбаңыздың қаншалықты қымбат дүниеге айналғанын білмейсіз ғой қазір. Білмейсіз, түсінбейсіз, сезінбейсіз. Бірер минөт бұлқан-талқан түтігіп, тұла бойымды ыза кернейді де, іле-шала сағына бастаймын сізді. Жастығымның астындағы қоңыр кітапты алып, қысамын-ай кеудеме, басамын-ай бетіме.

Сүлесоқ, салғырт отыратын сізді оятып, өзіңізді өзгерткім келетін. Әншейінде әзілдеп, жымия күлімсіреп жүретін әдетіңізден неге жаңылғансыз? Әлде жұмысыңыз жайсыздау ма? Немесе бірдеңе жазарда осылайша назарыңыз назалы жүресіз бе?

Өзімше өзгешелеу деп санаған бір дүнием газетте жарияланды. Оқыды ма екен деп ойлаумен болдым. Білгенше, көргенше асықтым. Сәті түспеді, ығыты икемделмеді. Қайтадан қырсықтым. Қайткен күнде де бір басылымға орналасып алып, көптің бірі еместігімді дәлелдегім келді. Бір газеттің бас редакторына кірдім. Әлгі дүниемді алып бардым. Қиындысын.

- Мынаны оқып шығуыңызды өтінемін, - дедім бас редакторға шегелеп, шегендей сөйлеп.

- Оқыдым, - деді ол. – Сен қыз бізге мектепте жүргеннен жазып тұрушы ең ғой. Оқта-текте болса да. Бұ жазғаныңда бірдеңе бар сияқты. Ұнады.

- Бірдеңе бары рас па? – дедім.

- Айтып отырмын ғой, жаттанды емес, жасандылық жоқ, - деді бас редактор.

- Мені мектептен білесіздер ғой?

- Білеміз. Жас тілшілердің тізіміне жыл сайын ілігетінсің.

- Олай болса, мені жұмысқа аласыз!

Бас редактор басын қисайта кекжиіңкіреді.

- Орын жоқ қой, оның үстіне…

- Ненің үстіне? – деп қырсықтым мен.

- Оның үстіне мамандық алып үлгерген жоқсың әлі. Солай емес пе?

- Былтыр құлап қалғам. Биыл түсемін, - дедім мен.

- Солай де. Сен әуелі түсіп алғын. Сосын бізге оқта-текте емес, жиі-жиі жазғын, жарай ма? Орын босап жатса, көрейік.

- Түсемін. Сырттай бөлімге. Сіздің газетке қалай да орналасамын.

- Батылдығың ұнап тұр, - деді бас редактор жымия қарап.

Біздің жақтағы мәдениет Сарайында жерлес қаламгерлеріміздің мерейтойы өтетін еді. Ондай-ондай кештерді онша жақтырмайтын бәлем бар ғой. Сіздің келетініңізді сезіп, сол тойды асыға күттім. Күнді батыра алмадым. Сәт-сағат соқты-ау ақырында. Қанат біткендей ұша жөнеліппін, сіздің қарсы алдыңызға топ етіп қоныппын. Сағынғаным соншалық, ешкімге де, ештеңеге де мән берместен, жылымай қойған жанарыңызға жақыннан, жаныңыздан қарап, бетіңізден сүйгім келді. “Сүйіңізші мені!” – деп сыбырлағым келді.

Сіз қолымды жай ғана алып, бас изедіңіз де, өте шықтыңыз. Бар елеп-жебегеніңіз сол болды. Онша өкінбедім. Көргеніме, алақанымның алақаныңызға жанасқанына қуандым. Бақытты санадым өзімді. Келмегеніңізде, көрмегенімде ше, нендей күйге түсер едім. Дедім.

Мерейтойдың жиналысы тәмәмдалғанша төралқадағы сізден көзімді алмағам. Тойдың дастарханына бардық. Қарсы бетіңіздегі үстелге жайғасып, рахаттана көз қанықтырдым. Жалқы мәрте назар жықпадыңыз. Бәрібір сіз қатысқан жерде бақытты екенмін, көңілім көркейіп, жаным жай тауып, жүрегім елжіреген. Бірақ бидің кезінде бәрі қайта бүлінді. Жан-дүнием астаң-кестең, іштегі қырсық сыртқа андыздады. Ыдыс-аяқтың бәрін шетінен қиратқым келіп, аласұра алақтадым. Себебі сол, сіз басқа біреумен қайта-қайта биледіңіз. Мені қаперіңізге алмадыңыз, көзіңізге ілмедіңіз. Бізді біреулер, сізді басқалар шақыра бастады. Созсам қолым жетпеді-ау сізге. Арманда қалып, жердің астымен қайттым.

Сол жылы сырттай оқуға түсіп, баяғы Бас редактордың уәдесінің үдесінен шығып, газетке жұмысқа орналастым. Не жазсам-дағы, сізден қаймығып, қатты қиналысқа түсетінім нем?! “Осынымды ол кісі оқиды-ау!” деп, бір жазғанымды мың мәрте жөндейтінім қалай? Сіз оны да білмейсіз. Сезбейсіз. Түкті де білгіңіз, сезгіңіз келмес. Сонда да сіздің анау шығармаларыңыздағы сұлу қыз сияқты лирикалық кейіпкерлермен бірге шомылғым келер. Жоғарғы сыныпта жүріп ғашық болатын бозбала кейіпкерлеріңіздің орнына өзіңізді қойып, ұзақ-ұзақ түндер бойы ұзақ та ұзақ хаттар жазғым келетін. Бірінші болып өзімнің сүйгім келетін. Басқаны емес, тек қана өзіңізді. Әпкемнің балконы алдында жылы жымиып, күлімсірей әзілдеуін мүлде ұмытқан, енді селт етпеуге кеткен сізді сүйгім келе беретін.

Газеттің жаңа, жас тілшісі екендігімді малданып, бозқарағанның биігінен нұрланатын ұмытылмас жұлдызыма алданып, алдыңызға жиірек барғыштадым. Бірер айдың жүзінде он бардым ба, жүз бардым ба, білмедім. Айтпақ түгіл сездірмекке бата алмай, қайта қайтам, қайтейін. Сау қайтпаймын, әрине. От боп жанам, іші-сыртым алаулап. Сіз сол күйі манаурап…

Осылайша күндер кетті нешеме!

Айлар өтті қаншама!

Жылдар да жылжып, сусыды!

Баяғыда, сіздің шуағыңыздан шоқ түскенде сары жапырақты күз еді ғой, күз еді-ау. Өріктің басы қызылжалқынданып тұрған. Міне, жетінші күз келіпті. Күні ертең бәрі-бәрі қардың астында қалмақшы. Менің жетім сезімім жеті күзді өткерді. Жеміссіз. Ендігі жерде мен сізді мазаламаспын. Бармаспын алдыңызға. Алмаспын алтыннан қымбат уақытыңызды. Елемей-ақ, елтімей-ақ қойыңыз.

Менсінбеңіз мені.

Сүлесоқ, салғырт отыра беріңіз.

Меңірейіп. Ризамын сізге. Не үшін? Дерсіз-ау, бәлкім. Бәрі үшін, мені өзіңізге ғашық ете алғаныңыз үшін. Үндемеңізші тіпті. Үнсіздік те сізге жарасады. Мың алғыс сізге. Себебі, сіз маған емес, мен сізге ғашықпын ғой…

Деп, қоштасып-ақ бақтым өзіңізбен. Болмады. Екі күнге әзер шыдадым. Қайтадан табысып, кітабыңызды аймалап сүйіп, ақын болмасам-дағы, әлденелерді шимайлаймын келіп: “Мен сізді сүйген қызбын, бірде от боп жанамын, бірде мұзбын. Өзгелердің бақытын күндемедім, желкен жалғыз, жанымыз бір деп едім. Қиялымда сүйгенде күз еді, күз. Аспандағы жұлдызым сіз едіңіз… Білмедіңіз бе, жеті күз жылағанымды?! Тағдырдан тек сізді ғана, сізді тек қана сұрағанымды. Жеті күн емес, жеті жыл бойы аңсадым сізді. Жаныма серік еттім сыбаға-мұңды…”

Бетімнің сүт шұңқыры ойыла оймақтанушы еді. Жеті күз өткенде ше? Енді қырлауыттана қиылып, қияс сызықтанар. Сұрқайлана тайыз тартып, әжімге айналып кете барар кетіліп: “Ұмытылар сан ғасыр мен сан ғалам. Ұмыт болар сиқырлы үнмен салған ән. Ұмытылмас бейнеңіз бар жанымда. Ұзақ ғұмыр тілейінші Алладан”.

Міне, өзіңізге соңғы рет кірдім.

Сонда соңғы рет кіріп отырғанымды да сезбедіңіз сіз. Түсінбедіңіз түкті де. Мейлі-дағы, амал қанша?!

Сол күні күйеуге шықтым. Артымнан қалмастан азаптанатындардың біріне: “Алып қашуға батылың жете ме?” – дедім. “Қаш-ша-шан?!” – деді ол. “Бүгін, дәл қазір”, - дедім мен қырсығым түгел сыртыма шығып, ыстығым тұтас ішіме түсіп.

Амал нешік, күйеуге тигеннен кейін де сізге телефон соғатын болдым. Сіздің: “Иә, бұл кім? Тыңдап тұрмын”, - деген сөздеріңіз және, әрине, үніңіз мен үшін қаншалықты қымбат екенін білмейсіз. Біле алмайсыз. Сізге содан бермен қарата үнемі қоңырау шалатын беймәлім жанның кім екенін сезесіз бе? Сезбейсіз. Өзіме-өзім ұрсып, жер-жебіріме жетемін. Сөйте тұрып-ақ, телефонның құлағына қолымның қалай барып қалғанына таңырқаймын. Тоқтай алмаймын. Дауысыңызды, әлгіндегідей сөздеріңізді естіп отырамын-дағы: “Бар екен ғой, аман жүрсінші”, - деймін іштей күбірлеп, трубканы орнына қойып. Күндердің бір күнінде… арғы жақтан бөтен біреу, бейтаныс дауыс жауап қатып, аңсар-үнді естудің өзі арман боларын ойласам… Зәрем ұшатын.

Осыдан үш күн бұрын сондай сұрапыл сағат соққандай сенделдім. Сөйтсем, сізді әлгі ұзын да биік, үлкен үйден шығарып жіберіпті ғой дөкейлер. Сізге адам көп келеді, басқа кеңсеге көшірілсін деп шешіпті де. Ал мен шынымен-ақ шейіт кете жаздадым. Қазір телефоныңыз да жоқ екен. Содан осынау жазбамды шимайлап, бұрынғы біраз хаттарымды да қоса жолдап отырмын. Бәрінің де еркі өзіңізде. Бір бума хаттарымды алып барар сенімді досым айтады: “Кітаптардағыдай дос болып қалмайсыңдар ма?” – деп.

Дос болмай-ақ қойыңыз. Қасым деп қабылдамасым анық. Тек аман жүріңізші.

Сәлеммен, сізді сүйген АҚНҰР 2001 жылғы күз басы.


 




Көрілген: 1348    Пікірлер: 0

сенбі, 28.07.2018, 23:36

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    29 Қыркүйек 2015
    Майра ФАЗЫЛ: Ұйқы
    2 Маусым 2015
    Жанна Иманқұл: Файл

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31