Әлеуметтік қызметкердің бір күні

Әлеуметтік қызметкердің бір күні

Біз көшеден мүмкіндігі шектеулі немесе көмекке зәру адамды көрсек оларға аянышпен қараймыз. Ал әлеуметтік қызметкер сол жандармен бірге біте қайнасып өмір сүреді. Олардың өміріне етене араласып, жалғызбасты қарияларға, І, ІІ топ мүгедектеріне, мүмкіндігі шектеулі балаларға, жүйке жүйесі дертіне шалдыққан жандарға көмек көрсетеді.
Жалпы Оралдағы «Мұқтаж азаматтарға үйде әлеуметтік көмек көрсету» мемлекеттік мекемесінің қамқорлығында 909 адам бар. Оның ішінде жалғызбасты қариялар – 582, І,ІІ топ мүгедегі -132, 18 жастан асқан жүйке дертіне шалдыққан жандар - 37, мүмкіндігі шектеулі балалар – 158. Осынау мұқтаж жандарға 132 әлеуметтік қызметкер көмек көрсетеді. Статистика бойынша арнайы әлеуметтік қызметке мұқтаж жандардың саны жыл сайын артып келеді екен. Әрине, бұл көңіл қуантарлық жәйт емес.
Әлеуметтік қызметкер Айнұр Сағынғалиевамен ертеңгілік сағат 10.00-де «Халыққа қызмет көрсету орталығы» аялдамасында жолықтық. Алдын ала келісім бойынша әлеуметтік-психологиялық көмек алушы Кенжемұрат Тілеуішовтың үйіне бет алдық. 57 жасар Кенжемұрат ағай бізді балаша қуанып, көңілді қарсы алды.
- Күндегі әдеті осы, мені асыға күтеді, уақытында келмесем, телефон шалып қашан келетінімді сұрайды, - деп жымиды Айнұр апай.
Кенжемұрат ағай аға-жеңгесінің екі бөлмелі үйінде тұрады. Бөлмесінде кереуеті, теледидары, шкафы бар. Жағдайы жақсы екені бірден байқалды. Ағай біз келгелі мәз болып, сөйлеп жүр. Ол кісіні бірінші рет көргендіктен, мен сөздерін анық ұға алмадым. Бірақ әлеуметтік қызметкер әңгімесін түсініп, ағайды қолдап қояды.
Кенжемұрат ағай сурет салғанды, логикалық тапсырмалар орындағанды жақсы көреді екен. Көңілді жүретіндіктен сурет салғанда ашық түстерді көп қолданады. Біздің кейіпкеріміз - әлеуметтік қызметкердің тобындағы алты көмек алушының ең белсендісі. Өз араларында өтетін мәдени шаралардан қалмайды.
- Ағай әңгімешіл. Мен келген кезде қайда барғанын, кімді көргенін, бәрін әңгімелеп айтып береді. Мүмкіндігі шектеулі жандар да бала сияқты, сондықтан әр мереке мен туған күндеріне кішкентай болса да, сыйлық жасап апаруға тырысамыз. Олар бізді дастарқан дайындап күтіп отырады, - дейді Айнұр Сағынғалиева.
Айнұр апай көмек алушыға бірнеше тапсырма берді. Тілалғыш шәкірт сықылды ағай тапсырманы ойланып, мұқият орындап отыр.
- Бір қарағанда бастауыш сынып оқушысының деңгейіндегі тапсырма болғанымен, соны дұрыс, тез орындаса кәдімгідей қуанып қаламыз, – дейді Айнұр апай. Енді ағай сурет сала бастады. Осы кезде Кенжемұрат ағайдың жеңгесі Рахима Басарова да жанымызға келіп жайғасты. Апай әңгімешіл жан екен.
- Негізі екеуміз жас шағынан шамаласпыз, - деп бастады ол сөзін. -Бірақ Кенже менің балам сияқты болып кетті. Онсыз шай да іше алмаймын. Екі ұлым бар еді, екеуі де есейді. Бірге тұрғанымызға 35 жыл болды. Өзі бала сияқты. Айнұрды күтіп жүреді. Ол келгенде қуанады. Біз жұмысқа кеткенде үйде өзі қалады. Соңғы жылдары мәдени шараларға, музейлерге барып жүр. Келген соң әңгімесін айтып, тауыса алмайды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға, өмірге араластырған әлеуметтік қызметкерлерге айтар алғысым шексіз, - дейді ол.
Ауа райы жақсы күндері ағай әлеуметтік қызметкермен сыртта, таза ауада серуендегенді жақсы көреді екен. «Кейде екеуміз халыққа қызмет көрсету орталығының алдындағы орындыққа барып отырамыз. Таныстарының «Қасыңдағы адам кім?» деген сұрағына ол кісі «Қарындасым» деп жауап беріп жатады», - дейді Айнұр Сағынғалиқызы.
- Кенжемұрат егер денім сау болғанда үйленер едім. Суретші болар едім. Екі қызым болатын еді , - деп айтып отырады. Жас күнінен атпен шауып келе жатқан қыздың суретін салады. Тіпті ертеректе сол суретін әспеттеп шифонерге іліп қоятын. Мүмкін ол да арманы шығар, - дейді анасындай болып кеткен жеңгесі.
Жаз күндері Кенжемұрат ағай Айнұр апаны автобус аялдамасына дейін шығарып салады.
- Мен мініп кеткенше қолын бұлғап, қарап тұрады. Ағам сияқты болып кетті. Кейде сенбі, жексенбі күндері хабарласып, халімді сұрайды. Мен де өзімнің қарауымдағы көмекке мұқтаж жандарға әбден бауыр басып кеттім. Кейде өзімнің жеке өмірімді ұмытып, сол кісілердің жағдайын ойлап кетемін, - дейді Айнұр Сағынғалиқызы.
Түстен кейін келесі көмекке мұқтаж жан Ғалия Өтеуованың үйіне беттедік. Ғалия төртінші қабатта тұрады екен. Есікті өзі ашып, қарсы алды. Бір қарағанда дені сау бойжеткендерден еш айырмасы жоқ. Бірақ ол эпилепсияның жеңіл түрімен ауырады екен. Өзінің айтар әңгімесі жиналып қалғанға ұқсайды. Кірер-кірместен жаңалығымен бөлісіп жатыр.
- Автобуспен қыдырғанды, жаяу жүргенді жақсы көремін. Кейде автопарктен Киров саябағына дейін жаяу барамын. Сонда көңілім көтеріліп, өзімді жақсы сезінемін, - дейді ол.
Ғалия әлеуметтік қызметкердің «Бүгін немен айналысамыз?» деген сұрағына «Есеп шығарайық» деп қалды. Ол математиканы жақсы көреді екен.
- Айнұр апамен кекс, пирог, құймақ пісіреміз, салаттың түрлерін жасаймыз. Мен ғаламтордан қарап, дайындау тәсілін жазып аламын. Сосын сол бойынша дайындаймыз. Кейде кесте тігеміз. Маған Айнұр апа дүйсенбі, бейсенбі күндері келеді. Мен ол кісіні күтіп отырамын, - дейді ол.
Өзі үй жұмысын тиянақты орындап, тамақ дайындап, ата-анасы мен сіңлісін күтіп отырады. Ол да белсенді жандардың бірі. Бойжеткен әлеуметтік қызметкерден ішкі сырын да жасырмай, ақыл-кеңес алып тұрады екен.
Әлеуметтік қызметкермен өткізген бір күнде біз екі үйге бас сұқтық. Көмекке мұқтаж екі жанмен барынша сыр бөлістік. Олардың жан дүниесін түсінуге, жан жарасын жеңілдетуге сәл де болса үлес қосуға тырыстық. Әлеуметтік қызметкерді қайдам, мен өзім екі үйден де шаршаңқырап шықтым. Бір қарағанда үйлерді аралап, әңгіме айтып, серуендеп жүрген сияқты көрінгенімен, олардың жұмысы ауыр көрінді маған. Дәл осылай қамкөңіл жандардың жанына жігер беруге тырысып жүргені үшін Айнұр Сағынғалиқызы бар болғаны 26 мың теңге жалақы алады екен.
Байқағаным, әлеуметтік қызметкер болу үшін темірдей төзім, салқын сабыр керек. Олардың сұраққа жауап бергенін, тапсырманы орындағанын күту, қиналып жүрсе мұңын тыңдап, жұбату үшін де біраз күш жұмсауға тура келеді. Әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеу, қысқасы, көпшілік ойлағандай оңай шаруа емес. Бұған үлкен жүрек иесі ғана бара алады дер едім.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста