Мәселе

Жұқпалы дертті дер кезінде ауыздықтау – мемлекет қауіпсіздігі

  • Жұқпалы дертті дер кезінде ауыздықтау – мемлекет қауіпсіздігі

    Жұқпалы дертті дер кезінде ауыздықтау – мемлекет қауіпсіздігі

Биылғы көктемде ауа райының қолайсыздығы менингококк инфекциясының таралуына қолайлы болып, әсіресе Алматы қаласы тұрғындарын біршама алаңдатты. Алайда тиісті орындар тарапынан мәселе дер кезінде қолға алынып, қауіп сейілді. Рас, «Айғайға аттан қосып», әлеуметтік желілерде жағдайды ушықтырып, халықтың алаңдаушылығын одан әрі қоздырған жағдайлар да тіркелді. Жағдайды бақылап, салыстырмалы түрде ахуалдың алаңдатарлық деңгейде емес екенін бағамдап отырған ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек БЕКШИН мырза өткен аптада «Үдемелі кезеңнен өттік және бүгінгі таңда Алматыда вирус жұқтырудың жаңа жағдайлары тіркелмегені қуантады. Менингитке шалдыққан 14 адам жазылып шықты, бұл объектив сандар науқастанудың сейіліп келе жатқандығын көрсетеді» деп мәлімдеді. Қазір жағдай тұрақтанғаны байқалады.

Әлеуметтік желідегі даурықпа ақпараттардың көбеюі көп жағдайларда шынайы ақпараттар мен жасалынып жатқан алдын алу жұмыстарын тасада қалдыратынын аңғартты. Сондықтан әлі де болса халыққа ресми ақпараттарға ғана құлақ түру қажет екеніне қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілуі керек секілді.

Атап айта кетер жайт, мамыр айында Минингокок инфекциясына қатысты ақпарат тарай бастасымен қоғамдық Денсаулықты сақтау комитеті мен оның аймақтық департаменттерінің мамандары мәселені дер кезінде қолға алып, барынша ресми түсініктеме бере бастағанын аңғаруға болады. Атап айтсақ, 21 мамыр күні Алматыда басталған ахуалға байланысты қалалық қоғамдық Денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова брифинг ұйымдастырған. Ал кейіннен еліміздің Бас санитар дәрігері минингокок инфекциясына қатысты өңірде қалыптасып отырған ахуалды жасырмай, бірнеше мәрте арнайы брифингтерді өткізгені баршамызға мәлім. Алайда халықты ақпараттандыру жұмыстары барынша дер кезінде қолға алынғанымен әлеуметтік желілерде көпшілік мәселенің байыбына бармай, «қашан карантин жарияланады» немесе «карантин жариялануы үшін қанша адам о дүниелік болуы керек» деген секілді дүрлікпе сауалдармен елдің құтын қашырып жатты. Ал Қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті өз тарапынан өткен жылдарға талдау жасап, алдын алу шараларына кірісіп кеткен еді. Ел ішінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, республикалық телеарналарға қауіпті дерттің алдын алу шаралары туралы сұқбаттар беріле бастады. Қауіпті дертті қалай анықтау қажеттілігі мен негізгі белгілері, алдын алу шаралары туралы Комитет тарапынан ескертпе кеңестер дайындалып, интернет ресурстарында ресми түрде таратыла бастады. Халық тарапынан туындаған әрбір сауалға жауап беріліп отырды. Яғни қалыптасқан ахуалға орай ресми органдар тарапынан ақпарат тапшылығы сезілмеген.

Әйтсе де мәселенің байыбына бармай, әлеуметтік желілерде жалған ақпарлармен қаруланған көпшілік, беріліп жатқан ресми ақпараттарды көзге ілмей, жалған ақпараттардың расталуын сұрап ел ішін әбігерге салды. Жұқпалы дерттің таралуы онсыз да ел арасында үрей туғызады. Ал оны одан әрмен ушықтырып, ресми мәлімдемелерді елемей, қоғамда үрей туғызу кімге керек екені түсініксіз! Қуанышқа орай жұқпалы дерт дер кезінде ауыздықталды.

Атап айта кетер жайт, елімізде жұқпалы дерттің алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Соның арқасында жағдай тұрақты сақталып келеді. Қазіргі кезде республика бойынша халықтың обамен, тырысқақпен, күйдіргімен, туляремиямен, сіреспемен, полиомиелитпен, дифтериямен, қызылшамен, паратифпен сырқаттану жағдайлары бірнеше жылдан бері тіркелмеді. Бүгінде әлем елдерінде инфекциялық сырқаттанушылық жағдай шиеленіскен күйде қалып отыр. Соның ішінде Қазақстаннан туристер белсенді баратын елдерде де оба, күйдіргі, тырысқақ, безгек және басқа да аса қауіпті бактериялық және вирустық этиологиялық инфекциялар жағдайлары тіркелуде. Алайда еліміздегі тиісті орындар тарапынан азаматтардың өз денсаулығына, аурулардың алдын алуға ортақ жауапкершілігін арттырудың, тұрақты екпе жұмыстарын жүргізудің, халықты профилактикалық егудің ұлттық күнтізбелігін одан әрі жетілдірудің, тамақ өнімінің, қоршаған орта объектілерінің қауіпсіздігін зертханалық бақылаудың тиімді жүйесін құрудың, халық денсаулығына ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қараудың арқасында елімізде инфекциялық сырқаттану бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты күйде қалып отыр. Бұл шын мәнінде еліміз үшін үлкен жетістік!

Қазіргі таңда минингокок инфекциясына орай бақылау тіпті күшейтілмесе азайтылған жоқ. Елімізде жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында арнайы штаб құрылған. Ол жұқпалы ауруларға қатысты жағдайдың тұрақтылығын бақылап, қажетті шаралармен қамтамасыз етіп отырады. Және алдағы уақытта жағдайдың бақылауда болуы үшін кешенді жоспар түзілген. Соның бір айғағы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек БЕКШИН алдағы уақытта Ұлттық бірыңғай тест кезінде емтихан өтетін оқу залдарының терезелерін ашық қалдыру қажет екені туралы өткен аптада мәлімдеме жасады. «Бұл өте уақытылы қолға алынып отырған мәселе. Маусымның 20 мен 30 аралығында Ұлттық бірыңғай тест 147 орында өтеді. Оған арнайы бөлме, аудитория, ауылдық жерлерде бөлімшелер қарастырылған. Адам саны көп болатындықтан біз Білім министрлігімен бірге қауіпсіздік шараларын қарастырып жатырмыз», деп мәселені кеңірек түсіндірді комитет басшысы алдағы уақытта да қадағалау жұмыстары жалғасатынын айтады.

Яғни қауіп сейілсе де қазір ел ішінде қадағалау жұмыстары тоқтатылған жоқ. Тіпті қалалық инфекциялық ауруханаларға жүгінген науқастарға медициналық көмекпен қоса, психологиялық көмек те көрсетілуде. Алматы мен Алматы облысында халық көп жиналатын жерлерде өтуі тиіс іс-шаралар кейінге шегерілуде. Балалар демалатын жазғы сауықтыру демалыс орындарының ашылуы 18 маусымға дейін кейінге шегерілді. Эпидемиологиялық жағдайдың алдын алу мақсатында емханаларда сенбі мен жексенбі күндері де халықтың дер кезінде көмек алуына жағдай жасалып, жұмыс уақыттары созылды. Рамазан айында мешіттерде де адам көп жиналатыны ескеріліп, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігімен біріге отырып қауіпсіздік шараларын сақтап, намаз уақытында менингококк инфекциясы жұқпауының алдын алуға орай келіссөздер жүргізілді.

Сондай-ақ ҰБТ, мектеп бітіру кештерінде де қауіпсіздік шараларын сақтау түсіндірілді. Еліміздің барлық өңірінде арнайы тегін қоңырау желісі іске қосылған. Ол менингококк инфекциясына қатысты халықты мазалаған сұрақтарға жауап беріп отырады. Халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ірі ойын-сауық орталықтары мен супермаркеттерде сақ болуға шақырылуда. Туристік фирмалар мен сауда орындарына, жабық нысандар мен мешіттерге де қауіпсіздік шарасын сақтауға шақырып хаттар жолданды. Сондықтан тиісті орындар тарапынан жағдай толық бақылауда деуге толық негіз бар. Осы орайда дәрігерлерге де хабарласып, маман ретінде пікірін сұраған едік.

Аманкелді ТЫНЫБЕКОВ, медицина ғылымының докторы, профессор:

-Менингококк инфекциясының өршіп кетуінің бірден бір себебі қолайсыз ауа райы болды. Күндіз ауа температурасының жоғары болып, түнге қарай күрт салқындауы менингококк инфекциясына өте қолайлы жағдай. Өйткені осы инфекцияның өршуіне осындай ауа райы өте қолайлы саналады. Негізі әр инфекцияның маусымдық қозатын, кезең кезеңімен өршитін уақыты болады. Бұл инфекцияның аяқ асты өршіп кетуіне осы ауа райы қолайлы болып отыр. Минигитке шалдығушылар да, қайтыс болушылар да елімізде жыл сайын тіркеледі. Сондықтан өз басым мұны қалыпты жағдай деп санаймын. Әріптестерімді де қорғап отырғаным емес. Бірақ олар статистикаға қарап, жыл сайынғы қайталануына қарап дабыл қағуға асықпады. Сондықтан халық та дүрлікпей мамандардың сөзіне құлақ түруі керек. Осы орайда айта кетер жайт, кейбір инфекциялар 8-10 жылда, кейбірі 2-3 жылда қайталанып, маусым сайын өршіп отырады. Мұндай инфекцияларға бола арнайы вакцина енгізу тиімсіз. Егер осындай инфекциялардың барлығына қарсы екпені ұлттық күнтізбеге енгізе берсек, шығыны өте көп болмақ. Бұл өте тиімсіз. Сондықтан дәл қазір халық мамандардың кеңесіне құлақ түріп, сақтық шараларын сақтап, денсаулықтарына мұқият қарауы керек. Салыстырмалы түрде қарасақ 2018 жылдың алғашқы тоқсанында минингокок инфекциясына шалдыққан Ресейде 257, Арменияда 31, Грузияда 39 науқас тіркелген. Ал бізде 60 науқас, 13 өлім жітім жағдайы тіркелген. Демек жоқ жерден байбалам жасауға еш негіз жоқ. 140 млн халқы бар Ресейде минингиттің міндетті екпесі жоқ. Өз басым маман ретінде оның ұлттық күнтізбеге енгізілуін де құптамаймын.

Сондықтан халық қазір сабыр сақтап, дүрлікпей, көпшілік орындарға бармай өздерінің денсаулығына деген жауапкершілігін арттырса екен.


Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ


 




Көрілген: 552    Пікірлер: 0

бейсенбі, 14.06.2018, 16:18

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31