Мәселе

Есеппен құрылған некеден есті бала тумайды

  • © jasqazaq.kz

    © jasqazaq.kz

Статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер жалпы халықтың 30 пайызын құрайды екен. Яғни 5 миллион 300 мың шамасында. Демек, осыншама баланың бүгіні мен ертеңіне алаңдауымыздың жөні бар. Олар – елдің болашағы. Алайда көңілде күдік те жетерлік. Өйткені елдің бірқатар өңірінде балалар арасында бұзақылық көбейді. Қазір әлеуметтік желілердегі жаға жыртысып, соңы адам өліміне апарып соқтырған бейнекөріністен адам шошиды. Осындай тәрбиеге жат оқиғалардың өршуіне не себеп? Осыған орай Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованы сөзге тарттық.


- Ирина Владимировна, санаулы уақытта еліміздің бірнеше өңірінде құрбы-құрдастарын аяусыз соққыға жыққан мектеп оқушылары арасындағы төбелес көбейіп кетті. Бұл қайдан келген бейбастық?


- Бұл жантүршігерлік оқиғалар бүкіл қоғамды елең еткізді. Балалардың бір-бірін аяусыз соққыға жығуы, олардың қан-жоса болып жатқан қатарластарына жаны ашымай, төбелеске қаймықпай қарап тұруы – қауіпті жағдай. Тәрбиеге баса мән беретін уақыт келді. Бұдан кейін бей-жай отыруға болмайды. Шынын айту керек, баланы тәрбиелеу үрдісі әлі де тыңғылықты қолға алынып жатқан жоқ. Олардың көбісі қалай болса, солай өз беттерінше өсіп жатыр. Фильм мен ғаламтордағы түрлі ойынмен санасы уланып, виртуалдан алған «тәлімін» өмірде тәжірибе жасап жүр.


- Жалпы, осындай жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршуіне не себеп болып отыр?


Оған қоғамдағы қарым-қатынас әсер етіп жатыр деп ойлаймын. Егер қоғамда немесе отбасында ашу-ыза, жауыздық орын алса, бала психологиясына да ол ықпал етеді. Сондықтан, ең алдымен, қоғамда болып жатқан оқиғаға назар аудару керек. Екіншіден, болған оқиғаны жасырмай, ашық ақпарат тарату қажет. Мәселен, Түркістан облысында болған оқиға туралы айтайық. Онда бір балаға бірнеше жасөспірімнің зорлық көрсеткені туралы мектеп ұжымы хабардар болса да, олар бұны жасырып ұстаған. Заң орындарына хабар бермеген. Негізінде, мектептегі зорлық-зомбылық орын алса, ол туралы ақпарат жариялануы қажет. Ішкі істер орындары, мектеп әкімшілігі, әкімдік бәрі білуі тиіс. Сонда қылмыспен күресуге мүмкіндік болады. Әйтпесе, мұндай жауыздық әрі қарай жалғасып, тамырын кеңге жайып кетеді.


- Балалардың қатыгез болуының түп-тамыры неде деп ойлайсыз? Бұған кім кінәлі? Орта әсер ете ме, әлде мектеп немесе үйдегі жағдай ма?


- Тәрбие алдымен отбасынан, үйден басталатыны белгілі. Одан кейін білім ордаларында жалғасын табады. Жалпы, қазіргі таңда отбасындағы тәрбие аса мәз болмай тұр.Себебі ажырасу көбейіп кетті. Тек жас отбасылар ғана емес, ұзақ уақыт бірге тұрған, тіпті 50 жас шамасындағы адамдардың да шаңырағы шайқалып жатады. Соның салдарынан отбасылық құндылық жойылып барады. Осындай жағдайды болдырмау үшін, бұл тақырыпты тереңірек зерттей отырып, отбасын құру, оны сақтап қалу туралы жас отбасыларды және шаңырақ көтергелі жүрген жастармен алдын ала жұмыс жүргізу қажет. Тек неке туралы куәлікті алған соң ғана емес, оған өтініш жазардың алдында 1-2 ай бұрын олардың саналарында отбасы құндылығы жайлы, бір-бірінің алдында қандай міндетті бар екенін түсіндіріп, отбасын құруға о баста қалыптастыру керек. Бірақ қазіргі уақытта осындай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Өкініштісі осы…

Сонымен қатар қазір есеппен шаңырақ көтеретіндер көп. Мысалы, қыздар да ауқатты жігіттерге тұрмысқа шығып, үлде мен бүлдеге оранғысы келеді. Кейін онысынан опық жеп, өкініп жатады. Бұл да баланың санасына кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ екі бақуатты отбасы қандай да бір бизнес жоспарды жүзеге асыру үшін де балаларын қосып, құдандалы болады. Артынша жоспары ойдағыдай болмай, ата-аналар өзара келіспей қалса, балаларын зат сияқты екіге бөліп алады. Олардың көбі ортадағы баланы ойламайды. Бұрын олай болмап еді. Сондықтан отбасын құрмас бұрын жастарға өмірде кездесетін қиындықтарды жеңуге бағыттап, қандай жағдай болсын өмірдің ащы-тұщысын бірге көріп, ұлағатты ұрпақ өрбітіп отырған отбасыларды үлгі ету қажет. Сондай шаңырақта ғана саналы ұрпақ тәрбиеленеді.

Балаларын өмір тәжірибесін алуға мұрсат бермей, олар үшін өздері шешім қабылдап, өмір бойы қастарында жүретіндей жасық қылып өсіретін отбасылар да бар. Сондай балалар кейін қиындыққа тап болғанда шешім қабылдай алмай, зәбір көретін нысанаға айналуы мүмкін. Сондықтан ата-аналар баланы жастайынан үлкен өмірге дайындау керек.


- Тәрбие тал бесіктен дейсіз ғой?


- Кейбір ата-ана баласын балабақшадан бастап өзіне тиіскен адамды жұдырықтауға баулиды. Ол дұрыс емес. Осыдан соң баланың психологиясында жауыздық қалыптасады. Ал мектеп тәрбиесі туралы айтар болсақ, қазір білім беру жүйесі жаңарып, білім беру мазмұны өзгеріп жатыр ғой. Соның салдарынан соңғы уақытта мектептердегі тәрбие құндылығы келмеске кетті. Бұрын оқушыға берілетін әрбір тапсырма, әрбір жаттығу, мәтін мазмұны, тарихтан алынатын мысал – барлығы тәрбиелік бағытта болатын. Қазір ондай жоқ. Өкінішке қарай, біз осыны жоғалтып алдық. Олай дейтінім, қазір мектеп рейтингісі тек оқу көрсеткіші бойынша ғана анықталады. Егер ҰБТ-дан жақсы ұпай жинаса, сол мектеп үздік болып саналады. Тек қылмыс болмаса болды. Бірақ тәрбиеге аса көңіл бөлінбейді. Мұғалімдері оқушыларды ҰБТ-ға жіті дайындап, соның өту процесіне қатысуға мәжбүрлейді. Бұрын оқушылар қоғамдық жұмысқа көп қатыстырылатын. Содан олар өмірлік тәжірибе жинайтын. Ереже, тәртіп бойынша өмір сүруге бейімделетін. Бірақ мұның бәрінің қазір мектептен кейінгі тегін білім алуға еш пайдасы болмай қалды. Бала спортшы ма, өнерлі ме? Бұл жағы оқуға түсерде ешкімді қызықтырмайды.

Ұлттық экономика министрлігі қаржыны үнемдеу мақсатында қосымша білім беру орталықтарын оңтайландыру жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл – үлкен қателік. Ондайды азайтқанның орнына қайта көбейту қажет. Өйткені балалар саны да артып келеді. Жалпы, қосымша білім беру орталықтарына баратын бала мектепте озат болмаса да, басқа ортаға түсіп, жаңа қырынан танылып, өзіне деген сенімі күшеюі мүмкін. Сондықтан қосымша білім беру орталықтары оқушылар үшін өте маңызды. Ал олардың азаюы – бүкіл ел үшін үлкен шығын. Қаржылық жағынан емес, әрине, құндылық жағынан.

Ал зорлық-зомбылық туралы мәселе бұрын көтерілген болатын. Мысалы, Бас прокуратурада Жақып Асановтың басшылығы кезінде қылмыстың алдын алу туралы ауқымды шара өткізілген. Бұл жоба бойынша балалармен, қиын жағдайға тап болған отбасылармен жүйелі жұмыс жүргізілген еді. Содан соң, олардың мәселесі білім және ғылым, әлеуметтік және еңбекпен қамту министрліктерінің құзырына берілетін. Алайда бұл жоба тоқтап қалды. Қайтадан қолға алынуы керек деп ойлаймын. Өйткені, бұл мәселе қазір бақылаусыз қалды.


- Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс көрсеткішінде соңғы 10 жыл ішінде қаншалықты өзгеріс бар?


- Негізінен, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны азайған болатын. Мен бірнеше рет жасөспірімдердің жазасын өтейтін орында болдым. Мысалы, Алматыдағы колонияда бұрын 100-ден аса адам болса, биыл оның саны 40 шамасында ғана. Сол сияқты Алматыдағы арнаулы мектептегі балалардың саны да едәуір азайған. Бірақ қылмыс қайтадан күрт өршіп кетті. Бір уақытта бірнеше қалада жантүршігерлік оқиғаның орын алып жатқаны, бүкіл елдің түкпір-түкпірінде мәселенің бар екенін көрсетіп отыр. Онымен жүйелі түрде жұмыс жүргізу керек.


- Енді бұл мәселелерді шешу үшін қандай шара қолданылмақ?


- Жағдайды өзгерту үшін балалардың түрмеге немесе арнаулы мектепке жіберу жасын төмендетудің қажеті жоқ. Оларды қорқытпау керек. Балалармен позитивті түрде байланыс орнатып, бұзақылықтың түп-төркініне үңіліп, ондағы жәбірленуші мен қылмыскер ретінде әлімжеттік жасаған, күш көрсеткен күдіктілердің әрқайсысымен тыңғылықты жұмыс жүргізіп, себебін анықтау қажет. Ішкі істер министрлігі мен білім және ғылым министрлігінің бірлесіп жұмыс жүргізіп жатқанын қолдаймын. Бірақ бұған тек ішкі істер министрлігі мен білім және ғылым министрлігінің ғана күші жеткіліксіз деп ойлаймын. Үкімет қоғам белсенділерінен, оның ішінде педагогтар мен кәсіби психологтардан, аналитик-сарапшылардан тұратын топ құрып, бала тәрбиесі жөнінде стратегиялық жоспар жасап, сол бойынша жұмыс жүргізу қажет. Өйткені бұрынғы тәсіл қазір жарамсыз.


- Жасөспірімдер арасындағы қылмысты тию мақсатында заңға өзгеріс енгізілуі мүмкін бе? Бұл мәселеден қалай арылуға болады?


- Егер заңға өзгеріс енгізу қажет болса, алдымен, балабақшадан университетке дейінгі білім ордаларындағы барлық мамандардың болған жағдайды жасырғаны үшін жауапқа тартуды қолға алу қажет. Барлығы ашық болуы керек. Сонда ғана жағдайды өзгерте аламыз деп ойлаймын.


- Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан Нұрдәулет ТАЛҒАТҰЛЫ,

 
jasqazaq.kz




Көрілген: 293    Пікірлер: 0

сенбі, 02.02.2019, 17:26

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    9 Ақпан, 21:05
    Лашықтағы өмір

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    ақпан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28