Мектеп бағдарламасына жаңа пән ұсынуға неге құмармыз?

Мектеп бағдарламасына жаңа пән ұсынуға неге құмармыз?

Соңғы кездері еліміздегі орта білім беретін білім мекемелерінің оқу бағдарламасына жиі сын айтылып жүр. Оқу бағдарламасындағы жүктемелерді жеңілдету жайлы айтылғанымен жеме жемге келгенде жүктеменің жеңілдегенінен ауырлағаны көп болып тұр. Мәселен соңғы үш жылда оқу бағдарламасына енгізуге ұсыныс ретінде мамандар тарапынан 20 шақты ұсыныс айтылыпты. Шын мәнінде оқу бағдарламасының ауырлауының оқушыларға физикалық, психологиялық тұрғыдан ауыр тиюде, оқу бағдарламасының күрделенуі білім сапасына да кері әсер етіп жатқаны, оқушылардың құқығының бұзылып жатқаны ешкімді ойландырып жатқан жоқ. Мектеп оқулықтарының әр парағындағы көзің сүрінетін қателерді былай қойғанда, бастауыш сыныптың математика пәніндегі есепті үйде балаларының үй тапсырмасын қадағалап, орындауға көмектесетін ата-аналарының да шығара алмайтын дәрежеде күрделенгені кімге қажет екені түсініксіз.

Бастауыш сыныптан бастап күрделенген оқу бағдарламалары әріпті енді таныған балалардың танымына күш түсірері сөзсіз. Әйтсе де тиісті орындар сыннан қорытынды шығарып, мектептегі оқу бағдарламасының оқушылардың түйсігіне сай болуын қадағалаудың орнына бүгінде мектеп бағдарламасының одан әрі күрделеніп, жастайынан балалардың санасын шатастыруға жарыс жүріп жатқандай. Соның айғағы – қоғамда түйткілді саналған мәселелерді, ғылыми негізі жоқ дүниелерді мектеп бағдарламасына пән ретінде енгізу туралы ұсыныстар жиі көтерілуде.
Мәселен, өткен жылы Әділет министрлігі «еліміздегі мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізіледі» деп жар салды. 2015 жылға дейін еліміздегі мектептер мен жоғары оқу орындарына, сондай-ақ кәсіптік-техникалық білім беру мекемелеріне енгізіледі деп күтілген «Тұтынушылардың құқығын қорғау» атты жаңа пән халқымыздың құқықтық сауатын көтеру мақсатында енгізілуі тиіс делінген. Бұл жайында мәлім еткен Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Романовская: «Біз тұтынушылардың құқығын қорғау туралы оқулық дайындадық. Енді мектеп жасынан бастап медиацияны оқытамыз», – деп, аталмыш пәннің оқулық жобасының да дайын тұрғанын айтып «сүйіншіледі». Біз білетін жерде мектептің оқу бағдарламасында құқық саласына қатысты қоғамдық білім негіздері, құқықтану секілді пәндер жүретін. Оқушылардан сұрыстырып та көрдік, 11-сынып оқушысы: «Бізге құқық саласына қатысты пәндер 9-сыныптан бастап жүргізіле бастады. Қазір де құқық саласына қатысты қоғамдық білім негіздері мен құқықтану пәндері қатар жүреді. 11-сыныпта екі пәнді қатар оқып жатырмыз. Екеуінің екі бөлек оқулықтары, екеуіне екі бөлек арнайы бөлінген сағаттары бар. Алайда екі пәннің кейбір тараулары бір-біріне ұқсас. Айналып келгенде екеуінен де азаматтар құқығының негіздерін оқып үйренеміз» деді. Ендеше, мектеп бағдарламасында онсыз да құқық саласына қатысты екі пән тұрғанда нақ осы азаматтар құқығын қаузайтын үшінші бір пәнді тықпалаудың жөні бар ма? Тіпті екі пәндегі ұқсас тараулар, негізінен, қысқартып, тұтынушылардың құқығын аталмыш екі пәнге сыйыстыруға болмас па? Бір саланың өзіне үш пән арнасақ, мектеп оқушыларының миына түсер салмақты есептей беріңіз.
Бүгінгі білім жүйесінің балалардың миға түсірген күші ғана емес, иыққа түсірер салмағы да аз болмай тұр. Мәселен, бүгінде денешынықтыру, еңбек пәндеріне де оқулық басылып шығатынын, әдебиет пәнінің әдебиет оқулығына қоса, оның хрестоматиясы да қатар жүретінін ескерсек, бір оқушы күніне алты-жеті кітап пен сонша дәптерді арқалап жүруге мәжбүр. Бұғанасы бекімеген баланың бір құшақ кітапты күніге әрі-бері тасуы оның омыртқаларын қисайтатынын дәрігерлер де дәлелдеген. Ендеше, сансыз оқулықтарды баспаханадан басып шығарар алдында оны көтеріп жүрер оқушының жайын да бір ойласақ нетті. Осы орайда тиісті орындар оқушының денсаулығына, миына түсер салмақты ойлаудан гөрі соңғы кездері мемлекеттен қаржы бөлдіріп алып, баспаханадан жыл сайын сансыз кітаптар басып шығара беруді ғана мақсат етіп алған секілді. «Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайдының» кебімен жыл сайын көптеген оқулық басып шығарып жатсақ та, ата-аналардың қыркүйек айы бойына базарлардан оқулық іздеп сабылатыны тағы бар. Керекті-керексіз оқулықтарды басып шығара бергенше, еліміздегі оқушылардың барлығын бірдей нағыз қажетті, тегін оқулықпен қамтамасыз етуді неге ойламасқа?
Жалпы бүгінгі күні мектеп бағдарламасына пән ретінде ұсынылатын ұсыныстардың барлығы осы күйде екен. Осыдан екі жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігі мектеп бағдарламасына халықтың дәріге деген сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы пән енгізу жөнінде ұсыныс жасады. Халқымыздың 70 пайызының дәріні фармацевтикалық маманның нұсқауынсыз, өз бетінше қолданатынын анықтаған құзырлы орын бұл олқылықтың орнын осылайша толтырмақ болыпты. Әсіресе суық тию мен ас қорыту жүйесінің бұзылуы, жөтел, тыныс жолдары аурулары кезінде дәріні өз бетінше қолданатын халықтың дәрілік сауатын көтеру керек деп шешкен денсаулық сақтау саласы мамандарының күші балаларға ғана жеткендей. Әйтпесе халықты өз бетінше дәрі қабылдауға мәжбүр етіп отырған дәрігер қабылдауының қымбаттығы, оны кез келген науқастың қалтасы көтермейтіні мен еліміздегі дәріханалардың рецепт сұрамай-ақ дәріні сата беретін заңсыздығы емес пе? Егер дәрігер қабылдауы қолжетімді болса, ешқандай науқас өз денсаулығын сынаққа алып, өз бетінше дәрі қабылдамас еді ғой. Тіпті дәрі туралы ақпаратты жаппай оқушыларға оқытатын болсақ, фармацевт деген маманның керегі бар ма? Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі мәселенің түйткілін балалардың оқу бағдарламасынан емес, өз салаларындағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатудан іздесе, бір мәселеден талай мәселенің туындауына түрткі болмас еді.
Бүгінде онсыз да миы ашып жатқан мектеп бағдарламасына ерінбегеннің бәрі пән ұсынатын жағдайға жеткендей. Жүргенов атындағы өнер академиясының ұстазы, режиссер Дәрежан Өмірбаев мектептерге кинотану сабағын енгізу туралы ұсыныс айтты.
Ал биылғы оқу жылында келер оқу жылынан бастап мектептерде «Ғылымға кіріспе» пәні енгізілетіні айтылып қалды. ҚР білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиевтің айтуына қарағанда «Ғылымға кіріспе» пәні келер оқу жылынан бастап еліміздің 63 мектебінде енгізіліп, оқытыла бастайды екен. Ал, қалған мектептер 2016 жылдан бастап «ғылымға кірісе бастамақ». Ал Жемқорлықпен күрес пәні Қазақстан мектептеріне 2017 жылы енгізіледі деп күтілуде. Қазақстан мектептері мен жоғары оқу орындарында жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін қозғайтын пән 2017 жылы пайда болуы мүмкін. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік қызметтен өту басқармасының жетекшісі Әсел Мұсағұлова мәлімдеген. Тіпті келешекте мектептерде «тұлғатану» пәні енгізілуі де әбден мүмкін. Шымкенттік профессор Аюбай Құралұлы оқушылар бірінші сыныптан университет бітіргенге дейін Абылайхан мен Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап Аслан Мусин, Бекболат Тілеухан сияқты азаматтардың өмірбаяндарын білулері қажет дейді. Бұл үшін он мыңға жуық адам туралы көптеген кітап құрастырған. Мұны мектеп мұғалімдері де қолдап отыр. 25 жылдан бері этнологияны зерттеп жүрген ғалым Аюбай Құралұлы қазақтан шыққан хандар мен батырлардан бастап, өнер жұлдыздары мен спортшыларды да оқулыққа енгізбекші. Он мыңға жуық танымал адамдарды зерттеп шыққан ол 70 кітапқа 2700 тұлғаны сыйдырған көрінеді. «Теледидарда, жалпы медиада ғалымдар туралы мақала аз, екінші олар туралы бағдарлама жоқ. Бәрі сол шоу-бизнесті насихаттау. Ал ғалымдарды насихаттайтын кім? Ешкім жоқ», - дейді этнолог-ғалым Аюбай Құралұлы.
Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов еліміздің орта мектептеріне футбол пән ретінде енгізілуі мүмкін екенін УЕФА баспасөз қызметіне берген сұхбатында мәлімдеді. «Біз футболды орта білім беру жүйесіне енгізуді жоспарлап отырмыз және бұл ұсынымызды үкіметтің алдына қойдық. Қазір бұл мәселені парламенттің қарауына ұсынбақпыз. Біздің елде футболға қызығушылық танытып, айналысқысы келетін жастар өте көп. Бірақ, олардың барлығында мүмкіндік жоқ» деген футбол жанашыры еліміздің футболда кетіп жатқан есесін пән ретінде енгізу арқылы толтыруды ойлаған секілді. Сондай-ақ өткен жылы еліміздегі мамандар «жетімдер санын азайтудың кепілі – отбасын жоспарлау сабақтары. Мамандар осы пәнді мектеп бағдарламасына енгізу қажет» деген пікір айтып, ұсыныс білдірді. «NCOC» мемлекеттік органдардың байланыс жөніндегі аға кеңесшісі Мүнира Артықбекова тоғызыншы сыныптан бастап мектепте «Этика және эстетика» пәнін енгізу туралы ұсыныс тастады. «1992 жылы мектеп бітірдім. Сонда 10-сынып оқып жүргенде біздерге «этика және эстетика» пәні ұлдар мен қыздарға жеке-жеке болатын. Сондағы қыздарға айтылған нәзіктік пен ибалылық жөніндегі ақыл-кеңестері әлі есімде. Сондықтан 9-сыныптан бастап «Этика және эстетика» пәнін енгізуді ұсынамын. Қазіргі күнде ақпарат көп болғандықтан кішкентай қыздарымыз ерте жетіліп жатыр, мүмкін бұдан да ерте сыныптарда енгізсек қыздарымызға өте пайдалы болар еді,-дейді ол.
Астана қаласының бұрынғы экс-әкімі И.Тасмағамбетов 2014 жылдың тамыз конференциясында мектеп бағдарламасына «Логика» пәнін қайта енгізу қажет деді. «1917 жылға дейін логика мектеп бағдарламасында болды. 1918 жылғы революциядан кейін оны алып тастады. Сосын ол пәнді тек соғыс жылдарынан кейін ғана қайта бере бастады. Ал, енді қараңызшы, ол бойынша соғысқа дейін сабақ бергенде ғой, адам шығыны аз болар еді. Себебі логиканың арқасында адам стратегияны құрастыруды үйренеді. Сөйтіп, мектеп бағдарламасына соғыстан кейін енгізілген логиканы 1953 жылы қайтадан алып тастады. Демек, XX ғасырда бұл пән тек он жылдай ғана берілді», - дейді әкім. Тағы да сол өткен жылы ақтөбелік ұстаздар мектептерге «дінтану» пәнін енгізу жөнінде ұсыныс айтты. Бүгінгі дінге қатысты туындап отырған түйткілді мәселелерді шешудің бір жолы мектептерге пән ретінде енгізу дейді дін өкілдері.
Сөйтіп жүргенде алаштанушы ғалымдар да Алаштану пәнін мектеп бағдарламасына пән ретінде енгізу туралы ұсыныс айтып қалды. Санамалап отырсақ мектепке пән ретінде ұсынылған ғылыми негізі жоқ дүниелер жетерлік. Бұл түрімізбен мектептегі негізгі пәндердің өзін ығыстырып шығаратын түріміз бар. 12 жылдық білім беруге көше алмай жүргенде, екінші жақтан мұндай ұсыныстардың көбеюі мектеп жүктемесін одан сайын ауырлатары анық.
Дамыған кейбір елдерде бес күндік сабақ кестесі жасалған. Кейбір елдерде оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді, берілген күннің өзінде біздегідей емес, көбінесе ойын түрінде, балаларды жалықтырмайтын, шығармашылық жұмыс түрінде беріледі екен. Бүгінде көптеген заманауи технологиялардың, озық жетістіктердің дамыған елдерден бастау алып жатқанын ескерсек, біздің елімізге де сол елдердің білім беру тәжірибесіне сүйену артықтық етпейтінін ұғамыз. Оқушылардың апталық жүктемесі түгілі, кейде күндік жүктемесінің өзінің ауырлығы байқалады. Сондықтан кім көрінгеннің мектепке пән ұсынып, онсыз да ауыр жүктемені ауырлатуына тыйым салатын кез жеткен секілді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста