100 адам - 100 ұсыныс

Ерлан Саиров, саясаттанушы: Шетте жүрген жастарымызды туған елге тартуымыз керек!

  • Ерлан Саиров, саясаттанушы: Шетте жүрген жастарымызды туған елге тартуымыз керек!

    Ерлан Саиров, саясаттанушы: Шетте жүрген жастарымызды туған елге тартуымыз керек!

Таяуда ғана Статистика комитеті еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны дүниеге келгенін сүйіншіледі. Исі қазақ бөркін аспанға атып, Аллаға шүкіршілік етті. Иә, санымыз баяу болса да жыл санап көбейіп келеді екен. Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы 25 жыл ішінде бала туу көрсеткіші 60 пайызға артып, өлім-жітім едәуір азайған. Дей тұрғанмен Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұлан-байтақ даласы бар Қазақстан үшін этникалық көші-қон мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Бұл ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қатысты мәселе болғандықтан саладағы қордаланған мәселелерді шешу кезек күттірмейді. Мұны Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы да қадап айтып, жауапты органдарға тапсырма берді. Осы орайда "Енді еліміздің көші-қон саясаты қай бағытта дамуы керек?" деген сұрақ туындайды. Белгілі саясаттанушы Ерлан Саиров осы және өзге де сұрақтар төңірегіндегі өз ойымен бөлісіп, ұсыныстарын айтты. 




Көші-қон – табиғи процесс екенін есте ұстағанымыз жөн


– Бүгінде дүниежүзінде еңбек ресурстары үшін бәсекелестік жүріп жатыр. Қазақстанның экономикасы артқан сайын әртүрлі салада еңбек ресурстары қажет болары сөзсіз. Оның бергі жағында территорияның үлкендігі, халықтың орналасу тығыздығының төмендігі тағы бар. Еңбек ресурстарын құрайтын халық негізінен өз қандастарымыз болса нұр үстіне нұр, әрине. Ол үшін ұтымды миграциялық саясат жүргізе отырып, демографияны реттеп, еңбек ресурстарын оңтайлы орналастыру қажет. Сонымен бірге елімізде халықты орналастыруды оңтайландыру міндеті тұр. Осы мәселені сараптап көрелік.

1991 жылдан бастап елімізге 1 млн-ға жуық қандасымыз ат басын тіреген екен. Олардың басым көпшілігі Өзбекстаннан (61,5%), Қытайдан (14%), Моңғолиядан (9%). Елге орлаған отандастарымыздың 40%-ға жуығы 18 жасқа дейінгі жеткіншектер. Еңбек потенциалы дегеніміз осы!

Бір ерекшелігі, бұл азаматтардың басым көпшілігі оңтүстік өңірлерге көшеді. Ал солтүстік өңірлерден иммиграция, яғни басқа елдерге көшу басым. Бұл заңды әлеуметтік-психологиялық процесс. Азаматтар өз ұрпағы үшін құтты орынды іздестіріп жатыр. Оны тоқтату мүмкін емес.

Тек қана 2016 жылы солтүстік өңірлерден 34,965 адам солтүстік көршімізге ат басын тіреген. Мамандардың болжауы бойынша, 2018-2022 жылдары солтүстік аймақтардан 167 мың жұмысқа қабілетті адам басқа елдерге көшеді. Осы еңбек ресурстарының орнын толтыру үшін 80 мың отбасы немесе 322 мың адам солтүстік аймақтарға қоныстануы қажет. Егер де еңбек ресурстары мәселесі реттелмесе, жақын арада оңтүстік аймақтарда еліміздің 60-65% халқы орналасып, солтүстікте еңбек ресурстарына сұраныс артып, демографиялық тоқырауға ұшырайды.

Баса назар аударатын мәселе, біздің ел бүгінгі күннің өзінде шеттен еңбек ресурстарын әкелуге тәуелді рецепиент мемлекет. Тек 2016 жылы ғана Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, назар аударыңыз, шеттен біздің елге еңбек етуге 63 мың вакансияға квота берген! Сол орындарға 30 мыңнан аса еңбек мигранты келді. Бұлардың ұлт құрамына қарайтын болсақ, шүршіт, үндіс, түрік! Ал вакансиялар кілең жоғары білікті мамандар: дәрігер, архитектор, мұғалім, оператор т.б. Неге осы мамандықтарға өз қандастарымызды тартпасқа?




Қазақстан қартайып бара жатқан елдер қатарына қосылды




-Жырақта жүрген қандастарымыз – қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі. Кей кездері өз елімізде жоғалтып алған мәдени, рухани жауһарларымызды арғы беттегі қандастарымыздан тауып аламыз. Мысалы үшін, атақты Қабанбай батырдың сауыт-саймандарын Қытайда өмір сүріп жатқан қандастарымыз төрт ғасыр бойы көздің қарашығындай сақтай отырып, бізге дейін жеткізді. Бұл нені көрсетеді? Шыны керек, еліміз 70 жыл бойы отарлық бұғауда болып, көптеген салт-дәстүр, жоралғымызды жоғалттық немесе бұрмалап жібердік. Сол салт-дәстүрді басқа елдегі қандастарымыз арқылы тауып жатырмыз. Яғни, «қазақ әлемінің» оңтайлы бет-бейнесі, мозайкасын бірлесіп қана жасай аламыз.

«Қазақ әлемін» бүгінгі қым-қиғашы, шұғыл бұрылыстары көп заманда сақтап қалып, жаңғырту үшін қазақ халқының керегесі кең, ынтымағы жарасқан, ауызбірлігі мығым болуы керек. Мығым болу үшін барлық қазақ жер шарының қай жерінде жүрсе де өз мәдениетімізден сусындап отыруы қажет.

Екіншіден еліміздегі қазақ халқының демографиялық жағдайында қарама-қайшы процестер жүре бастады. Бүгінде 29 жасқа дейінгі жастардың үлес салмағы жалпы халыққа шаққанда 23,2%-ды құрап отыр. Бұл көрсеткіш басқа елдермен салыстырғанда шүкір болғанмен, өз арамызда жастардың үлес салмағы кеміп барады. Еліміздегі халықтың жалпы саны жыл сайын 1,5%-ға көбейеді екен. Бірақ соңғы 6 жылдың ішінде жастардың үлес салмағы 8,5 % азайған.

2016 жылы Қазақстан қартайып бара жатқан елдер қатарына қосылды. Халықаралық сарапшылар қартайып бара жатқан елдер қатарына жалпы халқының 7 пайызын қарттар құрайтын мемлекеттерді қосады. Біздің елде халықтың 7 пайызы қартайған адамдар екен. Бұл қауіпті симптом.

Жастардың үлесін қалай арттыру қажет? Әрине, еліміздегі репродукция мәселесін реттей отырып, шетте жүрген жастарымызды туған елге тартуымыз керек. Міне, Елбасының айтып отырған мәселесі осы.

Енді шетте жүрген қандастармен гуманитарлық қарым-қатынасты жолға қою үшін не істеу керек деген сұраққа келейік. Біз сол жақта тұратын бауырларымыздың ұлттық ерекшелігін сақтап қалу үшін күресуді үйренуіміз керек. Мысалы, барлық мінберден Ресей біздің одақтас, бауырлас халық деп ұрандатып жатамыз. Сол Ресейде қазақ тілінде сабақтар беретін мектеп мүлдем қалмаған деуге болады. Қазіргі жастар өзінің ана тілін білу құқығынан айырылған. Ал сол Ресейде ресми деректерге сүйенсек, 1 млн 300 мыңнан аса қазақ тұрады. Неге біз осы мәселені көтермейміз?

Қытайдағы, Өбекстандағы қазақтардың жағдайы да қарық болып тұрған жоқ. Қытайда сол елде қалуға мәжбүрлеу, паспортты бермей қою мәселесі, Өзбекстанда өзбектендіру саясаты басым. Бұл мемлекеттер осылай істеп жатыр деп, бұл елдерді кінәлаудың да қажеті шамалы, әр елдің өз мүддесі бар. Ал қара шаңырақ ретінде осы бауырларымызға қиямет-қиын кезде көмектесу біздің борышымыз әрі міндетіміз!

Тағы бір күрделі мәселе, әр тарапта тұратын қандастарымыз әртүрлі әріп пайдаланады. Қытайда араб жазуы, Ресей мен Моңғолияда кириллица, Өбекстан мен Түрікменстанда латын жазуы, Ауғанстан мен Иранда мүлде басқа. Бұл ұлттық бірлікті жоюға қабілетті мәселе. Қазақ тілінің грамматикасы әр елде әртүрлі оқытылады. Бұл осы жақтағы жас жеткіншектердің елімізде оқуына кедергі болады деген сөз.

Осы аспектілердің барлығы біздің бір ұлт бола тұра, тіл, дәстүр, мәдениет бойынша алшақтап, ұлттық дезинтеграцияға ұшырауымыз мүмкін екендігін көрсетіп отыр.

Әрине, Елбасы бұл мәселелерді дипломатиялық тұрғыда айтты, ол дұрыс та. Ал біздің қоғам осы мәселені әлсін-әлсін көтеріп отыру керек қой! Сондықтан, шетте жүрген қандастарымыз өзін жалпы «қазақ әлемінің» құрамдас бөлігі ретінде сезінуі үшін кешенді түрде гуманитарлық іс-шаралар өткізіп отыру маңызды. Айталық, сол елдердегі қазақ ұлттық-мәдени орталықтарына ұйымдастыру-әдістемелік көмек жасап, біздің елде шетте жүрген қандастарымыздың өнер фестивальдерін өткізіп тұрсақ, нұр үстіне нұр болады. Сол елдерде ұлттық спорт түрлерін дамыта отырып, этникалық қазақтарды біздің елде өтетін спорт додаларына қатыстыру керек. Қазақ диаспорасының мүшайрасын өткізу және тағы басқа шаралар өткізілуі шарт. Осы іс-шаралар жырақта жүрген қандастарымызға олардың бұл жалған дүниеде жалғыз емес екендігін, олардың артында қазақ мемлекеті бар екендігін көрсете отырып, бойындағы мақтаныш сезімін арттырары сөзсіз.

Осы жерде біздің шетте жүрсе де, өз бизнесі бар, әл-ауқаты жақсы қандастарымызды мемлекет мүдделері үшін пайдаланудың да тетіктерін қарастырған жөн. Бұл ретте Қытайдың, Израильдің шет елдегі қандастарын өз елінің мүддесіне пайдалану тәжірибесі зор. Қытай өкіметі шетте жүрген 40 млн хансу ұлты өкілін инвестиция тарту, қаржы мәселелерін шешу, технология, ноу-хауды елге кіргізудің көзі жасап алған. Қытайдың «экономикалық кереметінің» қайнар көзі осы шеттегі «хуацяо» деген де пікір бар. Бір қызығы, олардың Қытай өкіметі жанында өз ұйымы бар және Қытайдың басшылығы олармен жылына бір рет кездесіп, міндет қойып отырады, «хуацяо» өкілдері Қытай азаматы болмаса да, сол міндеттерді бұлжытпай орындайды.

«Бармасаң, келмесең жат боласың» деп аталарымыз айтпақшы, біздің өкіметке де шетте жүрген қазақ бизнес өкілдерімен неге қоян-қолтық жұмыс істемеске?




«Әр қазақ – менің жалғызым» идеясы санамыздың мәйегі болуы




Жақында Қытайдан келген қандас апайымыз Гүлжан Мәуітханқызы өмір бойы тапқан-таянғанынан бір күнде айырылып қалғаны белгілі. Сол кезде бүкіл қоғам болып ол кісіге араша түстік, нәтижесінде қаржысы өзіне қайтарылды. Бұл Бас прокуратураның да жеңісі болды. Өйткені, заң мен гуманизм арасында тепе-теңдік орнады. Мәміле дегеніміз осы.

Бұл кісінің мəселесінің оң шешілуі тек қазақстандық заңнамада прецедент емес, бұл мəселенің терең идеологиялық тамыры бар. Ол «тарыдай шашылып жүрген қаракөз ағайынға елге келуге жол ашық» деген қазақ социуымының декларациясы деуге болатын белгі. «Арғы беттегі ағайынның басым көпшілігі қуанып, рухы көтеріліп, елге келуге қамданып жатыр» дейді Гүлжан Мәуітханқызы. Бізге ең бірінші, идеологиялық жұмыс керек. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген идея бергі беттегі қазақтың санасының мәйегі болуы шарт. Біз осы идеяны қоғамда дәріптеудің кешенді жұмысын жүргізуіміз керек. Сонымен бірге заңнаманы өзгерту қажет.

Негізінде өз отандастарын шеттен елге көшірумен кешенді айналысатын мемлекеттер санаулы. Ол Израиль, Германия, соңғы кездері Польша мен Венгрия қосылды. Бірақ бүгінде тек Израиль мен Қазақстан ғана көштің саябырлауына жол бермей отыр. Ал сол Израильде өз отандастарын елге көшіру ұлттық идея негізіне жеткен, мемлекеттің негізгі бағыты, қоғам мен мемлекеттің консенсусы деуге барлық негіз бар. Сол елде «Елге қайту» жөніндегі заң бар. Осы заңға сәйкес әрбір еврей өз отанына қайтуға құқылы. Бірақ бұл заңда адам туған жеріне оралғаннан кейін оны жұмысқа дайындау, жұмыс тауып беру, тіл үйрету, үй-жайға орналастыру тетіктері толығымен қарастырылған.

Германия, Израиль, Польшаға көшіп келіп жатқандар өз тілінен, өз мәдениетінен айырылып қалған, мемлекет оларды туған топырағына қайтару үшін қаншама қаржы жұмсайды?! Біздің «отанға қайту» саясатымыздың ең жеңіл тиетін жері осы. Бізде шеттен келген ағайын қазақ тілін, мәдениетін бізден жақсы біледі. Өзімізді үйрететін жағдайға жетті. Біздің мемлекетті шынайы Отаным деп келеді! Сондықтан келемін деген азаматтарға елге кіру кезінде құжаттық бюрократияны жою, жұмыс тауып беру, бизнес ашуға көмектесу тәрізді жеңілдіктер жасаған жөн. Оларға біздің жақтан, мемлекеттен, қоғамнан ақ пейіл, шын ниет қана керек.

Бізде өз отанына оралып жатқан азаматтарға әлеуметтендіру мәселесі жетіспейді. Қазақстанға келгеннен кейін оларға қырғи қабақ таныту, менсінбеу, олар жөнінде заңды орындамау фактілері көп кезігеді.

Тағы бір сорақы мәселе, Қазақстанға оралып, бала-шағасын көшіріп әкеліп, кішкентай заңды білместіктен Қытайға қуылған азаматтар қаншама! Отбасы осы жақта, отағасын Қытайға қуып жіберген! Біз осы проблеманы шешуіміз қажет. Ал оның төркіні әріде жатыр!

Қорыта айтар болсам, шетте жүрген қандастарымыз – біріншіден, қазақ мәдениетінің мәйегі, қайнар көзі; екіншіден, еліміздің гуманитарлық картасын өзгертудің құралы; үшіншіден, елімізге «жаңа» еңбек ресурстары, сол еңбек ресурстарының негізгі бұлағы; төртіншіден, экономиканы әртараптандырады, сол экономиканы әртараптандырудың әдісі.

Біздің қоғамның бір бөлігінде шетте жүрген ағайынға қатысты сыңаржақ пікір бар. Олардың бізге қажеті не деген тәрізді. Шынына келетін болсақ, біз оларға емес, олар бізге ауадай қажет!


Жақсылық НҰРМАН


 


 




Көрілген: 209    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сенбі, 12.08.2017, 13:56

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    2 Желтоқсан 2016
    Ауа райы болжамы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31