Денсаулық

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қалай түсінеміз?

  • Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қалай түсінеміз?

    Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қалай түсінеміз?

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында мемлекет тарапынан кепілдік берілген медициналық қызметтер пакетін оңтайландыру қажеттігін айтып, оның жаңа үлгісін әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Президенттің бұл бастамасын сала мамандары да қолдайды.


Сөз болып отырған тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакеті (ТМККК) үкімет қаулысымен бекітіледі. Көмектің қазіргі форматы 2004 жылы жасалды. Жыл сайын жаңарып отыратын құжатта тегін медициналық көмектің барлық түрлері мен формалары, қызмет көрсету тәртібі мен ақысы, мемлекет тарапынан ақы төленбейтін қызметтердің кейбір түрлері атап көрсетілді. Былай қарағанда, бұл құжат елімізде медициналық көмектің кез-келген түрін тегін көрсетуге кепілдік берілгенін білдіреді. Бірақ мамандардың айтуынша, іс жүзінде жағдай бұдан өзгелеу. Денсаулық сақтау саласының сарапшысы Серік Тәңірбергенов бұл құжаттың тек косметикалық сипатқа ие екенін айтады. «Мұнда тегін медициналық тексеру түрлері егжей-тегжейлі жазылғанымен, онда ауруханалар қызметін немесе жаңа техно¬логияларды сипаттауда үлкен кемшіліктер бар. Бүгінде аса жылдам қарқынмен дамып отырған медицина саласы үшін бұл – қауіпті құбылыс. Олай дейтін себебіміз, қағаз жүзінде қолжетімді болған медициналық көмекке шын мәнінде қарапайым халық¬тың қолы жетпей жүр, ал медицина ұйымына кіріп-шығу қиынның қиыны» дейді сарапшы.

Себеп неде?

Тізім бекітілген 2004 жылдан бері көп нәрсе өзгерді. Қазіргі заманғы ме¬дицинаның мүмкіндіктері де, елдегі сырқаттану құрылымы мен деңгейі де, пациент те өзгеше. Өзгермеген – тек ТМККК құрылымы ғана. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының стратегия жөніндегі басқарушы директоры Серік Тәңірбергенов ТМККК пакетінің осы уақыт ішінде технологиялық инфляцияға ұшырағанын айтады.

– Он бес жылда дәрі-дәрмек құрал¬дарының да бірнеше буыны ауысып үлгерді. Мәселен, ел тұрғындары көп тұтынатын антибиотиктер осыдан 10 жыл бұрын сепсисті бірнеше күнде-ақ емдеп-жазса, бүгінде қарапайым инфекцияларға да шамасы жете бермейді. Себебі, инфекция¬лар дәрілік препараттарға төзімді болып алған. Қазір қатерлі ісікті емдеуге арналған таргеттік дәрілер пайда болды. Бұрын-соңды біз мұны «армандауға» да жү¬рексінетінбіз. Лабораториялық диагностика толығымен автоматтандырылды. Қанды әйнекке тамызып зерттеу әдісі бүгінде көп жерде қолданылмайды. Ультрадыбыстық зерттеу нәтижесінде жүкті әйелдің қолына 3D видео беретін деңгейге жеттік. Халық саны 18 миллионға жетті. Қарттар мен балалардың үлесі артты. Халықтың өмір жасы 6 жылға ұзарып, бұрынғыға қарағанда ұзағырақ өмір сүре бастадық. Бұрын өлім-жітімнің дені түрлі жарақаттар салдарынан болатын болса, бүгінде ол жалпы өлімге негіз болатын 3 негізгі себептің қатарынан шығарылды. Үштікте созылмалы аурулар ғана қалды. Нарық бір орында тұрмайды. Осы тұста, медицина индустриясы саласындағы жетістіктердің басым бөлігі жекеменшік емханаларда пайда бола бастады. Әрине, ақылы. Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын емдеу мекемелері замана көшінен қалып қойды. Бұдан кейін жұртшылық мемлекеттік аурухана мен жеке меншік емхананың деңгейін салыстыра бастады. Бұл да заңды құбылыс, – дейді маман.


Мысал

Үш адамнан құралған қазақстандық отбасы осыдан 14 жыл бұрын қаланың бір шетінен шағын ғана екі бөлмелі пәтер сатып алды делік. Тіпті сол кездің өзінде де бұл аса бір ұтымды дүние емес-ті. Дегенмен пәтерден пәтерге көшіп, тапқаны пәтерақыдан артылмайтын отбасы мұны уақытша баспана деп қабылдады. "Болашақта ақша жинап үлкенірек, жайлы пәтер сатып алуды" жоспарлап қойды. Бірақ жыл артынан жыл өтіп, отбасы үлкейді. Жалғыз ұл үйленіп, дүниеге немере келді. Енді екі бөлмелі шағын пәтерде білдей үш буын өкілі тұрады. Алтауының сұранысы да, қажеттіліктері де әртүрлі. Оның үстіне, талай жылдан бері жөндеу көрмеген үйдің тозығы жетіп, жүйкені жұқартып тұрған жайы бар…


Міне, біз медицина саласындағы мемлекеттік кепілдік пакеті атап жүрген - тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) төңірегінде қалыптасқан ахуалды осы мысалмен салыстыруға болады. Бұл жерде "уақытша" деп сатып алынған пәтер - осы ТМККК пакеті болса, шағын пәтер тұрғындары - соңғы кезде саны да, сұраныстары да едәуір артқан Қазақстан халқы. Оның мемлекеттен де күтері көп.



Сонымен, өзгермеген не нәрсе?

«Бәрі өзгерді. Өзгермеген – денсаулық сақтау саласындағы қаржы тапшылығы мәселесі ғана» дейді Серік Тәңірбергенов. Айтуынша, 2010 жылдан бастап ұлт денсаулығына жұмсалатын шығын тұрақты түрде қысқарып, жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 3,4 пайызына дейін төмендеді. Даму деңгейі біздікімен қарайлас елдер денсаулық сақтау саласына ішкі жалпы өнімінің кем дегенде 6,3 пайызын бөліп отырады. Біздің елде салаға жұмсалатын мемлекеттік шығын үлесі жылдан жылға төмендеуде. Есесіне, сіз бен біздің қалтамыздан шығатын жеке шығын көлемі жыл сайын артып отыр. Отандық эко¬номикамыз тұралап тұрмаса да, денсаулық саласына салынатын инвестиция жағынан біз – Африка елдерінің деңгейінде екенбіз және соған қарамастан медицина деңгейінің еуропаша болғанын қалаймыз.

– 14 жыл ішінде Қазақстан дәрі-дәрмек, қосалқы материалдар мен медициналық қондырғылар импортына тәуелділіктен арылған жоқ. Ұлттық валютамыз да бірнеше мәрте девальвацияға ұшырады. Мемлекет тарапынан кепілдік берілген медициналық қызметтердің көпшілігіне деген сұраныс төмен. Барлығы екі мыңға жуық қызметтің үш жүзіне ғана сұраныс жоғары. Бірақ соның өзі тиісінше қаржыландырылмайды. Же-тілдірілген, жаңа қызмет түрлеріне көшудің орнына, бар ақша сұранысы төмен әрі ескірген бірқатар қызметке «жұғын» болып жатыр. Медициналық қызмет нарығында кепілдендірілген көмектің қазіргі тізіміне азаматтардың неліктен көңілі толмайтынын осыдан-ақ түсіне беруге болады. Өйткені қазіргі талап бойынша медицина ұйымдары осыдан 14 жыл бұрынғы бағаға, ескірген материалдармен «жаңаша» қызмет көрсетуге міндетті, – дейді сарапшы.


Жалпы, бұл мәселенің өзектілігі соншалық, соңғы кезде оған мемлекеттік деңгейде басымдық беріле бастады. Оған елбасының биылғы жолдауындағы "мемлекеттің міндеттемелері нақтылап, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің жаңа нұсқасын әзірлеу" туралы тапсырмасы осы сөзіміздің айғағы болса керек.

Бірақ бұл оңай шаруа емес. Кепілдендірілген көмек пакетін (ТМККК) қайта қарау процесі тегін медициналық қызметтердің жаңа тізімін жасаумен ғана шектелмейді. Сайып келгенде, бұл этикаға, басымдықтарды таңдау, техника мен қоғамдық консенсусқа келіп тірелетін мәселе. Енді осы мәселелерді қысқаша қарастырсақ.


Қандай қызметтен бас тартамыз?

ТМККК пакетін оңтайландыру қажеттігі даусыз. Осы тұста «қандай қызметтерден бас тарту керек?» деген сұрақтың басы қылтиятыны тағы бар. Бұл сұраққа Серік Тәңірбергенов: «Алдымен, «қанша қаражат жұмсауға мүмкіндігіміз бар?» және «ең бірінші қаржыны неге бөлген дұрыс?» деген екі мәселені шешіп алуымыз керек деп жауап береді. Себебі денсаулық сақтау жүйесінің міндеті – экономиканы орасан зор шығынға батыратын ауыр дерттердің белең алуына жол бермеу және ауруларды мейлінше тиімді тәсілмен емдеу. Әлемдік тәжірибеде кепілдендірілген медициналық көмек пакетін қалыптастыру процесі ме¬дициналық технологияларды бағамдау негізінде жүргізіледі. Мұны медициналық технологияларды немесе дәрі-дәрмектердің тиімділігін дәлелдейтін, жаңа дүниенің нарықта бар технологиялардан артық¬шылығын анықтайтын мәліметтерді іздестіруге бағытталған зерттеу қызметі десек қателеспейміз» дейді.

Қазіргі таңда кепілдендірілген көмек пакетінің шынайы көлемін медицинадан хабары бар, денсаулық саласының маманы ғана түсіне алады. Себебі ТМККК-нің негізгі мәселелері үкіметтің арнайы қаулысында сипатталған. Одан қалғаны Денсаулық сақтау министрлігінің көптеген құжаттарында нақтыланған. Өкінішке қарай, мұндай құжаттар қарапайым азаматтар үшін түсініксіздеу. Сөз соңында, Серік Тәңірбергеновтен осы мәселе турасында сұрап көрдік: «Заң шығару жүйесіндегі құжатты бірнеше деңгейде каскадтау тәжірибесі бізге жарамайды. Оның үстіне, бұл құжатты А4 форматындағы 4 бетке де сыйдыра алмаймыз. Әлем ел¬дерінде кепілдік берілген медициналық қызметтің барлық түрі мен оларды алу тәртібін тәптіштеп түсіндіретін нақты құжаттар дайындау тәжірибесі қол¬данылады. Меніңше, осы тәжірибеге ден қойғанымыз дұрыс. Өйткені әр азамат өз құқықтары мен мемлекет міндеттемелерінің шегін түйсініп, шекарасын ажырата білуі тиіс» деген ұсынысын айтып қалды.


Ендеше, ТМККК пакетін оңтайландыру дегеніміз қарапайым азаматтар үшін нені білдіреді?

Оңтайландыру нәтижесінде азаматтар кепілдендірілген тегін көмектің жан-жақты түсіндірілген, заман талабы мен қоғам сұранысына қарай жаңартылған тізіміне қол жеткізбек. Бұл жерде жұртшылыққа жеткізетін екі жаңалық бар. Бірі - жағымсыз: ТМККК пакетіне бөлінетін қаржы азайды. Екіншісі - жақсы жаңалық: аз болса да аталған қаржыға тиімділігі дәлелденген дәрі-дәрмек пен кешенді қызметтерді сатып алуға болады. Былайша айтқанда, "көрпеге қарай көсілген" дұрыс. Яғни, бұл жоғарыда айтылған "шағын пәтерден" ескі-құсқыны шығарып тастап, қолда бар қаражатқа сай косметикалық жөндеу жұмыстарын жүргізу керек деген сөз. Керемет күрделі жөндеу жасалмаса да, арқадағы жүктің едәуір жеңілдері анық. Нәтижесінде "пәтер тұрғындары" көршілермен бірігіп инженерлік желілерді жөндеу қажет пе, әлде, жаңа әрі кең пәтерге қаржы жинау қажет пе деген логикалық мәселенің дұрыс шешімін табады деп сенемін.

Бұл әлеуметтік медициналық сақтандыруға, ерікті медициналық сақтандыру мен елдегі медициналық қызметтер нарығын дамытуға қатысты мәселе болмақ.




 




Көрілген: 464    Пікірлер: 0

бейсенбі, 22.02.2018, 12:47

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31