Мәселе

Алматы облысында зейнеткерді аяусыз соққыға жыққан екі жігітті полиция босатып жіберген (фото, видео)

  • © almaty.tv

    © almaty.tv

Алматы облысында қалақтай жігіттер қарт сатушыға қырғидай тиген. Олар жиһаз дүкенін тонамақ болып, кейуананы аяусыз соққыға жығыпты. Салдарынан зейнеткер бірнеше жерінен ауыр жарақат алып, Шелек ауылындағы аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізілген.


Ал, қарақшылар көп ұзамай ұсталыпты. Алайда, тергеушілер оларды бұзақылық жасады деп, қолхат арқылы бостандыққа шығарып жіберген. Полицияның бұл шешіміне жәбірленушінің туыстары түбегейлі қарсы. Олар әлгі қаскөйлер жазадан сытылып кете ме деп қорқады. Сондықтан әділдік іздеп, бас прокуратураға дейін шағымдануға әзір отыр.


Алтынай Кәукейдің аяқ басуға әлі келмейді. Төсекке таңылған кейуана әлсін ғана қимылдайды. Ас-суын әзер ішеді. Оның өзі өзгелердің көмегімен. Алпысқа таяған зейнеткер ұзақ жылдан бері жиһаз сатып, кәсібінен нәсібін айырып келген. Апта басында да әдеттегідей жұмысқа шығады. Бірақ сол күні әлдебір жігіттер төңіректі торауылдап, дүкенге баса көктеп кіріпті. Сатушыны соққыға жығып, көк ала қойдай қылып сабап тастаған.


«Бірнеше жерінен жарақат алған әжей, күдіктілер із суытқан кезде ғана есін жиып, көмекке көршілерін шақырады. Олар оқиға орнына жедел жәрдем шақырып, науқас Шелектегі ауруханаға жеткізіледі. Дәрігерлер жәбірленушіге тиісті көмек көрсеткен. Қазір жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Бірақ әлі де күтім керек»,- деді Жәбірленуші, АЛТЫНАЙ КӘУКЕЙ.


«Науқастың жақ сүйегі мен мұрнына қатты зақым келген. Бет-ауызы жырылған. Ол кісіге алғашқы көмек көрсеттік. Кейін, миы шайқалғанын анықтадық. Омыртқа тұсына да соққы тиіпті. Әзірге дәрігерлердің бақылауында болады. Жан сақтау бөлімінен палатаға ауыстырдық»,- деді Шелек ауылы ауруханасының дәрігері, Бақытжан ӘДІЛШЫНОВ.


Қанды оқиға тап осы орында болған. Жиһаз сатылатын шағын дүкенді қаскөйлер ұзақ барлапты. Олар тың жоспарларын құрып, ақыры сатушыға шабуыл жасауға бекінген. Сондағысы - сейфте жатқан қомақты қаражатты қолды қылып, тайып тұруға қамданса керек.


Қанды қылмыс болған орында бейнебақылау камерасы бар. Жәбірленушінің туыстары күдіктілерді сол арқылы тауыпты. Олар жиһаз дүкенін түске таяу торуылдап, арада 2-3 сағат өткенде қарт сатушыға жұдырық ала жүгіреді. Әуелі мойнынан қылқындырып, тынысын тарылтқан. Кейін, омыртқасына зақым келтірген. Әжейдің әл-дәрмені құрыған кезде, оны жерге жығып, аяусыз тепкілей бастаған.


Қарақшылық шабуыл жасалған күні - жайттың жай-жапсарын анықтауға учаскелік полицейлер кіріскен. Алайда, олардан ешбір көмек болмапты. Жәбірленушінің ұлы мына бейнежазбаны тауып, қаскөйлердің кім екенін өзі анықтаған. Бұл видеода екі бірдей өрімдей жігіттің дүкен маңында әккі амалдарын ойластырып жүргенін анық байқауға болады. Арада бір күн өткенде әлгі күдіктілердің екеуі де қолға түскен. Олар 19 бен 16 жастағы бозбалалар. Тергеушілер олардан түсінік алып, бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғапты. Кейін, қолхат арқылы бостандыққа жібере салған.


«Істің сиырқұйымшақтанып кеткеніне шамданған жәбірленушінің туыстары - қаскөйлер жазадан сытылып кете ме деп қорқады. Сондықтан журналистердің араласуын қалады. Ауылдық полиция бөлімшесіне барғанымызда іске жауапты тергеуші өз орнында болды. Алайда, бізбен тілдесуден бас тартты»,- деді Жәбірленушінің ұлы, Қанатбек СЪЕЗ.


Аздап күтумізді талап еткен тәртіп сақшылары, ақыры тілшілерге ешбір түсінік берген жоқ. Ал, жәбірленуші тарап күдіктілерге неліктен бұзақылық бабы бойынша іс қозғалғанын түсінбейді. Олар қасақана қарақшылық шабуыл жасалды деп отыр. Егер, іс насырға шауып, қарақшылар қолдан сусып кетсе, жәбірленушілер бас прокуратураға дейін шағымдануға дайын отыр. 



almaty.tv




Көрілген: 517    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

жұма, 19.05.2017, 11:00

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30