Мәселе

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын жетілдірген жөн

  • © egemen.kz

    © egemen.kz

Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен 2009 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Дипломмен – ауылға!» әлеу­меттік бағдарламасы ел болашағы – жастарымыздың өз мамандықтарына сай жұмысқа орналасып, баспана алып, өмірден орындарын табуларына, сондай-ақ ауылдық елді мекендерді денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қам­сыздандыру, мәдениет, спорт және ауыл шаруашылығы сала­ларының жас мамандарымен қамтамасыз етуге қолайлы мүм­кіндік берді.


Ал жас мамандар ауылдық жер­лерге жұмысқа барудан бас тартпайтындығын өмір тә­жі­рибесі көрсетіп отыр. Бағ­дар­лама іске асырылған 9 жыл ішінде ауыл­дық елді мекендерге 54 мыңнан астам жас маман тұрақты жұмысқа келіп, 12,5 миллиард тең­ге сомасында көтермеақы ал­ғандығы және олардың 23,5 мың­ға жуығына 57 миллиард теңге сомасында тұрғын үй алуға несие берілгендігі соның айғағы.


Ең өзекті мәселе – бағдар­лама толық көлемде қаржылан­ды­рылмай келеді. Мысал үшін, жергілікті атқарушы органдар аталған бағдарлама бойынша 2018 жылға арналған бюджеттік несиелерге 19 миллиард теңгеден астам қаржы сұраған болса, іс жүзінде 13,7 миллиард теңге бөлінген. Сондықтан да ауылдық жерлерде кейінгі кезде жыл са­йын 6 мыңдай жас маман жұ­мысқа орналасқанымен, олар­дың тең жартысына жуығы ешқандай мемлекеттік қолдаумен қам­тыл­мағандықтан, орынды реніш біл­діруде. Мәселен, биылғы жы­лы бағдарламаға 3786 маман ға­на енгізілген.


Ал Денсаулық сақтау министрлігінің үстіміздегі жылдың басындағы мәліметі бо­йын­ша ауылдық жерлерде 580 дәрігер жетіспейді.


Бұған қоса, Білім және ғылым министрлігінен алынған дерекке қарағанда, рес­публика бойынша қазір 4952 мұғалім тапшы.


Сондай-ақ Үкіметтің 2009 жыл­­ғы 18 ақпандағы №183 қау­лысына сәйкес тұрғын үй сатып алуға немесе салуға берілетін 1500 айлық есептік көрсеткіш (3 607 500 теңге) мөлшеріндегі же­ңіл­дікті несие кейбір ірі елді мекен­дерде, негізінен, ауылдық аудандардың орталықтарында тұрғын үй салуға немесе пәтер сатып алуға жетпей, екі-үш жыл бойы баспана ала алмай жүрген жас мамандар бар.


Облыстар мен аудандар ор­­та­­лық­­тарынан жақын және алыс қашықтықта орналасқан ауыл­дық елді мекендерге­ жұ­мыс­қа орналасуға баратын жас мамандарға бөлінетін көтер­ме жәрдемақы мөлшері бірдей екендігі де ойландырмай қой­майды.


Тағы бір өзекті мәселе – қа­зір ауылдық аудандардағы мем­лекеттік органдарда 900-ден астам жұмыс орны бос тұр. Ал облыстық деңгейдегі мем­лекеттік органдарда қызмет істеп жүрген жас мамандар өз­дерін аталған бағдарламаға ен­гізсе, ауылдық жерлерге барып жұмыс істеуге қарсы емес екен­діктерін білдіруде.


Осы айтыл­ған жайлардың негізінде біз Премьер-Министр Бақытжан Сағын­таев­тың құзырына мынадай ұсыныстар енгіздік:


1. Алдағы уақытта бағдарла­маны жергілікті атқарушы ор­ган­­дардың бюджеттік өтін­ім­дерін ескере отырып, толық кө­лемде қар­жы­лан­дыру мәселе­сін шешу;


2.Ауылдық жерлерге жұ­мыс­­қа баратын жас маман­дар­­­­­ға тұрғын үй сатып алуға не­­месе салуға берілетін же­ңіл­­дік­ті бюджеттік несие мөл­шерін жер­гілікті атқарушы орган­дар­дың ұсыныстарына сәйкес 2000 айлық есептік көрсеткішке де­йін ұлғайту;


3. Облыстар мен аудандар ор­та­лықтарынан жақын және алыс қашықтықта орналас­қан ауылдық елді мекендерге жұмысқа баратын жас мамандарға бөлінетін көтерме жәрдемақы мөлшерін қайта қарап, шалғайдағы ауыл­дарға, соның ішінде алыс­та­ғы шекаралық елді мекендер­ге жұ­мысқа орналасатын жас ма­мандарға берілетін көтерме­ақы мөлшерін қазіргі 70 айлық есеп­тік көрсеткіштен 150-200 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру;


4. Бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған ауылдық аудан­дар­дың орталықтары болып та­былатын моноқалалар мен шағын қалаларды енгізу қажет.


egemen.kz

 




Көрілген: 493    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 21.05.2018, 12:29

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30