Мәселе

Көп балалы аналардың көз жасы…

  • Көп балалы аналардың көз жасы…

    Көп балалы аналардың көз жасы…

Кеше Астанада болған оқиға көпшілікті дүр сілкіндірді. Әлеуметтік желіде атқарушы билікке сын айтқандардың қатары өсіп, тіпті министр Мадина Әбілқасымованың креслосын босатуын талап еткендер де болды. Бес бірдей бүлдіршіннің бақилық болуы осылайша қоғамдағы жағдайдың қандай екенін, әлеуметтік жағдайымызды аса мәз еместігін ашып көрсетіп берді.


Осы арада «бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақыны 3 жасқа дейін төлеу керек, көп балалы аналарға тегін үй берілуі керек, олардың жолақысы, коммуналдық төлемі тегін болуы керек» деген мәселелер де көтерілді. Біз осы жайттарды екшеп көруді жөн көрдік.


Бірінші кезекте бала күтімен байланысты жәрдемақыны 3 жасқа дейін төлеу мәселесін көз етсек. Бізде бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы бала 1 жасқа толғанға дейін ғана төленеді. Бұл арада анасы жұмыс істесе бала бір жасқа толғанша айлығының 40 пайызы есептеліп жәрдемақы ретінде төленіп отырады. Ал жұмыс істемейтін аналарға төленетін жәрдемақының өзіндік «шкалалары» бар. Мұны барлығымыз жақсы білеміз.


Ал енді өзге елдердің тәжірибесіне сүйенсек, іргеміздегі Өзбекстан мен Қырғызстанда бала туғанда бөлінетін жәрдемақы бала екі жасқа толғанға дейін төленеді екен. Аталмыш екі елдің әйелдері баласы екі жасқа толғанша өкіметі тағайындаған 32 мың теңге көлемінде жәрдемақыны алып отырады.


Ал бізде мұндай жәрдемақы тек 1 жасқа дейін ғана беріледі. Сол тәрізді Ресейде «Ана капиталы» төленеді. 2018 жылдан бері Ресей екі балаға төленетін «Ана капиталының» көлемін 453 мың 26 рубльге арттырды. 453026 рубль (!) Осы соманы теңгеге шағып есептей беріңіз. Ресейді екі баласы бар анаға төлейтін бір реттік жәрдемақысының көлемі бізден бірнеше есе қомақты екенін пайымдайсыз. Сол тәрізді Эстония, Италия, Голландия, Жапония елдерінің бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақысының көлемін көріп біз әрине қызықтық. Төменде осыған қатысты арнайы деректерді де келтіріп өтуді жөн көрдік:



  • Эстония — 320 еуро. Үшем туса, әр балаға 1000 еуро.

  • Польша — әр балаға 120 еуро. (Ай сайынғы төлем 120 еуро)

  • Бельгия — бір балаға 77,05 еуро екі балаға 219,63 еуро, үш балаға 432,50 еуро

  • Жапония — екі балаға 400 доллар, үшінші және одан кейінші балаларға 700 долар.

  • Германия — бірінші балаға 184 еуро, екінші балаға 368 еуро,

  • Ұлыбритания — 10 жасқа дейін ай сайын 105 еуро; 10 жастан кейін — 70 еуро;

  • Голландия — әр балаға 6 жасқа толғанша айына 58 еуро, 6-11 жас аралығында 70,5 еуро, 12-17 жас 82 еуро;


Байқағанымыздай, бірқатар елдерде жәржемақы көлемі қомақты. Бұған қатысты біздің экономист-сарапшыларымыз мұндай жағдай жасау біздің Үкіметтің де қолынан келетінін алға тартып отыр.


«Көп балалы аналарға жағдай жасағаннан Ұлттық қордан алынатын қаржы кеміп қалмайды. Арнайы қордан көп балалы аналарға деп қаржы қарастырылуы керек. Ұлттық қордан бізде банктерді қолдауға демеу қаржы бөлінеді. Қандай да бір экономиканың ақсап жатқан саласын қолдау үшін қаржы бөлеміз. Ал адам капиталын дамыту үшін неге қаржы бөлмеске?! Ертеңгі экономиканы алға бастаратын бүгінгі ұрпақ емес пе?! Экономика өркендеуі үшін елдегі адам капиталы да қуатты болуы қажет. Ол үшін әрине жастардың білім алуына, толыққанды азамат болып қалыптасуына жағдай жасалу керек. Өз басым көп балалы отбасыларға балаларын оқыту үшін тегін гранттар бөлу жайы шешемін табу керек деп есептеймін. Көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы көлемін орташа жалақымен теңестіруге әрекет жасау керек. Сонда ғана бізде бала қараусыз қалмайды. Баласын қамап кетіп жұмыс істету ол үлкен қауіп. Кешегі бес баланың өлімі мұның айқын дәлелі. Сондықтан Үкімет үш-төр-бес баласы бар аналардың жағдайын жасау керек. Бала үш жасқа толғанша жәрдемақы төленгені жөн. Көп балалы аналарға берілетін жәрдемақыны 16 мың теңге көлемінде емес, 50 -60 мың теңгенің көлеміне өсіру керек. Себебі бес баласы бар анаға 16 мың теңге төлеу бұл жарылқау емес, есіркеу»,-дейді экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова.


Маманның байыптауынша, аналардың жағдайын жасайтын кезең әлдеқашан жетті. Олай етпесек, біздегі адам капиталының құндылықтары ескерусіз, елеусіз қалып барады.


Сондай-ақ мамандар көп балалы аналарға тегін үй беру мәселе де қазір өзекті екенін айтты.


«Өзбекстанда бала екі жасқа толғанша декреттік демалыс қана беріліп қоймайды. Бала екі жасқа толғанша қосымша жәрдемақы төленеді. Ал Қырғызстанда 4 баласы бар ананы бірден мемлекеттік тегін үй беруге тіркейді. Ал бізде болар-болмашы жәрдемақы алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрып құжат өткізеді. Тегін үй дегенді тіпті ойламаса да болады. Қаншама көп балалы ана пәтер жалдап нәпақасын тауып жүр?! Көп балалы ананы жұмысқа орналастыру, олардың 18 жасқа толған балаларын жұмысқа орналастыру, отбасыларын әлеуметтік көмекпен қамту жайы бізде әлі кемшін. Ресейде көп балалы анадарды баспанамен қамтитын мемлекеттік қор бар. Мұндай қор Ресейде 2003 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 2017 жылы Ресейдің мемлекеттік Тұрғын үй қорына 354 млрд рубль қаржы түсіп, Ресей үкіметі осының арқасында 11 млн адам тұратын 11 мың үйді жөндеуден өткізген. Оның 22 пайызы көп балалы аналар тұратын үй екен. Бұған қоса Ресей қаржы министрлігі осы мемлекеттік қорға түскен қаржы көзінен халыққа арзан несие беру арқылы көп балалы отбасыларды «полуторкалармен» немесе жатақханалармен қамтып отыр. Міне, бізге де осындай жайттарды қарастыру керек. Көп балалы аналар мәселесі шеткері қалмауы тиіс. Халық қалаулылары, министрлер осы жайттарды толық зерттеп, арнайы заң шығаруға кіріскен жөн»,-дейдіэкономика ғылымының докторы, Жаңабай Алдабергенов.


Мамандар алға тартып отырғандай, бізде көп балалы аналар мәселесінде бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселе осылар. Егер көп балалы аналарымызды тұрмыс ауыртпалығынан арылтқымыз келсе, осы жайттарды атқарушы билік шешуге тырысқаны жөн.


Сондай-ақ мамандар ауылдық жерде тұрып жатқан аналарымыздың да тұрмыс ауыртпалығы ескерілуі керектігін алға тартты.


«Ауылды жерде тұрып жатқан көп балалы аналардың тұрмысы тіпті қиын. Ауылдық жерде оларға жұмыс табылмайды. Отын суы бар. Жем-шөбі бар, Қыс кезінде алқымнан алатын көмір түсіруі бар. Мұның барлығы ескеріліп, ауылда тұратын көп балалы анадарға жәрдемақы бөлек есептелуі керек. Ауылдың ауыртпалығы, қаланың ауыртпалы деген дүниелер жәрдемақы тағайындағанда ескерілуі тиіс. Көп балалы аналарды бизнеске тарту, жұмыспен қамту, олардың шағын іспен айналысуына жағдай жасалуы қажет. Жәрдемақы төлеу бүкіл бір отбасының проблемасын шешпейді. Болар-болмашы жәрдемақымен ешкім күнін көре алмайды. Сондықтан көп балалы отбасыларды жұмыспен қамту, тұрақты жалақы алу мәселесі шешімін табуы керек. Қажет болса әкелеріне де көп балалы әке ретінде жалақысына үстемақы қосылғаны абзал», - дейді Жаңабай Алдабергенов.


Қарлығаш Сайлаубаева.


tazael.kz




Көрілген: 310    Пікірлер: 0

сейсенбі, 05.02.2019, 12:32

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    9 Ақпан, 21:05
    Лашықтағы өмір

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    ақпан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28