БЕС МЕЙРАМ ЕМЕС, БЕС БОШАН

БЕС МЕЙРАМ ЕМЕС, БЕС БОШАН

«Алаш айнасы» сайтында арғын руын таратып Мейрамсопының балаларын «бес Мейрам» деп атапты. Соған орай арғы бергі шежірелерде бір әке, бір шешеден туғандарды «Төрт Төлегетай» деп атаушы еді деген сияқты оймен осы мақаланы жазып отырмын. Қарсы дау айтатындарға марқабат. Бекарыстан туған алты «қожаның» бірі Қарақожадан Арғын одан Құтан (Қодан) оның баласы Дайырқожа (Ақжол би) туған. Одан туған жеті сопының (Ақсопы, Қарасопы, Арықсопы, Сарысопы, Момынсопы, Имансопы, бұлардан тарағандарды шешесінің атымен «Жеті момын» дейді. (Қанжығалы, Тобықты, Бәсентиын, Қарауыл, Атығай, Сарыжетім, Шақшақ) Жетінші боп Мейрамсопы неге қосылмайды? Мейрамсопының Қосақтап алған үш әйелі Нұрпаясынан-Қамбар, Жалықпас. Қарқбатынан-Болатқожа. Айнамкөзден-екі қыз, еріп келген ұлы Шұбыртпалы. Сонда бес Мейрам қайдан шығады? Қамбар, Жалықпас, Шұбыртпалы неге қосылмайды? Осы сұрақтардың жауабын кім бере алады? Мен өзімше таратайын.
«Мен өз заманымның жаңғырығымын, Ұран боп алғы сапта жүрді жырым. Он екіде аттанып, Қылыш ілдім білекке.» деп жырлаған жауынгер жырау Ақтамберді көз жұмар шағында өзінің өткен өмірін еске алған екен. Сол жаңғырықтың құлақтан үні кетпей, қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтер, аттары алтын әріппен жазылған хандарға тағзым етіп, Құран бағыштар жыл туды. «Мәңгілік ел» ұлы хандарымыздың арман мақсаты еді деген идеаны алға тартқаннан бері қызу талқылаулар жүріп жатыр. «Сөздің салмағы мен ұлттың арманын таразылаған профессор Айгүл Ісімақова қазіргі ұрпақтың талғам тереңдігіне тәуелсіздіктің қадірін жеткізу үшін, «МӘҢГІЛІК ЕЛ» туралы ұғым көктен түспегенін, ол Асанқайғылардың жерұйығымен тікелей байлнысты екенін айтқан. Бұл идеаны саясаткерер 23 жыл бойы талқылаумен уақыт өткізгенін, оны тек тарихшылар, жазушылар, журналистер ғана дәлелдей алатынын» жазған-ды.
Қазақ хандығының құрылуына «Көшпелі өзбектер мемлекетінің» тұсындағы ішкі феодалдық тартыстар күшейіп, мал жайылымдары тарылып, қыстаулар үшін қырқысып соғыс жағдайы туындап тұрды. Тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің жазуынша ол кездегі хан Шайбанид-Әбілхайыр болатын. Хан кеңесіндегі талқы-ақылдасуларда, пікір таластарда Қарақыпшақ-Қобланды мен Арғын-Ақжол би сөзге келіп ерегіспен, кектесіп тарайды. Ел аралап жолаушылап келе жатқан Ақжол биді жол үстінен кездестірген, бес қаруы бойында жүретін Қобланды батыр өлтіріп кешпес құн арқалайды. Баласының қазасын естіген Құтан би: (Қодан би деп те атайды)
Қарақыпшақ Қобландыда,
Нең бар еді, Құлыным,
Сексен асып, таянганда тоқсанға,
Тұра алмастай, үзілді ме жұлыным,
Әділдікпен атандың да Ақжол би,
Адасқанын жолға салдың,
Бұл ноғайлы ұлының,
Аққан бұлақ, жаққан шырақ,
Жалғыз күнде құрыдың. – деп қайғырған−ды.
Құн даулаған арғындар атақты би Ақжол үшін Қобланды батырдың басын сұрайды. Әбілхайыр хан 92 баулы қыпшақтар арасында қобалжу туып кету қаупінен сескеніп «үш адамның құнын алып бітімге келіңдер» дегенді айтады. Арғынға бүйрегі бұрып тұрған ер Жәнібек сұлтан бұрынан бар кикілжіңнің отына май құйып ағасы Керей екеуі бас болып бөліне көшеді. Керей мен Жәнібекке еріп көш түзеген арғын, найман, керей, жалайырлар Шу өзенінің төменгі сағасы Моғолстан жеріне, Хантауындағы Қозыбас деген өлкеге жаңа хандық туын тігіп, хан ордасын көтереді. Мағолстан Ертістің сол жағалауынан Аягөз, Жайсан арқылы Балқаштың солтүстік жағалауын, Шу−Талас өңірлерімен Сырдарияға дейін созылып жатқан жерді қамтыды. Батысын Ақорда, теріскейін Сібір хандығы, оңтүстігін Ақсақ Темір империясы шектеп жататын. Есенбұға хан Әбілхайырға қарсы пайдаланамын деген ішкі есеппен Керей мен Жәнібектің баса көктеп көшіп келуін сөкет көрмеген. Сөйткен ханға ажал жетіп өліп кетті де мұрагерлерінің арасында ішкі тартыс есебінде қидаласып бірін бірі жойды да халқы табиғи түрде (ассимицияланып) басқа ру−тайпалардың тарихи заңдылықтарын қабылдап бір халыққа бірігуі өзінен өзі іске асып, мағолстан мемлекеті жойылып, Жәнібек ханға қосылды.
Бектемісұлы қолжазбасы» деген деректерде Керей хандығын құрарда «Құтан би бір біріне тірелген сатының ең биігіне шығып кәмшәт бөркін дұрыстап, мақпал шапанының екі өңірінен ұстап ақырын сілкіп қойып жан жағына бұрылып айнала бір шолып өтті. Тоқсанға таянсада бетіне әжім түспеген. Ұзын бойлы қыр мұрынды ақ сұр жүзінен кең маңдайлы қара қасты сұңғылалы өткір қос жанары сәуле шашып тұрды» дейді. Бір мезгілде бидің саңқ еткен дауысы естілгенде жиналған халықтың үстінен бір тізбек аққу құс ұшып өткен. Қанатымен қол соққандай сартылдатып сұңқұлдаған үндеріне Құтан бидің дауысы қосылып, кең даланы жаңғыртқаны сонша, алты қырдың астындағы естімеген жан қалмағанын жазады. Би былай деді.
−Уа, қымбатты ұл қыздарым! Өміріміздің келешек жалғастары! Сіздер үшін бұл құрылтай өте маңызды. Замана ілгеріден өте барды. Кейінгіге жете келді. Сол ілгергі өткен дәуірдің кемеңгерінен, көсемдерінен, шешендерінен көп мұра, еңбек қалды. Оны ұстайтын ел тізгінін алған хандар, билерге бұқара халықтың еруі жөн. Сонда ғана айбынды, мәңгілік ел боламыз деді.
Арғыннан шыққан ақын, жыраулар Құтан бабаны «түп атамыз» деп мақтан тұтады. Бертіндегі Жанақ ақын:
Алашта Арғын баба туған зерек,
Өзгеден ол кісінің жөні бөлек.
Арғынның түп атасы ақын Құтан,
Өлеңге бізден ұста болса керек. – деп жырлаған.
Арғын атамыздың бірінші бәйбішесі Ергүл анамыздан Мейрамсопы жалғыз туады. Мейрамсопыдан Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік туған-ды. Екінші әйелі Момын шешемізден «жеті момын» - Қанжығалы, Тобықты, Бәсентиын, Қарауыл, Атығай, Сарыжетім, Шақшақ туады. Қабаттастырып алған соңғы әйелдері Нұрпаядан Қамбар, Жалықбас. Қарқабат анамыздан Болатқожа. Айнамкөз шешемізден екі қыз, және еріп келген ұлы Шұбыртпалысымен қосылып бәрі 15 ұл тарайды. Сонда қалай ол «бес Мейрам» болады. Әкелері өлгеннен кейін ағаларының «қарғысы», қарғыс болмай, алғыс болып ормандай көп Орта жүздің құлағына сіңіп, кіндігіне айналып «ҚАРАКЕСЕК» тайпасы аталып кетеді. Атақты Мәдидің «Қаракесек» әні қаракесектердің әнұраны болып қалыптасып кетті.
Мейрамсопы Хақназар ханның әскербасы, ақыл−кеңесшісі сардар болғаны Қазтуған жыраудың толғауларынан белгілі.
Бес сопы ағайынды Мейрам шешен,
Арғынның тайпасына болған көсем.
Көркіне көз тоймайтын сұлу еді,
Өзі батыр, қартайса да нұрлы әсем.
Мерамсопыың жастық шағы «ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен» жаугершіліктің қызып тұрған Қасымханның заманы еді. Батырлары ат үстінен түспей Арал теңізінің арғы бергі жағын Қарақалпақ, Өбектерден тазартып қоныстарын кеңейтті. Ішкі қазақы салт дәстүрді, жол жобаны қалыптастырып «Қасымханның қасқа жолы» атанған заң негіздерін қалап кетті.
Ақжол бидің немересі Мейрамсопы Аласапыран соғыстың саябыр тапқан тұсында қожалар әулетінен, Сыр бойындағы Аркөк қаласында жаугершілікте жүріп Арыстанбаб ұрпақтарының қызы Нұрпаяны кездестіреді. Сұлулығы мен ақылы, шекер балдай сөзі дастархан басына өзі келіп сары қымызды сапыра құйып сырлы тостақты ұсынған қолынан үнсіз іліп әкетпей жүрек жалғастырғандай бөгеліп қалады. Қыз Мейрамсопың атақ даңқына, ұзын бойлы сымбатына тамсанып өткір жанарынан жаны қысылып қолын жұлып әкете алмады. Жар құшағына кіргендей тұлабойы күйіп жанып балбырап көзін көзінен айыра алмай қалған еді. Үнсіз келісімін алған Мейрамсопы араға кісі салмай әке шешесіне өзі құда түсті. Ел жұрттың келісімін алып, той томалағын жасап шығарып салуға жесір жеңгесі Айнамкөз бес−алты жасар баласын ертіп, сіңлісі Қарқабат бірге аттанады. Сырдан шыққан түйелі көш Шаян өзені бойында отырған «Тасқұдықтағы» еліне жетіп ұланасыр той жасатып қосылған еді.
Хақназар ханға дейінгі таққа отырғандар соғыстарда жеңіліс тауып қазақ шегарасын кеңейте алмай бес хан, оның ішінде Тоғым хан тоғыз ұлымен, екі бауырымен бірге 37 сұлтан қаза тапқан. Хандық таққа 1537 жылы отырған Хақназар хан соғыс өнерін жетік меңгергені сонша 47 жыл хандық құрған кезінің алғашқы жылдарында−ақ орыс тарихшысы П.И.Рычковтың жазуынша Ноғай, Башқұрт, Татар, Сібір және Астраханды, Бұхара, Хиуа, Ташкент хандықтарын өз билігіне көндіріп алым−салығын төлеттіріп тұрады.
Белгілі бір ас−тойда аламан бәйге болып Мейрамсопының бәйбішесінен туған төрт ағалары бұрынғы соңғы бәйгелерде «Ақжолдап», «Мейрамсопылап» ұрандап шабады екен. Бәйгеге қосыларда Болатқожа шешесі Қарқабатқа келіп:
−Мен аналармен бірігіп «Ақжолдап» шаппаймын. Кім деп ұрандап шабайық –деп ақылдасады. Қарқабат аталарының атын атаудан именді ме балаларына «Қарқабат» деп шабыңдар деп кеңес береді. Осы жолғы бәйгеден озып, мәреден өтерде «Қарқабаттап» Болатқожа мен Қамбар өте шығады. Жиналған дүйім елдің құлақтары елең еткен оқыс оқиға осы жерде басталды. «Тоқалдың атын атап шапқанына намыстанған ағалары енші бермейміз» деген айқаймен, тоқал ауылын бөлек қондыруға, жылқыға күзет қойдырып «Қарқабаттағандарды» қыр асырып көшіріп тастады.
Ашуға булыққан Болатқожа Шұбыртпалыны бас етіп Қамбар, Жалықпаспен төртеуі Мейрамсопыға біткен бар жылқыны Созақ даласына қарай қиқулатып қуып кетеді. Артынан қуған ағалары бір күннен соң қуып жеткенде, Бетбақдалаға бет алған беттегі шымнан соғылған қорада қамалған жылқыларға кезігеді. Ай шайсыз ұрыс басталып сойыл шоқпарға қарсы қару қылар тас табылмай қораға қаланған шымды лақтырып қорғанады. «Ұрыста тұрыс жоқ» дегендей сүт пісірім уақыт өткенде қуғыншының үлкені Қуандықтың басына тиген шым−кесек бет ауызын қанға бояап аттан құлатады. Жылқыны ала алмаған ағалары соққыға жығылып кеш түсе кері қайтады.
Бір тайды сойып тамақтанған Болатқожалар кеңесе келе, енді бітім болмайтынын ескеріп, ағалығын сыйлап, жылқының жартысын қайтарып бермек болады. Таңертең жылқыларды ортасынан қақ бөліп жылқының жүйрігін құлынан танып көзі ашылған, еншіден құр қалған Шұбыртпалы таңдап−таңдап отызшақты тайды бөліп алып қалды. Сәске түсте бөлінген жылқыларды айдап Болатқожа, Қамбар, Жалықпастар Қуандық отырған Шақпақтас жайлауына келді. Ағаларына жолықпай жылқыларды тастап аналары Нұрпая, Айнамкөз бен Қарқабатты үн түнсіз көшіріп жатқанда «қайда барасыңдар» деген жан болмай арттарынан кесек лақтырып, топырақ шашып, қарғап сілеп қала береді.
Болатқожа Тоғым ханның кезінде берекесі кеткен елдің ортасында туып ержетіп, ағаларынан қағажу көргендікен атқа ерте отырды. Елін асырауға барымта−сырымтаға қатысып Алатау бөктеріндегі Қызылтау, әрідегі Үйтас, Үшқызылды жайлаған қырғыздардан, Ертіс жағалап күнгей Тарбағатайға дейінгі қалмақтардан мыңдап жылқы айдап әкеледі. Сол жортуылдарда жүріп атағы елге жайылған Болаттың «қожасы» ұмытылып Болат батыр атанады. Жылқы жарықтық «айдаса желдікі, ысқырса жаудыкі болып» жайлауын жылқыға толтырады. Қолында 500-600 жігіт ұстап найза, қылыш, садақпен қаруландырып, киіз үймен қамтамасыз етіп жасақтандырды. Есейе келе Хақназар ханның сарбаздарына Мейрамсопыдан тараған атқа мінер ұрпақтардан бір түмен қолды бастап барып қосылады.
1550 жылы орыс патшасының Қазан қаласын жаулап алғанын естіген Хақназар хан 100 мың әскермен Жайық, Елек өзені бойына аттанып ноғайларды өз құрамына бағындырады. Осы соғыста Болат батырлығымен Хақназар ханның көзіне түсіп мыңбасы болып сайланып беделі артып, алған жеңіс олжасын артынан ерген сарбаздарыына бөліп береді. Батыстан Сібірге аттанған хан оның билеушісі Көшім ханды соғыссыз мәмілеге көндіріп тату көршілікке одақтас жасайды. Хақназар ханның мемлекеті күшейіп, нығая түсуі көрші елдерді еріксіз санастырып салық төлеп тұруға міндеттенеді. 1580 жылы қайта көтерілген Ташкент билігіндегі Баба сұлтаннан Сауран қаласын қайтарып алған соғыста Хақназар хан да мерт болады.
Болат батыр сарбаздарымен Шаян өзенінің төменгі сағасындағы «Тасқұдықтағы» ауылына оралады. Ағайынды төртеуі бірігіп бір қауым ел болып Болат батырдан Ақша, Түйте, Үкібай атты үш ұл өрбіді. «Ақшадан Бошан жалғыз туған, Жалбыз туған. Іш Бошаны елде қалып, Сырт Бошаны жауды қуған.» – деген бір ауыз өлең тұмардай боп аталардан қалған. Бошаннан бес ұл Жанту, Таз, Байбөрі, Машай, Манат, Қаракесек тайпасындағы бес ата, немесе, «Бес Бошан» деп те аталып кеткен. Таздан атақты Қаздауысты Қазыбек би оның, кіндігінен өрбіген билер Бекболат, Тіленші, Алшынбайлар зманында елді ауызына қаратқан. Машайдың немересі Көкбөрі Керней Есім хан, Жәңгір хан тұсында қол бастаса, Кернейдің немересі батыр Балта «ақтабан шұбырынды...» заманынан Бөгенбай батырдың айнымас серігі, жаугершіліктегі батыры болып Абылай ханның тұсында бес ата Қаракесек сарбаздарының мыңбасысы болған.
Сырт Бошанның басын құраған Машай Майқы әкесінің қолында көбірек тәрбиеленіп ерке өсіп қолына найза ұстап Мейрамсопы атасының жолын қуған. Салт жүріп қалғанда қайтыс болған Таз ағасының үйіндегі Сұлубике жеңгесінің сұлулығы, сыңғырлаған күлкісі, бойын күткен кербездігі қыздан бетер қызықтырып көңіл жақын дос болып жүреді. Сұлубикенің отауына жиі баратындығын сезген ағаларында қызғаныш пайда болады. Байбөрі мен Манаттың да ойы болып қанша жақындасса да жеңгесі ыңғайын бермей қойса үлкендері Жанту тоқалдыққа алмақ болып әректтенеді. Бұл әңгімелер әкелері Бошанның құлағына жетіп тез арада Байбөріге қосып тойын жасап береді. Машай әкесіне, ағаларына өкпелеп Майқы әкесінің қолына біржолата келіп тұрақтайды. Майқы тез арада жесір отырған келіні Жамал сұлуды қосып отау құрып береді. Жамал айы күні жетіп босанғанда өлген баладан қалған немерем еді, емшектен шығарған соң өзіме берерсің дегенді айтады. Машай көзі көріп тұрған баладан айырлғысы келмей әкесінің сөзіне көнбейді. Майқы келіндерден сұрастыртса Жамал «Машайдан тудым» деп жауап берген соң Майқы әкесі «бәрі бір өз балам ғой» деп ырымдап үш ақ отау көтертсе, төртінші етіп Машай өз отауын өзі көтертеді. Төрт отау тіккеннің жөнін сұраған елге «қыздай алған әйелден бір ұл туар» депті. Қыздай алған үш әйелдерінен де жиенді көбейтетін қыздар туған. Сонда ұлдан үміті үзілген ер Машай: «Майқы әкем әруақты кісі екен, бір әйелден үш рулы ел болатынымды қалай білген» деп таңданыпты. Қатарлары біздің Машай ер екен Бошаннан туса да Майқыны әкем деп танып сөзін ұстанды деп әңгімелеп жүрді. Қанаты жайылып өсе келе «Керней, Кәрсон, Қоныштағай» деген үш рулы елге айналды.
Ер Машайдың заманы Тәуекел ханның қанды жорықтарының жеңісін көріп қазақ хандығының шегарасын Қарақалпақ, Өзбек, Самарқанд, Ферғана жазығынан Алатау қырғыздарын бағындырып, қалмақтарды Жоңғар Алатауынан асырып тастайды. Ер Машай ат жалын тартып мінгеннен алғашқы соғысын 1598 жылы Тәуекел ханның Мәуереннахырға жасаған шабуылынан бастайды. Бұл соғыста үлкен жеңіске жеткен Хан Самарқандқа інісі Есім сұлтанды билеуші етіп, өзі Бұқара қаласын басып алуға аттанады. Бір жеңіп, бір жеңілген алма кезек шайқаста көп сарбазынан айырылған жеті күндік соғыста қайтыс болған Тәуекел ханның сүйегін алып ер Машай Самарқандқа оралды. Ханды арулап қойып, кәдесін атқарған соң Есімді хан көтерісіп таққа отырғызысқан ер Машай Есім хан басқарған 50 мың әскермен Бұқараға аттанады. Абдолла ханың басын алып қаланы өзіне бағындырып Ташкентті де басып алып Тұрсынды билеуші етіп тағайындайды. Ұлы жеңіспен Түркістанға оралған Есім хан шығыстағы қалмақтарға қарсы соғысқа дайындалады.
Ер Машай қартайған шағында Ақша атасынан Бошанның жалғыз туғандығын сезініп қапалықта жүреді. Өзінен туған Бораншыдан найза ұстар батырлық көрмей, немере ұл сүймей, ұзақ жүріп қалады. Әулие әмбилерге жалынып, жалбарынып, молаларына түнеп, қорасанға қой айтып жүргенде Бораншыдан бірінің артынан бірі Тілеулі, Сұраулы деген екі ұл көреді. Екеуі де бос белбеу болып өседі. Жақсылықтан күдерін үзбеген ер Машайдың Алла үмітін алдамай Тілеуліден қою қара қасты, тау мұрынды, төс сүйегі түктенген ұл сүйеді. Қуанышында шек болмай ұлан асыр той жасап «кернейлетіп сырнайлатып бізде жауға шабады екенбіз» деп атын ырымдап Керней қойды.
Қазақтың хандық мемлекетін құрып аяғынан тік тұрғызған, шегарасын кеңейткен, өмірлерін жаугершілікпен өткізген КЕРЕЙ, ЖӘНІБЕК, ҚАСЫМ, ХАҚНАЗАР, ТӘУЕКЕЛ, ЕСІМ, ЖӘҢГІР хандардың ісін жалғастырып сыртқы жауға тақиядай жер бермеген ТӘУКЕ, АБЫЛАЙ, КЕНЕСАРЫ хандарымыздың, оның батырларының арқасында осы күнге жетіп отырмыз. Тек, этнограф-жазушы Майбас Төрехан бауырым «Қаздауысты Қазыбек би қалмақтармен қай тілде сөйлескен» деп жазыпты. 14 жасынан қалмақтармен арпалысқан Қазыбек қалмақ тілін үйренбеді, білмеді дегенге кім сенеді. Кешегі Сүйінбай мен Қатағанның айтысын тәржімәлап тұрған ешкім болған жоқ. Еріксіз қыз алысып, қыз беріскен қалмақтың тілі қырғыздың тілінен қиын емес. Қалмақтың Халдан Серені де қазақ тілін екеумізден жақсы білген.
Сол Қаздауысты Қазыбек биге Қабдеш Жұмаділов құрдасым да «Дарабоз» романында Кіші жүз ханы Әбілхайырды өлтірген Барақ сұлтанды сыртынан соттатып «қазақ жерінде жүргізбеймін, қытайға өткізбеймін» дегіздіріп еді. Кеше ғана ер Жәнібектің 300 жылдығы құрметіне жазған мақаласында «Қазыбек би орыстың «доносчигі, жансызы, Абылайдың іс әрекетін хатқа жазып жеткізушісі (шпионы) болды» деп «Жас Алаш» газетіне жазуында не сыр бар? Қартайғанда кәрібоз жорға шығып әрқалай сөйлейтін болып бара ма? «Пушкин мен Құрманғазы неге сүйісті» деп сотқа бергендей қалың Қаракесектер сотқа берсе молынан айыппұл өндіріп алары сөзсіз.
Майбас Төрехан бауырым Қабдештен үлгі алып әргіні қойып, бертіндегі Ағыбай батырды күстаналап «Ағыбай өзінен асқан батыр жоқ деп білетін еді», Ағыбай Наурызбайдың найзасынан жапа шегіп, қапа болып отырғанда (бұл не сөз) хан Кене тамәм елдің көзінше «біздің Науанның ойыны ғой» дегіздірді. Сонда қалай сол сөзге өкпелеп Ағыбай батыр «Кенесарының өзіне мойын бұрмай, Наурызбайды да тастап 300 батырмен қоршауды бұзып қашып кетті ме? Онда Ағыбай батыр емес сатқын болды ғой. Ағыбайға ескерткіш қойып, бейітін сәулеттендіріп несіне дәріптеп жүрміз? Хан Кененің сұңғылалығын кейінгі кездер көрсетті дейді. Ол қандай сұңғылалық? «Ендігі қортындыны өздеріңіз де жасай аласыздар» дейді. Қандай қортынды жасаймыз? Бүгінге дейін оқыған тарихымызда, Кенесары, Наурызбай, Ағыбай туралы Нысанбай жырлаған дастандарда, Ілияс Есенберлин жазған «Қаһарда», Ағыбайдың тікелей ұрпағы профессор Айгүл Ісімақованың зерттеулерінде Ағыбай Кенесарының бас батыры емес пе еді?
Кенесары: «ханның басын хан алады, мынаның ішінде Орманбет манап жоқ» деген сенім күшімен хан Кене Ағыбайды, Наурызбайды бас етіп қоршауды бұзып шығуға өзі батасын берген жоқ па еді? Әттең, Наурызбайдың «не көрсемде ағаммен бірге көрем» деген аңғалдығы қаталық болды. Наурызбай қайта оралмағанда қырғыздардың сол жердегі манаптары Кенесарыны өлтіруге батылдары бармайтын еді. Тік көтеріліп атқа қонған Албан-Суандар Кенесарының көзінің тірісінде үлгере алмай қырғыздардың малдарын талауға салып, кек алып қайтады.

Садық СМАҒҰЛОВ
Алматы




 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста