Жаралы жауынгердің жүректі елжіретер сағыныш хаттары

Жаралы жауынгердің жүректі елжіретер сағыныш хаттары

 Қызылорда облысы Қазалы ауданында тұратын тыл ардагері Мәуегүл Қаратаева майдан даласында шейіт болған жауынгер Тәжімұрат Ақназаровтың хаттарын 74 жыл бойы сақтаған. Baq.kz порталының Қызылорда облысындағы тілшісі қариямен әңгімелесіп, сағыныш хаттардың мазмұнымен танысып қайтты.

Қария жауынгердің хаттарын оның бас киіміне салып, мұқият сақтаған екен.

«Шырағым, жасым 86-да. Балалық, жастық шағымыз аласапыран заманға, соғысқа тап келді ғой. Еңбекке ерте араластық, бала болып ойнамадық. 15 жасымда тұрмыс құрдым. Қырмызы деген қайынапам болған. Мен оның інісі Қошқардың келіншегімін. Күйеуіме де, маған да Қырмызы апамыз қамқор болды, қатарға қосты. Қайынапамның жалғыз баласы Тәжімұрат соғысқа кетіп, оралмады. Майданнан туған жерін, туыстарын сағынып, хат жазатын еді. Қырмызы апамыз 1963 жылы дүние салардың алдында маған осы хаттарды аманаттаған. Осы апамыздың арқасында ел болдық қой, «Аштықта жеген құйқаны тоқтықта ұмытпа» деген, шырағым. Маған бұл аманатқа қиянат жасауға болмайды», – деді қария.

Мәуегүл Қаратаеваның айтуынша, Ақназаров Тәжімұрат 1922 жылы Қазалы ауданының бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жалаңтөс батыр ауылында дүниеге келген. Соғыстың алдында Қазалы ауыл шаруашылық техникумында оқыған Тәжімұрат латын, 1940 жылы қолданысқа енген кириллица қарпін де өте сауатты, ұқыпты, көркем жаза білген. Оны хаттарынан аңғаруға болады.

1942 жылдың қаңтарында соғысқа алынып, Ақтөбе қаласында әскери дайындықта болып, миномётчик мамандығын меңгереді. Сәуір айында Москвадан 300 шақырымдағы Тула қаласындағы шайқаста аяғынан ауыр жараланып, Молотов қаласындағы госпитальда тоғыз ай азапты күндерді өткізеді. Жаралы жауынгердің анасы Қырмызыға өлеңмен және қара сөзбен жазған сағынышқа толы хаттарын қаз-қалпында ұсынғанды жөн көрдік.

Соғысқа аттану

Біз міндік отарбаға сағат үште,

Отарба заулап барат темір жолда.

Шалықтап үш жүз бала ортасында,

Ойын күлкі сауықтар бәрі бізде.

Артымда қалған жан жоқ өз әжемнен,

Жалғыз шешем Қырмызы қайда жүрсің?

Жақыным, туысқаным Әбдінағи,

Келеді олда артымнан осы бүгін.

Сонан соңғы туысқаным көкем еді,

Сқақ пен Жұмагүлім түсіме енді.

Қасымым Әбілхан мен Базаркүлім,

Шықпайды төртеуі еніп пішімдері.

Онан соң туысқаным Алдекең,

Ініңіз жол үстінде ойнап күлед.

Қонысбай, Шакимарал, Қыстаубайым,

Туысқаның осындай халде келед.

Күнзипа ең кішісі Алдекеңнің,

Дені сау ма Алдеке, Күнзипаның?

Денсаушылық арқасында ойнап-күліп,

Қош айтып кетіп барат Тәжімұратың.

Жас емес жалғыз шешем ең болмаса,

Біреудің отын жағып тезек терсе.

Тамағын өз басының асырар ед,

Амал жоқ келмейт қолдан бір Аллаға.

Жеріне Қарлаңның барма апа,

Станса жанындағы Қызыл туға.

Шаруашылық жайын істеп отырарсыз,

Көз көрген туысқанның ортасында.

Бір күні постыда боп қайтқан кезім,

Апаеке, бір түс көрдім бір түс көрдім.

Түнгі сағат бір кезінде жатқанымда

Көз алдыма «айналдым» деп елестедің.

Бұл хатты оқып болып жорып жібер,

Бір балаға хат жаздырып беріп жібер.

Балаңыз Тәжімұрат атын елестетіп,

Суретін жалғызыңның көріп жібер.

Зияда, жалғыз сәлем Жібек жанға,

Нұржандай замандасым тең құрбыға.

Алыстан сағынышпен өлең жазған,

Тәжімұрат ойнап жүріп стройда.

Енді ел қорғаған жауынгердің оқ пен оттың ортасынан жолдаған хаттарының бірнешеуін оқып көрелік.

Амандық хабар

Апа, Көке, Мойшақ, Алек, Батпа, Қарашай, Әбдінағи, Ұлжан және басқа көз көрген ағайын туған-туысқандарға көп сәлем. Бортай, Зейнегүлге бөлек бір сәлем. Ағайға, Жұмагүл, Сқақ, Қыстаубай, Әділхан, Шәки, Базаркүл, Күнзипа жандарымның дендері сау, түгел жүр ме? Бұларға да бөлек сәлем. Апа мен Ақтөбе қаласында 10 күн ойнап герман соғысына кеттім ғой. Менімен келген қазалылықтардың бәрі 3-4 ай ойнап, басқа жерге кетті. Осы тұрғанда қасымдағы қазақтар 3-еу олардың біреуі Ақтөбеден екіншісі, Қарағандыдан, мен Қазалыдан, 72-сі орыс.

Тамақ пен киімді аз қамтамасыз етіп берді. Күніне 10 сағат ойнаймыз қар қалың, күн суық. Апа саған қиын болды. Тірі болсақ ауылға барармыз. Өліп қалсақ Алланың бұйрығын орындауға барамыз. Қолдан келетін еш нәрсе жоқ. Мен үшін жылама. Құдай білет те. Көке мен өліп қалатындай болсам апама қарас. Міне осыны жалынды жүрегіммен арнап тапсырамын. Не оңды киіп, көп тамақ ішер дейсің. Өлсе жақсылап көм.

Міне, менің айтатын тілегім. Денім сау жүр. Жібек осы хатты жақсылап алдарына оқып бер. Апам жыламасын, көзі көрмей, әлі құрып кетер. Қатар балалармен бір кетпегенге ыза боламын. Ең болмаса бір сурет түсіп беріп те жібермедім. Ең болмаса бір мүшемді осы соғысқа беріп, сендерді көруге армандаймын. Қайыр қош сау бол. Хат Чкаловск қаласында жазылды.

20.05.1942 ж.

Амандық хабар

Сіз сол жақта аман болсаңыз, бұл жақта менде аман сау жатырмын. Менің оң аяғымның башпайлық үстінен тиіп, оқ өкшеге келіп тоқтаған екен. Соған 16.06. күні операция жасап, оқты алды. Ал сол аяғым ай бойы пәтеңке шешпегендіктен ісіп кетіп жансыз болып қалып еді.

Аяғым үш жерден тесіліп ісік қайтты. Енді тақымдағы екі жуан және жіліншіктегі жуан тамыр сосын қырқай башпай қатты ауырады. Доктор жүр дейді. Аяғымды жүрейін деп жерге бассам, екі көзімнен жас шығып жүре алмаймын.

Дегенмен оны жеңіп далаға қалтырап анда-санда шығатын болдым. Аяқтарым басу түгіл жатқанда ауырып жатады. Әлі жазылған жоқ, қыркүйекке дейін жазылады. Қожахмет пен Әбдінағи кетсе қиын болған екен. Бірақ олар қандай жерінен жаралы болғанын айтпайды соны айтулары керек.

Сосын апа сіз не нәрсе тамақ етіп отырсыз. Қауын салдың ба. Алдекеңнің үй іші сау ма? Менің көрген түсімді оқыған екенсің, сіздің түсіңіз жаман емес екен. Бірақ сол айнамен бетіңді көрмеген екенсің, нечебо қалтаңа салсаң жаман емес жақсы екен. Мен жәрдем туралы аудандық райкомға хат жаздым, ізіне түссең мүмкін аларсың.

Қайыр қош сау бол, жолыққанша деп, хат жазушы балаң Тәжімұрат.

Апа сені сағындым қалаға барып, ақшаны қымбатсынбай суретке түсіп салып жібер.

16.08.1942 ж.

Амандық хабар

Апа, мен аман сау Сталинград түбінде жұмыс істеп жатырмын. Аяғым ісіп кетті, тіпті тамақ батпайды.

Тек өкінемін қолыма қару алып, қайтадан жаумен шайқаса алмағаныма.

Қазір өзіміздің қазақ жігіттері арасында агитатор болып, газеттегі орысшаны қазақшаға аударып, оқып беремін. Қайдам менің аяғымның ауруы қозып барады. Шалдар айтатын ұшынан тиген деп, сол оқ маған ұшынан тиген шығар.

Апа жазған өлеңімді, хаттарымды сақта, егер аман-сау барсам газетке шығарамын.

Апа, қайыр қош сау бол.

31.05.1943 ж

Иә, Ақназаров Тәжімұрат майдан даласынан ауылға қайтып келе алмады. 1943 жылдың 10 маусымында аяғының ауруы жүрегіне теуіп, қайтыс болды. Соғыс сөйтіп 21 жастағы өрімдей жанды опат етті.

Мәуегүл апаның қызы Бақыткүл Қаратаеваның айтуынша, соңғы кездері анасы сарғайған хаттарға қатты алаңдап жүр.

«Тәжімұраттың соңында ұрпақтары қалмаса да «Соғысқа аттану» деген патриоттық рухта жазылған өлеңі мен бір бума амандық хаттары қалды. Соларды анам көзінің қарашығындай сақтады. Өмір озып бара жатыр, дәм-тұзым таусылса, хаттар аяқасты болып қала ма деп қорқады. Енді хаттар музейде сақталса, тарих бетінде қалса деген арманы бар. Осылайша, парызынан құтылғысы келеді», – дейді Бақыткүл Қаратаева.

Қарияның тілегінің орындалуына себепкер болсақ деген ниетпен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Эльзира Сағитжановаға хабарластық. Ол құнды экспонаттарды музейге қуана-қуана қабылдайтынын жеткізді.

«Бұл біз үшін үлкен жаңалық. 18 мамыр халықаралық музей күні қарсаңында жауынгердің хаттарын қабылдап алайық. Сондай-ақ сол хаттар бойынша сараптама жасайтын боламыз», – деді Эльзира Сағитжанова.


ФОТО: автордікі

Ибраш ӘЛИ

 

Baq.kz

 

 

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста