Денсаулық

Қазақстанда тағы реформа: Енді медбикелер де емдейді

  • © Sputnik / Владислав Воднев

    © Sputnik / Владислав Воднев

Ауруханадағы медбикені ұшақтағы стюардессамен салыстыруға болады. Сырттай қарағанда жұмысы жеңіл көрінетіні рас – қызмет көрсетумен айналысады. Алайда стюардесса немесе борт серігі – ұшақтағы жолаушылардың қауіпсіздігі мен өміріне жауап беретін қызметкер. Ал медбике науқастарға күтім жасап, аяққа тұрып кетуіне жәрдем көрсетеді – азаматтардың денсаулығы мен оңалып кетуі солардың қызметіне тікелей байланысты.


Ауруханаларда орта және кіші медициналық персоналдың үлесіне медициналық қызмет көрсетулердің 80%-ы тиесілі. Дәрігерлердің жүктемесі көбейген кезде, ол жұмысты да білікті медбикелер атқара алады.


Оның үстіне, халық санының артуы мен науқастарды емдеу, профилактика және реабилитация бойынша жаңа ұстандымдарды енгізу қажеттігіне байланысты денсаулық сақтау жүйесін модернизациялау медбикелердің дайындығы мен біліктілік деңгейіне жаңа талаптар қойып отыр.


Бакалавриат деңгейі бар медициналық қызметкерлер тәуелсіз медбикелік тәжірибені іске асыра алады, яғни науқастың жағдайына баға беріп, қадағалап, медбике ретінде диагноз қойып, ақыл-кеңес бере алады, сондай-ақ ғылыммен де айналыса алады.


Қазақстанда "жаңа деңгейдегі" медбикелер қашан пайда болады?


Қазақстанда тәжірибелік базасы мықты жоғары білікті медбикелерді дайындау басталып кеткен. Медбике қызметінің жаңа моделін құру бойынша қанат қақты жобаны 2014 жылы Финляндияның қолданбалы ғылымдар университеттері JAMK және LAMK мамандары, сондай-ақ патронаж медбикелерді даярлауға көмектесетін БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесе отырып, іске қосты.


Медбикелерді даярлау жүйесі халықаралық тәжірибеге жүгіне отырып, еуропалық кеңістікпен сәйкестендірілген.


Сонымен бірге, "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасында тиісті пункттер қамтылып, 2019 жылға дейін Қазақстандағы медбике ісін дамыту бойынша кешенді жоспар мен "2019 жылға дейін медициналық білім беруді жаңғырту жобасының жол картасында" қарастырылған.

Қанат қақты жобаның алғашқы нәтижесі ретінде 308 медбике қолданбалы бакалавр деңгейін алып шығып, қазір Қазақстанның әр аймақтарында қызмет етіп жатыр.


Медбикелер неге жауапты болады?


"Ескі жүйе" бойынша стационарлар мен емханаларда әр жылдары колледж тәмамдаған медбикелер жұмыс істейді. Стационарда палатада қызмет етуші, процедура жүргізуші және жараны таңушы медбикелер жұмыс істейді. Палатада қызмет етуші медбике дәрі-дәрмек беріп, науқастың қан қысымы мен температурасын өлшейді. Процедура жүргізуші медбике екпе жасап, система қояды. Бірақ ішінара ротация деген жоқ, медбике бірнеше жыл бойы бір ғана жұмысты атқарып жүре береді.


"Қазақстанда медбике тәжірибесі жолға қойылмаған десе болады. Медбике – дәрігердің көмекшісі, бірақ серіктесі емес. Алайда еуропалық стандартқа сай жұмыс істейтін медициналық мекемелер бар. Мысалы, "Ана мен бала орталығы", "Нейрохирургия" сияқты мекемелер JCI (Joint Commission International — медициналық мекемелер үшін қауіпсіздік және сапа саласындағы әлемдік стандарт — Sputnik) халықаралық стандарттарынан өткен, қазір де сондай тәжірибені іске асырады. Бөлімде алты науқас болса, медбике дәрігер сияқты науқасты қабылдағаннан бастап, ауруханадан шығарғанға дейін жауапкершілікке ие болады, жеке медбикелік құжатты толтырады. Барлығы орталықтандырылған, науқастың денсаулығы сыр берсе, бірден дәрігерге хабарлайды. Дәрігерлер сағат сайын науқастың қарай алмайды, уақыты да жоқ. Мұның бәрі медбикелердің мойнына артылған" — дейді Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының (ДСДРО) медициналық білім бөлімінің басшысы Зәуре Байғожина.


Алайда қарапайым емханаларда әр медбикеге шаққанда орта есеппен 13 адамнан келеді. Мұндай жағдайда медициналық персонал дәрі тамызғыш қойып, дәрі беруге ғана үлгереді. Ал операциядан шыққан науқастарға күтім қажеттігі айтпаса да түсінікті.


Медбикелердің жауапкершілігін арттырып, сонымен бірге мойнына артылған жүктемені атқаруды қамтамасыз ету үшін әлі күшіне енбеген медбике құжаты әзірленіп жатыр. Медбике қызметінің стандарты мен тарифтері енгізілуде. Мысалы, поликлиника мен стационарда медбикелер шектен тыс қағаздармен айналысады, кейде дәрігерлердің де құжатын толтырады, ал бұл қызмет еш жерде тіркелмеген, тиісінше ақы төленбейді.


Қолданбалы бакалаврлардың басқа медбикелерден қандай айырмашылығы бар?


Аталған жайттардың бәрі медбикелердің дайындығы мен білімін қайта қарастыру қажеттігін көрсетеді.


"Қолданбалы бакалавриат бағдарламасы туралы айтар болсақ, бұл жеткілікті тәжірибеден өткен медбикелер, клиникада жұмыс істеуге бейімделген", — деп түсіндірді Байғожина.


Жаңа бағдарлама 4600 сағатты қамтиды, 3,5 жылға есептелген. Оның 50%-ын студенттер клиникада жүріп оқиды, сол жердегі медбикелер жетекшілік етеді. Әр медбикенің қол астында үш студент болмақ. Олар айына 180 клиникалық сағат алады.


Бұдан бөлек, тәжірибелі медбикелер де қолданбалы бакалавриатқа түсу мүмкіндігіне ие. Науқастармен жұмыс істеу тәжірибесі болғандықтан, олар жеделдетілген курстан өтпек — 1,5 жыл. Қазір грант бөлу мәселесі қарастырылып жатыр, өйткені күндізгі оқу болғандықтан, медбике жұмыс арасында үзіліс жасауға мәжбүр болады.


Медбикенің "мансап баспалдағы"


Оқу кезінде студенттер мамандандырылған клиникаларда практикадан өтуі тиіс, практика келесі бағыттарды қамтиды: педиатрия, акушерлік және гинекология, психиатриялық қызмет, медбикелік күтім, паллиативті көмек, хоспис.


"Классификатор бойынша ең төменгі деңгей – күтушілер. Олар үш ай дайындықтан өтеді. Келесі деңгей – кіші медбике және көз массаж жасаушы. Кіші медбике қарапайым күтім көрсетеді: төсегін ауыстырып салу, киімін ауыстыру, тасымалдау және тамақтандыру. Төртінші деңгейде жалпы практика медбикесі. Оларды медициналық колледжде оқытады. Базалық медбике күтімін атқарады. Бесінші деңгей – медбике ісінің қолданбалы бакалаврлары. Олар өз бетімен, өз өкілеттігі аясында дәрігерден тыс медбикелік процесті жүзеге асырады. Мысалы, поликлиникада медбикелер скрининг жүргізуге, белсенді қадағалау, науқасты қабылдауға, диспансеризацияға жауап беріп, денсаулық мектебін басқара алады", — деп мәлімет берді ДСДРО өкілі.


Алтыншы деңгей – академиялық бакалаврлар немесе жоғары білімді медбикелер. Оларды университеттер даярлайды. Атқаратын қызметі қолданбалы бакалаврлармен бірдей, бірақ сонымен қатар басшылық ету, ұйымдастыру шараларына қатысып, зерттеу және медбикелік процесті бақылаумен айналыса алады. Олардан кейін – медбике ісі бойынша магистратура, ғылыми-зерттеу қызметі.


Соңғы деңгей – медбике ісі бойынша докторантура. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін PhD-докторантура деңгейі бар диссертациялық кеңес қажет.


Қазақстанда қолданбалы бакалаврларды қайда даярлайды?


Былтыр "Практикалық денсаулық сақтауға медбикелік қызмет моделін енгізу" жобасы басталды. Қолданбалы бакалаврларды медициналық колледждер ғана дайындайды. Олардың саны — 17.


"Жыл сайын колледждерді жоғары медициналық колледж ретінде қайта құру мүмкіндігін саралаймыз. 17 колледждің 8-інде бағдарлама іске асырылып жатыр, қалғандары қайта құру кезеңінде", — дейді Байғожина.


Қазақстанда бакалавр деңгейі бар қанша медбике керек?


Қазақстанда бүгінгі таңда 105 мың медбике қызмет етеді. Ал қолданбалы бакалаврлар саны – 308 маман, олар 2018 жылдың ақпанында оқу бітірген.


"308 қолданбалы бакалавр оқуын аяқтап шықты, бұл теңіздегі бір тамшы сияқты. 2040 жылы олардың санын 40%-ға жеткізуге болжам жасалған, яғни осы уақыт аралығында тағы 50 793 медбике даярлап шығуға тиіспіз", — деп мәлімет берді ДСДРО.


Қолданбалы бакалаврлар қайда жұмыс істеп жүр?


Қазір Қазақстанда бағдарламаның алғашқы түлектерінің қатысуымен пилоттық жоба іске қосылған. Оған Астана, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Орал, Көкшетау, Түркістан қалаларындағы жеті медициналық колледж қатысады. Сонымен бірге жеті көп бейінді ересектер стационары, жеті көп бейінді балалар стационары, жеті перианаталдық орталық және тоғыз емхана.


Пилоттық жоба былтыр тамыз айында вице-министрдің бастамасымен қолға алынды. Біз қолданбалы бакалаврларды даярлап шығарғалы жатқанда, практикалық базалар оларды қабылдауға дайын болмады. Практикалық денсаулық сақтау мекемесін қайта құрмай, медбикелерді жұмысқа орналастыру мүмкін емес еді", — деп атап өтті Байғожина.


Жобада бірқатар маңызды тапсырма қолға алынған. Олардың бірі –білім деңгейі әртүрлі медбикелердің кәсіби практика саласын анықтау, медбикелік қызметті ұйымдастырудың моделін таңдау.


"Біз бастапқы және командалық медбикелік модельді таңдадық. Бастапқы медбикелік модель науқасқа бейімделген ұстанымды қолдайды, яғни науқасқа үнемі күтіп көрсетіліп, қауіпсіздігі қамтамасыз етілді; медбикелердің біліктілігін нығайту, дербестігін сақтау, өкілеттігін арттырып, өз бетімен шешім қабылдауға мүмкіндік беру сияқты мәселелерді қамтиды. Командалық модель медбикелер, дәрігерлер және басқа да мамандардың команда болып жұмыс істеуін ұйымдастыруды қамтиды. Стационарда, емханаларда бұл модельдерді әртүрлі пайдаланады", —деп түсіндірді ДСДРО медициналық білім бөлімінің басшысы.


Медбикелерге қолданбалы бакалавриат қызық па?


Бұл сұраққа Астанаға биыл маусымда медбике ісі бойынша алғашқы халықаралық конференцияға келген медбикелер жауап берді.


Біріншіден, жоғары білімі бар медбикелердің жалақысы өзге әріптестерінен қарағанда 20%-ға көп. Дәрігерлердің табыс деңгейімен бірдей.


Екіншіден, "шығармашылық" қызмет – медбике аналитикалық ойлау жүйесі бар маман ретінде өз-өзін көрсетіп, емін-еркін жұмыс істей алады, ауруханада атқаратын рөлі мен маңызы артады.


Үшіншіден, ғылыммен айналысуға, құжаттар мен нұсқаулықтарды дайындауға қатыса алады.


Медбикелер дәрігерлермен бәсекелесе ме?


Медбикелер диагноз қойып, ем тағайындау мүмкіндігіне ие болады, дегенмен, ДСДРО қолданбалы бакалаврлар мен дәрігерлер арасында кикілжің туындамайды деп сендіріп отыр, өйткені бәрі өз қызметін, өз өкілеттігін орындайды.


"Дүниежүзілік банк қолдаған жоба аясында медбикелік дәлелді нұсқаулық жасап шығарылды. Төрт медбикелік нұсқаулық бар: созылмалы жүрек қызметінің жеткіліксіздігі, қант диабеті, тыныс демікпесі. Осы нұсқаулықтардың негізінде медбикелік қызмет көрсету стандарттары әзірленеді, құжат бірден электронды түрде жүргізіледі. Қазір штаттық нормативтер, процедуралар мен медбике құжатының формасын ұсыну және өңдеу жұмысы атқарылып жатыр, клиникалық бакалавр медбикелердің лауазымын штатқа енгізуге қатысты барлық мәселе қаралады", — дейді Байғожина.


Қолданбалы бакалавриат практикада


Астанада медбике ісін модернизациялау бойынша жобаға бес медициналық ұйым қатысып жатыр: №5 қалалық емхана, №8 емхана, екінші қалалық балалар ауруханасы, бірінші қалалық аурухана, №2 перинаталдық орталық.


Sputnik Қазақстан тілшілері жұмыс күні қызып тұрған шақта №5 клиникаға келді. Бұл клиникаға 38 бөлімше немесе 73 мың елорда тұрғыны тіркелген. Медбикелерге "Парыз" медбике ісі мамандарының қоғамдық бірлестігі президенті Гүлзи Әбенова басшылық етеді.


"Жоба 2018 жылы басталды. Астанада 1 сәуірде бізге үш медбике келді. Штатта олар кеңейтілген практика медбикелері болып көрсетілген. Түлектер диспансерлік есепте тұрған, созылмалы дерті бар науқастарға қарайтын болды. Ауруы асқынып кетпес үшін бұл науқастармен реабилитация және профилактика шараларын атқару керек. Ешқандай қиындық туындаған жоқ, колледжде алған білімдерін осы жерде пайдаланды", — дейді Әбенова.


Әр үш медбикенің өз кабинеті, өз міндеттері бар. Бұл науқастар үшін жаңалық болды, бірақ жоба аясында әбден үйренісіп, жақсы жақтарын көрді – кезек жоқ, тез қаралып, ақыл-кеңес алуға болады. Қажет болса медбике өзі дәрігердің қабылдауына жазғызып қояды.


"Бізге осындай деңгейдегі медбике келгеніне разымыз. Жұмыста көп көмегін тигізді. Күнделікті жұмысымыздың 40-50%-ы соның мойнында. Бұл науқастарды диспансерлік есепке алу, тамақтану және диета бойынша, дәрі-дәрмектер туралы ақыл-кеңес беруді қамтиды. Сонымен бірге, қант диабетіне шалдыққандарға глюкоза деңгейін өлшейтін құралдарды пайдалануды үйретеді. Тағы бір көмегі – тегін дәрі-дәрмек алу үшін пациенттерге рецепт жазып беріп отырады", — дейді №5 емхананың эндокринолог дәрігері Гүлбайра Қасымова.


Тәжірибелі маманның мақтауына ие болған жас медбике — Айкен Ізбасар. Оның пациенттері негізінен қант диабетіне шалдыққан қарт адамдар.


"Бастапқыда қиын болды. Науқастар үшін медбике дәрігерден төмен болып есептеледі. Қазір бәріміз бір-бірімізге үйреніп кеттік", — дейді ол.


Айкен колледжді де, қолданбалы бакалавриатты да тәмамдаған. 1 сәуірден бастап емханада жұмыс істеп жүр.


"Бірінші күннен маған жеке кабинет берді. Менің міндетім – диспансерлік есепте тұрған науқастардың жағдайын бақылау. Мақсатым – олардың өмір сүру сапасын жақсарту. Әрі дерттің асқынып кетуінің алдын алуға көмектесемін. Қант диабетіне шалдыққандарға дәріні қалай ішу керектігін түсіндіремін. Қарапайым медбикеден айырмашылығым науқаспен жеке жұмыс істеймін. Қабылдауға шақырып, денсаулығын қадағалаймын. Тағы бір ерекшелігім, дәрігерлермен бір деңгейде қызмет етемін. Дәрігер болмасам да, рецепт жазып, ақыл-кеңес бере аламын", — дейді ол.


Дәрігерлер мен медбикелерді кім қорғайды?


Соңғы уақытта Қазақстанда екі жағымсыз оқиға болды: медициналық қызметкерлерге шабуыл жасалған. Алматыда жедел жәрдем жүргізушісі соққыға жығылса, Оралда науқасқа асығып бара жатқан медбикені тонап кеткен.


"Бұл проблеманың бары рас. Дәрігерлер мен патронаж медбикелер науқастың үйіне жалғыз барады. Әрі бесінші емхана саяжайлар аумағына қызмет көрсетеді, ол жақта қаңғыбас ит те кезігеді. Бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Заң тұрғысынан қарап, медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін ойластыру керек", — дейді Әбенова.


Денсаулық сақтау министрлігі жуық арада осы мәселені қолға алып, нақты шара қолдануға уәде берді.


Медбике ісінің реформасы пациенттерге қандай пайда береді?

Медбикелер дәрігерлердің жүктемесін азайтып, олардың өз жұмысын сапалы атқаруына септігін тигізеді. Әрі науқастармен жеке жұмыс жүргізіліп, емханаларда білікті мамандарға деген сұраныс азаяды.


Сонымен қатар, медбике жәрдемін модернизациялау медициналық туризмді дамытуға септігін тигізіп, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасына жағымды әсер етеді.


Sputnik


 




Көрілген: 257    Пікірлер: 0

бейсенбі, 04.10.2018, 18:34

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31