Балаға күнде айтылуы тиіс 30 сөз

Балаға күнде айтылуы тиіс 30 сөз

Психоаналитик маман бала тәрбиесі жатырда емес, ата-анасының болашақ бала туралы ойланған сәтінен басталатынын айтады. Тіпті, жатырда жатқан сәбидің дүниеге көзқарасы анасы арқылы қалыптасады. Бірақ, бала тәрбиесі мұнымен аяқталмайды.

Ата-ана балаға 5 жасқа дейін аса мұқият болып, психикасының дұрыс қалыптасуына жағдай жасауы қажет. Себебі, баланың болашағы осы кезеңмен тікелей байланысты. Мұнымен қатар, жасөспірімдік шақта да дұрыс бағыт-бағдар беріп, жол көрсетіп отыру маңызды.

Осы орайда, қазақстандық психоаналитик Жанар Оспанова балаға қандай сөздер айтылуы керектігіне және олардың бала үшін қандай пайдасы бар екеніне тоқталды. Мұнымен қатар, күнделікті балаға бірнеше сауал қойып отыруға кеңес берді.

Мен сені жақсы көремін

Кез келген бала үшін өзін біреудің, әсіресе ата-анасының жақсы көретінін сезіну маңызды. Мұнымен қатар, ата-ана тарапынан берілетін махаббаттың бала болашағы үшін орны ерекше. Себебі, махаббаттың не екенін сезініп, біліп өскен бала ғана өзгелерді осы сезімге бөлейді. Яғни болашақ жары мен балаларын бақытты ете алады. Назарын белгілі бір салаға бұрып, мықты маман болып шығады. Мықты маман болу арқылы адамзаттың игілігіне жарайтын істерді қолға алады. Осы сезімнің жетіспеушілігі баланы суицид жасауға әкеліп соқтыруы мүмкін. Өйткені, суицид жасау арқылы бала ата-анасын жазалайды.

Барың үшін бақыттымын

Бала үшін бұл сөзді естігеннен артық бақыт жоқ шығар. Себебі, ата-анасы ұрысып қалса, ажырасып кетіп жатса, бала бірінші кезекте бұл жағдайға өзін кінәлайды. Тіпті, өзінің мүлдем қатысы жоқ болса да. Ал кінәні сезінген адам үшін жазаның да барын ұмытпауымыз керек. Бала өзін әртүрлі жолмен жазалауы мүмкін. Әрине, мұның барлығы бейсаналы деңгейде жүзеге асады. Осындай жағдайлардың алдын алғыңыз келсе, жоғарыдағы сөздерді балаңызға жиі айтып отырыңыз.

Мен саған сенемін

Бұл сөздер баланы жастайынан жауапкершілікті сезініп, жетістіктерге жетуіне жағдай жасайды. Балаңыз сіз осылай айтып тұрған кезде "сүрініп" жатса, оған қолдау көрсете білген жөн. Өйткені, ол "Маған үлкен сенім артып отыр" немесе "Мен ата-анамның үмітін ақтай алмадым" деген оймен күйзеліске түсіп кетуі де ғажап емес.

Мен өзіңмен мақтанамын

Қоғамда көп ата-ана баламды өзгелермен салыстыратын болсам, бәйгеден оза шауып келеді деп қате ойлайды. Керісінше перзентіңізді өзге балалармен мүлдем салыстырмауға кеңес беретін едім. Осы қате түсінік салдарынан кейін бала бүкіл өмірін өзгелерден асып түсуге арнап өтеді. Ол үшін "әр сәттен ләззат алу" және "шынайы сапа үшін жұмыс істеу" сынды түсініктер жат болып қалады. Балаңыз балабақшада сахнаға шығып өнер көрсеткен болса да, бәтеңкесінің бауын байлап, әліппеден жаңа әріп үйреніп келген болса да, мақтай түсіңіз. Себебі, бұлардың барлығы ересек адам үшін болмашы дүниелер болғанымен, кішкене балапандар үшін үлкен жетістік. Мұнымен қатар, бала белгілі бір жетістікке жеткен кезде ғана назар аударудың салдары жаман болмақ. Осылай жасайтын болсаңыз, бала кез келген нәрсені сізге ұнау үшін жасайды. Ал біреуге ұнауды бірінші орынға қойып өсетін баланың өзіндік мені қалыптаса қоймайды.

Кез келген сәтте өзіңмен біргемін

Балалардың қиындықтары ересек адамдар үшін болмашы дүние болып көрінгенімен, бұл келеңсіздіктердің оларға қатты әсер ететінін ұмытпайық. Міне, осындай сәтте балаңыздың жанынан табылып, құшағыңызға басып, "Кез келген сәтте өзіңмен бірге боламын" деп айту маңызды. Сонда ғана бала ересек өмірде жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға қорықпайтын болады. Әрине, кейбір келеңсіз жағдайларда балалардың өздері кінәлі болып шығады. Мұндайда балаңызды кінәлауға асықпаңыз. Керісінше оның жақтасы болып, осы кінәсін өзінің түсінуіне мүмкіндік беріңіз.

Ақылдым сол

Балаңыздың бойында белгілі бір қасиеттің көбірек болғанын қаласаңыз, назарын соған бағыттаңыз. Кез келген ата-ана баласының мейірімді, махаббатқа толы әрі ақылды болып өскенін қалайды. Қазіргі таңда кей адамдар табысты, әлемге танымал тұлғаларға қарап, "Олар — жаратылысы ерекше жандар. Маған қарағанда әлдеқайда ақылды, мен олар секілді бола алмаймын" деп ойлайды. Бұл — қате. Есейген шақта балаңыздың осылай ойлаушылардың қатарынан болғанын қаламасаңыз, бүгіннен бастап ақылды екенін жиі айтыңыз. Ақылы мен ой-өрісін дамытуға арналған кітаптар сыйлап, ойындар ойнатыңыз.

Рахмет!

Балаңыз ойыншықтарын жинап, үй тазалауға немесе т.б. нәрселер жасауға көмектескен болса, бұл үшін міндетті түрде алғыс айтыңыз. Бастапқыда оның бұл жұмысты қаншалықты сапалы орындағаны маңызды емес. Кемшіліктерін кейін айтып үлгересіз. Бар болғаны осы сөзді есту арқылы бала сізге көмектескісі келіп тұратын болады. Мұнымен қатар, бала қарапайым сыпайылық ережелеріне үйренеді.

Сені сағындым

Бала үйде ата-анасымен қарым-қатынасы қандай екеніне қарамастан, жырақта жүргенде міндетті түрде оларды сағынады. Әсіресе, бұрын-соңды барып көрмеген жерде жүрсе. Осы орайда өзі ғана емес, өзін де сағынатын адамдардың бар екенін білу маңызды. Бұл сөздер балаға есейгенде екінші бір адаммен дұрыс қарым-қатынас орнатуына септігін тигізеді. Яғни ол біреумен танысқанда немесе сезімін білдіргенде, бетімді қайтарады деп қорықпайды. Ал қорқыныш жоқ жерде өзін қабылдай алатын адамдар жолығатыны сөзсіз.

Мен өзіңмен ақылдасқым келеді

Кейбір баланың белгілі бір салаға бейімділігі ерте жастан-ақ көріне бастайды. Мысалы, қызыңыз үйдегі қайшыны ашып, шүберек қырыққанды ұнатады делік. Мұндайда бетін қағып, бірден ұрысып кеткен жөн емес. Керісінше оған осы салаға жақындай түсуіне жағдай жасау қажет. Үйге перде сатып алғанда немесе қандай да бір киімді үйлестіріп киетін кезде қызыңыздан кеңес сұраңыз. Сол кезде бала өзінің пікірі маңызды екенін сезініп өседі.

Дәл осы сұрақты жасөспірімдік шаққа таяп қалған немесе жасөспірімдерге қоюға болады. Бұл жерде отбасыға қатысты ортақ мәселе талқыланатын болса. Мысалы, балалар бөлмесіндегі жиһаздың орнын ауыстыру немесе үйге жаңа бір зат сатып алу. Ең бастысы, баланың өз көзқарасын дәлелдей білуіне жағдай жасау қажет.

Шешіміңді құрметтеймін

Баладан пікірін сұрау бар және пікіріне құлақ асу бар. Құлақ асу дегенді бірден пікірін орынды етіп шығарумен шатастырмау қажет. Бала қандай шешім қабылдаса да, таңдау жасаса да, оған құрмет білдіріңіз. Жоғарыда айтып өткендей, балаңыз неліктен мұндай шешім қабылдағанын түсіндіруі тиіс. Яғни шешімінің жағымды және жағымсыз тұстарына талдау жасауға көмектесіңіз. Бұл баланың сыни көзқарасының қалыптасуына септігін тигізеді. Балаңыздың жанында тәулігіне 24 сағат жүрмейтініңіз анық. Уақыт өткен сайын бірге өткізетін уақыт азая береді. Қандай да бір жаман ортаға кіріп кетпеуі үшін осылайша сыни көзқарасын қалыптастырған ұтымды.

Өскенде сенің өз сүйіктің болады

3 және 5 жас аралығында әкесі ұлына, анасы қызына "Өскен кезде сенің өз сүйіктің болады. Анаң — менің әйелім/ Әкең — менің күйеуім. Ал сен басқа біреумен біз секілді отбасын құрасың" дегендей айтса игі. Қазіргі қоғамымызда сүрбойдақтардың көбеюінің бірден-бір себебі осы. Психикалық дамудың бірнеше кезеңі болады. Соның бірі — осы 3-5 жас аралығындағы Эдипов комплексі. Егер осы кезеңде психика дұрыс дамымаса, бұл баланың толыққанды отбасын құруына кедергі жасайды. Яғни бұл сөздер баланың ертерек отбасын құрып, жұбайы/жарымен бақытты өмір сүруіне пайдасын тигізеді.

Қайырлы таң!/Қайырлы түн!

Бала үшін ғана емес, ересек адам үшін де күнінің қалай басталып, қалай аяқталатыны маңызды. Көзін ашып, төсегінен тұрып келе жатқан бала үшін өзіне "қайырлы таң" тілеген ата-анасын көруден асқан бақыт жоқ. Осы сөзбен бірге ата-анасы сыйлаған сезім оның бойындағы күш-қуатын арттыра түседі. Сондай-ақ, ұйықтар алдында да өзімізді барынша жайлы сезіну маңызды.

Бәрібір сені жақтаймын

Балаңыз балабақшада немесе мектепте біреуге ренжіп келген болса, оған осы сөздерді айтыңыз. Ренжітіп емес, ренжіп келген болса. Себебі, бұл екі ситуацияның арасы жер мен көктей. Мейлі балаңыздікі дұрыс емес болса да, оған осы кішігірім "шайқаста" жақтасы барын көрсетіңіз. Мұнымен қатар, адам баласы орынсыз ренжімейтіні сөзсіз. Жақтасы екеніңізді айтып қана қоймай, мұндай дөрекі қадамдарға ата-анасының жылуын сезінбеген балалар ғана баратынын түсіндіріңіз. Сол кезде бала мұндай құрдастарына іштей жанашырлық танытып, олармен болатын жанжалдың алдын алады.

Сенің қателесуге құқығың бар

Өзін қоярға жер таппай, жанын жегідей жеген бала үшін бұдан артық жылы сөз жоқ. Расымен де, кез келген адам қателусе құқылы. Маңыздысы қателеспеу немесе осы қателіктің алдын алу емес, керісінше одан сабақ алуды үйрену. Кейде ата-аналар "Болды жылама. Кез келгеннің адамның басында болады" деп жылдам жұбатуға тырысады. Бұл — қате. Жараны дер кезінде емдемесеңіз, балаға жылап алуға мүмкіндік бермесеңіз, уақыт өте келе қауіпті ауруға шалдығуы мүмкін.

Бәрі де шаршайды

Белгілі бір салаға бет бұрып үлгермегендіктен, балаға бәрі де қызық болып көрінеді. Бір мезетте барлығына үлгеруге тырысады. Кейде құрдастарымен жарысып, шаршамаған кейіп танытады. Мұны, тіпті, ата-анасына көрсеткісі келмейді. Балаңызға шаршағанын мойындау өте маңызды екенін айтыңыз. Себебі, жер бетінде мінсіз адам жоқ. Кейде, шыны керек, аналардың туған балаларының тынымсыздығынан шаршап, жек көріп кететін кездері болады. Қазақта "Ауруын жасырған өледі" деген сөз бар. Қандай да бір жағымсыз сезімдерді жасыра беретін болсақ, ол әйтеуір бір күні денеміз арқылы көрініс табады. Егер балаңыздың дені сау болғанын қаласаңыз, осы сөздерді айтып, демалыстың қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге тырысыңыз.

Ботам сол…

Қыз бала болсын, ұл бала болсын ата-анасына еркелегісі келеді. Әртүрлі қошемет сөз айтып, балаңызды жиі құшақтауды ұмытпаңыз. Осылайша айналадағылар үшін ересек адам болып, жауапкершілік алып жүрсе де, кез келген уақытта еркелеп алуға мүмкіндігі бар екенін еске алады.

Келші құшақтайын…

Баланы құшақтаудың маңызы әлдеқайда көп. Оның қаншалықты пайдалы екенін кемінде екі себеппен түсіндіруге болады. Біріншіден, бала өзін біреу құшақтаған кезде әрдайым қорғайтын адамның бар екенін сезінеді. Таудай болған қиындығы әп-сәтте кішірейіп шыға келеді. Екіншіден, адамның психикалық денсаулығы тактильді қажеттіліктерін қанағаттандырумен байланысты. Адам өмір бойы осы қажеттілікті өтеуге ұмтылады. Тіпті, оны мысығымен немесе итімен құшақтасу арқылы өтеуі мүмкін. Дәлірек айтсақ, құшақтасқан кезде иммунитет жақсарып, қан құрамында гемоглобин деңгейі көтеріледі. Гипоталамус қанға окситоцин гормонын бөліп шығарады. Осы процесс әсерінен баланың сыртқы ортаға деген көзқарасы да жақсара түседі.

Маған… ұнайды

Жоғарыда айтып өткенімдей, баланың бойында белгілі бір қасиетті дамытқыңыз келсе, екпінді соған түсіріңіз. Барынша сол қасиетін немесе әрекетін мақтаңыз және бұл кез келген қасиет болуы мүмкін.

Бүгін мен сені ренжітіп алмадым ба?

Бұл сауалдың орны ерекше. Бір ситуацияны әр адам түрліше қабылдайды. Ата-анасы ренжітпедім деп ойласа да, белгілі бір жағдай бала үшін ауыр соққы болып тиюі мүмкін. Кейін осының барлығы жинала келе, бала кірпік шешеннің күйін кешетін болады. Жанына қадалған тікен уақыт өте келе көбейе береді. Көп тікенді алған кезде қалай ауыратынын айтпаса да түсінікті. Ал алмаса, жағдай мүлдем ушығып кетеді. Кейін мамандарға, ауруханаға қыруар қаржы жұмсамас үшін күнделікті осы сауалды қойып, жауабын міндетті түрде тыңдаңыз.

Кешір мені…

Жанға салынған жараны бірден бір емдейтін құрал — сөз. Бұл сөздерден кейін балаңыздың сізге деген реніші басылып қана қоймай, "кешір мені" деген тіркестің адамның жанын қаншалықты жылытатынын түсінеді. Есейгенде өзі ренжітіп алған жандардан кешірім сұрауға қорықпайтын болады. Кей жағдайда тәкаппарлық жібермеуі мүмкін.

Осы кезде не сезіндің?

Бұл сауалды бала біреуге деген ренішін айтып жатқан кезде қойған абзал. Бүгінгі қоғамда көп ересек адам бұл сауалға жауап беруге қиналады. Тіпті, сезім туралы сөз қозғау оларға күлкілі болып көрінуі мүмкін. Бұл — орынды. Тәуелсіздік алғанға дейін қиын-қыстау заманда өмір сүрдік. Ата-аналар бала-шағасын асырау үшін күн-түн демей жұмыс істеді. Бірақ оларға лайық мөлшерде махаббат бере алмады. Ал махаббатқа қанықпаған бала ертең өзгелерді бұл сезімге бөлей алмайтыны анық. Оның үстіне бала ата-анасының отбасын асырау үшін жұмыс істегенін ескермей, оларға қартайғанша ренжіп өтуі мүмкін. Яғни осы сауал арқылы сіз балаңызды сезім туралы еркін сөз қозғауға үйретіп, кейін немерелеріңіздің әлдеқайда бақыттырақ тәрбиеленуіне жағдай жасайсыз.

Менен кез келген нәрсе туралы сұрауыңа болады

Көп ата-ана баласының сұрақтарына шынайы жауап бере бермейді. Кейде бала да тоқтамай сауалдарын қоя береді. Мұндайда логикаға жат емес мардымды жауап айтылса, бала ол туралы міндетті түрде ойланады. Зерттей бастайды. Бұдан кейін жасөспірімдерде етеккір мен жыныстық қатынасқа қатысты көптеген сұрақ туындайды. Отбасыңызда мұндай тақырыптарда ашық сөйлесу мәдениеті қалыптаспаған болса, балаңызды маманмен жолықтырыңыз.

Сен бақыттысың ба?

Балаңызға бұл сауалды бірінші рет қоятын болсаңыз, оның бірден жауап бере алмайтынын байқайсыз. Дұрысы — бұл сауалды "Бүгін өзіңді қай кезде бақытты сезіндің?" деп кеңейту. Бұл сауал жиі қойылған сайын баланың назары бақытты сәттерге бағытталады. Тіпті, сіздің осы сауалды қоятыныңызды біліп, жақсы әсер қалдырған сәттерді көбірек есінде сақтайтын болады.

Өткен күнде не өзгертетін едің?

Бала үшін де, жасөспірім үшін де өзгерткісі келетін сәттердің аз болғаны жақсы. Өкінішке орай, толыққанды тұлға болып қалыптасқанша, өзгерткісі келетін дүниелері көп болады. Десе де, бала уақыт өте келе ертеңінде өкініп қалатындай іс-әрекет, таңдау жасамауға тырысады.

Сен осы үйдің ханшайымы/ханзадасысың

Жер бетіндегі жалғыз ханшайым/ханзада емес, осы үйдің деп айтуды ұмытпайық. Себебі, бала өзінен әлдеқайда алда келе жатқан құрдастарын көріп тосылып қалуы мүмкін. Кейін бар энергиясын өзге біреуден асып түсуге немесе өзін іштей жегідей жеуге жұмсайды. Кейде осындай қате тәрбие баланы өзімшіл, тәкаппар етіп шығарады. Сол үшін "осы үйдің" деп айтуды ұмытпаңыздар.

Арманың қандай?

Ұшқыштар А нүктесінен В нүктесіне бағыт алған ұшақтың тұмсығын минут сайын жетуі тиіс жерге бұрып отырады. Яғни ұшақ өздігінен ұшпайды. Сол секілді бала да арманына оны әйтеуір бір еске алу арқылы жетпейді. Күнделікті арманын еске салып отыратын болсаңыз, ол ертерек мақсатқа айналады. Кейін көп ұзамай жоспар да құрылады. Ересек адам бала күнгі арманын жүзеге асырған кезде ғана бақытты болатынын біліңіз. Тіпті, өзіне сай мамандықты да бала күнінде таңдап қояды.

Саған көмегім қажет пе?

Әрине, баланың кез келген істі өз бетімен жасағаны жақсы. Десе де, барлығы бірден болып кетпейтіні сөзсіз. Осы сауал арқылы баланы ересек өмірде көмек қабылдай білуге үйретіп, қиын сәтте кеңес сұрайтын адамның бар екенін есіне саласыз.

Сені ұрыссам да, жақсы көремін

Кей ата-ананың туған баласын бір сәтке жек көріп кетуі заңдылық. Әсіресе, әйел адам баланың жанында көп уақыт өткізетіндіктен, кейде қатты сөздер айтып ұрысып жібереді. Осындай сәтте балаға біз оны жақсы көрмегендіктен емес, пайдасы тиер деген оймен ұрысқанымызды түсіндіру пайдалы. Қажет болса кешірім сұрағанның еш әбестігі жоқ. Бұл болашақта баланы объективті сынды қабылдай білуге үйретеді және байланыс үзілген сәтте тез татуласуға мүмкіндік жасайды.

Күнің қалай өтті?

Балабақшада тәрбиеші бір баланы көбірек мақтап қалса, бұл екіншісіне ауыр тиюі мүмкін. Бала өзін кем сезініп, өмірге деген құлшынысы төмендейді. Екінші бір құрдасынан қалай да озамын деп өмірін бәсекеге арнайды. Осындайда жанына түскен жараны бірден емдеп отыру қажет. Әрине, балабақшадағы тәрбиешіні де кінәлауға болмайды. Бір уақытта 15-20 балаға бірдей көзқарас таныту қиын. Қазақ — әрдайым сөздің құдіретіне ерекше мән берген халық. Яғни жан жарасын сөзбен, махаббатпен емдейміз.

Неге бұлай болды деп ойлайсың?

Балада бірден жауапкершілік пайда болады деп ойлау қате. Жауапкершілігі жоқ адам үнемі өзгелерді кінәлауға бейім келеді. Бала есейген шақта да бәріне өзгелерді кінәлап, қол қусырып қарап отырмау үшін оны әр нәрсенің себебіне үңіліп, анализ жасауға үйрету қажет. Мысалы, балаңыз "Бүгін ұстазым маған қатты ұрысты" деп ренжіп келді делік. Алдымен, жоғарыда айтып өткенімдей, балаңыздың жақтасы екеніңізді көрсетіңіз. Кейін "Не бұлай ойлайсың?" деп сұрап, терең болмаса да, кішігірім анализ жасауға көмектесіңіз. Бала бірден өз қателігін мойындамаса да, уақыт өте келе түсініспеушілік болған жерде екі тараптың да кінәсі бар екенін ұғынады.

Саған қайсысы ұнайды?

Біраз жыл бұрын елімізде өзге ұлт өкілдері немесе орыс мінезді қазақтар балаларынан "Сен қайсысын таңдайсың? Саған қайсысы ұнады?" деп сұраған кезде таңғала қарайтын едік. Меніңше, бұл — өте орынды сұрақ. Бала кішкентай кезінен бастап тұлға ретінде қалыптасады. Бар болғаны "Неге оны таңдадың?" деп сыни көзқарасын дамытып отырсаңыз, нұр үстіне нұр болатын еді.

Ал Сіз балаларыңызға осы сөздерді жиі айтасыз ба?

Sputnik

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста