Мәселе

ОҚО-да үшем босанған жеті баланың анасы өзін "алдап кеткен" қала әкімі туралы айтты

  • ОҚО-да үшем босанған жеті баланың анасы өзін

    ОҚО-да үшем босанған жеті баланың анасы өзін "алдап кеткен" қала әкімі туралы айтты

Үшем дүниеге әкеліп, жергілікті әкімдіктің сыйлыққа қарық қыламыз деген уәдесін күте-күте шаршаған көпбалалы ана өңірдегі NUR.KZ тілшісіне мұңын шақты.


33 жастағы Әсемгүл Төлеуова ОҚО-дағы Арыс қаласының тұрғыны. 2016 жылдың желтоқсан айында дүниеге үшем әкелген ол осы сәтте жеті баланың анасы атанады. Яғни, оған дейін төрт балаға жарық дүние есігін сыйлаған келіншек үшемді дүниеге әкелу қиынға соққанын жасырмайды. Перзентханадан шығарылған соң бір айдай күтінеді.


Желтоқсан айының соңына қарай енесі Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбектің қабылдауында болады. Шиеттей балалы келіні мен ұлдарына жергілікті әкімдік тарапынан қолдау болса деген ниетпен көмек сұраған. Себебі келіні мен ұлдарының өз баспаналары жоқ. Қала әкімі қасындағы әкімдік қызметкерлерімен дүниеге үшемнің келгенін естіп қуанып, жаңа жылға қарай арнайы құттықтап, демеушілер тартып сыйлықтарын табыс ететінін уәде етеді.


«Жаңа жыл қарсаңында келеді деп күттік. Одан кейін ескі жаңа жыл бар ғой, мүмкін сол кезде тосынсый жасап келер дедік. Ол кезде де келмеді. Наурыз мерекесі өтті. Әкімдіктегілер ұмытып кетті. Кейін үшемнің кішісі сырқаттанып, сонымен әлек болдық. Шүкір, бірнеше айдан соң сауықты. Балаларым тоғыз айға келгенде қала әкіміне өзім бардым. Қабылдауында болып, көмек сұрадым», - деген көпбалалы ана ол кезде де әкімнің «көмек береміз» деген уәдесін алып қайтқанын айтты.

«Елімізде үшем дүниеге әкелген келіншектерді билік тарапы халық санының өсуіне үлес қосты деп елеп-ескеріп жатады ғой. Тіпті пәтер сыйлағандарды естідік. Шынымды айтсам, мен де баспанадан үмітті болдым. Себебі жеті баламмен ата-енемнің қолында тұрамын. Күйеуімнен бөлек ол кісілердің өзге де перзенттері бар. Әкімнің қабылдауынан шығып бірнеше апта өткен соң өзін оң қолымын деп таныстырған «Мұхтар» есімді жігіт кабинетіне шақырып алып «Сізге нақты не керек?» деп сұрақты төтесінен қойды. Ата-енеммен тұратынымды, шиеттей бала-шағамен ол үйге сыймайтынымызды, тым болмағанда екі бөлмелі «времянка» болса да баспана мазалайтынын ашып айттым. Ақылдасамыз, сөйлесеміз деген жауап қайтарды», - деді үшемнің анасы.


Әсемгүл Төлеуова көпбалалы ана ретінде мемлекет тарапынан берілетін үйге кезекке әлі тұрмаған. Оған өзіндік себептер де бар екен. Құжат жинамақ болған көпбалалы ана әкесінен қалған пәтерге мұрагерлік бағытпен үлесі бар болғандықтан кезекке тұра алмайтынын білген.


«Төркінімнің үйі тек менің атымда емес, анам, інілерім мен сіңлілерімнің де үлесі бар. Сол себептен үйге кезекке тұра алмай жатырмын. Құжаттарды реттеуде қиындық туындап тұр. Үйге кезекке тұру үшін құжат қабылдайтын мекемедегілер онсыз құжат қабылдай алмайтындарын айтты. Ең жүрегіме қатты батқаны, әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегілер «Үшем туыпсыз. Құтты болсын. Енді балаларыңыздың бірі мүгедек болса, біздің тараптан көмек беріледі» деп айтқаны болды. «Мен сонда мүгедек бала өмірге әкелуім керек пе?» деп қатты ашуландым»,-деді Әсемгүл Төлеуова.


«Алтын алқа» иегерінің жолдасы кезінде әскери салада қызмет етіп, үшемге аяғы ауыр кезде жұбайын күту үшін жұмыстан шыққан екен. Бүгінде қара жұмысшы болып еңбек етеді.



Бірнеше әкімдік табалдырығын тоздырған келіншек ақыры болмаған соң «Нұр Отан» партиясындағыларға, тіпті ОҚО әкімінің атына да көмек сұрап хат жолдаған. Мәселен, облыс басшысы Түймебаевтың атына өткен жылдың желтоқсанында хат жолдаған келіншектің мәселесін шешу қарастырылсын деп жергілікті билікке тапсырма берілген де екен.


Сөзінің соңында үшемнің анасы өзге қала, облыс басшылары демографиялық өсімге үлес қосқан келіншектерге пәтер сыйлап жатқанда жергілікті билік өзін әлі де елеп ескереді деген үміті барын жасырмады. Жеті баланы дүниеге әкелген ананың бар арманы - баспаналы болу.


Осы ретте біз Арыс қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысына хабарласып, мән-жайды білмек болдық. Бір қызығы,кезінде көпбалалы ананы е қабылдаған әкімнің көмекшісі бүгінде ішкі саясат бөлімінің басшысы болып шықты.


«Әр қазақтың өз шындығы бар ғой» деп сөзін бастаған бөлім басшысы көпбалалы анаға бере салатын дайын үйдің жоқтығын кесіп айтты.


«Мен бұл жағдайды әкімнің көмекшісі болып жүргеннен білемін. Біз ол келіншекке сыйлық жасайық, бәлкім кір жуғыш машина немесе басқа да тұрмыстық техника деп айтқанмын. Тіпті жер үлестіріп беру жайтын да ұсындым. Бірақ, ол кісі бәрінен бас тартып, тек үй қажет деді. Бізде заң тұрғысында үшем дүниеге әкелген анаға үйдің берілмейтінін, оны тек демеушілер есебінен жүзеге асыру мүмкін екенін түсіндірдім. Сол сәтте үй алып бере салатын демеушілер таппадық. Қысқасы, әкімдік ол келіншекке қолдан келген нәрсені ұсынды», - деген бөлім басшысы Мұхтар Төлепов үшемнің анасына үй алудың тек бір ғана жолы барын атап өтті.

«Көпбалалы ана ма, заңды түрде кезекке тұру қажет. Біз Әсемгүл Төлеуованы кезекке тұрғызудың барлық жолын қарастырамыз. Шамамен алдағы бес жылда баспаналы болып қалатын шығар. Өйткені бізде одан да өзге баспанаға мұқтаж адамдар кезекте тұр. Кезекті біз жылжыта алмаймыз. Ал былай әкімдік оған үйді сыйға тарта салатын дайын баспанамыз жоқ», - деп сөзін түйді бөлім басшысы.


NUR.KZ




Көрілген: 766    Пікірлер: 0

жексенбі, 25.02.2018, 15:22

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    5 Желтоқсан, 14:05
    Бұл не масқара! (видео)

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31