ТЕРМИНДЕР: Дұрыс аударып, дұрыс қолданып жүрміз бе?

ТЕРМИНДЕР: Дұрыс аударып, дұрыс қолданып жүрміз бе?

Қазіргі таңда қолданыста жүрген кейбір жаңа сөздерге қарай келе, өзімді он шақты жыл ілгеріде толғантқан мәселеге қайта оралғанды жөн көріп отырмын. Кеңес дәуірінде қазақтың күнделікті тыныс-тіршілікте пайдаланатын көптеген сөзі қолданыстан қолдап ығыстырылған болатын. Шынтуайтқа келгенде, бұл үдеріс одан да ертеде, тәуелсіздіктен айрылған, отарлық қамыт мойынға бекем ілінген патшалықтың кезеңінен басталған еді. Империя әскері басып алған жаңа жерлерді түпкілікті игеру мақсатында, қорғансыз қалған қазақ жеріне метрополияның «бесінші колоннасын» орнықтыруы, одан оны большевизмнің жаңаша сипатта өрістетуі халықтың тыныс-тіршілігімен бірге сөздік қорын да өзгеріске ұшыратты. Кей ретте тосын да жаңа сөздермен байытқанын мойындау ләзім, әйткенмен, тоталитарлық билік күшейген сайын, жекелеген қазақ сөздеріне тыйым салу ашық орын алды. Мәселен, жер серігін тек спутник деп атау, биліктегі саяси ұйымдардың аббревиатурасын (айталық – КПСС, ВЛКСМ, ВЦСПС, т.с.с.), сондай-ақ председатель, президиум, коллегия, совет, колхоз, совхоз секілді сайланбалы лауазымның, алқаның, ұйымның және шаруашылық бірлестіктері түрлерінің аталымын тек қана орысша нұсқада қолдану заңдастырылды.

Озбыр саясат салдарынан бұрмаланған, қолданыстан шығарылған көптеген сөздер қоғамдық-саяси тыныс-тіршілігімізге мемлекеттік тәуелсіздікпен бірге қайта оралып, айналымға кіре бастады. Қазақ тілі ұмытылып кеткен сөздермен молығып, айрықша жандануда. Осы орайда, еліміздің құқықтық мемлекет болуына орай, заң саласына қатысты сөздердің де көптеп тірілгенін айту ләзім. Бұл үдеріске түрлі салалық сөздіктер мен мерзімді баспасөз елеулі үлес қосуда. Ауызекі пікір алмасуларда да қазақы сөздердің қолданысқа алыну дәрежесі жиі әңгіме болып жатады. Айтылып-жазылып жүрген сөздердің дұрыс-бұрыстығы талқыға түсіп, жұртшылық өкілдерінің мәселеге жаппай қызығушылық танытуын туғызуда. Олардың бірі орысша қолданыстағы заңи терминдердің бүгінгі игілікке пайдалануға тартылған қазақша баламаларын дұрыс көрсе, кейбірі олардың басқаша тұжырымдалуын жөн санайтындай ой айтады.
Заң терминдерінің қазақша айтылмақ нұсқасы қандай болмағын адамдардың бей-жай қалдырмауы орынды, өйткені өмірде құқықты, заңды барша бастық біткеннен жоғары қоятын кез тақап келеді. Еліміздегі шынайы да нағыз билеуші, мойындауға тұратын бірден-бір диктатор – заң болуға тиіс. Оған қол жеткізу үшін әркімге құқықтың негізгі ұғымдарын білу ләзім және оны көңілге қонатындай етіп қазақша жасау жөн. Кейбір заңи терминдердің мемлекеттік тілдегі аталулары мен түсіндірмелерін пысықтап қойған дұрыс.
Юристік сөздік қорымызды ұлттық атаулармен толықтыруда кеңестік дәуірде қалыптасқан ұғымдарға сын көзбен қарай білу маңызды болмақ. Сонда ғана сөздік қорымызды қазақы дәл әрі ғылыми дәйекті терминдермен молықтырып, байыта бермекпіз. Бұл оңай шаруа болмаса керек, бұған заң қызметкерлерімен қатар барша мүдделі қауым атсалысқанда ғана оң нәтижеге қол жеткізуіміз ықтимал. Баршаға пайдалы ортақ ой қорытуға септесер деген үмітпен, заң саласында қолданылатын бірер сөз хақындағы осы жазбаларды оқырман назарына ұсынып отырмын.

«Құқық» терминін әрдайым өз орнында қолданып жүрген жоқпыз
Кеңес дәуірінде қазақтың құқық, құқ (хұқ), қақы (хақы) сынды әрқайсысының өзіндік заңнамалық ұғымы, белгілі бір қолданылатын орыны бар сөздерін ресми қолданыстан мүлдем ысырып тастадық. Қоғамдық-саяси әдебиетте, күнделікті қызмет, қарым-қатынас айналымында өздеріне тән реңкі бар сол үш сөздің (терминнің) орнына, қазақ сөз айдынына жеке-дара «право» деген термин оқшауланып шықты. Адамның еңбек ету правосы, демалу правосы, білім алу правосы, денсаулық қорғау правосы, менің оқуға правом бар, жұмыс істеуге правом бар, сенің үй алуға правоң бар, немесе ... жоқ, т.с.с. тіркестер қанымызға сіңіп кеткендей болды.
Қызығы, тәуелсіздік туып, кері үдеріс басталғанда, орысша «право» сөзін қазақша «құқық» сөзі алмастырды. Әрі ол ресми айналымға бір өзі еніп, оған әр мағынада қолданылатын «правоға» тән ұғым телінді. Біздіңше, мұнда елеулі қателік бар. Мәселен, адам құқығы деу үйреншікті жәйтке айналды. Алайда, олай сөйлеу арқылы біз қазақтың сөздік қорында бар екі терминді білместікпен бір терминге тоқайластырып, қателесуге жол берудеміз, әрі ана тілімізді қолдан кедейлендіріп отырмыз. Ойымыз түсініктірек болу үшін мынандай бір шағын сөзтізбе жасап, қарастырайық, сөйтіп, соның ішінде кеңестік кезеңде құлаққа сіңісті болып кеткен правоның және онымен байланысты кейбір өзге де терминдердің ғылыми анықтамасы қандай екеніне көз жүгіртейік:
Право – мемлекет белгілеген баршаға міндетті әлеуметтік нормалар жүйесі. Мұны құқық деген қазақы терминмен аудару өте орынды, бұл солай етіліп те жүр.
Правовое государство – бұл тіркесті құқықтық мемлекет деп өте тура тәржімалаған. Саяси-юристік теория бойынша, мынандай аса маңызды нышандары: қоғамдық өмірдің барлық саласында заңның бәрінен биік, қожайындық орында тұруы; мемлекет пен оның органдарының заңмен байланысып-байланғандығы; азаматтардың құқтарының сот жолымен қорғалуы, мемлекет пен жеке адамның өзара жауаптылығы заң жолымен қамтамасыз етілген мемлекет – құқықтық мемлекет болып табылады.
Право, права человека – бұл терминмен азаматтың мемлекет бекіткен, мемлекет қорғайтын, мемлекет кепілдік ететін құқықтық қатынастары мен негізгі құқтары тұжырымдалған. Бұл жерде құқық атауын қолдану дұрыс болмайды, бұларды бейнелеуге қазақтың құқ, хақы деген сөздері сұранып тұр. Яғни, право, права человека деген терминді құқ, адам құқтары деп аудару керек. Сонда – әркімнің еңбек етуге құқы (құқығы емес!) бар, әркім талап етуге қақылы (құқықтыемес!), адам құқтарын (құқықтарын емес!) ешкім аяқасты етпеуге тиіс, т.т. осындай сөз тіркестерінде құқ пен құқық мәні айқын ажыратылған тәртіппен сөйлеу орынды болмақ.
Правовое поведение – құқықтық тәртіп; азаматтар мен лауазымды тұлғалардың құқық нормаларымен ескерілген және белгілі бір заңдық салдары болатын әлеуметтік мәні бар тәртібі.
Правонарушение – құқықбұзушылық; ақыл-есі дұрыс, заңмен белгіленген жасқа жеткен адамның құқық ережелеріне қайшы келетін кінәлі әрекеттер жасауы.
Правоохранительные органы – құқыққорғау органдары; негізгі қызметі заңдылықты қорғау, қылмыспен, өзге де құқықбұзушылықпен күресу болып табылатын мемлекеттік ұйымдар.
Правопорядок – құқықтық реттілік; қоғамдық тыныс-тіршіліктің заң тұрғысынан үйлесімді, дұрыс ұйымдастырылып-құрылуы.
Правопреемство – құқықтық мұрагерлік; бір адамның құқтары мен міндеттерінің екінші адамға өтуі. Дүние-мүлікке ие болуда, оны сыйлауда құқықтық мұрагерлік тәртібі қолданылады. Бірақ оны өте жеке басылық сипаттағы құқтарға қатысты қолдануға жол берілмейді (мысалы, алимент алу құқын өзгеге беруге болмайды).
Правоспособность – құқықтық қабілеттілік; жеке адамдар мен заңи тұлғалардың заңда көзделген және заңмен жол берілген құқтары мен міндеттерін алып жүруі хақындағы мемлекет мойындаған қабілеттіліктері.
Правосудие – құқықтық сот; құқыққа сай соттау; қылмыстық және азаматтық істерді сотпен қарап, шешу жөніндегі мемлекеттік қызметтің түрі; мемлекетте қабылданған заңдар жиынтығы негізінде жүргізілетін, басқа түрдегі, әділ болуы неғайбыл соттардан айырмашылығын білдіретін термин. Іс-дағдыда бұл терминді құқықтық органдардың қызметкерлері көбіне әділ сот, сот төрелігі деген тіркестермен аударады, яғни нақты қолданыста оның түпкі мағынасы қатты бұрмаланып жүр.
 
Әділ деген сөзді орынсыз қолданудамыз
Жоғарыда айтқанымыздай, әділ деген сөзді правосудие деген
белгілі де кең танымал терминді қазақшаға тәржімалағанда пайдалану – заң ғылымында да, заңгерлік іс-дағдыда да үйреншікті әдет болып кеткен.
Басбұзарлык, азаматтық, экономикалық, әкімшілік және т.с.с. юристік істерді шешуді көздейтін мемлекеттік арнайы органдардың – соттардың қызметін орысша осылай – правосудие деп атайды. Қазақтар оны әділ сот деп аударып алған.
Ал отправлять правосудие дегенді білдіру үшін, мұндағы правосудиені сәл жаңылыс казақшалап, әділ сот жүргізу, сот әділдігін жүзеге асыру, сот төрелігін жүзеге асыру деген тіркестерді қолданады.
Назар аударайық: аталған ұғым мына қос сөзден құралған: право+судие, яғни оны сөзбе-сөз қазақшалағанда ол құрам:құқық+соттау болады.
Ендеше, правосудие дегеніміз – құқықтық сот.
Демек, жоғарыда аталған тіркесті қазақшалаудың дұрысырағын құқық нормаларын қолданып соттауды жүзеге асырудеген мағынаны жеткізе алатын сөйлемнен іздеген жөн.
Қандай сот болмасын, мейлі мемлекеттік сот (яғни құқыктық сот), мейлі мемлекеттік емес сот (тараптардың өздері өкілдер бөліп жүргізетін аралық, ара-ағайындық, яғни третейлік сот, сондай-ақ жолдастық сот, офицерлік ар-намыс соты, шариғат соты, т.с.с.) – қай-қайсысы да әділдікті көздейді, яғни олардың бәрі де әділ сот жүргізуді мұрат етеді.
Олай болса өзіміздің мемлекеттік сотымызды өз атымен, яғни құқыққа негізделген сот екенін айтумен шектелсек те жетіп артылады ғой деп ойлаймын. Өзіміз әділ деп дәріптегенмен, баршаға мәлім, «заң – құдды терте, тертені қайда бұрсаң –солай қарай жүреді» делінетін көнеден келе жатқан қанатты сөз, өкінішке қарай, әлі ескірген жоқ. Демек, әділ сотымыздыңәзірге әлі де әділ емес шешімдер шығара беретінін есте ұстауымыз керек.
Сондықтан, тағы қайталап айтамыз: правосудие терминінің қазақша баламасы әділ сот емес, – құқықтық сот! Ал құқықтық сотты әділ жүргізу – елімізде құқықтық мемлекеттік құрылыс орнатылды деп саналатындықтан да, сотқа қойылатын басты талап.
 
Дұрысы қайсы: қылмыстық қылмыс па, басбұзарлық қылмыс па?
Қазіргі сөздіктерге қарасаңыз – кейбір заңи терминдердің құдды-бір қазақ тілінде баламасы жоқ секілді, мәні әр түрлі екі орыс сөзінің бір қазақ сөзімен аударылып берілгенін көресіз. Ондай жолмен қазақшалағанда – кей сөздің орысшасындағы реңкі жоғалып кетеді. Абайлап қараған кісі оны оңай аңғара алады.
Осы ретте біз, ойласу ретінде, қылмыс сөзіне қатысты ой-пікірді ортаға салмақпыз. Мәселен, «Қылмыстық құқық терминдерінің төрт тілдегі сөздігі» (Астана: Фолиант, 2000) кітабына көз салсақ: «преступление» деген сөзді – «қылмыс»деп, тиісінше «преступник» – «қылмыскер» делініп өте дұрыс аударылғанын көреміз. Бірақ «уголовное дело» –«қылмыстық іс», «уголовный преступник» – «қылмысты адам, қылмыскер» деген тәржіманы кезіктіргенде, көңілге әлдебір күдік ұялайды. Алайда сөздік «уголовное» деген сөзді «қылмыстық» деп аударудан танбайды, сөйтіп «уголовное наказание – қылмыстық жаза», «уголовное право» – «қылмыстық құқық», «уголовный закон – қылмыстық заң», «уголовный кодекс – қылмыстық кодекс», «уголовный розыск – қылмысты іздеу орны», «уголовная ответственность – қылмыстық жауаптылық», «уголовная регистрация – қылмыстық тіркеу», «уголовная статистика – қылмыстық санағы», «уголовно-исправительный кодекс – қылмыстық түзеу кодексі», т.т. с.с. болып кете береді.
Біздің ойымызша, мұндағы преступление және уголовное сөздерін бір қылмыс сөзімен белгілеу соншалықты дәл емес. Мұнда осы екі сөздің де мәнін бір деп білу, орысша реңктерінде өзгешелігі бар екі терминді қазақтың бір сөзімен таңбалау арқылы, оларға теңгермелік сипат беру көзге ұрып тұр.
Ал мұндай амал мемлекеттік тілдің сөздік қорын байыта қоймайды. Дұрысында, бар сөзді кемітіп, елемеу арқылы – тілді кедейлендіре түседі. Көп болып ақылдасу жолымен мұндай «мүмкіндіктің» алдын алуға әбден болады. Яғни, құқықтық білімге қатысты жаңа сөздікті жасап-қалыптастыру ісін тоқтатпау керек. Бұл ретте заңи ұғымдардың мән-мағынасы қазақша да ажыратылып, айқын бедерленіп тұратындай терминдер қолданылғаны жөн болмақ.
Ойлап қараңызшы, уголовный преступник деген тіркесті қылмысты адам немесе қылмыскер деп аудару қаншалықты тура? Егер осы аударманы сөзбе-сөз кері тәржімелесеңіз: қылмысты адам – преступный человек немесе қылмыскер –преступник болып шығар еді. Бұдан шығар қорытынды сол, қолданып отырған қазақшамыздың аталған орысша сөздің мағынасын жете аударып көрсете алмай тұр.
Шынтуайтында, егер уголовный преступник деген сөзді қолданыстағы аударманы пайдаланып сөзбе-сөз қайта аударып көрсек – қылмыстық қылмыскер, ал уголовное преступление деген тіркестің қазақшасы – қылмыстық қылмыс деген қойыртпақ атала болып шыға келер еді.
Бұл қалай, шынымен біздің бай да шұрайлы деп мақтан тұтатын ана тіліміз, бүгінде мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілі іс жүзінде бай да шұрайлы емес пе? Оның жоғарыда қарастырылып отырған сөздердің мағына-реңкін өз дәрежесінде ашуға құдіреті жетпей ме? Шынымен кейбір терминдерді қазақы ұғыммен бере алмайтын болғаны ма?
Аңғарып қарасақ, қылмыстық іс деп тәржімалап қолданып жүрген уголовное дело тіркесі – терминнің ғылыми-юристік анықтамасы бойынша, – заңмен белгіленген тәртіппен қылмыс нышандары табылған жағдайдың әрқайсысы бойынша қозғалған іс ұғымын береді. Ал мұндай іс тек қана қылмыс нышандарына нұсқайтын жеткілікті дерек болған жағдайларда ғана қозғала алады.
Ал уголовное право (қылмыстық құқық) дегеніміз – жалпы құқықтың бір саласы, ол қоғамдық қатынастар жүйесі үшін қауіпті іс-әрекеттердің қылмыстылығын және олардың жазаланатындығын айқындайтын құқықтық нормалар жиынтығы болып табылады. Биліктің жоғарғы органдары белгілеген бұл саланың негізгі міндеті – қоғамды қылмыстардан қорғау, басты қызметі – тәртіпті сақтаушылық, қорғаушылық, қалған қызметтері – тәрбиелік және жалпылама, сондай-ақ арнайы алдын алу істерін жүргізуге саяды.
Демек, уголовное деген ұғымға қылмыстық дегеннен гөрі жақын тұратын басқа сөз іздеу ләзім.
Ондай сөз бар ма? Бар! Бар болғанда қандай! Айта кетерлік жәйт, жалпы, қолданысқа ыңғайлы сөзді өзге тілден ала беруге де болар еді. Орыста қазақтан кірген сөз жеткілікті, соның ішінде заңға қатыстылары да баршылық.
Айталық, башибузук – кәдімгі басыбұзық деген сөз. Рас, бүгінде қолданылмайды. Бузулук деген сөздің түбірінде де қазақы мағынасы бузушылыққа келетін түркі сөзі жатыр. Бізде де қазақы тұрпатқа айналып, сіңісіп кеткен бөтен сөздердің қатары мол. Дегенмен ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзі уголовные дела деген сөздерді бас кететұғын істер деп, қазақы ұғымға келтіріп, ең бастысы, дәл мағынасын беретін аударма жасап жазған. Аға ұрпақтың сол тәжірибесіне неге қайта оралып көрмеске?
Немесе... Бүгінгі қазаққа басбұзар деген сөз өте түсінікті. Біздіңше, іздеген терминімізді соның негізінде жасап алуға әбден болатын тәрізді.
Айталық, уголовное преступление – басбұзарлық қылмыс; уголовное дело – басбұзарлық іс; уголовное наказание –басбұзарлық жаза, уголовное право – басбұзарлық құқық, уголовный преступник – басбұзар қылмыскер, т.с.с. Әлде бұдан да сәттірек балама сөздер табыла ма екен?
 
Сыбайлас жемқорлық және сыбайластық
Коррупция – сатып алу (подкуп) деген ұғымды білдіретін латын сөзінен шыққан, орыс тілінде кең қолданылатын сөз. Қазақтар оны сыбайлас жемқорлық деп аударып жүр. Әйгілі заңда да солай тұжырымдалған: сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – борьба против коррупции.
Экономика саласындағы коррупция – мемлекеттік құрылымдардың қылмысты әлем құрылымдарымен жең ұшынан жалғасып бірігіп кетуі. Саяси және қоғам қайраткерлерінің, мемлекеттік чиновниктердің сатқындығы мен астыртын сатылуы да осы сөзбен бедерленеді. Басбұзарлық заңнамада коррупция термині – қылмыстың дербес құрамы деуден гөрі, лауазымдық қылмыстардың бірқатарын құрайтын жинақтаушы ұғым ретінде түсініледі. Бұлардың қатарына пәреқорлық, қызмет бабын әдейі асыра пайдалану секілді әрекеттер кіреді.
Осының баршасын қазақ тіліндегі қазіргі қолданыста жүрген термин бойынша – сыбайлас жемқорлық дейді екенбіз. Өйткені олардың бәрінің астарында материалдық мүдде көздеу жататын секілді. Мақұл. Ал енді, орыстың мынакоррумпированный, коррумпировать секілді сөздерімен белгіленетін жағдайды қалай таңбалауға болар еді? Немесе,коррупционердің бәрі сыбайлас жемқор ма? Меніңше, сыбайластардың бәрі жемқор бола бермейтін сияқты.
Айталық, олар әлдебір заңды белден басушылықты – мейлі заңгер, мейлі мемлекеттік қызметші – тек пәре алу үшін жасамайды. Кейде (көбіне болуы да ықтимал) қызметтестің, жолдастың, туысқанның, дастарқандастың, тіпті, түбі «керек адамның» көңілін аулап, мүддесін көздеу мақсатында да, сондай-ақ сол тәсіл арқылы қызмет баспалдағымен жоғары өрлей түсу үшін де, қилы заңсыздықтарды жасай береді. Және ол ондай «еңбегіне» не сый, не пәре түрінде, не басқа ретпен ешқандай материалдық өтем алмайды. Бірақ тілеген қызметіне «өсуі», яки көздеген әлдебір мақсатына жетуі әбден ықтимал.
Сонда ол кім? Ол, бәрібір, коррупционер. Бірақ сыбайлас жемқор емес. Сыбайластықпен әділетсіздік жасаушы. Тек жемқор емес. Яғни біреуге жағу үшін екінші біреуге қысастығын ақшасыз жасайды. Ол басқа бір әділетсізбен сөйтіп қауымдасады. Демек, ол – сыбайлас, сыбайластық келеңсіздігіне ұрынған қызметкер. Осы тұрғыда коррумпированныйдегенді – сыбайластыққа тартылған, ал коррумпировать дегенді – сыбайлас ету мағынасында түсінген жөн болмақ.
Қысқасы, бір ғана коррупция ұғымын беретін «сыбайлас жемқорлық» пен «сыбайластық» ұғымдарын бөліп қарау ләзім. Солай ету арқылы, әрі екеуін де бірдей дәрежеде айыптайтын келеңсіз құбылыс ретінде мойындау арқылы, яғни, сыбайластыққа жол беріп әділетсіздік жасап жүрген толып жатқан ірілі-ұсақты сыбайластарды – төрешіл шенеуніктерді батыл әшкерелеу арқылы біз шын мәніндегі сыбайлас жемқорлықпен жемісті күрес жүргізу даңғылына шыға аламыз.
Тәуелсіздіктің тілдік қорындағы қоғамдық өмірімізде маңызы бар кей терминдер хақында түйген осындай ойларымды ортаға салғанды жөн көрдім, бұған жұртшылық қалай қарар екен?!.

abai.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста