Серік ӘБІКЕНҰЛЫ: АРЫН-АЛҚЫН (Әңгіме)

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ: АРЫН-АЛҚЫН (Әңгіме)

Серік Әбікенұлы Сарыбаев 1972 жылы 3 қыркүйекте Талдықорған облысының Кербұлақ ауданы, Балғалы ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетін бітірген. Журналист. «НТК», «31 арна» секілді телекомпанияларда Бас редактор, директордың орынбасары қызметтерін атқарған. Тележурналистикадағы еңбек жолын 1998 жылы «Телефабрика» серіктестігінде бастап, «Анау-мынау», «Айтпақшы» бағдарламаларын шығаруға атсалысқан. 2000-2003 жылдар аралығында «Оңтүстік астана» телеарнасында Бас редакторлық қызметте жүріп, «Сойыл» атты тұңғыш тележобасын жарыққа шығарды. 31 арнаның» «Информбюро» жаңалықтар қызметінде 6 жыл жетекшілік етіп, осы арнада «Тарих безбені», «Тұжырым», «… кім?», «Ел сойылы» сынды жобаларды елге ұсынды. Осы күні ел аузында жүрген «Тілсақшысы», «Пікірлер пирамидасы», «Тарих таразысы», «Тағдыр мен тұлға», «Монолог», «Болмыс», «Тыңдашы, айналайын» бағдарламалары «Қазақ хандығына – 550жыл» 40 сериялы деректі циклінің және тағы басқа көптеген хабарлардың авторы.
2013 жылы «Парасат» саяси-қоғамдық журналының Бас редакторы және 2014 жылдан «Жетісу» телеарнасы директорының бірінші орынбасары болып қызмет атқарады.

 

АРЫН-АЛҚЫН

Ақын кілет ішіне кіріп, төбедегі көлбеу жатқан бөренелерге, шаң тұтқан төрткөз терезеге, көнетоз көрпелі керуетке бір-бір көз тастап, шылымын тұтатып, ілби баса бұрышта тұрған орындыққа барып отырды. Арқасын қабырғаға сүйеп, көзін жұмды. Қалың ой анталап, екі самайын шыңылдатып барады. Іштегі шерді тұншықтырып тастағысы келгендей, көк түтінді құшырлана сорып, асықпай будақтатып шығарды. Шері емес, өзі тұншығып барады... қыстыға жөтелді. Лоқсып, әлгі пәлекетті шығарып тастағысы келгендей қышқырынды...
- Өй-й, атаңа нәлеттікі...
Бір ауыз сөзді әзер айтып, еңсесін түзеді де қолындағы шылымын атып жіберді. Дүние кеңігендей. Омырауындағы екі түймені ағытып, еті қашқан қолымен кеудесін уқалады. Бұл лақтырған тұқыл анадайда будақтап жатыр...
Көз алдындағы түтін мен көкейдегі ой сәл сейілгенде босағаға сүйеніп, состиып тұрғанды көрді. Қай кезде келіп үлгерген? Ол «Мазаңды алғаныма ренжіме, ертелеу келіп қалдым» дегендей ыржиды.
- Ә-ә, келдің бе?
- Иә... кеп қалдым...
- Жөн, жөн...
Ақын қалтасындағы қорапқа қайта қол салды. Шылымды ерніне қыстырып, сіріңке жақпақ болып еді, шырпысы морт сынып, тағы бірін алды... Анау мырс етті.
- Қолың қалтырайын деген бе?
Ақын жақтырмай қараған. Жаңа шырпы алып, шылымын тұтатты да қолындағы қос қорапты жанындағы жәшіктің үстіне тастай салды.
- Осы сен неге менің қыр-соңымнан қалмай келесің, айтшы?
- Қыр-соңыңнан қалмайтындай не істедім?
- Не істедім деймісің? Оданда «Не істемедім?» деп сұрасаңшы... Тіке келген кесепатың жоқ, бірақ...
Жақтырмаған кейіппен қора ішіндегі тымырсық ауаға баяу жайылып жатқан түтінді қолымен сейілтті. Ол да бірге сейіліп кете ме деп еді... Әңгімеге зауқы жоқ. Жалғыз отырып өз-өзімен тілдескісі келген. Ол кетер сыңай байқатпайды. Ақын бір ауыр тыныстады да көзін төмен салды.
- Екеуміз танысқалы біраз болды, ә? Бірінші рет тұңғышымды жерлеп, зар қағып отырғанда көріп едім...
- Рас. Көңіл айта келген көптің ортасында болдым.
- Мына өмір деген адамның көз алдында шыр айналып тұрады ғой. Баяғыда ұмытқан
сәттер кейде жадыңда жылт ете қалады. Әсіресе қайғының тұманы сейілгенде көп көріністер айқындалады екен... Сенің кескінің ерекше есімде қалыпты. Екеуміздің сол кездесуіміз жайлы сан мәрте ойладым...
- Иә...
- Сенің көзіңде қуаныш ұшқыны болғандай ма, қалай өзі?
- Қой, қайдағыны айтпа! Қаза үстінде немнің қуанышы?
- Жо-жоқ. Жаңылысуым мүмкін емес... Сол ұшқындықұдай қосқан қосағым қайтыс болғанда келгеніңде де байқадым. – Шылым шоғы қызарды. - Қорқаусың, тек қайғыма ортақтасқан болып, сүмірейіп жүресің. Бірде-бір қуанышымда есігімді ашқан емессің. Естімеген, білмеген бола қаласың. Жаманатты ғана жағалап жүретін құзғын-пейілдіні кім жақсы көрсін?
- Туһ, Ақыным-ай, қажиын депсің-ау, қиялыңдағыны айтып, мені жазғыра бергеннен не шығады? Қуаныш дегенің мәнсіз қиқу ма? Қызықпаймын! Жоламаймын! - Ол жақтырмаған кейіп танытты.- Қойсаңшы, ескі таныстардың араздаспағаны дұрыс...
- Ескі таныс деймісің,- енді Ақын мырс етті. Сол басын көтермеген күйі – Аулақ жүргенің, мүлдем танымағаным жөн еді. Әр кездесуің – күйініш. Сені жақтырмайтынымды білесің ғой....-деді.
Оның көзі шатынады. Бірақ сыр бермеуге тырысты.
- Е, мені кім жақтырып еді. Көбі қорыққанынан сыйлаған болады... Жиі есіне алады.
Мен түсінбейді деп ойлайды, ақымақтар.
- Ал мен қорықпаймын...
- Білемін!- Ол саңқ етті. Шыдамы түгесілген еді. - Білемін! Сол үшін...
Ол өңі нарттай болып, тұтығып қалды. Ақын жадырап сала берген.
- Е-е-е, бәсе, мәймөңкені қойып солай десеңші, әңгімеміздің шырайы енді кірейін деді. Манадан бері тышқан аңдыған мысықтай жылмыңдап тұрсың, - Ақын арқасынан ауыр жүк түскендей бойын түзеп, бұған тік қарады. – Бүгін де иіні салбыраған кейпімді бір көріп масайрайын деп жетіп келдің ғой, ә? – миығында күлкі бар,- Бір саусағы бүгулі жүреді-ау,- деп жақтырмайтын едім. Қателеспеппін. Мен түңілген сайын сен шаттандың...
- «Түңілген сайын» дейді ғой... Түңіле алатындай сана бар ма еді сенде? – бетпердесі
сыпырылған Ол шабуылға көшті. – Домбыра сабалап, өлең соққан санасыз ғұмыр ғой сенікі...
- Қызғаныш па?
- Оттама! Қызғанатын, қызығатын нең бар?! Нең қалды? Менің ырқымда болсаң
қызды ауылда сұңқылдаған кеңірдегіңді жұлып, домбыраңды діңге ұрып, паршалап тастар едім!
Ақын қарқылдап күліп жіберді.
- Ау, менің кеңірдегімді асып жесең де өзің біл, тек домбырама тиіспеші. Сөйте
тұрып «нең қалды?» дегеніңе қарағанда менің атым озарын білесің сен. - Ақын жүзінде мақтаныш пайда болды.- Өмір бойы жолымды кеспек болғандардың құқайын көрдім. Құшағыма сайқал салып шатастырып, шалқығанда қолыма шарап ұстата қойып, шатқаяқтатып, бұлғаң етсем батпаққа құлата салмаққа дайын жүрді. Мен былғансам саусағын шошайтып күлмек еді... Солардың көбі батпаққа тұншықты... пиғыл батпағына. Мен оларды елеген де жоқпын, өз ниеттері буындырып тастады. Обал.
- Обал?! – Ол тыз ете қалды. - Сөзінің сиқын...«Обалдарына мен қалдым» деп
ойламайсың ба? Жұртқа таба болған талайына араша түсе алар едің ғой. Сенің қол беріп, құшағыңа қысқаныңның өзі соларға дем беріп, еңсесін тіктер еді.
- Мүмкін... Түсінесің бе, мен-пендемін. Пенде болғанда да кемістігім - жүрегінде зілі
бар, тамырынан қара қан аққандарға иліге алмайтын мінезім. Олар сенің бауырларың ғой, өзгенің шаттығы- қасіреті, қуана алмайды, тіпті перзентін бауырына басса да жылуы сезілмейді, таңдайына көз жастың дәмі білінгенде ғана бойы балқып, бір ерекше сезімге бөленеді. Солай ма? – Ақын өткір көзін қадап еді Ол жанарын тайдырып әкетті. - Ондайлардың бары не, жоғы не? Біреудің бақытты болғаны да, қарғысқа қалғаны да менің қолымдағы дүние емес. Сондықтан елемеймін. Пешене деген рас болса әркім өз маңдайына жазылғанын көреді. Мен де көндім, жырымды саудаға салмадым, бұйым сұрап ешкімнің алдына бармадым, Құдай берген несібеге тәубе еттім, малдының мешелі болмай осы жасқа жеттім. Олар да өз соқпағымен жүріп барады. Бұралаңын түзеуге хақым жоқ, солай емес пе?
- Лайсаңға тап болып, тайса қайтесің?
- Табанының бүрі жоқ пенде тегіс жолда да тайып, мертігеді.
- Әй, Ақыным-ай, тозақтың құрметті қонағы боласың-ау, - Ол басын шайқап, кеңкілдеп күлді.
- Туһ, осы сенің Қияқбай шалмен туыстығың жоқ па еді? –Ақын үнінде кекесін бар.–
Ол да «тозақ, тозақ» деп елдің есін шығаратын болыпты. Дастарханның
берекесін, әңгіменің шырқын бұзады да жүреді. Пейіш пен тозақты көріп келгендей көсілетінін қайтерсің. Құдай сүйер қылығы жоқ қуаяқ еді, енді о дүние жайлы пәлсапа соғатын болып жүр. Осы елдің бар күнәсін жинаса соның бір күнәсінің мысқалына татымайды. Егер сол жұмаққа барар болса, менің ол жаққа жоламай-ақ қойғаным жөн-ау?
- Құдайсыздың сөзін айтпа!
- Құдайсыздық емес, шыным бұл. Құдай ұрған, ұрғанда да жеті атасына жететіндей
етіп сүйегіне лағнет-таңбасы басылған жүз қияқбайды білемін. Олар кешкен көздің жасы қонышынан асқан. Содан қорқады. Сол қорқынышын өзгелермен бөліссе жүгі жеңілдейтіндей жанығады. Заманы дүрілдеп тұрғанда адамдығынан надандығы асып түскендердің, елге батқан тізесінде діріл пайда болғандардың далбаса тірлігі.
Ол күліп жіберді:
- Сүріндің, Ақыным, сүріндің. Билік те бұйрықпен келеді. «Тегін адам таз болмас»,
оларды жазғырғаның, жаңылғаның. Билік назарға іліккендердің уысына ғана тиеді... Ол-құдірет. Сол құдірет болмаса сен секілді тобыр білгенін істеп, мына дүниені астаң –кестең етер еді. Кейде тізеге салуға да тура келеді, «Аюға намаз үйреткен таяқ» емес пе?
Ақын оған «Осы шын айтып отыр ма?» дегендей сынай қарады. Мырс етті.
- Билік... Мүмкін сенікі жөн де шығар... Тек билік бұйырғанға ұяттың да еселеніп
берілетіні бар. Мансап пен мадақтан көзі байланып, осы екеуінің ара-жігін ажыратып алғандар Бұйыртушыны да ұмытады! – Ақын басын шайқады.- Содан кейін өзін Соған теңей бастайды, сен айтқан «тобырдың» құлшылық еткенін қалайды, өзінің құл екенін ұмытады. Құл иеленушіге айналған құлдың қолы қатты, жаны тәтті! Аямайды! Тізгіннен айырылғанда ғана айналасын енді көргендей, тәубесіне келгендей, жазымышқа көнгендей, бір Жаратушы барына сенгендей түрленеді. Қолындағы қамшысынан айырылған құлдың өзге құлдарға ділмарсуы, діндарсуы -солардың қаһарынан қорғануы ғана деп қабылдаймын! Ал сендер тобыр атайтын халық тым кешірімшіл, тез ұмытады. Көнтеріленіп кеткен жотасындағы көп жараның бетін бір сипайды да қолаттағы қоңырқай тірлігімен жүре береді. Көнбісті көк-ала ете берген жөн бе? Тарамысы үзілгендей шойырылып барады емес пе?
Ақын сұраулы жүзбен қараған. Ол төгіле бастаған Ақынның аузына қарап аңтарылып қалған екен. Ұйқысынан шошып оянғандай болды. Қапелемде аузына сөз түспей қалғаны.
- Көп көнбістің сайраған көкірегі менмін де...
- Менмін! Соным үшін де жек көресіңдер! – жұлып алғандай жауап берген Ақын
өзімен-өзі сөйлескен жандай күбірлей бастады. -Мен Жасағанды өз аузына, тобықтан аспас тайыз пайымына икемдеп алғандарды жақтырған емеспін. Жалған мен Мәңгілік жайлы гөйтетіндерді суқаным сүймейді. «Аузу-билл-ахты» жаттап алған әркімнің аузына сия беретін болса ол Жалған мен Мәңгіліктің еш қасиеті қалмас еді. Ал біз сыйғызып жүрміз, солай ма? – Ақын көкке қарады. - Мен үшін Оның бір есімі - Ақиқат! - сұқ саусағымен төбені нұсқады.- Оның таразысының дүкенші таразысынан айырмашылығы бар шығар... Сол таразыға Қияқбай секілділер мен мен секілділерді тартатын Ақиқат болса қияқбайлар басым түседі деп ойламаймын, өйткені, мен үшін Оның тағы бір есімі – Әділет! Осың жөн демесең мені көрсе жыланша жиырылатын Қияқбай ұқсап аулақ кетуге асық. Тозаққа екі қолтығымнан сүйреп кіргізетін екеуің болсаңдар уақытында көрермін... - Ақын жымиды. – Әркімге өзінде жоқ қат: арсыз ар туралы, тексіз тек туралы, имансыз иман жайлы көп толғайды...
- Пақырлығыңды паңдықпен жаппақпысың... Тілде сүйек жоқ. Жамандығының
бәрін жақсылыққа балататын қызыл тілі үшін де жек көрем сендейлерді.
- Құдай ақы, қызғаншақ екенсің. Жүрегіңді қызыл итке шайнатып қалай жүрдің,
бейбақ-ау? Сені де, мені де бір құдай жаратты емес пе, саған - ел шошытар сұс, маған - тас ерітер тіл, көмейіме жыр берді. Екеуміздің де бойымыздағы қасиет Алладан. Сен лағнетке қалсаң - тірлігіңнен тапқаның, мен алғыс естісем - қауымға жаққаным. Өшігіп жүріп ақыл –есті өшіріп алған екенсің. Осыны түсінер жете, ми қалмаған ба алдағы кәуегіңде, қубасым-ау?
Күлкіден Ақынның екі иығы селкілдеп кетті.
- Қубас?! Тоқтат!!! Тоқтат, деймін саған! - Ол қатты ашуланды, бір затпен ұрып
жібергісі келгендей жан-жағына алақтай қарап еді, көзіне ештеңе ілікпеді. Тісін шықыр еткізді. –Ендігісі сенің мазағыңа қалуым еді...
- Болды, болды, қойдым, ашуланба. – Дәрменсіз күлкісін әзер тиған Ақын көзінен
аққан жасты сүртіп, салмақты кейіп танытты. Ашық омырауын қолымен уқалады: – Айт, айтып қал. Алты аласы, бес бересіміз жоқ еді ғой. Тұрпатың зор болғанымен ішің бір уыс екен-ау, байғұс.
- Бейбақ...Байғұс... Сен аузыңдағы сөзді абайлап сөйле. Дәл қазір екеуміздің
қайсымыз мүсәпірміз? Ойлан?!
Ол алға бір-екі аттап, Ақынның алдына жүрелеп отырды. Жүзінен еш имену байқамады.
- Ойланатын несі бар. Сен! Бұл сенің пешенеңе жазылған. Мүсәпірлік–міскіннің ақыры. Бірақ мойындайын, сен болмасаң, оқта-текте сені ойлап, іштей арпалысып, өзіме қамшы салмасам мына өмір мәнсіз екен. Домбыраның бір ішегі бос, бірі қатты болмаса әдемі әуен шықпайды. Сол секілді... екеуміз домбыра-өмірдің қос ішегіміз...
- Тоқтат! Айтпа домбыраңды! Ішек дейді ғой... Үнін естісем жынданып кете
жаздаймын. Күңгір-күңгір, дыңғыр-дыңғыр еткен сол қу ағаштың несін қызық көреді осы жұрт...
- Апыр-ай, күмбірді күңгірлетіп жеткізер алдағы қос құлағың ғаріп екен... той-томалақтарда ән-жыр айтылғанда елмен бірге сен де босағадан сығалап тұратынсың, оныңды аңғармаппын.
- Құлағымда шаруаң болмасын. Тәубе, жеті қат жердің астындағыны естиді. Сен жаңа дұрыс айттың! Иә, босағадан! Түсінесің бе, мен бо-са-ға-дамын! Ал сен ылғи төрде отырасың! Сен домбыра тартып, жыр оқып елдің ырзашылығына малынып отырған кезде мен керегенің тесігінен сығалап тұратынмын...
- Пәлі, сол үшін де өшігуге бола ма? Жасағанның саған өнер бұйыртпағанына мен кінәлі емеспін ғой! Сенің де өз ерекшелігің, қасиетің бар!
Ол екі қолымен басын қысып, жынданған адамдай кейіпке түсті.
- Айтпа, айтпашы, доғаршы.... Қандай қасиет айтып тұрғаның, қандай ерекшелік? Жұрт қай қылығым үшін қадірлесін мені?! Естігенім -қарғыс, кешкенім - көз жасы... үмітім-үрей! Иә, иә. Мен үрейдің күшімен бәріне өзімді сыйлатамын, мойындатамын деп үміттенемін! Бірақ кедергі көп. Солардың бірі сенің сөзің, әуенің! Ел менен көрі сені көбірек қадірлейді. Үрейімнен әуенің құдіреттірек.
- Әуенмен алыспасаңшы... Баланың іңгәсінән, жаназаңда оқылатын Құранға дейін әуен емес пе... Мұның бекер. – Ақын жақтырмаған кейіп танытты.
- Білемін.- Ол жерге жалп етіп отыра кетті. Мысы басылғандай. Амалы
түгесілгендей. –Білемін. Бірақ, көндіге алмаймын... Әуенді қойшы, екі шумақ өлеңнің өзі елітіп кетеді ғой оларды...
Ақын оның сөзін бөліп жіберді.
- Өлең деме, жыр де. Жырдың өзінде ерекше әуез, құлаққа естілмейтін әуен бар. Тек
дұрыстап тыңдай білу керек!
- Қиялисың...
- Рас айтамын. Осы уақытқа дейін бір жырдың әуезі буыныңды алмаса обал
болған екен саған, «әлдиге» уанбаған таскереңім. Ал мен осыған дейін жыр мастығынан бір айыққан емеспін...
- Қияли ма десем, апиыншының сыңары екенсің ғой. Бұл –күнәлардың зоры! Сорың
да содан болар... - Ол темекі тұқылын меңзеді. Ақын да бір қарап, езу тарты, назарын қайта бұған салды:
- Өреңе болайын... Менікі... менікі қас-қағымның арасында алданыш іздеу ғана. Өзімдікін өзім көтерермін, көрермін... Негізінде адамдықтың дәні бар ешқашан надан бола алмайды, жүрегі ақ. Оған дақ түсірсең Құдайға емес, ең әуелі Жаратқан бітірген болмысыңа опасыздық жасадым деп ойла және ол опасыздығың үшін Көктен де, өзгеден де емес, өзіңнен қорық. Ал Одан қорқудың еш керегі жоқ, Оның тағы бір есімі – Мейрім! Анаңдай маңдайыңнан сипап, кешіреді... кешірмесе жаратпас еді... Оны өзіңді құл еткен Үрейге қосарлап жүргендер сен секілді маймылшекелер ғой. Үрей үстем жерде Үмітке орын жоқ, Үміт қашқан жерге Иман жоламайды. Үмітті бізге бүгінге, ертеңге, одан да алысқа, тылсым ғарышқа сенсін деп тарту еткен. Сондықтан мен Жаратқан берген ғұмырдың шаттығына шомып, бақытына масайрап күн кештім. Оны күнәға баласаң көзің де, көкірегің де соқыр екен... Бірақ, емің жоқ, түк те істей алмайсың! Жазуың сол.
Ол тыржың ете қалды:
- Паһ! Мені мүсіркемей-ақ қой. Сен кетерсің, мен қалармын мына жарық дүниеде.
- Сөзіңе болайын... Мен кетсем сен жетімсіреп қалмайсың ба? – Жауапқа жылдам
Ақынның кекесіні сүйегінен өтті: - Түбі сені жеңемін дейсің ғой... Жеңіп тұрып та жеңілуге болатынын білмейсің-ау, сен. Аяр жеңімпаздың даңқы - алыс, сүрлеуі - қарғыс! Жеңілушіні бесігіне жылай-жылай бөлеген қара жердің оны қабылдағысы келмейді, моласын да жермен-жексен етеді. Ұрпағы өлексесін таппай қалған жеңімпаз аз ба? – Ақын көзін сығырайтты - Сен кетесің дедің бе? Рас, кетемін! Іңкәрлік бағы сола бастағанда, көңілге шер, кеудеге дерт тола басағанда әркім өз пырағын тосады. Сол пырақ алысқа әкетеді... Ал, сен не үшін қаласың? Қорыққандарға құдай, қорықпайтындарға қарабет болу үшін бе? Сәби жұпарын, сүйген жар ернінің табын сезінгендердің күндесі болу үшін бе? Бұралқы иттей босағада жүру үшін бе? Көксегенің сол болса, қала бер! Өйтіп көрген жарығыңның атасының... – ширыға сөйлеген Ақын жерде жалпиып отырғанның көзіне үңіліп қарады. - Көзің жылтырап тұрғанымен арғы жағы көрдей қараңғылық қой...
Жүзін бұрып әкетті. Ол сөз таба алмай тосылып қалды. Екеуі біраз үнсіз отырды. Ол қайта қозғалақтаған.
- Еш өкінішім жоқ дейсің ғой?
- Өзегімді бір от өртейді, соған қарағанда өкініш баршылық. Айтылмай кетер, айта алмай кетер сөз бе екен, төгілмей кетер, төге алмай кетер жыр ма екен, білмедім?! Қыршынынан кеткен, жалғаннан өткен ұл ма екен, тағдырлы жерде, шешуші кезде түйіліп қалған тіл ме екен, білмедім?! Қош дегенді қиылып айтқан жар ма екен, көкіректі жидітіп жатқан зар ма екен, білмедім! Өкініш бар...
- Өкініш болса өткеніңе көңілің толмағаны. Жазықтымын дейсің ғой, әлде біреуді жазғырамысың?
- Жазғыру... Жалпы біреуді жазғырғаннан аулақ болған жөн! Жазықты іздеу – жаманның әдеті. Өзімді қажар жөнім бар ма? Мүмкін! «Ащы айғайдан бір сәттік үнсіздік көп мағына береді» деп үндемей қалған кезім көп. Сөзден қадыр кеткеніне қарным ашып, күлкімнің астарындағы мұңды, ашуымның тасасындағы махаббаты көре алатын, үнсіздігімнің себебін түсінетін адамға сенім артармын,- деп тілімді тістегенмін. Сол сенімім ақталмады. –Ақын қос шекесін сығымдады. - Адамның жауға тастамас жалғыз досы – сенім. Алла да маған айыр тілді, төкпе жырды сеніп тапсырған шығар... тамақты қырнап, көмейді тырнап сыртқа лықсыған талайын тұншықтырдым. Айтқанымнан айтпағаным көп. Соның өзіне жұрт риза. Ал, Оның сенімі ақталды ма, осы толғандырады? Төбемнен мұздай су құйса да бұл күмәннан құтыла, бұл ойдан арыла алмаспын. – Бұған қарап жымиды.- Бірақ... ризамын! Маңдайымнан сипаған күнді, балтырымды аймалаған бұлақты көруге, жүзімді өпкен самалды, мойныма асылған ұлдың ықыласын сезінуге мұрсат бергені үшін разымын. – Төмен қарап, күбірлеп кетті.- Шертарқатарым сен болады деп кім ойлаған. Біраз жеңілдеп қалдым.
Ол Ақынды аяп кеткендей болды. Есікті тарс жауып шығып кеткісі келген. Бір күш орнынан тапжылтпады. Бұл күйін байқаған Ақын езу тартты.
- Жә, сөзді доғарайық. Судың сарқылары, таудың үгілері, жолдың үзілері, дәмнің
түгесілері... мына алдымдағы сенің барың-Ақиқаттың анықтап қойғаны. Өзгесі пендәуи бос былшыл. Қазір маған бір шылымды үнсіз отырып шегіп алуға мұрсат бер. Содан кейін жүрелік...
Ол осыны күтіп отырған еді. Басын жұлып алды. Өзі жаққан шырпы жарығымен Ажалдың көзінде ұшқын жылт еткенін Ақын анық көрді. Тағы езу тартты. Жөтел қысты...

 

ҚҰЛЖА САҚА

Беті айғыз-айғыз, шолақ шалбары бір жағына қисайып кеткен, алқам-салқам көйлегінің етегі сөлпеңдеген төрт-бес жасар сары бала шаңдақ көшенің май топырағын бұрқылдатып, кішкентай ауылды басына көтере бақырып келеді. Тарамдаған жас пен танаудан жылтыңдаған қос «ақбозды» екі білегімен кезек сыпырып, боздаған балақай екпіндеген күйі күншуақтап отырған қарттардың қасынан өте беген. Қариялардың бірі ішті қытықтаған күлкіні әзер тиып:
– Әй, кім тиді-ей, Әлімбайдың баласына? – деп қалды. Бала бұрылып та қараған жоқ. Қайта ту сыртынан шыққан жанашыр үнді естіп, үдете түсті. Үйіне жеьте бере топырағы борпылдаған жолдың қақ ортасына отыра кетіп, бар дауысмен бақыра жылады.
– Апа! Апа!
Баласының даусын естіп, келісабын тастай сала қақпадан жүгіре шыққан Рәш етегіне сүріне-қабына жетіп, орнынан тұрғызды.
– Не болды, құлыным? Айта қойшы, не болды?
Сары тілден айырылған секілді. Өбектеген ананың бетіне бажырая бір қарап алды да күшене жылады. Екі аяғын ербеңдетіп біраз өкірді де, бір мезетте шалқасынан жата кетті. Көзден тарамданған жас пен мұрыннан аққанға шаң қонып, сарының түрі енді келісті. Баласының бұл бетбақтығын жақтырмаған Рәш ашу шақырып, баласынан қарынан ұстап тік тұрғызған:
– Айт болды аңырай бермей!
Сары мұндайды күтпеп еді. Демді үздіге жұтып, ышқына шығарды да жұлқынып, сытылып шықты да үйге қарай салды.
– Әкеме айтам! Әке... – ауладан аңырай өтіп, ауызтамдағы бақырды бір теуіп кеткен бала көзі әкесі жататын төсекке түскен кезде аңтарылды да қалды. Әкесі көк түтінге көміліп отырып кітап оқитын үстел де, ол «Құс ұйқым кеп қалды» – деп жантая кетіп мызғитын темір керует те бос еді. Жанашырын таппаған тентек сарының жылауы сап тиылып, аузы аңқиып сәл тұрды да қайта далаға беттеп еді ізімен келе жатқан анасына тап болды. Рәштің қабағы қатулау еді.
– Кәнекей, түс алдыма! – Көп сөйлемейтін апасы мұрны қорс-қорс еткен баланы дедектетіп отырып, жазда отыруға арналған кілетке алып кіріп, үй-ішін жиыстырып жүрген қызына:
– Мынаны суға шомылдыршы. Бетінің кіріне бес ит тойғандай, – деп салды. Сарының көз алдына жон теріңді сылып түсе жаздайтын жөке мен борпылдаған, ыстық топырақты күмпілдетудің арқасында түсі өзгеріп кеткен аяқтың күсін ашытып ысатын ақ тас елестеген. Зыта жөнелмек болып еді, анасының әлеуетті қолы білезігін жібермеді.
– Түспеймін, суы құрсын. Сабын көзімді ашытады...
Қиқаңды үдеткен бұның көзі әпкесінің жанарымен ұшырасып қалған. «Керек еді осы маған, піш-ту!» деген ой тұнып тұр екен, бірақ, шеше әмірін екі еткізер дәрмен кәне. Әспет шикіл сарыға төне берді. Қолынан ұстап тұрып астауға су құйды, оған пеш үстіндегі ыдыстан ыстық су қосты. Содан кейін мұны астауға отырғызып қойып, сабынды жөкемен үстін ыса бастағанда баланың жасы суға тырс-тырс тамды. Әкесі барда әкпелеріне әңгіртаяқ ойнатып жіберетін еркетотай денесінің ашығанына емес, дегенінің болмағанына өкініп, өксіді. Орнынан тұрып кетейін десе орындыққа жайғасып алып, бақылап отырған апасынан тайсақтайды. Баласының бірбеткейлігіне іштей сүйсінген Рәш бір мезетте Әспетке қарап, боп қалар дегендей емеурін білдіріп, өзі сүлгі әкелу үшін үлкен үйге беттеген. Сарының күткені де осы еді.
– Жібер!
Бұлқынған інісін тоқтатпақ болған Әспет:
– Отыр. Отыр дедім мен саған! – деп зекіп бір-екі мәрте түйіп жіберді. Алайда су денесі балықтай жылпылдаған бала дес бермеді, суды төгіп-шашып, шығып алды да лайланып жатқан жерге қос алақанмен сипалап жіберіп, үстіне жақпыштады:
– Мә, саған, мә!
Әп-сәтте жаңа ғана су өпкен қарыны мен кеудесі сатпақталып шыға келген ол желіден босаған құлындай сыртқа ытқып шығып, безе жөнелген. Қумақ болған Әспет күлкіге түйіліп, орта жолда қалып қойды. Өз санын өзі шапақтап, құрық тимеген асаудай ойнақтаған күйі көшенің ортасына барып бір-ақ тоқтаған бала үйі жаққа қайырыла бір қарап қойды. Сықпытында «Қатырдым ба, бәлем!» – дегендей маңғаздық бар. Тек осы кезде ғана ол күннің тым ыстық екенін сезді. Төбеге шаншылған күннің жалаңдаған шапақтары жалаңаш тәнді жалап-жұқтап, өртеп барады. Қарындағы батпақ дем арада кебірсіп, үгіліп кетті. Майда топырақтың қызуының үстінде жөпшенді адам жүре алмайтын сәскенің ыстығы, тіпті, сарының көнтеріленіп кеткен табанын да шыдатпай барады. Сықсиып аспанға қарап алған сары алып қарағаштың түбінде отырған көрші шалды көріп, соған қарай тарта жөнелді. Есегінің қамытын жөндеп отырған Майлыбай қарт бұны жарқын күлкісімен қарсы алған. Жорта танымағансып:
– Оу, батырекесі, мына жүрісің не? Кімнің баласысың? – деп еді анау: – Әлімбайдың – деді де мұрынды бір тартып қойды. Зеріккен шал баланы әңгімеге тарта берген: – Ә, Бекентай екенсің ғой, түнде жау тиген ауылдың батырындай тыр жалаңаш жүрген соң танымай қалдым-ау,ә? Әкел насыбайды, күшті ме екен көрейік.
Ауыл шалдарының бұл әдетіне әбден үйреніп алған сары еш именбеді, қос бұттың ортасына қолды салып жіберіп, шошайып тұрғанын уысына «толтырған» күйі шалдың алақанына «тастады» да жіберді.
– Ә-ә-пшу! Әй, жарайсың, насыбайың ащы екен. – Өзіне ермек табылғанына мәз болған қарт пен өзге қарасирақтарды шешелері шаңқай түсте қойдай қайырып қамап қойғандықтан көшеде жалғызсыраған бала ағаш түбінде біраз шүйіркелесті. Шал төсенген көрпешенің бір ұшына жантайып алған сары әр нәрсені бір сұрап, тықақтай түседі де Майлыбай қария соған барынша жауап беруге тырысады.
– Ата, а, ата, баяғыда Қобыланды деген батыр болған екен, ә? Ол қылышымен бір шапқанда қырық адамды қырқып түсіреді екен, ә? Сосын Толағай деген дәу болған екен ғой. Ол бір иығымен тау көтергені рас па? Толағай мен Қобыланды күрессе қайсысы жеңеді, ата?
Сапырылысқан сан сауалдан сасайын деген қарт:
– Бұл қазақта қандай батыр болмады дейсің, балам. Қара қыпшақ Қобыланды тым зор тұлғалы екен. Жал-құйрығы төгілген Тайбуырылын мінгенде белі қайқайып кететін болған деуші еді ертекші шалдар. Одан арыда Алпамыстай алып, беріде Бауыржандай бөрі бар. Қайсыбірін айтып тауысарсың. Сен мұның барлығын қайдан естіп жүрсің? – деп қарсы сұрақпен құтылған.
– Әкем айтып береді. Ол кітапты көп оқиды ғой. Маған да әріптер үйретеді анда-санда. Қазір а,ә,б-ны білемін – Сары баланың жүзінде мақтаныш пайда болды.
– Дұрыс, балам, дұрыс. Оқу керек мына заманда. Әйтпесе біз секілді қара танымай қиналып қаласың. Ал енді бара ғой.
Шәй қайнатым уақытын алған балаға ризашылықпен қараған қарт қолына бізін алып, қамыттың құлақбауын тескілей бастады. Ал әңгімеге тоймай қалған бала оны айналшықтап қипақтай берген. Осы кезде төбенің етек жағынан көтеріліп келе жатқан әкесін көріп: – Урә-ә-ә! – деп тұра жүгірді. Құлдыраңдай жүгіріп, жете бере Әлімбайдың мойнына секірген. Манағы өкпенің барлығын ұмытқан бала мәз-мейрам, әкесінің иегінде қылтиған сақал қытықтап, сықылықтай береді. Әке мен бала мәре-сәре болып қақпадан енгенде кір жууға кіріскен Рәш жалт қараған. Қабағын түйіп, ашулы түр көрсетпек болғанымен күлкі үйірілген жанары сатқындық жасап тұр. Оны байқамаған сары мойыннан құшқан күйі Әлімбайдың арқасына сырғи берген. Кенжесінің бірдеңені бүлдіргенін сезе қойған Әлімбай өңін өзгерте қалып:
– Ой-бой, апаңның ашуына кім тиген? Екеуміз жоқта біреу ренжітіпті ғой, балам-ау?! – деп желкесінен басы қылтиып тұрған сарыға қарап еді, анау арқасына бетін басып, тіл қатпады. Осыдан соң Рәш болған оқиғаны толығымен баяндай бастаған. Ақырына тақап қалғанда шыдай алмай, аузын көлегейлеген күйі сықылықтап жіберді. Бірақ әкесі езу де тартқан жоқ. Баласын жерге түсіріп, өңіне қадала қарады.
– Неге жыладың?
Сарының ұнжырғасы түсіп сала берген. Әлімбайдың шектен шыққан кезде тәртіпке салатын мінезі бар.
– Асқар ғой.....
– Немене Асқар?
– Сақамды тартып алды.
– Тартып алды ма, әлде ұтылдың ба? – Әке даусы сәл жібиін деді.
– Асықтарымды түгел ұтып алған соң «Саған сақа не керек?» – деп алып қашты. – Ежіктей сөйлеген баланың танауы тағы шулай бастаған.
– Сүйекке бола сонша байбалам салғаның қалай, Бекентай? Ер жігіт бос нәрсеге боркеміктене бермес болар. Ойнап жүріп жыласаң басың таз болады – деп қашанғы түсіндірем саған.
– Сүйек емес, сен Сарыбастаудан әкеліп берген құлжа сақам....
– Құлжаның асығы болса да жігіттің көз жасына тұрмайды, балам, ертең -ақ қайта табысасың достарыңмен. – Әлімбай Бекенді көтере сөйлеген. Оның Асқар деп тұрғаны жаңа ғана Әлімбай кеукілдесіп қайтқан құрдасы Сәлімжанның ортаншы баласы. Бекеннен үш-төрт жас үлкендігі бар.
– Ағам келсе ғой. Тұмсығын бұзып, асықтарымды қайтарып берер еді...
Міңгірлеп тұрған баласының сөзін ұға қойған Әлімбайдың ішін «Жалғызсырап жүр екенсің-ау, қарғам» – деген ой бұрап өткен. Баласының иығына қолын салып: – Бекентай, адамның намысын көп болып қорғамайды. Өз намысыңа ағаңды тіреу ете алмассың. Ал, ағаңа сабаттың делік Асқарды, сонда басыңды біреудің күшімен қорғаған сен жақсы жігіт болғаның ба?
Бекенде үн жоқ. Әкесі мұнымен ересектерше сөйлесе бастағанда салмақтылық пен құймақұлақтықты талап ететін әдеті. Бірақ баланың көкейінде «намысыңды өзің қорға» – деген соңғы сөздер сақталып қалды. Өзге ақылды аса қажетсінбеген.
– Ал, батпаққа аунағаның қай қылығың... Бар, киін...
Әлімбай шыдамай күліп жіберген. Осымен құлжа сақаның әңгімесі тынғандай еді...

* * *

– Өй, қыли. Солай ата ма екен.
– Кетші ей, әрі.. Көрер ем...
Колонка маңындағы алақандай тақыр жердің маңы ығы-жығы. Балалар екіленіп сақа шиырса, жанкүйер ересектер сырттан қолпаштап, даурығуда. Кешкі салқында мал күтуге ертерек шығатын кішкентай ауыл тұрғындарының күндегі әдеті осы. Бүгін бәрі Ақпарды төңіректей қалыпты. Алшыдан жатпайтын қоңыр, нән сақасын шиырған баланың атқаны мүлт кетпей, сақпан тасындай сарт еткенде асықтар үш табан түгілі 7-8 табанға дейін ұшып кетеді. Ақпар бір мүлт кеткенде жыл бойы уысқа түспеген құлжа сақа Бекеннің аяғының астына домалап барып еді, анау алды да қойнына сүңгітіп жіберді. Ойынның лезде шырқы бұзылып сала берген. Ежірейіп жетіп келген Ақпар жағасына жармаса кетті:
– Әкел сақамды!
– Атаңның басы сенікі. Бұл менің сақам.
– Сенің атаңның басы...
Жағаласқан екеу сілкілесуге кірісті. Көргеннен жата жабысып, Асқар ағасынан қыс бойы жалына сұрап, басынан шерткізіп, құйрығынан тепкізіп жүріп көктемде әзер алған сақасына мына қызылкөз бәленің жармасуы Ақпардың жанына батып барады. Бүріп тастамақ еді бір жас кішілігіне қарамастан бойы таралған Бекеннің ырық берер түрі байқалмайды, керісінше шырқ үйіріп жамбасқа әкелді де, мұны алып ұрды. Онысымен қоймай біздей шынтағыман алқымынан мытып жібергенде Ақпардың көзіне жас үйірілген. Осы кезде аспан айналып жерге түскендей болып, бір жойқын күш Бекенді аударып сала берген. Соның арқасында сарының езгісінен құтылып, үстіге шыққан Ақпар екіленіп, тізесін батырып жатыр. Тістеніп алған Бекен оның ту сыртында ыржиып тұрған Асқарды көріп қалды. Жанталасып жүріп, орнынан тұрып кетіп еді, Асқар ашықтан-ашық жабыла кетіп, қаусыра құшқан күйі «Ұр, давай, ұрға» басқан. Алайда, Ақпардың бар көздегені сақа болғандықтан, бұның қойнына қолын сұғып жіберіп, асыққа жармасты. Осы кезде Асқардың басы зың ете түсіп, зеңгіп сала берген. Құдды бір темірмен салып өткендей құйқасы шымырлап, көзі қарауытты. Бекенді қоя беріп, басын сипалаған ол көзінен жас ыршып кеткенін байқамай қалды. Айнала дем арада жым-жырт бола қалды. Ортада күжірейіп Орынбасар тұр. Бекеннің ағасы Темірмен бір класта оқыған осы бозбаладан тек Балғалы емес, жақын маңдағы Сарыбастау, Арқарлы сынды ауылдардың жастары түгел ығатын. «Кеше вешірде Орынбасар қызып алып, қонақ балаларды жайпап салыпты» – деген жиі айтылатын әңгімелердің тегін еместігі анық. Әскерге кетуге дайындалып жүрген Орекеңнің денесі сом, мінезі сойқан.
– Бер, кәне, сақасын. Ендігәрі жабылатын болсаңдар екеуіңнің басыңнан кезек шертпек аламын.
Ол сол қолымен оң қолының ортантерегін білемдеп қойды. Басына пәленің қайдан келгенін ұққан Асқар жуан саусаққа шошына қарап, шегіне берген. Ал, іс насырға шапқанын сезген Ақпар безе жөнелмек еді, айналадан қаумалаған балалар жібермеді. Сақаны алып, алақанында салмақтаған Орынбасар асықты иесіне қайтарғалы тұрды да, айнып қалды. Қулана жымиған бозбала: – Кім жеңсе сақаны соған беремін, – деп Бекен мен Ақпарға кезек қараған. Ересектеу балалар «Қазір қызық болады» – дегендей көз қысысты. Ағайындылардың зары өтіп кеткендіктен көп күттірместен бірінші ұмтылған Бекен кішкентай жұдырықтарын қалай сермесе де бойы сорайған Ақпарға тигізе алмай әбден ызаланды. Анау болса қашқақтай береді, Орынбасардан қаймығатыны анық байқалып тұр. Мұны сезген Орекең:
– Төбелес, давай, қорықпа! – деп өзінің бейтарап екенін білдіргені сол еді, Ақпар да алыса кетіп, балалар ұмар-жұмар болып жерге құлады. Бір-бірінің алқымына жармасқан екеудің жатысы қызық. Тоңқайған күйі кезек соққыласады. Жіппен тартып төбелестірген күшіктей болған екеудің итжығыс түскеніне ызасы келген Асқар осы сәтті пайдаланып Бекенді майлы жерден бір теуіп, қаша жөнелген. Орынбасар одыраңдап қуып берді. Ол анадай жерге жеткенде арт жақтан баж ете қалған бала дауысы шықты. Ақпар екен. Танауынан қан дірдектейді. Орынбасар Бекенге назар салып еді, баланың қолында сиыр жілігінің басы тұр. Бұралқы иттерге дейін менсінбейтін, ақсөңкесі шыққан жілік осы жерде үнемі жататын. Балалар асық ойнаса үшкір жағын шеңбер сызуға қолданатын, доп ойнаса қақпаның бір жағында міндетті түрде ағараңдап қадалып тұратын сүйек бүгін қару есебінде сілтеніпті. Қарсыласының танауынан сорғалаған қанды көргенде жүрегі ұшып кеткен Бекен шегіншектеген күйі топтан біраз алшақтап, бір кезде жілікті тастай салды да безе жөнелді. Жылтыңдаған өкшесі «Сақасы құрысыншы» – деп бара жатқандай.
Осыдан екі күн өткенде дәу қара есекке қонжиған Бекен жоқ іздеп шықты. Әлі бұзаулай қоймаған үлкен қара сиыр ұшты-күйлі. Апасының айтуымен ауылды бір ақтап шыққан бала амалсыздан есегін бір шақырымдай жерде қарайып тұрған қалың ағашқа қарай бұрған. Ауыл түлігі түгел дерлік сол ағаштың ішіндегі шүйгін шөпке аңсары ауып тұратын ауруға шалдыққаны елдің бәріне аян. Әсіресе аяғы тыным таппайтын сиырлардың өрістен қайтқан соң солай қарай тартып кететін әдеті бар. Тамыздың ұзақ кешінде көз байлана қоймағанымен ортасы қараңғы қалың ағаштың сұлбасы тым қорқынышты. Желгенсымақ болған қара есектің үстінде қопаңдаған Бекен алдыда қарайғанды байқап, тебіне түскен. Есек мінген тағы біреу қалыңға қарай кетіп барады екен. Шүу-шүулеп қара есектің екі өкпесін тесердей тепкілеген Бекен әлгіге жете бергенде салпаңқұлақ жануардың Сәлімжандікі екенін танып, көңілі су сепкендей басыла қалған. Оның үстіндегі баланың тұлғасы Ақпарға келеді. Ілбіп бара жатқанына қарағанда оның да батырлығы шамалы сынды. Бұны байқаған секілді, қарап қояды. Өкпені қорқыныш жеңгендіктен лажсыз қатарласқан балалар әуелде ләм деспеді. Қалың ағаштың қарасы зорая түскенде ғана кеудені кеулеп алған үрейді жеңуді ойлаған Ақпар:
– Әңгіме айтшы, Бекен – деген. Жіліктің сойқанын есінен шығара алмай, Ақпардың домбыққан танауына ұрлана қарап келе жатқан бұның да күткені осы екен, әкесінен естіген қисалардың мазмұнын сапырылыстырып, зулата жөнелген. Өтірік-шынын араластырып соғып келеді. Бекеннің «қиссасы» қисынсыз болмады. Шоқ ағашқа жеткенде батырлар туралы әңгімеге еліткен балалардың бірі Қобыланды, бірі Алпамыс болып, қара есек Тайбуырылға, көгі Байшұбарға айналып шыға келіп еді. Қолдарындағы бишікті қыннан суырғандай қимыл жасаған екеу қалың қызылбастың еліне айналған ағаштың ортасына атойлап кірген. Лепірген балалар ауа жайылған 5-6 сиырды лезде тауып, ауылға қарай қуа жөнелісті. Бұл кезде көз байлана бастап еді. Қанша қусаң да маң жүрісіне тез түсіп діңкелететін, мүйіздерін шайқап қойып, ілби беретін сиырлардың соңына ілесіп келе жатқанда Ақпар:
– Мен осы күзде мектепке барамын – деп мақтанды.
– Қайдан оқытады әке-шешең? – Бекен өздігінше үлкендерден естіген сауалын қойып жатыр.
– Білмеймін. Сарыөзектегі интернатқа беретін шығар...
– Шіркін, біздің ауылда мектеп, інстөтөт болса ғой, иә?!
– Онда барлық балалар ауылдан кетпес еді. Сенің ағаң Темір де... Рахат.
Ауылдың ішіне кіріп айырылысар кезде Ақпар бұны тоқтатып алды.
– Мә, мынаны сен ал.
Қолына ұстатылған сақа екенін сезіп қуанып кеткен Бекен артынша бойын жиып ала қойған.
– Сен ше? Сен қайтесің?
– Күз кеп қалды ғой, асық ойнау азаяды енді. Оның үстіне сабақ оқимын, қолым тие бермес. Ал, сен ауылдасың... Қоңыр сақамен балалардың асығын түгел ұтып аласың әлі...
Үлкен адамша қол беріп қоштасқан Ақпар есегін тебініп жөніне кеткен соң, көңіліне қанат біткендей болған Бекен де қара есегін тепеңдетіп отырып, көгалға жабыса қалған сиырларды үйге қарай қуып берді. Бишігін қылышша сермеп қояды. Қара сиырдың жанындағы тоқал құнажын Майлыбай қарттыкі еді. Соны безілдетіп қорасына дейін қуып апарған баланы есік алдында алаңдап жүрген қарияның өзі қарсы алды.
– Үй, айналайын, Бекентаймысың. Қарасан келгір қасқырға жем бола ма деп іздегелі жатыр ем... Өркенің өскір...
Бұйдасын ұстап бүгежектеген қартқа: Иә – деп тез жауап берген бала үйіне қарай асыққан. Майлыбай шал артынан: – Әй, Бекентай насыбай беріп кетсеңші, әкел насыбайды, – деп дауыстап еді, ол сықылықтай күлді:
– Қойшы, ата, ұят қой....
– Әй, ақыр заманның балалары-ай, шапшаң есейеді-ау осы күні. Тым тез... – Майлыбай қарт қораға кіргісі келмей қашқалақтаған тоқал құнажынды қолындағы арқанмен салып қалды,
– Өк,ей, қасқырға жем болғыр...

* * *

Бекен мектепке баратын жылдың жазында Әлімбай ауылдан көшуге бел буды. Мектебі бар ауылға қоныстанып, бала-шағасына бас-көз болмақ. Күтпеген жерден келіншегі қайтыс болған азамат төбе басындағы үлкен үйде жалғыз қалуды да қаламаған. Жанындағы кенжесіне қарап іштей жиі егіледі. Айналдырған жарты жылдың ішінде жағы суалып, жүнжіп сала берген Бекен айналасына ересек көзқараспен қарайды.
Сол бір түн Бекеннің есінен кетпейді. Қыс атты әміршінің атқосшысы қарашаның қара суығы қалтыратқан түндерінің бірі еді. Бірінші тоқсанды аяқтаған әкпелері үйге келгелі абыр-сабырмен кеш жатып жүрген Бекен таңалакеуімде шошып оянған. Ауыз үй жақта әлдекімнің сыңсыған үні шыға ма қалай өзі? Айналасына қарап еді төсек біткеннің бәрі бос, өзгелер орнынан тұрып кетіпті. Ұйқысыраған күйі түпкі бөлмеден шыға бергені сол еді, зар еңіреген біреу құшақтай алып, қарлыққан үнімен әлденені сыбырлап, бетінен сүйе берді. Көзі бақырайып кеткен бала шашы дудыраған Сәдия кемпірді әзер таныды. Арырақта орындықта шоқиып шүйкедей Секер апа, әпкелері жылап отыр. Ер адамдардың бірі шошып қалмасын деген ырыммен мұның таңдайын көтеріп, сыртқа жетелеп шыққан. Есік алдына да біраз адам жиылып қалыпты, көбі шылым сорғылаған еркектер. Күңгірттіке әзер көзі үйренген бала көпшіліктің ортасында ұнжырғасы түсіп тұрған әкесін көріп, қасына барған күйі қолына жармасқан. Жалт қараған Әлімбай мұны жерден іліп алып кеудесіне басты.
– Бекентай-ай, енді қайттік? Апаңнан айырылып қалдық қой....
Екі ауыз сөзді әзер айтқан Әлімбайдың жүзін ыстық жас жуып жүре берген. Алматыға аттанған Рәштің көлікте жүрегі қысылып, ауруханаға жетпей үзіліп кетеді деп кім ойлаған. Енді міне әкелі-балалы қос мұңлық құшақтасқан күйі еңіреп тұр.
Рәшті жерлеп, жетісін таратқан соң ұнжырғасы түскен аға-әкпелері қара жамылған қараша үйге жәутең-жәутең қарасып, жұмысына, оқуына аттанды. Одан соң да екі-үш апта көңіл айтушылар қарасы үзілмей, бұлар жалғыздық атты жалмауыздың жүзін танымады. Келушілер үзіле бастағанда үйдің ішін жұғымсыздық жайлап, Бекен далаға қашатын болды. Томаға-тұйық күйге түскен әкесінің етегіне оралып жүріп, қас қарайғанда бір-ақ кіреді. Одан соң күн санайды сенбі мен жексенбі қашан жетер деп. Сенбі күні түсте автобуспен әпкелерінің бірі міндетті түрде келетінін біліп алған бала таң атысымен анадайда созылып жатқан тасжолға телміреді. Науқас адамдай ыңыранған көк автобустар тоқтаған сайын елең-елең етіп, солар ма? – дегендей көзін тігеді. Бекен үшін кез келген автобус жақсылықтың жаршысы. Өйткені, көгеннен ағытылған қозыдай боп оқушылардың барлығы ауылға ағылады. Ақпар, Нұрлан, Ермектер келеді... Кішкентай ауыл екі күн бойы мәре-сәре болады. Одан соң... Одан соң қайтадан сүреңсіз сурет. Шаң сапырған кішкентайларға жуымайтын Бекенді жалғыздық әбден жүдетті. Әлімбайдың ауылдан көшпегіне бұл да бір себеп.
Ыңыранған КрАЗ ашулы бурадай осқырынып, жолдан бұрылысымен-ақ ауылдастар Әлімбайдікіне қарай беттескен. Жазғы демалыс болғандықтан оларға балалар ілесіп, шығарып салушылар қарасы молайып кетті. Жүк тиеліп, үлкендер әкесімен қоштаса бастаған сәтте Сәдия кемпір томсырап тұрған мұны бауырына тартып, айналып-толғанды. Таяғына сүйенген күйі тақаған Майлыбай атасы маңдайынан сүйді. Біреу басынан сипады. Көңілсіз күбірлескен ересектер арасынан сытылып шыққан Бекен анадайда шоғырланып тұрған балалардың қасына таяды. Барлығының қабағы салыңқы, жанарларын жерден алмайды. Тіпті, кейбірі иіндерін зіл езіп, қабырғаларын қайыстырып бара жатқандай күрсініп қояды. Бекен басы салбырап үнсіз тұра берді. Тыныштықты Жарас бұзды.
– Сен осы күзде мектепке барасың ғой, иә. Жақсы оқы! – деп тілін төсеп сөйлейтін әдетінен жаңылмай, ағалық қамқорлықпен иығынан қағып қойды. Осыдан соң «басқа не айтамын?» дегендей айналасына жаутаңдай қарап еді, ешкім жақ ашпады. Осы кезде Бекеннің өзі Ақпарға қарай жақындаған.
– Мынау саған. Биыл түк ойнаған жоқпын. Күтіп ұста мен секілді, қарашы әлі еш жері мүжілген жоқ.
Барлығының көзі Ақпардың алақанындағы құлжа асығына түсті. Бекен оны жап-жасыл етіп бояп қойған екен. Жылт-жылт етеді. Ақпар тіл қата алмады, жылағысы келіп тығылып тұр. Бекен балалардың бәрімен қол алып қоштасты да:
– Мен келемін, балалар, міндетті түрде кеп тұрамын, – деп зорлана күліп, жанарға тығылған жасты көрсетпеу үшін көлікке қарай бұрылып, жүре берген. Аңтарылып тұрған балалардың ең кішісі Амантай өкіріп жіберді...

 

КӨКЖАЛДЫҢ ҚАЗАСЫ

– Уе-уу... Уе-уу....
Тыныштықты бұзып, тәнге діріл жүгірткен осы бір байғыз үнінен өзге сыбыр да, тықыр да естілмейді. Көктемнің әлжуаз күні қарны шермиген қара жердің сауырын қыздыра қоймай түн салқын болғандықтан іңір түскенде заржақ шегірткеге дейін сап тиылған. Әншейінде сүйекке таласып, ауылды азаң-қазан ететін маң төбеттер де бүгінгі түні тым-тырыс. Оқшаулау тұрған қараша үйдің алдында маздаған оттың қызуына балбырап, қалғып отырған екі күзетшінің көлеңкесі алаудың жалаңдаған тіліне еріп, қалбаң-қалбаң етеді.
Шалқадан түскен хан Кененің отты жанары киіз үй шаңырағынан жымыңдаған жұлдыздарға қадалып жатыр. Желбауға ілінген шырағдан тілі «Маған да қарашы» дегендей үп еткен лепке ілесіп әр көлеңкені бір қозғап қояды. Батыр кірпігін сирек қағады. Көзі көкке тесілгенімен, санасы көкейдегі ойдың тұңғиығына шомған. «Опасыздар, бұның сұңғыла ойын ұқпады-ау. Осы күні қамқоршыңмын деп сайқалданып отырған орыстың ертеңгі күні барлығын құл, күң қылатынына зерделері жетпеді. Жеріңнің ортасына салынып жатқан сан қамал қазақтың көріне айналатынына шүбә жоқ...».
Терең күрсініп, теріс аунаған батыр өзі тұтқынға түскен Алмалы жазығындағы соңғы шайқасты еске алды. Бұны Сарыарқадан сырғытқан патшаның қанды шеңгелі Жетісуда да байыз таптырмай алқымнан сығымдап, қырғыз аударған. Қаша жүріп, жансебіл ұрыс салған әскерінен қалған соңғы бес жүз жауынгерді манаптар әзірлеген қара-құрым жасақ әп-сәтте жусатып салып еді. Шабылған бас, судай аққан қазақ қаны...
Жетісуға ығысқанда жаппай қолдаған, Қоқанды тәубесіне келтіргенде алдаспаны болған Ұлы жүз батырлары бұның төскейде малы, төсекте басы біріккен қырғызды шаппақ ниеті барын естігенде құптай қоймады. Оның үстіне жорық алдында күллі ел қадірлейтін Сыпатай батырдың берген сәлемін қырын отырып, немкетті алғаны да кесір болып жабысып, жұртты теріс айналдырған еді. Өзі батыр, өзі би Сыпатай қатты назаланды.
– Хан ием, кіші жүздің биі Әйтеке:
Екі адам керіссе, оның арты – қызыл шоқ,
Біз үш жүз керіспейік, келісейік.
Ал керісе қойсақ, үшеумізге бірдей
Хандық түгілі ондық та жоқ, – деген екен, қазір қазақ бір-бірінің сәлемін қисық ала қоятын жағдайда емес-ау. Атаң Абылайдың қазақты тұтастырам деген арманын жүзеге асырғың келсе астамшылықты қойғаның жөн – деп ашық даусымен ащы сөзді именбей айтқан. Өткір сөз тумысынан паң болмысын осып өткендей болды. Батырға еңсеріле бұрылып, мырс еткен:
– Уа, Сыпатай, есігімнен енгенге емпеңдей берсем хандық қадірінен не қалады? Қисық та болса хан сәлемі, қабырғаң қақырардай түк болған жоқ.
– Тегеуріні кеткен қырғи аңға салар құс емес,
Толмай жатып толдым деу тым жетелі іс емес, – көзін тайдырмаған Сыпатай Кенесарының кеудесін кернеп бара жатқан Жетісу жігіттерінен құралған екі түменннің буы екенін меңзеді. Әлі күнге орыстың құрығына мойынұсынбаған осы өлкеге келгенде ғана соңына қара-құрым әскер еріп, қолдаушылары көбейгенін Кенесары жақсы ұғады, бірақ, менмендігі ырқына жібермеді.
– Тегеуріні кетсе де қырғидың аты қырғи, тұрымтаймен салыстыра алмассың, – деп теріс айналып кетті. Бұның қарадан шыққанын қиялай айтқан ханға өкпелеген батыр да шалт бұрылып шатырдан шығып кетті. Іңірдегі егестің арты ушығып, Сыпатай батыр қас қарайғанына қарамастан өзі қарамағындағы албан мен дулаттан жиналған он мың сарбазды ертіп, кері жолға салған. Егер сол түмен болса Алмалыдағы айқастың немен тынары тек бір Аллаға аян еді...

* * *

– Уһ…
Өкініштің наласы өзегінен от болып сыртқа атылған хан тағы бір аунап, іргедегі 14-15 жасар қырғыз аруына назар салды. Қолаң шашы жайылып, түндігі көптен бері жабылмаған шаңырақтан төгілген ай сәулесімен уыз жүзі нұрланып жатыр екен. Қиылған қастарын түйіп алыпты. Шамасы асылын айла үшін қорламақ болғандарға деген ашуы әлі тарқай қоймаса керек. Киіз үйге енгізгенде ор қояндай ытқып, жиналған жүктің қуысына паналаған сұлудың бағына орай қазақ батыры қол тұрмақ, көз салмады. Тіпті, абақтыға айналған үйдің ішінде өзінен өзге жан жоқтай немқұрайлы. Құралайдай елеңдеген бойжеткеннің бойындағы қорқыныш біртіндеп сейіліп, текемет үстіне төселген құрақ көрпеге отырып, тізесін құшқан. Сәлден соң маужырап, жем шоқыған құстай басын қалт -құлт еткізген ұйқымен біраз арпалысты. Ақырында ханның тиіспесіне көзі жетіп, жантайған. Әуелде сақтық сақтап жастықтан басын бір-екі мәрте жұлып алып еді қазір оны да ұмытып, қалың ұйқығы кетіпті. Қыздың бар қылығын көзінің қиығымен бақылап жатқан Кенесарының санасын «Тым жас екен, бала әлі» деген жылт етпе ой кезіп өтті. Қынама бел көйлегі мүсінін айқындап, аршын төсі сыртқа теуіп тұрса да қылығы бала. Шамасы бір бейшара кедейдің еркесі болса керек. Әлде жалғызы... Манаптың тордағы көкжалдай аласұрған Кенесарының қойнына қыз салғандағы түпкі ойы белгілі – қазақ батырларынан ұрпақ алып қалу. Ертең сол ұрпақтың қолына қылыш ұстатып, өз тегіне қарсы серметпек қой. Бұндай амалды Наурызбайға да қолданған...
Наурызбай! Ханның тісі қышыр ете қалды. Оның көз алдына жан тапсырған інісі, сенімді сардарының қанға бөккен бейнесі оралды. Бұла күш бұлқындырған жігітті жазалауға алып шыққанын көре сала қазақтармен болған ұрыста жалғыз ұлынан айрылған кейуана тарпа бас салған еді.
– Лағнет! Лағынет, саған! Қазақ-орыстың қанына тоймай, бізге келдің бе? Лағнет!
Бетін тырнақ ізі айғыздаған, ақселеу шашы дудыраған әйелдің зарлы үні сай-сүйекті сырқыратып барады. Оның жоқтауынан құйқасы шымырлаған көпшіліктің делебесі қозып, ортада қасқиып тұрған жігітті жүндей түтпекке ұмтылды. Наурызбайды лезде жұдырық пен тепкі көміп кетті. Күзетшілердің араша түсуге асығар сыңайы байқалмайды, қайта айыздары қанып тұр. Анталаған есерлер оқыс кері серпілді.
– А-а-а! Шеш қолымды! Көрейін әуселеңді!
Жаралы шерідей ақырған Наурызбайдың жұлқынуы қызынған көпке суық су шашып жібергендей әсер еткен. Айдауылмен келіп, бар оқиғаға міз бақпай қарап тұрған Кенесары осы кезде інісінің қан жуған жүзін көрді. Қос танауынан дірдектеген қан жұлым-жұлымы шыққан көйлегін алабажақ етіпті. Өлімге бас тіккен азаматқа беттей алмай тобыр состиып тұрып қалған еді. Жаңағы зар қақсаған кейуана ғана қайта ұмтылып, аңтарылған күзетшінің қаруын суырып алып, Наурызбайға сілтеді. Әйел сермеген қылыштан бұғуға арланған жігіт қозғалмай тұра берген. Лыпылдаған алмас жүзі иықты сипай барып, оң қолды қарынан қиып түсті. Көкке шапшыған қанның иісінен лоқсып, жұрттың біразы бұл жерден кетуге асықты. Наурызбай сол қолының білезігіндегі арқанға матасқан күйі салақтап қалған жансыз мүшеге бір қарады да күзетшіге;
– Атаңа нәлет, асыл затымды қатынға қылыш серметіп қорлама! – деді.
– Өй, доңыз! Қатынға басыңды шаптырып, өлігіңе сарытармыз әлі. Етіңмен айыл итін азықтандырармын!
Долданған күзетші Наурызбайды қалқанымен періп кеп жіберіп, жалпасынан түсірді. Бірақ орнынан әбжіл көтерілген жігіт қабыландай шалт қимылдап жалғыз қолымен алқымынан ала түскенде-ақ өрекпіген күзетшінің жүні жығылып сала берген. Көзі алақтаған серіктерін құтқаруға ұмтылған өзге ләшкерлер қара санға найза сұққанда теңселіп кеткен батыр шөгіп бара жатып та әлсіреген жауының алқымын сығымдауын қоймады.
– Иттің баласы, менің моламды көру саған бұйырмаған...
Қырылдай сөйлеген Наурызбай жүрелеген күйі ата қарап еді, ұмтыла берген қырғыз ләшкерлері қос қозыжауырын ұшып келе жатқандай шошынды. Дегенмен, қалың еліңнің ортасында тұтқынға адамыңды өлтірткеннен артық қорлық бар ма? Сүйекке таңба түсірмейік деп далбасалаған сарбаздар Наурызбайды шоқпармен есеңгіретіп уысын ашқан кезде кеш қалған еді. Жаңа ғана одыраңдаған күзетші, мойнынан қақпанға түскен шақар күзендей қимылсыз қалыпты. Қансыраған жігіт бүгін басы алынары хақ екенін білген. Алайда, азаматты осылай қорлап, азапты өлімге қияды деген үш ұйықтаса түсіне кірмепті. Демек дұшпан бұның артынан жоқтаушы шықпайтынына сенеді немесе болған күннің өзінде қаймықпайды. Бұны құл-құтанға теңеп, жазаға манаптардың келмеуі де осының айғағы. Айтағы күшті...
Қапыда серіктерінен айырылып қалған екі күзетші елірген күйі кезек қылыш сермеді. Тәнін турап жатыр. Ол алдаспан жарқылынан қаймыққан жоқ. Қанын ішіне тартып, қабағын идірген қасіретке тас мүсіндей төтеп тұрған ағасы оның жарығы семіп бара жатқан жанарынан «Өз елімнің ерлері қолдағанда мына қорлықты көрмес едік-ау, жан аға» деген мұңды ғана ұға алды...
Кене қырғыз манаптарының бұны неге Наурызбайдың жазасына куә етуді қалағанын ә дегенде-ақ ұққан болатын. Сондықтан олар аңсаған «Қазақ ханын зар илеткенбіз» деген дақпыртты бұйыртпай, інісінің пәршаланған денесін үнсіз ғана құшқан...

* * *

Тұтқында отырып Кенесары бабасы Абылай туралы көп ойлады. Оның түсі айнымай келе жатқанын түйсінді. Түлкінің боғы емес екен... Санамалап көрсе бұның кезеңі түстегі бөріге тура келеді екен. Расында да бөлтірігін қорыған түз тағысындай ашынған күйі ашқұрсақ бүлкекке түскеніне он жыл болыпты. Алмас жүзінен қаймықпайтын қайсар мінезі бар Сыздығы аман болса жау қосынын қотанға тиген көкшуландай шулатар... Одан әрі... Кене хан ауыр күрсінді.
Қара түгілі ханға кеудесін бастырмайтын ақылы мен өрлігі тең Сыпатайлар барда бұл қазақ әлі біраз қасарысар… Содан кейін Мекалайдың алдында түлкіше бұлаңдай ма? Не үшін!? Одан әрі қазақ моласында байғыз сұңқылдап отыра ма? Жағың семгір... Соңғы 4-5 түнде бұл – көз ілген жоқ, ол – жоқтауын қоймады. Құрт-құмырсқа қазақты осы байғыз шұқи ма сонда? – Кенесары өз ойынан ошып кетті. Арқасы мұздап, шапанын қымтанған. – Астапыралла! жат етігінің табанында жаншылуды қаламайтын ұл қалай тумас.... Ақжолтай Ағыбайдай батырды, жуырда ғана қазасы туралы хабар жеткен, «Исатайдың барында екі де тарлан бөрі едім»-деп Нарынның құмды боранындай азынаған Махамбеттей нар ақынды әлдилеген ел әлі сан азаматты өмірге әкелер... Денесі тағы тітіренді. Махамбеттің қылша мойнының талша кетуіне, бұны орыстың індете қууына себепкер Қоңырқұлжа сынды екіжүзділер екені есіне түсті. Көжал ұрпақ туса қақпан құрар қоңырқұлжалар міндетті түрде табылар...
Өзінің бұл пәниден татар дәмі таусылатын сәт тақалғанын Кенесары бар түйсігімен сезеді. Наурызбайдың жансыз денесін құшып, іштей егілгенде «Тұр!» – деп ақыра қамшы үйірген төлеңгіт қолы бұл оқты көзбен ата қарағанда сылқ етіп түсіп еді. Бірақ бұрындары қазақ ханы үшін қапасқа айналған отауға алдымен кіріп, артымен шығатын сол бейшараның осы қылығынан-ақ өз көрерінің аз қалғанын ұққан. Демек, манаптар үшін хан басының қадірі қалмағаны, демек, бірліктен гөрі патша тастаған майлы жілік маңызды болғаны... Түн жамылғысын пайдаланып, қашса ма? Есік алдындағы кәртамыс екі күзетшіні бүре салу бұған түкке тұрмайтын шаруа. Жо-о-қ. «Орыс патшасын сан жылдар бойы түсінен шошытып оятқан Кенесары хан ажалдан қашыпты» – деген сөз болашақта ғасырлар бойы ұрпағының бетіне шіркеу болады. Манап әскері қамағанда көлденең тартылған Науырызбайдың атына мініп, сытылып кетпегеніне де осындай бұралқы сөзді қаламағандығы себепкер болған. Өзекті жанға бір өлім...
Төсегінен тұрып, еңсесін тіктеген хан Кене патшаға итаршы болып жүргендердің арам пиғылының арқасында жанына бұл жалғанның алғашқы жарасы түсе жаздаған бейкүнә қырғыз аруына ұзақ тесілді. Содан соң көрпешеге отырды да қасіретті қара бояудан әзер көрінетін таулардың сұлбасына керегеден көз тастады. Күзетшілер лаулатқан оттың ұшқындары көкке атырылып, жылт ете қалып, тез сөніп жатыр. Хан олардан өз халқының тағдырын көргендей болды. Ақырын ғана «Е, Жаратқан Аллам, елімнің үмітін сөндіре көрме» – деп жүзін сипады.
Өз-өзінен селт етіп оянып кеткен қырғыз қызы мұның әр қимылын бақылап жатыр еді. Ол бетін сипап, кеудесін тіктегенде жоғарыда ілініп тұрған шырағданның әлсіз сәулесі келбетті ханның шер шілтерлеген текті кескінін анық көрсеткен. Қыз өңешіне өксік тығылып, күбір ете қалды.
– Қарғыбаулы тазыларға таланған көкжал...

* * *

Бозторғай шырылымен оянған көктемнің маубас күні жыбырлаған күйі тау шыңынан құлаш бойына көтерілгенде қазақтың соңғы ханы Кенесары жатқан киіз үйге жалаң қылыш ұстаған қос жендет кіріп келді.
– Жүр. Манап шақырады.
Олардың сұсты жүзіне зер салған Кенесары тіл қатпастан алға басып, есікке беттеді. Осы өлі тыныштықты бұзған бұрышта бүрісіп отырған қыздың құмыға айтқан жалғыз ауыз сөзі болды;
– Ағатай-ай....
Ту сыртынан айтылған жалғыз сөз Кенесарының көкірегінде; «Ордалы жыландай орағандардың ортасынан жоқтаушым табылып жатса өмірімнің зая болмағаны» деген шоқтың қоламтасын қоздатты да қайраттандырып жіберді. Осы екпінмен өртең жерге жайғасқан Қалиқұл манаптың алдына бір-ақ барып тоқтаған.
Хан жүзінің сына қоймағанын көрген Қалиқұл мырс ете қалды;
– Аштығыңды білдіргің келмей жүніңді қауқайтып тұрсың ба, батырекесі? Жөн-жөн....
– Әй, Қалиқұл, мені кекетер сен емес. Қайда әлгі түлкі терілі Ормандарың? «Егізім!» дегеннің еңсесін тіктеуге шамасы келмегеніне ұялып, үйшігіне тығылып жатыр ма? Шақыр...
– Паһ-паһ. Паңдана түс, шоң қазақ. – Қалиқұл езуін жияр емес. – Патша ағзаммен алысқан «мықтының» тағдыры маған тапсырылған...
Мысқыл күлкі мысқал у жұттырғандай әсер еткен Кенесарының өңі күреңітіп сала берді. Ақырын алға адым басып еді текемет үстіне төселген мамықта көсіліп жатқан Қалиқұл аяғын жия қойды, өңіне үрейдің табы лып ете қалған. Бірақ бұның алдын найза ұстаған қос күзетші кес-кестеді. Манаптың әр қимылын қалт жібермеген ханның жүзін күлкі нұрландырды. Олар бұдан қорқады. Бұл қамауға түсіп, қу басы қалтылдап алдарында тұрса да олардың зәресі ұшады. Мұндай он екі мүшені бунаған үрейден патша мен жандайшаптары өмір бойы арылмасы анық...
– Ей, шірік, қырғыз – қазақтың бай-манабына менің бір сөзімді қалдырмай жеткізерсің... – Кене хан тістене сөйледі. – Жауым мықты болған соң жұдырық болуды көксеп ем. Әр саусағымды бұтарлай шапқан өз жақыным болды. Мойындарыңа жылтыратып таққандарың ертең қарғыбауға айналып, алқымдарыңды сығатынын ұғар күн туар ма сендерге. Қапталыңдағы қоқаңдаған Қоқанды бір тәубесіне келтіріп, іргесі сетінемеген ел екенімізді дәлелдедім. Қане, қолдағаның?! Егер уысынан қан сорғалаған патшаның жүзіне тік қарауға дәтің барса Қоқанның кебінін соған да кигізер едік, өңшең шірік...
– Доғар! – Қалиқұлдың өңі сұрланып, көзі шатынап кетіпті. – Доғар сандырағыңды. Әділеттің ақ қылышы, мартебелі патша ағзамға қарсы шыққан бүлікшінің бықсығын тыңдар құлақ жоқ менде.
– Онда сөз бітті. Маған не істемексің?
– Басыңды шабам. Отқа үйіткізіп, қаусаған қаңқаңды оязға жөнелтемін. Патшаға қарсы шыққанның күні осы дегендей қасқа тісің ақсиып, халықты қорқытатын боласың – Қалиқұл кеңкілдеп күлгенсымақ болып еді онысы күлкіден гөрі көксау адамның тұншыққан көкжөтелі сынды сүйкімсіздеу шықты.
– Әкеңнің көрі... Жандаралға жағу үшін әруақ қорлайын дедің бе... Саспа, сол тісі ақсиған бас Орман екеуіңнің түсіңе сан мәрте кірер. Құнымды сұрар ұл табылар... Сүйегімді қорлауды армандаса патшаңның сүйегіне дейін өткен екен менің жанкешпелігім. Шап! Ұртта қанымды!
Кеудесі алқам-салқам, түрі бұзылып, жүзіне адам қарай алмастай түнерген Кенесары алға ұмсынып еді нөкерлер найзасын оқтады. Бірақ ханда тоқтайтын сыңай жоқ, алға жылжып келеді. Найзасының ұшы желбегей шапанның ішінен киілген ақсиса көйлекке тақалғанда сарбаз сасқалақтап, Қалиқұлға қараған. Ол да абдырап қалған сынды. Бұл қимылды байқаған манаптың арғы жағындағы екі жауынгер де бері ентелеп найзасын ыңғайлады.
– «Ханның басын хан алар...», шақыр ана Орманыңды....
Ақ көйлектің найза ұшы тиіп тұрған тұсынан қызыл бояу байқаған нөкерлер артқа шегіне бастаған. Тіс арасынан ызбарлана сөйлеген Кенесары енді екі-үш қадам басса Қалиқұл отырған мамықты етігімен таптамақ. Құты қашқан манап ақырып қалмақ болған, бірақ қорқыныш алқымын сығып, бақырып жіберді.
– Өлті-і-р! Сұқ найзаны...
Манаптың ту сыртындағылар да сүңгі сілтеді. Нөкерлер төрт найзаның сабын жерге тіреп, ентелеп келе жатқан Кене ханды тік көтеріп әкетті. Кеуде тұстан кірген қос сүңгінің сабын сығымдаған Кенесары жанары сөне бастаған көзін төмендегі Қалиқұлға қадап;
– Көрдің бе,тексіз ит, мен өліп бара жатқанда да сендерден найза бойына биік тұрмын, – деп қан көбік басқан езуін тартты да, сұлық түсті.
Сол түні байғыз бебеулеген жоқ.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста