Шәкәрім Құдайбердіұлы: Шыңғыс хан шежіресі

Шәкәрім Құдайбердіұлы: Шыңғыс хан шежіресі

Шыңғыс хан 1154 жылы, доңыз жылы моғол ішінде Блунилдық деген жерде туыпты. Туғанда бір қолы жұмулы болған соң, кіндігін кескен қатын ашып қараса, уысында қан бар екен, соны ақсақалдар естіп, «көп ел болып, зор хан болып, көп қан төгеді екен» деп болжам қылыпты. Ақырында сонысы дұрыс келді. Бұл Шыңғыс ханның алған жерін, қылған ісін түгел айтуға бір үлкен кітап болады. Бір шеті қытай, бір шеті араб, барша Азиядағы жұртты түгел алып, Европаның да бергі шетін алды. Осы Шыңғыс тауында хан көтеріліп, Хақан, яғни хандардың ханы атанып, үлкен хан болғаны - 1203 жылы болса керек. Парсы жағын алып, қайтарында Бұхарадан молда әкелдіріп, дін жайын сұрап, өзгенің бәріне «дұрыс» деп, қаж жайын сұрағанда «жердің жүзінің бәрі құдайдың үйі болса керек, ондай бір ғана жерді құдайдың үйі демек дұрыс емес» деп, молдаларға сый беріп қайырды.
Шыңғыстың төрт баласы - Жошы, Шағатай, Үгедей, Тулы. Шыңғыс хан тірі күнінде елді төртеуіне бөліп беріп, бәрінің үстінен Үгедейді хақан қойды. Сонда қырғыз, қазақ, сарт, ноғай - барша татар аталары Жошы менен Шағатай қол астында болған.
Жошының үлкен баласы - Орда, оның лақап аты Ежен еді. Бұл қалмақ хандарының атасы болса керек, оның мәнісін білмеймін. Бірақ Еженнің бір баласы - Толу, оның баласы - Аяшы, оның баласы - Ғазан хан. Жошының екінші баласы - Батухан (лақап аты Сайын) 1227 жылы Шыңғыс тірі күнінде Жошының орнына хан болды. Мұның орыс жұртын қаратып алғаны 1243 жылы еді. Батудың төрт баласы - Мөңгөтемір, Сыртақ, Ұлақшы, Тоқан. Тоқанның баласы - Тодамөңге. Мөңгетемірдің баласы - Тоғрул, оның баласы атақты Өзбек хан өзі де мұсылман болып, халқын да мұсылман қылып, сонда Жошы ұлысы өзбек атанды.
Оның баласы - Жәнібек, бұл да жақсы хан болды. Мұның баласы Бердібек хан болған соң «хандық өз тұқымыма қалсын» деп, туысқан жақындарын өлтіре беріп, аяғында өзі де екі жылға толмай өлді. Бату нәсілінің хандығы жоғалды. Сол себептен «нар мойыны Бердібекте кесілді» деген мақал сол. Жошының үшінші баласы - Бөрге оғлан. Шыңғыс нәсілінен де бұрын мұсылман болған осы еді, Береке хан атанып еді. Бірақ халқы мұсылман болмаған соң, Өзбекке шейін мұсылмандық жоғалып еді. Бұл Берге хан 1266 жылы өлді.
Жошының төртінші баласы - Тоқайтемір, біздің қазақ осының қол астында болған және Әбілмансұр Абылай ханның арғы атасы осы еді. Тоқайтемірдің төрт баласы - Мөңгөтемір, Тодамөңгө, Урантемір, Өзтемір. Мөңгөтемірдің баласы - Тоқтағу. Өзтемірдің үш баласы - Қожа, Сарижа, Абай. Қожаның баласы - Бадақұл, оның баласы - Арыс хан, оның екі баласы - Темірмәлік хан, Құйыршық хан. Темірмәліктің үш баласы - Бекболат, Темірқұтты, Шадибек. Темірқұттының екі баласы - Болат хан, Темірхан. Бұл Темірдің лақап аты - Үлұғмұхамедхан, біздің қазақ Ормамбет хан дейді. Бекболат, Шадибек һәм Темірқұттының нәсілі - Ноғай хандары. Жоғарғы Құйыршық ханның баласы - Барақ хан. Оның екі баласы - Дәруиш һәм Абусағид хан. Әз Жәнібек хан аталған осы Абусағид еді. Қазақты ертіп алып Қашқардағы Шағатай нәсіліне қаратқан Әз Жәнібек осы еді. Мұның тоғыз баласы - Иранчы, Махмұт, Қасым хан, Айтек, Жаныс, Қамбар, Тәтіш, Үсек, Жәдік. Осы айтылған Қасым хан біздің қазақта «Қасым ханның қасқа жолы» деген бітім жолын шығарған хан еді. Мұның баласы - Сығай хан, екі баласы - Тәуекел хан, Ондан. Бұл Оңданның баласы - Қайнар кішік, оның баласы - Бекей, оның баласы - Хұдайменде, оның баласы - Тұрсын, оның баласы - Кіші Барақ («Қырық сан Барақ хан» деген, Абылайдан соңғы хан болған осы). Оның балалары - Сығай, Дайыр, Қанбаба, Бөкей хан, Маман, Қанғожа. Осы айтылған Бөкей ханның тоғыз баласы бар - Шыңғыс, Есім, Уали, Тауке, Батыр, Сұлтанғазы, Әбілғазы, Көксал, Әбілмамбет. Осы айтылған Батырдың бір баласы - Мырзатай, оның бір баласы - Нұрмұхамед, оның баласы - Әлихан Бөкейханов.
Жоғарғы айтылған Сығай ханның бір баласы - Тәуекел хан, оның баласы - Есім хан. Қазақтың «еңсегей бойлы ер Есім» дегені осы хан еді және Тұрсын Мұхамед ханды өлтіріп Қатағанды шапқан осы еді. Оның екі баласы - Сұлтанбет, Жаһангер хан. Сұлтанбеттің баласы - Орыс, оның баласы - Тәтен, оның баласы - Қанғожа, оның баласы - Арғынғазы. Жоғарғы Жаһангер ханды біздің қазақ Салқам Жәңгір дейді. Оның екі баласының бірі - қалмақ ханның қызынан туған әз Тәуке хан және бірі - Ғайып ханның қызынан туған Уалибақи. Салқам Жәңгірдің орнына әз Тәуке хан болғанда Уалибақи өкпелеп, Үргеніштегі нағашысы Ғайып ханға кетеді. Әз Тәуке ханның «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген бітім жолды шығарған осы еді. Әз Тәукенің екі баласының бірі - Әбілқайыр хан және бір баласы - Болат хан. Оның екі баласы - Сәмеке, Әбілмәмбет. «Ақтабан шұбырындыда» орта жүзге Сәмеке хан еді, ұлы жүзде үлкен хан Әбілмәмбет еді, кіші жүзде Әбілқайыр еді. Сәмекены баласы - Хұдайменде, оның баласы - Қоңырқұлжа. Әбілмәмбет өзіміздің Әбілмансұрға (Абылайға) үлкен хандығын берген еді. Оның екі баласы - Болат, Әбілфайыз. Болаттың баласы - Сатемір, оның баласы - Құдайменде, оның баласы - Әкім төре. Әбілфайызды қазақ Әбулпейіз дейді. Оның екі баласы - Бопы, Жошы. Жоғарғы Уалибақидың баласы - қанішер Абылай, батырлығынан «қанішер» атанған. Оның баласы - Көркем Уәли, оның баласы - өзіміздің хан Абылай (шын аты Әбілмансұр). Оның балалары - Тоқ, Қосұм, Арық, Әділ, Рүстем, Тоғым, Сөк, Абділдә, Шама, Уәли, Шыңғыс, Қасым. Бұл Қасымның балалары - Есенгелді, Саржан, Кенесары, тоқалдан - Наурызбай.
Жоғарғы Жошының Тоқайтемір деген баласының бір баласының аты - Өзтемір, соның баласы - Сарыжа, оның баласы - Көншік, оның екі баласы - Түлектемір, Тоққұлы қожа. Түлектемірдің баласы - Жебене, оның баласы - Хасен, оның баласы - Мұхамед, оның баласы - Хажыгерей. Қырым хандары осы Хажыгерей нәсілінен. Мұның сегіз баласы - Дәулетияр, Нұрдаулет, Хайдар, Құтлықзаман, Келдеш, Өзтемір, Ямғұршы, Меңлігерей. Хажыгерейден соң Меңлігерей хан болып, 1475 жылы Стамбол сұлтанына қарады. Мұнан соң көп уақыттан соң Сақыпгерей болып, оның баласы Ғазыгерей болып және бір баласы Фатихгерей болып, оның баласы - Жәнібекгерей, оның баласы - Мұхамедгерей, онан соң жоғарғы Ғазыгерейдің баласы - Ғинаятгерей, онан соң оның баласы - Баһадиргерей, онан соң оның баласы - Мұхамедгерей, онан соң баласы - Мұрадгерей, онан соңғы баласы - Дәулетгерей, онан соңғы баласы - Қаблангерей, оның баласы Сәлімгерей болған кезде, Россияның князі Долгорукийдің сөзіменен Қырым халқы бұзылған соң, Сәлімгерей Стамболға қашты. Сол жолы орыс пенен Османлы, яғни Стамбол падишасы бітімінде Қырым, Қобан, Бессарабияның сөз еркі өзінде болсын деді. Бұл бітім 1774 жылы еді. Одан соң Сақыпгерей деген хан болып, оның артынан жоғарғы Дәулетгерей бір аз ғана болып, онан соң Сақыпгерейдің баласы Шаңгерей болып, князь Потемкиннің сөзіменен орысқа қарады. Қазынадан бек көп жалования алмақ болды. Бұл қарағаны 1783 жылы еді, үш-төрт жылдан соң жалования да жоқ болды.
Жоғарғы Көншіктің бір баласы Тоққұлы қожа деп едік. Оның баласы - Тойғожа, оның баласы - атақты Тоқтамыс хан, мұның сегіз баласы - Жалалидин, Жапарберді, Көпек, Керімберді, Ескендір, Абусәғид, Көшек, Қадырберді. Баяғы Тоқтамыс ханға нөкер болған Едіге би өлді дегенде, «Еділ қатса - кім өтпес, Едіге өлсе - кім кетпес» деген осы Қадырберді еді, осы сөз мақал болып қалды.
Жоғарғы Өзтемірдің үшінші баласы - Абай, оның баласы - Томған, оның баласы - Құтлұқ, оның баласы - Темірсұлтан, оның баласы - Мұхамед, оның баласы - Шуақ, оның баласы - Ярмұхамед, Нұрмұхамед. Нұрмұхамедтің үш баласы - Абділғазиз, Хысырау, Сұбыханқұлы. Абділғазиз Бұхараға хан болған. Әбілғазы Баһадур хан уақытында Сұбыханқұлы Балхта еді.
Жошының бесінші баласы - Шайбан, оның он екі баласы - Баһадур, Байнал, Қадақ, Былқа, Шерік, Нәркен, Құртқа, Аяшы, Сайылған, Биянжар, Қоншы, Мажар. Ноғай хан атанған осы Баһадур болса керек. Оның екі баласы - Жошыбұға, Құтлұғбұға. Жошы бұғаның төрт баласы - Бадақұл, Бектемір, Нәқчар, Есбұға. Бадаққұлдың баласы - Мыңтемір, оның алты баласы - Елбек, Жәнтә, Болат, Сүйініш, Төнке, Бекқонды. Болаттың екі баласы - Ибраһим, Арабшаһ. Ибраһимнің екі баласы - Хызыр, Дәулетшайых. Хызырдың баласы - Темір қожа. Дәулетшайыхтың баласы - Әбілқайыр хан. Қазақты алып әз Жәнібек хан өкпелеп кететұғын Әбілқайыр хан осы еді. Мұның екі баласы - Қожа Мұхамед, Шаһбұтақ. Шаһбұтақтың екі баласы - Махмұд, Мұхамедшаһбақыт. Шайбақ, Шибани хан дейтұғын осы Шаһбақыт еді, Оратөбеде, Қасым ханға қараған тамам қазақ «өзбек - өз ағам, сарт - садағам» деп қосылғаны осы Шайбақ еді. Мұның туысқаны Махмұдтың баласы - Абдолла хан, оның баласы - Абділғазиз.
Жоғарғы Ибраһимның туысқаны Арабшаһтың баласы - Хажитолы, оның баласы - Теміршайых. Оны қалмақ өлтіргенде іште қалған баласы - Ядгар хан, мұның төрт баласы - Әбуләк, Әмең, Әбек, Бүрге. Бүргені Шайбақ өлтіргенде қатыны буаз қалып, оны жоғарғы айтылған Әбілқайырдың бір баласы Қожа Мұхамед алып еді. Сол қатынның Бүргеден буаз қалған баласы Жәнібек туды. Қожа Мұхамед оны «өз балам» деуші еді. Анығы - Бүргенің баласы. Бұрын Бүргеден екі бала қалып еді - Елбарс, Белбарыс. Елбарыстың үш баласы - Сұлтанғазы, Мұхамедғазы, Шерғазы. Сұлтанғазының екі баласы - Ғұмәрғазы, Хысырауғазы. Найман атасы Софы мырзаның «Араб Мұхамедті өлтіремін де, орнына қоямын» деп алып келгені осы Хысырау еді. Белбарыстың үш баласы - Хұсайынқажы, Құрбанқажы, Сұлтанқажы. Сұлтанқажының баласы - Хасан құл, оның екі баласы - Біләл, Салық. Жоғарғы Бүрге ханның ішінде қалған - баласы Жәнібектің баласы - Ескендір, оның баласы - Бұхарада хан болған атақты Абдолла, оның баласы - Абдулмомын.
Жоғарғы Әмеңнің алты баласы - Сафиян, Божға, Уаныш, Қалқан, Ақатай, Ағанай. Сафиянның бес баласы - Жүсіп, Жүніс, Ғали, Ағыш, Палуанқұл. Божханның үш баласы - Еш, Дос, Борым. Ештің екі баласы - Шаһқұлы, Таһир. Уаныштың үш баласы - Дінмұхамед, Махмұд, Ғали. Дінмұхамедтің екі баласы - Бендемұхамед, Абілмұхамед. Бендемұхамедтің баласы - Тұрсынмұхамед, біздің арғы шешеміз Қоңырбике осының қызы һәм Есімханның өлтіргені осы Тұрсын еді.
Абілмұхамедтің баласы - Жалел. Уаныштың Махмұд деген баласының алты баласы - Мұхамед, Әмин, Ғали, Мұхамедәмин, Араб, Ақбаба. Уаныштың Ғәли деген баласының екі баласы - Ескендір, Санжар. Ақатайдың алты баласы - Қажымұхамед, Махмұд, Болат, Темір, Аллақұлы, Сүлаймен. Қажымұхамедтің екі баласы - Арабмұхамед, Сүйінішмұхамед. Арабмұхамедтің алты баласы - Аспандияр, Хабашсұлтан, Шарифмұхамед, Хоразм, Шажазғансұлтан, Әбілғазы («Шежіре-и түрік» деген шежіре кітапты жазған осы Әбілғазы Баһадүр хан еді).
Болаттың төрт баласы - Баба Хамза, Қоршы, Палуанқұл. Темірдің үш баласы - Мұхамед, Қадірберді, Әбілқайыр.
Жоғарыдағы Мыңтемірдің баласы Баққондының баласы - Ғали, оның баласы - Қажымұхамед, оның баласы - Махмұдік хан, оның екі баласы - Абақ, Мұртаза. Абақтың баласы - Тулуқ, оның баласы - Шамай сұлтан, оның баласы - Ораз, оның баласы - Баһадур. Жоғарғы Мұртазаның баласы - Көшім хан, бұл Көшім қолынан Тұранды орыс алып, Көшім хан Маңғыт ішіне барып сонда өлді.
Жошының алтыншы баласы - Шымбай, оның нәсілін білмеймін.
Жошының кенже баласы - Берікжар, оның баласы - Һинд, оның баласы - Тағашы, онан кейінгісін білмеймін.
Шыңғыс ханның екінші баласы Шағатайдың жеті баласы - Мутөген, Можы, Білдеші, Сайынбілге, Сарман, Байдар, Сүймінке. Мутөгеннің үш баласы - Қараәлеке, Бозай, Есенту. Қараәлекенің баласы - Мүбәрәк шаһ. Бозайдың баласы - Қодағай, оның баласы - Бұғатемір, оның баласы - Өзектемір, оның баласы - Ясур, оның баласы - Ғазан хан. Бұл Ғазан бек зор хан болған. Алдына келерде әмірлер әлде қандай боламыз деп үй ішімен қоштасып келуші еді мұны, өзінің қол астындағы Әмірфарғад дегенді түсіріп, оның орнына Үгедей нәсілінен Данышмандча дегенді хан қойды. Ғазаннан соңғы хандарын әмірлер билеуші еді. Жоғарғы Есентудың баласы - Барақ хан (Шағатай нәсілінен ең бұрын мұсылман болған осы) Ғаясиддин атанды, мұның баласы - Дуйшешен, оның сегіз баласы - Көпек, Сорғу, Дойтемір, Елгіштай, Күнже, Абукан, Тармашир, Есенбұға (бұл Есенбұғаның шын аты Елғожа еді). Сорғуның баласы - Баянқұл. Дойтемірдің баласы - Боран, Елгештайдың баласы - Доржы, оның баласы - Қабыл. Күнженің баласы - Болат, оның баласы - Мұхамед, оның баласы - Ғадыл, Абукенңің екі баласы - Есентемір, Жіңші екеуі бір шешеден еді. Жіңші хан болғанда, інісі Есентемір Жіңшіні өлтірмек болғанда, шешесі Жіңшіге айтып қойса да, Есентемір Жіңшіні өлтіріп хан болды және «сырымды айттың» деп шешесінің емшегін кесті. Есентемірдің баласы - Теміршаһ.
Жоғарғы Есенбұға ханның баласы - Тұғлұқ Темір, бұл да бек зор хан болыпты. Әз Жәнібек хан Әбілқайыр ханға өкпелеп келіп қарағаны осы Тұғлұқ Темір еді. Мұның екі баласы - Ілияс қожа, Қызыр қожа. Қашқар, Жаркент Алатаудағы хандар осының нәсілінен. Қызыр қожаның бір баласы - Жүніс, оның екі баласы - Махмұд, Ахмет. Махмұдтың лақап аты - Жанеке. Ахмет біздің қазаққа хан болып, қалмақты шапқаннан Алашы хан атанды. Бұларды Оратөбеде Шайбақ өлтірді.
Шағатайдың бір баласы - Сарман, оның баласы - Бекі.
Шағатайдың және бір баласы - Байдар, оның бір баласы Алғухан Шағатайдың өз орнына хан болды. Шағатайдың өзге нәсілін білмеймін.
Шыңғыстың үшінші баласы - Үгедей өз орнына үлкен хақан болған, мұның бес баласы - Күйік, Көтен, Көжу, Қарашар, Қашын. Қашынның баласы - Қайду, оның баласы - Данышмандча (Ерқызған Ғазанды түсіріп орнына қойған осы Данышмандча), мұның баласы - Сурғатмыш (Әмір Темірдің хан қойғаны осы еді), оның баласы - Махмұд (оны хан қойса да, екеуін де Әмір Темір өзі билеуші еді. Аяғында Махмұдты өлтіріп, өзі хан болды. Стамбол ханы Йылдірім Баязидті ұстап алатұғында қуыршақ сықылды хан қылып алып барғаны осы еді. Бірақ анығында өзі хан еді).
Шыңғыс ханның төртінші баласы һәм кенжесі - Тулы. Оның төрт баласы - Мөңгөхақан, Хулагу (мұны қазақ Әлеке дейді), Құблай, Арықбөке. Хулагу Иран Туранды түгел алып һәм Бағдат, Мысырды да алып, Мұстағсымбалла халифаны өлтірді. Оның бес баласы - Мөңгөтемір, Ешмот, Абақа, Ахмед, Тарағай. Мөңгөтемірдің баласы - Анбажы, оның баласы - Темір, оның баласы - Жолғұтты, оның баласы - Мұхамед. Ешмоттың баласы - Санеке, оның баласы - Сүлеймен. Абақанның екі баласы - Арғын, Қихату. Арғынның екі баласы - Ғазанхан, Олжайту. Тулы нәсілінен ең бұрын мұсылман болған жоғарғы Хулагу баласы Ахмед деген еді. Ғазан Арғын баласы үлкен хан болған. Стамболдың хандарының атасы Ғұсман хан тұсында Румды алып, әрбір кішкене ханға бөліп жіберген осы Ғазан хан еді. Олжайтудың баласы - Абусәғид (Ғазаннан соң бұл хан болды. Өйтсе де Ғазаннан соң және әмірлер биледі). Қихатудың баласы - Алафәрнәк, оның баласы - Жаһантемір, мұны түсіріп орнына атақты Шайых Хасан Жалайыр хан болды. Тарағайдың баласы - Байду, оның баласы - Мұса, оның баласы - Ғали, оның баласы - Арпахан.
Осы шежіредегі айтылған барша моғол-татарды билеген Шыңғыс хан нәсілдері бірін-бірі күндеп, өлтіріп, шабысып, хандыққа таласып, ақырында бөлек-бөлек кішкене хан болып, соның бәрін де аяғында орыс алды. Жердің жүзін сілкінткен хандардың арты солай болды. Осыдан ғибрат алу тиіс.
Қазанды 1552 жылы алды. Астраханды 1554 жылы алды. Башқұртты 1578-де, Қырым-Қубанды 1783 жылы алды. Дәрбәндті 1796 жылы, Ереванды 1837 жылы алды. Кавказды 1859-да алып, Шайых Шамил тұтқын болды. Қоқан менен Ташкентті 1865 жылы алды. Самарқандты 1868-де алды. Хиуаны 1873-те алды. Түріктен Батум һәм Кәрісті 1877-де алды. Түрікменді 1881 жылы алды. Мервті 1884 жылы алды. 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста