Мәселе

Шымкентте өзінен 30 жас үлкен азаматқа тоқал болған әйел жанайқайын жеткізді

  • Айгүл балаларымен.  © NUR.KZ

    Айгүл балаларымен. © NUR.KZ

Шымкентте төрт баласы бар келіншек еш құжатсыз, үй-күйсіз қаңғырып жүр. Ол өзінің соңғы перзентін шымкенттік адвокаттың тоқалы болып туғанын айтады деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.


Айгүл 27 жаста. Ол Алматы облысы, Талғар ауданының тумасы. Анасынан ерте айырылған қыз әкесімен бірге пәтерден-пәтерге көшіп, кішкентайынан қиындық көріп өскен. Тұрақты баспана таппай сандалған кезде туу туралы куәлігін жоғалтып алған көрінеді. Одан кейін құжаты болмапты. Келіншектің сөзіне қарағанда, оны 9-шы сыныпты аяқтаған соң жеңгелері 1975 жылы туған жігітке күйеуге берген екен.


Тұрмыс құрғаннан кейін де Айгүлдің құжаттары болмаған.


"Күйеуім ішіп шегетін,. Туыстары "сені сатып алғанбыз, сен жетімсің" деп күн бермейтін", - дейді Айгүлдің өзі.

Бір ұлымен күйеуінен ажырасқан Айгүл баласын құшақтап әке үйін паналағанын айтады. Осылайша, ол баласын қалдырып, жұмысқа шығады.


"Аптасына бір-екі рет баламды көру үшін әкемнің үйіне келетін едім. Әкем ішіп жүріп баламды, яғни немересін балалар үйіне өткізіп жіберді. Балалар үйінің директоры әкеме: "Анасы құжаттарын реттесін, бала бағатын жағдайын жасасын. Сосын баланы алады" депті" , - дейді Айгүлдің өзі.

Жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан ұлынан бөлек, Айгүл тағы екі ұлды болады. Екінші ұлын әкесіне, яғни бұрынғы күйеуіне тастап кеткен екен. Осылайша, ол жеті-сегіз айлық үшінші ұлын құшақтап Алматыдан Шымкентке келген. Шымкентте өзінен 30 жас үлкен ер адамға мұсылмандық некесін қидырып, тоқал болып тұрмысқа шыққан.


Артынша ол елуді еңсерген азаматтан бір қызды дүниеге әкеледі.


"Құжаттарымды туралап беремін, жағдайыңды жасаймын деген соң сеніп, мұсылмандық некемен тоқал болдым. Өзінің бірінші әйелі босанбаған екен. Үш жылға айналып барады, не құжаттарым жоқ, не жағдайымды жасап қатырған жоқ. Алматыдағы балалар үйіндегі перзентімді алуға көмектесемін деген уәдесін де орындамады. Қайта өзінен туған қызымды тартып алып, маған кет деді. Мен қызымды құшақтап кетіп қалдым", - дейді Айгүл.

Жасы егде тартқан азаматтың етегінен ұстаса да, жағдайы жақсара қоймаған 27 жастағы келіншек екі баласымен қазір "Көмек" әлеуметтік-оңалту орталығын паналап отыр. Өзінің де, қолындағы балаларының да құжаты жоқ. Бар арманы Алматы қаласындағы балалар үйінде қалған тұңғыш перзентін қайтарып алып, бауырына басу, өзінің де бүлдіршіндерінің де құжаттарын реттеп, ел қатарлы өмір сүру екен.


Төрт перзентін түгендей алмай, құжатсыз сабылған Айгүлдің әкесінің де айтары бар. Ол кісі қазір Алматы облысында тұрады. Туған қызынан талай рет көз жазып, таппай қалған кездері жиі болғанын жасырмайды. Тіпті қолына қалдырып кеткен туған немересін де балалар үйіне шарасыздықтан өткізіп жіберіпті. Өйткені, немересінің анасы, яғни туған қызы Айгүлдің өзі хабар ошарсыз кеткен.


"Амалым таусылды. Маған қалдырып кеткенде бар жоғы 4-5 жаста еді. Мен қарай алмадым. Жұмысқа баруым керек еді. Өзім пәтер жалдап тұрамын. Өзі бір жігітпен кетіп қалды. Немеремді көруге балалар үйіне барып ем, маған көрсетпей қойды. Айгүлмен хабарласып тұрамын. Қызым бірінші баласының әкесі туралы өзі ешкімге айтпайды. Айтып, сырласып отыратын анасы да жоқ. Екіншісін тұрмысқа шығып ажырасқанда күйеуі алып қалған. Қызымның тағдырына алаңдаймын, әрине", -дейді Айгүлдің әкесі.

Тағдыры бұралаңға толы Айгүлдің мұсылмандық некедегі күйеуі шымкенттік заңгер. Өзінен отыз жасқа үлкен азамат. Елудегі ер азаматтың етегінен ұстағандағы сенімі мен үміті ақталмағанына қынжылған келіншек тығырыққа тірелгенін айтады. Емізулі қызының әкесі перзентті Айгүл суррогат ретінде туып берген деп отыр. Ол бәйбішесімен бірге өзінен отыз жас кіші тоқалы бір шаңырақ астында тұрғанын айтады.


"Жылы үй, ішкені алдында, ішпегені артында, жағдайын барынша жасадым. Бір күн ет жемеген күні болған жоқ. Алматыдан жетектеп ертіп келген ұл баласы ол кезде жасына да толмаған да еді. Оған да бас-көз болдым. Құжаттарын да дайындау бағытында жұмыс істеп жатырмын. Айгүлдің құжаттарын дайындау оп-оңай нәрсе емес. Соттың шешімі керек, барлығы заңды түрде болуы керек. Оны түсіндіре алар емеспін", - дейді азамат.

Айгүлдің мұсылмандық некедегі күйеуі тоқалынан туған нәрестені бәйбішенің тәрбиесіне бермек ниетінің болғанын да жасырмайды.


"Өйткені, басында келісім сондай болған. Жас қой ол, туып берсең өзіміз тәрбиелеп өсірер едік дегенмін. Әйтпесе, өзі тәрбиелейді деп оған сенімім жоқ. Біз бәйбішеміз екеуміз қартайып жатқан адамбыз. Бала Айгүлдің атында тұра береді. Үй салып беремін деп жер де алып қойған едім. Кеше балаларымен сандалып жүріп ауыртып алды. Ауруханада он күн жатқанда да тамақ тасып, дәрігерлермен сөйлесіп, қарасып тұрдым", - дейді күйеуі.

Айгүлдің өзі құжатсыз жүргеннің азабын әбден тартқанын айтып отыр. Балаларға алуы тиіс мемлекеттен әлеуметтік төлемдерден тиын да ала алмай, қағылған.


"Күйеуім келіп қорқытып жүр. Қаңғытып жіберемін дейді. Қызды маған сатпақшы деп айтамын жұртқа дейді. Көмек сұрап әкімдікке барсам, құжат сұрайды. ЖСН жоқ менде. Тым құрығанда емханадағы дәрігерлердің көмегіне жүгіне алатындай болсам екен. Баламның грыжасы шығып, әбден қиналады. Қолымдағы екеуінің де басын МРТ-ға түсіруім керек. Не істерімді білмеймін?! Көмек берер жан бар ма екен?!", - деп шырылдайды Айгүл. 




Көрілген: 1090    Пікірлер: 0

сейсенбі, 16.10.2018, 16:27

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    18 Қараша, 11:42
    Ерекше құдалық (ВИДЕО)

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30