Мәселе

Некесіз туылғандардың жайы қатты алаңдатуда

  • Некесіз туылғандардың жайы қатты алаңдатуда

    Некесіз туылғандардың жайы қатты алаңдатуда

Кісі көңіліне тиіп қаламын ба деген қорқыныштан осы әңгімеге ойлана-ойлана қалам тарт­тым. Баяндағалы отырған оқиғалардың бел ортасында жүргендіктен бе, әлде достарым айтқандай «тұзым жеңіл ме», әйтеуір кейде күйіп-пісіп қалатыным бар. Әйтеуір осы екі оқиға мені қатты ойландырады. Ақырында оны оқырман назарына ұсынуды ұйғардым.


Оның біріншісі мынадай. Қызметтес досыммен түрлі бас қосуларда жиі бірге болатын едік. Сондай көп отырыстардың бірінде ол: «Мына кісі менің тоқалым болады, – деп таныстырды жанындағы бейтаныс әйелді. – Жоғары білімді терапевт-дәрі­гер. Анау жүгіріп жүрген «батырдың» ме­нің балам екенін айтпай-ақ біліп отырған шығарсың».


Ондай сұлуды бұрын-соң­ды жақын жерден көрмеген едім. Көз аудармай қарағанымды өзім де аңғармай қа­лыппын. «Шай алыңыз», – деп сыңғыр еткенде пиялаға ұяла-ұяла қол созып, одан кө­зімді әрең аудардым. Бұл қылығым үшін кейін кеңседе бастық досымнан «таяқ» та жедім. «Сұлуға, бесіктегі сәбиге, малдың жас төліне сүйсіне ұзақ қарамаймын деуші едің, абайласайшы. Жағаңа түкіріп қойшы», – деді ол.


Содан бері де 30 жылдай уақыт өтіпті. Бүгінде досым өмір­де жоқ. Артында үш ұл, бір қызы қалды. Сұлу жең­гемізден туылған бала да қа­зір жігіт ағасы жасында, түр-тұлғасы, аяқтарының талтақтығына дейін әкесінің көшір­месіндей. Ал жеңгеміз бас­қа ауданға қоныс аударып ке­тіпті. 


Мені көптен бері толғандырған ой – сол баланы ба­уырларымен табыстыру. «Осы тірлікті қалай жүзеге асырса болады?» – дегенімде бір курс­тас досым: «Бірінші әйелі оның бұдан да басқа балалары бар шығар, саған барлығын түгелдеп бер дедім бе десе, ұялып қаламыз ғой», – деп қарсылығын білдірді. 


Ал бір әкеден туған балалардың біріккенінің не сөкеттігі бар, туысқандар қосылса жақсы емес пе? Ол – бір, екін­шіден, бала өзінің шын руын білуі керек қой. Сұлу жеңгеміз балаға қай рудан екенін қалай жеткізді екен? Оның бұрынғы күйеуінен де балалары болуы мүмкін-ау. 


Қысқасы, мен бұл іске тә­уекел ете алмадым. 


Ал айтайын деп отырған екінші оқиғам бұдан басқаша. 1960-шы жылдарға дейін Жи­ен­­құмда Ошақты руынан төрт-бес отбасы тұрған. Солардың еті тірі бір жігіті Сыпатаев атындағы колхозда бригадир болыпты. Ол Ұлы Отан соғысы кезіндегі қылышынан қан тамған өрескел қылықтарын бейбіт өмір ке­зінде де жасапты. Содан қалған бір белгі, яғни бір ұрпақ бар. Ол кезеңді, бол­ған оқиғаларды көрген естияр кісілер: «Жүріс-тұрысы, күл­гені айна-қатесіз тура әке­сі сияқты. Ой, ұқсамасаң тумағыр!» – деп сөз арасына қыстырады. Ешкім оның бе­тіне сен ондайсың, тіпті жи­ен­сің деп те айтпайды. Сол ерке жігіттің қыздары бүгінде бойжетті, ұлдары ержетті. Ал енді солар біздің елдің руының атын жамылып, өзінің шын қандастарымен үйле­ніп, тұрмыс құрса ше? 


...Осы екі құпия ашыла қалса, үш-төрт отбасының шырқы бұзылады. Айрандай ұйыған ерлі-зайыптылардың тұнықтары лайланады. Сонда менің ұтарым не? 


Бұған не дейсіздер, оқырман қауым? Әлде өзімнен үлкендер сияқты «Көрмес – түйені де көрместің» күйін кешіп, іштей езіліп күн өткізе берейін бе? Ұрпақтың тазалығын ойлаған әрбір естияр адам өзінің ары алдында, бо­лашақ ұрпақ алдында нем­құрайды болмауы керек қой. 


Осындай белгісіз күйде қалған күнәлілердің кесірінен қоғамымызда қатыгездер, қа­ныпезерлер, жемқорлар, арам­тамақтар көбейіп жат­қан жоқ па екен деп те ойлаймын кейде. Кейбір мектеп-интернаттардағы мыңдаған ақыл-есі кем, мүгедек балалар осындай үлкендер­дің, «қызық қуғандардың» ісінің «жемісі» емес пе екен, солардың «байқамай қалуы­нан», немқұрайлығынан, кей арсыз, намыссыз жастардың бір сәттік сезімге берілуінен емес пе екен деп те қаламын.


Тынысбек ҚУАТБАЕВ.

Жиенқұм ауылы.

Бәйдібек ауданы.


www.zamana.kz




Көрілген: 802    Пікірлер: 0

сенбі, 10.02.2018, 12:48

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31