Алаш прозасы

Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ: АБЫЛАЙ (әңгіме)

  • Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ: АБЫЛАЙ (әңгіме)

    Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ: АБЫЛАЙ (әңгіме)

1.


Студентпін. Совет Одағының әлі көбесі де сөгілмеген кез. Жан дүниеңді тірілтіп, бойыңа қуат, ойыңа серпін әкелетін жазғытұрымғы уақыт еді. Алты ай қыстан арып шыққан үлкен қала өңі кіріп, көгеріп келе жатқан. Құшырлана жұтсаң, жансарайыңды ашар бір керім хош иіс бар ауада. Тастөбеге ілінген күннің де қабағы ашылып, ерекше иіп тұр еді жарықтық.

Кәсіподақ комитетінен жолдама алып, университет студенттеріне арналған санаторий-профилакторийде жатырмын. Жатақхананың шуылынан қашып, оңаша жа-тып, курс жұмысын жазып тастау еді ойым.

Қасымда Бөкен деген өзім құралпас бір жігіт тұрды. ҚазПИ-дің студенті еді. Мінезі жұғымды, көпшіл жігіт екен. Танысқаннан бергі бір жетінің ішінде жақсы арала-сып кеттік. Көкшетаудан екен. «Жер шоқтығы – Көкшетау, тал-қарағай, бақша-бау» деп ән айтатыны есімде қалыпты.

«Былай істейік, Асылбек, – деді бір күні түскі астан кейін Бөкен, – «кластасым тұрады жақын жерде. Қол бос қой әзірге, барып қайтайық бой жазып».


2.


Ленин көшесінен өткен соң Кеңсайға шығатын кең жолға түсіп, күншығысты бетке алып, өрлеп келеміз. Екі бүйіріміз – көктебелі үйлер. Машинасы ерсілі-қарсылы зуылдаған, орталық, шулы көшелерден өтіп, тауға шығатын біршама тыныш жолға түскен соң көп жүргендікі ме, әлде күннің қызуы өтті ме, ыстықтап, күртемізді шешіп, қолға ұстап алдық.

Бір уақытта қақпасы кісі бойындай, еңселі, екі қабатты, зор үйге келіп тоқтадық. Особняк. Қақпаны сықырлата ашып, ішке ендік. Кең аула. Тірі жан көрінбейді. Бір қапталын қалың қау басқан, тас төселген, жалғыз аяқ жол үйдің арғы бетіндегі жарма есікке алып келді. Кірдік. «Әй, қайсың барсың!», – деп қояды Бөкен. «Бұл шіркіндердің бәрі жұмыста ма, келетін уағы болды ғой бірақ». Үйдің төбесі биік болғанымен іші – қуыс-қолат, тар бөлмелер. Сыртқы әлпеті сияқты мұнда да жұпынылық байқалады. Қараусыз қалған сияқты. Бөкен бастап, екінші қабатқа тартылған ағаш басқышпен еңкеңдей басып, шығып келеміз. Төменге – подвалға қарай түсетін тағы бір басқыш барын аңдадым. «Қайсың бар, әй...» Сол жақтағы есікті айқара ашып, кіріп бардық. Едәуір кең бөлме. Қаракөлеңке. Терістікке қараған терезеден, пердесі қара түсті болған соң ба, үйге жарытып жарық та түспей тұр. Ортада емен үстел, үш қабырғаға тақай қойылған үш керует. Төрде – терезенің жақтауымен бой таластыра тұрған екінші бір шағын үстелге теріс қарап, құнысып біреу отыр. Үстелде тұрған үлкен радионың үніне елтіп, бірдеңе тыңдап отыр. «Әй, Абылай...» деді Бөкен. Әлгі жігіт басын көтеріп, еңсесін жазды. Сол мезет көрдім – үстінде қаракөк көйлек, орта бойлы, кең иықты, ақбурыл шашы өсіңкіреп кеткен қарасұр жігіттің жанары нұрсыз екен. Біз оған емес, ол бізге сәлем берген: «Ассалау-мағалей-кү-үм...» Бөкенмен қол алысты. «Қасыңда біреу бар-ау деймін, Бөкен» деді. Әуелде қалай байқамағам. Қасы-кірпігі орынында, екі көзді бозғылт шел басқан. Соқыр екен!.. Бөкен ескертпеп еді, бір сәттік таңырқаудан кейін іле мен де амандасқам. Отырдық. Бөкен екеуі хал сұрасты. «Сол баяғы «Свободаны» тыңдап отырсың». «Иә, тыңдап отырмыз дүние не болып жатыр деп. Не жаңалық өзінде?» «Орынша. Сабақ жаман емес». Әрнені айтып біраз отырды. Абылай Бөкеннің кластасы екен. «Қасыңдағы кім?» деді әлдебір уақытта ол. Мені іздеді-ау деймін, – емен үстелге тақау, төменіректе отырғам, – жүзін босаға жаққа бұрды. Қыр мұрынды, келісті-ақ жігіт. «Бұл – Асылбек. Та-рихта оқиды. Бірге тұрамыз» деді Бөкен.

«Ал қонақ келген екен, Бөкен, жүгір, өзің шәй қой енді,» – деген Абылай, – «Асылбекпен әңгімелесіп оты-ра тұрайын мен. Ет бар, бірдеңе қуырып жібер. Асық-пайсыңдар ғой... Е, дұрыс. Ішім пысып отыр ед, жақсы болды келгендерің». «Жайғасып отыр, Асылбек», – деген Бөкен ас қамымен кеткенде. – «Сезіп тұрмын: қоңылтақсып отырған сияқтысың. Бізді бұрынан білетін кісі болмаса, бірінші көрген сүйтеді өзі. Түсінем. Соқырды көп арасынан көріп қалу – бір бөлек, ал қазіргідей бетпе-бет кездесу – бір басқа. Солай емес пе?» Орнынан тұрып, терезені шалқайта ашып тастады. Үйге салқын, таза ауа кірді. Қайта келіп, ескі керуетті сықырлата баса отырды. «Осы, ана жолы бір ағайындары Мансұрдың амандығын білейік деп келіпті. Алғашында дабырласып, шуласып, күліп кірген екі туысы бізді көргеннен кейін, топырлап бес соқыр тамақ ішіп отырғамыз, екпіні басылып қалды. Тамағынан ас та өтпеді-ау солардың, сезуімше...» Абылай өзімсініп, әңгімеге қанша тартқанымен екі иыққа жүк ар-тып қойғандай, серпіле алмай отыр едім. «Бұл неғылған үй деп отырған шығарсың» деген еңсесін жазып бір кезде. Жүзіне көз тастадым: қос қабақтың арасындағы ізі терең әжімі болмаса, қарасұр өңі әлі уыздай. Аз-маз қарлығыңқы, майда үнінен, байыпты жүзінен қайраттың лебі ескендей.

«Айтпаған екен ғой Бөкен бұл үйдің жай-жапсары жайында?.. Қалалық соқырлар қоғамы деген бар. Бұл үй соныкі. Заманында КГБ-ның бір төресі салдырып-ты өзіне. Қазір енді, әлбетте, тозыңқырап тұр... Бізге жа-райды». Жымиып қойды. «Біздің тіршілік осы, Асылбек. «Басқа түскен баспақшыл» деген... Жә. Тарихшымын дедің бе? Жақсы, жақсы. Е-е, бала кезімізде біз де біраз нәрсені армандадық... Тарих дегенің – көсіліп жатқан үлкен дүние ғой бір. Қызығам. Өзіміздің тарихқа әсіресе.» Бұл кезде Бөкен етектей күлеңкені жайып жіберіп, дастархан жасай бастаған. «Бауырларың қашан келуші еді?» деді кластасы-на қарап. «Жұмыс аяғы таяп қалды, кеп қалатын шығар сенің асың дайын болғанша».

Шай ішіп отырмыз.

«Біз мүгедек ретінде пенсие аламыз, – деген Абылай, – «мұнда тегін тұрамыз. Бұған қоса соқырлар қоғамы жұмыс тауып берген. Екі кварталдай жерде кәнсерві за-воды бар, сонда кәнсерві жабамыз. Оған көздің не керегі бар, сипалап байқап, бұрағышпен жауып бересің. Соған біраз ақша аламыз. Тұмауратыңқырап мен бара алмадым бүгін».

Бір кезде буы бұрқыраған ыстық тамақпен бірге жұмыстан шыққан төрт-бес жігіт кіріп келді. Жоқ. Біреуі ғана су қараңғы. Қалғанының көзі зорға көретіндіктен мүгедек, соқыр есебінде көрінеді.


3.


«Тоғызыншы класта оқитын жылым» деп әңгіме баста-ды Абылай асқа отырған кезімізде. «Қысқы каникулдамыз. Қасымда Мұса бар, хуторға тойға бардық. Кайда барасың деген шешеме бірер сағатта ораламын деп кеткем. Әкем, қайда кеткені есімде қалмапты, сол күні үйде жоқ. Балаң мұрт тебіндеп келе жатқан, солқылдаған бозбаламыз. Той-томалаққа бара бастаған кезіміз.

Күн шыңылтыр аяз еді. Үскірігі жоқ, тымық кеш бо-латын. Мұсаның торы қасқасын жегіп алып, ат-шанамен соқтырып келеміз хуторға. Екі орта – жеті-сегіз шақырым жер. Хутор – қалың қақолдың бір замандағы салған қаласы. Жиегінде қалың тал өскен, жыланшық өзеннің жағасындағы кішкене ауыл.

Ел орынға отыра торы қасқаны ақкөбік қылып, вешірге келдік. Той басталып кетіпті. Көлденеңнен біз де кіріп кеттік. Не түрлі тағам мен мол қойылған арақ-шараптан үстелдің белі қайысады. Жастар жағы жырғап отырмыз. Гитараны сабалап ән салдық. Еденді ойып жіберетіндей дүрсілдете теуіп, еліріп би биледік. Үстел басында кезекті-кезексіз ішке кеткен ішімдіктің күші қоя ма, әжептәуір қызып қалдық. Кісі көбейіп, үйдің ауасы тарыла бастады ма, терлеп, ыстықтап кеттік... Танго қойдырып, қызбен би-леп жүргем, бір кезде сол бұрышта бір үйір болып тұрған жігіттер жағынан айғай-шу шықты. Не болып қалды деп қарасам, көзі қып-қызыл біреу Мұсаның жағасынан алып, сілкілеп жүр. Мұса тыныш бала болатын, бірақ ішімдік сайтан ішіне түсіп кеткен болу керек, өзінен әлдеқайда ірі, бір жуан қара жігітпен, жасы да бізден үлкенірек-ау деймін, ілінісіп, бой бермей жүр. Арашаға түстік. Жуан қара – Мұраттың алқымына қос шеңгелді салып жіберіп, қылқындырып әкетіп барады. «Ей, үйде шу шығармайық, жүріңдер далаға» деді біреу. Опыр-топыр болып, буымыз бұрқырап, сыртқа шықтық. Бұл кезде хуторға салбырап түн түсіпті. Қақаған аяз. Қақпадан шығып, шам жарығы себезгілеп тұрған, қары тапталған, кең жолға келдік. Он шақты баламыз. «Ал айтыңдар, кімсің өздерің» деп әлгі зірк-зірк етеді. Хуторлықтардың бәрін білсем де, дәл мұны танымайды екем, әскерден жаңа келген біреу болса керек, сірә. Бұлардың бетке ұстары осы болды деп жорамалдап тұрмын. Әйтсе де, көңілімде қобалжу бар еді. Бөтен ауыл. Мұса екеуіміз ғана. Іс насырға шапса, таяқ жеп қалуымыз ықтимал. Бірақ сыр бермей, мән-жайды айтып түсіндіріп тұрмын. Өзгелер де әлгіге «бұлар көрші ауылдан келген қонақтар» деп жатыр. Сөз ұғатын жуан қара көрінбейді. Соңынан ерген бес-алтауы бар сияқты. Кенет әлгінің бұрыла бергендей болып, Мұсаны иектен ала қонжитқаны. Сылқ ете түскен байғұс жолдасым аяғы тайғанақтап, тұра алмай жатыр. Бұл кезде шыдам таусылған, әрі істің жуыр маңда түзелетін түрі көрінбейді: «жүрші былай» деп күшіне сенген пәлені ауаша алып шықтым. Ол да сезіп келеді. Тіл қатысқан жоқпыз. Сатыр-күтір ұрғыласып кеттік. Аздан соң айнала секіріп, аңысын аңдып төбелесе бастадық. Қапылыста қабағыма жұдырық тиген болу керек, сыздап қоя берді. Жуан қараның қол қимылына көз ілеспейді. Анау-мынау боксшыңнан кем емес. Өзіне-өзі сенімді. Ұрғыласып жеңіп алатыныма күмәндана бастадым. Де-генмен қалай да бетін қайтару керек. Әйтпесе таяқ жеп, жүнің жығылып, ауылға сүмірейіп қайтуыңа тура келеді. Кішірек кезімде, ауыл-үй арасында күресіп жүргенде өз қатарымды түгел жығатынмын. Төбелеске кіріп кеткенде де күрестің әдісін жасаушы ем. Бірақ мынаның аяқ-қолы бірдей тыным таппайды екен. Ішке өткізбейді. Аңдысып, алыстан ұрып, осылай біршама уақыт өткіздік. Бусанып, терлей бастадық. Балалар айнала қоршап алған. Қайсымыз құласақ, соны жұлмалап, жеп қойғалы тұрғандай. Ақыры, бір оңтайы келгенде жуан қараның қойнына кіріп кетіп, оң жамбасқа салып, алып ұрдым. Жалтырап, мұзға айнала бастаған күресінге ыңқ етіп, оңбай құлады. Жұдырықпен қойғылап жатырмын. «Әй, жібер, жібер» деп біреулер иығымнан тартқылап тұрғызды. Көптің аты – көп, абай-сызда аяғы тайып кетті, әйтті-бүйтті деп әлгіні ақтап жа-тыр. Қайта төбелестік. Тағы жықтым. Тағы ұрып жатыр-мын. Дәл осы кезде біреудің бетімнен теуіп кеп жібергені. Сірі етіктің басы оңдырсын ба, көзім жарқ етті, мұрыным солқ етіп, ол ашып кетті. Жарылды-ау деймін, жып-жылы қан саулап қоя берді. Осы күнгі төбелесте әділдік жоқ емес пе, шама келмесе, жабылып кетеді. Бұл жолы да со-лай болды. Орнымнан тұра бергенімше болған жоқ, екінші біреуі кеп жонарқамнан тепті. Айғайды салып, жанталаса сабалап, әл бермей, әйтеуір ортасын жарып шықтым. Шибөрілер анталап келеді. Жүгіріп барып, қашаның таяғын шеге-мегесімен қоса суырып алдым. Ыңғайлы сойыл. Жынын шашқан бурадан кем болма-сам керек, жамырай ұмтылған шибөрілер сасып қалды. Жақындауға батпай тұр. Кенет анадай жерде бүрісіп, не істерін білмей, аңқиып тұрған Мұсаға көзім түсіп кетті. Ақырып жіберіппін: «Әй, Мұса! Бар, шанадағы мылтықты әкел! Атып таста мыналарды!» Қайдағы мылтық... Аналарға көрсеткен доғым еді. Бопса әншейін. Қатты әсер етті. Тұрған бетінде үйме-жүйме болды да қалды. Сол мезет Мұса да ат-шананы ішкі қорадан шығара бастаған. Таяқты жедік, мұрынды жардық, ендігі ой – қашу. Басқа амал жоқ. Ішімдіктің қызуымен жау қайдалап жүрген мыналардың аяйтын түрі көрінбейді. «Кел! Мін!» деді Мұса ат-шананы анадайдан көлденең тарта беріп. Жанұшыра жүгірдім. Үстімдегі киім ауыр болды ма, әлде тайғанақтап, өзім ман-дытып қаша алмадым ба – есімде жоқ, әйтеуір, біреуі ар-тымнан қуып жетіп, тобықтан қиғаштай тепті. Табаным тайып, шатқаяқтай бере, жығылдым. Оған қарайтын сәт пе, денемнің ауырсынғанын да сезбеймін, жандәрмен тұра беріп ем... Көзімнің оты жарқ етті! Әлдебір қатты күш қарақұстан солқ еткізді. Ат тепкендей. Ат-шанасымен қоса қызыл-жасыл болып, тұңғиыққа сіңіп бара жатқан Мұсаның бұлдыр-бұлдыр сүгіреті көз алдымда қалып қойыпты...»

Әңгімесін осы жерде кілт үзіп, үн-түнсіз қалды. Сәулесі жоқ, мұнарлы көзіне қарауға дәт шыдамай, тым-тырыс отырмыз.

«...Араққа тойып алған өңкей әулекі мәз болып кете барған. Түйсігі барлары қолұшын беруге бата алмады ма екен... Артына қарайламай Мұса, ол қашып кетіпті... Қойшы, сонымен әлгілер сырықпен қарақұстан ұрып, талдырып кетіпті мені. Таңға дейін жатып қалған екем. Қысқы түн ұзақ. Таң қылаңытқанда қақырынып-түкірініп шықарға шыққан көрші үйдің шалы есім кіресілі-шығасылы болып жатқан мені көреді. Ел-жұртты оятып, бәлніске жеткізеді. Есімді сонда жиыппын. Ем-дом жасалады. Екі өкпесін қолына алып, құстай ұшып әке-шешем жетеді. Бассүйек шытынаған, мый шайқалған. Ең жаманы – басқа суық өтіп кетіпті. Ай жатып шықтым. Үйге келгеннен кейін жап-жақсы жүр ем, бір күні басым шаншып, жүрегім лоб- лып, төсекке келіп құладым. Мыйдың ішіне құрт түсіп, шағып жатқандай. Ауданды қойып, тура облысқа тарттық. Анықтады сырқатты: менингит. Кешірек келдіңіздер десе керек әкеме дәрігерлер. Менингиттен әупірімдеп жазылдық, бірақ көз шіркін бұлдырап, көруден қала бастадым. Ол кезде қазіргідей су қараңғы емеспін. Бір құдайға сыйынып, Алматыға ұшып келдік. Небір профессордың алдынан өттім. Кеш. Мұндағылар да кеш деді, қолдан келер қайран жоқ деді. Сөйтіп, осылай соқыр болдық. Мүсәпір, бейшара халге түстік...».

Әңгіме қатты әсер етсе керек, тұқиып отырып қалыппын. Өзгелері шайын ішіп, күңкілдесіп, сөйлесіп отыр. Маған айтылғанын сонда ұқтым, өзгесіне ежелден белгілі ғой.

Кетерімізде қол алысып, қоштасып тұрып Абылай: «ал тарихшы жолдас, келіп тұр, арғы-бергі тарихтан әңгіме айтып беріп кет» деген. Жылы қоштастық.


4.


Уақыт таба алмадым ба, мойын жар бермеді ме, Абылайға баруға бұдан кейін жолым түспеді. Басқа ВУЗ-да оқитын Бөкенді де сирек көретін болдым. Бірер жылдан соң оқуымды бітіріп, ағайын-туысты қуантайын деп ауылға тартып кеттім.

Жеті жылдың да жүзі өтіпті-ау бұдан кейін. Қазір заман бөтен, заң басқа. Балапан басына, тұрымтай тұсына дегендей, бір алақұйын заман туып кетті емес пе. Бұл кезде мен екі қолға бір жұмыс таба алмай, сандалып жүрген кезім. Жұма болатын. Төбесінде көк ту желбіреп, ой мен қырдан жиылған мен сияқты өңкей жұмыссыздар тұрақ тепкен жатақтар үйінен шығып, көк базардың түбіндегі мешітке бардым. Садақа берейін, аруаққа дұға жасатайын деп. Күз еді. Күн қара суық. Бәлен жыл жыр болып, әрең дегенде іргесі бекіп, қаңқасы ғана тұрғызылған аңсағай, зор мешіттің ығындағы баяғы ескі мешітке кіріп, құран оқытып шыққан едім. Бір серпіліп, енді садақа берейін деген ниетпен кең қораның аузына беттегем. Жолымды кес-кестеп алақан жайған сарттың балаларына тиын-тебен таратып, үркердей боп, өздері бір шоғыр отырған қол-аяғы кем, ғаріп-қасерлерге азын-аулақ теңгемді ұстата бергенде... көзіме түсті. Таныдым. Сол. Сол Абылай. Анадай жерде шөке түсіп отырған ақбас жігіттің өңі аса жүдеу екен. Қарап тұра алмадым. Дегбірім кетіп, көңілім алабұртып, мешіт ауласынан атып шыққанымда есімді бірақ жисам керек. Елмен бірге автобусқа таласа-тармаса мініп, кетіп бара жатқанымда да жылт еткен сәулесі жоқ соқыр көзі әлдеқайда қарап отырған Абылайдың күнге тотыққан жүзі көз алдымнан кетпей қойды. Неге тілдеспедім деген ой жылт еткен. Бүгелек көрген жылқыдай қипалақтап, алды-артыма қарамай қашқаным еске түсіп, бетімнен отым шығып, сонда ғана ұялсам керек.


1996 жыл.


«АСЫЛ СӨЗ»

көркем шығармалар жинағы




Көрілген: 6844    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 08.01.2018, 08:54

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    29 Қыркүйек 2015
    Майра ФАЗЫЛ: Ұйқы
    2 Маусым 2015
    Жанна Иманқұл: Файл

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31