Еркектердің ұрығы сұйылып кетіпті

Еркектердің ұрығы сұйылып кетіпті

Бүгінде ерлеріміз қоғам назарынан мүлдем тыс қалғандай әсер қалдыратыны бар. Бар жақсылықты балаларға, сосын нәзікжандыларға жасап жатқанымыз рас. Дегенмен де еліміздің өндіруші күшін де ұмыт қалдырмағанымыз абзал болар еді. Барлық мәселеге керенау қарайтын бөріктілерімізге мемлекет тарапынан көбірек көңіл бөліп, ерлер денсаулығы туралы заң қабылдасақ та артықтық болмас. Өйткені ер-азаматтарымыздың халі адам аярлықтай болмаса да, денсаулығының тым мүшкіл екенін жасыра алмаймыз енді. Расы осы...
Бір-екі жыл бұрын Шымкентте «Ерлер денсаулығы орталығы» ашылғанда еліміздегі тұңғыш қарлығаш деп бөркімізді аспанға ата қуандық. Расында, бізде ерлер проблемасы жетіп-артылады екен. Еркектер облыс түгіл, еліміздің түкпір-түкпірінен әлгі орталыққа лап қойды. Бір ғана андрологтың алдын босатпайтын болды. Тіпті екі-үш апталап кезекке тұрып, дәрігердің алдына әзер кіргендері көп. Осыған қарап ерлер денсаулығына әлі де жіті назар аудару қажеттігі туындары сөзсіз. Бұрындары тек еркектерді ғана қарайтын андролог маман оңтүстік облыста біреу ғана деп дабыл қағатынбыз. Сөйтсек басқа облыстарда соның бір түйірі де жоқ екен ғой. Андрологты болу бақыты бұйырмай тұрған өңірлер көп екен сөйтсек. Қаны жерге тамбай тұрған қат маманды дайындау бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып отыр. Әзірге еркектердің негізгі ауруын емдеумен урологтар айналысуда. Оған да алқам шүкір деуге болады. Өткен жылы Алматыдағы урология орталығының мамандары елдегі 25 мыңнан астам ер-азаматты тексеруден өткізген болатын. Жағдай жаға ұстатарлықтай болып шықты. Нәтижесінде еркектердің 30 пайызының белінен бедел кеткені белгілі болды. Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасында жүргізілген тексерісте Алматыдан арнайы бес профессор келген болатын. Еркектердің барлығына да тереңдетілген тексеру жүргізіліп, кардиолог, уролог, андролог, эндокринолог, сексопатологтар тегін кеңеспен жарылқады. Тексеру нәтижелерінен кейін дәрігерлер оңтүстіктің еркектерінің жұқпалы ауруларға бейім екенін, атеросклероз, белсіздік дертінен көп зардап шегетініне көз жеткізді. Бәрінен бұрын семіздік дертіне тұсалғандардың көп екендігі алаңдаушылық туғызып отыр. 20 жастан 30-ға дейінгілердің тек 5 пайызы ғана денсаулығында кінәраты жоқ деп танылды... Бұдан кейін өзге аймақтарда да арнайы тексеріс жүргізілді. Бұл тексерісте еліміздегі бүкіл еркек біткен түгел қамтылды дей алмаспыз. Әсіресе шалғай ауылдардағы азаматтарымыз тыс қалды. Бірақ осы 25 мың еркектің денсаулығындағы кінәратқа қарап-ақ жағдайлары мәз еместігі белгілі болып қалды. Бұрындары еркектердің денсаулығын тексеру мүлде қолға алынбаған, осы уақытқа дейін назардан тыс қалып келген-тін. Сондықтан да болар әлі күнге дейін арнайы жүйе жасалмаған. Ал дамыған елдерде еркектердің денсаулығын жіті бақылауда ұстайтын арнайы бағдарлама бар. Тіпті мына тұрған Ресейде «Ерлер денсаулығы» атты арнайы бағдарлама енгізілген. Онда еркектерге тән аурулардың алдын алу үшін, олардың денсаулығын жақсарту үшін арнайы жоспар жасалынып, жүйе бойынша жұмыс атқарылады. Ол үшін, әрине, қазына қазанынан қомақты қаражат бөлінеді. Адам басын көбейту үшін жасалынып жатқан шаралардың алғашқы тармағында ең алдымен осы мәселені қолға алып отыр олар. Сондықтан да нәтиже болары сөзсіз, әрине. Ал біз қашпаған сиырдың уызынан дәметуліміз... Дамыған елдерде 35 жасқа келген әрбір ер адам міндетті түрде толықтай медициналық тексерілуден өткізіліп тұрады. Ал бізде өз саулығына баса назар аударып, ең болмаса жылына бір рет тексеруден өтіп тұратын еркек бар ма, әй қайдам, таппайсыз-ау. Мамандардың мәлімдеуінше, еліміздегі отбасылардың 35 пайызы бала сүю бақытынынан мақрұм қалған. Бұл дегеніңіз - осыншама үйде «Бесік жыры» айтылмайды деген сөз. Еліміздегі №1 демограф һәм санақшы көкеміз Мақаш Тәтімовтің мақамына сайсақ, «осыншама жағылмаған шырақ, туылмаған бала»...
«Ұрық аз, донор керек, донор....»
Серілікпен сайрандап жүрген ерлердің 70 пайызы түрлі жыныстық жұқпалы аурулардан зардап шегеді. Оның соңы белсіздікке әкеп соқтырары сөзсіз. Адам ағзасындағы білдірмей ауыратын аурулардың салдарынан дәрігерге қаралмай жүре беретіндер көп. Соның салдарынан қолдарын мезгілінен кеш сермейтіндер көп. Жыныс мүшесіне жара шығып, іріңдегенде ғана амалдың жоқтығынан дәрігерге көрінеді. Тіпті емделмей жүре беретіндері де басым. Ер адамдардың көбісі қуық безін суықтатудың салдарынан ұрығын нашарлатып алады. Ал ұрығы нашарлады деген сөз - ол бала болмайды деген сөз. Бүгінде андрологтардың айтуынша, ерлердің ұрық белсенділігі 100 пайыз болуы керек болса, көпшілігінікі 50 пайыздан да төмендеп кеткен. Тіпті 7 пайызбен де жүргендер бар. Мұндайда тек ЭКҰ-ға жүгіну керек дейді мамандар. Басқа жол жоқ. Осыдан аз ғана уақыт бұрын дерекшілер еліміздегі еркектердің ұрығы еуропалықтарға қарағанда аз деп аттан салып еді. Сөйтсек салыстырып көретіндей емес, біздің елімізде осы уақытқа дейін бірде-бір рет мұндай зерттеу жұмыстары жүргізілмепті. Зерттеудің неше атасын жүргізетін АҚШ-та, мәселен, 40-50 жастан асқан еркектердің айына бір-екі рет жыныстық қатынасқа баруы қалыпты жағдай деп саналады екен. Ал біздің елімізде көпшіліктің көрпесін көтеріп көріп жатқан ешкім жоқ. Біз үшін бұл - «бетті басып, қатты сасып қашып кететіндей» ұят-ай тақырып. Ия еркектердің денсаулығына қатысты зерттелуі тиіс мәселе көп бізде әлі. Еркектердің белсіздігі мәселесі бүгінде тар ауқымнан шығып, ғаламдық масштабтағы мәселеге айналып отыр. ДСҰ мәлімдегеніндей 1990 жылдары 1 миллилитр ұрықта 60 миллион сперматозоид болатын болса, ол үлкен көрсеткіш саналатын. Ал бүгінде ерлер денсаулығының нашарлауынан 1 миллилитрде 20 миллион сперматозоид болатын болса соған қуанатын дәрежеге жетіп қалыппыз. Егер дүниежүзіндегі барлық еркектің ұрықтары сапалы әрі сау болса, бірден әр секунд сайын әйелдер бала көтеретін көрінеді. Сол себептен де еркектердің белінің беделі №1 мәселеге айналатын түрі бар. Уролог мамандар  елімізде белсіздік белең алып барады деп дабыл қағуда. Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының директоры Мырзакәрім Алшынбаевтың айтуынша, простатит 40 пайызға, аденома 28-30 пайызға артып кеткен. Сондай-ақ еннің бұралуы сынды сирек кезігетін ауру түрі де бой көтере бастаған. Медиктердің санағы бойынша, жасы 25-тен төмен 4000 бозбала мен жігіттердің біреуі осы дертпен ауыратындығы белгілі болып отыр. Баса назар аударатын бір жайт бұрын белім деп безек қағатындардың жасы 50-ден асқандар болса, бүгінде тепсе темір үзетін 22-25 жастағы жігіттер «көк көрпені бүлкілдетуге» дәрменсіз. Оның себебі көп, жүрек қан тамырлары, қан қысымы, сусамыр дертіне тұсалғандар басым. Оның бәрі де белсіздікке төтелей тартатын «тротурардың» бірі. Бүгінде тек еркектерде ғана кездесетін ауру түрлері де асқына түсіпті. Гипогонадизм, яғни аталық бездің дамымай қалуы, монархизм – бір аталық бездің болмауы, анархизм барлық аталық бездің болмауы сынды аурулар бас көтере бастаған. Ал простотитпен қазір екі еркектің бірі ауырады десек қателеспеспіз. Аталық без ауруларының салдарынан мүлде бала болдыра алмайтын еркектерден, әрине, үміт жоқ. Ондайда тек донорлық ұрыққа ғана иек артуға болады. Шетелдерде бұл жүйе мықтап жолға қойылған. Ұрық доноры болған адам қомақты қаражатқа қол жеткізеді. Ал біздің елде бұл сала кенжелеп қалған. Оның басты себебі еркектердің денсаулығының нашарлығында болса, екіншіден, донор болуға құмбыл болғандардың басым бөлігі алғашқы медициналық тексеру сындарынан сүрініп жатады. Яғни түрлі аурулары бар болмаса ұрығы жарамсыз болып шығады. Бәрінен өткенімен ең соңында құжат жинау жағына келгенде бәрін тастап безіп кеткісі келетіндер көп. Өйткені белгілі ғой бір парақ қағаз үшін қаншама уақытты құрбандыққа шалуға тура келетіні. Донор мәселесі де майшаммен қаралуы тиіс мәселелердің басқы тізімінде тұр. Бұрындары да, бүгінде де малды қолдан ұрықтандыру дегенді жиі еститінбіз. Енді келіп бұл мәселе адамдардың да басына түседі деп кім ойлаған?
«Еркектерге емделуді міндеттеу керек»
Міндеттеме мәселесіне ойыссақ. Еркектерді төбесінен төпелесең де өз еркімен дәрігердің толық тексеруінен өтпесі анық. Әйелдерді жұмысқа қабылдарда гинекологиялық тексерулерден өткізілетіні белгілі. Неге еркектерді де андрологтың толық тексеруінен өткізбеске, қолында андрологтың мөрі басылмаса, жұмысқа қабылдамайтындай етсе, сонда ғана еркектердің есі кіріп, өз денсаулығына жіті назар аударар деген дәме ғой біздікі. Ал біздің еркектер қай кезде қаралады, әскери комиссариаттан өту керек болғанда ғана. Онда да амалдың жоқтығынан. Сосын «қош бол, дәрігер» дейді. Тіпті тек еркектерді қандай дәрігер қарайтынын да білмейтіндер басым. Сондай-ақ мұсылманға міндет сүндет мәселесіне де немқұрайлы қарайтындар көп. Тәжірибесіз біреуге сүндеттетіп артынан опық жеп жататындар да жоқ емес...
Мырзахмет Жанәділов, ОҚО денсаулық сақтау басқармасының бас андрологы, «Ерлер денсаулығы орталығының» меңгерушісі:
– Елімізде әлі де зерттелуі тиіс андрологиялық мәселелер көп. Еркектердің тек 10 пайызы ғана дәрігерге қаралады. Көбісі ауруын асқындырып барып келеді. Ол кезде көмектесу тым кеш болады. Сондықтан да ертерек қаралса дер едім... Белсіздікті ақысыз емдеу, квота жүйесі жоқ елімізде. Оны ұсыныс етіп үкіметке жолдап жатырмыз. Қолдау табады деген үмітіміз бар. Андролог мамандарды дайындау мәселесін де ертерек қолға алу қажет. Бүгінде ерлер денсаулығы маңызды мәселеге айналып отырған шақта маман дайындау мәселесін кейінге қалдыруға болмайды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста