Қазақтың тойы қалай өтіп жүр?

Қазақтың тойы қалай өтіп жүр?

 «Той десе, қу бас домалайды» деген өткеннен қалған үзік сөз бар. «Жаугершілік заманда жанынан безіп, ерлік көрсететін өрге айналған, әр сөзі жырға айналған Ақтамберді жыраудың өзі: «Өзім бір бөлек жайласам, Жігіттен нөкер сайласам, Ойпаң жерге он отау, Қырлау жерге қырық шатыр, Қонағымды жайғасам, Пышақтан малым кетпесе, Қазаным оттан түспесе, Ауылдан топыр үзілмей, Ошақтың оты өшпесе, Қан жемесе барағым, Май жемесе қонағым, Он кісіге татыса, Бір кісіден табағым», – деп дәулет нұсқасы қолына бітсе, жомарттықтың жолын көрсетер мерейі шалқыр күнді аңсайды, ақжарма пейілін көрсетеді. Дәл осы дәмегөй пікір, дархандық бүгінгі күнге қолы ашық қазекеңнің санасында сарқылған жоқ, салтына сіңген күйінде әлі жүр. Қандай қуаныш, мерейі болса да, әркім қал-қадірінше дүрілдетіп өткізген соң, тойдың сән-салтанаты, қызық-шыжығы кейін тілге тиек етіледі. Осыны ойлап, намысқа тырысатын, абыройын алыстан бажайлап бағатын қандастарымыз барын салады.

Тоқсаныншы жылдары қабырғасына қар қатқанда да халық той дегенде тосылмады, бүгінгідей шаңырағынан түтіні түзу шығып, тұрмысы шүкірленгенде де шет қалып жатқаны жоқ. Әрине, қалталысынан бастап, қатардағысына керегі қаражат. Депозитінде өсіп жатқан ырзығы бары некен-саяқ. Алыстан ат шалдырып келер-ақ, бірақ бір қылқұйрықтың құнына тең салар қаржысы жоқ ағайын жайын айтпай болжайсың. Арғы жағы түсінікті, несие (кредит) деген айдаладағы «батпан құйрыққа» байланасың, сосын барып, сорланасың. Қысылмай да алатыны бар, ол жайы бөлек әңгіме. Әрине, көк ақшаның жарымын дастарқанда қылтиып тұратын көкмойынның құны жұтады. Алкогольдің бағасы Альпі тауындай аспандаса да, жұрттың қарап жатқаны шамалы. Әйтеуір, көңілге медеу болары, осыдан бес-алты жыл бұрын «Жастар ішпейді, бұрынғыдай емес» деген пікір қалыптаса бастады қоғамда. Әлі де сондай ұғым бар. Ұрпағың одан алыстаса, ұпайың кемімейді, еселене түсері анық. Тойдың ұйымдастырылуы, кемелдігі асабаға тікелей байланысты. Әрине, олар тойда қауым болып жүрмейді, жеке-дара жүреді, жұп болып та келеді. Олардың мықтылары барына, нарына дауымыз жоқ. Бірақ осы асаба іздеуде «Өзіміздің парық жайы қалай?» деген ой мазалайды. Қазіргі уақытта қуаныш иелері «қызығын қызықтай, шыжығын шыжықтай» өткізетін «тізгіншілерді» сыртқы бітім-болмысына қарап таңдайды-ау осы. Жұрттың ішек-сілесі қатып, екі езуі құлағынан кетпей, жайнап отырса болды деген ой басым. Қош, жазғы науқанда қолдан-қолға тимейтін оларға таңдау жасап отыруға мүмкіндік жоқ делік. Ағайын асабаның жас ерекшелігі үлкен рөл атқаратынын білсе керек-ті. «Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көрмедім» деген Бұқар жыраудың біліктілігін қазекем бес саусақтай таниды. Кесімді, өтімді сөзі бар, ойлысы бар, сойлысы бар, кеңдігі бар, кемелдігі бар, ащысы бар, тұщысы бар, нәрлісі бар, зәрлісі бар, шымбайға бататыны бар, таңдайға жағатыны бар, күлдіретіні бар, түңілдіретіні бар, лақпасы бар, қақпасы бар, не керек, сөз саптаудың түр-түрі ағылып тұр. Ал зерек болсаң, елден ерек болсаң, таңдап көр, сұрыптап көр қас-қағым уақытта. Ертеде қазақтардың ру-ру болып қауымдасуында иерархиялық мән жатыр. Қайғы болса да, қуаныш болса да, халық міндетті түрде асарлататын. Бірдің қуанышы – мыңның қуанышы. Кемдігін, жарлылығын білдірмеген. Ақсақалдық жүйеде аузы дуалы ел үлкені алдында жауапкершілік – үлкен сын. Сондықтан қуаныш тізгінін көрінгенге ұстата бермеген. Ақпа жыршы, төкпе ақындар ағылып жатқан заманда тойбастарың бар, жаршың бар, қосшың бар, сөйлеген сөзіңде, қаузаған ойыңда мықты жарасым болуы тиіс, дүйім ел аузына қарауы тиіс. Сондықтан сөз сойылына отызды орталаған, қырықты қырқалағандар ие болса керек. Әрине, алғыр да пысық, өресі биік жастарға орын берілмесін деген сөз емес бұл. Өкініштісі, қазір ауылдарда таңдайынан бал, тілінен мән сорғалайтын қорғасын сапты қоңы барлар сирек. Ертеректе бес жасар баланың өзі тілін тақылдатқанда, көптің өзі сөзден жаңылған. Бала Жамбыл ақынның өзі бұған нақты мысал. Бертін, жазу мәдениетіне көшкелі жадтың өшкені байқалады. Қазір бес шумақтың басын қосып өлең өре алмаймыз немесе ән айта алмаймыз. Ел нені білуі тиіс? Асаба таңдадың ба, өресіне қара. «Дауылпаз деген бір құс бар, үні жер жарады, барсам бақандай екеннің» кебін киіп қалып жүрмеңіз. Мәселен, үйлену тойын алсақ, қызық-шыжығы бір бөлек. Бірақ ортаға күйеу баланың билеп шығуына әмір беріп, кейін «әбес» қылығын жерлеп тастайтындары бар. Одан не ұтты? Келінге сәлем салдыру да қып-қызыл бизнес. Әйтпесе, қайын інілерге, сыныптастарына, құрбыларына, жезделеріне сәлем беру дәстүрін бұрын естіп пе едіңіз? Ұзатылуда келінді ортаға шығарып, «Жарыңды неге теңер едің?» секілді арзыма сұрақ қойып, «жаным-күнімдетіп» қойғанда қандай мән бар? Екі беті нарттай жанған қыз байғұс кібіртіктемегенде қайтсін.

Асылбек ХАРЕСОВ, асаба:

– Қазір халық көпсөзділікті онша ұната бермейді. Нақтысын айтып, көңілашар нөмірлерге кезек бересің. Есті сөз айтсаң, шүкір, әлеумет сөздің қадірін біледі, әп-сәтте демеп әкетеді. Көршілес Ресейдің Самара облыстарындағы қандастарымыздың ауылында болдық. Қазақы ән-күй, домбыра десе ынты-шынтысымен тыңдайды. Амандассаң да, жақсы тілек айтсаң да, ақсақалдар қолын жайып, «әумин» десіп отырғаны. Жалпы, қазақы ортаға салтымыздың оралып жатқанына куәміз. Мәселен, ұзатылу тойында сыңсу орындалып жүр. Торт кесіп беру, әкесінің қызының қолынан ұстап күйеу баласына апарып беру сынды шеттен енген әдеттер де орындалады. Той иесінің қалауымен болып жатады бәрі. Тағы бір «әттең-айы», бата беретін қарияларды таба алмай қаламыз. Кейде қуаныш, тілек иелері рөмкемен үстелден үстелді аралап, тойдың ретін, сәнін бұзып алады. Ауылдағы қуанышты басқару қаладағыдан еркін. Оларға ұнайтын қарапайым тұрмыстан қазақы қалжыңды тез таба аламыз. Тойда айтыс элементтерін ұйымдастырып жүрміз. Әйтсе де жерлес ақындар тойбастар, беташарда жаттанды мәтіндерді қолданады. Ізденіс керек секілді. Одан да сол тойдың ауанына лайық, қуаныш иелері жөнінде дерек беретін тапқыр жыр болғаны өтімдірек қой. Зиялы ортада өтетін салтанатқа арзан қалжыңдарды қолданбаймыз. Арақ-шарапсыз өтетін той көбейіп келеді.

Елдің көңілін көтерем деп, ессіз ойынға сеп болатындар кездеседі. Біреудің Құдай қосқан некелі жарын басқа біреумен шығарып, онымен билетіп, сорақысы, оны құшақтап көтеріп алуы я орнында «қатып қалуы» тиіс. Жап-жас жігіттердің жасы анасымен тең әйелдердің «қыпша белінен» көтере алмай жататынын көріп не түйеріңді білмей аң-таң боласың. Суырыпсалма өлең айтам деп, бір жас асаба «қарабауыр жылан секілді екенсіз» деп салды бір бәйбішенің киім-киісін. Ата сақалы аузына түскен ақсақалға «әй-әй» деп дауыс көтере, өктем сөйлегендерді көріп, естіп, біліп жүрміз. Асабаның тілдерінде жаргон сөздер, бейпіл, қыстырма сөздер легі толассыз ағылып жатады. Кейбірінің қалжыңдары қап түбінде қалғандай әсерсіз. Кей асабалардың өз ауылында бірнеше тойда жүріп, өзінің ата-тегін, болмысын таныстырып, ырғалып тұрып алатыны да болады. Кейбіреулері «Мені тыңдамадыңдар, не болып кетті сіздерге?!» деп жұртқа айқайлап, көптің бетін өзіне әрең қаратып алатындарын да көріп жүрміз. Ел біледі, парықты айырады. Тілінен май таматын нағыз ділмәрлар салтанатты жүргізгенде жұрты ұйып тыңдайды, тырп етпейді, ешқайда кетпейді. Қадірің, бағаң өзіңнен. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі». Сондай-ақ тілек айтар тұста бір қауым өре түрегеліп, әупірім сөз шиырын он қайталап барып бітіреді. Ой жұтаңдығын осыдан көріп жүрміз. Әйтпесе бабадан қалған телегей-теңіз мұраның інжу-маржаны мол ғой. Таңдап ал да, сайра.

Қош, орнын тауып ой айта білетін, сүлейін тауып сөзге ұйыта білетін, әдептің шегінен аспайтын, дәстүрдің жөн-жосығын жілігін шағып, талдап тастайтын, сөзін қайырып қайталаудан аулақ болатын, сценарийі құбылып жайнап тұратын, мәдени білігі зор, танымы көл асабаларға бұл сынның қатысы жоқ.

Асаба – бесаспап маман. Бүгінде ол – әртіс. Ол – шешен. Ол – әнші. Ол – ақын. Бірнеше нұсқалы өнерді алып жүре ала ма? Бірін қажетіне жаратып, қалғанын кәсіби мамандарға берсе қайтеді. Байқаймыз, домбыраның үні беташарда, тойбастарда бір дүрілдеп көрініп қалады да, қалған тұстан иісін іздеп таба алмайсыз. Бір-екі дәстүрлі ән өрілсе, күй шертілсе, нұқсан келер ме? Дәстүріңе желек беретін де, көрік беретін де, жандандыратын да, тамсандыратын да, негізі, домбыра. Сондықтан қуанышымыз азаймасын. Бас бұйданы кім ұстаса, мерейің сол ыңғаймен өрістейді.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста