Алаш прозасы

Тұрсынбек ӘЛИҰЛЫ: Періште

  • Тұрсынбек ӘЛИҰЛЫ: Періште

    Тұрсынбек ӘЛИҰЛЫ: Періште

ПЕРІШТЕ


«Австралияда нең бар еді, құлыным?!» хикаясының 3-бөлімі


 


СЕН ҚАЙДАСЫҢ, ЕЛЖАН?


Адам Ата мен Һауа Ананың әке-шешесі болмаған. Сондықтан адамдар ата-анасына онша қарамайды да, өз баласы десе өліп-өшіп тұрады. Әсіресе, АНА!

Әкені қойшы. «Әкенің жақындағы жездедей-ақ»...

Ал мен жақындықты жек көрем. Маған бәрі алыс болғаны ұнайды.

Австралия есімнен кетпейді. Алыс болған соң ба екен? Алыста, қол бұлғап шақыратын секілді. Бір құпиясын ішіне бүгіп жатқан секілді. «Маған кел, мені көр» дейтін секілді.

- Бардым ғой. Көрдім ғой. Енді не қыл дейсің маған? Мен саған реніштімін. Сен мені алдадың, Австралия, - деп күбірлеймін мен.

- Мен сені алдағаным жоқ. Өзің кінәлісің. Байқап жүрмейсің бе? – дейді ол.

- Иә, рас. Өзім кінәлімін. Мен сені кешірдім, Австралия. Мен сені сағындым, Австралия, - деп күбірлеймін мен.

Сағындым. Иә, рас. Мен сені сағындым, Австралия!

Тағы да сені көрсем деймін. Тағы да саған барсам деймін. О, жолдар! Күтіңдер. Мен тағы да жолға шығамын, - деп алысқа қарап қоямын...

Бірде түс көрдім. Негізі мен көп түс көре бермеймін. Ал көрсем, тез-ақ ұмытып қаламын. Ал мына бір түсті ұмыту мүмкін емес еді. Түсімде Ауаны көрдім. Сол баяғы Ауа. Бірақ мұңды. Жабырқаулы. Үстіне қара киім киіп алыпты. Басын да қара орамалмен орап алыпты. Мен жаққа қарамайды. Маған өкпелі екені көрініп тұр. Баяғы ақжарқын ақ көңіл мен ұяңдықтың белгісі байқалмайды. Қабағын кірбің басыпты.

Қамыққан.

Жүдеген.

Шаршаған.

Ауаны көргеніме қуанып кеттім.

- Ауа, бері келші, жаным, - деп өзіме қарай шақырып едім, келмеді.

- Біздің баламызды қайда тастап кеттің? Неткен тасжүрек едің? Жат жұрт, бөтен елде, бейтаныс адамдардың қасында оның көрген күні не болады? – дейді сұраулы, тұнжыр үнмен.

Сосын жылап жіберді.

Мен не айтарымды білмей, аңтарылып тұрып қалдым.

- Мен саған сеніп едім. Сенің етегіңнен ұстап едім. Баласының әкесі қасында болсын деп едім. Ал сенің істегенің не? Оны неге тастап кеттің? Менің жаным тынышталсын десең, баланы алып кел. Өз жаныңда болсын. Әйтпесе, екі дүниеде де сені кешірмеймін, - деді ол.

Мен бірдеңе айтпақ болып міңгірлеп едім, тыңдамады. Тез-тез басып, бір жаққа кетіп қалды.

Оянып кеттім. Қара терге түсіп, терлеп, қиналып жатыр екенмін. Төсегім малмандай су болыпты. Ұйқым шайдай ашылды.

Есіме Елжан түсті. Оңтүстік Африкада қалған бала. Ауа екеуіміздің баламыз. Расында да не істеп жүр екен, құлыным? Періштем менің. Жылап жүр ме екен? Әлде әлі сәби ғой, оң-солын тани қойған жоқ, есі де кіре қойған жоқ, жаңа әке-шешесіне үйреніп, әлдеқашан солардың баласы болып кеткен шығар? Мен барсам, танымайтын да шығар деп ойладым.

Әкенің жүрегі қатты болады дейді ғой. Бірақ менің жүрегім ауырып кетті. Бірдеме шымшып-шымшып алғандай болды. Қазір жүрегім тоқтап қалатын шығар деп қорқып кеттім.

Иә, расында да баланы жат елге тастап кеткенім дұрыс болмапты. Бірақ мен оны өз еркіммен тастап кеткен жоқпын. Жағдай солай болды. Өз еркім өзімде болғанда мен оны тастар ма едім? Әрине, өлсем де тастамас едім. Бірдеңе қылып алып келер едім.

Табиғатымнан балажанмын. Мен Елжанды ойламай жүр дейсің бе, Ауа? Әрине, ойлап жүрмін. Тіпті, күндіз-түні ойлаймын. Ешқашан ұмытқан емеспін. Тек, біраз уақыт берші. Міндетті түрде барып келемін. Көріп келемін. Маған ренжімеші, Ауа!

Бір күні Ауа тағы да түсіме кірді. Бұл жолы қатты ашулы екенін байқадым.

«Мен саған баланы алып кел» дедім ғой деп жағымнан шапалақпен тартып кеп жіберді. Сүйтті де екі бетін басып, жылап жіберді.

Қатты шошып ояндым.

Сол күннен бастап қатты ойға кеттім. Елжанды алып келу керек екен деп шештім. Өйтпесем шешесі тыныштық беретін түрі жоқ. Өзім де сағындым. Дүние күйіп кетсе де алып келемін. Тек, сәл уақыт берші, Ауа!

Ауаның маған қатты ренжулі екенін ұқтым. Баланы алып келмесем, оның көрде тыныш жатпайтынын, маған да маза бермейтінін түсіндім.

«Түс – түлкінің боғы» деп жатады ғой кейбіреулер. Мен оған сенбеймін. Аруақтардың барлығына, олардың тірі адамдармен сөйлесетініне ешқандай да шек келтірмеймін. Оған бірнеше рет куә болдым.

Бірде ағам сенің машинаңмен ертең көрші ауылға барып келейікші деп қолқа салды. Жарайды, барсақ барайық, - дедім.

Сол түні түсіме ертеректе қайтыс болып кеткен балдызым кірді.

- Жезде, дөңгелегіңізге сақ болыңыз, - деді ол.

Оянып кеттім.

Неге бүй деп айтты екен деп көпке дейін ойланып жаттым. Қорқайын дедім. Дөңгелегім жап-жақсы, жап-жаңа еді. Жуырда ғана ауыстырғам. Оған не болуы мүмкін деген ой маза бермей қойды.

Жолға шықтық. Қатты да келе жатқан жоқпын. Ойыма балдызымның айтқан сөзі түсіп, қорқыңқырап келемін. Әңгімелесіп келеміз. Екі көзім - жолда. Бірдеңеге ұрынып қалмас па екенбіз деп сақ келемін. Бір уақытта... бір уақытта жолдың дәл ортасында үлкен бір тастың жатқанын байқап қалдым. Аяқ астынан пайда бола кетті. Сасып қалғаным сонша, рульді оңға қарай бұрып кеп жіберіппін, машина биік тас жолдан еңіске түсіп, аударылып кете жаздап, шайқалақтап барып, әрең тоқтады. Бір жағына қисайып тұрып қалды. Бәріміздің зәреміз ұшты. Әрең дегенде есікті ашып, сыртқа шықсам дөңгелегім ортасынан қақ бөлініпті...

Ой, тоба-ай, ә?!

Содан кейін түске сенетін болдым. Әсіресе, аруақтар кірсе, зәре-құтым қалмайды.

Тағы да жолға шығатын секілдімін...

Күн артынан күн өтіп жатты. Жолға дайындалып жүрмін. Бір күннің қалай тез өтіп кеткенін білмей қаласың. Жаңа ғана таң атқан секілді еді, енді міне, тағы да кеш батып келеді.

Адам қартайған сайын уақыт та зымырап тезірек өте бастайтын секілді. Бала кезімде уақыт өтпей қинайтын еді. Қашан өсемін, қашан үлкен жігіт боламын деп қанша асықсам да, уақыт бір орында тұрып қалғандай қозғалмаушы еді. Білмеймін, неге екенін, әйтеуір, тезірек ер жетуге, жігіт болуға асықтым.

Бір күні түсіме Ауаның әкесі Хуан кірді. Оңтүстік Америкадағы атам.

- Балам, - деді ол, - мен бәрін білемін. Елжанды қасыңа

ал. Менің қызым саған қатты ашулы. Мен де ренжіп жүрмін. Рас, болған оқиғаға сенің кінәң жоқ. Мен бәрін көрдім. Бірақ баланы тастап кеткенің қателік болды. Мен, қызым Ауа саған қатты ренжімесін десең, баланы алып кел, өзіңнің қасыңда болсын, өзің тәрбиеле, оқыт, адам қыл. Сонда ғана біз тынышталамыз, - деді ол.

- Біз, үндістер, бұл дүниеде санаулы ғана қалдық. Елжанның тағдырына қатты алаңдаймын, балам, - деді ол.

Бұлардың барлығы неге менің түсіме кезек-кезек кіріп, мазамды алып кетті деп таңдана бастадым.

Ертеңінде түсімде Ауаны тағы көрдім.

- Балам ауырып жатыр. Сен болсаң алыстасың. Не деген тасжүрексің? Неге ғана сені сүйдім екен? Сенің бұндай екеніңді білгенде сенің етегіңнен ұстап, жердің түбіне кетпес едім ғой, - деп ағыл-тегіл жылады.

- Келші, жаным, мен сені сағындым ғой, - дедім.

- Елжанды алып келемін, алаңдама, қазір жолға жиналып жатырмын. Жуырда жолға шығамын, - дедім тағы да.

Үстіне қап-қара киім киіп алыпты. Төмен қарап, мұңайып тұр. Жанына жақын бара беріп ем, жоқ болып кетті.

Тағы да аңтарылып тұрып қалдым.

Тағы бір күні түсіме Жақшыбек кірді. Жағдайы жақсы секілді. Атқа мініп алыпты. Мал бағатын секілді.

- Тұреке, маған ренжіп жүрсің бе? Кешірші. Бір қателік жасаған сияқтымын, - деді ол.

Жауап беріп үлгере алмадым. Оянып кеттім.

Осындай түстерді күнде көретін болдым. Дұрыс ұйықтаудан да қалдым. Қорқа-қорқа жататын болдым. Шошып оянам. Сандырақтаймын. Бастырылысып қалам. Кейде жылап оянам.

Аруақтар күнде келіп, түсіме кіріп, тыныштық бермеуге айналды...

Жолға жинала бастадым.

Бірінші, Оңтүстік Америкаға Ауаның үйіне хат жаздым. Отты жер аралына. Кейінгі барғанда барлық адресті жақсылап жазып алғанмын. Біздің басымыздан өткен қайғыны олардың әлі білмейтіндігі анық. Барлығын бүкпесіз жаздым. Отты жер аралынан шыққаннан кейінгі оқиғалар, кемедегі арпалыс, жансыз аралдағы өмір, Кейптаундағы Ауаның баладан болған қазасы, депрессия, жолда қалып қойған бала, ештеңені де жасырғаным жоқ. Қатты қайғыратынымды, өкініш өзегімді өртеп жүргенін, бақытсыздыққа тап болып, уайым-қайғыдан жүдеп кеткенімді, есеңгіреп қалғанымды айттым.

Шұғыл поштамен салып жібердім.

Көп кешікпей Анхельден хат келді. Атамыз Хуан бақилық болыпты. Анхель тағы бір қайғылы хабарды естіп, қатты күңіренгенін, қарындасының қазасы өздеріне қатты соққы болғандығын жеткізе келіп, баланы тастап кеткеніме қатты ренжіп, өкініш білдіріпті. Бізді қайдағы бір кемеге отырғызып жібергеніне қатты өкініпті, қайғыдан қан құстым деп жазыпты. Кейптаундағы адресті бер, мен баланы өзім барып алып келемін, жалғыз қарындасымның баласын жат жерде қалдыра алмаймын. Өзім бағамын, өзім қолыма аламын, - депті ол.

Бұл хатты алғаннан кейін уайымым бұрынғыдан да күшейіп, қатты ойға баттым. Енді бір шара қолданбасам болмайтындығын түсіндім.

Баланы тастап кеткенім мен ойлағаннан да үлкен қате болыпты. Мен оны әдейі тастаған жоқпын, мен ес-түсімді білмейтін едім, байқаусызда болды деп кімге түсіндіріп жатасың. Кім тыңдайды? Кім түсінеді?

Әрине, Никола мен Сюзанның ата-аналық сезімдерін сыйлаймын, бірақ асырап аламын десе бала жетеді ғой, менің балама қадалып қалатындай түгі де жоқ еді, менің ес-түссіз жүргенімді пайдаланғандары ғой бұлары деп ашуландым. Жақшыбек неге келісті екен? Оған деген де ренішім қара қазандай.

Анхельге жауап хат жаздым.

Атамның қайтыс болғанына қатты қайғырып отырмын. Жарықтық, жақсы адам еді. Елжанды өзім барып, алып келемін. Еш уайымдама. Бір қателік жіберген екенмін, оны өзім түзеймін. Сізден де, Ауадан да ыңғайсыз болды. Жуық арада барып, алып келемін. Бала өз қолымда болады,- дедім.

Сосын бір реті келгенде баланы алып, сіздерге келемін, - дедім.

Жауап келді.

- Дұрыс. Сүйтіңіз. Ауаны жылатпайық. Оның аруағы барлығын да көріп-біліп отыр. Сіз істемесеңіз, мен істеймін. Менің оған шамам келеді. Мен айтпаймын, айтсам істейтінімді көрдіңіз ғой. Жақсылықта жолыққанша. Баланы алып келген соң хабар беріңіз. Мен келіп кетемін. Жиенімізді көргіміз келеді, - депті ол.

- Жарайды, барып, келген соң міндетті түрде хабарын беремін, - деп жауап жазып жібердім.

Жолға жиналдым.

Тағы да.

Үшінші рет.

Ертеңінде Жақшыбекке хабарластым. Ол Қырғызстанға жетіп алған соң маған хат жазып, адресін, телефон нөмірін, барлығын берген болатын. Кейіннен еліне қонаққа да шақырған.

- Жақа, бір әңгіме бар. Астанаға келіп кете аласыз ба?

- Не боп қалды?

- Телефонмен айта салатын әңгіме емес, ұзақ әңгіме, маңызды шаруаның болып тұрғаны.

- Тұреке, Қырғызстанға келіңіз. Мен қазір жайлаудамын. Мал бағамын. Жуық арада малды тастап, ешқайда шыға алмаймын. Бізге келіп, дем алып, аунап-қунап қайтыңыз, - деді ол.

- Барсам, барайын, - дедім.

Сол күні жұбайыма бірінші рет барлық сырды айтып бердім. Енді шегінерге жол жоқ еді. Екі оттың ортасында қалғанша, енді басын шешіп алғаным дұрыс деп таптым. Ауа туралы да, одан қалған баланы да айттым.

Соңғы оқиғаларды да түгел айтып бердім.

Әрине, жан жарыма қиын болатынын түсіндім. Бірақ басқа жол жоқ еді.

- Бұл – тағдыр ғой. Тағдырдан кім қашып құтылыпты? Солай болып қалды. Енді не істейін? Енді өткен іске өкін не, өкінбе не, ештеңе де өзгермейді. Өкінетінім – баланы тастап кеткенім, енді не де болса оны алып келуім керек. Қасымда болғаны дұрыс. Ауаның аруағынан ұят болды. Күнде түсіме кіріп, маза бермей жүр. Өзің де бала асырап алайық деп жүр едің, Елжанды алып келейін. Бөтен емес қой, - дедім.

- Бірдеңені менен жасыратыныңды бұрын да сезетінмін. Бірақ мен ренжиді деп ойлама. Мен барлығын да түсінемін. Бес жыл бойы жоғалып кеткеніңде де күттім. Басқа әйелге барсаң, барып қойған шығарсың. Ұзаққа созылған ауыр жылдары алыста, жалғыз жүргенде ер жігіттің басынан не өтпейді? Сен түгілі, айдың-күннің аманында бала-шағасын жылатып, тоқал алып жатқандар да бар емес пе? Ал сенің амалсыз, мәжбүр болғаныңды да түсінемін. Баланың еш жазығы жоқ. Алып келсең, тіпті жақсы. Бөтен бала емес, өз қаның. Бұрынырақ айтқанда, мен саған баланы алып кел деп өзім де айтатын едім. Көптен бері бала асырап алайық деп жүрген өзім емес пе? Баланың барлығы мен үшін бірдей. Алып кел баланы, - деді ол.

Қуанып кеттім.

Мені түсінгеніне, кейбір долы, ақылы таяз қатындар секілді жылап-сықтап, қызғанып, кетемін деп қорқытпай, жағдайды түсініп, салиқалы сөз айтқанына қалай ғана қуанбайсың?

- Мен кімді алу керек екенін білгем ғой. Жарығым менің, сені әлі күнге дейін сол қыз кезіңдегідей сүйемін, жақсы көремін, - деп құшақтап, бауырыма басып, үнсіз тұрып қалдым.

Ол көзіне жас алды.

- Онда мен ертең жолға шығамын. Қырғызстанға барып, Жақшыбекті ертіп алып, барып келемін. Жалғыз жүруге жүрексінемін. Жақшыбек мені қолдайтынына сенемін. Әрі Николаның үйі қай жерде екенін мен ұмытып та қалдым. Жақшыбек ұмытпауы керек. Және оның ол жерде алатын бір заты бар. Бірге барамыз, - дедім.

- Жақсы, тек енді ұзаққа жоғалып кетпеңдер. Жұрттан ұят болды. Байың қайда десе, қашанғы «анда жүр, мында жүр» дей беремін.

- Жарайды, уайымдама, көп кешікпейміз. Тез барып, тез келеміз. Жарты ай жетеді. Ешкім байқамай да қалады.

- Сен барып, баланы әкелемін дегеніңмен, олар бере қоя ма? Баяғыда-ақ өз аттарына түсіріп алған шығар?

- Бермесе, ұрлап кетеміз.

- Байқа, бұның – қылмыс, ұстап алса, түрмеден бір-ақ шығасың.

- Жарайды, бір жөні болар. Мен де ақымақ емеспін ғой, бір дұрыс жолын табармын.

- Сөйт, - деді ол.

Сол күні түнде түсіме Елжан кірді. Сюзан көтеріп алыпты. Қастарында Никола тұр. Ал ол болса маған қарай екі қолын созып, селк-селк етіп, ұмтылып-ұмтылып қояды...

Сен қайдасың, Елжан?


ҚЫРҒЫЗ ЕЛІНДЕ


Қырғызстанда Кеңес Одағы кезінде бір болғаным бар. Ол кезде Свердловск-Фрунзе деген пойыз қатынайтын, қазіргі Екатеринбург-Бішкек деген пойыз. Сол кезде де ескі, шабан пойыз-тын. Қазір де солай екен. Түк өзгермепті.

Сосын бертінде Ыстықкөлде бір рет дем алдым. Ыстықкөл атына заты сай емес көл екен. Суы мұздай. Он бес күн жүргенде бір-ақ рет суға түскенім есімде.

Есесіне жақсылап қыдырдым. Тау-тастың барлығын аралап, арқырап аққан өзендердің қатты ағысын қызықтап, атқа мініп, балық жеп, тал-тоғайларды аралап, жақсы дем алдым.

Міне, енді тағы да жол түсіп Қырғызстанға бара жатырмын.

Пойыз толған жастар. Ресейде жұмыс істеп, елдеріне қайтып келе жатқан беттері. Ойын-күлкі, ән. Жырғап бардық.

Бішкекте пойыздан Жақшыбек күтіп алды. Бұрынғыдай емес, толыпты. Екі бетіне қан жүгіріп, қозы қарын пайда болыпты. Жаз жайлауда қымыз ішіп, уайым-қайғысыз жүрген өмір жақсы әсер етіпті. Қоңданып, жүзіне жан кіріпті.

Қырғызстанға қош келдің, Тұреке, - деп құшағын жайып қарсы алды ол. Сағынып қалыппын. Құшақтасып ұзақ тұрып қалдық.

- Ал енді кеттік, - деді ол.

- Кеттік, - дедім.

Жақшыбек мені күтіп алуға атпен келіпті. Тағы бір атты жетектеп алыпты. Басында айыр қалпақ.

- Мін мынаған, Тұреке, - деді ол.

Кеттік жайлауға.

Атқа қарғып міндім. Ытқып тұр екен. Қамшы салдырмайды. Зу-зу етеді. Былай шыға бере тізгінді жібердім-ай келіп...


Ауууу, қырғыздың даласы,

Мен қазақтың баласыыыы, - деп айғайды салып, құстай ұштым.

Жақшыбек артта қалып кетті. Бір уақытта аттың басын тарттым. Қуып жетіп алды.

-Сен, қазақ, ат көрмегенсің бе? Байқа, зорықтырып алып жүрме, көптен бері байлауда тұрған ат, аяғынан қалып жүрмесін, - деп жатыр ол.

-Оу, қырғыз, алыстан ат терлетіп, қазақ бауырың келгенде, бір ат өлсе, өлер, сенің бұндай қытымыр екеніңді білмеппін, - дедім.

Қарқ-қарқ күледі жартыбас...

Тәңіртаудың етегінде қос ат мінген қырғыз бен қазақтың баласы осылайша қайта табыстық. Асқар таулар, сарқырап аққан өзендер мен жасыл жайлау елі керемет көркімен адамды өзіне ғашық қылып, баурап, тұла бойыңды тұңғиық сезімге бөлеп, биікке жетелейді. Қырғыз – тау баласы. Қазақ – кең даланың баласы. Бірақ екеуі де бір ананың егіз ұлындай бір-бірінен аумайды. Түсінік-танымы да, ой-пікірі де бір, түр-пошымы да бір. Есіме бір өлең түсті:


Сенің басыңда ақ қалпақ,

Менің басымда ақ қалпақ,

Екеуіміздің де түріміз жап-жалпақ...


Қазақтың кең даласы қай жағынан алып қарасаң да тауға барып тіреледі. Ұшы-қиыры жоқ кең дала әлемнің жартысын алып жатыр. Бірақ тауға дейін келеді де қазақтың жері бітеді. Әрі қарай бармайды. Неге? Қазақ тауды ұнатпайды ма? Жоқ. Ұнатады. Оған Ұлытауға, Көкшетауға, Алатауға, Қаратауға арнап шығарған ән-жырлары куә. Бірақ кең дала адамға шексіз еркіндік сыйлайды. Жан-жағыңнан ештеңе қамап тұрмайды. Қазақ деген сөздің өзі еркін адам, азат адам дегенді білдіруі тегіннен-тегін емес қой. Сондықтан ата-бабам кең даланы қалаған.

Сосын кең, жазық дала мал бағуға қолайлы. Атам заманнан бері төрт түлік малдың соңында келе жатқан ата-бабам қай жерді таңдау керек екенін білген.

Жайлауға келдік. Жақаңның жағдайы жаман емес екен.

Оңтүстік Америкадан келген соң, туған-туыстарымен, бала-шағасымен көрісіп, мауқын басқан соң, енді ешқайда бармайтындығын, қалған өмірін жайлауда мал бағып өткізетінін айтыпты.

Маған да сүйтіп айтқан болатын.

Бір бай туысы малдарын кімге баққызарын білмей сандалып жүр екен, жастардың барлығы Ресей асып кеткен, қуанып кетіп, «онда менің малымды бақ, еңбегіңді жемеймін» депті.

Жақаң қуана-қуана келісіпті.

- Ақырын-ақырын өз малымды да жинап алармын. Әзірше осыдан, біреудің малын бағудан бастайын, - дейді Жақшыбек. - Содан бері міне, қойшы болып жүрмін, - дейді ол күліп.

Жылқы, сиыр малынан да біраз бар екен. Түйе де жүр.

Қымыз ішіп, ет жеп, киіз үйде біраз жаттым.

Киіз үй маған таңсық емес. Бала кезде талай жатқанмын. Етегін түріп қойсаң, салқын самал жел есіп, рахаттанып ұйықтайсың.

Жақшыбектің әйелі қымызды жақсы баптайды екен, күбіні тобылғыға ыстап, пісіп-пісіп бабына келген қымызды бергенде, мас боласың, құрт қайнатқанда аузыңның сілекейі шұбырады. Жас ет. Айран, сүт. Табиғи таза тамақ, таза ауа. Менің де екі бетім қызарып, томпайып, шыр біте бастады.

Соңғы жылдары үзіліссіз жүріс-тұрыстан, қайғы-қасіреттен қатты арықтап, қу сүйегім қалған еді. Екі жағым суалып, жүдеп кеткен болатынмын. Енді міне, тез-тез-ақ қоңдана бастадым.

- Тағы да біраз жат, - дейді Жақаң. - Құлан таза айығып, әлденіп, семіріп шыға келесің. Денсаулық – бірінші байлық. Денің сау болса, бұл дүниеде басқа не керек?

- Дұрыс айтасың, - деймін қоштап.

- Сенің бұл келісіңнің жай емес екенін түсінемін, - деді бір күні Жақшыбек.

- Әрине, ерігіп жүрген жоқпын.

- Елжан мазаңды алып, ұйқы бермей, сағынтып жүр ме?

- Иә.

- Сен мені кешір, мен қатты састым, бала түгілі өзіміздің басымыз қайғы болып кетті ғой. Сол кезде менің бар ойым сені қалай елге жеткіземін болыпты да, балаға онша мән бермеппін. Өзім де елге қатты асығулы едім. Көрмегелі қанша жыл болды. Әзер шыдап, үзіліп кетейін деп жүр едім. Мені түсін.

- Соның қате болған екен, Жақа.

- Иә.

- Ауа да түсімнен шықпайды. Қатты ренжулі. Баланы тастап кеткеніме ренжіп жүр. Ұйықтасам болды, түсімнен шықпайды. Баланы алып кел, алып кел деп жылап қоймайды. Содан тыныш жата алмадым. Хуан атам та түсіме кірді. Ол да қайтыс болыпты. Аруақтарды ренжіте бермей, барып баланы алып келейін деп шештім. Сосын саған келдім, - дедім. - Маған серік бол. Жалғыз баруға жүрексінемін.

- Жарайды.

- Елжанды сағындым.

- Олай болса барып алып келейік. Сен мені кешір, бар кінә менен, сенің маған істеген жақсылығыңды қалай ұмытармын. Тура өлім аузынан суырып алдың ғой. Сен үшін барлығына да бармын. Қайда жүр десең де дайынмын. Сосын есіңде ме, мен Оңтүстік Америкадан алып шыққан бір құйма алтынымды сол жердегі бір банкке салып кетіп едім ғой, соны да алып келу керек еді деп жүргенмін, енді міне, сәті келіп тұр. Ол алтынды алып келсем, өкіртіп мал сатып алар едім.

- Онда, ертең Кейптаунға жүрейік.

- Мақұл.

-Қырғыз-қазақ бір туған, – деп, Жақшыбекті құшақтай алдым...

- Жақа, осы қырғыздар Алатауға қашан келген? Менің ата-бабаларым бұрынырақта бұл жақта көшіп-қонып мал бағып жүргенде, сендер бұл жерде жоқ секілді едіңдер,- деп қымызға тойып, көңіл көтерілген соң, оған тиісе бастадым.

- Тұреке, анық білмеймін, бірақ біздер осы жерге Енесайдың бойынан ХIV-XV ғасырда келген секілдіміз, - деді Жақшыбек.

- Бір бөлігіміз көшпей, сол жақта қалып қойғанға ұқсайды. Қазіргі хакастар – сол бұрынғы қырғыздар. Ата-баба жерінде отырғандар.

- Бәсе, - деймін мен.

- Менің халқымның бұрынғы аңыз, жыр, ертегілерінде қырғыздар туралы айтылмайды. Соған қарағанда сендер бұл жерге кейін келген секілдісіңдер.

- Мен де солай ойлаймын, - дейді Жақаң ыржиып.

- Негізі қырғыздар ғана емес, қазақтар да бұрынғы Сібір халқы. Барлығымыз болмаса да бір бөлігіміз Байкал маңынан келгенбіз. Тіліміздің, әдет-ғұрыптарымыз бен діліміздің ұқсастығы содан. Сол жердегі халықтың тұрмыс-салты, тіршілігі біздікіндей. Біз дүниедегі ең жақын туыс халықпыз. Солай емес пе, Жақа?

- Дұрыс айтасыз, Тұреке, - дейді ол.

Жақшыбектің отызға келіп қалған қарындасы бар екен. Әп-әдемі. Тіпті, танымайтын адамдарға жасы отызда деп айтсаң ешбір сенбес еді. Екі беті томпиған, көздері тұп-тұнық. Белі жіңішке, нәзік келген. Қос бұрымы беліне түскен, терісі аппақ.

Бірақ әлі тұрмыс құрмапты.

- Тұреке, менің қарындасымды ал, сенің маған жасаған жақсылығыңды өлсем де ұмытпаймын. Сен болмасаң жүретін едім әлі құлдықта... Сен ғой мені құтқарған. Саған мен қарыздармын. Өте көп қарыздармын. Сол қарызымды қалай өтесем екен деп көп ойландым. Соның өтеуі болсын. Бердім саған қарындасымды тоқалдыққа, - деді бір күні ол маған.

- Сен қызықсың, Жақа, ол сенің жеке затың емес қой, сен бергенмен, ол тие ме?

- Неге тимейді? Ол менің сөзімді жерге тастамайды. Мен оған барлығын айтып бергем. Сенің суретіңді де көрсеткем. Ұнатты. Сен алсаң, ол қарсы емес.

- Мәссаған! Жақа, менің үш ұйықтасам, ойыма кірмеген нәрсені айттың ғой... Жақа, менің дәл қазір тоқал аламын деген ойым жоқ. Ниетіңе рахмет, - дедім мен.

Сол күні кешке қарындасымен сөйлестім.

Аты – Айшөрек.

- Тұрмысқа неге шықпайсың?- дедім мен оған. - Әп-әдемі түрің бар. Жігіттерге өзің қарамайсың ғой немесе бұрын көп жігіттің бетін қайтарғансың. Сосын олардың наласына қалғансың, - дедім мен оған..

- Аға, жігіт жоқ қой, - дейді ол.

- Кезінде көп жігіттерге қарамағансың, біреуі болмаса, біреуі қарғаған ғой. Біздің жақта бір сыған бар, соған сен секілді бір Ақмарал деген қызды апарғам, үш айдан кейін тұрмысқа шықты.

- Сығанның адресін бересіз бе, мен де бармасам, - деді Айшөрек.

- Мен осы сапардан келейін, сосын өзім апарамын, - дедім мен.

- Иә, аға, күтемін. Аман-есен барып келіңіз, - деді ол.

Сосын Жақаңмен алдағы сапар жайын ақылдаса бастадым...

- Бізде Оңтүстік Африка Республикасының төлқұжаты бар. Сондықтан ешқандай да визаның керегі жоқ. Біраз ақша бар. Барған соң сенің алтыныңды алсақ, ақшаға қарқ боламыз, - деп қоямын мен.

- Оның жартысын саған беремін, - дейді Жақшыбек.

- Сен өз алтыныңды сатып жіберіп, жолға, маған құжатқа жұмсағаныңды білемін. Барлығын өзім алсам әділдік болмайды.

- Жартысы сенікі, Тұреке.

- Рахмет.

- Мен дүниедегі ең бай қазақпын, Жақа! Менің Атлант мұхитының бір шетіндегі аралда қазынам бар. 2 миллиард доллар! Жартысы сенікі, Жақа!

Есіме Ауа екеуіміз тапқан атақты қарақшы Дрейктің тыққан алтыны түсті. Жақшыбек мынаның есі дұрыс па дегендей маған қарап қалыпты, жартыбас...

Бірақ мен шындықты айтқан едім.

Сосын бүй дедім:

- Кейптаунда сатып жіберген алтынымнан әлі де біраз ақша бар. Әлі де соны жаратып жүрмін.

- О, жақсы ғой. Әлі бітпеген бе? Мен болсам баяғыда-ақ жұмсап қояр едім, - деп күлді ол.

Жақшыбек мал бағудың барлық қыр-сырын жақсы біліп алыпты.

- Бар байлық малда екен ғой. Ата-бабамыз мал бағып қана барлық қажеттіліктерін өтеген. Қазіргі жастардың ата кәсібінен неге қашатынын түсінбеймін. Күнделікті қолма- қол ақшаға қызыға ма? Рас, малдың зейнетін бірден көре қоймайсың. Бірақ рахат та, ақша да, мал баққандікі екеніне енді ғана көзім жетіп келеді, - дейді Жақшыбек.

- Жақа, бұны мен сенен артық білмесем, кем білмеймін. Мен де малшының баласымын ғой. Әкем жылқы да бақты, қой да бақты. Сиырларымыз да көп болатын. Тек түйе болған жоқ. Көзімізді ашқаннан көргеніміз мал болды.

- Бәсе, атқа керемет шабасың.

- Аттың құлағында ойнайсың де, Жақа!

- Иә, иә.

Жолға жақсылап дайындалдық.

- Жақа, жүріп алмай тез қайтуымыз керек. Екі рет жоғалып кетіп, отбасымды қатты әуреге салдым. Енді бұлай болғанын қаламаймын.

- Кім қалайды дейсің? Біз де қаламаймыз. О, құдай, жолымызды оңғара гөр! – деп Жақшыбек бата жасады.

- Әумин!- деп бет сипастық.

Алла тағала адамды жаратқанда қандай мақсатпен жаратты екен? Өмірдің мәні неде? Адамзат жаралғалы бері мыңдаған данышпандар мен ойшылдар осы сұрақтың жауабын таппақ болып, бастарын қатырды, бірақ ешқайсысы таба алмады. Таба да алмайды. Қатты ойлансаң, қуып кетесің. Адамның миы шектеулі, белгілі бір межеден асып кетсең, ақыл-есіңнен айырылып, жынданып кетесің.

Әлде өмірдің мәні ішіп-жеуде ме? Онда адамның хайуаннан несі артық? Хайуан не ішіп, не жегеніне есеп бермейді. Қарын тойса, болды.

Әлде өмірдің мәні жақсы тұруда ма? Жақсы үй, қымбат машина, сұлу қатынға кім қызықпайды? Бірақ олар да уақытша. Ертең бәрі қалады.

Махаббат па? Әділдік, адамгершілік ше? Жақсы көрушілік, туысқандық сезім, жан ашушылық, имандылық, адамгершілік секілді жақсы қасиеттер неге жауыздық, сараңдық, іштарлық, аярлық секілді жаман қасиеттерден жеңіліп қала береді?

Неге? Неге? Неге? Сұрақ көп. Жауап жоқ.

Менің ойымша, жамандық пен жақсылық, жомарттық пен сараңдық, іштарлық пен кеңпейілділік, арам мен адал егіз жаратылған. Бірінсіз бірінің күні жоқ. Бірінсіз бірін тани алмайсың. Арам адам болмаса, жақсы адамның қандай болатынын білмейміз. Жақсылық болмаса, жамандықтың не екенін білмейміз. Тозақ болмаса, жұмақтың не екенін білмейміз. Қасірет тартпай, қуанышты байқамаймыз. Жақсы көре білмесек, жек көре де білмейміз. Бірін-бірі толықтырып тұрады.

Будда да, Иса пайғамбар да, Мұхаммед пайғамбар да бұл сұрақтың жауабын іздеп көрді.

- Ақыры, біз таптық, - деді олар. - Өмірдің мәні құдайға құлшылық ету, Жаратқан иемізге жалбарыну, Тәңірге табыну, - деді олар.

Бұл өмір – уақытша. Алдағы мәңгілік өмірдің алдындағы сынақ қана. Құдай өзіне шын беріліп, табынған, құлшылық еткен пенделерін өз сүйіспеншілігіне бөлейді, жұмаққа кіргізеді. Ал арамдар мен кәпірлер тозақтың отына жанатын болады.

Барлық діннің айтатыны - осы. Жақсы адамды құдай да жақсы көреді. Ендеше неге жақсы адам болуға тырыспаймыз?

Мен қолымнан келгенше жақсы болуға тырысып келемін. Ешкімнің обалына қалған емеспін. Ешкімді алдап, жамандық жасаған емеспін. Кісі өлтіргенім жоқ. Кісі ақысын жегенім жоқ. Алдағаным жоқ. Арбағаным жоқ.

Бірақ.... иә, бірақ ...

Әлі күнге дейін құдайға құлшылық етіп, шүкіршілік еткен емеспін. Жас болса келіп қалды. Осы сапардан аман-есен оралсам, намазға жығылмақпын.

Қалған өмірімді жаратқан иеме арнап, бала-шағамның амандығын тілеп, тақуа болмасам да, нағыз мұсылман болмақпын...


ТАҒЫ ДА... КЕЙПТАУН


Бішкек әуежайынан көтерілген біздің ұшақ жолда Әбу-Дабиге қонды. Күн күйіп тұр. Далаға шығу мүмкін емес. Бұндай аптап ыстықта арабтар қалай тірі қалған? Осы күнге дейін жеткен. Әуежайдың іші қоңыр салқын болды. Сол жанымызды алып қалды. Ертеңінде басқа ұшаққа отырдық, кешқұрым Кейптаунға жеттік.

Кейптаун бізді салқын қарсы алды. Біздің алдымызда ғана жаңбыр жауып өтіпті. Енді оңтүстіктен, Антарктида жақтан соққан жел суық леп әкеліп, адамдар қымтанып киініп алыпты.

Қонақ үйге түсіп, жуынып, шайынып, ұйықтап, тынығып алдық.

- Жақа, сен Николаның үйін жақсы білесің бе?

- Әрине, білемін.

- Мен ұмытып қалыппын.

- Көшесін тапсақ болды ғой, үйді тез-ақ тауып беремін. Сары кірпішпен қаланған, екі қабатты үй. Шатыры қызыл болатын. Қоршалған. Ауласында ағаш көп. Сосын үйден алыс емес жерде дүкен бар. Атын ұмыттым.

- Бірден кіріп барамыз ба?

- Жоқ. Бірінші сырттарынан аңдиық. Не істеп жүр екен, бала бар ма, оған қалай қарайды, барлығын біліп алайық. Сосын саған айтарым, Никола мен Сюзан баланы бізге бере қоймас, баланы қалай жақсы көретіндерін мен байқағам, ендігі өз аттарына да түсіріп алулары мүмкін.

- Онда ұрлап кетейік.

- Оны кейін көреміз, - деді Жақшыбек.

Егер де баланы ұрғанын көріп қалсақ, үстерінен топ ете түсейік, «ойбай, сендер балаға жақсы қарамайды екенсіңдер, әкетеміз, бұл не сұмдық» деп жылап, естерін шығарайық. Бұл Елжанды алып кетуге үлкен сылтау болады. Не айтарларын білмей қалады, - дейді Жақаң.

-Бұл ойың дұрыс секілді, - деймін мен.

Николаның үйі. Сыртынан аңдып кешке дейін жүрдік. Үйдің жанындағы талдың арасында үйге қарай-қарай көз талды. Ешкім шығатын емес. Шаршай бастадық. Есігін қағайық, жүр, барайық, деп енді айтуға дайындала бастап едім, бір уақытта үйден далаға бір кісі шықты-ау. Қолында көтерген жас баласы бар.

Елең ете қалдық.

Бірақ ол адам Николаға ұқсамайтын секілді.

Біраздан кейін үйден бір әйел шықты. Оның да түр әлпеті Сюзанға келмейді.

Мен Жақшыбекке, Жақшыбек маған қарайды.

Ақыры шыдамай кеттім.

- Жүр, барып сұрайық, - дедім.

- Қазір, қазір, - деді Жақаң.

Тағы да біраз аңдыдық.

Ерлі-зайыптылар аулада жүріп, баламен біраз ойнады. Бірақ бөтен адамдар. Никола мен Сюзанға мүлде ұқсамайды.

Бір уақытта Жақшыбек мен барып келейін деп кетті. Біраз сөйлесіп тұрды. Бір уақытта қайтып келді. Түрі өзгеріп кеткен.

- Бұл үйде Николалар тұрмайды екен. Бұл кісі үйді осыдан алты ай бұрын сатып алыпты. Бұрынғы қожайыны туралы ештеңе білмейді.

- Мәссаған!

- Онда көршілерінен сұрасақ ше?

- Қазір.

Жақшыбек көрші үйлерді жағалап кетті. Бір уақытта келді. Түрі бұзылып кетіпті.

- Тұреке, үй Николалардікі. Бірақ олар осыдан алты ай бұрын үйлерін сатып, Австралияға көшіп кетіпті...

- !!!!

Аң-таң болып, үндей алмай қалдым. Қатты састым.

Никола да жоқ, Сюзан да жоқ, Елжан да жоқ. Ал тауып көр енді мықты болсаң оларды?

Қатты өкінгенім-ай. Баладан енді шын айырылған шығармын деп ойладым. Жердің түбіндегі Австралияның қай түкпірінен табамыз енді? Тіпті, Австралияға кеттік деп маңайындағы көршілеріне әдейі айтып, тіпті басқа елге кеткен болса ше? Англияға, мысалы. Канадаға. Мүмкін Америкаға. Бұл елдердің барлығы ағылшын тілді елдер ғой.

Жансыз аралда жүргенде Никола қазір ақтар Оңтүстік Африкадан басқа елдерге көшіп жатыр. Қаралар күн көрсетпеуге айналды. Біз де ойланып жүрміз деген болатын. Шын айтқан екен ғой.

- Не істейміз? - деп Жақшыбек маған қарады.

- Жақа, әзірше сен банктегі алтыныңды ақшаға айналдырып ал, сосын ақылдасармыз.

Сол күні қонақ үйге қайтып келіп жатып қалдым.

Ойымда енді не істесем екен деген сұрақ тұр еді. Түні бойы ұйықтай алмай, күрсініп шықтым.

- Елжаннан айырылған секілдіміз, Жақа,- дей беремін.

Таңертең Жақшыбекке бүй дедім:

- Жақа, үйге не бетіммен барамын, Ауаға не деймін? Анхельдің алдында қара бет болдым-ау!

- Тұреке, мен сен үшін барлығына әзірмін. Австралия болса, ол да біздің көрген жер, ұшақпен ертең-ақ жетіп барамыз. Бірақ Австралия - үлкен ел. Оларды қай бұрышынан табамыз? Мені осы қинайды.

- Сен ана көршісінен олардың Австралияның қай қаласына көшіп кеткенін сұрамадың ба?

- Қазір біліп келейін.

Бір уақытта Жақшыбек қайтып келді.

- Мельбурн, - деді ол.

- Түсінікті. Болған жер. Тағы да дәм бұйыратын секілді.

- Миграциялық полициядан білсек ше?

- Бұл жердің емес, сол жердің миграциялық полициясына барып, олардың адресін білу керек. Елге келіп-кетіп жатқандар туралы мәлімет болса, соларда болады. Олар барлық адамдарды тіркеп отырады ғой.

- Бұл сөзіңнің жаны бар секілді, Жақа. Шешінген судан тайынбас дегендей, енді артқа жол жоқ. Елжанды таппай елге қайтпаймыз.

- Жарайды.

- Кеттік онда, Австралияға, Жақа!

- Кеттік!

Осылайша біз ойламаған жерден Австралияға қайтып баратын болдық. Алып құрлыққа 7 жылдан соң қайтып оралмақпыз.

- Жақсы болды ғой, - дейді Жақшыбек.

- Ақшамды алып алдым. Енді Австралияға барып, Майкты жақсылап бір сабап, өшімді алсам, арманым жоқ.

- Оған асықпа. Бірінші, Смитке жолығып, мән-жайды біліп алайық, Майк қайда қашар дейсің. Сабаздың сазайын тартқызамыз әлі-ақ. Ең алдымен баланы тауып алайық.

- Әрине, әрине. Тауып алайық. Сосын Майкты өзім-ақ іздеп табамын.

- Ол маған да керек. Оның қолында бір қырғыз қалған мен кеткенде. Оны да босату керек.

- Бауырымыз емес пе?

- Әрине.

- Маңдай терімізбен тапқан адал ақымызды да алуымыз керек.

- Әрине.

- Анау екі азиятты да ұстап алып, сотқа беру керек.

- Әрине.

Кейптаунда интернетке кіріп, Смиттің поштасына хат жаздым. «Бара жатырмыз, бір үлкен шаруа бар, рейсіміздің нөмірі мынау, пәлен күні келеміз, сіздің көмегіңіз керек» дедім.

Күтіп ала ма, күтіп алмай ма, өзі білсін, менікі тек үміт қана.

Тез-ақ жауап келді.

- Күтіп аламын. Қолымнан келетін көмегімді беруге әзірмін, - депті Смит.

Риза болдым. Тағы да ойға шомдым. Балам қайда жүр екен?


ТАНЫС ТА БЕЙТАНЫС АВСТРАЛИЯ


Келесі күні «Боинг-777» ұшағы бізді аспанға көтеріп ала жөнелді. Үнді мұхитын аспаннан кесіп өттік. Шығысқа қарай ұштық. Төменге қарасам жер-көктің бәрі көкпеңкөк болып жатыр. Толқып жатыр. Әлемнің бәрін су басып кеткендей. Судың көптігі-ай. Ақ көбіктер бірін-бірі қуып, жылжып барады. Таудай толқындар.

Әне, анау жерде біз алтын іздеп, суға сүңгіген шығармыз?

Төменнен жер көрінді. Ұшы-қиыры жоқ жер. Бұл – Австралия еді.

Австралия! Таныс та бейтаныс Австралия! Алыс та жақын Австралия! Айшылық алыс Австралия! Өмірімнің 1 жылы өткен Австралия!

-Мен сені сағындым, Австралия! – деп күбірледім...

Сосын... сосын «мен сені кешірдім, Австралия...» дедім....

Смит бізді әуежайдан күтіп алды. Біз ұшақтың баспалдағынан түсіп, әуежай ішіне кіргенде, қолында «Тұрысбек, Жақшыбек» деген жазуы бар қағаз ұстап тұрған еркекті бірден байқадық. Ол да мені бірден таныды. Сол баяғы Смит. Сақал-шашы өсіпті. Қартайыпты. Үйіне алып келді.

Мельбурнның шетіндегі екі қабатты зәулім үй. Кірсе шыққысыз. Бәрі бар. Бассейнге дейін тұр. Маңайы ну орман.

Смит бұрынырақта Мельбурнға Жаңа Зеландиядан көшіп келіпті. Өзінің құрылыс компаниясы бар. Бай тұрады екен. Мен тойына қатысқан баласы қазір Америкада тұратын болып шықты.

Әйелі қайтыс болыпты.

- Енді үйленбеймін, - дейді ол.

- Мен өзімнің әйелімді өте жақсы көрдім. Ол маған барлық уақытта да көмектесетін. Жанымда болатын. Менің құрылыс компаниясын ашып, бай болуым да соның арқасы еді. Егер де мен бұл өмірге қайтып келетін болсам, кім болсам ол болайын, бірақ әйелім қасымда болса жетеді, - дейді ол.

Ағылшындар балалары ер жеткен соң қолдарында ұстамайды. Қайда барып, не істеймін десе де өз еріктері. Қазақтар секілді баласының бар жағдайын жасап, үйіне дейін сатып әперіп, өле-өлгенше немересін бағу деген түсінік оларда атымен жоқ. Тіпті, баласы күнін көре алмай қалса да, қарайласпайды.

- Өсірдім, асырадым, ер жеттің, енді өз күніңді өзің көр, - дейді олар.

Еуропалықтардың менталитеті азиялықтардікінен өзгеше. Еуропалықтар өздері үшін өмір сүреді. Баланың бар-жоғына мән бере бермейді. Әрі кетсе асырап ала салады. Азияда балаға қатты мән береді. Баласыз отбасы бақытсыз деп саналады. Сосын ғой жер-көкке сыймай бара жатыр. Қытайда - миллиард, Үндістанда - миллиард...

Мүмкін бұл тұрмыс деңгейіне байланысты ма екен? Карл Маркс «тұрмыс сананы билейді» деген еді. Кедей елдерде бала көп, бай елдерде бала жоқ.

Бұл - табиғаттың заңы. Сондықтан да тұрмыс түзелсе, әйелдер баланы көбірек тауып, халықтың саны көбейеді деп есептейтіндер қатты қателеседі, жағдай жақсарған сайын туу да азайып, қайта жағдайлары нашар, кедей отбасыларда бала көп болады. Бұл – дәлелденген нәрсе.

Смиттің бір-ақ баласы бар. Ас та төк бай.

- Мен өлгенде, - дейді Смит, - барлық дүние-мүлкімді мына итіме қалдырамын. Кім оны бағып-қағады, сол ие болады.

- Мен бағып-қағайыншы, - дейді Жақшыбек.

Түрінен ойнап айтып тұрғаны көрініп тұр.

- Иә, Жақшыбек бақсын, - деймін мен оны қоштап.

- Сіздердің қолдарыңыздан ол келмейді. Итті бағу үшін де оның маманы болу керек. Оның не қалайтынын, не жеп, не ішкісі келетінін, ауырса, қалай емдеуді, қысқаша айтқанда, иттің тілін, барлығын білу керек.

- Ә, солай ма, біздің жақта итке сүйекті лақтыра саласың, өзі-ақ қағып алып кетеді.

- Көрдіңіз бе, сіздің түк түсінігіңіз жоқ. Бұндай адамға мен өзімнің сүйікті итімді қалай қалдырмақпын? – дейді Смит.

- Дұрыс айтасыз. Жақшыбекке қалдырсаңыз, ол итіңізді өлтіріп, өзі барлық байлығыңызды Қырғызстанға алып кетеді, - дедім мен.

- Ха-ха-ха, - деп ду күлдік.

- Балаңызға неге қалдырмайсыз? - деді Жақшыбек.

- Балам барлығын өзі істеуі керек. Дайын дүние-мүлік жақсылыққа апармайды. Адам ақшаны өз маңдай терімен таппай, оның қадірін түсінбейді. Рахатын сезіне алмайды. Дайын ақша адамды бұзады, - дейді Смит.

Дұрыс айтатын секілді.

Бірақ біз азияттармыз ғой. Біз олай ойламаймыз. Біздің арманымыз - бала-шағамызға ас та төк дүние қалдыру, үйін әперіп, машина мінгізіп, барлық жағдайын жасап кету.

Екі түрлі адам, екі түрлі дүние.

- Смит мырза, - дедім, келген күннің ертеңіне, дем алып, тынығып алған соң, - мен сізге өзімнің бастан кешкен оқиғаларымның біразын айтып берген болатынмын. Одан кейін де біраз жәйттарды бастан кештім. Оңтүстік Америкаға қайтып бардым. Онда мынадай оқиғалар болды деп барлығын айтып келдім де, ең басты мәселе, біз қазір сол баланы іздеп жүрміз,- дедім. Бізге жуырда осы жерге Кейптауннан көшіп келген Никола мен Сюзан деген отбасының адресі керек. Соны тауып алуға көмектессеңіз, - деп бір қарадым.

- Жарайды, менің бір таныстарым бар, соларға тапсырайын, бірақ сіз баланы не істемексіз? Ендігі ол олардың баласы болып кеткен шығар? Өз аттарына да түсіріп алулары мүмкін. Онда бермеулеріне толық құқы бар. Ұрлап кетпексіз бе? Онда бұларыңыз - қылмыс. Түрмеден бір-ақ шығасыздар. Онда мен көмектесе алмаймын.

- Жоқ, о не дегеніңіз, Смит мырза, біз ұрлап кетпейміз, бала менікі, оны олар жақсы біледі, жақсылап түсіндіріп, ризашылығымен аламыз, - дедім мен.

- А, онда мәселе басқа, - деді ол.

Сосын телефон арқылы бір адамдармен сөйлесіп, тапсырмалар беріп жатты. Миграциялық полицияға қоңырау шалды. Танысы бар секілді. Бір адаммен өзімсініп сөйлесті.

Мельбурнға жуырда Кейптауннан көшіп келген Никола мен Сюзан деген отбасын табыңдар деп тапсырма бергенін естіп қалдым.

Бір жұма рұқсат сұрапты. Барлық құжаттарды ақтарып, тексереміз, оған біраз уақыт керек депті.

- Жарайды, - деді ол.

Смитті тағы да әңгімеге тарттым.

- Смит мырза, есіңізде ме, мен сізге бір жәйтті айтып едім ғой. Құлдықта жүрген адам туралы, сол не болды екен? Сіз полицияға хабарлаймын деп едіңіз ғой?

- Оныңыз рас, мен хабарладым, бірақ нақты адресті білмегеннен соң олар да қимылдай алмай отыр. Қай жерде екенін толық білмейді, мен де сізден дұрыстап сұрамаппын. Әйтеуір «Улуру» дегеніңізді есте сақтап қалыппын.

- Бірақ енді сіз өзіңіз келдіңіз ғой, барып, мән-жайды дұрыстап түсіндірейік, нақты жерін айтайық, сонда іс орнынан қозғалады деп ойлаймын, - деді Смит мырза.

- Смит мырза, біз өзіміз барып қайтсақ қалай қарайсыз?

- Үшеуіміз бе?

- Иә.

- Жарайды. Мен қазір зейнет демалысындағы адаммын. Қолым бос. Кейде ішім де пысады, шындығын айтқанда. Барсақ, барып қайтайық.

- Жол ақыңызды, жанармайды өзіміз төлейміз, - дедім.

- Оқасы жоқ, - деді ол.

Ертеңінде жолға жиналдық. Смит Улуруға дейін жолды жақсы біледі екен. Улуруға дейінгі жолды барлығы білетін болып шықты. Өйтпей ше? Австралияның басты символын білмей жын соғып па?

- Әрі қарайғы жолды біз жақсы білеміз, оп-оңай-ақ табамыз, - дестік біз Жақшыбек екеуіміз.

Смиттің неге екенін білмеймін, бізге көңілі қатты түсті. Қолынан келгенше барлық көмектерін жасап-ақ жатыр байғұс. Кезінде менің қаңғырып қалғаныма өзін кінәлі санай ма, әлде басқа да бір себептері бар ма, білмедім, әйтеуір құрақ ұшып жүр.

- Сіз үйлену тойының ортасында жоғалып кеттіңіз ғой. Менің жиналған барлық қонақтарға арнаған сыйлығым бар еді. Енді, міне, кеш те болса сізге тапсырудың реті келгеніне қуаныштымын, - деп ол маған бір қорапты ұсынды.

Ашып қарасам - кенгуру. Шағын ғана. Құдды бір тірі секілді. Қатырып тастаған. Қалтасындағы баласына дейін бар.

- Рахмет, Смит мырза, сіздің бізге жасап жатқан жақсылығыңызға қатты риза болып тұрмын, - дедім толқығанымды жасыра алмай.

Жақшыбек те мәз. Айдаладағы Австралияда бізді осылайша құрметтеп, күтіп алып, барлық көмегін аямайтын жанның кездескеніне қатты риза секілді.

- Смит мырза, Майкты тапсақ, біз оны ұрамыз, - деймін мен оған.

- Кегіміз бар. Ашу-ыза кеудемізге сыймай ауру қылатын түрі бар. Тепкілеп, кегімізді қайтармай жан жарамыз жазылар емес, ескертіп қояйын деп едім, - дедім.

- Адамды ұру дұрыс емес. Бірақ сендердің көрген қорлықтарың есіме түссе, менің де ашуым келеді. Оңбағандар. Сондықтан мен қарсы емеспін. Бірақ өлтіріп қоймаңдар, - деді ол.

- Жарайды, өлтірмейміз, бірақ жақсылап тұрып сабаймыз.

- О, кей.

Мельбурнды араладық. Жақшыбек екеуіміз. Бұл жерге енді қайтып келмесіміз анық. Көріп қалайық дедік.

Мельбурн - үлкен қала. Бұл қалады кімдер тұрмайды дейсің? Әлемдегі барлық халықтың өкілдері тұрады. Қазақтар да, қырғыздар да болуы мүмкін. Бірақ біз оларды көргеніміз жоқ. Іздесек, табарымыз анық еді.


МАЙК


Жол ұзақ болды. Жолдың екі беті толған кенгуру. Жайылған қойлар. Бұрын ес-түсімді білмегендіктен соншама ұзақ жол жүргенімді сезбеген екенмін. Смиттің джипімен екі күн дегенде Улуруға жеттік-ау. Күн шыжып тұр. Аспан айналып жерге түскендей. Маңайда қыбыр еткен жан жоқ. Айдала.

Жақшыбек былай шыға бере-ақ ұйқыға бас қойған. Менің ұйқым келетін емес. Мен негізі жолға шыққанда ешқашан ұйықтаған емеспін. Жан-жағыма тесіле қарап, барлығын көріп, ойға беріліп отыру – менің әдетім. Бұндай кезде адамның ойына не келмейді дейсіз? Барлығы келеді. Өткен күндер елесі еске түсіп, қалың ойға түсемін. Балалық шағым, ауылым, жастық кезім, Алматы, Сібірге барғаным, жан-жарым, балаларым, курстастар, Астанадағы өмір, бастан кешкен қиыншылықтар, өмірімдегі қызықты сәттер, бәрі-бәрі еске түсе береді.

Жол теп-тегіс.

Смит әңгіме айтып келеді.

- Мен қартайдым. Өмір де таусылып келеді. Өмір бойы қатты жұмыс істедім. Жұмыс, жұмыс деп еш нәрсеге мойын бұрмаппын. Туған-туыс, жора-жолдастардан қол үзгелі қашан. Жалғыз қалдым десем де болады. Кейінгі кезде осы мен қыруар дүниені кім үшін жинап жүрмін деп ойлай бастадым. Ертең бәрі де қалады. Неге ел аралап, балама барып, жер көріп, қалған өмірімді мәнді де сәнді өткізбеймін деп қатты ойланып жүрмін.

Сендердің келулерің де менің осы ой үстінде жүргеніме тап келді. Сондықтан мен бар ынта-ниетіммен сендерге қолымнан келген көмегімді беріп жүрмін, - деді ол.

- Бұныңызға рахмет, Смит мырза, сіз болмасаңыз, біздің күніміз не болатын еді, бір құдай біледі. Сізді жолықтырғаныма қатты қуанып жүрмін, - дедім.

Анда-санда жолда жайылып жүрген қойлар кездеседі. Меринос қойлар. Бірақ Улуру әлі алыс болғаннан кейін бұлар біз баққан қойлар емес деп келеміз.

Кеш бата жеттік-ау.

- Бүгін ұзақ жолдан тынығып алайық. Ертең маңайды шарлап, қойшыны іздеп табайық. Содан барлық мән-жайды білеміз, - деді Смит мырза.

Улурудың етегіне палатка тіктік.

Тамақ істеп іштік.

Ұйықтай алсам ше...

Ойыма неше түрлілер келеді. Мына жер кезінде қой бағып, талай аралаған жерім. Бәрі таныс. Көзіме жас та келіп қалды.

- Жақшыбек, сен де осы жерде қой бақтың ғой. Қалай, танып келе жатсың ба?

- Әрине, әне, анау төбенің басында талай отырдым. Жан-жаққа көз тастап, алыста қалған отаным - Қырғызстанымды ойлап, талай жылап алған жерім. Ал анау жерде аборигендердің үйі болған. Мен де тыныш жүрмеймін. Бір қыздарымен көңіл қосып, екеуіміз біраз жерге дейін барған едік. Далада кездесіп жүретін едік. Бірақ көп кешікпей, мені алып кетті де, Вагнерге сатып жіберді ғой. Қазір ойлаймын, сол қыз не болды екен, менен жүкті еді, босанды ма, әлде...

- Мәссаған, Жақа!!! Әңгіменің бәрі сенде екен ғой? Сосын...

- Сосын білмеймін ғой. Не болғанын. Олар көшіп жүреді ғой, ендігі басқа жақта жүрген шығар?

- Солай де, Жақа! Мен бала-бала деп жердің түбіне келіп, шапқылап жүрсем, сенің де бір...

- Иә, иә.

- Қой бақтым, құл болдым деп жылағанда етегің жасқа толады, уақытты босқа өткізбепсің ғой, кең дала, махаббат...

- Енді, тірі адам тіршілігін жасайды да... Бірақ сол қыз есімнен шықпайды. Пәк, аңғал еді. Мені сүйетін еді. Балам қандай болды екен? Қыз ба, ұл ма? Әлде өліп қалды ма? Обалы – Вагнерге, - деді ол.

- Көріңде өкіргір, - дедім мен.

- Майктың үйі осы жерден он шақырымдай жер. Алла жазса, ертең қолға түседі. Әкесін танытамын, бәлемнің. Анау екі азият та жолықса ғой. Бірақ ол алып күш иесі. Күшіміз жетпей қалса, Смит көмектесетін шығар?

- Неге жетпейді? Екеуіміздің күшіміз жетпесе, несіне еркек болып жүрміз, Жақа?

- Рас айтасың-ау, Тұреке!

- Бірінші қойшыны тауып алайық. Ол сол баяғы қырғыз шығар. Біздің келгенімізге әкесі келгендей қуанатын болар. Алып кетуге келдік дейміз. Ол да бізге көмектеседі.

- Иә, үшеуіміз бірдеңе қылармыз.

- Жақа, сен Майктың қойын қанша уақыт бақтың?

- Екі жылдай.

- ООО!

- Не боп қалды?

- Көп бағыпсың ғой.

- Сен ше?

- Мен көп емес.

- Негізі қой баққанда тұрған ештеңе жоқ. Бағу үшін келген жоқпын ба? Мені қинайтыны, алдап шақырып алып, еңбек ақымды бермей, ұрып-соғып, құл қылып ұстағандары ғой.

- Иә, сол ғой, адамды қинайтыны.

- Вагнер не істеп жүр екен? Үнді мұхитында әлі де сол алтынын іздеп жүр ме екен? Қартайғанда, қақпасқа сонша алтынның не керегі бар? Түсінсем бұйырмасын.

- Қанағат деген болады, Жақа. Қанағат қарын тойдырады, қанағатсыздық жалғыз атыңды сойдырады.

- Қанағат жоқ дейсіз ғой.

- Иә.

- Адамның көзі бір уыс топыраққа ғана тояды дейді ғой.

- Оның рас.

Ертеңінде таң атпай Улурудың шығыс бетіндегі қырқаның етегіндегі жер үйге зыр етіп жетіп келдік. Қойлар әлі аранда тұр. Жайылымға шығара қоймапты.

Біздің келгенімізді естіп, үйден көзін уқалап, бір адам шықты. Шықты да мені көріп, аузын ашып, таңырқап қалды. Мен оның баяғыда өзімді екі азияттың осы жерден алып кетіп бара жатқанда менің орныма келген қырғыз екенін бірден таныдым.

Содан бері жүрген болып тұр ғой, бейшара.

- Сен қырғызсың ба? – деді Жақшыбек оған.

- Иә, - деді ол.

- Майк қайда?

- Анау үйде ұйықтап жатыр.

- Жүр, біз сені алып кетуге келдік. Ал қазір Майктың сазайын береміз, - деді Жақшыбек.

Қолына бір таяқты ұстап алыпты. Менің де қолымда бір таяқ. Смиттің қолында аңшы мылтығы. Үйге жақындап келіп, есікті теуіп кеп жіберіп кіріп келсек, сабазың әлі шырт ұйқыда жатыр. Қыңқ ететін емес.

- Тұр, ей, мал, - деп Жақшыбек құйрығынан теуіп кеп жіберді.

Бұлар кім болды екен дегендей әзер ыңыранып көзін ашқан ол Жақшыбек екеуімізді көргенде шошып кетті.

Тепкінің астына алдық, малғұнды. Қойшы да қосыла кетті. Байғұсты әбден сабадық-ау. Бейшара жаман қиналды.

- Бізді таныдың ба, - дедім мен оған.

- Әрине, - деді ол.

- Кешіріңдер, менің түк жазығым жоқ қой, маған адамдарды әкеп береді, керек десеңдер, мен өзім де осы жердің тұтқынымын, бұл қойлар менікі емес, анау екі азияттардікі. Мен бейшара түрмеден қашып шығып, басқа барар жерім, басар тауым жоқ болған соң амалсыз жүрмін, әйтпесе бұндай ит байласа тұрмайтын жерде нем бар, - деп жылады ол.

- Өзім де қашайын деп жүр едім. Әбден шаршадым. Ана екі ит әбден қорлап бітті. Енді көрсем өлтіремін. Өзімді де өлтіремін. Полициядан қорқамын. Қайтадан түрмеге түскім келмейді, - деді ол.

Аяп кеттім.

-Сен маған кел, - деді Смит. Мен саған жаңадан құжат жасап беремін. Өмірді қайтадан ақ парақтан бастайсың. Мен сені адам қыламын.

О, құдай, бар екенсің ғой. Мың да бір рахмет. Барамын, маған көмектесіңізші, енді ешкімге де жамандық жасамаймын. Адам секілді өмір сүргім келеді,- деп өкірді Майк.

- Адам болғың келсе, өз қолыңда, мен саған көмек беремін, әрі қарай барлығы да өзіңе байланысты, осыған келісесің бе? - деді Смит.

- Келісемін, келісемін, - деп Майк Смиттің аяғын құшақтай алды.

- Қойы құрысын. Енді көрмегенім қой болсын. Смит мырза, бұл жерде қазір мыңға тарта қой бар, барлығын сатып жіберіп, мына жігіттердің еңбегін қайтарғым келіп отыр, - деді Майк.

- Мына айдалада оны кімге сатпақсың, - деді Смит мырза.

- Алатын адам табылады. Анау екі оңбаған келмей тұрғанда барлығын сатып жіберіп, ақшаны алып, сізді іздеп барамын, мына жігіттердің еңбекақысын ала барамын, - деді Майк.

Біз барлығымыз бір-бірімізге қарадық.

-Мельбурнге барған соң, полицияға арыз жазамыз. Сіз бар, мына үш жігіт бар, бұлтартпас деректер бар, ол екі оңбаған түрмеде отыр деп санай беріңдер, - деді Смит мырза.

-Мені қоспай-ақ қойыңыздаршы. Мен онсыз да полицияның іздеуінде жүрген адаммын. Үшеуіңіз жазсаңыз да жетеді, - деді Майк.

-Жарайды, - деп үшеуіміз келісе кеттік.

Жақшыбек әлі де ашу-ызасы тарқамаған, кіжініп жүр.

- Сіздер бұған сеніп отырсыздар ма, ертең-ақ бұл сөзінен айнып кетеді. Қазір шыбын жаны үшін мәймөңкелеп тұр. Біз кетісімен-ақ барлығын ұмытады, - деп Жақшыбек таяғымен тағы да бір салды.

-Ештеңені де ұмытпаймын, - деді Майк.

- Осы сөзім –сөз!

- Жақшыбек, жарайды, қой, бұл да адам баласы ғой, шынын айтып тұр, өткеніне өкініп тұр, қайтесің бейшараны, келдік, ұрдық, көрдік, кегіміз қайтты, енді мына қырғызды алып, қайтайық,- дедім.

Сосын Майкқа көптен бері өзімді мазалап жүрген бір сұрағымды қойдым.

- Майк, мені анау екі азият бір теңізде алтын іздеп жүргендерге құлдыққа сатып жіберіп еді ғой, солардың бастығының аты Вагнер болатын, солар туралы не білесің, олар саған айтқан жоқ па?

- Айтты. Вагнер қазір ол жерде істемейді. Басқа жаққа кеткен. Азияттардың айтуынша, ол Атлант мұхитында бір Дрейк дей ме, Брейк дей ме бір қарақшының тыққан алтыны бар екен ғой, соны табамыз деп кетіпті. Енді олар бізден адам сатып алмайды. Сондықтан ғой Жәнібектің осыншама ұзақ уақыт қой бағып жүргені, - деді ол.

Қойшының көзі атыздай болды.

- Атасының басы табады, - дедім мен оған қарап қойып, ол алтынды мен баяғыда-ақ тауып қойғанмын...

Бәрі маған үнсіз қарап қалды. Мен шындықты айтқан едім.

Сол күні-ақ кері қайтып кеттік.

- Көп кешікпей мына қойларды сатып жіберіп, ақшаны алып, сізді іздеп барамын, Смит мырза, маған құжат жасап беріңізші, мен де жұрт секілді өмір сүргім келеді, - деді тағы да Майк жалынышты түрмен.

- Сен бірінші айтқаныңды орында, мына жігіттердің маңдай терімен тапқан адал ақшасын қайтар, сосын мен саған көмектесемін, - деді Смит мырза.

- Құп болады, орындаймын. Сіз әлі-ақ менің жақсы адам екенімді көресіз, - деп Майк кемсеңдеп жылап қалды.

Жол теп-тегіс. Тақтайдай. Кең дала. Қазақтың Бетпақдаласында келе жатқандаймыз. Тек анда-санда ұшырасатын кенгурулар бұл жердің жат ел екенін есіңе салып қойғандай болады. Кенгурулардың орнында киіктер болса міне, мынау қазақтың кең даласы десең, кім болса да сенер еді.

Қойшының аты Жәнібек екен. Бізді көріп, байғұс жаман қуанды. Әкесі тіріліп келсе де былай қуанбас, сормаңдай.

- Сені сатып жібермегеніне қарағанда Вагнерлер алтын іздеуін доғарған немесе басқа жаққа кеткен деп ойлағанмын, дұрыс ойлаған екенмін,- дедім Жәнібекке.

- Жәнібек, сен қайта көп қорлық көрген жоқсың. Бұл жерде біз де қой баққанбыз. Бізді кейін теңіз қарақшыларына құлдыққа сатып жіберген. Теңіз түбіне сүңгіп алтын іздегенбіз. Одан Оңтүстік Америкаға дейін барып қайттық. Түрмеде жаттық. Көрмеген құқайымыз жоқ. Бізді айтсайшы, - дейді оған Жақшыбек.

- Енді осы жерде өлетін шығармын деп жүргем. Қашайын десем, құжат жоқ, ақша жоқ. Ағатайлар-ау, сендерді айдап келген құдайыма мың рахмет, өңім бе, түсім бе, сене алатын емеспін, - деп Жәнібек еңіреп жылағанда біздің де көзімізге жас келді...

- Анау қыраттың астындағы үйге соға кетейікші, - деді Жәнібек біраз ұзап кеткеннен кейін Смит мырзаға. Смит машинасын оңға қарай бұрып, бір балшықтан құйылған ескі үйдің жанына келіп тоқтады. Оншақты үй. Маған жақсы таныс көрініс. Австралияның жергілікті тұрғындары – аборигендердің үйлері. Біздің келгенімізді естіп, үйден бір қарақошқыл жас әйел мен екі бала атып шықты. Жәнібек машинадан секіріп түсіп, үйге кіріп кетті. Жаңағы әйел мен балалар да артынан ілесе кірді.

Бір уақытта Жәнібектің артынан қолына бір баласын көтеріп алған, екіншісін жетектеп алған жаңағы әйел қайта шықты. Олар жылап-сықтап маңайдың барлығын азан-қазан қылып жіберді.

Ештеңе түсінбей біз отырмыз.

Жәнібек келді. Бірақ әйел Жәнібектің мойнына асылып, құшақтап, жылап, жібермей, көпке дейін тұрып алды. Үшеуіміз бірдей көзіміз бақырайып, аузымыз ашылып, оған қарап отырмыз. Жәнібек балаларды көтеріп алып, бір-бірден бауырына басып, жақсылап тұрып, иіскеп, сүйіп шықты. Сосын барып бізге қарап: «бұлар менің бала-шағам ғой», - деді.

Қоштасуға келген едім...

Әйел мен екі бала машинаның артынан біраз жерге дейін жүгіріп келе жатты да шаң-топырақтан көзге көрінбей кетті...

Мен жас әйелді, екі баланы қатты аяп кеттім...

Тағы бір отбасының оты өшті.

Арамызда ауыр үнсіздік орнады.

- Шынында да Майк біздің еңбекақымызды бере ме екен?, - деді біраздан кейін Жәнібек.

- Беретін секілді, - деді Смит мырза. Мен оның түрінен өзгерген, тәубесіне келген адамның белгісін байқадым.

- Ақшаны алып келсе, мен сіздердің арттарыңыздан салып жіберемін, - деді ол.

- Егер де Майк менің адал еңбекпен тапқан ақшамды беріп жатса оны жаңағы әйелге, менің отбасыма бересіз бе?-деді Жәнібек Смит мырзаға қарап.

- Әрине, әрине беремін, - деді Смит мырза.

Смит мырза көргендері мен естігендеріне таң қалып, көпке дейін сөйлемей, ұзақ ойға шомып келе жатты.

-Иә, біздің де білмейтініміз көп қой, - деді бір уақытта ол терең дем алып. Бұрын біреу маған келіп, біздің елімізде осындай оқиғалар болып жатыр десе сенбес едім.

Жүре берсең, көре бересің деген осы екен-ау....


НИКОЛА МЕН СЮЗАН


Мельбурнға келсек, Смиттің жігіттері Никола мен Сюзанның адресін тауып қойыпты. Полицияға барып, арыз жаздық.

Бізді қалай қарсы алады екен? Бізді көріп шошып кетіп жүрмей ме? Баланы бермейміз деп у-шу болып жыласа, полицияға хабарласа, не істейміз? деп уайымдай бастадым.

- Смит мырза, сіз бізбен бірге жүріңізші, өз халқыңыздың мінез-құлқы сізге белгілі. Бірдеме деу керек болса, бізге көмектесіңізші, - деп тағы да өтіндім.

Жарайды, - деді ол.

- Бірақ бұл өте күрделі мәселе. Не айтарымды білмеймін. Жарайды, бара көрерміз, - деді ол тағы да.

Николаның үйіне кеш бата кіріп бардық. Көпқабатты үйде тұрады екен.

Никола бізді көргенде аузы ашылып қалды, көзі бақырайып кетті, таң қалғаны сондай, не айтарын білмей қалды, қатты састы.

Бізге бір, балаға бір қарай береді.

Сюзан да шошып кетті. Бірақ ескі таныстар емеспіз бе, қол алысып амандасып, амандық, саулық білістік.

Біздің неге келгенімізді олар әрине, бірден түсінді.

Елжан төсектің үстінде ұйықтап жатыр екен. Ақырын барып, маңдайынан иіскедім. Қолыма көтеріп алдым. Біраз өсіпті, толған. Күтімі жақсы екенін бірден байқадым. Әлі ояна қойған жоқ. Әкесінің келгенін сезді ме екен, құлыным?

- Жарығым менің, әкеңді кешір, тар жол, тайғақ кешуде, ес-түсімнен айырылып, өзіме есеп бере алмай, қиналып жүріп, сені тастап кетіппін. Енді міне, сол қатемді түзейін деп келдім, сені алып кетуге келдім. Жердің түбінен келдім. Кешір, мені, құлыным! деп қазақша айтып, айналып-толғанып, сөйлеп кеттім.

Елжанды тапқаныма бір қуансам, екінші бір қуанғаным, Сюзан екіқабат екен.

Әне, міне деп, жардай болып отыр.

Бала асырап алған ерлі-зайыптылардың кейіннен өздерінің де баласы болатынын мен елде жүргенде талай көргем. Баланы құшып, сүйгеннен кейін, жақсы көріп, оған барлық мейірімін төккеннен кейін ананың да мейірімі оянып, иіледі, сосын бойына бала бітетіндігін медицина да жоққа шығармайды.

Сюзан да Елжанға деген аналық махаббатының арқасында жүкті болғандығын түсіндім.

Никола мен Сюзанға барлық жайтты жақсылап түсіндіріп бердім. Қателік жасағанымды, дәл сол кезде ес-түсімді білмегенімді, кейіннен қатты өкінгенімді, баланың анасының да күндіз-түні түсімнен шықпай, қатты ренжіп жүргенін айттым.

- Өзім де сағындым. Енді Елжансыз өмір сүре алатын емеспін, - дедім. - Осы жолы баланы алып кетпесем, шешесі екі дүниеде де риза болмаймын деп жатыр. Өзім де сағындым. Әбден мазам кетті. Кешіріңдер. Елжанды өзіме беріңдер, - дедім.

Смит те мені жақтап сөйледі.

- Сіз өзіңіз де екіқабат екенсіз ғой, - деді ол Сюзанға, ертең-ақ өзіңіздің балаңыз болады, бұл кісіні жылатпайық, өз баласын өзіне қайтарайық, - деді ол.

Никола да, Сюзан да жылады.

Мен де езіліп кеткендеймін...

- Сіздерден қашып, осында көшіп келіп едім. Сіздің ерте ме, кеш пе, Кейптаунға келетініңізді сезген болатынмын. Енді қайтейін, тағдырдың жазуы осы шығар, бірақ Елжанды асырап алғаннан кейін құдай бізге бала берді. Келіншегім Сюзан - екіқабат. Көріп отырған боларсыз. Сізді тағы да жылатқым келмейді. Болашақ баламызға өмір берсін. Құдайдың кәріне ұшырағымыз келмейді, балаңызды алыңыз, - деді Никола.

Сюзан үндеген жоқ.

Елжанды көтеріп алып, киіндіре бастағанда ол жылап, Сюзанға жабысып, мойнынан құшақтап алды. Сюзан оны қолына алып, көтеріп, көпке дейін бізге бергісі келмей, әрі-бері жүріп алды.

-Біз арттарыңыздан барамыз, Елжанға сондай бауыр басып кеттік, бізді айыра көрмеңіз, құлынымды келіп, көріп тұрайын, - деді Сюзан әлден уақытта.

- Әрине, мен қарсы емеспін. Сіздерге әрқашан да есігім ашық, сіз оның екінші анасы боласыз, - дедім толқып тұрып.

Сосын адресімді бердім.

Сюзан баланың құжатын берді. Әлі аты-жөнін ауыстырмапты. Елжанды көтеріп алған күйі үйден шығып жүре бердім.

Смит мырза мен Жақшыбек те артымнан ерді.

Осылайша мен мақсатыма жеттім.

Бала - қолымда! Елжан!

Менен бақытты жан жоқ еді дәл сол сәтте.

Бәрінің де жақсы аяқталғанына шексіз қуанышты едім.

Жақшыбек те, Смит мырза да мәз. Жәнібек те қуанып жүр.


ҚОШ-АМАН БОЛ, АВСТРАЛИЯ!


Смит мырза бізді жібермей тағы да екі-үш күн күтті. Жәнібекке миграциялық полицияға барып жүріп, уақытша құжат жасап берді. Баланы да дәрігерге көрсетіп, ұзақ жолға дайындадық.

Ертесінде ұшып кеттік.

Смит мырза әуежайға дейін шығарып салды.

- Біздің елге қонаққа келіңіз, Смит мырза. Біз сізге қарыздармыз. Үлкен рахмет, - дедім кетерде.

- Оқасы жоқ, Тұреке, кезінде сені қонаққа шақырамын деп сенің обалыңа қалғандай болған едім, менікі соның өтеуі болсын, - деді ол.

Ұшақтың терезесінен қарасам, Смит мырза бізге қол бұлғап тұр екен.

Сосын.... сосын әрірек жерде тұрған Никола мен Сюзанды көзім шалды...

Екеуі де жылап тұр екен.

Сюзанның қолында аппақ ақ орамал, көзін сүртіп-сүртіп қояды.

Никола да қолын бұлғады...

Қош-аман бол, Австралия!


Енді сені көремін бе, көрмеймін бе, білмеймін, бірақ мен саған өкпелемеймін деп ішімнен күбірледім...


Кеудемді бір мұң басып, сезімім селк етіп, тұла-бойымды ток ұрғандай болып, бір керемет, ғажап нәрсе - өксік пе, қуаныш па, шаттық па, әлде бір сағыныш па, әлде бір қимастық па, білмеймін, бір сезім билеп алды...


Таныс та бейтаныс Австралия,

Өмірімді өзгерткен Австралия!

Мен саған өкпелемеймін,

Қош-аман бол, Австралия!


Таныс та бейтаныс Австралия,

Мен сені кешірдім, Австралия.

Мен саған өкпелемеймін,

Қош-аман бол, Австралия!



Таныс та бейтаныс Австралия,

Кешірші мені, Австралия.

Мен саған өкпелемеймін,

Қош-аман бол, Австралия!


Таныс та бейтаныс Австралия,

Алыстап барасың Австралия.

Мен саған өкпелемеймін,

Қош-аман бол, Австралия!


Таныс та, бейтаныс, Австралия,

Мен сені қимаймын, Австралия!

Мен саған өкпелемеймін,

Қош-аман бол, Австралия!


Таныс та бейтаныс, Австралия,

Сен мені ұмытпа, Австралия.

Мен саған өкпелемеймін,

Қош-аман бол, Австралия!


Таныс та бейтаныс Австралия,

Мен сені сүйемін, Австралия.

Мен саған өкпелемеймін,

Қош-аман бол, Австралия!


Мен сені сүйемін, Австралия!..


Жаңа ән туды....


Ұмытып қалмасам екен деп ішімнен ыңылдап қайта-қайта қайталаумен болдым...

Екі көзімнен аққан ыстық жас екі бетімді жуып, кеудеме тамшылап тоқтаусыз құлап жатты...

Артыма қарасам Жақшыбек пен Жәнібек те жылап отыр...

Жәнібекті түсінемін, бала-шағасын ойлап отыр, саған не жоқ, Жақа, жартыбас?..

Әәә, анау пәк, аңғал қызыңды ойлап отыр екенсің ғой.

Түсінікті...

Алып «Боинг-777» бізді аспанға ала қашты. Батысқа қарай ұштық. Жолда Куала-Лумпурге, Делиге соғып, Дубайға келіп қондық.

Басқа ұшаққа міндік. Астанаға келдік. Елжан ата-бабасының жеріне келгенін сезді ме, ұшақ Астананың әуежайына қона бергенде бақырып жылап қоя берді...

Сол түні түсіме Ауа кірді.

Ауа үстіне әдемі көйлек киіп алыпты. Шашы жалбырап, жаныма жетіп келді. Ерте көктемде гүлдеген даламның алқызыл бәйшешегіндей көз жауын алып, керемет құлпырып кетіпті.

Сол баяғы үндіс қызы – Ауа!

Ол өзінің жарқын да жылы жүзімен, сыңғырлаған сиқыр күлкісімен жымиып, күлімдеп келіп, менің мойыныма асыла кетті...


АЙШӨРЕК


Уақыт өтіп жатты. Елжанға бұл жақтың ауа-райы жақпады ма, ауыра беретінді шығарды. Басында бәрі жақсы еді. Бармаған жеріміз жоқ. Дәрігерлерге де, бақсы-балгерлерге де көрсетіп шықтық. Жұбайым қатты әбіржіп кетті. Баланы ол жақсы қабылдады. Өз баласындай еміреніп, елжіреп, иіліп отырғанын талай байқадым. Бірақ қанша асты-үстіне түсіп, күтіп, бақсақ та ол күннен күнге әлсіреп бара жатты...

Дәрігерлер де, ұсқынының басқаша екенін көргендіктен бе, бұл балаға осы жақтың климаты жақпайды, тез арада ауыстыру керек дейтін болды.

Жынды ма, осылар? Ауыстырғанда қайда бармақпын? Австралияға немесе жердің түбіне қайтадан апарып тастайын ба? Шешесі де жоқ. Оны енді кім бағады? Кім қарайды оған? Біреудің баласы біреуге керек пе мына заманда? Қойшы әйтеуір басыма неше түрлі ойлар келіп, ұйқы-күлкіден қала бастадым.

Күннен-күнге солып барады. Тамақ ішуден де қалды. Тез арада бірдеңе қылмасам баладан айырылып қалатын секілдімін.

Қорқа бастадым.

Елжаннан айырылып қалсам, Ауа түсіме кіріп, быт-шытымды шығаратын шығар? Кейінгі кезде тынышталып еді. Баяғыдай жиі-жиі түсіме кірмейтін болды. Бала қасымда. Жаны тынышталған секілді. Бірақ оның жиі-жиі ауыра беретінін біле ме екен? Білсе, тағы да түсіме кіріп, не істеу керек екенімді неге айтпай жатыр?

Қазақ «бала – адамның бауыр еті» деп тегін айтпаған ғой, жанымды қоярға жер таппай кетемін кейде.

Бір күні осылай бас қатып жүргенде Жақшыбек хабарласты.

- Сен менің қарындасымды бір сығанға апарамын дегенсің бе, қайта-қайта сұрап қоймайды, не істейік? - дейді.

- Айшөрек пе?

- Иә.

- Иә, бір сығанға апарамын деп уәде бергенмін, дуаны қайтаратын, бірақ ол сыған қазір бар ма, жоқ па, білмеймін, бірақ келе берсін.

- Апарасың ба?

- Апарсам, апарайын, - дедім.

Ойым - Елжанды да сығанға бір көрсетіп алу. Мүмкін оның ауруының бір сырын білсе, сол сыған білер. «Үмітсіз – шайтан» деген, басқа түскенде не болса соған сеніп «суға кеткен тал қармайды» дегендей, әр нәрсенің басын бір шалатын болып жүрмін.

Көп кешікпей Айшөрек те келді. Қазіргінің қыздары отыз жаста да жап-жас қой. Айшөректің екі беті томпиып, ажары кіріп, сүп-сүйкімді-ақ болып кетіпті. Тұла бойы тұнған нәзіктік дерсің. Белі үзіліп кетейін деп тұр. Аға деп сызылғанда, жүрегің еріп кетеді ғой. Жұтып қойғың келеді. Бірақ мен оған қыз деп емес қарындасым ретінде қарауға өз-өзіме ант бергенмін.

Ауаны енді ешкімге алмастыра алмаймын.

Бұрынғылар 14-15–тегі қыздарды ғана сұлу, әдемі көріпті. Оған қазақтың ғашықтық жырларын оқып отырсаң көз жеткізесің. «Қыз Жібекте» әдемі қызды суреттегенде «төсінде бар қос анар, нар бураның санындай» десе, бірде «бұралып кетіп барады, жын соққандай теңселіп» деп жырлапты:


Өзі он төрт жасында-ай...

Қыз Жібектің ақтығы

Наурыздың ақша қарындай,

Ақ бетінің қызылы

Ақ тауықтың қанындай,

Екі беттің ажары

Жазғы түскен сағымдай,

Білегінің шырайы

Айбалтаның сабындай.

Төсінде бар қос анар

Нар бураның санындай,

Оймақ ауыз, құмар көз

Іздеген ерге табылды-ай...


Тағы бір қыз туралы:


Көш алдына қараса,

Бір қыз кетіп барады,

Он қыз нөкер қасында,

Өзі он бес жасында.

Абжыландай толғанып,

Бұралып кетіп барады,

Жын соққандай теңселіп...



Қазіргінің көзімен қарасаң «жын соққан қыз» әдемі ме? Әрине, оны ешқандай да жын соққан жоқ. Бірақ сен оған ғашықтық көзбен қарашы... Жын соқпақ түгілі, пері соққан қыз деп соғасың...

Ақын болып кетесің...


СЫҒАННЫҢ «САНДЫРАҒЫ»


Ертеңінде жолға шықтық. Айшөрек пен Елжан артқы орындыққа жайғасты. Елжанды қолына алып еді, ол бірден ұйқыға бас қойды. Содан жетер жерімізге жеткенше тырп еткен жоқ.

Сарыарқаның төсінде «аттың» басын жіберіп-жіберіп алдым. Шіркін, тойота! Сен мені қайда апармадың? Қазақстанды оңды-солды кесіп өттім, бір де бір рет қыңқ деген жоқсың. Қамшы салдырмайтын нағыз «тұлпарсың».

Енді, міне тағы жолға шықтым...

Ех, жолдар, жолдар...

Сыған бар екен. Сол баяғы үй. Ақмаралмен келген кездегіден бері түк өзгермепті. Алды толған адам. Біз түгілі шетелден келген адамдар да жүр. Кезек күтіп, үш күн жаттық. Үшінші күні кірдік-ау. Үш адамға деп 300 доллар төледік. Қаптаған кісі. Басымда бұл қатын баяғыда-ақ миллионер болған шығар деген бір ой жылт етті. Бірақ ондай ештеңе байқалмайды.

Бірінші Айшөрек кірді. Күтіп біз жүрміз. Бұндай кезде сағат тілі де жылжымай бір орында тұрып алады ғой, басқа да неше түрлі ойлар келе береді, ақыры шықты-ау...

Аппақ бетінде қан-сөл жоқ.

- Не болды? - деп тұра ұмтылдым. Бірақ жөнді ештеңе айтпады. Адам көп. Кезегіміз келіп қалды, тез кіру керек, әйтпесе кезегіңнен айырылып қаласың.

Сосын баланы алып мен кірдім. Төр жақта қап-қара, жардай бір қатын отыр. Басында орамал. Үстелдің үстінде құран жатыр. Қабырғалардың бәріне арабша сөздер ілініпті. Құран аяттары болар деп топшыладым. Шөп-шалам, су, неше түрлі тұмар, таспық, адыраспан, қамшыны көзім шалды.

Е, адамдарды мұсылманшылықпен емдейді екенсің ғой деген бір ой жылт етті.

- Баланың шешесі қайда? – деді ол салған жерден.

Ә дегенде сасып қалдым, сосын есімде жиып, баланың анасы қайтыс болған, - дедім.

Сосын сыған әйел баланы шешіндіріп, өз тілінде бірдеңе-бірдеңе деп бүкіл денесін қолымен сипап шықты. Біраз жерлерін басып көрді. Аузын ашып көрді, арт жағына да үңілді. Бейтаныс әйелден шошыды ма, әлде жатырқады ма, Елжан да бақырып барады. Көз қиығы менде...

Бір уақытта сыған әйел бұл баланың ешқандай да ауруы жоқ, шешесін сағынады, сосын бұған осы жақтың ауа-райы жақпай жүр, - деді.

- Анасының басқа ұлттың адамы екені көрініп тұр. Әйелді алыстан, өте алыстан алған екенсің, - деді ол.

- Рас, - дедім.

Бір уақытта май шам жақты. Май шамға тесіліп қарап біраз отырды. Дұға жасады. Екі тарелке алғызды. Тарелкені май шамның отына біраз ұстап тұрды да, үстелдің үстіне айналдырып кеп жіберді. Ол болса дөңгелек үстелдің үстін үш рет айналып барып, май шамның жанына келгенде қақ бөлінді. Сыған әйел екі бөлігін де қолына ұстап, бір-біріне жақын әкелген еді, екі сынық қайтадан бір бүтін болып кетті. Таң қалғаным сондай, көпке дейін үнім шықпай қалды. Сосын мынаны көр дегендей маған ұсынды. Қолыма алып қарап едім, шышында да бұл тәрелке бұрын сынған ыдысқа ұқсамайды. Ешқандай белгі таппадым. Екі көзім бақырайып, таң қалып, аузым ашылып қалды. Ал енді сығанның құдіретіне сенбей көр.

Әлде менің өзіне сенбей тұрғанымды байқап, таң қалдырғысы келді ме екен?

Сыған әйел бір уақытта:

- Бұл баланың анасы тірі, - деді.

- Ол қайтыс болған. Өзім жерлегенмін. Өз көзіммен көргенмін. Сіз қателесіп отырсыз дедім ызаланып.

- Мен бе? – деді ол.

-Әрине, сіз.

- Мен ешқашан қателесіп көрген емеспін.

- Сізді емші деп келіп отырсақ, қайдағыны айтқаныңыз не?

- Сен, балам, маған сенбей отырсың ба? Мен ешқашан қателескен емеспін деп жаңа айттым ғой. Сенбесең тағы да бір көрейін,-деді ол.

Алдына бір шүберекті жайып жіберді де, бір уыс құмалақты шашып кеп жіберді. Сосын оларды бірден, екіден бір жерге топтастыра бастады. Күбірлеп біраз отырды. Аң-таң болып, мен отырмын. Бұл сығаның қазақтың біраз ырым-сырымдарын меңгеріп алыпты. Бұны білгенде Астанада жүріп-ақ құмалақ аштыра салар едім. Бірақ оларға онша сенбейсің. Ауылдағының қадірі болмайды ғой. Ал сыған дегенде ол бір басқа планетадан келген адам секілді, оның айтқан әрбір сөзі, өзі керемет бір әсер етіп, еліртіп, есеңгіретіп тастайды екен.

Осы әрекетін ол үш рет қайталады. Қайта-қайта басын шайқай береді. Сосын тағы да бүй деді:

Баланың анасы тірі. Бірақ ол өте алыста жүр. Басына қара бұлт үйіріліп, қауіп-қатер төніп тұр. Оған көмек керек. Және тез арада.

- Сізге тағы да қайталап айтайын. Бұл баланың анасы үндіс қызы, расында да алыста. Баладан қайтыс болған. Өз қолыммен жерлегенмін, - дедім мен оның «көріпкелдігіне» жыным ұстап.

- Сен маған әлі де сенбей отырсың ба? Балам, мен ешқашан қателескен емеспін. Оған күмәнің болмасын. Бұл жерде бір үлкен құпия бар. Сол құпия оның басын жалмамаса нетті? – деді ол.

- Қандай құпия?

- Алтын көріп тұрмын. Өте көп алтын...

Ары қарай тыңдауға шамам жетпеді, Елжанды алдым да, шығып жүре бердім...

Сығанның «сандырағына» жыным ұстап, жұлқына шықсам, Айшөрек күтіп отыр екен, бізді көріп ол да жанымызға жетіп келді, не болды, не болды деп жатыр.

- Жәй, - дей салдым.

Сеніміне селкем түсіргім келмеді.

Алтын. Алтыны несі?

Гоф аралындағы алтын ба? Дрейктің алтыны. Бірақ оны Ауа екеуімізден басқа ешкім де білмейді.

Сонда ол оны қайдан, қалай көріп тұр?

Түсінсем бұйырмасын...

Сыған Айшөрекке басың дуада, қарғыс арқалап жүрсің, жолың жабылған, бірақ мен оны ашамын. Адамның өмірінде ақ жол, қара жол деген болады. Ол екеуі алма-кезек ауысып отырады. Бірақ сенің қара жолың тым ұзаққа кетіп барады. Тезірек бұл жолдан шықпасаң құсадан өлесің. Мәңгіріп, жынданып та кетуің мүмкін. Бірақ сенің маған келгенің жақсы болды. Мен бұрын да бұндай қарғыстың талайын қайтарғанмын. Дуаны алып тастағанмын. Солардың көбі маған қайтып келіп, алғыстарын білдіріп жатады. Сен де қорықпа. Бұл менің қолымнан келетін іс депті.

Сосын қамшымен сабапты. «Кет, пәлекет, кет» деп басынан бір шүберекті айналдырып, сосын оны өртеп жіберіпті.

- Күнделікті дұғама қосып отырамын. Бірақ сен мынаны тағып ал деп бір тұмар беріпті, күнде мына дұғаны бес рет оқы деп бір жапырақ қағаз ұстатыпты, сосын мына судан күніне үш рет ұрттап, ішіп отыр деп, дұға оқылған түсі жасыл үш литр су беріпті.

Ақмаралға да сүйткен болатын.

Сығанға сенбейін десем, Ақмарал көп өтпей шынында да тұрмысқа шыққан болатын.

Енді айтып отырғаны мынау...

Осы мен жынданатын шығармын...


«ПЕРІШТЕНІҢ» КЕЛУІ


Үйге келсем, хат жатыр. Жұбайым алып, сақтап қойыпты. Басында оқығысы келген-ау деймін, конверт ашылған, бірақ ондағы жазу испанша болғаннан кейін, ол әрекетінен түк шықпағанға ұқсайды. Анхель жазыпты. Анхельдің қазақшасы «періште» деген мағына беретіндігін бұрын жазғанмын. Хатты оқысам жуырда келетіндігін, жиенін қатты сағынғандығын, бір рет көргісі келетіндігін жазыпты.

- Келсең кел,- дедім, басқа не дейін?

Көп кешікпей Астанаға «періште» келді.

Анхель. Ауаның ағасы.

Бірінші рет келе жатыр ғой деп күтіп алуға барлық тайлы-тұяғымызбен шықтық. Туыстар, дос-жарандар. Келіншегім де бар. Айшөрек үйде балаға қарап, қалды.

Әуежайда тұрмыз. Ұшақ кешігіп қонды. Оған себеп Арқада бұл кезде алай-дүлей боран еді. Таяқ тастам жер көрінбейді. Бір уақытта басылды-ау...

Әуежайдың күту алаңында екі көзіміз төрт болып, өтіп жатқан адамдарға қарап, ұзақ тұрдық. Анхель міне... міне... келіп қалатындай алаңдап, әр адамға сол емес пе деп тесіле қарап, барлық адамдар өтіп болғанша тұрдық. Ұшақ бағана қонған. Барлық адамдар түсіп, кетіп болды. Анхель жоқ. Алаңдай бастадым. Бір уақытта қолында ештеңе жоқ, жеңіл киінген, ақырын, асықпай, маңғаз басып, жан-жағына қарап, бір адам келе жатты. Майамиға, ыстық жаққа, әкесінің үйіне келе жатқандай. Кеудесі ашық.

Шырамыттым. Сол. Анхель.

Періште.

Құшағымды ашып, алға тұра ұмтылдым. Ол болса баяу басып келді де, мені құшақтай алды. Сол кезде ғана күтіп тұрған адамымыздың сол екеніне көзі жеткен күтіп алушылар да тұра ұмтылды. Анхель өзін осыншама адамның күтіп алатынын ойламаған болса керек, сәл ыңғайсызданып, кібіртіктеп қалды.

Далаға шықтық. Арқаның аязы кәріне мініп, ысқырып тұр еді. Боран басылса да аяздың беті қайта қоймаған болатын.

Жүз метр жерде тұрған джипке тістері сақылдап, дір-дір, қалш-қалш етіп, әрең жетті. Бейшараға сыртқы киімдерімді шешіп бермегенде тірідей қатып қалар ма еді, қайтер еді, әйтеуір жеттік-ау.

- Не деген сұмдық! Қандай суық. Сүйегімнен өтіп кетті ғой,- деп қайта-қайта айта береді. Екі алақанымен екі құлағын басып алған. Дем ала алмай келе жатыр.

- Талай суықты көріп едім, Бек, сен суықтың отанында тұрады екенсің ғой, - дейді.

- Бұл - Астана, Анхель! Еуразияның антарктидасы!

- Сұмдық!

- Анхель, сен Арқаға, оңтүстік Сібірге келгеніңді ұмытпа. Қайта бүгін күн жылы болып тұр, - дедім не дер екен деп.

- Жылы болып?

- Иә!

Жылыларың мынандай болса...

Арғы жағын өзім де түсіндім.

- Мені осыншама адам күтіп алады деп ойламаппын. Өзімнің соншама маңызды адам екенімді енді ғана түсіндім, - деді ол былай шыға бере маған жымиып.

- Иә, сен біздің құрметті қонағымызсың, маған да, менің жақындарыма да өте маңызды, сыйлы адамсың,- дедім. Біздер қазақтар, қонағымызға жалғыз атымызды сойып беруден тайынбайтын, мәрт, жомарт халықпыз. Қонағымызды құдайымыздай сыйлаймыз!

- Рахмет, - деді ол.

Анхель бұрын да батыл, шапшаң болатын. Еті тірі жігіт дейді бұндайды қазақ. Бұл келісінде мен оның жүрісінен тағы да бір паңдықты, өз-өзіне деген сұмдық бір сенімділікті байқадым.

Аяғын алшаң-алшаң басып жүретін болыпты. Сөйлескенде де әр сөзін нық-нық қылып айтады.

Ақшаның буы ма?

Алтынның...

Бұл дүниеге маңғаздана қарайтын болыпты...

Үйге келгенше, машинаның терезесінен жан-жаққа қарап, үндемей қалды. Бұл неткен теп-тегіс, кең дала дегендей алыс көкжиекке көз тастап, үнсіз ойға беріліп отырды.

Бірақ мен оны мұншама балажан деп ойламаппын. Елжанды көргеннен-ақ еріп сала берді ғой. Айналып-толғанып, қасынан шықпайды. Қолынан бір тастамайды. Елжан да тынышталайын деді. Нағашысының келгенін ол да сезді ме, күшік, уілдеп, ойнайтынды, сықылықтап күлетінді шығарды, ұйқысы қатты, қылығы тәтті бола бастады. Баланың бұнысынан шошыйын дедім. Сәл де болса бойында нағашысының қаны бар ғой, сол тартып бара ма?

Ертең банк тонаса жетіскен екенмін.

Бала күндіз-түні Анхельдің иығынан бір түспейді, кейде атша мініп алады. Анхель оған еш ренжімейді.

Қайта риза болады.

Ол кешегі банк тонаған Анхель емес, сырт қарағанда жуас, отбасына тыныш, бала десе жанын беретін, моп-момақан еркектің кейпіне кіріп кетті.


ҚОНАҚАСЫ


Сол күні Анхельді қазақтың барлық салт-дәстүрімен қонақ еттім. 12 адамдық қазақы аласа дөңгелек үстел сықиып тұрды. Бауырсақ, қымыз, сары май, құрт, жент, сүт қатқан шай, айран...

Қой сойып, қонаққа бас тарттым.

Алпыс екі келілік бір қошқардың еті тұтас салынған астауды екі жігіт әрең көтеріп әкеліп, алдына қойғанда Анхель маған бір, етке бір қарап қойды. Ал үйітілген қошқардың қап-қара басын табаққа салып әкеліп алдына қойғанда, көзі бақырайып шарасынан шығып бара жатты.

Үйітілген, қап-қара, тістері ақсиған, мұрны тыжырынып, көздері үңірейген қу бас «қал қалай, Анхель?» дегендей оған ыржиып қарап тұр еді.

Бір уақытта бас салынған табақты екі қолымен итеріп кеп қалды.

Бас дөңгелеп барып, алдына, екі аяғының ортасына түскенде айқайлап, атып түрегелді...

Кешегі банк тонаған жолбарыс жүрек Анхель бір қойдың басынан осылай қатты шошыды.

Бәрі күліп жатыр.

Ұзақ түсіндіруге тура келді...

- Мынандай көп етті өмірімде көрген емеспін. Осының барлығын қазір жейміз бе?-дейді ғой сабазың бір уақытта.

- Иә, - деймін түк білмегенсіп.

- Ал анау не? – деп сұқ саусағымен басты көрсетті.

- Бас,- дедім.

- Қандай бас?

- Піскен бас.

- Ненің басы?

- Қошқардың басы. Қойдың. Кәдімгі қойдың.

- Оны не істейміз?

- Жейміз, Анхель, жейміз!

- Жоқ. Мен жемеймін.

- Жейсің. Мен саған ең сыйлы қонақ ретінде ең сыйлы мүшені ұсынып тұрмын, Анхель. Бұл – біздің салтымыз.

-Бола берсін.

Одан да маған анау бір етті берші деп бір жілікті көрсетті.

- Оны сосын жейсің.

- Жоқ, қазір жеймін.

- Жоқ, бірінші басты жейсің.

- Жарайды.

- Не жарайды?

- Жарайды. Жеймін. Бірақ бірінші өзің көрсетші, қалай жеу керек екенін?

- Түк қиындығы жоқ. Міне, былай аласың да екі құлағын кесіп балаларға бересің, екі көзін ойып алып, көздерің әдемі болсын деп, қыздарға бересің, тілін кесіп алып, өзің ұнатқан тағы біреуге бересің, қалғанын мына табаққа турайсың, миын былай шағып, оны да табаққа саласың, ал терісін былай сыпырып, турайсың, сосын өзің былай ауыз тигізіп, қалғанын басқаларға үлестіресің, - деп бәрін көрсетіп шықтым.

- Ал, енді ауыз ти.

- Ааа, солай ма?

- Бек алдын ала айтып қоймадың ба?

- Сюрприз, Анхель, сюрприз!!!

- Ха-ха-ха,- деп күледі жартыбас...

Кешегі банк тонаған бандит Анхель бір үйітілген қойдың басынан шошып кетеді деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті...

Жақсы отырыс болды.

Әсіресе, қымызды жақсы екен, жақсы екен деп қайта-қайта ішіп қоймады. Үндемедім.

Сол түні таң атқанша дәретханада отырды ғой, әнекем...

Бұл күндері Айшөрек әлі кете қоймаған болатын. Сығанның айтқанын екі етпей, бұлжытпай орындап жүр. Дұғасын қайта-қайта қайталап, жүгіріп барып суын ішіп келеді. Тұмары мойынында. Онысын өте мұқият сақтап жүр. Ешкімді жолатпайды.

Қайтсын, байғұс, күйеуге қатты шыққысы келеді де. Отырып қалған қыз деген атақ кімге жақсы дейсің. Қыз баланың күйеуге шығамын деп талпынуы ешқандай да ерсілік емес, онда тұрған ештеңе жоқ.

Бұл - табиғат заңы.

Бір күні мен, келіншегім, Анхель, Айшөрек Астананы аралап қайттық. Күн де ашылып, тымық болып тұрды. Қонақтарға еліміздің елордасын көрсетіп, дем алдырайық деп шешкенбіз. Біраз жерлерге барып, көңіл көтеріп, ойнап-күліп, ананы-мынаны сатып алып, түнде бір-ақ келдік.

Анхель менің келіншегіме де ұнады. Ол қанында бандиттік қасиеттер болғанымен, әйел баласымен өте нәзік, сыйлы сөйлесетін. Сыйлап тұрады. Сызылып тұрады. Қанында бар қасиет пе, әлде...

Сосын реті келсе-ақ сыйлық жасауды да ұмытпайды. Менің бәйбішеме деп бриллиант алқа, сырға жүзігімен ала келіпті. Бұндай еркек қандай қыз-келіншекке ұнамауы мүмкін?

- Жиырма жылда әпермегеніңді айдаладағы бір еркек сыйлады-ау, - деп қойды біздікі. Бұндайды әйелдер ешқашан құр жібермейді ғой.

Сен маған өзің бриллиантсың, жаным! –деп бетінен сүйіп, әзер құтылдым.

Анхельдің Айшөрекке де біраз сыйлықтар жасағанын көзім шалды. Және анау-мынау емес, қымбат сыйлықтар.

Алтын-күміс сырға, жүзік...

Қазақтың елордасы Анхельге керемет әсер етті. Айшөрек те келгелі үйден бірінші рет шығып еді. Ол да таң-тамаша болып жүр. Хан Шатырға бардық. Нұрлы жолмен жүріп өттік. Анау мынадай ғимарат, мынау мынадай ғимарат деп таныстырып келемін. Астана опера, ҚазМұнайГаз, «Нұр Астана» мешіті, Медиацентр, Солтүстік шұғыласы, ҚТЖ деп сөйлеп келемін. Бәйтеректің үстіне шықтық. Ақ Ордаға дейін барып қайттық. Жаңа алаңды көрсеттім.

- Мынау қандай перғауын, - деп сұрады Анхель менен пирамиданы көріп.

- Ешқандай да.

-Онда неге тұр?

- Бірақ болашақта бір перғауын жататын шығар деп күтіп жүрміз, - деп Ақордаға қарап, күліп қойдым....

Өкіртіп суретке түстік.

- Саған қарап, бұндай көрікті қалада тұрады деп ойламаппын. Күшті. Кариге көрсетіп, бір мақтанбасам, - деді ол.

- Ала келуің керек еді, - дедім мен.

- Бірінші рет келе жатырмын, жол ұзақ, қауіп-қатер көп болар деп тастап кетіп едім, келесі жолы міндетті түрде ала келемін,- деді Анхель.

Байқап келемін, өзі Айшөрекке қайта-қайта қарай береді.

Айшөрек те көңілді жүрді.


МЕН АЛАМЫН!


Үйге келген соң Анхель бұзылды.

- Бұл қыз кім? Не істеп жүрген жан? Күйеуі бар ма? - деп мені сұрақтың астына алды.

Бұл қыз Отты жер аралында менімен бірге құлдықта болған досым Жақшыбек деген қырғыз жігіттің туған қарындасы. Сол Жақшыбек үшін, алтын үшін жанымызды шүберекке түйіп, лагерге шабуыл жасадық ғой. Сендер алтын, алтын деп жүргенде мен осы Жақшыбек үшін барғанмын сол қадамға. Кейіннен ол менімен бірге жансыз аралда алты ай болды. Ауа қайтыс болып, мен есеңгіреп қалғанда мені елге жеткізген де сол. Кейіннен мен Елжанды алып келемін деп Жақшыбекті серік ету үшін Қырғызстанға барғанда осы Айшөрекпен танысқанмын деп, одан кейін болған оқиғаны жасырмай айтып бердім.

- Сонау Қырғызстаннан бір сығанға жолығуға келді. Тұрмыс құра алмай жүр. Көз тиген бе, суық тиген бе, қайдам әйтеуір, жолы ашылмай жүр екен, байғұстың,- дедім.

- Онда бұл қызды мен аламын, - деді ол.

- Не дейсің?!

Көзім бақырайып кетті.

- Рас айтам. Бұл қыз маған ұнап қалды. Мен оны аламын, - деді ол.

- Анхель есіңді жи, сенің әйелің, бала-шағаң бар емес пе?

- Болса қайтейін, сенің де әйелің, бала-шағаң бар. Бірақ сен менің қарындасымды алған жоқсың ба. Саған біз бірдеңе дедік пе?

Ауызыма құм құйылды.

Не дерімді білмей, қатты састым.

Мәссаған! Сығанның дуасы соншама тез әсер еткені ме? Кеше ғана емес пе барып келгеніміз, Айшөрекке бай бұлай тез және бұндай жігіт табылады деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті.

Анхель бай, сері жігіт. Айтпайды, айтса айтқанынан қайтпайды. Бұны мен білемін. Ақшаны Айшөректің аяғының астына төгіп тастады. Екеуі қала аралап кетеді. Бір елгенде Айшөрек құндыз ішік киіп келді. Енді бірде қымбат тон. Енді бірде Анхель сыйлады деп мойнына таққан бриллиантты көрсеткенде аузым ашылып қалды. Әйелім сөйлей алмай қалды десем аз айтқаным ба, қалай? Байқаймын, Айшөрек те еріп бара жатқанға ұқсайды. Сылқ-сылқ күліп, еркелеп, небір қылықтарын шығара бастағанын сезіп жүрмін. Анхельді ұнатып қалғаны көрініп тұр.

Мәссаған!

Жақшыбекке не бетімді айтамын?

Бір күні келсем, үйде екеуі жоқ. Түні бойы күттім. Келмеді. Таң ата бір-ақ келді-ау. Түнгі клубқа барыпты. Әрі қарай қаладағы ең қымбат қонақ үйге барған. Президент бөлмесінде дем алыпты.

Екеуі де көңілді. Бір нәрсенің болғанын ішім сезе қойды.

Айшөрек келе салып, бөлмесіне кіріп кеткен, содан шыққан жоқ. Сығанның айтқандарын істеп жатқан болар дедім де қойдым. Анхель көңілді жүр. Ананы-мынаны әндетіп, біраз жүрді. Елжанды қолына алып, ыңылдады. Сосын... сосын бір уақытта менің жаныма келді де, құлағыма «қыз екен» деп сыбыр ете қалды....

Екі езуі екі құлағында.

Бұлай болады деп кім ойлаған?

Дел-сал болып мен жүрмін...

Сосын ойыма бір нәрсе келді.

Мен бірдеңе айтқанмен ол тыңдай ма? Қыз қарсы болып тұрса, бір сірә.

- Анхель онда қыздың қалың малын төлейсің, – дедім не дейді екен деп....

- Ол не тағы, - деді ол көзі бақырайып.

- Біздің халқымызда, бізге туыс қырғыз халқында, жалпы мұсылман әлемінде тегін қыз жоқ. Қыз алған жігіт оның ата-анасына қалың мал төлеуі керек. Бұрын малмен беретін, қазақтар қырық тоғыз малды байлап беретін, қазір ақшамен береді, доллармен берсең тіпті жақсы,- дедім..

- Қанша?

- Ол енді жігіттің жағдайына байланысты.

- 10 мың доллар берсем жете ме?

- Бұрынғы заман болса аз болар еді, бірақ қазіргі кез үшін өте жақсы ақша.

- Онда жарайды.

- Анхель, мынау қыздың қалың малы деп 10 мың доллар апарсаң Айшөректің ауылындағы қатындар талып қалатын шығар,- деп қарқ-қарқ күлдім.

- Менің 100 мың доллар беруге де шамам жетеді, - деді ол.

Мәссаған!

Мынаның қайтатын түрі жоқ қой. Енді не істесем екен?

- Айтпақшы, Бек, сен менің қарындасымды қалың малсыз алдың ғой. Менің қарындасымның қалың малын әкел, - деді ол маған қарап.

Ойнап айтып тұр ма десем, жүзінен ондай ештеңе байқалмайды.

- Анхель сенің халқыңда ондай дәстүр жоқ екен ғой, Ауадан сұрағам... сосын мен сенің қарындасыңның қалың малын төлегенмін, - дедім мен де тек тұрмай.

- Төлегені қалай?

- Қашан?

- Кімге?

- Анхель ұмытып қалдың ба, не? Лагерьде тонаған екі тонна алтында менің де үлесім бар еді ғой, мен оны алғаным жоқ, сендер бөлісіп алдыңдар, так что ...

Ә... солай ма? – деді ол күліп...

- Бек, сен білесің бе, менің халқым баланың ұлтын әйелден де есептейді. Әйелдің ұлты кім болса баланың да ұлты сол болады. Яғни, менің түсінігім бойынша, Елжан – үндіс те. Ол біздің халықтың да өкілі, - деді Анхель.

- Біз бұл дүниеде өте аз қалдық. Бізге әрбір адам қымбат. Сендер қазақтар, жиырма миллионға жетіп қалыпсыңдар. Біз жиырма мыңға да жетпейміз. Құдай неткен қатігез еді. Сондықтан мен Елжанды да үндіс деп санаймын, - деді ол.

- Анхель, баланың ұлты кім болса о болсын, маған аман-есен болса болды, - дедім.

- Дұрыс, - деді ол.

- Ал негізі,- дедім мен, - мен баланың ұлты оның қанына байланысты емес, баланың тілі қай тілде шығады, ертең ол қай тілде сөйлеседі, яғни, қай тіл ана тілі болып табылады, ол сол ұлттың өкілі деп санайтын адаммын.

Мейлі ол орыс болсын, мейлі ол кәріс немесе неміс болсын, мейлі шүршіт болсын егер де оның ана тілі қазақ тілі болса, онда ол – қазақ.

Бұны ағылшындар баяғыда-ақ білген. Сондықтан олар ағылшын тілін барлық жер жүзіне жайып, барлық халықты ағылшын тілді қылмақ. Ағылшын тілді халық ағылшын әлеміне қызмет ететінін олар баяғыда-ақ түсініп қойған.

- Ол арамдардың түсінбегендері жоқ қой, - деді ол.

-Иә.

- Біз үндістер, барлық Оңтүстік Америка халқы испан әлемінің бір бөлшегі болып отырғанымыз жоқ па, тілімізді, ділімізді ұмытқалы қашан, бұл да бір трагедия болды,- деді Анхель мұңайып....

- Бұл біздің де басымыздағы жағдай. Қазақтың жартысы орыс әлеміне қызмет етіп жүрген, өз халқының тілі мен ділінен мақұрым қалған, орыс мүддесін өз мүддесінен де артық қорғайтын қара орыстар, - дедім мен.

- Өкінішті-ақ, - деді ол.

- Әрине, өкінішті. Барлық қазақ бір тілде сөйлемей, күніміз қараң бола бермек. Шіркін, сол күн қашан туар екен?

Анхель қарындасы Ауа туралы сұрады. Болған оқиғаны, қалай қайтыс болғанын тағы да толық айтып бердім.

Мұқият тыңдайды. Бірақ көңілінде бір күдік бар секілді.

- Мына баланың атын неге Елжан деп қойдың. Ол не мағына береді, - деді ол.

- Ой, ол ұзақ әңгіме ғой, - дедім мен.

- Ұзақ болса да айта отыр, тыңдауға мен дайын,- деді ол.

- Есіңде ме, мен екінші рет барғанда, баланы бірінші рет көргенде Ауа, бұл баланың аты кім? Кім деп қойдыңдар? деп сұрағанымда, ол бұл баланың аты қазақ, сені еске түсіріп жүрейін деп солай қойдым деген еді ғой?

- Иә.

- Міне, сол кезде мен балаға бұл ат жарамайды, қазақ деген ол баланың ұлты, ал аты болуы керек деп шештім. Сол кезде аяқ астынан бір оқиға есіме түсті де, онда бұл баланың аты Елжан болсын дедім аяқ астынан.

- Иә.

- Бұл баяғыда болған оқиға еді. Жас кезімде. Бір жас баланы, аты Елжан, мағынасы елін сүйген ер болсын дегенді білдіреді, әкесіне, Сібірге апарған болатынбыз, неге екенін түсінбедім, Елжанды алғаш көргенде сол бала есіме түсті...

- Сосын?

- Сосын сол.

- Онда сол әңгімеңді айтып берші.

- Тыңдайсың ба?

- Әрине.

- Жарайды.

Бұл оқиғаны мен кезінде әңгіме қылып жазғанмын да, бірақ сен қазақша түсінбейсің ғой, саған испанша айтып берейін...

Анхель тыңдайтын түр көрсетіп, жайғасып отырды. Айшөрек те келді. Елжан ұйықтап жатқан болатын.

Мен ұзақ әңгімеге кірісіп кеттім:


ЖАС КЕЛІНШЕК, ТАЙГА, БҰҒЫ...


Мен сені алғаш көргенде сен сондай сұлу едің! Көркіңе керемет таң қалдым. Арқаның сарышұнақ аязына тоңып, жаурап, ұшақпен ұшып жеткен едім. Бұл жаққа көктем келіпті. Күн жып-жылы. Алдымнан шықтың. Төбеден күн сәулесін төгіп тұрды. Асқар Алатау міз бақпай, сіресіп тұр екен. Басында ағарып мәңгі қар жатыр. Айналаның бәрі жап-жасыл, жылғалардан сылдырлап аққан су күн сәулесіне шағылысып, көзімді қарып барады.

Құшағың толған гүл еді...

- Алыңыз, бұл сіздікі, - дедің бір құшақ гүлді ұсынып, күліп тұрып. Жүрегім дір ете қалды. Мен саған ғашық болып қалдым. Содан бері қаншама уақыт өтті, көптеген жерлерде тұрдым. Әлемді шарлап шықтым десе де болады. Өте суық жақтарда да тұрдым, өте ыстық жақтарда да болдым. Бірақ ешбір жерде тұрақтай алмадым. Сені ешқашан ұмытқан емеспін, Алматы!

Жастық шақ. Қазақтың көгінен аққан жұлдыздай болып өте шыққан бард әнші ән салса, төңіректің бәрі тым-тырыс болып, күрсініп, мұңая қалады. Бүгін де ол ән салып отыр:


Тымырсық күндей тамызда жаңбыр көксеген,

Жақсылық күтем, жақсылық күтем, тек сенен.

Жаман бір ойлар жаныңды шарпып өтсе егер,

Мен жақтан саған суық бір хабар жетсе егер,

Жалғызым менің қайтер ең?
– деп жырлайды ол.

Қайтушы едік, шын сүйсек іздеп барамыз да. Біз іздеп бардық. Сібірге, ну орманға, белгісіздікке...

Бәрін басынан бастайыншы.

Бізбен көрші бөлмеде бір қыздар тұратын. Табағымыз да, тамағымыз да бір, араласып, ойнап-күліп жүре беретінбіз. Сол қыздың біреуінің бір жігіттен аяғы ауыр болып қалыпты. Аты - Шолпан. Оңтүстіктің қызы болатын. Жаны таза, әдемі бойжеткен еді. Ақындығы тағы бар. Сезіміне ие бола алмай қалыпты. Біз білмегенбіз. Айы-күні жақындағанда бір-ақ айтып тұр. Кейіннен босанып, шекесі торсықтай ұл туды. Баланың атын Елжан деп қойдық. Елін сүйген ер болсын дегеніміз. Кейін бала мен ананы ауруханадан шығарып алып, студенттік стипендиядан үнемдеп, сәбиге киім, ойыншық алып жүрдік. Ал жігіттен хабар жоқ. Оқуын бітіріп, еліне кетіп қалыпты.

Бұрын ата-бабаларымыз ғашық болмай-ақ, күйдім-сүйдім деп бас қатырмай-ақ «шешесіне қарап, қызын ал» деп қалың малын төлеп, үйлене беріпті. Шыңғыс ханның әкесі Есугей батыр баласына қалыңдық алғанда қандай қызды таңдау керектігін айтып, ақыл үйреткенде бүй депті:

Аяқ-қолы балғадай, қысық көз қызды таңда, - дейді ол ұлына. Саны жуан, бөкселі әйелдің рахатын сен әлі білмейсің, кейін түсінесің. Қысық көз қыздар күйеуіне адал, тілалғыш болады. Көзі үлкен қыздардан қорық. Олар байын билеуге тырысып тұрады, - дейді ол.

Сөйтіп, бала Шыңғыс бір топ қыздың ішінен қоңыраттың қызы Бөрте апамызды таңдапты. Сол қыз алтын асықтай төрт ұл туды. Үлкені - Жошы. Қазақтың ханы.

Әр заманның сұлулық өлшемі әр түрлі. Бірде ақындар ғашықтарын суреттегенде «қыпша бел, оймақ ауыз» десе, бірде «күлім көз», «ботагөз» деп жырлайды. Бірде әдемі гүлге теңейді.

Бірақ әйел деген тек әдемі ақ, қызыл гүл ғана емес, оның тікенектері де бар. Қара гүл де болады:


«Ақ гүлді көрдім, қызыл гүл тердім, ал мұны,

Көргенім осы жабырқап кетті жан мұңы.

Қара гүл тұрды қауызы тұнып тамшыға,

Гүлдің де сірә, болады екен ғой,

болады екен ғой, тағдыры»...
деп жырлаушы еді бард әнші.

Шолпанның тағдыры тікенегі бар, қара гүлді еске сала ма, қалай өзі? Бірақ қандай болса да гүлдің аты гүл, күтпесең солып қалады. Бізге жас келіншек пен сәбидің тағдыры қымбат. Әйелдің күйеуі, баланың әкесі болуы керек. Бұл - табиғат заңы.

Жүріп жүрген қызым екеуміз ақылдаса келе жас келіншекті баласымен ана жігіттің үйіне апарамыз деп шештік. Шолпан да қарсы болмады. Оңтүстіктің заңы қатал. «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» дейді. Бір жағынан «жолдан бала тауып алыпты» деген сөзге қалғанша «бір-екі күн болса да сол үйде тұрсын, кейін ажырасқан дей салуға оңай» деген ой да жоқ емес бізде.

Бір қуанарлығы, жігіттің адресі бар екен. Соған қарағанда «жігіттің ойы дұрыс болған, бірақ бір жәйттер себеп болып келе алмай жүр ме екен?» деп те ойлап қоямыз. Мекен-жайы Краснояр өлкесі, Ресей елі. Енисейдің жағасы...

Жолға жақсылап дайындалып, Алматыдан Красноярға ұштық, Красноярдан Енисеймен кемемен, кейін вездеходпен, әрі қарай қар жатыр, жол жоқ, ит жеккен шанамен, қойшы әйтеуір, бес күн дегенде жеттік-ау өліп-талып...

Қайран, Енисей! Орыстың «Волга – матушка река» дегені секілді түріктің «ана суы» едің. Сібірдің басты өзені кемерінен асып, шалқып ағады екен. Екінші жағасына қарасаң көз жетпейді, жанарың талады. Ата-бабам талай суыңды ішті, балығыңды жеді. Суыңа малын суарып, жанын бақты. Бірақ неге екенін, жерсінбей, Сарыарқаға кетіп қалды. Сөйтіп, сен өгей шешеге айналдың. Енді, міне біз келе жатырмыз. Сәлем саған, Енесай!

Жуырда теледидардан «Бақытты адамдар» деген үш сериалы фильм көрсетілген болатын. Кинода Сібірде, Енисейдің жағасында, ну орманның ішінде тұрып жатқан адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі, өмірі, адамдары туралы айтылады. Негізгі мағынасы - табиғатпен қоян-қолтық, етене өмір сүріп жатқан адамдардың қандай бақытты болатынын көрсету. Шынында да сондай әсер аласың.

Біз Алматыдан шыққанда жаз болатын, келсек кәдімгі қыс! Тайга. Бұғылар, бұғының терісін киген адамдар. Маңайдың бәрі қар, ну орман, ағаш, ағаш тағы да ағаш...

Тоңа бастадық. Бір жерге келгенімізде бала жылап қоя берді.

«Елжан елін сезіп келе жатыр-ау», - деді шана айдап келе жатқан адам. Сезсе сезіп келе жатқан шығар, бізге дәл қазір баланың әкесі керек, көрсек түтіп жейтіндей болып келеміз.

Бір уақытта бес-алты күрке ме, киіз үй ме, ағаш арасындағы бір елдімекенге келдік.

«Баланың әкесі осы үйде тұрады», - деді жаңағы кісі. Кірдік. Іште ешкім жоқ. Отырдық. Ортада от жанып тұр. Жағалай төсек-орындар, киімдер ілінген. Шошалада бұғының терісіне оралған ет, шикі балықтар қаланып тұр. Бір бұрышта ыдыс-аяқтар жиналыпты. Төрде қазақтың кәдімгі сырмағы ілініп тұр. Көне, ескірген екен. Бояуы кетіп, оңа бастапты.

Шамалыдан соң бір үлкен кісі кіріп келді. Үстінде бұғының терісі, беті дұрыс көрінбейді. Сақал-мұрты ап-пақ. Қар ма, қырау ма бірдеңе. Түсі сұп-суық көрінді. Өзімен бірге үйдің ішіне де суық ала кірді. Сосын, баланы бас салды. Зәреміз ұшты. Сасқанымнан пештің жанында жатқан қолыма ілінген бір ағашпен періп қалдым.

«Ойбай!» деген жан дауысы шықты.

Әй, мынауың қазақ қой, - деп ойлап үлгердім.

Жүрегім тынышталып, көңілім орнына келейін деді. Ал ол болса баланы жоғары көтеріп алып, иіскеп, сүйіп жатыр.

- Сіз кім боласыз?

- Атасы боламын.

- Біз келеміз деп жеделхат салған едік, алдыңыз ба?

- Рациямен айтқан.

- Баланың әкесі қайда?

- Келіп қалуы керек. Оған да айтылған.

- Қашан жетеді?

- Красноярда жұмыс істейді, ертең келіп қалар.

Бір уақытта күркеге адамдар жинала бастады. Көбі қазақтар секілді. Баланы көтеріп, кезек-кезек құшақтап, иіскеп жатыр. Көңілім біраз жайланайын деді. Өйткені «бізді қалай қарсы алады екен, қабылдай ма?» - деп алаң көңілмен келгенбіз ғой. Маңайдың бәрі орман, тайга...

Ұрса не істейміз, өлтіріп, анау ағаштың түбіне көме салса ше? Кім іздеп табады сені?..

Бір жақсысы жиналған адамдардың бәрі қуанышты секілді, атасы немересін қолынан тастамай жүр, құйрығынан, әтпішінен сүйіп, иіскеп, иіскеп қояды ғой...

Бір уақытта атасы «өй, күшік неме» деп еркелетіп, жоғары көтеріп еді, бала бетіне «шаптырып» жіберді. Айызым бір қанды-ау!

Кейіннен білдім, «көбі қазақтар секілді» деп ойлағаныммен, олар сахалар болып шықты. Бұларды орыстар бертінге дейін якуттар деп атап келгені белгілі.

Бұғы әкелінді. Сойды. Бәрі қанын сол бойда-ақ шикідей ішіп жатыр. Біз де дәмін татып көрдік. Кешке қарай дастархан жайылды. Балықты шикідей жейді екен. Оны да жеп көрдік.

Сахалар балықшыны «балықсыт» дейді екен. Адамды да біз секілді «кісі» дейді. Түбірі бір. Түркі тармағына жататын туыс тіл. Түрлері де ұқсас. Оюлары да бірдей. Менің «төрде қазақтың кәдімгі сырмағы ілініп тұр» деп жүргенім де осыдан екен.

Мен киіз үйге, күркеге ұқсайды деген үйім «яранга» деп аталады. Жазда «урас» деген жеңіл жаппада тұрады.

Сөз арасында құлаққа таныс «қарғыс», «дуа» деген сөздерді де естіп қалдым.

- Құда іш, іш құда, - деп төрге отырғызып, арақты өкіртіп құйып жатыр. Ішпесіңе тағы қоймайды. Әлі баламын, қатты сыйлағанға мәз болып, тартынып отырғаным жоқ. Бір уақытта «біздің жақта былай ішеді» деп бөсіп, араққа нан турап ішіп отырғанымды білемін, арғы жағы есте жоқ...

Түс қайта тұрсам, күйеу жігіт те келіпті. Таныстық. Баланы көтеріп алыпты. «Өй, әкеңнің...» дедім іштей. Жас келіншек те жымиып жүр. Қуанғаны түрінен көрініп тұр. Есіме Мағжан түсті:


Жел едім, ұштым,

Талайды құштым,

Кетіппін сені ұмытып.

Бүгін сен көріп,

Қолыңды беріп,

Қайғыменен қарайсың:

«Сендім мен жазған,

Сүйгенің жалған,

Алдадың!» - деп жылайсың.

Алдағаным жоқ,

Арбағаным жоқ,

Сен сөзіме, сұлу қыз!

Тап сол сағат,

Сүйгенім хақ,

Куә мына көп жұлдыз!


Ұлы ақыннан асырып кім айтыпты?

Біз де ештеңе дей қойғанымыз жоқ. Біз де қуаныштымыз. Той тойға ұласты...

Тайгада адамдар бұғы өсіреді екен. Бұғы жесең - тамақ, мінсең - көлік. Ішсең - дәрі. Екінші тамақ - балық. Енисейдің балығы-ай, шіркін! Балықтың көптігі сондай суға сыймай жүр. Және бәрі де ірі-ірі балықтар. Күрекпен күреп ала беруге болатын секілді. Күннің суықтығы сондай жылқының өзі төтеп бере алмайды екен бұл жаққа. Қазақтың жылқысы қыс бойы тебінде болып, өз шөбін өзі қардың астынан аршып жей береді ғой. Бірақ бұл жаққа көндіге алмайды. Суыққа шыдамай ағаштар жарылғанда кішігірім бомба жарылғандай әсер қалдырады. Қасқыр, аю - тайганың қожайындары. Басқа ешқандай жан-жануар шыдас бере алмайды бұл жаққа. Сондықтан адамдар бұғы өсіретін болған. Бұғының терісінен тігілген киімнен жылы киім болмайды. Күн елу градус суық болғанда да бұғы терісін киген адам тоңбайды екен. Таң атқанша шанасында отырып, бұғыларды қасқырлардан күзетіп, далада жүре береді.

Иттері де мықты екен. Шикі, қатқан балыққа сылқия тойып алған олар аязыңды місе тұтатын емес. Жүндері қап-қалың, булары бұрқырап, қар үстінде жалпиып жатады екен. Қасқырдан қаймықпай, тіке шабатын арландар екені түрлерінен көрініп тұр. Басқа иттер, ілеуде біреуі болмаса, қасқыр түгілі оның исін сезсе болды кіретін тесік таппай қалады. Ал мыналардың аюмен арпалысатындары да болады екен. Бірақ біз оны көргеніміз жоқ. Естігенімізді айтып жатқанымыз ғой.

Тайганың түні тып-тыныш болады. Лүп еткен жел жоқ. Аспан шайдай ашық. Мыңдаған жұлдыздар жымың-жымың етеді. Барлығы маған қарап қалыпты. «Сен бұл жақта не істеп жүрсің?» дейтін секілді. Мені танып тұр-ау. Бала күнімде жазда далада ұйықтайтын едім. Сонда көпке дейін аспандағы жұлдыздарға қарап қиялдап, неше түрлі ойларға беріліп, ұзақ жататын едім. Бірақ ол жұлдыздар басқаша секілді еді. Бұлар басқаша. Қол созым жерде.

Сықырлаған аяз. Төбеде Шолпан жұлдыз ап-анық көрінеді.

Ау, Шолпан жұлдыз. Біз Шолпанды әкелдік. Көріп тұрсың ба? Жас сәбиі бар. Енді біз оларды саған тапсырамыз. Қарап жүр. Сенен сұраймыз. Сарыарқаға айтып барамыз. Ол жақта да бір Шолпан бар екен деп. Шолпанды саған тапсырдық дейміз. Жарай ма?

Міз бағатын емес. Әлде естімеді ме? Не де болса саған тапсырдық, Шолпан. Саған аманат.

Бұл жақта қайдан жүрсіздер, құда? - деймін бір реті келгенде.

Біздің әкелеріміз баяғы ұжымдастыру, байларды тәркілеу заманында осы жаққа жер аударылған екен. Көрсеткен өз ағайындары болса керек. Содан қатты ренжіп, көрместей болып кетіпті. Осы жерде ағаш кесумен өмірін өткізген. Ұрпақтарына да «енді Қазақстанға жолаушы болмаңдар» деп өсиет тастаған екен. Сонымен, жүрміз, міне...

«Айтпақшы, менің әкем елге қанша өкпелеп кетсе де, Арқаны сағынады екен, бірнеше рет көшпекші де болыпты, бірақ тағы да көзге түсіп, сотталып кетемін бе деп қорыққан екен. Менің әкем кезінде елде танымал болған адам. Соның елді, туған жерді сағынғанда жазған бір өлеңі бар еді. Соны саған берейінші. Елге ала бар. Оқы, керек болса қажетіңе жарат, бірақ кімдікі екенін айтпай-ақ қой», - деді.

Жарайды, - деп келістім.

Оқушы дәптеріне қолмен жазылған өлеңнің сиясы оңып, қағазы сарғайып, мүжіле бастаған екен. Жарты ғасырдан артық уақыт бұрын жазылған сол бір парақ қағазда елінен жырақта, айдауда жүрген адамның мұң-зары, сағынышы мен көз жасы, арманы қатар өріліпті:


Сарыарқа жерім, самал-ау желің,

Айдауда жүріп қайысты-ау белім.

Бір көріп сені, өлсем де мейлі,

Сағындым сені, туған жерім!


Сарыарқа елім, сағындым керім,

Көзіме бір рет көрінер ме едің?

Қадіріңді сенің түсіндім енді,

Ыстықсың қандай туған елім!


Құс болып ұшып, бір барар ма едім,

Жүйткіген желмен аралар ма едім.

Туған елім-ау, туған жерім-ау,

Ай болып саған бір қарар ма едім?


Бұлт болып көшіп, бір барар ма едім,

Ақ жауын болып, бір жауар ма едім.

Туған елім-ау, туған жерім-ау,

Жұлдыз боп саған бір қарар ма едім?


Сарыарқам менің, жайлауым менің,

Бітпей-ақ қойды-ау, айдауың сенің.

Атаңа нәлет, қу Сталин,

Қаншама қатал, байлауың сенің!


Сарыарқа жерім, Сарыарқа елім,

Қош, аман бол, ағайын дедім.

Арманым жоқ, айтарым жоқ,

Тек өзіңнен бұйырсын кебін!


Сарыарқам менің, сарғайды сенім,

Таусылып төзім, бүгілді-ау белім.

Алты мың батпан азабыңнан,

Құтқара көрші, Тәңірім менің!


Ақыры елге қайттық. Бір кездері алыста, айдауда жүріп, туған елі мен жеріне деген сағынышын жеткізе алмаған адамның сөзін еліне кеш те болса біз жеткіздік.

Арманының, мұң-зарының туған елінің құлағына жеткенін сезгенде қабірінде бір аунап түскен шығар жарықтық!..



Әңгімемді аяқтап, Анхельге қарадым. Ол мені тырп етпей, беріліп тыңдап отырғанын байқаған болатынмын. Сондықтан мен де барынша қызықты қылып айтуға тырыстым.

- Мәссаған! Қандай күшті оқиға. Кино түсірсе де болады. Мен саған ақша берейін. Осыны кино қылып шығаршы, - деді Анхель.

- Мен режиссер емеспін. Бірақ ақша болса кино түсіретіндер табылады, Анхель!

- Кейіннен Елжанның тағдыры не болды? Тағы да көрдің бе?

- Көрдім.

- Оны да айтып берші.

- Бұл да ұзақ әңгіме. Тыңдайсың ба?

- Әрине.

- Онда тыңда.

Мен тағы да ұзақ әңгімеге кірісіп кеттім:


Осы әңгімеде мен айтпай кеткен бір жәйт бар. Ол - қызымның Сібірден маған қатты ренжіп қайтуы. Біреуді қосамын деп жүріп, өзім ажырасып кете жаздадым. Әңгіменің «құда іш, іш құда» деп арақты өкіртіп құйып жатыр, әлі баламын, тартынып отырған мен жоқ» деген жері бар. Сол ішкеннен үш күн ішкенбіз ғой. Сібірдің адамдарының арақ ішкенінің жанында біздікі жай екен. Айтуға ұят.

Содан ол «менің жігітім нән алқаш екен ғой» деп шошып кетсе керек. Барарда барлық киімдерімізді бірге салып, бір чемоданмен барған едік, қайтарда бөлек-бөлек салып, екі чемоданмен қайттық. Ренжуі қатты енді. Осымен бәрі де біткен шығар деп ойлағам...

Әупірімдеп әзер бетін бері қараттым ғой. Той болды. Ол кезде қазіргідей дәмхана, тойхана деген жоқ. Үйдің алдынан далаға палатка тігеді. Той күшті өтті. Бір машина арақ түгел ішілді. Ақыры қырғын төбелес болды. Үш жігіттің басы жарылған, екеуінің қолы сынған, біреуінің қабырғасы сынған, біреуі жан тапсыра жаздап, ауруханадан бір-ақ шыққан.

Бес-алты жерде төбелес қызып жатыр екен, ағам да жетті. Келді де «аруақ!» деп төбелестің ортасына кіріп кеткен, қазір бәрін қыратын шығар деп мен тұрмын, қарасам, екінші шетінен бір-ақ шықты… тыр жалаңаш…

Мен бірақ татып алмадым. Пәлесінен аулақ. Бір рет басқа тиді.

Кейін бізді шақырды. Бардық бір топ адам болып құдалыққа. Күн күйіп тұр. Көк шай деген болады екен о яқта. Соны қызық көріп бір апамыз іше берсе керек, қайтып келген соң қатты құлады. Жүріп кететін шығар деп ойлағанбыз. Қызының, менің жеңгемнің «көк шай ішіп өлетін болдың ғой, апам-ау» деп жылаған дауысы әлі күнге дейін кетпейді құлағымнан…

Бірде интернетте мой мир, агент шыққан кез, есіме баяғыда Сібірге біз апарған жас келіншек Шолпан түсті. Іздеп көрдім. Бар екен. Күйеуімен, екі ұлымен, бір қызымен түскен суреті тұр. Қуанып кеттім. Хат жазып жібердім. Жауап келді. Ұмытпапты. Қатты қуанып жатыр.

«Ұлымыз үйленіп жатыр. Баяғыда өздерің апарған бала. Біз қазір Қазақстанда тұрамыз. Бірақ келін қазақ емес. Қалғанын кейін айтамын. Бас құда болып барасың. Дайындал» депті. Мәссаған...

Айтқан уақыттарында темір тұлпарымды тізгіндеп алып, жолға шықтық. Ертістің оң жағалауына жеткенде аттың басын жіберіп-жіберіп алдым. Спидометр 140-150-ді көрсетіп келеді. Құстай ұшып келеміз. Шолпанды, Елжанды сағындық. Қандай болды екен деп ойлап келеміз. Есіме, жиырма жыл бұрын болған оқиға түсіп, көзіме жас келді. Біз сендерді сағындық....Шолпан....Елжан...

Барған соң білгеніміз, баяғыда біз апарған бала - Елжан қазір Шанхайда тұрады екен. Қазақстанда жүргенде қытайлардың қонақ үйінде жұмыс істепті. Сол жерде оны бойы ұзын болғаннан соң қытайлықтар байқап қалып, біздің жақта модель боласың деп, өздерімен бірге ала кетіпті. Ол сол жақта жүргенде бір жапон қызымен танысып, енді соған үйленіп жатыр екен.

Құдалыққа бірінші жапондықтар келді. Жас жұбайлар қыздың тойы өз жағында өткен соң келеді, - деді Шолпан. Құдалар кіп-кішкентай екен. Уызына жарымаған жетім қозылардай ап-арық. Бас салып «құда, құда» деп сүйіп жатырмыз шөлпілдетіп. Сүйген сайын олар бойларын ала қашады. Сүйген жерімізді дереу сүртіп тастайды. Екі қолдарымен кеудемізден итеріп-итеріп қояды. Бірақ ыржалақтап күле береді екен. Оған қарап жатқан біз бар ма, одан сайын құшып, қысып сүйеміз-ай келіп...)))

Цун чаң, хуй иа, инчих пших дей ме, ачиң бтш хуа цпих дей ме? (маған әйтеуір солай естілді). Өздерімен бірге барлығын ала келіпті. Жататын төсектері, ішетін суларына дейін көтеріп жүр ғой.

Құда келеді деп семіз жылқы сойған екен біздікілер. Үш елі шығыпты. Қазы қарта, жал жая. Үстел майысып тұр. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар.

Бірақ құдалар татып алмады. Иохо, иохо дейді де отыра береді.

Екінші күні әбден қарындары ашты-ау деймін. Бір келі күріш пен екі балық әкеліп, қуырып жеді.

«Өй, әкеңнің...» дедім іштей, құрт-құмырсқа, бақа-шаян жеп өскен жапон.... Қор болған қазы-қартам-ай....

Бір жақсысы күтулері оңай екен. Жатып алған жоқ үйде. Қазекем секілді. Бір қора болып келіп. Кешке қонақ үйге кетті.

Тойда Шолпанның күйеуінің апасы «Тұрекең болмаса екеуің қосылмайтын едіңдер» деп жиналған мың сан жұрттың көзінше бетімнен келіп сүйіп, иығыма шапан жапқаны еске түссе, ой дариға-ай, десейші....

Бір айдан кейін біз бардық. Шанхайға. Ол жаққа тіке рейс жоқ екен, Алматыдан Дубай арқылы ұштық. Бес адам болып. Көп адам алуға жол алыс, билет қымбат екен. Түсінікті. Мына тұрған Ақтау емес қой. Арабтар құм далаға қала салып, айды аспаннан бір-ақ шығарған жоқ па? Жұрттың бәрі сол жақта жүр. Өзіміз күнде көріп жүрген түйеге мінгеніне ақша төлеп, ел жүр еліріп. Біз де міндік. Құмына да бардық. Тек күнінің ыстығын-ай!

Астанамның аязын сағындым сол кезде.

Келін бірінші өзінің жұмыс істеп жүрген жерінде той жасайды екен. Бұндай ұзын жапон қызын бірінші рет көруім. Бойы 155 см екен. Туфлимен. Жігіттің белінен келіп тұр. Мықын, бел деген болушы еді, олар бұл жаққа әлі келмеген-ау деймін.

Қайран, Елжан! Жапон қызы, жапон қызы дегенге айдай сұлу біреу ме екен десем... бұндай шөпжелкелер біздің жақта да толып жүрген жоқ па? Қаншама қыздар бай таппай жүр. Ой десе ойың, бой десе бойың бар... Бұл енді менің өз ойым....

Мені бір нәрсенің таң қалдырғаны, олар шақыру билетіне «біз сізді тойымызға шақырамыз, сіз құны осынша тұратын сыйлық алып келуіңіз керек» деп жазады екен. Екі мың теңгесін алып, тойға жетіп келетін кейбіреулерге құлаққағыс...

Елжан қазақ тілін білмейді екен. Бұнысына мен ренжіп қалдым. «Біз сенің атыңды неге Елжан деп қойдық. Елін, жерін сүйген ер болсын дегенбіз. Сенің бұның ұят екен» деп ұрсып салдым. Құлағына дейін қызарып кетті. Бір жағынан алғанда оның кінәсі де жоқ. Алыста, Сібірде жат жұрттың арасында өсті. Еліне ер жеткенде бір-ақ келді. Сонда да болса...

Әне, жапон келіннің өзі түспей жатып, біраз қазақ сөзін жаттап алыпты. «Амансыз ба, жақсы, сау болыңыз» деп тілі бұралып жүр. Сені мен екінші рет көргенде менімен қазақша сөйлесетін бол дедім.

Жарайды, жарайды деп қалды.

Төңіректің бәрі тұман. Біз бес минуттық мәшиналардың кептелісіне ыза болып жүрсек, бұл жақта адамдар кептелісте тұрады екен. Бірінші бағдаршамнан бір миллионы өтіп алады, сосын екінші миллионы өтеді. Осылай кезек-кезек. Құрысын. Адамдардың көптігі жаман екен.

Одан Токиоға ұштық. Одан Хоккайдо...

Қайран жапон елі. Көрем деген жерім бе едің?...

Ал бауырларым, барған соң кім көрінгенді бас салып сүйісе жөнелгенді қойыңдар, өткенде көрдіңдер ғой, ұнатпайтын секілді, бөтен ел, бейтаныс жұрт деп ескертіп қойдым. Сондықтан бұл жолы қырғын сүйіс болмады. Тек иіліп, басымызды изеп сәлем берумен шектелдік.

Той кәдімгідей өтті. Біздікіндей. Қазір әлемдегі халықтың бәрі араласып кеткен ғой. Ерекше ештеңе байқай қойғанымыз жоқ. Сол лимузин, қалыңдық, ақ көйлек, гүл, тост, би....

Бірақ қарынымның ашқаны-ай. Үстел толған тамақ. Бірақ ауызға салар бірдеңе жоқ. Ап-ащы бірдеңелер. Балық, шаян, күріш тағы да бірдеңелер... Жеуге болатын еді бірақ ащы-ақ бәрі! Шөлдің қысқаны-ай!

Құдалар қалай тұрады екен, қайда тұрады екен, ол жағын көргеніміз жоқ, қонақ үйден күтіп алды, қонақ үйден шығарып салды. Ертеңінде құйрық бауыр жеуге үйіне шақырған да жоқ, біз барғанымыз да жоқ. Әйтеуір, бір түсінгенім, жас жұбайлар тағы да біраз Шанхайда тұрып, Қазақстанға көшіп келетін болды. Әкесі Алматыдан үй де алып қойыпты.

Жапонияң керемет дамып кеткен екен. Зәулім үйлер, қым-қиғаш жолдар, қаптаған техника, құжынаған адам...

Ерекше әсер еткені, біз таңертең жұмысқа кетсек, кешке үйге келеміз ғой, ол жақта адамдар жұмысында тамағын ішеді, сол жерде киімдерін ауыстырады, жуады, үтіктейді, демалады, сол жерде ұйықтайды екен. Үйлеріне тек жексенбі күні ғана қеледі. Айлықтары жақсы енді. Орташа айлық 10-15 мың доллар. Бұндай ақша төлесе мен үйіме айына бір рет қана келуге бармын.

Біз «қыздың қалың малы» деп бір бума доллар апарған едік, жапон құдалар алмады. «Ұят болады, қызын сатыпты» деп айтады деді. Бұнысы бізге жақсы болды. Бала кезімде армандап, кие алмай кеткен «Аляска» деп аталатын куртка бар еді, соны сатып алдым.

Біз Жапонияға барған күннің ертесінде бүкіл әлемді дүр сілкіндірген оқиға болды. Мен ақырзаман болған шығар деп шошып кеттім. Жер сілкінді. Аяқтың астындағы қара жер жылжып жүре бергенде зәреңнің ұшатыны соншалық, есеңгіреп қалады екенсің. Топан су қаптаған. Цунами. Үйлер қираған. Адамдар қырылған. Зәре-құтымыз қалмады.

Бұндай ерекше оқиғалар адамды тәубесіне келтіреді екен. Жуасып, ойшыл болып, өмірдің жалғандығы, ертең бәрі бітетіндігі, сенің бұл жер бетінде жай ғана уақытша келген қонақ екендігің еске түсіп, адамның қолынан түк келмейтіндігі, барлығы да жаратқанның қолындағы нәрсе екендігі шарасыз халге түсіреді.

Ойбай-ау, жер ортасына келгенде көз көріп, құлақ естімеген жерге келіп, өліп қала жаздадық қой. Сүйегіміздің қайда қалғанын таппас еді. Арғынның бір баласы жапон еліне барып, жоғалып кетіпті десе жұрт, құдай бетін аулақ қылсын. Құрысын, тез кетейік бұл жақтан, аман-есенімізде деген ой келді.

Жапониядан Ресейге, Қазақстанға ұшақ жоқ. Кемемен Владивостокка келдім. Находка қаласына әдейі ат басын бұрдым. Бұл жерде менің жан жолдасым жатыр. Басына барып, құран оқыдым. Елден ала барған бір уыс топырағымды бейітінің басына шаштым. Алыс ел, бейтаныс жер, алда не күтіп тұрғанын бір құдай біледі деп жолға шыққанда ала салған бір уыс туған жердің топырағы саған бұйырды досым!

Жан досым Қиыр Шығыста, осы жерде екі жыл армияда болып, елге қайтқан болатын. Бірақ кезінде кемелердің жүгін түсіретін кранда істейтін бір қызбен жүрген екен, сол қызды алып келемін деп кетіп, қалып қойып, оншақты жыл тұрып, былтыр қазаға ұшыраған еді. Екеуіміз хат жазысып тұратынбыз. Елден келген бізді сезді ме екен?

Одан ТрансСібір теміржолымен пойызбен Хабаровск, Чита, Улан-Удэ, Иркутск, Краснояр, Новосибирск, Омбы арқылы елге де жеттік.

Жолда пойыз Енесайдың үстінен өтеді екен. Маңайдың бәрі тайга. Бұғылар жүр жайылып...

Ауууу, Енесай, жиырма жылдан кейін қайтадан біз келеміз, сәлем саған деп жастық шақ, өткен күндер елесі еске түсіп еріксіз көзге жас келіп, жылап қалдық....

Астанаға келсем, қар жауыпты. Маңайдың бәрі аппақ екен. Кең дала жатыр көсіліп...


Осымен болды дегендей Анхельге қарадым. Көзім Айшөрекке түсті. Ол да ұйып тыңдап отыр екен, біразға дейін үнсіз қалды.

Сосын Анхель бүй деді:

- Сен өзің көрмегенің жоқ адам екенсің ғой! Әңгімені де қатырып айтасың. Құдды ертегі секілді. Баланың аты неге Елжан екенін де біліп жүретін болдым.

- Иә. Біраз нәрсе көріп тастадық. Бірақ бұның барлығының жанында осы екі сапарымнан кейін көз көріп, құлақ естімеген Австралияға кеткенімді айтсам, сол сапардың жалғасы әлі күнге дейін созылып жатқандығын айтсам, мың бір түн далада қалады, Анхель,- деп күлдім.

- Иә, бұл сапарыңның бір кейіпкері болып біз де жүрміз ғой міне, қашан аяқталады екен деп ол да қарқ-қарқ күлді.

- Қашан аяқталса да әйтеуір жақсылықпен аяқталса екен, - деп күбірледім...


ТАҢДАНЫС


Анхельді қазақтың өміріндегі екі нәрсе таң қалдырды. Біріншісі ойын-тойдың көптігі.

Анхель келді деп, оны менің туған-туысқандарым, достарым, таныс-білістерім күнде қанаққа шақырып кетеді. Бас кезінде қуана-қуана баратын. Кейін жалыға бастады. Соңында бармауға айналды.

- Сендердің өмірлерің тек осылай күнде қонаққа барумен, тойға барумен өте ме? – деп сұрады ол бірде менен.

- Әрине, - дедім мен.

- Сен келді деп, менің қайынағам келді деп, мені танитын барлық адамдар маған деген құрметтерін көрсетіп, сені қонаққа шақырып жатыр емес пе?

- Бұлары жақсы ғой. Бірақ есепсіз ішіп-жей беру де жалықтырады екен. Ойлауға, жұмыс істеуге, өзіңмен-өзің болуға уақыт қалмайды екен,- деді ол.

- Қайтесің, тегін тамақты ішіп-жеп жүре берсей, Анхель, ертең кетесің, сонда бізді сағынатын боласың,- деп күлдім мен...

- Қарның ашқан кезде, шіркін, қазақтың еті-ай, қазір болса ғой деп армандайтын боласың.

- Қой-ей, мен сендердің бір асқан еттеріңді бір ай жеймін.

- Ха-ха-ха...

Екіншісі – үйсіз-күйсіз адамдардың көптігі болды.

- Бек, сендер не, жалқаусыңдар ма, ана қарашы, шексіз-шетсіз, ұшы-қиыры жоқ жерлерің бар, бірақ неге екінің бірі үйсіз? – деп сұрады ол бірде менен таң қалғанын жасыра алмай.

- Үйлері жоқ адамдарға неге үйлері бар туыстары немесе үкімет көмектеспейді?

Не дейін?

- Ех, Анхель, Анхель!

Сен қазақты білмейсің ғой.

- Анхель, қазақ бір-біріне тірісінде көмектеспейді. Туысы өмір бойы үйсіз өтсе де оған бәрібір. Бірақ өлсе, өкіріп жылайды, басына зәулім сарай салады.

-Қызық екен, - деді ол.

- Иә.

Сол сарайын тірісінде салып бермей ме?

-Тірісінде бағаламайды да...

- Онда үкімет неге көмектеспейді? Неге анау бос жатқан жерді халыққа бермейді?

- Анхель, сен осыны маған түсіндіріп берсең, мен саған Астанаға кіре беріске алтыннан ескерткіш қояр едім!

- Ха-ха-ха...


ҚАЛЫҢ МАЛ


Көп кешікпей Анхель кететін болды. Айшөрек екеуі. Осы жерде мен қатты қиналдым.

Жақшыбекке не деймін?

Қарындасыңды көз көріп, құлақ естімеген жердің түбіне жібердім деймін бе?

Әлде Айшөрек өзі бірдеңе дей ме екен?

Не де болса артын күтпекке бел будым.

- Аға, - деді бір күні Айшөрек. Мен Анхельдің етегінен ұстауға бел будым. Не болса да көріп алмақпын. Мүмкін бұл тағдыр шығар. Осылай қашанғы жүре бермекпін. Алса алар, алмаса баламды туып алайын.

- Оның әйелі бар ғой.

-Білем.

- Айтты ма?

- Айтты. Бірақ мені жылатпаймын деді. Әйелі Кариды тастамайды, мені сіздерше айтқанда тоқал қылып алады. Мен көндім. Жүректі, батыл, бай жігітке ұқсайды, - деді ол.

Солай де...

Солай.

Анхельді шын көңілімен таңдап отыр ма, әлде байлығына қызығып кетті ме екен?

Үйленбеген жігіт болса, бірсәрі...

Әлде шын жақсы көріп қалды ма екен?

Ойым сан саққа жүгіріп, жауабын таба алар емеспін.

- Айшөрек, мен қарсы емеспін. Тек... тек әйелі Кари келісе ме, келіспей ме, соны ойлап тұрғаным ғой, - дедім сосын.

- Ол енді Анхельдың шаруасы. Мен қарсы емеспін. Әрі қарай өзі білсін. Қатынына шамасы келмесе, бұғып қалса, азар болса қайтып келермін. Ондайлар мен ғана емеспін ғой. Бір жөні болар, - деді ол.

- Апырым-ай, енді қайтсем екен, ә?

Бір күні Жақшыбек звондады.

- Бәрін біліп отырмын. Қарындасым айтты. Мен екеуінің қосылғанына қарсы емеспін. Бірақ ана жүгірмек алуын алып кетіп, жердің түбіне барғанда айнып, қарындасым далада қалып қоймай ма? Анхель қандай жігіт? Сенімді ме? Сөзі шын ба? Менің қарындасымды жылатпай ма? – деп сұрағын қарша боратты.

- Жақа, уайымдама, Анхель - жігіттің төресі. Қорықпа, ол менің қайынағам, бақылауда болады, қызымызды далаға тастамайды, артында іздеушісі бар екенін біледі,- дедім.

- О, онда бопты, - деді ол.

Он сегізде оң жақта сызылып отырған жас қыз емес, қарындасыңды сүрлейін деп пе ең, жібер, бақытын тапқан секілді, бұрынғы Айшөрек жоқ, өзгерген, Анхельді жақсы көріп қалғанын сезім жүрмін, Жақа, екінші жағынан өзің көрген жер, барып, келіп тұрасың....

- Жарайды, - деді ол.

- Жақа, қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды дейді ғой, күйеу балаңыз қыздың қалың малын төлеймін деп отыр, не дейсіз?

- Қалың малды қайдан біледі? Бұрын да қырғыздан қатын алған ба?

- Жоға, Жақа, мен айттым ғой.

- Ә....

- Қанша?

- 10 мың.

- Теңге ме?

- Ой, Жақа, алжығансың ба? Теңгесі несі?

- Доллар ма?

- Әрине, доллар, Жақа!

- Ооооо! Біздің ауылдың қыздарының алды болайын деп тұр ғой менің айекем, құлыншағым менің, - деп Жақа жылап қалды, жартыбас. Ақшаны мынша жақсы көреді деп ойламаппын.

- Былай ғой, Тұреке, - деді біраздан соң, мәселе ақшада емес, Айшөректің әке-шешесі жоқ, өзің білесің, туған-туыстардың көбі Ресейде, жұмыс іздеп кеткен, мен дәл қазір жайлаудамын, жуырда босай қоймаймын, құда күтіп алатындай ыңғайдың болмай тұрғаны да....

- Оған түк уайымдама, Жақа, қалың малды өзім алып қаламын да, қызды қашырып жібермін.

- Сүйте бер, онда Тұреке, - деді ол.

- Жақсы.

- Жақсы.

Бір күні Анхельмен дұрыстап әңгімелестім.

- Анхель Кариды қайтпексің?

- Қайткені несі? Мен оны тастайын деп отырғаным жоқ.

- Ал ол сенің екінші әйел алғаныңа келіспесе ше?

- Бек, мен саған бір әңгіме айтайын. Шет жағасын айтып та жүрмін. Біздер, үндістер, жер бетінде өте аз қалдық. Енді, енді болмаса құрып кетпекпіз. Бізге көбейу керек. Халқымның жер бетінен мүлде жоғалып кетпеуі үшін мен барлығын істеуге де бармын. Бұл жерде бір қатынның көзі жасы түкке де тұрмайды. Мен қатынымды емес, мен халқымды ойлап жүрмін. Біз барынша көбейуіміз керек. О үшін әр үндіс екі қатын емес, сендердегідей, мұсылман әлеміндегідей төрт қатын да емес, қырық қатын алса да болады.

Дәл қазіргі кезде бұл өте дұрыс шешім әрі қажет нәрсе деп ойлаймын.

- Каримен сөйлесіп, бәрін түсіндіремін, ол да сен ойлағандай емес, өте ақылды қатын, бір халықтың тағдырын бір қатынның көз жасына айырбастамайды, - деді ол.

- Еркексің, Анхель!

Қалай құшақтап алғанымды білмей қалдым...

- Бек, - деді Анхель бір күні баланы мен өзіммен бірге алып кетейін, байқап жүрмін ғой, оған бұл жақ жақпайтын секілді, ауыра беретіндігін байқап жүрмін, мүмкін біздің жаққа барған соң жазылып кетер, - деді ол.

Бермейін десем, бала ертең Анхель кеткен соң тағы да бұрынғы дертіне шалдықса не істеймін, берейін десем, бала адамның бауыр еті дейді ғой, қимайды екенсің, ішім қан жылады.

Амал жоқ, баланың өмірі үшін келісуге тура келді.

- Бек, Ауаның қай жерде жатқандығын маған көрсетші, мен қарындасымның басына барып, тағзым етіп, гүл шоқтарын қоймасам, көңілім тынышталар емес, әйтпесе өлгеніне мен сенбеймін. Бұл менің саған деген соңғы тілегім болсын, сосын мазаламаймын, бізді басына апар, көрсет, - деді ол.

- Шынымды айтсам, Анхель ес-түсімді білмей жүріп, оның қай жерге жерленгенін де байқамаппын.

- Оның жарасы жеңіл, бір қалада көп болса екі-үш зират бар шығар, барсақ, шырақшысы өзі-ақ айтып береді.

- Онда жарайды, - дедім мен.

Өзім де Ауаны сағынып жүр едім, басына барып, бір құран оқып қайтсам деп жүр едім, оңай-ақ келісе кеттім.

Айшөрекке төлқұжат жасаттық.


МЕН СЕНБЕЙМІН!


Сәрсенбінің сәтінде мен, Елжан, Анхель, Айшөрек ұшып шықтық. Тағы да сол баяғы Кейптаунға келдік.

Әкем «ат баспаймын деген жерін үш рет басады» деп отырушы еді. Айтқаны айдай келді. Бұл жерге тағы да бір қайтып келемін деген ой менде болмапты.

Кейптаун бізді осы жолы жақсы қарсы алды. Төбеден күн сәулесін төгіп тұр екен. Күн жып-жылы. Маңайдың барлығы жап-жасыл. Адамдар да көңілді, ашық-жарқын көрінді маған.

Қонақ үйге түстік. Алыс жолдан шаршап келгендіктен бірден жатып қалдық. Елжан да жылап мазаны ала қойған жоқ. Оны Айшөрек бір сәтке де қолынан тастамай көтеріп жүрді.

Бір қызығы, Австралия да, Отты жер аралы да Кейптаунның бойлығында жатқаннан кейін бе, келген соң-ақ Елжанға кәдімгідей жан біте бастады. Басын көтеріп, бір-екі рет жымиғанан да байқап қалдым. Көптен бері бірінші рет тамақ та жеді. Қимылдай да бастады. Қуанышымызда шек болсайшы...

Алыс жолға шығар алдында, Айшөректің Анхельмен кететініне анық көз жеткен соң мен Елжанды Айшөрекке мықтап тапсырдым.

Еркектің аты - еркек. Ол түз адамы. Менің балама көзіңнің қарашығындай сақ бол! Қарыны ашып, тоңып қалмасын. Өзім де хабарласып тұрамын. Келіп-кетіп те тұрамын. Бірінші құдай, сосын саған тапсырдым, қарындасым деп жылап қалдым.

- Аға, уайымдамаңыз, балаға анасындай қараймын. Маған сеніңіз. Оны жылатпаймын, - деді ол.

Көңілім орнына түсейін деді.

Ертеңіне бейіт басына бардық. Анхель бір жақтарға хабарласып, ұзақ сөйлесіп, бірдеңелерді жазып жатқан. Ақыры тапты-ау деймін, жүр кеттік деді. Соңынан ере бердім.

Іздегенімізді шырақшы тез-ақ тауып берді. Аты-жөнін айтқан едік, тез арада-ақ міне, мынау Ауа Хуанқызының моласы деп ерітіп алып келді.

Бір төмпешік.

Анхель оған қарап, ұзақ тұрды. Гүл шоқтарын қойды. Мен де тағзым еттім. Көзімнен аққан ыстық жас омырауыма тамшылап жатты.

Құлпытас қойылыпты. Қап-қара тас. Жап-жас әдемі бір қыз маған қарап жымиып тұр. Ауаның нағыз бейнесі болмаса да соған ұқсайды. Никола мен Сюзан істеген болар деп ойладым.

Ауа!

- Міне, мен келіп тұрмын. Мен ғана емес Елжан да келіп тұр. Көтер басыңды. Бізде бәрі жақсы. Сен қалайсың? - деп күбірледім.

Анхель де бірдеңе-бірдеңе деп күбірлеп, жылап та алды. Осы жерде Анхель бірінші рет испан тілінде емес өз тілінде бірдеңелерді айтып, қарындасымен сөйлесіп жатты. Қонақ үйге үндемей қайттық. Ертең олар осы жерден Ушуаяға ұшпақ. Мен кері қайтамын.

Түн ортасында менің бөлмеме Анхель келді.

- Бек, - деді ол. Сен маған мың рет айтсаң да мен сене алатын емеспін. Менің қарындасым тірі секілді. Мен оның денесін өз көзіммен көрмей ешкімге де сенбеймін. Мен қарындасымды өз көзіммен көруім керек. Әйтпесе мен бүкіл өмір бойы көңілімдегі күдіктен айрыла алмаймын.

Мен сенбеймін! Мен ешкімге де сенбеймін!

Ойын түсіне қойдым.

- Анхель, қайдағыны шығарма, көрді қазу деген не сұмдық! Атама! Аруақты қалай қорламақпыз? Айтуға қалай дәтің барып тұр. Сен маған сенбейсің бе? Әлде мен өзі өлтіріп көме салды деп тұрсың ба? Анхель қайт райыңнан. Менің дінімде бұл күпірлік, үлкен күнә. Сен мені шошытайын дедің, - дедім өре түрегеліп.

Бала кезімде біздің ауылда қылмыс болып, бір жігіт қаза тапқан болатын. Көп өтпей-ақ оны туыстары арулап жер қойнына берді. Оны пәленшекең өлтіріпті, - деп жұрт айтып жүретін. Кейіннен ол жігіт ұсталды. Тергеу болды. Бірақ жігіттің қалай өлгені, пышақ салған ба, әлде соққыдан өлген бе, сол жағы нақты болмаған ба, әйтеуір тергеушілер келіп, көрді қайтадан қазбақ болды. Сонда бүкіл ауыл қарсы шығып, қаздырмағаны есімде. Тіпті, жігіттің әке-шешесі арыздарымызды қайтып аламыз дегенге дейін барды.

Ақыры қаздырмады.

Бұл олардың түсінігінше аруақты қорлау, күпірлік болып есептеледі екен. Мұсылманшылыққа жат нәрсе, - деп жатты олар.

Сол оқиға менің жадымда қатты қалып қойған еді.

Бұны мен де көз көріп, құлақ естімеген сұмдық деп санайтынмын.

- Анхель бұның қылмыс. Дінімізге жат қылық. Аруақты сыйла. Құдайдан қорық!

- Түсінемін, Бек, оңай шаруа емес. Бірақ мен сондай жігітпін, мен тек өз көзіме ғана сенемін. Сосын өзіме ғана сенемін. Құдайдан не үшін қорқамын. Жалғыз қарындасымды алғаны үшін бе? Онда мені де алсын. Мен одан қорықпаймын!

- Астапыралла!

- Сосын Ауа мұсылман емес, ол үндіс қызы ғой. Біздің халықта бұрын өлген адамды көмбейтін болған.

- Астапыралла!

- Ауаны қазып алып, ол ма, ол емес пе, көрмей, ол болса маңдайынан иіскемей, мен тыншымаймын...

- Астапыралла!

Бір кезде менің ойыма сыған әйелдің сөзі түсті. Бұл баланың анасы тірі, бірақ алыста жүр деп еді ғой ол. «Сандырақтама» деп кетіп қалған жоқпын ба? Бірақ шын болып шықса ше?

Менің көңіліме де бірінші рет... күдік кірді...

О, Алла өзің кешіре гөр!


БОС ТАБЫТ


Сол түні, Кейптаун халқы ұйқыға жатты-ау деген түні, біз құлақ естіп, көз көрмеген бір сұмдық іс істедік. Керек-жарақтарымызды алып, түн жамылып, бейіт басына келдік. Біз шарбақтан секіріп түсіп, бұғып, жасырына, маңайға жалтақ-жалтақ қарап, тың тыңдап, аяғымызды епппен басып, біреу көріп қоймаса екен деп, қобылжи моланың басына қарай жақындап келе жатыр едік. Түн тыныш, ай жарық болды.

Рас, қатты қобылжыдым. Анхель алда, мен артта болдым. Екеуіміздің де қолдарымызда күрек, лом, балта бар еді.

Бір жағынан Анхель шындықты айтып тұрған шығар. Жақыныңның, туғаныңның қайтыс болғанын өз көзіңмен көрмей, өз көзіңмен жерлеп, бір уыс топырақ салмай, көңіліңде бір қимыстық па, жоқ, ол өлген жоқ секілді деген бір сенім бе, әлде бір үміт пе кетпей тұрып алатын шығар? Ауа өлмеген шығар?

Ауа қайтыс болған күнді қайта-қайта есіме ала беремін Рас, мен оның жүзін көргенім жоқ. Табыт жабық болды. Ашқызайық деген ой да болған жоқ. Ешкім ашып, көрсетейік деген де жоқ. Табытта қалай жатқанын, қандай киіммен жатқанын, оны да көргенім жоқ. Әйтеуір, табыт ауыр болған секілді болды. Оны төрт адам көтеріп жүрді. Біз тек соңынан еріп отырдық. Ауаны табытқа жаңа туған баласымен салды ма, әлде жалғыз өзін бе, оны да сұрамаппыз.

Ес шығып кеткен.

Бұл кезде Айшөрек пен Елжан қонақ үйде ұйықтап жатқан болатын. Сөйтіп, өмірімде бірінші рет жұрттан тығылып, бұғып, жасырынып келіп, құдайдың өзі кешірсін, Ауаның көрін қаздым. Жер де жұмсақ екен. Жас қабір тез аршылып келеді. Екі лақтырып, бір тыңдаймыз. Жұрттың бәрі бізге қарап тұрған секілді. Тіпті Ай да, жұлдыздар да, сендер не істеп жатырсыңдар, құдайдан қорықпайсыңдар ма, ертең тозақтың отына күйесіңдер ғой дегендей жақындап келіп, қарап тұрған секілді. Иә, біз бір сұмдық іс істеп жатқан едік...

Бұл да ештеңе емес қой, сұмдықтың көкесі әлі алда тұр екен.

Көрді қазып, табытты жоғары алып шықтық. Ақырын-ақырын табытты екі жағынан ұстап, былайырақ қойдық. Жүрегім дүрсілдеп, кеудеме сыймай барады. Қорқыныш па, әлде қазір Ауа шыға келетіндей үміт пе, білмедім, тұла бойымды ерекше бір сезім жайлап алды.

Ағаш табытты ортаға алып, біраз үнсіз отырдық. Бір уақытта Анхель табытқа жақын келді де, осы бас жағы-ау деген тұсқа бір темірді балтамен қағып кіргізді де, төмен қарай басып кеп жіберді. Шегелері суырылып түсті. Сосын қақпағын ашып кеп жібергенде.... сұмдық... оның іші бос жатқанын екеуіміз де көрдік...

Қайта-қайта қарадық. Шамның жарығымен де қарадық. Сипап та көрдік. Қолмен ұстап та көрдік...


ТАБЫТ БОС!


ЕШҚАНДАЙ ИІС ТЕ ЖОҚ!


АУА ДА ЖОҚ!!!


Тек сопақ келген ұп-ұзын бір үлкен қап-қара тас жатыр...

Анхель маған, мен оған қарадым...

Түрімізде қуаныш та емес, қайғы да емес, қорқыныш та емес, ерекше бір сөзбен жеткізе алмайтын белгі тұр еді.

Тек есімде Анхельдың «айттым ғой мен саған, Бек, мен сенбеймін, ол тірі» деген сөзі қалып қойды....

Табытты қайтадан тез-тез көме салдық.

Қонақ үйге келген соң ағыл-тегіл жыладым. Бұл менің көз жасым қайғы-қасіреттен бе, әлде қуаныштан ба екенін өзім де біле алмадым...

Анхель де жылады. Кейін ол тіпті құтырып кетті. Ол ұзақ ойға шомылып, ерсілі-қарсылы жүріп алды. Мен оның үлкен бір істі жоспарлап жатқанын түсіндім.

«Періштем-ау» менің сен болмасаң мен Ауаны өлдіге санап жүре береді екенмін ғой, ол тірі екен ғой, екінші балам да тірі шығар деп Анхельді құшақтап, еңірегенде, етегім жасқа толды...

Айшөрек те жылады.

Ақыры есімді жиып, Анхельге бүй дедім:

Анхель - сен періштесің! Сен маған періште болып келіп Ауаны қайтарып бергеніңді түсінесің бе?


Мен енді оны қайтсем де табамын!


Бүкіл әлемді құрбандыққа шалып жіберсем де сені табамын, Ауа! - дедім мен еңіреп...


Сен қайдасың, Ауа???!!!...


(3-бөлімінің соңы)


 


 




Көрілген: 4707    Пікірлер: 12
Пікірлерді оқу (12) preloader

сәрсенбі, 07.06.2017, 16:56

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    27 Желтоқсан 2016
    Қанат ӘБІЛҚАЙЫР: КІСЕН
    29 Қыркүйек 2015
    Майра ФАЗЫЛ: Ұйқы
    2 Маусым 2015
    Жанна Иманқұл: Файл
    24 Желтоқсан 2014
    Мирас МҰҚАШ: Ащы алма
    10 Желтоқсан 2014
    Мақсат МӘЛІК: Бассыз бөрі
    4 Желтоқсан 2014
    Бейбіт САРЫБАЙ: Ақтабан

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31