Мәселе

Мектепке жұмысқа тұрудың «ставкасы» қанша?

  • Мектепке жұмысқа тұрудың «ставкасы» қанша?

    Мектепке жұмысқа тұрудың «ставкасы» қанша?

Жақында әлеуметтік желіде осы тақырып талқыланды. Яғни мектепке жұмысқа тұрудың «ақысы» мен мұғалімдердің жалақысы жайлы сөз болды. Көпшілік онда естіген мен көрген ғана емес, куә болған және бастан өткен жайларды да жайып салды. 


«Мектепке 300 мың теңге беріп жұмысқа тұрады екен біреулер. Ол параның уақыты біткенде орнына тағы біреу сондай ақшамен жұмысқа тұрып алады. Сондағы алатын айлығы – 40-45 мың теңге. Енді есептеп көрейік. «Жылдың басында жұмысқа тұрсаңыз, оқу жылының соңына әупірімдеп жетіп жығыласыз. Сонда өзіңіз берген ақшаны ай сайын бөліп алып отырасыз. Бұдан не пайда?» – деймін ғой. Мұғалімнің жауабы: «Стаж жүреді. Ауылда жұмысы бар деген престиж. Тағы бір пайдасы – несие алуға мүмкіндік бар». 


Қызық логика. Менің миым жетпеді. Сіздер ше, түсіндіңіздер ме?» – деп жазған Асыл Арыстанбектің сауалына берілген жауаптар қоғамдағы жасырын жемқорлық жайын ащы шындықпен ақтарып салды. Қалай дейсіз бе? Оқып көріңіз. 


Ғалымжан Оразымбет: 300 мың деген тым арзан емес пе? Мен 500 – 600 мың теңгенің айналасында деп естіп жүрмін. 


Данышпан Қойшыбайұлы: Қызылорда облысында мұғалімдікке 700 – 800 мың сұрайды екен деп естідім. 300 мың тазалықшы болу үшін қойылған «ставка», менің естуімше. Сұмдық енді, Құдай сақтасын! Мәселен, бір ауылды білем, құрылысы заманауи үлгіде салынған балабақшасында тәрбиеленуші баладан тәрбие берушісі көп. 0,5 ставкамен істейді соның көбісі. Бір тексеріс жасаса, қопарып тастауға болады, көзге айқын көрініп тұрған нәрсе. 


Перизат Ақжігіт: 300 мың деп тым азайтып айтыпсыз ғой, 400 мыңнан асып, арысы толық ставка алу үшін 2 мың долларға барып жығылады. Оны екі жылда әзер ақтайсың. 


Ержан Тәліп: Мектепке 500 сұраған бізде. 


Гүлжан Жақыпбекова: Тоқтату мүмкін бе осындайды?


Әлия: 2000 – 3000 доллар деп айтқан бізге. 


Алланазар Қорғанбайұлы: Қазір Шымкентте 1 миллион дейді. Бәрі біледі соны. Қалай тоқтату керек? 


Гүлмира Бекқожа: Не деген сұмдық?! 


Үміт Шәріпова: Құлақ естіп, көз көрген нәрсе ғой. Алғандар қыңбайды, беріп үйренгендер қысылмайды. Жаппай жайлаған індет. Нақ бір осылай болуға тиіс сияқты. «Ұлтым, жұртым!» дегендердің де «маскасының» арғы жағы белгілі. 


Ақмарал Иауқұлова: Үкімет бақыласа ғой. 


Қанат Дәулетчин: Мұның бәрі қашан реттеледі екен? Жылдан-жылға кері кетіп бара жатыр. 


Серік Ерғали: Жүйе өзгермей тоқтамайды. Жаңа мемжүйе керек. 


Есет Қалманов: Мұғалімдер өз құқығын талап ететін болған кезде ғана тоқтайды. 


Ахмет Хален: Жұмыстан шығарам десе, неге шығып жүре беру керек? Заң бар, олардың көңіліне қарамай соттасу керек! Не бүк, не шік! Онсыз да жұмыссыз қалып бара жатырсыз... Қарағандыда да оңып тұрған жоқ. Кезінде бір сиыр болатын. 


Айгүл Шорабекова: Көбісінің білімі төмен, дипломды сатып алған. Сол үшін де талап етпейді, қайта әр тексеріс сайын береді. 


Роза Закир: Ал мектептегі төменгі жалақы 40 – 45 мың теңге. 


Бекболат Айманов: Кредитке ұқсайды екен. 


Айнұр Додабаева: Қазіргі білім бөліміне пара бермесең, бара көрме. 


Фатима Тәжібаева: Ақша беріп, есекке ұқсап жұмыс істеп жүріп берген ақшаңды қайтарасың. Сені тегін пайдаланды ғой сонда? 


Қызылорда облысының білім басқармасы: Сыбайлас жемқорлық, пара алу деректері қай саланың болмасын басты мәселесі. Онымен күресті құзырлы органдар жүргізеді. Жемқорлықтың қарапайым түсінігі – лауазымды тұлғалардың өз қызметтерінде заңсыздыққа жол беруі. Дегенмен пара беруші де «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң бойынша заңсыздыққа барып отырғанын түсінуі қажет. Сыбайлас жемқорлық қоғамға, мемлекеттің конституциялық негізіне қауіп төндіреді, сондықтан онымен күрес жүргізу – жалпыға ортақ міндет. Білім саласы болсын, басқа да сала болсын елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, түбегейлі жою үшін нақты деректермен құзырлы органдарға ақпарат беру қажет. 


Гауһар Жолмаханбет: Мұның бәрі сол мұғалімдердің өз жұмыстарын жақсы білмегендерінен. Өйтіп-бүйтіп сабағын беріп, ақша алып жүрсе болды. Сауатты, жұмысын жетік біліп тұрған мұғалімді жұмыстан шығара алмайды деп ойлаймын. Іріп-шіріп жатқан дүние әйтеуір. Балаларды ойлап жатқан бір адам жоқ. Сұмдық қой бұл! 


Гүлжанат Жадиева: Одан емес. Мен қазір екі жылдан бері жұмыс істеп жүрген кісіні білемін, білімі жақсы, екі жылдағы көрсеткіші көрініп тұр. Бірақ сол кісі жұмыссыздыққа тіркелді, жұмысқа тұру үшін 600 мың теңге берді. Ақшаны анасы зейнетақысы есебінен несиеге алып берді. Бұған не дейміз? Ақша бермейін десе, мектептің есігінен де сығалай алмайды. Амал жоқ сосын. Ал анасы – сол мектепте 40 жыл еңбек еткен кісі. 


Ержан Оспанов: 300 мыңға еден жуатын адам кіреді ғой деймін... 


Балжан Шаженовна: Мектепке мұғалім болу үшін «ставка» 600 мыңнан жоғары. Жемқорлық жайлаған елміз. Астанада да ақшамен алады, бірак мұншалықты көп сома емес. Қорқады. Олар мұғалімге артық сағат жазып, соның ақшасын алып отырады ай сайын. 


Гүлнәр Байжанова: Келінін мұғалімдікке тұрғызу үшін 600 мың, баласын теміржолға жұмысшы етіп қабылдату үшін 700 мың теңге берген зейнеткерді білемін. Ал зейнеткер кісі сол ақшаны несиеге алған. Енді есептеп көріңіз, несие ақшаның үстемесі тағы қосылады. Демек, 600 бен 700 мың теңге тағы еселене түседі. Сол уақыттың ішінде келін мен баланы сол жұмыс орындары тұрақты істете ме, жоқ па? Істетпесе, сорлы зейнеткер «жемеген самсаға» ақша төлее-ееп отырады-дағы. Өзінің денсаулығы жоқ. Емделейін десе, зейнетақысын әлгі несиеге төлейді. Бала мен келіннің мектепте оқитын 4 баласы бар. Алған жалақыларын айдан-айға әрең жеткізіп отыр. Міне, ауылдағы ағайынның жағдайы. 


Оралхан Дәуіт: 300 мың теңге деген бергі жағы ғой. Былтыр бір танысым мұғалімдікке тұрамын дегенде ең азы 350 мың теңге сұраған. Онда да ол ақшаға әзірге 4 сағатпен істей тұрасың, екі айдан кейін пәленше декретке шығады, соның сағатын қосып беремін, жаңа жылдан кейін тағы сағат қосылып қалуы мүмкін деген талаппен. Мектеп директорлары «Құдай» боп кеткен ғой. 


Жайна Жүнісбек: 300 мың теңге аз екен. Менің естуімше одан да көп. Ол ақшаны да банктен алып кірді 1-2 таныс әріптестер. Тфәй-тфәй, өз басым 1 тиын бермеппін. Сосын сыйлық дайындап, шала бүлініп зыр жүгірген емеспін. 


Оралхан Қожамжаров: Пікірлерді қарап отырып, көпшілігіміздің елдегі болып жатқан жағдайлардан мүлде бейхабар екендігімізді ұқтым. Біріншіден, сенің білімің түкке де керегі жоқ. Қазір жұрт білімдіден қашады. Өз ісінің шеберлерін жұмыстан аластатады. Лажы барынша жанына жолатпауға тырысады. Олардың орнына тәжірибесіз, өз ісін жетік білмейтін адамдарды алады. Өйткені олар жүндеуге жақсы, не айтсаң да көнеді. Өз құқығын білетін білімділердің түкке қажеті жоқ. Олар са­уатсыз басшыларға көптеген проблемалар туындатады. Тәжірибесіздерді жұмыстан шығару оңай. Ақшасын тез сіңіресің. Жұмысты білмейсің, міндетіңді атқара алмайсың десең болды, алды-артына, берген ақшасына да қарамай қашады. Ал жұмыс берушілерге қызметкерлердің тез ауысып тұрғаны жақсы. Орнына кезекті пара бергіш келеді. Міне, қазіргі арифметика! Бұл тек қана білім саласында емес, денсаулық саласында да қатты өршіген. Үніңді шығара алмайсың, ішіңнен дем аласың. Қарауылдыққа, еден жуғышқа дейін, ең ақыры тәшкі итергенге шейін осы. 


Түйін сөз. Біздің елдегі балалардың бойына бі­лім мен тәрбие беретін орындардың сиқы, міне, осындай. Біз оны ойдан шығарып отырған жоқпыз. Өкінішке орай, бұл өмірдің өзінен алынған жайлар. Ал сіз ше, жұмысқа тұру үшін қанша ақы төледіңіз? 


Д. ӨМІРБЕК


zamana.kz




Көрілген: 1389    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 09.05.2018, 18:54

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30