Мәселе

ЭКСПО-ға келіп, қазақтан сәби сүйді – африкалық әйел Қазақстаннан кеткісі келмейді

  • © Sputnik / Владислав Воднев

    © Sputnik / Владислав Воднев

Моника Камукенж Камганза тілін, салт-дәстүрі мен заңдарын білмейтін бейтаныс елге күнкөріс қамымен келеді. Ақыры соңында 27 жастағы африкалық қыз дүниеге сәби әкеліп, әлемнің ең суық астаналарының бірі — Астанада қалып қойған. Қызы екеуінің болашақ өмірін қалай елестететіні жайлы Моника Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.


"Қазақстанға барып, жұмыс істеймін"


Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында, жеті мың километр қашықтықтағы Конго тұрғындарын Ұлы Дала еліне шақырып, жақсы жалақы туралы уәдені үйіп–төгіпті.


Видеооператор мамандығының қыр-сырын меңгерген тілші Моникаға белгісіз бір ер адам хабарласып, Астанада кәсібі бойынша жұмыс тауып беремін деп сендіреді.


"Қазақстанға барған соң ЭКСПО көрмесінде жұмыс тауып береміз деді. Мұнда келгенімде, виза алдым – барлық құжатты осында жұмыс істеп жүрген адам ресімдеді. Бірақ кейін мені алдап соқты. Соған қарамастан Қазақстанда өзімді жайлы сезіндім – осында келген басқа африкалықтармен бірігіп, топ құрып, дәстүрлі ән-билерімізбен қойылым көрсетіп жүрдік. Түрлі қабылдаулар мен тойларда өнер көрсетіп, нәпақамызды таптық, басқа өңірлерге де бардық. Кейін мейрамханадан жұмыс тауып, бір айдай сонда би билеп жүрдім, бір күні аяғым ауыр екенін білдім", — деп еске алады 27 жастағы әйел.



Моника француз тілінде ғана сөйлейді, сондықтан Қазақстанға келгенде, тіл білмегендіктен талай қиындыққа тап болыпты. Ең бастысы, шетелдік азаматтардың республикада жүріп-тұру мерзімін білмеген екен. Күнкөріс қамымен жүрген қыз визасын ұзартуды ұмытып кетіпті. Қазір Мониканың өзі ғана емес, Қазақстанда дүниеге келіп, әлі құжат алмаған Блессинг есімді қызының да елде қалуы екі талай.


Блессинг — Маша — Қарақат


Моника қойылым көрсетіп жүргенде, сәбиінің әкесімен танысады. Ер адам афиркалық биді тамашалауға жиі келіп жүріп, екеуінің арасында ынтызарлық пайда болады. Бірнеше рет кездескен соң, Мониканың аяғы ауыр болып қалған, алайда қызының әкесінің аты да, түрі де есінде жоқ.


"Баламның әкесі кім екенін білмеймін. Қазақстанға келгенде конголық жігіттермен жақын қарым-қатынасым болған жоқ. Қазақстандықтардың бірі. Бірақ азиялықтардың түрін ажырату маған қиын. Бір-бірімізге ғашық болдық деп айта алмаймын. Екеуара келісіммен болған жыныстық қатынас еді, жүкті болып қаламын деп ойламадым", —дейді ол көзіне жас алып.


Жүктілік кезеңін әйел адам есіне алғысы келмейді. Үрейге толы, көз жасы бір тиылмаған сол кез қорқынышты түстей. Жалғыз өзі бейтаныс елде, визасының мерзімі өтіп кеткен, қалтасында көк тиыны жоқ – аш-жалаңаш далада қалған сәті де болыпты.


"Көмек" орталығы туралы Моникаға бейтаныс бір қыз айтып, осында ертіп келеді. Содан бері жағдайы түзелген көрінеді, бірақ Моника ерте ме, кеш пе бір байламға келуі тиіс — Қазақстанда қала ма, әлде еліне қайта ма? Талай уақыттан бері туған үйіндей болған орталықта Моника мен қызынан бөлек тағдыр тәлкегіне ұшыраған басқа әйелдер де тұрады. Басым көпшілігі Астанаға ақша табуға келген таяудағы шетел тұрғындары. Әйелдер орналасқан орталықтың ғимараты – бір қабатты зәулім үй. Үйге қарап, азық-түлік жеткізіп отыратын әлеуметтік қызметкерлер ауысыммен істейді. Орталық тұрғындары өздері тамақ істеп, үйді тазалайды.


Моника Конгоға қайта оралғысы келмейді. Қызы туралы туыстарына айтуға батылы жетпейтін көрінеді. Конгода қарт анасы мен өзінен кіші бауырлары Мониканың көмегіне мұқтаж.


"Қазақстанға келіп, жұмыс тауып, туыстарыма көмектесемін деп ойлаған едім. Бауырларыма қараймын деп анама уәде бердім. Бірақ Қазақстанда жұмыс істеп жүріп, оларға небәрі 50 доллар жөнелтуге шамам жетті. Тапқан ақшам пәтер ақысы мен жеген тамағыма ғана жететін. Қазір де көмектесуге мүмкіндігім жоқ", — деп жас ана қаржылық қиындықтарымен бөлісті.


Басына түскен қиыншылықтарға қарамастан Моника баласының өмірге келуін Жаратқанның берген сыйы деп біледі. Мұқтаждыққа тап болып отырса да, өзін бақытты санап, қызын дүниеге әкелгеніне еш өкінбейді.



"Блессинг "- "Құдай берген" деген мағынаны білдіреді. Жаратқанның маған берген сыйы ғой деп осы атты қойдым. Құшағыма алсам, бар қайғы-мұңымды ұмытамын. Жүкті екенімді білгенде, әуелі анам жайында ойладым. Оған қалай айтамын, бұған жүрегі шыдамауы мүмкін ғой. Біздің салт-дәстүріміз бойынша түсік жасату өз-өзіңді өлтірумен тек, сондықтан ештеңеге қарамастан, сәбиді дүниеге әкелемін деп шештім", – дейді Моника.


"Көмек" орталығы перзентхананың ақысын төлеп, сәбиді киім-кешекпен қамтамасыз еткен. Қазір мамандар әйелге құжат жасатуға көмектесіп жүр. Блессингтің тағы бір есімі бар – Маша. Ал орталық тұрғындары қазақша Қарақат деген ат қойыпты.


Моника бар уақытын бала күтіміне жұмсайды. Орталық тұрғындары оған орыс және қазақ тілін үйретіп, қамқор болуға тырысады. Әйел адам африкалық-қазақ қызының тағдырына зор үмітпен қарайды. Баланың әкесі білсе, көмек қолын созады деп сенеді.


"Қазақстандықтардан заңды бұзып, еш рұқсатсыз елде қалғаным үшін кешірім сұрағым келеді. Білместігімнің кесірінен, ақшам болмағандықтан осындай жағдайға ұшырадым. Мен ұры немесе қылмыскер емеспін, жоғары білімім бар. Қазақстанда қалып, қызымды ешкімнен кем қылмай өсіргім келеді. Қазір өз еліме қайта алмаймын. Үйімнен кеткенде, жұмыс істеп, отбасыма көмектесуге уәде бергенмін. Үйіме оралсам, күн көре алмаймыз", – дейді Моника.


Қазір Моника баласымен Қазақстаннан кетіп, Мәскеудегі Конго елшілігінде тіркелгені туралы сертификат алуы тиіс. Содан кейін Қазақстанға келіп, Қазақстан азаматы – қызының туу туралы куәлігін ресімдей алады.


 




Көрілген: 325    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 24.10.2018, 14:49

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    18 Қараша, 11:42
    Ерекше құдалық (ВИДЕО)

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30