Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ: Бура Доңғыл

Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ: Бура Доңғыл

(әңгіме)
Сексеуіл мен тораңғыны баяу шайқаған биязы жел құм төбенің басындағы топ қурайды әлсіз сыңсытып тұр.
Шабдар аттың тізгінін ердің қасынаіле салған Әден, қанжығада жүріп әбден шайқалған тері торсықтағы суық шұбатты түшіркене жұтты. Мойны бұйралана тершіп, сауыры мен бауыры бусанған жүйрік шабдар да «аз жортқам жоқ» дегендей пысқырып жіберді.Үзеңгіге шіреген оң аяқтың басына бүлдіргесінен ілген қара сойыл да «жау қайдалап» андағайлаған қалпынан жуасып, добалдай басы жұқа қар жамылған құмғакөміле тоқтапты.
Қою шұбат тоғайтып, көзі нұрлана қалған жылқышы ендігі жорықтың құр ат сабылту боларын шамалады. Ізден адасып қалғанына ызаланғандай, қос қабаттап бүктеген тобылғы сапты қамшысымен етігінің қонышына «тарс» еткізіп бір ұрды. Сосын оқыс қылықтан ытқи жөнелген шабдардың тізгінін қымти ұстап, айналасына шола қараған. Ары қарай құмды даланың өзі мүлде көрмеген бел-белес, аңғар, ойпаңдары жалғасып жатыр. Бұлар жылқы салған мекендей емес құм төбелер де биік. Сиырдың бүйрегіндей быдырмақ адырлар кіші-гірім құм тауларды жүлгелеп, аяқ басқан жанды тілсім арнасына тарта жөнелердей түкпіштік танытады.
Әден бәйге шабдармен бекер қуғын салып жүрген жоқ. Үш күннің алдында жылқышылардың қосында өзгеше бір жайдың шеті байқалған. Таңертең тұрған бұлар ортаға жағылған отты біреу қозғап, шалаларды шетке шығарып тастағанын көрді. Бастабында өз араларындағы біреуі болар деп аса дүрлігіп кетпеді. «Жеті түнде отпен ойнап жүрген қайсыларың, әй! Қарындарың ашып ет қақтап жеп жүрген жоқсыңдар ма осы?» деп, қосбасы Аралбай құндыз мұртын сылай «қарқ-қарқ» күлген де қойған.
Әйтсе де, «от көсеушінің ойыны» бұнымен бітпеді. Екінші күні таңертең шашылып қалған шалаларға шұқшия тесілген Әден, жер ошақтың ернеуіне қарай жайылған күлден аңның тырнақ ізіне де, адамның саусақ белгісіне де ұқсайтын түсініксіздеу таңбаны байқап қалды.
–Мынау сырттан кірген біреудің істеп жүргені екен, – деді қасындағыларға таңдана қарап.
– Ол қандай бәтшағар болды, Құбының құмында бізбен әзілдесіп жүрген.
Аралбай бұны дәп бір құрдастарының біреуі істеп кеткендей бейғам.Алайда, қанша жерден қалжыңға сүйегісі келгенімен, жылқышылар бір қопақтап қалған. Өйтетін жөні де бар. Өздерімен қанаттас рулардың қостарды ең жақыны қозы көш жерде. Ұры-қарақшы, қашқын-пысқын болса бұлай шала көсеп, күл шашып, із қалдырмайды. Оларға керегі азық. Бірақ, ет пен құрт-май орнында. Қостың айналасынан із байқастап еді, саулы інген мен мініс ат таптаған шиырдан ештеңе шалына қоймады.
– Әй, осы кісі киік емес пе екен, –деді таңертеңгі шай үстінде бұлардың ішіндегі ең жасы үлкен сақа жылқышы Бәйтік түйенің сүті қосылған мәтрүшке шайды сораптай отырып.
– Айтқаныңыздың жаны бар, – деді бұл сөзге елеңдей қалған жас балуан Тоғай, – бұрнағы күні жылқылардан саяқсып, бөлініп кеткен құла төбел айғырдың үйірін батыс құмға ішкерілеп барған жерінен айдап қайтқан едім, сонда төбе басында жылқы көздеп тұрып, алыстан елбеңдеген бір қараны көзім шалған. Мал, иәки басқа аң-құсқа онша ұқсатыңқырамай, «әй осы адам емес пе» деп өзімше тон пішкенімбар. Келген соң мына Арекеңдерге айтып едім, «қаңыраған құмда қайдағы адам» деп сенбей қойған.
Аралбай қияқ мұртын сылай Бәйтікке қарай төңкерілді.
– Өр Керейдің елі мынау тусып жатқан өңірге жылқы салып жүргелі көп болған жоқ.Бұл араны бізден ертерек мекен еткен дөрбіт пен ұраңқайдың қостары тек қыс қатты болғанда келеді деп естігенімін. Олай болса, адам аяғы, мал тұяғы ұлан қыстың екі-үш айында ғана тиетін Құбыда кісі киіктің болуы ғажап емес.
Бәйтік тағы бірдеңе айтпақшы болды да, тоқтап қалды...
- Әй Тоқа, қыл құйрықтарды жалғыз жиыстырамын деп жүргенде иен құмнан жүрегің шайлығып қалған-ау, қорыққанға қос көрініп, жыңғыл мен түзгеннің бәрі көзіңе кісі киік болып елестегеннен сау ма,өзі!
Бақыршы жігіт те осы сәтті пайдаланып, бір жылдың төлі, құрдасын қағытып қалды.
Бұл әңгімеге Әден ғана араласқан жоқ. Сары май жаққан үлкен ақ жарма құрттан бір кетіп алды да, ұзақ таусады. Аздан соң қосбасы Аралбайға шаншыла қарап:
– Бүгін түні ұйықтамай жатып аңдиық. Кісі киік пе, адам ба ұстап алып бір-ақ көрейік әуселесін, – деді ұрт мінезіне басып. Бәрінің де іштей тоқтаған бекімі осы болса керек, ықылас білдіріліп, дастарқан жиналғанша ешкім тіс жарған жоқ.
*******
Түн жарымынан ауып, ортаға жаққан сексеуіл отының шоғы күлбілтелене бастағанда қостың кигіз есігін еппен ашып, біреу тықырсыз ішке кірді. Кірді де басқа ештеңеге айналмастан, салған бойы оттың басына келіп, шоқия отырды да, шалаларды қағыстыра бастады. Бұл уақытта бақыршы Төреқан ғана пырылдап ұйқыға кетіп,басқалары жымпиып қана аңдып жатқан. Көселген шоқтың қызғылтым сәулесі осы әзір ғана кірген «түн қонағының» түк басқан бет-әлпетін болмашы ғана аңдата берді. Осы сәтте орнынан ақыра тұрған Тоғай әлгіні ұмсынуға да үлгертпеді. Адырнадан серпілген жебедей атылып барып,жүндес мақұлықты бассалды. Бір жағынан Аралбай мен Әден де жармасты. Күркіреген дауыстан шошып оянған Төреқан қара барқын қос ішіндегі апалас-төпелестен есі шығып кеткен еді. «Төреқан, жақ шамды» деген Бәйтіктің дауысы «саңқ» еткенде ғана ақылы орнына түскендей, қу шақпағын қалтасынан суырды. Екі жерден жағылған білтелі шам қостың ішін жарық қылып жіберді. Бұл уақытта үш жігіт өне бойын түк басқан жұмбақ жанды шылбырмен байлап үлгерген болатын.
– Алда жарықтық ай, мынау кісі киіктің дәл өзі. Өзі болғанда да ұрғашысы екен, – деді оған жақындай түскен Бәйтік таңғалысты көңілінжасыра алмай.
Алғаш тарпа бассалғанда адамша шыңғырып жіберген кісі киік қарулы қол, өктем күш жұмарлап тастағандыкі ме қазір қос тізерлеп отырған күйі басын тұқырып алыпты. Болымсыз ғана үһілеген дыбыс шығарады. Тұла бойы жаңа туған жас ботаның түгіндей тықыр, қою жүн. Денесіндегі түгі демесең, бүкіл түр-тұлғасы адамнан ажырағысыз. Томпиған омырауы да анық білініп тұр. Жылқышылар бәрі оған қайран қала қарап қалыпты.
– Сонда бұл неғып жүрген болды?– деді басқа не айтардың ретін таппаған Тоғай балуан.
– Жақыннан бері шығыстан қызыл соғып, күн шытқылдап тұр ғой, бәлки, тоңған соң жылынғысы келген болар.
– Әп бәлем!От көсеп жүрген келіншек осы болды ғой, – деді тап бір аю ұстап алғандай айдындана қалған қосбасы Аралбай әдетінше қияқ мұртын бір сылап тастап.
Оның қалжыңы қу ауыз бақыршының да тілін қыштты.
- Ареке, шай қайнатып, қазан көтеретін бір бәйбіше керек-ақ болып жүр едіқара қосқа. Мына кісі келіп қолым бір босайды деші енді.
Жігіттердің жеңіл қыжыртпасын жақатпағандай тыжырынып қалған Бәйтік Әденге бұйыра сөйледі.
– Әй, Әден! Шеш ана байлауды. Қолын қайыс бунап азаптанып отыр ғой байғұс. Ол да ұрғашы заты ғой, мүмкін балалы ана шығар, қинамайық, наласына қаламыз.
– Қашып жоғалмай ма?
–Әй, Тоғай!Ары таманырақ тұр, бетіңді шауып алып жүрмесін, саған өшесіп отыр.
Алайда,кісі киік байлаудан босай сала бұлар күтпеген қылық танытты. Екі қолымен жалма-жан қос омырауын айқара жапқан беті, іргеге қарай ығыса бергені. Адамның жанарындай боталаған көздерінен үрей ұшқыны сағымданып, жазықсыз қорлық көрген күйіне жаны езілгендей, бар денесімен діріл қаға үһілейді.
– Алда, жазған ай! Беу, табиғаттың күнәсіз мақұлығы ай! Мақұлық деп қалай айтайын.Даланың адам тәрізді киігі болсаң да, кісі деген атыңа кір келтірмей, ұрғашы деген затыңа сын келтірмей, абырой-намысыңды қолың жеткенінше қалқалап жатқаныңды қарашы. Ана ғой ол! Тәңір несібеңді түзден тергізіп, жабайы қылып жаратқанымен, санаңдағы ұят деген саңлауға сәуле түсірген екен-ау!
Әдетте көп ашыла бермегенімен, оратына келсе орағыта төкпелеп, сәті түскенде қоңыр дауыспен ән де салатын Бәйтік кісі киіктің мына әрекетіне елжіреп, ғажаптана бас шайқай берді.
Әлгіндегі қалжыңбас бейнелері ұшты-күйді жоғалған Аралбай мен Төреқан да үнсіз таңырқап тұр.
– Ал енді мына бейбақты не істейміз?
Онша «желп» етпеген Әден Бәйтік пен Аралбайға сұраулы жүзбен кезек қарады.
Бірақ, оның сұрағына жауап қатуға ешкімнің мұршасы келмей қалды. Дәл осы кез тыстан бағанағы Тоғайдың ақырғанынан да қаһарлы бір айқай аласұра шықты да, іле қос қабаттап жапқан туырлықтың сыртынан «гүрс» еткен ауыр соққы тиді. Уықтар сықырлап, қос сілкініп кетті. Осы сәт үйдегі кісі киік те бақыра шыңғырып, тәңірден тілеген қормалы келгендей безек қақты. Бұның аянышты үні сырттағы жойқынды тіпті ашындырса керек, ол екінші рет ұрғанда әлсіздеу уықтың бірі бас жағын ала «шарт» етіп сынды да, шаңырақтың көзінен босаған қысқа ұшы қаңғалақтап келіп Тоғайдың иығына тиді.
Еңгезердей балуан оны шырпы сүрген құрлы көрмеп еді, алайда ана дюдың үйді сабалап, туырлықты жүнше түткеніне арқасы қозып кеткен болу керек, босаға жақтағы уықтың қарына қыстырған бос мойын қайың шоқпарына қарай ұмтыла берген. Бірақ, оны Бәйтік тоқтатты.
–Алып ұшпай тақат қыл! Ол қазір аласатып тұр, не өзін не сені мерт қылар. Мынау ұрғашысына келген кісі киіктің еркегі екен. Қосағы үшін неден болса да тайынбайтын түрі бар. Ең ақылы, мына жазғанды тез шығарып жіберіңдер, сосын оның бізде алты аласы, бес бересі болмайды.
Айтарға болмаса абыржып қалған жылқышылар дереу бір шетке қарай ығыса берді де, Тоғай киіз есікті қайыра лақтырып, ашып тастады. Қос ішіне құмды даланың саумал ауасы лап берген. Сол-ақ екен, үйдегі кісі киік бүрісіп отырған іргеден екі-ақ қарғыды да, кеудесінен қолын босатпаған күйі сыртқа атылды...
Енді түзді тітіреткен айғай да, қосты төпелеген соққы да сап тиылды. Сырт үнсіз, дыбыр да, дауыс та жоқ. Сәл күтіп қотарыла тысқа шыққан Бәйтіктер бірі ұзын, бірі аласа қос бейненің алакеуімдеп атып келе жатқан бозала таң мен буалдыр мұнардың арасында, батыстағы құм белегірден қараңдай асып ғайып болған сұлбасын ғана көріп қалды.
*******
Таңғы шайдан соң Әден шабдар атты ерттей бастады. Аттанарда қара сойылды да ердің алдына көлденең салғанын көрген Бәйтік оған:
- Бұл не жортуыл, - деген.
- Алып бара жатқан жау жоқ, жақыннан бері көкбура көзге түспей жүр. Соны көздеп қайтамын.
– Әден қарағым, ізге түсемін деп атыңды бекер қан сорпа қылма. Бұрын-соңды кісі киік көрдім дегенді екінің бірі айтқан емес. Ата-бабамыздан бері құба түз, құйқалы даламен бірге жасап, қойнауынан құт еміп келеміз. Менің де жаман көңілім бірдеңе сезсе кісі киік жазғандарды Тәңір мынау дүниеде сирек етіп жаратқан. Олар аң да емес, адам да емес, бөлекше туған жан иесі ме деп қалдым. Бәлки, адам баспаған ақ уыз даланың күзетшісі, жас сәбидің тәніндей тап-таза табиғаттың періштесі шығар. Кісі киіктер енді саған көрінбейді. Олар жел, ауа, күн, су, қар, дала, құм мынау жыңғыл мен тораңғы секілді Тәңір қазынасын қалай табиғи қабылдаса, қалай төте түйсінсе, адамдардың оған істеген қылығын да дәл солай табиғи көңілімен қабылдайды. Адам секілді алдауға көну, қайта қайырылып қайырым, қормалдық дәмету олардың тумысы мен болмысында жоқ. Кім біледі, біз көрген бір жұп мынау жапан даладағы, тіпті мынау кең дүниедегі кісі киіктердің соңғы нәсілі болар. Әсілі, ол бейбақтар бізге жабайылық істеген жоқ, біз оларға тұрпайылық жасадық. Олардың да, біздің де тағдырымызға сызылып, маңдайымызға жазылғаны осы болған соң қылар қайраның қайсы?! Тілімді алсаң шошынып қашқан кісі киіктерді аңдимын деген ниетіңнен қайт.
Әден Бәйтіктің өз беталысын бұлжытпай аңдағанына іштей таңданды.
– Жоқ, Бәке аға!Оларда жеті атамның құны қалды деймісіз, түйелерді бір жинастырып, ықтасынға қарай топастырып қоятын уақыт қой қазір, – деп ақсия күлді де, шиыршық атып тұрған шабдардың тізгінін қағып қалып, лекіте аяңдай жөнелді...
Жасынан жоқ қарап, із кесіп үйренген даланың жырынды баласы алды-артына қарамай безілдеткен кісі киіктердің ізін ұзатпай тауып алған. Батысты бетке алғанын қос жанынан кеткенде байқаған болатын. Сол бағыттарынан бет бұрмаған сыңайлы. Жалаңаяқ адамның қар басқанындай қос із сайрап жатыр екен. Әден ауыздығын қарш-қарш шайнаған шабдарды соған салып, сар желдірді. Сүт пісірім, шәй қайнатым, тіпті ет асым уақыт өтті. Талай бел-белес, аңғар мен құмдауыт ойпаңдар артта қалды. Екі із сол сүрдектеген бойы әлі кетіп барады. Бір жерге тоқтап, аялдаған белгі болсашы.
Аздан соң құмды өңірдің бұл тұсында қар да азая бастады. Жорға құм түйіршіктері қырат-қыраттан ұрлана ойнақ салған желмен ізді кейде өшіріп, кейде қайта кездестіріп бәйге шабдардың желісін түлкі бұлаңға ауыстырды. Әрі-беріден соң із мүлдем өшті. Кезігіп қалар деген дәмемен бір-екі тұмсық айналып, әлденеше төбешіктерден асқан Әден торыға бастады. Бір бағытта із қууды қойып, екі қапталға да ойысып көрген. Алайда құм бетінде жылт еткен із, түртіп өткен белгі жоқ. Ақыры, амалы таусылып дығыры құрыған жылқышының қурайы сыңсыған төбеге шығып, таңдай жібітіп тұрғаны осы болатын.
Сойыл алып қуғанда Әден кісі киікті соққыға жығайын деп ойлаған емес. Көкейінде «бұлар қайда барады? Қалай тіршілік етеді? Қай жерді паналайды?» деген пенделік қызығушылығы басым еді. «Олар жер бетіндегі соңғы жұп болуы мүмкін» деген Бәйтіктің сөзі де өзгеше әсер бергендей. «Бәлкім олардың үлкен бір ауылы, бала-шағасы, арқа-жарқа өмір ортасы бар шығар». Десе де, жүйрік атты сар желдірген олардың осынша желаяқ болары жылқышы жігітті ой шүңетіне тартты. Мына шексіз құм теңізінің қай қойнауына сіңіп кеткеніне жіп таға алмай, алаң-салаң күй кешті. Есіне Бәйтіктің «кісі киіктер енді саған көрінбейді» деген сөзі оралды. «Періште дейді, қайдағы періште, шайтан шығар осылар». Әлі де ызалана қалған Әден қырыстана«күңк» етті.
Жылқышы бәйге шабдарын шалдықтырып, салқар көш жерге дейін сарпалдаңға түскен жортуылын өзінше оймен шолды. Көз алдында күміс кілегейлі таң рауанын жамылған бір жұп бейненің белегірден асып бара жатқан елесі ғана қалқитындай. Оларды неге көргісі келді, неге қуды өзіне де толық түсінікті емес секілді. Қайда тұратынын көру дейтін пенделік аңсардан гөрі, тағы бір көріп қалсам дейтін жан қалауы басым сияқты. Мүмкін, қосқа кіріп отқа жылынған дала кезбелеріне оттың жылылығынан гөрі, өздерінен әлдеқайда ақылды, әлеуетті адамдардың жүрек жылуы керек болған шығар. Алайда, табиғаттың тума перзенттері тұла бойларын адам мейірімен жылтқанның орнына, өздері мекен ететін түз даладан да сүркей суықпен қалтыратып қашты. Осы бір қос кісі киік Тәңірдің сирек жаратылысы, табиғаттың тұмса болмысы еді де, олардың соңына түскен Әден өзін Тәңірдің адам атты ақылды жаратылысы, табиғаттың қожасы санайтын. Бірақ, ол қанша ақылды, қожа болғанымен, таза болмыс, оқшау бейнеге маңдайға басқан жүйрік, сетер атына міне қуса да жете алмады. Енді міне қатпарлы табиғаттың жұмбағын таппаған ол, құмды даланың қоңыр күйін түсіне алмаған қуыс кеуде міскіндей қақшиып тұр.
Күн маңдайдан қиыстап, уақыт сәске түске жақындапты. Әден атынан түсіп, артқы айылды шаптай тартып мінді де, күртік қар аламыштаған төбенің сырғыма құмын жосылта төменге түсті. Ендігі бағыт –жылқымен қоса түйелерді де бір түгендеп, біраздан бері көзге шалдықпай кеткен көкбураны үлкен табынға қарай қайырмақтап кету.
*******
Құбының құмы дейтін осы шұрайлы өңір он екі Абақ Керейдің бір руы Қарақастан тарайтын Азынабайдың ұрпағы, атақты бай Саржігіттің отар қонысы болатын. Бұнда Саржігіттің жеті жүзден аса жылқысы мен үш жүзге тарта түйесі қыстайды. Жылқымен салыстырғанда ойсыл қара тұқымының саяқ жүретін әдеті. Әсіресе, қыс кезінде жиі қияндап кетеді. Жиырма-отыз емес, үш жүзге тарта түйе. Құмның қай аңғар, қай жықпылында қаңғылестеп жүргенін дәйім байқастап отыру қиын. Сақылдап жараған сар табан буралар табынға жолатпай тірсектеп қуатын буыршын, қиыршындар, тіпті осы өңірдің әр жерінде қадау-қадау бой көрсетіп қалатын түйе киіктерге қосылып алады. Әуелі, солармен бірге Құбының жабайы аңына айналып, түйе киік болып кететіндері де бар.
Әден тораңғы мен жыңғылы топтала өскен бір аңғарды кесіп өткен соң, қарсыдағы жатаған құм төбенің тұмсығын айнала беріп еді, алдындағы қаңбақты жазықайда жайылып жүрген бір табын түйенің үстінен түсті. Алғашында «мына шелегің түскірлер осынша алыстап кеткен бе!» деп, түйелерге қарай ұмтыла берген. Әйтсе де, аз аялдап сәп сала қарап еді, мыналардың өз түйелеріне ұқсамайтынын аңғарды. Сырт бейнелері әдеттегі үй түйелеріне қарағанда кішілеу. Бәрі шетінен күйлі, өркештері тіп-тік, шудалары желк-желк етеді. Араларында тайлақтары бар, қаннен-қаперсіз жүре жайылып барады. Өздерін құмды даланың нағыз еркелері санайтындай. Тек табиғатқа ғана тәуелді жануарлар дастарқанға шашып жіберген молқол бәйбішенің ақсары бауырсақтарындай ерекше сәнді.
Әденнің көзі үйірдің шетін ала ойқастаған түйе киіктің келісті бурасына түсті. Қайыңның тұтас үйіліндей жуантұғыр қос өркеші бір жағына әнтек жапырылған, тұрқы еңселі сазандай ақсары бураның үлпілдек шудалары желмен құбылып, қаншырдай қатқан денесіне құп жараса кетіпті. Болат қанжардай құйыршығына зәрін зыңғыта шаптырып, көп сабалағандықтан, артқы өркештің ұзына бойына білектей ойық түсіпті. Онысы сабынды су шашып тастағандай сауыстана қатып қалған. Дудыраған маңдай шудасы көзін жауып, азуын бір-біріне аяусыз егеп шиқылдайды. Шеттеу кеткен інгендерді мойнын салып жібере зарылдай желіп қайырғанда, салп-салп еткен талыстай ернінен құлаш-құлаш ақ көбік жалп-жалп құлайды.
«Апырай мынаның айбарын ай-ә!» деді оған сүйіне қараған Әден. Бірақ бұл өзіне бұйырмайтын дүние. Тек мынау далаға ғана тән. Осыны ойлаған Әденнің ішкі әлемі құлазып, анау көрініс пен әдемі бураның бір сәттік қана көз алданыш боларын түйсінді. Онымен бірге өзінің бүгінгі сәтсіз жортуылы есіне оралды. Сырт сөзге сыр білдірмегенімен оның жау алардай жінігіп кеткенін қостағылар сезбей қалған жоқ. Міне, енді кісі киік адастырып кеткенімен, түйе киікке кез болды. «Бір жоқты бір жоқ табады» деген осы шығар. Әден, қарасын көрсеткенді қойып, ізін де таптырмай кеткен кісі киіктің қысасын түйе киіктерден алғысы келді. Жүйрік мініп, жарақ асынған жұлымыр жігітті мынау тәкаппар да маңғаз көрініс көзге ілмей, қораш санап тұрғандай. Ол өзін жабайы жануарлардың алдында әлсіз, түкке тұрмайтын, жолы болмайтын біреу құсап сезінді. Оның түйе киікті алғаш көріп тұрғаны да осы. Қасындағы жылқышылардан Бәйтік болмаса басқалары бұл жабайы түйелерді көрген жоқ. Әденнің бойын еркінен тыс желік пен ыза қоса кернеді. «Кім біледі, жоғалып кеткен көкбураны осы неме шайнап тастаған шығар». Оның түйе киіктерге теріс қабынған ниетіне осы ойы мығым тірек болғандай. Бәйге шабарды кілт бұрған ол енді шоқырақтай шауып жаңа ғана өзі өткен аңғарға жетті де, жыңғылдың бұтағынан ұзын таяқ кесіп алды. Қыл қауып тұрған кездігін соның басына қайыс таспамен мықтап таңып, найза жасады. Аздан соң қара сойылды тақымға қысқан Әден жыңғыл таяққа байланған кездігін жалаңдата, топты түйе киікке ат қойған еді.
Жерден шыққандай «сап» ете түскен салт аттыны көргенде киіктер жапырыла қашты. Қанша жерден құтырына жарап жүрсе де, табиғат сыйлаған жабайы мінезі ақсары бураны да жан ұшыра бас сауғалауға мәжбүрледі. Жыртқыш келбетін барынша жарқырата, қолына шошаңдаған бірдеңе ұстай тап берген құбыжықтың басқа емес, тура өзіне төніп келе жатқанын көріп, екпіндете заулады. Бірақ, желмая тегінің бар мүмкіндігінбойына жинап, жалпақ табанымен құмды есе қашқанымен, желден жаралған жылқы мен теңесе алсын ба!? Шабдар ат оны әудем жер жеткізбей қуып жеткен. Әден тапырақтай шапқан түйе киіктің сол жағынан өте берген қалпы жыңғыл найзасын құлашын жаза сілтеп, бураның қарнын жарған күйі кете барды. Артына бұрылып қараған да жоқ. Құлағына тек «барқ» еткен ашты дауыс қана естілді. Сол құйындатқан қалпы ат басын тартпай, бірнеше жайдақ төбеден аса барып бір-ақ тоқтады.
Әлден уақыттан соң қайта оралған Әден ақсары бураның жазықайға мінбелеген үлкен құм доңғылдың шетіне жете бере жайрай жығылғанын көрді. Басқа түйе киіктер ұшты-күйлі жоқ. Бураға таяй бергенде Әден оның мұңлы дауыспен әлсіз ғана боздап жатқанын естіді. Екпінін тоқтата алмаған түйе киік бір талай жерге жетіпті. Артындағы қардың бетінде шұбатыла созылған ішегі мен аққан қан жосылып жатыр. Бір қырынан құлаған бура төрт аяғын болмашы тыпырлатады. Жылқышы оның жартылай жұмылған көздерінен аққан жас қардың алақандай бөлігін мұздаққа айналдырып үлгергенін байқады. Қарны ақтарылған күйі ыңырси боздап, әлі жан үзе алмай азаптанған ақсары бура бағанағы айбын, бағанағы қаһардан ада болған. Жаңа ғана өзі иелік етіп, ұршықша үйірген табынынан баз кешіп, бағы тайған бейбақ жануар жан тапсыру алдында мынау құмды далаға соңғы зарын шағынып жатқандай үзіле боздайды.
Бураға тақау келіп тұрған Әден мына көріністен қатты тіксінді, бойындағы жыны қағылып, шайтаны қашқан күйі үнсіз мелшиіп қалыпты. Бозғылт жанары көк аспанның әлдебір нүктесіне қадалған бура болса езіле боздауын тоқтатар емес. Жылқышы бұдан ары қарап тұра алған жоқ, сүлкіні түсе бұрылған қалпы жүріп кетті...
*******
Ертеңіне Әденнен бар жағдайды естіген Бәйтік қасына Тоғайды ертіп, бура өлтірілген доңғылға келді. Төрт аяғын тең соза, ауыр азаппен тынысы үзілген бураның басын кесіп алды да, оны биік доңғылдың төбесіндегі нар секскеуілдің қолдың саласындай бұтақтарының арасына қойды. Сосын, тымағының ішінен тартқан шытынан жыртып, сексеуілге ақтық байлады...
Кейін түйе киік бурасының басы қойылған осы доңғылды жылқышылар «Бура доңғыл» атандырған болатын.
Осы оқиғадан кейін бұл маңнан кісі киік те, түйе киік те ізім-ғайып жоғалды. Тіпті, бүкіл құмды даладан олардың қарасын көрдім деген жан пендесі болған жоқ. Тек ел арасында «Бура доңғыл» туралы аңыз бен құм төбенің басындағы ақсары бураның қураған бас сүйегі ғана қалды. Ол әркез құмды даланың қоңыр желімен уілдіген зарлы үн шығарар еді. Оған «Бура доңғылдың» төбесіндегі қурайлар сыңси мұң қосатын. Олар бейне «Бура доңғылдың» басындағы қыл қобыз бен қара домбыраның қосыла бебеулеген зарлы жоқтауындай, алып құмды даланың үстінде қалықтап бара жатушы еді, Бура доңғыл аңызын тынбай айтып бара жатушы еді...
«Бура доңғыл»!..

 

 

 

 


 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста