Мәселе

Курорттан күрсініп қайтпайық

  • Курорттан күрсініп қайтпайық

    Курорттан күрсініп қайтпайық

Соңғы бірер жылда Балқаш көлі жағалауын курорттық дема­лыс аймағына айналдыру туралы ресми-бейресми деңгейде мей­лінше жиі әңгіме болып келе­ді. Балқаш қаласы іргесінде орналас­қан мыс зауытының экологиялық ортаны ластаудағы орасан зияны туралы, Балқаш көлі туралы жеке заң қабылдау туралы газетімізде бірнеше материал жариялаған болатынбыз. Ерте көктемнен бе­рі Балқаштың солтүстік-шығыс өңі­рінің экологиялық ахуалын түбе­гей­лі қарастырып, зерттеуге тағы да себеп табылып тұрған жайы бар...

Биылғы қыс басында қатып қалған Приозерск қаласы тұсынан «Балқаш-Нұрсая» атты халықаралық курортты қалашық салу туралы 2008 жылдың жазынан бері әңгіме көтеріліп келеді. Өткен жазда Балқаштың құмдауыт жа­ғалауын шаңдатқан байкерлер фестивалі де осы қа­ла­шық орнында өткізілді. 2008 жылы жапон ғалымдары мен кәсіпкерлері сараптама жүргізіп, жобалаған «Бал­қаш-Нұрсая» жоба жетекшілерінің айтуынша, 100 пайыз эко­логиялық таза кешен болмақшы екен. Курортты қала­шық бір күнде 100 000 (!) адам қабылдай алатын алып ке­шен болады деп те жарнама жасалған. Қазақтың ортанқол қалаларының тұрғындарынан саны асып түсе­тін кезбе-турист, демалуды қалайтын қалталы азаматтар жиналмақшы бұл кешенде бизнес-орталықтар, меди­ци­на орталықтары, SPA-салондар, көрме залдары, аква­парк, спорттық кешендер, тікұшақ қонар алаңқайлар, ескек­шілер клубы, балалар лагері сынды көптеген дема­лыс орны топтастырылмақ. Сол кездері жоба Қазақ­стан­дағы 33 үздік жоба ішінде туристік тараптағы үздік үштік­ке іліккен. Бұл жобаға жапон, қытай, Ресей, араб және Еу­ропа инвесторлары тартылмақшы-дүр. Жобаның жал­пы құны 850 миллион долларға тартып, айналасы үш-төрт жылда толық іске қосылады делінген еді. 2008 жыл­дан бері уағдалы уақыт та келіп қалды. Ендеше, 2015 жылы елдегі ерек орталық қауырт жұмыс бастамақ­шы.

Ал жобаның негізгі мақсаты да асқақ: әлеуетті эко­логия, дені сау ұлт, дені сау балалар делінеді. Осы мақ­сат­тарды жүзеге асыру үшін Приозерск қаласынан сегіз шақы­рым қа­­шықтықта көл жағасынан 370 гектар жер бө­лін­ген. Ке­шен орналасатын жерден сегіз шақырымда Ал­маты-Астана кү­ре жолы, 23 шақырым жерден теміржол өтеді, Балқаш қа­ласында әуежай да бар. Жоба жетек­шілері осындай басымдықтарды алға тарта отырып, жы­лына 90 миллион доллар табыс тауып, айналасы бес-алты жылда өзін-өзі толық ақтайтын халге жеткереміз деп те уәде қылған еді.

Сонымен, «Балқаш-Нұрсая» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі отандық туризмге тыңнан түрен салып, үлкен шаруа орайластырмақ болып отыр. Бірақ осы орайда қарағандылық экологтар көлдің аталмыш жағалауының экологиялық жағдайы туристік орталық ашуда қауіп ту­ды­ратынын алға тартады. Жағрафиялық картаға қарап отыр­сақ, шынтуайтында, аталмыш курорттық кешен орна­лас­пақ жер бұрынғы Сарышаған әскери полигоны­ның қарамағындағы аумақты қамтып жатыр. Ал, эко­логтардың айтуынша, бұл маңда кеңестік кезеңде аса улы көптеген металл жерге көмілген. Бір сөзбен айтқанда, топы­рақ құрамы бұзылған, түрлі мутацияға ұшыраған алап. Мәселен, мұнда әскери құрылғылардың аса улы хи­­ми­каттары төгілген екен. Қарағандыдағы «Экомұра­жай» қоғамдық бірлестігінің мамандары полигонның қи­ран­ды ғимараттарының ішінде, құм қойнында бес мың­ға тарта улы химикаттар салынған конденсатор тығу­лы жатқанын алға тартады. Әр конденсатордың салмағы 20 келі тартады екен!

Сарышаған полигоны орнындағы улы кон­денсаторларды залалсыздандыру ту­ралы да газетіміздің өткен жылдардағы сан­да­рында бірқатар мақала жазған бо­латынбыз. Өкінішке қарай, осыдан бі­рер жыл бұрын улы конденсаторларды за­лал­сыздандыру жолында басталған жұ­мыс тоқтап қалған сыңайлы. Мамандар Са­­ры­шағаннан Гер­ма­нияға жөнелтілуі тиіс кон­денсаторлар әлі де мезгілін күтіп, полигон қоймаларының қи­рандыларында жатқа­нын айтады. Ал Гер­маниядағы зауыт әлде­қашан банкротқа ұшы­рап, жабылып қал­ған екен.

Бұл айтқанымызға қосымша өткен жылы «Дарьял-У» әскери-ғарыштық ке­ше­нінде болған оқиғаны да айта кеткеніміз абзал болар. «Дарьял-Удың» ғимаратында жалпы саны 10 мыңға жете улы конден­сатор тығылып жатқаны БАҚ арқылы бар­шаға аян болған. Ал былтыр осы ғи­марат­тан металл қалдықтарын із­деу­шілер нә­пақасын айырып жүріп, ғи­мараттың 10 ме­трлік қабырғасының құ­лауы салдарынан опат болған-тұғын. Осы оқиға тұсында да жергілікті экологтар аймақтың аса қауіпті радиациялық улануға ұшырағанын тілге тиек еткен.

Қалай болғанда да, Сарышаған по­ли­гоны мен Балқаш мыс зауытының улы қал­дықтары салдарынан топырағынан құ­нар қашып, уға бөккен, суының құрамы кү­­мәнді көлдің жағалауынан курортты ке­шен салу ісі қарқынмен жалғасып жа­тыр...



Дмитрий Калмыков, «Экомұражай» қоғамдық бірлестігінің директоры:

– Курорттық кешен жобасының жетекшілері бұл маңды ең таза орын деп жарнамалап жүр ғой. Оған сенудің өзі қиын! Бұл аймақ – нағыз экологиялық қатерлі, қауіпті аймақ. Бұл маңда адамдардың денсаулығын түзету үшін емес, керісінше, денсаулықты құрту үшін ашылып жүрмесін курорттық кешен! Адам ағзасы өте қауіпті мутацияларға ұшырауы мүмкін. Біз жыл аралатып бұл өңірдің топырақ құрамын тексерістен өткізіп тұрамыз. Әр сараптама сайын жаңа өзгерістер, мутациялар байқалады...



Дерек-дәйек

Сарышаған полигоны орналасқан бұл аймақта плутоний, амерций сынды, полихлордефинол сынды аса қауіпті радиациялық металдар мен түзілістер көмілген.

Полихлордефинол – Стокгольм конвенциясы – жер шарындағы өмірге аса қатерлі 12 улы қоспаның бірі деп бекіткен химиялық қоспа. Ол табиғи ортада ыдыраса, аса қатерлі мутацияларға, тірі организмнің құбыжық құбылыстарына әкеледі.





Көрілген: 1673    Пікірлер: 1

сәрсенбі, 06.04.2011, 10:59

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    5 Желтоқсан, 14:05
    Бұл не масқара! (видео)
    18 Қараша, 11:42
    Ерекше құдалық (ВИДЕО)

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31